Өлең, жыр, ақындар

Мәди

Екі бөлімді драма

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Мәди - халықтың өнерпаз, ер ұланы.
Қарашұбар - Мәдидің cepiгi.
Келбет - Мәдимен жауласушы байдың қызы.
Наталья - губернатордың қызы.
Ана - Иманның анасы.
Иман - Мәдидің cepiгi.
Қанаш - ол да.
Жұмаш - ол да.
Текеш - шонжар.
Шарапат - оның әйелі.
Тәкежан - Текештің інісі.
Залин - уезд начальнигі.
Атаманов - Мәдиді ұстауға шыққан отрядтың командирі.
Лакшин - поручик.
Қызылбөрік.
Еркек, әйелдер.

Оқиға осы ғасырдың бас кезінде, Қарқаралы аймағында болады.

БІРІНШІ БӨЛІМ

Тас қараңғы.

Дауыс. - «Мәди - халықтың қиялына ертегінің батырларындай эпикалық образда суреттеледі... Ол - халық бақыты үшін бүкіл өмірін күреспен өткізген қайраткер. Оның шығармалары үнемі халықтың аузында, советтік музыка майданында шаттық үніндей боп естіледі».

Академик Ахмет Жұбанов.

Музыкада «Қаракесек» әні.

Бірінші сурет

Қақ төрде күмбезді мола тұр. Сол моладан бірін-бірі демей, шұбыра шыққан аш жұрт сахна төріне қарай жылжып кетіп жатыр. Бәрінін де қолдарында - таяқ, иықтарында -қоржын. Бәрінің де еңсесі түскен, қалжыраған. Бір ақ сақалды адам алақанын аспанға жайып зарлап тұр, бірақ музыка оның дауысын естіртпейді. Қара жамылған бір әйел моланың ішіне қарай қайта-қайта ұмтылады, оны байы жібермейді. Бір рет сол әйелдің «құлыным - ай» деген дауысы саңқ етеді. Жасқа булығып әлденені айтады, бірақ дауысы естілмейді, ақырында байы оны сүйрелеп әкетеді. Аздан соң сахнаның қақ төрінен нажағай жарқылдайды, сол нажағайдың ішінен шыққандай Мәди шыға келеді.

Мәди. Ей, бауырларым, тоқтаңдар! Ішер асың болатын мен келдім, қайтыңдар!.. Ей, әкетайлар, ағатайлар, ата мекен адыра қалмасын, қаңғырмаңдар, қайтыңдар!.. 1-й, ағайындар!.. (Жағалай жар сала моланы айналып кетеді. Шұбырған жұрт оны жүре тыңдап кете береді).

1-шал. Сөзі жындының сөзі болса да, мырзаларша киінген бұл кім өзі?

2-шал. «Ішетін асың болатын мен келдім» деуі есі саудың сөзі емес, жүр, көзіне түспей тезірек ұзап кетейік. (Олар кетеді, Мәди моланың екінші жағында келе жатыр.)

Мәди. Ей, ер-азаматтар, қайдасыңдар? Ел басына ауыр күн туғанда ана сүтін ақтайтын қайсың барсың? Кім бар атқа мініп, сойыл соғатын? Кім бар маған тізе қосатын?(сыртынан Қарашұбар келеді.)

Қарашұбар. Түрі қап-қара, беті шұп-шұбар мен бармын, Мәдижан, мен...

Мәди (қарай қалып). Көзіме түскен пенденің көкейімде сақталмағаны жоқ еді, мына түріңмен сен қалайша сақталмадың екен?

Қарашұбар. Көзіңе өзім түспесем көкейіңде шонтайым сақтала ма?

Мәди. Көріспесек сен мені қалай таныдың?

Қарашұбар. Ертеректе, кәсіп іздеп, ауыл торыған түндердің бірінде әніңді естігенмін. Дауысыңнан жаңағы бір елге қамқор сөзіңнің сыңайынан таныдым.

Мәди. Өзің де әншімісің?

Қарашұбар. Жоқ, мен тоқсанға жуық жаны бар ауыл-аймағын асырау үшін өмірдің барлық күнін түнде өткізумен келе жатқан Қарашұбар дейтін ұрымын.

Мәди. Сен шын ұры болсаң, мен ұлықтардың қаламынан жаралған өтірік ұрымын. Жасың үлкен аға екенсің сәлемімді дабыл ал. (Қолын ұсынады.)

Қарашұбар (қос қолдап). Айтпақшы, сен айдауда емес пе едің, онан қашан келдің?

Мәди. Әлі келгенім жоқ.

Қарашұбар. Ол не сөз? Келмесең бұл не?

Мәди. Бұл - мынау тозақтың отына қанатымен су сепкелі келген жанымның қарлығашы ғана. (Қанаш келіп бұлардың сөзін тыңдап тұр.) Көзі күліп, жүрегі жылап тұрған сен кімсің, інішек?

Қанаш. Мен сіздің атсаңыз - оғыңыз, шапсаңыз - қылышыңыз болғысы келетін Қанаш дейтін Қамбармын.

Мәди. Сөзің әдемі екен, бауырым, көп жаса! Жә, текке тұрмайық онда. Мен мына шұбап келе жатқан елдің жолын тосайын, сендер жаңағы кеткен елге тез жетіңдер де, кері қайтарыңдар.

Қарашұбар. Сонда ол елді жұбатарымыз не болмақ?

Мәди. Мен патша ағзамның әмірі бойынша Қақабайдан жүз жылқы, Түнекбайдан екі жүз жылқы енші алатын болдым. Сол енші жылқымды түгелдей әкелемін де ашыққан елдің қан талауына саламын. Солай деп жар салыңдар да, жауға шабар намысы бар жігіттерді жинаңдар.

Қанаш. Енші?

Қарашұбар. Оның қандай енші екенін мен білемін, кеттік, Қанашым (Қанаш екеуі кетеді).

Мәди (жалғыз). Ей, жасаған, осынша байтақ даладан тандырына талшық болатын бір тілім нан таба алмай аштан қырылғандай, қалғандары қаңғырғандай не жазды бұл қазақ? Осы ма сенің әділдігің? Жоқ, бұл - әділетсіздік. Ендеше, мен өзімнің әділетсіздікке қарсы шабатын ежелгі әдетіме тағы бастым. Оны теріс десең кекке толы кеудемнен қан соқталы жүрегімді суырып таста да, өзің берген жанымды енді өзің ала бер. Шыбын ғұрлы көрмеске ант еттім. (Атқи жөнеледі.)

Қараңғылық. Музыкада жорық сарыны. Аздан соң қалың қол дүбірі, сол қалың дүбірдің арасынан Мәдидің даусы саңқылдайды. Ат дүбірі бірте-бірте жақындай түседі, алыстайды. Сахнаға жарық беріледі. Қарашұбар бастаған бірнеше жігіт сахнаға сойыл қағыса келеді. Басқалар шетте, ортада - Қарашұбар мен Қанаш.

Қарашұбар (Қанаштың сойылын қайта-қайта қағып жүр). Не так... Не так... Мәдижаннан үйренген жалғыз ауыз орысшамның игілігін әлден көре бастадым, жолым болар, сірә, тәубә, тәубә... Қане, сойылыңды ұзынырақ ұста да сілте... Не так... қаттырақ.

Қанаш. Басыңызды жарып алсам қайтесіз?

Қарашұбар. Сенің ұрғаныңа жарылса ондай бастың ішін ұрайын, ұрып тұрып қанжығама байлармын. Сөзді қой да, соқ аямай, жауды аясаң жаралысың, аяма.

Қанаш. Оны өзім де білемін.

Қарашұбар. Білсең айта қойшы, мәселен, қуғыншылар келеді де, жетті; жетті де, шайқасты. Сонда сен қайтесің?

Қанаш. Не қайтетіні бар, мен де шайқасамын.

Қарашұбар. Не так. Жаумен шайқасу қыздармен айқасу емес. Алдымен оның сойылын былай қағып жібер, сонан кейін сойылыңды былай сілте. Ол үшін не керек?

Қанаш. Күш керек.

Қарашұбар. Не так. Ондай кезде ең керегі шапшаңдық. Егер қимылын найзағайдай атылмаса, өзің мерт боласың. Ұқтың ба?

Қанаш. Ұқтым.

Қарашұбар. Сол ұққаның ұрыстың үстінде есіңнен шықпасын. (Шеттегілерге.) Ей, сендердің сойыл қағыстарың шолақ байталдың құйрық қағысына ұқсап кетті ғой. Әне, батырдың өзі де келе жатыр. Оның жорықты келе бастауы мүмкін. Жұртында қалғыларың келмесе, қимылды қыздырыңдар. (Сойыл қағысы қыза береді. Алыстан Мәдидің ән салған даусы естіледі.) Әне, ол бізді әнімен де қайрап келеді. (Бәрі де тына қалады.)

Немене, көрген қызық көрмегендей,

Жас дәурен жауар бұлттай өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе,

Қайрап ап қалың жауға сермегендей...

(Мәди сахнаға осы әнді айта шығады.)

Қарашұбар. Мәдижан - ау, мынауың жан баласы жаралғалы естімеген тамаша ән ғой, тағы бір әуелетіп жіберші. Иманымыздай жаттап, жадымызға сақтап алайық.

Қанаш (ынтыға). Мәди аға, тағы да.

Дауыстар (жан-жақтан). Тағы да, тағы да, тағы да.

Мәди (аспанға қарап). Иә, солай, құдіретті құдай. Сенің де көзіңді шөл басқан болды.

Қарашұбар. Астапралла... Мәдижан - ау, жорыққа аттанғалы тұрсың ғой, ондай күпір сөзді айтпасаңшы. Тәуба деші. Жаңағы айтқаным жай қалжың еді деші құдайға.

Мәди (өз ойымен алыса жүріп ақырын әндетеді). Атыңнан айналайын, Қарқаралы...

Қарашұбар (қамшысымен жерді бір салып). Не так... қазақтар қатыны мен баласынан басқаны айналайын демейді.

Мәди. Келер шағым мұнарлы күн, тумаңды түн секілді. Осыны елестеткен жаңағы бір ән айсыз түнді жарып ақан жұлдыздай кеудемді жарып барады. Даламыз бір кернесін, бәрің қосылып шырқаңдаршы. (Мәди ыңылдап әнді бастап береді де, өз ойымен алысып жүріп кетеді, бәрінің қосылып айтқысы келеді, бірақ бірде-бірі айта алмай ыңылдап барып тоқтайды.)

Қарашұбар. У-а-ай... көк семсерді сермегендей - ай... Жоқ, бұл менің қолымнан келетін шаруа емес екен... Әй, Жұман, сен оңашада бұлбұлша сайраушы едің ғой, тым болмаса қарға болып қарқылдашы.

Жұман. Әй, осы сіз де сандалып шата береді екенсіз. Есіме әні түссе - сөзі түспей, сөзі түссе - әні түспей діңкемді құртып тұрған жоқ па?

Қарашұбар. Менің көкейімде бәр-бәрі сайрап тұр, әттең, аузыма түспей қор болдым!

Мәди.

Басында Үшқараның балғын едім

Көкорай сазға біткен шалғын едім.

Екеудің бірі болсам арманым жоқ,

Мен туған бір анадан жалғыз едім.

Қарашұбар. Басқаны білмеймін, өзім меңіреу екенмін, оған көзім жаңа жетті. (Ызаланып барып тасқа отыра кетеді.)

Мәди (өз ойымен). Қиял құсы әр тарапқа шарқ ұрады, қайда барып құлар екен?

Қарашұбар (жерді қамшымен бір тартып қалып атып тұрады). Не так...

Мәди. Енді қалай?

Қарашұбар. Қалай екенін айта білмеймін, әйтеуір не так екені көкейімде сайрап тұр.

Мәди. (Қарашұбарды бір қолымен құшақтап.) Жаның аппақ, түрің неге қара, бетің неге шұбар болды екен?

Қарашұбар. Бетімді өзім шұбарлап, түрімді өзім қарайтып алғанмын.

Мәди. Неге?

Қарашұбар. Сондай бір кінәратым болмаса, ағайындар күндейді. Күндей - күндей жанымды кірлейді. Жанымды кір шалғаннан түрімнің күйедей болғаны жақсы.

Мәди. Сонда шын атың кім?

Қарашұбар. Шын атым Шапибай.

Мәди. Ау, онда «Шапибай - ау» әнің мұнан былай біздің Шапибайдың әні деп салайық та.

Қарашұбар. Не так. Мен өзгенің әні түгілі әйелін де иемденген пенде емеспін.

Мәди. Оның да жақсы қасиет.

Аулақта тұрған Қанаш Мәдидің жаңағы әнін шырқап жіберді. Оған Мәдидің өзі де, басқалар да қосылады. Ән бітісімен Қарашұбар барып Қанашты құшақтайды.

Қарашұбар. Мың жаса, бауырым, мың жас. Ақысына бүгінгі олжа жылқының біреуін сыйлармын.

Мәди. Шынында, дауысың мақтарлық екен.

Қарашұбар. Жаңа өзім қағысып байқадым, сойыл сілтесі де кесек.

Жұман. Өзіңнен басқа жан жоқтай күмпілдей бермей былай тұршы, сойыл қағысы қандай екенін мен көрсетейін.

Қарашұбар. Ойбай, мына өзім асыраған текешіктің өзіме секіруін қара - ей. Ол, шындап қақса, сен түгілі мені де былай қағады. (Жұманды қағып жіберіп, шалқасынан түсіреді.)

Жұман. Ой, тырбиған сақалыңды. (Тұра ұмтыла берген кезде Мәди оның желкесінен ұстай алады.)

Мәди. Сенің інілігің - ағаны сыйламайтын осындай індет болса, сенің ағалығың - ізіне шөп шықпайтын осындай алапат болса, екеуің де жоғалыңдар.

Қарашұбар. Кеш, Мәдижан, кеш. Кешпесең, міне, арқам. (Арқасың тосады.) Таспа тілсең де өзің біл.

Мәди (оған жауап берместен, Жұманға зіл тастайды). Мен саған жоғал дедім ғой.

Жұман (басындағы бөркін алып Қаршұбардың алдына тастайды). Аяғыңызға бас ұрдым, Қареке. (Мәди жүріп кетеді.)

Қарашұбар (қайта жадырап). Ой, айналайын ау сарым. Мәдижан болмағанда мен сенің шұрқылтайыңды шұрқырататын едім, бағың бар екен. Кел, төске төс соғыстырып, ашуды қиратып тастайық. (Екеуі төс соғысады.)

Мәди. Ән де салынды, жанжал да басылды, күш те сыналды. Күн де кешкіріп, аттанатын мезгіл де жақындады. Егер, алдағы жорықтан жолымыз болмай қайтар болсақ, күш дегеніміз - көбік, ән дегеніміз - жаназа, соны еске сақтаңдар да, жолға әзірленіңдер. (Мәди мен Қарашұбардан басқалары кетеді.)

Қарашұбар. Қай мырзаның сорасын ағызатын болдық?

Мәди. Түнекбайдың.

Қарашұбар. Тағы да ма?

Мәди. Иә.

Қарашұбаp. Бауырым - ау, ойдағы ояз, қырдағы болыстар оның алақанында ғой, ескі жарасын ұшықтырсаң ол сені ит жеккеннен бір-ақ шығарады ғой.

Мәди. Оны өзім де сеземін, бірақ басқа амалым жоқ. Жер шұрайын сорып жатқан соның жылқысы ғана аштарға азық болатын. (Кете береді.)

Қарашұбар (жерді сабалап). Әй, тумай кеткір Келбет - ай, қарғайын десем - қымбатсың, қимаймын. Қарғамайын десем - елді осылай қинайсың.

Мәди. Келбет? Ол қыздың атын сен қайдан білесің?

Қарашұбар. Бесік таңбасы белінен кетпей жатып сені қарақшы атандырған ол қызды білмейтін бұл дуанда кім бар? Өзін көргенім биыл ғана еді, шіркін, жолына қан болуға татитын қыз екен!

Мәди. Сілекейің шұбырып кетті ғой, сондайлық сұлу ма?

Қарашұбар. Сұлу болғанда қандай, үріп ауызға салғандай! (Күрсіне сөйлеп.) Келбет десе келбет - ау, шіркін!

Мәди. Ол қызды көргендердің бәрінің де кеудесі осылай көрікше күмпілдейді, жұрт мақтаған сол қызды бір көрсем бе екен!

Қарашұбар. Бауырым - ау, не деп тұрсың? Сен ол қызды әлі көрген жоқпысың?

Мәди. Жоқ, көрсем деген бір арманым алты жыл бойы алысудамын.

Қарашұбар. Көрмесең қалай қызықтың, қызықпасаң әкесімен қалай жауластың?

Мәди. Мен Түнекбаймен жаулассам қызын бермегені үшін емес, намысымды қорлағаны үшін жауластым.

Қарашұбар. Намысты қорлағаны қалай?

Мәди. Оның ортаншы қызы Назгүл менің әмеңгер жеңгем ғана емес, жаным сүйген жақсы жарым еді. Бір сатқан қызын екі сату үшін Түнекбай оны менен айырып басқаға беріп намысымды бір қорласа, оның төлеуіне бермек болған он үш жастағы кенже қызы Келбет үшін тоғыз үйір жылқы сұрап екі қорлады. Жалғыз атты кедей екенімді біле тұра осылай қорлаған ызасы мені өшіктірген.

Қарашұбар. Солай ма еді?

Мәди. Ол кезде мен он жетіге жаңа жеткен бала едім. Сол бал-бұл жанған бала жалын дауылды күнгі өртке айналған.

Қарашұбар. Ең абзалы - өткенге өкінбеу.

Мәди. Намысым үшін отқа түссем де, оққа байлансам да өкінбен. Жігіттер, аттаныңдар!

(Кете береді.)

Шымылдық.

Екінші сурет

Сахна бұрынғы қалпы. Алыстан елдің күңіренгені, аттардың шапқан дүбірі, сойылдардың қағысы естіледі. Сол сарын басыла берген кезде иығында кішкентай қоржыны бар, анасын арқалап Иман келе жатады. Ол молаға жете бере тоқтап шешесін арқасынан түсірді де, сусын ішкізді.

Ана. Көп жаса, құлыным. Мен жетер жеріме жеттім. Мұнан гөрі басар жердің де, көрер жарық дүниенің де маған керегі жоқ. Сен мені осы әулиенің қасына қалдыр да, өзің Алшынбайдың Мәдиін ізде.

Иман. Мен анасын қу далаға тастайтын азғын емес, адаммын, адам.

Ана. Менің бұл жарық дүниедегі жалғыз жұмағым - осы мола. Сен оны қу дала деп қорлама.

Иман. Есінен жаңыла бастады - ау... ағузы... білләһи...

Ана. Иманыңды қоя тұр да, әкеңнің өлерде айтқан аманатын тыңда.

Иман. Ернің кезеріп кетті, көжеден тағы бір жұтсаң қайтеді?

Ана (басын шайқайды). Өзің жұт, өзің, сенің жасайтын өмірің алда. Сен әкеңнің кісі қолынан өлгенін білсең де, нақты кімнің қолынан өлгенін білмейсің. Оны біліп ал (әлсірейді).

Иман. Кім?.. Айтшы, апатай, кімнің қолынан?

Ана. Оны өлтірген - Текеш мырза мен інісі Текежан, өлтірткен - Текештің жатыры қағынған қатыны Шарапат.

Иман. Неге? Не үшін?

Ана. Өзге әйелдер әкеңнің зергерлігіне қызықса, Шарапат ханым оның өзіне қызығыпты. Әкең байғұс дәм татқан құдығына түкірмейтін адал жан еді, сол адалдығы оның түбіне ажал болып жеткен.

Иман. Қалай? Қалай екенін айта түсші, апатай.

Ана. Дүние күңгірттеніп барады, мені молаға тезірек кіргізші. (Тұра бастайды. Иман оны демеп екеуі молаға беттейді.) Егер, әке кегін қуар болсаң, Мәдиді ізде. Текештей шонжардан кек ала алатын сол ғана.

Иман. Апатай - ау, айдаудағы Мәдиді мен қайдан табам? Қайдан? (Молаға кіреді.)

Ана. Ізде... ізде...

Сахнаны қараңғы түн басады. Алыстан күн күркіреп нажағай жарқылдайды. Сахна тас қараңғы. Аздан соң алыстан айғай-шу, қалың жылқының қаптай жосыған дүбірі, әлдекімдердің аттан салып бажылдаған дауысы, оған ілесе Мәди мен Қарашұбардың айбынды үні кезек естіледі.

Мәдидің даусы. Ей, сорлы, байдың малы үшін жаныңды қимай, жоғал!

Қарашұбардың дауысы. «Қасқаланғың келмесе, қайт жаның барында, қайт!»

Сарт та сұрт сойыл қағысы естіледі. Қалың жылқының дүбірі жақындай түседі, шұрқырап кісінегендері де естіле бастайды. Сахна алакөлеңкеленеді. Аздап соң Мәди, Қарашұбар, Қанаш, Жұмандар келеді.

Мәди. Жұман! Жылқыны шатқалға кіргізіңдер де, күзетті күшейтіңдер, қуғыншы келсе жолын біз тосамыз. Бірде-бір жылқы шашау шықпасын, жөнел (Жұман кетеді. Мәди молаға жақындайды.) О, қасиетті аруақ! Қараңғы түнді қармай қасыңа келдім. Жауымнан қашып, жауыңнан ығып келгенім жоқ. Саған, сен арқылы жасағанға жалбарынғалы келдім. Басқалары жамсап қалса да, қуғыншылардың батырсынған біреуі аттан салып қыр соңымнан қалмады. «Қайт» деген тілді алмады. Қараңғыда жер мөлшерін дәл біле алмай қолымды қаттырақ сермеп қалып едім, ол жалп етті де, қайтып үн шыққан жоқ. Байдың малы үшін басын өлімге байлаған сол сорлының жанын сақтай гөр, жасаған. (Бір тізесін бүгеді.)

Қарашұбар. Ей, алла тағала, расулулла, Мәдижанның осы тілегі менің де тілегім, рахым айла, аллау акпар. (Бетін сипайды.)

Қанаш. Қареке - ау, жанағыңыз жарапазан ба?

Қарашұбар. Не так, жартысы құраннан, жартысы өзімнен құрап алған дұғам.

Қанаш. Дәретіңіз бар ма еді?

Қарашұбар. Мен ондай дұғаны дәретсіз - ақ оқи беремін.

Қанаш (шошып дауыстап.) Ағатайлар, мынаның ішінде біреу бар. (Үшеуі тың тыңдай қалады.)

Қарашұбар. Шынында, біреу бар секілді.

Қанаш. Шайтан болса да біреу бар. Ей, кім болсаң да шық бері!

Қарашұбар. Тоқтай қал, Қанышым. Кім болса да оған мені жібер. Шайтан болса шашынан, адам болса арағынан сүйреп Мәдюканның алдына әкелейін. (Есікке жетіп барады.) Ей, сойылымның жентегі болғың келмесе шық бері.

Иманның дауысы. Ағатай - ай, тоқтаңызшы. Біз шайтан емеспіз.

Қарашұбар. Енді кімсіңдер?

Иман. Қаңғырған бір жетімектерміз.

Қарашұбар. Осындай ит басына іркіт төгіліп жатқан заманда қаңғырып жүрген неткен жетімексіңдер?

Иман. Сол ит басына төгілген іркіттің бір тамшысы да аузымызға тамбай, сіздей батыры бар елден пана таба алмай, өлінің моласын сығалаған жетімдерміз.

Қарашұбар. Не дейсің - ей? Қалай-қалай дедің? Қайта айтшы - ей?

Иман. Апам ұйықтап жатыр, даурықпаңызшы.

Мәди. Батырсынамын деп баладан жеңіліп қалдың - ау. Балақай, бері шық. (Иман сыртқа шығады.)

Қанаш. Иә, елсіздегі моланы паналап жүрген нендей бейбақсыңдар?

Иман. Ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақпын.

Мәди. «Қаңбақпын» деуің қамал бұзғандай екен, алмаған қамалың болмасын деп тілейінші.

Қарашұбар. Мәдижанның осы сөзі періштелердің құлағына шалынсын, аллауәкпар. (Бетін сипайды.)

Мәди. Өзің қайда баратын едің?

Иман. Текеш дейтін шонжарда кеткен әкемнің кегін алу үшін сізді іздеп келемін. Әкемнің өлерде айтқан аманаты да, шешемнің сізге айтқан сәлемі де осы.

Мәди. Әкең аты кім?

Иман. Ноян.

Қарашұбар. Ой, сен әлгі... әлгі қысты күні Текештің кілетіне түскен ұрылардың қолынан өлген зергер Ноянның баласымысың - ей?

Иман. Сол Ноянның баласымын, бірақ әкемнің өлімі сіз айтқандай емес.

Қарашұбар. Енді кім айтқандай?

Иман. Оны өлтірген - Текештің өзі мен інісі Тәкежан, өлтірткен - бәйбішесі Шарапат. (Мәдидің құлағына әлденені сыбырлайды.)

Қарашұбар (өзіне). Оның рас, балақай, әкеңді өлтірушілерді көзімен көрген мына мен ғана, бірақ оны айта алмаймын.

Мәди, Текеш... Текеш... Сенде де талайлардың кегі бар. Әрбір кектің атылар өз оғы бар. Сол оқтың атылар кезі саған да жеткен болар. (Жұман келеді.)

Жұман. Мәди аға, шұбырған ел жылқыға қарай қаптап келеді, оларға не істейміз?

Мәди. Әр екі түтінге бір жылқыдан: әлі жоқтарына өздерің сойып, әлі барларына тіріден үлестіріңдер.

Қарашұбар. Әр екі үйге бірден? Сонда өзімізге не қалмақ?

Мәди. Бесеуден алсаңдар да, сендерге қалғаны жетеді.

Қарашұбар. Ашығып отырған тоқсан адамы бар менің ауылыма бес жылқы не болмақ.

Мәди. Қанаш, Жұман, мына екі жетім, сол бесеуіміздің сыбағамызды сен ал. Енді тойдың ба?

Қарашұбар. Бесеу де бесеу. Е, онда тойдым, жанжалы құрысын, қойдым. (Алыстан айқай естіледі.)

Айғай. Жау... жау... Мәди аға, қуғыншылар келеді.

Қарашұбар. Аты ауыздығымен алысқан мына біреуі әлден шыға келді-ау.

Мәди. Қуғыншылар болса, бұл - сөз сайысына бөлінген жез таңдайы, сойылшылары тау сағалап келе жатқан болар, сақ тұрыңдар.

Қанаш. Ау, қуғыншы дегеніміз жалғыз атты жолаушы ғой.

Қарашұбар. He так. Жолаушы бұлай атойламайды.

Қанаш. Кеселін қара, біздің Қаракеңе сәлем берместен, жылқыға қарай беттеп барды.

Қарашұбар. Мынаның ызасы - ай, ә. (Алыстан зырылдауықтың үні естіледі.) Аттан - ай, зырылдауығы бар екен. Жылқыны қуа жөнелуге сайланып келген нағыз қуғыншының өзі болды-ау.

Қанаш екеуі Мәдидің әмірін ынтыға күтіп тыпырлайды. Мәдиде үн жоқ, ойлы көзі алыста.

Қанаш. Масқара, ананы қара, біздің Жұманды қамшымен бір салып өтті.

Қарашұбар. Ой, тұғияныңды... (Тұра ұмтылады.)

Мәди. Тоқта! Жалғыз атты бір балаға бәрің бірдей жабылмақсыңдар ма ұялмай. Сен кейінгілеріне керексің. Қанаш, қасыңа екі жігіт ал да, жет. Аты әйдік екен, ат үстінен арқан керіп жолын кесіңдер. Ожарлық жасап, қол жұмсаушы болмаңдар, жөнел! (Қанаш кетеді.)

Қарашұбар. Мәдижан - ау, көріп тұрмысың? Мынау жалғыз атты болса да, біздің жігіттерді битім ғұрлы көрер емес қой. Өзі тіпті мазақ етіп жүйткиді - ей. Дәмесін қара, мен көз тігіп келген боз айғырдың үйірін бөліп әкетпек. Құдай үшін, көкдауылыңды бере тұршы, құйын болса да қуып жетіп, желкесін үзіп алдыда алып келейін.

Мәди. Ар жағыңа қара.

Қарашұбар (Аласұрып сахнаның ана шетіне бір, мына шетіне бір барады). Ай, қу кедейлік - ай, аяғыма тұсау, қолыма бұғау болдың-ау... Ой, өңкей көтерем немелер, соңынан жалбақтай бермей, алдын орасаңдаршы, не так... не так деймін... Тоқта, мына қызықты қара, жылқыны тастай сала біздің көтеремдерге қарсы шауып келеді. Жоқ, іздегені біз екенбіз.

Мәди. Мұнда бір үлкен гәп бар, даңғырлай бермей соны ойла.

Қарашұбар. Гәп?

Мәди. Қуғыншыларын түгел жамсатып кеткен біздерге жалғыз мұның батылы қалай жетті? Әлде оқ жұмсағалы келген біреу ме?

Қарашұбар. Иә, аруақ! Иә, Қазыбек бабамның аруағы қолдай гөр! Жарайсың, Қанышым, жарайсың, төбемізге ойнақтаған немені қаңбақтай етін әдемі ұшырдың! Сауға, Мәдижан, сауға. Менің сұрайтын сауғам - сол батырдың тұлпары.

Мәди. Егер оның аты жығылмаса сен өз жаныңды сауға дейтін едің.

Қарашұбар. Не так (Иман мен Қанаштың алдына түсіп Келбет келе жатыр.)

Келбет. Армысыздар, қарақшны ағалар.

Қарашұбар. Не-ме-не?

Мәди оған зілмен жалт қарайды. Келбетке ашумен ұмтылған Қарашұбар кейін шегініп барып, басқаларды ала кетеді.

Келбет. Сарбаздарыңыз қалған шаңның астына сізді қалдырғым келмей айыбыңызды бетіңізге баса кеткелі оралған едім, жолыма құрған тұзағыңызға қапияда түсіп қалдым. (Мәди үнсіз қадалуда.) Аузыңызда жалынды сел барын білсем де, көзіңізде қанды шел барын білмедім. Өмірде өшпес көгіңіз барын білсем де, қыздарды қиядан шалатын кекті екеніңізді білмедім. Ол үшін кешірім сұрап тағзым етер едім, жаралы тізем бүгілер емес.

Мәди. Сөзің сырлы, өзің жұмбақ сен кім едің, аяулым?

Келбет. Мен қарт батыр Байыстың мұңын жоқтаушы, жас батыр Мәдидің намысын қорғаушы біреумін...

Мәди. Жас батырдың намысын кейін қорғарсың, қарт батырдың қандай мұңы жоқтарың?

Келбет. Жауда кеткен жалғыз үйір жылқысы.

Мәди. Оның жылқысын кім әкетіпті?

Келбет. Шашы ұзынның бәрін Түнекбайдың қызы, жал-құйрығы ұзынның бәрін Түнекбайдың жылқысы деп білетін сіз әкетіпсіз. Түнекбайдың тоғыз мың жылқысын түгел әкетсеңіз де елемейтін едім, найзасын ұстап жауға шабар баласы жоқ, қарт батырдың қара түнді күңірендірген ащы зары, сақалынан тарамдалып аққан көз жасы сіздің алдыңызға мені айдап әкелген.

Мәди. Сені менің алдыма айдап әкелген тек сол ғана болмас.

Келбет. Мүмкін.

Мәди. Сен менің намысымды қорғайтын қамқоршым болсаң, мен сенің кімің болғаным?

Келбет. Сіз менің ата жауымсыз. Өйткені, сіз менің әкемнің де, нағашымның да, қайын-жұртымның да, жезделерімнің де, солар тектес, теңдес байлардың бәрінің де, ойдағы ояз, қырдағы болыстардың да жауысыз. Сондықтан, мен де сіздің жауыңызбын. Бірақ мен сіз үшін жастайынан жазылмастай жараланған жауыңызбын. «Жауыңызбын» дей тұра қояр жалғыз сауалым бар. Бәріміздің де бабамыз, сіздің туған бабаңыз Қаз дауысты Қазыбек би - халқымызға алыспен де достасудың жолын салған еді, сіздің жақынмен де жауласудың жолын салғаныңыз қалай?

Мәди. Менің бетіме басқалы келген таңбаң бұл ғана болмас?

Келбет. Алдымен берілген сауалдың жауабынан құтылыңыз.

Мәди. Өмірімде бір көрсем де кім екеніңді таныдым. Көргенің аз жас болсаң да, саналы қыз екеніңді де таныдым. Сен де мені танып ал: тау суындай тасқындаған күшім бар, сол тасқынды сығымдап тамшылатудан бір талмайтын бұғау бар. Соның бәрін ой таразысына салмастан ағат айтқан сөзің бар. Жапа-жалғыз жау жарақсыз қуып келген ерлігің мен естімеген ертегі. Сол ертегідей ерлігің үшін ағат айтқан сөздеріңнің барлығын кешірмеске шарам жоқ. Сен жеңдің, мен жеңілдім, бірақ жер бетінде жыбырлап жүріп аспандағы айды да жалмағысы келетін сонау кісі жегіш жендеттер жеңе алмаған Мәдиді нендей құдіретпен жеңгеніңді біл. Бұл жарық дүниеде мені жаралай алған бір ғана сен едің. Енді жазалай алатын да сен болдың. Неше жылдар бойы күрсінумен өткен күндер мен түндер үшін жазала. Назаменен қаяуланып жараланған жан үшін де жазала. Зар илеумен дірілдеген пәк жүрек үшін де жазала. Мөлтілдеген көздің жасы үшін де жазала. Тек соның бәріне өзіңді ортақ емеспін деп ойлама.

Келбет. Аллай, не дейсіз? Анық па? Анық сіз мені сондай сүйдіңіз бе?

Мәди. Мен жалынуды қандай білмесем, жалған айтуды да сондай білмеймін. Қандай ауыр күн туса да, бүгілуді бір білмеген тізем бүгін саған ғана бүгілді.

Келбет. Тізе бүгу сіз үшін жаман ырым болар, жалынамын, тез тұрыңыз. (Өзі де тізерлеп отыра қалады. Екеуі бірін-бірі демей түрегеледі.)

Мәди. Қара түндей, түн түнектей сұм өмірдің сен секілді ақ сәулесі барын мен неге ертерек сезінбедім.

Келбет. Мен үшін енді өзіңізге өшігерсіз, өткенге өкінуді тастаңыз.

Мәди. Өшігемін. Осындай ауыр өкініште қалдырған сұм өмірдің аспандағы айы мен күні, жердегі Келбетінен басқаның бәріне де өшігемін.

Келбет. Бұл сөзіңіз маған ғана жарасатын, мен ғана айтатын сөз екен. Соны ескеріңіз де, ендігі айтарыңызды хат арқылы жалғаңыз. Енді кешіксем мені қолды болды деп ойлаған қуғыншылар қаптап келіп қалар, қош айтысайық. (Қол алысады.) Қастандықтың қара құрты қаладан да, даладан да қаптағалы келеді, сақ болыңыз.

Mәди. Сақтанып қана қоймаспын, сайысуға да әзір болармын. Әкеңе сәлем айт: менен қастандығын аямасын, мен онымен жауласуды сенің жолыңа құрбан еттім.

Келбет. Ол мен үшін онша қымбат құрбандық емес, өйткені мен сіз үшін өзін-өзі құрбан еткен пендемін. (Әлдене айтпақ болған Мәдиді сөйлетпейді.) Мүмкін, соңғы сөзім болар, бөлмеңізші, қуып келгенім - Байыстың жылқысы емес, өзімнің арманым еді, арманым: тіршілігімде сізді бір көру еді, тілегіме жеттім. Тоқтаңызшы, құдай үшін, енді үн қатпаңызшы. Мен көзіңізден ғайып болғанша, осы жерде міз бақпай тұрып қалыңызшы. Қош деп те айтпаңыз, тек кескініңізді жанарыма түсіріп алайын, көзіңізді көзімнен тайдырмаңыз. (Шегініп алыстай береді.) Ризамын... ризамын. Бүгін сізге айдап әкелген өзімнің ажалым болса, оған да ризамын. Тек, тағдырыма риза емеспін. Қош, жан аға. (Жалт бұрылып шыға жөнеледі.)

Мәди (көзі Келбет кеткен жақта). Ей, қасіреті мол жасаған, осындай жақсы қыздарға да «қарақшы» дегізгендей не жаздым мен саған? Жазығым әділдік үшін алысқаным ба? Онда маған жауыздықпен жауласатын сананы неге бердің? Елін, жерін сүйетін жүректі неге бердің? Жауап бер, жасаған! Қасіреттің қандай зілі басса да қайыспайтын қайсар қайратты неге бердің? Кескілеспей басылмайтын намыс кегін неге бердің? Бір басыма соның бәрін үйіп-төгіп бердің де, бір де біреуіне еркіндік бермедің. Бұл қалай? Тым болмаса, сонау орыс бауырларға оқ атып жатқан жапондармен шайқасып өлуге де еркіндік бермедің. Қазақ сияқты бұратана халықтың мендей ұлына қару бермейтін патшамыздың заңы сенің де заңың болғаны ма? Сонда мен өзің берген ар-намысты, өзің берген күш-қайратты қайда апарып тығамын? Көріме ала кетуім керек пе? Жоқ, жасаған, ондай қорлық - жарлығыңа өлгеннен соң болмаса, тіршілікте көне алман! Әрбір байдың жүрегінде мың кедейдің көз жасы бар. Сол қанды жасты олардың кеудесінен сығып алмай, мен жай таба алман. Жайдай соғар кектің отына ендігі қақтарым - Текештің жүрегі, Текештің. (Қасында екі жігіт бар Қарашұбар жетіп келеді.)

Қарашұбар. Мәдижан - ау, біздер басымызды өлімге Түнекбайдың қызы үшін байлаған жоқ едік қой, бұл қалай?

Мәди. Жазықсыз біреуді шабу үшін де байлаған басымыз жоқ-ты. Түнекбайды шапсақ, онда елдің сел болып аққан көзінің жасы, шер болып қатқан кеудесінің кегі бар. Мен қайтарсам, өзіміздей сорлының малын қайтардым.

Қарашұбар. Ананы қара, мен иемденіп келген қылаңдарды түгел әкетіп барады. Жоқ, мен ол жылқылардың жалғыз тал қылшығын да бере алман.

Жігіттер (сойылдарын түйгіштеп). Ие, өліспей бере алмаймыз, бере алмаймыз, қолында өлеміз, жолында өлеміз.

Мәди. Сендерге ол жылқыны беретін кім?

Қарашұбар. Кім екенін қазір-ақ көрсетейін. Жігіттер, тартыңдар!

Мәди. Тоқта. (Атылып барып қамшымен тартып жібереді.) Тоқта дедім ғой мен саған! (Қарашұбар тәлтіректеп барып құлап түседі. Мәди жүріп кетеді.) О, жасаған, мұнан да мені даланың жыртқышымен жолдас етсең еді.

Қарашұбар. Жыртқыш? Апыр-ай, Мәдижан - ай, мына сөзді сен маған қалай айттың?

Мәди. Сен екеуің екі тайды жетектеп жоғалыңдар да, мұнан былай менің көзіме көрінбеңдер.

1-жігіт. Еліміздің сыбағасы қайда?

2-жігіт. Өзіміздің үлесіміз қайда?

Мәди. Ел сыбағасы сендердей құзғынға берілмейді.

Жігіттер (сойылдарын түйгіштейді). Неге? Неге?

Қарашұбар. Неге?.. Неге?.. Ой, тұғияндарыңды... Мә, сендерге елдің сыбағасы, мә... (Екеуін қамшымен сабалап қуып әкетеді.)

Мәди (жалғыз). Түсінбеймін, бұл құдіретті құдай дүниені жыртқыштар билейтін етіп неге жаратты? Неге? Маған осыны түсіндіретін кім бар? Зұлымдықтың құлы етер болса, ізгілікті несіне жаратты? Мен кейде солай деп бар дауыспен айқай да саламын. Бүкіл дүние меңіреу жартас болып кеткендей, еститінім - өз даусымның жаңғырығы ғана. Бұл қалай? Осы сауалдың жауабын беретін адам, зұлымдықты ізгіліктің табанына салатын жауабын беретін адам, зұлымдықты ізгіліктің табанына салатын заман бола ма бұл, жоқ па? (Сырттан дауыс естіледі.)

Дауыс. Жау... жау... Мәди аға, қуғыншы келеді, жау... жау...

Мәди. Әне, заманымның маған берер жауабы. (Моланың ішінен шешесінің өлігін көтеріп Иман келе жатады.)

Иман (жасқа булығып). Мәди аға, менің апам... (жылап жібереді.)

Мәди (бетін бір сипайды да, қалтасынан орамалын алып ананың бетіне жабады да, өлікті Иманның қолынан көтеріп алып сүйреп шыққан жаққа қарай жүріп кетеді.) Қайдасыңдар, қан ішерлер?! Мен сендерді аналардың ақ сүтімен де атамын, келіңдер?

Шымылдық.

Үшінші сурет

Уезд начальнигі Залиннің кең ауласы. Сахна сыртында әуенмен қоса шалқи билеп жүрген сәнді топтың шеті көрінеді.

Сырттан Текеш пен Текежан келе жатыр.

Текеш (сөйлей келеді). Ертеңгі жиынға сен қаласың, мен ояздан рұқсат аламын да, осы түннен қалмай елге қайтамын. Сен кейін әскер алып шығасың.

Текежан. Қайдағы әскер?

Текеш. Ана қарақшыдан жаныңды сақтап, бағыңды қорғайтын әскер. Мынау үйде той-думан бар секілді-ау! Ағайынды екеуміздің бірдей жалбақтағанымыз жараспас, сен осы жерден қайта бер.

Текежан (әзіл-шыны аралас). Сіз жалбақтаған кезде мен бұлаңдасам қайтеді?

Текеш. Құйрығыңды жұлдырғың келсе, бұлаңда.

Текежан. Онда соның екеуін де сізге сыйладым, сау болыңыз. (кетеді.)

Текеш (ерсілі-қарсылы зыр қаққан даяшылардың әрқайсысына бір ұмсынып). Ей, шырақ... ей, балақай, ей, матушка... (Бір даяшы қыз жетіп келеді).

Қыз. Мырза, сізге кім керек?

Текеш. Осы үйдің иесі ояз мырзаның өзі керек. Сол ұлы мәртебелі мырзаға менің дұғай-дұғай сәлемімді тезінен жеткізші. Текеш мырза десең өзі де біледі.

Қыз. Текеш? Оның орысшасы қалай (Залин келе жатады.)

Залин. Сақтан, Маруся, Теке - ешкінің сендей қыздарының байы. (Қарқылдайды, қыз бетін басып жүгіріп кетеді.)

Текеш. Келемеждеп болдыңыз ба, тақсырым.

Залин. Келемеж емес, мен қазір шаттанған шағымда осылай кеңкілдейтін әдетім.

Текеш. Шаттығыңызға ортақпын.

Залин. Бір ғана сіз емес, бұл шаттығыма бүкіл Қарқаралы дуаны түгел ортақ. (Орын ұсынады.) Өтінемін.

Текеш (думан жаққа көз жіберіп). Қателеспесем, мен, тіпті, бір тойдың үстіне тап болған секілдімін - ау.

Залин. Қателескен жоқсыз. Бұл - ұлы мәртебелі генерал-губернатор тақсырдың Петербургте оқитын суретші қызы Наталья Александровнаның келуіне арналған салтанатты кеш.

Текеш (таңдана). Губернатордың қызы дейсіз бе?

Залин. Ол осында бір ай жатып, «Шайтан көлдің» суретін салмақшы. Сол сурет біткен күні Қарқаралы уезіне қараған жиырма екі болысты түгел жинап, үлкен той жасаймын. Сол тойдың шаруашылық жағын сіз басқарасыз.

Текеш. Қызметіңізге әр қашан да әзірмін. Қымбатты мейманымызға сый-құрметіміз де әзір болар.

Залин. Сіздің сондай жомарт екеніңізді білемін, алдын ала рақмет сізге. Мынау аққудай сылаңдап жүрген сұңғақ бойлы сұлу қыз сол бикеш.

Текеш. Құдай үшін, бикеш демей бақыт құсы деңізші.

Залин. Құлағым сізде, келген шаруаңызды айта беріңіз.

Текеш. Мезгілсіз келіп мазаңызды алғаным үшін ғапу етіңіз. (Төс қалтасынан бір қағаз алады. Бес болыс Бошан, торт болыс Қарашор елінің атынан, тоғыз болыстың қолы қойылып, мөрі басылған мынандай приговормен келген жайым бар.

Залин. Приговор? Ол не тағы?

Текеш. Тағы да сол атақты қарақшының лаңы.

Залин. Атақтыларың Мәди еді, ол айдауда. Қаптап кеткен бұл не атақты?

Текеш. Сол атақтымыз айдаудан қашып келіпті. Бәрі мына қағазда жазылған.

Залин (қағазды оқып болды да, ойланып жүріп кетеді.) Егер ол шындық болса, сіз бен біздің әсіресе, сіздің ашық аспаныңыздан төбеңізге жай түсетіні де шындық.

Текеш. Дәл айтасыз, тақсырым. Ол енді біздің малымызды шашса, сіздің қаныңызды шашудан тайынбайды. Сондықтан біздердің сізден ендігі тілегіміз оның байланып айдалуы емес, дарға асылуы.

Залин. Ым... да... Айдаудан қашқанымен қоймай, мынандай қимыл жасауы оның найзасына көк семсерге айналғанын көрсетеді.

Текеш. Байқаймын, онан өзіңіз де сескенетін секілдісіз.

Залин. Иә, сескенемін, сондықтан бүгіннен бастап мен оны мемлекет жауы деп жариялаймын. Оған қарсы жұмсалатын күштің қаруы - бізден, қаржысы - сіздерден.

Текеш. Бізден болғанда, мөлшері қанша болар екен?

Залин. Мәдидің құны қанша болса, сонша.

Наталья (Текешті көріп тоқтай қалады). Мына бір мырзаның кескіні оригинальный екен, сурет салатын аспаптарымды әкеле қойыңызшы, қарындаш пен дәптердің бірін әкелсеңіз де болар. (Лашкин кетеді. Наталья Залиндерге жақындайды.)

Залин. Менің сүйікті періштем, кешіріңіз, һаманда осындай жарық, ажарыңыз һаманда осындай жарқын болсын. Сиқыры мол әспетті қолыңыздан тағы бір сүюге рұқсат етіңізші. (Натальяның қолынан сүйеді де, Текешті иегімен нұсқайды). Танысыңыздар, бұл мырза менің...

Наталья. Мен үшін осы таныстырғаныңыз да жетеді, рақмет. Тек қозғалмасын, соны ескертіңіз. (Лашкин әкелген дәптерге Текештің суретін сала бастайды.)

Залин. Суретіңізді Петербургке ала кетсін, қыбырламай, жыбырламай тұрыңыз. (Аздан соң Натальяға.) Мынандай қазақпен танысуға қалайсыз? (Текеш әкелген қағазды көрсетеді.)

Наталья. Бұл не?

Залин. Оқыңыз.

Наталья. Қолым бос емес, өзіңіз оқыңыз. (Залин қағаз сөзін оның құлағына құяды. Наталья сурет сала отырып сөйлейді). Мен атына сырттай қанық Мәди дейтін бір қарақшы бар еді, бұл сол ма, басқа ма?

Залин. Ғажап - ау, оны сіз қайдан білесіз?

Наталья. Менің губернатордың қызы екенімді ұмытпаңыз. Оны ұмытпасаңыз, губернатордың кеңсесіне қарауындағы халықтың жақсылығынан гөрі жаманшылығы көбірек жететінін, әсіресе, Мәди сияқты қарақшылардың тарихы том-том болып жететінін, одан тарихты оқуға мен сияқты ерке қыздардың құмар келетінін білгейсіз. (Текешке). Рақмет сізге. (Кете береді.)

Залин. Наталья Александровна, сәл кідіріңізші. (Наталья мойын бұрмастан тұра қалады.)

Наталья. Мен сізді тыңдап тұрмын.

Залин. Сіз, Шайтан көлдің суретін алаңсыз салу үшін бір жеті бойы қаладан шықпайтын болыңыз.

Наталья. Неге?

Залин. Неге екенін жаңағы қағаздан байқаған боларсыз. Ол айдаудан қашып келіп, ел шауып жүрген көрінеді. Оны не қолға түсірмей, не қуа - қуа елден бездірмей, сізді қаладан шығару мен үшін ауыр қылмыс.

Наталья. Егер де ол қолға түспесе, не елден безіп кетпесе қайтеміз? Мен Шайтан көлдің суретін салмастан кете бермекпін бе?

Залин. Біздер әр елдің өз ішінен отряд құрып, халықты жаппай аттандырамыз. Оны ұстап берген адамға бас сайын бес жүз сомнан сыйлық берілетінін айтып жар саламыз. Жан күйер жақын адамдарын кепілдікке ұстаймыз. Елдің ішіне жансыздарды қаптатамыз. Қысқасы, мына сияқты мырзалардың қалтасына сүйенген қару мен айламызды қабат жұмсап, оны қалай да бұл уездің жерінен жоқ етеміз. Оған дейін сіз дем аласыз.

Лакшин. Наталья Александровнаның бір тал шашы жерге түсе қалса талайыңыздың (Текешке қарап) бастарыңыз допша қағылады. Ол естеріңізде болсын.

Наталья. Қорықпаңыздар, мен оншалықты қымбат емеспін. Өйткені, мен суретшімін. Біздің ұлы Россияда суретшілер мен ақындардың құны арзан. (Жүріп кетеді.)

Залин. Ым... да, өзі күндей, сөзі зілдей.

Текеш. Захар Захарыш, құдай үшін, біздің елге баратын әскеріңіз осындағылардың ішіндегі ең жойқыны болсыншы.

Залин. Өзі жойқынның шығыны да жойқын екенін ескердіңіз бе?

Текеш. Ол қарақшының қарасы өшер болса, қанша шығын болса да шыбын ғұрлы көрмеспін.

Залин (дауыстап). Менің қырып салым - Атаманов қайдасың?

Атаманов (масаңдау). Штабс-капитан Атаманов, міне, келе жатыр, әміршім. Не бұйырасыз?

Залин. Менің қарауыма келгеніңе аз болса да, жау жүрек екеніңді танып едім, бұл аймақтың тарихы бұрын көрмеген бір жойқын жорықты сен бастайсың.

Атаманов. Жойқын жорық?!

Залин. Иә, енді бір жетіден кейін мына мырзаның еліне аттанасың. Не істейтініңді кезінде айтамын. Әзірге айтарым: ол жорықтың ақыры қанды шайқасқа айналуы мүмкін, соған өзіңді-өзің мықтап әзірле.

Атаманов. Мен шешемнен туғанда қан шеңгелдеп туған екенмін, сондықтан ба білмеймін, қанды шайқасқа жаным құмар. (Екеуі мәз.)

Текеш (өзіне күбірлеп аулақта тұр). Мына бір дөңбектей немесі мұрындықсыз бұқаға ұқсайды екен, сау басыма сақина тілеп алмасам игі едім.

Залин (Текешке мезірет жасап). Текеш мырза, құрметті мейманым болыңыз. (Бұлар үйге беттеген кезде алыстан шыққан әнге құлағын тіге Наталья келе жатады. Ән - «Қаракесек». Ол асқақтап жақындаған сайын Наталья сүйсіне түседі.)

Наталья. О, ғажап, мені мынау елдің әні де сиқырлап алды. Бұл қалай? (Әннің қайырмасына қосылады.)

Шымылдық.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Төртінші сурет

Жазғы ауыл сырты.

Текеш бір қолымен Келбетті құшақтай сөйлеп келеді.

Текеш. Менің жаһандағы ең қымбат балдызым да, ең тәтті балым да сенсің.

Келбет (күлімсіреп). Ол менің сізден талай естіген ертегім, жанымсың демесеңіз болды.

Текеш. Алла тағала маған олай деуді де жазған, бірақ аспанның күні төбемде тұрғанда әйел затын жаным демейтін әдетім.

Келбет. О, ғажап, мына бір жарқанаттың жарбаңдауын қараңыз.

Текеш (шошып). Жарқанат? Қайда?.. Қайда? (Басындағы бөркін алып қайта-қайта ербеңдетеді.)

Келбет. Төбеңізде шыр айналып жүр. Уы көзіңізге тамып кетер, қарамаңыз.

Текеш. Қиямет... қиямет... «Қиямет қайым боларда дүниеге түрлі-түрлі бәле толғай» деген осы да. Кетті ме? Кетті ме?

Келбет. Сізде бір өші болу керек, түйіліп келіп, қайта-қайта шүйіледі.

Текеш. Бұл да әлгі Мәдидің қырсығы, әйтпесе, о заман да бұ заман жарқанаттың күндіз ұшқанын бізден басқа кім көрген. Жанымды тәңіріме, басымды саған тапсырдым, балдызым. (Басын Келбеттің етегімен бүркемек болады.)

Келбет (ыршып кетеді). Қорықпаңыз, жарқанат дегенім сіздің елесіңіз екен.

Текеш. Ой, қыз болмай кеткір. Онысы несі - ай, шыбынымды сонша шырқыратқаны.

Келбет. Кешіріңіз, жаныңыз қысылған шақта жарқанатқа ұқсап кететініңізді білмедім.

Текеш. Неге екенін білмеймін, құдай әмірі, осы жарқанат дейтін иттен өлердей қорқамын.

Келбет. Мен де солаймын, бірақ мен жарқанаттың өзінен емес, соған ұқсайтын адамдардан қорқамын.

Текеш. Жарайды, жарқанаттың елесі де, өзі де құрысын. Мына бір жібек кілемді аулаққа әдейі сен үшін жайдырған едім. Келші, жаныма келіп жантайшы, жақсылап бір кеңесейік.

Келбет. Мен жантайсам жамбасыңызға тас батар, онан да жаңағы ертегіңізді жалғаңыз.

Текеш. Ертегің не?

Келбет. Манадан бергі айтқандарыңыз құранның сөзіне ұқсамайды.

Текеш. «Құранда былай, құранда олай» деп соға беретін соқыр молла емеспін мен. Азды-көпті оқығаным бар, сол оқудан тоқығаным бар. Соның бәрінен бір байқағаным: «Шөптің басы жел болса ғана қимылдайды».

Келбет. Жел айдаған шөбіңіз көмейіңізге кептеліп қалды ма, неге бөгелдіңіз?

Текеш. Соңғы кезде осы елдің аузы сен жайында көбірек жыбырлайтын болып кетті, соны айтуға аузым бармай, қиналып отырмын.

Келбет. Сонда еліңіздің аузы мен жайында не деп жыбырлайды?

Текеш. Олардың айтысына қарағанда, сенің Мәдимен жасырын байланысың бар көрінеді.

Келбет. Апыр-ай, ә, оны сіз қайдан біле қалдыңыз? Құраныңыз солай деді ме?

Текеш. Тамұқтың түбіне тығатын ондай сөзді таста да, менің сұрауыма жөн жауап бер.

Келбет. Еліңіздің ауызы түгел жыбырлағандай мен не істеппін? Алдымен сіз соны айтыңыз?

Текеш. Мәдидің қазір қайда екенін сен білетін көрінесің, сенің білетініңді мен де сезіп жүрмін.

Келбет. О, сіздің тіпті әулиелігіңіз де бар ма еді?..

Текеш. Әулиелігім болмаса да, сендей қыздың сырын білерлік сайтаным бар.

Келбет. Ие, сайтеке, Мәдидің бар сырын білетінімді сіз қайдан білдіңіз?

Текеш. Білгенім бекер болмаса, қайдан білгенімді сұрап қайтесің.

Келбет. Рақмет, жездеке, екі күн бойы іздеп таба алмай жүрген ұрымды жақсы тауып бердіңіз.

Текеш. Астапыралла, қайдағы ұры?

Келбет. Ұятыңыз қайда? Әлде қонағыңыздың қалтасына түсуді ұят деп білмейсіз бе?

Текеш (ашулы). Кім? Кім сенің қалтаңа түскен?

Келбет. Сіз... сіз... түспесеңіз қалтамдағы Мәдидің хаты қайда?

Шарапат (көлгірсіп күле сөйлей күреді). Өзіміз қыз кезімізде, мұндай оңашада кездескен жезделеріміз желектей желпілдеуші едік, сенің жездең немене, тарттырған текедей мықшиып қалған?

Келбет. Жезделерің желектей желпілдеген шақтарда өздерің қайтушы едіңдер, жайнамаз болып жайылушы ма едіңдер? Жоқ, әлде...

Шарапат. Дауысыңда бір кесір кердең бар ғой. Ондай шақта біздер мауыққан мысықша мияулайтынбыз. Осы болар маған ендігі айттырмағың?

Келбет. Менің бетім дуылдап барады, хатымды берші, тезірек кетейін.

Шарапат. Хатың не айтып тұрған?

Келбет. Сайқалданба, менің қалтамды ақтаруға батылы жететін сен ғана.

Шарапат. Мен білетін хат мынау ғана... (Бір жапырақ қағазды ұсынады.)

Келбет. Бұл не?

Шарапат. Саған зор мәртебелі оязымыздың өзі де ғашық көрінеді. «Тезінен қалаға жеткіз» деп Төрежанға бұйрық беріпті. Жаңа шабарман келіп осыны беріп кетті.

Келбет (қағазды оқи сала Текешке қадалады). Сіздің манадан бергі оқығаныңыз менің жаназам екен ғой?

Текеш. Жаназа?

Келбет. Дәметпей-ақ қойыңыз, менің жаназам сізге бұйырмайды. Тек құдайыңыз бар болса, бір сұрауға ашық жауап беріңіз. Менің өлігімді басқыш еткенде, қандай мұратқа жетпексіз?

Текеш. Апыр-ай, балдызым - ай, мына сөзің шымбайыма батып кетті-ау.

Келбет. Мен құдай сөзін сұрап тұрмын ғой. Ол үшін шымбайыңыз неге қирай қалды? Әлде құдай сөзін айту жанды қинайтын азап па?

Шарапат. Жаным - ау, жаназаң не айтып тұрған?

Келбет. Кешіріңіздер, мен өзімнің адам екенімді ұмытып тұр екенмін. (Тез кетеді.)

Шарапат. Алла, аллай, жүрегім не боп кетті. Тақсырым - ay, айтып түсіндірсеңізші, жаназасы не?

Текеш. Бәрі сенен... сенен. (Ызамен жерді түйгіштейді.)

Шарапат. Мен не істедім?

Текеш. Не істемедің? Егер оның қалтасын ақтармасаң, оның хатын алмасаң, ол хатты маған бермесең, мен Текежанға жібермесем, Текежан ол хатты оязға бермесе, Келбет мұндай кеселге кездесер ме еді? О алжасқан басым, алжасқан басым... ол маскүнемнің Келбеттен ала алмай жүрген қысасы барын неге ойламадым?

Шарапат. Кесел! Ол не?

Текеш. Мәди қолға түспесе, оның орнына Келбеттің ит жеккенге осы кеткені кеткен. Баршы, осыны айтып түсіндір де, Мәдидің қайда екенін сұрашы, баршы.

Шарапат. Құдайым - ау. (Үйге беттейді. Жол киімін киген Келбет қарсы келеді.) Күнім -ау... (Жылап жібереді.)

Келбет. Жыла, жыла, сен жылау үшін ғана жаралған жансың. (Текешке қарай өте шығып.) Мәдидің мен білетін бір ғана мекені бар еді, сізге соны айта кеткелі соқтым, жездеке.

Текеш. Сөйтші, қарағым. Сен сондай ақылды едің ғой. Сонда сенің де, біздің де кенейіміз түгел.

Келбет. Кенейіңізді менің сүйегіммен түгендей беріңіз. Мәдидің мен білетін мекені -менің жүрегім.

Текеш. Солай ма? (Taп береді.)

Шарапат (араға түсіп, қарсы тұра қалады). Тақсырым - ау, көзіңіз қанталап кетті ғой, тәубаға келсеңізші.

Текеш. Жоғал жолымнан. (Шарапатты серпіп жібереді де, шеңгелін ыңғайлап Келбетке жақындайды.)

Келбет. Сіздің шеңгеліңізге менің қара тырнағым да сыймайды, шамаңызға қараңыз.

Текеш (ызамен қолын көтере бере тоқтап қалады). Әттең, әттең, бес дуанға белгілі атағымнан ұят, әйтпесе мен сенің жүрегіңді суырып алып ана қызылбөріктің қанжығасына байлар едім де, өзіңді Қарашұбарға қосақтап тұрып айдар едім!

Келбет. Сіз босқа өкініп тұрсыз, сізге лайығы сондай жендеттік қана.

Текеш. Жендет?!

Келбет. Иә, жақсылап жаттап алыңыз.

Текеш. Мен сені қазір-ақ жентек етейін ендеше. (Ашумен кетеді.)

Келбет (екі қолын айқастыра Шарапатқа ұсынады). Байла.

Шарапат. Ойбай, не үшін?

Келбет. Қалтама не үшін түссең - сол үшін.

Шарапат. Бауырым - ау...

Келбет. Бауырыңды ит жесін, өшір үніңді!

Шарапат (Келбеттің аяғын құша құлайды). Менен бір білместік өтті, кешір, бауырым, кешір.

Келбет (аяғымен серпіп жібереді). Тоқта, мен кешірсем сен Қарашұбарды құтқарасың ба?

Шарапат. Ойбай-ау, байлаулы жатқан адамды мен қалай құтқарамын?

Келбет. Сездірмей барып қолын босатсаң, қалай құтылуды өзі біледі.

Шарапат. Жаным - ау, қолымнан келмейтін Іске жұмсамасаңшы.

Келбет. Онда аяғымды былғама. (Шарапатты аяғынан серпіп тастап жүріп кетеді. Оның соңынан құшағын жая ұмтылып Шарапат та кетеді. Бұларға алыстан қадалып Текеш келе жатыр.)

Текеш. Кескілесер жауым үшін кепілдікке өзімнің ең қымбат балдызымды ұстап бердім -ау, естіген қауым не дер екен? (Екі қолы артына байланған Қарашұбарды алдына салып қызылбөрік пен бір жігіт келеді. Текеш оларға ызбар шашып.) Айдап әкете бермей, бұл жексұрынды маған несіне әкелдіңдер?

Қызылбөрік. «Сізге айтар арызым ақтық қояр тілегім бар» деген соң әкелдік.

Текеш. Алдымен ол біздің тілегімізді қабылдап, Мәдиді ұстап бере ме, жоқ па, соны айтсын.

Қызылбөрік. Өзі де соны айтатын секілді.

Текеш. Онда құлағым сенде, батыр.

Қарашұбар. Өзіңізден басқа жанға айтпасқа алла атымен ант етіңіз.

Текеш. Менің барлық сөзім алла атымен ғана айтылады. Анттаспай-ақ айта бер айтарыңды. (Иек қағады, қызылбөріктер кетеді.)

Қарашұбар. Менің жалғанда істеген жалғыз, жалғыз болса да жарты әлемнен ауыр бір күнәм бар. Сол үшін Шарапат ханымнан кешірім сұрағалы келіп едім, қалай көрсем екен!

Текеш. Егер де Шарапат ханым күнәңді кешірсе, сен Мәдидің қайда екенін айтар ма едің?

Қарашұбар. Онда сөз жоқ айтар едім. Әй, күнәм тым ауыр еді, кешіре қоймас.

Текеш. Сөз жоқ, кешіреді, мен кешіртемін. (Дауыстап.) Бәйбіше, жайнамазымды әкеп берші. Әне, келе жатыр, айта бер.

Қарашұбар. Алдымен ханымның кешірімін алайын. (Шарапат жайнамаз әкеледі.)

Текеш. Мына батыр сенімен қоштасқалы келіпті.

Шарапат. Мұның қоштасқаны маған не керек?

Текеш. Күпір сөйлеп күнәкар болма, бәйбіше. Кәріп жолға кетіп бара жатқан адамның күнәсі болса кешіре сал. Сауап болады. Құранда солай деген. (Аулаққа барып намазға кіріседі.)

Шарапат. Құлағым сенде, Қарашұбар батыр.

Қарашұбар. Не так, Шарапат ханым. Мен Қарашұбар емес, Қарашұбардың киімін киіп кеп тұрған Ноянның аруағымын.

Шарапат. Сандалыпсың. (Кетуге беттейді. Қарашұбар қарсы алдына тұра қалады.)

Қарашұбар. Не так. Егер де мен не так екенін айтып, айқай салсам, ел жиналар, ел жиналса сіз жынданарсыз.

Шарапат. Есің дұрыс па, мен неге жынданамын?

Қарашұбар. Сіз мені әлі танымай тұрсыз. Кебінімнен қорықпаңыз, мен тек сізден кешірім сұрай келдім.

Шарапат. Кешірім? Не үшін?

Қарашұбар. Адалдығым үшін, аңғалдығым үшін, сол екеуінің кесірінен мен сізді кешілмейтін ауыр күнәға батырдым, сол үшін...

Шарапат. Не сандырақтап тұрсың? Адалдықтың кесірі бола ма екен?

Қарашұбар. Болады екен. Мен оны өзімнен білдім.

Шарапат. Қалай?

Қарашұбар. Егер де мен адал болмай, сіздің тілегіңізді қабылдап, ойнасыңыз болсам, сіз байыңызды маған өшіктірмейтін едіңіз. Ол өшікпесе, мені өлтірмейтін еді. Ол өлтірмесе, мен өлмейтін едім. Сіз бар жазаны жалғыз өзіңіз тартатын сондай ауыр күнәға батпайтын едіңіз. Соның барлығы менің адалдығымның қырсығы. Сол үшін сізден кешірім сұраймын. (Текеш намаз оқыған болып отырып алай-дүлей күйге түседі.)

Шарапат (сықылықтап сайқалдана сөйлейді). Өзің әдемі сандырақтайды екенсің - ей, тағы да, тағы да.

Қарашұбар. Онда мен өзіңіздің сол күнгі бір сөзіңізді есіңізге салайын. «Ет шауып бер» деген сылтаумен мені кілетке алып кірдіңіз ғой, кілеттің іші тас қараңғы екен, мен «шырағыңыз қайда?» дедім, сонда сіз не дедіңіз?

Шарапат. Сұмдық - ай... ха... ха... (Қарашұбардың дауысын естіртпеу үшін күлкісін күшейтіп кеткісі келеді. Қарашұбар алдын кес-кестеп жібермей, сөзін айта береді.)

Қарашұбар. Сонда сіз: «Деміңді деміме тигізсең, тіліңді тіліме бір берсең дүниедегі бар шырақ бірден жарқ етіп жанады» дедіңіз ғой. Мен деміңізге демімді тигізбедім, тілімді тіліңізге бермедім. Сіз жындана жаздап біресе мияуладыңыз, біресе қыңсыладыңыз, ақырында өзіңізді өзіңіз ұстай алмай айқай салдыңыз. (Текеш жайнамазымен бетін жауып зыта жөнеледі.)

Шарапат (жындана күле тұрып білегіндегі алтын білезігін алып Қарашұбардың қойнына тыға сала, үйіне қарай жөнеледі). Ха-ха... ха-ха... ха-ха... (Сықылықтап күлген күйі кетеді.)

Қарашұбар. Бүкіл өмірін жынданумен өтер, қу сайқал. Ау, Текешеке, ханымыңыз менің қойныма алтын жылан тастап кетті, келіңіз де соны алыңызшы. (Ауыр күрсініп.) Қайтейін, қолымнан келер бар қастандығым осынау бір шындықты айту ғана болды. Өзімнің сол күні ет ұрлауға барып сол кілеттің ішінде бұғып жатқанымды жасырсам да, көрген сұмдығымды жасыра алмадым. Енді құдайдың алдында да күнәсіз шығармын. (Айқайлап.) Ей, жендеттер, қайдасыңдар? Мен жауымды жайратпасам да, шындықтың таңбасын бетіме басып қансыраттым. Енді мені айдай беріңдер. (Кеткен жағынан манағы қызылбөрік пен жігіт келе жатады.) О, қуыс кеуде дүлейлер, кімді айдауды қашан білер екенсіңдер? (Теңселе басып кете береді.)

Шымылдық.

Бесінші сурет

Тау іші. Мәди тобы. Мәдидің өзі от басында әлденені ойлана, әлдене жазып отыр. Серіктерінің әрқайсысы әр жерде, әр тасқа сүйеніп Мәдидің «Шіркін-ай» әнін әндетуде. Бәрінің де көзі алыста, әлдекімді аңсай күтуде.

Қуғыннан көз аша алмай жүрген жанмын,

Қызығын бір көре алмай атқан таңның.

Қара тас біздер үшін мамық болды-ау,

Жата алмай төсегіне сүйген жардың.

Ерке боп, ер атандым бала жастан,

Бой бермей ұлықтарға әуел бастан

Құдайдың маған берген абыройы –

Білмедім именуді би, болыстан.

Мәди. Соған мына шумақты жалғаңдаршы. (Жазғанын әндете оқиды.)

Баласы Алшынбайдың Мәди атым,

Әр елдің көп естідім мінажатын.

Байғұздай тас жастанып тауда жатпай

Келдім де көрдім зордың қиянатын.

Иман. Мәди аға, осы сіздің әндеріңіз өзге әндерден неге бөлек?

Мәди. Білмеймін, мүмкін өзім өзгелерден бөлектеу шығармын. Ештеңе көрінбей ме?

Қанаш. Жоқ.

Иман. Жолына қарай-қарай көз талды.

Мәди. Оның мұнша кешігуі жүректі де талдырды.

Қанаш. Түнде жортып жүре алмай, күндіз елге сын алмай, Келбетке де кездесе алмай, не так... не так деп жүрген шығар.

Мәди. Ондай жолбарыс түнде де жақсы жортады. Бір сұмдықты сезгендей жүрегімде маза жоқ.

Иман. Мәди аға, ақ киімді, ақ боз атты біреу бізге қарай құйғытып келеді.

Жұман. Иә, аруақ.

Қанаш. Жоқ, бұл біздің жолбарыс емес, сақтану керек болар.

Иман. Алыста келеді ғой, ол емес екенін қайдан білдің?

Қанаш. Аты да, киімі де бөтен.

Мәди. Аты да, киімі де бөтен, бірақ өзі бөтен емес.

Қанаш. Сонда кім?

Мәди. Жылап келеді, тағы қандай қасіретке кездестік екен?

Қанаш. Керемет - ау, біздің көзіміз өзіне де жеткен жоқ, сіздің көзіңіз оның көзіне қалай жетті?

Мәди. Қайтадан қайраттанып алды. (Шапқан аттың дүбірі жақындай түседі.)

Қанаш. О, ғажап! (Дауыстап.) Сәлем, Қареке.

Қарашұбар (шыға келіп). Бармысыңдар, бауырларым?

Мәди. Түрі түндей, жаны күндей, Қарекем - ау, қинадың ғой, мұнша зарықтырып қайда жүрсің? (Құшағын жайып.) Келші.

Қарашұбар. Не так, Мәдижан, не так, мен ол дүниеге барып қайттым, сен соған тәубе де. (Екеуі төс соғыстырады.)

Мәди. Ол дүниеге? Қалайша?

Қарашұбар. Келбет Текештің еліне кеткен екен, соны іздеп барған жерімде қолға түстім. Онан Текештің тергеуіне, онан қамшы мен тепкісіне түстім. Онан жаным қанша қиналса да, Мәдидің қайда екенін айта алмай, айдауына түстім.

Мәди. Мәдидің қайда екенін неге айта алмадың?

Қарашұбар. Жаным қиналған шақтарда айтқым - ақ келеді, бірақ неге екенін білмеймін, арым жібермейді. Сонан екі қолым артыма байланып қалаға айдалып, жолдағы елдің біріне түнеп жатқан жерімде, түн ортасы кезінде күн шықты. Күн дегенім Келбет екен. Бәрін айт та, бірін айт, сол Келбетжан болмаса мен мүрдемге мүлдем кеткен ем. (Қойын-қонышынан әлденені іздей бастайды.)

Мәди. Жоғыңды кейін табарсың, әкелген хабарыңды тезірек айтшы.

Қарашұбар. Хабарым онша жақсы емес.

Мәди. Жақсы хабарды өзім де күткен емеспін.

Қарашұбар. Келбетжанның айтысына қарағанда, Бошанның бес болысы, Қарашордың төрт болысы қолдарын қойып, мөрлерін басып оязға приговор түсіріпті. Тоғызының да тілегені - сенің дарға тартылуың. Оны оязға жеткізген Текеш мырза көрінеді.

Мәди. Тоғыз деймісің? Аңшылар атқан аңын «үйіріңмен үш тоғыз бол» деп босағаға соғушы еді ғой, біз де солай дейікші. Тағы қандай байлық әкелдің?

Қарашұбар. Атаманов дейтін аты шулы жендет біздерді іздеп шығыпты. Қасында Текештің інісі Текежан бар, бүгін Жыландыдағы елге қонатын көрінеді.

Мәди. Жалғыз ба екен?

Қарашұбар. Айтушылардың сөзі әр түрлі. Біреулер алтау дейді, енді біреулер жетеу дейді. Оларға өз жасағын қосу үшін Текеш мырза елдегі әйдік жігіттер мен сайгүліктерді жинап жатқан көрінеді.

Мәди. Ол сайгүліктердің нешеуін бізге сыйлайды екен?

Қарашұбар. Кімде-кім сені ұстап берсе, оған бес жүз сом сыйлық беретін болыпты.

Мәди. Бес жүз сом дегенің - он жылқы. Байлардың қызы - қырық жеті жылқы. Сонда менің құным - сол шөп желке қыздардың төрт борбайының біреуінің құнына жетпеген ә. Тым арзан екенмін - ау.

Қарашұбар. Жоқ, арзан емессің. Менің айтып отырғаным - бір болыстың ғана сыйы. Сенің басыңды бәйгеге тіккен болыстың саны тоғыз.

Қанаш (әзілмен). Сонда болады екенсіз - тоқсан жылқы.

Мәди. Сонда да арзан екенмін, сондықтан қолдарына түспей-ақ қояйын. (Қарашұбар іздеп отырған қағазын тауып Мәдиге береді.)

Қарашұбар. Міні, Келбетжанның хаты. Өзім құтылғаннан кейін соны құтқарамын деген үмітпен қалаға дейін бардым, құтқара алмадым. (Мәди хатты ашады, Келбеттің елесі көрінеді.)

Келбет. Мәди аға. Мен сіздің кепіліңіз болдым. Сіз үшін құрбан болсам да өкінбен, сондықтан мен үшін қапа болмаңыз. Тек қорқарым: соңғы кезде ұйықтамастан түс көретін әдет пайда болды. Түсімде ылғи сізді көремін. Көрген сайын балапан құстай талпынып қанат жая ұмтыламын, бірақ қанша ұмтылсам да сізге жете алмаймын. Кейде жеткендей болып шаттанамын, бірақ қанша шаттансам да күле алмай қиналамын. Сірә, күлкісіз өмірге сапар шегетін шығармын. Қош болыңыз. Соңғы айтар ақтық тілегім: мен үшін қолға түспеңіз. Бұл тілегімді ақыреттік достың тілегі деп біліңіз. (Келбеттің елесі өшеді, Мәди ауыр ойда тұрып қалады.)

Мәди. Кек... кек... Тірлікте салар ұранымның да аты - кек, өлерде айтар иманымның да аты - кек. Ұрпақтарыма қалдырар мұрамның да аты - кек, сендерге айтар аманатымның да аты - кек. Көкте де құдай, жерде де құдай, әр құдайдың қолында алуан түрлі бұғау бар. Сол бұғаулардың кешікпей мені де жалмайтын түрі бар. Мен сала алмай кеткен әндерді енді сендер салыңдар, мен ала алмай кеткен кекті енді сендер алыңдар. Сендерге сол аманат. Иманым, сенің семсер болып сермелер шағың жетті. Сен бүгін бізден бөлін де, ертең жаужүрек жігіттердің бесеуін алып, ай батысымен Текештің ауылынан табылатын бол.

Иман. Мәссаған!

Қанаш. Текештің ауылынан?

Жұман. Бұл қалай?

Мәди. Бұл солай, бауырлар. Атаманов бізді іздей - іздей елдің зықысын шығарады. Зықысы шыққан ел біздің тілеуімізді тілеуден қалады. Сондықтан, біздер Атамановтың өзінің зықысын шығарып, елден бездірмесек болмайды. Оның сәтті күні - ертеңгі түн. Онан кешіксек ел тыныштығынан кешігеміз де, ауыр өкініште қаламыз.

Қарашұбар (бір тізерлеп Мәдидің алдына отыра қалады). Мәдижан - ау өзімізді өзіміз олай оққа байламайық та.

Қанаш (Қарашұбардың қатарына барып бір тізерлеп отыра кетеді). Ойланыңыз, ағажан. (Жұман да бір тізерлейді.)

Мәди. Иман, сен не дейсің?

Иман. Мен де солай деймін.

Мәди. Сонда қалай? Әрі елдің зықысын шығартып, әрі біздер үшін торға түскен жазықсыз жас қызды құтқаруға да ұмтылмай, жан сауғалап қашамыз ба? Жоқ, бауырлар, сендер солай дегендеріңмен, менің арым олай демейді. Жауларым мен үшін кепілге Келбетті ұстаса, мен бір Келбет үшін олардың жеті жендетін бірдей, бастығы Текеш пен Атамановтың өзі етіп ұстаймын, Келбетті құтқарудың да, азаматтық борышты өтеудің де жолы осы ғана.

Қанаш. Мәди аға, жолыңызға жанымыз пида, бірақ бұл алған бетіңіз тым қатерлі.

Мәди. Қатерлі екені рас, обалдарыңа қалмай, не көрсем де өзім жалғыз көрейін. Сендерге мен риза, құдай риза, осы жерден тараңдар да, әрқайсың өз жөндеріңді табыңдар.

Қарашұбар. Не так, Мәдижан. (Атып тұрады.) Не так. Бұл біздер еститін сөз емес. (Басқалар да атып тұрады.)

Иман. Ондай сөзді айтпаңыз, Мәди аға.

Қанаш. Біздер сіз өлген жерде өлетіндерміз. Солай ғой, жігіттер, ә?

Бәрі. Солай,.. солай.

Қарашұбар. Мен қатыныма да солай деп кеткенмін.

Мәди. Онда былай: алдағы іңірде Текештің ауылына Атамановтың атынан жарлық жеткіземіз. Ол жарлық: Текештің өзіне қараған үйлерді өзге ауылдан аулаққа қондырады, иттерін жұртына байлатады, бейсауат адамдарды жүргізбейтін етеді. Бұл - бізге ашылар жолдың бір тарауы, екінші тарауы... (Қанаштың иығына қолын салып.) Сенің қара сойылыңды - қанжарға, өзіңді найзаға айналдыратын шақ жетті, Қанашым. Атаманов бүгін Жыландыдағы елге қонса, Текештің ауылына ертең кешке қарай жетеді. Қасына Жұманды ал да, онан сәл бұрын сен жет. Қорықпа, іңірлете күймелетіп мен де жетемін. Өзі қашқын Мәдиді күймемен жүр деп ешкім де ойламайды. Ай бата Имандар да жетеді. Іштерінде осылай сыздықтап екі - үштен жекелеп кірмесек сезіктендіреміз де, өзіміз мерт боламыз. Мен қолына екі түрлі қағаз жасап беремін, сен сол қағаздармен Текештің миын улай тұрасың. Кімге не дейтініңді, не істейтініңді кезінде айтамын. Сорокиннің шошқасын екі жыл баққанда үйренген бірдеңең бар шығар.

Қанаш. Көп болмаса да, Текештің тілмәші болуға жетерлігім бар.

Мәди. Өте жақсы.

Қанаш. Күймені қайдан табасыз?

Мәди. Мынау арадағы Спасскі заводында басқа губернияның адамы болса да, Текешпен қаны қас Шадияр дейтін атақты бай саудагер бар. Ол саудагер сондағы өкімет адамдарын ауызына қаратып алған айлакер. Ол Текеш пен Текежанға қарсы атамын десем зеңбіректен басқаның бәрін тауып бере алады. Сендерге киетін сыйлы киімді де сонан аламыз. Сәт сапар. (Кете береді.)

Қарашұбар. Я, Қазекемнің аруағы қолдай гөр. (Кете береді. Сахна қараңғыланады.)

Алтыншы сурет

Сахна екінші суреттегіден сәл өзгерген. Жаңа қонып болған ауылдың әр түрлі белгісі байқалады. Аулақта кілемнің үстінде қарнын сабалап Текеш жатыр.

Текеш (жалғыз). Тәубе де, Текеш, тәубе де. Ойдағы тасың өрге қарай һаманда осылай домалай берсін, домалай берсін. (Алыстан әлдекімді көргендей.) Апыр - ay, аттары да, өздері де әйдік, бұлар кім болды екен? (Қанаш пен Жұман сәлем бере келеді. Екеуі де сәнді киінген.)

Қанаш. Ассалаумағалейкүм.

Текеш. Уағалайкүмассалам! Е, мырзалар, танымадық, жол сұрамақ бізден болсын.

Қанаш. Құдай жолын сілтемек сізден болсын. Біздер сонау қара өткелге қарайтын Атбасардың азаматтарымыз.

Текеш. Алыс елдің мырзасы екендеріңді ат сабылтқан жүрістеріңнен көріп отырмын. Жолдарың болсын. Іздегендерің құдайдың қандай жолы?

Қанаш. Іздегеніміз - кектің жолы.

Текеш. Астапыралла, бұл мен естімеген сөз... Құдайдан көмек сұрайтындай кегің кімде кеткен еді?

Қанаш. Қаракесектің бір қарақшысы жан көрмеген қорлықты көрсетіп, төсегімді ойрандап, намысымды таптап кетті. Соның үстінен арыз еткелі осы дуанның оязына кетіп барамын.

Текеш. Арызыңның жөнін кейін айтарсың, «төсегімді ойрандап кетті» деген сөзіңнің мәнісін түсіндірші?

Қанаш. Жеті болыс елден таңдап, жеті үйір қысырақты бір күнде матап беріп алған зайыбымды ұрлап әкетті.

Текеш. Ойпыр - ау, мынау Мәдидің қимылы ғой. О, жасаған, о заман да бұ заман, қатын ұрлағанды бізден басқа кім көрген. Қатыныңды қатын, өзіңді жазым еткен ол жауыңның кім екенін білесің бе, мырза. Білмесең мен айтайын, ол - атақты Алшынбай бидің немересі Мәди. Мұндай қимыл басқаның қолынан келмейді.

Қанаш. Апыр-ай, тақсыр - ай, нағыз әулиенің өзі екенсіз ғой. Өзімнің де нысанаға алып көздегенім сол Мәди. Болысымыз қолын қойып, мөрін басып тұрып жазған қағазы мінеки. Мынау осы дуанның оязына, мынау сол қарақшының болыс ағасы Қақабай мырзаға жазылған. Құдайдан жасырмаған сырымды сізден несіне жасырайын, екеуін де оқыңыз. (Екі парақ қағаз ұсынады.)

Текеш. Мына біреуі орысша екен, оязға болар. (Екі қағаздың бірін қайыра беріп, бірін ішінен оқып шығады.) Мырза, сен бір, құдайдың сүйген құлы екенсің. Көмекті менен сұрамастан алатын болдың, қуана бер.

Қанаш. Аузыңызға май.

Текеш. Сол Мәдиді ұстау үшін Атаманов мырзаның өзі бүгін осы ауылға келеді.

Қанаш. А, құдай, ақсарбас, анық бүгін келе ме?

Текеш. Өткен түні қазақ тілін шала білетін бір орыс солай деп жар салып кетті.

Қанаш. Не деп?

Текеш. «Бізге арналған үй елден аулаққа, көк шалғынның үстіне тігілсін. Ит үріп, мысық мияулап мазаны алмайтын болсын, бейсауат бірде бір адам жүрмесін!» - депті.

Қанаш. Бәсе, иттеріңіз көрінбейді.

Текеш. Бәрі де қойшымыздың үйінде қамаулы.

Қанаш. Ол Атамановыңыз жалғыз ба?

Текеш. Жоқ, қасында бір өзі елу қазақты қырып салатын төрт солдаты бар.

Қанаш. Олардың Мәдиді өз елінен іздемей, қиыр шеттегі бұл елден іздеуі қалай?

Текеш. Осы маңда баяғы қалмақтардың қамалы болған бір тау бар. Мәдиді сол таудың ішінде қыз-қырқындардың қызығына батып жүр деген сыбыс бар.

Қанаш. Менің сұлуым да солардың ішінде сорлап жүр-ау, ә?

Текеш. Сұлу болса сорлай қоймас. Ал мен сенің текті атаның баласы екеніңді кескін -кейпіңнен көріп отырмын, аты-жөнің кім?

Қанаш. Өз атым Сақатай, әкем аты Мақатай.

Шарапат (сөйлей кіреді). Тақсырым - ау, ескі сырласыңыздай ішек - қарныңызды кімге ақтарып жатырсыз? Тіпті, намазыңызды да ұмытып кеттіңіз ғой.

Текеш. Мәдидің жауы екенін білсем, басқасын білу маған қажет емес. Кімде-кім оның жауы болса, менің жан бауырым. (Кете бере Шарапаттың құлағына күбірлейді.) Бұл мырзаға бір бағланды арнағайсың. (Кетеді.)

Қанаш. Армысыз, жеңеше.

Шарапат. Мүмкін апайыңыз болармын, «жеңеше» деп салғаннан айдар таққаныңыз қалай?

Қанаш. Апайым болсаңыз да жеңеше дегім келеді?

Шарапат. Неге?

Қанаш. Мен жеңгелерімді жанымдай көруші едім, сіз соларға қатты ұқсайсыз.

Шарапат. Апыр-ай, ә, жеңгелеріңіздің маған ұқсайтын нендей кереметтері бар еді? (Дауыстап). Әй, қонақтарға қымыз әкеліңдер.

Қанаш. Олардың көздері шайтанды да арбай алатын сіздің көзіңізден айнымайды. (Қымыз келтіріледі.)

Шарапат. Ондай сиқырым болса жыланның арбауына ілінген торғайдай алдыма келіп топ етерсіз, сақтаныңыз.

Қанаш. Арбаушы жыланым сіз болсаңыз, арбалған торғайыңыз болудан қаша қоймаспын.

Шарапат. Жыланым мойныңызға оралған шақта жаныңыз шығып кетпесін.

Қанаш. Менен бұрын неше жігіттің жанын шығарған едіңіз?

Шарапат (сәл ойланады). Әзіліміз жараспаса да, біраз жарысты, осымен доғарғанымыз жөн болар. Қымыз алыңыздар.

Қанаш. Жарысқан әзілдің жараспайтыны болмайды.

Шарапат. Әзіліңіз удай екен, жараса қоймас.

Қанаш. Қорықпаңыз, менің уым өзгенің балындай. (Алыстан қоңырау даусы естіледі.)

Шарапат. Біздің төре жігіт... ауылына өте шықпады... Қонақтар да жақындаған болды. Әй, ыдыстарды әкетіңдер. (Бір әйел келіп ыдыстарды әкетеді. Екінші жақтан қоржын көтерген бір жігіт бар, өзі масаңдау Текежан келеді.)

Текежан. Амансыңдар, мырзалар, мырзашалар. Бейтаныс, мырзалар, сіздерге де сәлем.

Қанаш. Сәлемет болыңыз.

Шарапат. Төрежан - ау, әлгі әтірәтің қайда?

Текежан. Сонау көрінген солардың шаңы. Сізден тілегім, жеңешетай, Атаманов мырзаның өзі қатынжанды неме секілді, тамағыңызбен сыйлап, қабағыңызбен сиқырлай біліңіз. Мына мырзалар кім?

Шарапат. Ағаңның алыстағы бір тамыры секілді, жалғыз өзіне бағлан арна деуіне қарағанда, тым қадірлі біреу. Әрі Мәдидің қас жауы дейді ағаң.

Текежан. Мырза, Мәдиден сіз қандай зәбір көрген едіңіз?

Қанаш. Оны айтудың өзі азап, мына бір хатты оқысаңыз онан көрген зәбірімнің қандай ауыр екенін өзіңіз де білесіз. (Жаңағы қағазды береді.)

Текежан (қағазды оқып шығады). Қамықпаңыз, мырза, келіншегіңіз кетсе де, кегіңіз кетпейді. Жердің тесігіне кіріп кетсе де, ол қарақшыны табамыз, табамыз да басын шабамыз. Сіз оның басын қанжығаңызға байлайсыз да қайтасыз. Ал, жеңеше, мынау ала қоржын сізге. Өзіңізге әкелген базарлығым да, қонағыңызға әкелген арағым да осының ішінде, қабыл алыңыз. (Атшысына иек қағады.) Үйге кіргіз.

Шарапат. Мен мұндай сыйлықты сенен бұрын көрген емес едім. Келбеттің қайда екенін айтсаң қайтеді?

Текежан (үй жаққа дауыстап). Әй, андағы шынылардың бірін ашып жіберіңдерші, қазір, жеңешетай, қазір, мен шөлдеп кеттім. (Жүгіріп үйге кіріп кетеді.)

Қанаш (Жұманға). Сен аттардың қамын ойла. (Жұман кетеді, кеткен жағынан қинала тыржиып Текежан келе жатады.)

Текежан. Келбет қайда дейсің бе, жеңеше? Келбет, Келбетіңіз, сірә, келмеске кететін болар.

Шарапат (шошына). Неге? Не үшін?

Текежан. Неге дейсің бе? Біріншіден, мені қойнына алмағаны үшін, екіншіден, үкіметтің қас жауы Мәдиді жасырғаны үшін. Үшіншіден, жолшыбай қызыл бөрікті алдап Қарашұбарды құтқарып жібергені үшін.

Шарапат. Құдайым - ау, не сұмдықты айтып тұрсың?

Текежан. Айтып тұрғаным өтірік болса, оның несі сұмдық?

Шарапат. Өтірік пе?

Текежан. Әрине. Шын болса саған осылай естіртер ме едім?

Шарапат. Өтірік болмаса, Келбеттің қазір қайда екенін айтшы.

Текежан. Генерал губернатордың Петербургте оқитын суретші қызы «Шайтан көлдің» суретін салу үшін Қарқаралыға келген екен, Келбет сол қызбен бірге серуенде. (Текеш келе жатады. Текежан тізерлеп отыра қалады.) Ассалаумағалейкум, алдияр!

Текеш (ызбарлы). Алдым сәлеміңді, көрдім сиқыңды, батыр қараңды. (Үй айналып кетеді.)

Текежан. Оған менің арақ ішкенімді айтқан қайсың?

Шарапат. Өзіңнің осы отырысын айтып берген жоқ па?

Текежан. Солай ма? (Қоңырау даусын ести сала атып тұрады.) Бірде - бірің дымдарыңды шығарсаңдар менен жақсылық күтпеңдер. (Жүгіріп кетеді.)

Қанаш. Жеңеше, орыстардың қонақты қарсы алу кәдесін білуші ме едіңіз?

Шарапат. Жо - ға.

Қанаш. Білмесеңіз: бір шай кесе арақ, бір шай кесе арақ қосылған қымыз, екі бауырсақ әзірлеңіз.

Шарапат. Сонан кейін?

Қанаш. Соның бәрін падносқа, болмаса бір табаққа саласыз да, қонақтардың алдынан алып шығасыз.

Шарапат. Бір шай кесе арақ... бір шар кесе... (Кетеді. Текеш келе жатады.)

Текеш. Сақатай мырза, Атаманов мырзаның бұл маңайда бейсауат адам жүрмесін деген жарлығы бар еді, сонан қорыққанымнан мен сені туған жиенім дегім келіп тұр.

Қанаш. Мейліңіз. Атаманов мырзаны танушы ма едіңіз?

Текеш. Е - е, бауырым-ай, Мәдидің кесірінен біздердің қай ұлықтың жемі болмады дейсің жем жүрген жерде таныстықтың бәрі де жүреді ғой. (Қанаш айтқан әр түрлі дәмді көтеріп Шарапат келеді.)

Атаманов көрінеді, оның алдында құрдай жорғалап Текежан келе жатыр.

Атаманов (сахнаға шыға бере келген жағына қарап). Менің сайыпқырандарым, бұйрығымды тыңдаңдар! Мылтықтарың оқтаулы, қылыштарың қайраулы болсын! Өздерің сол көк шалғынның үстінде жайғасыңдар.

Текежан. Анау менікі үлкен брат, мен оныкі кіші брат. Қасындағысы оныкі үлкен жена, менікі үлкен жеңге, аты Шарапат. Оның ар жағындағы оқшау тұрған онікі кіші тоқал, менікі кіші жеңге. Ал, мына мырза...

Текеш. Хош келдіңіз, зор мәртебелі тамырым. (Екі қолын қабат ұсына жақындайды.)

Атаманов. Сәлем, Текеш Шомбалович.

Қанаш. Келгендеріңізге өте қуаныштымыз, штабе капитан мырза.

Атаманов. Бір сөзіңіздің өзінен жақсы қазақ екеніңізді көрдім, сіз кімсіз?

Текеш. Бұл кісі мой... моя менікі жиен. Маған айтарыңызды осы кісіге айта беріңіз. Мұның айтқаны - менің айтқаным. Аты - Сақатай.

Қанаш. Бұл кісі мені өзінін туған жиені екенін айтып тұр. Әкем аты Мақатай.

Атаманов. Өте жақсы Сақатай Мақатаевич. Сіздей мәдениетті қазақпен сөйлесуге мен өте құштармын. Атаманов.

Қанаш. Зор мәртебелі штабе капитан мырза, екі халықтың асыл дәмін қабат ұсынып алдыңызда тұрған сұлу келіншек бәріміздің сүйіктіміз Шарапат ханым.

Атаманов (Шарапатқа сұқтана қарап). Асыңыздан бұрын өзіңізді жұтып жіберсем қайтеді?

Қанаш. Асықпаңыз, бәрін де жұтасыз.

Атаманов. Алдын ала рахмет. (Арақты жұтып жіберіп.) О, көптен бері ішкен жоқ едім, сағынып қалған екенмін, қарабақайыма дейін кетті-ау деймін. (Тоқаштың бірін асап жіберіп бар кеседегі қымызды басына бір-ақ көтереді.) О, сіздердің көңілдеріңіз үшін түгел ішемін деп тұншыға жаздадым. Енді өз дәміңізді татайыншы (Шарапаттың қолынан сүйеді.)

Шарапат (Текешке). Тақсырым - ау, тамырыңыздың тарпа бас салғаны қалай?

Текеш. Шұрқ етпе, өздерінің салты солай.

Атаманов. Сұлу әйелдердің қырғиы Мәдидің көзіне сіз қалай түспей жүрсіз? Түссеңіз ол қалайша сізді тауға әкетпей жүр?

Қанаш. Елі басқа болған соң көрмей жүрген болар, көре қалса бар намазын осы кісінің төсегінде оқыр еді.

Текеш. Мейманымызды үйге бастаңыз. (Текежанға.) Сен ана кіші қонақтардың қасында бол. Бәйбіше, қонақтардың үйдегісіне де, түздегісіне де дастарқан әзірлет. (Шарапат тез кетеді. Сахна айналып үйдің іші көрінеді. Шарапат дастарқан жасап жүр. Атаманов пен Қанаш келеді.)

Шарапат. Хош келдіңіздер, қадірлі мырзалар, төрлетіңіздер. (Кетеді.)

Атаманов (сыбырлай сөйлейді). Сақатай Мақатаевич, мынау ханум мені әлден есеңгіретті. Бір амалын таппасаңыз, менің осы түннен қалмай жынданатын түрім бар.

Қанаш. Ол оңай, тек сіз бір-екі сөзді жаттап алыңыз.

Атаманов. Ол не сөз?

Қанаш. Байына да, өзіне де не істеймін десеңіз де көндіретін сөз. Айтылар шақта мен қабақ қағамын, сол кезде сіз түсіңізді суытып алыңыз да «Ноян қайда?» деп ақырыңыз. Мен Ноянның кім екенін сұраймын, сіз менің құлағыма ұзақ сыбырлаған болыңыз. Ара-арасында көзіңізді ежірейтіп қойыңыз. Онан арғысын өзім білемін.

Атаманов. Қайталаңызшы, мен жазып алып жаттайын. (Қалтасынан қағаз - қарындаш алып жаза бастайды).

Қанаш. Ноян қайда?

Атаманов (жаза бастайды). Ноян қайда? Ол қайдағы адам?

Қанаш. Ол дүниеде.

Атаманов. Ол дүниедегі адам бұл дүниедегі біздерге не үшін керек?

Қанаш. Сіздің жынданып кетпеуіңіз үшін.

Текежан (теңселе басып келеді). Рұқсат етіңіздер.

Қанаш. Рұқсатты сұрамай-ақ алып тұрған жоқсыз ба?

Текежан. Мен рұқсатты өз ағамның үйіне кіру үшін сұрап тұрғаным жоқ, қатындарым мені іздеп жындана бастапты, солардың жынын басып келу үшін ертеңге дейін мұрсат сұрай келдім. Мәртебелі тақсырға солай деңіз.

Қанаш. Ондай рұқсатты мен де бере аламын. Менің қонағымның ауызы араққа әлі тиген жоқ, сіздің қонағыңыздың жайы қалай?

Текежан. Олар мың жарым жылқысы бар менен бай, хәлінің қандай екенін сонан байқай беріңіз.

Қанаш. Онда кете беріңіз.

Текежан. Көп жасаңыз. (Кетеді.)

Атаманов (өзінен өзі қиялданып сөйлеп жатыр). Ex, Мәди, Мәди... сен қарақшыны іздемесем ғой Натальяны серуендетіп, «Шайтан көлдің» басына күн сайын мен ертіп барамын да, жұпар иісіне күнде қарқ боламын.

Қанаш. Сонда ол бикеш көл басына күнде бара ма?

Атаманов. Күн ашық болса, ол қыздың көлге баратын жолы да ашық. (Текеш пен Шарапат келеді.)

Шарапат. Құдай айдап келген қонағымыз шөлдеп қалды-ау.

Текеш. Ана шайтан суын менің көзіме көрсетпен, стол астына жібер.

Қанаш. Шайтан суын маған беріңіз. Құдай айдамастан келген қонағымыздың құрметі үшін ішпесек бәлесіне қалармыз.

Текеш. Біз үшін де өзің, қарағым, өзің. Біз қымыз ішейік.

Қанаш. Зор мәртебелі штабе капитан мырза, мына тосты...

Атаманов. Тоқтаңыз, осында менен де мәртебелі адам отыр. Мен бұл тосты дүниедегі сирек келетін сұлулардың сұлуы Шарапат ханум үшін көтерулеріңізді сұраймын. (Ішіп салып, жемді көмейлей отырып сөйлейді, сөзі ұғылмайды.)

Текеш. Сақатайжан, мына тақсыр бізді бірдеңе деп отырған жоқ па?

Қанаш. «Іздеген жауымыз бір болғанда, ішетін асымыз неге бір болмайды? Біз ішкен арақты үй иелері неге ішпейді? Әлде арағына қосылған уы бар ма» дейді.

Текеш. Бауырым - ау, біз мұсылманбыз ғой, мұсылмандар арақ ішпейді ғой.

Қанаш. Сонда қалай, сіз мұсылман қызынан туып, ініңіз Текежан кәпір қызынан туған ба еді?

Текеш. Астағыпыралла, олай демеші, жарқыным.

Қанаш. Олай демесін десеңіз қонақтың ашуын келтірмей, қымыз қосыңыз да, ішіп жіберіңіз, сонда қонақ та риза, құдай да риза.

Атаманов. Ей, мырзалар, арақ суып кетті ғой.

Қанаш. Қазір, тақсыр, қазір ішеді. Мұндай мәртебелі қонақтар үшін сыйлықтың ең үлкені - тост көтеру.

Текеш. Тост деген не?

Қанаш. Дені сау болсын, іздегені жау болсын, көтергені тау болсын деп тілейсіз де, алла деп арақты қағып саласыз. Тост деген сол. Жеңеше, сіз де ырым етіңіз.

Шарапат. Ойбай, жаным, мені қинама.

Қанаш. Мен қинамасам қонағыңыздың зорлайтын түрі бар.

Текеш (ішіп салып ішін сипалап). Ойбай, ішім, жанып барам, күйіп барам. Құдайым - ай, тозағы да тірідей салдың - ау.

Атаманов (көзін ежірейтіп). Ноян қайда? Ноян?

Текеш пен Шарапат қимылсыз қатып қалады.

Қанаш. Нояныңыз кім? (Атаманов оның құлағына сыбырлай бастайды.) Сіздердің Ноян дейтін зергер көршілеріңіз болды ма?

Текеш. Иә, болған, қысты күні біздің кілетімізге түскен ұрылардың қолынан қаза болған.

Қанаш. Губернаторға түскен мәліметке қарағанда, оның өлімі ұрының қолынан емес секілді. Қандай соққыдан өлгенін анықтау үшін ертең соның көрі ақтарылып, сүйегі осы үйге әкелінетін көрінеді.

Текеш. Сұмдық - ай, не дейді? О заман да бұл заман көр ақтарған сұмдықты кім көрген?

Қанаш. Біздер көрмеген сұмдық жер бетінде қалмас.

Текеш. Жоқ, оны көре алмаспыз. Мұсылманның көрін көре тұра ақтартып, құдай алдында қарабет бола алмаспыз.

Қанаш. Орыстар айтпайды, айтқанынан қайтпайды, ерегістірмеңіз.

Текеш. Тос, мырзалар, тос. (Шарапатты нұқып қалады.) Тос...

Шарапат. Тос.. тос... мырзалар...

Қанаш. Тос болса тос болсын, бәрі де қош болсын, аллауакпар. (Бәрі де ішеді. Алыстан естілген қоңырау үні жақындап келіп тоқтайды.)

Текеш. Ғажап - ау, түн ішінде қоңыраулатып келген бұл кім болды екен? Үлкен ұлықтардың бірі ме? Солай болар, бәйбіше, сен білші.

Шарапат тез кетеді, қолында бес атары бар бір орыс солдаты кіріп келеді.

Солдат. Зор мәртебелі генерал губернатордың жаңа адьютанты, орыс армиясының капитаны Атымтаев Дауылбай мырзаның келгенін хабарлауға рұқсат етіңіздер. (Айта сала қайта кетеді.)

Текеш. Бәсе... бәсе..

Атаманов. Капитан? Адютант? (Ол сасқалақтап мундирін кигеніне, Текеш сиыршылап түрегелгенше, капитан формасында киінген, түрлі қарулар асынған, көзінде көк көзілдірігі бар Мәди кіріп келеді.)

Мәди. Кеш жарық, мырзалар... О, менің ұлы мәртебелі тақсырым... (Төрдегі кереге басында ілулі тұрған Николай патшаның суретіне жетіп барады.) Айдай жарқырап алдымнан ақ патшаның өзі шықты, жолым болады екен. Сізге айтар өте қайғылы хабарым бар, ұлы мәртебелі патшам. Алдымен мына мырзалармен танысып алайын. (Атамановқа.) Қателеспесем, мен бір тәулікте жеткен жерге жеті күн жүріп зорға жеткен штабе капитан Атаманов мырза сіз боларсыз?

Атаманов. Так точно, зор мәртебелі капитан мырза.

Мәди. Мына қарқыныңызбен ол қарақшыны көріңізге түскеннен кейін табасыз, оны да «так точно» дейсіз бе?

Атаманов. Так точно...

Мәди. Ақымақ. (Қанашқа.) Сіз кімсіз?

Қанаш. Мен алыстан келе жатқан бір жолаушы едім.

Мәди. Жолаушы болсаңыз, ай батпай жөніңізді табыңыз. (Қанаш кетеді.) «Танысаң Шорман, танымасаң құдайдан соңғы зормын» дейтін Қарашордың шонжары Текеш мырза сіз боларсыз. Отырыңыздар. Отырыңыз, штабе капитан мырза. (Атамановты иығынан қатты қағып қалып сылқ еткізеді.) Кешіріңіз, қауқарыңыздың ішек - қарыныңызда екенін білмедім.

Атаманов (иығын сипалап). Оқасы жоқ, оқасы жоқ.

Мәди. Мен сіздерге өзімнің ең табынар тәңірім, ең ұлы мәртебелі әміршімнің әмірімен бірге бір қайғылы хабар айтқалы тұрмын. Оны естіген шақта Атаманов мырза сіздің өзіңізді өзіңіз жазым етуіңіз мүмкін. Сол себепті қаруыңызды уақытша маған бере тұрыңыз.

Атаманов. Мемлекет қаруын басқаға беру ауыр қылмыс екенін өзіңіз жақсы білесіз ғой.

Мәди. Сіздің жеті күнгі саяхатыңыз ұлы Мәдидің қолға түспей кетуіне жол ашып берді. Сол қылмысыңызды, һәм дәрежеңіздің менің дәрежемнен төмен екенін ескеріңіз де, әмірімді тез орындаңыз. (Атаманов қипақтай отырып қаруын береді.)

Текеш. Құрметті тақсыр, құдіретті тақсыр, мәртебелі тақсыр, қанымыз бір қазақбайдың баласымыз ғой, дәмге отырыңыз.

Мәди. Жолдан келген бетте жарты сағат осылай жүріп алмасам дәм іше алмаймын.

Текеш. Хабар салмастан сап еткен соң аздап абыржып қалған жайымыз бар, жөніңізді сұрауға да мұршамыз...

Мәди. Мен өзімнің ұлы әміршімнің әмірі бойынша баюдың жолын іздеп шыққан адаммын.

Текеш. Дегеніңізге жетіңіз.

Мәди. Сіз тілемесеңіз де жетемін. Өткен жылғы санақтың есебіне қарағанда, сіздің екі мың жылқыңыз, ініңіз Текежанның бір жарым мың жылқысы бар. Мыңдаған қой мен ешкі, жүздеген сиыр мен түйелеріңіз және бар. Екеуіңізде бес әйел екі бала бар, барлығы тоғыз жансыздар. Сол тоғыздың ішінде ас ішіп, аяқ босатудан басқаны білетін біреуіңіз жоқсыздар. Сонда осынша мол байлық сіздерге қайдан, қалай келді? Баюды көксеген менің қу нәпсім сізден соны біліп алғысы келеді.

Текеш. Бауырым - ау, ол құдайдың бергені емес пе.

Мәди. Мен екі дүниенің ғылымынан хабардар сауатты қазақпын. Құдайдың несі бар, несі жоғын жақсы білемін. Сол сияқты, әр байдың жүрегінде әлсіздердің қанын сорып алып, малға айналдыратын сиқырлы жыланы барын да білемін. Менің іздегенім - сондай сиқырлы жылан. Сізден тілей келгенім сол жыланыңыздың бір күшігі ғана.

Текеш. Құдайым-ау, сіз не айтып кеттіңіз? Алла атымен ант етейін, мен ондай жыланды білмеймін.

Мәди. Білесіз, тек жаныңыз сол жыланыңыздың тіліне байлаулы болғандықтан, күшігін қимай отырсыз. Егер жыланыңызды қимасаңыз, бір құпия сырыңызды айтыңыз.

Текеш. Айтайын, тақсыр, нендей сыр болса да айтуға алла атымен ант етейін, тек...

Атаманов. Капитан мырза, менің дәретке барғым келеді, рұқсат етіңізші.

Мәди. Шалбарыңызға отыра беріңіз, сондай бір жаза тартсаңыз қазақтың тегін тамағын іше бермейтін боласыз. (Текешке.) Өзіңіздің қалтаңызды қағуға шебер досыңыз уезд начальнигі Залин мырзаның айтуына қарағанда, Мәдиді дарға тартылуын талап еткен тоғыз болыстың приговорын апарған сіз көрінесіз.

Текеш. Иә, мен.

Мәди. Мұнша өшігуіңізге қарағанда, ол сіздің жылқыңызды көбірек жаулап, әйелдеріңізді көбірек баураған секілді. Мен соны, әсіресе, оның қай әйеліңізді көбірек баурағанын білгім келеді.

Текеш. Бекер, бәрі бекер. Ол менің жылқымның да, әйелдерімнің де маңына жуыған емес. Тіпті көрген де емес.

Мәди. Сіз жалған намыстың құлы болып отырған жоқсыз ба? Сондай бір қиянаты болмаса, сіздің мұнша өшігуіңіз мүмкін емес қой.

Текеш. Мен өшіксем оның мазағына түсіп масқара болған басқа байлардың керін кимеу үшін өшіктім.

Мәди. Әрине, масқара болғандардың керін кигеннен өлінің кебінін кигеніңіз жақсы. Бірақ сіз кебіннен басқаның бәрін киіп болған өлексесіз ғой.

Текеш. Өлексе? Ей, шырағым, менімен жандаралдар да бұлай сөйлеспейтін. Сіз өзіңіз кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды білесіз бе?

Мәди. Мен жандаралдың жандаралы, сіздейлердің әзірейілімін. (Көзілдірігін қалтасына салады да, өз алты атарын қолына алады.) Енді таныған боларсыз? (Текеш үрейленіп шалқасынан түседі.)

Атаманов (атып тұрып). Бұл не?

Мәди (желкесінен салып қалып сылқ еткізеді). Сіз де танып алыңыз, іздеген Мәдиіңіз менмін. Шу шығарсаңыз басып қаламын. Текеш мырза, мені танып болсаңыз, аяғымның астында жатыңыз да бір сауалға жауап беріңіз: жаныммен бірге қаралған арым кеудемде тұрғанда, жүрегімнің отымен қайнасқан күш-қуатым білегімде тұрғанда, мен жауласпайтын қандай қасиеттеріңіз бар? Айтар жауабыңыз жоқ, өйткені мендейлер жауласпайтын бірде-бір қылықтарыңыз жоқ. Соның бір айғағы етіп мен сізді қазір ат құйрығына байлап әкетемін. Иманыңызды айта беріңіз. Ал сіз, Атаманов мырза...

Текеш (ата жөнеледі). Ай, анда кім бар? (Қарсы алдынан мылтық кезеніп Иман кіріп келеді.)

Иман. Мұнда әкесінің кегін қуған мен бармын, Текеш мырза.

Қарашұбар (ілесе кіріп келіп). Не так, балақай, тірілердің де кегін қуғандар бар де. (Қамшысын білей Текешке жақындайды.) «Қойға шапқан батырың батырды көрсе қой болар» деген осы екен-ау. Өзің қараңғыға түскен қояндай әдемі қалтырайды екенсің, қаттырақ қалтырашы. Мен саған қаттырақ дедім ғой. (Қамшымен тартып жіберіп Текешті етпетінен түсіреді.) Қалай, қамшының дәмі тәтті ме екен? (Қанаш пен Жұман келеді.)

Қанаш. Мәди аға, ай батты, жау жатты.

Мәди (Текешті иегімен нұсқап.) Әкетіңдер. Қареке, Шарапат ханымға ескерткейсің. Мен қалаға баратын жолдың тоғыз жерінен тосқауыл қоямын. Егер үш күнге дейін қалаға қарай бір шапқыншы жібере қалса...

Қарашұбар. Маған, Мәдижан, маған. Онан арғысын айтуды маған қалдыр. Ол сайқалға айтылар сөзді дәмін келтіре тығыздап, айызын қандыра мен айтып берейін. Қане, менің қырандарым, айдаңдар. (Иман, Жұман үшеуі Текешті айдап кетеді.)

Мәди. Атаманов мырза, сізбен сөзім қысқа. Қағаз, қарындашыңызды алыңыз да, губернатордың атына хат жазыңыз.

Атаманов. Хатыңыз не?

Мәди. Жеті күннен бері мені қалай іздегеніңізді жазыңыз.

Атаманов. Алдымен қаруымды қайтарыңыз.

Мәди. Жаныңызды олжа көріңіз.

Атаманов. Онда мен ешқандай хат жазбаймын.

Мәди. Мен жаздырамын, сіз жазасыз.

Атаманов. Мен өлсем де жазбаймын.

Мәди. Өлгеннен кейін жазсаңыз оған да келісемін. Екі минут мұрсат беремін, онан кешіксеңіз, жарты минутқа жеткізбестен жаныңызды сығып аламын. (Сағатына қарап.) Ал, өмір мен өлімнің сіз үшін жарысқа түскен минуты басталды.

Атаманов (үрейленіп). Тоқтаңызшы.

Мәди. Жазыңыз!

Атаманов. Келісейікші.

Мәди. Ендігі келісім Келбетті құтқарғаннан кейін жазыңыз!

Атаманов. Бір ғана сұрауға жауап беріңізші.

Мәди. Жазыңыз! (Қанаш қамшысын білеп жақындайды.)

Атаманов (сескеніп). Нені жазайын?

Қанаш. Ең алдымен Текеш мырзаның мені туған жиенім деп өзіңізді алдағанын жазыңыз. Сонан кейін солдаттарыңызды арағымен улап тастап, бар қаруын сыпырып бізге бергенін жазыңыз.

Атаманов. Солдаттар? Олар қайда?

Қанаш. Қаруы бізде, өздері аман-есен байлауда.

Мәди. Оны да жазғайсыз. Ең ақырында менің өзіңізге ешқандай зәбір көрсетпегенімді жазыңыз... қолыңызды қойыңыз... (Оның жазған қағазын қолына алып.) Енді алдыма түсіңіз.

Атаманов (жындана айқайлап атып тұрды.) Қайда? (Тізерлеп қайта отыра кетеді.) Қайда?

Мәди. Текеш екеулеріңіз Келбеттің төлеуіне берілесіздер не ол дүниеге жөнелесіздер. Жүріңіз, (Айдап кете береді.)

Шымылдық.

Алтыншы сурет

Түн.

Қара бұлты қаптап, нажағайы жарқылдаған аспаннан от нөсерлеп тұрғандай сезіледі. Сол от нөсерінің арасынан бір тастан бір тасқа секіріп әндетіп жүрген Келбет көрінеді. Киімдері өрім-өрім, шашы жалбырап бетін жауып кеткен, ыңырсып әндетіп жүр, әні Татьянаның әні.

Келбет:

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Тірі қалдым өлмей әрең

Қатты батты тырнағың

(Ойланып қалып.) Тоқта «тірі қалдым» деуім қалай? Тірі қалсам ұжмаққа қалай келдім? Ұжмақта болсам Пушкиннің бұл өлеңі, Абайдың бұл әні, Татьянаның бұл зары менің есіме қайдан түсті? Әлде олар осы ұжмақтың ішінде ме? Онда бұл әнді маған үйреткен Мәди қайда? Ол бар болса мені табар еді ғой. Жоқ қой. Ұжмақ, ұжмақ... сен жақсы екенсің, бірақ Мәдисіз қызығың жоқ екен. (Әлгі әнді әндетеді.)

Тәңірі қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең.

Ол кезімде бала едім мен

Аямасқа бекіп ең.

(ыңырсып әндеткен күйі кетеді.) Жарық беріледі.

Задникте жан-жағы жақпар тас, зәулім қарағайлармен көмкерілген. Шайтан көлдің суреті. Сахна жиһаздары - қойтастарды, қалың қарағайларды бейнелейді. Наталья мен Лакшнн келе жатыр.

Наталья. Жоқ, поручик мырза, дауласпаңыз, халқы сүйген ондай адаммен жендеттер ғана жауласады.

Лакшин. Оны халқы сүйетінін сіз қайдан біле қалдыңыз?

Наталья. Оны кепілге сұрап менің әкемнің атына жазған бір мың екі жүз қазақтың арызын оқыдым. Сізше бұл білгендік емес пе? Өкімет тарапынан айыпталып айдауда жүрген бір ақын үшін осынша адамның ара түсуі нені көрсетеді?

Лакшин. Мүмкін, бұл сұрауыңызды өзіңіздің мәртебелі әкеңізге де берерсіз.

Наталья. Кездесуге күнім, тілдесуге үнім жете қалса, патша ағзамның өзіне де берер едім.

Лакшин. Сіз табиғатты тамашалауға жаралған жансыз ғой саясатты қайтесіз?

Наталья. Әуеніңіз неге өзгере қалды?

Лакшин. Егер мен сіздей суретші болсам мынандай басын күн шалған қарағайлы шыңдардың қол түбінен көрінетін суретін салар едім. Қараңызшы, қандай тамаша.

Наталья. Шайтан көлдің осы сұлу көркі ғой мені күн шықпастан басына алып келген. Бұл тауды көрген жаһанкездердің ішінде Швейцария деп атамаған біреуі жоқ, тіпті солардың жазғандарынан оқып алып менің әкем де солай дейді. Қараңызшы, қандай тамаша: соқырға көз, мылқауға тіл бітіргендей.

Лакшин. Сіздей суретші болар ма екенмін, мен де тырбанып көрейінші. (Қалтасынан қағаз, қарындаш алып, Наталья салған суретті салмақ болып әуреленеді.)

Наталья. Поручик мырза, ескі әніңізге бүгін не оймен бастыңыз?

Лакшин. Түсінбедім.

Наталья. Ондай адамды қарақшы деудің өзі ұят екенін, өзімнің ондай ұят әңгімені тыңдағым келмейтінін кеше ескерткен едім ғой.

Лакшин. Сонда біздер оны не деп атаймыз?

Наталья. Өз атымен атаңыздар, әйтпесе қазақтың Дубровскийі деңіздер.

Лакшин (шамданып). Дубровскийі? Наталья. Иә.

Лакшин. Кешіріңіз, сіз сырқат емессіз бе?

Наталья. Әзір аманмын.

Лакшин. Аман болсаңыз, мұнан былай менімен ол тақырыпта сөйлеспеңіз.

Наталья. Неге? Мен шындықты ғана айттым ғой, шындықтан неге сонша шошыдыңыз?

Лакшин. Сіз оның қандай қатерлі жау екенін білмейсіз.

Наталья. Талай жылдан бері әкемнің атына түскен материалдардан бар өмірін зерттеп алсам неге білмеймін.

Лакшин. Неше жыл зерттесеңіз де, оның жайын бізден артық білмейсіз, босқа адаспаңыз.

Наталья. Сіздердің ол жайында білетіндеріңіз - ауылдағы надан болыстардың сасық байлардың білгені. Айтатындарыңыз - солардың жалған жаласы. Жоқтайтындарыңыз -солардың жоғалтқан жылқысы, көксейтіндеріңіз - солардың парасы. Ал оның көксейтіні -әділдік.

Лакшин. Сізді мұнша ашындырған кім екенін білуге бола ма?

Наталья. Болады. Биылғы аштықтың апатынан сіздер бірде бір адамды құтқара алмасаңыздар, ол жүздеген адамды құтқарып қалды. Соның салдарынан халқының алдында сіздерден гөрі оның беделі көтеріліп кетті. Сіздер оған сол үшін де өшігудесіздер. Сол дәрменсіз, ұятсыз қылықтарыңыз мені ашындырған.

Лакшин. Онда сіз бізге ғана емес әкеңізге де наразы екенсіз.

Наталья. Рахмет, мені жаңа ғана тани бастадыңыз.

Лакшин. Менің байқауымша, сіз сол қарақшымен ертеден таныс, тіпті сырлас секілдісіз.

Наталья. Әлбетте.

Лакшин. Қашаннан бері екенін білуге бола ма?

Наталья. Он сегізінші ғасырдан бері. Дәлірек айтқанда, қазақтардың Россияға қосылар кезінен бастап.

Лакшин. Сіз түс көріп отырсыз ба?

Наталья. Мен өзім білетін тарих шындығын айтып отырмын. Ол кезде мұның бабасы Қазыбек, атақты Абылай ханның ақылшысы болатын. Ол - халқының келешегі Россиямен бірге екенін көре білген данышпан. Егерде мен әкемнің орнына губернатор болсам Қазыбекке алтыннан ескерткіш жасатар едім де оны қытай шекарасына орнатар едім.

Лакшин. Ескерткіш? Не үшін?

Наталья. Хандары мен батырларына ықпал жасап, осынша байтақ даланы жоңғар басқыншыларынан қорғап қалғаны үшін. Елін Россия елімен елдестіргені үшін. Мен Мәдиді Дубровскийге тек осы жақындығынан ғана теңеймін, әйтпесе ол Робин Гудке көбірек ұқсайды.

Лакшин. Робин Гуд? Ол кім? Ол да қазақ па?

Наталья. Ол - ағылшын халқының мұнан сегіз ғасыр бұрынғы батыры.

Лакшин. Сонда ол батырдың жауласқан жауы кім сіздің әкеңіз секілді губернаторлар ма?

Наталья. Сіздердің Мәдилеріңіз секілді, оның да жауласқан жауы - кілең байлар мен байлардың байлығын қорғап, халықтың намысын қорлайтын сіз сияқтылар. (Мәди тас басына шыға келеді, қолында алтыатар.)

Мәди. Жаса, жан бауырым, мың жаса. (Наталья мен Лакшин үрейленіп ұшып түрегеледі.) Офицер мырза, ажалыңызға олай асықпаңыз, сіз қоршаудасыз.

Қарашұбар (екінші жақтан шыға келіп қолындағы мылтығын түйгіштейді). Окржон, окржон!

Жоғарыдан Иман, Қанаш, Жұман және бір-екі жігіт көрінеді, олар да мылтықтың затворын сатырлатып айдын шашады.

Мәди. Офицер мырза, қаруыңызды тастаңыз да, қолыңызды көтеріңіз...

Қарашұбар. Не так. (Офицердің қолын мылтықпен көтереді.) Былай... былай...

Мәди. Енді сол қалпыңызды бұзбастан көлдің жағасына жақындаңыз да, ажалыңызды сол жердей күтіңіз. Күзетшілеріңізден көмек күтпеңіз, олар байлаулы. (Натальяға.) Қымбатты қарындас, мен өзіңіз жаңа ғана ағылшынның Робин Гудіне, орыстың Дубровскийіне теңеген қазақтың Мәдиімін.

Лакшин (үрейлі дауыспен). Мәди?

Наталья (ақырын). Мәди?

Мәди (Лакшинге.) Офицер мырза, егер үніңізді енді шығарар болсаңыз көл түбіне кеттім дей беріңіз... Асыл қарындасым Наталья, сіздің ұлы бабам туралы айтқан жаңағы бір жылы лебізіңіз менің еркімді қолыңызға берді. (Жақындай түседі.)

Наталья (ыршып). Жақындамаңызшы. Менің атымды сіз қайдан білесіз?

Мәди. Мен жақсылықтың бәріне құштар адаммын. Сол құштарлық мені бүгін осы жерге алып келген. Сәлеметсіз бе?

Наталья. Сәлемдесудің шағы өтіп кеткен жоқ па?

Мәди. Жоқ, сүйіктім. Саулық сұрасып, тілеу тілесетін достық шағымыздың таңы жаңа ғана атып келеді. Өтінемін, сіз менен қорқушы болмаңыз.

Наталья. Мен қорқып болдым, егер анық Мәди болсаңыз енді сізбен сайысуға да әзірмін.

Мәди. Мен сіздей жақсы қыздармен сайысуға жоқ адаммын. Аңдығаным сіз, аңсағаным өзіңіздей аяулы Келбет дейтін қыз еді, ол мен үшін азап шегіп осы қаланың түрмесінде жатыр.

Наталья. Білемін, әкесінің қас жауы болсаңыз да, ол қыздың сізге қандай ғашық екенін де білемін.

Мәди. Қайдан? Қалай?

Наталья. Сізді біле түсу үшін ол қызбен ұзақ сырласқанмын.

Мәди. Онда сондай абзал сырласыңызды неге қаматтыңыз?

Наталья. Оның қамалу - қамалмау еркі менде болған жоқ, әрі сізді бір көру мақсатымен, қамалуына қарсы да болғаным жоқ.

Мәди. Неге?

Наталья. Сіздің ол қызды құтқару үшін өзіңіз келіп берілетініңізді сездім.

Мәди. Ол үмітіңіз ақталмады ғой.

Наталья. Келбетті құтқарудың жолы мені қолға түсіру деп келсеңіз, сіздің де үмітіңіз ақтала қоймас.

Мәди. Қалайша?

Наталья. Сіз мені кепілге ұстайсыз да, мына офицерді уезд бастығына жібересіз. Қояр шартыңыз - Келбетті босату. Олар менің әкемнен қорыққанынан сіздің шартыңызды қабылдайды да, Келбетті менімен айырбастау үшін алып келеді, солай ғой.

Мәди. О, ғажап!

Наталья. Егер де олар Келбетпен көзіңізді алдап тұрып, өзіңізді қоршап алса қайтесіз?.. Тоқтаңыз, мен айтып болайын. Сіздің атқан оғыңыздың жолына олар Келбетті байлайды, сіз олардың оғына мені байлайсыз. Осы ма сіздің үмітіңіздің ақталғаны?

Мәди. Қорықпаңыз, мен олардың оғына өзімді байласам да, сізді байламаспын.

Наталья. Бәрібір, мен тірі қалмаймын.

Мәди. Неге?

Наталья. Сіздейлердің қолына түскен қыздың қандай атаққа ілінетінін білемін. Бүкіл Россияға жайылатын ондай жаман атты жамылып тірі жүре алмаймын.

Мәди. Солай ма? Сізше мен енді не істеуім керек?

Наталья. Білмеймін. Бар білерім: өзіңізді өте қадірлейтін екі қызды құрбан етесіз де, Сібіріңізге кете бересіз.

Мәди. О дүниеге кетсем де қолыңыздан бір сүйіп кетейінші. (Қол ұсынады. Наталья қолын бермейді.)

Қарашұбар. Мәдижан - ау, көзің түлкі көрген қыранның көзіне ұқсап кетті ғой. «Бөрік астында бөрі барын» ойласаңшы.

Мәди. Шырайыңыз қашқан шағыңызға тап болдым - ау, сүйіктім, шаттығыңыз шалқыған шағыңызды бір көрер ме едім.

Наталья. Онда қайтер едіңіз, мені де тауға алып кетер ме едіңіз?

Мәди. Қолымнан келсе, әкеңіздің орнына губернатор етер едім.

Наталья. Мені әкемнің орнына бес минуттік губернатор етіп қойыңыз да, оған айтарыңызды маған айта беріңіз.

Мәди. Тоқтаңыз. Сіз ойнап айтсаңыз да, ғажап ой салдыңыз. Шынында, сіз біздің Қарқаралының басында отырған мырзалардың көзіне губернатордың өзінен кем көрінбессіз деймін.

Наталья. Мен де соны айтып тұрмын, тек өз басыңызға бостандық сұрамаңыз, оған менің губернаторлығым жүрмейді.

Мәди. Сізден оны өзім де сұраймын, бірақ Келбетті құтқару қолыңыздан келетініне сенемін.

Наталья. Ол сеніміңізді ақтаймын. (Қолын енді береді.)

Мәди. Зор мәртебелі губернатор мырза, алдымен Атаманов дейтін жендетіңіздің мына бір хатын қабылдаңыз. (Қалтасынан қағаз алып береді, Наталья оны ішінен оқып тұр, Мәди сөзін жалғай береді.) Жауы болмағандықтан, мемлекеттің қаруын өзіне қайтарамын, оны күзетшілеріңіздің қанжығасына байлап беремін, соларды қабылдап алыңыз да, қалаға тез жетіңіз, жетіңіз де, Келбетті құтқарыңыз.

Наталья. Губернатор қайсымыз болып кеттік, мен бе, сіз бе?

Мәди. Мен әлі тілек айтушы ғанамын. Енді офицер мырзамен қоштасыңыз.

Наталья. Онымен неге қоштасамын?

Мәди. Қашан Келбет келгенше ол менің қолымда болады.

Лакшин (шошына). Не-ме-не?

Мәди. Немене, қорғасыннан у жұтқың келді ме?

Наталья. Егер менің Келбетіңізді қолыңызға әкеліп беретініме сенсеңіз, мұны алып қайтесіз?

Мәди. Сіз оған мынаны қатты ескертіңіз. Мен мүлт жіберуді мүлдем білмейтін қазақпын, қаша қалса көздеместен мүрдем жіберемін. Соны есінен шығармасын. Әрі кезеп келгенім сізді, әрі оны қоя беріп құралақан қалатын ақымақ емеспін, ол сіздің де есіңізде болсын.

Наталья. Менің губернаторлығымнан ештеңе шығар емес, тезірек кетейін. (Лакшинге қарай жүріп кетеді.)

Мәди (Қарашұбарға қарай келе жатыр). Менің ойлаған жерден бір тамаша қарындас тауып алғанымды көрдіңдер ме?

Қарашұбар. Сөздеріңнің түгіне де түсінгенім жоқ, бірақ қабақтарың жақсы жарасты, бауы берік болсын.

Иман. Құдайдан қанша тілесеңіз де ондай көрікті қыздың бауы берік бола қоймас.

Мәди. Қылжақты қой да, бар, олжа қаруларды қайтаруға әзірлеңдер. (Иман кетеді, Мәди Қарашұбарға әлдене айта бастайды.)

Наталья. Иә, «қарақшыңыздың» не дегенін естідіңіз бе?

Лакшин. Сізге айтар үкімінен басқасын түгел естідім.

Наталья. Маған үкім айтатын адам дүниеге әлі келмеген болар.

Лакшин. Сіз ол қыздың қазір қайда екенін білмей оны алдадыңыз да, өз үкіміңізді өзіңіз айттыңыз.

Наталья. Қайда екенін білмегені қалай?

Лакшин. Ол қыз сіз ойлағандай түрмеде емес.

Наталья. Енді қайда?

Лакшин. Осы таудың ішінде қаңғып жүр.

Наталья (үрейлі). Қалайша?

Лакшин. Түрменің темір торлы терезесін көргенде шошынған екен, соның салдарынан жынданып кетіпті.

Наталья. Жынданып кетіпті?! Қашан? Қайда?

Лакшин. Түрме бастығы бұрнағы күні босатып жіберген еді. Кеше біреулер осы таудың ішінде жүргенін көріпті.

Наталья. Жендеттер!

Мәди (қарсы жүріп). Қымбаттым, сізге не болды?

Наталья (көзін жұмып). Көзімді байлаңызшы.

Мәди. Не үшін?

Наталья. Мұнан әрі сізді де, Келбетті де көргім келмейді, сол үшін.

Мәди. Сіз не сұмдықты айтқалы келесіз?

Наталья. Мен тани білген Мәди болсаңыз, көзімді тез байлаңыз, сонда ғана мен сізбен еркін сөйлесе аламын.

Иман. Жау... жау... (Жүгіріп келеді.) Мәди аға, Текежан бастаған қалың қол қарағай ішінде қаптап келеді.

Қанаш. Қала жақтан мылтықтылар да көрінді. Бастап келе жатқан қара ояздың өзі.

Мәди. Келсін, Залин мырза қайтартсын жендеттерін. Әлдері келсе таптасын менің даң соқталы жүрегімді. Мен Келбеттің кегін алмай кетпеймін, сендер кетіңдер. Тез... тез...

Қарашұбар. Жоқ, Мәдижан, сен елге керексің. Өз қатынынан басқаға керегі жоқ, мен тосайын жаудың жолын, сен құтыл.

Мәди. Әуре болма, Қареке. (Атысуға әзірленеді.)

Қарашұбар. Әуре болмайын, мына мылтықтың үшімен атып, дүмімен ұрып талайын жамсатамын да, сені құтқарамын.

Жұман. Ойбай, келіп қалды, ойбай! (Қаша жөнеледі.)

Мәди. Мен сендерге кетіңдер дедім ғой.

Қанаш пен Иманды қамшымен екі тартады, олар офицерді ала жөнеледі, Қарашұбар қасарысып тұрып алады.

Қарашұбар. Жоқ, Мәдижан, мен сен өлген жерде өлетін қазақпын. (Қарсы жаққа жүгіріп кетеді.)

Мәди. Бауырым Наташа, Келбетімнің өлі болса өлігі, тірі болса тағдыры сізге аманат. Екінші тілегім: әкеңізге сәлем айтыңыз, егер өзінің ары болса менің кім екенімді біліп өлтірсін. Қош... (Мылтық кезенген Текежан тас басына шыға келеді.)

Текежан. Менімен де қоштасып қал қарақшы. (Мәди ырғып Натальядан аулақ кетеді де, атысуға ыңғайланады.)

Мәди (Натальяға). Кейін кетіңіз, кейін.

Наталья (қолын көтере екі араға ұмтылып). Мырзалар, тоқтатыңыздар!

Залин (екінші жақтан бұға тұрып дауыстайды). Мәди мырза, қарсыласудан пайда жоқ, сіз қоршаудасыз, қаруыңызды тастаңыз.

Мәди. Әйеліңіз мазаңызды алмайтын етейін, бері жақындаңыз.

Залин. Наталья Михайловна, құдай үшін, мені әкеңіздің қолынан өлтіре көрмеңіз, сақтаныңыз.

Наталья. Мен үшін қапа болмай, атысты тоқтатыңыздар.

Залин (құпиялап өз адамдарына). Қоршаңдар! Құтылып кетсе менен аяушылық күтпеңдер!

Мәди. Өтінемін, оқ жолынан кетіңіз.

Наталья. Жоқ мен екі оқтың жолына бір өзімді байладым. Қане, атыңыздар, мырзалар. (Қақ ортада тұрып қалады.) Мәди өзінің «Қарқаралы» әнін әндете шегіне жүріп, екі жағына кезек оқ жібереді.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт менен қайғы тарқамады,

Саяңнан саяқ құрлы сая таппай

Мен болдым бір қашқын жан Арқадағы.

Наталья. О, ғажап, ажал аузында тұрып та ән шырқайды, бұл неден жаралған адам?

(Мәди әннің қайырмасын ызалы үнмен әуелете барып төрдегі жартастың басына шығады, Жаулар жан-жақтағы тастардың арасынан бұқпантайлап оған жақындай түседі. Наталья олардың бірде-бірін елемейді, әннің қайырмасы қайыстырғандай бірте-бірте иіле береді. Шымылдық ақырын жабыла бастайды.)

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз