Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Үйлену, өз алдына отау тігіп, түтін түтету ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи салт, құбылыс. Қазақ халқында «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген үш тармақты, бір бүтін аталы сөздің бар екені мәлім. Мұны өмір пәлсапасы (философиясы) деуге де болады. Мұндағы «ақ жаулық» деген әйел мағынасындағы сөз екені айтпаса да түсінікті. Халықтың өсіп-өнетін жанұясы – жас жұбайлардың шаңырағы. Қыз бен жігіттің бас қосып үйленуі сырт қарағанда олардың жеке өз істері сияқты көрінгенімен бұл бүкіл халық мүддесімен, оның болашағымен ұштасып жатқан қоғам өмірінің өзектес құбылысы екені айқын. Сондықтан да ежелден ата-бабалар балаларын дер кезінде үйлендіріп, жақсы келін түсіруді мұрат тұтып, мұны тікелей өз қолдарына алып отырған. Оның орынды себебі де бар. Бір үйлі жанның, тіпті бір ауылдың тіршілігін алдымен келетін келін бастайды.
От бар жерде өмір бар, жылу-береке бар. Сол отты жағуды халқымыз келінге сеніп тапсырған. Бүгінгі жас келін – ертеңгі өмірді жалғастырушы, ұрпақ әкелетін ана. Халқымыз ананың өнегелі, өнерлі, сабырлы, салмақты, сыйласымды, тәрбиелі болуын мақсат еткен.
Ата-бабалардың ғасырлар бойы ұстанған бұл салт-дәстүрлері жас жұбайлардың көсегесін көгертіп, босағасының берік болуына, бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіруіне, сөйтіп ұлттың тұтастығын сақтауға себепші болып, негіз қалады.
Үйлену және үй болуға байланысты қазақтың бірнеше салт-дәстүрлері бар. Олар: құда түсу, жаушы жіберу, құдаларды қарсы алу, есік-төр көрсету, ұрын келу, жасау беру, сыңсу, келін түсіру, бет ашар т.б. соларлың бірнешеуіне тоқталып өтсек.
Құда түсу. Қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынастарды әдет-ғұрыптар бойынша реттеп, өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, құда болу арқылы нығайтып келген. «Қыз бала – жат жұрттық», «Қыз - дәнекер» дейтін сөздер сол ойды білдіруден туған. Ертеде екі дос адам өзара достығын нығайту үшін бірінің әйелі - ұл, екіншісінің әйелі – қыз тапса, оларды бір біріне қосуға уағдаласқан. Мұны «бесік құда» деп атайды. Екі-үш жасар ұлы бар дәулетті қазақтар өзі сияқты дәулетті адамдардың қыздарына құда түсіп, айттыруға тырысқан. Көбінесе 11-12 жасар қыздарға құда түсіп, - «13-те отау иесі», - деп қызын 13- те ұзатып, ұлын 15- те үйлендіре берген.
Алайда, қазақта жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі, яғни медициналық қан тазарту заңы қатаң сақталған.
Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздейді. Бұл дәстүр «Қыз көру», «жар таңдау» деп те аталады. Аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын, мылтықтың тәуірін ұстаған. Халықтың түсінігі бойынша «Тегіне қарап қызын ал», «Шешеге қарап қыз өсер» дегендей көргенді, өнегелі жердің қызын айттыруды мақсат еткен. «Ырыс алды -қыз» деп ұққан қазақ «қызылды қызына, ұзынды ұлына кидіріп» оң жаққа отырғызып, қолөнерін үйретіп, әлпештеген. Балиғатқа толған қыз бала үйде жүргенде басына жұқа қызыл орамал тартып, сыртта (түзде) жүрсе, қарқаралы тақия киген. Қыздың осы киіміне қарап, басының бос екені байқалып, қазақтар «қарқаралы қыз», «қызыл орамалды қыз» атаған.
Жаушы жіберу. Жаушы – қыз айттыруға баратын өкіл. Ол жөн-жосық білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік адам болу керек, оның міндеті – қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда түсіп, құдалыққа келер күнді белгілеп қайту. Қыздың әке-шешесі, жақын туыстары жиналғанда, елші: «Сіздерде лашын бар, бізде сұңқар бар, сол лашынды сұңқарға ілгізгелі келдім», - деп тұспалдай сөйлеп, келген жұмысын сыпайылап, өлең түрінде жеткізіп айтады.
Құдаларды қарсы алу. Келесі жолы құданың (қыздың әкесінің) хабарлауы бойынша құдалық сөйлесіп, қалың мал жөнінен келісуге жігіттің әкесі бастаған 7-8 адам жанына – сөзшең, әңгімешіл, домбырашы, әнші-жыршы, палуандарын ертіп, құданың аулына келеді. Құда арнайы ақ үй тіктіріп, қой немесе тай сойдырып, құдаларды тік тұрып күтіп алады.
Құдалар келе жатқанда арқан керу, құдаларға балшық, ұн жағу, тіпті құдалардың қол аяғын таңып өгізге мінгізу сияқты әзіл-қалжыңдар да жасалған. Қазіргі кезде бұл үрдістен тек арқан керу дәстүрі сақталған. Құдалар үйге кіргеннен кейін де үлкен құрмет көрсетіліп, түнімен өлең айтысу, домбыра тартысу, ұлт ойындарын ойнау сияқты қызықтар көрсетіледі.
Қалыңмал мәселесі шешіліп болғаннан кейін дәстүр бойынша ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалады. Оның бауыздау қанына қол батырысып, бата бұзбауға серттеседі. Бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдіретін болған.
Есік-төр көрсету тойы. «Сыйға -сый», «сыраға - бал» демекші, ендігі кезекте жігіт жағы құдаларын «есік-төр көріп қайтыңдар» деп, қарсы тойға шақырады. Оның мақсаты – қыздың әке-шешесі, ағайын-туыстарымен жігіт жағынан туыстарын таныстыру. Әдетте қыз берген жақтан құдалыққа 2-3 адам артық келеді. Мұнда да қыздың ауылында құдаларға жасалған ырымдар (арқан керу, көрімдік, бас тартар, төс салар, құйрық-бауыр асату, т.б.) мен кәделер (құда, құдағиларға, құдашаларға жағалы киімдерді сыйға тарту) жасалады.
Ұрын келу немесе ілу тойы. Күйеуді қымбат кәделермен, жанына әнші, күйші, сері жігіттерді ертіп қалыңдықтың ауылына жібереді. Күйеудің жақсы киінуі, ер-тұрманы, мінген аты өзіне сай болуы шарт. Күйеу басына оқалы тымақ киеді. Оның себебі, күйеудің беті түгел көрінбеу тиіс. Күйеу жолдасқа ерген сері-сал жігіттермен бірге жөн білетін жасы үлкен кәде үлестіретін адам болады.
Ертеректе қазақтарда қалың малдың мөлшері санмен де есептелген. Мысалы, қалыңмалды 47, 37, 27, 17 жылқы құны мөлшерімен есептеген. Қыз туғанда қазақтың «қырық жеті» деп әкесі мен атасынан сүйінші сұрауы сондықтан. Ерте заманда қалыңмалға малмен қоса құл мен күң беру де әдеті болған. Оны қазақтың салт-дәстүрлерін зерттеп, арнайы еңбек жазған Н.Рычков, И.Г.Андреев, А.Левшин, Н.И.Гродеков, т.б. ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады.
Қалыңмалдың құрамына құдалар арасында жүретін сыйлық-кәделер де кіреді. Ол кәделер мыналар:
Қалыңмал – қалыңмал төлеу кейбір зертеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістерге жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Дәстүрлі қалыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:
Бес жақсы – түзу мылтық, берік сауыт, бәйге ат, жүк артатын атан түйе, қыздың басты киімдері (сәукеле, білезік, сырға, қамқа тон, оқалы қамзол, шағи шапан, күміс ер). Бұл айтылғандар болмай қалса, олардың әрқайсысына 4 ірі қарадан төлеген, яғни бес жақсының құны, ал Кіші жүзде 20 қара малдың шамасында болған.
Ілу – қызды тәрбиелегені үшін ұрын барғанға, қыздың шешесіне, жеңгелеріне беретін дүние-мүлік.
Өлі – тірі – өлген әруақтарға арнап союға, етін елге үлестіруге арналған мал. Ол жылқы, қой болмауы мүмкін. (Халық түсінігінде, егер «өлі-тірісі» берілмесе, келін ауру болып қалады-мыс).
Той малы - қыз ұзату тойына сойысқа апаратын мал. Той малы қоралы қойдан бастап 10-15 жылқыға дейін болады.
Сүт ақы – қалыңдықтың анасына арнайы берілетін сый, 1-2 түйе.
Құдалық кәделер құдалардың әл-ауқатына байланысты болған. «Баймен-бай құда болса, арасында жорға жүреді, ал кедеймен-кедей құда болса – арық тоқты мен дорба жүреді» - деген мәтел содан қалған.
Қорыта айтқанда, аты аталып, түсі түстелген қалың мал түгелдей қыз үйіне бармайды. «Қап түбі», «қыз жасауы» т.б. алыс-беріспен кері қайтады. Халық ұғымында бұл ырым кәделердің түптеп келгенде, туыс-жегжаттарды жақындастыру үшін істелген.
Қазақ халқының үйлену, қыз ұзатуға байланысты жөн-жоралғылары бұнымен бітпейді. Әр елде, әр руда, тіпті әр ауылда әртүрлі жағдайда болып жатады. Қазіргі уақытта заман талабына сай осы жөн-жоралғыларды біршамасы сақталған. Ол да қазақ халқының өзіне ғана тән бітім-болмысы, ұлттық дүниетанымы деп айтсақ қателеспейміз.
Авторы: Қазбай Парасат – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Жетекшісі: Жанатаев Данат Жанатайұлы -Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Әлихан Бөкейханов
- Мұстафа Шоқай
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі