Мақта терім майданына Макаренко атындағы мектептің жоғары класс оқушылары жыл сайын қатысатын. Сол бір жылы да толық тәулікке жетеқабыл жол жүріп, Шымкент және Ташкент шаһарларын аралап өтіп, Жетісай қаласына жақындау бір ауылға жетіп жығылдық. Жәрдемшілерге арналған жатақхана ауылдың шетінде екен. Бұрындары бастауыш мектеп пе, кеңсе ме, бірдеңе болған сияқты, кейін келе қоржын-қосқалаң бөлмелер қосылғаны білініп тұрыпты. Жапырақтары жалпақ-жалпақ, жемістері бармақтай-бармақтай жиделер қоршаған осы мекенжайдың алдында алқынған автобустар тізілді. Улап-шулаған оқушылар қапшықтарын арқалап түсіп, Абдыраев ағайдың айтуымен ажырық басқан алаңқайда тәртіпті түрде сап түзеді.
Алыстан келгендеріняе, ұзақ жол жүргендеріне қарамастан көнетоз, көгілдір көліктер қайтадан кері қарай қайта бастады. Оқушы қыздардың көпшілігі пырылдаған «пазиктерге» мұңая қол бұлғап, жанарлары жасаурады. Кәдімгідей-ақ көңілдері босап, көздерін сүртіп тұрғандар да бар. Екі ай уақыт мақта жинау майданында жүрмек — жеп-жеңіл ермек емес. Өткен жылдары пестицид пен гербицид дейтін дәрілердің әсерінен бе, балалық жасап, мөлдірей ағып жататын каналдың улы суынан ішіп қойды ма, жоқ әлде басқа бірдеңелерден бе, әйтеуір, бірнеше қыз бен бірер ұлдарымыздың бүйрек-бауырлары біржолата бүлініп, кеселденіп қайтқан. Қос бүйрегі бірдей іскеннен оңалмаған сегізінші сыныптың (биыл тоғызыншы оқитын еді) бір қызы қыс бойы азап көріп, өткен көктемде аудандық аурухананың қызыл кірпішті, қоңыр түнікелі үйінде қайтыс болған. Сонда да мақта жинау майданынан қалып кетпекке жан баласының батылы бара қоймас. Біздің жақта солайтұғын. «Ақ алтынға» қолғабыстан қашу — баяғыдағы Ұлы Отан соғысынан қашқанмен бірдей.
Соңғы автобустың түтіні сейіле бере Абдыраев ағай сөз бастады. Ол кісі алдымен жапырақтары жалпақ-жалпақ, жемістері бармақтай-бармақтай жиделерге көз тастады. Оқушылардың бәрі түп-түгел солай қараған.
— Мына жиделер неліктен желінбеген? — деді мектеп директорының орынбасары түп-түзу, тәртіпті сапқа сынай сауал тастап. Баданадай-баданадай, қып-қызыл жемістерге өзі де қызығып кеткендей тамсанып қойды-ау сонда. — Кәне, кім айтады?
— Мен айтайыншы, ағай, — деді оныншының көзге көп түсетін, баршаға белгілі бір оқушысы.
— Ал, айта ғой, — деді Абдыраев ағай.
— Жыл сайын осы кезде, күз басында мақтаның жапырағын жою үшін дефолиация жасалады, яғни улы дәрі-дәрмектер ұшақпен себіледі. Ал мына жиделерді мақта дәрілегенге дейін жинап-теріп үлгере алмай қалған. Енді мұны мүлде жеуге болмайды.
— Жарайсың, Дүниемалов! — деді директордың орынбасары жадырай күлімсіреп. — Жолың болғыр, рахмет. Түсіндіңдер ғой, балалар? Бәрің құлақтарыңа құйып алыңдар. Жидені жеуге бол-майды-ы-ы-ы! Қандай жеміс, нендей көкөніс жесек те, таза су тауып, жуып жеуіміз керек. Ал мына жиде деген нәрсені жуа алмайсың ғой, солай емес пе? Жусаң, езіліп, мылжаланып кетеді. Сол себептен мүлде жеуге болмайды. Дүниемалов дұрыс айтады.
Абдыраев ағай бұдан кейін де бірталай уақыт сөз сөйледі. Бүгіннен бастап, мақта терім майданы біткенше әскери тәртіп жағдайында жұмыс істейді екенбіз. Бір-бірімізді, мейлі мұғалім болсын, мейлі оқушы болсын, есімдерімізбен емес, тек фамилияларымызбен атайтын боламыз. «Абдыраев ағай», «Саймасаева апай», т.т. деген секілді. Алғашқы аптада әр оқушы күн сайын кем дегенде елу келі «ақ алтын» жинап тапсыруы тиіс. Норма солай. Осы норманы орындағандар мен асыра орындағандар кешкі сағат сегізде сап түзеп жатақханаға қайта береді де, елу келіге жете алмағандар түнгі сағат онға дейін тереді. Облыс көлемінде ауданаралық және мектепаралық жарыстар жан-жақты өрістетіледі. Макаренко атындағы мектеп жыл сайын аудан бойынша алдыңғы орындардың бірін батыл иемденіп келеді. Ал биыл облыс озаттарының қатарына ілігуді міндеттеніп отырыпты. Осындай-осындай мақсаттар мен міндеттерді миымызға сіңіріп болған соң мектеп директорының орынбасары бүйдеді:
— Енді сендер тырп етпестен, біреуің шетке шықпастан күте тұрасыңдар. Діңкелерің құрып бара жатса ажырыққа отыруға рұқсат. Біз бес-он мүйнеттің ішінде кімнің қайда, қалай орналасатынын анықтап, айтамыз.
Алайда Абдыраев ағайдың айтқаны бірден орындала қоймады. Бес-он мүйнеті бірте-бірте ұзарып, бір сағаттан асып, одан да көбірекке созылып бара жатты. Оқушылар ажырық тұтасқан алаңқайға сығандарша шашырай жайғасып, көпшілігі қапшықтарына жамбастады. Алып келген азық-түліктеріне жаудай тиісе бастағандар да жоқ емес.
Бір кезде Абдыраев ағай, Саймасаева апай және жақында ғана жоғары оқу орнын тәмәмдап келген жас мұғалім жігіт үшеуі дәлізден далаға шығып, күбірлесіп тұрып алды. Әлден уақытта үшеуі бірдей қайтадан ішке кіріп кетті. Күн батып, салқындау самал есудің орнына қапырық қамап, маса қаптай жөнелген. Ажырық алаңқайдағы қалың халықтан маза қашып, маса қуып әлекке түсті.
Тағы да біраз күттіріп, үш мұғалім қайта көрінген. Бұл жолы Абдыраев ағайдың ашуланғанын алыстан-ақ анық байқауға болар еді. Үнемі қызарыңқырап жүретін жарты жұдырықтай танауының қаттырақ күреңіткені ымырт алдының өзінде айқын білініп тұрды. Саймасаева апай да, оқушылардың көбісі әлі аты-жөнін толық білмейтін жас мұғалім де әлденеге абыржыңқы секілді.
— Не істейміз енді?! Неғылдейсіңдер маған? — деді Абдыраев ағай айқайлай сөйлеп. — Әй, осындай да жатақхана болады екен-ау?! Мұндай үй-жайды көрсем, көзім шықсын!
— Сексен қызды үлкен залға бірыңғай жатқыза берейік, ұл балалардың бірдеңесі болар, басқа амал жоқ, — деді Саймасаева апай.
— «Бірдеңесі боларыңыз» қалай?! — деп одан бетер дауыс көтерді мектеп директорының орынбасары.
— Солай! — деді Саймасаева апай да үн-әуенін үдетіп, қайтпас-қайсарлығын аңғартып. — Қыздарға жауап беретін — мен!
— Ұл балаларды қайтеміз сонда? Бірінің үстіне бірі жатпаса, сыймайтынын көріп тұрсыз ғой, Саймасаева жолдас?!
— Ойпырмай, мен сізге қазақша түсіндіріп тұрған жоқпын ба? Қыздар қуықтай-қуықтай төрт бөлмеге бәрібір сыймайды. Қайта сәл де болса ұл балалардың жөні келеді.
— Қандай жөні?! Қай жөні? Айтсаңызшы соны анықтап! Сонан кейін бар ғой, Саймасаева ханым, қыздарға мен жауап беремін, ұлдарға сен жауап бересің деген сөз болмайды! Білдіңіз бе? Бұдан былай естімейін мұндайыңызды, білдіңіз бе? Бәріне — бәріміз жауаптымыз. Ал бәріңе мына мен — мына басыммен (ағай басын сәл қисайтып, сұқ саусағымен нұқып-нұқып қойған) жауап беремін. Білдіңіз бе?!
— Білдік, ағай, білдік, — деді Саймасаева апай. — Бәрібір, қыздарға мен көбірек жауаптымын.
Абдыраев ағайдың ашуы амалсыздан басылмаққа қарай бет алды. Ауылымыздағы қиқы-жиқы қатындарға ұқсамайтын, ұзын бойлы, тіпті жұп-жұмыр мойнына дейін тіп-тік, аппақ болып тұратын Саймасаева апайды біресе «жолдас», біресе «ханым» деуінің өзі — мектеп директоры орынбасарының майқана майдандағы жеңілісі. Апайымыз да ағайымыздан әлдеқайда басымырақ түскеніне масаттанып, алайда мастанбай, жиырылыңқы жүйкесінен біраз салмақты былайырақ алып тастады. Жұмсарыңқы күйде жас мұғалімге бұрылып:
— Сіз не айтасыз, жас ұстаз? «Асыл — тастан, ақыл — жастан» деген емес пе? — деп, зейнеткерлікке шыққысы келмей жүрген Абдыраев ағайды және бір «нокдаунға» түсірді. Жас мұғалім жұрт күткендей қызарақтамастан, сасқалақтамастан:
— Бөлмелердің орналасуы шын мәнінде түсініксіздеу жағдаят боп тұрыпты. Қыздарды негізгі залға жатқызып, ұл балдарды қалған бөлмелерге кіргізіп көрелік. Артылғандарына дәліздің бір жағын икемдеуге болар, бәлкім, — деді.
Абдыраев ағай қайтадан қайнады:
— Әй, шырақ! Дәліздің едені бетон боп, бетті шырмап тұрған жоқ па? Былтыр бетон еденге сабан төсеп жатқызамыз деп, бірталай баланың бүйрегін ауыртып, бір қызды өлтіріп тынбадық па? Не деп тұрсың өзің?! — деп өршелене өрепкіп барып басылған.
— Алдымен оқушыларды осы үйге кіргізіп көрелікші, — деді Саймасаева апай.
— Сөйтелікші, ағай, — деді жас мұғалім.
Осы кезде қазан-ошақ, аяқ-табақ, отын-су тиелген тозыңқы тележкасы бар трактор көрінді. Көгілдір «Беларусьқа» тіркелген тележканың үстінде титан-самауыр сорая зораяды. Артынша қызыл «Москвичпен» бөлімше басқарушысы жеткен.
Мақта терім майданына аса алыс ауданнан келіп отырған жәрдемшілерді жайғастырмақ хақында Жетісайдың жанындағы белгілі бөлімшенің басқарушысына һәм бірталай уақыт бас қатыруға тура келді. Сексен қыз, сөйтіп, негізгі, үлкен бөлмеге жататын болды. Саймасаева апай жеңіске жетті. Енді ұл балаларды қалай орналастырмақ керек? Олай да ойласты, былай да бас қатырысты. Болатын емес. Төрт-бес бөлменің ені мен ұзындығы ары да өлшенді, бері де өлшенді. Қадамдап та, құлаштап та өлшенді. Қарыспен де, сүйеммен де өлшенді. Қадамыңыз бен құлашыңызға да, қарысыңыз бен сүйеміңізге де сенімсіздік білдіріліп, әлдеқайдан линейка табылып, алдымен метрлеп, дециметрлеп, сосын сантиметрлеп өлшенді. Метрлеріңіз бен дециметрлеріңізге, тіпті сантиметрлеріңізге де күдік келтіріліп, кеңшар тарапынан көмекшілерге бөлінген төсеніштер төселіп, қиырдан қомшаланып жеткен көрпешелер жайылып, оқушы балалар іс жүзінде қатар-қатар жатқызылды. Шалқалап та, етпеттеп те. Оң жамбастап та, сол жамбастап та. Ақырында қорытындысы шығарылды. Бастарын түйістіріп, иықтарын тиістіріп жатқанның өзінде, бәрібір, оннан астам ұл бала сыймай қалады.
— Санитарлық нормаға сай келмейді, — дейді Саймасаева апай төбесіне тікірейте түйіп алатын шашын сығымдап.
— Сол нормаға қай жағымыз сай кеп жатыр? — дейді бөлімше басқарушысы есінеп қойып. — Баяғыда, бала кезімізде, қайта қара көрпенің астында бес-алтауымыз құшақтасып бірге жата беруші ек. Бауырмал ек.
— Екі баланың арасынан екі елідей саңылау қалдырмасақ, обал шығар, сынық сүйемді былай қойғанда, — дейді Абдыраев ағай ашуланбауға тырысып, алақанын желкесіне, сонсоң жарты жұдырықтай танауына апарып, күрең тарта салуға бейімдеу мұрнын сабырға шақырып.
Қайтпек ләзім? Не істемек керек? Барша жұрттың басы қатқан. Соңғы бөлменің ішін өлшемекке әдейі жатқызылған сегізінші сыныптың оқушылары да әбден шаршаған. Қайта-қайта жатқызып-тұрғызудан мезілене езіліп, қалғып-мүлгуге көшкен. Баяғыда, сүндетке отырғызарда, тап осылай, тізіле, шалқалай жатқызылғандары кейбіреулерінің естеріне түсіп кетіп, күлімсіреген болады.
Ақылдасушылардың амалдары таусылып, төмендегідей тұжырымға тоқталды. Ол былай еді. Сексен қыз жататын үлкен залдың бір шеті оншақты адамды орналастыруға болатындай бостұғын. Сыймаған сабаздар сонда жатқызылады. Әрине, ақылдасушылардың арасында, ойласушылардың ортасында тағы да талас пен тартыс өріс алған. Қыз балалар мен ұл балаларды бірге жатқызуға мұқым-мүлде тыйым салынғаны, мұндай жағдайдың, аталмыш жағдаяттың ешқандай этикаға, педагогика қағидаларына, тәлім-тәрбие талаптарына сәйкес келмейтіні қайта-қайта айтылды. Өкінішке қарай, өзге жол жоқ.
— Түн ортасы ауып барады, күн шығар-шықпаста балалардың бірі қалмай, жүйек-жүйектің басында тұруы керек, — деді бөлімше басқарушысы. — Алғашқы күн болғандықтан, аупарткомның адамдары тексереді ғой. Тездетейік.
— Олай болса, жаз! — деді дәліз ортасында тұрған Абдыраев ағай шаңқ етіп. Кеш әлетінде әскери тәртіп жариялағаны енді есіне түскендей, әбжіл қимыл, әйдік қозғалыс танытып, жаңа келген жас мұғалімге сұқ саусағын шошайтқан. — Жаз деп тұрмын мен саған! Саймасаева ханым, бері жақындаңыз. Ең момын, ең қыз мінезді ұл балалардың тізімін тап осы қазір, табан астында жасаймыз. Он баланың іспіскісін тізіп, қыздар жатқан бөлменің бір шетіне жайғастырамыз!
Обалы нешік, осы мәселенің өзі одан әрі қарай да оңайға түспеген. Ең момын, ең жуас, қыздай сызылыңқы ұл балалардың ұзын саны, қанша санап, саралағанмен сегізден аспаған. Сол мөлшерде табандап тұрып алған. Ақылдасушылар ақырында, сол сегізге тоқтаған шақта шығыс жақ аспан бозара бастаған.
Дәліз бойлай қайтадан сапқа тұрғызылған ер балалардың алдында Абдыраев ағайдың айтқаны, шамамен алғанда, мынадай еді. Жатақхана жаман емес. Бұдан да нашар, едендері түгелдей көгереңдеген цемент, немесе бедірейген бетон боп келетін үй-жайлар маңдайына жазылған мектептер де аз емес. Ал Макаренко атындағы мектептің оқушыларына бөлінген мекенжайдың дәлізінен басқа бөлмелерінің едені түп-түгел тақтай екен. Тұп-тұтас сырланған екен. Жетісайлықтарға жүдә рахмет. Тек бір ғана кілтипан боп тұрыпты. Ұл балалар сыйыңқырамады. Осыған орай, қыздар жатқан негізгі, үлкен залдың бір шетіне сегіз ұл бала орналастырылмақ. Ерекше ескеретін нәрсе сол, қыздар тұратын бөлмеге жату ер балаларға ерен жауапкершілік жүктейді. Темірдей тәртіп, мінәйі мәдениет керек. Биязы болмақ ләзім. Осы жағы ескеріле келе, тәрбиелі, тәртіпті әрі үлгілі, үздік оқушылардан сегіз ұл бала қыздар залына өткізілмек.
Мектеп директорының орынбасары осы мәнзелдес мәнді мәселелерді айтып болып, сегіз оқушының фамилияларын атайтынын, олардың саптан шығып, дәліздің зал жағына тізіліп тұруы тиістігін ескертті.
— Айтуғанов, — деді Абдыраев ағай. Бұл — мына мен. Сегізінші сыныптағы ең жуас, ең биязы балалардың бірі болғандықтан, әрі алфавит бойынша алда тұратындықтан, бірінші шығып, дәліздің сол бұрышында сорайдым сонда.
— Арынбеков, — деді Абдыраев ағай. Сәл бұйралау, жұмсақ қара шашына оқта-текте май жағатындықтан, жылтырап тұратын, ойлы көзін көбінесе бір нүктеден айырмайтын кластасым менің жаныма жақындады.
— Әріпбаев, — деді мектеп директорының орынбасары. Тор көз, қызғылт жейдесінің жағасына сәл ұзындау, ырғай мойнының жартысын жасырғысы келіп, жуастар тізіміне іліккеніне намыстаныңқырай қызарақтаған кластасымыз да бізге қосылды.
— Ботанов, — деді директордың орынбасары. Бұрынырақта басына жара шығып, тері ауруларын емдейтін ауруханада шашын түгел түлетіп түсіріп, қайта өсіргендіктен, бұрынғы бұйра-қалың қоңыр кекілі сұрғылт-сұйқылтымға айналған, бірақ бұлшық еттері бұлт-бұлт ететін епсекті де епті, мектептегі спортшылардың қатарынан саналатын досымыздың бір езуі құлағына, екінші езуі бетінің жарты шамасына жетіп, мәз боп келеді.
— Жабағиев, — деді Абдыраев ағай. Алгебрадан гөрі геометрия мен физиканың шым-шытырық есептеріне жүйріктеу, желкесін қаси беретін Жабағиев аса салмақты, байсалды түрде, ересектерше адымдайды.
— Қойбағаров, — деді Абдыраев ағай. Шибарқыт шалбарының ышқырын шымши ұстап, көпе-көрнеу бір көтеріп қойған Қойбағаровтың қарқыны тым баяутұғын. Мектеп директорының орынбасары шыдамсызданып. — Әй, жуас-жуас дегеніміз — жайбасар бол дегеніміз емес, бүйте берсеңдер, мақтаның нормасын қалай орындайсыңдар сендер? — дегенді қосты.
— Серперов, Тұяқов, — деп екі кластасымызды егізқатар қосақтап айтты ағайымыз. Бұған әскери тәртіпті әжептеуір сақтап, түп-түзу тұрған оқушылар бірдемде босаңсып, ду күлді. Себебі, Тұяқов пен Серперовті балалардың бәрі дерлік: «Тұяқ Серперов» деп бірге айтатын еді.
— Ағай, тоғызыншы мен оныншы кластар неге ескерілмеген? — деді Дүниемалов демократиялық жайлы жағдайды жылдам пайдаланып. Шынында да, момын деген сегіздің бәрі түп-түгел біздің сегізінші сыныптантұғын.
— Дүниемалов! — деді Абдыраев ағай. — Көп сөзді қойып, бағанағы тележкадан түсірілген дүниеге ие бол. Жаныңа өзің қалаған бес баланы ал дағы, титан-самауырға шай қойып, қазан-ошақ орнатуға кірісіндер. Шолпан туар шақ жақын. Басқаларың бір сағат көз шырымын алыңдар. Қалған әңгімені таңертеңгі линейкада жалғастырамыз. Саймасаева ханым, сегіз бала — сізге, қабылдаңыз. Жас мұғалім, сіз өзгелерін мұқият қадағалаңыз.
Сәлден соң сексен қыздың сырлы әлеміне ертегі дүниесіне енгендей, кібіртіктей кіріп кете бардық. Сегізіміз бірдей шет жаққа таман, үлкен залдың ағараңдаған қабырғасына қарай жатпаққа жанталасамыз. Соны байқаған Саймасаева апай сыбырлап, шам жақпай-ақ, айдың сәулесімен, жұлдыздардың жарығымен, алфавит бойынша орналасуды тапсырды.
— Алфавит бойынша болғанда қалай, апай? Қабырғадан бастап па, әлде қыздар жақтан ба? — деп сұрауға мәжбүрлендім мен.
— Қыздар жақтан, — деді қушыкештігі ұстап кететін Ботановымыз Саймасаева апайдың алдын орап.
— Жарайды, Ботановтың айтқанын орындайық, — деп сыбырлады Саймасаева апай. — Ортада жатқандықтан, осы балалардың тәртібіне түгелдей сен жауап бересің. Түсінікті ме, Ботанов мырза?
— Түсінікті болғанда қандай! Сонда жетеуі бірдей маған бағынады ғой? Рахмет, апай, — деп шабыттана түсті денесі шымыр, сөзі мір кластасымыз.
— Осы сен онша жуас емессің-ау! Абайлағын, айналайын, — деп тоқтам салды Саймасаева апайымыз.
Жүрегім бір кітапта жазылғандай-ақ: «түм-түп», «түм-түп», «түм-түп» ете солқыл қағады. Қыздар жағынан орналасуға мәжбүрмін.
Қол созым ғана жерде...
Қыз жатыр.
Кім екенін білмеймін.
Айдың сәулесімен, жұлдыздардың жарығымен сағымға буылған сексен қыздың сиқырлы әлеміне тұтас-түгел көз жібермек тіпті де мүмкін емес. Қол созым жердегі жалғыз қыздың өзіне жөндеп қарай алмай, Арынбековтің иығына тұмсығымды тақап, көзімді жұмдым. Ұйықтап кетіппін. Тәтті бір түстің хикаясы енді-енді бастала бергенде:
— Тұрыңда-а-а-ар! — деген дауыс естілгені. Кешқұрымғы қапырыққа жұртымыздың буынғаны қалай, қырауы қылаулаған таңертеңгіліктің соншама суынғаны қалай?! Деп таңданбасқа лажымыз кем. Дүниемаловтың командасы сақыр-сұқыр қайнатқан титан-самауырдан ыстық су ұрттап, ауылдан әкелген азық-түлігімізді қаужаңдасып бола бере линейкаға тұрыстық. Сексен қыздың бәрі дерлік жұп-жұқа футболка мен шолақтау «трико-шалбар» киіп алыпты. Әдемі емес дей алмайсың. Таңертеңгі қыраулы суыққа тоңып, дір-дір етеді бәрі. Дірілдеулерінің өзі ғажайып. Басқаларды қайдан білейін, өз басым түндегіден бетер ұялып, ұзақ қарай алмаймын-ау. Басымды көтеріп, бір шолып шығамын дағы, көзімді тайғанақтатып тайдырып ала қоямын әйтеуір.
Абдыраев ағай мен мақта өсірушілердің бригадирі Өсімбаев деген кісі саптың алдында сөз сөйледі. Ол кісілер өз сөздерінде Отанымыз үшін аса зор стратегиялық мән-маңызы бар «ақ алтын» жинау науқанының атқарар рөліне тоқталды. Бұл шақта анау Арқада, тың төсінде: «Бірде-бір масақ далада қалмасын!» — деген ұран тасталса, мына Мырзашөл өңірінде: «Бір талшық мақтаны ысырап етпейік!» — деген девиз көтеріліп отырыпты. Мына мен, яғни алфавит бойынша бірінші тұратын Айтуғанов: «Ойпырмай, бүкіл тың өлкесіндегі кең далада қалайынша бірде-бір масақ қалмайды?» — деп, іле-шала: «Әр қадам сайын сан талшық мақта ыбырсып жатқанда, бір талшық мақта қалайынша ысырап болмайды?» — деп қайран қалатынмын сонда. Орындалмас мақсатты, іске ешқашан аспайтын міндетті ұран етіп тастайтынымыз, девиз етіп көтеретініміз қалай?! Деп аңқиятын аузым.
Абдыраев ағай мен Өсімбаев деген кісі «ақ алтын» жинаудың нормасы, әр келіге төленетін еңбекақы және үш мезгіл берілетін ыстық тамақ, апта сайын болатын кино мен монша және т.т. туралы да айтып өтті.
— Мына Мырзашөлдің, жалпы Жетісай төңірегінің суы сіздердің аудандарыңыздың суындай емес, айналайындар, — деді мақта өсірушілердің бригадирі Өсімбаев. — Каналдар мен арықтардың сулары сіздердегідей сылдырап-ақ, мөлдіреп-ақ ағып жатыр. Алайда, айналып қана кетейіндер, алданып қалмаңдар. Біздің арықтарымыз бен каналдарымыздағы су — су емес, у ғой, у. Ано-о-оу, жоғарыдағы қырғыз, тәжік, өзбектен бастап дәріленеді, уланады, ақабаға айналады, айналайындар. Сондықтан мына сорайып тұрған самауыр-титанды көріп тұрсыңдар ма? Көріп тұрсаңдар, осындай-осындай сорайған самауырларды мақталықтың басына да, қырманның қасына да қайнатып қоямыз. Тек қана титандардың құйыл-тегіл шүмегінен қайнаған су ішіңдер, қалған суға жоламаңдар. Жарай ма? Дәрігерлер де келер, ақыл-кеңестерін берер. Оларға дейін мен дағы айта түсейін деп жатырмын, айналайындар.
Өстіп сөйлеген Өсімбаевты біздің мектептің оқушылары шынымен-ақ қатты ұнатып, Айналайын ағай деп атап кеткен.
Күн шығар-шықпаста, кешегі бөлімше басқарушысы айтқандайын, мақталықтың шетінде, қыраулы күздің өтінде, жүйек-жүйектің басында қаз-қатар тізіліп тұрдық.
Сол — сол екен, майдан басталды да кетті. Алғашқы аптада есімізді жия алмадық. Сексен қыз орналасқан әсем әлемді де, қайда жатқанымызды да ұмытқандаймыз. Сүрініп-жығылып жүріп, норманы орындауға жанұшыра жұмыламыз. Түскі тамақты ішер-ішпес тағы да «ақ партықты» асынып алып, «ақ алтын» жинауға кірісеміз. Норманы орындасақ, кешкі сағат сегізде сүйретіліп сапқа қосылып, жатақханаға қарай аяңдаймыз. Титықтап, тамақ ішуге әзер жараймыз. Сексен қыздың шет жағындағы орнымызға құлай кетіп, тұяқ серперге шамамыз келместен, тастай қатамыз. Сұмдықтай көретін сөзіміз — қылқима құлқын сәрідегі: «Тұрың-да-а-а-ар!» — деген айқай.
Екінші аптада есімізді жинай бастадық. Екі-үш рет норманы орындай алмай, бүкіл мектебімізге, қала берді қыздарымызға күлкі болып түнге қалғаннан кейін, ондай кемшілікке жол бермеуге айналдық. Қол-аяғымыздың сырқырап, беліміздің сыздап ауырғаны басыла бастады. Түскі тамақтан соң біраз-біраз тыныстап, демалуға дейін барып қалдық. Ондайда Айналайын ағай — бригадир Өсімбаев еңбек тәрбиесіне байланысты әңгіме шертеді. Үйме-төбе мақтаның бір бүйірінде жантайып жататын Абдыраев ағай, жіңішке арық жағасындағы тұт ағашының түбінде тырнағын бояйтын Саймасаева апай, жергілікті адамдармен тең құқықты таразбан қызметіне тағайындалған жас мұғалім — үшеуі де Өсімбаевтың баяу даусымен шертілетін байсалды баяндарды ұйып тындайды.
— Қауашақтарыңа бірдеңе барды ма? — дейді Өсімбаевтың әңгімесі аяқталғанда Абдыраев ағай.
Бұл — мақта термекке тұрыңдар дегені.
Міне, түскі тамақтан кейінгі бір сағаттық үзілісте Айналайын ағайымыз қозаның қауашағын ақтарып, мақтаның шитін санап отырып, биылғы жаздың назын хикаялауға кірісті.
— Биылғы жазда мақталық түгілім каналдар да құрғап қала жаздады ғой, —дейді Айналайын ағайымыз. — Жоғарғы жақтағылар суды жөндеп жібермей, кеңірдегімізден қысып, алқым түймеден қылғындырып құртты. Бірде қас қылғандай-ақ, қаңсып тұрған күн райы күрт бұзылды. Алғаш ауа бұлыңғырланып, айнала кеңістіктің тынысы тарылды. Артынан аздап жаңбыр жауып, аспан астында алуан ағыстар айқасқанмен, жердің шөлі, бәрібір қанбады. Одан соң жел тұрып, сіркіреген сілімтік тамшы сап басылған. Кенеттен күтпеген жерден, күтпеген жақтан бұршақ дегеніңіз борап кеп берсін-ай. Бұршақ болғанда, кәдуілгі тауықтың кішігірім жұмыртқасына барабар. Талдың бұтағы сынып, тұттың шыбығы майысып жатты. Теректің жапырағы жұлмалана жұлынып төгілді. Тал бұтағы, тұттың шыбығы, теректің жапырағы дейміз-ау, оларда неміз бар, мынау мақталықта, қазір, айналып қана кетейін, сендер теріп жүрген «ақ алтын» алқабында көсек байлап үлгерген қозалардың бұтақтары баудай түсіп қиылды ғой, не керек?! Бүкіл бригадамыздың он үш мүшесі түгелдей ашық далада, аспан астында жүрген еді. Бұршақ төпеп жауса да, кішігірім жүмыртқалар тас-борандай атқыласа дағы, қайран бастарын қос қолдарымен ғана қорғаштап, қимылсыз қатып қалғандай тұра берді, тұра берді, тұра берді. Бұршақ басылған соң бір-біріне бірсін-бірсін жақындай бастаған. Бәрі ойласып алғандай, от басып алғандай, ыршып-ыршып түсіп, бастарын шайқасады. Біресе қиылып түскен көсекті ұстайды, біресе біраз уақыт өтсе де кішірейе қоймаған бұршақты уыстайды. Бұршақ көп пе, қозаның қиылып түскен көсегі көп пе, айыра алмай, ажырата алмастан аласұрады. Бәрі, бригада мүшелері түгелдей маған таянып келді. Таянып келгенімен, тіл қатуға қаймықты. Бәрінің де бастарынан, шаштарынан, беттерінен бұршақтың суы сорғалайды. «Басыңыз қанап қалған ба?» — деді бірі самайымды саусағымен сүртіп. «Өсімбаевтың миы шайқалыпты» деген өсек те шыққан сонда, айналайындар. Сө-ө-ө-өй-тіп өсірген «ақ алтынымыз» ғой бұл, балалар. Бірақ асыра сілтеуден аулақ болғанымыз абзал. Денсаулықтарыңа қараңдар. Абайлаңдар, айналайындар. Қазіргі жас өскін балалардың көбі мақта майданынан ауру тауып жатыр. Абайлаңдаршы, айналайындар...
Айналайын ағай осылай дейтін. Өсімбаевтың өстіп сөйлейтіні Абдыраев ағайдың әскери талабын әжептеуір жұмсартатын. Осындай-осындай әңгімелердің әсерінен шығар, сегізінші сыныптың оқушылары үшін мақта жинаудың нормасы азайтылып, отыз бес келіге дейін кемітілді. Нормасын алдын ала және асыра орындаушылар кешкі сағат сегізде емес, алтыдан аса бере жатақханаға қарай сапқа тұрмай-ақ қайтатынға айналды. Орындамағандар түнгі онға дейін емес, сегізге дейін тырбаңдайтын болған. Бәрібір, алғашқы онкүндіктің қорытындысы бойынша Макаренко атындағы мектеп аудан көлемінде алдыңғы орындардан көрініп, ауыспалы туды жеңіп алды. Ауданымыз да облыс бойынша озаттардың қатарына іліккен. Абдыраев ағай алға қойған мақсат та, міндет те орындалды. Ту алған күні ол кісі удай мас боп жүрді.
Бірде норманы бесін ауа бітірген бір топ қыз тым ертерек қайтқан еді. Олар жатақханаға барып жуынып-шайынып, тып-тыныш тырнақтарын тазалап, рахаттанып отырмақтың орнына Жетісай қаласына қарата беттеген.
Бұл — оқыс оқиғатұғын.
Төрт-бес шақырымдағы шағын шаһарыңыздың өзі — алыстағы ауданнан келген, станса да көрмеген көмекшілер үшін үлкен қала. Оншақты қыз Жетісайдың жатаған үйлері жыпырлаған шеткі көшелеріне кіріп, ары да, бері де жүгірісіп жүріседі.
— Адасқан жоқпыз, ә?! — деседі бәрі жамыраса жымыңдасып. — Қалада жүрсек те адаспадық ә?! Келген жағымыз каналдың арғы беті ғой.
Қыздар қалталарын қағып-сілкіп, тиын-тебендерін жиыстырып, балмұздақ алады, самса алады. Бәрі кереметтей көрінген шаһардың теп-тегіс тротуарымен, арғы шеті мен бергі шеті атшаптырымдай аңғарылған асфальт көшемен және біраз жүріңкіреп, тағы да бір-біріне:
— Адаспадық-ә?! Бұрын білмеген, көз ашып көрмеген қаламызда адасып кетпей, аман-есен жүрміз ә, қыдырып! — деседі жымыңдаса қуанып. — Әне, келген жағымыз, міне — каналымыз.
Балмұздақ жеп келе жатқан Бәтес дейтін, біздің сегізінші сыныпта оқитын қыз кенет шыңғырып жіберіп, жиекжолдың шетіне домалап кұлай кетеді. Жетісай қаласының көшесі бос деуге болатындай екен, үлкен-кішінің бәрі дерлік мақта терім майданында ғой. Біздің қыздар не істерін білмей, бүріскен күйі зар илеп шыңғырып жатқан Бәтеске қарап, бәрі состиып тұрып қалады. Бірте-бірте бір-екеуі Бәтеске қосыла жылап, тоғызыншының қызы ғана айналаға жүгіріп, адам шақырады. Өтіп бара жатқан мәшиненің бірін тоқтатып, әлі де бебеулеп, су терге түскен Бәтесті сүйемелдеп мінгізіп, ауруханаға алып барады. Ауруханаға қалай кіреді, біздің кластасымыз Бәтестің бебеулегені бірден басылады. Әлдебір жерінің сырқырап па, сыздап па ауырғаны сап тиылады. Тексеріп байқайтын тұсқа жеткенше тері де құрғай бастайды. Дәрігер келгенше мектебіміздің оншақты қызы оқыс оқиғаны ойға сала саралап үлгеріп, сау етіп сыртқа қарай қашады.
Адасады-ай алайда!
Жетісай қаласының қай жағынан шығарын білмейді-ау біздің қыздар.
— Адастық-ау, абайламай, — деседі он шақты қыз шүпірлесе тоқтай қалып. — Канал қай жақта еді? Қалаға келіп кірген тұсымыз қай шама еді?!
— Көрмеген қаламызда, білмеген шаһарымызда адаспадық-ә, деп мақтанып масайрап ек, масқара болдық-ау, — деседі қайта-қайта ошарылған он шақты қыз. Тағы да тоғызыншы кластың есті қызы есептеп-есептеп жіберіп, біресе бұлыңғырланып батып бара жатқан күнге, біресе бұлттан бір шығып, бір кіріп тұрған реңсіздеу айға қарап-қарап алады дағы:
— Ауыл ана жақта, канал мына тұста, — деп кесім айтады.
Не керек, нормасын елден ерек орындап, жұрттан бөлек ерте кеткен сол қыздар жаяу-жалпылап жәрдемшілер жатақханасына жеткенше, түн ортасына таянып қалған.
Кешкі линейкадағы түгендеу-түстеу тұсында орындары ойсырап тұрған бір шоғыр қыздың жоқ екенін білгенде, Саймасаева апай шоқ басқандай ыршып түскен. Абдыраев ағай адырайып кеп-кеп қараған. Ішкендері іріңге, жегендері желімге айналған ағайлар мен апайды аяп, әсіресе сексен қыздың шетінде жататын сегізіміз үрегейлене үрпиістік. «Ей, біздің сегізіміз түгелміз бе өзі?» — деп қояды Ботанов мырза тұт ағашының иірқобыз, құж-құж бұтақтарын шынықпақ мақсатта шауып отырған күйі. — Әй, Айтуғанов, жетеуің де бармысыңдар?
— Жетеуіміз де дін аманбыз, желкеміз қиыла қоймас,—дейді менің орныма жауап беруге әуес Жабағиев.
— Тұяқ Серперлер тым-тырыс қой? — дейді Ботанов.
— Тұттың түбінде шахмат ойнап отыр екеуі, — дейді Қойбағаров.
Абдыраев ағай жоғалған қыздарды іздемекті ұйымдастыру үшін бөлімшенің кеңсесіне кетті. Саймасаева апай жетпіс шақты қызды зіркілімен-ақ желкелеп, залға қуып тыққан.
Бүгінгі биге тыйым салып, адыра қалдырған Абдыраев ағайдан хабар жоқ.
Түн ортасына таяп қалған шақта он шақты қызымыз ақырын басып, аяқ дыбыстарын білдірмей ғана бір-бірлеп кіре бастады. Бірақ бәр-бәрі біліп қойған. Әлдебір шуыл ма, гуіл ме, қоржын-қосқалаң бөлмелерді бір аралап барып, біздің залда тұншықты. Саймасаева апай орнынан ұшып түрегеліп, төбесінде үнемі тіп-тік болып шошайып тұрар түюлі шашы біз көргелі бері тұңғыш рет қисайыңқырап:
— Қане, тұрыңдар мында! — деп бұрышты нұсқап бұйырды.
Қисайыңқыраған шашын қайта түзеп, жоқ қыздардың тізімін ішінен оқып, іштей түгендеді. Содан соң:
— Әй, әтеңе нәлеттер! Саусыңдар ма? — деді.
Бір шоғыр қыз үн-түнсіз.
Алыстан байқап отырмын, біздің Бәтестің мандайы тершіп, айдың селдір сәулесімен, жұлдыздардың нұрымен және солғын шамның жарығымен сәл-пәл жылтырайды. Қаракөлеңкелеу тұста тұрғандықтан, қоңырлығы білінбей қарақошқылданып көрінетін қою шашының бір сығымдайы самайына жабысыпты. Шаршаңқы сияқты-ау біздің Бәтесіміз. Көздерінің алды көлеңкеленіп тұрғаны несі екен?!
— Әтеңе нәлетілер! Саусыңдар ма деймін мен сендерге?! — деп долданды Саймасаева апай. Соншалықты сымбатты, сүйкімді, ұзын бойлы, жұп-жұмыр мойнына дейін аппақ, тіп-тік көрінетін апайдың сумаңдаған сұп-суық сөздерді сексен қыз бен сегіз ұлдың көзінше көгереңдеп тұрып соққанына сенбейтіндейсің.
— Саусыңдар ма деймін мен сендерге?! — деп ысылдады Саймасаева апай.
Қайран қыздар сонда «саусыңдар ма?» дегеннің мән-мағынасын мұқым-мүлде түсінбеген сыңайлы. Мұндай-мұндайды тергеу тезіне түскендерден гөрі сот залында отырғандар тезірек пайымдайды ғой. Шоғыр қыз шынында да түсіне қоймапты. Біздің де біразымыз онша ұғыңқырамағанбыз. Біздей милауларға ұғындырған Ботанов болды-ау сонда.
— Төбелес болған жоқ, апай. Саумыз, — деді тоғызыншының қызы. Қалған қыздардың бәрі біздің сегізінші сыныптантұғын. Олар үн қатқан жоқ, бірақ «Саусыңдар ма?» дегенді түп-түгел: «Төбелестен тыспыз, таяқ жеудан аманбыз» деп түсініп тұрыпты.
Саймасаева апай жоғалып табылған қыздардың жер-жебіріне жетіп, жарты сағаттан астам уақыт ұрысқаннан кейін он шақтысын түгелдей картоп тазалау жұмысына жекті.
Абдыраев ағайдың қай кезде оралғанын да, он шақты қыздың қай шамада қайта келіп жатқанын да білмедік біз.
Сол оқиғадан сон, қырсық көбейе бергентін. Екі-үш күн өтер-өтпесте сорайған самауыр-титан құлап кетіп, Дүниемаловтың бір аяғы мен бір қолы күйіп қалды. Жедел жәрдем шақырылып, Жетісайға жөнелтілді. Арада апта аунап түсер-түспесте ымырт қараңғылығын пайдаланған біреулер дүкеннен қайтып келе жатқан Әріпбаев пен Қойбағаровты ондырмай таяқтап кетті.
— Әй, Әріпбаев! Дүкенде нелерің бар? Қойбағаров, қалай ғана қараңғыдан қорықпай шыға қалдың-а далаға? — дейді ғой Абдыраев ағай күйіп-пісіп.
— Ағай, опамай мен сықпамай алғалы барып ек, беті-қолымыз жарылып кетіп, — деп күмілжиді Қойбағаров пен Әріпбаев.
Екеуі де ескілеу тілде сөйлейтіндердің сортынан. Опамай дегендері — ұнамды крем, сықпамай дегендері — ұнамсыздау вазелин. Мектеп директоры орынбасарының тергеуі кезінде Әріпбаевтан опамайдың, Қойбағаровтан сықпамайдың иісі бұрқырап тұрды. Әріпбаевтың көздері көгеріп, қастары жарылған. Койбағаров оң қолын мойнына асып алыпты. Оқушылардың денсаулығын тексеріп тұратын ауыл фельдшеріне сенсек, сол қолы шибарқыт шалбарының ышқырын көтермектен босай бермейтін бұл кластасымыз бір апта бойы мақта теріп жарытпас.
Күндердің күнінде: «Жүйек-жүйекке салатындай тақта (мақта егістігі ғой) қалмады, қайдан терсеңдер де өздерің біліңдер, тек норманы орындау керек» деген нұсқау берілді. Сегіз ұл мен бір Бәтес (кластас қызымыз ғой) Қарақас-Арқас каналынан бөлініп, өзен секілдене бұралып ағатын үлкен арық бойындағы бітік мақтаның ішінде жүрдік. Ботановтың білмейтін бәлесі жоқ, арық бойындағы тақтада қоза биік, қауашақ ірі, «ақ алтын» салмақты болмақ. Айтса, айтқандай-ақ екен, екі сағаттың ішінде ақ «партықтарымыздың» аузы-мұрнынан мақта төгіліп, қарындары қампиып шыға келді. Бұрындары түске дейіннің өзінде толтыра алмай тырбаңдап, таразыға апарарда арқамызға лақтырып тастап, лақша секіріп жүре беретінбіз. Енді ешқайсымыз да көтере алатын емеспіз.
— Бәтестің тергені бәрімізден көп екен, таразыға жеткізуге көмектесуіміз керек,— деді Ботанов. — Мен арқалаймын, ал бір-екі бала қала тұрсын, өз мақтама қайта ораламын, үш-төртеуіміз бірге қайтамыз. Кімдер қалады?
Арынбеков тұңғиықтана түйіліп, ауа райы бұзылуға бет алды. Өзгелеріміз сыр бермедік. Өйткені Бәтесіміздің бір жарым еседей артық мақтасын көтермек түгілім, өзіміздікін жеткізу қиындау боп тұр. Ботановпен тек қана Арынбеков тайталаса алар. Мойындамасқа лажымыз кем.
— Біз де бір кісідей жүк көтереміз, — деді тістенген Арынбеков тұтасқан тұттар мен қарауытқан қараталдарға қарап.
— Қойыңдар, — деді Бәтес сонда сыңғырлап. — Жартысын төгіп тастап, қалғанын әкете берейін. Жарымына жарты сағаттан соң қайтып ораламын. Біреуің ілесіп келерсіңдер, ұрлап кете қоймас.
Сегіз ұл түгел тым-тырыстанып, ойланып қалдық.
— Жарайды, алдымен су ішіп алсақ болар еді, қанымыз кеуіп кетті ғой, — деді Ботанов.
Бәріміздің таңдайларымыз бірден удай ашып, шытынай жарылып, қақ-қақ айырылып жөнелді-ау сонда. Шынымен-ақ бір жұтым су ішпесек, жүре де алмайтын, күле де алмайтын, «ақ партықтарға» толған «ақ алтынды» арқалай да алмайтын сияқтымыз. Тұяқов пен Серперов тіпті тақыр жерге отыра кетті. Қойбағаров пен Жабағиев былтырғыдан қалып қойған бір шекім қозапаяға жантайды.
— Суды қайдан табасың қазір? — деді Әріпбаевтың үні әрең шығып, ұзын кеңірдегі шодырайып.
— Е, міне, жанымызда мөлдіреп арық ағып жатқан жоқ па? — деді Арынбеков қырсықтығынан арыла алмаған күйі.
— Айналайын ағайдың айтқанын ұмытпайық, ағай-е-ен, — дедім мен. Яғни, Айтуғанов.
— Көрейік те биікке шығып. Ең болмаса, ауыз шайып жан шақыруға болар, — деді Ботанов бітімгершілікке мойын ұсынып.
Бәріміз биіктеу тұсқа көтеріліп, қарасора қаптаған қабақтан сылдыр-сылдыр ағып жатқан арықтың суына сұқтанғанбыз. Мөп-мөлдір, тап-таза.
— Өлсем де ішемін, — деді Жабағиев есепті тез шығаратынындай тақ еткізіп.
— Мен де, — деді Қойбағаров ышқырын бір көтеріп койып, қарауытқан қалың ернін жалап.
— Біз де, — деді Тұяқов пен Серперов.
Мөлдірей ағып жатқан суға қақ-қақ жарылғандай құп-құрғақ таңдаймен, кіреукеленген көзбен құр қарап тұра беру мүмкін емес-ті.
— Битейік, — деді Ботанов бұл ретте де білетіндігін байқатып, көсемдігін көрсетіп. — Бәтестің орамалын су бетіне төсеп сол арқылы сүзіп ішейік. Аздап қана таңдай жібітейік сөйтіп.
Мұңғиықтана тұңғиық тартқан Арынбеков жөткіріне булыққан. Өзгелеріміз Бәтеске бұрылғанбыз. Ботановқа тұтас таңырқап, түгел мойындағанбыз. Арықтың тұнып ағатын, тып-тыныш тұсын тауып алып, Бәтестің орамалы (қызыл ала еді ғой) арқылы су ішкенбіз. Сылқылдатып тұрып. Обалы не керек, Ботанов: «Ал-фавит бойынша бастайық», — деген. Әрине, мен де мәзбін, Арынбеков те аздап қана жұмсарып жібігендей көрінген. Бір қызығы сол, бәріміз ішіп, Бәтесті ұмытыппыз. Ол ең соңында ішкен.
Бірақ бұлжытпай орындалуға тиісті тәртіпті бұзып, ағын судан ішкенімізді ешкімге де айтпадық. Ештеңе ете қоймас, толық тәулікке жетеқабыл жүретіндей жерде қалып қойған ауылымызда ағып жатқан судың бәріне бірдей бас қойып, аузымызды батырып, қылқ-қылқ, сылқ-сылқ сіміре беруші едік қой. Деп ойладық. Бәтестің орамалы барлық зиянды, зардамды нәрселерді жойып жіберген шығар, судың уын өткізбеген болар, бәріміз де ауырған жоқпыз ғой. Дейтінбіз. Ал Бәтестің қалған мақтасына Ботанов пен Арынбеков бірге кеткен. Әрине, орталарында Бәтес. Өзгелеріміз тыпыршып, бір қызарып, бір бозарып, Бәтесімізді қызғанып, түскі тамаққа дейін мақта термей қойғанбыз.
Төртінші әлде бесінші аптаның аяқ жағына таман Ботанов пен Арынбеков Қарақас-Арқас каналының бойындағы ең биік жерде қатты төбелескен. Ешқандай куә жоқ болғандықтан, екеуара жекпе-жекте қайсысының басым түскенін біле алмай, далмыз. Ботановтың бойы мықырлау, бірақ шып-шымыр, шыныққан бала екендігін әңгімеміздің бастапқы бір тұсында тұспалдағанбыз там-тұмдап. Ал Арынбеков мүңғиықтанып, көп уайымдайтын бала бола тұра, мұзшарықтай өткір қырлары көп. Бұлардың екеуі де Бәтеске ғашық еді. Қарақас-Арқас каналының бойындағы жекпе-жектің басты себебі — сол. Бәтеске бәріміз ғашық едік. Біздің кластағы он екі қыздың он бірі бір төбе дағы, Бәтестің бір өзі басқа төбе. Сексен қыз сылаңдаған сондай әлемде бола тұра сегізіміздің көңілімізде де, көкейімізде де, көз алдымызда да өз кластасымыз ғана екен-ау сонда! Айтпақшы, мақтадағы алғашқы түн ше, сексен қыз жатқан залға сегізіміз бірдей, ертегі дүниесіне енгендей кіріп кеп-кеп кеткенімізде ше?! Қол созым ғана жерде жатқан қыз... Өзіміздің Бәтесіміз болып шыққан.
Алфавит бойынша бірінші болмағандарына Ботановтың да, Арынбековтің де іштері күйіп, өртеніп кете жаздаған. Әріпбаев та, Жабағиев те, Қойбағаров та, Серперов пен Тұяқов та Бәтеске ғашық емес еді дей алмаспыз. Алғашқы аптада шаршап-шалдығып, аяқ-қолымыз сыздап, беліміз сырқырап, титықтаудан тас боп қатып ұйықтағанымызды да ескертіп өттік-ау. Бірде Бәтеспен көп билегенімді, сол түні көпке дейін күбірлесіп, күлгенімізді Ботанов пен Арынбеков аңғарып, бәле болған. Бәтестің өзі: «Әңгіме айтсай», — дегенде ғана ғой, әйтпесе қол созым жердің өзінен қарай алмай, қою-қоңыр, ұп-ұзын бұрымдарының ұшын уыста-а-а-п ұйықтағым келетінін ойлағанымның өзіне ұялып, Ботановтарға бұрылып жататынмын.
Ботановтың қызғанышы ешбір негізсіз еселеніп, Саймасаева апайға сыбырлады ма, қайдам. Үшінші аптада сексен қыз бен сегіз ұлдың арасындағы шекара мәселесі қайта қаралып, тіксандық әкеліп қойылды. Тіксандықты тік көтеріп әкеп қойған Ботанов мырзаның тікелей өзітұғын.
Бірте-бірте сексен қыздың шетінде шеп құрып жатқан сегізіміз де баяғы биязылығымыздан арылып, ең жуас, ең момын, қыздай сызылыңқы мінезімізден жаңылып, түні бойы көз ілмейтінге кеттік. Норманы да әзер-әзер орындап, түске әрең-әрең ілініп, бесін ауа Қарақас-Арқас каналының бойындағы қалың қара талдың арасында қорылдап тұрып ұйықтап алатынға айналдық. Аудан бойынша «ақ алтын» жинаудың жоспары түгілі, міндеттемесіне дейін артығымен орындалып, Макаренко атындағы мектеп мерзімінен әлдеқайда ерте қайтады деген қуанышты хабар жеткендіктен, Абдыраев ағай әскери тәртіпті түгел өзгертіп, «тыныш жүрсеңдер боптыға» көшкен. Өзі жиі-жиі ішіп алатынды шығарды. Тек таңертеңгі және кешқұрымғы түгендеу-түстеу ғана бұрынғыша қатаң жүргізіледі.
Сексен қыздың ішіндегі сегіз ұл түні бойы көз ілместен күрсінеміз-ай келіп. Көбінесе бір-бірімізді жақтырмай, өзімізбен-өзіміз өзгеше қиялға беріліп, алабөтен аһылап-үһілейміз. Кейде екеу-екеу, үшеу-үшеу шүйіркелесе шүңкілдесіп, сегізіміздің бірдей бас түйістіре сыбырласатын шақтарымыз да болады. Бірде Ботанов екеуіміз сыбыр-күбірге беріліп, елітіп жатқанбыз.
— Саған бір секрет айтайын ба? — деді Ботанов әдеттегіше бір езуі бір құлағына жетіп, екінші езуі бетінің бел ортасына барыңқырай тоқтам тауып. — Саймасаева апай жұрттың бәрі тегіс ұйқыға кеткенде, тысқа шығып жоғалады. Тұттың түбінде қызыл мәшине күтіп тұрады. Әне, сол-ла-ай.
— Ұятсыз екенсің ғой, ұстазымыз туралы осылай айтқаннан ұялсаң қайтеді?! — деп қапаланып қалғам сонда.
Бір-екі күн өткенде көзді ашып-жұмып, ұйқысыз ғана жатқанда, Ботанов бүйірімнен бір түртті. Шошып оянып, шамданғанымды жасырмадым.
— Мені ұятсыз деген сіз бе едіңіз, Айтуғанов ағай? — деді ол мүләйімси сыбырлап.
—Иә, ы-ым, біз боламыз, ар-ұяты азырақ оқушым, — дедім мен.
— Онда дыбысыңызды шығармай, жылдам киініңіз, ағай, — деді Ботанов. — Тез-тез!
Киінбеске болмас, көнбесіңе қоймас. Ботановтың даусындағы бұла бір сиқыр бұлтартпас.
Сәлден соң екеуіміз секеңдей секіріп, жасырына жүгіріп отырып, сап-салқын күздің жап-жарық түнінде, жиделердің түбінде тұрдық. Ажырықты алаңқайдың арғы жағындағы қызыл мәшине жарығын жақпай, алайда жылжи алмай қиналатындай. Ішінде біздің Саймасаева апай, ал сыртындағы әлдекім айтарлықтай абыржып, сасқалақ қағатын сияқты. Ақыры, ай астында қызарыңқыраған мәшине жылжымай-ақ қойды-ау.
— Қап-ай, а?! — деді еркек қыстыға, кіжіне ызаланыңқырап. Саймасаева апай да сыртқа шығып, ақ жүзін айдан жасырып, біз жаққа қарата бұрылып тұрды.
— Сіз де қайтыңыз, мен де қайтайын, — деді апай.
— Жоқ, неге қайтамыз? Қайтпаймыз! — деді мәшиненің иесі. — Абдыраевты әбден ішкізгем. Дүние-әлем шырт ұйқыда. Екеуіміз ғана ояумыз, екеуіміз ғана...
Қызыл мәшиненің иесі біздің апайымызды құшақтады-ау. Сүйген де секілденді. Көзіміз бұлдырап кетті ме, жанарымыз жасаурап кетті ме, бірдеме боп барады, әйтеуір. Қараптан-қарап отырып, қызғанады екен дә адам. Апайды.
— Таныдыңыз ба, ағай?—деді Ботанов біртүрлі рахат сезімге берілгендей есінеп қойып.
— Кімді? — деппін ғой мен сонда.
— Ай, Айтуғанов ағай-ай?! Айтуғанов ағайым-ай, ағатайым-ай! — деді Ботанов. — Кімді дейді ғой маған барып. Ер-кек-ті!
— Жоқ. Кім ол? — дедім мен.
— Бөлімше басқарушысы емес пе? Шынымен-ақ аңғармай тұрсыз ба, Айтуғанов ағай, жок әлде аңқаусынып аңқиясыз ба?
— Иә-иә, мәшине сол кісінікі. Даусы да...
Құшақтасқан күйі келісті ме, сүйіскен күйінде сыбырласты ма, екеуі топырағын селдір-бозғылт қырау басқан ақтандақ жолмен ауыл бағытына беттеді. Жарықтан жасырынып, қаракөлеңкелеу тұстарды тандап, ұрланып кетіп барады. Үнсіз ғана ұғынысып, біз дағы ілеспекке бекіндік.
Мектептегі үлкен үзілістің шамасындай уақыт өткенде олар «Аралас тауарлар» дүкенінің жанындағы биік-биік жәшіктер жинаулы тұрған тұсқа таяп, тоқтасты. Саймасаева апай тұттың түбінде тұрып қалды да, бөлімше басқарушысы екі кісінің бойындай етіп жиналған жәшіктердің тасасынан көрінбей кетті. Мектебіміздегі кіші үзілістің уақытындай мерзім жылжып-сусып бара жатқан шақта қарны барлау, қараторылау бөлімше басқарушысы тұттың түбіне қайта оралды.
— Қорықпа, — деді біздің апайымыздың қолынан тарта жөнеліп. — Жүдә жақсы жер таптым. Әдейі арнап әзірлегендей екен, айналаны түгелдей жәшікпен қоршап қойған. Ортада таразы бар, тақтай төсек бар. Қатып кеткенін қарашы. Қарауылы өзіміздің адам еді, қайтарып жібердім. Жаным мені-і-ің-ң...
— Бәлесін қарашы! — деді Ботанов қос жұдырығын түйіп, томпақ бетінің тұсына дейін көтере кіжініп. — Бұ бөлімше басқарушысы деген бәлелердің бәрінің де барлық жерде де ауыздарының салуы бар, төсектері салулы тұрады білем ғой, өзі а?!
Бөлімше басқарушысы біздің Саймасаева апайымызды «Жа-ным-жаным!» — деп жетелеген күйі биік-биік жәшіктердің арғы жағына алып кете барды. Ай сәулесі сәл-пәл солғын тартып жұлдыздардың жарығы көмескіленгендей ме, қалай өзі? Деп ойлап едім, Ботанов бүйірімнен бағанағыдан бетер қатты түртті-ау, айқайлап жібере жаздадым.
— Жүр! — деді ол.
— Қайда?
— Жәшіктердің ара-арасынан кино көреміз.
— Жындандың ба, немене?!
— Осылай қала береміз бе енді?
Кенет Ботановтың бүкіл денесі қалшылдап қоя берді. Баяғы жара шығып жазылған басының іші сақырлай қайнайтындай. Қайта шыққан сұйық-селдір, жұқа шашы тікіреюге тырысатындай, бір көтеріліп, бір басылатындай.
Табан астында мен де дірілдеп-қалтырап жөнелдім-ау сонда.
— Қой, қайтайық, — дедім дірілімді баспаққа бар күшімді жұмылдырып.
— Жоқ, қазір барып анау тау-тау жәшіктерді түп-түгел қопарып құлатам!
— Не болады сонда?
— Масқара болады, екеуі таудың астында қалады. — Ботанов әлі де басылар емес. Барам десе, бара салар бәле ғой бұл. Не істемек керек? Қандай амал бар? Ойлан, Айтуғанов! Деп қайраймын өзімді.
— Тау қопарып, жәшік құлатып, дүниені қиратпай-ақ қоялық, — дедім мен Ботановтың өз мәнеріне салуға тырысып. — Бір ашуыңды ағатайыңа бере ғой бұл жолы. Жарай ма?
— Сонда не демекшісіз, Айтуғанов ағай? — деді тістенуінен танбаған ол. — Бәрін көріп, бәрін біліп тұрып, сүмірейгеннен-сүмірейіп, салбырап қайта бермекпіз бе?!
— Жарайды енді, екеуі шығьп қалса, қазіргімізден бетер қиналып қалармыз. Одан да бар ғой, мәшинесіне барып, быт-шыт қылайық. А?!
— О! Оһ! Мынауың мықты екен! Жүр, дабай! — деп көне кетті Ботанов.
Содан жүгіргеннен-жүгіріп отырып, тұт ағашы мен жиделердің, тал мен теректердің қарауытыңқыраған қалқаларын қуалап, жатақхананың жанындағы ажырықты алаңқайдың шетіндегі қызыл мәшинеге жеткенбіз. Біздің ауылда томпайып-томпайып жататын, әр аттаған сайын сүріндіре беретін тас атаулыдан түк жоқ қой, түк те жоқ. Дүниемаловтың дүние-мүлкіне қол сұғуға тура келген. Ботановтың өзі бұтап-кескен тұт кеспелтектер кәдеге асқан. Қызыл мәшиненің быт-шытын шығармасақ та, біраз бүлдіріп, төрт доңғалағын солдырып, болдырып барып ұйқыға кіріскенбіз.
Бір жолы мақталықтан қайтып келе жаттық. Шаршаңқылау едік. Айнала сұрғылттанып, аспан бұлттанып, каналдың бойындағы ирелең жолмен кирелеңдеп көңілсіздеу келеміз. Бет-жүзі түтігіңкіреген Ботанов бірден бұрылып, бүйдеді:
— Ай, Айтуғанов! Алфавит бойынша алдасың. Арынбеков те алда. Оңашада айтып қояйын, бүгін үстеріңнен асып түсіп Бәтеске барамын.
— Қойшы-ей!
— Солай. Барамын деген соң барамын. Арынбековтің бір жақсы жері бар, басы жастыққа тиді, бітті. Өледі де қалады. Ал сен бар ғой, білмеген боп жатасың.
— Барамын дейсің, ә?!
— Иә, барамын Бәтеске!
— Не... неғыласың сонда?
— Неғыласың дегенің нең? Жанында жатып сырласамын. Сөйлесуім керек.
— Өзімен келістің бе?
— Жоқ! Бірден барамын. Не боса о босын, сөйлесу керек.
— Өзің біл, маған бәрібір.
— Сен мені түсінгін, — деді ол сәл басылыңқырап. — Анау Арынбеков жыныма тиіп жүр. Саған да, қалған сумұрындарға да титімдей ренішім жоқ.
— Сонда мен де сумұрын боп шыға келдім бе?
— Жо-о-оқ, сенен басқаларды айтамын. Алфавит бойынша «А»-дан басталғандарда арман жоқ қой, арман жоқ.
— Алғашқы күні алфавитті айтқан — өзің, енді келіп өлердей өкініп тұрған — тағы өзің. Сырлассаң, сырлас. Сөйлессең, сөйлес. Шекарада орын жеткілікті ғой, — дедім мен.
— Айтуғанов ағай — нағыз нарқасқа жігіт тә-ә-ә! — деді ол.
Айтқанынан қайтатын Ботанов па, Арынбеков алаңсыз ұйықтап кеткен шақта, екеуміздей екі «жотадан» асып түсіп, қанша өжет, қаншама батыл болғанымен, менің жанымда біраз уақыт дір-дір қағып жатып, ақырында сексен қыз бен сегіз ұлдың арасындағы шекарадан өтіңкіреп барып тыншыды-ау. Қасақана қыздар жақтан жөтелдер естілді. Оныншының ба, тоғызыншының ба мақташы сұлуларына суық тиіп қалған-ау. Жөтелгенде де жарыса жөтеледі-ай тіпті. Олар басыла бергенде, Жабағиев па, Қойбағаров па, біреуі сандырақтап сөйлей бастады: «Мақтаның ішіне су топырақ салып, салмағын көбейтейік те», — дейді. Жоқ, Жабағиев емес, Қойбағаров екен.
Жүрегімнің дүрсілі күшейді. Жаңа ғана Бәтесімізді қатты қызғанып, бетім дуылдап жатқандай едім, енді Ботанов үшін уайым жей бастағандаймын. Не сөйлер екен, қалай сырласар екен? Бәтесіміз нендей мінез, қандай қылық көрсетпек? Дауыстары естіле ме, естілмей ме?
Әне-әне! Сыбыр да сыбыр, күбір де күбір басталды. Құныға құлақ түрмекке мәжбүрсің, әрине. Алдында, біраз уақытқа дейін сөздері анық жетпеді. Аһ ұра өкініп, бармағымды тістедім. Алғашқы сөздері керек еді дә-ә-ә... Міне-міне, енді-енді естіле бастады. Ботанов батылдана түскен шығар. «Мен сені ұнатамын, Бәтес, — дейді Ботанов сыбырлап. — Айттым ғой, соны жөндеп жеткізейін деп ем. Білдің бе? Біліп қой, мен сені жақсы көремін». «Соны осылай, осында, өстіп жатып айтуың керек пе, немене? Мақталықта жүріп-ақ айтпайсың ба?» — дейді Бәтесіміз де сыбырлай үн қатып. «Талай рет айтпақ болғам, мың мәрте, миллион мәрте ұмтылғам. Батылым жетпеді». «Жарайды, ұйықтайық енді». «Ұйықтай алмаймын мен. Көптен бері көз ілмеймін». «Неге?» «Біліп тұрсың ғой, Бәтес». «Түк те түсінбеймін. Білмеймін». «Білесің, Бәтес. Мен сені жақсы көремін. Басқалардың жақсы көргенін қаламаймын. Біреуінің де саған қадалып қарағанын көтере алмаймын. Білдің бе?» Осы жерде Ботановтың даусы каттырақ шығып кетті. «Ақыры-ы-ын, — деді Бәтес. — Білдім. Түсіндім. Енді ұйықтайық, орныңа барып жата ғой, жарай ма?
Ботановты қайтадан жеккөре бастағандаймын. Бәтесімізге сәл-пәл ашуым келетіндей. Үнінде аздап қана келемеждеу жоқ емес, алайда жібек желдей жап-жайлы, жұп-жұмсақ. Демек Ботанов мырзаға кетәрісі жоқ деп ой түйеміз дә-ә-ә. Деп жының келеді дә-ә-ә.
Екеуінің сөйлесуі ме, сырласуы ма, қайсысы екенін қайдан білейін, әйтеуір күбір-сыбыр одан ары жалғасын тапты. Аз ғана кідірістен соң Ботанов: «Шаш... Шашыңнан бір мәрте ғана иіскейінші», — деді. Тура солай дегенін өз құлағыммен естідім. Үнін әдейі ғана үзіп-үзіп, әдейі ғана дір-дір еткізе ме, қайдам-ау! Бәтес ренжи бастады, онысы даусынан анық білінді. Мен әжептеуір-ақ ризамын. Жарайсың, Бәтес! «Қой енді, қоя ғой! Әйтпесе, ашуланамын», — дейді Бәтесіміз. «Ашуланғанда не істейсің?» — «Айқайлаймын. Масқара боласың.» — «Өзің де масқара боласың ғой онда.» — «Ұятсыз екенсің!»
Біразға дейін үнсіздік орнайды. Сонсоң қайта жалғасады сөйлесу. «Сендікпін деші, Бәтес!» Бәтес түрегеп отырады: «Қой енді». «Бір сүйейінші. Бір-ақ рет!» — дейді Ботанов. «Дәмең күшейіп барады ғой сенің.» — «Сендікпін деші, спакойна жүрейін, сенейін сөзіңе.» — «Айтпаймын да, айта алмаспын да.» — «Өйтпеші, Бәтес! Олай демеші. Жатшы. Жатып әңгімелесе берейікші. Өтінем, жатшы. Отырып сөйлегенімізді біреулер көріп, естіп қойып жүрер. Өтінем».
Бәтес күрсініп, қайтадан жатты. Екеуі де үн-түнсіз. Үзіліс көпке созылды. Бәрібір, ұйқым келер емес. Бәтестің көзі ілініп кеткен болу керек, Ботановтың не істегенін қайдам, қолын созды ма, Бәтесіміздің денесіне денесі тиіп кетті ме, кім білсін-ай, кім білсін, қыздың даусынан селк еттім мен де. Бүкіл зал естіп қойғандай әсер етіп, қайтадан Ботановқа жаным ашып, тың тыңдап едім, түп-түгел ұйқы құшағында сияқты. «Бәтес, — деді Ботанов үздіге үн қатып. — Е-е-емшегіңді... Жа-жа-жалқы рет қана, көйлегіңнің с-с-с-сыртынан с-с-с-сипайыншы...» Осы сөздерді айтқанда батыл дейтін Ботановымыздың толқығаны, даусының дірілдегені соншалықты (бәлкім, Бәтеске бұл ұсыныс тым-тым тосын көрінді ме екен), үшеуміз де үнімізді де, тілімізді де жұтып қойғандай, тұншығып бара жатқандай күй кештік-ау, әсте. Ақырында Бәтес: «Ақырғы рет айтамын, Ботанов! Орныңа барып жатасың ба, жоқ па?» — деді. «Жалқы рет дедім ғой?» — «Үшке дейін санаймын.» — «Сендікпін деші, спакойна, тып-тыныш жүрейін.» — «Айта алмаспын. Үшке дейін санаймын. Бі-і-ір...» Енді Ботанов ашуланайын деді: «Сендікпін деп кейін де айтпауың мүмкін бе? Жоқ, ойланасың ба?» — «Екі-і-і», — деді Бәтес. «Ойланасың ба деймін.» — «Жоқ, ешуақытта айта алмаспын. Ү-ү-үш...» — «Онда мен ертеңнен бастап анау тоғызыншының қыздарына кетем». «Жолың болсын, жолаушы.» — «Ертеңнен бастап Палымбетова мен Палмаханованың қақ ортасына барып жатам!» Осыны айтқан Ботанов бізді баса-көктеп өтіп барып, орнына гүрс етіп құлаған.
Тоғызыншы кластағы Палымбетова мен Палмаханова, кешіріңіздер, «емшектері ерте шыққан екеу» атанғандар еді. Былай қарағанда топ-толық, жұп-жуан, бірақ емшектері ол кемшіліктерін түп-түгел болмаса дағы, біраз-біраз жойып жіберетіндей. Жұрттың жиі-жиі карағыштай беретіні де сондықтан-ау. Мәселеңки, біздің кластың қыздарына қарасаң, Бәтестен бастап, бәрі де талдырмаш, көйлектерінен болсын, басқалай жұқалтаңдау киімдерінен болсын, өріктің түйініндей ғана бірдеңе-бірдеңелер білініп тұрады ғой. Көп қарай бермейміз, ұяламыз. Ал анау екеуінікі бүкіл тоғызыншы бойынша бөлек, тіпті оны айтасыз, оныншының бойжеткендерінен де озып кетеді.
Ботанов біразға дейін бүлініңкіреді. Шынымен-ақ «емшектері ерте шыққан екеудің» ортасына барып, біразға дейін аялдап қайтып жүрді. Естуімізше, ешқандай да оғаш қылықтарға бармай, жай ғана әңгіме айтып жататын көрінеді. Палмаханова мен Палымбетова омырауларындағы «өртеңгірлерін» көйлектерінің сыртынан ғана, ақыры-ы-ын ғана сипататын көрінеді. Саймасаева апай қонаққа жиі-жиі кетіп қалатындықтан (жұрттың бәрі осылай ойлайды), оныншының қыздары да ерігіп, біздің Әріпбаевты әкететін әдет тапты. Әріпбаев сынды сыныптасымыздың саяси-сезгірлік ерекшеліктері жетіп-артылатын. Армян анекдоттарының өзінен алпыс шақтысын әсірелеп айтады. Бұл — бір. Дүние жүзінде, жер шарында қанша мемлекет болса, солардың бәрінің астанасы қай қала, президенттері немесе премьерлері, әйтпесе билеуші партияларының бас хатшылары кім, бәр-бәрін біледі. Бұл — екі. Әлем құрлықтарында қандай ірі-ірі өзендер бар, олар қай теңіз бен қай мұхитқа құяды, қандай-қандай сарқырамалар сарылдайды, соларды да түп-түгел санамалап, суреттеп бере алады. Бұл — үш. Әнекиіңіз, Әріпбаев солай. Жә, жетер енді осы да.
Кешқұрым күн бұлттанып, жел тұрып, Қауыс тауы бағытынан қара суық соққанда, ұйқы-тұйқы күйдегі жатақхананың ішіндегі тіксандықтың түбінде біздің Бәтесіміз әнебір күнгідей, Жетісай қаласының көшесіндегідей, табан астынан тыпырлап құлап, жан даусы шығып шыңғырды-ай. Елдің көбі жиналып қалған. Абдыраев ағай ішіп келіп, ұйықтап жатқан. Жуық маңда есін жинамас. Саймасаева қабағымен-ақ халықты қуып жіберіп, жас мұғалімді ауыл кеңсесіне жұмсады. Екі-үш қызды ғана жанына алып қалды. Бәтес бебеулейді-ай келіп. Саймасаева апай сүйемелдеп басын көтерді. Суыған шай ішкізді. Сығалап көзімізді салып, сыналап құлағымызды тосамыз.
— Апай, анада ше, Жетісайға кетіп қалып, кешіккенімізде ше, сонда да Бәтес тура өстіп құлаған, — деді тоғызыншының пысық қызы.
— Әтеңе нәлеттер! Сонда неге айтпадыңдар?! — деп апшып-шапшып жөнелген Саймасаева апайымыз сонда.
Біздің Бәтесімізді жедел жәрдем мәшинесі Жетісайға алып кетті. Саймасаева апай және екі қыз ілесті. Кейін естідік қой, Бәтестің ауруын «приступ почек» деп тауыпты. Қазірше қауіпті емес, алайда абайлап, күтініп жүрмек ләзім. Деп жұбатыпты. Аудандық ауруханада орын жоқ болғандықтан, дәрі-пәрілерін жазып беріп, жатақханаға қайтарыпты. Үш күн мақта терімге шықпау үшін арнайы анықтама жазылыпты. Мақта жинау майданынан қайтқаннан кейін, ауыл-ауданына барып, дұрыстап емделу керектігін ескертіпті. Сонда да Саймасаева апайымыз аса сақтық жасап, қырағылық танытып, аудандық ауруханадағыларға сенімсіздік білдіріп, біздің Бәтесіміздің бетінен отын шығарып, перзентханаға да апарып тексертіпті. Бұл сұмдықты естігенде, нендей күйге түскенімізді еске алғымыз жоқ.
Күбір-сыбыр көбейді.
Бәтесіміз бірден өзгерді.
Үш-ақ күнде үндеместің нағыз өзіне айналған.
Бір адамның бетіне қарамай, қарай алмай, қарағысы да келместен, меңірейіп мақта тере беретін болды. Бәтесіміз мақтаға шықпаған үш күннің ішінде сегізіміз бірдей сағыныштан жарылып кете жаздағанбыз.
Үш күн өткенде біз басқа Бәтесті көріп ек.
Сегізіміздің бірдей іштеріміз қан жылап, қалтырап ек.
Қауашақтың тікенектей ұшымен алақанымызды тілгілеп отырып, күңірене күрсініп ек.
Біздің Бәтесіміздің түр-түсін, бой-басын, қасы-көзін, ерні-мұрнын — ешқайсысын суыртпақтай суреттеп, келістіре кестелегім келмейді. Осы әңгімемізді кем дегенде мың адам оқитын шығар, неғыпты сонша. Сол мың адам көз алдына аса сұлу, керемет көркем, айрықша ақылды қызды елестетсін. Деп өтінер едік. Сонда мың ғажайып тізіліп тұрар. Ал енді, сол мың кереметтің ең-ең ғажап жақтарын біріктірсеңіздер, бір Бәтестің бойынан бәрі-бәрі табылар...
Міне, солай!
Бәтесіміз осындай жаратылыс еді.
Сол ғажапты азаппен қинаған, үш-ақ күннің ішінде меңірейтіп қойған қиянат дегеніңіз қандай қиын кесапат еді?!
Саймасаева апай Абдыраев ағайды да көпе-көрнеу былайырақ ысырып, билікті біржолата алып қойғандай. Сегізімізді және бір кеште бетон еденді дәліздің бұрышына түп-түгел тізіп қойып:
— Сен сегіз ит! — деді сұқ саусағын безеп. Обалы нешік, саусақтары әп-әдемі, сүйріктей-сүйріктей, сұлу еді. Бәріміз қызығып қарап, шынымен-ақ ит екендігімізді мойындағандай кейіп көрсеттік. — Әтеңе нәлеті сүмелектер! Бүгіннен бастап, тұншығып өліп қалсаңдар да, біріңнің үстіңе бірің емес, бәрің жатсаңдар да, еркек балалардың бөлмелеріне ауысасыңдар!
— Неге, апай? — деді Ботанов.
— Қандай жазығымыз бар? — деді Жабағиев.
— Бомайды ғой, апай. Өздері де бірінің үстіне бірі жатқандай, — дедім мен.
— Өшіріңдер үндеріңді! — деді Саймасаева апай. — Білемін бәрін. Бәріңді де. Бәрің Бәтес дейтін бәлеге ғашықсыңдар. Көрсетейін мен сендерге ғашық-машықтың не екенін. Ботанов, сен не істеп жүрсің?!
— Не істеппін, апай?
— Кімдердің, қандай қыздардың арасына барып жатып жүрсің? Не істеппін дейсің тағы!
Сонымен, осылайша батылымыз, бірбеткейіміз деп жүрген Ботановтың да үні өшті.
— Төртеуің — тоғызыншы жататын, төртеуің — оныншы класс жататын шеткі бөлмелерге кетіңдер! Тұп-тура қазір кетесіңдер. Бес минөт уақыт берем, — деді Саймасаева апай.
— Жарайды. Біз де біраз нәрсені білеміз ғой, — деп күңк етті Ботанов.
Бір жақсысы, Саймасаева апай бұл кезде біздей иттерден жиіркенгендей, жиырыла бұрылып бара жатып, естімеді.
— Мәшиненің быт-шыты шыққанын бізден көреді-ау, байқайсыз ба, Айтуғанов ағатай? — деп сыбырлайды Ботанов көрпе-жастығын жинап жүріп.
Сексен қыздың бір шетінде жатқан күндеріміз бен түндеріміз шын жұмақ екен. Тоғызыншының тобына қосылғандарымыз да, оныншының ортасына орналасқандарымыз да тозаққа түскенімізді түсіндік. Көрмеген қорлығымыз жоқ. Отырсақ, опақпыз. Тұрсақ, сопақпыз. Алғашқыда жататын жағдай болмай, жоғарырақ кластағы ер балалардың аяқ жағында тізелерімізді құшақтап, қалғып-мүлгіп отырып, құлай кеткенімізді білмейтінбіз. Кейініректе: «Сексен қыздың жұмағынан шыққан ұлдар-ей!» — деп кекетіп-мұқататынға айналды. Бәрі жабылып кеп-кеп мазаққа ұшыратқанда, басымыздың мың-дыңы шығатын. Ол дағы түк емес екен, үшінші-төртінші күндері таяқ жеуге тура келді. Қалай қараңғылық орнап, ұйқыға жатысады, сол сәтте-ақ бөлмедегілердің бәрі (алдын ала келісіп қойған да) еденді, қабырғаны дүрсілдете сабалап жөнеледі де, бірінен кейін бірі біздің үстімізге қонжия қонып, төпелей кеп төмпештейді-ай. Тұншықтыратындары тіпті жаман. Ботанов бастаған төртеуіміз де, Арынбеков бастаған төртеуі де тап осылай бірнеше түнді тамұқта өткеріп, бет-аузымыз көгеріп, ұнжырғамыз түсіп, ұсқынымыз қашып, ақырында Абдыраев ағайға жалбарындық.
— Бізді біржола бітсін демесеңіз, сексен қыздың шетіндегі шебімізге қайта оралтыңыз, — деді Ботанов. — Әйтпесе, екінің бірі — не өзіміз өлеміз, немесе өзгелерді өлтіреміз.
— Егер көнбесеңіздер, қазірден бастап аштық жариялаймыз, — деді Әріпбаев саяси жағынан аса алғырлығын танытып. — Ресми түрде. Жазбаша мәлімдемеміз дайын.
Абдыраев ағай абдырады. Көбірек ішіп жүргеніне ұялыңқырап кібіртіктеді, күбіжіктеді. Сөйте тұра Саймасаева апаймен оңаша жағдайда, жеке-дара сұхбаттасты.
Жұмақ жағдайымызға қайта оралдық-ау, әйтеуір. Адамдар өз басына іс түсіп, азапқа кезіккенде мәз бола ма, біз Бәтесіміздің өзін де естен шығара жаздаппыз. Сегізіміз қайта оралған сәтте оның соңғы кездегі сүлесоқтығынан сәл-пәл ғана сергігеніне қатты қуандық.
Алтыншы аптаның ортасында оқыстау оқиғаның көкесі өз басымнан өтті. Әлдебір жайсыз дауыстан оянып кетіп, айналама құлақ тостым. Жым-жырт сияқты. Сәлден соң: «Уһ, жаным-ай! Ішім! Ішім әкетіп барады!» — деген үн шықты. Ә дегенде Бәтес пе деп, жаным шығып кете жаздаған. Ол емес екен. Бәтестен әріректе, жеті-сегіз қыздан соң жатқан біреуі. «Ішім-ай! Көмектесіңдерші!» — деп жалынды әлгі қыз. Ойпырай, ешкімнің естімегені ме? Саймасаева апай қайда? «УҺ, өлдім-ау!» — деді жаңағы қыз әлсіреген, әлсіз үнмен. Шыдай алмай Саймасаева апай жататын жаққа сүріне-қабына жүгірдім. Ары қараймын, бері қараймын. Жоқ. «Апай! Апай!» — деймін. Жоқ! Қыздың даусы жаңағыдан гөрі жайырақ, бірақ адам аярлықтай жалынышты күйде жалғасып жатыпты. Амалсыз жанына жақындадым. Тоғызыншыдағы Палмаханова екен. Созған қолының дірілі ай жарығында анық аңғарылған. Терге малшынған саусақтарынан ұстап тарта бергенім сол еді, Палмаханованың шошына шыңғырған даусынан дүр-р-р етіп, бүкіл зал оянды. Ботанов бір секірсе, электрдің қара түймесіне жетпей ме?! Жарқ етіп шам жанды. Бәрінің көз ашып көргендегі суреті белгілі. Бір бүйірін басып шыңғырған Палмаханова. Оның жанында тізерлеп, айнауқасқа айналғандай апалақтаған Айтуғанов.
Әрине, тоғызыншының қызы жедел түрде Жетісайдың ауруханасына жөнелтілген. Палмаханованыкі баяғы біздің Бәтестікі сияқты «приступ почек» емес, соқырішек болып шығып, аман-есен ауылға қайтты.
Жетінші аптада бәріміз де ауылға қайттық қой. Макаренко атындағы мектеп ұжымының қуанышында шек жоқ. Әрине, біраз-біраз көңілдерде кірбің бар. Ағайлар мен апайларды алыстан бақылау мәселесін біржолата доғарғам. Ботанов екеуіміздің бір таңданатынымыз: «Палмаханова приступ болған түні сіз қайда едіңіз, Саймасаева ханым?» — деп айта алмаған сияқты Абдыраев ағай. Соқыр ішек болған Палмаханованың кесірінен Бәтес маған біртүрлі, сап-салқын қарауға көшкен. Бұған балалардың бәрі қуанады ғой, әрине.
Жаңадан келген жас мұғалім ағайымыздың айтуынша, көп ұзамай мақта терім майданы мұқым-мүлде өзгереді.
Жер жекешеленеді. «Ақ алтын» жинауға жәрдемші атаулының түк те қажеті болмай қалады...
Біраз жылдар жылжығанда, жас мұғаліміміздің сондағы болжамы жүз пайыз жүзеге асты.
Біздің буыннан былайғы жас ұрпақ — мектеп оқушылары жарытып мақта терген жоқ.
Біз секілді бәле-бәтірлері көп ауруларға шалдыққан жоқ.
Жәрдемшілерге арналған жатақханалар бос қалды.
Бірақ бәрібір, иә-иә, бәрібір адам баласы шыдамастай азаптарды бастан өткерсек те, «ақ алтын» толы «ақ партықтардың» салмағына жаншылып, сорайған титан-самауырдың шайына қанбай, қаншама қаңсысақ та, тіпті кесапат-кесірлері жетіп-артылатын кесел-дерттерді жамап қайтсақ та, бәрібір, сол бір шақтарды сарыла сағынудан танған емеспіз. Жетісай дейтін жұмақ қаланы да, оның айналасындағы айналайын ауылдарды да, тақта-тақта мақталықтардың жүйек-жүлгелерін де, тізіле тұтасқан тұт ағаштарын да, Өсімбаев ағай «суы — су емес, у ғой» дейтін үлкенді-кішілі каналдарды да осы кезге дейін аңсап, сағынамыз да жүреміз.
Бір барып қайтпақты ылғи да ынтыға армандайтынымыз рас.
Эпилог ретінде ескертсек, Бәтесіміз алфавит бойынша менен кейін жазылатын Арынбековке қосылды. Обалы нешік, басқаларымыз бұйығы тартып, көбінесе үн-түнсіз қалар шақтарда, тек Ботанов қана Бәтестейін бөлекше қызға ғашық болғанын әзіл-шынын араластырып, жан адамнан жасырмай, жиірек айтып отыра беретін.
Қайран-ай, десеңізші, мақта терім майданында жабысқан сырқаттың салқыны ма, әлде басқа бірдеңенің әсері ме, Бәтесіміз бұ дүниеден тым ерте кетті. Біреулер бүйрегі десті, біреулер жүрегі десті. Бір жыл өткенде зайыбының артынан Арынбеков те аттанған. Біраз уақыттан кейін оларға бірбеткейлеу Ботанов ілесті.
Ертерек кеткендерді еске алған бертініректегі бір кешімізде сегіз биязының тізіміне кірмейтін кластасымыздың бірі Кенжеғұловтың кәдімгідей-ақ кемсеңдеп: «Бәріңдікі — жай нәрсе. Бәтеске шын ғашық мына мен едім ғой. Бірақ білдірмегем. Сезімімді сездірместен, жүрегімнің түбінде тұншықтырып өлтіргем», — дегені, сонсоң іштей егіле езіліп, үн-түнсіз, ұзақ өксігені бар-баршамызды қайран қалдырған.
Қайран-ай...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі