Біз үшеуміз — мен, Айкөрген, Жақсылық немесе Сараң сері, Тыраш, Сатк-Окх. Соңғы есімдер лексиканы мәңгі есте қалдыруымыз үшін қойылған синоним аттар, айдар аттар. Үшеуміз де көңілдіміз. Былайша айтқанда, балағымыздан жел үріп, ең етті, бөтелкелі гастрономда алшаң басып жүрсек, ол қалтамыздағы төрт бүктеулі қырық сомның қызуы. Бүгін сәрсенбі, яғни стипендия қолға тиіп, шаруамыз шалқып тұрған күн. Ендеше қолдан келіп, қоныштан басып тұрған бүгінгі кеште бір қызыл құлақты осындағы кассаға тастап кетпеу кешірілмес күнә.
— Жә-ә, қалай, қай жақтан бастасаң... — Бұл Тыраштың сөзі. Қай тұстан қалай түре тиісу керектігін біліп тұрса да, сол сөздердің дәмін алып, тамсана созып, сыбызғылатады дейсің жазған. — Меніңше, анау шеттен, е-е... — Ары қарай жалғастыруға тілі жетпей, иегін көп шөлмекті сөреге қарай итіндіре берді.— Содан кейін қыздар жаққа аяңдасақ, — деп, аяғында сазды баритонмен әндетіп кетті.
Сосын ол сөредегі айнаға қалың қастарын кере қырындап үңіледі де, адамдар қатарын қыдыра қарайды. Іздейтіні — тышқан құлақшын, герон пальто, түбіт бөкебай. Ол үшін адамдардың дені әртүрлі шүберектерді тоқып шығаруымен жөне оны көше-көшеге киіп шығуымен қадірлі. Тырашша алсақ, менің анықтамам Сараң сері емес, қисық табан, қызыл түсті чех бәтеңкесі, ал Сатк-Окх — соңғы сәндегі қоян құлақ жағалы көк костюм.
— Жігіттер, қалтаның кенересін кемітіп алмайық. Колхоздың ақшасын қазірден бастап санап, алақанға салыңдар. — Жылаңқы шыққан өз дауысыма, өзіме, қалған екеуіне, жалпы бүгінгі көңілді күнге — бәр-бәріне риза емеспін. Бір ай бойы үшеуміздің ішімізге күніне үш мәрте ел қондыратын бөлме кассасының тізгіні өз қолыңда тұрса, қара тері шыққан қимас таныс келгенде қарыз алатын бірден-бір көз сен болсаң, кез келгеннің осылайша мақамдары анық. Оның үстіне, ашығын айтсам, отыз күннің жиырма тоғызында абыройымды аспанға атып тұрған кереметтің күші осы кассаның беделі. Ондайда менің сөздігімнен «сөйтейік, бүйтейік» сөздері батыл сызылып, «сөйт, бүйт» деген бұйрық райлар берік орын алады. Бірақ бүгінгі стипендияның Тыраш пен Сатк-Окх алдындағы қадір-беделімнің қазанын біраз ортайтып кеткені арқаға аяздай батады. Қалталарындағы қырық сом ақыл-тақыл таусылғанша мына екеуі менің сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмейді. Тек ай ішіндегі 1:29 күннің баламасы болашаққа деген сенімімді әзірге жоғалта қойған жоқ.
Жақсылық — Сатк-Окх көзінің қарашығы қозғалмастан аяңдай тура ет-май, шұжық бөліміне беттеді. Сөре алдында қоңқақ мұрны салбырап перпендикуляр күйде тұрды, тұрды да, қолын ноль градустың горизонтальға көтеріп, шұжықтың ең қымбатын нұсқады. Сатк-Окх айтса бітті, орындалуы керек. Су жаңа қызыл құлақты жұмарлап кассаға беттедім.
Енді ол салмақпен аяңдап, бөтелкелерге жақындап қалды. Сиқырлы саусақтары әйтеуір коньяктарды көрсетпесе болғаны. Жоқ, кілт бұрылып, бері бет алды. Манағы бетон бетіне шырай жүгіріпті. Қасыма келіп иығымнан қағып қалды да, әдеттегідей тілін шайнап:
— Бағ да, сатушыға қаға!— деді.
Жұмсағанына емес, осындай салтанатты сәтте сөйлей қалғанына таңданған қалпы сөреге қарай жүрдім. Сатк-Окх соңымнан қарап тұр, бас бармағын шошайта; «Міне!» дегендей көтеріп қояды.
Орта бойлы тобылғы торы қыз... Кескінді. Күрең бояу жіпшеленіп бірқалыпты таралған өңі сүйкімді. Ерні алқызыл, етті, шұрайлы.
Ал көзі... Жоқ, қыз емес, келіншек екен. Жанарының қиығындағы кілкіген жарқыл қыпылдап тоқтамайды.
Кезекке тұрдым. Қимылы-қозғалысы күле қараса табаны тайғанақтап тоқтамайтындардан мүлдем басқа — тәкаппар, жай. Сондықтан ба, жөні түзу қыз-келіншекті көрсе көздері май ішкендей жылтырап, тіл безеп қалатын кезектегі пысықай жігіттер қазір жуас, момын, сызылып сыпайы сөйлеседі.
Кірпік көтеріп қарамады да, чекті алды. Орап жатқан қағазы орынсыз сытырлап, қалтыраған қолы еркіне көне қоймады.
Иә, солай.
Мен ана екеуіне осында қалатынымды айттым. Тыраш көп нәрсені түсініп қойған ыңғаймен тістене жымиды. Қос көзі — жалтыраған қос уыс қызғаныш шоғы. Сатк-Окхтың беті бетонға айналған, салқын назары қари қарайды.
Жұмыс аяқталып, сатушылар тарасып жатыр. Мен гастроном қоймасының ауласында арлы-берлі сенделіп жүрмін. Көңіл бөліп кідіре ме, жоқ па? «Балақай, бас бармағың қайсы, көрсетші», — деп күлсе ше? Әне, келе жатыр. Жіті басып, қасымнан өтіп кетті. Соңынан ердім. Кел, кеті айтылмады.
Ай-жұлдыздар көрінбейді. Аспан күңгірт, сызды — қар жаумаса неғылсын. Шамдары жарқырай зуылдап машиналар өтеді. Мен жоқтап тұрған жұлдыздарды әлдекімнің қайратты қолы жұлып-жұлып алып, осылардың маңдайына жапсыра салғандай.
Тамағымды кенедім.
Ол тоқтады.
— Жас жігіт, мотор ұстасайшы.
Аңырған күйі тұрып қалдым.
— Неге таңданасың? Әдетте әйелді таксимен шығарып салады.
Әманда қысқа сөз бұйрық деп ұғылады. Тақамды тарсылдата жүгіріп, такси тоқтаттым. Егер жаңағыдай өктем үнмен: «Неге тұрсың? Жол жағасындағылар қалай да машинаның астына түсуі қажет», — десе ойланбастан қойып кетер ме едім, қайтер едім.
Төрт қабат үйдің тұсынан түсіп қалдық. Терезелер көзін кең ашып, қою түнге самарқау үңіледі. Қыпша бел теректер қабырғаны бойлай түннен түңіліп, қай құпия қызықтырғанын кім білсін, терезеге созылыпты. Үн-түнсіз жоғары көтерілдік.
Пәтердің жиһазы жарқылдақсыз қарапайым екен. Төсектің жоғарғы жағына кірпігін қымсына түсірген бүйрек бет, қиық көз қыздың суреті ілініпті. Көргенін кез келгенге көкімейтін мүләйім кейіп. Қарсы жағында күнге қайқая қанат қаққан қыранның бейнесі.
Таныстыққа арнап тост алдық та, тамаққа үн-түнсіз кірістік. Мүмкін, қонаққа құрмет қағидасын мойындағандықтан ба, әлде бетпе-бет қалған соң әйелдің жасқаншақ күйге түсетін күні төмен көңіліне бағынды ма, әйтеуір серігім манағы батылдығы мен сенімділігінен айрылып қалған тәрізді. Қорғалап тура қарамайды. Ғұрыптағы «алыңыз, тамақ алыңыз» да жиі айтылмады. Әуелі баста қасық, шанышқыларды бірден ғана қойып, оны өзі де көпке дейін аңғармай, ақыры екіншісін әкелді. «Иә... Ылғи да жалғыз тамақтанады». Қимылы епсіз, гүлі бар кішкене тарелканы қолынан түсіріп сындырып алды. Көзін кездестіруге қорқатындай, алып қаша береді.
Содан соң... жатаған столды кеңдеу үйге көшірдік. Ол көйлегін ірі гүлді қызыл халатқа ауыстырып киіп отырды. Жағасының қиығы кеудесін үшкілдей қиып келіп, арғы құпиясын ақтаруға қымсынған ба, жетпей тоқтапты. Саусақтары сыңсыған темірге толы емес, неке жүзігі де жоқ, таза.
Магнитофоннан Матье ән қанатын талдырмай қалықтатады. Қонақ үйге кірген бетте ол қаз мойын шырағданды жаққан. Биге шақырдым.
— Неке жүзігің қайда? — Ыңғайсыз болса да әдейі сұрадым. Қонақжайлығына риза бола тұрып, риза емеспін. Әлдеқандай түрт-түрт сайтан көңілде алай-дүлей дауыл орнатып, ойнақ салады.
— Күйеуім қайтыс болған.
Біз көп биледік. Қабырғаға ілінген мыс бетті қыздың жалпаң жүзі жайлап айналады. Қыран табанды түрде бізге қарамауға тырысады. Бар аңсары күн түс.
Оның пейілді белін қапсыра қысып, бауырыма тарттым. Алақаныма дөңгелек түймелер табы батады. Кенезем кеуіп, қолдарым қалтырайды. Не, кім туралы болсын, бірдеңені айту керек.
— Мана байқамаппын, пәтерің нешінші қабатта? — Даусымның жалған, сенімсіз шыққанына ызалымын.
— Оның не керегі бар? Сол нешінші қабаттағы пәтерге баяғыда кіргенімізді ұмытпа. — Күлді. Үні тығыз, сенімді.
Сенімді сенімсізді жеңді...
...Бас жақтағы жылу батареясынан сырылдап аққан су сылдыры естіледі. Жарықтары қарсы қабырғада бір-бір таң атырып, терезе алдынан машиналар етіп жатыр. Екеуміз де ояумыз. Саусақтары шашымды сұраусыз тарақтайды.
— Сым секілді қатты ғой.
Шықылықтай күліп, ауырта тартты. Тойғаннан яки тоңғаннан болсын, әйтеуір зорлықпен шыққан шалық күлкі. Манағы маздаған алтын көмбе — ықылас менде жоқ.
Шалқамнан аударылып түстім. Батарея кеудесі кеткен адам құсап сырылдап маза бермеді-ау. Шо-лп, шо-лп... Ac үйдегі кран ба? Стол үстіндегі босаған бөтелке мұздан жасалғандай суың әсер береді. Бүйіріне көк аяз сәуле ұзынынан-ұзақ сыналанып тұрып қапты.
Ол арқамнан құшақтады. Омырау ұшы жауырынымды қыздыра қытықтайды.
— Ренжідің бе? Неге? Әлде қызғанасың ба? Айтшы, бірдеңе деші. Мен басқаның өзімді біреуден қызғанғанын ұнатамын. — Иығымнан жұлқып-жұлқып жіберді. Тырнағы батып кетті. Түсініп көр енді.
Себебі жоқ, қуаныш та қорқынышты...
— Не болды саған? Оның не? — Бетін баса жылап жіберді. Топшылары шошаңдап, дыбыссыз булығады. Жасы жылдым, жылпостар сорасын ағызса ешкімнің де бүйрегі бұрмайды. «Қайта дәл осылай болуға тиіске» шешеді. Керісінше діні беріктердің көз жасы әрқашан да ащы. Дегенмен оның дәл сондай ащы дәлелі болатынын кез келген біле бере ме екен? Жан жүйем босап, езіліп кетті.
— Қойсайшы. Үп-үлкен болып жас балаша жылағаның не? Ертең ана қабырғадағы дос қызың осы қылығың үшін ұялтпай ма? Жә, жә...
Сөздерімнің тұзы тым жеңіл, дәрменсіз шығып жатқанын білсем де, аузыма түскенін талғамай, талдамай былдырлаймын.
Жүрексіз сырғып, тақалып жатты.
— Сен кешір, мен әншейін... — Қысыла күлді.
Жаздың дүбірлеткен нөсер жаңбыры болады. Аспанда сызды бұлттар бір-бірін жанши жылжып, әрі-беріден кейін төпеп төгіп береді-ай дейсің. Бұрқ-сарқ, шәлкем-шалыс өмірі балалықтың жалт етпе тағдырындай ұзаққа созылмайды, тез ашылып сала береді. Әуе пысың келіншек сүрткен әйнек секілді күнәсіз сәби жымиыспен ұяла мөлдірейді. Жер шіркін көз тартарын жуып, жайып салған. Буы бұрқырап, аяқ-қолын жинай алмастан талмаусырап жатады. Жасылы жасыл, қызылы қызыл кемпірқосақ көпір боп ауаға асылып қалыпты. Иә, табиғаттың қойнын ашып, қабағын жазар ебіл-дебіл осы шағы керемет-ақ. Адамдар да соның бар мінезін бойына шақтап, мың-миллионға тарата кішірейтіп қайталамақшы. Менің де сондай халді бастан кешіріп жатқан жәйім бар. Тыныс кең, бой болса ауыр жүктен айрылғандай жеп-жеңіл. Ол ашық, айқын жұмсақ дауыспен ұзақ-ұзақ сөйлейді де менің тыңдап жатқан, жатпағанымды тексергісі келгендей оқыс тына қалып, тағы созып кетеді.
... Күйеуімен жараса алмапты. Қайсысының кінәсі екенін айыра алмастан тарасты. Бұл дүниеде жоқ деді де қойды. Өзі туысқаннан тұттай-тын. Балалар үйінде өсті. Арман шындықтан ылғи да әсем. Иық тіресер, қолтық айқастырар сүйікті жанды кино, кітаптың жағымды кейіпкерлерінен іздейтін. Сөйтіп жүргенде ол кездесті. Гитара тартады, ән айтады, ақ жарқын, көңілді, сыйлайды, құрметтейді. Мәдениет сарайында ортан қолдай әнші. Сол болар деп түйді. Бидайының арпа екенін кейін сезді. Оған салса бүкіл өмірді сахна, адам атаулыны әнші деп түсінетін жан екен. Күнде қаптаған дос-жаран, таусылмас отырыс. Қойсайшы десе ойланбастан «қойдымын» айтады. Ертеңінде әлаулайым бітсе әриайдайым бардың кері. Тағы ұрыс-керіс, «кешір, соңғы рет». Қайырымды, мейірімді-ақ. Сорлылығы сол, қайырымдылығын кімге және қалай жасауды білмейтін. Қоймасаң кетемін дегенін құлағына қыстырмады да. Уәдешіл адам басқаның сөзін де өз уәдесіне балап қабылдайды екен. Ақыры «соңғы рет кешірдімнің» жалғыздығына мұның оны сендіруіне тура келді.
Сонымен жылдар өтті. Бұл жалғыз, оған қоса желкесі жастың сипаса қара қанаттарын жайып кеп құшақтай алатын арсыз түн жалғыз.
Жұбанышы жұмыс. Алдынан күніне мың сан адам өтеді. Бұл олар үшін қант, ет, май өлшейтін сатушы ғана. Мүмкін кейіпсіз келіншектілер әйелінің сұрықсыздығы туралы және бір ойлап қоюы. Жұрт өзіне сатушы деген көзқарастан танбағаннан кейін ол да жігіт, еркек қатарына тек сатып алушылар деп қарайтын болды. Көшеде қарсы кездескендерінің маңдайына бұл май, шай, анау қант сатып алушы деп жазулы тұратындай көрінетін Анда-санда шет пұшпақтап сөзге тартқандары да бар. Бірақ... әлденені құпиялап, май ішкендей жұмылып сығырайған көз, қаз-қатар өткір тістерін көрсете керілген езу... Бір данасын жазу машинкасына салып жіберіп көбейтіп қойған секілді. Әбден тойдырған соң сақал-мұрттының кез келгенінен суы көп қалжың иесін танитынды шығарды. Егер ерін бауырына алып туламаса құдай біледі, кез келгеніне: «Ей, қалжың, хал қалайға?» басып амандасар еді...
Ол сөзін үзіп, бетімді іргеге қарай бұрды. Тұрып шығып кетті.
Қайта кірді. Аударылып түсіп едім, столдың артына дереу тізерлеп отыра қалды.
— Қарауға болмайды.
— Айтшы, мені неге...
— Айтайын. Сен ондай қалжыңдар айтқан жоқсың.
Үнсіз жатырмыз. Көшеде жүріс-тұрыс басылып, қала тыныштыққа тыңқия тойып ап қалғып жатыр. «Қош-сау болыңыздар...» Диктордың даусы бөлмені басына көтере даңғырлайды.
Ол бүйірімнен түртіп қалды.
— Менің кімнің не ойлайтынын білетін қасиетім бар.
Сенбей бетіне қарадым. Бетіндегі жымиыс ізін қара көлеңке жасыра алмапты.
— Сен үйге ертіп әкелгеніме бола менің жаңағы сөздеріме сенбей жатырсың.
Сасқанымнан:
— Қайта сенен мен қалмадым ғой, — деппін.
— Дұрыс, өз ойыңа кері айттың. Басқа біреу ойлап тұрған дүниемнің тап төбесінен түскен кезде өз ойыма мүлде қарама-қарсы сөзді мен де айта саламын. — Дауысыңда білгіштігіне әбден мәз баланың мақтаншақтығына ұқсас ризалық бар.
— Әйтсе сенбеуімнің себебін неге сұрамайсың? Сұрасайшы.
— Ештеңе айтпа. Мұндайда үндемеген жақсы. — Еңкейіп ерінімнен еппен сүйді. — Мұрның неге қоңқақ? Қыздар жетелеп-жетелеп, үлкейтіп тастаған ғой...
Білегінен ұстадым.
— Қойсаңшы.— Көзі кең ашылды да, кірпіктері қалтырап, сөне берді. Ерні сәл түріле қайшыласып кетіпті. Мен мұны көрмедім. Ал қараңғылықтың қызықтағаны анық.
...Ол жас балаша аяқтарын ішке ала ұйықтап жатыр. Демалысы жеңіл, бірқалыпты. Алыстан шаршап, шалдығып келіп, бұлаққа бас қойып, соның жағасына жантая кеткен жолаушының қамсыз ұйқысы. Менен тыныштың қашқан, жауырыным жайлы төсекті жатырқайды.
Бәріне кінәлі оның әңгімесі.
Айтпағаны жақсы еді. Жел айдаған қаңбақтай кездесіп қап, қайтадан бет - бетімізге безіп, айрылысып жүре берген болар едік. Енді көп ойдың тісінде тамтығым қалмай жүрегімді жүзге паршалап, көз көгеріп жатқаны мынау. Үйленіп алдық делік. Жақсы, туған-туыстар да қарсы болмас. Ауылдың айтары не? Тойыңда туфлиінің табаны тесілгенше билейді де, былай шыға пыш-пышқа басатындар бар, бар ғой...
Бес жыл оңып әйел алғанша...
Сатушы... Ауылдың үй арасындағы қара қыздарының біріне үйленбеген? Қыз деген аты бар.
Әрине, ит үреді, керуен көшеді. Келер күні естисің. Төзесің де, өзіңді сөгіп аласың. Үшінші күні ше?! Оны сөгетінің сезсіз. Жаңын бет жыртысқаннан алыс сыйласқан жақсы. Өз қолымнан бақытсыз еткенше...
Мысықша басып, сыбдырсыз киініп алдым. Тек сезбесе екен. Оянса осы үйде таңды атыратыным, келерін тағы қарсы алатыным ақиқат.
Өбуге, бетінен сипауға, тым болмаса бір қарауға батылым жетпеді. Бақытты ете алмайтыныңды біле тұрып бақытты етуге тырысу екі есе бақытсыз ету болмақшы. Бұл сөйлемді жазып қалдыра алмадым. Бәрібір оны екеуміздің де мойындамайтынымызды білетінмін.
Қабырғадағы қара қыз қош айтыспақ түгіл, бұрылып қарауды керек деп таппады.
Сусып қиыршық қар жауып тұр. Алғашқы қар... Бірен-саран машиналар дыбыссыз еріп жоғалады. Жел жоқ. Аяз да. Айнала тегіс аппақ.
Әдемілеп тұрып әлдекімді сөктім. Өз даусымнан қорқып кетіп, маңайыма қарадым. Тірі жан жоқ, тым-тырыс.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі