Қазақ халқының көзінің қарашығындай болған «Айқап» журналында 1911 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ өкпесі» атты мақаласы жарық көрді. Автор “қазақ кімге өкпелі? Өкпелеудің жөні бар ма?” деген сұрақ қойып, халықтың негізгі мәселелерінің мәнін ашады. Енді, біз мақаланың айшықты мәніне тоқтала кетсек…
Ең алдымен, «Ханы да, халқы да ғылым өнерді керек қылмаған.Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған.Ханы надан, халқы надан жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен.Ол күш алтыбақан ала ауыз қазақта болмаған» деп, қазақтың өз алдына жұрт болып тұра алмағандығына басқа ешкімді емес, қазақтың өзін кінәлайды. Осы тұста, әңгіменің негізгі төркіні - жер мәселесі екенін аңғарамыз. Өз жеріне мұжықтарды өзі кіргізген сол кездегі қазақ халқын - шай,шүберек,шекер сияқты түкке тұрғысыз затқа жерін сататын “естекпен” салыстырып, еш айырмашылығы жоқ екенін жазған..
Өмірінің тең жартысын оқу-білімге, ағартушылыққа арнаған Ахмет Байтұрсынов саяси-әлеуметтік, жер және шаруашылық мәселесін ғана емес, халықтың не ғылым-өнерге, не еңбекке құштарлығы жоқ екенін көрсеткен. Қазақтың надандығы мен жалқаулығын өткір сынаған автор: «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз - бәрі надандық кесапаты» - дейді. Және де «Аллаңнан ойбайым тыныш» деген тұсында қазақтың тәубесі мен тірлігі жоқ екенін басып айтқан.
Өкінішке орай, мақала “қазақ халқына қарсы жазылған” деп дұрыс емес түсінгендер де болды. Бірақ, “дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады” демекші, Ахмет Байтұрсынов жұртының қамын ойлап, қазақтың кейбір қылықтарына күйініп, халықтың көзін ашпақ ниетпен жазғанын байқаймыз.
Ахмет Байтұрсынов осы мақаласында «Амалыңды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма. Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?» деп, жұртының санасы мен ұятын оятып, бір ғасыр уақыт өтсе де күшін жоймайтын, өмір бойына азық болатын өсиет қалдырған. Соңында, «Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп, мақаланың мәнін ашатын айшықты ойымен сөзін аяқтайды.
Елдана Жуматай
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі