— Сізді телефонға шақырады, — деді кенже ұл. — Әйелдің даусы сияқты.
Әдетте, әйелдер біздің үйге телефон соққанымен, мені шақыра қоймайтын-ды. Деген оймен трубканы қолға алдым. Мына үн таныс еді. Жұмысқа бір-екі рет қоңырау шалғаны бар.
— Ағай, кешіріңізші, — деген еді бұл әйел.
— Кешіріңізші, уақытыңызды бөліп, мазалағаным үшін. Сізге жолығудың мүмкіндігі бар ма? Бірақ кеңседе емес...
Құбылмасы көбейген кезеңнің салмағы иық таңдап жатқан жоқ қой, жүйкесі жұқарып, жұлыны жұлмаланған жан аз ба бүгінде, солардың бірі шығар, дейтінмін мұндайда. Жүйке сырқатына шалдығып, құс кететін және қайтып оралатын шақтарда қаттырақ қозып, түсініксіздеу тіршілік жасап жүретіндерге, күтпеген жерден кеңсеге кіріп келіп, түрлі-түрлі мінез көрсететіндерге, жылап-сықтап отырып-ақ сақылдап күліп қоя беретіндерге көндігіп те қалмадық па қазір? Бірақ бір-екі реттің өзінен-ақ бұл әйелдің үнінде бөлектеу бір жұмбақтың бар екендігін байқамау мүмкін емес-ті.
— Кешіріңізші, ағай, — деді әйел. — Сәлеметсіз бе? Жауап қатып тұрып, өз даусымның құмығып шыққанына таңырқадым. Кенже ұл мұқабасы жалт-жұлт еткен әлдебір кітабына үңілген сыңай танытады. Соңғы жылдары топырлап шығып жатқан, сырттары жылтыр, түстері тайғанақ кітаптарды жақтырмайтындардың бірі мен едім. Кенже ұл әдейі ғана кітап тысын терезеден сығалаған күнге тосып, сәуле сырғанатады.
— Ағай, кешіріңізші, — деді әйел тағы да. — Бірер рет батылым жетпеп еді, бүгін бір шешімге тоқтап, сізге жолықпай кетпеуге бел байлап тұрмын.
«Кешіріңізші» деген сөз құлағымды қажай бастады.
— Көрейік, — дедім не айтарымды білмей. — Не шаруаңыз бар еді?
Әйел біразырақ кідіріп, үнсіз қалды. Қыздар қайта-қайта мазалап, телефон соға беретіндіктен, күнара кейіс еститін кенже ұлдың рахатқа батқаны байқалады. Жалт-жұлт еткен кітапты төбесіне қойып, қытырлата шертеді.
— Менің атым Айымбала, — деді әлгі әйел сәл кідірістен кейін. - Сіздің кеңсеңіз Ташкент жаққа бұрылатын жолдың басындағы тоғыз қабатты үйде ғой, ағай?
— Иә, с-с-сол-лай...
— Рахмет, ағай. Мен кеңсе атаулыға кіре бермеуші едім. Сізге ыңғайлы әрі жақын бір жерде кездессек болар еді. Кешіріңізші, ағай.
— Сонда қай жерде?
— Тұп-тура сағат бірде, драма театрының артындағы саябақтың ішінде күтейін, ағай. Атым — Айымбала. Кешіріңізші, ағай.
— М-мақұл. Ж-жарайды, кешірейік.
Шайымды ішіп, жұмысқа жиналдым. Кенже ұл көңілді кейіпте шығарып салды. Тысы тайғақ кітапты шертіп-шертіп, ыңыл қосады тіпті.
Түске дейін уақыт өтпей қойды ма-ау, ешқашан сөйлеспейтіндер хабарласты ма-ау, келе бермейтіндер көбейді ме-ау. Ақырында, түскі сағат бірге бес минөт қалғанда тоғыз қабатты үйден төмен түсіп келе жаттым. Біздің биік, кеңселік үйіміздің алдындағы даңғылмен мәшинелер ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Соңғы кездері қос қапталындағы ағаштар жаппай қырқыла бастаған. Біреулер неге қырқады десіп, екіншілері тым жабайыланып, қыңырайып-қисайғанды несіне аяймыз десіп, уыл-шуыл көбейіңкіреп тұрған. Әне, жиек жолдың бойындағы тағы бір ағаш гүрс етіп құлап түсті. Ағаштар құлағанда ауыр күрсінгендей болады дегенді оқығаным бар еді. Бұл жолы, керісінше, кесіліп түскен қарағаш емес, оның жанындағы басқа бір ағаш қатты күрсінгендей сезілді. Аһ ұрғандай қиналған ақшылтым жаратылыстың атын есіме түсіре алмадым.
Драма театрының артындағы алаңқайда Фарабидің ескерткіші бар. Жарықтық ғұламаның жасырақ кезі бейнеленген ғой, кітабын кеудесіне қысып алып, желге қарсы қайсарлана қадам басып барады. Сіресіп, сұсты тұрпатта тұратын ескерткіштерге етене ел-жұрт алғашқыда бұл бейнені жатырқап, жақтырмай, қабылдай алмай қиналған.
Табан астынан ұйытқып жел тұрды. Жиек жолдың екі жағында егізқатарлана жайма базар жасап отырған қалың халық абыр-сабыр күйге түсті. Талай мүлік жерге аунап, қауқарсыздары құйынға ілесе қаңғалақ қақты. Алайда, адамдар ширап, пысып-ақ үлгергендей. Желге ұша жөнелетін жеңіл-желпі тауарларын таспен бастырып, қолтықтарына қыстыра қойып, пәлендей көп шығынға ұшырамады.
Ол аршалар тізіле өскен алаңқайдың арғы шетінде, Фарабидің жел кернегендей желеңінің етек тұсына таман, театр үйінен таяқ тастам жерде, сәл-пәл мазасызданып тұрыпты. Айымбала екенін бірден білмеу мүмкін емес-ті. Жасыл плащын жел жұлмалайды. Жұқалау, қоңырала орамалды шарынып алған екен, қоңырқай сөмкесін қолтығына қысқан күйі қолын ұсынды.
— Кешіріңізші, ағай, — деді Айымбала қысылыңқырай амандасып, бірақ, тіке қарап. — Осыншама әуреледім сізді.
Телефондағы үні.
Өзгеріссіз.
Жасыл плащын талдырмаш белінен қымқай буып алғаны, қоңырала орамалын тамағын орай шарынғаны желді күнгі жаратылыстың жалпы жағдаятына жараспай тұрған жоқ. Қызылқошқыл қызғалдақтың гүлшанағынан орап жасағандай еріндері дымқылдана сәулеленіп тұратынын да бірден байқамауға болмас.
— Мен сізді сыртыңыздан жақсы білемін, — деді Айымбала, — Осы, сіздер неге төртінші билікпіз деп, таласып-тартыса бересіздер, ағай? Жүріңіз, аяңдай әңгімелесейік.
Ол бірден еркінсіп, мені билеп-төстей бастағандай. Менін де оған билетіп-төстете бергім келіп, тілім байланғандай, ләм-мимсіз ілескенім қызық-ты. Драма театрының артындағы бұрынғы құрмет тақтасы қаңырап бос тұр. Көктем кеш шыққан, ағаш атаулы кеш оянған, аршалар ғана мезгілінде өңденіп, мерзімінде жөнделген. Тоң боп қатқан кесекті кетпеннің шүйдесімен тоқпақтаған сары нымшалы кемпір біз жаққа бір қарап алып, бұрқыраған самай шашын жөндеді. Жана-жаңа көктеген жер жас босанған, бірақ бусанып, терлей алмай тырысыңқыраған кексе қатынды елестетер.
— Мүмкін болса, анау жерге барып, орындықтардың біріне отырайық, ағай, — деді Айымбала. — Сізді мұнда көп адам танитын шығар? Қорықпайсыз ба, ағай?
— Төртінші билік ешкімнен қорықпайды, — дедім мен.
— Билікке бәріңіз құмарсыздар. Жай ғана, халықтың қызметшісіміз десеңіздер болмай ма?
— Қызметіңізге әзірміз, — дедім мен.
— Сіз мені мүлде білмейсіз де, танымайсыз да, ағай, — деді ол қоңырала орамалының алқым түйінін ағыта отырып. — Ал, мен сізбен бар ғой, ағай, бірқанша жылдардан бермен қарата сөйлесіп, тіпті сырласып жүрген адаммын. Жазғандарыңыздың бәрін, әсіресе әйелдер жайында жазатындарыңызды жібермей оқимын. Кешіріңізші, ағай, жарай ма?
Айымбала аздап қана еркелей сөйлегенді жарататын болып шықты. «Еркелей берші, енді», — дедім іштей ғана. Оныма өзім таңырқап, терең күрсініп едім, ол басын иығыма сүйеп, солқылдай жылап қоя берді. Біраз жылап алып:
— Кешіріңізші, ағай, — деді тағы да. — Сіз мені тыңдай аласыз ба? Мені тыңдауға дайынсыз ба? Мен өзімнің қалай қорланғаным, қалай зорланғаным жайында тек сізге ғана айтқалы келдім, ағай. Келестен келдім...
Қатқыл кесектерді кетпеннің шүйдесімен соққылаған сары нымшалы қара кемпір сол сәтте Қиыр Сібірден бір-ақ шықты. Құрылыс батальонында, қырық градус аязда жер қазып жүрген кездерім көз алдыма келіп тұра қалды. Сары нымшалы, қара кемпірдің кетпені қайлаға айналды.
Қиыр Сібірде қайланы иыққа салып, жер қазуға кетіп бара жатар ек. Жүйкелердің жұқарғаны соншалық аяз сорған солғын жүзді солдаттар тиіп кетсең, қайла жұмсаудан қайта қоймас, жазым етпектен тайынбас. Жеті қатар тікенек сымның арғы жағындағы түрмедегілер де тап біз секілді қарды қашырлатар, таң атар-атпаста бізбен бір мезгілде жұмысқа шығар. «Айырмашылығымыз қайсы?» — дер Антонас Яскелявичус. «Бар», — дейді Леонид Логвиненко. «Қандай?» — дейді Антонас. «Біздегі біреулер КПСС қатарына өткелі жүр», — дейді Леонид. Әскерге дейін түрмеде үш жыл отырған Осокин жалт қарап, азу тісін ақситар. Соның өзінде әнебір әтірдің (тройной) іштен шыққан иісі аяз бүріккен ауаға жайылып, құсқыңды келтірер. Сол жағымызда сірескен қарағайлы орман, оң жағымызда құлама құзды жарлауыттар. Жардың астында Ангара ағып жатыр. Маған бүкіл Ангараның аңғары Осокиннің ішінен ағып шыққан әнебір әтірге толып кеткендей көрінер. Ангараның ағып жатпағаны, қақаған аязда қатып қалғаны ойыма түсер кенет. Қатып қалған әнебір әтір одан бетер жиіркендіріп, лоқсимын-ай сонда. Асқазаным солқылдай сыздап, қайланың өзін көтере алмай, қиралаң қағамын.
Сөйтіп жүріп-ақ жер қазамыз. Жауынгер деп аталатын жақыбайлардың көбі сол кездері кері кетіп, тарауға қарай бастаған Сы-Сы-Сырдың шетқақпайлау елдерінентұғын. Жанұшыра дірдектеп, темір пеш орнатылған бөткеге бүрсеңдей жүгіргіштейді.
— Кезек-кезек кіріңдер-әй, атаңанәлеттер! — дейді сержант Сержанов. — Капитан кеп қалса, сазайымызды тартармыз. Жарымың жер қазыңдар, жарымың жан шақырыңдар.
Сержант Сержановтың өзі «тепляк» деп аталатын үйшіктен шықпас. «Мың бір түнді» оқып отырып, оқта-текте шиқылдап кеп күлер. Қисық орналасқан қыңырай көздері көрінбей де кетер. Мықыр мойны тонның жағасынан білінбес. Қанша көсілгенімен, қамыт аяқтары доғаша иірленіп, өзінің де, өзгенің де мазасын кетірер. «Сенің жерлесің о баста сержанттық мектепке қалай өтіп кетті екен, күнде таңертең таңырқай қараймын», — дер еді Антонас Яскелявичус. «Командирлікке құмарлық жөнінен қазақтар біздің хохолдардан кем түспес», — дер еді Леонид Логвиненко.
Антонас, Леонид және мен үшеуміз терең шұңқырдың түбінде қайла қадасып, сүймен сілтесіп жатқанда Ангара жақ беттегі бітуге таяу қалған, тоғыз қабатты биік үйден жан шошынарлық дауыс шықты.
Бүкіл орман тітіреді.
Артынша тым-тырыс тыныштық орнады.
Іле-шала у-шу көбейіп, айнала азан-қазанға айналып жөнелді.
Шұңқырдан атып-атып шыққанбыз. Қарауытқан қарағай орман үстіндегі бұлыңғырланған күн легенге ұйыған қызыл-бозғылт қан секілді екен. Тап сондай қанды тоғыз қабатты, енді-енді бітпек күйдегі биік үйдің түбінен де көрген едік сол күні. Жүгіріп жетсек, әйнектеріне дейін салынып, іші сыланып, сырланып, бөлмелері бояла бастаған үйдің түбінде, бұлыңғырлау, шаңдақ қар жапқан жалтыр бетон бетінде жап-жас қыз жатыр екен. Әлде саха, әлде бурят, әлде долғанның қап-қара шашты, әппақ қызы. Жан шошынарлықтай шыңғырған дауыстың шыққанына аса көп уақыт өтпегендей. Қанның қалайынша тез ағып, жылдам ұйып, қарағай орман үстіндегі күнге ұқсап үлгергеніне таңмын. Тиіп тұрған қаладан жедел жәрдем де келіп жетті. Биік үйдің ішін сылап, сырлап, бояп жүрген қыз-келіншектер ұлардай шулап жылады.
— Тоғызыншыдан, тұп-тура тоғызыншы қабаттан құлады, — деді ышқына сыңсыған сыршы келіншек.
— Хайуандар! — деп айқай салды сары нымшалы сары кемпір солдаттарға қарап. — Звери! Это вы! Вы ее...
Сержант Сержановтың беті жыбырлап, қыңырай көздері ақиланды.
— Сендер, соңымнан еріңдер! — деп бұйырды ол Антонас, Леонид және мен үшеумізге. Сөйтті де, қамыт аяқтары қара қоңыр пиманың қонышын қинап, жоғары қарата жүгірді.
Тоғызыншы қабатқа жылдам жетпек жеңіл емес-ті. Сержанов алтыншы қабатта қатты ентігіп, отырып қалды. Отырған күйі: «Ос-ос-ос!» — деп боздады. «Не болды, жолдас сержант?» — деді Антонас түп-түзу, сұлу бойы сырықтай сорайып. Қиралаң қағып сержант түрегелді. «Ос-ос-осо-ки-и-ин, — деді сержант бітік-қисық көздерінен жас парлап. — Түбіме жетті ақыры Осо-о-о-ки-и-ин!»
Тоғызыншы қабаттың төріндегі екі бөлмелі пәтердің түкпірінде Осокин отыр екен. Отыр деуге онша келіңкіремес, жантайыңқырай жайғасып, темекіні будақ-будақ түтіндетеді. Бізге бұрылған да жоқ. Сержанов сүрең салып-ақ бақты, бірақ қаншама қанталай ентелеп, төніп барғанымен, бата алмады.
Осокин темекісін тартып болып, тұқылын түкірігіне тұншықтырды, ақысы қалып кететіндей және мыжғылады. Орнынан тұрып, бүйірін таянды:
— Жетінші кластың оқушысы болса мейлі, бояушы-сыршылардың арасында осыншама адал сақталғандары бар деп ойламаппын, — деді Осокин мырс күліп, сыңар езуінен ақ темірмен қаптаған тістерін ақсита ырситып. Сөйтіп, сол ақсиған күйінде қыздың қып-қызыл ішкөйлегін, жұқалтаң ғана және бір іш киімін қойнынан асықпай алып көрсетті. Құшырлана иіскеді. Сержант Сержанов Осокиннің қолындағы үлбіреген нәзік дүниелерге қарап қатты да қалды. Демін алмайтындай, тынысын жоғалтқандай. Әлден уақта есі кіріп:
— Атылатыныңды білесің бе, атаңа нәлеті! — деп, қолын көтере берген. Осокин қағып жіберді. Сержант теңселіп барып тежеліс тапты.
— Мұндайды көрмегелі мың жыл уақыт өтіп еді, арманым жоқ балғындар! — деп масаттанды Осокин біз жаққа бұрылып. Бұл кезде қызыл жағалылар да жетіп үлгерген-ді. Осокиннің қолын артына қайырып, бой-басын тінтіп, көксары күпәйкесін кигізді. Сорлы қыздың пора-пора жыртылған киімдерін жинады. Біреуі шыдай алмай, Осокиннің желкесінен түйіп кеп жіберді.
— Тарт қолыңды! Құқың жоқ! — деді қансыз-сәлсіз көрінген Осокин. Осылай деп, бізге қарады. — Мына заманда түкке тұрмас тинақтай нәрсеге бола қыршын ғұмырын қиып жіберер деп ойлаппын ба?! Әрине, қызға қатты обал. Армансызбын, алайда, балғын балақандар. Осокин осылай деді деп айта жүріңдер, сумұрын сүмелектер.
Екі айдан соң Осокиннің соты болды. Біз, Сержанов, Яскелявичус, Логвиненко және мен төртеуміз сылақшы-сыршы қыз-келіншектермен қатар куә ретінде қатысып ек. Бұрын қылмысты болғаны, әскерге дейін сотталғаны, әсіресе қыздың қазасы ескеріліп, құрылыс батальонының қатардағы жауынгері Осокин өлім жазасына кесілді. Қарамағындағы, қатардағы жауынгерге бас-көз бола алмағаны үшін Сержанов сержанттығынан айырылды. Құрылыс батальоны командирінің саяси-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары да орнынан алынды.
Ызғарлы қараңғылықтың азабынан азынаған биікте бүркеншікті мәшинелерге қарай қадамдаймыз. Суықты сезбестей серейген қолымызбен қайламызды кеудеге қысып, сүймендерді сүйрете сүметілеміз. Жанымыздағы жеті қатар тікенек сымның арғы жағындагы түрменің адамдары да жұмыстан қайтып бара жатады.
— Қарашы, — дейді Логвиненко қоңыр пимасының өкшесін сүйменге соққылап. — Әнеу бір сұлба тұп-тура Осокинге ұқсайды.
— Қайдағы Осокин?! — дейді Яскелявичус. — Ол әлдеқашан Иркутскінің түрмесіне кеткен шығар. Енді екі-үш айда атып тастайды.
— Атаңанәлетінің анау ішкөйлектерді асықпай ақтарып көрсеткені көз алдымнан кетпейді-ақ, — деді сержанттықтан түсіп, бізбен бірге жер қазып жүрген Сержанов.
Әлі де толық біте қоймаған тоғыз қабатты үйдің терезелері қарауыта қабарып, қорқыныштың көзіндей көрінеді. Ангараның арғы жағынан ай туып келеді екен. Қысқы аспанда қыстыға жылжитын күн секілді айдың да айнала-төңірегі қораланып, сұлбасы зорға ағараңдайды.
— Мәшинеге! — деген жаңа командирдің қарлығыңқы даусы қытымыр аязға қарылып естіледі...
Айымбала маған аңтарыла қарайды. Сары нымшалы қара кемпірден көзімді ажырата алмай отыр екенмін.
— Қайда барып қайттыңыз, ағай? — деді Айымбала. — Мен әңгімемді айта берейін бе?
— Айта бер, Айымбала, тыңдап отырмын, — дедім күрсініп. Ол айтып отыр, мен тыңдап, көз алдыма елестетіп, көріп отырмын.
Ташкент педагогика институтының физика-математика факультетін тәмәмдап, Келес ауданының орталығындағы орта мектепке орналасқан. Өзі Сырдарияның бір иініндегі алыс ауылдан еді. Аудан мен ауылының арасына автобус жарты күнде әзер жететін. Әке-шешесі аспирант кездерінде опат боп кетіп, кәрі әжесінің қолында өсіпті. Жақын-жуықтары жоқ екен, сонда да әжесі қанаттыға қақтыра қоймапты, тұмсықтылар абайсызда шоқыса шоқыған шығар. Ақырында әжесінен де айырылып, үш бөлмелі қоржын үй мен қой қораны өткеніне сатып, оқуға түскен. Бес жыл Келестің белестеріндей бұлыңғырланып көрінгенімен, ұлы дарияның сол белестер арасымен жылдам жылжитыны секілді сырғып-заулап өте шыққан. Келестің орталығындағы орта мектепке келіп, математикадан сабақ бере бастады. Әне,
алақанның аумағындай үлкен-үлкен жапырақтары жалтыраған тұт ағаштарының жанындағы жіңішке жиек жолмен Айымбала тербеле басып келеді. Сәл бұйралау көрінетін қара шашына, қызғалдақтың гүлшанағынан әдейі жасағандай қызылқошқыл, сәл дымқыл еріндеріне, Ташкент шәһарының сәнімен тігілген әтілес көйлегіне тізілген тұттардан кейін ақ теректер аңтарылар. Тек олар ғана емес, екі қабатты мектептің терезелері де телміріп, тершіп кетіпті. Көше жақтағы терезелердің бәрі жыпырлаған жанарларға толыпты. Елу алты әйелдің басым кепшілігі, он төрт еркек мұғалімнің түгелге таманы, жоғарылы-төменді сыныптардың оқушылары қарап тұрыпты. Мектептегілерді айтпағанда, аудандағы ірі-ірі саналар мекемелердегілердің, кейбір кәсіпорындардағылардың назарынан да тыс қалмаған Айымбала сынды кадрдың келуі қатардағы оқиға емес-ті.
Мен мұны Айымбаланың айтуынсыз-ақ елестетіп отырыппын.
Айымбаланың айтқаны бөлектеутұғын. Әйтеуір, ұшып жүретін секілдітұғын. Жарасымды-ақ сияқтытұғын бәрі де. Ұнасымсыз дей алмайтын ешкім де. Үйлесімсіз емес-ті. Айымбала сынды ұстаздың айнала-төңірекке бейнелі түрде, тікелей емес, әлдебір әсемдіктің ұлпасы арқылы қарайтыны бартұғын. Әжесінің әсері ме, әлде тым қыршын кеткен аспирант әкесі мен аспирант шешесінің арман-қанаттары қыздарының айналасын үлбіреген ақ ұлпамен қоршап-қорғап баға ма, кім білсін, Келестейін белеске келістітұғын осы қыз.
Қыркүйекті аман-есен аяқтап, қазанға қарай қадам басқан шағы еді. Қайран қызды қазан ұрды. Ташкенттейін қым-қуыт, құжынаған қаладан, қызыл уыт жүретін пединститут оқытушыларынан, соңынан шырақ алып-ақ түскен төрт-бес курстасынан сытылып, құтылып кеттім деген хас сұлу, жас мұғалім қызыңыз, мұндай кездейсоқтыққа таңырқамасқа шараңыз кем, қыңырай көз, қамыт аяқ Сержановқа жем болды да шықты. Айымбалаға ғашық болғандар аз емес-ті. Олардың бірқатары сүйе тұра сезімдерін білдірмекке батылдары бармады. Кейбіреулері іштен тынып, төбесін көріп жүргеннің өзін медет тұтып, медеу етіп, келер күндерден үміт күтпекке бекінер. Көбісі Келестейін белестен осы бір ғажайып ғайып болмағай да деп тілейтін-ді.
Аудан орталығындағы ескі, шеткі көшелердің бірінде, арық жағасына тақап салынған иірқобыз ауланың ішінде пәтер жалдап тұратын. Күнде дерлік кешке қарай қанал бойлап, Жыңғылды сайға дейін серуендейтін. Бірақ терең сайға жоламай, кері қайтып кететін. Сол жолы Жыңғылдыға түсті де кетті. Шибарқыт шалбары мен қанқызыл қысқа көйлегін киіп шыққантұғын. Күзгі көкке жата кетіп, аунады кетті, аунады кетті. Көзін жұмып алып, етпеттеп ұзақ жатты. Шалқасынан біраз жатқысы келіп, тағы бір аунап, көзін ашса, қыңырай көз, қамыт аяқ Сержанов тұр екен.
Одан арғысын айтқысы келмейді. Еске алғысы жоқ. Елестетуден қашқақтайтыны рас. Өлгісі келген, өле алмапты. Пәтеріне қалай, қашан жеткені есінде қалмапты. Таң бозара оянса, татар апатайы күзетіп отырыпты.
— Ояндың ба? — депті татар кемпір.
— Су-у, — депті Айымбала.
Қазанның жазға бергісіз жадыраңқы күндерінде ауа ауыр тартып, тымырсықтанған. Мақта мен жүзім егістіктері жақтан бунақ-бунақ буалдыр шаң шарбылана шұбалып, жер-дүниені байлап-матап алған. Жарасым да, ұнасым мен үйлесім де жер бетінен біржола ғайып болған. Қыршын кеткен аспирант әкесі мен аспирант шешесінің үлбіреме, ақ ұлпа арман-қанаттары қоршап-қорғай алмай қалды-ау, қайран-ай, бұл жылдары бұл белестерді байлап-матап, уысында ұстайтындардың бірі Сержанов мырза осынау қызға Осокиннің жауыздығын жасаған. Үлбіреген іш киімдерін қойнына асыға тығып алып кеткен сол мырзаңыздың екі әйелі бар екен, кейінірек Айымбаланы үшінші әйел болуға үгіттеп, алтын сарай салдырып бермек ойын білдіріп, елші жіберген.
Айымбала апта бойы ауырып жатып, ешкімге ештеңе білдірместен, ешбір жанға ештеңе айтпастан, мектептегі жұмысына қайта шыққан.
Кіртиіп күз кеткен, қыстығып қыс өткен. Көктем де жеткен...
Кешке қарай Айымбаланы Ташкентке бұрылар даңғылдың бойында, жерасты жолының аузында Келеске баратын автобусқа шығарып салып, қол бұлғап қала бергенмін.
* * *
Әдеттегідей, арада айлар аунап, жылдар жылжыды. Уақыт деген — ұрлықшы.
Жан адамға айта алмай азаптанған жағдайымның жаншыған салмағын азайтыңқырай ма, аты-жөнімді өзгертіп жазар ма, жазбаса-дағы, осындай тақырыптарды толғана қозғайтындардың бірі ғой, жеңілдеп қалармын ба, дегендейін үміт жетегінде жеткен, бәрін жасырмай айтып, жан сырын жайып салып, қайтып кеткен Айымбаланы жиі-жиі ойлайтынмын. Қаншама оқталғаныммен, жазудың реті келмеді, сәті түспеді. Осы кезге дейінгі, өзім өз тілшісі болып істейтін басылымға шыққан дүниелерімнің бәрі түкке тұрмас татымсыз нәрселерге айналғандай.
Бірде, арнайы тапсырмамен Шардара қаласына барып, екі-үш күн жүріп, қайырымды адамдар тауып берген жеңіл көлікпен қайтып келе жаттым. Құрғағына қарай қыңырайған сәуірдің салдарынан сұрқы қашқан шөлейтте жыңғыл гүлдеген шақ еді. Келестің белестері көрінді. Осы маңайдан өткенде Айымбаланы аялай ойлайтынымды жасыра алмаспын. Талаурай алау шашыратқан жыңғылдың қалыңдау тұсында, қасқа жолдың қара асфальтқа келіп қосылар жерінде тұрған әйел бейнесін байқап, нендей күйге түскенімді айтпайын. «Уа, Жаратқан, жалқы мәрте ғана көрсем екен, тек сол болғай-дағы! Мейлі, жазбадың деп өкпелеп, жерден алып, жерге салсыншы. Сол болып шықса екен, қайран-ай!» — деп тіледім.
Қадірменді оқырман, мейлі сеніңіз, мейлі иланбауға һәм еріктісіз, әлгі әйел Айымбала еді. Айналасы шүпірлеген балаларға толы сияқты. Жыңғылдың арасына бірі кіріп, бірі шығатындай. Айымбаланы анық танып, жүргізуші жігіттің тоқтауын өтіндім.
— Келеске дейін ала кетесіздер ме? — деді ол.
Ай, айналайын Айымбала-ай. Аң-таң күйде қарапты да қалыпты. Түк те өзгермепті десем, өтірік болар. Дегенмен, көркем жаратылыстың жөні бөлек қой. Тайқымаңдай тағдыр-ай. Әрине, ана-а-ау жақтағы, Ангарадария жағасындағы саха ма, бурят па, әлде долған ба, сол бір қара шашты, қара көз қыздай тоғызыншы қабаттан құлаған жоқсың. Ол үшін сені ғайбаттаман. Кінәламан мен сені. Сержанов мырза Осокин секілді ату жазасына кесілген жоқ.
Аядым сені, Айымбала. «Ай-ым-ба-ла-а-а!» — деп айқай сала жылағым келді. Аймалап, құшақтағым келді. Алайда, үн-түнсіз ғана көліктен түстім.
Ол күлімсіреп, әлде еркелеп, балаларын отырғызды. Шүпірлеп көрінгендей еді, бар болғаны үшеу-ақ екен. Біреуі ұл, екеуі қыз. Ұлы төрт-бестер шамасында, қыздары кішірек.
Күлкісінен танбаған. Шашы сұйылмаған, еріндері қызылқошқыл қызғалдақ сынды, сәл ғана дымқыл күйінде. Дәл желке тұсымда отыр ғой ол. Оқта-текте лебі келеді. «Келеді» дегенім дәлдікке жатпас, құлағымның сыртына, мойныма жұп-жұмсақ желдей тиеді-ақ. Әлсін-әлсін бұрылып қараймын. Енді бір жарты сағатқа жетер-жетпесте аудан орталығына ілінерміз. Қайда тұратынын, не істейтінін, мына томпиған-томпиған ұл-қыздары жайында сұрауға әлденеше мәрте оқталып, талай рет тілімді тістедім. Осындай тосындау жаратылыстардың тағдыр-талайы неге қиынға тартады? Неге, неге, негелеп, жанымның шырқырағаны жалған емес. Не пайда, нелер ауыр оқиғаларды жазып, жариялап жүрген төртінші биліктің өкілі бола тұра Айымбала жайынан қалам қозғай алмадым емес пе?! Ұят-аятың қайда сонда? Қайда, қайда, қайдалап, айдалаға қарап, қара тікеннің қалдығынан аршылмай қалған адырларға аһылап, сарғайып үлгерген сайларга уһілей үңілемін келіп.
Ай, айналайын Айымбала-ай, менің ахуалымды айтқызбай түсініп, Құркелестің аңғары ағараңдап көрініп, сүйрік қамысы көктей бастаған каналдың бойына тоқтауымызды өтінді ғой.
— Аға, асығыс болмасаңыздар, балалар біраз бой жазып алса қайтеді? — деді баяғы, Шымкент шаһарындағы Фараби ескерткішінің артқы жағында отырып, еркелегісі келгендегідей.
— Мен аз ғана аялдауды айта алмай келе жатыр ем, — дедім былайырақ шыққанда.
— Айта алмайсыз, — деді Айымбала.
— Жаза да алмадым.
— Бәлкім, жазбағаныңыз да жөн болған шығар.
— Қайдасың қазір?
— Қайда болушы ем, сондамын. Сол мектептемін, — деді ол. — «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген бар еді, біз жаман ит болдық қой, ағай.
— Кешірші, айналайын.
— Жарайды, кешірейін, — деді ол баяғы, телефондағы даусыма салып. Бес-алты жылдан бермен қарата қалай ұмытпаған?! Таңырқай қараймын.
— Жарасым! Ұнасым! Үйлесім! — деді ол балаларына дауыстап.— Анау ойпаңға қарай түсіңдер, сонда қызғалдақтар қалған шығар. Бір-біреуден алыңдар, папаларыңа апарып береміз. Жарай ма?
Үш бүлдіршін сайға қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Аузымды ашыппын да қалыппын.
— Сонда қалай?! — дедім таңырқауымды жасыра алмай. —Балаларыңды осылай атағансың ба?!
— Ағай, мен сіздердің өлшемге сыймайтын шығармын, — деді ол.
— Неге?
— Жә, жарайды. Айта алмайсыз, жаза алмайсыз, сұрақты да жөндеп қоя алмайсыз. Сонда да сізбен сырттай ақылдасып алатыным бар, — деді Айымбала ойпаң сай табанындағы балаларынан көз алмаған күйі. — Аналарды бірдеме тістеп ала ма тағы да. Қысқартып айтайын, ағай.
— Қазір тістей қоятын нәрселер тіріліп үлгерген жоқ шығар, — дедім мен.
— Құрғақшылық қой, мұндайда олар ерте оянады, — деді ол. - Мектебіміздегі он төрт мұғалімнің біреуі шын ғашық болып шықты, ағай. Сол жігітке тұрмысқа шыққанмын.
— Қашан, қай жылы?
— Сізге барып қайтқан жылы, жазда.
— Мына балдырғандар... — деп тілімді тістей қыршыдым.
— Содан, ағай. Ол біледі екен, естіген екен. Білесіз ғой, ағай, біздің жақта бәрі алақандағыдай көрініп тұрады, естіп қояды. Мен мұғалім жігітке шарт қойдым. Ел-жұрттың сөзінен де, көзінен де, Сержановтың өзінен де қайтпаймыз да, қашпаймыз да. Көшпейміз де, өшпейміз де. Барлық өсек-аяңның ызасына, күйкілік атаулының күйігіне қарай, Келесте қаламыз. Келес болғанда, алғаш есігін ашқан ашқан мектептен ешқашан кетпейміз. Осының бәріне шыдасаң, қосыламыз дедім. Ағай, обалы не керек, өзі өзгеше жігіт екен, бәріне төзді де, көнді де. Тозақтан өтер, тамұқтан бетер мұндай жағдайға шыдас беру біздің жақта оңай емес.
— Рахмет ол жігітке, түсінемін, — дедім мен діріл үнмен, басқа не айтарымды білмей.
— Маған ше? — деп еркелей жыламсырады ол. — Сөйтіп, көшіп те кетпей, өшіп те кетпеуге ұмтылып, өлшемдерді өзгертпекке бекінумен келеміз. Бес-алты жыл артта қалды осылай. Жұрт не десе о десін, ұлымның атын Жарасым, қыздарымның есімдерін Ұнасым мен Үйлесім қойдым...
Үшеуі бізге қарай қалықтай ұшып келе жатты. Сәл шая тартып, шөжіген көк шөптің бетімен бері қарата қуана жүгірісті. Ең кішкентайы қайта-қайта құлайды. Үлкендеу екеуі оған көмектесіп, шашылып қалған гүлдерін жинасады. Бәрі жарасып, ұнасып, үйлесіп тұрыпты.
— Айтарымды айттым, — деді ерке үнді Айымбала. — Қозғалайық, енді, ағай. Кездейсоқ күтпеген жерден осылайша ұшырасудың өзі тегіннен-тегін емес шығар.
— Әрине, әлбетте... — дедім мен күмілжіңкіреген көкжиегімнен биікке көтеріле алмаған күйімде.
Олар Келеске кіреберісте түсіп қалды.
Одан бері де сол маңайлардан талай-талай өтіп жүрміз ғой. Келеске жақындаған шақта да, алыстап бара жатқанда да қатты алаңдап, айналаға алақтайтыным рас. Алайда, Айымбала кездеспей, көрінбей, кеуде шіркінді күрсін кернейді. Жарасым жүдеген, ұнасым ұлыған, үйлесім үрегейленген кез-кезеңдерде онымен іштей тіл қатысып: «Ай, айналайын Айымбала-ай...» деймін.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі