Өлең, жыр, ақындар

Күрмеу

Оқушы дәптерінің парақтарына қанша сүзілсе де қаламының ұшы жүрмей қойды. Ештеңе жаза алмады. Іштегі шер-шеменді бір ақтарғысы-ақ келіп еді. Бәрін жазғысы,бәрін айтқысы келген. Көзі жасаурады. Осы жеті-сегіз жылдағы ішке тығылған зар-запыранның тығынын ашып, қамырықты сырды жайғысы-ақ келіп еді. Айналадағы адамдар да тіршілікте соңғы кездері бұған біртүрлі жатсына, суық қарайтындай сыңай байқатады. Барлығы кешегі күннен басталып еді ғой өзі. Кеше қатты ішіп еді. Іштегі жалынды басу үшін өле ішкен. Өзекті өртеген өкініш, нала жүйкесін әбден-ақ жұқартып еді. Соны ұмыту үшін ішкен еді. Қайдан?! Өзекті өртеген өкініште нала да бұрынғыдан әрмен жүрегінің басында жалқынданып, сары су боп тұрып алды. Өткен жылдардың сағынышты елесі Бейсеннің қуарған жүзіне сәл шырай кіргізіп, нұр ұялатты. Көз жанарында қамсыз шақтың әлсіз ұшқындары ойнағандай болды. Қуаныштың не екенін де ұмытып қалғандай. Уақыттың сүлдесіз тұтқынына айналған оның қаяулы жүрегі шынында да қуаныштың не екенін мүлдем ұмытқандай екен-ау өзі?! Шуақты күндердің сәулелі шақтары мұз боп қатқан жүрегін жібітетіндей, өткен күндеріне ойша оралғандай болды. Жазира екеуі көрші болатын. Жас күндерінен араларынан қыл өтпейтіндей тату болып өсті. Ұл, қыз деп бөлінбей бірге ойнады, бірге тұрды.

Алаңсыз да, қамсыз балалық шақ-ай десеңші! Алғаусыз шақтың шолақ қамшының сабындай жылт етіп, өте шығарын бақыр басты пенде ойлап көрді ме екен сірә дә?! Бейсен басының шыңылдап қатты ауырып тұрғанын сезді. Бас-терісі құрысып қалғандай. Кешегі қатты ішістің салдары болар. Ол орнынан тұрып, тоңазытқышты ашты. Жартылай ішілген сыра бөтелкесін алды да ойланбастан лоқ-лоқ еткізіп, ақырына дейін іше салды. Басы сәл жеңілдегендей болды. Көзі шырадай жанбаса да көңілі сол бір шуақты күндерін қайта іздегендей. Қандай бақытты шақ еді ол! Қандай бақытты еді өздері! Бал дәурен, бұла шақтары таусылмастай көрінген.

Екеуінің бірге жүріп, бірге ойнап, тұрғандарына қарап ауылдастары біреуін «күйеу», екіншісін «қалыңдық» деп, не болмаса Қозы мен Баян дейтін қалжындап. Бейсен ауылдастарының сол ақжарқын мінезін, жарасымды әзіл-қалжыңын қатты сағынғанын сезді. Екеуінің жарасып ойнап-күлгенін, мектепке бірге барып, бірге келе жататынын үлкен де кіші де құп көріп, сүйсіне қарайтын. Бір күнгідей болмай өте шыққан балалық алтын дәурен-ай, шіркін! Өткен күндердің қимас сәттерін еске алып, өкініп, бармақ тістеп отырғаны мынау!

Жұбын жазбай бір сыныпқа барып, бір партада отырып, олар оныншыны да бітірді. Уақыт әне-міне дегенше зуылдап тез өте шықты.

Жарасқан жүректер мектеп бітірген соң көп созбай үйленді. Отау құрды. Екеуінің жарасты жұбына, үйлесімді отау құрғанына барша ауыл боп қуанды. Бейсен сұңғақ бойлы, аққұба әдеміше жігіт болып ержетті. Ал Жазира болса орта бойлы, қыр мұрынды, бидай өңдінің әдемісі еді. Олардың ажар-көркі де бір-біріне сай еді. Әттең талайсыз тағдыр олардың бұл бақытын көп көрген секілді. Іші қыжылдады. Артынан кішкентай қыздары дүниеге келді. Атын Жазираға ұқсастырып Нәзира деп қойды. Атын да өзі қойып еді-ау.

Бұрын байқамай жүрген екен. Аса балажан болып шықты. Қызы десе жанын қоярға жер таппайды. Қол жетпес айы да, көктегі күні де Нәзира. Басынан құс ұшырмайды. Оның сәби былдырын күн ұзақ тыңдай беруге бар. Жұмыстан қатты қалжырап келгенде, алдынан еңбектеп шыққан Назираны көтеріп алып, иіскегенде тұла бойы иіп, елжіреп, шаршап тұрғанын ұмытып кетуші еді. Нәзираны ойласа іші қанжылап кетеді. Енді ғана қаз-қаз тұрып, былдырлап тілі шыға бастаған еді.

Бәрі неден басталып еді өзі. Ол ауылда құрылыста жұмыс істейтін. Совхоздың (кеңшардың) маусымдық жұмыстарына да қатысатын. Содан бері сегіз-тоғыз жылдың жүзі болыпты. Ол кезде ауылда жаппай аласапыран әлі басталмаған еді. Естуінше нарық қыспағы ауылды әбден тұралатып бітіргенге ұқсайды. Бірен-саран бұрыннан қоры бар әлділер болмаса, жұрт балапан басына, тұрымтай тұсына деп, тұрмыс қамымен жан-жаққа жан бағып бытырапты. Көбі қалаға көшіп кеткен. Осы қаланың өзінде ол көптеген ауылдастарын кездестірді. Солардан ауылдың күрмеуге келмес қиын жағдайын естіп, жаны күйзеледі. Қолынан келер көмегі, дәрмені жоқтығына өкінеді. Ішіп алғанда қатты назаланып, көп күрсінеді. Сүйікті Жәзирасы мен кішкентай бөбегі Нәзира не істеп жүр екен?! Жұртқа түскен ауыртпалық оларды не күйге түсірді екен? Күндерін қалай көріп жүр екен? Нәзирасы қазір тоғыз-ондарға келіп қалған болар.

Ол Нәзираны ойласа баяғы сәби кезіндегі түр-тұлғасын еске алады. Ол баяғы сәби кезінен өзгермей қалатындай көреді. Қазір көрсе таныр ма еді? Содан сол бір жылдары совхоз директоры мұны, Қабышты және Әлібек деген өзінен екі-үш жас үлкен жігітті қалаға шоферлық курсқа оқуға жіберген. Совхозға жүргізушілер жетіспей жатқан болатын. Содан Әлібек, Қабыш үшеуін алты айлық жүргізушілер дайындайтын курстағы оқуларына кірісіп те кетті. Бұрын қалаға көп шықпаған ауыл жігіттеріне қаладағының бәрі таңсық. Ауылдағы қарбаласы көп жұмыстан мойындары босаған үш жігіт бастарынан жүген-шылбырын алып «айт, шу!» — деп, бос қой берген жылқылардай өздерін біртүрлі еркін сезінді. Қала тұрмысына тез үйренді. Ойын-сауықты жағалайтынды да шығарды. Өздерінің отбасы құрған, түтін түтетткен үйлі-баранды адамдар екенін де ұмытқандай. Алды-артын ойлатпас албырт жастық ай-десеңші! Ойнап, жүріп, от басамын деп ойлап па? Артының осындай боларын білсе, мұндай іске ғұмыры аяқ баспас еді-ау! Қала қызығы оларды тез еліктіре басталды.

Қасындағы Әлібектің аға-жеңгелері әлдебір жаққа жолаушылап, сапарға шығып кетсе керек. Үй-жайларына қарауды Әлібекке тапсырыпты. Оңаша үй-жайдың қызығын жігіттер ұтымды пайдаланып қалғысы келді. Бәрін ұйымдастыру Әлібектің өз мойында. Бір күні Әлібек алқын-жұлқын кіріп келді де: «Жігіттер, бүгін өзіміз-өз болып жақсылап бас қосатын болдық. Өзіміздің үш-төрт жігіт пен автопаркте қызмет істейтін төрт-бес қыз-келіншекті де қоса шақырдым. Отырысымыз қызықтырақ болуы үшін», — деді езеуреп. Екі езуі екі құлағында. Өзіне бір желік біткендей. Тым көңілді. Сонаргүлмен танысуының да басы осы отырыстан басталған еді. Кейінгі бақытсыздыққа бастап тұрған қайырсыз тағдырының, талайлы жолының да түп-себеп, төркінін де осы күнмен байланыстырады. Әлденеге бастап тұрған осы бұралаң жолды сол күні білсе өлсе де барар ма еді?! Көңіл көгінде титтей де селкеу түсірер, секем алар күдік бұлты жоқ болатын. Көңіл түкпірінде шөкімдей де, сызат жоқ еді-ау?! Қара басайын десе қиын емес екен. Сол күнді еске алса әлі күнге дейін жүрегінің басына сары жалқын су толғандай, шымырлап кетеді.

— О,о Әлібек, достарың көп-көрім жігіттер екен ғой! — деген көңілді де сыңғырлаған жас келіншектің әп-әсем үні қарсы алып еді сол күні бұларды. Ол Сонаргүлмен осылайша танысып еді. Отырысқа өздерінен үш-төрт жігіт және автопаркте қызмет ететін төрт-бес келіншек жиналыпты. Ас-су ішілді. Арақ-шарап, коньяк, жеңіл шараптар рюмкаларға құйылып, тілектер айтылды, тост көтерілді. Түгелдей саулыққа ішіп қойысты. Артынан барлығы да желпініп би биледі. Бұл ауылда, мектепте жүргенде де биді тамаша билейтін. Қыз-жігіттер оның жақсы билейтініне таң қалатын. Қазірде жиналғандар алқын-жұлқын екі қолын сермеп тастап, әсем билеген Бейсеннің қимылына сүйсінбеске амалы қалмады. Бүгінгі отырыстың гүлі де өзі болды.

— О, жарайсың, Бейсен, сен деген нағыз танцорсың ғой! Ортекедей қимылыңа тіпті де көз ілеспейді екен. Жарадың жарқыным, жарадың. Ертеден салса, кешке озған қасқа азбанның өзі болып жүрме, — деп, Әлібек те желпіндіріп қояды. Әрі билеп, әрі сөйлеп, жұртты да мәз қылып, қайта-қайта тост алдырып, Бейсен де бір тыным көрмеді. Жиналған қыз-қырқын да бұған ерекше қарайтын сияқты. Әсіресе Сонаргүл. Қоңырқай қой көздерін ерекше төңкере қарап, ақсары жүзі албырап, тек сүюге жаралғандай түріңкі ерні ашыла, маржандай тістерін жарқырата күлгенде, байғұс жүрегінің еріксіз өз-өзінен дүрсілдей, атқақтай жөнелгені де қазіргідей есінде. Ол Сонаргүлмен бірнеше рет биледі. Келіншек те жігіттің іші-баурына кіріп кеткендей, оны қайта-қайта биге шақырды. Сонаргүл ақсарының әдемісі екен.

Бейсен оны енді байқағандай. Жас келіншектің дем алған сайын көтеріліп-басылып тұрған қаз мойын, тығыншықтай омырауы, аш белі жараған байталдай бәденді мүсіні, жас жігіттің құштар санасын тұмшалап арбағандай, көңіл түкпіріндегі отын қоздырып жібергендей болды.

— Бейсен, сен тамаша билейді екенсің — деді Сонаргүл.

— Е,е әкетіп бара жатқан ештеңеміз жоқ сияқты. Жұрт сияқты билейміз ғой.

— Жә, жә, мақтады деме, көзге көрініп тұр ғой.

— Мен өзім олай ойламаймын.

— Мақтанды сүймейтін болдың ғой.

— Неге сүймеймін, пенде емеспіз бе. Әйткенмен де сіздер тым қоюлатып, асыра дәріптеп отырған сияқтысыздар.

— Қалай дегенменде Бейсен сізде жұртта байқала бермейтін ерекше бір қасиет бар секілді.

— О, о сіз тұздығын тым асырып жібердіңіз. Ендігі кезекті маған беріңіз. Мені қойыңызшы, бүгінгі отырысымыздың айы да, күні де өзіңіз сияқтысыз.

— Қойыңызшы. Байқаймын, біз бір-бірімізді мақтауға көшкенге ұқсаймыз.

— Қалай ойласаңыз, олай ойлаңыз. Мен әлгіндегі пікірімнен қайтпауға тырысамын. Осында отырған қыздар бір төбе де, сіздей ай маңдайы жарқырап, ақ маралдай керілген, керім, кербез сұлу бір төбе.

— О,о мақтауымды асырдыңыз. Өзіңіз мақтауға аса шебер екенсіз. Ендігі біраздан кейін мен туралы мадақ ода шығарып жүрмеңіз.

— Шығарсақ, шығарармыз. Сіздей сұлуға шығармағанда кімге шығарамыз. Сол сұлуларға жыр арнап жүрген ақындардан, бізде кем емес шығармыз.

Бейсен бағанағыдай емес өзінің мадақ сөзінің Сонаргүлге ұнай бастағанын сезді. Келіншектің анда-санда жалт, етіп қиыла қараған көздері, өзін еркінен тыс байлап-матап тастағандай. Өзіне де беймәлім ішкі бір тегеурінді күш, оны келіншекке жақындата түскендей. Сонаргүлдің аялы қоңырқай көздері, оны ерекше бір жылы шуағына көмгендей, есін алып бара жатқанын, жігіт сұңғыла бір түйсігімен сезгендей. Ішімдік уыты бойын жаулап, батылданған жігіт: «Жүрші, Сонаргүл, көрші бөлмеге барып, сәл әңгімелессек қайтеді? — деді.

— Еркің білсін, — деп, Сонаргүл оңай көне кетті. Жеңіл шарап бойына дендей тарап, буынын алған келіншек былқ-сылқ етеді.

Олар көрші бөлмедегі кең диванға шалқалай, емін-еркін жайғаса беріп, бір-біріне біртүрлі емірене қарағандай болды.

— Сонаргүл, сен бір түрлі әдемісің.

— Қойшы ...

— Шынымды айтамын.

— Көрінгенге сене беретін мен ақымақ қыз емеспін ғой.

— Мен сені ақымақ деп тұрғам жоқ.

— Әй, қайдам, түбі солай болса жақсы ғой, қу жігіт!

Келіншек өзінің назды күлкісімен сыңғырлай күлді. Күлкісі әдемі екен. Күлкісінде еркек затын баурап алатындай сиқырлы үн бар. Әсем омырауы көтеріліп-басылып, Сонаргүл екі аяғын айқастырып отырғанда, көтеріліп кеткен юбканың етегінен Бейсеннің көзіне, оның ақ сазандай әсем сандары жарқ етіп мен мұндалады. Жұмыр тізе, оқтаудай тоқ балтырлар келіншек сұлулығын одан сайын паш еткендей.

— Келші жақынырақ отырайық-деп, Бейсен қолын Сонаргүлдің мойнынан орай, өзіне икемдей тартты. Мұрнына француз әтірінің жағымды иісі келді. Еліктің ерке лағындай келіншекте жігіттің қарулы құшағына тығыла түсті. Әлденеден қорған күткендей баурына кіре берді. Бұдан әрі бойын ыстық ағын кернеп, сезімін ірке алмаған жігіт, сезімнің ыстық ағынына қайрат көрсете алмай Сонаргүлдің ернінен бас салып сүйе берді, сүйе берді. Ерін мен ерін айқаса кетті... Кең диванның үсті құмарлық отына бой алдырған екі тәннің жан алысып, жан беріскен құштарлық майданының алаңына айналды... Бір кезде ләззаттың тұңғиығына шым батқан олар, осы ессіз күйлерінен арылып, естерін жинап бір-бірін аса құштар ынтызарлықпен құшақтаған күйі әлі де талығып, маужырап біраз жатты.

— Қой, жұрт бізді іздеп қалған шығар, — деп алдымен Сонаргүл үсті-басын жөндеп, көрші бөлмеге беттеді. Бейсен де үстін жөндеп соңынан ілесті. Жұрт дастарханға отыра бастаған екен. Қабыштың емен-жарқын көңілді дауысы жиі шығады. Осындағы Әлібектен кейінгі отырыстың ұйытқысы болып жүрген де Қабыш. Қабыш Бейсеннен бес-алты жас үлкендігі бар, өмір көріп қалған тісқаққан жігіт. Ақындықтан да дәмесі бар, әдебиетке де құмар. Кезінде филфактың бір-екі курсын бітіріп тастап, денешынықтыру институтына ауысып кеткен.

Институтта жүріп, спорт гимнастикасымен әжептәуір айналысқан спортшы жігіт. Дене бітімі де келісті, атлеттердікіндей білегінің бұлшық еттері – буылтық келген. Қыз-қырқынға да өте жұғымды. Спорттық дене бітімімен бірге ол биді де түбін түсіріп, шебер билейді. Әсіресе, үнді, шығыс билеріндегі ішпен билеуді «танец живота» тамаша келтіріп, жұртты мәз-мейрам етіп, қыз-келіншектерді еліктіріп әкететін. Ол ауылда денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып екі-үш жыл істеді де, кейіннен жүргізушілікті қалап, Бейсендермен бірге осы курсқа келген болатын. Жалпы отырыстардың шырайын кіргізетін әзіл-қалжынға, анекдоттарға шебер. Міне қазірде ол: «Мен қазақ қыздарының сұлулығына арналған бір өлең оқиын» — деп, белгілі классик ақынның сұлу қызға арналған өлеңін төгілте жөнелді.

Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз,

Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз.

Қымыздай балға ашытқан тәтті қызға,

Жігіттер, бәріңіз де сұқтанарсыз.

— Ой, пәлі! Қандай тамаша теңеулер! — деп жігіттер жағы сүйсініп, шуылдай жөнелді. Бірді-екілі қыз-келіншек болмаса, барлығы бірдей мақұлдай қойған жоқ.

— Мәссаған, сонда біздер түлкі, марал, қоян, жылқы, түйе болып кеттік пе?! Ой, ужас! — деп шуылдай жөнелді.

— Жоқ, қыздар сендер түсінбедіндер. Ақын қыздарға қатысты халқымыздың эстетикалық өлшемдеріне сай бай теңеулерді қолданып отыр. Халқымыздың сұлулық туралы түсінігі қандай ғажап! — деп, Қабыш қыздарға тойтарыс беріп жатыр. Ішіп-жемнен кейін жұрт тағы да биге кірісті.

Түннің бір уағына дейін пәтер үйді басына көтеріп, қыз-жігіттер түлкі соққандай у-шу болып, бидің түбін түсірді. Бұл жолы әсіресе Қабыш әртүрлі қимылға салып, бидің алдын бермеді. Жай ғана билеп қоймай, қыз-келіншектерге де көз салып, Айгүл есімді талдырмаш келген, көзі жайнап тұрған, қоңырқай өңді, әдеміше қызды өзіне икемдеп алыпты. Енді бір қарағанда екеуінің сытылып, көрінбей кеткенін байқады. Бұдан арғысы Бейсеннің есінде жоқ. Қалай шығып кеткеніндерін де білмейді.

Есін жинаса жұмсақ, кең төсектің үстінде жатыр. Көзін ашып, Сонаргүл жаққа қараса, оның аршыған жұмыртқадай аппақ денесі жайылып, жұнтай туырылған жас байталдың денесіндей жұп-жұмыр, жалаңаш тәні көзге түсті.

Ақ сазандай бура сандар жатыр жарқырап. Ақ мрамордай бәденді мүсін. Мақпалдай жұмсақ дене. Өңі ме, түсі ме?!

Аш белден төмен жоталанып, екі санның арасынан орын тепкен құндыздай жылтыраған түкті өңір мен мұндалап, көз қарықтырады. Жігіттің бойын тағы да ыстық ағын керней жөнелді. Ол келіншекке қарады. Олар көзбен ұғынысып, тілсіз түсіністі. Емеуірінмен табысты. Сана буалдырланды. Жанар солғын тартты. Бөлме іші түссіз сағымға бөленді. Бұдан әрі жігіт шыдап тұра алмады. Жанындағы беті албырап, әсем кеудесі көтеріліп-басылып, ыңырси дем алған жас келіншекті жұмарлай бас салды. Көптен бері еркек затын көрмей байсырап жүрген тұмса (ту) келіншек те аянып қалмады. Ләззат дариясына күмп берді. Екеуі де құштарлықтың түпсіз теңізіне шым батты. Сұғанақ та ашкөз дүние ерікті алып бара жатты. Келіншек жігіттегі тегеурінді күшке ерік берді. Изектеген қимыл үйлесімділігі орын алды. Бебеулеген, безектеген, құмыққан, үздіккен, тұншыққан, алқынған дыбыстар құрдымға сіңді... О, о ессіз дүние! Болары болды. Бояуы сіңді...

Қатты шаршап ұйықтап қалыпты. Ертеңіне кештеу тұрып, жан-жағына қараса Сонаргүл тұрып кетіпті. Әлдеқашан жуынып, халатын киіп алып, тамақ әзірлеуге кіріскен. Дәмді де хош иісті қою шайдың иісі мұрынды жарып, әкетіп барады. Тұрмасқа болмады. Ол да ваннаға барып, әбден жуынып-шайынып, қырынып шайға отырды. Тап-таза жинақы екі бөлмелі жайлы пәтер. Кең де жарық. Балконы да қаланың солтүстік-батысын алып жатқан айдыны жарқырап жатқан әсем көлге қараған. Екеуара әңгімеге кірісті. Бейсен өз жайын толық таныстырды. Таныстықтың арты жылы ілтипатқа ауыса берді. Жігіт те келіншектің жай-күйін жақсы ұғынғысы келді. Келіншек өміріндегі келеңсіз жәйттардың да сырын білуге құмарлығы артты.

— Мен бұрынғы күйеуіммен қаладағы есепші-экономистер даярлайтын курста оқып жүргенде танысқам. Күйеуімнің аты Кенебай болатын. Математика пәнінің мұғалімі еді. Кейін әскери қызметке ауысты. Офицер. Аралас-құраласымыз мүлде жоқ деуге келеді. Былайынша жаман жігіт емес еді. Ақкөңіл. Не айтсаң да ыржиып күле беретін. Кейде мінезсіз бе деп қаламын. Менің мінезім тік, кіді. Кейде ұнамаған нәрселерді тура бетке айтқанды ұнатамын. Оның кез-келген нәрсеге қалбалақтап, жалпылдаған мінезін ұнатпайтынмын. Жаным сүмейтін. Не қылса да қазіргі заманда сәнге айналып кеткен «мінезіміз үйлеспеді» деген сөзді мен де айтқалы отырмын. Осы бір мінез деген пәле екеуміздің жарасып, бірге түтін түтетуімізге қалайда қырсығып тигізді. Ақыры ажырасып тындық.

— Қанша уақыт бірге тұрдыңыздар?

— Көп тұрғамыз жоқ. Айналасы үш жыл бірге тұрдық. Өкінішке қарай отбасылық ғұмырымыз қысқа болды. Төртке келіп қалған қызымыз бар. Ол ауылдағы әке-шешемнің бауырында. Кішкентайынан асырап алған. Кейде сағынамын өзін. Қазір осы пәтерде жалғыз тұрып жатырмын.

Сонаргүлдің өзі жайлы айтқан ашық әңгімесі, қазіргі жай-күйі неге екені белгісіз Бейсеннің жүрегіне әлдебір аяныш сезімін, өзіне де белгісіз мұң ұялатты. Енді бірде келіншекті құшақтай алып, оған өзінің қатты жаны ауыратынын, керек десе қорған, тірек бола алатынын айтып ақтарылғысы келді.

— Бүгін күн жексенбі, осында қалсайшы, — деп, қиылды Сонаргүл.

Өзі де көңіліне мұң аялап, қамкөңіл боп отырған жігіт үнсіз бас изеді. Бейсен осында қонып қалды. Ертеңінде де, арғы күні де, одан кейінгі күні де ол өзі жатқан жатақханаға оралған жоқ.

Бір батыл шешімге келіп, ауылдағы келіншегіне: «Мен басқа жанмен табыстым. Мені күтпеңдер», - — деген рәуіштегі екі-үш сөйлемнен тұратын қысқа хат жазып жіберді. Олардың ерлі-зайыпты тірлігі осы күндерден басталып еді. Сонаргүлдің тамыр-таныстары арқылы жүргізушіліктен автопарктің білдей бас механигі болып алды. Сонаргүлдің өзі автопаркте бас есепші. Келіншектің ағасы Жамбыл облыстық тұтынушылар одағының білдей төрағасы еді. Соның да ықпалы болғанға ұқсайды. Пәтерлерін қаланың ортасындағы кең де жайлы үш бөлмелі пәтерге ауыстырып алды. Үйдің іші жиһазға, дүние-мүлікке толып тұр. Бірақ бірдеңе жетіспейтіндей. Жан-дүниесі жадау тартып, құлазиды. Екеуінің бірге тұрғанына сегізінші жылға аяқ басса да перзенттері жоқ. Сонаргүлдің пұшпағы қанамады. Жұп-жұмыр денесі сәл толысқаны болмаса еркек затының көз құртындай әлі де сылаң қаққан жарау күйінде.

Бейсен басының шыңылдап қайтадан ауыра бастағанын сезді де тез киініп, сыртқа беттеді. Сонаргүл екі жұмаға іс сапарға кеткен болатын. Көшенің арғы бетіндегі сыраханаға бас сұқты. Шыңылдап тұрған басын жазып алмаса болатын емес. Сыраханада Ерсайын, Дәурен, Дәуіт деген таныс, дос-жар жігіттер отыр. Орталарында сыйлас ағалары Есенжол Ырысұлын қаумалап гуілдесіп кеткен. Есенжол Ырысұлы – байырғы тарихшы ұстаз. Қаладағы бір жоғарғы оқу орнының білдей доценті. Өз саласының білгірі. Кейде өз мүмкіндігін шамалай алмай мүлт кететін жайлары бар. Ол өзі жаңсақ кеткен тұстарда да мүдірмей өз білгенін зуылдатып, сапыра береді. Мұндай жағдайларда ол ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей кетеді.Тек Ерсайын ғана өзінің уәжді сөздерімен тоқтатып отыр. Ал, Дәурен мен Дәуіт ол не айтсада ыржиып, күле береді. Адам қарасы бүгін сиректеу екен. Жігіттер адам, қоғам, өмір жайлы бір пәлсапалық әңгіменің тиегін ағытып отырса керек, мұның кіргенін бірден аңғармады. Бейсенді көрісімен бәрі де қауқылдасып: «Кел, кел мында отыр», — деп жік-жапар болысты. Бейсен олардың жанына отыра кетті. Қамырықты көңіл-күйін жігіттердің әңгімесі сәл де болса сергіте ме деп ойлады. Олардың қызулы, лепті үндерінен бір-екі жүз грамды тартып алғаны байқалады. Алдарындағы тобылғы торы сыраны ептеп ұрттап қояды. Бейсен де тез заказ беріп, алдына келген бір-екі рюмканы жөпелдете бірінен-соң бірін, тартып жіберді.

Құрысып тұрған бас терісі жібіп, шыңылдап тұрған басының ауырғаны сәл жеңілдегендей болды. Көбігі көпіршіген тобылғы сырадан да ұрттап қойды. Жігіттердің ішінен Бейсеннің қабағындағы кірбіңнен оның ішкі жан-дүниесіндегі жайсыздықты, мазасыздықты бірден аңғарған Ерсайын қойын кітапшасын алып жігер жанитын жырлар оқуға кірісті. Қаладағы газетте істейтін Ерсайын жұртқа белгілі қарымды журналист болумен қатар, талантты ақын да еді. Ұмытпаса жақында жарық көрген жыр жинағы «Алтайдан биік тау қайда» ма еді, қалай еді? Бірақ қамырықты көңіл-күйден Бейсен жуық арада арыла қоймады.

— Көңілің бүгін пәс тартып тұр-ау жігітім, — деді Ерсайын қамқор үнмен.

— Е, е, жігіттер пәс көңілге дәру болмай тұр-ау! Сыртым бүтін болса да, ішімнің көптен бері түтін екенін қайдан аңғарарсыңдар, жігіттер-деп Бейсен біртүрлі сүлесоқ, салыңқы үнмен жабыға сөйледі. Жүзі қуаң тартып, қамырықты көңілдің жайын, ішкі шер-шеменді ақтарғысы келді. Үні де құмығыңқырап естілді.

— «Адамның басы – Алланың добы» деген. Бірақ тағдыр қайда айдаса, жел қуған қаңбақтай далақтап жүре беру керек пе?! Адамның бойындағы қайрат, жігер қайда?! Алланың жаратқан қасиеттері емес пе бұл?! Жақсылықта, жамандықта, жаратқаннан. Ол ешкімді алаламайды. Ал енді жақсылық келсе қабылдап, жамандық келсе күресу біздің міндетіміз емес пе?! Біз неге күресе алмаймыз?! Бірыңғай тағдырға неге өкпе арта береміз?! Өз дәрменсіздігімізді неге көрмейміз?! Себебі бізде харекет аз. Сең айдаған салынды шөптей, жаңқадай неге жөңіле береміз?! Неге жонымызды көрсете алмаймыз?! Себебі, дәрменсізбіз. Ағып-ағып келіп, жетер жерімізге келіп байырқалаймыз. Сонымен бітті. Біз де нәпсінің құлы болып, сайқал дүниенің мекерлігіне елігіп, бойымызды ылықтырып, ұйыққа неге бата береміз. Шығатын жол бар ма?! Жарық сәуле табылмай ма деп қорқамын. Тағы да өз дәрменсіздігімізге күйінеміз бе?! Басым қатты жігіттер, — деп, Бейсен жүзі қуқыл тартып, өңі қашыңқырай тұнжырай үн қатты.

— Әрине, адамның бойында бір мезгіл қайрат-жігердің болғаны да дұрыс қой, — деп Ерсайын қостап қойды.

— Жақсылық та өзіңен. Жамандық та өзіңен. Бәрі де адамға байланысты. Бір мезгіл әркім өз тағдырының қожасы да болу керек қой-деп, Дәурен мен Дәуіт те өз ойларын айтып жатыр.

Өз сырын біраз таратыңқырап айтқан ол жігіттердің қамқор көңілін де түсініп отыр.

Бейсен тағы да қалың ойға шомды. Соңғы жылдардағы Сонаргүл екеуінің қарым-қатынасын ойша сарапқа салды. Көңілі кіді алған тұстарды да ұмытқан жоқ. Баянсыз тағдырының бір ұштығын перзенттерінің болмауынан ба деп те ойлады. Бірақ бұл да жадау көңілге қамсау бола алмайтын үмітсіз тірліктердің бірі екендігін ұғынады. Өзінің қайырсыз тірлігіне, өмірдің сүлдесіз тұтқынына айналған кейпіне кейбір кезде жаны ашитыны бар. Бейсеннің көңіліне түскен үлкен қаяу соңғы кездерде жұмыста әңгіменің, өсек-аяңын өзегіне айналып жүрген Сонаргүл мен ол қызымет істейтін мекеменің кәсіподақ комитетінің төрағасы Есенбай Қабылов екуінің арасындағы ашыналық жағдай. Көңілі құрғыр қанша сенбейін десе де өршіп тұрған жұрттың өсек-аяңына құрық сала алмайсың. Сенейін десе көзбен көрген дәнеңесі жоқ. Тек көңілге кіді алатын тұсы екеуінің кейде іс-сапарға бірге шығатыны. Былтырға жазда Сонаргүл екі жұма «Айнакөл» демалыс үйінде демалғанда, білетіндер Есенбай Қабыловтың да сол демалыс үйінде демалғанын растайды. Осының барлығы мәселені қоюлата түсетін сияқты. Не сиқыры бар екенін білмейді, қанша ашуланып, күш қайратын жиып, барлық шындықты лақ еткізіп аямай бетіне айтқысы келіп, ал енді не қылар екенсің деп бойын жинап, күшейіп келсе де жеме-жемге келгенде тайқып жүре береді.

Аялы қой көздерін кең ашып, жарқырата, өзіне ғана жарасатын еркелікпен төңкере қарап, назды күлкімен сыңғырлай күлгенде шайға еріген қанттай жұмсарып жүре береді. Кісіге тіктеп қарайтын боталаған аялы жанарында еркек затын тыпыр еткізбей арбайтын бейкүнә бір реңк, жылы бір нұр, назды күлкісінде ерекше бір сиқыр бардай. Өз дәрменсіздігіне, шарасыздығына күйінеді. Жақында қалада тұратын бір жамағайын ағайындары ауылға барса солардан Бейсенге берерсіздер деп Жазира тілдей хат жазып жіберіпті. Хатында ол Бейсенді кінәламайтынын алда-жалда ой түсіп, ауылға қайтар болса өз үйлерінің бұған әрқашан да ашық екенін, Нәзира екеуінің бұны қатты сүйетінін айтып, сәлем айтыпты. Хаттағы әрбір сөйлемді оқыған сайын Бейсеннің қолы дірілдей берді. Олардың амандығын біліп, бір қуанса, өзін күтетінін, әлі де сүйетінін айтқан тұстарда не болғанын өзі білмейді, аузы кемсеңдеп, қатты егілді. Көзінен ыстық жас шығып кетті. Қолынан келер қайраны жоқтығын сезді. Өз дәрменсіздігіне күйініп, шарасыздығына налып, көз жасына ерік берді. Өн бойы егіліп, жүрегіндегі запыран аузына келгендей болды. Кешегі ішудің сыры да осы еді. Қолынан келген бір қайраны – іштегі шер-шеменді ащы сумен баспақ болды. Барлық мұң-қайғыны ұмыту үшін есі кете, өлердей ішкен. Сол бір өзі де ұната бермейтін жанмен ашыналық жағдайы, өзінің екіұдай бір шешімге келе алмайтын шарасыз халі оны дел-салғып езіп жіберетіні бар. Жауап хат та жазғысы келген. Оқушы дәптеріне түсірмек болған ойларының басы бірікпеді. Әлгі хаттан кейін бір шешімге келіп, талай оқталып, белін буып мүлде кетіп қалмақшы да болған. Қайдан...

Мұның ойын жүзінен оқи ма, аялы қой көздерін төңкере қарап, өзіне бір түрлі ынтазарлықпен, сол баяғыдай аса бір қимастықпен жанарына бейкүнә реңк жинап, жанарын тіктей қараса болды, құдәуанда не құдырет-сиқыры барын білмейді өзінің оқ тиген құстай сылқ түсіп, бағанағы ойларының шылпара болғанын бір-ақ біледі. Неткен ессіз ғашықтық?! Неткен есуас сезімдер?!

Қор болды жаным,

Сенсіз де менің күнім,

Бек бітті халым,

Тағдырдан келген зұлым;

Тағдыр етсе Алла

Не көрмейді пәндә?

— деген Абай атасының өлең жолдары еске оралады. Дәрменсіздіктің, шарасыздықтың тұңғиығына шым бата түскен қайырсыз тірлігін сезіне түседі. Осы кезде дәмханаға осы отырған жігіттерге інілік ізетпен, сыпайы көңілмен жақсы сәлемін аямайтын Ербол деген таныс, жас жігіт кірді: – О,о! Старший браттар, демалып отырсыздар ма? — деді. Оның өзі сыйлайтын ағаларын осылайша «старший брат» деп атайтын әдеті. Автопаркте қазақ тілі курсын жүргізетін оқытушы жігіт. Ол жарқырай сәлемдесіп, жігіттердің жанына келіп, барлығына тобылғы күрең сырадан тағы да тапсырыс берді. Бейсеннің де жағдайын түсініп отыр. Олар әлі де ұзақ отырды. Бейсен ауыр ойдан басы шыңылдап ауыра бастағанын сезді. Жігіттермен хош айтысып сыртқа беттеді. Жігіттер де қимас қабақпен оған елжірей қарады. Кешкі салқындағы ауа таза екен. Басының зеңгігені тарағанша ол ұзақ қыдырды. Үйге келген соң да ол дел-сал боп, ұзақ ойдың шырмауында отырды. Радионы ашты. Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» күйі төгіле жөнелді. Өз көңіл күйінің сырлары күй тілімен үндесе кеткендей, бебеулеген үндер сезімін шабақтап өткендей болды. Телефон шылдыр етті. Сонаргүл екен. Өзінің іші-бауырыңды өртер сыңғырлаған үнімен, ертең кешкі ондарда пойыздан түсетінін, өзін қатты сағынып қалғанын айтты. Алдағы күрмеулі күндердің түйінін ойлап жатып, Бейсен ұйықтап кетті. Қатты шаршапты. Түсінде Жазира, Нәзира үшеуі бірге жүр екен. Нәзирасы құлындай құлдырап, ботадай еркелеп, жүгіріп келіп бетінен сүйе береді. Бұл да оның томпиған сәби бетінен шөлпілдете сүйіп жүр. Келіншегі Жазира да бұларға сүйсіне қарап, біртүрлі жадырай қарайтын сияқты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер