Таңат жұмысқа жарты сағат жай келді. Бөлім бастығы жоқ екен. Бірақ алдындағы қағаздары қорс-қопа - дәлізге шығып кетіпті. Бұған да шүкір деді. Кешіккені үшін сөз естіп қалатын еді. Таңат көбінесе сөзден емес, бөлім бастығының алайып қараған көзінен қорқатын. Әзірге әнеугүні алғаш рет алайды. Енді алайған көзге қатты сөз қосылса, жағдайы мүшкіл. Столға апыл-құпыл жайғасып, алқынын да баспастан, суырмаларды асығыс ашып, қағаздарын шығара бастап еді, секретарь қыз кіріп келді: «Еділ Бүкірбайыч, е-е... кім еді, анау жаңа қызметкерді, ә, ие, сізді шақырып жатыр...» Қыздың жүріс-тұрысынан, жүзінен ештеңені оқи алмады. Белгісіздік жанын жегідей жеді. «Жарты сағат кешіккенімді бетіме салық етпек пе? Таң атпай қай жетпегір жеткізе қойды екен?» Қарғыбаулы күшік сияқты мазасыз сұрақты соңынан ертіп, үлкен бастыққа беттеді.
Кабинетке кіргесін жүрегі орнына түсті. Директордың жүзі жылы. Орналасуы «Т» әрпіне ұқсас жалпақ столдан бері шықты да, қолын қысып, пейілді амандасты. Жуықта ғана қызметке алынған, ондай беделді алақанды көп ұстап көрмеген жас жігіт едәуір абыржыды. Ол әлі бастықтардың әдет, мінез-құлқын зерттеп үлгермеген еді. Мықты атаулы ұңғыл-шұңғылы картаға түспеген үлкен құрылықтар секілді көрінетін. Жоғары жақтың мақтауы да, даттауы да бұл үшін бірдей - қарадай үркіп, қуыстанып қалады. Жүздеген қызметкерді бір ысқырықпен жүргізіп-тұрғызған кеуделі адамдар тұнып тұрған сыр мен қыр болып елестейтін. Ондай кісілерден. әсіресе алғашқы айларда іргені мейлінше аулақ салған дұрыс.
Орындық шетіне еппен ғана, тізелерін бір-біріне түйістіріп, ерін жымқырып отырды.
— Ал, Тәке, хал нешік? Бастығып жатырсың ба? Коллективке үйлесімін қалай?
Таңат: «Мына сөздің астарында сұмдық кілтипан жатқан жоқ па?»- деп ойланды. Ой кернеуіне шыдай алмай, жұтынып-жұтынып қалды. Қайтарған жауабы да үзік-үзік.
— Жаман емес...- деп барып,- жақсы... Еділ Бүкірбайыч,- деп түзеді.
— Әп, бәсе! Сөзің ұнайды, бала. Кімге қашан болсын халім жақсы де. Өз басым жүрісі ылдым-жылдым, сөзі ширақ, жүзі жарқын азаматтарды хош көремін. Біздің орта Сырға ағып бара жатса да сыр бермейтін тас түйін жігіттерді хан көтереді,- деп, Таңаттың иығынан қағып-қағып қойды.
Директор кеше кешке иісі мен буы бұрқыраған үнді шайына қанып алғасын телевизордың құлағын бұрап еді. Шетел фильмі жүріп жатыр екен. Рақаттана көрген. Фильмде мықты концерннің директоры қызметкерлерін ылғи да жылы жүзбен қарсы алатын. «Есте ұстайтын нәрсе екен»,- деп түйген. Обалы не керек, бұл кісі жаңалық десе түндігі желпілдеп тұратын, көркем әдебиетті, оның ішінде детектив жанрын сүйіп оқитын жан-жақты жан еді.
— Айтпады деме, шағын столыңа мықты болсаң паровозша сүйреп, әлі-ақ біраз жерге апарады. Жұмыстан жан аяма, дөңгелеп келіп қалса, хоккейшідей қағып тастап, голды ұра бер,- деді бастық орнына отырғасын. — Жә, көп сөз - жоқ сөз. Бір мәселенің құлағы қылтиып тұр, бала. Естіген де шығарсың, біздің үстімізден қарайтын мықты қызметкер алдыңгүні жүрек ауруынан қайтыс болды. Сол құрғыр әй-шәйға қарамай баудай түсіріп жатыр ғой. Қай күні шақыру қағазы келіп қалатынын кім білсін. — Жүрегінің тұсын алақанымен басып қойды. — Хош. Бүгін сол кісіні ақ жолына арулап шығарып саламыз. Қысқасы, түске дейін азагүл сатып алып, кеңсеге қалайда жеткізу керек. Қолды-аяқты жас жігітсің, сені лайықтап отырмыз. Бар ісіңді сүрлеп қой да, азагүл қамына тез кіріс. Қажет ақшаны бухгалтериядан жаздырып аларсың. Бұйрық әзір, секретарь қыздың алдында жатыр. Дайындау цехының мекен-тұрағын Ғайни біледі. Сатып алғасын маған тікелей телефон шал. Көлік жібереміз.
— Жарайды.
— Жараса, төрт құбылаң түгел ашық. Қос туфлиіңді қолтығыңа қыс та, алды-артына қарамай зымыра.
Директор Таңатты шынтағынан демей, емен есікке дейін шығарып салды.
* * *
Айналасы ат шаптырым, самаладай жарық цехтың табалдырығын аттаған жігіт жыпылық қақты.
Сан түрлі бояу жанарын жасқады.
Жер үстіндегі барлық түстің түр-түрі көздің жауын алып, жайнап тұр. Иін тірескен жыпыр-жыпыр гүлдердің үнсіз биі... Қабырғаны бойлай тігінен қаз-қатар қойылған азагүлдер... Төбеге керілген сымдарда сан түрлі көбелек гүлдер тізіліп қалған. Азагүл цехы емес, оранжерея бейнебір.
— Кімді іздеп жүрсіз?
Орай да борай сары шашты ақ борық келіншек күлмің-күлмің қағады. Аузын ашып, көзін жұмып тұрып байқамапты, оң жақ босағаның түбінде емен сүйекті ұзын стол жалпағынан жатыр.
— Маған... азагүл керек еді. — Сасып қалып, сәлемдеспеді де.
Келіншек иір-иір самай шашын саусақ ұшымен қайырып, құлағына іліп қойды. Қалың бұйраның арасынан әлдене қызғылт көзін қысып-қысып қалды - асыл тасты сырға екен.
— Айта беріңіз...
— Азагүл... осы жерде дайындала ма?
— Сенбей тұрсыз ба? — Күлім көз келіншек қаламын азагүлдер армиясына қарай сілтеп, кеңінен жайқады. — Өте беріңіз. Әуелі азагүл таңдап алыңыз. Айтпақшы, сәл бөгеліңіз. Міне, қалам, міне, қағаз. Қайтыс болған адамға деген арнауыңызды жазып жіберіңіз. Сіз сайлап, біз квитанция жазып жатқанда, қалыпшылар матаға түсіре берсін.
Сөйтіп, иірген асығы алшы түсіп, көңілі демделді. Таңат жасқаншақтау, үркек жігіт еді. Осының кесірі де молынан тиіп жүр. Өз-өзінен қуыстанып, үрдегейленіп отырған адамға сенім бап ма. лауазымды ағалары себепсізден-себепсіз: «Осы бала қалай өзі?»- деп қарадай секемденіп қалатын. Ең жаманы, бастықтардың алдында дегбірінен айрылып қалады. Жаңа да Еділ Бүкірбайычтың кабинетінде үгітілген шыны үстінде отырғандай қатып-сеніп қақиып бақты. Бастық бір тәуірі, кірпік қаққаныңды аңдитын қазымыр емес, мән бермеді.
Бұған жазықты Таңат емес, жағдай. Ауылда бесіктен белі шықты, шаң-топырақты тобықтан кешіп ер жетті, мектептен кейін өз күшімен оқуға ілігіп, осы қалада институт бітірді, сәті түсіп, қызметке орналасты. Ақырын жүріп, анық басты. Бірақ ол қасиеттің ылғи да діттеген жерге жеткізе бермейтініне қызметке кіріскелі көзі анық жетті. Қаладағы бастық пен бағынышты қызметкердің арасындағы қарым-қатынас ауылдағыдан өзгеше екен. Ауылда көбінесе кабинет-кабинетте қату қабақты, қасаң, салқын сызды ағайлар отыратын. Кейде кіргенінен шыққанша асық болатын. Қалада керісінше. Сыпайы қарсы алады, сыпайы шығарып салады. Бірақ неге екені белгісіз, шаруасы бітпей шығады. Алайда әлгі кісілерге келген жұмысын тындырып бермегені үшін ренжи де алмайды. Өйткені айтқан бұйымтайыңды. орындай алмайтынын сондай бір жылы-жылы сөзбен, жарқын-жарқын қабақпен әдемілеп тұрып түсіндіріп бергенде қалай бас изеп, келісіп отырғанын аңғармай қалады. Тіптен осындай сыпайы, ізгі адамды орынсыз мазалағанына өзі ұялады әлгі жерде. Бұйымтайының бір де бір параграфы орындалмаса да, кабинетке де, оның иесіне де риза болып, көңілің толып шығады.
Ал өзі қатарлы бәзбіреулер олай емес. Олар кірсе болды, ісін бітіріп шығады. Сонан соң өзі мен олардың жүріс-тұрысын салыстырып көріп еді, айырмашылық үлкен болды. Әлгі «бәзбіреулер» кабинет-кабинетке еркелеп кіріп, еркелеп шыға білетін болып шықты. Бастық ағалар жарқын үнмен сәлем беріп, батыл басып кіріп келген, бірді-екілі жанға жайлы тапқыр әзіл арасында шаруаны бітіріп тастап, тайтаңдап шығып жүре беретін қызметкерлерді хош көреді екен. Әзірге Таңат өйтіп еркелей алмай жүр. Ондай жағымды мінез маңдайына жазылмапты. Кабинетке кірсе болды, ұрсысуға келген адамдай қабағынан қар жауып отырып алады. Қара жер хабар бермесін, әкесі жарықтық қатал адам болатын. Еркелік ана сүтімен қанға сіңбегесін қазір керек еді деп қолдан жасай алмайды екесің. Болашағы қалай болады, кім білсін, әзірге хал осы.
Дайындау цехында да бастық бар ғой. Әзірге көріп тұрған бастығы мына сары шашты күлім көз әйел. Жолы болатын жігіттің жеңгесі алдынан шығады дегендей, жайдары келіншек ұнап қалды. Қалың күдігі ауаға үрлеген шылым түтініндей сейіліп сала берді. Көңіл күйі бек көтерілді. Арнауын ақ қағазға жазып берді де, Ширақ басып, ішке өтті.
Бәрі де сүт пісірімде бітті. Гүлдері ірі-ірі, әрі сан түрлі азагүлді таңдап алды. Аяғының ұшынан басқан жігітке саусақтарын сыпылдата ойнақтатып, гүл өріп отырған әйелдердің ең жасы ұртына шұқыршақ жинай жымиып, қарап қойды. Таңат цехтан емен столға оралғанша, қара матаға алтын әріптер де түсіп қалыпты. Ақшасы қолма-қол төленіп, квитанция қалтаға сүңгіді. Ақ борық келіншекке шын көңілден алғыс айтты. Марқайып қалған бастық: «Келіп тұрыңыз!»- деп, ағат сөйлеп қалды. Шаруасын тез бітірген Таңат оны көңіліне дық алған жоқ. Алтын жазулы қара лента бунаған азагүл өрмесін әспеттей көтеріп, ауладан өтіп көшеге шықты.
Көшеде көктем қонақ еді. Аспан алаңында дөңгелек ойнаған шарболат күн мейір-шапараты мен жылуын қала үстіне әлсін-әлі уыстай шашып тұр. Қыс бойы суық сорып, қаңқиып тұрған үйлер бұл күнде аласара түскендей. Өзегіне нәр жүгірген бүрлері еркелеген жас баланың аузындай томпиып-томпиып, бүгін, бүгін болмаса ертең жарыламын дейді. Арлы-берлі ызғып, судай сапырылысқан автомашиналар май айының ашқарақ та беймаза араларына ұқсайды. Қыс бойы кебеже қарын шифоньерлерде сүрленіп жатқан қилы-қилы сәндегі көйлек, жейде, шалбарлар етек-жеңі желбіреп, балақтары шаң сыпырып, көшеге шығып кетіпті. Адамдар да қыстағыдай мойнын ішке тығып алып, тымырайып жүрген жоқ, күлкі, әңгімеге мырза. Бір-бірінің бауырына кіре жаздап, қолтықтасып алғандар да баршылық. Әсіресе қыз-жігіттердің күндегі кәдуілгі жүрістері жүріс болмай қалыпты, бәрі дерлік жуықта ғана нотаға түскен жаңа вальске қосылып билеп бара жатқандай ойнақтап басады.
Таңат ермені цехтың темір шарбағына сүйеп қойды да, алдыңғы күні сатып алған қызыл жолақты көк галстугін босатты. Кабинет-кабинетке кірерде яки беделді жерге телефон соғарда сөйтетін. Жұмыртқаның сарысындай телефон-автоматқа беттеді. Іштей жүз мәрте қайталап, әбден жаттап алған алты қатарлы санды «Алпыс тоғыз... алпыс алты... отыз тоғыз...» деп сыбырлап, телефон сақинасына салды.
— Әлу-у... — Тілін шайнаған секретарь қыз әндетіңкіреп жіберді. Яғни директор жоқ екен. Еділ Бүкірбайыч орнында отырса, Ғайни қысқа, нақты, қасаң үнде тұжырып сөйлейтін.
Жігіт жөткірінді.
— Мен Таңатпын ғой...
— Кім? — Қыз шақ етті. Телефон тұтқасы аяқ астынан тіріліп кетіп, құлағын тістеп алғандай Таңат шалқайыңқырап қалды.
— Таңат... Жоспарлау бөліміндегі жаңа қызметкер...
— А, Таң-ңат... — Қыз қолма-қол өзгеріп, мецо-сопраномен ариялата бастады... — Бұйымтайыңыз не?
— Еділ Бүкірбайыч қайда?
— Треске кеткен. — Әңгіме ресми екенін білгесін Ғайни бірден қатайды. Директор жоқта телефон соққан адамды тікелей өзіне күні түсіп тұрған пендедей көретін. Ондайда өстіп айдынын сыртқа салып, ажары кіріп қалатын.
Таңат бірден жасыды.
— Ә-ә... Көлік керек еді. Азагүлді сатып алдым. Еділ Бүкірбайыч сізге ештеңе демеді ме?
— Деді. «Волга» сағат оннан бері бос емес, директордың астында. Суыт шаруа киіп кетіп, мұрнына су жетпей жүр. Сізге дұғай-дұғай сәлем айтты: «Тиіп тұрған жер, ағылып жатқан трамваймен әкеле берсін. Машина атаулы жерлеу қамында, көлік жібере алмаймыз».
Ар жақтан телефон тұтқасы таудан тас домалағандай салдыр етті, тегі, бар салмағымен тастай салған-ау. Микрофон қысқа-қысқа қиқылдай жөнелді.
Көңіл күйі ойранботқа Таңат кабинадан шыға берді де, күйіп кетіп: «Тһу!»- деді. Де, деме, солқылдаған сұр «Волга» көзден бұл-бұл ұшты. Өрмені жүргіншілерге лықа толы қызыл вагонға қалай теңдеп апарады, соған миы жетпей су болып тұр. Тамыр-таныстары, осы Төңіректе қызмет істейтін төрт-бес жерлесі көріп қалса ше... «Ойбай-ау, әлгі оқу бітіріп, дей қызметтің құлағын ұстаған Таңатымыз салы суға кетіп, көшеде венок тасып жүр», — деген алып қашты өсек-аяң күні ертең-ақ желдей жүйткиді. Жел сөз жыбырлап басып аяңмен ауылға жетеді. Өрмесі өрме емес, қып-қызыл пәле болды. Бұл пәлені кеңсеге жеткізіп беріп құтылмасаң, сайрап жатқан басқа жол жоқ.
Азагүлін көтерген күйі трамвай іздеп, тротуарға түсті. Аялдама әжептәуір алыс. Біреу ту сыртынан «Аһ!» десе лақтырып тастап қаша жөнелердей өрмені өзінен алысырақ ұстап, топ-топ басып келе жатыр.
Қыз бен жігіт қарсы ұшырасты. Аласа бойлы талдырмаш бойжеткен жіті-жіті басқан сидам қараның қолтығына бар салмағымен асылып алған. Күле сөйлесіп, ауыздары жабысып қалған екеу әуелгіде мұны көзге ілген жоқ. Таңат тротуардан ығысып, бір шетке шықты. Бір-бірін сүйреген қыз бен жігіт заулап өте берді. Жолға түсіп алып, жөнеле беріп еді, желкесінен жіңішке үн шықты.
— Сәл аялдаңызшы!
Аялдады. Мойын бұрса, ит етінен әрмен жек көретін біреу асыла кететіндей, бетін ілгері беріп тұра берді. «Бітті!»- деді іштей.
Әйтсе де көз құйрығымен көріп тұр - жүгіре басып жеткен қыз гүлдерді сипап, қауыздарын саусақ ұшымен түртіп, көре бастады.
— Кім ерген мұны? Талғамы тамаша! Әдемі гүлдер!
Аспанға қараған жігіт:
— Жансыз гүлдері - деді осқырынып.
Қыз Таңатқа қадала қарады. Сонсоң азагүлге бұрылды. Өңі сәл өзгерді де, бір қадам кейін шегінді. Ерні-ерніне жұқпай жылдам-жылдам сыбырлады.
— Ғафу етіңіз... — Аз бөгеліп: — Иманды болсын!- деді. Дереу жігітін итермелеп, жолға салды. Сидам қара қоңқ-қоңқ етеді.
— Жерден жеті қоян тапқандай өзің де...
Жігіт тротуар бойын қуалай көз салды. Ойланды. Ағын судай лекіп аққан қарақұрым халық. Қолын бір сілтеді де, азагүлін көтеріп, жолдан шықты, тізілін тұрған қабат-қабат семіз үйлердің ішке қараған ауласына кірді. Ағашы мол, жүріс-тұрысы аз, жықпыл-бытқылы көп аулаларды баса, бой жасырып, трамвай аялдамасына жетіп алмақ. Әуесқой ұсақ балалар қазір бақша, яслилерде, ересектері мектепте, ал әке-шешелері жұмыста. Азагүлді де, Таңатты да жан адам көрмейді. Көрсе, көктемнің жұпар ауасы мен жылы шуағын іздеп, есік алдына шығып қалған кемпір-кешек, шал-шауқан көрер. Онда да көз болаты жетсе көреді.
Жапырағы тебіндеп қалған ағаштардың көлеңкесін, абажадай темір гараждарды ықтап, бүкеңдеп жортқан мұны, расында да, ешкім байқаған жоқ. Көше қиылыстары ғана қинады. Көп ұзамай оның да ебін тапты. Үй-үйдің бұрышынан сығалап тұрады да, жүргінші мен машина қарасы сейіле берген сәтте азагүлін көтере лыпылдап, аяғы-аяғына тимей көшені кесіп өте шығады. Еш кідірместен келесі үйдің ауласына қойып кетеді.
Екі көшені аман-есен артқа салды.
Қырсық шіркін көп күттірмеді, үш қабатты үйдің ауласына алқам-салқам кіре бергенде аяқтан қақты. Бергі подъездің шығар аузында екі әйел әңгіменің тай қазанын қайнатып отыр. Қалт тоқтады. Алға тарта берсе, екеуі алпамсадай азаматты көрмей қоймайды. Шегінер жерін көше қиып түсіп жатыр. Екіұдай.
Бір жақсысы, екі келіншек әңгіме қызығымен мәре-сәре. Әсіресе қоян көз, бөтеге бұғақты келіншектің екпіні ересен. Қабағын қайшылаңқырап отырған жүдеу жүзді әйелдің тізесіне алақанын майыстыра салып көтеріп, салып көтеріп, сөзді боратып отыр. Оқта-текте кілт еңкейіп: «Тыңдап отыр ма, әлде қалғып кетті ме?»- дегендей көзін төңкеріп, келіншектің бетіне астыдан бір шекелей қарайды.
— Бетім-ай! Естімеген елде көп. Жер ортасына келгенде сотқа арыз беріп, айрылысамыз депті. Қойны құр жатпаса ұпайы түгел еркек шіркінді қойшы, анау Қалияны не түлен түртті? Ондай көкбеттік өңіміз түгіл түсімізге кірмейді. Бұл заманның қатындары қағынған-ей! «Маған десең Тескентау өтіп кет, кассідегі ақша мен пәтеріңді жиһазыңа қосып таста да жүре бер, алдыңнан жарылқасын!»- деп, екі қолын суға малып отырмай ма.
Бөтеге бұғақты әйелді құлықсыз тыңдаған келіншек өрмесі бір жақта, өзі айдалада, суретке түсердей состиып тұрған жігітке самарқау қарап отыра берді. Бірақ кез де айырмады. Жігіттен қара тер шықты. Үнсіз көзқарас, оның ішінде жүдеу әйелдің тілсіз қадалып қарауы осыншалық алмастай өткір болады деп ойламап еді.
Өсек болса өрттей қаулап, өршіп бара жатыр...
— Екеуін қойшы, жер ортасына келгенде кімді махаббат қыстап бара жатыр дейсің, көген көз үш баланың көз жасы мен обалы қайда, соны неге ойламайды?
— Бұйымтайыңыз не?
Жүдеу келіншек тым шаршап сөйледі.
Жігіт қонымды жауап іздеп, шекесін қасып тұрғанда, бетеге бұғақты әйел де жалт бұрылды. Жалт бұрылғаны құрысын, үкі көзі бақырайып, аузын ашып, әншейін фотосурет болып қатты да қалды. Әйткенмен онысы қас қағымдық екен, есін дем арасында жинады. Сөзге қалай шебер болса, қимылға да сондай әбжіл ме, атып түрегелді. Таңат:
— Сый-сияпатты адам қайтыс болып... Сатып алып едім... Көлік жібере алмай... сосын үй-үйді тасалап.., Кешіріңіздер,- деп, балдыр-батпақтап, алай бір, былай бір кете бастады.
Көтеріліп алған бөтеге бұтақ құлақ аспады. Таңатқа бір, азагүлге екі шаншыла қарады да:
— Бетім-ай! Заман тыныш, ел іргесі аманда төбеден жай түсірді ғой мына бала. Өлік арқалағандай тал түсте азагүл сүйрегені несі? Бетінен қаны тамған жап-жас жігіт сөйте ме екен?- деп, түйдектетіп-түйдектетіп тастады. Жүдеу келіншектің білегінен шап беріп, тартынғанына қарамай тағалы атша тасыр-тұсыр тарта жөнелді. Сөйлеп барады. — Қой, құрысын, жоғалтайық көзді. Бала-шағадан аулақ!
Темірдей жетектен шыға алмаған келіншек подъезге кіре беріп, мойнын бері бұрды да:
— Одан да такси ұстамайсыз ба?- деп үлгерді.
— Иә десей, жас басыңнан. Тиын-сиынның бетіне қарап, жаман үйренбе! — Қоян көз келіншек подъезден басын қылт етіп шығарды да, қайта тартып алды.
Жөн сөз...
Жігіт азагүлді үйдің қабырғасына сүйеді де, жүгіріп көшеге шықты.
Жол жағасынан такси тосты. Бір ой бір ойға итаршы. «Манадан ит әуреге түскенше, неге сүйтпегенмін? Шоқ, шоқ, бәлем, өзіне де сол керек!»- деп кіжінді. Цехтан шыға салысымен такси ұстаса, құда да, құдағи да тыныш еді. Әйтпесе телефон-автомат бұрап, шақыра салса нетеді? Қинағанда қалтасын қағар. Қалта жағын ойлағанда барып, мән-жайға түсінді. Ақша жоқ емес, бар-тын. Әмиян түбін бақандай он сом тесіп жатқан. Сөйткенмен бүгінгі қызметкер Таңат күні кеше ең алдымен екі аяғына, одан қалса билеті үш, бес тиын тұратын трамвай, троллейбус, автобусқа сенген жалаң аяқ, жалғыз жейде студент еді. Басқа тартсаң аяғың, аяққа тартсаң басың шығып жататын аз стипендия, айына, жылына ауылдан зарықтырып бір келетін азын-аулақ тиын-тебен әуелі аузына, ауыздан асса киім-кешекке, қағаз-кітап, қарындашқа тақыл-тұқыл жететін. Ондай тар қолтық, қысқа қарым кезде такси қайда, Таңат қайда. Бармақ бүгіп, саусақ санап байқаса, оқу қуған төрт жылда бес-алты рет такси ұстапты. Онда да кеш аяқталған той-домалақтан шыққан қыздарды ұялғаннан жатақханаларына жеткізіп салыпты. Ауру қалса да әдет қалмайды. Қанға сіңген жоқ-жітіктік бұл жолы да қалтасына қол сұқтырмапты.
Аппақ азу тістерін ақситқан сүлік қара «Волганың» дөңгелегінің астына түсе жаздап, қол көтерді. Қону үшін үздіксіз төмендеген лайнердегілердің құлағына бір қалыпты ұзақ уіл келетін. Алыстан негр аруындай сылаңдап көрінген қара «Волга» жақындай бере уілдей сорғалап кеп, таң алдына тұра қалды.
Әйнектен ішкі үңілді. Қошқар мұрын, ине салсаң етпейтін күлгін қара бұйра шашы, қабақ, қасы бір түгіл, екі адамға емін-еркін жететін сұсты кісі Таңатқа алая қарады. Ауыз ашқанша болмады, ит терісін басына қаптап, ұрса жөнелді. «Асфальт жиегінен неге шегініп тұрмайсың? Қағып кетіп, арам өліп қалсаң мен жауап беремін... Автобус аялдамасынан алыстау жерде неге қол көтермейсің? Жуық маңда автоинспектор тұрса, қай жерден шығатынымызды білесің бе?»- деген сыпаттағы қатқыл сөздер жаңбырша жауды.
Таңат абдырады.
— Маған айтып тұрсыз ба?- деді кеудесін саусағымен шұқып.
— Аспандағы айға!- деп, онсыз да абыржыған жігітті жер қылған мықтының ақыры бас терісі кеңіді ме, сабасына түсіп, жөніне көшті. — Жеке меншік машинаға жолаушы алуға болмайды,- деп, «Волганың» нарқын көтеріп тастады. — Е-ей, ат пен түйеден жаңа түскен саған сезім обал. Айта бер, қай жерге? Алыс па?
— Үш аялдама...
— Екі сом!- деді қабағын қарс жапқан қас пен шашты құдірет шылым тұтатып.
— Не дейсіз? Ә, иә, бар, бар...
«Волганың» иесі тіс жармады.
— Мен қазір... Жүгім бар еді. Бір минут!
— Үш сом! Жүгір!- деген мықты орындықта жатқан алақандай магнитоланың қызыл түймесін басып қалды. «Мани! Мани!»-лаған дуэт қақсап қоя берді.
Аулаға қарай құстай ұшты. Бара сала азагүлін құшақтай алды. Жылы күнде парафин майы еріп, гүлдердің сыртына жылтырап шыға бастаған екен, пиджагын олай да, былай да сүйкеп, айқыш-ұйқыш ақ жол із қалдырды. Оған күйзелген жоқ. Тек кесір өрмеден тезірек құтылса болғаны. Үй бұрышынан шыққан бетте ентелей басып, күтіп тұрған «Волгаға» қарай жүгірді. Көріп келеді - ашушаң кісі азагүлден көз айырмай отыр. Сонсоң көкшулаң аю терісін төсеп тастаған артқы орындығына бұрылып қарады. Ентігіп келіп, кабина тұтқасына қолын артқан Таңатқа көзінің итімен қарады да, сұқ саусағының ұшын шекесіне тіреп тұрып айналдырып жіберді. — «Ақымақ Таңат: «Оныңыз қалай?»- дегенше әлгі газды басып қалды. Темірден сомдап құйылған қара жайын көше қуалай, жүк салғышы бұлғаңдап кете барды.
Жігіт тұтқаға созған қолын ауаға асқан күйі аңырып қала берді.
Жол ұзармаса қысқармады.
Көшеде көктем қонақ-тын.
Келіп қалған жайдары жаздың жылы демі алпыс екі тамырын иіткен ағаш бүршіктері жас баланың ерніндей томпиып-томпиып тұр.
Арлы-берлі ағылған машина, сансыз адам...
Таңат аула-ауланы қуалап, трамвай аялдамасына салып ұрып келеді. Маңдайы шып-шып тер.
«Енді ешкім кездеспесе екен»,- дейді іштей.
...Аялдамада тірі жан жоқ. Жүріс-тұрысы аз көшелердің қиылысы екен. Азагүлін ағаш діңіне сүйеп қойған жігіт екі иығынан ауыр жүк түскендей жеңіл күрсінді. Көктемнің қанбазар күні жым-жырт шеткі көшені кім шарлап жүрсін. Алты жасар баладан бастап, алпыстағы шалға дейін барын киіп, бақаның асынып, дыр-думан орталықты сағалап кеткен де.
Гәп басқа екен. Көше аңғарына көз жіберсе, ұзын рельстер табанынан тартқан трамвайлардың әлденешеуі қадау-қадау тоқтап тұр. Екінің біреуі - не линияда электр кернеуі жоқ, не көш бастаған трамвайдың аяғына жем түсіп бұзылған. Сүлік қара «Волгадан» көңілі қалған Таңат тұсынан өткен бірен-саран машиналарға қол көтеріп жанықпады. Еңбегі еш болатыны онсыз да белгілі — шылқыған парафинді кім кабинаға алады? Трамвайлар қашанғы қаңтарылып, жіпсіз байланады дейсің, көп ұзамай қозғалып тақалар. Қарап тұрмай, үстіне ағал-жағал жұққан парафин сынықтарын саусақ ұшымен біріндеп шерткілеп түсірді, еңкейіп туфлиінің тарқатылып кеткен бауын байлады, үрпе-түрпе шашын тарады.
Шай қайнатымнан соң жылтыр рельстерге жан бітті, болар-болмас дірілдеп, зыңылдата әндетті; қызыл қоңыздан аумайтын басқы трамвай жөнеп берді. Көп ұзамай рельсті иқыл-шиқыл егеп, бұрылыстан шыға келген кезекті трамвай пыс етіп жел жібере тоқтады. Терезелерден кішкене балалардың бастары ғана көрінеді. Трамвай тоқтап тұрған кезде шаң салонда сарылып отыра-отыра зеріккен ересек жолаушылар мана түсіп-түсіп кетсе керек. Қуанышы қойнына сыймаған жігіт азагүлін ала-мала ішке сып бергенде, дөңгелегін шақұр-шұқыр қайраған темір көлік те дүрк қозғалған.
Қаз балапанындай тізілген кіл көген көз оқушылар бір қатарды түгел алыпты. Кілең төртінші-бесінші кластық үрпек бастар. Көбі ал қызыл гүл ұстаған. Үтіктелген галстуктерінің үшкіл ұштары ашық тұрған терезеден кірген желмен ойнап, бұлаңдап қояды. Біразы еріндерін тәртіппен жымқырып-жымқырып алыпты. Екінші біреулері бас тақасып, сыбырлап сөйлеседі. Алғы орындықтың шетін ала бірқырын отырған ал қызыл галстукті бойжеткен қалың кітапты тізесіне салып қойып, соған шұқшиып қалыпты. Бәрі де, сөз жоқ слетке, не салтанатты жиналысқа жиылып-теріліп бара жатыр.
Таңат мықтап өкінді. Кірмеу керек екен. Құрығанда артқы есіктен кіріп, балалардың көзіне түспей бой тасалағаны жөн болатын. Қызыл танау шапқылаған трамвайға екі аялдама бұйым ба, дем арасында жетіп баратын еді.
Бір ағаттық екінші ағаттыққа ұласты. Ес жиғызбай салонның арт жағына өтіп кетудің орнына бей-берекеті қашып, алдыңғы касса қасында қаздиып тұрды да қалды. Жым болған балалар біреу команда бергендей көзінің сұғын жігітке салды. Трамвайға сағатына жүздеп кіріп, жүздеп шығатын жолаушылар қала баласына таңсық па, оларды магниттей тартқан Таңат емес, азагүл еді. Мұны дер кезінде аңғарған жігіт өрмені жүргізушінің кабинасына сүйеді де, өзі денесімен қалқалаған болды. Екі дүниеде жасырған нәрсеге бала құмар. Оқушылардың көздері шырадай жанды. Бұған апақ-жапақ қарап, бір-бірінің құлағына сыбырлап жатқандар да, саусақ шошайтып, Таңатты нұсқағандар да баршылық. Аялдамада сәл көбеңсіп көтеріліп қалған көңіл күй көрген түстей жоқ болды. Өзін есік қақпай, рұқсатсыз кіріп келген жұт қонақтай көрді.
Содан соң азагүлден қашып, терезеге қарай ығысты да, әйнекке маңдай тіреді, көшеге қарап, мізбақпай тұра берді.
Сол дұрыс болды...
Балалар әуелі қызыл-жасыл өрмені жеңсіктері басылғанша бажайлап қызықтады. Бала деген қармақ, қалтқысындай ауытқымалы емес не, аптықтары тез басылды. Соншама аңсарлары ауғаны жай ғана гүлдер тізбегі екен. Газондардан, жайма базардан күн ара көріп жүрген кәдімгі гүлдер... Әрі-беріден кейін көңіл аударуды да қойды, бір-бірін түрткілеп, өзара сықылықтай бастады.
Бұл дүниені ұмытқан аға пожатый тізесіне жайып қойған қалың кітапқа үңіліп, қыбыр етпестен отыр.
Анда-санда қоңырауын шылдырлатып қойып, зырғып келе жатқан қызыл трамвайға көшенің қос қапталындағы үлкенді-кішілі үйлер ығыса жол беріп, біртін-біртін қалып барады.
«Иә сәт, қолтығыңды жаза түс, қызыл тұлпарым!»- деп, жігіт тұр.
— Мұны азагүл деп атайды...
Жерден шыққан, екі құлағы тік шыққан бір білгіш болашақ бүліктің құлағын өстіп қылтитты.
— Оны қайтеді? — Қос тұлымы асқабақтың құлағындай селтиген, кертік танау кішкене қыз бүйірден қосыла кетті.
— Оқы ма?.. Білмеймін... — Әлгіндегі білгіш жеткіншек.
Таңат терлеп қоя берді. Сыңайы «Кім? Не?» деген оңай сұрақтарға шемішкеше шағып жауап беретін, ал мәселе сәл тереңдесе, бұлт етіп, күл болмасаң бұл бол деп, жөніне қайқайып кете баратын пысықай бала.
— Мен білемін...- деді тұлымды қыз бала. Мына бүлдіршін жаңағы пысықайды жолда қалдыратын қу екен. Жаңа: «Оны қайтеді?»- деген сұрақты ортаға әдейі от қып тастапты. Балалар азагүлге қайта қадалды. Сосын: «Білсең бәлсінбей айта қойшы»- дегендей, көздері жаутаңдап, тұлымды қыздың аузына қарады. Кішкентай қызға керегі де сол еді.
Қалың кітапты көзімен сипалаған аға вожатый ғана жайбарақат.
Тұлымды қыз бала ернін жалап алды да, әр әрпіне дейін нақпа-нақтап:
— Мен білемін,- деді тағы. Әрі қарай баспады. Домбыраның ішегін одан әрмен шіретіп тарта түспек.
Құнысып алған Таңат бармағымен әйнекті алай бір, бұлай бір сызғылай берді. Басында ой жоқ. Тек самай, шеке тамырлары лып-лып етеді. Оқушыларға қарамайды. Трамвай дүрсілі күшейген. Абырой болғанда, алғашқы аялдамадан ешкім кірген жоқ. Тоқтап қап, сонсоң жаппай қозғалған алдыңғы трамвайлар бәрін сыпырып-сыпырып жинап алып кетсе керек.
Тұлымды қыз демін ішіне жинады, ернін қайтара жалады, сақылдап сөйлей жөнелді.
— Азагүлді өлген адамның моласына...
Сөзін аяқтамады. Үлгертпеді. Желкесін ала отырған қалың ерін қара домалақ бала өксіп-өксіп жылап жіберді. Трамвай ішіне гуіл жүгірді. Кітаптан басын әрең алған вожатый дымға түсінбей аз-кем аңырып отырды, отырды да, ұшып тұрып, қара домалақтың қасына жетіп барды. Сумкасынан орамал суырып, жасын сүртіп, жұбата бастады.
— Қой, жылама! Біреу тиісті ме? Жігіт боп қалған бала жыламас болар. Мына Күлпәштар ертең жылауық деп мазақтаса қайтесің?
Тұлымды қыз: «Дұрыс айтасыз. Мазақтаймын, мазақтаймын!»- дегендей жымың етті.
Бала танауын қос-қостан тартып, өксуін үдете түсті.
— Былтыр... Көкемнің моласына мынадай көп-көп гүлдер қойған... — Шекесімен азагүлді нұсқады. — Мамам жылаған... Мен де...
Аға вожатый басын көтерді, Таңат жаққа бұрылды. Балаға еңкейгенде мұрнының ұшына сырғып кеткен көзілдірігін саусақ ұшымен көтеріп, орнына қойды. Азагүлге бір, оның қасында жүнжіп тұрған Таңатқа шақшиып екі қарады. Пионерлер сапының алдында жиі көрініп, көп жүріп қалған әдетпен дік-дік басып, бері салды.
— Сіз... сіз... — Сөз таппай тығылып, тұтығып қалмасы бар ма. Жерден алып, жерге салайын десе, Таңат бала-шаға емес, өзінен бес-алты жастай үлкендігі бар өңкиген жігіт. Қызыл галстугінің бір ұшын саусағына іліп алып, иығынан әрі асырып тастап еді, содан ғажап күш алды ма, үні темірдей шың-шың етіп, әуелеп кетті. — Кәне, трамвайдан түсіңіз! Бөгелмеңіз! Әйтпесе... – Жөнел деме де не істейтінін өзі де білмей ме, түйіп алған кішкене жұдырығын көтере берді де, қаны бетіне шауып, тұрып қалды.
Есесіне не істеу керектігін жігіт түсінді. Трамвай да екінші аялдамаға гуілдеген күйі сыдыртып келіп қалған екен.
— Жақсы, жақсы... Кешіріңіз... Мен қазір... Кешіріңіздер!
Азагүлді көтере-мөтере екі жаққа сарт-сұрт ашылған есікке беттеді. Тік баспалдақтың төменгі сатысын басып тұрып, жамырай қараған балаларға бұрылды. Жылымшы күлімсіреп, өрмеден бос оң қолын кеудесіне қойып, бас ию ме, сондай бірдеңенің ишарасын жасады. Ешкім жақ ашқан жоқ.
Бір-бірін кимелеп, есікке ұмтыла берген төрт-бес адам азагүл көтеріп, түсіп келе жатқан Таңатты көрді де, аз-кем аңырып тұрып қалды. Сәлден соң жалт бұрылып артқы есікке қарай жөнеді. Бес минуттан соң дөңгелегі рельске бірде тиіп, бірде тимей құлдыраңдап шапқылаған қызыл трамвай кезден таса болды...
Ертесінде сағат тоғыз жарымда бөлім бастығының жасыл телефоны қолды-аяққа тұрмай безілдеп қоя берді. Бастық тұтқаны бейжай алды. Түнде карта ойнап, ұйқысы қанбай қалып еді. Он секунд өтті ме, өтпеді ме, жанағы бейжай қалыпты бетінен апыл-құпыл жуын тастады. Өңі өзгеріп кетіп: «Иә, иә... Сәлеметсіз бе? Ғафу етіңіз... Жақсы... жақсы... Отыр... Құп... Осы қазір...»- деп, лепілдеңкіреп барып, әрең тоқтады. Бір түрлі бет-аузы қисайыңқыраған жыларман жүзбен Таңатқа қарады.
— Саған... — Тұтқаны ұсына берді. Берекесі қашқаны соншалық, тұтқаны жақындап келген Таңаттың қолына емес, қолтығына тықпалай берді. — Кеше мен жоқта не бүлдіріп ең?
«Ойының жаманын қарашы»- деп ойлаған Таңат иығын көтерді. Тұтқаны құлағына тосты.
Директордың қоңыр даусы... Амандық-саулық сұраған соң:
— Қалқам, қолың бос болса, маған кіре қойшы...- деді. Үні жылы, жайма-шуақ.
Жолшыбай Таңатты кешегі сұрақ тағы мазалады. «Таң атпай шақырғаны несі?» Үлкен бастық әдетте қажет қызметкеріне секретарь қызды жұмсайтын. Бұл жолы дәстүр бұзылды. Директор қай бір қызметкерінің шаңын қағып-сілкер алдында өстіп жоқ жерден сыпайы бола қалады деген лақапты да естіген. Қалай, неге жоритынын білмей әңкі-тәңкі. Кабинет есігін аша беріп: «Азагүлін кеше уақытында жеткізіп бермей пе ем. Не де болса ақырын күтейін!»- деген шешімге тоқырады.
Директор орнынан тұрды. Қолын қысты. Алақанын екі-үш секунд уысынан шығармай, тұрыңқырап қалды. Жалпақ та мықты тарына тік қойылған жөпшеңкілеу столды жағалаған орындықтардың ең төргісіне қолтықтап әкелгендей ғып, өсиеттеп отырғызды. Төргі орындыққа, әдетте, орынбасары, былайғы уақытта келімді-кетушілердің өзім дегендері құйрық басатын. Көңілсіз, нәумез отырған жігітке барлай қарап алды да:
— Ұйқың қанып па еді?- деді. Күлімсіреді, — Ой-һой, жастық-ай, таңды таңға ұрған! Екі өкпені қолға алып, зыр жүгіріп жүргенде қай қырқаның астында қалып қойдың екен? — Тонының ішкі бауына санайтын әлдекімді көріп тұрғандай, кабинеттің алыс бұрышына сағынышпен көз салып, телміріңкіреп қалды. Отырды. — Хош... Жә, Таңат, өзің де сезіп, бүйрегің бүлкілдеп отырған шығар, жедел шақырып алғанда кешегі жасаған қолғабысыңа ағалық рақметімді айтайын деп ем. Күйіп тұрған оқыс шаруа киіп кетіп, машина босамады. Жібере алмадық. Қайткенмен азагүлді дер кезінде жеткіздің. Ақ сапарға аттанған адамның алдында ұятқа қалмадық. Лайықты қош-қошын айттық. Атпал азамат еді. Жақсылар қай дүниеге де керек қой. — Аз бөгелді. — Бойын тез жинады. — Жарайсың!
Столға есіктей кеудесін арта салып, жігітке қол созып еді, ала қойған қызметкер болмады. Есепсіз таң қалып, Таңатқа шұқшия қарады. Жас қызметкер болса, аяқ астынан шыныланып кеткен көзін бастықтың ту сыртындағы қабырға-әйнекке туралапты.
Директор ауыр қозғалып, кейін бұрылып еді — әйнек-қабырғаның ар жағында...
...Дөңгелек ойнаған күн әуеде жарқырап тұр.
...Қол саласындай көше-көше бойындағы ағаштар жасыл мұнарға оранған.
...Ағылған адам.
...Сабылған машиналаp.
Қысқасы, қаланың тіршілігі....
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі