Өлең, жыр, ақындар

Көктем сәулеті

Қатал қыстың құшағына енген табиғат қыс бойы бір баяу ағынмен марғау қимылдайтын тәрізді. Анда-санда соққан боран, сақылдаған аяз самарқау қысқы дала тіршілігіне бір мезгіл ғана ширақты, қатаң мінез беріп, қатты ашумен аунақшытып алады да, кенет тоқтай қалады. Бұдан кейін дала өзінің қалыпты баяу сарынына түседі. Сірескен көк құздар астында теңіздер мен дариялар да жуас, бір қалыппен жылжиды. Дамылсыз сыбдыраған ағаш бұтақтары да өздерінің шолпыларын жоғалтқандай қозғалады. Сай-салада теңкиген аппақ қырлар. Қаһарлы қыс дүниеге өз тәртібін орнатқандай.

Қатал қыстың бұл тәртібінен тыс өмір, қала мен колхозды ауылда. Адам өз өмірінің қозғалыс үнін әрқашан да бұзған емес. Қала мен колхозда еңбек сарыны үздіксіз жалғасып, тұтасқан бір әуенде алға баса береді, адам өз келбетінің сәні болған еңбек тұтқасынан бір де бір айырылмайды.

Міне, көктем келді. Самарқау дала өміріне бірден әрі көтеріңкі, әрі шапшаң қимыл пайда болды. Сай-салада теңкие сірескен қарлар гүрілдеген су тасқынына айналды, дала шуға толды, көктем өз күйін тартып, өз сарынына басты, тек қана дала тіршілігіне емес, тынымсыз соққан өмір жүрегіне де, еңбек дабылына да көктем айы тағы да бір екпін, тағы да бір шырай әкелгендей... Қала мен даланың өн бойында бір тұтас еңбек маршы осынау көктем айында өзінің бір белесіне шығып, ұлан-байтақ кең далаға жайылғандай. Ала қыстай қар жамылып, қимылсыз жатқан дала өміріне көктем кірді, сол көктеммен бірге еңбек дабылы қағылды, дала тіршілігінің қызық шағы басталды.

Еңбек дабылы! Біздің елде сөздің мағынасы қандай зор. Әрбір совет адамы бұл сөзді өз қимылының үні, өз ісінің өнімі деп біледі. Анығында да еңбек дабылы дегеніміз миллиондар еңбегінің үндес шыққан ырғағы, екпінді қозғалысының жаңғырығы емес пе! Сөйтіп, Отанымызға көктем келді, біздің ел жылдағыдай көктем құшағына еніп, көктем күйіне басты.

Біздің Отанда әрбір үйдің, әрбір адамның бақыты мен болашағын дамылсыз ойлаған советтік Отанымызда әр көктем келер жылдың мол байлығының қайнар көзі тәрізді. Көктем айлары колхозды ауыл өміріне жылма-жыл таңғажайып көрік береді, қыстай марғау өмір сүрген дала келбеті көктем шағында бірден өзгере қалды. Көк мұздар астындағы теңіздер бұзылып, дариялар жуас та, баяу қалпын тез өзгертеді. Көк құздардың тас-талқаны шығып, өзен-дариялар бұрқан-тарқан болады. Кесек-кесек сеңдер бір-біріне соғылады, су өз ернеуінен асып, далаға тартады...

Міне, орман мен тоғайлар көк жапыраққа малынып, әдемі бір хош иіспен сыбдыр қағады. Тоғай іші құстар дауысына толы. Сансыз құстар шырқаған сан алуан ән әуезін көктем оркестрі десе де болғандай. Құлақ салып қараңызшы! Неше түрлі үн, неше алуан күй келеді құлаққа. Бір жерде торғай шырылдаса, бір жерде қаз қаңқылдайды, бұларға әлдеқайдан шыққан аққу дауысы мен құдіретті еңбек әні құйылып, тракторлардың сансыз гүрілі қосылады, сөйтіп неше түрлі ән, неше түрлі күймен дүниені мың құбылтып көктем келеді.

Дала! Көктем даласы. Осы бір шақты сөзбен айтып жеткізу қиын. Дала құшағында туып, дала құшағында өткен біздің қазақтар дала табиғатын шексіз сүйеді, дала жүрегінің соғуын аурудың тамырын ұстаған дәрігер түсінеді. «Түгін тартсаң майы шығып тұр екен...» «Мына жерден малдың құлағы шығып тұр екен!...» — десіп жер сауырына білімпаз ғалымдарша әрі бағалай, әрі сұқтана қарайды.

Осынау жатқан ұшы мен қиыры жоқ дала, бір кезде қазақ еліне әрі азық, әрі пана болып еді, ол заманда қазақтар даланың кең болғанын, қоныстап отырар елдің өз даласында аз болғанын тілеуші еді, өйткені әрі малыма жайылым көп болса, әрі өздері қауіпті жауларынан қашып кең даланы паналайтын. Бүгін мұнда болса, ертең анда болып, із тастап, соңына түскен қауіп-қатерден тез бұлтарып отыратын... Ол ауыр күндер әлдеқашан тас-талқан болды. Октябрьмен бірге қазақ еліне бақыт таңы атты, қорқыныш пен қауіптен сол бір ескі патшалық дүниемен бірге кетті. Еліміз отырықшы, мәдениетті, колхозды елге айналды. Қазақтар енді өзінің ұлан-байтақ өлкесіне қарап тұрып, ат тұяғы мен аңдар жортуылынан басқаны көрмеген әдемі, әсем құнарлы кең далаға ел жиі қонып, әдемі қалалар салынса, өз қазынасын бауырына тығып сіресіп жатқан тыңдар егін жайға айналса екен деп тілейтін болды, дала көркі адам ғой.

Міне, қазақ елінің бұл ойы да, бұл арманы да орындалды. Ғасырлар бойы ұйқыда жатқан қазақ даласына өмір пайда болды, мыңдаған совет адамы дала жүзіне еңбекпен көрік беріп, тіршілік құдіретінің сұлу тұлғасына айналдырады. «Мен осыларға қарап тұрып ертеңгі тамаша болашақтың айбынды да сымбатты келбетін көргендеймін», — дейді колхоз шабаны Тәңкібай қарт.

Мен оның жүзіне сүйсіне, құмарта қараймын. Оның көзінде әдемі бір оттар ұшқыны байқалады, ескі ауылдың ескі шалы емес, жаңа ойлы, байыпты совет адамы.

Біздің көктем біртүрлі көрікті ғой! Ойлап қараңызшы, Отан соғысынан кейін өз шаруашылығын көтеру ісіне жұмылған біздің бейбіт еліміз қандай табыстарға жетпеді! Бүлінгенін жөндеп, асқан ұйымшылдықпен, ұлы жігермен адам айтқысыз ілгері басты. Социализм құрып, коммунизмге қарай беттеді, талай тамаша табыстар көктемін өткізді. Соның бәрін де өзінің қамқор анасындай совет халықтарын лениндік партиямыз бастап отырды. Ардақты партия! Сенің бастауыңмен дүниеге келген өмір әрқашан да өзіңнің бастауыңмен ілгері баса бермек. Сен прогресшіл адам баласының қамқорысың, сенің бар ойың, бар ісің еңбекші адам баласының бақыты мен бостандығына арналған. Сондықтан біздің елде бір адамның жігер-күші шаруашылықты жыл санап нығайтуға, ел салтанатын, өмір көркін түрлендіре беруге жұмсала бермек.

Заводта істейтін жұмысшы өз станогында тұрып советтік Отанын әрі күшті, әрі бай болуын тілейді. Соның үшін өз нормасын екі есе, одан әрі орындайды. Тек нормасын орындағанына мәз болып қарап отырмайды, өз станогының әр тетігіне ой жібереді, тағы да бір жаңалық ашсам екен, станок өз жұмысын бұдан да шапшаң, мінсіз атқаратын болса екен дейді. Осы жолда талай ұйқысыз түндер өткізеді, ақыры жаңа станок ойлап табады, онымен тоқтамайды, тағы ойлайды, тағы ізденеді...

Колхоздағы сауыншы әйел атам заманнан бері алынып келе жатқан сиыр сүтінің аздығына қынжылады, сөйтеді де сауын сиырының желініне үңіледі, ғасырлар бойы азаматқа дос, момақан сиыр өз сүтін әлдеқайда жасырып тұрғандай күдікпен қарайды. Сөйтеді де ойға шомады, түн ұйқысын төрт бөліп, сиырдан сүтті көп алудың амалын іздейді. Амал табылды. Сиыр сүтті бұрынғыдан да екі-үш есе көбейтеді, бірақ сауыншы әйел тағат қылмайды, сиыр сүтін тағы да көбейтсем екен дейді, тағы ізденеді, тағы да ойға кетеді...

Колхоздар мен совхоздардағы тракторшылар жыл сайын көктемде егіс даласына шығады, жыл сайын трактор жүрісіне жаңа екпін беріп, жаңа ойлармен іске жұмылады, былтырғы жеткен нысанасына қанағаттанбай, жаңа бір жұмыс белесін іздейді, жаңа норма табуға күш салады. Сөйтеді де трактордың жер жырту мүмкіндігінің жаңа, ғажайып түрін көрсетеді. Осылайша егіс даласында социалистік жарыс қызып, іс ілгері баса береді, трактористтер бірін-бірі қуып жетіп, басып оза береді, озаттардың жұмыс нормасын. орындауы адам айтқысыз жоғары шығады, бірақ жарыс тоқтамайды.

Осы бір ғажайып ынта мен талап әрбір совет адамының тал бойына қанындай сіңіп кеткен әдеті тәрізді. Әдет адамның екінші қасиеті»,— дейді бір данышпан, міне совет адамдарының қасиеті осындай. Осы ұлы қасиетке сарқылмас күш, жігер беретін тетік — әр адамның бойындағы Отанына, лениндік ұлы партияға деген шексіз махаббаты, әрбір совет адамының Отаным әрі асқан бай, әрі асқан қуатты болса екен адал тілегі. Сондықтан біздің елде ор адам халық байлығына өз қосары әрі мол, құнарлы болуын тілейді.

Әрбір еңбек адамы елін сүйген, партияны сүйген жүрегімен Отанның байлығына үздіксіз үлес қосады. Әрбір жаңа келген көктем айы тынымсыз істеліп жатқан ісімізге, тынымсыз көбейіп жатқан байлығымызға тағы да бір зор қарқын беріп, тағы да бір зор үлес қосады.

Өткен жылғы көктем Қазақстан үшін, Қазақстан үшін деймін-ау, тіпті бүкіл Отанымыз үшін үлкен маңызы бар көктем болды. Тың және тыңайған жерлерге ұлы шабуылды біздің сүйікті партия сол өткен жылдың көктемінен бастады. Осы бір асқан ұлы істің орындалуында Қазақстанға ерекше орын тиді. Біздің колхоздар мен совхоздар жері ұшы-қиыры жоқ жалпақ далада емес не! Оның үстіне ғасырлар бойы еш пайдаға асырылмай жатқан жерлерде есеп бар ма! О шеті мен бұ шетіне атпен алты ай жүресін десе өтірік болмас. Тағы аңдардан басқа ешбір тірі жәндік баспаған сол жерлерге адам назары бірінші рет аударылып, адам қолы бірінші рет тиді. Құнарлы жер өз иесімен мәңгі табысып, өз бойындағы нәрін адам игілігіне арнады. Ұлы іс ұлы елде ғана басталмақ. Ойға алған ұлы жорықты ойдағыдай орындап шығу үшін керекті құрал-жабдықтарына сай, тілектес достарың көп болғаны жөн ғой. Онсыз іс тындыру қиын. Тыңға жасалған шабуыл да ұлы істің басы еді. Дәл сол іс басталар былтырғы көктем сын көктемі болатын. Міне, сол іске аттанар шақта ұлы совет елінің мызғымас ұлы бірлігі, шайқалмас ұлы достығы, ешкім қарсы тұра алмас ұлы күші біздің қазақ сахарасында түйісіп, жұп жазбай тағы бір сын өткелінен өткендей болды, мұны естіген жау жүрегі ауырды, дос жүрегі лүпіл қағып қуанды.

Достық дегенге, халықтар достығы дегенге не жетсін! Жүрегіміздің тынысындай болған Москвадан, қадірлес, туысқан Киев, Минскіден тракторшы, комбайншы достар лек-легімен қаптады. Өзінің туысқаны қазақ елін шын жүректерімен сүйе келді. Қазақ даласының гүлденуіне, ісімен, өнерімен көмектесе келді. Біз де меймандос қазақ жүрегімен қарсы алдық, сүйсіне сүйе қарадық. Бауырлар келісімен іс бұрқырап қайнап кетті, ен далаға 93 жаңа совхоз құрылды, қалалар салынды, құба жондарға айқыш-ұйқыш жолдар түсті. Байтақ далаға соқа тілі сүнгіді. Бір-бірімен қабаттаса шыққан трактор даусы даланы ұйқысынан оятып, жан бітіргендей болды, тамылжыған көктем нұрымен әдемі хош иісті дала құшағына бөленген мыңдаған еңбек ерлері шаттана ән шырқады, орыс әнінің қайратты, сұлу әуезіне украин, белорус, қазақ әндері қосыла көтерілгенде, дала совет халықтарының ұлы достық мерекесіне бөленгендей, таңғажайып сұлулықпен тербетілді. Сөйтіп Қазақстан өз үлесіне тиген 6.300 мың гектар тың және тыңайған жерге егін егу жоспарын екі миллион гектардан артық асыра орындады.

Бұл көктем Отанымыздың астық қорын арттыруда үлкен үлес қосқан көктем болды. Колхоз бен совхоздардың табыстары адам айтқысыз өсті, жеке колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының тұрмыстары бұрынғыдан бірнеше мәртебе көтерілді. Жеке колхозшылар топ-тобымен жеке меншігіне жеңіл машина ала бастады. Өткен жылдың көктемі нәтижесінде Павлодар облысындағы колхозшылардың 84, Ақмола облысындағы колхоздардың 74 проценті миллионер дәрежесіне жетті, республикадағы колхоздардың ақшадай табысы 1953 жылмен салыстырғанда былтыр екі еседен астам өсті. Партия даналығы, совет халықтарының достық көмегі біздің республикада тың жерлерді игерудің алғашқы жылында осындай орасан байлыққа жеткізді.

Биылғы көктем де молшылық көктемі, өткен жылғы табыстарымызды ілгері бастыру, тағы бір ұлы белеске жеткізу көктемі. Құнары мол Қазақстан даласында биыл жаңадан 250 астық совхозы құрылып, тағы жаңа, әдемі, бай қалалар орнайды. Ержүрек, бауырмал ағамыз орыс, туысқан достарымыз украин, белорустар тағы да өздерінің таңдаулы ұл, қыздарын біздің елге көмекке жібереді, тағы да ұлы еңбек дабылы қағылып, тағы да әдемі әндер шырқалады. Осынау бір өмір биіктеріне қарай шырқап бара жатқан еңбек дабылы, Қазақстан даласында күшті де еңбек екпіні талай-талай мәдениетті, әдемі қалалар орнатып жатыр, осы екпін әлі талай фабрикалар мен заводтар да салмақ. Осылайша жылма-жыл өріс тартқан қарқынды еңбек бірер жыл ішінде колхозды ауылдың бейнесін мүлде өзгертіп жіберуі, кішкене селендер орнына көптеген үйлі қалалар, бір қатарлы аласа үйлер орнына екі-үш қатарлы мүсінді, биік үйлер салынуы сөзсіз.

Өткен жыл ел аралап жүріп мен колхоздың гүлдер еккен бақшасына душар болдым. Ішіне кірсем, адам көрінбейді. Сансыз бояулармен қарсы алдымда мың құбылған гүлдер, менің ынтығымды күшейте түсті. Мен бақшаны кезе бердім. Неткен тамаша! Қаз-қатар жамырай өскен түрлі түсті гүлдер ақырын ғана соққан желмен жай ғана тербеледі, гүл үстерін тағы да бір теңбіл бояулармен әшекейлейінші дегендей, сансыз көбелектер гүл шашағына жабыса қалады, немесе ақ шұбар, сары, теңбіл қара болып гүл үстінен жарыса ұшады. Осы бір керемет, әдемі көріністен сен көзіңді алмайсың. Оның үстіне ақырын соққан желі бір әдемі хош иісті бетіңе әлсін-әлі желпіп тұрғандай. Жан-жағыңның бәрі жас, бәрі әдемі.

Мен кеуде кере дем алдым да, қарсы алдымда тұрған бір әдемі гүлді жұлып алайын деп ұмтыла бердім.

— Тимеңіз!

Жалт қарасам бақша иесі...

Көктем жайындағы ой менің есіме сол бір тамаша сұлу гүл бақшасын түсірді. Ойлап тұрсаң, біздің Отан да дәл бір гүл бақшасындай күн санап гүлдеп, ғажайып әдемі көріктерге бөлене береді, әрбір еңбек адамы өзінін, қажымас қайратымен Отан көркіне өрнек беріп, әшекейге толтыра береді. Әрбір еңбек күні ұлы Отанның сәні мен салтанатын бұрынғыдан да асыра береді. Біздің Отан күн санап гүлдеп есе береді. Осы бір көктем көркі де Отан көркіне, Отан сәулетіне ұқсайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз