Өлең, жыр, ақындар

Теңіз толқынындағы кафе

...Су бетінде шикі өкпе қалқып жүр. Жағаға шашын жая шалқалай сұлаған толқындармен ілесіп келген болар, сірә?! Тереңнен қалқып шықты ма, әлде, жылы бұғаздың жатаған жағалауындағы қой сойған көп қазақтың бірі лақтырып жіберді ме? «Тереңнен су бетіне қалай шығуы мүмкін, балықтар жеп қоймай ма?!» Жақындап келіп, таяқпен іліп ап, лақтырып жібермек болдым да, баяғы бала кезде оқитын ертегілердің үрейлі оқиғалары кенет есіме түсіп, қалт тоқтап, шегінгенімді байқамай қалдым. «Мыстан кемпір шығар?!» Бұл мастық дегенді қойсайшы! Ойламайтын пәлең жоқ. Күлкім де келіп барады. Жағада иленген жұмсақ құмға жамбастай жайғасып, сылқ-сылқ күлкіге арбалған қыз-жігіт байқамады әрине. Ертегіде суда қалқып жүрген өкпе әлдекім таяқпен түртіп қалғанда мыстан кемпірге айналып шыға келетін. Бірақ, ол ертегі ғой. Ал, мынау шын. Сонда да су сорып, бозарып кеткен өкпеге жақындағым келмеді. Мәңгіріп, су бетінде шашыраған шуаққа елтіп, ұзақ тұрып қалыппын. Сәлден соң бізден таяқ тастам әрірек жайғасқан көршілердің бірі көріп, асығыс адымдай кеп, қолындағы пышағымен іліп әкетті.

- Ана балаға шайып әкелуге тапсырып ем, суға лақтыра салыпты. Айып болмасын, інішек.

Ақсия күлген жас жігіт мені қаланың ақсаусақ қазағы деп ойлады ғой деймін. Сірә, суда жатқан өкпеден, сойылған малдың суға араласқан қан-жынынан жеркеніп тұр деп шешті. «Көке, мен нағыз қазақпын! Қырдың қазағымын! Судан да, оттан да, қаннан да қорықпаймын! Атам шопан болған» дегім келді. Ертегіні ойлап тұрғанымды қайдан білсін.

Ертегі оқып па едіңіз? — дедім зорлана жымиып, - Бала кезіңізде..?

Ой, інішек. Сен де қайдағыны сұрайды екенсің. «Біз не көрмедік, шетелдің боевик фильмін де көрдік» дегенді білуші ме ең?..

Көрші суға шырт түкірді де, теріс айналды. Езуінде қаланың қара қазағына деген сұмпайы жеркеніш кетті.

Мен ауылда туғам...

Ішімнен айттым. Бәрібір. Түсінбейді.

Оншақты жыл бұрын... су бетіне тура осы шикі өкпе тәрізді қалқып шығып, жастықтың жарқын күндерін жұтқан қасірет ойыма орала берді.

Күн тас төбеге көтеріліпті. Еріне басып, көлдің құшағына ене бердім. Әуелі сирақтан тартқан ерке толқын. Қырық-елу қадамнан соң тізеден сәл ғана асты. Балқаштың бұл тұсында жағалау жатаған келеді. Жүз-жүз елу метрден соң ғана су еппен тереңдей түседі, онда да жағаға лықсыған толқын кері қайтқанда сипай тегістеп кеткен құмдақ табаны сиыртаңдайланып көрініп жатады. Боз жасыл зүмірет түстес су ерекше майда, бипаз. Денеңді құшқаны балқытып, көл табанының сәл ойыс тұсына келгенде алақанына салып, әлдилей кетеді. Табаның құмға қайыра тигенде сылқылдап, сиқырлай күлген нәзік толқын кеудеңнен жайлап қана итеріп қап құлатады да, көл құшағына тарта береді. Теңіздің майда құмды табанының бедерін қызықтап, едәуір ұзадым. Су қыл мойнымнан келгенде, бақайымның ұшымен серпіле көтеріліп, айдынға қарай еріне құлаштай бастадым. Бес-алты метр, он-он бес метр, ақыры отыз-қырық метр ұзадым-ау деймін. Бұрылып, жаға жаққа қарағанда біздің қыз-жігіт те, шұбалған сұйық түтін ішіндегі көршілерім де құртақандай боп шалынды. Шалқамнан аударылып түсіп, қолымды жайып тастап, біраз демалдым. Тұнық аспан, тымық теңіз астасып жатты. Ұйқым келді. Нивх тайпасының нерп аулаушылары мұхит тұңғиығына кезегімен батқанда, қайықта жалғыз қалған бала сынды сезіндім өзімді. Осындай тымық болған шығар? Кенет ғаламдық ұлы мұхит пен шетсіз-шексіз аспанның адам аяғы, құлашы жетпес иен ортасында болмасам да, өзімнің мүлде жалғыз, тұлдырсыз жалғыз екенім есіме түсіп, өкпеме өкініш тығылды. Жүрегім шым ете ауырып, қабағым қосылар тұсқа кеп сызат салған егіз сызықты әжім шекеме әнтек батқандай болды. Жұмсақ жібек су тасша батып, кенет ауырсындым. Жағаға қайту керек еді...

* * *

Оншақты жыл бұрын...

Су бетінде қалқыған үлкен резеңке камераға иек сүйеп, масайып жатырмын. Кіндік тұсымда белге жалпақ резеңкемен қапсыра байланған тағы бір камера судан арқа жонымды аяғыма шейін көтеріп тұр. Жеңіл көліктің жел тығындағышы. Бұл камера үлкен камераға байланып тасталған. Екі метр арқанмен. Жағалаудан жүз елу метр қашықта қалқып, күнге қыздырынып жатқалы төрт-бес сағаттай болды-ау деймін. Уақыт мөлшерін бағамдауға хал де жоқ. Үлкен камераның суға тиер төмен жағынан брезент қапталған. Мүлде батпайды. Көлік доңғалағына киілер ортасы кәдімгі ыдыс секілденіп жабылғандықтан, іші құрғақ. Бұл — біздің «дастарқан». Төрт-бес шиша да менің астымдағы камера секілденіп, дастарқанға жіппен байланған. Тіскебасарымыз салынған пакеттер ғана бос. Қос қолды дастарқанға артып қойып, жағалауда маңыраған теңіз сиыры құсап, басыңды бұлғап тастап, шарап сілтейсің. «Денсаулық үшін!» «Осындай керемет кафе ойлап тапқан Дархан дос үшін!» Үшеуіміз даурығысып тілек жұптадық, барқырап ән айттық. Рақат!

Кафе расында керемет еді. Толқын үстінде тербеліп жатып, демаласың. Ортада үлкен камера. Оған тіркелген үш-төрт кіші «шлюпка». Бас-басыңа бір-бір орындық тиетін дәмхана тәрізді. Жағаға қағылған қазыққа байланған арқанды жөргемдеп тартып, теңіз ортасына қарай жүзшақты метр асықпай жүзіп барасың да, банкет жасап жібересің! Судан қорықсаң, «орындығыңды» беліңе тас қып байлап ал. Одан соң өмірі батпайсың ғой кеудеңде жан болса. Күн еңкейіп, толқын көтеріле бастаған кезде қожайын өзі тартып алады. Ешқайда қашып та кете алмайсың. Жағаға шыққан соң, кепілге өткізген киіміңді алып, ақшаңды санап бересің де жөнейсің. Даяшы ғана жетіспейді. Бірақ, мынадай романтикада даяшы да керек емес. Төбеде мәңгі зеңгір тұнық, төменде одан ғапыл кем емес зүмірет көл. Көкжиектің сызығын аңдай алмайсың. Масайрай бастасаң, өзің құсап майда толқын әлдилеген қызу көршілеріңе барып қайтуға болады. Көршің қатты қызу болса, байланыса бастаса, төбелесе де алмайсың: табан астыңда тіреу жоқта қайдағы төбелес?! Қайта керісінше, түпсіз көк пен терең су ортасында жаның бір боп шығады. Көңілің босап, шет жерде кезіккен жерлесіңдей ыстық боп шыға келеді. Жағалаудағы қосмекенділерге қарап, айғайлағанның өзі неге тұрады! Кафе расында керемет еді...

Бөке, сыраны суға матырып қоямыз-ау деймін, жылымшы тартыпты...

Сөйтейік. Бір-бір жүзді тастап алайық. Закусканы қалдыратын түрі жоқ, мына су перісінің.

Не үшін ішеміз, ағайын? Өзің бір тілек айтшы. Кейде бір пәлсапа соғатын жақсы ғадетің бар еді ғой. Бүгін тым ойлы боп, көп үнсіз отырсың. Мана қызыңды ала кел дегенде тіл алмадың. Су перісін суда құшқан жақсы екен. А, Бөке!

Мен не дейін? Сендердің бақытты болуларың үшін іше бергім келеді. Владимир Санги деген сахалиндік жазушы болған. Нивх деген халықтың ұрпағы. Мәскеуде тұрды. Баласы Мәскеуде дүниеге келген тұңғыш нивх екен. Біздің де балалар қалада дүниеге келетін болды. Жә, мәселе онда емес. Сол Вакеңнің «Кевонгтардың үйленуі» деген керемет романы, әлде, повесть пе, жадыда жоқ, туындысы бар. Біздің түбіміз сондай болмаса екен! Сол үшін ішейік! Кевонг әулеті Сахалиндегі нивхлердің бір бұтағының кішкене ғана өскіні болған ғой. Әлеуетті әулет болмаған соң, ағайыны қызын бергісі келмеген. Берсе де ұрпақ қалар-қалмасы неғайбыл. Түбі әлгі әулеттен тұлдыр қалмапты. Біз де азайып барамыз. Бірақ, үміт бар бізде!!! Үміт үшін!

Әй, ерім-ай! Ел үшін уайым ойлайсың! Айдаладағы нивхіге қазақтың тағдырын қайдан теліп тұрсың! Біз өсетін елміз!

Жақсы тілек! Бірақ, менің шарабым таусылып қалыпты.

Официант! — Абзал төменге, суға қарап айғай салды. — Қазір келеді мұртты жайын. Бізге бір шиша молдаван шарабы. Ол келгенше біз тарта берейік.

Официант деп құр айғайлағанша, барменге тікелей барып келсеңші, - Назым наздана күлді.

Екеуіңнің тойыңда өзім официант болмасам, мына су перісінің қызы шарапты шараяқпен сіміреді екен!

Қой, Бөкен! Сен асабасың ғой. Бір тойым болатыны сөзсіз менің, дәл қай сенбі екенін айта алмаймын...

Ойнап айтады. Тойдың күні белгіленіп қойған. Саған сюрприз болсын деп айтпай отырмыз! Енді үш аптадан соң! Дайындала бер, Бөкен!

Өй, не деген дәті берік адамсыңдар! Манадан бері неге үндемей отырсыңдар? Құйылсын! Ернеулетіп!

Ха-ха-ха-ха-хей! Бірден айтқан қызық болмай қалады! Ал, енді осы тілекті тік тұрып айтшы, түрегеп тұрып ішейік екеуіміз де.

Белдегі резеңкені шешуге тура келді. Қалт-құлт еткен жұмсақ камера үстіне әупірімдеп тұрдық-ау. Назымда ішек жоқ. Үш-төрт мәрте құлаған бізге су шашып айран-асыр. Шын бақытты еді.

Жастардың бақыты үшін!

Кеттік!

Екеуіміз бір-бір ауыз сөз ғана айтып үлгердік те, стақанды шалқалай көтеріп, ащы арақты жұта сап, қайқая секірдік суға. Су бетінде тұрып ауызыңа толтырып ап, суға сүңгіген бетте жұтып жіберсең, керемет әсерлі болады. Дем ала алмай, осы зәһәрді өміріңде алғаш рет жұтқан сәттегідей тұншығасың. Су астында қайдағы ауа?! Өңешіңді өртеп өткен жылы арақ соңынан дем шығарған да өзгеше. Жанталаса су бетіне шыққан бетте жұтқан ауадан соң тіскебасар да қажет емес. Біз құсап ешкім ішпеген шығар!

Ой, рақат-ай!

Кер-ре-мет!

Фууу! Теңіз үсті арақ мүңкіп кетті ғой.

Бірақ, мұндай ішіс тез шалдықтырады. Алғаш дәмін татып байқаған талай жігіт қызық көріп, қайталаймын деп жағаға жеткенде балық құсап, былқ-сылқ етіп қалатын. «Солтүстік халықтарының түбіне де осы у зәһар жетті ғой» деп ойладым «орындығымды» беліме байлап жатып. «Біздің ел ше? Біз де оңып тұрған жоқпыз ғой. Осылардың тойынан соң, қоймаса болмас!» Манаурап ұйқым келді. Екі мас, екі жас бір-бірін қытықтап ойнап кеткен. Ортадағы камераның тасасына барып, жаласып жатыр-ау шамасы.

Мен аздап мызғып алайын, - дедім дауыстап.

Боссыз!

«Осы дерттен айыға алмай қойдым-ау!» Он алты жасымнан берідегі біраз жыл осымен бірге өтіп келеді. Біреулер бір күн тойласа, екі күн демалып жатады. Менде олай емес. Он бірінші кластан бастап, тұрақты түрде күнделікті тұтынып келемін. Ел құсап мас болмаймын да, сана сау, кеуде таза. Бірақ, қою керек! Уақытымның бәрі осымен кетеді екен. Ойыма Кевонгтар келген...

Мәңгіріп жатып, ұйықтап кетіппін. Шөліркеп ояндым. Төсектен тұрмақ болғаным есімде, қолымды тіремек болғанда ауып кетіп, су жұтып қоя жаздадым. Күн еңкейіпті. Екі ғашық та ортадағы камераға арқандаулы қалыпта маужырап жатыр.

«Оян, қазақ!» «Ай, қап!» Ұйықтап қалыппыз ғой...

Күн еңкейген. Толқындар да бастарын көтерісіп, жағалауға қарай асықпай лықсуда. Толқын шуынан енді сәлден соң жел тұратыны да аңғарылады. «Қой, жағаға қайтпаса болмас!» Кенет жағалаудан едәуір алыстап кеткенімізді байқадым. «Мүмкін емес! Ұйқымды аша алмай тұрған болармын». Еппен ортадағы камераға жақындап, жағаға тартылған арқанды қармап, нақты қашықтықты бағамдамақ болдым. О, құдірет! Құмдақ жағалаудағы қазыққа байланған арқан тартқан кезде домбыра ішегінше ширай шертілуі керек еді. Мынау бос жатыр. Жалма-жан қос қолдап тартып қалдым. Арқан су бетіне көлбей жатқанның орнына, салбырап, сусіңді ауыр салмағымен тереңнен шұбалды. Тағы қарманып, бірнеше метрін тартқанда, жүрегім зу ете қалды. Арқанымыз босап кетіпті!!! Әрі бізді ұйықтата тербеген толқын жеңіл камераларды қақпақылдап, айдын ортасына қарай кетіп қалыппыз!

Ей! Арқан босап кетіпті! Біз айдынға шығып кетіппіз. Қараңдар! Жағадан алыстап кетіппіз!

Не дейсің? Қалай босап кеткенбіз? Жағадан алыстағаны несі?!

Қара өзің! Бір-екі шақырымдай кетіп қалыппыз!

Мама! Су да суып кетіпті. Біздің үйшіктер көрінбейді ғой!

Е-хе-хей! Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!

Досым ортадағы үлкен камераға шығып алып, қос қолын ербеңдете айғайлады. Жағалау жақ тым-тырыс. Кенет толқын легін сипай жел жүгірді.

Жел тұрайын деді!

Енді қайттік?

Ештеңе де емес! Жағалауға қарай жүземіз ғой. Камера бар — батпаймыз!

Толқын көтеріліп кетсе, жағаға бара алмаймыз. Керісінше, желмен ығып, ашыққа шығандап кетуіміз мүмкін.

Мама! Қорқам! Не істейміз?! Бірдеңе қылыңдар! Өлеміз ғой!

Назым өкіре жылап жіберді. Досым жұбатып әуре. Қыздың жылағанына, қос қолымен суды сабалап, бейапарланғанына толқынның кенет өсе түсуі қосылып, желмен бірге су бетін сызған әлдебір үрей жон-арқамды шымырлатып кетті. Келесі сәтте бәріміз қосыла айғайладық. Есітер адам қайда! Шамамен биіктігі бір метрге жетеғабыл толқындар жағаға қарай жосыла жөңкілгенімен, бізді жалына көтерген бетте аунақши кетіп, артқа қарай тастап жібереді. Сол сәт келесі толқын көміп қалады. Жағаға қарай емес, тереңге қарай лықсып бара жатырмыз. Су жұтқан, ортадағы үлкен камераға үш жақтан жармасқан үшеу барылдай айғайлап барып тоқтадық. Қызға қосыла жылаған тәріздіміз. Бірақ, онымыз бетімізді шайған тұзды судан білінер емес.

Бөкен, жағаға қарай құлаштайық. Болмас!

Камераны тастаймыз ба не?

Жоға! Мына толқын бізді тереңге қарай қақпақылдап бара жатыр. Әрекет қылмасақ болмайды! Жүзу білеміз ғой.

Жүзгеннен не пайда?! Толқын көміп кетіп тұр ғой.

Өй, осылай тұра берсек, қазір қатып қаламыз. Біраздан соң таза шығандап, Алматы жақтан бір-ақ шығатын шығармыз.

Назымның тісі-тісіне сақылдай тиіп, тоңғаны, оған қосыла жылағаны үдей түсті. Ықылық атып қояды. Сірә, су жұтқан. Кенет оң қолымда әлдене ұстап тұрғанымды аңдадым. Арақ екен. Ортадан сәл төмен. Өзегім өртеніп бара жатқанын да сол кезде байқағам. Сәл шалқалай, суға бата-мата жұттым. Жып-жылы екен. Бірақ, шөлімді қандырғандай, құрысқан терімді жазғандай, қуаттанып қалдым. Ұлы мұхитта кемелері апатқа ұшыраған теңізшілердің шишаға хат салып, айдынға лақтырар соңғы жантәсілім әрекеті қапелімде еске түсіпті. Езуіме жымиыс ұялады. Қайдағы апат?! Қайдағы мұхит?! Мықтаса үш метрден аспайтын суда жанымыз мұрын ұшына келіп тұр. Белгісіз өжеттік бойыма тараған умен бірге серпілткен. Арақтан босаған бөтелкені аспанға бір-ақ аттым.

Кеттік! Жағаға қарай құлаштайық!

Беліме ораған арқанды жөпелдемеде тексере қозғап алып, жаға осы болар-ау деген бағытқа қарай етпеттей құлаш ұрғаным есімде. Су сабалап, батып-шығып, деміккенім есімде. Бір мезет құлағыма Назымның жылағаны естілді. Досым екеуіміз толқын жалдарынан секіргенсіп, жүзе жөнелгенде, үлкен камераға артылған.

Абзал, тоқта! Назымға бірдеңе десеңші.

Не дейін?! Жаным-ау, сабыр етші. Қазір, екі жақтап үлкен камераға шығарайықшы. Кел, демеп жібер.

Жылаған қыздың құсеттенген тастай қарынан ұстап үлкен камераға шығардық. Сіңірім тартылғаны байқалды. Күні бойы жып-жылы демімен тәнді әлдилеген су мұнша суық болар ма! Тізем мұздап барады екен. Өлген адамның тәні бұдан жылы болар деп ойладым қос аяғымды бір-біріне шырмап. Күн тапал көкжиекке тақап қалыпты. Қанкүреңдене суық сызданған Күн астынан ызғар есетіндей. Теріскейден қалың қара бұлт өріп келеді. Үлкен камераға иек арта сәл саябырсыған болдық. Манағы маңнан бір метр де жылжымаған тәріздіміз. Сірә, жоғары қарай тербеле лықсыған эскалаторға аяқ артып, төменге түспекке ұмтылған жанның өнімсіз тірлігін қайталағанбыз. Әлде, жағаға жақындадық па? Толқынның демеуімен серпіліп, айналаға көз тастадым. Көз сүрінер ноқат жоқ. Жаға да, көкжиек сызығы да жанарға шалынбайды.

Мен тоңдым! Белім қарысып тұр. Бөкен, қозғалыссыз тұрсақ, тоңа береміз. Қимылдайық.

Тағы да арпалыс. Жанталас. Назым бүрісе жатқан үлкен камераны сүйреген болып, жаға осы-ау деген тарапқа қарата ентелей құлаш ұрдық. Он минут, он бес, жиырма минут, бәлкім, бір сағат құлаштаған шығармыз. Құлағымнан Назымның өксіп, ықылық атқаны кетер емес. Әлде, өзім бе бұл?! Бір мезет тоқтап, өз-өзімді тыңдағым келді. Жағым қарысып қалыпты. Құлағыма белгісіз толассыз гүріл келеді. Арнасы алапат шайқаған алып өзенде беймәлім бағытқа ағып бара жатқан тәріздіміз. «Стикс». Жан-жағым жөңкілген толқын, гулеген жел. Шым ете түскен кеудемді жарып жіберермен боп тарсылдаған жүрегім су арқылы күллі денемді билеген әлгі гүрілмен бірге мына алапаттан құтқарар жаққа асықтырады. Бірақ, ол қай жақ?! Тамырымда қан жоқ екен деймін. Қарысқан жағымды жазып, жұтынғым келді. Тілім таңдайыма жабысып қалыпты. Шөл қысып барады. Үлкен камерада су құйылған бөтелкелер бар екенін ойладым.

Неге тоқтадың?

Шөлдеген сияқтымын...

Қайдағы шөл?!

Қазір...

Кері айналып, үлкен камераға қарай бұрылдым. Құлашты екі сермеп барғанмын. Толқын көміп, ойнақшытқан камераға оң қолымды аса сүйенгенмін. Қатып, кәрі ағаштай сықырлаған мойынымды шайқап, иық қомдап, бойды қармаған суықты қумаққа талпынғанмын. Тек ол қарекетім кері шықты. Камераға асылған бетте үлкен жел тығындағыштың әнтек жұмсарып қалғанын байқадым. Сол сәт Абзал да жеткен. Жалғыз ғана жалт еткен мезетте екеуіміз бір-бірімізге үрке қарадық. Жүрегіміз дүр сілкініп, тоқтай қалғандай болды. Шүйдемізден тартылған жұлынымыз кенет ширатылып, жотамыз ток ұрғандай дір еткені есте. Тастай суық су сорған маңдайымыздан шоқпар тигендей кері серпіліп, жалқы мезет — жалт еткен секунд сәттің ғұмырымыздан да ұзақтау созыла кеткені есте. Үлкен камера ішінде Назым жоқ еді!

Назым!

Екеуіміз қосыла айғайладық. Қыздың есімін неше қайталағанымыз есте жоқ. Белгісіз құдіреттің күшімен желі шығып, жұмсарып қалған камераны аударып-төңкеріп, қанша тұрғанымыз белгісіз. Кенет айдын ортасында екеніміз еске түскен. Айғайлай жылап, суға сүңгідік. Аласапыран толқын шайқаған су асты көрдей қараңғы еді. Тереңге қарай қос қолды серпе сүңгігенмен, су қысымы толқын төсіне лақтырып шығара берді. Жүрегім тоқтап қалған тәрізді. Су жұтып, қақалып-шашалып, ызалана аңырағаным есімде. Ұлыған тәріздімін. Дәрменсіздіктен айғайлай аңырағанмын. Тілімді тістеп, қан жұтқанмын сумен бірге. Нәтижесіз әрекетті қанша мәрте қайталадым. Бір мезетте камералардың едәуір ұзап кеткенін байқадым.

Абзал!!! Абзал, қайдасың?

Сапырылысқан толқын арасынан бір сәт су бетіне қалқып шыққан досымды байқадым.

Абзал! Не болды? Назым, қайда?

Сол сәтте досым көкке қос қолын көтере аңырай айғайлаған.

А-а-а-а-а! А-а-а-а-а! На-а-а-зым! А-а-а-а-а!

Абзал, қойшы! Қойшы, Абзал!

Ол мені естір халде емес-тұғын. Қолын көтере айғайлап жылаған бетте суға көміліп кетті. Есімді жинай бастадым. Назым жоқ! Енді Абзал батып кетсе, қайтем! Оқыс ойдан үрейім ұшып, досымның соңынан сүңгідім. Қара түнек елес шымқаған су астында Абзал қос қолын жайған қалпында батып бара жатыр еді. Оң қолынан шап беріп ұстап, жоғары тарттым. Тұншыға бастағанда су бетіне шықтым-ау. «Камералар қайда екен?» Су жұтып, кенет нажағайша осып өткен азапты қайғыдан, осы тірлігіміздің шын өмірлік оқиға, әлде үрейлі ауыр түс екенін ажыратудан дәрменсіз Абзал талықсып кеткен-ді. Көкжиекті қанға бояп, ұясына байып қонуға әзірленген Күн астынан қарауытқан камералардың сұлбасын көрдім. Абзалдың ту сыртынан шығып, шашынан уыстай ұстап, шалқалата сүйреп жүзе жөнелдім. Әйтеуір бір уақта жеттім-ау. Теңіз үстін ымырттың ерекше бір қараңғы зіл салмағы езіп тұрды. Жүрегімді де езіп кеткен түнек қайғы менің кеудеме қонақтап, жанарымнан жанталаса еніп, тәніме сіңіп бара жатты. Құлағым тарс бітіп, салыққан жүрегім ештеңе де сезбей, белгісіз бір саябырлы сабырмен досымды үлкен камераға тіркелген кіші камералардың біріне байладым. Енді батпас. Өзім де толқын ұрған сайын дірдек қаға секірісіп қалатын жеңіл желтығындағыштардың екеуін қос қолтығыма қысып алып, саусақтарымды бір-бірінен ажырамастай қармап, серейіп тұрдым. Қыстың қабағы ашық күндерінің шатырдағы қарды жылыта еріткен кезінде тамшыдан түзіліп, салбырай қататын сүңгі тәрізді сұп-суық қалпымда қатып тұр едім. Ойыма Мелвиллдің «Моби Дигіндегі» ақ киттің кит аулаушылар кемесін күйреткенде табыт құшақтап тірі қалған бейбақ туралы оқиғасы келген. Кеудемнен жан қашып бара жатыр ма деп үрейлендім. Сонда да, қозғалуға дәрменсіз мұз сүңгі кейпінде, асты үстіне шыға сапырылған тозақ қазанындағы қараңғы көр түнекке шым батып бара жаттым...

Шығыс жақтағы қара бұжыр тасты жағалаудың иығынан жанарынан қан тама қайғырып, Күн шығып келе жатқанда ес жиыппын. Қарысып қатып қалған қолым ажырамаған қалпы, қос камераның ортасында бір түн өткіздім бе, әлде, тұтас ғұмырым өтіп кетті ме — тірлік пен өлімнің арасында қанша уақыт тұрғаным белгісіз. Теңіз беті жым-жылас. Жемтігін жұтқан соң жанарынан жас тайғанайтын алып қолтырауынның көз жасындай мөлдіреп жатыр еді жалмауыз көл. Тамағымды кенедім кенет. Әлдене дегім келген. Кімге?! Сол жақ қапталымнан әлсіз ыңыранған дауыс шықты. Абзал! Сіресіп қалған мойынымды сықырлата бұрып, қол созбақ болдым. Дәрмен жоқ. Әзер дегенде әупірімдеп тебініп, жақындадым. Тірі. Тіріміз! Әлде, ана дүниедеміз бе?! Көзімді сығырайтып, айналаға қарадым. Бейтаныс аймақ. Күншығыстан жартасты жағалау көрінеді. Тым алыс емес. Бір мезет Назымнан айырылғанымыз есіме түсті. Бірақ, сол сәт бақытсыздығымызды бағалар хал жоқ болған. Бастысы — екеуіміз тіріміз...

* * *

Бірақ, сол таңнан бастап — түнімен тозақ өзенімен ағып, бейтаныс жағалауға шығандап кеткен, ертесіне кешкілік табанымызды тас тілгеніне қарамастан жиырма шақырым жердегі үйшіктерімізге титықтай жеткен екеуіміз өзіміздің тірі екенімізге күмәнді едік. Күні бүгінге дейін. Тымық теңізден жартасты жағалауға итшілеп шыққан соң күн тас төбеге көтерілгенше, өлеусіреп жатқаным жадымда. Әлдебір шақта лақылдатып жасыл запыран құсқан Абзал сандырақтай бастаған. Әлдеқайдан шулаған шағалалар оған қосылып, кеше толқын үстінде тарс бітіп қалған құлағымды жарып, миға шаншу боп қадала беріп еді. Сүйретіліп, үлкен камераға жақындадым. Назым жоқ екені анық. Тек «жып-жылмағай су ортасында қалған резеңкеден жел қалай шығып кетуі мүмкін?» деген зілмауыр ой сүйретіп кеп еді. Өлі мен тірі арасында шалажансар болсам да, жанталасып жатқаныма таңмын. Камераның брезентпен қапталған суға жанасар төменгі жағынан алақан сыярдай жырық таптым ақыры. Іші суға толмаса да, ауыр тартқан желтығындағышты төңкеріп, жаншып, суын ағыздым. Қабысқан қара резеңкенің жырығына қолымды тығып, сипалап жатып, бір қуысынан үйшікке киімімізді тастап, тіскебасар-тамақпен бірге ала шыққан шолақ кездікті суырып алдым! Назымның ажалына себеп болған қара кездікті Абзалға кафенің иесі Дархан сыйлаған еді...

* * *

Күмәндімін — тірлігіме. Арада он жыл өткен. Өз жүрегімдегі терең теңізге батып кеткен қос ғашық туралы аңыз жылжыған жылдар легіне ілесе келген қайдағы бір естеліктер дауылымен қайыра қалқып шыққан еді жадымның тақтасына.

Аймақтық басылымда бес жыл қызмет істеп келемін. Жаздың әлдебір шуақты күндерінде редакцияға келді. Сол естеліктің хабаршысы. Газетке жарияланатын еске алу, құттықтау, көңіл айтуларға қосақталатын тақпақ-өлең атаулы алдымнан өтеді. Сол тұрыпты кезекті еске алуға өлең жазуымды өтініп, Назымның ағасы келген еді алдыма. Бастапқыда танымай қалдым. Тек қолындағы суретті ұсынғанда ғана жартасты жағалаудағы шулаған шағалалардың шаңқылы мен Абзалдың сандырағы, Назым қыздың өксіп, ықылық ата тоңғаны — бәрі-бәрі құлағымды жарып, жүрегіме шаншылған. Қыз ағасы сол зауалды күндердің қарсаңындағы қос ғашықтың ең бақытты сәттерінде түскен тойға шақыру билетінің жартысын ұстап келіп тұр еді. Абзалдың суретін еппен, білінбестей, қыздың жанында мүлде болмағандай қылып, қиып алып тастаған.

Мына суреттің жартысы қайда кеткен?

Не дейсіз?!

Менің үнім шықпай қалды. Әуелгі сауал кеудемнен кенет шығып кеткен күрсініспен бірге ақтарылған еді.

Сіз бұл суретте екі адам болғанын қайдан білесіз?!

Жо-жоқ! Білмеймін ғой. Тек... монтаждалғаны көрініп тұр.

Қыз ағасы орнынан тұрып, үстелімді айналып жаныма жетіп келді. Жетіп келе жағамнан жармасқан. Тесірейіп көзіме қараған. Мен тік қарай алмадым.

А, залым! Сен Назымды өлтірген екі жігіттің бірі екенсің ғой! Сен әлі тірі екенсің ғой! Ажалың менен болады! Біреуіңді құртып едік, сен жер басып жүр екенсің ғой әлі!

Сол сәт есік ашылып, бастық енді, бастықтың соңынан біздің бөлмедегі оқыс шуды естіп, редакцияның өзге қызметкерлері де жетті. Опыр-топыр төбелес кенет басталғанындай кенет аяқталды да қалды...

«Апырай! Біз Назымды өлтірмеп едік қой! Иә, Иә...»

Иә, сол зауалды күндерде Назымның туыстарына қайғылы қазаны естіртіп, су бетін сызған қайықтармен, сүңгуір мамандармен бір апта көл түбін қопарып шыққан едік. Табылмады Назым қыз. Қолымызда сол күндерден белгі болып, екі жүз елу шақыру билеті мен Назымның өмірінің соңында көлге киіп келген киімдері ғана қалды. Аһ ұра жылаған қыз туыстары мен достарымыз жиылып, билеттер мен киімдерді қаланың шығыс бетіндегі қалың қорымның шетіне жерледік. Азапты түннен ауру жамап шыққан Абзал қатыса алмады қасіретті қоштасуға. Үш апта — тура той белгіленген күні ауруханадан шыққан Абзал мен оны алып шығуға барған мені полиция қарсы алып тұр еді. Одан соң іркес-тіркес тергеу, айыптау, жылау-сықтау. Өмірден күдер үзілді. Тірлікке күмән толды. Болашағымыз бұлыңғыр еді. Бірақ, барлық шаруа бір-ақ күні тыйылды. Белгісіз себептермен қыз туыстары айыптаудан бас тартқан. Айып дерегі болмаған соң полиция бізді қапастан босатқан. Тек... Тек сол зіл салмақты күндердің бірінде Абзал дос ізім-қайым жоғалып кетті. Ешкіммен қоштаспастан, бет алған бағытын айтпастан жоқ болған. Үш күн сұрастырдық, іздедік. Барша болуы керек маңдарды шарладық. Ақыры Назымның қабірінің басына барғанбыз. Онда да жоқ. Қабір басында Назым жақсы көретін алқызыл раушан гүлдері ғана жатыр еді. Әлі солмаған. Соған қарап, Абзал келіп, қоштасып кеткен екен ғой деп түйдік. Сонымен тәмәт-тәмәм!

...Арада оншақты жыл өткен. Иә, тура сол күн — қыз ағасы келіп, маған еске алу жаздырар қарсаң — одан кейін газет жария болатын бейсенбі күн екі ғашықтың тойы болатын күн екен ғой! «Біреуіңді құртып едік...» Қапастан шыға жоғалып кеткен Абзалды — жастықтың бастан асар көп қателіктерінің бірінің кесірінен бола алмай қалған күйеубалаларын қыздың ағалары суға батырып жіберген екен. Ал, мені ұмыт қылған. Ғайыптың жазуымен тірі қалғам. Не үшін?! Бәлкім, осы естелікті жазу үшін бе?! Әлде, қапияда қаза болған қос ғашықтың бүкіл арман-мұратын арқалап, сол боздақтардың көз жасындай мөлдіреп жатқан зүмірет көлдей қайғыны кешу үшін бе?! Білмедім... Тірімін!

* * *

...Су бетінде таң бозында көтерілген бозамық тұманның есімі Назым еді.

Алапат шайқап, аласұрған теңіз толқыны біздің жастық шағымыз екен.

Біздің жүрегіміз де дауылды түні қопарыла кетер теңіз ғой.

Сол теңіздің толқындарының астында талай естелік көміліп қала береді.

Тек, санамызға байланған құдірет қылын үзуге құштар сезімдерге ие болсақ екен.

Тек, тұнық тірлік жағалауынан адасып, мәңгі шексіз тұмандықтарға жоғалмасақ екен.

Тек жансебіл көкірегіміздің етегіне қара кездіктей қасірет қадалмаса екен!

Ал, әзірге тірімін...

01.10.2010.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз