Кешірек келіп, Ыстамбұлда теңіз жағасындағы бес жұлдызды қонақүйге жайғасқан соң, ұйықтар алдында таза ауамен сергиін деген оймен сыртқа шығып, жағалау бойымен Түркияның байрақтарын желбіреткен жүздеген үлкенді-кішілі кемелердің ары-бері жүзгеніне, қармақтарын суға салып қойып, балықтың ілінгенін аңдып, сым талшығының жыбырлағанынан көз айырмастан тапжылмай отырған қарт балықшылардың төзіміне, ақ шағалалардың майда шабақты көз ілестірмей іліп кеткен шапшаңдығына сүйсіне қарап біраз жүріп келдім.
Жатқаныммен, ұйқым қашып, көзім ілінбеді, оған қоса уақыттың ауысуы да әсер еткен сияқты. Ұшақта да көзімді жұмғаныммен, ұйықтай алмай қойған едім.
Тағы тұрдым, құрдан-құр жата берген болмас деп, хамамға барып, ондағы хауызда төбесіне кәдімгі аспан мен жұлдыздарды жасап қойған шебердің ұқыптылығын мойындаған табиғаттың құшағында сол табиғаттың бір түйіршігіндей ғана болып жалғыз өзім жаймен жүзіп жүрдім.
Шаршап келсем де ұйықтай алар емеспін, астымдағы кіршіксіз аппақ сейсептер, бөлмедегі қымбат жиһаз, желдеткіштен ескен салқын ауа, жағымды әуен жанымның жай табуына тіпті де сеп болмады. Бір нәрсе жетпегендей бола бердім. Теледидардың арналарын тоқтаусыз ауыстыра бергеннен жалығып, ақыры түн ауа көзім ілініп кетіпті...
Ұйқылы-ояу кезімде бір үн естілді:
«Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар!
Ашһаду әл-лә иләха иллә Ллаһ...»
Орнымнан атып тұрдым. Мұндай дауысты естімегеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Тағы басқа, тағы басқа мешіттерде айтылып, бүкіл Ыстамбұлдың ішін таңғы бамдатқа шақырған азан үні аралап кетті...
Бала кезімізде азан естілгенде жүріп бара жатсақ та, ойнап жатсақ та, футболда доп аяққа тиіп, қарсыластың дарбазасына доп салудың кезегі келіп қалса да, отыра қаламыз да, азан біткенше үндеместен тізерлей кететінбіз.
Содан азан біткенде жүзімізді сипап, жолымызды, жұмысымызды, ойынымызды әрі қарай жалғап кететінбіз...
Әр күніміз азанмен басталушы еді...
Азан демекші...
***
...Біздің ауыл мен көрші ауыл бір қырдың екі жағында жайғасқан, сондықтан да бір ауылдың аты Күнгей болса, екіншісі — Теріскей. Екі ауылға бір зират: күнгейліктер де, теріскейліктер де бөлек-бөлек өздерінің қия жолдарымен мәйітті алып келсе, дөңге шыққан соң топырақ салуға екі ауылдың да еркектері жиналады. Сол зираттың бір бұрышында мешіт бар. Ескі мешіт. Әлгі мешіттің бір бүйірінде мешіт сияқты көнетоз үй орын тепкен. Ол — азаншының үйі. Біз, боқмұрындар, азаншының азан шақырып қойған аты бар ма, жоқ па, шыны керек, білмейміз, жай ғана «Азаншы» деп атаймыз. Мен тіпті, қазірге дейін азаншының аты кім екенін сұрамағам...
Құдайдың құтты күні бес уақыт азанын айтады. Оның соншалықты жағымды дауысы аса ерекше, әсіресе оразада ауыз ашар алдындағы азаны бізге тіпті басқаша сезіледі. Шаршаған күн ұясына батқаннан-ақ, анамыз «енді азанды тыңдап тұрыңдар» деп, сыртқа шығарып қоюшы еді. Содан бір кезде азан басталады. Жарықтық азанды ерекше айтушы еді, алдымен бір тармағын айтады да, артынан біршама уақыт тынып қалады, содан бітті ме екен деп тұрсаң, тағы жалғасып кетеді. Дыбысының әуезділігі, дауысының құлаққа жағымдылығы, айту барысында жасаған тыныстары сондай тамаша, дөп келген ырғағы, араб сөздерін нақтылап, баптап айтқаны — бәрі де келісті, жарасымды. Оразада өстіп азан тыңдауға шығып, басталғанда орны-орнымызда отырып қаламыз да, біткеннен соң жүзімізді бір сипап, үйге «азан айтты» деп жүгіріп кіреміз. Аузымыз берік болмаса да, үлкендердің жанында, олардан бұрын рамазанның мол дастарқанына қол созамыз.
Ауылымызда бір емес, апталап күннің көзі түгілі, қайсы тұста тұрғаны көрінбейтін, көк аспан ашылмастай түнеріп, екпіні адамды ұшырып әкететіндей алай-дүлей дауылды күндер болады. Адамдар жаңылысады, сағат тілі алдыға асығып кетіп қалады, не кешігіп артта қалады, не тұқымы құрғырдың құмы бітіп, күрт тоқтайды, ескі сағаттарды бұрап тұруды ұмытасың, қабырғадағы көкек сағаттары кейде үні шықпай жым болады. Бірақ азаншы әсте жаңылыспайды, дәлме-дәл, күн мен түн теңесуге, бірінен бірі жер бетіндегі билігін көбірек жүргізуге асығып, алмасып тұрса, азаншы да оларды өкшелеп, намаз уақытын нақты белгілеп, азанын жаңғыртып отырады. Ауылымыздың сағаты да — осы азаншы. Жаз ысыған кезде егістіктегі темекі пісіп, орып алу уақыты келгенде, сол азанды күтіп жатамыз, азан айтылған соң әп-сәтте киініп, темекі жинауға кетеміз. Мал базарға барғандар да, мал іздеп тауға шығатындар да «азаншының дауысымен тұрайық» деп қалушы еді, немесе «азаншынын бірінші айтқан сәтінде келген едім» дейтін.
Азаншы болса дене қызуы жанын суырып алатындай қинаса да, жөтелі ішек-қарнын ақтарып жатса да — азанын айтады да, ауырғанын одан әрі жалғастыра береді.
«Азан айтуды қайдан үйренгенсіз», — дедім бір жолы оның сұсты жүзіне қаймыға қарап, «Е-еһ, балам, жеті атамыз азан айтып келген, аталарымыздың ішінде Қоқанда хан ордасына барып азан айтқандар да болған, туғанымызда әкелеріміз құлағымызға азан айтып ат қояды, төбемізде күнде бес уақыт азан айтылады, сонда біз азаншы болмағанда кім болады», — деп қойды.
Ауылға ас не тойға барып қалса, азан уақыты жақындағанда, үйге жететұғын уақытын шамалап, отырған жерінен ұшып тұрып шығып кетеді. Оның кеткенін де бірлі-жарым адам ерсі көрмейді. Кете береді. Шай қайнатым уақыттан кейін, екі ауылдың ішін жаңғыртқан сондай бір жағымды азан үні тағы бір намаз уақыты келгенін жария етіп, жан-жаққа таратып жататынын ауылымыздың қалыпты бір көрінісі деп біліп, аса мән де бермейтінбіз.
Адамдар болса «Жаратқан алты жыл азан айтқан пендесін сұраққа алмай, дереу жаннатқа шығарады», «Азаны қанша жерге естілсе, сонша жерден жиналған сауап азаншыға тиеді» деп қалушы еді.
Оған қоса, оның намазға азан айтқаннан басқа да Күнгей-Теріскей ауылдарында атқаратын тағы бір жауапты міндеті бар — бұл жаңа туған балаларға азан шақырып ат қою. Үлкенірек балалар оның үйіне келіп: «Азаншы ата, сіз біздің үйге келіп бөпеме ат қойып береді екенсіз, әкемдер айтты», — дейді. «Кімнің баласысың» деп, барар жерін нақтылап сұрап алады да, үйіне кіріп балаға «міне, сүйіншің» деп тапқанын ұстатады, бір жаңғақ болса да береді. Балақайлардың өжеттері азаншыға тік қарап, «мынадай ат қойып беріңізші, анадай есім беріңіз» деп сұрайды. Қария болса оның маңдайынан сипап, баланы ертіп, олардың үйлеріне бет алады. Атасы құшақтап тұрған жарық дүниенің есігін енді ғана ашқан нәрестенің жанында құбылаға қарап азанын айтып, кейін құлағына атын сыбырлайды. Әбділхамит, Әбдіғани, Әбдікерім, Әбдірахман, Әбдімұқтар, Әбдімүтәліп деген есімдер қайта-қайта қойыла беретін. Кейін азаншының айтқанына көнбей, баланың ата-анасы Нұрлан болсын, Бақыт болсын, Космос болсын деп, жаңа аттарды қойдыра бастады. Азаншыда не кінә, айтқан аттарды баланың құлағына азан шақырып қоя береді. Кейін кейбір пенделердің азаншы қойған сол аттары басқаша болып өзгеріп кеткенімен, ақыретке кетер алдында баяғы азаншының қойған еншілі есімін қайта есіне түсіреді.
Екі ауылдың адамдарының есімінің денін сол азаншы қойып берген.
Оның ат қойғандары көп болғанымен, өзінің балалары жоқ. Әйел тұрмады. Бірі оның азаншылығына намыстанып кетсе, бірі ұйқы бермегенінен ығыр болып тайып тұрған. Тағы бірі жай ізін суытқан. Кеткендердің бірінің де артынан не өзі бармады, не қайтарып алып келуге біреуді жібермеді. Біреуі ғана күмәнді кетті, қалғандарынан балалы болмады. Бүкіл өмірін жалғыз өткізді. Оған іштей нали ма — білдірмейді, біреу бірдеңе десе — мен ат қойған балалардың бәрі менікі деп құтылады...
***
Бір жолы колхозға жаңа бастық келеді. Басқа жақтан екен. Келе сала кеңседе активпен танысып жатса, азан жаңғыра кетті. Ақыр аяғына дейін демін ішіне тартып тыңдап, азан біткен соң да сілейіп отыра берді. Өлі жым-жырттықты бұза алмай колхоздағы беткеұстарлар да жайсызданып тұр.
— Бұл кім? — деді жаңа басшы.
— Азаншы, — десті әлгілер бір ауыздан.
— Ертең маған алып келіңдер!
Ертесі азаншыны алып келеді.
— Азанды канша рет айтасың? — деді басшы жүдеу кісінің қалтырап тұрған денесін одан бетер қалшылдатып.
— Бес уақыт... — азаншы дауысын әрең шығады. Оның екі ауылды жарып жіберетіндей бақуат үні райыстың мекемесінде өшіп жатқан шамдай өлімсірей берді.
— Азаныңнын мағынасын білесің бе?
— Ыы, намазға шақырамын!
— Сен біздің колхоздың мүшесісің. Колхозға қызмет етуің керек! — деді бастық біраз жуасып.
Азаншы шынында да колхоздың жұмысын атқарып көрген емес, колхозға мүше екенін білмейді де. Әкесін колхоз кулак деп соттатып, мүлкін тәркілеп, сол жақта сүйегі ақ жауып арулап қойылмай, жаназасы оқылмай қалды дегенді адамдардан естіп, «колхоз» дегенді тыңдағысы да келмейтін. Кеше кешкісін колхоз басшысы шақырып жатқанын айтқанда да ұйқысы қашып, сәрідегі азанын да қалтырап зорға айтқан.
— Бұдан кейін азаныңнан соң біздің колхоздың хабарламасын айғайлап жариялап тұрасың? — деді бастық өктем сөйлеп.
— Жоқ, ақсақал, болмайды, — деді азаншы есі шығып, — азанға басқа сөз қосуға болмайды.
— Болады! Бәрі болады! Бұл дүниеде болмайтын нәрсе деген жоқ! Айтасың!
— Айтады! Айтады! — деп шыр-пыры шығып кетті әу бастан есі шығып тұрған азаншының туыстарының бірі, колхоз бригадирлерінің ақсақалы. — Сөздерін мен өзім хатшы қызыңыздан алып барып беріп тұрамын.
***
Сол екен, біз нәрсеге аң-таң болдық: бес уақыт азаннан соң азаншының осы іспетті көптеген хабарламалары жариялана бастады:
«Бүгін сағат алтыда кеңседе жиналыс болады, барлық активтер түгелдей келуі тиіс! Келмегендер партиядан шығады.»
«Егемберді, сені бас инженер шақырып жатыр, тез машинаңмен келіп кет!»
«Аттоқыр мерген, төраға күтіп отыр, баяғыны қашан атып бересің?»
«Қисық Сәті, соқыр Имар мен Мамаш судырақты алып, ертең қырманға шығыңдар!»
«Құрметті коммунистер, ертең партия жиналысына ішпей, шекпей, әдемі киініп келіңдер, райкомнан үлкендер келеді!»
Бұндай хабарламаларға бара-бара көндігіп те кеттік. Бір күні колхоз жетекшісі қызметтен кетіп, өзі ғана кетпей, арабша азаннан соң колхоз белсенділерінің тілімен жазылған қырғызша жазуды азаншы әрең-әрең буындап оқып, содан жаттап алып бар даусымен айтып беретін есепсіз хабарламаларын қоса алып кеткендей, азаннан кейін бүкіл ауыл құлақ түретін жарнамалар түп-тамырымен жоғалды.
Жаңа басшылыққа Ташкеннен партия мектебін биыл ғана бітірген жап-жас жігітті, жігіт те емес, өрімдей баланы жолдапты. Тез арада активтерді бір-бірден зейнетке кетіріп, жұмыстан айдап, партия ұйымының хатшысы етіп өзіндей жас бір досын әкеп қойды. Елдер «райыс пен парторг — екі достан двойка алғаның — сталиндік тройка алғаның» деп ән шығарып алған бұл екеуі колхозда басқа шаруа қалмағандай, азаншыны алдырып, оны келекелеп отырып, «ескінің сарқыншағын таратушы», «дінді үгіттеуші» деп қаматып тынды...
Ауылымызда азан үні естілмей қалды. Адамдар намазды да жалғыздап оқуға кірісті. Ораза ұстағандардың аузын қинап аштырды. «Азан үні естілмей қалғанда қиямет-қайым болады» десіп ескілер қияметтен қорқып, өз-өзінен күңіреніп азан айтқан болды...
Сол кезде тағдырдың кереметіне қарамайсыз ба — біздің азаншы халық жауы деп Сібірге — тайгага сүргінге айдалады да, ол жерде түрме басшысы болған татар жігіттің қолына түседі. Елдегі қайта құрудың, демократияның лебі дәл осы тайга ормандарында басталып, абақтыдағылар бірде аштық жариялап, бірде қасық-табақтарын тықылдатып, түрмешілердің жанын алып, мазасын кетіреді. Сонда татар начальник мұсылмандарды жинап, үлкен атасынан үйренген құран аяттарын, хадистерді айтып, бес уақыт намаз оқыңдар деп үгіттеп, азаншылыққа сол біздің азаншының өзі табылыпты. Түрмедегілер оны бір ғана іске — азан айтуға шегелеп қойыпты.
Екі жыл өтпей ескі одақ ыдырап, түрмешілер өз адамдарыңды алып кетіңдер деп бұрынғы одақтас республикалардың түрме басшыларына хат жазып, алып кеткендер алып кетіп, қырғыздарды жоқтап барар ешкім табылмай, жан-жаққа тарап кете бергенде азаншы ауылына қайтады.
***
Әңгіменің басындағы менің Ыстамбұлдағы оқиғам дәл сол жылдары болған еді...
***
Таңдардың бірінде ауылымызда тағы азан үні жаңғырады.
«Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар!
Ашһаду әл-лә иләһа иллә Ллаһ...».
Бұны естіген кәрі-құртаң да, жастар да дәретін алып, қырдағы мешітке ағылды. Азаншымен құшақтасып көрісіп, оған ақ батасын беріп, намазға қаз-қатар тізіліп, намазгөйлердің саны артып, белі қатпаған балалар да имамның мінберіне бет бұрып, сәждеге бас ұрды. Айт намазда ескі мешітке адам симай, ауылымыздан шыққан қалталы жігіттер арабтарды алып келіп, жаңа мешіт салдырды. Азаншыға дыбыс күшейткіш қойып беріп еді, одан қорқып, қымсынып, дауысын біреу жұлып алып кететіндей күй кешіп ақыры көнбей қойды да, өзінің ескіше айтуына көшті.
Содан жас балалар өз қалаларымыздағы медреселерде, ислам институттарында оқып келіп, қыстағымызда ғалымдар қатары көбейе берді.
Бір күні ауданнан «шоңдар» келді, арасында облыстың қазысы, имамдар бар, жас қари балалар да жүр. «Мешіттерді тексеріп жатырмыз, аттестация болады» деді келгендер. «Дипломыңызды алып шығыңыз» деді біреуі. Азаншы ескі сандықтың бір бұрышынан екі куәлік алып шықты да, келгендерге ұсынды. Әлгілер күлкісін тия алмай қарқылдап күле бастады. «Бұның бірі жеті жылдық мектепті тәмамдаған куәлігіңіз, екіншісі болса трактористердің курсында оқыпсыз, сол екен» деді алғалы бері беті бір де ашылмаған куәліктерді қолдан-қолға өткізіп. Азаншы оқу жайлы мүлдем бейхабар, ауылда кешкі оқу ашылып, көппен қатар оны да жазып қойған екен, ұн, шай-пай, тиын-тебенін де алып жүрген. Қайран эс-эс-эс-эр қағазын да берген екен, бірақ азаншы трактор айдау былай тұрсын, оның жанына жақын барып көрген емес.
Қысқасы, мешітке сақалы көкірегін жапқан, жас болса да қауға сақал болып алған біреуді алып келді де, жаназа, неке-пеке ғана емес, азанды да сол оқи бастады. Азаншы болса бірдемесін ұрлатқандай күй кешіп, ұйқысы қашып, ішқұсалықтан елге де шыға алмай қалды. Бүк түсіп жата берді. Азан айтыла бастағанда құлағын түре қалады да, ішінен жаңа азаншының азанына қосылып өзі де қалай азан айтып қойғанын байқамай қалады... Бірақ оның азаны естілмейді. Өзіне де естілмейді. Десе де азан айтқандай сезімге бөленеді...
Осындай күндердің бірінде азаншымыз ұшты-күйлі «жоғалып кетті». Өмірінде ауылдан шықпаған азаншының «жоғалғанымен» көпшіліктің шаруасы да болған жоқ, өйткені жаңа азаншы бар, ауыл тұрғындары нәпақа іздеп алыс жақтарға кетіп, халық сирексіп қалған. Солармен бірге кетіп қалды десең — жасы біразға барып қалды, бір құрылыста, саудада істейтін ебі де жоқ.
Кейін біздің азаншы Қоқанда ма, Ташкенде ме, әйтеуір бір алып шаһардың зәулім мешітінде азан айтып жүр екен деген әңгіме тарады. Оның азанын тыңдау үшін атырап-шеттен қызыққандар келіп кетеді екен. Айт күні айтқан азанының әуезіне өкімет кісілері де разы болған деседі. Шын-өтірігін білмеймін, турист болып келген бір араб өз еліне алып кетсем бе деген екен, мешіт имамы келіспей, бермей қойыпты да, мешіттің ішінен жап-жақсы үй бөліпті.
Жыл өтпей-ақ тағы қызық болды — азаншымыз ауылға қайтып оралды. Ескі мешіттегі көне үйін де сүріп тастаған екен, жаңа мешіттің бір бұрышын паналады. Ол қыстаққа әсеттен әрең шыққан қурайдай ілмиіп, жүдеп-жадап, үп десе ұшып кететіндей аяғынан әзер тұрып, үні құмығып, дауысы қызыл өңешінде-ақ өшіп, сөйлеуге шамасы қалмаған кезінде келді. Ауылдағы данышпандардың бірі «бақталастары тамағына у қосып беріпті» десе, енді бірі «көз тиіпті» деді, тағы басқасы «байып кеткен екен, ақшасын алғандар осындай күйге салып қойыпты» деген болды.
Оның туыстары намыстанып, зейнетке шығарып қойсақ дұрыс болар еді деп қимылдай бастайды, ары барады, бері барады, азаншының ескі колхоз мұрағатында да, аудандық мұрағатта да не еңбек кітапшасы, не бір күн жұмыс істегені жайында ешбір мәлімет жоқ боп шығары бар ма.
***
Қызығы, азаншының дауысын әбден таза қылып заманауи студияда жазып алған екен, содан бір үлкен мешіттерде оның азаны дыбыс күшейткішпен жаңғырып, интернетте бүкіл әлемге тарап кетіпті...
***
Көп ұзамай азаншыны да екі ауыл тайлы-таяғымызбен келмеске шығарып салдық. Жаназаға жас-кәрі демей бірде-бірі қалмай түгел тұрды, келгендер арнаған топырағын салып, пенделік парызын атқарып жатқанда зиратқа асығыс келе жатқан бір көлікті тосып алдық. Машинадан түсе сала бері қарай аяқ басқан кісіні дереу таныдым. Баяғы азаннан соң хабарлама айттырған бастық болып шықты. Қазір орталықтың бір мешітінде имам болып жүр деп естіген едік. Менің жанымда тұрып, марқұмның бейітіне салатұғын бір уыс топырағына қайта-қайта «мені кешір», «азаннан кейін айттырған хабарларым үшін кешір» деп күбірлеп жатқанын құлағым шалды. Адам деген сондай екен ғой, бір күні бәрінен де тазалануы керек екен: біреу көп жеп алып, қорыта алмаған тамағынан ішек-қарнын, бауыр-жүрегін тазалайды екен, енді бірі біреуге ғайбат сөйлеп алып, сол сөзінің зіл батпан ауыртпалығынан құтылғысы келеді, тағы біреу жаман ниет-тілек етіп, сол миын жегідей жеген арам ниеттен, теріс тілектен өзін арылтқысы келіп тазаланады екен. Адам өмірі осындай әрекеттерден тұрса керек. Ескі бастық бір кезде жасаған күнәсінен арылу үшін кешірім сұрап жатқанда, біз азаншының алдында оның жай-күйіне көңіл бұрмағанымыз, адам сияқты түсіне алмағанымыз үшін кешірім сұрап, тазалануымыз керектігін, бірақ енді бәрі кеш, тым кеш болып қалғанын сезіп өкіне бердім...
***
Жаз әбден қызған, қауынның иісі аңқып, қарбыз шарт етіп жарылған кез, ауылға кешқұрым жетіп, кезінде марқұм атам, топырағы торқа болғыр әкем жатқан сәкіде бақалардың бақылдаған үнін естіп жатып ұйықтап кеткен екенмін, таң сөгіліп, бозамық сәуле тарала бастағанда азан үні естілді:
«Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар!
Ашһаду әл-лә иләха иллә Ллаһ...»
Орнымнан қарғып тұрдым. Таныс дауыс, таныс азан. Балалығымның азаны...
— Бұл кім?! — дедім жанымда жатқан інімнің ұлынан.
— Аа... ұйықтай бермедіңіз бе? Жә, намазға тұрасыз ба? Ілгеріде бір азаншы кісі болған екен ғой, мешітте тұрған, соның бір немересі табылыпты. Сол келген. Сол азан айтып жатыр, — деді ұйқылы-ояу. Содан сөзін тағы жалғастырып қойды. — Енді біздің ауылға қиямет-қайым келмейді, иә, біздің азаншымыз бар!..
Қырғыз тілінен аударған — Гүлнұр Қыранбайқызы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі