— ...алдында күтемін. Тағы да айтайын, жан адамға тіс жармай-ақ қойшы.
Тышқанның сол жағын басып қалды да, Лаура компьютерді сөндіруге қосты. Сөйтті де, шашын тарқатып жіберіп, адымдай бет алған бағыты - жуынатын бөлме. Кім біледі, жақын досының бұны қай жерге шақырып отырғанын. Жуынып-шайынып, иісмайын, опа-далабын жағынып дегендей, атылатын мылтықтай кез келген жағдайға сақадай сай тұрғаны дұрыс қой.
Күміс түсті металл джип автомобилі әдетте тура Лаураның подъезінің алдында көлденеңдей орағытып тұратын. Көзіне түсе қоймағасын, дағдарып қалып, айналасына алақ-жұлақ етіп қарай бастаған. Желіні сыздаған мама сиырдай мөңірей шыққан автомобиль сигналының естілгені сол кезде. Ағаш бұтақтарының ар жағынан бұлдырай көрінген бозаң түс сол бір «серебристыйметаллик» болуы керек.
— Неғып жасырынып тұрсың? Әлде военный секрет пе? — деді жұтынған жаңа джиптің былғары орындығына күмп етіп отыра кеткен Лаура. Қиғаштай көз салып еді, рульдегі адамның түрі мейлінше байсалды болып көрінді. Қалың кірпік қаусырған отты жанарлардың қиығында әдеттегідей жарқырай қарып түсетін ұшқын жоқ, керісінше, қорғасындай ауырлаған байыптылық байқалады. Елгезек пішінді жас қыз машина иесінен көз ала алмай, әлі де қиғаштай қарап отыр... «Осынау әсерлі сұлулықтың маған бір ширегін берсе ғой Жаратқан ием...» - деп жеңіл ғана желпіп өткен ой лебін сыртына шығарып қайтсін. Есесіне қашанғысындай еркелей тіл қатқан:
— Аник, бүгін тіпті маңғазданып қалыпсың ғой. Мені бір жігітке таныстыруға апара жатқан жоқсың ба өзі?
Езуін жиғанша естігені — өзі шынында да күтпеген жауап:
— Оны қайдан білдің, Лаука? Шынында да солай... Ешкімді емес, сені ғана таныстырмақпын онымен. Керемет жігіт екен деп... ойлап қалма... — Саған ұнайды деп онша сеніп те отырғамын жоқ. Бірақ таныстырмасам болар емес.
Өзі білетін құрбы-құрдастардың ішінде осы Аниктің орны бөлек. Бет біткеннің көріктісі екені рас, бірақ бәрінен бұрын шыққан тегін айтсаңшы. Дөңгеленген дәулеті жылдам молайып, ай өткен сайын айбарлана шоғырланып келе жатқан жаңа қазақтар бар емес пе. Аниктің әке-шешесі - замана ағымымен шапшаң тіл табысып, бастарына байлық үйірілген шымқай көк су жаңа қазақтар. Лауралар қатарынан қалыстап, лекке ілесе алмай жүргенде, Аниктің тақымында — «Лексус» джипі, басында — жеке екі бөлмелік пәтер. Бірақ өзі ол баспанасын жалға беріп қойған ба, немене, құрбысы әке-шешесімен бірге тұрады.
Әдетте өздері көркем, өздері бай болып келетін жастар жер-дүниеге сыймай, есіңкіреп, бөсіңкіреп жүреді, жер-жаһанды аралап қайтудан да қолдары босай бермейді. Аралас-құралас адамдарының да көп болып келетіні белгілі. Айналасына ақыл үйретіп, іркілуді білместен, ірі сөйлеп жүретіндер де осылар. Ал Аник болса... Бұл — бір ереше жан. Өмірден зерігіп, қалың ортаға ұмтылу дегенді, мейрамханалатып, казинолатып, сауық-сайран құру дегенді біле бермейді. Көбінесе үйкүшіктеу, теледидар тамашалап, кітап оқып (тіпә-тіпә, көз тимесін, осы заманда есі дұрыс адам кітап оқумен уақыт өткізе ме екен?), одан зеріксе, рюкзак арқалап, тауға өрмелеп дегендей, өмір сүру формасын таңдап алған. Аққұба өңінің анда-санда күнге тотығып жүретіні сондықтан.
Өзінің сұхбаттасып, сыр ашысатын санаулы адамының бірі — осы Лаура. Екеуін үйлестіріп, жақындастырып тұрған да бәлендей ештеңе жоқ сияқты. Бір қарағанда, екеуі бір-бірінің антиподы: Лаура тәштек бойлы, жүдеу пішінді қарасұрлау қыз. Кірпікке кедей қысықтау көздерінің аласы басым. Қылқиған жіңішке мойнына әлден-ақ әжім түсе бастаған сыңайы бар. Ең жаманы — бірді бірге жалғап, әупірімдеп ғұмыр кешіп жатқан кедейлеу отбасының қызы.
«Жігіт» деген сөз құлағына тиген сәтте бас айналып кетті ме, немене, «Лексус» көлігі лықси тоқтағанда барып, жан-жағына бір-ақ қарады. Бұлар бір үлкен темір қақпаның алдына келіп тоқтаған екен. Жекешелену процесінен кейін қайтадан көтеріле алмай қалған зауыт я фабрика сияқты өндіріс ошақтарының бірі тәріздес. Сырлары ұшып, беті айғыздалып кеткен темір қақпа бұлар жанаса тоқтаған сәтте сезімтал тіршілік иесіндей дір ете түскендей болды.
Жүгіріп ішке кіріп кеткен Аник көп ұзамай, қайта шықты да, Лаураны шақырып алды. Іле-шала қақпа жанындағы есікшеден орта бойлы бір жастау жігіт көрінген. «Бұнысы кім тағы?» дегенше болған жоқ, әлгі бозбала іш жақтағы түймеге қарай қол созды. Е, күзетші екен ғой. Қиқылдап-шиқылдап ауыр жылжыған ескі дарбазаның ашыла бастағаны сол екен, су жаңа «Джип» те ішке қарай қозғалды. Көрген-білгенін өзінше бағамдап жүретін Лаура сол екі арада «Па, шіркін, байлықтың құдіреті-ай! Егер жай ғана бір «Жигули» болса, мына күзетші маңына жолатпас еді» деген пендешілік ойдың басын қайырып та үлгірді.
Бірақ өзі күткендей бұлар іркес-тіркес аумақты зауыттың ішіне қарай өтіп кетуге асыққан жоқ. Осы қақпаның қасынан ұзай алмай, айналсоқтап қалысты. Неге екенін кім білсін, күзетші қымбатты қонақтарды бірден ішке жібергісі келмеген жандай алдымен өз күркешесіне ертіп кірді. Мұндай орындар Лаураға түк те таңсық емес, өзінің шешесі бір кезде осындай күркелердің еденін, есік алдын тазалап, техничкалық жұмысты да атқарған. Оның үстіне кез келген бір мекемеге бара қалсаң, алдымен сені қарсы алатын осындай күзетшілер емес пе. Шағын бөлменің ішіндегі заттар да әдетте жұпыны болып келеді: үстіне ескі қомыты тастаған сықырлақ кереует, ток плитканың үстінде ызыңдаған қарала-торала шәугім, ыбырсыған тағы бірдемелер, тәмпіш танауды еріксіз тыржитатын жеркеніштілеу иіс-қоңыс.
— Менің ең жақын құрбым Лаура, — деді Аник тазалығы күмәнды ескі көрпенің үстіне жайғасып отырғаннан кейін. — Ал мына кісі — Данияр.
«Ой, Аниктің мынасы несі? — деп ойлады іштей тағы да Лаура. — Мені таныстырғысы келіп отырған жігіті сонда... осы болғаны ма? Басқасы құрып қалғандай...».
— Аник, сен кешірші! Бізді мына кісі ішке жібергісі келмей тұр ма? Ана нені... іздеген кісімізді ең құрығанда сыртқа шақырып алсақ қайтеді?
— Түсінбедім, — деді қара көзілдірік киген күзетші. — Анар, сендер мұнда тағы бір адамды іздеп келіп пе едіңдер?
— Жоқ, біздің Лаука түсінбей отыр ғой деймін... Мен оған мәселені айтып үлгірген жоқпын. Лаука, біздің іздеп келген адамымыздың өзі — осы Данияр.
— Не дейсің, Аник? Былай дұрыстап түсіндірші өзі көңілді күпті қыла бермей...
— Сөздің қысқасы мынау... Манадан бері сені таныстырамын деп жүрген жігітім — осы Данияр. Иә деші, Данияр.
Жіңішкелетіп сүрме тартылған қысық көздердің жыпылықтай жөнелгені осы кез. Дәнеңе түсінбеген жанның кейпімен екеуіне кезек жалтақтап, әлгінде ғана өзі жиіркене көз тастаған алба-жұлба төсектің үстіне қалай отыра қалғанын да аңғарған жоқ. «Ие дейді, ойбай! Немене, мен сонша жігіт таба алмай жүрген бір сорлы ма екенмін? Өзіңдей шіріген бай болмаса да, жағдайы бар жігіттер жетіп-артылмай ма? Осы Аниктің сөзін жерге тастайтын еркек кіндікті бар ма десеңші! Солардың ішінен жібі түзу біреуімен неге таныстырмайды ол? Құдай-ау, күзетші иттей есіктің алдында имиіп отырған бұнысы кім еді? Кедейдің қызына осы да жарайды дегені ғой бұл сонда? Қорлық қой мынау! Неткен қорлық еді бұл?».
Көзі қарауытып, басы да айналып кеткендей ме-ау!.. Өзінше тоқмейілсіп, мәз болып отырғанын қарашы мына Аниктің. Піл сүйегінен жонып жасалғандай жұп-жұмыр мінсіз ажарын шапалақпен шарт еткізсе ғой, шіркін!.. Сонда ғана мына қорлық сезімі жеңілдегендей болар еді.
Осылайша қаны басына шапшып үлгірген Лаура енді ғана көбесі сөгілген әңгімені милап, жарытып түсінсе неғыл дерсің:
— ... жан баласына айтқамыз жоқ. Сен ақылды қызсың ғой, сыр ашатын жалғыз досым өзіңсің десем де болады... Басқалар түсінбей қалуы әбден мүмкін. Сен кінәламассың деп ойлаймын. Екеуміздің бір-бірімізді білетінімізге... бірталай болды. Бұл тіпті махаббаттан да жоғары.
Өз құлағына өзі сенер емес, Аниктің аузы басқа жаққа қарай қисайып бара жатыр екен. Құдай-ау, не деп отыр мынау?! Ондай болуы мүмкін бе өзі өмірде? Жоқ, әшейін Аниктің қалжыңы шығар, бұны бір сынағысы келген шығар. Бірақ жайшылықта мінезі салмақты қыз аяқ астынан неғып бүйте қалды?
— Сонда сендер, немене? Шынында да бір-біріңмен.. — дей бергені сол еді, ар жағынан лықсып келіп, әлдененің тамағына кептелгені... Енді үшеуінің арасына қайдағы бір ауыр үнсіздік сыналап бара жатқандай. Бұлар кіргелі ләм-мим деп жақ ашпаған күзетші жігіттің ернінен леп шығарғаны — осы кез.
— Сөздің қысқасы, сіз туралы маған Анар анада айтқан болатын. Бір күні ертіп әкеліп, таныстырармын деп еді. Бірінші рет сыр ашып отырған адамымыз өзіңізсіз. Сіз білетін шығарсыз, Анар кім көрінгенмен сөйлесіп, құпиясын жария ете бермейді. Қысқасы, — деді жігіт демін ішіне тартып алып, — біз екеуміз бір-бірімізді жақсы көреміз.
...Манағы манағы ма, құлақ шекесінен әлде кім зың еткізіп салып жібергендей Лаураның көз алды қарауытып кетті. Ауа жетпей, тұншығып қалды ма, басын шалқайтып, әлденеге сүйеген.
— Сонда сендер, — деді әлден уақыттан кейін барып, — сендер екеуің...
— Иә, екеуіміз бір-бірімізді жақсы көреміз. Әлде сенбей отырсыз ба? Солай болды... — деді күзетші жігіт күңгірттеу үнмен.
Екі көзін Анардан ала алмай отырған қалпын екеуі де жіті аңғарды. Сәлден соң тымырсық күркешіктің ішіндегі тыныштықты бұзған — Анар— Аниктің әуезді жұмсақ үні еді.
— Лаура сенің бұлайша қайран қалуың заңды да. Солай болатынын білгенмін. Сен ғана емес, естіген жұрттың елең етпейтіні жоқ шығар. Бірақ мен ешкімге ештеңені түсіндіргім келмейді. Тіпті өзімнің әке-шешеме де. Бәлкім, менікі дұрыс емес шығар. Тіпті мүлде дұрыс емес болар... бірақ факты сол — Данияр екеуміздің бір-бірімізді жақсы көретіндігіміз.
Осыны айтты да, Анар орнынан ақырын тұрып, бұрышта күйбеңдеп жатқан күзетші жігіттің бір жерін ауыртып алудан сақтанғандай, оны киімінің сыртынан ақырын құшақтады. Есін енді ғана жиғандай болып, есіл-дерті екеуіне ауған Лаураның жүрегі кенет атқалақтап қоя берді. Өзара көз қадасқан сәттегі екі жастың жанарларын көрсең ғой. Арқасына мұздай су құйып жібергендей түршіктірген — осы жанарлардағы тілмен айтып жеткізгісіз шексіз іңкәрлік. Қыз бен жігіттің бір-біріне осынша құмарланып қарағанын... бұрын-соңды көрмепті. Құдай-ау, бұл не қылған сезім, не қылған ынтызарлық! Рас, екеуі де жас, екеуі де сұңғақ бойлы. Бірақ егіздің сыңарындай болып екеуі бір-біріне жараса кетіпті деп Лаура айта алмас еді. Керісінше, екеуі бір-біріне жуыса қоймайтын, бір-біріне ортақ ештеңесі жоқ екі басқа әлем сияқты. Аниктің сүйіктісі - қазақтың кәдімгі жұпынылау можантопай жігіттерінің бірі ғана. Тұла бойындағы назар аударуға татитыны әжептәуір жатық көріктісі орысшасы ғана...
Әншейінде ерні-ерніне жұқпай, жоқ жерден білгішсіне кетіп, ақыл айта жөнелуден алдына жан салмайтын Лаура былай шыққаннан кейін де тіл-жақтан айырылды. Манағыдай Аниктің ажарына сүйсіне қарау былай тұрсын, тіпті тіктеп көз салғысы кепмейтіндей. «Лексус» лекіп барып
тоқтағанша кеудесін қысқан әлдебір ауыр сезімнің әсерінен бір айырылған жоқ. Автомагнитоладан естілген әсем әуен сызыла құлақтан кіргенімен, бойды балқытуға қауқарсыз.
Өзіне-өзі келгені сол ма екен, Лаура кенет басын жұлып алды. Манағыдай емес, кірпіктері қаусырына біткен қысық көздері жыпылықтауды азайтып, тайғанақтамай, шаншылақарайды. Жай-шылықтағы қоңырлау үні құлақты тырнап, шаңқылдай шықты:
— Саған бар ғой, Аник, бірдеме көрінген екен. Қанша жігіттің қолы жетпей, құр қиял болып жүрген бір керемет қызсың. Нең керемет екенін мылжыңдап қайтадан айтпай-ақ қояйын. Бәрін өзің білесің. Ал біліп тұрып, өз жағдайыңды өзің түсініп тұрып... мынауың не қылғаның. Орыстың Екатерина патшайымы есіктегі құлымен жүріпті дегенді естіп едім. Ал сенің мынауың қай сасқаның? Бұл не қылған нөмір?
— Данияр — менің есіктегі құлым емес.
— Сенің құлың емес. Бірақ ана бір ескі зауыттың есігінде отырған шынжырлаулы кәнден ғой. Күнін көре алмай жүрген мың сан қарауылдың бірі.
— Ол — қарауыл емес, студент, жоғары оқу орнында оқиды. Күзетшілікке күнкөріс үшін ғана келіп жүр.
Тіршілігі ғана емес, Даниярдың сырт келбеті де, мінез-құлқы да өзіне әсер ете қоймағанын жасырып қала алмады. Сырты да, ішкі дүниесі де, жадағайлау мұндай жігіттер Астана көшелерінде толып жүр емес пе.
Рас, әкетіп бара жатқан оғаш мінезі де жоқ сияқты. Көп сөйлемейді, сөйлесе, айтатыны — күнделікті тіршілік төңірегіндегі жай ғана нәрселер. Білімдар болса, көзқарасының кеңдігін сездіретін деректер мен сөзін тұздықтай отырып, мағыналы әңгімемен құлақ құрышын қандырар еді. Немесе бағзы бір ақжарқын бозбалалардай адамды сөзбен қытықтап, күлкімен көмкеріп тастайтын да сыңайын байқамады, соған қарағанда өресі де шамалы. Ал жағдайы жақсы, ауқатты жанның баласы болса, күнұзақ сасық күркешіктің ішінде отырар ма еді?
Құрбысының манадан бері ішіне тығылып келіп, жанартаудай бұрқырай сыртқа атылған ашулы сөздерін Анар басын төмен иген күйі төзіммен үнсіз тыңдады. Киіп кетіп, сөз жарыстырған жоқ, өзінің дұрыстығын дәлелдеп, дауласа жөнелуге де құлық танытпады. Қашанғы шаптыға берсін, көңілге беріш болып үймелеген күйігін түгелдей сыртқа шығарғасын барып, Лаура бәсеңсіген.
Машинадан түсе беріп, құрбысының жүзіне қырынан көз салды. Жаңағы айтқан түпкі негізі мықты, дәлелді уәждері шынымен әсер етті ме, Анар маңдайын рулге тигізердей басын салбыратып үнсіз отыр екен. Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамас, жеріне жеткізе айтқан ақылды ақыры түсінген екен ғой. Демек, райынан қайтатын болғаны да... Осы бір мойып, төменшіктеген қалпын көріп, Лаура құрбысын қатты аяп кетті. Аяғын баспалдаққа қайта салып, ұмтылып келіп, Анардың бетінен сүйген.
— Ақылың бар ғой, жаным, — деді сосын үздіге тіл қатып, — дос жылата айтады деген, осылай қатты айтпасам, болмайтын болды. Түсінгеніңе рахмет.
Соншалықты ақымақ емес екеніңді білемін ғой...
Мұнан кейін ұзамай қысқы сессия басталып кетті. Күнделікті тіршіліктің артқа ысырып тастауға көнбейтін қарбаласы да қабаттаса қалған. Әйтеуір Анармен хабарласуға бір мұршасы келмей-ақ қойған. Бірде кешкісін үйіне телефон соғып еді, ар жағынан шыққан дауыс Анардың мамасыныкі екен.
— Ой, несін айтасың, Лаура? — деді мұның сұрағын аяғына дейін тыңдап жатпастан. — Қырылысып жатырмыз ғой... Күйретті ғой мына қыз бәрімізді.
Дап-дардай кісі еңкілдеп жылап қоя бергенде, аузыңа дұрыс сөз де түспей қалады екен.
— Апай, апай, — дей береді бар болғаны.
— Күйеу балаларың деп біреуді таныстырған. Онысы не ақшасы жоқ, не әке-шешесі дұрыс емес қаңғып жүрген біреу екен. Тіпті бомж ба, бірдеме, Анаржанымның қара тырнағына татымайтын сорлы.
«Ойпыр-ай, не деп тұр мына кісі! Өткен жолы жанын ауырта, жеріне жеткізіп тұрып қатты айтқаны қайда? Бас тартқан сияқты еді ғой. Сонда Анар әлі күнге...».
Ананың зарлы әңгімесі кімді жылатпасын. Қарадан қарап Лаура да Анардың мамасымен бірге аһ ұрды. Айналасы бұлдырап бара жатқан соң, жеңімен көзін сүрткен, сөйтсе өзі де аңдамай жанарынан ағыл-тегіл парлатып тұр екен.
Уақыттың тығыздығына, мұрнына су жетпей жүргеніне қарамастан, барып жүздесуге әйтеуір амалын тапты. Бұл жол екеуі ескі базардағы арзанқол кафеде жолыққан. Бірден байқағаны, Анардың қабағы бұрынғыдан пәстеу екен. Жаны байыз таппай, жабығып жүрген жанның кейпі.
«Қанша жүдеп-жадағанымен, иттің қызы сұлу-ақ! — деп ойлады Лаура құрбысының ажарынан көз ала алмаған күйі, — неткен жаратылыс! Неткен ұстамды мінез! Хор қызы десе бола ма? Хор қызындай болып тұрып, алтын басын қор қылып жүргенін қарашы!».
Үйіне қатты құлазып оралды. Ару құрбысын ана сүмелек жігіт әбден жады жадылап алған секілді. Дені дұрыс сөзге көңілге ұнамды ақылға құлақ асар сыңайын байқай алмай, ата-анасы да қатты торықса керек.
Бір күні Анардың мамасы Әсел апай Лаураны үйіне шақырды. Үстел үсті ыбырсыған газет-журнал екен. Көзі түскені — адамның көңілін елегізетін неше түрлі хабарландырулар. Солардың кейбіріне қалам ұшымен белгілер соғылыпты. Лаура үңіліп қараса, белгі соғылған жерлердегі сөздер шетінен «Гадаю, привороживаю, отвароживаю...» болып келеді екен.
— Сен Анардың біз білетін ең жақын досысың, — деді Әсел апай көзін қол орамалымен құрғатып қойып. — Мен бір-екі балгер тауып отырмын. Ана басы айналған қызды құтқару үшін жасайтын амалдар бар екен. Жаңағы сүмелектің бір-екі заты керек дейді. Қолорамалы, ішкиімінің бір жапырақ қиындысы шашы деген сияқты. Дұрыс түсінші, Лаура, сенен басқа сенетін адам болмай тұр. Кім еді анаусының аты? Соған барып, алдап-сулап, осы айтылғандарды маған әкеліп берші. Және тез барып жеткіз қалайда.
Көңілі қаламаса да, ескі зауыттың алдындағы жырым-жырым қақпаны неше рет торыды Айтылған заттарды алу үшін күзетші күркесінің қорасындағы ауасын да талай жұтты-ау. Сөйтіп жүріп Даниярға да шәлкем-шәліс келіп қалды. Өзінің қырып бара жатқан ештеңесі болмаса да, студент күзетшімен өктем-өктем сөйлескен. «Ай мен күндей қызды неге айналдырып алғансың» — деді ме-ау! «Сен бірдеңе жасағансың ғой. Әйтпесе сенің әкеңдей мықты жігіттерге көз салмай жүрген қыз саған не жоқ тү.... қалған?» — деді ме-ау! «Сен Анардан бас тарт. Әйтпесе сүйегіңнің қайда қалғанын білмей қаласың» деп қорқытты ма-ау! Осылай қоқан-лоққы жасап жүріп, өзіне жүктелген шаруаны әйтеуір орындап шықты.
Бір-біріне ғашық жастардың арасына сына қаққызып келген Әсел апайдың әрекеті қаншалықты сәтті шыққанын ашып айту қиын. Естуінше, Астана қаласының небір мықты балгерлерін іске қосқан көрінеді. Талай доллар да лақтырылғанға ұқсайды. Әйтеуір Анар төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелердің мәнісіне Лаура тереңдеп бара алған жоқ. Тек естігені — құрбысының әке-шешесінің үйін тастап кетіп қалғаны. Тек үйді ғана емес, өзіне біраз уақыт серік болған күміс түсті «Лексус» джипін де тастап кеткен. Нешеме қымбат киімдерін де талақ еткенге ұқсайды. Әлде айдың-күннің аманында албасты басып, шайтан адастырған қыздарынан әке-шешесінің өздері алып қалды ма екен?
Көмейі белгілі болғаннан кейін бе, бұдан былай Анар енді тіпті Лаураға да телефон шалуды қойды. Бұл күннің ішінде айналадағы барынан өз еркімен жұрдай болған қыз қайдағы бір қаңғыбаспен қол ұстасқан күйі зым-зия жоғалып, қарасын батырды. Құрбысының шексіз ақымақтығы үшін көңілі қара қазандай болған Лаура да оны іздестіруге мүлде құлықсыз. Қолы қысқа адамның өз проблемасы да бір басына жетерлік.
Сынаптай сырғып өтіп жатқан талай күндердің есебін алатын жан бар ма бұл күнде?
Сонан бір күні...
Қуыс үй болған соң, құрулы телефон болған соң, кім хабарласпайды. Сонан бір күні безектеген телефон тұтқасын көтеріп қалса, ар жағынан естілген әлдеқандай таныс дауыс:
— Аник! — деді Лаура айқайлап жіберіп. — Аник! Жаным-ау, қайдасың сен?
Бар ықыласымен ысқырына жұмыс істеп жатқан шаш кептіргішін кілт тоқтатты да, диванның үстіне томп еткізді. Қашан да бірқалыпты, құлаққа жайлы сол жұмсақ даусы, асығыстықтан ада әсем мәнері. Кез келген сұрақты елеусіз қалдырмайтын байсалды жауабы. Айтқан ақылын, берген кеңесің іске алғысыз етіп, бір де біреуін құлағына қыстырмағаны үшін көңілінің түбінде бір зіл жүруші еді. Соның бәрін табан астында мына әуезді үн кристаллдай тазалығымен кіршік қалдырмай, шайып өткендей.
Лаура құрбысының асты-үстін жездей қақтап, жай-жапсарының бәрін түк қалдырмай, сұрап жатыр.
Іштен тіреп, беттетпей тұрып алған қаншама қарсылыққа қарамастан, ақыры екеуі қол ұстасып, армандарына жетіпті. Бір жерде пәтер жалдап, екеуден-екеу оңаша тұрады екен. «Біз бақыттымыз» дегенді әр сөзінен ұқтырғысы келді Анар. Сөзінің ләмі «Екеуміз шексіз бақыттымыз. Ел-жұрттың, ата-ананың жаппай қарсылығына қарамай, қол ұстасып, мұраттарына жеткен дәл біз сияқты ғашықтар бұл пәниде сирек шығар. Тіпті, бәлкім, жоқ та болуы. Әсіресе, шынайы сезім атаулы сейіліп біткен, жер мен көкті, қала мен даланы қатыгездік жайлаған мынау жиырма бірінші ғасырда тебірене қосылған мұңсыз ғашықтар бар ма екен бұл жалғанда? Әй, жоқ шығар-ау! Біз бақыттымыз, Лаура. Сенбесең, тағы айтайыншы. Біз сол бақыт дегеннің — өзіміз. Енді... енді бүгін өліп кетсем де, арманым жоқ».
Құрбысының жан жүректі иітіп, идіріп жіберерліктей ұзақ толғанысынан, телегей тебіренісінен, бал-шекердей дәмінен, көмейден шыққан екпінді лебінен осыны ұқты Лаура. Ұққаннан кейін шынайы ғашықтар алдында, дүниедегі барлық қызықты, барлық жақсылықты тәрік еткен көзсіз махаббат күшінің алдында іштей басын иіп, құдіретті сезімнің шексіз қуатын тік тұрып... мойындады. Өзінің тілектес екенін, бақыт тілейтінін іркіліп қалмастан, табан астында айтып та тастады. Таңдайын тақылдата тұрып, таң қалатынын да жасырған жоқ.
— Енді саған бір өтінішім болып тұр, Лаука, — деді Анар ұзақ сөзінің соңына қарай.
— Иә, айта ғой. Қолымнан келсе, менің тартынып қалмайтынымды білесің ғой.
— Қазір пәтерақы дегенің ұшып тұр екен. Бізге шамалы қарыз бере тұрсаң... Сенен басқа адамның реті келмей...
Бұл күтпеген жағдай еді. Кеше ғана емес пе еді осы Анардың «Лексус» мініп, лекіте жүйткіп жүргені, үш қабатты коттедждің қай қабатында дем алсам дегенді ойламайтыны, не ішем, не кием демейтіні. Енді келіп бірер ай өтер-өтпестен, мынандай кепке ұшырап, ілгері басқан аяғы кері кете қалыпты. Бір түрлі іштей қыбы қанып, рахаттанатын да сияқты. «Сен де мына біздей қаратабандардың қатарына түсіпсің, дұрыс болған екен» дейтін сияқты көңілінің түбінен ішкі үні. Бірақ «Шоқ-шоқ, бәлем! Өзіңе де сол керек» деп айта алмады. Қаншама шіріген байдың қызы болғанымен, осы Аниктің өзгеге өктемдік жасаған, тәлпіштеніп, тәңірісін ұмытқан, кісімсініп, әспенсіген күнін бір рет көрген емес. Ендеше іштей қыбы қанып, жаны сүйсінгеніне жол болсын.
Рахаттану сезімі енді таңырқауға ұласа бастады. «Бақыттымыз» дегені қалай, баяғы қара табан құрбысынан күнкөріс үшін қарыз сұрағаны қалай? Сонда байдың қарыз сұрап жүрген қызы қай жағынан бақытты болмақ?..
— Аник-ау, сонда сен осыны да тіршілік деп отырсың ба? Мынауыңды мен-ақ еститін болайын. Әке-шешең таппаған ақшаны мен қайдан таппақпын? Сөзді қой да, қайт үйіңе. Олар бәрін де кешіруге дайын... Саған ғашық жігіттер жер-көкті сабылтып, өзіңді іздеп, табандарынан таусылып жүр. Ең құрығанда маған ұялы телефоныңның нөмірін беріп қойсаңшы.
— Менде қазір ұялы телефон жоқ қой, Лаура. Жағдайың келмесе... онда амал жоқ...
Лаураның жағдайы келетін еді. Болған әңгімені келісім бойынша дереу Әсел апайға жеткізді. Қанша айтқанмен, ана ғой, кемсеңдеп келіп жылап-сықтап қалды да:
— Бермегенің дұрыс екен, — деді ақырын ғана. — Қайта өстіп ақшасы таусылғаны дұрыс болды. Барлықтың арқасында жоқшылық дегеннің иісін де
сезбей өскен ерке ғой. Қарны әбден ашып, тарыққан соң, бір тамаша күні ит болып өзі-ақ үйге келеді. Тек ауырып қалмаса екен өзі...
Бұдан кейін Анардың арғы тағдырынан көпке дейін бейхабар қалған-ды. Қайда екенін, не болып жатқанын айтып, бір хабар салсашы. Суға батқан тастай ізім-қайым. «Хабарласпады, іздемеді» деп Лаураны да кінәлай алмайсың. Құрбысы не телефонын, не мекен-тұрағын қалдырмаған. Әке-шешесінің жүрегін тырналап ауырта беруден де қаймығады.
Сонан күндердің күнінде... ойда-жоқта ұшырасып қалды.
Екі иығынан асырып, аспалы қалта көтеріп алыпты. Алғаш басына келгені — баяғысындай рюкзак арқалап, серуен құрып жүрген шығар деген ой. Сәл жүдеген, пішіні ересектеу. Бірақ теңіз түбінен жаңа ғана теріп алынған інжудей көз қарықтыра жалт-жұлт етіп тұрған әсем ажары сол қалпы. Құшақтай алғанында Анардың арқасындағы рюкзак та бүлік ете түскен. Ұйықтап жатқан... құйтақандай ғана тіршілік иесі екен.
— Өй, Даниярдың аузынан түсіп қалғандай мына бір кішкентай кім-ей?! — деді айран-асыр болып. Ары қарай ауыз жабыстыра жағдай сұрасуға уақыт тығыз еді. Лаура ұшаққа мінер алдындағы алғашқы тексеруден өтіп те қойған болатын. Адам ағынының қақпақылымен темір шарбақтың екі жағында екеуі бір бірінен алыстай бастады. Арқасы да, іші де бос Лаура ағысқа қарсы ұмтылып келіп, қолындағы визиткасын лақтырды. Онысы көздеген жерге жетпей, орта жолда адамдардың үстіне құлаған. «Қап, әттеген-ай, тағы жоғалтқаным ба?» деген ойдың сап ете қалғаны. Екі көзі — алыстай түскен Анарда. Ол да бұған қол бұлғап қояды.
Сонан кейін ұзаған жоқ, бір күні құрбысы тепефон соғып тұр. Мұндай қуанбас.
— Мені қалай таптың? — деді сасқанынан.
— Визитка ше? Әлгі өзің лақтырған...
Сөйтсе жоғалмаған екен. Орта жолда құлаған визитканы жолаушылардың бірі тауып алып, қол жалғай отырып, жеткізіпті.
— Данияр қалай? — деді Лаура өзі жақтырмаса да, құрбысының көңілі үшін күйеуінің атын атап. — Ол қайда?
Осы арада Анар сәл үндемей қалды да, бір түрлі бұзылған дауыспен сөзін жалғады:
— Лаука, оны кездескенде айтайыншы...
«Бәсе, біліп едім, өзім де оның дұрыс болмайтынын. Осынша аяулы жанның махаббатының қадіріне жете алмаған екен ғой. Айттым ғой райыңнан қайт деп... Құлаққа ілмеді. Ақыры не болды енді?».
Кездескенше тағат тапсашы. Бар тіршілігін былай ысырып қоя салып, айтылған уақытта айтылған жерге қарай құстай ұшты. Өткен жолы дұрыс айқаса алмаған құшақтар қайтадан табысты. Қараса, машина рөліндегі — Данияр емес, бөтен адам. Адам болғанда да келбетті келген жастау жігіт. Ә деп ауыз жиғанша жүрдек көлік ызғытып ала жөнелді.
— Данияр қайда? — деді Лаура өткен жолғы телефондағы сұрағын тағы қайталап. Анардың жауабы қысқа ғана болды:
— Біз сол... Даниярға бара жатыр едік...
— Ә, бәсе... — Лаураның жүрегі енді ғана орнына түскендей болды. Адамның ойы неткен ұшқыр десеңші! Сол екі арада Анарды мына рөлдегі әдеміше жігітке іштей теліп үлгіргеніне ұялып қалды. «Күйеуің сонда мынау ма?» деп айтып жібермегені қандай абырой болған. Әңгімемен отырып, байқамаған екен, бұлар қаланың сыртына шығып та кетіпті.
Мұсылмандар бейітінің қақпасына енген кезде барып, жүрегі лоблып, еріксіз қобалжи бастады. «Е, мен естімеппін-ау!.. Аниктің мамасы... қайтыс болған екен ғой» дегенді тереңдеп ойлай алмады.
Ілгері басқан аяқтары кері кетіп, екеуі қалың зиратты қақ жарып келеді. Қылтасын діріл алған Лаура енді болмаса құлап қала жаздаудың аз-ақ алдында. Әл-дәрменнен айырмай тұрған — Аниктің қолындағы кішкентайдың нәзік қыңқылы ғана. Бір кезде қараса, әлі қабырғасы тұрғызылмаған жас бейіттің жанына тоқтапты. Көзіне түскен — шағын тақташадағы жазу. Басқа жағын дұрыс байыптай алмаса да, «Данияр» деген сөзді анық оқыды. Иә, иә, Данияр...
Лаурамен таныстырған кезде екеуі әлі үйлену мәселесіне бара қоймаған екен. Данияр қайта-қайта ауырып, жүдеп бара жатқан соң, Анардың өзі барыпты. Емші дәрігерге. Сонда естіпті сүйікті жігітінің жазылмайтын дертке ұшырағанын. Сонан тездетіп үйленуге мұрындық болған Анардың өзі екен. «Махаббаттан күшті не бар, жазылмас дертті бір жеңсе, сол құдіретті сезім жеңер» деп үміттенген жас ару. «Дәрігер дәрменсіз болса, мен өзімнің махаббатыммен қарсы тұрам ажалға» деп бел байлаған ол. Кітапты көп оқығанның әсері болар, осылайша оптимистік көрсеткен... Бірақ, амал не? Еріген қардай күн санап таусылып бара жатқан соң, бар есіл-дерті халы барда Даниярдан ұрпақ алып қалу ғана болыпты. Сонан үйленуге қатысты барлық шаруаны тездетіп жіберген. Қыздың неге соншалықты жанталасып жүргенін, тіпті Даниярдың өзі де түсінбей қалса керек.
Келіншегінің екіқабат болғанын көрген. Бірақ өз ұрпағының шыр етіп жерге түскенін көруге ажал жарықтық жазбаған...
Қысқа әңгімесін осылайша сабырмен айтып тұрған Анардың үні кенет лезде бұзылып сала берді. Артынша іші-бауыры езіле жылаған. Одан арғы сөзді аяғына дейін тыңдап тұруға қалай дәті жеткеніне Лаураның өзі де қайран. Құрбысының зарлы сөзі құлағына бірде жетіп, бірде жетпей жатыр.
— ...ші. Аяулым менің... Қайтейін, ғұмырыңның осыншалықты қысқа, осыншалықты арзан боларын өзің де сезбей кеттің-ау! О дүниеге барып қана тыныштық таптың ба екен? Мынау, жалған дүниеде қаншама арманыңа жете алмай кетсең де... сені армансыз болсыншы деп тілеймін. Кешірші, жаным, сенімен бірге менің де ілесіп кете алмағаныма. Кете алмадым... соншалықты қорқақ, соншалықты дәрменсіз екенмін. Ақталғандай боламын-ау, мына артыңда қалған сенің ұрпағың үшін тірі қалдым десем... Кешір, жаным! О дүниеде құдай біздерге ақ жүзімізбен, осы таза сезімімізбен жолығуға жазсыншы. Бір Алладан тілейтінім — сол. Жаным менің, асылым менің. Жан
жүрегімді езіп, қайтпас сапарға аттануға неге асықтың екен?... Көкем менің...
Адамның сай-сүйегін сырқыратар осынау ащы зар барған сайын үдей түскендей. Құрбысын жұбатуды да ойламастан, қарадай сілейіп тұрғанына өзі де қайран. Әлден уақытта барып бір ер адамның:
— Сабыр, сабыр, — деген үнін естіді. Өздерін алып келген жаңағы жүргізуші жігіт екен. — Қап, аңғалдық жасағаным-ай! Мұндайды білгенде әйел адамды бейіт басына әкелмейтін едім... — деді қынжылған үнмен.
Манадан бері күйеуі шығар деген болжамы бекер болыпты. Жалдап алған көліктің иесі екен.
«Бұл жағдайды Әсел апай біле ме екен?.. Жағдайы қалай екен ол кісінің?» деген сауалды Лаура қайтар жолда да тіл ұшынан шығаруға қаймығып келе жатты...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі