Өлең, жыр, ақындар

Мектеп жылдары - ең алаңсыз және бақытты жылдар

Адам баласының бүкіл өмірі көптеген сәттерден тұрады, ал олардың ішіндегі ең керемет сәттерін кейде тоқтатып, ең болмағанда бірнеше секундқа кері қайтарғымыз келеді. Бірақ, өкінішке орай, бұл мүмкін емес. Осылайша күндер біртіндеп өтіп, ол бірнеше аптаға, айға, жылға жылжый береді. Адамдардың жасы келген сайын өткенге қарап, әрдайым өткен күндерін күлімсіреп еске алады. Әсіресе, мектепте оқып жүрген кезіміз көптеген жылы естеліктерді еске түсіреді.

«Мектеп» - деген сөзді естігенде оқушылардың ойында бірден «қоңырау» түсер. Барлық мектеп оқушылары сабақ кезінде қоңыраудың келуін асыға күтеді. Сағатқа қарап, қажетті үзіліске дейін минуттарды санап отырады. Қоңырау соғыла салысымен көптеген оқушылар бірден мұғалімдерді тыңдауға уақыт таппай, орындарынан шығып кетеді, ал мұғалім оларды тоқтатуға уақыт та таппайды. Бар-жоғы 10-15 минут ішінде біз достарымызбен соңғы жаңалықтармен бөлісіп, ойын ойнап, күліп үлгереміз. Кейде қоңырау кеше кешке бастаған үй жұмысын аяқтауға, оқулықтағы абзацты қайталауға немесе тест үшін бірнеше маңызды формулаларды жазып алуға жеткілікті уақыт. Ал, асыға күтетін үзіліс - үлкен үзіліс. Үлкен үзіліс басталғанда достарымызбен асханаға барып, кішкене бәліш алсақ соған қуанып, достарымызбен әңгіме-дүкен құрамыз.

 Біздің әрқайсымыз өз мектебіміз туралы ойланғанда әр түрлі нәрсені есімізге түсіреміз. Біреулер үшін бұл ойын-сауық пен мектеп кештері болса, ал басқалар үшін олимпиадалар, байқаулар, сүйікті сабақтар. Бірақ ең бастысы - біз мектепте оқып жүріп, нағыз достарымызды таптық. «Мектептегі достық - ең мықты достық», - деп айтып жатады. Мүмкін ол көп уақытын бірге өткізгендіктен және бір-бірімізді жақсы танитындықтан болар. Әрине, мектептегі достарымыз арқылы мектеп өмірі туралы әрдайым есте қалатын нәрселер болады.

«Өмірінің барлық мәні - өздері білетін нәрсені үйрету» болып табылатын мұғалімдер бізді мектепте қарсы алады. Олар біздің зейінімізді, жадымызды, қиялымызды дамытады, бізге өмірде өз жолымызды табуға көмектеседі. Ең бастысы, олар өздерінің істерімен және сөздерімен бізге ең маңызды ғылымды - адам болуды үйретеді. Мұғалім бізді балалық шақ, жасөспірім жылдары басқарады, байқалмайтын ерлік жасайды - бізге өз білімін береді, жүрегінің бір бөлігін оқушыларына арнайды. Және әрбіріміздің мектепте жақсы көретін мұғалімдеріміз болады. Алайда, мектеп бітірер сәтте бұрын ұнатпайтын мұғалімдердің өзін қимай жатамыз.

Уақыттың тез өтуімен қалай мектепті аяқтап қойғанымызды байқамаймызда. Мектеп жылдары - ең алаңсыз және бақытты жылдар. Бір өкініштісі көбіміз мұғалімдерге дұрыс алғыс айтпағанымызды және ең қызық сәттерімізді шынайы бағалай алмағанымызды мектеп бітірер сәтте ғана түсініп жатамыз.

У. М. Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Ж. Н. Алиасқар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз