Өлең, жыр, ақындар

Шоқанның қабірі

Жетісу өлкесінің терістік шығысында ұзақ жорықтан шалдығып жетіп ат шалдыруға кідірген батыр... сол батырдың шөкелеп отырып пәске мызғып кеткен көзі... осылардың тасқа айналған сырт сұлбасын аз да болса көзге елестетіп көріңізші; әлгі батырдың қапсағай алып тұлғасын қатесіз көшірген Матай тауының ойқы-шойқы сілемі деп білесіз; жаужүрек қолдайдың бетін осқан қылыш тыртығындай болып Алтынемел асуы қылаңытады; ертеңгілік күн сол асуға асылып дүниені нұрымен жылытады, кешкілік күн Балқаш жақтың боз мұнарына сіңіп ізін суытады, асу өркешінде алтын қағындай бояу қалады. Шақпақ қызыл тасты құбылмалы кыр беткейдің асты толы алтын шығар, бәлкім жұрт алқызыл өрттің бояуын алтынға балап жүрген болар. Әйтеуір мәйегі майлы, желі жұпар бұл өңірге қызықпаған кісі кем; тақымы дымданып, құйымшағы қажалған дәңғасар қара қалмақ ат шалдырды, одан әріде дүмбілез дүрбіт дүмеді, атамекенді жаудан қорғаймыз деп жадағай шекпенді қазақ ол жылдары шетінен шейіт бола жаздады; енді міне, қалған ұрпақ қоңды өңірге тас кенедей қадалып іргесі бұйырған ырзығын теріп тіршілік етумен жүр. Өткен ғасырдың алпыс бесінші жылы, апрель айы, Матай жылдағыдан ерте көтерілді; онсыз да бірде сыз, бірде мұз қыс — қыс болудан калған, ылжыраған сүрі қар кетісімен қыр беткейде көк дүр ете түсті. Осындай ел-селі шығып жатқан шырайлы алакеуімде бұл өлкеге сәуірдің таңындай болып, сымға тартқандай сыптығыр өрімдей жас, орыстың оқалы, қайыс белдікті шен-шекпенін киген қазақтың оқыған азаматы келген еді. Көкте жыл құсы — тырналар тынбастан керней шалады. Жабағы бұлттың жалпылдай көшкені қызық. Оқыған азамат жайлаудың төсін, бүкіс бел, құйрық білеміндей жота, сапырған қымыздай шипалы, жұғымды самалды әбден сағыныпты.

Алтынемел асуына иек артқан шапағатты нұр пәске кідіріп, етекте, одан әрі құбылмалы, қат-қат бояуға малынып сағымға жүзіп жатқан кеңіс қиырға қызыққандай кез сұғын қадады. Алқызыл, алкүрең сәулесін лақылдата төкті. Шапанының шалғайын белбеуіне қыстырып, аяғы-аяғына жұқпай дедек қағып мал қайырып койшы жүрген; жаман тымақты жылқышыны әкесі өлгендей ауылға ат қойып құйғыта шапқаны ерсі; ауыл шетінде жолым үй, жолым үйдің алдында жер ошақ түтін сыздықтатады, беті кеше ғана ашылған келіншек болар, қызыл жаулығын жүзіне түсіре жауып имене басып шылымшы ошақты төңіректейді; аңдаған кісіге — қарақат көзінің астында ұйқысыз өткізген түн табы байқалар еді; құманын ұстап белін басып қыр асып бара жатқан кейуана тірі сурет; осы суреттің күллісі Шоқанға соншама ыстық. Мына әжімді тау қыртысындай көне, көне бола тұрып ылғи жасаңғырап, жасара беруге құштар, құмар, қайсар қазақ өміріне іштей тәнті. Мықтылығы, беріктігі даланың жусанына парапар тіршілік иелері осылар деп түсінеді.

Ту сыртынан дүбір естілді. Шомбал бітімді, кескіні қалың, кызыл жүзді, дөңгелек сақалды Тезек төре, осы өлкенің әмірші биі, кеше ғана Шоқанды «Тұқымым келді төбем көкке жетті», — деп, құшағын ашып қарсы алған; жайылып төсек, домалап жастық болып думанды отырыс жасаған.

Қонақкәде үстінде бұл елдің сорпа бетіне шығар жақсылары мсн майлыларын шақырып, шалқып тасып Шоқанды таныстырған, түйеден түскендей ірі сөз сөйлеген. «Петербордағы оң көзім бұл», — деген; «Черняев әскерінің ақылшы, жолбасшысы», — деген; «керек болса Ресей патшасының сәлемін қытай богдыханына именбей жеткізетін елшілікке жүрмекші», — деген; шыны керек, Шоқан басынан асқан гүмпілдек көлпар сөзді сүймейтін, осы сапарының мән-жайын жасырмай айтып салды? «Саушылығым кеміген соң отставкаға шықтым, Черняев қолынан біржолата ат құйрығын кестім, енді ел ішінде жайбарақат тіршілік кешіп, кітап жазып күн өткізбекшімін», — деді. Мына сөзді естіген Тезек төре қымызы таусылған сабадай бүрісіп, тырысты; онсыз да үш саусақ әзер сиятын маңдайы әжімденді; былайғы жұрт көзімен жер шұқыды, ас желініп болар-болмаста қайдағы жоқты сылтауратып шетінен суырылып жуан жотасын көрсетіп ізімғайым жоғалып жатты. Кемерінен асып-тасып қайнаған қазан суалғандай сезілді. Үй иесі аршамен тісін шұқып мөлиіп отырды-отырды да шырт түкірді, «бозөкпесің әлі», — деді, сөйтті де көші-қон жайын сылтауратып қыр астындағы тоқалының үйіне жөнелді... Енді бүгін түк көрмегендей болып ат үстінен шіренеді.

— Жақсы жатып, жай тұрдың ба, Шоқанжан, — дейді. — Жайлау төсін сағынған түрің бар-ау.

— Сағынғаным рас. Әрбір сәтім асық жардың қызықты күніндей жылдам өтіп бара жатқан секілді. Көкейге түйген ойларым көп еді, қағазға түсіріп үлгерсем қанекей.

— Қағаз қазаққа мал болмайды. Ой баққанша, қой баққан көш артық.

— Бай бір жұттық деген сөзді ұмыттыңыз ба, төре.

Ал, қағазға түскен асыл ой өлмейді, кейінгі, ілгергі ұрпакқа ұмытылмай жетеді.

«Жұт» деген сөз төренің жүрегін шаян боп шақты, онсыз да былтырғы жұттан есін әзер жинаған.

— Сөзің ащы, қазағыңа, жатағыңа жұт тілеп жүрсең жетіскен екенсің.

— Екі сөзіңнің бірі «елім, жерім» болыпты, бұл асыл сөздер іштегі мол жаманның бүркеншік көрпесі болмасын, төре, — деп зілсіз қағытып күлген болды.

— Таяқтың бір ұшы өзіне тиеді-ау, Шоқан шырақ, ата мекенді, қарындас қазақты от басында отырып біз биледік десек, нағыз иесі түзде жүрген өзің көрінесің ғой.

— Түйгеніңе түсінбедім, төре.

— Түзде жүріп жат болыпсың, жүрегің суып үлгеріпті қазаққа. Жауды қуған батырды басқа тепті қатыны демекші, ел-жұртыңды, аруағыңды аттап өтіп,орысқа бодандыққа байлап беріпсің ғой, қайтейін.

— Жаңылмай сөйле, төре. Орысқа бодан болсаң бағыңның жанғаны қайта, — деп Шоқан жанарын жалт еткізген. Ат үстіндегі әулетті кісі тіксініп қалды, жыланды үш кессең де кесірткелік халі бар деген, мынаның әлі пысы басым, қайраты қауындап канжар жанығандай тұтанып тұр ғой тегі деп, іштей шіміріге ойлады, ат басын бұрып жіберді.

Шоқан көкжөтелге булығып, иығы селкілдеп кідіріп қалды. Сырт көзге мүскін халге түсіп жылап тұрғанға ұқсайды. Қасына мысықтабандай дақ-дақ басып жалтақ қойшы тақады, таяғын беліне көлденең ұстап алыпты, жалаң аяқ, жалаң бас. Шоқан тер жуған жүзін көтеріп алды. Әудем жерде атын борбайлап бара жатқан Тезек төреге, қыр беткейде тізбектелген көшке, қарсы алдына келіп тұрған қойшыға назар жықты. Бейшараның бағжиған жанарынан өзіне деген есіркеу, мүсіркеуді окыды, жүрек басы шым етіп, тұла бойы қалш-қалш тітіреп өтті. Бұл күнге дейін өзін ешкім ескіреп-мүсіркеп көрмеген еді.

Аты суық нәрсенің тақап қалғаны ма сонда.

Кеудесі қысылғандай болып демігіп, көзін жұмды да жусан үстіне отыра кетті. Жалтақ койшының жаны жоқ, қапалақтап, асты-үстіне түсіп бәйек болып жүгіреді. Белбеуіне байлаған торсықтан ақтасын құяды, Шоқанға ұсынады. Қорғасын қалың бұлт Матай тауынан бері асты, нөсер болатынға ұқсайды, қураған селеу басы қимылсыз. Жайлау үсті сиыртаңдай сұрғылт түске боялып, көгеріп-сазарды, Алтынемел көре көзге аласарды. Көшентоған үстінен бері жел ұлып өтті. Әлгідегі үзік көш көк мұнар көжиекке сіңіпті. Етектегі қалың ауыл көші-қонға әзірленіп үй жығып жатыр ма, әлде дауыл алдындағы әлемтапырық әлеміш хал ме, әйтеуір сабылып, бытысып, ыбырсып кетіпті. Жалтақ қойшы жанторсығын беліне байлап, таяғын басына көтеріп, маңып бара жатқан ақтылы қойдың соңынан жүгірді.

Жер төсі исініп жатқандай ма қалай.

Көп ұзамай аяулы азамат Шоқан мәңгілікке көз жұмды.

Құсмұрынға орнаған әке қонысына жете алмай жарым жолда қалды, кайын жұрты — Тезек төренің аулыңда, елеусіз жолым үйдің караңғы түкпірінде иек қақты да үзілді. Етегі тақауда ашылған уыз қалыңдық Айсара қалды сыңсып, Тезек төре қарғыстан қабарған кісідей өз төрінде өзі аһ ұрып үнсіз ошарылды. «Пәленше өлді», — деп ауыл-ауылға атойлап хабаршы шапты. Қыр беткейден ат бауырына түсіп «ой, бауырымдап» жоқтау айтып жосқындап ешкім келмеді. Былайғы жалбағай киімді қораш топ ақ жуып, арулап, киізге оралған жеңіл мүрдені иықтап көтеріп апарып жатаған төбенің басына қойды. Елеусіздеу ғып топырақ үйді, шала оқыған молда жартысын жұтып құран оқыды, асығып-үсігіп бет сыйпады. Былайғы алабажақ топ жиылуы қандай жылдам болса, тарауы да сондай тез ізім-ғайым жоғалды. Көкше баурайына «Шоқан өлді» деп, әзірге ұзынқұлақ хабар кетті.

Жатаған төбе жел өтінде.

Жайлауға көшкен ел тырнадай тізбектеліп төбені орай терістікке өтеді; сол көш сары күзбен ілесіп түстікке төгіліп төбе тұсынан және жөңкілді. Замананың сары желі үзбей бебеулейді. Баяғы жалтақ қойшы осы маңда ұшырасқан торсық шекелі, алмас жанарлы, ажарлы жігітті есіне алып күзде бір, көктемде бір аласара түскен үймек топырақтың іргесіне келіп, тізе бүгіп құран окыды. Үймектің үстіне қауындаған шөпті жұлады. «Аһ, жаратқан ие, жас өле ме, кәрі өле ме — бәрі пешенеден, о дүниеге бір күндері біз де аттанармыз-ау» — деп күсті алақанымен әжімді бетін сыйпайды. Қабір үстіндегі шөпті жұлып болған соң, төрт тағандап еңбектеп жүріп маңайын тазалайды, құрт кесекті қолымен үгеді. Желге ұшқан топырағын уыстап қайыра үймектейді. Жер жүрегіндей болып елеусіз жатқан шағын төмпекке келіп тізе бүккен сайын жалтақ қойшының көңілі жаман құлазитын, тұлдыр тұяқсыз өтіп бара жатқан тіршілігін ойлайтын. Шағын үймек жыл сайын пәсейіп, жермен-жексен болып, тозып жоғалуға айналып барады. Сабалақ күздің сүмелегі сорғалаған салқын күні. Ел жайлаудан сабылып құлап жатқан. Тас төбеде желіні сыздаған қорғасын бұлт жылжи алмай күркілдей жөтеледі. Баяғы жалтақ қойшы аяғы ақсап талтақ болып қалыпты; төбе басына ентіге шығып көзіне сурет болып басылған торсық шекелі, алмас жанарлы жарлы жігіттің моласын әрі іздеді, бері іздеді, еш шалынар емес. Кеш қоюлап қараңғылық кірпік үйіре бастады. Қойшы жүрегі атқақтай, көңілі құлазып езіліп жатқан жерге еңбектей жорғалады. Қалың бедені олай-бұлай жапыра жүгіріп, қымбатындай болған қабірді іздеп шарқ ұрды. Көңілінде айтып болмас үрей. Бір мезгілде әбден қалжырап буыны дірілдеп, ыңқ етіп жер сүзе құлады. Балшыққа шыланды. Беті жұмсақ топыраққа тигендей сезілді, іштей өксіді, басын көтере алмай әл-дәрмәні бітіп, тынысы тарылып, ұзақ жатты. Күз жаңбыры селдете түсті. Жылы, жылбысқы топырақты құшып жатып бұлт жыртығынан бармақ басындай жұлдызды көзі шалды.

Таң әлетінде қос жолаушы көлігін жедел басқызып келіп төбе басына көтерілген. Суыт жүрістен аттары әбдеп бусанған. Жетегінде қара нар барды. Әлгі алып сирақты неме жылбысқы жерден тайғанақтап, шатқаяқтап төбеге әзер тырмысты да, белі талды ма, әлде межелі жерге жеттік деп ойлады ма — маңқ етіп тізе бүкті. Жолаушылар көліктен домалап түсіп түйені тіздеді. Олай-бұлай жүріп әлденені іздеді. Түйенің арқасына теңдеп, арканмен шандыған ауыр жүкті босатып, қолдасып түсіре бастады; абайлап, ақырындап жұмылған қимылға қарап әлгі ауыр жүктің қымбат нәрсе екенін болжағандай боласың. Жолаушының бірі жан-жағына алақтай қарап әлденені іздеді, маңайын жіті шолды. Қайыра келіп серігімен сауалдасты, алақтасты, тағы шарқ ұрып іздеу салды. Қос жолаушы қиналуға айналды. Тегі таппаған соң бірі — атына міне салып, әудем жерде, ылди төменде тізіліп бара жатқан кешке қарай тебіне түскен. Қыр беткейден қарауытқан әлденені көзі шалып қалт кідірді, секіріп түсіп, солай қарай жүгірді. Жетіп келіп жермен-жексен болып өшуге айналған моланы, сол моланы жастанған арық қатпа шалды көрді. Қасына екінші жолаушы жетті. Екеулеп шалды аударып қалып еді, жылусыз, демсіз, кұр дене, жаңа ғана жан тәсілім етіпті. Үнсіз, тілсіз күйбеңдеп жүріп ат терлігін суырып алып қазаның бетін бүркеді.

Алыс жолдан нар қоспақтың белін талдырып, ат арытып жеткен жолаушының бірі — генерал-лейтенант Колпаковский де, екіншісі әрі адютант, әрі тілмаш кызметінде жүрген қазақ жігіті болатын. Шоқанның пікірлес, мұңдас досы, көкірегі сәулелі генерал-губернатор К.П.Кауфман аяулы қазақ ғалымының қиян түкпірде ғылым үшін тентіреп жүріп ойда жоқта, отыз жасында дүние салғанын кеш естіді.

Болмысты, сыртқы дүниені бояумен, жарықпен көре білетін шын асыл суретші опасыз дүниеден көшіпті-ау деп аһ ұрды. Сыпайының сұлу кескінін қайта тірілтіп көз алдына келтірді. Сол замандағы Екатеринбургке, уақытын сарып етіп кайта-қайта сарыала хат жолдап, ондағы сәулетші Зенковқа өтініш білдіріп құлпытас соғуға тапсырыс берген. Құлпытастың қаражатын Шорманның Мұстафасы көтерді. Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейтін заман. Әне бітеді, міне бітеді мен сөзбұйдаға сеніп екі жылын текке өлтірді, ақырында, «құлпытас әзір болды» деген қуанышты хабар жетті. Тырнаша тыриған ұзынтұра, бес тілде еркін сөйлей білетін, әрі суретші, әрі әскери шен-шекпеннің иесі Кауфман шеберханаға арнайы өз аяғымен келіп, бетінде арабша, орысша арнау сөз ойып жазылған сандықтың бетіндей ақ гранит тасты тебірене жылы алақанымен сыйпады. Алыста қалған аяулы жанның ақ дидарын елестетті. Көңіл жықпас әріптесі Колпаковскийге: «Қайтсең де Шоқанның басына жеткіз», — деп аманатын айтты. Өзі сіңіріне ілінген дімкәсті болатын. Салқын таспен үнсіз тілдескендей көзіне жас алып, тұнжырап ұзақ тұрып қалды, соңында сылаң сағымдай қыр асып қалып қойған қай-қайдағы мұңлы күндерді есіне алды; «Ал, қош!» деп құлпытас артқан үзік керуенді шығарып салды. Екатеринбургтен ерте көктемде аттанған шағын шеру Омбыға ми қайнаған қапырық шілдеде әзер жетті. Ақ гранит тасты қабырғалы, қауқарлы нарға тиеп, қосалқы екі-үш нарды және жетелеп, үзік керуен Семей басып, қарлы Жоңғар кақпасын айналып өтіп, өлдім-талдым дегенде Аягөзге ілінгенде мизам түсіп, қоңыр күздің салқын лебі сезілді. Жолай бел омыртқасы үзіліп екі нар өлді. Колпаковский Аягөз қаласында күш көлік, жолбасшы күтіп амалсыз аптаға ошарылды. Қоңыр күз қара күзге алмасып, сабалаған суық жаңбыр басталды. Асықпаса болмайтын еді. Сүмелектің арты қарға ұласады деп жүрек басына үрей жамап аттанған екі жолаушы сар желіп, суыт жүріп бір жарым тәулікте Матай тауының іргесіне ілікті, Алтынемел асуына ынтыға көз тікті.

Салқар сахи сахараның келесі пұшпағынан әзіз досы зілдей ауыр құлпытасты қабір басына алып жеткенше осы бір елеусіздеу төмпешіктің үстінен он алты рет дүркіреп көктем көгі қылтиды, он алты мәрте сары сабалақ күз күркілдеп өткен еді. Ұшты-күйлі жоғалудан сақтап қалар, жер бетіне белгі меңі — құлпытас кадірі өз алдына өзгеше.

Жер болудан, жоқтыққа жұтылудан сақтап қалар басына құлпытас қояр соңыңда дос бар ма, сірә.

Қос жолаушы көп күйбеңдеп әлгі шалды Шоқанның аяқ жағына жерледі.

Жалпақ ақ гранит тасты жоғалуға айналған төмпешіктің үстіне жатқызды. Жедел қимылдап маңайын тазалады. Әлгіде саябырсыған жауын қайта сіркірей бастады. Шөгіп жатқан нар басын алға тастап өңешін соза кернейлете үн салғаны; жабайы, жат үн төбе құйканы шымырлатты. Жолаушылар балшыққа батып, суға шыланып әрекеттеп әбден титықтады, акыры тас койылып біткен мезетте бас киімін қолға алып тізе бүгіп, үнсіз мінажат қылысты, көзге жас алысты. Тілмаш жігіт жер бауырлап үн салып жатқан нардың тұсауын шешті, бұйдасын сыпырды, «шу, жануар» деп тұрғызып жіберді. Жадау өлкеге қара нарды қарауылдай қылып жалғыз тастап, атқа қонып, қос жолаушы батар күнді бетке алып жөнеле берді.

Төмпешік үстінде ақ гранит жатады.

Ақ селеу діріл қағады, қураған қурай сыбызғы шалады.

Кеңірдегі керней нар жоғалады.

Тезек дүниенің тезегін терумен, тентіреумен шаршаған кембағал жолаушы кұлпытастың іргесіне тізе бүгіп аз-кем тыныс алады. «Осы мен қайда жүгіріп бара жатырмын» деп таңқалады; көзім жұмылса құлпытас қояр жер бетінде жалғыз жанашырым жоқ, қайда асығамын», — деп қапаланды. Күзде ылдиға, көктем жонға иір-шиір жосылып жататын керуен көші бұдан былай осы маңға кідіріп, көліктің белін суытып, бірер күн еру болып аттанатын әдет тапты. Сол қораш топтан ақын бала, сезімтал қыз жырылып шығып, түн пердесін жамылып құлпытасқа келуші еді, жерде беті ашық жатқан киелі кітаптай көріп, салқын бедерін сыйпалап, үнсіз-тілсіз ұғынысушы еді. Жылдар өте сол жігіт белі кеткен кирелең шалға, сол ару көп түтілген шүйке жүнге айналары анық-ты. «Төңкеріс, кеңес» деген жаңа сөздің қазақ сахарасына жедел есіп тарап жатқан кезі бұл. Жарлыға жан бітті, дилылар ішінен тынды, күнде жиналыс күнде «жеке тұр», «батырақ» сайлау. Осы дүрмектің иен ортасында баяғы жалтақ қойшының жалғыз тұяғы Жетпісбаев желігіп жүрген. Желікпей қайтсін. Ауданнан келген қайыс белдікті, көк шәпкелі ала көз өкіл: «Жамаушы, жамаушыны көріп жүріп, тақия жамаған жарлыны көргенім осы, енді сен жалшы емессің, белсендісің», — деп арқасынан қаққан. «Көке, белсенді деген не ол?» — деп сұраған әуелде. «Белсенді деген жыртық шапанын беліне буып, білегін түрініп алып байларға тізе батыратын, кедейлерді бір сайға жинап жиналыс ашатын адал адам», — деп түсіндірген, — белсенді еңбегіне ақы-пұл алмайды, атқа мініп, жұртты ертеңді-кеш жұмысқа үндеп далақтап шаба береді»... Айналайын өкімет, теңгерместі теңгердің ғой. Жетпісбаевтің жеті атасы тілеген кәсіп осы емес пе еді ендеше. Ойпырмай, алдынан кісі өткізбейді, екпіні үй жығады дейтіннің нағыз өзі; тақымы тиген ат апта өте арқасы алынып жауыр боп шығады, бұрынғы дилы адам мұның төбесін көргеннен бұта-бұтаны паналап зытып жоғалады. Күн бата сілесі қатып шаршайды. Бірде інір көлеңкесімен ілесіп, жеркепесіне көңілі пәсейіп бас сұққан. Ентігін басып, демін алған. Қатыны ошақ басында күл суырып, сұрланып отыр. Балалар қосүрей, көзі шүңірейіп жүдеп кетіпті, аш секілді. Жетпісбаев басынан күнқағары сынған кепкасын алды, жөткірінді.

— Белсендінің қатыны, от жақпай неғып отырсың? — деді.

— Белсенді болғаныңнан не пайда, үйде үнем қалмады. Атқа мініп далақтап шаба бергенше, қайрылып үй-ішіңе қарасаң-ау, қызылсырап өлетін болдық, тышқақ лақ табарсың-ау.

— Белсенді аштан өлсе де өкіметтен ақы-пұл дәметпейді деген.

— Әдірам қал онда! Біз шөп-шалам жеп күнелтіп отыра берейік сен сол шапқаннан мол шауып, о дүниеге дейін тоқтамай қараңды батыра жоғал.

— Салғыласпай от жақ ендеше.

— Үйде сіріңке таусылыпты.

— Ай, түзде батыр, үйде қатын болып мың құбылып өлдім-ау әбден. Бір теуіп жалпитайын ба осы?

Құрым киіздің астында жатқан кішкентай бала әке мен шеше кикілжіңін өзінше шешкісі келді білем, атқып шықты.

— Қазір шақпақ тас әкелемін, — деп сыртқа жүгіре жөнелді.

Жетпісбаев ан-таң, жұдырығын иіскеп және жөткірінді. «Бұл бала шақпақ тасты қайдан таппақшы, маңайдың бәрі жылмағай жусанды жазық, маңайда ақ тас түгілі, қара тас емге ұшыраспайды. Ол үшін Алтынемелдің қырқасына өрмелеуден басқа амал болмас. Әй, балалық жасап бірдемеге ұрынып жүрмесе неғылсын!».

Құрымбай бала жүгірген бетімен үй желкесіндегі жатаған төбешікке шықты, төбешіктің түстік беті үлкенді-кішілі қорым. Ескіріп төбесі ойылып, үңірейіп үрей шақыратыны да бар. Кейінгі кезде жаңа мола қазылмаған соң ба, әлде жатаған төбе жол үсті ме — мал жайылып, шымдық үстін тұяқшиыр етіп жіберіпті.

Талай ойнап асыр салған жері. Жаңылмаса, әлдекім алып жоғалмаса, осы тұста, шеткі мола үстінде үлкен ақ тас жататын. Жиегіне құйрық басып күнге талай шуақтады, маңына асық ойнады. Үлкендер ұғындырып айтпаған соң, ерекше ен таңбасы болмаған соң, әйтеуір әлдебір кісі әлдеқандай себеппен алып жүре алмай көлігінен аударып тастап кеткен тас шығар деп ойлайтын. Бұл елде қабір басына мазар орнату, кешен, жәдігер салу үрдіс болмаған; қайта шала оқыған молдасы: «мола тезірек жермен-жексен болып, үстін шөп басып жоғалып үлгерсе — пендесі пейішке бармақшы», — деп ылғи мырыңдап шегелеп отырғаны.

Әлгіде үйден балға ала шықкан. Келген бойда жалпақ тасты құлаштап тұрып соғып өтті. Тағы перді. Жұдырықтай жарпа тас бөлініп түсті. Шақпақ қант сындырғандай құлшынды. Жылдам еңкейіп етегіне теріп алды. Құлапәре үйге қайта жүгірді. Ұрсысуға қара таппай қабағы тырысып отырған шешесінің алдына өңшең саудырған ақ тасты төге салды. Танауы делдиіп, ентігіп мәз.

Жетпісбаев төр алдынан басын қақшаң еткізіп көтеріп алып, етекке, ошақ жанына еңбектеді. Келе шақпақ тасты қолына алып бір-біріне ұрып көрді, мұрты тікірейді.

— От қалай ұшқындайды өзінен. Әй, мынау қатыны салақ үйге таптырмайтын қазына мүлік қой. Қайдан әкелдің бұл тастарды?

— Қыр үстіндегі моладан алдым, көке.

— Әй, қайдағы мола, мола үстіне кілең шакпақ тасты құдай төгіп кетіп пе?

— Сандық бетіндей үлкен тас, шетінен сындырып алдым, көке.

— Мұндай келісті киелі тасты аспаннан құдайдың өзі тастаған шығар,

жердегі пенделерді итырғылжың болып, ырылдасып пәтуасы кетсе — аспаннан я, кітап, я тас тастайды екен деп естігенмін; бұл сол көктен түскен киелі нәрсе ғой. Қол жайып, құран оқып жіберуге әліпті таяқ деп білмеймін. Шала оқыған молданы «құлақсың» деп тұқым-тұяғымен қосып қыр асырып қуып салдық. Не де болса «бергеніңе шүкір» деп бетімді сыйпайын да шақпақ тасты дорбаға тығайын. Бұдан былайғы жерде сіріңке сұрап көрші-қолаңға дедектеп жүгірмейтін болдық.

Осыны айтып Жетпісбаев қырланып қоқиланды, бетін сипады, шақпақ тасқа мақта орап иығы селкілдеп ұрғылап ұшқын шығарды.

— Әй, қатын, қу шөпшек әкел, — деп бажынады.

Аспаннан сұр бұлт жөңкіліп көше берді, бір-бірінен еш аумайтын көңілсіз күндер жылжып өте берді. Шолақ белсендінің үйі қайбір асқа жарыған. Екі күннің бірінде кішкентай Құрымбай көз алды көгіс тартып, ішегі шұрқырап ашығып қалады. Сай табанын қуалап жуа, сарымсақ теріп жейді, ол немелер әрі-беріден уы теуіп өзегін өртейді. Бір күні күншуақта қалғып-мүлгіп басы мәңгіп отырып ойға шомды. Сандықтың қақпағындай үлкен тастан күніге бір кертіп сындырып алып, оты бықсып жанып болмайтын ойдағы ауылға апарсам қайтеді дегенге жүгінеді баяғы. Ошақ басындағы қызыл келіншекке ұсынсам, әрідегі мал сойған үйді төңіректесем, шакпақ тасымды көрсетсем... неғылыпты!.,. құртынан, ірімшігінен ауыз тигізер бәлкім, бәлкім тырақы ешкінің асық жілігін ұстатар, қарын тоғаяр.

Осы оймен кішкентай Құрымбай әр кезде төбе басына шығып, сандық тастан шақпақ сындырып алады, қойнына тыға салып ылдидағы малшы ауылға дедек қағып жүгіреді, көңілшек қызыл келіншекті төңіректейді. Белсенді әкенің төбесі әр қырдың астынан қылт-қылт көрінеді, шауып бара жатқан жерінен шаужайына жармасып кідіртіп, ауыл кезіп жүрген қара баласының атын сұрасаң бар ғой, әй, қапелімде есіне түсіре алмас еді. Жанары атысып, қайраңға шыққан балықтай аузын құр ашып-жұмар еді. Құрымбайға ондай әкенің бары да, жоғы да бірдей.

Тыраш бала бір күні балғасын алып қыр беткейге және көтерілген, үйреншікті жерге келген, қараған көзді тартып тұратын жалпақ тастың төменгі жағы түгел кетіліпті, кемпірдің аузындай омырылып бітіпті. Жақсы қыры бар шақпақ тас сынып түспейтін болды деп іштей қамырықты. Жарпа тастан қырлы тас шығару оңай-оспақ емес әрине. Құрымбай енді зіл балғамен жоғарғы ернекті төмпештеуге кірісті. Сөйтіп апаш-құпаш далбасалап, тасты асқа айырбастап, ауыл мен үйдің арасын жалғыз аяқ жол қылып жүргенде үйі қыстауға көшетін болды. Әуелгіде «қыстау» деп ойлағаны үлкен жол бойындағы іргелі елді мекен екен; әкесі бұлқан-талқан ренжулі. «Еңбегімді ескермеді», — дейді әлдекімге зығырданы қайнап, — бай, құлақ деген иттерді осы өлкеден түріп қуып шыққаным жұрт есінен шығып үлгерді, опасыз дүние деген рас білем, енді келіп бастық аузын қиғаштап: «Белсендінің заманы өтті, пәленше-еке, үлкен жолдың бойындағы сиыр қораға қарауыл, әрі бақташы болыңыз», — дейді-ей, өл да бар маған, күймей қайтейін, кешегі ат үстінде шіренген қызыл шәпкелі, қайыс белдікті белсенді енді бүгін жаман жабағыға итініп мініп, аяғы жер сызып, сиыр қайырып жүрсе жетіседі екенбіз; әй, бүйтіп заманның озарын, биліктің тозарын білгенімде ғой, өйтіп-бүйтіп ликбез оқуын бітіріп алатын едім».

Айтты-айтпады, қайран белсендінің күні тайды, жыны кеткен бақсыдай от басына ошарылды.

Аяулы қабір аз-кем тыншығандай, ұмыт қалғандай дәурен еді бұл бір.

Үлкен жолдың жиегінде аядай үйде Жетпісбаев қатын-баласымен шаңқылдасып ұрсысып отыр еді. Сыртта жел ұрып тұрған. Шайпау әйелдің мінезі жосықсыз, кесе сынды ма, шелек даңғырлады ма, ошақ бықсыды ма, әйтеуір, үй-іші әлемтапырық жағдайсыз күйге түскендей. Бұрынғы белсенді, бүгінгі бақташы, қарауылдың шықшыты бүлкілдеді, жуан жұдырығы қышыды. Енді болмағанда алапат соғыс өрті тұтанар ма еді. Есік ашылып, сұқ итше сумаң етіп әлдекім кіріп келді. Көкала түтіннен көзі ашыды ма, түк көрмей состиып тұрып-тұрып:

— Здрасти, тамыр, — деді.

Бұл бет-аузын түк басқан орыс Пастушков еді, қазақшаға судай ағып тұрған, темірден түйме түйген орыс көршісі. Бірдеме сұрайтын болса ылғи осындай апақ-сапақта, ұрыс-керістің қызған шағында жетіп келеді. Жетпісбаев теткіп отырды да ашуын ішкі әлеміне қымтады.

— Жоғары шық.

— Шыққанда қайтем, қазаның асылмапты, самаурының төңкерулі жатыр.

— Насыбайың бар ма, тамыр, тамағым құрғап кетті.

Пастушковтың насыбайы ерінді қуырып кететін қылшаның күлінен жасалған, иісі де әдемі, ернін тілімен толғап көңілі жайлана түскен.

— Е, не шауамен жүрсің?

— Қол диірменіңді бере тұр, тамыр. Қатыны түскір бірер күн зырлатып бір қаптай жүгеріні жарма жасап алсын, балалар бөкпен жеп қарын шермитсін.

— Қалайша? Қол диілмен дән жемейді, ұстаға апалып тісеу келек болып жүл.

— Оқасы жоқ, тамыр. Өзім-ақ тісеп оңдап аламын.

Жетпісбаевтың жан тері шығып қысылуға айналды. Мына мұндар жалынып, үздігіп отырып алатын түрі бар. Ана бір жылдары шала оқыған молданы кәмпескелеп жүріп колға әзер түсірген диірмен тасын бөтен қолға өлсе бергісі жоқ. Бергісі жоқ. Белгілі ғой, бірсе болды — аптаға шейін ұшты-күйлі жоғалары; содан кейін келесі көрші келеді жалынып сұрап... сосын келесі... сұрампаз қазақ таусыла ма?... орысының өңешін созып отырысы мынау, қайтсем жалғыз атым насыбаймен атып аламын, жатып аламын деумен... оның үстіне қатыны берекесіз-ақ, қолына түскен мүлікті қиратып қайтарады. Болмас, болмас, қайтсем бұл пәледен дін аман құтылуым керек. Насыбайын іргеге шырт түкіріп тастады.

— Жаман диірменге сонша несіне жалынасың, тамыр. Одан да анау бел астында, қыр беткей шағын төбеде несін айтасың, келісті диірмен тас жатыр, ортасынан қақ бөлсең бар ғой әп-әдемі қол диірмен шығады. Темірден түйме түйген ұстасын, өзің, қолыңнан бәрі келеді, бар да сол тастан диірмен жасап ал, әркімге жалынып әуре болып жүрмейсің.

— Әдейі алдап қиынға салып отырғаның шығар.

— Несіне алдайын, имандай шыным, түп пайдаңды ойлап отырмын.

— Құлаққа сіңетін сөз екен.

— Сіңбесе айтамын ба.

— Ол тасты маған кім көрсетеді сонда?

— Мына Құрымбай жақсы біледі. Әй Құрымбай, қазан аңдып мөлиіп отыра бермей тұр да киін, мына ағаңды баяғы өзің білетін төбеге ілестіріп апар, сандық тасты көрсетіп қайт.

— Сандық тас емес ол, көке, жатқан жалпақ тас әншейін.

— Итім біліп пе не тас екенін. Бәлкім жердегі пенделері итше ырылдасып айтысып-тартыса берген соң сес қылып көктен тастағаны шығар, бәлкім... әйтеуір, бара салып құр балғамен төмпештей бермей біссіміллә деп, бет сыйпап алыңдар әуелі. Киесі тиіп аузыңды қисайтып кетіп жүрер.

Пастушков соңына кішкентай Құрымбайды ілестіріп шығып жөнелді. Жолай үйіне кіре салып құрал-сайманын алды, буынып-түйінді. «Өзге жұрт қымқырып кетпей тұрғанда тез жетіп екіге бөліп үйіме жеткізіп алайын» деп ойлады.

Қыр беткейге екі жаяу екінді әлетінде әзер ілікті. Төбе үсті жадау. Шөбі сарғайып кетіпті. Қурай желмен азынап бебеу қағады, ажырық сабағынан қырқылып сояуы қалыпты. Батуға ойысқан күннің бояуы төбеге жоса боп жұқты, маңай түгел қанқызылданды. Жер астынан шыққандай әлдебір құбылмалы мазаң үн төбе құйқаны шымырлата сарнайды, дауыс салады. Пастушковтың жүрек басын суық үрей шалды, жанары жасаурап, қолы дірілдеді. Бұдан талай қазаға араласқан, өлген кісінің сүйегіне кіріп, мұздаған денені ұстап көрген, бір басынан нешеме қатер өткерген, бәрінде тірі адамның тіршілігін жасап жайраңдап күліп, тайраңдап жортып жүре беруші еді: ажал мен өмірдің ара салмағын парықтап ажырата қоймайтын. Жүрегіне қатер жамайтын. Не кереметінің бары белгісіз, бұл жолы біртүрлі жайсыз халге түсіп, жан әлемін суық жел кеулегендей сезіліп... тұрды-тұрды да, ақырында дүние құлқы, өмір қызуы жеңіп зілдей балғаны қолына алды. Алақанына түкірді.

«Бетіндегі құмырсқа ізіндей бедер жазуы не екен» деп ойлады; — мейлі де, тірі жан тіршілігін жасайды, өлгеннің артынан өмір жібі үзілмейді, бұл да бізге бұйырған нәсіп шығар».

Әуелі темір қашауды жалпақ тастың ортан белінен көлденең жүргізіп кішкентай балғамен ұрып ойып шығуды көздеді. Үлкен сандықша тасты ортасынан қақ бөлмекші. Сосын барып шет-шетінен қашау салып тісеп, егеп дөңгелектеп келтірмекші. Қасындағы Құрымбайды «Енді керегің жоқ, жүре бер», — деп ауылға қайтарып жіберді.

Темір қашауды ортан белге салып тізерлеп отырып тықылдатып жөнелді, иығы дамылсыз бүлкектеді. Өз-өзіне риза болып іштен түлен түрткендей шықылықтап кеп күлді. Күн батқанша дамылсыз жәукемдеді. Самайынан жылы тер шұбырып ақты. Орамалын алып сүртуге де мұршасы болмады. Әлде қандай белгісіз сырт күш асықтырып, дегбірін алып, алдына салып қуып бара жатқандай ма. Құлағына жел қурай ызыңы келетіндей ме. Өстіп құнжыңдап отырып орта деңгейге дейін ойып шықты, терге малшынды. Кенет қашау астынан ұшқан тас жаңқасы шырт етіп оқ көзіне түскені. Шым етті. Пәлендей ауырып; жанын мазаламаса да көз жанарын жасқа толтырып, сыздатып барады; қолымен уқалайды — кетпейді, орамалмен сүртеді — шықпайды. Ауру пәс-пәске ұлғайып тамырға кетті ме. Көзін суыра жеп шыдатпауға айналды. Түрегеліп маңайына қарады.

Маңайы кілкіген алжасыл бояу; әлгідегі алдында жатқан ақ тас сол алжасыл бояудың бетімен жылжып, толқын сағымға ілесіп қашықтап бара жатқандай ғой: қарап тұрып жүрегі көтерілді. Өзін толқыны жыбырлаған телегей теңіздің ортасында тұрғандай сезінді. Ішкі жан дүниесінің тиегі тайып кеткендей құлази жалғызсырап, жабығып, өкіріп кеп жылады.

Ертесіне үйіне бетін басып келді.

Төсегіне құлады.

Жанары күп болып ісіп зар қақсап, ұзақты күн дөңбекшіді; көрші ауылдан хабарласып дәрігер жетемін дегенше көзі ағып түскендей болып қиналып жатып дүние салды, күн көкжиекке қанқызылданып батты.

Ақ гранит құлпытас туралы бұдан былай ел ішінде не қилы әңгіме гуледі. «Жай тастан от шығушы ма еді, аспандағы айдың сынығы бәлкім», — деседі; мына шеттен Жетпісбаев өңешін созады: алды-артына қарамай алашапқын болып алжасып жүрген пендесінің басына дөп тисін, есін жисын деп тастаған тәңір шебердің ісі деп. Қолындағы күрегін жерге теуіп сіңіріп топырақ аударады, анадай жердегі орыс досының жас моласына күрек атады. «Бетіндегі арабша жазуы жай сәз емес, құранның сүресі бәлкім», — деседі былайғылар; мына тұстан Жетпісбаев шыж-көбелек болады: орыс досым-ның аяқ астынан опат болуы тегін емес, киесі ұрған деп. Қазаға жиналған жұрттың көзінше: «Сен жүгірмектің шығармайтының жоқ», — деп кіжініп, кішкентай Құрымбайды төмпештейді. Үйіне жүгіреді. Терінде, көне сандық ішінде тығулы жатқан баяғы шақпақ тасты алып, үйден атқып шығып аулаққа лақтырды. Жанары ойнап, кәлимаға тілік келтіріп, түсін суыққа салады. Орыс досының қабіріне күрекпен жентектеп топырақ атты. Лезде алақаны ойылады. Жұрт тарайды. Сол кезден бастап ел төбе басына аяқ басуды қойды. Кісі жүрмеген соң қабір маңайын қалың шөп басып, аз уақыттың ішінде шеті мүжілген, ортасына қашау ізі түскен құлпытасты көміп салды. Заманның сары желі бебеулей соғып, жылдар жылжып қабір қайыра жоқтыққа жұтылды, көпке дейін ұмтылды.

Аяулы азаматтың көз жұмғанына тоқсан үш жыл толғанда жаңа жетілген зерделі ұрпақ қабір басына үш метрлік сәнді обелиск орнатты: баяғы Кауфман қойғызған құлпытас сол обелискінің етегіне қайыра жапсырылды.

Жер болудан, жоқтыққа жұтылудан сақтап қалар, қабіріңнің басына құлпытас қояр соңында жоқтаушың бар ма, сірә.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз