Өлең, жыр, ақындар

«Әлсіз» университеттерді жабу жұмыстары қалай жүріп жатыр – БҒМ

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Қазақстандағы кейбір ЖОО-лардың не үшін жабылып жатқанын түсіндірді.

Өткен жылы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабуды тапсырған еді. Кезекті Жолдауда да осы мәселе айтылды.

«Достар! Білім сапасын қамтамасыз ете алмаған ЖОО толығымен жабылған жағдайда сол оқу орнының иелері қыруар қаржыдан айырылады. Бұл олар үшін көңіл көншітерлік мәселе емес екені түсінікті. Дегенмен, біз ештеңеге қарамастан, сапалы білім алуға жағдай жасай алмаған жоғары оқу орындарын жауып жатырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Бұған дейін жабылған бір жекеменшік ЖОО-ның тек бір жыл ішіндегі табысы 4 миллиард теңге болатын. Яғни ол оқу орнының құрылтайшылары енді кіріс көзінен біржола айырылды. Бұл – үлкен қаржы. Бас лицензиясынан айырылған басқа да ЖОО-лар бар. Олардың құрылтайшылары да мұндай жағдайда қол қусырып қарап отырмайтыны түсінікті. Жоғары оқу орындары тек Бас лицензиясынан айырылған жағдайда толығымен жабылады», - деп жазды вице-министр Facebook-тегі парақшасында .

Одан бөлек, жоғары оқу орындарында мамандарды дайындауға рұқсат беретін әр бағыт бойынша лицензиялар бар. Қандай да бір бағыт бойынша сапалы білім беруді қамтамасыз ете алмаған ЖОО-лардан сол лицензиялар да қайтарылып жатыр. Жекелеген бағыттар бойынша лицензиядан айыру жұмыстары тек жекеменшік емес, мемлекеттік ЖОО-ларда да жүзеге асырылуда. Өткен жылы алғаш рет республикалық комиссияның шешімімен 36 ЖОО-ға мемлекеттік гранттарды орналастыру бойынша конкурсқа қатысуға рұқсат берілмеді.

«Әлсіз» университеттерді жауып жатқанымыздың басты себептерін қоғам білуі тиіс. Осы жазбам арқылы баршаңызға айтып, жеткізгім келеді. Білім сапасын қамтамасыз ете алмаса да, дипломдарды оңды-солды беріп жатқан жоғары оқу орындарының жабылуы – елдің және Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне тікелей байланысты жұмыс. Жоғары білім беру сапасын арттыру қажет. Бұл ретте біз екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның біріншісі – нарықтық механизмдер, академиялық еркіндік», - деп атап өтті М. Дәуленов.

Заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бүгінде ЖОО-ларға білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге, білім мазмұнын құрып, академиялық мәселелер бойынша басқа да шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары мемлекеттік емес, өзіндік жеке үлгідегі диплом береді.

«Екінші бағыт – жоғары оқу орындарының жабылуы. Біз сапасыз білім беретін университеттер нарықта өз орнын жоғалтатынын күтіп немесе «барлығы өзі реттеледі» деп отыра алмаймыз. Мәселен өткен жылы біз жоғары оқу орнын тексеріп, оның жабылатынын жарияладық. ЖОО бұл шешімге шағымданып, сот отырыстары жарты жылға созылды. Ал, оқу орнындағы білім сапасының төмендігі мен университеттің жабылатынын біле тұра, студенттер басқа оқу орнына ауысуға асықпады. Студенттер күндізгі бөлімде білім алатын, бірақ сабаққа қатыспайтын, емтихан тапсырмайтын ЖОО-лар бар. Олардың көпшілігі 30 жастан асқан азаматтар және 1 курстан бастап зейнетақы жарналары бар. Демек олар оқымайды, бірақ диплом алу үшін университетте тізімделеді. ЖОО бұл жағдайға көз жұмып, студенттерден сабаққа қатысуды емес, тек ақы төлеуді талап етеді. Мұндай ЖОО-лар қандай маманды даярлап шығаратыны айтпаса да түсінікті. Осындай әлсіз оқу орындарынан шыққан түлектер балаларымызға «сабақ» беріп, «үй» салады, халықты «емдейді», «әділ» үкім шығарады...», - деп жазды М. Дәуленов.

Оның айтуынша, бұрын заңгерлерді даярлайтын тек 2 ЖОО болса, қазір олардың саны 72-ге өсті. Болашақ педагогтерді бүгінде 70 ЖОО даярлайды. Сондай-ақ заңгерлер мен педагогтерді көбінесе нақты осы бағыттар бойынша бейінделмеген университеттер дайындайды.

«Қазіргі таңда ЖОО-лардың «негізсіз жабылғанын» дәлелдеуге талпынып жүргендерді де оңай байқауға болады. Немесе бұл тексерулер еш ескертусіз күтпеген жерден басталғанын, яки білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті тексерісті кенеттен бастап кеткенін айтып жатады. Әрине, бұл шындыққа жанаспайды. Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес тексеру жұмыстарына шек қойылғанына бірнеше жыл болды. Тексерілетін нысандардың тізімі алдын ала жасалады. Кейін бұл тексерулер тіркеліп, тізім жарияланады. Бірінші тексеру жұмыстарынан кейін анықталған кемшіліктерді түзетуге айтарлықтай уақыт беріледі. Бұл кемшіліктерді жоюға тағы екі мәрте мүмкіндік беріледі. Кемшіліктер жойылмаған жағдайда ЖОО бірден жабылып қалмайды, іс алдымен сотта қаралады. Кейбір университеттер оқу орнында заңнаманы бұзып, келген комиссияны кіргізбей қояды. Олар тексеру туралы хабарламаны алдын ала алады. Бұл ретте барлық тексеру жұмыстары заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарында тіркеледі», - дейді Мирас Дәуленов.

«Түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіштері жоғары болса, жұмыс берушілер тарапы жақсы баға беріп жатса, мықты жоғары оқу орындарын ешкім жаппайды. Студенттерді білім нәрімен сусындататын сапалы оқу орындарын біз үнемі қолдап отырамыз, оларға жағдай жасаймыз. Расында, елімізде мықты жоғары оқу орындары көп және біз оларды мақтан тұтып, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Жоғары білім беру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс одан әрі жалғасатын болады», - деп өз сөзін түйіндеді Білім және ғылым вице-министрі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер