1
Санаторийге келген Семетей қолында путевкасы болмаған соң курсовка алып пәтер жалдап емделетін болды. Астанадан дабырайып жеткенде жіңішкеріп қалай қайтсын?! Пәтерді санаторийдің бас дәрігері сілтеді: сілтеген жоқ-ау, жазып берген тілдей қағазымен оп-оңай тауып алды. Сарыағаш селосының түстігіне орнаған шағын аулалы томпайған төрт бөлмелі үй екен. Жылы суға келген ел адамынан алдында ғана босапты. Үй иесі қырыққа жаңа шыққан төртбақ, шегір көз, тобылғы торы қазақ — өзін «Бұқалай» деп таныстырды. Білегін түріп ырсылдап еден жуып жатыр екен. «Саратовта тұратын шешем келген еді», — дейді. «Екі күн жатып әлгіде ғана шығарып салдым: өзім болсам пенсия қуып жүрмін, келіншегім жұмыста, қарт кісіге арнаулы күтуші керек көрінеді». «Пәтерақыны алдын-ала төлеп қояйын», — деді Семетей. «Жалғыз қызым бар, мектепте, үйді таза ұстап үйренгенбіз... Шешемді санаторийде істейтін қарындасыма жөнелтіп салған бетім осы». «Үйге дейін екі-ақ аялдама жер екен», — дейді Семетей. «Газ пешінен от қашып оң қолымның саусағын солайымен шарпып кеткені. Май айынан бері боспын. Здаш алмайтын шығарсыз. Жиырма төрт күн бойына бір шаңырақтың астынан өреміз, таза ауа, ақ жайма... Әбден зықым шыққаны содан»... Шындығында, Бұқалайдың оң қолы жай түскен жас сексеуілдің томарындай құрысып қалыпты. Пырылдап еркелеп аяққа сүйенген бала мысықты іліп ап ауызғы бөлмеге атып жіберді. «Заң қызметкері болғаныңыз мұндай жақсы болар ма?» — деп өз-өзінен кеңкілдесін. «Екі-үш заң тармағын үйретіңіз, отағасы. Дұрыстап көжемізді тауып ішейік біз де. Бұл күнде заңсыз қия басу қиын болып барады. Балағымды шұбалтып өткен жұмада ауданға барайын. Даланың қазағы әр есікті бір қағайын. Бірде «түс боп қалды», — дейді: бірде «кеш боп қалды», — дейді. Мені миғұла қылды түге. Кілең кер ауыз білгіш. Кілең қалтаңа көз салатын қулар. Ерегіскенде үстеріңнен арыз жазамын дедім; көк тиын көрсетпеймін дедім». «Шәйнек қайнап кетті, отағасы!..»
Семетей аяғын қарыған салқын еден ызғарынан ығып оң қабырғадағы диванға жантайды. Сол бүйрегі суықтан қорқатын. Жер түбіндегі жылы суға қуып келген де, мына шолақ қолдың пәтеріне жүгіндірген де осы бүйректің әлегі. Жол соғып шаршаса да көз шырымын ала алмады: бөтен жерге оңайлықпен үйренісе қоймайтын қашанғы әдеті.
Әлгідегі оқиға көз алдына көлеңдеген.
Санаторийдің бас дәрігері мұрты құлағына шапшыған, аңқылдаған жайдары жігіт екен. Қазақ болса дағы «келіп қапсыз», «шай қыламыз», «бек құптаймыз» деп өзбек тілінің сөйлеу мәнерімен сыпайы қабылдаған. Семетейді таң қалдырғаны — жігіттің шырмауық мұрты. Ұшы едірейген «мысық мұртты» да, сыпайылар қоятын «қияқ мұртты» да, модашыл жастардың еңіреген «жылауық мұртын» да білетін-ді. Тап мұндай жақ етіне жабыса жоғары өрлеген келістіні көргені осы.
— Астанада тұрасыз, бір ауданның білдей заң қызметкерісіз, — деп сыр суыртпақтай сөйледі бас дәрігер.
— Путевканы жұрт жыл бұрын қамдайтын көрінеді, ал өзім демалыс алған соң барып іздедім, — дейді бұл ештеңесін жасырмай.
— Осыдан он күн бұрын телефон соққаныңызда ғой өз қажетімізге деп қалдырған путевканың бірін қолыңызға ұстатар едік.
— Облыстық кәсіподақтағы кісілер осы курсовканы әзер тауып берді, — дейді бұл адалынан танбай.
— Басыңыз жас, өмірден үйренесіз әлі, — дейді бас дәрігер.
— Санаторий орын бермесе де ем жасайды деген кәсіподақтағы кісілер.
Сонымен бас дәрігер көзінің етегіне әжім торы шашырап отырып тілдей қағаз сүйкеген. Өзі білетін пәтершінің үйін сілтеген. Бір маусымда мың жарым адамды қабылдап, барлығының қас-қабағына қарап, емдеп үлгеріп жатқан үлкен санаторийдің бас дәрігері кішіпейіл болар деп тегі ойламаған. Көктемдегі тасқындай дамылсыз ағылған кісілермен азғана болса да уақыт тауып, жылы-жылы тілдесіп, жанына медеу сөз айтып шығарып жатқан бас дәрігердің іскерлігіне тәнті қалды. Жергілікті басшылардың осындай бесаспап, ісіне мығым мамандарды тауып ала қойғанына қызықты. Өмірде осындай тура, адал, ағынан жарылатын жігіттер көбейсе ғой деп тілеген. Көшеге еңсесі көтеріліп марқайып шыққан.
Сол жігіттің сілтеуімен келіп Бұқалаймен танысты.
Сырттан сыңғыр еткен жас қыздың үні естілді. Басын жастықтан көтеріп алды. «Келіншегім жұмыста, содан күні бойы үйге сыймаймын», — дейді ас үйде кесе-шәйнекті салдырлатып жатқан Бұқалай. «Перизат, нан тура, қияр кес». Перизат қыз баяғы бала мысықты кеудесіне көтеріп алып бұл жатқан залды басып түкпіргі бөлмеге өтті. Өтіп бара жатып көзінің астымен жалт етіп қараған. Қыз жанары соншама тұнық, ақ-қарасы айқын, мойыл қарашықтың ішінде үрлеп жіберсең жайнап жанатын кішкене шоқ қосыла кетті. Жастықтың шоғы. Ауызғы бөлмеде «пенсия» деп, «таза ауа» деп самбырлап жүрген Бұқалайға сұлу қыздың сорпасы қосылар емес.
«Мына молақ қолды қарабайыр жігіттен де перизат сұлу дүниеге келгені, ә!» — деп ойлайды столға отырып жатып.
«Күніге бір мәрте шипалы су моншасы, екі күн сайын асқазан шаю, өт алу екен санаторий емі», — дейді бұл.
«Қойған зат өмірі орнында тұрмайды», — дейді Бұқалай мұздатқышты сарт-сұрт ашып.
Столдың бір шетінде сызылып қыз отырғанда шайды салдыратып молақ қолдың өзі құйды. Семетей мұны іштей ерсіге жорыды.
Терезеден көрді, түстіктің мың сан қарғасы тұтаса ұшып ауып барады екен. Биыл қыс қатты болады деген шалдардың сөзі рас ендеше. Түстікті осынша көп қарға жайлаған, ә! Мұңы қалың қарлығыңқы, жарықшақ үндер денені тітіретті. Кеседегі шайы суып қалыпты. Апыл-ғұпыл ұрттады да қандым деген ишара белгісін жасап, кесені жантайтып қойды.
2
Санаторий қойын кітапшасына жазылған «шипалы сумен жүйке тамырды ояту» деген емді оқығанда әжептеуір қуанған. «Дұрыс болды-ау өзі» деп іштей өрекпіді. Осы күні жүйкесі жұқарып тырс етсе — шырт ете қалатын боп жүргені рас. Әсіресе, астанадағы лауазымды бір мекеменің кішігірім бастығы болғалы жексенбі мен сенбінің өзіне тиесілі демалыс екенін ұмытқан. Қит етсе — телефон: қит етсе — ал кетті, ал жытты!.. Түн ішінде жылы төсегінен суырып кеңсеге қуып тығады. Түс кезінде шаң-шаң қағазды қопарып жымысқының жолын іздейді. Жас келсе іске деп шау тарта бастаған егде жолдасы да барша ауыртпалықты бұған артты. Жауапкершілік маймаң қақтырды содан.
Қанша шаршаса да әділет ауылынан адаспас, қанша жүктесе де арқасы майыспас-ау: жанына батып бара жатқаны — көлденең көз. Көлденең көздің мәнісі былай.
Бұл өмірден сирек болса да қылдан тайған қылмысты мен құлқынның құлы жегішті тап басып тауып, әшкере етіп жүрмін десе: ең алдымен әлгідей қу мұның жолын аңдитын секілді. Келіншегін ертіп кешкі сейілге шығады дейік. Көше қиылысынан көк машина лып етіп шығып, алдын орағытып тұра қалады. «Қай жерге барасыз, Секе, апарып салайын... Пәлен жердегі төлен дегеннің танысымын, Секе... Аяқ ылауыңыз болуға жарасақ қанекей, Секе...» Амалсыз келіседі. Кейде дос-жаранымен қосылып қолды бір-ақ сілтеп көңіл көтеруге ресторанға соғатын. Даяшы мінсіз қызмет көрсетеді. Шампан атылып, қуырылған қоян еті жауған содан. Дай-дай болып тізгінді біраз жіберіп алып, кофе ішіп басылып, есеп айырысуға ақша ұсынған. Әлгі даяшы безектеп ақшаға жоламайды. «Жо-о-о, көке... ақысы төленіп қойылған, көке... ұсақтамайтын әдетіміз, көке... Жо-о-о!..» Өткен айда болар, киім ілгіш іздеп Калинин ауданының үй мүлкін сататын дүкеніне кірген. Іздеп келген заты болмай кете бергені сол еді. Аға сатушысы ұшыраса кетті, халат киіп, белін буған, білегін сыбанған сылыңғыр жігіт. «Секе, өзім кешқұрым жеткізіп саламын... Секе, шетел сервантын тыққызып қойғанмын, француз шамдалы, Секе... араб отырғышы, Секе... неміс; Секе...»... Тфу!.. Ішінен түкірді.
Содан бері келіншегімен кешкі сейілге шықпай жүр; ресторан аулына ат басын бұрмағалы қашан; зат сатып алуға ылғи әйелін жіберетін әдет шығарды.
Тұла бойына шашырап тиген жылы су фонтаны жүйкесіне май сылағандай әсер етті. Мерзімді уақытысы өтіп кетсе де рахаттанып тұра берді. Көзін жұмып және ойға шомған. Ілкі дәуір жер қозғалысынан ашыған қамырдай көпсіп барып басылған Қаржантау сілемінің тереңінен шыққан су осы. Жер қыртысының қан тамырынан атылып жатқан секілді. Шипалы суға шаршап жеткені рас. Бір жазушы жолдасы ішкенде: «жыланның уы тісінде, адамның уы ішінде» деп өзеуреп қоймайтын. Қызметте, тұрмыста қатарының алды боп, аты шығып, көзге түсіп келе жатқан жігітке сөз ереді білем. Сол сөз Семетейді де мезгілінен көп бұрын ішмерез етті. Өз ішіне өзі үңіліп, самайын ұстап ойланып отырып алатын әдет шығарды. Маңайдағы болып жатқан жақсылық пен жамандыққа, кемістік пен жеңістікке көкірек көзімен қарайтын көнтерлі мінез тапқанына кей-кейде шүкіршілік қылып қуанатын...
Ол кезде жоғарғы оқуды қатар тәмәмдап, астанада қызметке қалған сайдың тасындай кілең сыпалар мен серілер еді. Әр кеңседен телефон құлағын көтеріп амандық-саулық сұрасып тұратын, мерекеде балаларын жетелеп бір-біріне қыдыратын. Бұған қызыққан да, қызғанған да табылды. Шетінен құймақұлақ, орысша-қазақшаға бірдей жетік, жүзінен ұяты көрінген өрімтал жастар тұғын. Енді ше? Қызмет деген кешқұрымғы телегейдей толқын атқан шетсіз-шексіз шытырман өлке көрінеді: қайсысын алысқа ілестіріп әкетті, қайсыбірін тереңіне тартып көзден таса етті, әйтеуір саптары жыл санап сирегені рас. Бұл ойлайтын: шырқымыз бұзылмас, тәтті ауыздың дәмі кетпес деп. Сөйтсе төзімді ыңғуырдай кеулеп, ерік-күшті сынға салар шындық шықты алдынан. Курстас бір сыпайы әлме-әл күндестік дертіне шалдығып, жөнді-жөнсіз мұны өсекке таңды. Ең аяғы өзінің бастықпен жұғысқаны, пәтерді жылдам алғаны, келіншегінің көнбіс, биязы мінезі де сол сыпайының пыш-пыш әңгімесіне арқау болыпты. Жиналыста тәуір сөйлегені пәле боп жабыссын. Жұмыс десе дүниені ұмытатыны жақпапты. Ол шіркіннің тілеуінше бір шаригі кемдеу, бос шелектей даңғырақ болу екен. Содан кейін жолдасқа да сын көзімен қарайтын болды, кіріптар хал кешіп сап-сап басылып қалды. «Кеңесшіл», «үйкүшік» деген ат жамады. Енді ғой жанымен жадырап кетпей, біртоға мінезге үйірсектеуі; өзіне де, өзгеге де үркектей қарауы, жасына жетпей қиялға ден қоюы — сол сыпайы салған жараның тыртығы. Жылы су әуізінің астында тұра берер ме еді: сырттан кезекші әйелдің шығыңыз деп кейіген үні естілді.
Сүртінді, киінді. Басы зіл тартып, жүрегі жиілеп соқты. Шипалы судың әсерінен қан қысымы артып, әлсіреп қалатынын бас дәрігер ескерткен. Түстік ішетін мезгіл болыпты. Жұртпен бірге әңірейген кең асханаға енді. Іші араның омартасындай гуілдеп кетіпті: ыстық күнге терлеп-тепшіп желпінген диетшік кілең. Даяшы қыздар зыр жүгіріп қызмет жасайды. Бұл отырған дастархан мәзірі капуста салат, шалқан мен сәбіз сөлі, сүт көже, күріш ботқа екен, тәбеті тартпаса да ішке тепкілеп соғып алды. Әлден кекірігі азып сыртқа шықты. Санаторий аллеясына теңге-теңге шуақ жұғыпты. Тораңғы түбіндегі отырғышта шуаққа маңдайын төсеп көзін жұмып отыра бергісі бар. Әйтсе де бас дәрігер емнің перезісін сақтап, уақтылы төсегіне жатып демалуға қосқан. Жолай буфеттен кешкі шайға деп жылқы сүрін, сиыр тілін, қорап толы шикі жұмыртқа сатып алды. Аяңдап автобус аялдамасына келген.
Қасына сүрме жаққан жұқа келіншек кейуана кісіні автобусқа шығарып тұр екен. Семетей танымаса да үлкен кісіге сәлем берді. Шаң үйіріп тоқтаған «сіріңке қорабына» әуелі кемпірді өткізді. Жылы ұшырап сәлемдескесін бе, әлде кәрілерде бола беретін сыр бүкпес бала мінезге басты ма, Семетейді бірден өзімсініп іш тартып әкетті. Қабатынан икемдеп орын босатып жатыр. Бұл барып екі кісіге билет алды. Кемпірдің жанына келіп отырды. Кісіні сыртқа теппейтін аңқылдаған ашық екен.
— Байғұстың бағы ашылмаған, — дейді бұған еңсеріле бұрылып. — Әлгі өзімді шығарып салған қызымды айтамын. Бетіңнің қызылы барда біреудің түп етегінен ұста деймін — көнбейді: санаторийдің сапырылысқан асханасында тамақ тасып зыр жүгірген жұмысты таста деймін — болмайды.
Бұлдырап қалып бара жатқан жұқа келіншек туралы айтып келеді. Кейуанамен танысты.
— Бұқалайдың үйінде тұрып емделемін де. Ол баламның да оңып жүргені шамалы. Қу аяқ қатыны миын атала қып, басын айналдырып жіберген. Осы жасыма дейін кісінің қолына қарамаған жан едім. Қайтейін, қуатым кеміді, бір күн ауру, бір күн саумын. Бұқалай мен Ақалай рұқсат етсе енді жер түбіндегі Сартаовқа сандалмай-ақ осында қалып қойсам ба деймін.
Тізіліп автобустан түскесін де, жататын үйге жеткенше де Семетейдің қағаздай аппақ, ашық көңілін «Рұқсат етсе» деген кейуана сөзі сап-сап баса берді. Шіріген жұмыртқа болмасын осылар. Қайран ана! Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп аялап өсіргенде, ұл мен қыздың жолына жастық қызығын, жар қызуын сарп еткенде, енді жетті, жетілді дегенде көрсеткен опасы осы ма? Ілгергінің сөзінде: «Анаңды Меккенің өзіне үш рет арқалап апарып қайтсаң да қарызын өтей алмайсың», — деген сөз бар. Расында, шеше байғұс қартайып, қажыған шағында төріңнен орын босатып, шыныаяқ шайыңды ақ көңіліңмен ұсынсаң қанекей. Жоқ, Бұқалай анасына бөтен қабақ таныта қоймас. Қапелімде қолын күйдіріп алып қаріп боп қалғаны болмаса саудыраған жүгері секілді жігіт көрінеді.
Семетейдің жасынан қорқатын бір ғана нәрсесі бар-тын, ол — күдік болатын. Табалдырығыңнан күдік кірді дегенше үйден береке қашады; көңіліңді күдік алса-ақ ісің оңбайды. Сол күдікке бой алдырмай үйренген еді. Ауланың тақтай қақпасын сықырлата ашып еніп келе жатқан бұл екеуін көріп Бұқалайдың түсі өзгеріп сала берді. Шешесінің қайтып оралғанына қуанбады.
Қолын қос ұрт галифесінің қалтасына салып состиып тұрды-тұрды да ыржиып күлкі нышанын жасады. Суық күлкінің болатынын сонда сезді. «Келіп қалдыңыз ба?» — деді кеудеден нұқығандай етіп. «Келініңіз жұмыста».
Семетей бөлмесіне еніп, сырт киімін шешініп, төсегіне қисайды. Ақ жаймалы, атлас көрпелі жұмсақ кереует тұла бойын тітіретіп әкетті. Мұздай екен. Шипалы су моншасынан балқып терлеп келген денесі құрыстанып ұстады да қалды. Төбеге қарап сіресіп жатып ойлаған: бұл адам өзінің парқын қашан түсінеді деп. Тіршіліктің күнгей бетінен неге безеді? Ту сыртынан қарасаң кісі қызығарлық. Қиып түсер қырықтың үстіне енді шыққан, жер қопарып, тас аударғандай күші бар: екі сөзінің бірі «пенсия». Басындағы дәулет мынау: жалтыраған жиһаз, сыңғырлаған шыны, кірсе шыққысыз жұмыртқадай үй, аршыған пияздай қызы өсіп келеді. Ендеше ел аман, жұрт тыныштықта өз-өзінен неге кіріптар, алдына емес, артына қарайтыны қалай? Ертеңді күні екіндіге еңкейіп, ақырет сапарының алдына барғанда: «Оу, Бұлаға, өмірден не қызық көрдіңіз? Кімге қайырым жасадыңыз?» — деп сұрарсың. «Сонша тез өтіп кеткенін білмей қалыппыз, үй ішінде көлденең шөп жатқызбадық, өкіметтен пенсия алдық, пәтерші ұстадық», — деп деп мардымсуы мүмкін ғой.
Неге екені белгісіз, әлгідегі ана мен бала кездесуінен көңілі пәсейіп қай-қайдағылар ойына орала берген.
Қабырғаның арғы жағындағы дабыр-дұбырдан сезіп жатыр, жұмыстан Бұқалайдың келіншегі оралды. Кесе-шәйнек сылдырап күйбең көбейді. Перизат әлдене іздеп бұл жатқан бөлмеге бірер мәрте бас сұғып кетті. Келіншектің даусы электр қоңырауын шалғандай зыңылдап естіледі. Өстіп жатып мызғып кеткен екен дейді. Терезеден қып-қызыл ай төніпті. Бұрын-соңды тап мұндай жарқын қызыл ай көрмеген.
Қараңғы бөлмеге мысықтабандап дыбыссыз басып Бұқалай еніпті.
— «Секе, ұйықтап қалғансыз ба?» — дейді сыбырлап.
— «Қатты шаршаппын» — дейді бұл өң мен түстің арасында жатып.
— «Түн жамылып отырмыз ғой, адалынан сөйлесейікші, Сәке! Құдай біледі, мені жатып ішер, не жанаяр көріп іштей кінәлап жатырсыз. Бекер өйтесіз. Өмірбаянымды айтып берейін ендеше. Кәмелеттік аттестат алысымен сол кездегі жаппай дырдуға ілесіп бір жылдық шоферлық курс тәмәмдадым. Аудан мен санаторий арасында жолаушы таситын автобус айдадым. Жілігіме май жүгіріп кеміктеніп келе жатқанда қырсық айналдырды. Темір жол үстінен өте бере автобусым өшті де қалды. Әрі бұраймын, бері бұраймын — оталмайды, жүрдек поезд өкіріп келіп қалды. Ақыры штраф тартып әзер құтылдым. Ресторанның асханасында мүше бұзып, ет шауып тұратын жұмыс болады екен: екі жылдай қайқайып ет шаптым. Жеңгеңмен де сол жерде таныстым. Сосын қысы-жазы көкөніс өсіретін үлкен теплицаның қоймашылығына жоғарыладым. Іншалла, алдымызға үлкен де, кіші де келіп тұрды. Сөйтіп жүргенде мына қолды от шалды. Пенсия тағайындатып алсам, келешегі ауылдың жекеменшік сиырын бақсам деймін. Маңайдың бәрі мақта танабы, аңдысып сиыр бағуға ешкім шықпайды. Екі жүздей қара өреді, ай сайын сиыр басына екі сомнан төлейді... Мінекей, ешкімнің үстінен күн көріп жүргенім жоқ, еңбегім адал, қоғамда орным бар азаматпын.
— Ендеше ылғи бас пайдаңды ойлайтының қалай? Осы өміріңде бір пендеге істеген жақсылығың бар ма?
Бұқалай бас жағындағы жайдақ орындықта отырған. Мөлиіп ұзақ ойланды.
— Бар, — деді қуанып кетіп. — Неге болмасын?! Автобус айдап жүргенімде бір балалы әйелді маршруттан бұрылып вокзалға жеткізіп салғанмын. Ақшасыз екен, аяп кеттім, көк тиын алғаным жоқ. Сосын бас пайда дегеніңізді түсінбедім. Ет шапсам да, қоймашы болсам да — бәрі өкіметтің жұмысы. Ауызға түсіп тұрған несібеден айрылғым келмейтіні рас. Кім де болса қақшып жер еді. Мәселенки, мына сіз, астанадағы бір ауданның білдей заң қызметкерісіз, адал істейсіз, әйтсе де жалғыз жалақымен бала асырап, дәулет құрап жүрген жоқсыз ғой! Шыныңызды айтыңызшы?!
— Заң қызметкері еш уақытта қылдан таюға тиіс емес, әділеттің ауылы, туралықтың түп етегі біздерміз, - деді Семетей.
— Сенбеймін, сенбеймін, — дейді Бұқалай. Жалғыз жалақымен күн көремін дегеніңізге сенбеймін.
Әлгіде терезеден төніп тұрған нарт қызыл ай ойысып кетіпті. Бөлмеге қою қараңғылық құлады. Сол қараңғылыққа сіңіп Бұқалай да жоғалған.
Төсегінен тұрып қабырғаны сипалап жүріп жарық жақты. Бөлмеде өзінен басқа жан жоқ, есігі жабық. Осындай да елес болады екен-ау деп таңданды, құдды өңімдегідей тегі. Ертең күндіз Бұқалайдан ауызба-ауыз сұрайыншы: шынымен ет шапты ма екен, штраф тартты ма екен. Түстіктің айы мұншама қызыл болады деп бұрын ойламаған.
3
Аса терең жер астынан қайнап шығып жатқан шипалы су моншасы дел-сал етіп терлетті. Тыныс алатын бөлмеде аз отырып жүрек дүрсілін басты, терін таратты. Аяңдап асханаға келген. Құмық котлетін шабдалы сөлімен итергілеп, кексе диетшімен сұхбат құрып біраз отырып қалды. Кейуананы автобус аялдамасына шығарып салған жұқа келіншек асханада ұшырасты. Қалайы подноспен тамақ тасып ұшып жүрген. Жанынан өте бере күлім қағып бас изесіп сәлемдесті, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреген сүйкімдінің өзі. Жұқа келіншек самал желпіп және өткенде самайынан тер бұрқ етті. Жалт еткен жанарынан ығып, төменшіктеп, сыртқа шыққан.
Саусағын су сорғып тастапты, аппақ. Тас текпішекпен еңіске түсіп аялдамаға жеткен. Жол ернеуінің шымы таптаурын. «Сіріңке қорабында» селкілдеп келе жатып та, жататын үйіне тақағанда да түнгі өң мен түстің арасында жатып Бұқалайдың елесімен сөйлескенін ойлады. Ертеңгісін Бұқалайдан «менің бөлмеме кірдіңіз бе?» деп сұраған. Үй-иесі бұлқан-талқан ашулансын. «Пәтершінің бөлмесіне беймезгіл бас сұқпайтын әдетіміз», — десін. Содан кейін әңгімеге тартып, сыр суыртпақтап көрген: Бұқалай бір кездері, шындығында, ет шауыпты, балалы әйелді вокзалға тегін апарып салыпты.
Қақпа алдында Бұқалай мен шешесі қарсы ұшырасты.
Кемпірдің түйіншек орамалын тобылғы торы қолтығына қысып алыпты. Семетей сұрамаса да «келіншегім жұмыста» дейді. «Бұл үйде шешемнің жағдайы болатын емес. Санаторий асханасында даяшы болып істейтін қызына апарып салмақпын. Ақалайдың жалғыз басы, пәтері кең»... Семетей жалғызаяқ жолдан шығып, таяққа сүйеніп ақырын ілбіген кейуананы өткізді. Жүзіне тіктеп қарауға дәті шыдамады бірақ.
«Иә, Асанқайғы аңсап өткен тыныш тұрмыс, қоңыр дәулет, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай уақыт осы емес пе? Ендеше кең дүниені қушитып тарылтуға неге құмармыз? Кеше көрді — Бұқалайдың дастарханы тас боп қатып қалған құрт, кепкен нан, кетілген қант; ертеңгілік-кешкілік қорегі — көк шай. Өзегім тартса қайнатып жермін деп әкеліп қойған жұмыртқаны «дауыс желбезегім нашарлаған» деп шикілей шағып жұтты кеп, жұтты кеп». Жүдеу оймен бөлмесіне еніп, төсегіне келіп қисайған.
Екінді ауа Перизат мектептен оралды. Әуелі есік сарт ашылды. Дөңгелек жүзіне сұлулық қосқан танадай қос жанары, үшкіл иегі, сосын жұп-жұқа тамағы екен. Дала иісі қызбен кірді.
— Ағай, — дейді. Бұрын мұндай ашық деп ойламаған. — Жұмысқа жіберетін болды... алысқа!
«Алысқа» деген сөзді абайсызда ұмытып қалмайын, жерге түсіріп алмайын дегендей соншама сызылып айтты.
— Көмекке кім барады дегеннен-ақ бірінші боп қол көтердім. Құрбыларымның барғысы жоқ: бірі ауруханаға жатпақшы, келесісі дөкей ағасына айтқызбақшы. — Мақта терген қызық, ағай. — Кішкентай танауы желпілдеп қуанып кетіпті. — Көкем пенсия қуамын деп естісе жібермейді, апам да жұмыстамын деп қырсығады. Сіз айтып рұқсат әперіңізші!..
Перизаттың қасының арасы қосылып, қабағына көлеңке қалқыды. Терезеге қарады. Әуелі Қаржантау бөктерлеп, одан әрі Алай асып таспадай созылып кетіп жатқан даңғыл жолға сүзіледі. «Апырмау!», — дейді Семетей іштей елжіреп, құмырысқа илеуіндей осынау өмірге нәзік жүрек лүпілін қосатын, іңкәрлікті еске салатын, таң самалындай соны, сергек леп әкелетін мынадай перизаттар ғой! Тымырсық тіршіліктің, шипалы судың бұларсыз қызығы кәні?! Өңгесі бас ұрғызбайтын жұмыс пен қолға түспейтін пенсиядағы: бауырға жиналған өт пен қан қысымы ғана ғой.
— Мен білсем, сіз — ана таудың арғы жағынан келгенсіз. — Сосын жаңа есіне түскендей: — Қар адамы секілдісіз,— деді. — Өйткені, топырақ адамдарға ұқсамайсыз, — деді.
Жеп-жеңіл қалай келсе лып етіп солай шығып кетті. Тар бөлмеде даланың иісі ғана қалды.
Семетей санаторий қойын кітапшасын алып ертеңгі күнге белгіленген ем-домды сүзіп шықты.
4
Сарыағаш суының қасиеті майлап қойғандай жылп-жылп етіп денеге жұқпайды, моншасына түскен кісі бес минутте ағып терлейді, ішсең тоймайсың. Келгелі бері он екі мәрте ыссы су моншасын қабылдаған; асқазанын шайып, су сорып, үш килограмм салмағын жоғалтты. «Жетеді», — деді емдеу кітапшасына көз жүгіртіп шыққан шырмауық мұртты бас дәрігер. Семетейдің жиырма төрт күн ішінде әжептеуір оңалып, жасарып, жасаңғырап қалғанына шынымен қуанып отыр. Біреудің қуанышын өз қуанышындай көріп шаттана білу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Үлкен жүректі, кісілікті таңдайтын қасиет ол. Бас дәрігер жігіттің жан тазалығына, жақсы мінезіне риза болды әйтеуір. «Келесі жылы тағы келіңіз, қуана қарсы аламыз. Мына зерттеу қағаздарына көз жүгіртсек ішкі сарайыңыз әбден тазарған секілді. Қалаға барған соң қалыптан шықпай күтініп жүргейсіз. Әсіресе, бальзам қосқан араққа жоламаңыз». Семетей рахметін айтып, соңғы рет құмық ботқасын жеп, соңғы мәрте төрт қалбыр жылы су ішіп, село шетіндегі пәтеріне аяңдаған. Өзін соншама сергек, жеңіл сезінді.
Осының бәрі Перизатты тап кеше жұмысқа аттандырып салғанның арқасы деп ойлаған. Кісіге жасаған титтей жақсылықтың өзі иесіне үлкен қуаныш, құлшыныс, жігер әкелетінін жаңа білді. Әуелде Бұқалай бұрқырап біраз тулаған, пенсия алудың жолын үйретіп дәріс оқыды, үш жерге орысшалап «арыз» жазып берді, көндірді әйтеуір. «Жұмыстамын» деп болмаған қайық бөкселі келіншектің бастығына барып жолықты, әрі ырғасып, бері ырғасып күнделікті шаруасынан бір сағат ерте босататын етті. Сөйтіп жүргенде «жүйке тамырды оятатын» екі моншасын жіберіп алыпты. Мейлі де... Ай жарымға болса да Перизаттың көңілі өссін, жер көрсін, алыс арманына асықсын, көкжиегіне ұмтылсын. Тымырсық тіршіліктен аулақтай тұрсын.
Аялдамада кейуана мен қасына сүрме жаққан Ақалай тұр екен. Келіншек кемпір шешесінің түйіншек орамалын тор көзге салып алыпты. Семетейді көргенде кәрияның қолындағы ақ таяғы қалтырап кетті. Көзінің алды бұлдыр тартып, жүрегі ойнап, қиыс бұрылды бұл.
Селоға жаяу тартқан.
«Сіріңке қорабының» шаңы көміп өте шықты. Терістіктен желкем көтеріліп кәрі тораңғыларды қозғай бастады. Сарғайған жапырақ жоғарыдан төгіліп жатыр. Тіршілік те жапырақтан аумайтыны қызық деп ойлаған Семетей. Көктемде күнге құмартады, шілдеде жаңбыр аңсайды, тазалықты сүйеді, жұлдызбен сырласады, бір күндері түк болмағандай желге ұшып дүниеден өтеді. Өмір деген асығу болар, сірә! Иә, өмір осы жапырақтың сыбдыры, желдің уілі, күннің жылуы екен: өңгесі топырақ, ауа және судан жаратылған адамның аяқ тырпылы, жүрек лүпілі ғана. Азғана тіршілікте сол лүпілді қадірлей білсек, сол аяқты түзік бассақ қанекей ендеше?!
Пәтеріне келсе Бұқалай пенсия қуып ауданға жүргелі жатыр екен. «Туыстай болып кеттік, келесі жылы және келсеңіз есігіміз ашық, — дейді. Семетей киім-кешегін жиып чемоданға салды. — Жолашар жасап палау басатын едік, келіншегім жұмыста. Кемпірді жаңа қайтып әкеліп тастады, — дейді қопарыла күрсініп. Әлгі қуаяқ қардың әуселесін ауданнан келген соң көремін... Қалайша әңкиген үйде жападан-жалғыз тайраңдар екен! Шешені қалай бақпас екен!.. — Қайыс белдігін шіреніп тарта-тарта шарт үзді. — Өй, атаңа нәлет-ай!.. өй, жел етек-ай!.. Қойған зат өмірі орнында тұрмайды», — дейді шкафты сарт-сұрт ұрып сұмдық күйініп.
Семетей чемоданын алып, шетен қалпағын киіп «ал қош!» деп сыртқа шыққан.
Үй іргесіндегі сынық отырғышта бүрісіп кейуана отырған. Әлгіде үйге кірерде байқамапты тегі. Үнсіз жүре беру әбес, айналып келіп кейуанаға қолын ұсынды.
— Шипалы су жақты ма, шырағым? — дейді кемпір. Үні жер астынан шыққандай. Қапелімде жанарына жас тығылып не дерін білмей қалды. — Мен де Саратовқа қайтамын, — дейді. — Шалымның жатқан жеріне барып қисаямын.
«Мен де, мен де» деген сөз құлағын шағып көп жерге дейін шығарып салды. Автобусқа отырып алыстағы ақ бас тауларға тігілді. Соншама сұлу, маңғаз, асқақ жатыр. Кәрі тораңғы үдере шулады. Алыстан ақ бас таулар кідіреді, шаң-шаң жапырақ, үйлер, жолдар зырлап қалып жатыр. Перизат қызбен қоштаса алмадым-ау деп қиналды. Сол жәудір жанар енді кімге нұр шашар, енді кіммен лүпілдеп тұрып сырласар десеңізші?! Қазір қайда жүр екенсің, қарағым?! Қай алысқа қарап тұр екенсің?!. Не де болса қанатың ерте қайрылмасын, көңіліңді кір шалмасын әйтеуір!
Сосын жүрегіне жылы шуақ болып құйылған санаторий бас дәрігерінің қарапайым кішік мінезін көп жерге дейін жанына медеу тұтты. Жүрегіне жылу дарытты. Бұл жерге келгендегі шипалы су ішкені, емделгені әңгіменің ұзын-ырға желісі ғана. Ең бастысы — бас дәрігердің орынбасары Қошқарұлы Убайдолла есімді жігітпен танысты, сырласып, түсінісіп үлгерді. Перизат есімді жаны таза қызға көмегі тиді. Екеуі де екі үймек қазына, аңқылдаған ақжүрек адамдар екен. Кім біледі, күндердің күні болғанда, Убайдолла екеуінің арасындағы ұлы достық жұрт қызығып оқитын үлкен романға айналатын болар. «Әр адамның өмірі бір-бір роман» деген классиктің сөзі бар. Ендеше былайғы өмірінде Убайдолланың тіршілік-тынысын қазып, зерттеп өтуге бел буғаны анық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі