Менің Баубек туралы естелігім онша мол емес — ол жөнінде ойлар көп. Ол Ұлытау баурайынан Қарсақпайға, Қарсақпайдан Алматыға аттанған кезде мен 3—4 жастарда ғана болатынмын. Бір жазда ауылға келіп, Баубектің көп ойыншық әкеліп бергені есімде бар.
Содан кейінгі естелік, әрине, соғыс жылдарына байланысты. Менің әкемнің атына «Аға!» деп басталатын әскери үшбұрыш хаттар мен аяғында «ВЦ» деген белгісі бар ашық хаттар үздіксіз біздің алыс ауылға келіп тұратынын жақсы білем. Сонда мен оған жауап хаттар да жазған екенмін. Оны кейін Баубектің Мұқанға жазған хаттарынан білдім. Ол бір хатында Мұқанға: «Бауырым, сенің мақалаларын «СҚ-ға» жиі жарияланып тұрады деп маған ауылдан Сейітжанның кішкене баласы жазады. Мен оған өте қуаныштымын», — деп жазыпты. Екінші бір хатта да осылай деген.
Сонда мен 2—3 кластарда оқитынмын, демек сонда «Социалистік Қазақстанды» да қарайтын болғаным ғой (ол аса есімде жоқ), ал «Октябрь балалары» газетін үзбей жаздырып, қызыға оқитыным есімде!
Енді бір хатында (4 сентябрь 1941 жыл) «Сейітжан ағайдан хат алдым. «Сендерден басқа тілек былай қалды», — дейді. Аяймын».
Сол Сейітжан — менің әкем, ауылдың мұғалімі. Баубекке де сабақ берген. Баубектің әкесі Бұлқыш Байқоңыров (Байқоңыр мен Смаил бірге туған) пен анасы Бәтима көзі ашық, жазу-сызудан хабары бар, көңілі ояу адамдар болған.
«Жас Баубекті, — деп жазады журналист Валерий Могильницкий «Жұлдыз» журналында жарияланған (№ 3, 1983 жыл) «Баубек Бұлқышев атындағы көше» деген корреспонденциясында, — ауыл мұғалімі Сейітжан Смаилов қанатына алып, қамқорлығына бөледі. Сейітжан мұғалім сондай жаны жомарт, құшағы кең, қайырымы мол азамат еді. Жалғыз Баубек емес, талай жас өркендер Сейітжан Смаиловтың көмегі арқасында білім алып, өмірден орын тауып, ел. қатарына қосылған».
Өзінің туған әкесі туралы жылы сөз есту кімге болса да қуаныш. «Октябрь балалары» газетінде шыққан бір әңгімесінде Баубек Өтебай деген құрдас бала туралы әзілдей жазады. Өтебай деген кісі сол ауылда, Сарлықта болған Сахан Барбосынов деген кезінде Амангелдіге қару соққан тамаша ұстаның баласы еді. Өзі де кейін» ұста болып, адал еңбек етті. Сондай-ақ, Баубек Мұқаш деген құрдасын, досын қатты кұрметтейтін, соғыс кезінде хат жазып туратын. Ауыл мектебінде бірге оқыған достарынан қазір сол Ұлытау Жезқазған аймағында Тұрсын Ысқақов, Қарабай Тұрсынбаев деген кісілер бар. Олар Баубектің бала кезінде өте зерек, сезімтал, білімге құмар, жомарт жанды болғанын сүйсіне айтып отырады.
Қазіргі белгілі де беделді публицист Юрий Жуковтің соғыс кезінде «Комсомольская правдаға» жалынды мақалаларын жазған жас Баубекті есіне сақтап қалғаны, есінен шығармағаны біз үшін үлкен қуаныш та мақтаныш болды ғой.
Әлі есімде, жетпісінші жылдардың басында «Қазақ - фильмге» белгілі журналист -зерттеуші Сейілхан Асқаров Баубек туралы деректі фильмнің сценарийін алып келген. Сол фильмді жасайтын режиссер Юрий Пискунов әуелі Баубектің туған, балалық шағын өткізген жері — Ұлытау, Қарсақпай аймағына, қазіргі Амангелді совхозының (бұрынғы «Бірлік» колхозы, Сарлық, Қорғантас ауылдары) жеріне барып Баубектің бала кезінен білетін Мұқаш Бимағанбетов секілді қарттармен, басқа да ауыл адамдарымен кездесіп, сөйлесіп қайтты. Олардың естеліктерін фильм үшін жазып алды. Ұлытау баурайынан оралған соң, олар Баубектің жалынды публицист болып елімізге, әлемге танылған жері — Москваға бет алды.
Баубектің жалынды мақалалары жарияланған кезде «Комсомольская правда» газетінің майдан бөлімінің меңгерушісі болған Юрий Жуковке бармақ, сауал салмақ болды. Ол бір ғажап интервью болды. Кейін сол әңгіме «Ленинская смена» газетінде толық жарияланды. Баубек Бұлқышевтың айналдырған алты жылдың ішінде орысша білмейтін ауыл баласының қатарынан бүкіл совет жастарының газеті «Комсомолкаға» орыс тілінде терең ойлы, отты сезімді, сергек сөздермен жан тебірентер публицистикалық, мақалалар жазуы, жалындап еліміздің көгіне дабыл қаға шығуы — ғажайып самғау, ғаламат талант шырқауы. Қазақ халқының атын танытты, халқымыздың рухани бейнесін білдірді-ау!
Соғыс басталардың алдында алыс қазақ, аулында өсіп, Қарсақпайдың ФЗУ мектебін ғана бітіріп, содан Алматыға келген, осы астанада айналдырған алты жыл ғана тұрған, оқыған, қызмет еткен, сөйтіп әскерге шақырылып, Армияға кеткен. Сосын майданға аттанып, үш жылдан астам қан кешіп жеңіске бір жылдан сәл ғана асар мерзім қалғанда қаза тапқан.
Болашаққа көзді көп салатын, көңілін көп жүгіртетін. Үнемі болашақ туралы ойлайтын еді! «Адам дүниеге жай ғана келіп, жай ғана аттана бермейді, ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады», — деп жазды Баубек. Оның өмір ұраны, кредосы осы еді ғой. Артымда бір алақандай кітапшам қалса екен деп армандаған Баубектің артында тамаша публицистикалық мақалалары, өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері мен аяқталмаған романы қалды. Бағалы дүние, рухани салмағы мол дүние қалдырып кетті Баубек!
Ол ақын да, жазушы да, композитор да болуды арман еткен. «Мен өзімшіл екем» дейді ол. «Мен жаспын, мен өмір сүргім келеді. Ең қызықты өмір әлі де алдымда екенін жақсы білемін», ал Гетенің «біздің тәңірден алған ең үлкен сыйымыз — өмір» дегенін еске алады, алға тартады да сол бір неміс солдатының, фрицтің өлерде қиналғанын көріп, не үшін өлмек екенін сұрапты. Ол диалектикалық деңгейде сөйлейді. Неміс фашистеріне қарсы бүкіл адал адамзат атынан сөйлейді. Иә, Баубек — қазақ халқының перзенті, Қазақстанның ұлы. Әр мақаласында ол арқасын өзінің қадірлі де қуатты Қазақстанына тіреп, сүйеп отырады. Сол соғыс кезінде жауға атылған он оқтың тоғызын қорғасыннан құйып (Ащысай мен Текелінің рудасынан алған Шымкент қорғасыны), мысымен қаптаған (Жезқазған мен Қоңырат рудасынан Балқаш балқытқан мыс) туған Қазақстанның жазушы орынды мақтан етеді. «Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің қолыңда», — деп тұрған ізгі ана — қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұлым, туған еліңді сақтап қал!» — дегендей болады».
Одан әрі жалғайды ойын: «Жаман солдат болуға біз,- дің правомыз жоқ. Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, бауырлас орыс халқының қолбасшылары Суворов, Кутузовтардан екі үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Амангелді мен Абайдың халқының балаларымыз».
Осылай екі деңгей, екі сезім Баубек толғауларында қатар өріліп, қатар өрбіп отырады. «Екеуміз де (орыс досы туралы айтады) оқты қойын-қонышымызға толтырып алған екенбіз. Екі қапшықты ортаға қойып ол маған: «Шымкенттің, Жезқазғанның дорбасын ашып қойдым», — деп күлімсірейді... Шымкент, Жезқазғанның гигант қабырғасына арқамды сүйеп отырғандай болдым», — деп жазады Баубек «Жауыздық пен махаббатта». «Пай-пай, Алматы - ай! Сенің кешкі бір ауаң тіпті есімнен кетпейді. Әсіресе көк жасылға бөленген шілдедегі кешіңе тіл жете ме? Тамаша қиялға батырады. Поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөленген ғажап қала, сен туралы, сенін батыр ұлдарың туралы жазбақпын», — деп уәде береді Баубек.
Сонда «Алматы — қалам менің» деген романын бастап та кетеді. Бұл — сол кездегі (қазір де) Алматы туралы алғаш роман болатын.
Баубекті тек қазақ публицист жазушы деп санамау керек. Оның жалынды мақала хаттарының бүкіл еліміздің жастары тарапынан қолдау - қостау табуы, жүздеген хаттардың келуі Баубектің ойы мен сезімі — барлық жастар көкейінен шықты деген сөз". Соғыс кезіндегі Константин Симоновтың, Илья Эренбургтің, Борис Полевойдың публицистикасының сапында, санатында Баубектің де аталуы орынды, заңды.
Оның ең тамаша публицистикалық толғаулары «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» 1942—1943 жылы жазылып, сол жылдары жарияланды ғой. Ең шабытты шағы болған сол жылдар Баубек үшін. Біз зер салар жәйт — Баубектің публицистикасы қызыл сөз, жалпылама ұран емес, нақты мысалдар, дәйекті деректерге тиянақтай ой түйеді, сезім серпітеді.
Оның мақаласынан бүгінге үлгі болар нақтылықты, ой тереңдігін, идея беріктігін, сезім кіршіксіздігін көреміз, ұғамыз!
Баубектің тағы бір сабағы — қолдан келгенде елдің биігіне, көгіне шығандап шырқау. Егер ол өз ауылымызда, өз арамызда қалса, соншама елге танылар ма еді. Бүкіл ел алдына шығу үшін сол деңгейде сөйлердей орыс тілін сол дәрежеде білу керек! Тіл ғана білу емес сол биікке көтерер де көтерілер ой керек! Сол ой Баубекте болған! Мол болған! Оған дейін дәл осындай Одақтың даңқ көгіне қазақ аты ұлы Жамбылдың жырларымен шырқаған болатын.
Халық өзінің асыл ұлдары, талантты перзенттері арқылы әлемге танылады деген. Баубек туған халқын танытқан тамаша перзенттерінің бірі болды.
Мұқан Иманжановпен екеуінің достығы тек бір ауылда туып, бір класта оқып (бір ауылда туып, бір класта оқыған балалар көп қой), бірге өскендіктен ғана дос емес еді. Ол болашаққа арманның бірлігінен, өмірге ұмтылыстың ұқсастығынан, ой-пікірдің, дүниеге көзқарастың түйіскенінен туған, шыныққан нағыз достық болатын.
Екеуінің бір-біріне жазған хаттарындағы жай сентиментализм емес, шынайы елжіреген жүректің сезімі шып-шып шығып тұрған жоқ па?!
Баубектің бір трагедиялы өлеңі бар. Ғажап! Ғаламат! Оны сол өлкеден шыққан Мұқанның інісі СССР Медицина ғылымы академиясының толық мүшесі Төрегелді Шарманов екеуміз отырып оқығанда қатты тебіренгеніміз бар, сол екі абзал ағаларымыздың ғажап өмірін жалындаған талантына, адам қызығар достығына қайран қалып: «Шіркін, солардай болар ма еді!» — деп қызығатын едік. Ол өлеңде былай делінген:
«...Майданда сөйтіп бір күн мен өлермін,
Қоштасып жер бетінен жөнелермін.
Бір өлген соң қайғы жоқ, уайым жоқ,
Қандай болар, о, сонда жайың сенің?
Рөлін өзі атқарар нашар жүрек,
Тереңіне батарсың дүниенің,
Ұлытау құлағаннан кейін соқпас,
Тірегі туып-өскен біздің жердің,
— Сөз де түспей ауызға, — дей берерсің,
«О, өлім, жауыз өлім, жауыз өлім!»
Қиын зат жан шығуы жас адамнан,
Ауыр боп өзімді-өзім көтере алман.
Соңғы рет кен дүние, шын достарым
Біртіндеп өтіп жатыр көз алдымнан.
Оһ, сонда көрісе алмай кеттім - ау деп
Бір-ақ сөз тілден кетпес деген «Мұқан...»
«Жанымның орны бос тұр, ол енді жоқ, —
Егіліп дерсің! — Алған сұм қара жер».
Сонда бір жақын досың түрегеліп
Жырыңды «Адам» деген оқып берер.
Баубек пен Мұқанның туған жерлері қатар жатыр. Баубек туған Сарлық пен Мұқан туған Қызылүйдің арасында Қосшоқы тұр, сол Қосшоқыдан Кенембай тоғанына дейін созылған қырлар сілемі бар. Жазық даланың ортасында көгілдір Ұлытаудың қос інісі секілді сол екі қоңыр шоқыны көргенде, осы кен жазық даланың екі тамаша ұлын, мақтаныш перзентін көргендей сезім ұялайды. Кен даланың төсінде, еркін жел құшағында, көгілдір аспан астында туған, Ұлытау баурайында өскен екі азамат ауылдың ұлы болып туып, халқының ұлдары бола білді. Ұлытау саясында туып, Алатау аясында тамаша жазушы азаматтар болып қалыптасты, қазақ әдебиеті ғана емес, 40—50 жылдардан совет әдебиетінің белгілі өкілдері қатарына қосылды. Баубек публицистикасының бүгінгі журналистер үшін сабақ үлгі болар қасиет сыпаттары бар. Ең алдымен, өз ауылың — өз аймағында шектеліп қалмай, айтар ойың, сол ойды жеткізер ширақ сезім мен сөзін болса, жасқанбай, тұйықталмай бүкіл елдің, әлемнің алдына шығып, одақ масштабында сөйле деген сабақ, Баубекке дейін осылай одақтық трибунадан даусы, сөзі бір емес, бірнеше рет естілген қазақ ұлы Жамбыл ғана болатын. Оның таңдаулы публицистикалық толғауларының «Комсомольская правданың» бетінде жариялануы тамаша! Бүгінгі Әнуар Әлімжанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сулейменов сияқты қазақ, публицистерінің одақтық дүние жүзілік аренада көрінуі, сөйлеуі Баубек ұмтылған, армандаған іс. Баубектің өмірі мен творчествосы жас журналистер үшін ерекше мектеп, ғажайып үлгі. Сондай жалынды, сондай шабытты, сондай білімді, сондай өнімді журналист болу — әрқайсысының арманына айналуы керек.
Осы орайда Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің жас журналистерге беріп отыратын Баубек Бұлқышев атындағы арнайы сыйлық тағайындауы тамаша іс. Сонау Ұлытау орта мектебінде Баубек атындағы пионер дружинасы, Сарлықта көше, Жезқазған қаласында арнайы көше болуы өте ұнамды. Енді Баубек Бұлқышев атындағы көшені оның өзі сүйген, қадірлеген, қазақ жазушылары арасында Алматы туралы алғаш роман жазған қаладан да көрерміз деген оқырмандар тілегіне ден қойған дұрыс-ау.
Баубекке ескерткіш те орнатса деген С. Аскаров идеясы да бір кезде іске асар.
Баубек елге аман-сау оралғанда, 29 жасар жігіт сусап келіп білім кәусарына бас қойғанда, (ол өздігінен оқып дағдыланған!) құлшынып келіп әдебиетке бел шешіп кіріскенде (оның ойланып, басталмаған, басталып аяқталмаған шығармалары қаншама еді!), ол нендей ғажап туындылар әкелетін еді, қандай ғажап жазушы (ол өлең мен поэма да, роман мен әңгіме де, толғау мен публицистикалық мақала да жазды ғой!) болатын еді деген өзек өртейтін өкінішті сұрақты жұрт көп қояды. Әсіресе жастар соны көп айтады.
Әрине, ол ғұлама білім иесі болатыны сөзсіз еді. Сол кезде ол көп білетін. Мақалаларында кездесетін ұлы есімдер естігеннен емес, оқығаннан болатын. Әрине, ол шабыты кемелденген жазушы бола түсетін еді.
Ол әдебиеттің өзі игере бастаған бар жанрында жазар еді! Ол, әрине өзі тең біліп, тең меңгеріп алған ана тілі мен орыс тілінде катар жазар еді!
Әрине, ол Олесь Гончар мен Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов пен Василь Быков секілді соғыстың философиялық, моральдық, психологиялық аспектілерін терең ашып жазар еді ғой!
Әрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезіп отыратын Баубек соғыстан кейінгі бейбіт өмірден жаңа «Алматылықтары» мен «Алтын сағатын» табар еді!
Оған сөз жоқ. Өткенге өкіну өнімсіз шаруа. Осындай ұл болып туып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткеннің өзі мақтаныш, жұбаныш!
1983 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі