1932 жылы ашаршылықтың өршеленіп тұрған шағында Қазақстан жазушылар одағының пленумы болып өтті. Бірақ жазушылар ашаршылық жайлы айта алмады. Сол ашаршылықты көзімен көрген, басынан өткізген қазақ жазушыларының суреттері архивте сақталып, тарих бетіне шықты. Олардың арасында ақын-жазушылар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, сонымен бірге актер, режиссер, драматург-Қанабек Байсейтов, қазақ театрының тұңғыш режиссері-Жұмат Шанинде бар.
Ашаршылықтың асқынған кезеңінде жер-жерден жекелеген азаматтар Мәскеуге, Алматыдағы автономия басшылығына аштық қасіреті хабарлаудан бастап, мысалдар айтып дабыл қақты. Өлкепарткомының бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде Ғабит Мүсірепов бастаған Мансұр Ғатауллин-Қазмембаспа меңгерушісі, Мұташ Дәулетқалиев-Комвуз проректорының орынбасары, проректоры-Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев-Госплан энергетика секторының меңгерушісі қол қойған «Бесеудің хаты» жолданды. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері, қазақтар арасында аштан өлудің көбейіп кеткені, осының бәріне «асыра сілтеулер» мен Қазөлкекомның қате саясаты екендігі айтылған. «Бесеудің хатын» ұлтшылдық әрекет деп, хат авторларымен «сауықтыру жұмыстары» жүргізіліп, бір аптадан соң олар Қазөлкекомға өздерін-өздері кінәлап-жазалаған опыну хаттарын тапсыруға мәжбүрлейді.
Орыс жазушысы В.Михайловтың «Хроника великого джута» кітабынан мынадай үзінділерді келтіруге болады: «Ер кісілер ізбен жүріп отырып киіз үйге қарай беттедік. Есікті аштық. Күтпеген жерден қаңырап бос тұрған киіз үйдің ішінен адамның жүрегін шымыр еткізетін жіңішке ысқырық естілді. Бәріміздің денеміз мұздап кетті. Әлде иттің ырылы ма дерсің, әлде мысықтың ызаланып айбын көрсетуіне ұқсас па, бір дыбыс шығады. Жаман шошоланың саңылауынан кішкентай адамға ұқсас сүлбе адамдарға тұра ұмтылды. Үсті-басы қанға боялған. Ұзын шаштары қанға бітіп мұз қырау сияқты түйдектелген, қап-қара екі аяғы сидиған, қара қарғаның мүйіз аяқтарына ұқсайды. Екі көз есі жоқ бейнені танытады, екі беті қанға боялған ернінен жас қанның ағып тұрған ізі көрінеді. Ақсиған тістері жыртқышқа ұқсатады, аузында көбікті қан. Зәре-құты қалмаған төртеуі де мелшиіп тұрып қалады да, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Артына бұрылған кезде жаңағы жәндік ғайып болып кетіпті.
- Бұл не? – деп ентігін басқан Ғабит қасындағы серіктеріне қарайды. Бәрінде үн жоқ. Көпке дейін ешқайсысы да бір ауыз сөз қатпаған. Кейін Қостанайға келген соң жаңағылардың бірі:
- Сендер жаңағыны Жын, әлде Пері деп отырсыңдар ма?! Жоқ ол Жын емес. Мен анық көрдім, айқын көрдім! Ол – адам. Кішкентай бала, қазақтың қызы, 7-8 жастағы...
- Жоқ! Жоқ! – Мүсірепов айқайлап жіберді. Ғабиттің ашу кернеген әлсіз дауысы ұлы адамға тән, бірақ шарасыздыққа толы еді. – Бұл Ашаршылық! Ашаршылықтың көзі! Қарғыс атқан Ашаршылықтың бейнесі...». В.Михайлов осы кітабы арқылы «Біз Гитлерден бұрын Сталинді таныдық»,-деп ақиқатты жазған екен.
Жазушы Зейтін Ақышев өзінің «Зауал» кітабында:
-1934 жылдың мамыр айында Павлодар облысының Май ауданы, Аққұдық деген жеріне 120 пұт егістік тұқым апардық. Ауылға кірдік. Жан жоқ, адам түгіл еш жәндіктің қыбыры жоқ. Ауыл шетіндегі бір үйге кірдік. Еш жанның белгісі білінбейді. Ішке кірдік, бөлме бұрышында бір шымылдық крілген екен, жас жұбайларға арналған болар. Шымылдықты түртіп қалып едім, матасы іріп тұр екен, жұлым болды. Ар жағында екі адамның қаңқасы,
Бірінің ұара шашы ұзын, екіншісінікі қысқа, жас жігіт пен әйел екені, жас жұбайлар екені байқалып тұр. Өлімді құшақтасып қарсы алыпты. Осы көрініс өмір бойы есімнен кетпейді...» ,- жазған. Ғафу Қайырбеков, ақын:
- Әлі есімде, ешкімге айтпай ойнауға шығып кетіппін. Біреу шап етіп қолымнан ұстай алды. Әлсіз қол сияқты, бірақ жібермейді. Жасым сол кезде төрттің ол жақ, бұл жағында. Құдай жар болып, әжем шығып, көмекке адам шақырып құтқарып алды. Сол күннен кейін «жеп қояды, далаға шықпа!» деп күніне бірнеше рет айтатын болды»-деп аштық жылдарының қасіретті күндерін еске алады.
Көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтың балалық шағы аштық жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Анасы туралы жазған естелігінде: «Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербастаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айқайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім... Тура осылай болғандығын шешемнің өз аузынан естігем. Біз атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі соғыста өліп, бірі «халық жауы» боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер соның он жетісі де тірі болғанда бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үй бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде, «сол кезде қызымды қасқырға тастағанша, сені бермеппін» дегені бар», -деп жазған екен.
Нұрғали Мөлдір Бақытжанқызы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі