Жазушының ар-ұяты жақын жуықтарының ар-ұятымен сәйкес келгенде ғана ол толық қуанышқа кенелетін болады.
Салтыков-Щедрин
Мен құм төбелер арасындағы кішкентай үйде тұрып жатырмын. Бүкіл Риганың теңіз жағалауы қар жамылған. Ол ұдайы биік қарағайлардан сусып түсіп, шұбатылып барып, тозаңға айналып кетеді.
Қар желден, тиіндердің қарағайдан-қарағайға секіріп жүгіруінен ұшып түсіп жатады. Тек тамылжыған тыныштық орнағанда ғана тиіндердің қарағай бүрін шағып жатқаны естіледі.
Үй теңіздің кемерінде тұр. Теңізді көру үшін аула қақпасынан шығып, қары тапталған сүрлеумен есік-терезелері тақтаймен шегеленген саяжайды жанап, азғантай ғана жүрсең болғаны.
Со бір саяжайдың терезелері жаздан бері тұтулы. Олар болмашы желден қозғала бастайды. Әсілінде, жел көзге шалынбайтын саңылаулардан қаңырап қалған саяжайға енетін сияқты, бірақ алыстан қарағанда, әлдекім пердені көтеріп, абайлап қана сені аңдып тұрған тәрізді болып көрінеді.
Теңізде толқын көтерілген кезде, желдің шуылы естілмейді, қайта мұздың қаршылдағаны және қардың тығыздалып, шөгіп жатқан сыбдыры естіледі.
Балтық қыста құлазып, түнеріп жатады.
Латыштар оны "Кәріптас теңізі" ("Данита юра") деп атайды. Бәлкім, бұл Балтықтың жағаға қыруар кәріптасты лақтырып тастайтынынан емес, оның суы сарғыш рең мен жылтылдап жататынынан да шығар.
Көкжиекте ұзақты күн қат-қабат болып, ауыр түнек жатады. Содан да болар, аласа жағалау жиектері бұлдырап көрінбейді. Тек со бір қою түнектің әр-әр жеріндегі теңіз үстіне ақ жолақтар үйіріліп түсіп жатады — о жақта қар жауып тұр.
Кей кездері бұ жаққа тым ертерек ұшып келген қаздардың суға қоның қаңқылдайтыны бар. Олардың үргедек қиқуы жағалауды қуалап, алысқа кетеді, бірақ бұларға ешбір үн қосылмайды — жағалаудағы ормандарда құс кездеспейді десе де болады.
Мен тұратын үйде күндіз үйреншікті тіршілік жүріп жатады. Түрлі-түсті кафельмен көмкерілген пештерде сытырлап отын жанады, жазу машинкасының тықылы талмаусырап шығады, үй жинаушы үндемес Лиля жайлы, жылы кірмелікте шілтер тоқып отыр. Бәрі де дағдылы, қарапайым күйінде.
Бірақ кешқұрым көзге түрткісіз қараңғылық үйді қоршап алады, қарағайлар жылжып, оған жақындай түседі, ал самаладай жарық кірмеліктен сыртқа шықсаң болды, он бойыңды жетім, жалғыздық билеп алғанын, қыспен, теңізбен, түнмен көзбе-көз дидарласып тұрғаныңды сезесің.
Ана бір тұста, батысқа таман, Вентепилс жағында, түнек қатпарының арғы бетінде шағын ғана балықшылар кенті жатыр. Ауларын жел қақсын деп жайып қоятын, аласа үйлері моржаларынан жер бауырлаған түтіні бұрқырап жататын, құм үстіне шығарылып тасталған қара моторкалары және жалбыр жүнді жуас иттері бар кәдуілгі балықшылар кенті.
Осынау кентте жүздеген жылдар бойы латыш балықшылары тұрады. Сан ұрпақ бірін-бірі алмастырып жатады. Сары шашты, ұяң көзді, әуез үнді қыздары қалың орамалдарға оранып жүретін, жел қағып, күнге күйген мығым кемпірлерге айналады. Әсем, сәнді кепкалар киетін қызыл шырайлы бозымдар, сақал-мұрты тікірейген, сабырлы, салқын жанарлы шалдар қатарына қосылады.
Бірақ осыдан жүздеген жылдар бұрынғы әдетімен балықшылар теңізге майшабақ аулауға шығады. Доп сол жүздеген жылдар бұрынғы сияқты, бәрі бірдей қайтып орала бермейді. Әсіресе күзде қатты жел соққан кезде, Балтықтың суық көбікті толқыны шайтанның қазанындай болып қайнап, долырып кетеді.
Дегенмен, теңізде не болып, не қойып жатса да, жұрт жолдастарының қаза тапқанын естіп-білгенде, құлақшындарын қанша рет шешуге тура келсе де, бәрібір аталары мен әкелері өсиет етіп қалдырған, аса қауіпті, ауыр істі, өз істерін әрі қарай атқара беруге тиіс. Теңізге есеңді жіберуге болмайды.
Кенттің жанында, теңізде үлкен гранитті қойтас жатыр. Балықшылар оған баяғыда: "Теңізде қаза тапқан және қаза табатындардың бәріне ескерткіш-белгі" — деген жазуды қашап жазған. Бұл жазу алыстан көрінеді.
Мен со бір жазуды білген кезде, ол маған күллі эпитафиялар сияқты, қайғылы болып көрінді. Бірақ соны маған айтқан латыш жазушысы мұнымен келіспеді де былай деді:
Оған керісінше, бұл өте ер көңілді жазу. Ол, адамдар ешқашан да берілмейді, ештеңеге қарамастан, өз жұмысын жасай береді, — дейді. Мен осынау жазуды адамның еңбегі мен қайсарлығы жөніндегі кез келген кітапқа эпиграф етіп қояр едім. Бұл жазу мен үшін, мәселенки, былай деп үн қатады: "Осынау теңізді игеріп келген және игере беретін боздақтарға".
Мен онымен келістім де осынау эпиграф жазушының еңбегі туралы кітапқа да лайықты болар еді деп ойладым.
Жазушылар қандай қиыншылық болса да, оған бір минут те берілмейді, қандай кедергі болса да, одан бір минут те шегінбейді. Өмірде не болып, не қойып жатса да, олар бұрынғылар өсиет етіп қалдырған және замандастары сеніп тапсырған істі мігірсіз істей беруге тиіс. Салтыков-Щедрин, егер әдебиет бір минутқа үндемей қалса, ол халықтың өлгенімен бірдей болады — деген сөзін тектен-текке айтпаған болуға тиіс.
Жазушылық — кәсіп те, не жай уақыт өткізу де емес. Жазушылық — қасиетті қалау (призвание). Кейбір сөздердің түп-төркініне, оның әуезді үніне үңілсек, құлақ қойсақ, олардың әуелгі мән-мәнісін табамыз. Қасиетті қалау ("призвание") сөзі "шақыру" ("зов") сөзінен туған.
Адамды ешқашан да арзанқолдылыққа шақырмайды. Оны тек парызын немесе ауыр міндетті орындауға шақырады.
Жазушыны, оның кей кездері азапты, бірақ таңғажайып жұмысына лажсыз көндіретін нәрсе не екен?
Бәрінен де бұрын — өз жүрегінің үндеуі. Ар-ұяты мен болашаққа сенімі нағыз жазушыға өзінің көңіл-көкірегі толып тұрған мейлінше мол алуан түрлі ойы мен сезімін кең пейіл жомарттықпен адамдарға бермей, жер бетінде бекерден-бекер өмір сүруіне әсте мүмкіндік жасамайды.
Адамның жанарына аз да болса жітілікті қоспаған жазушы — жазушы емес.
Адам тек жүрегінің әмірімен ғана жазушы болмайды. Біз жүрек үнін бәрінен де бұрын жиі-жиі жасөспірім кезімізде ғана, сезім-түйсігіміздің соны әлемін әлі ештеңе өшірмей, бөлшек-бөлшек етіп, жүн сияқты, түтпей тұрғанда ғана естиміз.
Бірақ кісінің толысып, ержеткен кезі келеді — содан кейін біз өз жүрегіміздің әмірші үніне қоса, жаңа қуатты үнді — өз уақытының үнін және халқының үнін, адамзат үнін естисің.
Қасиетті қалауының әмірімен, өзіңнің ішкі ынта-ықыласыңа бола, адам кереметтей істерді жасап, аса ауыр сын-сынақтарға да шыдай алады.
Бұны дәлелдеп-дәйектеп алатын мысалдардың бірі голланд жазушысы Эдуард Деккердің тағдыры. Ол "Мультатули" деген бүркеншік атпен баспасөз бетіне шығып жүреді. Латынша бұл "Азаптанушы" деген сөз.
Менің Деккерді тап осы арада, Балтықтың тұнжыраған көңілсіз жағасында, еске алған бір себебім, мүмкін, оның отаны — Нидерландтардың жағалауында да тап осындай солтүстіктің ақшыл теңізі шалқып жатады. Ол сол елі туралы күйіне отырып, ұяла тіл қатады: "Мен Нидерландының перзентімін, Фрисландия мен Шельдоның арасында жатқан қарақшылар елінің перзентімін", — деп.
Алайда Голландия, әрине, өркениетті қарақшылардың елі емес. Қарақшылар көп емес, халықтың бет-бейнесін танытатын да олар емес. Ол еңбек құмар адамдардың елі, бүлікшіл "гездер" мен Тиль Уленшпигель ұрпақтарының елі. Осы уақытқа дейін көптеген голландықтар жүрегінде "Клаастың күлі лүпілдей соғып" тұрады. Ол Мультатулидің жүрегінде де соғып тұрған.
Теңізшілер әулетінің отбасынан шыққан Мультатули Ява аралына үкімет шенеунігі болып тағайындалады, арада көп уақыт өтпей жатып, сол аралдың өкіріктерінің біріне тіпті резидент те болады. Оны құрмет-қошемет, наградалар, байлық, вице-корольдің орнын алу мүмкіндігі күтіп тұрады, бірақ..."оның жүрегінде де Клаастың күлі соғып тұрады". Сөйтіп Мультатули осы игіліктердің бәрін де керек етпейді.
Голланд өкімет орындары мен саудагер көпестерінің явандарды құлдыққа салудың ғасырлық ісін іштей жарып тастауға асқан ерлікпен, қажырлылықпен күресуге тырысады.
Ол әрқашанда явандарды қорғауға ұмтылады және оларды кемсітіп, қорлауға жол бермейді. Ол вице-король мен оның маңындағыларды - әрине қайырымды христиандарды — күлкіге айналдырады және өзінің іс-қимылдарын Христостың жақыныңды жақсы көр деген ілімімен ақтап, түсіндірмек болады. Оған қарсы уәж айту мүмкін емес еді. Бірақ оның көзін құртуға болатын еді.
Явандардың көтерілісі оттай тұтанған кезде, Мультатули көтерілісшілер жағына шығады, өйткені "оның жүрегінде де Класстың күлі соға бастаған" еді. Ол явандықтар туралы, со бір сөзге сенгіш балалар туралы ет жүрегі елжірей жазса, өз отандастары туралы — ызалана жазады.
Голланд генералдары ойлап тапқан олардың әскери пасықтығын әшкерелейді.
Явандар — таза пәк жанды, кір-коңысқа шыдамайтын халық. Голландықтардың есебі де олардың сол қасиетін мұқият ескерген еді.
Явандар шабуыл жасаған кезде, оларды адамның қиымен атқылаңдар деп бұйрық берген солдаттарға. Мылтықтың жаңбырдай жауған оғынан тайсалмай, қарсы шыққан явандар соғыстың осынау түріне шыдай алмай, шегініп кетеді.
Мультатули орнынан жұлып алынып, Еуропаға жөнелтіледі.
Бірнеше жыл бойына ол парламенттен явандарға әділеттік жасау туралы айтады. Ол министрлерге, корольге арнайы арыздар жазады.
Бірақ бәрі зая кетеді. Оны асығыс, немғұрайлы тыңдайды. Көп ұзамай оны қауіпті әпенді — тіпті есалаң деп жариялайды. Ол еш жерде жұмыс таба алмайды. Үй іші ашыға бастайды.
Содан кейін Мультатули жүрек үнінің әмірімен, басқаша айтсақ, көкірегіне ұялаған, бірақ әлі де көмескі көңіл қалауымен жазуға кіріседі. Ол Явадағы голландықтар туралы "Макс Хавелаар, немесе Кофе алыпсатарлары" атты әшкерелеуші романын жазады. Бірақ бұл оның қаламының алғашқы сынағы болатын. Бұл кітапта ол әлі өзіне беймәлім, түсініксіз болып саналатын әдеби шеберлікті байқап көрген тәрізді.
Алайда оның келесі кітабы — "Махаббат хаттары" кісі қайран қаларлық күшпен жазылған еді. Бұл күшті Мультатулиға өзінің әділдігіне деген буырқанған сенімі берген болатын.
Кітаптың жеке тараулары бірде жантүршігерлік әділетсіздікті көрген кісінің бетін басып күйіне айқайлап жібергенін есіне түсірсе, енді бірде зәрлі де өткір ойлы тәмсіл-памфлеттерін, тағы бірде сүйікті кісілерін мұңлы әзілі аралас жылы-жылы сөздермен жұбатуын, содан кейін барып, балалық шағының аңқау үміт-сенімін қайта тірілтуге тырысқан соңғы талпынысын еске салатын еді.
"Құдай жоқ, немесе ол қайырымды болуға тиіс. Қайыршыларды тонауын қашан қояды бұлар ақырында!" - деп жазды ол.
Ол басқа жақтан бір жапырақ нандық пұл табу үшін, Голландиядан кетіп қалады. Әйелі балаларымен Амстердамда қалады - оларды өзімен бірге ала кетуге басы артық көк тиыны да болмайды.
Ол Еуропаның қалаларында қайыршының күнін кешеді, бірақ мұнтазы-мінәйім қоғамға мүлде қолайсыз, осынау азапкер де әзілкеш адам тынымсыз жаза береді. Ол әйелінен хат ала алмайды десе де болады, өйткені оның маркалар алуға да ақшасы жетпейді.
Ол әйелі мен балалары туралы көп ойлайды, әсіресе көк көзді кішкене ұлы есінен шықпайды. Ол со бір бармақтай баласы жұртқа сеніп, жымиып күлуді де ұмытар деп қорқады, сол себепті де ересек кісілерді сол сәбиді беймезгіл жылатпауын сұрап жалынады.
Мультатулидің кітаптарын ешкімнің де басып шығарғысы келмейді.
Дегенмен, ақырында жолы болады! Аса ірі баспа оның қолжазбасын сатып алуға келіседі, бірақ бір шарты - ол бұларын басқа ешбір жерде басып шығармауға тиіс.
Көп азап шеккен Мультатули келісе кетеді. Ол отанына қайтып келеді. Оған тіпті аз кем ақша да береді. Бірақ қолжазбаны осынау жанкештіні қарусыз қалдыру үшін сатып алған еді. Қолжазбаның болмашы таралыммен және әсіре қымбат бағамен шыққаны сондай, бұл оны жойып жібергенмен бірдей еді. Осынау оқ дәрі кеспегі қашан өз қолдарына түскенше, голланд көпестері мен билеушілері байыз таппас еді.
Хош, сонымен әділеттілікті көре алмай, Мультатули қайтыс болады. Ал, ол әлі де талай тамаша кітаптарды - жұрт сиямен емес, жүрек қанымен жазылған деп атайтын кітаптарды жазар еді.
Ол қолынан келгенінше, күресіп бақты да қаза тапты. Бірақ ол "теңізді жеңеді". Бәлкім, көп ұзамай тәуелсіз Явада, Джакартада, осынау қара басын күйттемеген азапкерге ескерткіш қойылатын да шығар.
Жүрегіндегі екі ұлы қасиетті қалауын бір басына сыйғызып, ұластырып жіберген адамның ғұмыры, міне, осындай.
Өз ісіне буырқанып, бұрсана берілуі жағынан, Мультатулиге туысқан болып келетін тағы бір кісі бар, ол да голландық және оның замандасы - суреткер Винсент Ван-Гог.
Көркем өнер үшін өзін-өзі құрбандыққа шалған тап Ван-Гогтің ғұмырынан өткен өзге ғұмырды мысал етуге іздесең де таба алмайсың. Ол Францияда "Суреткерлер бауырластығын" құруды армандайды - бұл оларды кескіндемеге қызмет етуден әсте қол үздіре алмайтын өзіндік бір коммуна болуы қажет еді.
Ван-Гог өмірден көп жәбір-жапа шеккен адам. Ол өзінің "Картопты жеушілер" мен "Тұтқындарды сейілге шығаруында" үміті кесілген адам қасіретінің тұңғиық түбіне дейін түседі. Ол суреткер парызы - күллі күш-жігерімен, бүкіл талантымен адамдардың жәбір-жапа тартуына қарсы тұру деп есептеді.
Суреткердің ісі - қуаныш тудыру. Ол со қуанышты өзі бәрінен де жете игерген құралымен - бояумен жасай берді, жасай берді.
Ол өз холстарында жерді қайта жаңғыртады. Ол оны ғажайып бір кәусар сумен жуған сияқты, бояуларының әрі қоюланып, әрі жарқырап шыға келгені сондай, әрбір кәрі ағаш мүсіндік туындыға айналып, ал әрбір жоңышқа танабы күн шұғылысындай нұрлы сансыз көп қарапайым гүл шоқтарына айналып кеткен еді.
Біз оның сәулелі сұлулығына сүйсініп, соны бойымызға сіңіруіміз үшін, ол бояулардың үздіксіз ауысып-алмасып жататынын өзінің ерік-жігерімен тоқтатқан еді.
Міне осыдан кейін Ван-Гог адамға енжар қарады деп айтуға бола ма екен. Ол сол адамға бойында бар ен жақсы қасиетін - осынау алуан түрлі түске малынып құлпыра жайнап, аса нәзік нұрлы реңкімен мың құбылып жататын жерде өмір сүру қабілетін тарту етіп кетті ғой.
Ол өте кедей, әрі тәкаппар, әрі тіршілікке ебі жоқ сормаңдай болды. Ол үйсіз-күйсіз адамдарға ең соңғы бір жапырақ нанын бөліп беретін, әлеуметтік әділетсіздіктің не екенін өз басынан өткергендіктен де оны өте жақсы білетін. Ол арзанқол табысқа жетуден жеркенетін.
Әлбетте ол күрескер болған емес. Оның батырлығы еңбек адамының - егінші мен жұмысшының, ақындар мен ғалымдардың жарқын болашағына иманындай, даусыз сенетінінде жатқан еді. Ол күрескер бола алмайтын, бірақ ол болашақтың қазынасына өз үлесін қосқысы келді және оны қосты да, - бұл оның Жер-ананы зор шабытпен жырлайтын суреттері болатын.
Сұлулықтың сан-алуан түрлерінің ішінен ол тек біреуін ғана: оның өң-түсін ғана таңдап алды. Оны әрқашанда табиғаттың бояулар тоғысын айна-қатесіз үйлестіріп-жарастырып отыратын қасиетіне, олардың өң-түсінің қисапсыз көп ауысып-алмасып тұратын қасиетіне, жердің бар уақытта өзгеріп жататын сырлы бояуына, бірақ сонысы оның кез келген мезгілінде, кез келген кеңдікте мінсіз әсем болып көрінетін қасиетіне қайран қалатын.
Ван-Гогке және Врубель, Борисов-Мусатов, Гоген сияқты суретшілерге, және басқаларына қатысты әділеттілікті қалпына келтіретін уақыт жетті.
Бізге социалистік қоғам адамының ішкі дүниесін байытатын, оның эмоциялық өмірін биікке көтеретін нәрсенің бәрі де зәру. Шынымен-ақ осы бір көпке мәлім ақиқатты дәлелдеп жату керек пе?!
Істің шын мәнін алсақ, біз барша замандар мен барлық елдер көркем өнерінің иелері болуға тиіспіз. Біз, өздерінің ерік-жігерінен тыс, тәуелсіз күйде өмір сүріп жатқаны үшін ғана сұлулыққа тісін қайрайтын екі жүзді залымдарды елімізден қуып жіберуіміз керек.
Мен әдебиет саласынан кескіндемеге қарай шегініп кеткенім үшін, сіздерден кешірім сұраймын. Мен жазушының шеберлігін арттыра түсуге өнердің барлық түрі де оған көмек бере алады деп есептеймін. Бірақ бұл жөнінде айрықша әңгіме-сөз болар-ақ.
Көңіл қалауының қасиетті сезімін жоғалтуға болмайды. Оны ықтиятты есеппен де, әдеби тәжірибемен де айырбастай алмайсың.
Нағыз жазушылық қалау сезімінде оған әлгі қара дүрсін екептиктер - ештеңеге сенбейтін ділазарлар сырттай таңып жүрген нәрселер - алдамшы пафос та, жазушының өзінің айрықша рөлін лепіре сезінуі де ұшты-күйлі болмайды.
Пришвин жазушылық қалау сезімінің адамы болғаны талассыз. Ол ғұмырын соғ
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі