(дерек)
Қазақ халқының өткен тарихына көз жіберсек, ертеде өнерлі адамдар көп болғанын білеміз. Сол өнер иелерінің ішінде Жанкісі есімді елге танымал екі дарынды тұлға кездеседі. Әңгіме осы екі Жанкісі жайында.
Оның біреуі — ақын, жырау Жанкісі, екіншісі — шешен, би Жанкісі деп айтылып жүр. Алайда тарихта болған осы екі Жанкісіні бір Жанкісі деп көрсетіп жүрген де жайымыз бар. Қазақ совет энциклопедиясында (4-том, 26-бет) Жанкісі жайында жаңсақ дерек берілген. Онда ақын Жанкісі мен шешен Жанкісінің шығармаларын бір кісіге теліген. Онда Жанкісінің туған, қайтыс болған жылы болжаммен айтылып, ата-тегі көрсетілмеген.
Ал деректерге жүгінсек, «Бөгенбай батырды жоқтау» атты жыр - толғау өлеңдері ақын Жанкісінікі де, енді «Қоқан ханына айтқан» деген толғау шешен Жанкісінікі екені анықталады. «Бес ғасыр жырлайды» кітабында (І- том, 199-бет) шешен деп айтылып жүрген екінші Жанкісі жайында біршама дұрыс мағлұмат берілген. Бірақ бұл кітапта да Жанкісінің әкесінің аты айтылмайды, туған, өлген жылдары көрсетілмейді. Тіршілік еткен жері тұспалдап қана айтылады. Кітапта Жанкісі би, деп жазылыпты. Біздің қолымыздағы шежіре деректермен, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде осы екінші Жанкісіні руы найман, шешен және жыршы Жанкісі дейді. Бірақ оның қаншалық дәрежеде би болғандығы жөнінде мәлімет жоқ. Осы Жанкісінің «Қоқан ханына айтқаны»,— «Қожыққа айтқаны» атты толғаулары мен «Мақпал — Сегіз» атты дастанынан басқа шығармақшы болды ма, болмады ма ол жағы да әзірше белгісіз. Қазақ ССР Ғылым академиясына Мәди Болатов жинап тапсырған бағаналы - найман шежіресінде бұл Жанкісіні «Шешен Жанкісі, шайыр Жанкісі, молда Жанкісі» деп те атайды. Осы деректе оның «Мақпал — Сегіз» дастанын жазған жырау екені де айтылады. «Мақпал — Сегіз» дастанының ел аузында жүрген жиырма екі варианты бар екендігі белгілі. «Мақпал — Сегізді» кезінде Өске, Базар, Біржан сал, Арыстанбай, Орынбай секілді ақын - жыраулар да жырлағанын айттық.
Өмірбаян тарихына зер салсақ, осы екінші Жанкісінің әкесінің аты Бөрібай, руы орта жүз, бағаналы найман ішінде қара бала, оның ішінде жауғашты тайпасынан, 1772— ұлу жылы туған. Дүниеге келген жері қазіргі Жезқазған облысының Жезді ауданындағы Сарысу өзенінің бойы. Сыр бойындағы Сұлутөбе деген жерде 1849, тауық жылы күз айында қайтыс болған. Жанкісі Бөрібайұлын біреулер өз ажалынан өлді десе, екінші біреулер Қоқан ханы жендеттерінің қолынан қаза тапты дейді. Әйтеуір қалай өлгені жөнінде нақты дерек жоқ.
Осы арада бір айта кететін нәрсе ол жырлаған «Мақпал — Сегіз» дастанындағы бас кейіпкер Мақпал қыздың әкесі Бақтияр осы Жанкісімен бір рудан шыққан аталас кісі деп, сондықтан да Жанкісі «Мақпал — Сегіз» оқиғасын жақсы біліп жырға қосқан деуге болады. Жанкісі өзінің «Қоқан ханына айтқаны» деген ұзақ толғауында, халыққа көрсетіп отырған ханның озбырлығын мінеп-шенеп ханға ел атынан — бүкіл қауым атынан шағым айтады.
Алдияр, тақсыр ханымыз!
Алдыңа келді қарашаң,
Арызды қабыл алыңыз.
Өзіңіз қосқан зекетші,
Біздің елде Жүзбай бар,
Жүзбайдың жүрген жерінде
Жылау менен ойбай бар...
«Келі түбім» деп алады,
«Кеусенім» деп алады,
«Отыра зекет» деп алады,
«Құшақ зекет» деп алады,
Арқадан келген рулы ел
Аң-таң болып қалады,
Айтайын десе ұрады,
Ұрмақ түгіл, қырады.
Енді Жанкісінің біріншісіне, ақын Жанкісі жайына тоқталайық. Ол тарихи деректерге қарағанда, елге «Жанкісі жырау, Жанкісі ақын, Жанкісі әнші, Жанкісі палуан» деген атпен мәлім болыпты. Жоңғар мен Еділ бойы қалмақтарының шапқыншылығына қарсы, азаттық соғысына белсене қатысқан жауынгер ақын екен. Жанкісі сонымен бірге әлгі айтқан соғыста Қожекеұлы Бөгенбай батырдың (1698— 1759 ж. ж) жасағында болып талай-талай жорыққа қатысқан және халықты бостандық жолындағы күреске шақырып, үгітшілік қызмет атқарған. Ол өзінің сол тұста шығарған бір өлеңінде:
Мен Таузарда Жанкісі,
Жырыма құмар әр кісі.
Ұран сап атқа мінгенде,
Соңыма ерген бар кісі.
Жау келгенде жасқанбау,
Батырлықтың белгісі.
Ми рас болған біздерге
Бабалардың үлгісі,—
деп жырлайды. Жанкісі жырау Көшекұлы (1736—1817 ж. ж.) жас жігіт кезінде өз аталасы Орта жүз ашамайлы керей Бақсары батыр Райжанұлы (1683—1778 ж. ж) ордабасының мыңбасшысы болып, Еділ-Жайық бойын қалмақ басқыншыларынан азат ету жорығына қатысады. Жорықтан еліне жеңіспен оралған кезінде Ырғыз өзені бойында түрікпендер шауып кеткен бірнеше ауылдың үстінен шығады. Шапқыншылыққа ұшыраған ауылды көрген ақын осы жолы өзінің «Бақсары батыр» атты дастанын шығарады. Енді сол ұзақ дастаннан үзінді келтірелік:
Иемденіп қырық жыл,
Қалмақтар алып жерлерін.
Беттетпеді соғысып,
Алшын мен Ноғай ерлерін.
Алшын мен ноғай билері.
Бас қосып кеңес құрады.
Орта жүздің жұртынан,
Көмекке ғаскер сұрады.
Сарыарқа. Сібір астасқан,
Жерін мекен ететін.
Керей - уақ қалың ел
Жәрдемге күші жететін.
Орта жүз Керей - Уақтың,
Бақсары бастап жасағын.
Еділдегі қалмақтың,
Тыймақ болды мазағын.
Сенген екен қалмақтар,
Естек Таймас батырға.
Кінәздермен үндесіп,—
Майдан ашты ақырда.
Біз жолығып Таймасқа,
Жауыздың бетін қайтардық.
Кіші жүзге жібермей,
Жасағын қырып тойтардық
Таймас қашты еліне,
Өзінің мекен жеріне.
Қара саннан оқ тиіп,
Жылап қайтты егіле.
Керней тартып Бақсары,
Дабыл ұрды, ұран сап.
Соңынан шаптық сардардың,
Ілгері қарай аттандап.
Шірене тартып садақты,
Шыңғырттық жауыз қалмақты.
Айдарын жұлып жылады,
Қонтайшысы ардақты.
Майданда осы ешбір жан,
Бақсары ерден асқан жоқ.
Қырса да жауды қарт сардар,
Батырмын деп тасқан жоқ.
Күші асып Бақсары,
Дұшпанды баудай түсірді.
Ақырып келген қалмақтың,
Жазалап үнін өшірді.
Жетпіс жеті жасында,
Жеңіске жетті тағы да,
Қартайғанда қол бастау
Тәңірдің берген бағы да.
Екі бетін Жайықтың,
Тазартыстың дұшпаннан.
Болмады жауға еш пайда,
Тонаған мүлкін құсқаннан.
Орындап жұрттың тілегін,
Қалмақпен болған шатақта
Ие болды-ау Бақсары ер,
Ордабасы деген атаққа
Той жасады қалайық,
Орын сайлап тоғайдан.
Алғыс алды Бақсары,—
Кіші жүз бен Ноғайдан.
Тараған соң үлкен той,
Ел жаққа қарай бет бұрдық,
Кіші жүзбен Ноғаймен,
Қоштасқан соң аз тұрдық.
ЬІрғызға қолды қондыр деп,
Бұйрық берді Бақсары.
Олжа малға қарық болып,
Ғаскердің халы жақсарды.
Түнетпек боп жасақты
Жағдайлы жерді көздедік.
Тігуге шатыр тізілтіп
Сайлау жерді іздедік.
Ыңырсыған біреудің,
Құлаққа үні естілді.
Біздерді келген сезініп,
Жаралыға ес кірді.
Емшекте жас баласы,
Жатыр екен келіншек.
Ауыр екен жарасы,
Қасына келіп үңілсек.
Ыңырсып жатқан әйелге,
Кім шапты дедік еліңді?—
Шамаң келсе қарағым,
Айт дедік аты-жөн, тегіңді?—
Қиналып әйел үн қатты,
Қозғалуға онда шама жоқ
Шығар шықпас жан жатты,
Ажалға келген шара жоқ.
Кіші жүз Алшын ішінде,
Байұлы едік, ағалар.
Есімім менің Ақжәми,—
Денемде тексі жара бар.
Түнде шапты елімді,
Жауыз дұшпан түрікпен
Жас, кәрі жаумен соғысып,
Қаза тапты ерлікпен.—
Деді де әйел үні өшті,
Қош айта алмай біздерге.
Мәңгілікке көз жұмды ол,
Жан тапсырып сол жерде,
Оянған соң таң атып,
Тамақтанды ғаскер жайланып.
Аттарды ерттеп, жүк теңдеп,
Бармақ боп елге ойланып.
Алмаймын деп олжадан,
Жасаққа сардар үн қатты.
Ойлап тұрсам пендеге,—
Деді — бала шын тәтті.
Бір перзенттің болмауы,
Жаныма менің тым батты.
Алғашқы тапқан төрт ұлдың,
Біреуін сыйла — деп айтты.
Ренжімей қалың қол,
Баланың бірін қи деді.
Көрсеткенің сол болсын,
Маған, ерлер, сый деді.
Дегенінде сардарға
Төрт ұлды түгел ал дедік.
Көтерілсін көңілің,
Бауырына сал дедік.
Төрт баланы алған соң,
Аға батыр қуанды.
Шүкірлік етіп аллаға,
Көңілі ердің жұбанды
Екінші бір ауып жұртынан,
Табылған үш баланы.
Метейіме іні болсын деп,
Байдос батыр қалады.
Намысын жұрттың қорғаған,
Бақсары, Байдос ойлап ой.
Ұлдарына ат қойды,
Жалпыға жиын, жасап той.
Ат қойды Байдос үш ұлға,
Бақсары қартқа еліктеп.
Жағалбайлы, Жалайыр,
Және бірін Естек деп.
Өсе келе жетеуі,
Жеті үй болды ақыры.
Мырза деген ат алды,
Өлгелі жатқан пақыры.
Ақжәмидің аузынан
Естілген сөз сақталып.
Құлағына тиген ұлдардың,
Бірден-бірге жатталып.
Осы азғана жырымды,
Бір сапарға арнадым.
Жеті ұлдың жайып сөз еттім,
Тереңге бойлап бармадым.
Бақсары ерді жырладым,
Келтіріп өлең бұрауын.
Шығарған мұны Керейде,
Жанкісі әнші, жырауың.
Әкем менің Ер Көшек,
Қалмақтың туын құлатқан.
Алтайдан әрі асырып,
Халхиды қуып шулатқан.
Ал сексен жасқа келіп науқас боп жатқанында, шығарған ұзақ өлеңінің бірінде осы Жанкісі былай деп толғанады.
Үш жүзге атым әйгілі,
Керей Жанкісі батыр ем.
Қожаберген бабамның,
Жолын қуған ақын ем.
Қиын-қыстау кезеңде,
Қамал бұзған сардар ем.
Қиын дауды өлеңмен —
Шешкен талай дегдар ем.
Сексен деген жас жетті,
Науқас жеңіп меңдетті.
Жанкісі Көшекұлының өзі жайынан өмірбаяндық көп мағлұмат беретін бұл ұзақ өлеңі осы күнге дейін дұрыс жиналмай әркімдердің қолында жүр. Ол осы өлеңінің бір жерінде өзінің өткен жасы туралы тағы да былай дейді:
Жанған оттан таймаған қайран он бес,
Таудан аққан бұлақтай өр жиырма бес.
Отызда қамал бұзып жауды қуған,—
Ол күндер енді маған қайтып келмес.
Қырықта бәйге атындай қылаңдайсың,
Елуде боз жорғадай бұлаңдайсың.
Алпыс деген жас болар аш бурадай
Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың.
Жанкісі 1736, ұлу жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы, Благовещенск совхозының Гүлтөбе-Маманай деген жерінде дүниеге келеді. Сол туған жерінде 1817, сиыр жылы қайтыс болады. Руы орта жүз ашамайлы керей ішіндегі кешебенің таузар тайпасынан. Жанкісінің әкесі Көшек Асқапұлы (1695—1783 ж. ж.) да 1723—1758 жылдар арасындағы жат ел басқыншылығына қарсы азаттық соғысқа қатысып қол бастап, батыр — сардар атағын алған адам. Ол жөнінде атақты Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлы өзінің 1723 жылғы ақтабан шұбырынды оқиғасына шығарған «Елім-ай» дастанында:
Қиыншылық ылғи болмас әлі-ақ өтер,
Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер.
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек,
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер,—
деп жырлайды. Бұл жырдан соғысқа Жанкісі мен Көшектен басқа батырдың атасы Асқаптың да қатысқанын көріп отырмыз. Көшек батырдың соғыстағы ерлігін Қожабергеннен басқа Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Бұқар, Жанақ (үлкен Жанақ), Көтеш есімді ақындар да жырға қосқаны белгілі.
Қожаберген, Дәстем сал, Сегіз сері, Жанақ сияқты Жанкісінің әкесі Кешек батыр да Қарабас би тұқымынан, яғни таузар керейдегі Толыбай сыншы әулетінен тарайды.. Осы Қарабас тұқымынан ертеде аты елге белгілі көп ақын - жыраулар шыққан екен. Көшек батырдың өзі Кіші жүзге күйеу екен, ол белгілі Сырым Датұлының апасы Ақбота сұлуға үйленген. Біз сөз етіп отырған Көшектің көп баласының бірі Жанкісі осы Ақботадан туған. Жанкісі Көшекұлының өмірі өте қиыншылықпен өтеді. Өйткені ол қалмақпен жаугершілік тұста өмір сүрген. Жоңғар басқыншылары тізе бүккеннен кейін ол Бұқара шаһарындағы медреседе оқып білім алады. Ақындық, жыршылық өнермен айналысады. Бұған оның үшінші Бөгенбай батырға арнап шығарған ұзақ жоқтау өлеңі куә. Ол екінші Бөгенбайға да жоқтау шығарған. Сонымен бірге Жанкісі XVII ғасырда өмір сүрген үлкен Бөгенбай батыр, яғни перзентсіз өткен ашамайлы керей Бөгенбай Маянбайұлы жайында көлемі алты мың жолдай әйгілі «Бөгенбай батыр» атты дастанын шығарған ақын. Бұл ерлік дастанның нұсқасы республикамыздың әр облыстарында тұратын көзі ашық, жыр сүйетін қариялардың қолында әлі күнге дейін жиі кездеседі. Сонымен қатар бұл дастанның толық нұсқасы әдебиет және өнер институты мен академияның ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазба қорында да сақтаулы.
Торғай облысы, Есіл ауданындағы сексен төрт жастағы Дүйкенов Сексенбай, Аманкелді ауданындағы Иманов атындағы совхоздың тұрғындары Өтеев Әмір, Базаров Ғала, Қарағанды облысы, Теңіз ауданының XXII партсъезд совхозының тұрғындары Жүкіпов Бегәлі, Шәукеев Мүтәп қариялардың; Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Мұрынтал селосының тұрғыны Қожанов Оқап қарияның; Жезқазған қаласы жанындағы Рудник поселкесінің тұрғыны, құрметті кенші Пішенбаев Төлепбергеннің қолында «Бөгенбай батыр» дастанының нұсқалары бар.
Осы арада тағы бір айта кететін жайт, қазақта ертеде өткен Бөгенбай есімі бір емес, атақты үш батыр, бір би болғанын тарих растайды. Жанкісі сол үш Бөгенбай батырдың үшеуін де жырға қосқан. Әрине ол өз руласы керей Бөгенбай батырды көрмеген, бірақ оның ерлігін сол Бөгенбайды көрген адамдардан кеп естіген. Ақынның біз жоғарыда сөз еткен ұзақ дастаны осы Бөгенбай Маянбайұлына арналған. Ол қазіргі Омбы қаласының орнында бұрындары мекен еткен керей аулында туып, кейінгі қонысы Қорған облысындағы Шадринск қаласының орнындағы бұрынғыша,Шатыра – Шетқурай деген жерге ауысып сол жерде жасы жетіп қайтыс болады.
Екінші Бөгенбай Ақшабатырұлы орта жүздегі қанжығалы арғын руынан. Ол қазіргі Целиноград облысы, Ерейментау ауданы, Қоржынкөл деген жерде туып, сол жерде қайтыс болады. Сүйегін елі құрметтеп Түркістан қаласындағы Қожахмет Яссауи мазарына апарып жерлеген. Ел аузында «Қанжығалы қарт Бөгенбай» атанған белгілі батыр осы Ақшабатырұлы.
1726 жылы көктем айында қазіргі Жезқазған облысы, Жезді ауданындағы, Ақтас руднигі орнаған Бұланты өзені бойында Жоңғар басқыншыларына қол бастап алғаш рет қирата соққы берген осы қанжығалы Бөгенбай. Оның ерлігін Жанкісіден бұрын Қожаберген, Үмбетей, Бұқар, Тәтіқара жыраулар да жырға қосқан.
Үшінші Бөгенбай Қожекеұлы орта жүздегі кіші арғынның қараман тайпасынан шыққан батыр. Осы Бөгенбай Кіші жүзді билеген Әбілқайыр ханның Бопыш есімді қарындасына үйленген. Ел аузындағы аңызға қарағанда, төре тұқымы Әбілқайыр Бопыш есімді қарындасын Бөгенбайға оның жоңғармен соғыстағы ерлігіне риза болғандықтан берген деседі. Осы Бөгенбай жайында Қожаберген жырау атақты «Елім-ай» жырында былай дейді:
Кіші арғын Қараманның әулетінен,
Бір батыр жауға тиген өз бетімен.
Есімі ол сабаздың жас Бөгенбай,
Мойымас айырылса да дәулетінен.
Ер шыққан Кіші арғыннан жас Бөгенбай,
Көңілі жоңғар десе тас Бөгенбай.
Қалмаққа бір бүйірден келіп тиді,—
Арғынның жасағына бас Бөгенбай.
Бөгенбай болды елге үлкен сүйеу,
Болмады қазақ үшін енді күйреу.
Әбілқайыр сұлтанға ол кейіді,—
Болса да төрелерге өзі күйеу.
Осы Бөгенбайдың ерлігін, біз сөз етіп отырған Жанкісі де көп жырлаған және ол өлгенде жоқтау шығарған. Бұл үшінші Бөгенбай Сарыарқадағы Торғай өзенінің Тасты саласының бойында дүниеге келіп, Еділ бойы қалмақтарымен соғыста қаза табады. Сүйегі Жайық өзенінің жағасына жерленген. Жанкісі әлгі айтқан Бөгенбай өлгенде шығарған жоқтауында былай дейді:
Орта жүз кіші арғында,
Қараман еді затыңыз.
Жайылған бергі - арғыға,
Сардар Бөген атыңыз.
Ер болдың жаудан таймаған,
Қалмақты қуып айдаған.
Азаттық туын көтеріп,
Жорық десе жайнаған.
Арманда кетіп Бөген ер,
Қайғырды ойлап сені ел.
Сіз өтті деп есітіп,
Күңіренді мынау қара жер.
Екінші, үшінші Бөгенбай батырмен қатар Кіші жүздің табын руынан шыққан атақты Бөкенбай батыр болғанын да айта кетелік. Бұл Бөкенбай белгілі Жоламан батыр Тіленшіұлының арғы атасы. Сондықтан, тарихтан аты мәлім үш батырмен Бөкен батырды шатастырмай әр қайсысын өз дәрежесіне, өз дәуіріне қарай бағалағанымыз дұрыс демекпіз.
Алғашқы үш Бөгенбайдан басқа орта жүз арғынның қарауыл тайпасынан шыққан төртінші Бөгенбай би де болған. Ел аузында ол «Қарауыл - қылды Бөгенбай» атанған. Би Бөгенбай белгілі Кенесары Қасымовтан (1802—1847 ж. ж.) мүшел жас үлкен адам. Бұл батыр емес ел ішінде өзінің әділдігімен, шыншылдығымен беделді би атанған кісі көрінеді.
Бөгенбай би Көкшетау өңіріндегі Зеренді тауында 1789— тауық жылы туып, 1861 жылы осы Зерендіде қайтыс болады. Оның өліміне арнап Біржан сал, Нияз сері, Шәрке сал, Орынбай, Арыстанбай, Тоғжан, Көрпе ақындар жоқтау өлең шығарады. Бұл өлеңдердің түрліше варианттары Көкше өңіріндегі ел аузында осы күнге дейін жақсы сақталған. Бұл арада Бөгенбайлар мен Бөкенбайға кеңірек тоқтау себебіміз, ерте заманда өткен осы аттас адамдарды кейбір жазушылар, әдебиет зерттеушілері және оқырмандар бір-бірімен шатастырмау үшін қажет болар деп отырмыз. Мақсатымыз мұның қай-қайсысының да атына нұқсан келтірмеу. Біз сөз етіп отырған Жанкісі Көшекұлының, Бөгенбай батырларға арнаған шығармаларымен қоса Қожаберген жыраудың інісі Бердіқожа Тобышұлына арнаған «Бердіқожа батыр» атты белгілі дастаны бар. Жанкісі ақынның бұдан өзге де «Абылай хан», «Тұрсынбай батыр», «Тайлақ мерген», «Ер Сырым», «Батыр Жайнақ», «Ер Ақпанбет», «Азат батыр» атты жыр - қиссалары, өзінің кім екені жайында өлеңі және басқа жыр мұралары ел аузында көп сақталған.
Бұлардың дені әсіресе Қызылжар, Омбы өңіріндегі Қорған, Тюмень, Свердловск облыстарындағы қазақтар арасында кеңінен таратқанын айта кетуіміз керек. Өзіміздің академияда сақталғаны «Керей Бөгенбай батыр», «Бердіқожа батыр» дастандары ғана. Осы арада тағы бір Деректі еске сала кетелік. Жанкісінің әкесі Көшек батыр ата қонысы Гүлтөбе — Маманайда 1763 жылы қаза болғанына бір жыл толған Қожаберген бабасына арнап ас береді. Ол асқа Абылай хан, Бұхар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш жыраулар қатысады. Жанкісі ақын осы аста Қожаберген бабасына арнап ұзақ жоқтау жыр шығарған. Бір айта кететін нәрсе, аты елге кеңінен танымал ауыз әдебиеті дүлдүлдерінің бірі осы Жанкісі шығармаларының әлі күнге дейін жиналып, толық зерттелмей келе жатқаны. Жанкісінің Мақпуза есімді әйелінен Салғара, Зілғара, Шопан, Орхан, Бұрхан атты бес ұл туады. Осы бесеуі де найзагер, мерген, палуан болғандықтан оларды арқа елі «Жанкісінің бесқасқасы» деп атаған. Бұлардың ішінен Жанкісінің үлкен ұлы Салғараның атақты ақын, жыршы, композитор болғаны жұртқа белгілі. Оның «Жиырма бес», «Тоқсан бес» атты өлеңдері қазақ елінің тұс-тұсына кеңінен тараған. Осы Жанкісі Көшекұлының өзге балаларының да өнерлі болғанын ел аузындағы деректер дәлелдейді. Қазіргі мәдениетіміздің дамуына бір кезде ауыз әдебиеті арқылы елеулі үлес қосқан көркем сөз зергерлері жоғарыда біз сөз еткен екі Жанкісінің екеуі де әдебиетіміздің тарихынан лайықты орнын алуға тиіс.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі