(новелла)
1
Ұлы мәртебелі Хорикава сынды адамның бұрын тумағаны сөзсіз, келешекте де туа қоюы екіталай. Ұлы мәртебелі дүниеге келер тұста оның қадірменді анасына әулие Дайтокудың өзі аян берген деседі. Қалай болғанда да ол тумысынан өзгеше екен, кәдуілгі күнәкар пенделерге еш ұқсамайтын көрінеді. Ол не істесе де бәріміздің ауыз ашып, көз жұмып қайран қалатынымыз содан болса керек. Тіпті оның Хорикава өзенінің бойындағы сарайының бір өзі неге тұрады — "ғаламат" дей ме, әлгі қалай еді? — ішінде не ғажап жоқ дейсіз, оның бәрінің қалай, қайтіп жасалғанын біз пақыр түсіне де, түсіндіре де алмаспыз. Жұрт ұлы мәртебелі жайлы не қилы кереметтер айтады, оны Ши Хуанди императормен теңдестіреді, тегі, бұл ұлы мәртебелінің ғаламат тұлғасының там-тұм суреттері ғана, ал оны толық суреттеу, түгел тізіп айту мүмкін емес. Алайда ұлы мәртебелі тек өз басының ғана атақ-абыройын ойлап, өз амандығын күйттемейді. Жоқ, ол қандай іске болса да қорашсынбай көңіл бөледі. Оның жомарт жүрегі көппен бірге қуанып, көппен бірге күйінетін.
Мәселен, ұлы мәртебелінің Нидзе сарайына жын-пері, аруақтардың түнгі ойнағы кезінде барып қалғанда да ештеңеге ұрынбағаны сондықтан. Тіпті бекзат Торудың аруағы, елдің айтысына қарағанда, ол әр түн сайын Үшінші Шығыс көшесіндегі Кахарайн сарайына келетін көрінеді, ол сарайда әйгілі храм Митинокудағы Сиогаманың суреті бейнеленген, тіпті сол атақты елес те ұлы мәртебелі бір ақырып қалғанда жоқ болыпты. Ұлы мәртебелінің құдіреттілігі, міне, осындай, сондықтан бүкіл астана жұртшылығы — кәрісі, жасы, әйелі, еркегі бар ұлы мәртебеліні тірі буддадай көреді. Өрік ағашының гүлдеген мерекесінен қайтқанда ұлы мәртебелі мінген күймеге жегілген өгіздер оқыс үркіп, ала қашыпты да, жолшыбай кездескен бір қарияны таптап өте шығыпты, сонда әлгі қария қолын кеудесіне қойып, ұлы мәртебелінің өгіздерін үстінен өткізген тәңірге алғыс айтыпты деседі.
Қысқасы, жағдай осындай еді, сондықтан да ұлы мәртебелінің өмірі жайлы келешек ұрпаққа да айтылар әңгіме жетерлік-тін.
Оның той үстінде қонақтарына отыз бірдей ақ арғымақты қалай сыйға тартқаны, Нагара көпірінің құрылысы кезінде өз ұлын қалай құрбандыққа шалдырғаны, емшілік өнердің құпиясынан хабардар қытай-монахқа өз қалтасынан қуыс жасауға қалай әмір еткені, — қойшы, әйтеуір, толып жатыр, тере берсек таусылмас. Алайда осы сансыз, сан-сапақ әңгімелердің ішіндегі ең қорқыныштысы жібек пердеге салынған тозақ оты суретінің оқиғасы, бұл сурет әлі күнге дейін ұлы мәртебелінің үйінің ең қымбат дүниесі саналады. Өйтпей ше, ғұмыры қобырап-қобалжуды білмейтін ұлы мәртебелінің өзі сол оқиға болғанда есеңгіреп қалды емес пе. Ал оған қызмет етуші біз құсаған бейшаралардың нендей күйде болғанын айтып жеткізу қиын, қу жанымыз шықпай әрең қалды ғой. Тіпті ұлы мәртебеліге отыз жыл ұдайы қызмет қылған мен — дағы дәл сондай сұмдықты бұрын-соңды көрмеген едім, кейіннен де көргем жоқ.
Бірақ бұл оқиғаны баяндамас бұрын, әуелі осы тозақ азабының суретін салған суретші Ёсихидэ жайлы айтқан жөн.
2
Ёсихидэ... оны білетін көне көздер әлі де бар. Ол өте белгілі суретші-тін, онымен өз заманында өнер таластыратын адам ол кезде жоқ болатын. Сол жылдары жасы шамамен елуге жуықтап қалған-тұғын. Сырт қарағанда еш ерекшелігі жоқ, қабағы бір ашылмайтын аласа бойлы, сіңіріне ілінген арық шал.
Ұлы мәртебелінің сарайына үнемі қоңыр сары кимоно, момиэбоси қалпақ киіп келетін. Өзінің мінезі мінез емес-ті, жас мөлшеріне үйлеспейтін қып-қызыл ерні оны әлдебір хайуанға ұқсататын. Біреулер: қылқаламын жалайтын әдеті бар екен, ернінің қызылдығы содан болар деген топшылаулар жасап жүрді, оның анық-қанығын кім білген? Керауыздар Ёсихидэ іс-қылығымен де, түрімен де маймылға ұқсайды дегенді шығарып, оған тіпті "Сарухидэ"-маймыл деген жанама ат жапсырып алыпты.
Айтпақшы, "Сарухидэ" деп айтып қалғасын және бір жағдайды баяндай кетейін. Сол тұста Ёсихидэнің он бес жасар жалғыз қызын ұлы мәртебелінің сарайында камеристка етіп тағайындаған-ды, бұл өзі әкесіне мүлдем ұқсамайтын бір иман жүзді бала болатын. Оның үстіне анасынан жастай жетім қалғасын ба, жастығына қарамастан ойлы, ақылды, кісіге жаны ашығыш мейірбан еді, сондықтан сарай бибісі бас болып бүкіл әйел біткен оны жақсы көретін.
Күндердің бір күні әлдебір жағдайға байланысты Тамба аймағынан келген қонақтар ұлы мәртебеліге қолға үйретілген маймыл сыйлады да, ұлы мәртебелінің қылжақбас ұлы оған Ёсихидэ деген ат берді. Маймылдың түрі онсыз да келісіп тұрмағасын, оның үстіне атының сиқы анандай болғасын сарайдағылар күлмей қайтсін. Тек күліп қана қойса жақсы ғой, кейде одан да зорғысы болып тұратын, санасыз мақұлық анда-санда бақтағы қарағайдың басына шыға қалса немесе бөлмелерге төселген татами-төсенішті былғап қойса, кейбіреулер әдейі қызық үшін әрі суретшінің шамына тию мақсатымен "Ёсихидэ, Ёсихидэ!" — деп айқайға басатын.
Бірде Ёсихидэнің әлгінде мен әңгіме еткен қызы қолына өрік гүлі мен хат ұстап ұзын дәліздің бойымен келе жатқанда, аяғын сүйрете шойнаңдаған маймыл Ёсихидэге қарсы ұшырасады, өзі қолын жарақаттап алып, әдеттегідей баған басына өрмелеп шығуға жарамай қалған тәрізді. Қызық болғанда, маймылдың қуғыншысы ұлы мәртебелінің ұлы екен, қолындағы шыбығын үйіріп:
— Оңбаған, ұрлықшы. Тоқта деймін, тоқта! — деп атойлап келеді.
Бұны көріп Есихидэнің қызы аңырып тұрып қалып еді, маймыл жүгіріп келіп етегіне жабыса кетіп, мұңын шаққандай қыңсылай жөнелді. Қыздың оған қатты жаны ашыды. Қолындағы өрік ағашының бұтағымен: әтіргүл иісі аңқыған жеңін сырып тастап, маймылды аялай құшағына қысты, сөйтті де жас мырзаға бас иіп тағзым етіп, сыңғырлаған сырлы даусымен тіл қатты:
— Бұл бір санасыз мақұлық қой. Рақымшылық жасаңыз, аяй көріңіз.
Осы кезде жас мырза жандарына келіп жеткен-ді. Ол қаһарлана қабағын түйіп, жерді теуіп тепсінді:
— Неменеге ара түсесің? Бұл неме мандариндерімді ұрлап жеп жүр.
— Енді ол мақұлық қой... — деп әлгі сөзін қайталады қыз сәл батылданып, сосын мұңдана жымиып: — Оның үстіне өзін Ёсихидэ деп атайды екен. Демек, сіз менің әкеме ашуланған болып шығасыз ғой, ал бұған мен қайтіп немқұрайды қарайын, — дегенді қосты. Тек сонда ғана барып жас мырза сабасына түсті.
— Солай ма... Егер шынымен әкең үшін өтініш жасап тұрсаң, райымнан қайтып, кешірім етейін, — деп қынжылғандай түр көрсетіп, шыбығын тастап жөніне кетті.
3
Ёсихидэнің қызының маймылмен достығы осы оқиғадан кейін басталған-ды. Қыз оның мойнына әдемі қызыл лентаға өткізілген құйттай алтын қоңырау ілді, онысы ұлы мәртебелінің қызының бұған берген сыйы еді, содан бастап маймыл қыздан бір елі ажырамайтын болды. Тіпті бірде Ёсихидэнің қызы салқын тиіп жатып қалғанда, маймыл тырнағын тістелеп бас жағында отырып алды, оның жүзінде мұң бар еді.
Неғылса да, сол кезден бастап ешкім маймылды бұрынғыдай жәбірлемейтін болды. Қайта ептеп — ептеп еркелетуге көшті, тіпті жас мырзаның өзі оған ара-тұра өрік, талшын тастап жүрді. Ол ол ма, бірде қызметшілердің бірі маймылды теуіп жіберем деп жас мырзаның кәріне ілікті. Осы оқиғадан кейін іле-шала ұлы мәртебелі Ёсихидэнің қызына маймылын алып алдына келуге бұйырыпты.
Қыздың маймылды жанындай жақсы көретінін естігенде ол:
— Әкесін сыйлайтын жақсы қыз екен, — депті деседі.
Сөйтіп, қыз ұлы мәртебелінің рақымымен сыйға алқызыл акомэ алады. Ал соңынан маймыл да акомэнің шетінен ұстап қызығып қарағандай түр көрсеткен кезде ұлы мәртебелі тіпті көңілденіп кетіпті. Істің жайы осындай, демек, ұлы мәртебелінің Ёсихидэнің қызына рақымы түсуі де кейбіреулер айтқандай, әйелқұмарлығынан емес, қыздың әкесі аттас маймылды жақсы көруінен, яки, сол арқылы әкесін жақсы көретінін дәлелдеуінен.
Рас, әлгі өсектің шығуы да себепсіз емес-ті, бірақ ол жайлы бір реті келгенде тәптіштеп айтып берермін.
Әзірге айтарым, қанша жерден көрікті болса да жай суретшінің қызына көз салатындай ұлы мәртебелі анау-мынау адам емес.
Сонымен, Ёсихидэнің қызы ұлы мәртебелінің алдынан қошемет-құрметке бөленіп шықты, бірақ тумысынан есті қыз ешқандай дандайсыған мінез көрсетпей, жібектей есіле түскендіктен өзге камеристкалар іштарлық жасамады. Керісінше, қыздың өзін де, маймылын да еркелетіп, өбектей түсті, енді ол жас ханшаның жанынан бір елі қалмай, серуендегі ең тұрақты серіктесі боп алды.
Әйткенмен енді қыз жайлы әңгімені осы жерден доғара тұрып, оның әкесі Ёсихидэнің жайын сөз етейін. Иә, елдің бәрі маймылды жақсы көріп кеткенмен, Ёсихидэге еш іштері жылымады, оны бұрынғыдай жек көріп, сыртынан Сарухидэ деп кемсітіп жүрді. Және бір сарай ішіндегілер ғана емес еді жек көретін. Мәселен, Екогаваның пірәдары Ёсихидэнің атын естігенде сайтанның өзін көргендей түсі бұзылып, тырысып-бырысып қалатын. Қаншалықты рас-өтірігін білмеймін, Ёсихидэ пірәдарды сайқымазақ суреттерінде бейнелепті деседі, бірақ сөз тексіз қызметшілерден шыққандықтан оның айдай ақиқат екеніне кепілдік ете алмаймын. Не дегенмен де Ёсихидэ жайлы оңған пікір айтатын адам жоқтың қасы-тын. Оны жамандамайтын тек өзінің бір-екі жолдасы еді. Сосын оның суреттерін ғана көрген, өзін білмейтін адамдардың жамандамауы мүмкін.
Әйткенмен Ёсихидэнің түрі ғана сиықсыз емес-ті, мінезі де бір жексұрын болатын, өзі де сонысы үшін әбден көресісін көріп жүрді.
4
Ал оның мінезінің сиқы мынадай еді: су шығармас сараң, ұялуды білмейтін бетпақ, жалқау, ашкөз, ол аз болса шадыр, өркөкірек. Бүкіл елде менен өткен суретші жоқ деп ойлайтыны бар болмысынан көрініп тұратын. Егер мәселе тек сурет өнеріне тіреліп қойса бір сәрі ғой, өзге істерде де өзеуреп қоймайтын, тіпті біреулердің мінез-құлқын сынап-мінеп, түрлі әдет-ғұрыптарды жаратпай отырарын қайтерсіз. Ёсихидэнің қартаңдау бір шәкірті маған мынандай оқиғалар айтып еді. Бірде әлдебір ақсүйек әйелдің үйінде әйгілі абызғайша Хигакиге құдай аян беріп, ол жан түршігерлік қорқынышты дауыспен болжау жасай бастайды, сөйтсе Ёсихидэ құлақ қойып тыңдағанның орнына қылқаламын алып, аспай-саспай абызғайшаның әлемтапырық жүзін салуға кірісіпті. Сонысына қарағанда, аруақтың аян беруі дегенді баланың сандырағы санайтын болса керек.
Міне, оның бары осы, құдай-ана Киссетэнді кескіндегенде де жай бір жеңілтек әйелдің суретін сала салуы, Фудо құдайдың суретін қаныпезер қылмыскердің түрінен айнытпауы қай бір оңғандығынан дейсіз, оның бүлдіргені бір бұл емес, сорақы істері жетеді, мұның не деп кінәлағандардың сөзін құлағына да қыстырмайды. "Қайтер дейсіз, ары кетсе Ёсихидэ суретін салған құдайлар одан өш алар. Қайта қызық емес пе?" — деп күлкіге айналдырады. Оның бұндай сөздері әуелі шәкірттерін де шошындыратын, көпшілігі ертеңгі күнін ойлап бұдан тезірек құтылудың қамын жасады. Қалай болғанда да, ол бұл ғаламда өзінен асқан адам бар деп әсте ойламайтын.
Ал Ёсихидэнің сурет өнеріндегі жетістігі жайлы айтудың өзі артық. Рас, оның суреттері бедері мен бояуы жағынан өзге суретшілердің салғандарынан өте қатты ерекшеленетін де, дұшпандары мен кейбір әріптестері оны сыртынан көз бояушы деп сөгетін. Олардың сөзіне қарағанда, Каванари, Кагаока немесе басқа да белгілі суретшілердің суреттеріне байланысты халық арасында небір әдемі әңгімелер айтылатын көрінеді, мәселен, әдемі суреттермен әшекейленген жарма есіктен айлы түндері өріктің жұпар иісі аңқиды-мыс немесе жібек пердеге кескінделген сарай қызметшілері сызылтып сыбызғыда ойнайды-мыс. Ал енді Ёсихидэнің суреттері жайлы әңгімелердің жөні түзуі жоқ. Мысалы, Ёсихидэ Рюгайдзи храмының қақпасына салған "Өмір мен өлім арпалысы" деген суретке қатысты әңгіме мынадай: түнде қақпадан өткен адам құдайға сенбейтін күнәкарлардың ыңыранған, өксіген даусын естиді-міс. Ол аз болса, сол қақпадан өткенде мұрынға борси бастаған мүрделердің иісі келеді деушілер де табылды. Ал ұлы мәртебелінің бұйрығымен салынған әйелдердің портреттері ше? Сол портреттерде бейнеленгендердің қай-қайсысы болмасын үш жыл өтпей жатып-ақ кеуделерінен біреу жанын суырып алғандай сүлесоқ ауруға ұшырап, өліп тынатын көрінеді деседі. Керауыздардың сөзіне сенсең, Ёсихидэнің суреттерінің жын-перімен байланысы бар.
Бірақ Ёсихидэ, әуел баста айтқандай, жаратылысы өзге адам болғандықтан, әлгіндей сан-сапалақ өсектен қыңбайтын, қайта асқақтай түсетін, бірде ұлы мәртебелі әзілге сүйеп: "Сені кейіпсіздікті, кеспірсіздікті жақсы көреді дейді, сол рас па?" — деп сұрайды, сонда суретші жасына лайық емес қызыл ернін езулете қисайтып, жаратпай күліп: "Иә, кеудесі кепедей өзге суретші-сымақтар кеспірсіздіктің кереметін бұл жалғанда түсінбес", — деп менменси жауап беріпті. Тіпті ол расымен-ақ елдегі ең бірінші суретші болсын, бірақ ұлы мәртебелінің алдында осыншама ордаңдағаны келісімсіз-ақ. Мен әуелде бір әңгімеге кірістірген шәкірттің оған осы менмендігі, дандайсып кеткені үшін "Тираэйдзю" деп ат қоюы тегін емес. Сіздер, сонау бір заманда Қытайдан біздің елге келген сайтанның атының "Тираэйдзю" екенін білетін шығарсыздар.
Бірақ тіпті осы Ёсихидэнің, дүниеде ештеңені, ешкімді мойындамайтын тас мінез адамның да бір қастерлі сезімі бар-тын.
5
Ёсихидэ жалғыз қызын, сол сарайда камеристка болып жүрген қызды бар ынта-шынтымен жақсы көретін. Қыздың да әкесіне тым мейірімді, мейірлі екенін әуелде айтқан-ды, ал әкесінің оған деген нен кем соқпайтын; әншейінде садақаға шығармайтын адамның қызына көйлек, қажет болғанда ақшасын аяусыз шашатын сенбессіздер де.
Әйткенмен, Ёсихидэнің қызына деген ма жақты-тын, оны қанша аялап, үлбірет-жақсы көргенмен, жақсы күйеу тауып, құтты орнына қондырсам деген ниеті болған емес. Қайдан олай болсын. Керісінше, қызын қызғыштай қоритын, алда-жалда оған біреу көз салса, жендет жалдап әлгі жүрек жұтқан сабазды өлтіртуден тайынбайтын. Сондықтан да ұлы мәртебелінің бұйрығымен қызын камеристка етіп тағайындағанда, шалдың қатты ренжігеніне де, тіпті ұлы мәртебелінің көзінше жаратпағанын жасырмай тыржыңдап отыратынына таңдануға болмайды. Ұлы мәртебелі қыздың көркіне қызыққаннан әкесінің қарсы болғанына қарамастан сарайда ұстайды екен деген сөздің шығуы да содан болса керек.
Әлгі қаңқу сөздер қанша негізсіз болса да, Ёсихидэнің жанындай жақсы көретін жалғыз қызын сарайдан әкетуге неше мәрте әрекет жасағаны рас. Бірде ұлы мәртебелінің бұйрығымен Мондзо періштенің суретін салғанда, ұлы мәртебелінің сүйікті баласының кескінінен айнытпай әдемі етіп бейнелегені сонша, әбден разы болған ұлы мәртебелі:
— Еңбегіңе не тілесең де берем. Қысылмай тілегіңді айт, — деді.
Сонда Ёсихидэнің әй-шай жоқ: — Өтінемін, қызымды жібере көріңіз, — деп қойып қалғаны бар емес пе.
Басқа сарайларда жағдай өзгешерек, ал ұлы мәртебелі Хорикаваға қызмет етушілердің айы оңынан туған, өздерін еркін, ерке ұстайды, олай болмаса дәл әлгіндей даңғой өтініш айтылар ма еді? Бұл тіпті соншама мәрт ұлы мәртебелінің де қитығына тисе керек, ол біршама Ёсихидэнің бетіне үн-түнсіз қарап отырды да: "Болмайды", — деп кесіп айтып, тез орнынан тұрды. Және бұл жағдай осымен тынған жоқ, бірнеше рет қайталанды. Қазір есіме алып қарасам, әлгі өтініш әр қайталанған сайын ұлы мәртебелінің Ёсихидэні жаратпауы, қырын қарауы үдей түскен екен. Оның үстіне әкесінің жағдайын ойлап қам жеген қызы да камеристкалардың бөлмесіне жиі келіп, жеңін тістелеп жылайтынды шығарды. Сол-ақ екен, Ёсихидэнің қызына ұлы мәртебелінің көңілі құлапты-мыс деген өсек бұрынғыдан бетер гулей жөнелді. Кейбіреулер тіпті тозақ оты суретінің салынуына сол қыздың ұлы мәртебелінің дегеніне көнбегендігі себеп болыпты десіп жүрді, бірақ олай емес екендігі әмбеге аян.
Меніңше, ұлы мәртебелінің Ёсихидэнің қызын босатпағанының себебі оған жаны ашығандығынан, жас қыздың тағдырына қам жегендігінен.
Ол қыз тағдырына жанашырлықпен қарап, ноқай әкесінің нұқуында жүргенше менің сарайымда еркін, ерікті өмір сүрсін деп ойласа керек. Үріп ауызға салғандай әсем қызға ерекше рақымы түскені рас. Бірақ бөтен ойы, бөгде тілегі болған емес. Солай деп пыш-мыштасқандардың бір сөзінің растығы жоқ, нем кетедінің керімен айтыла салған негізсіз дақпырт.
Қойшы, сонымен Ёсихидэ қызын қызғыштай қоримын деп жүріп жұртқа әбден жек көрінішті болған кезде, нендей ойға келгенін кім білсін, әйтеуір, ұлы мәртебелі аяқ астынан Ёсихидэні өзіне шақыртып алып, тозақ азабын бейнелейтін сурет салуға бұйырды.
6
Тозақ азабының көрінісі десем болды-ақ, көз алдыма сол бір сұмдық сурет тартыла қалады.
Тозақтағы азапты бейнелейтін өзге суреттермен салыстырғанда Ёсихидэнің салғаны мүлде ала бөтен басқа дүние. Жарма есік ұқсатып жымдастырылған қос мерденің біреуінің бір шетіне ұп-ұсақ етіп жыпырлатып тамұқтың он бекзаты салынған, ал қалған жердің бәрін жойқын жалын жайлап алған, бейне қанжар іспетті істік ағаштар көмкерген қия шыңды таулар жанып жатқандай. Тек әр-әр жерде қытайша киінген тамұқ қызметшілерінің сұлбалары, сары, көк дақтанып көрінеді демесең, жер әлемнің бәрін алқызыл алау ораған, жалаңдаған жалын тілдерінің ортасында мандзи кресіне ұқсап иілген қара түтін, жан-жаққа ұшқан мың-сан алтын жарықшақтар.
Тек осы көріністердің өзі ғана көз суырып, қылқаламның ғаламат құдіретін еріксіз мойындатады, ал тозақ отына жанып жандары қиналған күнәкарлар өз алдына бір әңгіме, тозақты бейнелейтін үйреншікті суреттерден бұндай көріністерді емге таппайсыз. Ёсихидэ бейнелеген күнәкарлардың арасында түрлі дәрежедегі адамдар: айтулы ақсүйектерден бастап, тұлдыры жоқ қайыршыға дейін бар. Малынып киінген маңғаз сарай әйелдері, үлде мен бүлдеге бөленген әсем бибі-бикелер, таспиық ұстаған будда-сопылар, ағаш табан сүйретпе киген жас малайлар, тобығына түскен тар көйлек киген жасөспірім қыздар, асай-мүсей арқалаған балгерлер — кім жоқ дейсіз мұнда, тізе беруге төзім жетпес. Аспанға атылған алау мен түтін ішінде, ат басты, бұқа мүйізді тозақ малайларының азаптауынан арылмаққа жанталасқан сорлы пенделер жел қуалаған жапырақтар құсап жан-жаққа шашырай қашқан. Әне бір тұста шашынан ашаға ілінген бір әйел, сыңайы абызғайша сияқты, аяқ-қолы өрмекшінің аяғы құсап тарбиып, иіліп-бүгіліп жанталасуда. Ал мына бір еркек түріне қарағанда әкім тәрізді, кеудеден кірген семсер арқасынан бір-ақ шығып, жарқанат құсап жарбиып, басы аяғынан келіп салбырап тұр. Енді біреуді темір таяқпен осқылап жатса, екіншісі мың адам орнына қозғалта алмас үйдей таспен жаншылап қалыпты, ал үшінші бір күнәқарды жыртқыш құс шұқып жеп қан-жоса етсе, бағзы біреуі улы аждаһаның сойдақ тісіне ілініпті, қысқасы, азаптың түрін түгендеп біту мүмкін емес, несін айтасыз, күнәкар да көп, азаптаудың түрі де қилы-қисапсыз.
Әйткенмен бәрінен де сұмдығы — жыртқыш аңның азу тісіне ұқсаған қанжар ағаштың төбесінен төмен қарай құлдилап құлап келе жатқан күйме. Тамұқ желі желбіреткен қамыс перденің ар жағында небір асылдан тігілген киіміне қарап текті әйел санауға болатын жас әйел қара шашы жайылып, аппақ мойны артқа қарай шалқайып, тірідей отқа жанып бара жатыр, аласұрған әйел, от ораған күйме, екеуінің қай қайсысы болсын тозақ отының азабын көз алдыңызға айнытпай елестететін көріністер-тін. Бейне, суреттің бар сұмдығы-бір ғана әйел бейнесіне жиналғандай. Бұл суреттің адамзат ойынан, адамзат қолынан шықты деуге келмейтін ғажаптығы сонша, оған қарап тұрып құлағыңа әлдебір қорқынышты қырыл, азапты айқай естіледі.
Иә, бұл суреттің жайы осындай және мен сөз еткелі отырған сұмдық оқиға дәл осы суреттің салынуы үшін арнайы жасалған-ды. Онсыз, яки сол оқиғасыз, тіпті Ёсихидэнің өзі де дәл осындай ғаламат тозақ азабын бейнелей алмас еді. Осы суретті сапам деп о сорлының көрмеген көресісі, тартпаған тауқыметі жоқ, тіпті өмірден түңіліп бітті-ау. Мына суреттегі тозақ — өз елінің бірінші суретшісі болған Ёсихидэнің де тартпақ азабы, бармақ тозағы десе де болғандай.
Тәрізі, мен осынау ғаламат тозақ азабы суретінің сипатын қайтсем айтып жеткізем деп тым асығыңқырап, сөзімді шашыратып алдым-ау деймін. Онда мен енді әңгімемді рет-ретімен, жүйелеп айтуға тырысайын, сөз басы Ёсихидэнің ұлы мәртебеліден қалай тозақ азабының суретін салуға жарлық алғаны жайлы болсын.
Хош, сонымен Ёсихидэ тозақ азабының суретін салуға бар ынта-жігерімен кіріскені сонша, бес-алты ай бойы ешкімге көрінбей, сарайға ат ізін салмай қойды. Бір қызығы, ол өзіне-өзі: "Ал енді іске кірістім", — десе-ақ болды, дүниедегінің бәрін ұмытатын, тіпті жанына балаған жалғыз қызын да естен шығаратын. Ёсихидэнің бір шәкірті, ол жайлы сәл бұрнағырақ сөз еткенмін, маған: "Ёсихидэ сурет салуға кіріскенде кеудесін жын жайлағандай аласұрып, арқасы қозып кетеді", — деген-ді. Шынында да, сол кездері Ёсихидэ айтулы суретші болу үшін бар қызықтан бас тартып, бұл дүниеден түк көрмей өтейін деп, құдайға ант етіпті-мыс дескен сыбыстар шығып еді. Тіпті баз біреулер: "Ёсихидэнің жұмыс істеген сәтін жасырын бағып байқасаң, оның төңірегінде түрлі сайтан-ібілістің елестері ербеңдеп жүргенін көруің шүбәсіз" дегенді айтып жүрді. Әйтеуір, қалай болғанда да, оның қолына қылқалам ұстаған сәттен бастап, бар ғаламды ұмытып, салмақ суретінен басқаны ойдан шығаратыны айдай ақиқат-ты. Ондай кездері есік-терезесін тарс жауып, жалғанның жарығын көрмей күні-түні отыратын еді. Ал тозақ азабының суретін салған тұста есірік шалғандай мүлдем еліріп кетті. Ол ол ма, енді тіпті күндіз де пердесі бір ашылмайтын қапас бөлмесіне тығылып алып, білте шамды ғана сықситып, тірі жан білмейтін түрлі әдіс-тәсілмен бояу езіп, шәкірттеріне біресе суйкан біресе каригину кигізіп, әр қырынан суретке салып сергелдеңге түсіпті. Өзі әуел баста-ақ осындай өрескелдіктерге әуес-ті, тозақ азабының суретінен бұрынғы жұмыстарында да осы әдісін қолданған көрінеді. Рюгайдзи храмының қабырғасына "Өмір мен өлім арпалысы" суретін салған тұста жолда жатқан өліктердің жанына отырып алып, ұзақты күнге мүңкіген мүрделердің іріп-шіріген қол-аяқтарын қағазға айнытпай түсірумен болған екен деседі, жөні түзу адам сөйтер ме. Оның бұнысы неғылған төтенше құштарлық екенін кім білсін, біз құсаған пендеге оның жайын түсіну қиын. Бәрін жіпке тізгендей етіп айтуға қазір уақыт тапшы, тек ең мәнді-маңыздыларына тоқталмасам.
Бірде Ёсихидэнің көп шәкірттерінің бірі бояу езіп отырса (сол мана мен сөз еткен шәкірт) суретші оның қасына келіп:
— Кішкене көз іліндіріп алсам ба деп едім. Тек кейінгі кездері жаман түстер көріп ұйықтай алмай жүргенім, — депті.
Шәкірт оның бұл сөзінен еш өрескелдік көрмей, жұмысынан бас көтермеген күйі:
— Жақсы, — деп қысқа қайырады.
Алайда Ёсихидэ кете қоймайды, бір түрлі мұңайған, қысылған түрмен.
— Мен ұйықтаған кезде қасымда отыра тұрмайсың ба? — деп өтініш етеді.
Ұстазының көрген түсіне соншама мән беріп, көңіліне алғаны шәкіртке тосын көрінеді, сөйтсе де оның өтінішін орындауға келіседі. Сөйтсе ұстазы сол әлденеге абыржыңқыраған, қысылған күйі:
— Онда ана төменгі бөлмеге бар. Өзге шәкірттер келе қалса, үстіме кіргізбе, — дейді.
Оның сілтегені өзі сурет салатын бөлмесі еді, есік-терезесі тұмшаланған бөлме ішіндегі тек тушьпен ғана қаңқасын келтіріп қойған тозақ азабының суретіне шамның көмескі жарығы түсіп тұр. Екеуі сол бөлмеге келіп кіргесін Ёсихидэ қолын жастанып жатып, қатты қажыған, шаршаған адамның кейпімен қатып ұйықтап қалады. Содан бір жарты сағаттай өткенде, шәкірт оның бір түрлі ыңырсыған, қиналған дыбысын естиді.
8
Әуел баста бәсең шыққан ыңырсу, ыңыранудың аяғы былдырлауға ұласады, суға батып бара жатып қақалып-шашалып айқайлағанға, көмекке шақырғанға ұқсас бірдеңе.
— Не дейсің?— Маған кел деймісің? Қайда келейін? — Тозаққа кел. От ораған тозаққа кел. — Кімсің сен? Қайсысың менімен сөйлескен? Кімсің? — Сен қалай ойлайсың, кім ол?
Шәкірт еріксіз бояу езгенін қоя қойып, үрпиіп шеберге қарайды: қарттың әжімді жүзін шып-шып тер басып, бозарып кетіпті, бейне тұншығып, ауа қармалап жатқандай аузы аңқиып ашылып, ерні кеберсіп, сирек тістері аннан бір, мыннан бір сойдиып-сойдиып көрінеді. Ал аузының ішінде әлдене жіппен тартқылағандай жылдам-жылдам шорши қозғалады, — байқаса, онысы шебердің тілі екен. Үзік-үзік сөздер осы тілден туындап жатса керек.
— Сен қалай ойлайсың, кім ол?
— Иә, бұл сенсің. Өзім де солай ойлағанмын. Сен мені әкетуге келдің бе? — Кел дедім ғой мен саған. Тозаққа кел Тозаққа... тозақта мені қызым күтіп отыр.
Шәкірттің денесі түршікті. Кенет оған сурет салынған пердеден әлдебір елестер, селтеңдеген көлеңкелер секіріп түскендей болып көрінді. Шәкірт жалма-жан Ёсихидэнің иығынан шап беріп, жанұшыра жұлқылауға кірісті, бірақ шебер оянар болмады, ұйқысырап қоймады. Ақыры шәкірт қылқалам жууға қойылған судан алып ұстазының бетіне бүрікті.
— Ол күтіп қалды, күймеге отыр, осы күймеге отырып тозаққа кел!
Сол мезет сөйлеушінің тамағынан біреу қыса қойғандай былдыр-былдыр сөздің аяғы ыңырсуға ұласты да, Ёсихидэ көзін ашып алды, сосын біз сұғып алғандай атып тұрды. Тәрізі, әлгіндегі тосын түстің елестері әлі де көз алдынан сейіле қоймаған сияқты. Біразға дейін аузы ашылып, әлдеқайда тесірейе қарап отырды да, ақыры есін жиды, сосын кенет дөрекі дауыспен:
— Мен тәуірмін, кете бер, — деді.
Шеберге қарсы келіп абырой таппасын білетін шәкірт дереу бөлмеден тайып тұрды, содан жарыққа шыққасын нақ шебер емес, өзі жаман түстен шошып оянғандай жеңілейе тыныстады.
Бірақ бұл да әншейін нәрсе ғой, бұдан да зорғысы болып жатады, мәселен, әлгі оқиғадан бір ай кейін Ёсихидэ бөлмесіне басқа бір шәкіртін шақыртты, ол келіп кіргенде, суретші шамның көмескі жарығында қылқаламды тістелеп ойланып отыр екен, дереу жалт бұрылып:
— Саған бір өтінішім бар: тыр жалаңаш шешінші, — дейді.
Шебердің бұндай бұйрық беруі бір бұл емес-тін, бұрын да талай рет өстіген-ді, сондықтан шәкірт тілге келместен киімін сыпырып тастады. Сөйтсе Ёсихидэнің өңі өзгеріп, бет-жүзі қисайып кетеді.
— Шынжырланған адамды көрсем деп едім, сондықтан бір тілегімді орындауыңды өтінемін, — дейді сосын беті бүлк етпестен.
Әлгі шәкірт анау-мынау өлексе біреу емес, екі иығына екі кісі мінгендей денелі жігіт болатын, оған қылқаламнан гөрі семсер ұстаған жарасар еді, міне, тіпті соның өзі осы тұста қатты қорқып кетсін. Кейіннен осы оқиға жайлы айтқанда, ол ылғи: "Осы жынданып кеткеннен сау ма, мені өлтірмек ниетте емес пе екен деп ойладым мен сонда", — дейтін. Сосын не керек, шәкіртінің состиып тұрып қалғаны жынына тиген шебер әлдеқайдан жіңішке темір шынжыр әкеліп, бейнебір қас жауына ұмтылғандай шәкіртіне тарпа бас салып, қолын артына қайырып ұстап, бүкіл денесін шынжырмен шандып тастайды, сосын шынжырдың бос ұшынан ұстап тартып қалғанда шәкірт тәлтіректеп, еденге ұзынынан сұлап түседі.
9
Дәл сол сәтте шәкірт аяғы көктен келген сакэ құйылған шөлмектен аумай қалып еді. Қол-аяғы аяусыз қайырылып, тас қылып байланғандықтан ол тек басын ғана қозғалта аларлықтай халде – тін. Оның үстіне шынжыр шәкірттің онсыз да тып-тығыз денесін бунақ-бунақ етіп қатты қысқандықтан тек беті мен төсі ғана емес бүкіл тәні күреңітіп кеткен-ді. Бірақ бұған көңіл аударған Ёсихидэ болмады. Домалаған шөлмек құсаған дененің ана жағына бір, мына жағына бір шығып, әлдебір суретті долбарлауға кірісті. Шынжырланған шәкірттің қандай күйде болғанын, қалай азаптанғанын айтып жеткізу қиын-ақ.
Бүл күй әлі біршама созылар ма еді, кім білсін, егер бір кездейсоқ жағдай келіп килікпесе. Абырой болғанда (мүмкін, сор болғанда деген дұрысырақ шығар), бөлменің бір бұрышында тұрған саз құмыраның тасасынан Қарамайға ұқсаған әлдене ирелеңдеп шыға келсін. Бастапқыда әлгі зат жай жылжыған сияқты еді, біртін-біртін қимылы шапшаңдап, жалт-жұлт етіп шәкірттің нақ мұрнының тұсына тақап қалды. Сол тұста шәкірт бар күшін жиып, жанұшыра: "Жылан, жылан!" — деп қырылдады. Кейіннен өзінің айтуына қарағанда, дәл сол минутта бүкіл денесіндегі қаны қатып қалғандай болыпты, жылан тіпті өзінің улы тілін шәкірттің шынжыр қиған мойнына қадауға шақ қалыпты. Бұл тосын көрініс қайырымсыз Ёсихидэні де үрейлендірсе керек. Жалма-жан қылқаламын тастай салып, дереу жыланның құйрығынан шап береді де жоғары көтереді. Жылан басын қақшитып, ирелеңдеп, қанша шиыршық атса да оның қолына жете алмайды.
— Сенің кесіріңнен тәп-тәуір сурет бүлінді, — деп Ёсихидэ тістене қырылдап, жыланды бөлме бұрышындағы құмыраның ішіне тастай салады, сосын барып шәкіртін шынжырдан босатады. Бар болған біткені осы, ол тіпті шәкіртіне алғыстың емеурінін де білдірмейді. Сыңайы, оны шәкіртін жылан шағып ала жаздағаны емес, суреттің салынбай қалғаны қынжылтса керек. Соңынан әлгі жыланды суретін салу үшін әдейі ұстағаны анықталды.
Бір осы оқиғаның өзі-ақ оның жұмысты қалай ділін салып істейтінін көрсетпей ме? Әйткенмен, ақыры бастап қалғасын тағы бір он үш-он төрт жасар шәкіртінің осы тозақ азабы суреті үшін мүрдем кете жаздағанын айта кетейін. Әлгі шәкірттің тәні әйел тәніндей аппақ болса керек. Бірде кешкісін шебер шәкіртті бөлмесіне шақырады, ойында ештеңе жоқ шәкірт есікті ашып кіріп келсін. Қараса, Ёсихидэ шамның көмескі жарығымен әлденендей құбыжық құсқа ет шоқытып отыр екен. Құстың үлкендігі, шамамен, мысықтай. Оның үстіне қос құлақ құсап ербиген қауырсыны мен доп-домалақ сарғыш көздері мысыққа қатты ұқсап-ақ тұр еді.
10
Ёсихидэ сырт біреудің өз ісіне араласқанын жаратпайтын. Әлгіндегі жыланның қайдан келгені де беймәлім, жалпы ол бөлмесінде не ұстайтынын, ішінде не болып жатқанын шәкірттеріне айтқан емес. Бірде үстелінде адамның бас сүйегі тұрса, бірде күміс шарлар немесе сырланған подностар жататын; әрбір жаңа сурет салған сайын әлдеқайдан не қилы тосын заттар тауып әкелетін. Соңынан әлгі заттарды қайда жіберетінін және ешкім білмейді. Оны бақ-дәулет құдайы қолдап-қоштайды-мыс деген әңгіменің шығуы да осыдан болса керек.
"Сондықтан да мына құбыжық құс тозақ азабын салуға керек болған болар" деп шешкен шәкірт ұстазының алдына келіп ізетпен иіліп:
— Қызметіңізге әзірмін, — деді.
Бірақ Ёсихидэ оның сөзін естімегендей өзінің шектен тыс қызыл ернін бір жалап алып, иегімен құсты мегзеді.
— Қалай, әбден қолға үйретілген неме емес пе, ә?
— Нендей құс өзі? Ғұмырымда көрмеппін, — деді шәкірт мысыққа ұқсаған құлақты құсқа үркектей қарап.
— Көрмедім дейсің бе? — деп мырс етті Ёсихидэ. — Қалаша тәрбиеленгеннің кесірі. Бұл құсты жапалақ деп атайды, курамалық бір аңшы бірер күн бұрын сыйлап еді. Тек бұл бәлелердің қолға үйретілгені кемде-кем.
Солай деп ол алдындағы астан жаңа ғана бас көтерген құсқа жайлап қолын тигізді, құйрығынан мойнына қарай бір сипап өтті. Содан кейін не болды дейсіз ғой? Әлгі құбыжық неме құлақ жара шаңқылдап, қанатын далпылдата үстелден көтерілсін, сосын тырнағын тарбитып шәкіртке тап берсін. Алда-жалда ол жүзін жеңімен жауып үлгермегенде бетін қан-жоса қылар еді. Үрейі ұшқан шәкірт жеңін желпілдетіп жапалақты жасқап еді, құс тұмсығын сақ-сақ еткізіп, тағы тап-тап берді, енді шәкірттің әдеп сақтап тұруға мұршасы қалмады, ұстазынан жасқанғанды қойып, тар бөлменің ішінде шыр айналып тұрып та, отырып та құстан басын қорғаштап бақты, ал құбыжық құс одан қалар болмады, біресе жоғары көтеріліп, біресе төмендей ұшып, көзін шұқудың оңтайлы сәтін іздейді. Сөйтіп жүріп қанатын далпылдата қаққаны сонша, байғұс шәкірттің мұрнына күзгі сары жапырақтың иісі, маймылдар ағаштың қуысына тығып қойып, сонда жата-жата шіри бастаған жемістердің иісі келді ме-ау, құлағына сарқыраманың шуылы естілді ме-ау, әйтеуір, бір сұмдық күйді бастан кешірді. Тек "сұмдық" деген жеткіліксіз болар, бейшараның жүрегі аузына тығылып, шамның көмескі жарығы ай сәулесі сияқтанып көзін қарықтырды, ал ұстазының бөлмесі иесіз тау ішіндегі жын-пері жайлаған шатқал құсап елестеді.
Әйткенмен шәкіртті шошытқан жапалақтың тап беруі ғана емес еді. Жоқ, оның төбе шашын тік тұрғызған сұмдық ұстазы Есихидэнің бұның жаны үшін жасаған жанталасына міз бақпай қарап тұруы-тын. Тек бедірейіп қарап тұрса да бір сәрі-ау, аспай-саспай қағазды жайып тастап, қылқаламды суырып әйел тақылеттес ақ тәнді жас жігітті құбыжық құстың қалай қинағанын сала бастады емес пе. Бұны көрген шәкіртінің жаны бақайының басына бір-ақ барды, ол тіпті шебер өзін өлтірмек ниетте болар деген ойға келеді.
11
Шынында да, шебердің қолынан кісі өлтіру келмейді деп кесіп айту мүмкін емес-ті. Өйткені шәкіртін шақыртқандағы мақсаты көрер көзге бадырайып көрініп тұрған жоқ па, яки оны құсқа шоқытып қойып, жанталасқан кейпін суретке салып алу. Сондықтан, шебердің не шаруамен айналысып жатқанын көріп түңілген шәкірт басын жеңімен жауып алып, бір уыс боп бүрісіп, есікке таяу бұрышқа тығылып бар даусымен бақыра бастады. Тек сонда барып Ёсихидэ үрейлене дауыстап атып тұрды, бірақ үріккен құс болмады, қайта қанаты қаттырақ далпылдап есіре түсті, міне, осы кезде барып әлдене құлап, қирап қалғандай қатты гүрс еткен дыбыс естілді. Жаны кеудесінен шығуға шақ қалған шәкірт еріксіз селк етіп басын көтерді, төңірек тастай қараңғы, тек әлдебір тұстан шебердің шәкірттерін шақырған ашулы даусы естілді.
Ақыры әлдеқайдан бір шәкірт дыбыс берді де, майшам ұстап бөлмеге кірді. Түтіндей жанған май шамның көмескі жарығымен төңірек ептеп көріне бастады: шам аударылып қалыпты, еден мен қамыс бойраға май төгілген, қанаты дір-дір етіп еденде жапалақ жатыр. Ёсихидэ сол үстел басында тұрған күйі қатып қалыпты, айран-асыр түрмен әлдене деп күбірлейді. Өйтпей қайтсін, жерде жапалақтың жамбас жағына оралып, шиыршық атқан қара жылан жатқан-ды. Сыңайы, шәкірт байғұс табалдырық жанында жан сауғалап жатқанда қыш құмыраны құлатып алған. Құмыра ішінен жорғалап жылан шыққан, ал жапалақ оны шұқып көрмек болған-содан үлкен айқас басталып кеткен. Шәкірттер бір-біріне ұрлана қарасып, көздері көріп тұрған тосын көрініске таңданысты да қойды, сосын шеберге үнсіз тағзым етіп, тез-тез бөлмеден шыға жөнелісті. Ал енді жылан мен құстың одан кейінгі жайы бәріне жұмбақ болып қалды.
Осы сияқтанған оқиғаларда есеп жоқ. Айтпақшы, мен бір жайды айтуды ұмытыппын-суретшіге тозақ азабының суретін салуға күздің басында бұйрық берілген-ді. Содан шәкірттер шебер тағы не ойлап табар екен деген қорқыныштан бір құтыла алмай қыстың аяғына дейін азаптанды. Ал қыстың соңына таман шебердің қолы жүрмей қойды, өзі бұрынғыдан бетер тұнжырап, екі сөзге келмей шамданатынды шығарды. Жібек пердеге жарым-жартылай салынған сурет сол күйі қалды. Ол аздай кейде суретші суреттің кейбір жерлерін сүртіп тастайтынды тапты және бір емес, екі емес, тіпті жиілетіп кетті.
Бірақ оған не жақпай жүргенін ешкім білмейтін. Тіпті соны білгісі келіп үздіккен де ешкім болмады, не қилы жайсыз жайларды бастарынан кешірген шәкірттер онсыз да өздерін әлде жолбарыс, әлде қасқырмен бір торда отырғандай сезінетін-ді, сондықтан бәрі шебердің көзіне түспеуге тырысып бағар еді.
12
Бұл екі арада бәлендей көңіл аударарлықтай, сөз етерліктей ештеңе бола қойған жоқ. Тек қыңыр шалдың тым жылауықтанып кеткені болмаса, жалғыз қалса-ақ көзінің сорасы ағып отырғаны. Бірде шәкірттердің бірі шаруасы болып баққа бара қалмай ма, сөйтсе жанары жасқа толып, көктемгі аспанға шалқалай қарап қалған шеберді көреді. Шәкірт қатты ыңғайсызданып, үн-түнсіз келген ізімен кері шығып кетеді. Ал енді осыған не дейсіз? Осыдан сәл ғана бұрын жолда жатқан мүрделерге қарап "Өмір мен өлім арпалысын" салған менмен адамның енді өз ойындағыдай етіп сурет сала алмағанына күйініп балаша жылағаны қызық емес пе.
Сонымен Ёсихидэ нақ бір шалық ұрған адамдай аласұрып күн-түн демей әлгі суретімен әлек боп жүргенде қызы әлденеге жиі-жиі мұңданатын күй тапты, тіпті біз екеш біз де оның көз жасын жұтып, қыстығып отырғанын әр кез көріп қалып жүрдік. Өзі ежелден ойлы, момақан, жүдеу неме енді тіпті жүзінен қаны қашып, көзі шүңірейіп, кірпігін бір жоғары көтермейтін болып алды. Әуелі әкесінің жағдайын уайымдай ма, әлде махаббат машақаты ма екен жүдеткен дестік, соңынан ұлы мәртебелінің қызға көңілі құлап, өз дегеніне көндірмекші болыпты-мыс деген сыбыс шықты, ақырында барып барлық сөз пышақ кескендей күрт тыйылды, тіпті қыздың өмірде бар-жоғы беймәлім боп қалғандай.
Бірде түн ортасында, ұзын дәлізді бойлап жалғыздан-жалғыз келе жатқам. Кенет әлдеқайдан маймыл Ёсихидэнің жүгіріп шыға келіп, менің етегімнен тартқылай бастағаны. Түн ерекше жылы болатын, тіпті мұрынға гүлдеген өрік ағашының иісі келетіндей, ай әлсіз ғана жарық сеуіп тұрды. Міне, осы көмескі ай жарығымен мен не көрді дейсіз ғой? Аппақ тістерін ақситып, мұрнын тыржитып шаңқылдаған маймылды көрдім. Маймылдың жап-жаңа көйлегімнің етегін жұлқылағанына жыным келіп, оны қағып тастап, жөніме кетпекке оқталдым да лезде айнып қалдым. Маймылды жәбірлегені үшін бір қызметшінің жас мырзадан жаза алғаны есіме түскен-ді. Оның үстіне маймылдың мұнша әбігерленуі тегін емес сияқтанды. Содан бәлендей көңілім қалап тұрмаса да маймылдың тартқылаған жағына жүрдім, неғылса да істің мәнісін білейін деп шештім.
Сөйтіп, мен дәліздің бұрылысынан бір-ақ шықтым, ол тұстан бұтағы иір-иір теректің тасасындағы тоған көрінетін, оның суы тіпті тастай қараңғы түнде де жылтырап жататын. Кенет қапталдас бөлмеден әлдекімдердің айтысқанға ұқсаған абыржыңқы дауыстарын естіп, тұрған орнымда қаттым да қалдым. Төңірек тып-тыныш тұнып тұрған-ды, елдің бәрі ұйқыда-тын, тек әлдебір тұстан ай сәулесі, түнгі бұлаққа шомылған балықтың шолпылы естіледі. Сондықтан да әлгі дыбыстарды естіген сәт еріксіз тоқтадым. "Түн ішінде ерігіп жүрген немелердің сазайын берейін", — деп ойлап, демімді ішіме тартып есікке тақадым.
13
Маймылға мен асықпаған тәрізденсем керек, ол аяғымның астында шыр көбелек айналды, сосын бейне біреу оны қылғындырып жатқандай аянышты, жалынышты дауыспен қыңсылай бастады, сөйтті де кенет иығыма бір-ақ қарғып шықты. Мен еріксіз мойнымды бұрып, одан басымды алып қаштым, ал маймыл жеңіме жабысып, жерге сырғып түспеудің амалын жасап жатыр, осы тұста сақтықты ұмытып, қолымды босатып алмақ боп жұлқынам деп есікке соғылғаным. Енді қарап тұрудың реті қалмаған-ды. Содан мен есікті жылдам сырғытып ашып, бөлменің ай сәулесі жетпейтін қараңғы түкпіріне ұмтылмаққа оңтайлана бердім де қорыққанымнан қалт тұра қалдым, өйткені бөлмеден әлдебір әйел жебедей зу етіп атылып шыққан еді. Есік аузында менімен соқтығысып қала жаздады, сосын жандәрмен сыртқа ұмтылды, дәлізге шыққасын кенет сүрініп кетіп, тізерлей құлады да ентіге дем алып, маған бейнебір құбыжыққа қарағандай үрейлене қадалып қалды.
Ол әйелдің Ёсихидэнің қызы екенін атап айтпасам да түсінікті болар. Бірақ ол түні қыз мүлде өзіне-өзі ұқсамай, адам айтқысыз өзгеріп кеткен еді. Көзі шарасынан шығардай тасырайып, беті отша алаулап кетіпті. Әншейінде бала құсап монтиып тұратын момақан кейпінің осынша өзгеруіне қоса, алқам-салқамы шыққан киімі де оған әлденендей ерекше әр беретіндей. Тәңірі-ау, шынымен-ақ мына әйел Ёсихидэнің ұяң, үркек қызы ма? Мен есік жақтауына сүйеніп, әсем арудың ай сәулесіне малынып ағараңдаған көркем тұлғасына еріксіз қарап қалдым, сосын әлдекімнің асығыс ұзай берген аяқ дыбысы шыққан жақты көзіммен мегзеп кім екенін сұрадым.
Бірақ қыз ернін қымқырып, басын шайқады. Сондағы қамыққан жүзін көрсеңіз. Мен еңкейіп, оның құлағына аузымды тақап: "Кім?" — деп тағы сұрадым. Алайда ол тағы да үстін-үстіне басын шайқап, сұрағымды жауапсыз қалдырды. Ол аздай, кірпігі жасқа шыланып, ернін бұрынғыдан да қаттырақ қымқыра түсті.
Мен өзі тумысымнан топастау сорлы, елдің бәріне бесенеден белгілі жайлардан басқа нәрсеге бас қатырып жатпайтын едім. Сондықтан да оған тағы не айтарымды білмей, бейне оның жүрегінің соғысын тыңдағандай үн-түнсіз қалшиып тұрып қалдым. Не болғанын қазбалап сұрау ерсі тәрізденді...
Бұл қалыптың қаншаға созылғанын білмеймін, әйтеуір, бір кезде мен есікті қайта сырғытып жауып, есін жиып қалған қызға қарап, барынша жылы сөйлеуге тырысып: "Бөлмеңе бар", — дедім. Сөйдедім де бейне көруге болмайтын нәрсені көргендей қысылып, өзімді кінәлі санап, әлденеге көңілім қобалжып жөніме кеттім. Өзімді кімнің алдында кінәлі сезінгенімді, неге қобалжығанымды білмеймін. Содан әлгі жерден он қадам ұзамай жатып, әлдекім тағы да ақырын ғана етегімнен тартты. Мен үрейлене жалт бұрылдым. Сонда әлгі кім болды деп ойлайсыздар?
Қарасам, қасымда Ёсихидэ маймыл түр, кәдуілгі адам құсап қолын кеудесіне айқастырып ұстап, мойнындағы алтын қоңырауы сыңғырлап, әдеппен тағзым етеді.
14
Осы түнгі оқиғадан кейін жиырма шақты күн өтті. Бірде ойламаған жерден сарайға Ёсихидэ келіп, ұлы мәртебелінің қабылдауын өтінді, суретші төмен дәрежелі адам болса да мәртебелінің сеніміне кіріп, ықыласын алған еді. Сондықтан да кім көрінгенді қабылдай бермейтін ұлы мәртебелі бұл жолы да сөзге келмей, оны қабылдауға келісім білдіріп, бірден алдына шақыртты. Ёсихидэнің кигені сол баяғы үстінен тастамайтын күрең сары каригинуы мен мыж-мыж момиэбосиы еді; үнжырғасы бұрынғысынан бетер түсіп, әбден қабағы келіспей тұр екен, ұлы мәртебеліге ізетпен тағзым қылып, қырылдаған дауыспен сөз бастады:
— Келген шаруам ұлы мәртебелім салуға әмір қылған тозақ азабының суретіне қатысты. Күні-түні қолымнан қылқаламым түспей еңбек қылып, көп шаруа тындырдым. Жұмыстың жарымынан көбі жасалды.
— Бек жақсы болған, мен саған ризамын.
Солай дегенмен де ұлы мәртебелінің дауысынан бәлендей риза болғаны байқалмаған еді, әлгі сөзді тіпті немкетті айтты.
— Жоқ, жақсы ештеңесі жоқ, — деп Ёсихидэ кейіген кейіппен көзін төмен салды. — Жұмыстың көбі жасалғаны рас, әйткенмен бір нәрсені бейнелей алар емеспін.
— Не дейді? Бейнелей алмаймын дейсің бе?
— Иә, бейнелей алар емеспін. Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын. Ал бейнелей қалсам, көңілімдегідей болып шықпайтыны сөзсіз. Олай болса бұным бейнелей алмағанмен бірдей ғой.
Бұл сөздерді естіп ұлы мәртебелі кекесін кейіппен күлімсіреді.
— Демек, тозақ азабының суретін салу үшін тозақты көруің керек екен ғой?
— Иә, ұлы мәртебелім дұрыс айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен өрттің кезінде тозақ отына ұқсаған ғаламат алау көріп едім. "Едзири Фудо" атты суретімдегі алау сол өртті көргеннен кейін салғаным. Ұлы мәртебелім ол суретті көрген.
— Ал күнәкарларды қалай салдың? Тозақ қызметкерлерін де көрмегенің анық.
Ұлы мәртебелі Ёсихидэнің еш сөзін естімегендей түрмен сұрақ үстіне сұрақ жаудырды.
— Мен шынжырланған адамды көрдім. Жыртқыш құстың адамды азаптағанына қарап отырып, айнытпай көшіріп салып алдым. Сондықтан да күнәкарлардың қиналғанын көрмедім деп айта алмаймын. Тозақ қызметшілері де... — осы тұста Ёсихидэ езуін қисайтып күлімсірегендей болды, — тозақ қызметшілері де әлденеше рет түсімде де, өңімде де елес берді. Бұқа тұмсықты, ат басты немесе үш бет, алты қолды шайтандар дыбыссыз қолдарын шапалақтап, үнсіз ауыздарын ашып-жұмып, күнде, тіпті күні-түні десем де артық емес, мені азаптауға, қинауға келеді. Жоқ, менің бейнелей алмай жүргенім, бейнелемегім бұл емес.
Мұндай адың-күдің сөздер тіпті ұлы мәртебелінің өзін айран-асыр етсе керек. Ол бір уақыт Ёсихидэге жаратпай қарап отырды да, қабағын қаһарлана түйіп:
— Нені бейнелей алмайтыныңды айт, кәне?— деді.
15
— Мен суреттің нақ ортасына биіктен құлап келе жатқан күймені салсам деп едім.
Осылай деп Ёсихидэ алғаш рет ұлы мәртебелінің жүзіне тіке қарады. Сурет жайында сөз еткенде ол ессіз құсап есіріктеніп кетеді деп естіп едім, дәл қазіргі түрі, көзқарасы дәл сондай қорқынышты-тын.
— Ал күйме ішінде, — деп сөзін жалғастырды суретші, — от тиген қара шашы жайылып, әсем ақсүйек әйел азаптанып жатса. Түтінге тұншығып, қабағы тыржиып, басы шалқайып кеткен. Қолы жауын тамшыларынша шашыраған от жарықшақтарынан қорғанбақ боп ши шымылдықты тартқылайды. Оның төбесінде тұмсықтарын сақылдатып он-жиырма шақты құбыжық құс ұшып, шүйіліп жүр. Міне, осы күймедегі әйелдің суретін сала алмай қиналып жүрмін.
— Енді маған неғыл дейсің? — деп ұлы мәртебелі әлденеге риза кейіппен суретшіні қамшылай түсті.
Ал Ёсихидэ болса, безгек қысқандай қалшылдап, қып-қызыл ерні дірілдеп, түс көріп отырғандай былдырлап:
— Міне, соның суретін сала алмай қиналамын, — деп қайталады. Сосын кенет біреуге тарпа бас салатындай аптыға айқайлады: — Ұлы мәртебеліден өтінем, көз алдымда күймені өртеңізші. Және мүмкін болса...
Ұлы мәртебелінің жүзі күреңітіп, өңі өзгеріп кетті, бірақ артынша қарқылдап күліп ала жөнелгені. Күлкіге шашалып тұрып, әрең дегенде айтқаны:
— Өтінішіңді айнытпай орындаймын. Бола ма, болмай ма деп бас қатырудың қажеті жоқ болды.
Сол сөзді естігенде жүрегім зырқ ете қалып, бойымды үрей билегені. Өйтпегенде ше, ұлы мәртебелінің түрі тіпті бір түрлі еді, — аузы ақ көбіктеніп, қабағынан қар жауып, Ёсихидэнің ессіздігі жұққандай едіреңдеп кетті емес пе. Бір сәт ұлы мәртебелі тыншып қалғандай еді, кенет жын қаққандай тоқтаусыз күліп, ауыз жаппай сөйлей жөнелді:
— Өртеймін күймені, өртеймін. Ішіне жасанып киінген көркем әйелді отырғызамын. Сосын күймедегі әйел жалынға күйіп, түтінге тұншығып, азаптанып өледі. Осы көріністі ойлап тапқан суретші әлемдегі бірінші суретші. Жаса, суретші, жаса.
Ұлы мәртебелінің сөзін естіген сәт Ёсихидэ бозарып кетті, тынысы тарылғандай ерні жыбырлап, аузымен ауа қарманды, біраздан соң буыны босап, қолымен еденді тірей құлады да естілер-естілмес етіп алғыс айтты.
— Бұл теңдессіз бақыт қой.
Сыңайы, ұлы мәртебелінің сөзінен соң ғана ол өз ойының қаншалықты сұмдық екенін көз алдына елестетсе керек. Өмірімде жалғыз мәрте оны аяғаным осы жолы ғана болды.
16
Бұл оқиға екі-үш күннен соң, түнде болды. Ұлы мәртебелі уәдесінде тұрып, өртенген күймені көзімен көрсін деп Ёсихидэні шақыртты. Күймені Хорикава өзенінің жағасындағы сәулетті сарайда өртемегені өз-өзінен түсінікті. Өртеу орны болып бұрын ұлы мәртебелінің қарындасы иелік еткен қала сыртындағы мекен-жай белгіленді. Бұл мекен-жайды ел ішінде "Юкигэнің Сарайы" деп атайтын. Міне, осы "Юкигэнің Сарайы" көптен бері иесіз, иен-тұғын. Жанындағы үлкен бауы да күтім көрмегесін қурап-семіп, сиреп біткен-ді. Бұл жерді йен болғасын әдейі таңдаса керек. Ұлы мәртебелінің осы жерде демі біткен қарындасы жайында түрлі лақаптар бар-тын: мәселен, айсыз қараңғы түндері оның алқызыл көйлегі етегі жерге тимей, галерея бойымен сусылдай сырғиды-мыс. Тіпті күндіздің өзінде қарауытып тұратын бұл жер, күн ұясына қонғасын тіпті түнеріп, дыбыс біткеннің бәрі құбылып, қорқынышты болып естілетін, бұлақтың сылдыры да құлаққа жағымсыз тәрізденіп, аспанда әрлі-берлі ұшқан оқпақтар да қанаттары қалбаңдаған құбыжық құстар сияқтанатын.
Сол жолы да нақ осындай айсыз, қараңғы түн еді. Сансыз шырақтың жарығымен сары түсті сарай көйлегін, сиякөк кең шалбар киіп, ішкі галереяның жиегінде, ақ паршамен қапталған көпшік үстінде отырған ұлы мәртебеліні анық көруге болатын-ды. Төңірегіне көңіл жақындары, қызметшілері жайғасыпты. Солардың ішінен бір балуан ала бөтен ерекшеленіп көзге түседі, ол тіпті бертінде, Митинокудағы соғыс тұсында қатты ашыққан соң адам етін жеп, содан бері тірі бұғының мүйізін сындыратындай күшке ие болыпты деседі. Міне енді, белін жалпақ белбеумен буынып, қанжарының ұшын көкке қарата ұстап, төбедей болып шеткеріректе отыр. Жел шырақтардың жарығын жалбаңдатып, адамдардың сұлбалары біресе көрініп, біресе көрінбей қалады, осының бәрі әлденеге түс сияқтанып, көңілге қорқыныш ұялататын еді.
Ал бау ішінде алтын әшекейлермен безендірілген жегусіз күйме тұр, тертелері тұғыр үстіне қойылыпты. Төбесін қараңғы түнек тұмшалап алыпты, қарауытқан күймеге көзің түскенде көктем кезі болса да әлденеге арқаң мұздап, денең дірілдейді екен. Күйме есігіне әдемі өрнекпен жиектелген көгілдір қамыс перде тұтылыпты, перденің ар жағында не бары беймәлім. Күймені жағалай алау таяқ ұстаған қызметшілер тұр, алау түтінінің галереяға қарай шалқымауын қатты қадағаласатын тәрізді.
Ёсихидэ болса оқшаудан-оқшау, галереяның қарсысында жүрелеп отыр. Сол баяғы ескі каригинуы мен мыж-мыж момиэбоси қалпағын киіп жарбиған, жұлдызды аспанның салмағы еңсесін езгендей бүріскен бір бейшара. Желке жағында дәл сондай киім киген біреу отыр, тәрізі, шәкірті болса керек. Екеуі де тым алыста, оның үстіне қараңғыда отырғандықтан киімдерінің түсін ажырату да мүмкін емес еді.
17
Түн ортасы таяп қалған шақ. Бақты, ағаштар мен жылғаларды бауырына басқан зіл қараңғылық күллі дыбыс атаулыны да жұтып қойғандай, өз тынысың өзіңе естілгендей тұнған тыныштықта тек желдің ызыңы ғана естіледі; жел лебімен мұрынға ыс пен түтін иісі келіп тиеді. Ұлы мәртебелі біраз уақыт осы көрініске үн-түнсіз қарап отырды, сосын сәл алға қарай еңкейіңкіреп ашулы дауыспен:
— Ёсихидэ! — деп шақырды.
Суретші бірдеңе деп жауап қатқандай болды, бірақ менің құлағыма тек ыңырсығанға ұқсас дыбыс қана естілді.
— Ёсихидэ! Бүгін сен қалағандай күймені жағамын. — Осылай деп, ұлы мәртебелі нөкерлеріне көз қиығын салды. Осы сәт олар өзара ымдасып, жымыңдасқандай болды, әлде маған солай көрінді ме екен. Ёсихидэ басын көтеріп, галерея жаққа ізетпен қарады да қойды, бірақ ләм деп тіл қатқан жоқ.
— Жақсылап қарасаңшы. Бұрынырақта мен мінген күйме ғой. Ұмытпаған боларсың. Енді қазір соны жағып, саған тозақ отының қандай болатынын көрсетпекпін. — Ұлы мәртебелі осы тұста сөзін үзіп, тағы да нөкерлеріне көз тастады. Сосын қатқыл дауыспен:— Ішінде қол-аяғы байлаулы қылмыскер әйел отыр. Яки, күймені өртеген кезде жүзіқараның тәні бірге күймек, сүйегі күл болып, өзі азаптанып өлмек. Сенің суретің үшін таптырмайтын нұсқа ғой. Қардай аппақ тәнінің тұтанған сәтін қалт жіберме. Ніл қара шашының лап етіп жанып, лаулағанына жақсылап назар сал, — деп сөзін жалғады.
Ұлы мәртебелі үшінші мәрте үнсіз қалды, бірақ артынша әлдене есіне түскендей иығы селкілдеп үнсіз күліп отырып:
— Бұндай ғаламат көріністі ақырзаманға дейін көрмессің. Мен де көріп қалайын. Кәне, шымылдықты көтеріп, ішінде кім отырғанын Ёсихидэге көрсетіңдер, — деді.
Бұйрықты ести сала қызметшілердің бірі алау таяғын биіктете көтеріп күйменің жанына барды да, қолын созып, шымылдықты тартып қалды. Лапылдаған алаудың жалыны алқызыл шапағымен тар күйменің ішін
жарық етті. Шанди шынжырланған әйел.. О, тәңірі, оны бірден танымау мүмкін емес. Шие түстес әсем жібек көйлекке лықси төгілген ніл қара шаш, шашқа қиғаштай түйрелген алтын түйреуіштер. Киіміне қарап тану қиын болса да, тал шыбықтай бұралған бойын, аппақ аққу мойнын, мұңды, ұяң жүзін өзгемен шатастыру мүмкін емес...
Бұл Ёсихидэнің қызы еді. Мен шыңғырып жіберуге шақ қалдым.
Осы кезде маған қарсы отырған дәу орнынан тұрып, қанжарының сабына қол салып, Ёсихидэге түксие қарады. Үрейім ұшып жалт қарағандағы көргенім, Ёсихидэнің есінен адасқандай есірген кейпі болды. Бұған дейін тізерлеп төмен жақта отырған-ды, енді орнынан атып тұрып, екі қолын алға созып, киіп-жарып, ес-түссіз күймеге ұмтылмақ болды. Бір өкініштісі, ол менен қашықтатын, оның үстіне түн де қараңғы, бет-жүзінің өзгерісін анықтап көре алмадым. Бірақ мен әлгіндей деп іштей өкініш білдіріп үлгермей-ақ, нақ көзімнің алдынан қараңғы түнді қақ жарып Ёсихидэнің қан-сөлсіз, боп-боз жүзінің, жо-жоқ, жүзі емес, әлдебір жойқын күш көкке көтеріп әкеткендей ширыққан бүкіл денесінің жарқ ете қалғаны. Бұл ұлы мәртебелінің "Жағыңдар!" деген сөзімен жарыса қызметшілер алау таяқтарын лақтырып, суретшінің қызы отырған күйменің лап етіп жанған сәті еді.
Жалын тілі жалаңдап, әп-сәтте-ақ күйменің төбесін жалмады. Күйме төбесін жиектеген сиякөк шашақ жел желпігендей желбірейді, төменнен қараңғылықты жарып ақшыл түтін сыздықтайды, от ұшқындары сытырлап-бытырлап жан-жаққа ұшты, оған қарап иә әшекейленген шымылдық, иә әйел көйлегінің зерленген жеңі, не болмаса алтын әшекейлер бір мезетте бырт-бырт үзіліп, шашылып қалған екен дегендейсің... қайткенде де бұдан қорқынышты көрініс жоқ еді. Ал енді күймені жайлап бітіп, қызыл тілі жалаңдап аспанға шапшыған арсыз жалынды қалай суреттерсің? Бейне көктегі күн төңкеріліп жерге құлап, оның қызуымен жер-әлем лап етіп тұтана жөнелгендей. Әуелгі бір сәтте мен айқайлап жіберуге шақ қалып едім, енді жаным мұрнымның ұшына келіп, қорқыныштан айран-асыр боп аузымды ашып, осы бір жан түршігерлік сұмдық көрініске қарап қаттым да қалдым. Бірақ қыз әкесі, Ёсихидэ...
Ёсихидэнің сондағы кейпін күні бүгінге дейін ұмыта алар емеспін. Ол алғаш әй-шайға қарамастан күймеге тұра ұмтылмақ еді, бірақ жалын лап еткен сәтте кілт тоқтап, қолын алға созып сәл ұмсыныңқыраған күйі, күймені көлегейлеген түтінге бейнебір дуаланғандай телміре қарап тұрып қалды. От сәулесі әжім шимайлаған сиықсыз жүзін жарық қылып, тіпті сақалының ұшына дейін айқындап көрсетеді. Шарасынан шыға шақырайған көзі, қиюы қашып қисайған ерні, тынымсыз жыбырлаған беті Есихидэнің жан дүниесіндегі алапат арпалыстың, кеудесінде сәт сайын алмасып жатқан үрей, шошыну-шарасыздықтың айғағындай. Басы кесілер кездегі ұрының, күнәға белшесінен батып, құдай тағаланың әділ қазыларының алдына барып жығылған қаныпезердің де жүзі дәл осындай болмас-ау. Тіпті топас дәудің өзі бозарып кетіп, ұлы мәртебеліге үрейлене қарады.
Бірақ ұлы мәртебелі ернін тістелеп, ара-тұра айызы қана шықылықтап күймеден көз алмай қараумен болды.
Ал ол жақта, ол жақтан не сұмдық көргенімді дәтім жетіп айта алар емеспін. Түтінге тұншыққан әйелдің шалқақтаған басы, от тиіп тұтанған ұйысқан қалың шашы, күллі жұрттың көз алдында жалқындап жалынға айналған өн бойына шие гүлі қадалған әсем көйлегі... неткен сұмдық жан түршігерлік көрініс десеңізші! Әсіресе түнгі самал түтін шымылдығын серпіп тастап, жалын жалаңдаған сәтте, алтын тозаң құсап бұлдыраған алқызыл шапақ ішінен қыздың аузын байлаған байлауышты тістелеп, денесін шандыған шынжырды бырт-бырт үзердей бұлқынып, қырық бүктетіліп, қырық жазылып шиыршық атқанын көрген сәтте төбе шашы тік тұрып, жаны түршікпеген жан адам қалмады, бейне бәріміз тозақ азабын өз көзімізбен көргендей болдық.
Міне, тағы да түнгі самал соғып, ағаштардың ұшар басын бір-бір сипап өтті. Жел желпіген жапырақтардың сыбдыры естілген сәтте кенет әлдебір қап-қара нәрсе жерге де жанаспай, ауада да қалықтап ұшпай, сарай төбесінен лақтырылған допша тік сорғалап келіп, алаулаған күймеге қойып кетті. Сосын бытыр-бытыр жанып, түтіндеген тордың ар жағындағы қыздың иығына жабысып, дар-дар айырылған жібек матаның сытырына ұқсаған шыңылтыр, үздік-үздік адам айтқысыз аянышты дыбыспен бір мәрте және бір... сосын және бір мәрте шыңғырды... Сол сәт бәріміз де бір адамдай ішек тартып, аһ ұрдық: өйткені аспанға шапшыған алау жарығымен көргеніміз: қызға жабысып алып, жалыннан қорғанып жанталасқан, Хорикава өзенінің жағасындағы сарайда байлаулы қалған Ёсихидэ атанған маймыл еді.
19
Бірақ хайуанды көруіміз қас қағым сәтке ғана жетті. Алтын ұшқындар аспанға түйдек-түйдегімен ұшты да, лезде маймыл да, қыз да қара түтіннің түнегіне еніп жоғалды. Енді бау ішінде тек сатыр-сұтыр жанған күйме ғана қалды. Жоқ, жанған күймеден гөрі, сонау жұлдыз тұнған аспанға шапшып асқақтаған от-бағана деген дәлірек болар. Ёсихидэ бейне осы от-бағананың алдында әл-дәрменінен айырылып, тас болып қатып қалғандай... Бірақ бір ғажабы: жаңа әлгінде ғана нағыз тамұқ азабын тартқандай қиналған суретші енді ұлы мәртебелінің бар-жоғын естен шығарып, әжімді жүзі сәулеленіп, шексіз таңданыстан сәулеленіп, екі қолын кеудесіне айқастырып ұстап, таң-тамаша болып тұрды.
Оған қарап жанары сөніп, көзі көрсоқыр боп жалғыз қызының ажалмен арпалысқан азабын көрмей-білмей тұр деп ойлағандайсың. Ал қызыл жалынның тіл айтып жеткізгісіз сұлулығы, от ішінде бір жазылып, бір бүгіліп шиыршық атқан әйел денесі оның жүрегін жиілете соқтырып, айран-асыр шаттыққа бөлеп, мүттәйім баурап, бағындырып алғандай.
Жарық дүниедегі жалғыз перзентінің ажал алдындағы жанталасуына қарап тұрған сәттегі оның жүзі тек сәулелі, жанары тек нұрлы ғана емес еді. Бұл сәтте Ёсихидэнің жүзінде, бар болмысында екі аяқты пендеде болмайтын, қаһар шашқан арыстанның айбарына ұқсаған сесті айбын бар еді. Тіпті мезгілсіз уақытта тұтанған жосықсыз жалыннан қорқып, шаңқылдап, қарқылдап, шулаған боп әуеде әрлі-берлі жосыған сансыз түнгі құстардағы оның мыж-мыж қалпағына жуықтауға батпағандай, әлде маған солай көрінді ме екен. Неғылса да санасыз мақұлық құс екеш құс та, Ёсихидэнің болмысындағы таңғажайып айбарды, оның жүзін нұрландырған алтын шұғыланы байқаған сынды.
Құс екеш құс-тағы. Ал біздер – бай-бағыланнан бастап, қызметші, жалшыларға дейін — барлығымыз екібастан демімізді ішімізге тартып, денеміз түгілі ішкі ағзамызға дейін қалтырап, әлдебір түсініксіз, тосын қуанышқа бөленіп, Ёсихидэге нақ бір әуеден түскен тәңірге табына тәу еткендей телміріп қарап қалыппыз. Шатыр-шұтыр жанған дыбысы жер-әлемге жетіп алаулаған күйменің шалқыған жалыны, оған емініп, есі кетіп қарап, тас боп қатқан Есихидэ... Құдайым-ау, неткен айбар, неткен ғаламат шаттану. Тек жалғыз ғана жан, галереяның төріне жайғасқан ұлы мәртебелі ғана өзге күйде еді, бет-жүзі адам танымастай әлем-тапырық бұзылып, өңі қан-сөлсізденіп, езуі көбіктеніп, қолымен сиякөк жібек жабылған тізесін сығымдап, тамағы қиылған аң құсап қырылдап, аузымен ауа қармап азаптанулы тұғын...
20
Ұлы мәртебелінің сол түні "Юкигэ Сарайының" жанында күйме өртегені әлдеқалай тәмам жұртқа тарап, күллі елге мәшһүр болды да, құрғақ өсек гу ете қалды. Ең әуелі, ұлы мәртебелінің Ёсихидэнің қызын өртеуіне не себеп? Көпшілігінің болжамы бойынша бұл — меселі қайтқан махаббат кегі. Алайда ұлы мәртебелінің көздегені басқа еді, ол әлдебір сурет үшін күйме өртеп, адам өлтіруден тайынбайтын қатыгез суретшіні жазаламақ ойда-тын.
Мұны мен ұлы мәртебелінің өз аузынан естідім. Ал көз алдында жанына балаған жалғыз қызы өртеніп өлген Ёсихидэ суретті салып бітірсем деген тілегінен таймады, қайта сол тілегі ұлғайып, көңілінде тастай бекіп алды. Көпшілік жұрт сыртынан сөгіп, қайдағы бір сурет үшін әкелік сезімді ұмытқан адам кейпіндегі жыртқыш аң, мейірімнен жұрдай жауыз деп жерден алып, жерге салды. Екогава ғибадатханасының пірәдары осы ойды ұстанатын, ол "Өнерде, өз ісінде қаншалықты теңдессіз шебер болса да, билеуші мен басыбайлының, әке мен баланың, ері мен әйелінің, үлкен мен кішінің арасында бұлжымас борыш-парыздың барын түсінбесе, тозақ отына күйері күмәнсіз", — дегенді жиі айтатын.
Бір айдың мұрсатында тозақ азабының суреті салынып бітті. Ёсихидэ нақ сол күні суретті сарайға әкеліп, ұлы мәртебелінің талқысына тағзым ете ұсынды. Пірәдардың да сол жерге келе қалған кезі екен, суретке бір қарай салып, онда бейнеленген алай-дүлей жойқын жалынды көріп, айран-асыр болды. Әншейінде Ёсихидэні көрсе жиырылып қалатын ол, бұл жолы: "Ғаламат!" дегенді айтып, таңдай қақты. Әлгі сөзді естіген мезетте ұлы мәртебелінің мырс еткені әлі күнге дейін есімде.
Басқа жұртты білмеймін, әйтеуір, сарай ішінде сол күннен бастап Ёсихидэ жайлы жаман сөз айтқан, сыртынан сөккен жан болмады. Бұрын оны жек көргендердің қай-қайсысы болмасын әлгі суретке қараса-ақ болды, тозақ отын көзімен көргендей, тозақ азабын басынан кешкендей жүні жығылып, бір түрлі жасып қалатын.
Бірақ бұл кезде Ёсихидэ жарық дүниеден жөнеп кеткендерге барып қосылған еді. Суретті салып бітісімен ол өз бөлмесіндегі көлденең тіреу ағашқа асылып өлді. Тәрізі, жалғыз қызын жоғалтқасын жер басып жүруге дәрмені қалмаған болар. Мүрдесі күні бүгінге дейін сол өзі тұрған үйдің орнында көмулі жатыр. Әйтсе де басына орнатылған қарапайым қара тас қаншаға шыдасын, талай жыл жауын мен желдің өтінде тұрып тозып, мүк-қына басып, бейне-бедерсіз болып қалғандықтан қабірдің кімдікі екенін қазір ешкім білмейді де.
Аударған Б.Қожабекова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі