Өлең, жыр, ақындар

Қазақи қалау

Есікті қағып, ішке қарай аттай берген Боранбай:

— Здравствуйте! — деп, саңқ ете түсті де, дағдылы қимылмен сымдай тартыла қалды. Көзіне оттай басылған — кабинеттің төріндегі толықтау, аққұба жігіт. Көрмегелі талай заман болса да, сол баяғы қалпы екен. Толықтығына қарамай орынынан атып тұрды да, ұршықша үйіріліп келіп, әскери киімдегі жігітті құшақтай алды. Есіктен енген бойы дерендей биік офицердің қасында домаланған етжеңді азамат.

Амандық-саулықты сұрастырып болғаннан кейін:

— Әй, орысша сөйлеуің жаман, қазақшаны ұмытып қалған жоқсың ба? — деді ағалық назбен. Көңілі сергек жігіт қой, бас шайқаған бауырының тасырқаған аттай қазақша кібіртіктеп тұрғанын бірден-ақ аңғарыпты. Өз жағдайын айтуға тілі жете бермейтінін сезген Боранбай қазақ сөздерінің басын жарып, көзін шығара, шамалы міңгірлеген болды да, әбден дағдыланған орыс тіліне қайта көшті. Тіпті майпаңдатып әкетіп барады.

— Түсінем, — деді оның әңгімесін ықылспен тыңдап болғаннна кейін Ісләм. — Қаншама жыл шетте жүріп, әбден қарайып қалыпсың. Соғыстан аман оралғаныңа шүкіршілік. Қазағың аман болса, тілің де қалпына келер.... Ал сен бүгін біздің үйге жүр. Ағаңның отбасын көр...

Боранбай Алматыдай ару қалаға әшейін жолшыбай қызықтап, серуендеп қайтайын деп бұрыла салған жоқ. Оны бұл жаққа қарай еріксіз алып келген — «Алдымен осындағы туыстарыммен амандасайын. Содан кейін қаланы аралап көрейін, жалпы астананың ахуалын байқайын» деген ниет. Төрт жылға таяу уақыт бойы соғыста жүріп, одан кейін әскери қызметті арман қарай жалғастырып жатқан байырғы офицердің Алматының асфальтіне табан тигізгені кеше ғана. Соңғы жылдардағы ғұмыры үнемі қатқыл өмірдің ортасында, басқа жұрттың ортасында өтіп келген жігіт үшін бейбіт қала, ағайын ортасы мамыражай бейбітшілік өлкесіндей.

Бұл қаладағы ең жақыны ағайыны — Ісләм. Ол Арғын руының бергі аталарының бірі Аралбай деген атадан тараған тұқым. Қалалық комсомол комитетінің хатшысы. Кеңестік жүйеде қалыптасқан қызметтік өлшем бойынша, бұл — үлкен лауазым. «Осындай туысымыз бар» деп бір әулеттің арқа сүйейтіні де сондықтан.

Ендеше ондай адамның шақыруын қалай қабыл алмауға болады. Бір республиканың астанасындағы білдей жастар ұйымына жетекшілік етіп отырған адамның үйіне қонақ болып барып, аунап-қунап қайтудың өзі бір ғанибет емес пе. Боранбайдың жүрегінің лүпілдей жөнелгені де содан ғой.

Астанада үлкен қызметте істейтін ағасының үйіне келіп, табалдырығын аттаған кезде, алып ұшып келген көңілі су сепкендей басылды да қалды. Бүкіл қала жастарының басшысы деп танауы желпілдеп келген кезде көргені — үйі бір-ақ бөлмелі екен.

Оның үстіне осындай қуықтай ғана баспанада әйелімен тағы бір қонақ жатыр еді. Тек қонақ қана емес, баспанасы болмағандықтан, ұзақ уақытқа келіп орналасқан Ісләмнің досы. Әбутәліп есімді бұл жігіт ішкі Ресейден оқу бітіріп келіп, бұл қалаға енді ғана табан тіремек. Жалғыз болса бір сәрі ғой, қасында әйелі бар. Және ол әйелі қазақ қызы емес, ішкергі жақтан, яғни, Ресейден өзімен бірге ала келген орыс келіншегі екен.

Ал енді осы шаңырақтың өзге мүшелері тағы бар емес пе? Атап айтқанда, Ісләмнің келіншегі, келіншегінің ата-анасы және бір кішкентайлары бар. Осынша адамның жалғыз-ақ бөлмеде сығылысып тұруын елестетудің өзі қиын. Енді осындай тар жер, там босағада, ештеңе ойламастан, «Мен мейман едім» деп, нұрап жатып алу ақылға сия ма?

Қонақ үстіне қонақ болып, апалақтап жетіп келгеніне Боранбайдың әжептәуір қысылып қалғаны да сондықтан.

Ол жағын ойлап жатқан Ісләм жоқ, өз шаруасымен жүріп, қасына Боранбайды ертіп алған. Алматыны аралатып, оқу орындарымен де таныстырып жүр. «Міне, қазақ деген халық. Неткен дарқан, неткен қонақжай едік!» деп Боранбай әлі де таңырқаулы.

Ісләм болса, жүрген жерінің бәрінде әсекери киімдегі інісін таныстырып әлек:

— Мына жігіт — майданда соғысып, қазір тұрақты армияда қызмет етіп жүрген офицер. Өзі соғыста батальон басқарған. Қаншама ордендері мен медальдары бар, — деп нығыздап тұрып таныстырады. Қанша айтқанымен, бейнелі түрде сөйлей білетін тілге шешен адам ғой. Тамылжытып тұрып сөйлеп ала жөнелген кезде, аузыңды ашып қара да тұр. Тек ағасының қазақша айтқан әңгімесін шалалау ұғады, бір сөзін түсінсе, бір сөзін түсінбейді. Тіпті үш сөздің екеуін шығар.

Сонан бұлар кезекті институттан, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогтік институтының ауласынан шыға берген. Сол кезде кенет Ісләм басын жұлып алды да, Боранбайға жалт қарап, бір ой түсіп кеткендей саудыратып сөйлей жөнелді:

— Ал, Бораш, — деді ойын іркіп жатпастан, — Міне, сенің Алматыдағы күндерің де зулап өтіп барады. Үш күннен кейін өзің қызмет атқарып жатқан Балтық жағалауына қарай тартып отырасың. Көзің әбден үйренді ғой, қазаққа беймәлім сол өлкені де сағынып қалған шығарсың...

Бұл Ісләм сөйлесе, ауыздыға сөз бермейтін шешен, көсілсе, аяқтыға жол бермейтін жүйріктің нағыз өзі-ау. Кейде алыстан орағыта, кейде мәнерлей айтып, Боранбайдың тіршілігіне қатысты өз ойларын төгіп бір берді дейсің. Боранбай болса, не дей қойсын, шалалау ұқса да, ағасының әңгімелерін үнсіз ғана тыңдауға құлықты:

— Бірақ саған үйлену керек. Ол жақта біреумен таныса алдың ба?

Інісінің күмілжіңкіреп қалғанын байқаған Ісләмнің көздері бұрынғысынан да сығырая түсті. Оның көңілінің түбінде сырғып өткен — «Осы неме кәпір қыздарының бірімен байланысып қалған жоқ па екен?» деген күдікті ой.

— Таныспағаның дұрыс.

— Неге, аға?

— Діні бөлек, заты бөлек кәпірмен таныссаң, мұндағы біз қан жұтпаймыз ба?

— Е, аға, онда тұрған не бар? Интернационал болмаймыз ба?

Ісләмнің кішіректеу отты жанарлары жарық ете түсті:

— Онда тұрған не бар? Сөзінің түрін қара. Әрине, шет жақта жүріп, орыс болып кеткен сенен не сұрарсың. Әйтеуір қанды қасаптың ортасынан аман келгеніңе шүкіршілік. — Жарық еткен жанармен бірге Ісләмнің ашуы да қоса бұрық ете түсіпті, саябыр тартып, басылғаны сәлден кейін:

— Иә, саған не кінә бар? Қаншама жыл шет жақта жүрдің. Қазақтың өзін көрмек тұрғай, басқан ізі де көзіңе түспей, туған еліңді аңсап келдің. Солай ма? — Інісі басын изеді. — Соның бәрін мен білмейді, сезбейді деймісің. Қазақты көрмесең, қазақтың қызын қалай көрмексің, көрмеген қызға қалай сөз айтпақсың? Міне, әңгіме қайда жатыр.

Манадан бері тек бас шұлғумен жүрген Боранбайдың көздерін алайта түсіп, көтіріліп кеткені осы сәтте.

— Аға, бері қараңыз, — деді енді ол орыс тілінде. —«Қазақ-қазақ» деп қоймайсыз ғой өзі. Мәселе қазақта емес, ең бастысы менің үйленетін адамым Совет адамы болуы керек қой.

Інісінің қалай қарай қиялап бара жатқанын аңғарған Ісләм жақтырмай тұр: «Мына Боранбай таза орыс болуға айналған екен де». Ағасының бір ауық үнсіз қалғанын жеңілгені деп түсінді ме, кешеден бері үндеңкіремей, тартына сөйлеп жүрген Боранбай енді бастырмалатып қоя берді:

— Сіз де Совет жастарының жетекшісі емессіз бе? Сондай қызметте жүріп, ұлтшыл болғаныңыз қалай?

«Мәссаған, мынау шынында да қалай-қалай сілтейді, ей. Мені ұлтшыл деп ұстап беруден тайынбас. Екпіндей бермей, тамырын баса түсейінші өзі»

Жоқ, Боранбай бауыры әскери қызметте де бос жүрмепті. Ол жақта көңіл жарастырып, сөз байласып жүрген адамы болып шықты. Келесі жолы елге оралғанда, ала қайтпақ. «Жетіпісіпсің, — деп ойлады Ісләм енді іштей дауласуға көшіп. — Қазақ жерінде келімсектер онсыз да аз болып тұр еді. Сыртта жүрген жігіттеріміз осылай тамшылатып әкеле берсе, үйіміз келімсек келіндерге толып кетер. Мынау сұмдық екен!» Сырттай жігерлі де сөзшең көрінетін хатшы жігіт іштей торығып, бір түрлі уайымның уысына шырмалып қалды.

Келін тақырыбын келістіре алмасын білді де, ананы-мынаны сөз етіп, сырғақсып кеткен енді Ісләмнің өзі. Әңгімелері қиылыспасын сезсе де, бұл мәселеге қайта айналып соққаны кешке қарай:

— Ал, жасың болса, келіп қалды. Бас құрап, Бекбосын ақсақалдың шаңырағын түтетуің керек. Сонда сол жат елде жүріп, жат жұрттың қызын жетектеп алып келсең, қалай болмақ? Ата-анаңының аруағынының алдында не демексің? Одан өрбіген ұрпағың басқа тілде шүлдірлеп, қазаққа мұрынын шүйіре қарап тұрса, не демекпіз. Сені қойшы, сен жат елде көп уақыт жүріп, етің үйреніп кеткен де шығар. Ал мұндағы ағайын-туған біз ше, осындағы өзіңнің қазақ бауырларың ше? Бәріміз жерге қарап қаламыз ғой.

Қызып кеткені сондай — Ісләм манағы «Ұлтшыл деп ұстап берер» деген сақтығын да белінен бір-ақ басып еді.

«Бұған не дейсің?» дегенді көзқарасымен ұқтырған Ісләм Боранбайға бұрылып, бір сәт сынай қарағандай болды. «Манадан бері зарлап сөйлеп жатырмын ғой, енді қалғанын өзі шешсін» дегендей.

— Аға, сіз комсомол басқарасыз. Сөйте тұра ұлтшылсыз. Екінші түсінбейтінім — комсомол атеист болуы керек. Сөйте тұра сіз ескі түсінікпен сөйлейсіз. Ата-баба жолы, иман дейсіз. Бұл дегеніңіз — діншілдік қой.

Сөйтіп сол күні бұл әңгіменің қабыспайтыны айқындалып-ақ қалды.

Ісләмнің жіңішікелей сөйлеп, сөзді қайта сабақтағаны ертеңінде:

— Келін әңгімесін мен саған бекерден бекер айтып отырған жоқпын ғой. Жүр ғой үйде әне Әбутәліп ағаң. «Әйелім» деп ертіп келгені — орыстың кәдімгі мәтүшкесі. Бір ауыз қазақша білмек түгілі, қазақ десе, мұрынын шүйіреді. Біздің халықты менсінбейтін адамды қалай жан жарым деп айта аларсың. Сонан менің не айтайын деп келе жатқанымды түсіндің ғой, Бораш.

— Сонда не, айтасыз, аға? — болды біраз үнсіздіктен кейінгі Боранбайдың сұрағы.

— Аз күнде қайтадан жолға шығасың. Қазақстанға қай заманнан бері бірінші рет келіп тұрсың. Уақытың болса тығыз. Енді осы жолы неде болса, бір қазақ қызына ен салып кетуің керек. Әйтпесе ана жақта, жат жерде жүріп, жаңағы мәтүшкеңнен шыға алмай қаларсың.

— Сонда не істеуім керек? — деді Боранбай бойы өзінен төмен ағасына жоғарыдан сәл имене қарап.

— Айтып отырмын ғой, бір дұрыс қазақ қызбен танысып, оған жіп тағып кету керек деп.

— Неге қазақ? Жергілікті орыспен ше?

— Әркім өз ұлтымен жақсы жараспай ма? Қазақ қызы қалай болғанда да иманды болып келеді. Инабаттылары да көп.

— Аға, оныңыз дұрыс қой. Бірақ қалай болар екен?

— Не қалай болатыны бар, тез соны істеу керек.

— Мен ғой, Қазақстанда сегіз жылдан бері болған жоқпын. Оның ішінде төрт жылым қан кешумен қырғын соғыстың ортасында өтті. Осы уақыттың ішінде қазақ дегенді көргемін жоқ, араласа да алмадым. Маған қиын...

— Нені айтып тұрсың сонда, Бораш? — деді Ісләм інісінің неге бұрып әкеле жатқанын сезсе де, ойын ашып айта түссін деген ниетпен. — Соншама қиындықты көрген Совет офицеріне не қиын бола қалыпты сонша? Біздің Совет армиясының қызметкерінің алдында кедергі болмауы тиіс. Азуын айға білеп, жер-жаһанды басып аламын деп тұрған гитлерлік Германияның өзін тізе бүктірген сендер неден қорқушы едіңдер? — деген кезде Ісләмнің даусы қатайыңқырап, екпіндей сөйлеп кетті.

— Аға, бір ауыз сөзбен айтқанда, маған... маған.. қызбен сөйлесу қиын. Менің қазақ қызымен сөйлеспегеніме қанша жыл. Ай, сөйлесе алмайтын шығармын...

Мына жауапты естіген Ісләм інісіне жалт қарады да, қарқылдап тұрып күліп жіберді. Тіпті біразға дейін өзіне өзі келе алсашы.

— Ой, сол ма сонда қорқып тұрғаның? Мынауың тышқаннан қорыққан пілдің кебі болды ғой. Дәу піл өзіне қарағанда құртақандай болып көрінетін тышқаннан қорқады екен ғой. Немесе біздің қазақта тағы мынандай бір сөз бар, «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген. Енді немене, қорқамын деп әйелсіз қалайын деп тұрмысың? Әйда, қой оныңды.

— Қазақ қызын қайдан табамын?

Екеуара сәл үнсіздіктен кейін Ісләм өзінің шешімін айтты:

— Онда былай болсын. Кешкісін осындағы Жен ПИ-де бір кеш болады. Біз, қалалық комсомол комитеті, солармен бірігіп, осы кешті ұйымдастырып жатырмыз. Олардың қыздары шеттерінен биязы, қазақы мінезді болып келеді.

— ЖенПИ деген не ол? — деді Боранбай. Шынында да Қазақстанға көп заманнан бері алғаш рет келіп тұрса, ондайды қайдан білсін.

— Өзіміз ЖенПИ дейміз. Онымыз да дұрыс емес, аузымыз үйреніп кеткен соң, айтып жатқаным ғой. Әйтпесе қазақшасы «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты».

— Сонда немене, онда ылғи қыздар оқи ма? — деді бұған таң қалған Боранбай.

— Иә, қыздар оқиды. Сен қалай сөйлесемін деп қорықпа. Өзім ертіп барамын да, қалың қыздың ішіне кіргізіп жіберемін.

...Сонымен қыздар педагогикалық институтындағы кеш те басталды. Онсыз да қобалжып келген Боранбай қалың қыздың ішіне кіргеннен кейін, маңдайы тершіп, шынымен де сасқалақтайын деді. Қаптаған қалың қыздың ортасында қалғаннан гөрі, қалың немістің ортасында қалған әлдеқайда жеңіл сияқты көрінді. Оның үстіне осынша быжынаған қазақ қызының ортасына бұрын-соңды түсіп көрмеген басы. Әркімге бір жалтақтап, не айтарын білмей, тілі тұтығып, қарадан қарап пысынай бастаған.

Оның бұл қиын жағдайдан құтқарған Ісләмнің өзі болды. Қалалық комсомол комитетінің хатшысы болғаннан кейін, ұйымдастыру жұмыстарымен әркіммен бір сөйлесіп, ертіп келген інісіне мойын бұруға да мұршасы болмай жүрген. Шаруалары сәл саябырсып, кештің қарқыны енді қыза бастаған уақытта Боранбайдың қасына қайтадан келді. Жалғыз емес, қасында орта бойлы, ботакөзді бір аққұба қыз бар.

— Мына жігіт, — деді ол қасындағы қызға қарап. — Төрт жыл бойы қан майданда неміс фашистерімен арпалысып келген Совет офицері. Қазірде армияда қызметте. Алматыға демалыс алып келгені ғой. Ылғи соғыста, шетте жүріп, бейбіт өмірді, соның ішінде қазақ ортасын ұмытып қалған жайы бар. Біздің отан қорғаушымыз ғой. Осы жігітке ие болып, бүгінгі кештің мәнсін түсіндірші.

Осыны айтты да, Ісләм асыққан кейіппен артына қарай күрт бұрылды. Институт басшыларымен сөйлесіп, әлдебір мәселелерді шешу үстінде сияқты. Жігітке сабырлы жүзбен барлай қараған қыз:

— Сәлима, — деді басын изеп. Боранбайды сәл кідіртіп қалған — «Қолын беру керек пе, жоқ па?» деген ой. Қыз мұның созылған қолын жасқаншақтап барып алды. Осыдан-ақ оның бойынан инабаттылық лебі есіп тұрғандай болды. Кейбір жеңілтек бойжеткендердей танымайтын жігітке қолын өзі ала жүгірген жоқ.

Жігіт күректей алақандарымен қаусыра қысқан кезде, бота көздері одан әрман бақырйып кеткен Сәлима:

— Ой! — деп шыңғырып жіберді. Сөйтсе, көптен әйел затының қолын ұстап көрмеген Боранбай әскердегі дағдысымен өзінің темірдей алақанымен нәзік саусақтарды батырлата қысып жіберіпті. Амал жоқ, әскери салтпен кешірім сұрап, өзінше ақталуына тура келген.

Қолдары кәдімгідей ауырып кетсе де, қыз қабағын шытқан жоқ. Қайта осындай аюша қорбаңдаған әскери жігітті қызық көргендей оған жаутаңдап қарай береді. Боранбайдың басына ә дегеннен келе қалған ой — «Мынау өзі ынжықтау қыз ғой. Қалай комсомол жетекшісі болып жүр?» Бұған дейін талай жетекші көрген жігіт емес пе, олардың бәрі де шеттерінен «Сен тұр, мен атайын» болып, ытырынып келетін. «Жасық адам да комсомол хатшысы болады екен-ау!» деп ойлап тұрған жігіттен Сәлима бірнәрселерді ептеп сұрай бастаған. Өзінше әңгімеге тартқан түрі.

Кеш аяқталып, жиналған көпшілік қауым тарқағалы жатқан кезде, Сәлима қайтадан Боранбайдың қасына келіп:

— Аға, маған Ісләм аға тағы да комсомолдық тапсырма беріп отыр, — деді бір түрлі ыңғайсызданған пішінмен. Аққұба өңіне бір қызғылтым әр жүгіріп өткендей болды.

Тапсырма берсе, орында. Маған қарамай, жүре беруіңе болады.

Маған. Қалай маған? Менің қатысым жоқ қой, — деп қалды жігіт әскери дағдысымен қысқаша нақ-нақ сөйлеп.

Ертеңнен бастап сізге Алматы қаласын аралатып, таныстырып шығуым керек екен. Сабақтан өзі сұрап алатын болды. Сондықтан таңертеңнен бастап енді екі күн менің қарамағымда боласыз, — деді Сәлима биязы күлімсіреген қалпы. Өзі осы алған тапсырмасына бір жағы қысылып тұрған да сыңайлы.

— Мен өзі тек командирдің ғана қарамағында болып келе жатқан адаммын ғой. Ал қыздың қарамағына түсіп көрген емеспін. Оған қалай бағынуды біле де бермеймін, — деп қалды сол сәтте ептеп қызға бойын үйрете бастаған Боранбай өзінше батылданып. Аузынан шығатын сөздері тек орысша. Қазақ қызымен де әңгімесінің орыс тілінде өрбігеніне бәлендей қысыла қойған жоқ.

Өзінше тауып сөйлеген түр көрсетсе де, түнімен ұйқысы шала болып шықты. Оянып кетсе болғаны, көз алдына елестей беретін — жаңағы қыз. Алып бара жатқан керемет сұлу болмаса да, сүйкімді. Жастар жетекшісі дейтіндей емес, жігіттің алдында әдеп сақтап, сызылып тұрғаны. Боранбай енді кешегі жасық деген ойынан да айнудың аз-ақ алдында. «Бұл жақтағы халықтың психологиясы басқа ғой. Өзім қазақ болсам да, қазақтарды түсінбей жатқан шығармын» деп бір қойды тағы да.

Енді байқап тұрса, Сәлима өзі де, өзі де ретті жан. Көзін жұмса болды, сол бір қара көзді, аққұба қарындас елестеп, жан дүниесін бір жайлы сезімге бөлейтіндей. Жігіттің жүрегі де ептеп шымырлап қоятын сияқты. «Қазақ қызы деген осындай болады екен-ау» дейді өзі ара-арасында.

Бір түрлі кездескенше асығып, тағы да аңсап көргісі келеді.

Сөйтіп жатып әрең дегенде көзі ілініп кеткен екен, таңертең шала ұйқылы қалпы орнынан тұра салып, кездесетінін жеріне қарай жүгірді.

Екеуі анадайдан бірін бірі көрген бойда-ақ, ежелгі таныстарша жарқырай амандасты.

— Ісләм аға — біздің басшымыз. Мен комсомолдық тапсырманы тап-тұйнақтай орындауға тиістімін, — деді Сәлима амандық-саулық сұрасқаннан кейін. — Қане, аға, босқа тұрмайық. Қаланың бір жағынан екінші жағына шыққанша күн өтіп кетеді.

Екеуі әңгімелесе жүріп, белгілі бір маршрут бойынша Алматыны асықпай аралады. Бұл арада «әңгімелесе жүріп» деген жай емеуірін сөз, әйтпесе негізінен әңгіменің тиегін ағытып келе жатқан — Сәлима. Қазақшаға шорқақ, сезімге қорқақ Боранбайдікі — «Иә» деп қойып, қыз артынан салпақтап ілесе беру ғана. Анда-санда орысша бірдемені күңк еткізетіні болмаса, сөзге де жарытып жатқаны шамалы.

Сәлима тек сүйкімді ғана емес, сөзге де шебер қыз екен. Кеше жігіттің ыңғайына қарай орыс тілін араластырып еді, бүгін біржола қазақшаға көшіп алыпты. Жігіттің орысша сөйлегеніне тіпті де миземестен, қазақ тілінде жауап қатады. Құлағына тосаң қазақ сөздерінің бәрін жіпке тізіп, ұғып алатын адамың Боранбай емес. Бірін түсінсе, көбін қаға де бермейтін сияқты. Әйтеуір басын изеп қояды.

Жұғысып сөйлескен сайын, қыздың өз жанына жағып бара жатқанын сезеді. Бірақ «Сен маған ұнадың» деп айтуға әлі жүрек жоқ. Не десе де, осы бойжеткендікі жөн сияқты.

Сәлима өзі қыздар педагогикалық институтының тарих факультетінде оқиды екен. Сабаққа алғырлығын былай қойғанда, қоғамдық жұмыстарға да белсенді. Өзін инстиуттың комсомол ұйымының хатшы етіп сайлап алуы да бекер емес көрінеді.

Кешкісін үйге әбден сілелеп жеткен кезде, алдынан маңғаздана басып, Ісләм ағасының шыға келгені.

— Ал, Бораш, — деді ол інісін былайырақ оңаша шығарып алып. — Қаланы араладыңдар ма?

— Жақсы, — деді Боранбайдың әңгімесін мұқият тыңдап алғаннан кейін Ісләм сөзін әрі қарай сабақтап. — Ал енді ана қыз қандай екен?

— Кім, Сәлима ма?

— Иә, басқа кім болушы еді. Күні бойы қасыңда жүрген қыз жалғыз сол емес пе?

— Аға, менің де айтайын дегенім сол еді, — деп Боранбай тамағын кенеп алып, бір тоқтады. Сәл кідіріп тұрды да. — Ол қызыңыз... сондай жақсы қыз екен, — деді сосын көп созбалақтап тұрмастан. Бұндайды назарынан тыс қалдыратын Ісләм емес, інісіне манадан бері көзінің қиығымен қарап тұрған ол осы арада қарқылдап күліп жіберді:

— Шын айтасың ба, қыз саған ұнады ма? Айтшы шыныңды! — деді ол сосын төтесінен. Ептеп қызарып кеткен Боранбай сәл ғана басын изеді. — Ана орыс мәтүшкеңнен қалай?

Боранбайдың күмілжіп қалғанын байқаған Ісләм:

— Бәлі! — деп қалды. — Мен соны басқа біреулермен уақыт өткізіп, босқа әуре болып жүрмесін деп, өзім білетін қыздардың ең тәуіріне әдейі жолықтырып отырмын емес пе. Саған ұнаса болды онда, менің тілегімді де құдай берді деген сөз. Енді айырылма, қалайда көңіліңді білдіріп үлгір. Тіпті бүгін болса да, өйткені уақыт тығыз.

Боранбай осы арада Ісләм ағасының соншалықты сұңғылалығына қайран қалды. Өзі келін болуға ең лайығы осы-ау деген қызды қасына әдейі қосып берген екен. Сәлимаға комсомолдық тапсырма деп, әдейі қадап отырып, қасына ілестіріп жіберуінде де мән бар көрінеді. Институт комсомол ұйымының хатшысы, өзі белсенді қыз сабағынан сұранып, әдейі алыстан келген қазақ офицерінің жанында бекер жүре ме? Екі жас жақынырақ таныссын, біліссін, өзара түсінісіп жатса, ертең-ақ екеуі жарасып кетер деген екен.

Енді бұдан артық қандай жағдай керек? Боранбай өзінің қанды майданды көріп келген қаһарман екендігін есіне түсіріп, дереу шешім қабылдау керектігін түсінді. Өзі осы уақытқа шейін ана шеттегі орыс қызын жақсы көремін, түбі соған үйленемін деп ойлайтын. Ендігі әсері басқаша.

Жүрегі жүрек болмай, су болып кетсе де, Сәлиманы жақсы көретінін бүгін айтып қалуы керек. Бір жағы Ісләм ағасының қалауы да сол.

Осы ойға берік бекінген Боранбай қызбен кездесетін жерге қарай, аяғын қаздаңдата басып, нық сеніммен аяңдап келеді. Ойы тұнық, сезімі айқын, мақсаты белгілі. Жаумен неше рет бетпе бет келгенде дірілдемеген жүректің бір қаршадай қыздың алдында қаймыққаны қалай? Тіпті өз басына жараспайтын қылық қой.

Сәлимамен жолыққанша ол өстіп өзін өзі қайраумен болды...

Сөйтіп Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ісләм ағаның комсомолдық таптсырмасы түгел орындалып, соның ақыры Совет армиясының кадрлық офицері, майдангер Боранбай Бекбосынов пен Қыздар педагогикалық институтының озат студенті әрі осы интитуттың комсомол ұйымының хатшысы Сәлима Рәтайқызы екеуінің «комосмолдық тойымен» аяқталды. Ай, сонда Ісләм ағасының қуанғаныын айтсаңшы:

— Ойпыр-ай, шетте жүріп, қазақ қызынан құр қала ма деп қорқып едім. «Совет адамы болса, болды ғой» дейді маған Боранбай өзі. Ойпыр-ау, қазақ қызын Совет адамы емес деп кім айтты. Енді, міне, құдай тілеуімізді берді. Сәлимадай жары бар Боранбайдың болашағынан енді қорықпаймын. Ұрпақтары да қазақша сөйлеп, қазақша өсетін болды. Осы жас отау ұлтымызды сақтауға қызмет етсе, одан артық не керек бізге, — деді туысқандар арасында тебірене сөйлеген ол.

Комсомолдық той үстінде бұлайша ашып айта алмауының мәнісі де түсінікті. Біреу болмаса біреу «Ұлтшыл», «Интернационализмге қарсы» десе, біткені ғой, Советтің қырағы көз үндеместері жұмыстан қуғызып жіберуден тайынбас. Тіпті бір-ақ күнде көзіңді жойып жіберудің жолын қарастырса неғыл дерсіз. Оның дәлелі аңғал сөйлеп, арандап қалып жатқан талай жандардың тағдырлары.

Дегенімен ой түбінде жатқан небір қыжылды туыстардың арасында ақтарып салғанына да тәубе.

Боранбай жас келіншегін қасына ертіп алып, өзі әскери қызметін атқарып жүрген сонау Балтық жағалауына қарай аттанып кетті.

Бұл бір бақытты шақтар еді.

Жат ел, жат ортада екеуі қол ұстасып, бір біріне серік болып, жұбайылық өмірдің алғашқы айларын өткізіп жатты. Ісләм ағасы айтатын баяғы орыс мәтүшкесі қазақ жігітінің үйленіп келгеніне бәлендей қинала да қойған жоқ.

Боранбай — әскери өмірге, сарт-сұрт жүріс пен асығыс, қатқыл әмірлерге үйренген адам. Бұрынғы салқындау сүреңсіз тіршілігі өзінің іздеп тапқан жарының арасында жан дүниесі жылынып сала берді. Айнала бір көркем гүлдерге бөленгендей, аспаннан тоқтаусыз шуақты нұр құйылып тұрғандай бір жайлы әсердің тербеуінде.

Екеуі негізінен ыңғайларына қарай екі тілде сөйлескендерімен, уақыт өте келе, кісінесе тіл табысып кетті. Әскери қызметтен қолы қалай қалт етіп босайды, Боранбай солай үйіне жеткенше асығады. Бұрын әбден орысша ғана сөйлеп, соған дағдыланып алған офицерді үйінде тосатын — жайраңдай күлген жан жары және қазақ тіліндегі қалжың қағыстар. Сәлима да шамасы жеткенше, оған қазақ тілінің байлығын жеткізуге ықыласты. Кейде түсінбей қалғанын сөздерін ұқтырып, кәнігі мұғалімше сөйлеп кететінін қайтерсіз.

Екеуі бірінің жетпегенін бірі толықтырды. Адамгершілік, имандылық мәселелеріне келгенде, екеуінің көзқарастарында ұқсас, сабақтас жайлар көп болып шықты. Біреуі бір пікір айтып қалса, екінішісі соны қолдай жөнеледі. Ал түсініспей жатса, қайталап, қадала түсіп сұрап жатқандары.

Сәлима жұбайын қазақша сөздерге, қазақи салт-дәстүрге үйретсе, Боранбай оған әскери өмірдің қыры-сыры жайлы әңгімелеп, өзі бастан кешкен қанды қырғынның жекелеген хикаяларын айтып беретін. Елге оралғаннан кейінгі болашақтары жайлы бірге қиялдайтын, бірге жоспар құратын.

Шет жаққа алғаш рет шығып тұрған Сәлиманы жаңа ел, жаңа орта мүлде басқаша әсер етіп, айналасына қызықтай қарады. Жас келіншектің жанын шаттыққа бөлейтін — бәрінен бұрын екеуінің бірге жүріп, бірге тұрғаны, екеуінің өзара үнсіз ұғынысып кеткені, жігітінің жақсы адам болып шыққаны. Шетте жүріп-ақ, қазақ тіліне ден қойып, ықыласы бөліп жатқанының өзі неге тұрады.

Бірақ қанша тосын, қызық көрінгенімен, өзіңнің туған еліңдей қайдан болсын. Боранбай өзі онша сезіне де қоймас, ал Сәлима үшін... Тіпті қазақ тілінде сөйлейтін адамды былай қойып, жүзі қазақ өңдес адамды көрудің өзі мұң.

Балтық теңізі жағалауындағы осы бір өңірге тек саяхаттап қана аз күнге барып қайтпасаң, қазақтың кең даласынан, Алматыдай әсем қаласынан шыққан жас келіншек үшін біртіндеп барып қызығы да азая бастағандай болды. Қысы-жазы тұманы тұшалап алатын, ылди жақтан ылғалды леп есетін орманды жазық алқап. Кей жерлері батпақ. Кейде жаздың өзінде күннің көзін бірнеше күн бойы көре алмайсың.

Оның үстіне аралас-құралас болып жатқан туған-туыс, дос-жаран деген де жоқтың қасы. Боранбайды қойшы, бұл жаққа үйренген адам әрі жігіт деген аты бар емес пе, Сәлима елін қатты аңсаумен болды. Әйтеуір бар медет тұтары — қасындағы жары Боранбай ғана. Жат, жерде жат ортада жабырқаған жанына, сағыныш езген жүрегіне сол ғана сүйеніш.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Боранбайды әскери бөлімнің командирі шақырып алды. Қолында — мөр басылған бір маңызды қағаз. Қысқаша ғана амандық-саулық сұрасқаннан кейін, ол Қазақстан басшылығы ұлты қазақ офицерлерді мүмкіндік болса, Қазақстанға қайтаруды сұрап өтініш білдірген екен. Соған байланысты ССРО Қорғаныс министрлігі жер-жерге осындай қатынас қағаздар жолдаған. Онда «Жергілікті жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін ұлты қазақ офицерлерді туған республикаларына қайтару» жөнінде айтылыпты.

— Қалай жолдас, Боранбай Бекбосынов, туған Қазақстаныңа қайтқың келе ме? — деп сұрады бөлім командирі мән-жайды түсіндіргеннен кейін барып.

— Әрине, жолдас подполковник! Сегіз жылдан бері Қазақстаннан басқа жерде жүрмін. Тіпті соғыстан кейін де үйге оралуға мүмкіндік болмады.

— Ендеше жолға дайындал! Әйелің қарсы емес қой? — деп сұрады подполковник содан кейін әзіл-шыны аралас.

— Қарсы болуы мүмкін емес. Қайта үйін сағынып, әрең шыдап жүр еді.

— Ендеше, алға, Қазақстанға қарай. Ендігі қызметің сол жақта жалғасады.

—Совет Одағына қызмет етемін! — деді Боранбай әскери дәстүрмен құрмет білдірген күйі саңқылдай сөйлеп.

Осы хабарды естіген сәттегі Сәлиманың қуанғанын айтсаңшы. Орнынан ұшып тұрып, күйеуінің мойнына асыла кетті. Алақанын шапалақтап, жас балаша айқайлап жүр.

Сонан ұзамай жас жұбайлар туған елі Қазақстанға қарай жол тартты.

Бұл жолы Боранбай қазақшаны әжептәуір меңгеріп оралған еді. Неге екені белгісіз, енді «ұлтшылдық» деген сөзді аузына алмайтын болыпты.

2011


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар