Ақжан... Қандай мағыналы есім. Қазақстанның батыс өңірінде "ақ" деген сөзден басталатын адам есімі жиі кездеседі. Бұл жақта жақсы көрген адамының есімдері олай басталмаса да, осы сөзді жиі қосып айтады. Ақ деген сөз олар үшін іш тартуды білдіретін толып жатқан есімдіктердің баламасы болып табылады. Ақкөке, Ақпатша, Ақжарық деген сөздерді осындай мағынада біздің Маңғыстаулықтар жиі қолданады. Ал біздің кейіпкеріміз Ақжанның ата-анасы қыздарына, жаны таза болсын деген ниетті меңзеп айтылатын осы сөзді, тіп-тіке өз мәнінде тарту етуді лайық көрсе керек.
Жалпы адамға есім тектен-текке берілмейді дейді ғой, мүмкін Қыдыр баба аян берген шығар. Маған әйтеуір мұның бір себебі бардай көрінеді. Ең бастысы, оның жаны, шыныда да, аппақ
Бір қызығы, қазір Маңғыстау өңіріндегі мұнай өндірісіне ерекше еңбегі сіңген деп, мадақталып жүргендердің талайын-ақ бұл салаға өмірдің өзі қақпақылдап әкеліп, әдейі түсіріп отырған секілді. Белгілі мұнайшы ретінде Компартияның екі бірдей съезіне делегат болып қатысып, КСРО мемлекеттік сыйлығын алған, Даңқ орденінің екеуін бірдей тағынып, Еңбек Ері атағына бір аттам қалғанша абырой биігіне көтерілген, әлі күнге дейін табан аудармастан сол баяғы бір орыннан қозғалмай, мұнай иісінен ажырамай келе жатқан Ақжан Қадымова да әуелде мұнай өндірудің емес, денсаулық сақтаудың инженері боламын деп, медициналық оқу орнын қалаған екен. Тіпті Атырау облысының Махамбет ауданында орта мектепті бітірген соң Алматы медицина институтына түсіпті де. Бірақ өз бетімен барып, оқуға түсіп келген жас қыз үйіне келгенде анасы ауырып, ауруханада жатқанының үстінен шығады. Енді ол сол кісінің орнына үйдегі інілерін бағып, әкесіне көмектесуге тиісті болады да, қайтадан кете алмай қалады. Қанша талаптанғанымен, енді оған медицина жолы бұйырмайды. Өйткені өзінен үлкен апасы баяғыда тұрмысқа шығып кеткен, өзі балалы-шағалы. Үйдегі інісіне серік болсын деп, қолдарына алған сол апасының ұлы әлі үш-ақ жаста. Оларға бұдан өзге қол ұшын беретін адамның еш реті жоқ. Әкесі амалсыз мұның талабына тұсау салып, оқуға жібермей қалады... Қабаққа кірбің іліп, жастыққа ыстық моншақтар төккеннен не пайда, Ақжан мұндай жағдайда бәрібір өзінің тып-тыныш оқу оқып жүре алмасын да түсініп, алғашқы талабынан қол үзген. Сонысын мойындағаны шығар, сол маңдағы сылақшы сыршылар бригадасына жазылып, алғашқы еңбек жолын бастайды.
Қалай болғанда да, өмір бір орнында тұрмайды ғой, отбасыларындағы жағдай да бір арнаға түсіп, інілері де бұрынғыдан гөрі ересек тартып, сонымен бірге Ақжан да өз өмірі, мамандық алу турасында қайтадан ойлана бастаған шақта, дәм тартып, Доссор училищесіне келіп, оның бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика факультетін бітіріп шығады. Доссор училищесін бітірген соң сол маңдағы бір жерге жұмысқа кірер дегендері болмай, бұлардың бәрін жаңа ашылып игеріле бастаған Өзен кен орнына жібереді. Бір топ жас қыз бен жігіт өз мамандықтары бойынша автоматтандыру цехына орналасқан болады, бірақ цехтың өзі бар да, автоматтандыратын ештеңе болмай шығады. Атқаратын жұмыс жоқ. Іштері пысып, бір ай жүреді. Содан бір күні мұнайшы операторлар жетіспей жатыр екен деген сөз құлағына шалынып, мені сонда жіберіңіздер деген өтінішпен барса, ондағылар қабылдағысы келмей:
— Шырағым, ол жұмыстың не екенінен хабарың жоқ. Өзің қыз баласың, — деген әңгімелер айтады. Бірақ қайсар мінезінің арқасында жұмысқа кіріп тынады.
Арада отыз жыл өткен қазіргі кезде өз атына Өзен кен орнын игеруге тамаша үлес қосқан, кен орнының қаз басуы мен кемелденуінің куәсі болып, даңқын арттыруға қызмет еткен, қазынасын ел игілігіне жаратуға өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған деген сөз айтылары үш ұйықтаса түсіне кірмес еді. Оның Өзен мұнай газ өндіру басқармасындағы жұмысы 1971 жылы басталды. Бұл кен орнындағы көптеген игілікті істердің қарсаңы болатын. Қала халқының тұрмысындағы жағымды да маңызды өзгерістер белгі бере бастаған. Дегенмен кәсіпшіліктердегі жұмыс оңай емес болатын. Оның үстіне, үйге кіріп, үйден шығып дегендей, бұрын түн қатып жұмыс істемеген, далаға жалғыз шығып көрмеген жас қыз үшін, шынымен, ауырлау тиген. Үш ауысыммен, кей кездері тәулігіне төрт ауысыммен жұмысқа баратын. Оператордың міндеті — негізінен бақылау жасау, өз учаскелеріндегі ұңғыларды аралап, жұмыс істемей тұрғаны болса немесе өзгедей түрлі жағдайлар болса дереу шара қолдануға тиіс. Қолынан келгендер ұсақ-түйек жөндеулерді өзі де жасай салады, ал көп жағдайда жөндеушілер бригадалары шақырылады...
Қай уақытта да айналаңда жақсы адамдар жүргенге не жетсін, сол жылдары қатар жүріп, мұнай өндірісінің қиын-қыстау күндерін бастарынан бірге кешкен Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты әйгілі оператор Сәбит Әбенов, Қаржаубай Сеңгірәлиндерден аз өнеге алмаған.
"Адам күні адаммен" деген сөздің нақты мағынасына да ол сол бір жылдары мән бере бастаған. Мәңгілік ештеңе жоқ, адамдар да бірінің орнын бірі басумен, біріне бірі жалғаса күн кешеді екен. Сонау бір балғын шақтардан бері талай жылдар өтіп кетті. Талай өзгерістер болып жатыр. Өзгермеген тек қана Өзен кенін ораған құмды дауыл ма екен деп ойлайды кейде. Солай болуы да мүмкін, бірақ қазір жұмыс істеп жүрген операторлардың сол дауылдарда дәл бұларша қиналатынына күмәнді. Біріншіден, олар түн қатып, таң асып жүрмейді, таңертең барып, кешке үйлеріне оралады. Қазір ауысымды жұмыс істеу ұмытыла бастағандай. Жұмыстың көбі автоматтандырылған. Ал ол кезде...
...Сол бір күн әлі есінде. Сыртқа шыққан бойы сол болатын, қатты дауыл бейне өзінің аяқ-қолдарын қос қабат жұмсап, темір саусақтарымен құшақтап алғандай, сонан соң аяусыз жұлмалай бастағандай сезінген. Бет қаратар түрі көрінбеген соң, теріс айнала қойып еді, енді әлгі темір саусақтар жотасын тырмалап, басындағы қалың орамалын шашымен қоса жұлып алғысы келгендей, тіпті өршелене түсті. Мына түрімен ұңғыларына жетудің қандай күшке түсерін, жанындағы әріптестері өзін неге тоқтатқысы келгенін енді түсінген. Бірақ алған бетінен қайту ойына келмеді. Оның да өзіндік себебі бар болатын...
Мұнай өнімділігі осы ұңғылардың жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Ұңғы жоқ болса, (яғни тұрып қалса) онда ол тәулік сайын беріп тұратын мұнай да жоқ деген сөз. Егер бұл дауыл басылғанын күтіп отыра берсе, жаңада ғана жөндеуден өтіп, енді іске қосылуға дайын тұрған газлифт әдісімен жұмыс істейтін ұңғысы енді қанша тұрып қаларын құдай білсін... Өткен жолы осындай бір ауа райы бұзылып тұрғанда далаға шыққысы келмей, ертең барсам да болады деп жатып алған жас жігітке ренжігені бар. Жаны ашымайды, оған істің жайы қажет емес, өзінің жан тыныштығы керек болып тұр. Ал егер қолына жақсы істегендердің есебінен тиын-тебен тиіп жатса, алуға ұялмас еді-ау деп, кәдімгідей кейіп қалған. Ол жігіт сонда мынадай тозақтан қашып тұрды ғой. Егер бұл енді сол тозаққа өзі де шыдай алмаса, өзінің сол жігіттен несі артық?! Бірақ ол адамдардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей бола беретіні туралы ойламаған.
Оның өзі жұмысқа кірген алғашқы күннен бері көңіліне түйген бір қағидасы бар. Ол — қалай болғанда да ұңғы жұмыссыз тұрып қалмау керек. Өл, тіріл, бірақ соны қамтамасыз етпей, тыныштық таппау керек. Ал бұл талаптың орындалуы ең алдымен операторға яғни өзіне байланысты. Бәрі өзінің ісін қаншалықты беріліп жасағанына, өзінің ісінің жайын түсінуге деген ынта ықыласына бағыттандырылған. Кейде бұған ұңғылар да мұны түсінетіндей көрінетін. Қазір де көңіліне ұялаған сол сенімнің күшімен, сол бір ізгі ойларынан қуат алғандай, өршелене соққан құмды дауылға бой бермей, межелі жеріне жақындай түсті. Бұл ұңғы жұмыссыз тұрып қалса, жоспар межесінен қанша асатыны да жылт етіп елес беріп кеткендей. Өйткені осы әдіспен жұмыс істейтін ұңғылардың мұнай өндіру қарқыны да өзгелеріне қарағанда әлденеше рет артық болатын. Жеткен бойда дауылмен алыса жүріп, газды іске қосуға дайын етті. Күйбеңдеп жүріп тағы да біраз шаруасын тындырған соң алып ұңғы да гүрілдеп ала жөнелген. Өзінің іште отырып қалмағанына риза болғаннан, аяқ-қолы да жеңілдеп кеткендей. Жүгіре басып учаскелерін түгел аралап шықты. Бір жердегі качалкада ремень босаған екен, оны қайтадан тартып, қалпына келтірді. Тағы бірер жерде осындай ұсақ-түйек кемшіліктерді ретке келтірді. Алайда осындай сәл ғана ұсақ-түйек сияқтылардың өзі-ақ кейде ұңғылардағы жұмыстың тоқтап қалуына әкеп соқтырады. Мысалы, ремень босай берсе, мотор тоқтап қалады. Мотор тоқтаған соң бітті... Кейде әлгіндей жағдайлардың өзіне жөндеуін білгенімен, бір адамның күші келмей қалуы мүмкін. Ондай жағдайда операторлар біріне-бірі көмекке келе қояды. Ал жөндеушілер бригадасын шақыртудың өзіндік күрделі жағдайлары бар. Оларға сұраныс барлық топтық қондырғылардан түсіп жатады. Тапсырыс берушілер кезекке қойылады. Ал кейбір кездері жөндеушілерді шақырушылар тіпті көп болады. Олар келіп болғанша уақыт өте береді, ал мұнай өндіріп алу ісі тоқырай береді. Жөндеушілердің бағасы артып, кезек күтушілердің мазасы кетіп, пендешіліктің кейбір көріністері де жылтыңдап, есіктен қарай бастайтыны да сондай кез. Ал кезегің жетіп, жөндеушілер іске кіріскен соң да сапасыз жөндеуден зардап шекпейтіндігіңе ешкім кепіл бола алмайды, өндіріс процесі қайтадан кідіріп, әлгі жүгіріс қайтадан басталатын кездері де болып тұратын...
Әрине, өмір ол кезде де тек қана топтық қондырғылар басындағы арпалысқа толы күндермен шектеліп қалмаған. Сол жылдары бүкіл Одақ көлемінде көркемөнерпаздар үйірмелері кеңінен жұмыс жасап, осы деңгейде байқаулар жиі өткізіліп жататын.
Бірде бұларды да көркемөнерпаздар үйірмесіне шақырды. Партия тапсырмасын орындауға кідіріс болмайтын кез ғой, оның үстіне саған баға берген уақытта қоғамдық жұмысқа қалай қатысып жүргенін есепке алынады. Бұлар да бригада мүшелерімен жетіп барды. Жас кезі, көзге ұрып тұратын әдемілігі және бас режиссер бірден-ақ бұған назар аударып, бір рольді ойнап беруді өтінді. Бұл да бар өнерін салып, сынаққа түскен. Өзіңіз дайын тұрған артист екенсіз ғой деп, режиссер қуанып кеткен...
Қазір сол кездер туралы айтқанда қызарып, ұялып қалатыны бар... (Жалпы, сөз реті келгенде айта кеткен жөн, Ақжанның бойы тұнған талант сияқты. Оны білетіндер артистік шеберлігі тұрғысындағы ғана емес, кесте тіккендегі, тоқыма тоқығандағы, тіпті тамақ жасағандағы шеберлігі турасында ауыздарының суы құри әңгімелейді). Ақжанның ескі альбомдарының бірінде сахнада рольде ойнаған кезі бейнеленіп, сақталып қалыпты. Көркемөнерпаздардың драма үйірмесінің жұмысы дерлік емес, оның ілгеріге, қарсы алдындағы адамға қарай ұмсынған түрінен шынайылықтың иісі аңқып тұрғандай...
Жастықтың әсерінен бе екен, ол сол кездерде ұйқысы қанбай ерте тұрып, үйірмеге барамыз деп қаншама жай жатып жүрсе де, тіпті шаршамайтынына таң қалады. Мұнда жастықтың бұла күші өзіндік роль атқарғанына күмән келтіруге болмас, бірақ бұл арада өзіне-өзі сенгендіктің де, рухани қуаттың пәрменділігінің де, алда тұрған жеңістерінің көзге елес бере бастағандығының да әсері болмауы мүмкін емес. Сонымен қатар өзі атқарып жүрген ісіне қанағаттанғандық, бойындағы ашылмаған талант көздері де шаршатпай, қайта бойына күш-қуат құйып, жанына нұр шашып отырған секілді.
Әріптестерінің айтуынша, оны кейде топтық қондырғы басынан алып кету қиын көрінеді. Егер жұмысы бітпей жатса, әлденеге күдігі болса, сол арада қонып қалу да оған түк емес, өйткені оның өз ісіне деген жауапкершілігі шексіз дейді әріптестері. Сізге осы жұмыс ұнай ма деп сұрайтыны бар кейде журналистердің. Ондайда Ақжанның жүрегіне ерекше бір қуаныш толқыны үйіріліп, шабыттана жауап беретін. Немесе соңынан біразға дейін осы сұрақ төңірегінен шыға алмаушы еді. Шынында да, оның жұмысы өзіне неге ұнамауға тиіс. Жалпы солайша сұрақ қоюдың өзі дұрыс па? — Менің ғұмырымның ең маңызды шақтары осы топтық қондырғыларда өтіп келеді. Егер басымнан өткен әрбір күннен жұмыстағы кездерімді сылып тастай берсе, менің өмірімде де көз тоқтатып қарар көп ештеңе қалмас еді. Ол менің ғұмырымның мазмұны емес пе деген ойға қалатын...
Жылдар лезде өтеді ғой. Бірақ олардың бойынан сүзіліп қалып отыратын бір нәрсе бар. Ол сіңірген еңбегіңнің жемісі. Егер ол нәтиже жағымды болса, саған абырой, бедел әперіп, адам ретіндегі салмағыңды үстей түседі. Сенің есіміңмен қатар өзгелердің көңілінде ілтипат сезімі оянып, өзіңді биіктей түскендей сезінесің, уақыт көші жылжыған сайын осыған көз жете бергендей. Бірақ сол бір құрмет, қошамет көбейе түскен сайын содан қашып құтылғысы келгендей бір сезім пайда болатын. Кейде кезекті бір жиналыстарға барғаннан гөрі ұңғыларының арасында жүре бергенін, өзінің сондағы шаруашылығын ретке келтіріп, жоспарын орындап, өзімен-өзі қалғанды ұнататын. Бір жаққа кетіп қалса да, жұмыстың жайын ойлап, қайтадан келгенше асығатын.
Көп ұзамай оған аға оператор, мұнай өндіру шебері сияқты атақтар беріліп, дәрежесі өсіп жатты. Мысалы, бұл өзгерістер мынадай ретпен жүзеге асқан: 1971 жылы аудандық инженерлік-техникалық орталықтың мұнай мен газ өндіру жөніндегі екінші разрядты, 1972 жылы үшінші разрядты, 1973 жылы оқу комбинатында оқып, төртінші разрядты мұнайшы оператор болды. Ал 1981 жылы оған бесінші разряд берілді. Ал 1987 шебер инженер-технолог дәрежесіне жеткен. Жауапкершілік салмағы да өсе түскен. Топтық қондырғылар басындағы ұңғыларды қорасындағы малындай күтіп, олардың жағдайына жауапты болудың көкесі әлі алда болғанын сонда білген.
Оқу комбинатындағы оқу жеткіліксіздігі, білімді жетілдіре беруі қажет екені одан әрі айқындала түскен. Ақжан Қазақ политехника институтын бітірді де, бірақ мұның да аз екенін ұққан. Ол үшін ең бастысы, күнделікті зерттеу, өз бетіңмен іздену, әрбір күрделі жағдайдан, әрбір тығырықтан шығудың жолын өзің таба білуге жетісу еді. Бұл үшін оны ерекше талаптануға үйреткен де өмірдің өзі болатын. Мысалы, ұңғылар бойында болуы мүмкін бүкіл кінәратты аластау жұмыстары олардың сырын өзің түсініп, біліп тұрғанда әлдеқайда сапалы жүреді, өйткені ешкім де ондай жағдайда жүрдім-бардым жөндеу жасай алмайды. Көз бояушылыққа орын қалмайды.
Қазір ойлап қараса, Ақжан ешқашан да атақ іздеп, жұрттың көзіне түсуге құмартпапты. Бірақ соған қарамастан, бүкіл ғұмыры халқының көз алдында өтіп келеді екен. Ол тұрмаған Құрмет тақтасы да, ол қатыспаған жиналыс та, тіпті ол отырмаған президиум да қалмаған сияқты. Ол үшін атақ-дәреженің айдынды жолы 1976-1977 жылдардағы социалистік жарыстар жеңімпазы болудан басталғандай. Бұл ол кезде Компартияның сөз қорындағы ең жиі қолданылатын ұраны десе де болғандай еді. Барлық құрмет те, сый да, өтірік шын болса да, солар үшін жасалып жатқандай көрінетін. Ал 1982 жылы Маңғыстау облысы мемлекетке 200 млн тонна мұнай өткізіп, оның 80 процентін Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы бергенде, бұл да Ақжан өмірбаянының айтулы бір беті болып қалды. 1984 жылы Бүкілодақтық мұнай министрлігі мен Мұнай және газ өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағы президиумының қаулысымен Ақжан Қадымоваға "Құрметті мұнайшы" атағы берілді. 1986 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. 1988 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Бүкілодақтық Құрмет тақтасына енгізілді. Бұл тізімді одан әрі соза беруге болар еді.. олардың арасындағы ең сүбелілері қатарында бүкілодақтық комсомол съезіне болғанын атай кетуге болар. Осынау сапарлардың (атақ берудің өзі де сапарларға ұласып жатады ғой), ішінде әсіресе есте қалғаны қазақ халқының аяулы ұлы Димаш аға Қонаевпен бірге Компартияның XXVI съезіне қатысуы. Сол күндердің ескерткіші ретінде қатар тұрып түскен суреттері қазір оның үйінің ең қымбатты мүлкі.
Сол бір таусылмайтын ресми сапарлардан, бітпейтін жиналыстардан шыққан соң Ақжан ылғи үйіне, туған-туыстарын, бауырларын, ата-анасын көруге асығатын. Өйткені алған әсерлерін қалтқысыз көңілмен соларға ғана армансыз ақтара алатын, көңіліне келген түрлі жайларды айтып, солармен ғана ой бөлісе алатын. Оның үстіне Ақжан әкесінің отбасындағы баланың үлкені болмаса да, тағдыр оның маңдайына сол әулеттің бүкіл салмағын артып қойғандай. Бас көтерері сол. Онсыз ауылда ешқандай жұмыс тынбайды.
Сол сапарында да ол съезден қайтар жолында ауылына Махамбет ауданының Кете шағыл құмындағы туған үйіне соғып кетуі керек еді. Отбасының кезекті бір шаруасын шаруалауы қажет болатын. Ал партия съезіне қатысып келе жатқандарды астанамыз Алматыда ғана емес, өз облыстарында да күтіп отырған. Съезден кейін кең етек алатын науқандық насихат жұмыстары әсіресе делегаттар оралған соң зор қарқынмен жүре бастайтын. Осыған байланысты серіктерінің мұны жібергілері келмеген, бірақ ол есебін тауып сұранып, сол жолы Кете шағылға кеткен... сол сапары мұның есінде мәңгілікке қалып қойғандай.
Ауылына да барған, шаруасы да тынған. Есінде қалғаны, әкесі мұны кетерінде жанына шақырып алып, арнайы тапсырма берген:
"Ақан, мына кіші ұлды өзіңе тапсырып қояйын деп отырмын. Осыны өзің оқытып, өзің тәрбиелерсің.." — Әке сөзі заң ғой, ал бірақ мынаған түсінбей қалған. Әйтсе де уәдесін бергенімен, үлкен ұлы тұрғанда, Өзенде жүрген бұған інісін неге тапсырды екен деген сұрақтан арыла алмаған. Ол сұрақтың жауабы кейінірек қана мәлім болған: Ақжанның үлкен інісі күтпеген жерден көз жұмған. Әкесінің сол бір "әулиелігіне" әлі күнге дейін қайран қалып отыратыны бар. "Баласының өліп қаларын шынымен-ақ білді ме екен?!" — деген сұрағы әлі жауапсыз. Ал інісі Жанұзақ қана емес, апасының ұл-қыздарының бәрі де Жаңаөзен қаласының құрметті тұрғыны Ақжанның үйінде тұрып оқып, мамандық алып кетіп жатыр. Әкесінің аманаты да ойдағыдай орындалып, ол інісі де осында оқып, білім алып еліне кетті. Қазір аналарын бағып отырған сол ұл.
* * *
... Иә, өмір осылай өтіп жатыр. Одан қатар-құрбылары, кейде тіпті жай таныстарының да: "Сен осы тұрмысқа қашан шығасың?" — деп, сұрап қалатыны бар. Осы сұрақты баяғыда, Ақтауға барып келгендей, жиі қатынап жүрген шағында Мәскеудегі бір таныс әйел де қоя беретін. Сонда бұл қалжыңдап: "Выйду тогда, когда партия оставит меня в покое", — дейтін. Ал кейін партияның көзі жоғалған кезде: "Когда меня партия оставила в покое, было уже поздно", — дейтін болды. Шынымен де, шіркіннің қолына бір түскен соң, одан күдер үзіп кету де қиын еді ғой... Енді ойласа, ғұмырының ең әдемі шақтары партияның "урасы" аясында зымырап өте шығыпты. Рас, ол кездері салтанатсыз да, сәнсіз де дей алмайды. Бірақ жанының терең түкпірінде айтылмай қалған әндей бір әуеннің тұншығып жатқанын да қалай жасыра алар?! Әдемі көздерінің қиығынан кей-кейде бір үзіліп түсетін моншақтар сыры да сонда емес пе екен деп ойлайды кейде. Шүкір етіп үйренген халықпыз ғой, "шүкір" дейді ол да. Апасының балалары мұның баласына айналды. Былтыр ұл үйлендірді, биыл қыз ұзатты. Былтыр шаңырақ көтерген бір отау қазір өзінің жанында. Екі күннің бірінде балаларын алып келіп, осында жүреді. Бала бақтырып қойып, қыдырып кететін кездері де жиі кездеседі. Бұл үйдегі у-шудан кейде апа-жездесі келгенде, солардың өздері мезі болатыны бар. Биыл мұнай техникумына түскен кенжелері Жанарды көргенде: "Бұл мұнайшылардың жаңа ұрпағы ғой", — деп, жаны семіріп, жадырап қалады Ақжан...
Қазір Ақжан Қадымова "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының №2 мұнай газ өндіру басқармасында кадр бөлімінің меңгерушісі. Осы басқарманың бастығы Киікбай Медеуов жуырда оған Өзен мұнайының 35 жылдығына орай өткізілетін салтанатқа қатысатындығын, осы кеннің игерілуіне еңбегі сіңген мұнайшы ретінде бұл мерекенің құрметті қонағы болатынын айтып, биылғы кезекті еңбек демалысына жібермей қалды. Еңбегін ескеріп жатса жаман емес қой, бірақ ол мұндай сәттерде өзі туралы емес, осы ұжымда, осы кен орнында көптен еңбек етіп келе жатқан өзге әріптестері туралы ойлаған. Түгелбай Орынбаев, Шақан Наушабаев, Сәбит Әбенов сынды абзал жандардың еңбегі өзінікінен кем деп есептемейді. Олардың талай рет жұмыс орындарында қона жатуға тура келсе де, ешуақытта жұмыс мүддесіне шек келтірмегендерін де жақсы біледі. Өз замандастарына деген мақтаныш сезімі оның кеудесін кернеген...
2000 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі