Корейская косметика премиум класса

Қазақстандағы аударма өнері

Қазақстандағы аударма өнері

          Әлемде әр алуан тіл, әр алуан ел өмір сүріп отырған жағдайда аударма мәселесінің күнделікті қажетті іске айналуы заңды. Қазақ ғылымында да арнайы зерттеуді талап ететін салалардың бірі – аударма әдебиеттің тілі. Бұдан жарты ғасыр бұрын М.О.Әуезов: «...аударма төл күйінде, қалыптасып, есею күйінде ғана екендігін» атап өткен. Аударма көне де, жаңа да өнер. Ол басқа адамдар қауымын түсінудің құралы, олармен қарым қатынас жасаудың делдалы, дәнекері. Аударма өнерінің құбылыстарын зерттеу де, табиғаттағы және қоғамдық өмірдегі сан алуан құбылыстарды зерттеу сияқты, әр қырынан қарастыруды қажет етеді. Аударма проблемасын әр қилы тұрғыдан: тарихи-мәдени, әдебиеттану, лингвистикалық және психологиялық тұрғыдан алып қарастыруға болады. Қазақ аудармасының тарихына, теориясы мен тәжірибесіне арналған мақалаларда, жинақтарда, монографияларда, аударманың  тарихи-мәдени, әдебиет салаларындағы жайы көбірек.

           Ғалымдардың зерттеуі бойынша, екітілділік ежелгі дәуірлерден бастап көрініс тапқан. Екі тілде сөйлеген рулардың арасындағы соғыстардың нәтижесінде, адамдар тұтқынға алынды. Тұтқынға түскен адам сол рудың тілін түсінуге, үйренуге мәжбүр болды, осылайша билингвтер пайда болды. Бұл кездейсоқ және уақытша құбылыс болғанымен, сол кездің өзінде бір тілден екінші тілге аудару қажеттілік болды. Екітілділіктің тұрақты формалары феодал дәуірінде қалыптаса бастады. Себебі, бұл ғасырларда пұтқа табынушылық жойылып, қоғамға негізгі тіл мен жазбаны алып келген, жаңа діндер пайда болды. Капитализм дәуірінде екітілділік кең тарады. 1875 жылы Бодуэн де Куртенэнің «Опыт фонетики резьянских говоров» атты кітабы басылып шықты. Онда ол тілдің аралас сипатын талқылайды. Ол: «Екі тілдің араласуы екі бағытта болатын құбылыс, бір жағынан ол өз тіліне аударма тілінің элементтерін қосады, екіншіден ол екі тіл арасындағы айырмашылықтарды жояды» дейді.Екі тілде сөйлейтін іскери адамдардың арасындағы қатынас аудармашылар арқылы жүзеге асады. Ежелгі Ресейде оларды «толмач» деп атаған. Қазір олардың көмегінсіз халықтар мәселесі бойынша келіссөз жүргізу мүмкін емес.

           Аударма өнерінің қазақ топырағындағы гүлдене бастауы – орыс әдебиеті классиктерінің және орыс әдебиеті арқылы әлем сөз өнері зергерлері шығармаларының қазақшаға тәржымаланған тұсы. Соған орай алғашқы кезде мерзімді басылымдарда пікір, ұсыныс түрінде басталған аударма теориясы мен практикасына байланысты зерттеу жұмыстары кең арнаға, ғылыми салаға айналды. Аударма өнерін зерттеудің тарихы бастауын 1914 жылы "Айқапта" жарық көрген Сәкен Сейфуллиннің пікірінен бергі аралықтағы еңбектердің көтерген мәселесі де, зерттеу бағыты мен әдісі де сан түрлі. Аударма өнеріне қатысты А.Байтұрсынов, М.Сералин, Ж.Аймауытов пікірлері болғанына қарамастан және аударма өнерін зерттеу көкейтестілігі күн тәртібіне қойылғанмен, халқымыздың ұлы ойшылдарының бірі – М.Әуезовтың 1936 жылы жарияланған "Пушкинді қазақша аудару тәжірбиелері туралы"атты мақаласына дейінгі еңбектерде (Б.Кенжебаевтың Абай аудармашылығы жайында 1925 жылғы, Е.Алдоңғаровтың Пушкиннің "Сараң сері", "Тас мейман" қазақша аудармалары туралы 1926 жылғы мақалалары) ғылыми талдаулар мен тұжырымдар болған жоқ.

                    Қазақ топырағындағы аударма теориясының алғашқы қазығы сияқты осы мақаладан кейін М.Әуезовтың "Ревизордың аудармасы туралы", "Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?", "Евгений Онегиннің қазақшасы туралы", "Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар" атты мақалалары мен 1937 жылғы 5 қаңтарда "Казахстанская правда" газетінде  "Евгений Онегин на казахском языке" атты мақаласының жарық көруі қазақ әдебиеттану ғылымында көркем аударма теориясының өмірге келгенін көрсетеді.

М.Қаратаевтың аударма өнеріндегі қиындықтар мен принциптерді, жетістіктер мен кемшіліктерді әңгіме арқауы еткен, аударма шығармалардытуған әдебиеттің саласы ретінде дәлелдеген "Жүз жылдан кейінгі Пушкин", "Пушкин мен Абай", атты екі мақаласының, Т.Жүргеновтың "Казахский перевод "Шах-наме", Р.Жаманқұловтың "Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөздің" аударылуы атты мақалаларының қазақ көркем аударма теориясының іргетасы деп танырлықтай еңбектер екені даусыз.

           Қазақ тіліне аударма үлгісі XYII-XYIII ғасырларда келген. Араб-парсы, шағатай тілдерінен ауысқан, ауызша айтылған ертегілер, көптеген ұсақ мысал-нақылдар осы пікірдің тиянақты тірегіндей. Шын мағынасында бұлар аударма емес, мазмұндау – өзінше қайталап айту еді.

          Қазақстанда аударма өнерінің алғашқы туындылары революцияға дейін пайда болды. Қазақ халқының ұлы ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, өздерінің жазушылық және ағартушылық қызметтерімен, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында орыс мәдениетіне жол ашты.

          «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәріде орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады» - деп айтқан Абай атамыз. Ал Ыбырай Алтынсарин болса: «...Шын білім беретін, пайдалы мәләметтер беретін ғылыми күрделі оқу құралдарына жол салып беретін ғылыми күрделі оқу құралдарына жол салып беретін... өзімізге ең жақыны орыс тілі...» деген. Олар бір ғасырда өмір сүргенімен бір-бірін көрмей, танымай өтті. Алайда халықтың сол дәуірлегі мүддесі мен тарихи беталысы оларды үндестіріп отырды. Олардың үні тарихтың үні еді. Олар тарихтың өзі тудырған қайраткерлері болатын.

          Олардың ойынша, қазақ үшін өсіп, өркендеудің бірден-бір дұрыс жолы – ұлы орыс халқының демократияшыл мәдениетінен үлгі алу болды, сондықтан  орыс мәдениетін қазақ жұртшылығының арасында насихаттауға, қазақтардың бойына орыс мәдениетінің ұрығын салуға бар күштерін жұмсады. Осы идеяны жүзеге асыруда Абайдың да, Ыбырайдың да, кейін келген қазақтың демократияшыл қайраткерлердің де туған халқын мәдениеттендіру жолында қолданған ең күшті құралы – аударма жұмыс болды.  Олар аударма арқылы өз халқының санасын оятып, орыстың күллі бай мәдениеті мен әдебиетіне, ғылымына кеңелдіруді арман етті.

          1879 жылдардағы Ыбырай Алтынсариннің «Киргизская хрестоматиясы» қазақ халқының алғашқы үлгісі болды. Бұл орыс тілінен аудару дәстүрі еді. Алтынсарин аударылатын шығармаларды, ең алдымен, өзінің педагогті - тәрбиешілік көзқарасының тұрғысынан іріктеген. «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы     отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім», - дейді ол хрестоиатияға берген алғы сөзінде. Ол аударманы өзінің ағартушылық миссиясын жүзеге асырудың үлкен құралы деп білді және құрал етіп жұмсай алды да.  Орыс әдебиетінің туындыларынан шығармалар аударып, оларды өз халқының мүлкіне айналдыру Алтынсарин үшін үлкен мәні бар мәселе еді. Оның аударғандары негізінен алғанда Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың, К.Ушинскийдің, И.М.Паульсонның шығармалары. Бұлардың өзінен ол өзінің ағартушылық идеясына сай келетін, орыс тілін жаңадан үйрене бастаған, ғылымның алғашқы сатысына енді ғана аяқ басқалы отырған қазақ балаларының оқуына лайықты келетін шығармаларды іріктеп алды.

      Қазіргі кезде шет тілін үйрену аса қиын мәселе емес.Қазіргі қоғамда аудармашылық қызметтің қолданылу шеңбері күн сайын кеңейіп,үлкен әлеуметтік сұранысқа ие болып отыр. Көптеген мемлекеттерде арнайы оқу орындары ашылып,кәсіби аудармашы мамандарды даярлай бастады. Қазақстанда ана тіліңмен қатар, шет тілін кәсіби деңгейде меңгеруге арналған көптеген жоғарғы оқу орындары бар. Аудармамен айналысатын факультеттер университет пен институттарда болашақ аудармашыларды дайындауда шет тілдері факультеттерінің оқытушылары мен қатар филолог,лингвисттер ат салысуда.

 

 

У.М.Джолдыбаева-тарих ғылымдарының кандидаты,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті,

А.А. Амангельдина-Шығыстану факультеті,қытайтану кафедрасы,аударма ісі мамандығының 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×