Өлең, жыр, ақындар

Тарихи-этнографиялық шолу

АЛҒЫ СӨЗ

«Елу жылда ел жаңа...» — дейді қазақ мақалы. Рас сөз. Бірақ бұл жерде біз елудің де елуі бар екенін естен шығармауымыз керек. Мысалы, адамзат қоғамының даму тарихында экономика, мәдениет жағынан Европа елдерінің мыңдаған жылдарда тырнақтап ие болған жетістігіне, қазақ, қырғыз, моңғол сияқты Октябрь революциясына дейін мешеу қалған көшпелі елдер, соңғы елу жылдың ішінде жетіп, тіпті олардың біразынан озып та кетті. Ал мұның ішінде қазақ халқын алсақ, ол соңғы елу жылда бұған дейін өңі түгіл түсінде көрмеген табыстарға ие болды.

Адамзат баласы алғашқы қауымдық қоғамнан таптық қоғамға қадам басқан кезде қоғамдық еңбек бөлісі егіншілік және мал өсірушілік бағытта өріс алған еді. Қолөнері кейін пайда болды. Сол заманнан бері егіншілікпен шұғылданғандар отырықшылық тұрмыс құрды да, мал өсірушілер көшіп-қонып жүрген-ді. Ал, соның ішінде ежелден мал өсірумен шұғылданған қазақ қауымының сонау көне заманнан бері-ақ көшпелі тұрмыс құрып келгені мәлім.

Әдетте, адамзаттың әлеуметтік тұрмысы материалдық және рухани делініп екі жүйеге бөлінеді. Материалдық тұрмыс отырықшы елдерде ерекше өркендеп, жабайы күркеден ғажайып зәулім үйлер, көрнекті шаһарлар салуға, шақпақ тастан электр қуатына, көліктен самолетке, тас балта мен қолшоқпардан — жойқын қуатты соғыс техникаларына; қолөнерінен — алып завод-фабрикалар салуға дейін жетті. Ал көшпелі елдер осы дәуірде экономикалық жағынан көшіп-қонудың, үй тұрмысының қарапайым жабдықтарын жасаудан жоғарыға көтеріле алған жоқ. Сол сияқты рухани жан азығы саналатын ауыз әдебиетін өлең, ән, жыр, музыка байлықтарын жасауда көшпелілердің көрнекті табыстары болғанмен, бұл мәселелерде де отырықшылар үнемі озып отырды.

Арғы тегі біздің жыл санауымызға дейінге сақтарға, гундерге ұштасатын қазақтардың мәдениеті, мыңдаған жылдар бойына сараң, шабан өркендеп келгені мәлім. Оған бұдан екі жарым мың жыл бұрын біздің елге саяхат жасап келгем грек тарихшысы Геродоттың1 қытай, Рим саяхатшыларының, соңғы мың жылдың алды-артында біздің далаға жолаушылап келген Румның (Византия), арабтың, иранның, тағы басқалардың қалдырған жазуларына қарағанда, бұрынғы сақ массағат, ғұн, сармат аталатын көшпелілердің тұрмысынан қазақтардың тұрмыс айырмашылығы аз болғандығы мәлім.

XV ғасырдың аяғында.ХVІ ғасырдың басында өмір сүрген және дүние жүзіне әйгілі «Тарихи Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед-Хайдар Дулати2 өз тұсындағы көшпелілердің өмірін сипаттағанда: «Біз далалық тұрғындармыз. Бізде таңданарлық ерекше қымбат нәрселер жоқ. Біздің бар байлығымыз — жылқы. Оның еті — азығымыз, терісі — киіміміз. Біз үшін ең татымды сусын — жылқы сүтінен жасалатын қымыз. Біздің жерімізде бау-бақша да, қысқы, жылы үйлер де жоқ. Біздің көрер қызығымыз мал бағу ғана», — дейді.

Осылай сипатталған қазақ ауылдарының тұрмысы. Ұлы Октябрь революциясына дейін сол баяғы қалпында сақталды деуге болады. Демек, қазақ халқының Октябрь революциясына дейінгі тұрмысы бір төбе де, одан бергі тұрмысы бір төбе. Қазақ халқының Октябрьден бұрынғы көп ғасырлық өмірі экономикалық және мәдениеттік тұрмыс жағынан бұрынғы патриархалдық, мешеулік қалпынан оншалықты өзгермеді. Тұрмысы — көшпелілік, бағатыны — мал, мәдениет дәрежесі — халқының жүзден тоқсан сегіз проценті сауатсыз, ұлттық баспасөзі, мектебі т. т. жоқ, артта қалған ел болды.

Октябрьден кейін қазақ халқы біріншіден, саяси теңдікке жетіп, өз алдына отау тігіп ұлттық мемлекетін құрды; екіншіден, жаппай қоныстанып, кең далаға жүздеген сәулетті селолар, ондаған көркем қалалар орнады; үшіншіден, бұқара халықтың оқып, білім алуына кең жол ашылып, аз уақыттың ішінде жаппай сауаттылыққа қол жетті, соның нәтижесінде 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясын құруға мүмкіндік туды. Революциядан бұрын қазақ жерінде ғылыми атағы бар бір де адам болмаса, қазір ғылым докторларын ондап, кандидаттарын жүздеп, былайғы оқымыстыларын мыңдап санаймыз. Академиктердің аттарын ондап атаймыз. Бұл оқымыстылар ғылымының қай саласынан болсын сан алуан жетістікке ие болып, ашқан жаңалықтары ғылымның дүниежүзілік қорына қосылып отыр.

Советтік социалистік құрылыстың арқасында қарқындап өскен қазақ халқы соңғы елу жылдың ішінде құлашын барынша кең жайып, еркін өркендеді. Бұрын ат және өгізден басқа көлікті білмейтін ауылдарда қазір мотоцикл, автомобиль, трактор, комбайн, тағы сондай техникалармен ғана жүру дәстүрге айналды; бұрын «ұзынқұлақ» аталатын ауызша хабармен ғана шектелген ауылдарға — радио, телевизор, телефон, телеграф кең тарады; бұрынғы сауатсыз қазақтар советтік дәуірде жаппай хат танып, соның нәтижесінде газет, журналдар, кітаптар сатып алмайтын бірде бір семья қалған жоқ.

Экономиканың, мәдениеттің мұнша өркендеуі ауылдың қоғамдық өмірін түбірімен өзгертіп жіберді. Дегенмен, қазіргі өркені өскен ұрпақ кешегі (Октябрьден бұрынғы) өмір шындығын, ата-бабаларының тұрмысын, салт-санасын, әдет-ғұрпын білгісі келеді. Әрине, мұндай құмартушылық ермек үшін емес, өз халқының өткендегі тарихын білу, оны терең ұғынып, жан-тәнімен сезіну талабынан туып отырғандығы мәлім. Сондықтан дамуының әлеуметтік саяси мәні зор. Өйткені, кейінгі жас өркендер өз елінің өткені мен қазіргісін салыстырудан советтік дәуірдің, социалистік құрылыстың баға жетпес артықшылығын көреді.

Қазақтың Октябрьден бұрынғы өмірін сипаттайтын ерте заманнан жазылып келе жатқан еңбектер аз емес. Оның арғы шеті көне замандардың саяхатшылары жазып қалдырған еңбектерге тіреледі. Олардың маңызы әлі де зор екенін ескере отырып, көне дәуірлерден қалған әдеби мұраларға екі жақтан сын көзімен қарауымыз керек: гректің, қытайдың, римнің, иранның, арабтың, тағы басқалардың саяхатшылары жат елдерге келгенде екі мақсатты көздеді: біріншіден, экономикасы артта қалған, бірақ игерілмей жатқан жер байлығы мол елдерді қалай отарлаудың жолын іздеу, екіншіден, отарланатын елдерді өздеріне тәуелді етіп, бағындыру үшін идеологиялық негізгі құрал ретіндегі діни сенімдерді жандандырып, оны кеңінен тарату жолын іздестірді. Сондықтан олар қай жерді араласа да, көрген-білгендерін өз мақсаттарына жанастыра жазды. Демек, олардың сипаттаулары үнемі шындыққа сәйкес келе бермейді.

Бұл жерде көңіл бөлетін тағы бір жай: Орта Азияны, қазақ даласын аралаған саяхатшылардың түркі сөздерге, әсіресе, есімдерге тілдері келе бермейді де, көбін жаңылыс немесе өз тілдерінің заңына сәйкестендіре жазған, олардың түп-нұсқасын айыру қиынға соғады. Мәселен, қытайлар: «түркі» дегенді «тюгу» деп, «қаңлы» дегенді «қангюй» деп, «қырғыз» дегенді «килкисы» деп бұзып жазады. Орта

Азияны жаулауға әзірленген арабтар әуелі саяхатшы түрінде тыңшыларын жіберіп, олар жергілікті географиялық атауларды немесе есімдерді өздерінше атаған. Мысалы, «Оқыс» аталатын Амударияны — «Жихун», «Яқсарт» («сырт жағы» дегенді) аталатын Сырдарияны «Сихун» деп, Отырар қаласын «Фараб» деп келген. Көне грек саяхатшылары да осы тәртіптен аса алмай, Орта және Орталық Азияның жерлеріне, мекендеріне, ру, тайпаларына өздерінше бұрмалаған аттар қойған. Мәселен, көшпелі сактарды — «скифы», түркілерді — «массагат», «бесатаны» — «печенеги» деп атаған.

Арабтар да қателесіп, Рим патшасы, шапқыншы Александр Македонскийді — Ескендір Зұлқарнайн (мүйізді Ескендір) деп, Александрия қаласын Ескәндрия деп, Жихун мен Сихун арасын — Маво-ән наһар — (Мавр-арабтанған негрлер, әи-наһар-жойқын өзен) деп атағаны мәлім.

Түріктер де кісі аттарын теріс атауда шеткері қалмай: Әбу-Бәкірді — Әубәкір, Ғүмарды — Омар, Ғұсманды — Оспан, Ғалиды — Әлі, тағы тағылар... деп, түркі тілінің үндестігіне (сингармонизм) бағындырған.

Басқа елдерден келгендердің ішінде көп жағдайда қазақтың географиялық атауларын жергілікті халықтың тіліне сәйкестендіре айтқан орыс зерттеушілері, ғалымдары болды. Мәселен, олар: «Жайықты» — «Яик» деп, «Есілді» — «Ишим». «Шуды» — «Чу», «Ілені» — «Или» деп кеткен. Балқаш, Арал, Қарқаралы, Баян, Көкшетау (Кокчетав), Мұғалжар (Мугаджар), Зеренді сияқты су, жер, тау аттарын, немесе: Торғай, Қостанай (Кустанай), Ақтөбе, Ырғыз (Иргиз), Атбасар, Ақмола сияқты мекендер атын дәлге жақын береді.

Қазақ елінің шежіресін, әдет-ғұрпын, салт-санасын да орыс саяхатшылары өзгелерден анық көрсетеді. Орыстың ориенталистері (шығысты зерттеушілері): Бичурин, Рожков, Пантусов, Левшин, Потанин, Бартольд, Малов тағы басқалары қазақ өмірінен толып жатқан нақтылы деректер мен сипаттамалар қалдырған. Солардан үлгі алған Шоқан Уәлиханов бұл мәселені тереңдете түсіп, өте бағалы еңбектер жазды.

Дегенмен қазақ халқының өткен өмір жолын жан-жақты толық сипаттайтын монографиялық еңбек әзірге жоқ. Басқа халықтар тарихы жайында жазылған мұндай ғылыми еңбектер баршылық. Мысалы, бұған дәлел ретінде орыс ғалымы академик Б. Я. Владимирцевтің «Монғолдардың қоғамдық құрылысы» аталатын кітабын атаудың өзі-ақ, жеткілікті. Бұл еңбекте академик моңғол халқының өмірін терең зерттеп, кең шолған.

Өткен ғасырдың екінші жартысында қалам сілтеген ағылшын ғалымы Эдуард Тэйлор (1832 — 1917) өзінің «Алғашқы мәдениет» деп аталатын еңбегінде бір ұлт, иә бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзат өткен мәдениет басқыштарын түгел талдаған. Бұл еңбектерде де қазақ өміріне жанасатын жерлері аз емес.

Осы сияқты еңбектерді оқығаннан кейін және қазақ халқының өмірін, тұрмысын ескілікті көне жазбалардан, ауызша әңгімелерден ұққандарымыз бен көзбен көріп, өзіміз куә болған жайларды қорыта келе мен де қазақ халқының өткен өмір жолына тереңірек тоқталып, тұтас бір шолу жасауды алдыма міндет етіп қойдым. Енді осы ниетімді іске асыра отырып, жинақталған материалдар негізінде жазылған бұл еңбегімді көпшілік оқырмандар қауымына ұсынып отырмын. Ал Мұхаммед-Хайдар Дулати немесе ертедегі басқа тарихшылар сипаттайтын көшпелілердің тұрмысы қазір біржола өзгеріп кеткенмен сол өткен өмірдің аздаған жұрнақтары әлі де болса елес беретін жерлеріміз жоқ емес. Онымен бірге, негізінде, қай халықтың болсын өзіне тән кейбір прогресті ұлттық дәстүрлерін білу кейінгі жас ұрпақтарға артық болмас деп санаймыз.

Кітап «Шежіре және тарих жайында», «Қазақ халқының қоғамдық өмірі», «Материалдық мәдениеті», «Жап азығы», «Жазба әдебиет белестері» дейтін бес бөлімнен құралады. Ол бөлімдердің де бірнеше тараулары бар.

Әдетте мұндай кітаптарға толып жатқан түсіндірмелер беріледі. Мысалы, академик Владимирцев кітабының тең жартысына жақыны түсіндірме сөздерден құралған. Ал Тэйлор да мұндай түсіндіру сирек кездеседі. Ол көрген-білгендерін өз сөзімен баяндайды. Мен де соңғы әдісті қолдануды жөн көрдім.

Мен бұл кітаптың әр тарауының мазмұнына сәйкес қазақтың ауыз әдебиетін кеңінен пайдаландым. Себебі қазақ өмірін тануда, ойын, ауызша және жазбаша әдебиетінің орны ерекше екенін еске алып, бұл еңбекте оларға орын көбірек беріледі. Сондай-ақ бұрын жарияланған еңбектердің кейбір қажетті жерлерін де қайта пайдалануға тура келді.

Сонымен бірге советтік дәуірде қазақ екі тілді қатар қолданатын болды: бірі өзінің ана тілі, екіншісі орыс тілі. Қазақ тілінің ғылыми терминологиясы әлі толығып және айқындалып болған жоқ. Біз ғылыми еңбектерімізде дүниежүзілік, орыстық терминологияларды көп қолданып жүрміз. Қазақ тілін еркін білемін деп ойлайтын мен де қажетті жерде жалпы терминологиялық ережеге бағына отырып, жақша ішінде немесе ашық түрде мүмкіндігінше өзге терминнің қазақша баламасын келтіруді жөн көрдім.

Оқырман көпшілікке ескерте кететін кейбір жайлар мыналар:

1. Бұл шығарма тура мағынасындағы тарих емес, тек автордың ой толғаулары ғана. Сондықтан, қазақ елінің басынан өткен кейбір оқиғалар жорамал, тұспал арқылы айтылатындықтан, ондай жерлер күдік тудыруы мүмкін. Дегенмен, бұл тұспалдарды қазақ тарихын зерттеуші кейінгі жас ғалымдарға oй салып, бағыт берер деген оймен әдейі беріп отырмыз.

2. Мәдениеттің, ғылымның, тәжірибенің қай саласын алсаңыз да сансыз адамның «табан ақы, маңдай терімен жасалғалы» мәлім. Олай болса бұл еңбекке де оқырман жұрт сол -тұрғыдан қарап, кем-кетігі болса, ол жайында өз пікірлерін айтар деп сенемін.

Автор

БІРІНШІ БӨЛІМ

ШЕЖІРЕ ЖӘНЕ ТАРИХ ЖАЙЫНДА

1. ЖАЛПЫ ШЕЖІРЕ

Қазіргі заманғы археология, антропология, палеонтология, этнография және адам баласы қоғамының даму тарихын зерттейтін басқа да ғылымдар саласының деректері бойынша адамзат баласының жер үстінде тіршілік етіп келе жатқанына бір миллионнан астам жылдар өткен. Ал соңғы деректер бойынша 2 — 2,5 миллион жыл болыпты дегенді де айтып жүр. Бұл ғылымдар барлық тіршілік дүниесін, жан-жануарлардың, олардың ішінде адамзаттың, қай заманда қалай өзгергенін қазбалардан табылған құрал-саймандарға, жан-жануарлардың қаңқаларына және басқа да қалдықтарына қарай анықтайды. Осындай зерттеу жолымен бұл ғылым салалары өздерінің бертінде қалыптасуына қарамастан адамзаттың көне тарихын зерттеуде көптеген жаңалықтар ашып отыр. Бұл ғылымдардың болашағы алда, демек, берері де мол болмақ.

Ендеше осы ғылымдардың зерттеулеріне қарағанда адамзат баласы өзінің арғы тегінің шығуы туралы ертеден-ақ ойланғанға ұқсайды. Оны біз, көне адамдар тұрған үңгірлерден, тасқа қашаған таңбалардан, жасаған мүсіндерден, суреттерден, жазулардан байқаймыз. Мұндай ескерткіштер жер шарының қай түкпірінен болса да табылады. Олар қазақ жерінде де бар. Кейінгі тарихшылар немесе шежірешілер осыларға қарап, сол замандағы халықтың, ұлттың .тұрмысын, әлеуметтік жағдайын анықтайды.

«Шежіре» деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді айтады.

Алғашқы шежіре негіздері сонау діни соқыр сенімдердің өріс алып, үстемдік етіп тұрған кезінде жасалғандықтан, олар адамзат баласының шығу тегін Адамата, Хауа-анадан бастайды. Ал оның ішінде дүние жүзіндегі барлық діндер сияқты ислам дінінің «қасиетті» кітабы — құранның аңыз, ертегілері де халықтардың шежіресін Нұқ пайғамбарға апарып тірейді.

Дін атаулының өзара жол-жобалары басқаша бола тұрса да жер-жиһанды және адамзатты тәңірі есімді табиғаттан тыс құдіретті күш — құдай жаратты деп бірауыздан айта келіп, адамзаттың алғаш жаратылғаннан бергі тіршілігін, тарихи даму жолдарын сол құдайдың құдіретіне апарып таңады.

Сөйтіп, діни аңыз бойынша Адамата мен Хауанадан өрбіген ұрпақ алланың әмірімен жер бетін қаптаған топан суынан қырылады да, Нұқ есімді пайғамбар ғана әйелімен аман қалып, кейінгі адамзат осы Нұқтан тарайды-мыс.

Сонымен діни ұғымдар бойынша шежіре тарату осы Нұқтан басталады. Әрине, мұның өзі шежіре атаулының бәрі бертінде, яғни таптық қоғам дәуірінде, діннің үстемдік еткен кезінде пайда болып, ертеден келе жатқан діни ұғымдарға, аңыз, ертегілерге негізделетінін көрсетеді. Себебі адамзат дамуының алғашқы қауымдық қоғам дәуірі матриархаттан басталып, ол дәуірлердегі адамдар туыстық жағынан тек шешелерін танып, әкелерінің кім екенін білмейтіндігі ғылыми жағынан дәлелденген. Ал біз адамзат шежіресі ана атымен емес, ата есімімен аталады десек, онда шежіре атаулының бәрі патриархат дәуірінен кейін басталуға тиіс екендігі ешбір күмән тудырмайды. Олай болса, қандай шежіре болса да патриархат дәуірінен кейін, Ф. Энгельс айтқандай жеке семьяның, яғни топты семьядан жұпты семьяға көшкен кезде, демек, жеке меншіктің, таптың шығуына байланысты пайда болады. Бірақ бұл кездің өзінде де шежіре жайы әңгіме болды, яғни кімнің кімнен туғандығы жайында есеп жүргізілді деп айтудан аулақпыз. Сондықтан шежіре тек бертін келе таптық қоғамның, мемлекеттің шығуына байланысты пайда болып, бұл үстем тап өкілдерінің өздерін құдайдың сүйген құлымыз, ақ сүйектерміз, тегіміз асыл, пайғамбар әулетіміз деп дәріптеу мақсатында ойдан шығарған айла-тәсілдері екені ешбір күмән тудырмайды. Бұл жайында төменде қазақ шежіресіне қатысты толығырақ тоқталамыз.

Әрине, осы таптық қоғамда үстемдік етуші қанаушы тап өкілдері болып табылатын шежірешілер ата-тегін өздері білетін бергі буындарынан санай келіп, өздері білмейтін шежіренің арғы шығу тегін діни ұғымдарға, яғни жер бетінде бір патша, бір билеуші ұлықтардың болуына байланысты бір құдайға, бір пайғамбарға, яғни Нұққа апарып тіреуі кездейсоқ нәрсе емес.

Ақыры діни ілімдер бүкіл адамзат баласын ойдан шығарылған Нұқ пайғамбардан туған Хам, Сам, Яфастан тарады деп дәріптейді. Осыдан барып, көне шежірешілер діни ілімге сүйеніп Хам — Европа елдерінің атасы, Сам (семит) — арабтар, еврейлер және парсылардың арғы атасы; Яфас — түрік-монғол нәсілдерінің атасы-мыс дегенге саяды.

Әрине, бұл түсініктердің бәрі дерлік діни нанымдарға негізделетіні, жоғарыда айтылғандай, ешқандай күдік тудырмайды. Дегенмен пікіріміз дәлелді болу үшін діни ұғымдардың пайда болуы жайындағы ғылыми зерттеулерден қарап деректер келтіре кетейік.

Ф. Энгельс: «Дін дегеніміз ең ертедегі замандарда адам баласының өз бастары мен өздерінің төңірегіндегі сыртқы табиғат туралы нағыз надандық, қараңғылық, дөрекілік ұғымдарынан пайда болған»3 — дейді. Бұл өте әділ айтылған пікір. Себебі алғашқы адамдар өзін қоршаған дүниенің сырын білмегендіктен олардың бәрінен қорқатын болды. Мысалы, табиғаттың сұрапыл, мылқау күштерінің бәрі — найзағай жарқылдап, күн күркіреу, жер сілкіну, су тасу, т. б. адамдарды үнемі үрейлендіріп отыратын қаһарлы күштер қатарында саналды.

Табиғаттың жағымды құбылыстарын алғашқы адамдар қайырымдылық нышаны деп білді. Аштықты, суықты алуан түрлі ауруларды, өлім-жітімді қайырымсыздық, зұлымдық деп түсінді. Осы сияқты құбылыстарды алғашқы — адамдар жіктей келіп, өздеріне қолайлы құбылыстардың болуын тіледі, ал қолайсыз, жағымсыз құбылыстардың «амалын» тауып, бетін қайтару жолын іздестірді.

Табиғаттың қаһарлы күштерінің «көңілін» табу мақсатында алғашқы адамдар теңізге, өзенге, күнге, желге, найзағайға жалбарынып, оларға садақалар беретін болған. Сонан барып, адамның қиялы табиғатта да, өздері сияқты жанды ,ақылды күштер бар деген түсінік тудырды. Оларды қайырымды және қайырымсыз құдайлар деп санады.

Осындай қиялды түсініктерге негізделген діни сенімдер нәтижесінде тіпті жануарларға табынуға дейін барған, себебі, алғашқы адамдар өмірінде жануарлар үлкен роль атқарды. Олардың күнделікті тіршілігінде аң аулау күн көрудің негізгі көзі болып саналды. Адамдар жануарларды ақылды жан иесі ретінде санап, оларға сыйынып, қадір тұтқаны мәлім.

Қазіргі ғылым алғашқы адамдардың жеке заттар мен табиғат құбылыстарына табынуын фетишизм деп атайды да табынатын заттарын фетиштер дейді. Сол сияқты хайуанаттардың, өсімдіктердің, материалдық заттар мен табиғат құбылыстарының белгілі бір түрлеріне рулық қауымдардың жарылқаушы ата-тегі деп қарап, соған сенді. Мұндай діни нанымдарды қазіргі ғылым тілінде тотемизм деп атайды. «Тотем» деген сөз американдық үнділер тілінен алынған, бұл «ру» деген мағынаны білдіреді. Шын мәнінде бұл көне замандардағы тайпалардың, рулардың өздерін белгілі бір жануарлардың бір түрімен туыстаспыз, арғы тегіміз сонан шыққан деген ұғымдарына негізделеді.

Бертін келе адамзат баласы анағұрлым алға басып, алғашқы қауымдық қоғамнан біртіндеп егіншілікке және жануарларды қолға үйретуге, демек, мал шаруашылығына көшуге байланысты жаңа діни ұғымдар қалыптаса бастайды. Мұнда қоғамдық өмірдің өзіне тән жаңа жағдайлары бейнеленеді. Жылқы, сиыр, ит, шошқа және басқа да үй, дала жануарларына сиыну пайда болады. Бұларды «құдай» деп тану адамның шаруашылық өміріне «көмегін» тигізеді деген ұғымнан туады.

Бұл сияқты тотемизмге жататын пұтқа табынушылық, шамандық діни ұғымдар ислам дініне дейінгі қазақтар арасында да болған. Мысалы, кейбір рудың атасы — кер жорға ит, екіншілерінің атасы — торы айғыр деген аңыздар бар. Мұзды мұхитты төңіректегендердің анасын — ақ аю, қалың орманды мекендеушілер — бұғыдан, Байқал көлін жағалаушылар — қара аюдан, ал кейбір халықтар қасқырдан, қызыл қаншықтан туды және тағы басқалар дейтін діни ертегі-аңыздар көп. Әрине, адамзат баласының алғашқы қауымдық қоғамда шыққан бұл сияқты түсініктердің шындықпен жанаспайтыны мәлім. Сондықтан адамзат дамуының мұндай төменгі сатысында шежіре жайы әңгіме болды деуде шындыққа жатпайды.

Ал дүние жүзіндегі барлық халықтар мен ұлттардың шежіресін анықтау әрбір ұлттың, халықтың және олардың осы мәселеге қатысты ғылым салаларын зерттеуші ғалымдардың төл ісі екені мәлім.

Олай болса, біз тек қазақ халқының шежіресі жайында әңгіме етпекпіз. Бірақ, осының өзінде де біріншіден, ғылым жүзінде әлі де болса жете зерттелмеген, өзімізге беймәлім, сонау көне дәуірлерге барудан аулақпыз; екіншіден, діни болжалдар мен ертегілерге сүйену шындыққа жатпайтындықтан, ендігі жерде қазақ халқының шежіресіне қатысты тек өзіміз білетін ғылыми зерттеулерден оқыған, естіген, көз көрген жайларды ғана әңгіме етуді жөн көрдік.

Қазіргі заманғы ғылымның, оның ішінде тіл ғылымының зерттеулері бойынша қазақтар түрік тілдес халықтар қатарына жатады.

Бірақ түріктердің адамзат қоғамының даму тарихының қай кезеңдерінде пайда болғандығы және түрік тілі басқа Халықтарға қандай себептермен тарағандығы жайлы тұжырымды пікір әзір жоқ. Ол туралы алғашқы мәліметтер біздің жыл санауымыздан екі-үш ғасыр бұрын Сібірде өмір сүрген Гун хандығынан жеткен. «Гүн» — қазақша «Күн» деген сөз. Ертегі бойынша «Гуннің» алғашқы ханы — Күн - күн сәулесінен жаралыпты-мыс делінеді. Орта Азияның, атақты шежірешілерінің бірі — Әбілғазы Баһадүр ханның баяндауынша түріктердің алғашқы ханы Оғуздың4 баласы — Бұқа (Ортаазиялықтарша — Афрасияб). Соның ұрпақтары Жұлдыз, Аспан, Тау, Теңіз... аталып түркі елдеріне бірінен соң бірі хан болған. Аттары сол кезден мәлім болған: ұйғыр, оранхай (тува), қырғыз сияқты түркі елдері Гун хандығына бағынған. Кейін қазақ халқының құрамына кірген арғын да сол кезден мәлім. Сібірде арғындар мекендеген «Аругун» өзенінің аты күні бүгінге дейін сақтаулы.

Кезінде Гун хандығы қанатын кең жайған. Ол бүкіл Сібірді, одан шыға бүкіл Орталық және Орта Азияны басқарып, батыс жақ шегін Еділ өзеніне дейін апарып тіреген. Сол өлкенің бас батырының аты Еділ (Аттил) екен. Еділ өзеніне соның аты қойылған. Осы Еділ бастаған қалың қол батысқа шабуыл жасап, Рим қаласына дейін барған. 1961 жылы Римде болғанымда «Ватикан музейі» аталатын сарайдан Рим суретшісі жасаған Еділдің портретін көрдім. Бірақ сурет кейіннен жасалғанға ұқсайды, олай дейтінім көне заманның батырын, Оспан түріктерінің (Түркияның пашаларына), офицерлеріне ұқсатып жіберген.

Римнен кейін шегінген Еділ армиясы (ол кездегі әскерлер үй-ішімен көшіп жүрген) жолшыбай әр жерде топ-тобымен қалып отырған., Соның бір дәлелі қазіргі Венгрия. Венгрлер сөздерін әлі күнге дейін маджар деп атайды. Онысы «мадияр» дегені. Мадияр есімді ру, Торғай облысындағы қазақтарда әлі де бар. Солар венгерлік мадиярлардың ағайыны. Сондықтан да венгер тарихшылары Торғайға қазіргі күнге дейін келіп-кетіп, этнографиялық зерттеулер жасайды.

Еділден кейін Европаға жорық жасаушы моңғолдық Шыңғыс ханның немересі (Жошының баласы) Батый хан. Ол да Шығыс Европаға терең сүңгіп, Дунай өзеніне дейінгі және Дунай жағасын мекендеген мемлекеттерді түгел дерлік бағындырған. Еділден кейін батысқа шабуыл жасаған Батый армиясында да қазақтың кейбір рулары болса керек. Оған қазақ арасында әлі күнге дейін сақталған «Барар жерің Балқан тау. Ол да біздің көрген тау» деген мақалы куә.

Батый армиясы Дунайдан кейін шегінген кезде, оның құрамында болған қарашай, құмық, балқар тағы бірнеше рулар Кавказда қалып қойған. Қазіргі Азербайжанда «қазақ» дейтін қала және аудан бар. Атақты совет ақыны Самед Вургунның туып-өскен жері осы аудан. Менімен бір кеңесіп отырғанда, өзі сол аудан тұрғындарының «Керей» аталатын руынан болып шықты. «Мен де Кереймін» дегенде, «бауырым екенсің ғой» деп құшақтасты.

Орыстың атақты эпосы «Игорь полкы туралы сөзде» сипатталатын «половцы» халқы кәдімгі қыпшақтар екені мәлім. Орыстың оларды «половцы» («поля — вец») деп атауы «далалықтар» деген сөз. IX — X ғасырларда Қара теңіз бен Каспий теңізінің жағалауын мекендеген бұл көшпелілер де Еділ жорығынан қалып қойғандар. Оларды европалықтар тіпті ерте заманда «Хазар» деп, ирандықтар «дашіт — қыпчақ» (далалық қыпшақ) деп атаған. 1960 жылы Ніл өзенінің бойынан Хазар елін кездестірдім. Олар Орта Азиядан Ескәндер Зұлқарнайын біздің жыл санауымызға дейін 356 — 323 жылдары жасаған әскеріне ертіп барған. Қостанайлық ақын Нұржан Наушабаевтың (1857 — 1919) жазған шежіресінде:

Мәккә — и Мүкәррәмә, Шам жағында

Бір тайпы ел — туған қыпшақ, «Хазар» деген, —

деуі содан. Бұған қарағанда «Хазар» Қыпшақтың тіпті көне ымандардағы аты болуы мүмкін. Тарихтағы «Хазар» біздің заманның V ғасырынан мәлім. А. С. Пушкиннің «Сәуегей Олег туралы жыр» аталатын өлеңіндегі «хазары» осы. Европалықтар қыпшақты «коман» деп те атаған. Біздің дәуірдің XI ғасырында жасаған атақты Махмуд Қашқаридың «Диван Луғат ата-түрік» аталатын ғажайып еңбегін европалықтардың «Кодекс Команикус» деп атауы сондықтан.

Гуннен кейін қазақ құрамына қосылған: үйсін (усуни), дулат (дулу), қаңлы (кангюй), найман, керей рулары болды.

«Қыпшақ» бір кезде рудың емес, мемлекеттің (хандықтың) аты болғанға ұқсайды. Оған өзбек, түрікпен, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, авар (Дағыстанда), алан (қазіргі осетиндер) елдерінің өздерін қыпшақпыз деуі дәлел болады.

Қазақтар Қыпшақты Жанарыстан туатын алты қожа аталатындардан туғызады, одан: Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық деген бес бала өрбітеді. Солай дей отыра, кейінгі шежірешілер «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» деп те , атайды.

Ескі шежіреде «рудан» басқа «бау», «сан», «тұқым», тек», «арыс» деген атаулар бар; қазақ «тұқым» деп арғы тегін айтады. «Тек» те «тұқым» мағынасында. «Тегі жаман» «тегі жақсы» деген сөздер бар. Оңтүстіктің қазақтары күні бүгінге дейін құс жұмыртқасын тұқым дейді. Онысы ұрық» деген мағына береді. «Тұқым» деп астықтың дәндері де айтады. Осыдан барып түрік тілдес басқа халықтардың: тауды — тағ, бауды — бағ, сауды — сағ деуі сияқты, ұрығтан — «ұрық», одан «ру» келіп шыққан сияқты. Бертінгі қазақтар «ру» орнына «бір тайпа ел» деп «тайпа» деген сөзді де қолданған. Бірақ «тайпа» арабтың «тайфа» (жүйе) деген сөзінен алынған.

«Бау», «сан», «арыс» деген сөздердің қайдан пайда болғанын анықтаған адам әзірге жоқ. Дегенмен: «тоқсан екі баулы қыпшақ», «он екі баулы өзбек...» деген сияқты терминдерді қазақ әлі күнге қолданады. «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт», «он сан ноғай» деген ұғымдар да бар; ал «арысқа» келгенде: Ұлы жүз — Ақарыс, Орта жүз — Жанарыс, Кіші жүз — Бекарыс болуына қарап, әр ел өз руын «арысқа» санаған сияқты. «Арыс» — арбаның доңғалақтарын тұтастыратын белі. Ру «арыстары» содан шығуы да мүмкін.

Ақындардың айтысында (әсіресе, Ыбырай мен Доскейде) «Ендеше, кел салыстыр арысыңды» деуі, руларын салыстыру мағынасында қолданылады. Біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірлерде мәлім болып, кейін «қазақ» құрамына кірген рулар бірталай. Мысалға қаңлы руын алайық. Біздің мың жылдықтың алғашқы ғасырларында, Сырдария бойында құрылған Хорезм хандығы, түгелге жақын қаңлылар. Сол көне замандарда Сыр бойын саяхаттаған грек ғалымы Геродот осы хандыққа біраз аялдап, бұлардың тұрмыс жайын сипаттаған. Сондағы Геродот деректеріне қарағанда олардың кейбір әдет-ғұрыптары, әсіресе тамақ (ет пен қымыз) әзірлеу салттары революцияға дейінгі қазақ ауылдарының тіршілігіне аса ұқсас.

Тарихта аты біздің жыл санауымыздан бұрын мәлім болған Үйсін мен Дулаттардың (Дулу) да, соңғы мың жылда өз алдына жеке ел болған — Албан, Жалайыр, Найман, Керей, Алшын сияқты рулардың да қытайлық, гректік, римдік, ирандық, румдық, арабтық саяхатшылардың Орта Азиядағы көшпелілер тұрмысын суреттеулері кейінгі қазақ ауылдарының тұрмысына ұқсас.

Міне, осылардан келіп «қазақ» аталатын халықтың өзі және аты қашан, қадай шыққан деген сұрау туады. Бұл мәселе жайында пікір айту үшін алдымен шежіресінің қашан, қалай жасалуына аздап тоқтала кетейік.

Жоғарыда айтылғандай, таптық қоғамның пайда болуына байланысты алғашқы қауымдық қоғам енді қанаушы азшылық пен қаналушы көпшілік болып бөлініп, қанаудың формасы да өзгерді. Соған сәйкес қанаушы мен қаналушылардың аралары алшақтап, олардың арасында ымыраға келместей таптық күрестің алуан түрлі формалары пайда болды. Сол себепті дінді бетке ұстаған қанаушылар өздерін құдайдың сүйген құлы — ақсүйектерміз деп жариялап, өздерінің — Гун, Айса, Мұхаммед, Шыңғыс тағы басқалар сияқты белді өкілдерін адам тегінен емес, тәңірінің нұрынан (сәулесінен) жаралды деген аңыз-ертегі түріндегі лақаптар таратты.

Мұнда көзделіп отырған негізгі мақсат — құдай атымен езілуші бұқара халыққа езуші үстем тапты дәріптеп, оларды құдай үстемдік құру үшін артық етіп жаратты деп көрсету. Алғашқы шежірені құрастырушылар да осы ақсүйектер болды. Бұлардың, өздерінің шығу тегін Нұқ пайғамбарға апарып тіреуі де осыдан.

Осыдан барып, ақсүйектердің ел басқару, соғыс кезінде оған басшылық ету ісіне де үлкен мән беріледі. Бұлардың осы ел басқарушылық «қасиеті» атадан балаға мирас болып қалатыны да осыған байланысты. Мысалы, Европа елдерінің корольдігі мен патшалығы да тұқым қуалап отырды. Азияда монғол Шыңғыс хан да, одан кейін, ол жаулап бағындырған елдерде, тек сол Шыңғыстың ғана ұрпақтары да болған. Бірақ ұл жағынан болмаса қыз жағынан тарағандар хандық атаққа ие болмаған. Мысалға Ақсақ Темірді (1336 — 1405) алайық. Ол Шыңғысқа шеше жағынан ғана туыстығы бар екен. Сондықтан өзі қаншама күшті болса да, қаншама елдерді жаулап алса да «хан» атағына ие бола алмай «Әмір» (арабша — билеуші) болып қана өткен соғысқұмар ол, «нағашым» демей, Орта Азияда, Еділ бойында, қазақ даласында хандық құрған Шыңғыс ұрпақтарының барлығына қырғидай тиіп, быт-шытын шығарған.

Ақсүйектердің жағдайы соғыс кезінде де басқаша. Олар i n, алдымен әскери қолбасшылар болып саналады. Сол көне замандардағы соғыста, жекпе-жек, яғни әскер басылардың бірте-бірте шығып сайысулары орын алған. Көне гректің «Трояна» соғысында, екі елдің қолбасшылары. Гектор мен Минолай, арабтардың дін үшін соғысында Хазірет-Ғали мен ирак патшасы Зарқом да, Ақсақ Темір мен Бағдат халифы Баязит және басқалар да осылай жекпе-жекке шыққан. Қазақтың жекпе-жек аталатын күйі бар. Осы жекпе-жектерде екі жақ бір-бірінен ата-тектерін сұрасып алып, тек ататегі теңдес болса ғана оны куәлендіретін дәлелі болған жағдайда ғана сайысатын болған.

Зарқом соғысында Ғалиға Зарқомның:

«Жарқыным, кім болады затың?» — деді,

«Куәлік бар ма қолда хатың?» — деді, —

деуі содан. Ақсүйектер қарапайым халық өкілдерімен ешуақытта жекпе-жекке шыққан емес. Міне, шежірелердің басталуы да осы тәрізді үстемдік құрған ақсүйектердің ата-тегінен басталады.

Барлық елдердегі сияқты қазақ шежіресі де осылай басталады да кейінгі шежірелер солардан өрбиді.

2. ҚОЖАЛАР ШЕЖІРЕСІ

Жоғарыда айтылғандай, қазақ халқының көне замандардан советтік дәуірге дейін басым көпшілігі сауатсыз болып келген халық. Олай болса мұндай хат білмейтін елде жазба шежіре, әрине, болмайды. Сондықтан шежіре тек ауызша тарап келді.

Қазақ арасында алғашқы жазба шежірені екі топ адамдар ғана таратты. Олар: «төрелер» аталатын хан ұрпақтары және «қожалар» аталатын өздерін Мұхаммед пайғамбар әулетіне жатқызатындар.

Орта Азияда хан тұқымдарынан алғашқы шежірені жазба түрінде таратқан адам Хива хандығының бас әкімі — Әбілғазы Баһадүр хан (1603 — 1663). Оның «Түрікпен шежіресі» аталатын көлемді еңбегі Азияда, әсіресе Орта Азияда өмір сүрген ақсүйектердің ата-тегін талдауға арналған. Бұл кітапта қазақ даласында болған хандардың шежіресі жоқ. Түркі халықтар сөз болғанда, мұнда тек түрікпендер жайында немесе түркі руларынан қыпшақтар жайы ғана аздап сөз болады.

Кітаптың пайдасы: біріншіден, автор өзінен бұрынғы иран және араб тарихшыларының еңбектерін кең пайдаланады; екіншіден, түрікпен елінің өзімен тұстас беделділерін жинап алып, ақылдасып, солар берген мәліметтерге кең сүйенеді. Осындай жақсы жақтармен қатар, «шежіреде» қайшылық та аз емес. Мысалы, VI ғасырда жасаған, Оғуз (Оғыз) хан емшектегі кезінен ислам дінін жақсы көріп, шешесіне: «Ана, мұсылман бол! Сен, егер мұсылман болмасаң, емшегіңді сормаймын» депті-мыс дейді. Бұл, әрине, біз жоғарыда айтып кеткен, құдай ақсүйектерді ерекше етіп жаратты дегенге сендіру мақсатымен жасалған дәріптеу екені мәлім.

Осы сияқты шындыққа жанаспайтын мәліметтер Әбілғазы шежіресінде бірталай. Дегенмен, пайдалы мәліметтер де аз емес.

Енді қожалар жайына келейік. Олар өздерін Мұхаммед пайғамбардың әулетіне санайды. Өткен ғасыр мен біздің ғасырдың аралығында жасаған ақын Жүсіпбек-қожа Шайхисламұлы өзінің Шөкей қызбен айтысқан өлеңінде (айтыс кітапша болып басылған) «пайғамбардың әулеті, нәсілім Қожа» дейді. Біржанмен айтысқан Сара да осы айтысты жазып алуға барған Жүсіпбек-қожаға:

Әулие, пайғамбардың тұқымы деп,
Сөзімді тыңдатуға келдім саған, —

деп мұңын шағады.

Мұхаммед пайғамбардың көп әйелі болған. Сол әйелдерінен Қасым және Ибраһим атты екі ұл көріп, олар кішкене шағында өлген. Зейнеп, Рақия, Мүгүлсім, Фатима дейтін төрт қызы болып, Мүгүлсімі бала шағында өлген. Алғашқы екеуін төрт шаһарярының, бірі Ғұсманға (Оспан) өз қолынан берген. Қазақтың діншіл ақындары:

Біреуі шадиярдың (шаһаряр) Хазірет Оспан,
Пайғамбар екі қызын бірдей қосқан, —

деуі содан. Фатиманы мадиярдың (уәзір, министр мағынасында) кішісі және исламның әскер басы Ғали алған. Бұл әйелді мұсылман әйелдері әулиеге санап сиынатын болған. Қазақ әйелдері де солай көріп, атына тілі келмегендер «Бибатима» қойған да, босанатын әйелдер жаны қиналғанда, Бибатима пірім, жәрдем бер» деп жалбарынған. Өлген ерін жоқтаған әйелдер:

Қордың қызы Бибатпа,
Бибатпаға тіл қатпа,
Бибатпаға тіл қатсаң,
Қадірің кетер көп жатпа, —

деп Фатиманы «жұмақтағы» хор қызына айналдырған.

Орталық және Орта Азия қожалары өздерін осы Фатимадан тарадық деседі. Сондықтан Мұхаммедтің, қанымыз деп өздерін қасиетті қан — Сейітзадаға санайды.

Мұхаммед біздің жыл санауымыздан бергі 570 жылы туып, 632 жылы өлген. Оның Әубәкір (Әбу-Бәкір), Омар (Ғұмар), Оспан (Ғұсман), Әлі (Ғали) дейтін төрт шадияры болған. Көзі тірісінде Мұхаммед оларды уәзір (министр) есебінде ұстап, елер алдында: «Менен кейін мемлекетті Әубәкір, одан соң Омар, Омардан кейін Оспан билесін» деген өсиет айтыпты. Әліге келгенде кідіріп қалған. Соған алғашқы үшеуінің халиф (әмірші) болуына қарсылық білдірмеген арабтар, таққа күшпен отырған Әліні тез арада өлтіріп, Мұхаммедпен шеше жағынан туыс Үммия нәсілі Мағауия халиф болған.

Мұхаммед заманында араб түбегіне және оған көршілес Батыс Африканың бірталай еліне ислам дінін соғыс арқылы күшпен таратқан. Мұхаммед өлгеннен кейін бұл соғысты оның орныма келген халифтер жүргізіп, жетінші ғасыр бастала, арабтар әуелі Иранға, одан кейін Сыр мен Амудария арасындағы «Мауро — Әннәһар» өлкесіне қанат жайып, сол ғасырдың аяғында Түркістанға жетіп, Соғдиан мемлекетінің қалдығы мен Хорезм хандығын талқандады.

Барлық тарихшылардың баяндауынша, арабтар, әсіресе — әскерді Құтайба бастаған шақта, Орта Азияны отарлау соғысын аса қаталдықпен жүргізген. Арабтарға ең алғаш құрбандық болғандар — Иран нәсілдес мемлекеттер, олардың ішінде — парсылар. Ол кездегі парсылардың экономикасы мен мәдениеті арабтардан әлдеқайда жоғары еді. Діні зораст және буддизм, яғни пұтқа табыну. Иранды жаулаған арабтар, оның мәдени мүліктерін бүлдіре, қирата, қарсыласқандарын қырып-жойып отырған.

Бірақ ирандықтар әлсін-әлсін көтеріліс жасап, араб басқыншыларына маза бермеді. Сол көтерілістерді бастаған батырлардың бір қатарының аты тарихта сақталған. Мысалы, біздің заманымыздың 747 жылғы болған көтеріліс қолбасшысы отырықшы ирандықтар арасынан шыққан Әбу-Мүслім болған.

Орта Азияға осылай ентелеп кірген арабтардың тұмсығы Қаратауға, одан әрі «Ұлы» және «Кіші» аталатын тауларға тірелген көрінеді. Қазіргі қазақ даласын мекендеген көшпелі түркілер (көбі «қазақ» құрамына кірген рулар болу керек) арабтарды аталған таулардан әрі асырмай, тойтарып тастай берген сияқты. Сондықтан да ислам діні ол руларға отырықшылардан әлдеқайда кейін тараған.

Жергілікті халықтар көтеріліске жиі шығып, беріспейтін болған соң араб басқыншылары оларды азғыру арқылы бағындырмақшы болды. Сол мақсатта пайдаланғандары қожалар болды.

Өздерін пайғамбар әулетіне санайтын қожалар мен ислам дінінен хабары барлардың барлығы дерлік «қожа» қатарына қосылып, ислам дінін уағыздауға жапа-тармағай қызмет атқарады. Солардың бірталайы қазақ даласына да тарайды. Бұл қожалар көшпелілерге (олардың ішінде — қазақ құрамына кіретін руларға): «Сендердің түпкі аталарың арабтан шыққан — Әнес сахаба» деген ұғымды таратады. («Сахаба — Мұхаммед пайғамбардың «гвардия» санатына қосылатын таңдамалы әскері. Жалпы саны отыз үш мың деседі).

Әнесті ойлап шығарған қожалар, оның немере-шөберелерін оның баласы Жабалдан бастап, Мағаз, Саһир, Ақшолпан, Аққурай, Аламан, Алаш деп тізіп келеді де, Алаштан қазақты тудырып, қазақтар атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш, деп айтып жүретін шежіреге бір-ақ тіреледі. Бұл жайға кейіннен толығырақ ораламыз. Әзірге «қожалар шежіресі» дегенді аяқтайық.

Қожалар қазақтың арғы атасын арабқа, яғни Әнеске апарып тіреумен қоймай, бергі аталарының да біразын «қожа» дейді. Мысалы, Орта жүздегі Жанарыс балалары аталатын: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ дейтін алты атаны қожалар: Қара қожа, Ахтам қожа, Дара қожа, Момын қожа, Ысмағұл қожа, Қосым қожа дейтін алты қожадан таратады. Осындай қожалар Ұлы және Kiші жүздерде де бар.

Ал, қожалардың өз шежіресі бөлек болған. Арғы тегін пайғамбар қызы — Фатимадан тарататын олар, бергі жанында кімдер болғанын тізімдеп отырған. Өздерін «ақ сүйекпіз», «пайғамбардың тұқымымыз» деп, «қара халыққа», яғни жергілікті бұқара халықтарға қандарын араластырмау үшін олардан қыз алғанмен, өз қыздарын оларға бермей, шет жерден қыз алуға қолы жетпегендері кейде немерелеріне үйлене берген. Қандарын осылайша «қорғаған» қожалардың хандардың тұқымына қан араласпауының салдарынан биологиялық жағынан біржола азуға айналған. Сонда да ата дағдысын доғармай, немерелер бір-біріне үйленуді советтік дәуірге дейін қоймай келді.

Орта Азияда, әсіресе қазақ арасында «әулие» саналатын қожалар бертінде қожырап, қайыр-садақа жинау, үшкіру, дом салу, баланы сүндетке отырғызу сияқты ұсақ кәсіптермен айналысты. Өздерінің мұндай халін кейінгі қожалар да түсінді. Оған Шортанбай қожа мен Серәлі қожаның айтысындағы Шортанбайдың Серәліге:

Сенің атан, сарт еді,
Менің атам қызылбас,
Екеуімізді «пір» тұтқан,
Сірә, мына ел оңбас! —

деуі куә.

«Сарт» дегені Иран мен тұранның, қаны араласудан пайда болған ұрпақтар, «қызылбас» дегені — парсылар.

Қожалар шежіресін зерттеген Шоқан Уәлиханов Бекей Ордасындағы Жәңгір ханның әрі қайнағасы, әрі молдасы, әрі қарапайым халықты қанауда қолшоқпары болған, негізі башқұрттан шыққан Қарауыл қожа Бабажановты сықақ етіп, «Пайғамбардың әулеті» депті.

XVIII және XIX ғасырларда қожалар арасынан дарынды ақындар да шыққан. Мысалы, Арқада — Шортанбай, Торғайда — Серәлі, Жетісуда — Жарылғасын мен Жүсіпбек, Сырдария бойында Мәделі мен Майлы. Бұлар да негізінде ислам дінін үгіттеушілер болғанымен, қазақтың халықтық өмірінен талай шындықты ақтарып, арттарына толып жатқан елеулі мұралар қалдырған.

3. ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ

Қазақта:

Жеті атасын білген ұл —
Жеті жұрттың қамын жер,
Өзін ғана білген ұл —
Құлағы мен жағын жер, —

деген мәтел бар. Ескі рушыл ауылда, әрбір ұл жеті атасын білуге міндетті сияқты да, соны үйрететін ұстаздары әр ауылдың немесе рудың «ескі құлақты» аталатын қарттары. Сондықтан да қазақ:

Есік алды төбе болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Ауылыңда қарт болса,
Жазып қойған хатпен тең, —

дейді.

Сондай бір қарт мен туған ауылда да болды. Ол, менің «Өмір мектебі» аталатын еңбегімде сипатталатын әкемнің немере інісі — Оспанның Нұртазасы. Хат танымайтын бұл ғажайып адам таңқаларлық түрде зерек еді де, қазақ шежіресі туралы білетіні өте көп болатын.

Осындай зерек адамдар қазақ халқы арасында болған және қазір де бар. Олардың ішінде өз руларының бергі аталарын ғана айыратын тайыздары да, тар өрістілері де, әрі салғанға бүкіл «қазақ» атаулыны башайлап кететін кең өрістілері де бар. Кейбірі тарихшылдыққа да бейім, мысалы, Мәшһүр-Жүсіп Көбеев (1857 — 1931).

Қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып-өскен, ол, аздап сауатты болған да Бұқардағы «Көклән» медресесінде оқыған, араб, парсы тілдерін жақсы білген адам. Оның өз аты — Жүсіп. «Мәшһүр» арабтың «белгілі» деген сөзі. Ол өз жазғандарының кейбірі жарияланып, елге атағы жайылған шақта, Жүсіп өз атына «мәшһүрді» қосып алған да, «Мәшһүр-Жүсіп» лақабымен кеткен. Табиғатында зирек Мәшһүр, дарынды ақын болудың үстіне, жас шағынан қазақтың ауыз әдебиетің шежіресін көп жинаған.

Мәшһүр шежіресінің өзге шежірелерден бір өзгешелігі, ол әрбір аталарды баяндағанда, сол аталардың өз тұсында болған оқиғалар туралы ел аузында қалған ертегі-аңыздарды қоса айтады. Сондықтан Мәшһүр жазған шежіре оқуға өте қызықты.

Сондай өзгешеліктері бола тұра, Мәшһүр де қожалар шежіресінің ауқымынан шыға алмай, қазақтың түбін Әнес сахабаға, бергі аталарын қожаларға қосақтайды. Мәшһүр «Орта жүздің аталары алты қожа» дей тұра, неге олай аталуын мына төмендегідей баяндайды:

«Қазақтың бір баласы Жанарыстың үйіне мейман болып тәшкенттік алты қожа келе қалады. Олардың «әдейі іздеп келдік» дегеніне Жанарыс қуанып, зор құрмет көрсетеді. Соған риза болған қожалар «алты ұлың болсын» деп айта береді де, артынан алты ұлын көрген Жанарыс бәріне де: «Қара, Ақтамберді, Дара, Момын Ысмайыл, Қосым» деп ат қояды, бертін келе Қарадан — Арғын, Ақтамбердіні — Қыпшақ, Дарадан — Қоңырат, Момыннан — Найман, Ысмайылдан — Керей, Қосымнан — Уақ туады» деп (тыңдайды.

Мәшһүр шежіресінің тағы бір қызық жері, Орта жүз руларының ең көбі Арғын «аға баласы» саналып, жол-жүлдені өзгелерінен бұрын алады. Арғынның кіші рулары өзара бас қосқанда «Ноқта ағасы»5 деп жолды Тарақтыға береді...

Ұлы жүздің «Ноқта ағасы» — Жалайыр. Оның аты Жансақал өзі батыр адам екен. Аңшылыққа шыққан бір сапарында құланның үйіріне кезігіп, оны қуып жеткен ол айғырын кекілінен ұстап тоқтатпақ болғанда, ілгері тартқан айғырдың жалы сыдырылып шоқтығына жетеді. Осыдан кейін Жансақал «жал айырған», яғни «Жалайыр» аталып кетеді.

Жалайыр башқұрт құрамында да бар. Ол революциядан бұрын «Залаир контоны» аталған бір ояздық халық болған, қазір бірнеше аудан. Бізден Башқұрт жалайырының қашан бөлінгені белгісіз.

Қазақта Мәшһүрден басқа шежіре жинаушылар да аз емес. Олар қазір де бірталай. Мысалы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұратын қарапайым еңбекші Құсайынның Бекісі, Нұртазаның Шардамбайы, бұрынғы заң қызметкері, қазір пенсионер Әуелбектің Мәлғаждары, көп жыл мұғалім болған, қазір пенсионер Бекмағамбет Серкебаев (атақты әншіміз — Ермек Серкебаевтың әкесі), Жамбыл ауданынан марқұм Нұрғали Ақбасов, Булаев ауданының тұрғыны марқұм Доскей Жоламанов тағы сондайлар Қазақстанның кең өлкесінің ор жерінен-ақ табылады. Солардан жиналған көптеген шежірелер Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорында сақталады. Олар әзірге қорытылған жоқ. Бұл іс алдағы күндердің міндеті.

Шежіре соншалық көп болғанмен, өрісі оншалық кең болмайды. Мысалы, Нұртаза маған: «Сенің әкең — Мұқан, оның әкесі — Шүкей, оның әкесі — Бектемір, ол — Байбарақтан, Байбарақ — Сырымбеттен, Сырымбет — Қосайдан, Қосай — Отарбайдан, ол — Шимойыннан, Шимойын — Сибаннан, ол — Керейден туған» деп сегізінші атамнан мені қазақтың ең көне руының бірі Керейге апарып тірей салады.

Мұндай шежіренің бергі жағы дұрыс болғанымен, арғы ескілікті жағы жаңылыс сияқты. Өйткені, Керей тарихта соңғы мың жылдықтың аржағынан мәлім. «Ашамайлы», «Абақ» болып бөлінетін Керей мың жылдан астам (мүмкін одан да көп болар) жасаған өмірінде, егер жүз жылда орта есеппен үш ата жасайды деп мөлшерлесек, кемінде отыз ата болып бұтақталады. «Абақ» негізінде Қытай мен Монғолияда, «Ашамайлы» — Совет Одағында, Октябрь революциясына дейінгі әкімшілікте елу болыстан астам ел болған. Бұл Нұртаза айтатын есептен әлдеқайда көп.

Керей жайлы осылай болса, оның бергі бір бұтағы Сибан, кене кездегі Италияның белгілі саяхатшысы Плано Карпинидің6 (1182 — 1252) Орта Азия көшпелілері жайында жазған еңбегінде аталады. Сонда бір ғасырда үш ата жасайды деп жорамалдасақ, тарихта мәлім кезінен бастағанда, Сибан мен менің арам жиырма, жиырма екі атаға созылады. Одан арғы сибандар қайда?

Ауызша айтылатын шежірелердің бәрі де осындай. Қандай шежіреші қазақ болмасын (хат танымайтындары) жеті атасына дейін жақсы біледі де, одан арғысын бұлдыратып жібереді.

Кейде аталардың бұрынғы-соңғылары алмасып та кетеді. Мысалы, қазақ шежіресінде «Күрлеуіт« (Қостанай мен Баянауылда) қазақтың қыпшақтың бергі бір атасына саналса, біздің мыңжылдықтың басында жасаған тарихшы Рашид-әд-дин7 жазған «Жамғо-аттаварихта» Алшын бар, оны біз Кіші жүздің бір бұтағына санаймыз. Рашид-әд-дин кезінде «жүздер» болмаған.

Жалпы алғанда «қазақ» аталатын шежірелердің нұсқалары көп және өзара қайшылықтары да аз емес. Қазақтар бергі аталары мен арғы (түпкі) аталарын біркелкі айырады да, ортадағыларын шатастырады.

Кейбір рулар ауысып та келеді. Мысалы, «Қаракесек» немесе «Бике» аталатын тағы сондай рулар Орта жүзде де, Кіші жүзде де бар. Бір жорамалда! Кіші жүзде «Керейт» аталатын ру мен Орта жүздегі «Керей» бір тұқым. Тіпті Сібірдегі «корея» аталатын ұлтты да осыларға қосып қояды. Мәшһүр-Жүсіп, бұл жайда: «Аржағын алла біледі» деп тұңғиыққа тіреледі.

Жоғарыда айтқандай, қазақ шежірелері екі жанрда жазылады: проза және өлең түрінде.

Шежірені өлеңмен жазуды қостанайлық ақын Нұржан Наушабаев (1857 — 1919) бастайды. Ол өз тұсындағы дарынды ақындардың бірі, руы — Қыпшақ. Нұржанның әкесі Наушабай кедей болғандықтан, Троицк қаласы тұрғындарының малын баққан; шешесі қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы күшті ақыны — Шалдың қызы.

Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, шешен, әнші, күйші, палуан жігіт болып өседі де, Троицк медресесінен жақсы білім алып, ер жете «орта» аталатын дәулет құрады. Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып, күндерінің көбін солармен бірге еткізеді. Ыбырай Нұржанды жоғары бағалайды. Ол өзінің құдасы Қауменнің үйіне Нұржанды ертіп барғанда: «Құда, қып кісімен неге келмедің?» десе керек, сонда Ыбырай Нұржанның өнерлерін атай келіп, «осыдан артық көп бола ма?» деп жауап берген екен.

Нұржанның әйелі Бибізара да ақын болып, екеуі хат арқылы айтысумен қосылған. Олардан туған жалғыз ұл Сұлтанғазы 1911 жылы өліп, артында ұрпақ қалмаған.

Нұржан өлеңді көп және шығыс ақындарының, әсіресе Аллаяр сияқты софылардың ықпалымен жазған. 1903 ЖЫЛІІІ оның «Манзумат қазақия», 1908 жылы «Сапарғалимен жұмбақ айтысы», 1910 жылы «Алаш» деген кітаптары жарияланған. Жарияланбағандары да толып жатыр.

Нұржан өлеңмен шежіре жазып, оны «Манзумат қазақияға» қосқан. Өлеңмен жазылған басқа шығармалары да тиімді келетін дарынды ақынның бұл «шежіресі» де шебер тілмен жазылған.

Нұржанға еліктеп шежірені өлеңмен жазатындар көбейген. Ондайлардың ішінде тәуірлері де, нашарлары да аз емес.

Енді қазақтың «жеті ата» дегенінің мән-жайына тоқталайық. Бұл жерде ең алдымен жеті атадан қосылатындар, ешуақытта бір-бірінен қыз алыспайтынын айта кету қажет. Мысалы, советтік дәуірге дейін Қостанай мен Қызылжар (Петропавл) ояздарының бірнеше болысқа жететін Сибандары өзара қыз алыспайтын еді. Дарвинизм ғылымының табиғи сұрыптау теориясында дәлелденген қан араластырудың кейінгі ұрпақтарға тигізетін игі әсерін сол кездің өзінде халық аңғарғанға ұқсайды. Өйткені ғылымның кейіннен ашылған мұндай жаңалықтарын сол замандардағы сауатсыз қазақтар білді деуден аулақпыз. Сөйте тұра, тұқым қуалаудағы көптеген табиғи ерекшеліктер сол өркендеу заңына бағыну болса керек.

Қазақтың ауызша шежіресінің жайы осылай болғанымен, мұндай шежірелерден ғылыми негізделген шежіре немесе тарих жасаудың да мәні зор екендігі жоғарыда айтылды. Қайталап айтқанда, дүниежүзілік фольклор мен тарихтың тууына шежіреге айналған ертегілер мен аңыз әңгімелер де себеп болды. Бұл жайында «түрікпен шежіресін» жазған Әбілғазы Баһадүр-хан былай дейді: «Түрікпеннің молдалары, шайхылары, бектері менің тарихты жақсы білетінімді естіп, бір күні барлығы жиылып келді де, «біздің арамызда «Оғыз-нама» (Оғыз-ханның шежіресі) көп те, біріне-бірі қайшы келіп, бір арнаға құяры жоқ. Соларды қорытып, бір жүйеге келтірсе жақсы болар еді», — деді. Мен, бұл өтінішті қабыл алып, осы шежірені жазуға кірістім.

Жазулы он жеті жылға созылған бұл кітапта, Әбілғазының түрікпен елінің ауызша әдебиетін өте кең көлемде қаланғаны бет сайын көрініп тұр.

Қожалардыкін санамағанда, қазақта мұндай жазба шежіре ом сегізінші ғасырға дейін болмаған. Тек бертінде, араб әрпімен хат таныған қазақтар ғана шежіре жаза бастады. Бұл әсіресе он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде басталды.

Қазақтар шежірені қарасөзбен, де, өлеңмен де жазғаны жоғарыда айтылды. Осындай, әр кезде, әр руда жасалған, бірақ баспада жарияланбаған жазба шежірелер қазақта толып жатыр. Олардың бірсыпырасы, жоғарыда айтылғандай, Қазақстан Ғылым академиясының қолжазбалар қорына да түсті. Осы шежірелердің бәрі де қожалардың ізімен қазақтың арғы түбін Әнеске апарады да, одан бергі руларын бір-бір атаның ұрпағы қып жүйелейді. Бұлай ету шындыққа жатпайды. Мысалға Қыпшақ руын алайық. Осы есімді рулар совет еліндегі басқа халықтар (өзбекте, түрікпенде, қырғызда, башқұртта, кавказдық кей елдерде) арасында да барын қожалар да, қазақ шежірешілері де білмейді, сондықтан жазбайды да.

Қазақ шежірешілері оқыған және оқымаған болып екіге білінеді: оқығаны — арабша немесе орысша хат танитындар; оқымағаны — хат танымайтындар. Бұлардың ішінде қожалардың ізімен кеткендері қазақтың арғы түбін Әнеске тіресе, бергі жағына келгенде екеуі де, «ұранымыз — Алаш, керегеміз — ағаш» деседі.

«Алаш» деген сөзге, бұрынғы бір аңызда былайша түсінде беріледі. Аламан8 деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалғaн мазар. Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.

Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетден Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетденнің баяндауынша қазақтың «алты алаш»- деген сөзі «алты ел» деген ұғымды береді, деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана, Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлар дың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталады. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т. б.

Ғайнетденнің жорамалынша «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек.

Қазақтар «алаш» деген сөзді «жақын» және «жат» мағынасында да қолданады: тәуір көргенін «алаштың азаматы» деп сыйластық мағынасында қолданады, ал Атығай руынан шыққан Арыстанбай ақынның Кенесары Қасымовқа (1801 — 1847) айтқан өлеңінде бұл сөзді аңдысқан жау ретінде де қолданады:

Кенеке, жақын көрсең қарашыңмын
Алыс көрсең аңдысқан алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай, Қарауылдың баласымын.

Алайда «алаш» деген сөзді қолданудың тарихи жағынан теріс ұғым беретін мәні де бар. Сондықтан «алаш» атауынан қашқақтап та жүрміз. Ол — 1917 жылғы Ұлы Октябрь революциясына қарсы «алаш» партиясының құрылуы және оның, өз ұранын «алаш» деп алуына байланысты. Әрине, «Алашорда» партиясы 1918 жылдары «Абай» атты журнал да шығарды. Оның да бағыты социализмге қарсы еді. Осыған орай Абайдан безуге бола ма? Әрине, болмайды. Ендеше «алаш» деген сөзге саяси астар бермей-ақ, жай атау ретінде қарауымыз керек.

Қазақ шежіресінде Алаштан Сейілхан, Жайылхан деген екі ұл туады. Сейілханнан сегіз арыс түрікпен тарайды. Сондықтан қазақтың түрікпенмен көршілес руы Адай күні бүгінге дейін түрікпендерді «Сейілхан» деседі.

Жайылханнан қазақ шежіресі Майқыны туғызады. Қазақтың «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп, Майқыны қазақтардың тұңғыш биіне санайтын себебі сол.

Майқы моңғол Шыңғыс ханның ақылдасып отыратын бидің бірі болып, Шыңғыс жорықта жүрген кезінде хандық міндеттерді де атқарған. Майқыдан «Сабиян» (бұл не Керейдегі Сибан, не Наймандағы Сыбан емес пе екен?), одан — Айырқалпақ (қырғыздардың түп атасы емес пе екен?) жалғыз туады, одан — Қазақ, Созақ, Ұзақ туады.

Нұржан Наушабаев өлеңмен жазған шежіреде:

Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді, —

деп келеді де қазақтан: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген үшеу туғызып: Ақарыстан Ұлы жүзді, Жанарыстан Орта жүзді, Бекарыстан Кіші жүзді таратады. Ұзақтан қырғыз бен Хакас.

Осы арада «қазақ» және «жүз» деген ұғымдар жайына келейік. Негізінде «қазақ» халқының қай заманнан бастап құралып, ел болып келе жатқаны жайындағы деректер ғылым жүзінде әзірге анықталған жоқ. «Айқап» деген атпен қазақ тілінде 1911 — 1916 жылдар арасында Троицк қаласында шыққан журналда, бір автор «қазақ» деген сөзге екі мағына береді: бірінші «қашақ», олай дейтіні қазақ даласын айнала мекендейтін отырықшы елдердің әкімдеріне барғысы келмегендер, йен жатқан қазақтың қазіргі кең даласына қашып шыға берген. Міне, осы «қашақтардың» (қашқындардың) кейінгі ұрпақтары осы «қазақ» деп аталса керек. Ал ондағы екінші тұспалда: «қазақ есімі «ақ қаз» итон сөзден тууы да мүмкін делінеді. Ерте кездің көшпелілері, жауға қарсы аттанғанда, салт мініп, ақ түсті киім кигeн. Бұлай деу де шындыққа жақын сияқты. Өйткені, ертеде , ұрыста қирата тойтарыс беретін салт атты түркілерді арабтардың «ақ киімділер» атауы тарихта бар. Сонан болу керек — он сегізінші ғасырда, қытай басқыншыларына қарсы шыққан ұйғыр салт аттыларының бір тобы «ақ таулық» аталып, ақ киімдер киген.

Кейінгі тарихшылар соның ішінде тарих ғылымының докторы Мұсатай Ақынжанов «қазақ деген сөз» «қас» және «сақ» аталатын екі сөзден құралды, деседі. «Қас» деген: шын, нағыз деген мағынада. Қазақ халқының: нағыз сұлу, нағыз батыр, нағыз жақсы, нағыз жау деудің орнына қаса сұлу, қас батыр, қас жақсы қас жау... деуі осыдан.

«Сақ» дегені Орта Азияда қазақ аталған елден әлдеқайда бұрын жасаған көшпелілер. М. Ақынжановтың айтуынша «қазақ» деген атау «қас» деген сөз бен «сақ» аталатын көшпелі елдің атынан құралған. Бұл нағыз «сақ», «шып сақ» деген мағына береді, өйткені қазақтар бұрынғы сақтардың мекенінде қалған, соны иемденген ел. Мен осы пікірге қосыламын. Сондағы тағы бір келтірер дәлелім: қазақты көршілес қырғыздар, алтайлық түркілер, күні бүгінге дейін «қазақ» демейді, «қассақ» дейді. Орыстар да солай атап, он сегізінші ғасырға дейін «Қайсақ» деп келген. Пугачев көтерілісіне (1742 — 1775) кейіннен қарапайым қазақтар белсене қатысып, содан қазақтарды жек көрген орыс патшасы Екатерина III Кіші жүз мекендейтін Жайық өзенін «Орал» деп атап, қайсақ атын да біртіндеп жойған. «Қайсақты» «киргиз» деп атап кеткен. Қазақтар өзінің халықтық атын тек совет заманында ғана қайта алды.

Кейбір тарихшылардың болжалынша, «сақ» «түрік» деген мағынада қолданылады. Бірақ бұл жаңылыс. Сақтар түркілерден әлдеқайда бұрын аталады. Кейбір европалықтар «сақ» деген сөзді «скиф» мағынасында қолданды. Бұл да дұрыс емес. «Скифтерге славян тұқымдары, олардың ішінде орыс аталары қосылады. Олар сақ сияқты көшпелі болған емес. Меніңше, сақтар көне заманда қазақ даласында дәурен сүрген көшпелілер сияқты.

«Жүз» туралы аз сөз: орыс казактарында (казачество) «сотый» («жүздік») бір жүз салттыдан құралатын әскерлік қосын. Жалпы «казак» деген атау «қазақ» деген сөзден шығуы ықтимал. Оңтүстік орыстары қыпшақ руларымен ғасырлар бойы көршілес болып, тату да, араз да болып, тіпті соғысып қалған кездері де көп болған. Оныншы ғасырдың ортасында жасаған орыстың ұлы князі Игорь соғысқан половцылар осы қыпшақтар. Ирандықтардың «дәшті-қыпшақ» дегені де «далалық қыпшақтар» мағынасында. Негізінде қырғыздар бұрынғы барлық халқын «оң» және «сол» деп екіге бөледі; ал қазақтар үшке бөлініп. «оң бет», «орта бет», «сол бет» деген. Кейін сол беттердің оңы ұлыға, орталығы ортаға, солы кіші жүздерге айналып кеткен.

«Жүз» жайында тағы бір деректі келтіруге болады, ол орыстың шығысты, әсіресе Орталық Азияны, қазақ даласын зерттеген ғалымы Бичуриннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында, қазіргі қазақ даласында түркі тілдес көшпелі сақтар, өздеріне шабуыл жасап тыныштық бермейтін қытайларға қарсы үш орда: үйсін жерінде Үлкен Орда, Есіл,

Ертіс бойында Солтүстік Орда, Балқаштан Каспийге дейін - Кіші Орда болып топтасқан. Бичуриннің ойынша қазақ жүздері осы үш ордадан басталады. Мен бұл пікірді і п \дауға бейіммін.

Жүз» қазақта «сан» мағынасында айтылады. Сондықтан «Жүз» — жүз басы ұғымында, яғни бір жүз адамнан құралған әскери қосын ретінде қолданылуы мүмкін. Бірақ қазақта «жүз» «қосыннан» көп, бүтін бір аймақты ел, сондықтан «қосыннан» гөрі «құла жүз» «дала» мағынасына жақынырақ сияқты.

Тегінде үш жүзге бөлінген көшпелілердің әрқайсысы өз жағын жаудан қорғауға міндетті болған сияқты. Ұлы жүздегі рулардың көбі көршілес басқа халықтарда да барын қазақ шежіресі айтпайды. Орта жүз де сондай. Оның құрамына кіретін алты рудың ішіндегі Керей монғолға жатады деген сөз бар. Кіші жүз Бекарыстан туды дегенмен, одан кімдер туғаны белгісіз. Бір шежіреде Ақарыстан Абақ пен Тарақ, Абақтан Жалайыр, Тарақтан Үйсін тарайды десе, енді біреуінде, Абақ пен Тарақ, Үйсіннің баласы, дейді. Меніңше, алғашқысы жобаға келетін сияқты, өйткені Ұлы жүз бас қосқанда ерте заманда әлі күнге дейін «ноқта ағасы болып» жолды Жалайыр алады. Егер Абақ Үйсіннің баласы болса, неге Жалайырға жол береді? Ұлы жүз елдерінің жайын жақсы біледі деп саналатын М. Тынышбаев, орыс тілінде жазған шежіресінде Ақарыстан Жалайыр, Үйсін және Қаңлы үшеуін таратып, Абақ, Тарақ дегендерді атамайды. Дегенмен, одан кімдер туғаны мәлімсіз... Қожалар шежіресінде Кіші жүздің арғы аталары Қыдыр, Сиық, ІІІССЫҚ, Сұлтан болып бөлінеді. Олардың түсінігінде сиықтар Мекеден келген әулие арабтар, яғни қожалар өздерінің арғы аталарын сиықтардан өрбітеді.

Сонымен, «Арыстарға» бөлінетін жүздердің түпкі атасы кім екендігі әлі анық емес. Анық болуы мүмкін де емес. Себебі, ғылыми зерттеулердің деректеріне қарағанда, дүние жүзіндегі қай ұлтты, қай тілдегі халықтарды алатын болсақ, олардың әрқайсысының ата-тегі басқа болып, бір әке, бір шешеден тарамағандығы, әрқайсысының өз тарихы, өз ата-тегі болғандығы дәйекті дәлелденген.

Қазақ та сондай. Оған дәлел: Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Найман, Керей аталатын рулар арғы көне замандарда қандас болған халықтар емес, әкімшілік құрған хандықтардың аты. Олардың қарамағында әлденеше рулар болған. Сол патриархалдық негізде жасалған хандықтар, феодализм құрылысына аяқ басқан шақта, ондағы рулар: өзбек, қазақ, түрікпен, қырғыз башқұрт сияқты халықтарға бөлініп кеткен.

Тарих, халықтар өмірін тереңірек зерттейді де, рулар өмірінің бетін ғана қалқиды.

Қазақ халқы толып жатқан рулардан құралатынын жоғарыда айттық. Бұл арада қазақ руларының әрқайсысының өзіне тән ұраны және таңбасы болатындығы туралы қысқаша тоқтала кеткіміз келеді.

Қазақтың ең көне руларының ұрандары: Үйсіндікі — Абақ, Дулаттікі — Бақтияр, немесе Домалақ ене, Наймандікі — Қаптағай, Керейдікі — Ошынбай, Уақтікі — Жаубаcap, Арғындікі — Ақжол, Қыпшақтікі — Ойбас, Қоңыраттікі — Алатау. Олардан тараған бергі рулардың да аталық ұрандары бар. Мысалы, Шапыраштыкі — Қарасай, Ыстынікі — Жауатар, Беріштікі — Ағатай, Жаппастікі — Баймұрат, хан тұқымы, төрелердікі - — Арқар, қожалардікі — Құл Қожахмет, тағы тағылар...

Есімі ұранға айналған адамдарды қазақ, әдетте, арғы аталарына санайды. Мысалы, Қыпшақтар — Ойбасты, Керейлер — Шибайды, Уақтар — Жаубасарды атайды. Ұрынға шыққан әйелдер де бар: «Қырық болыс ел болдық» деген Дулат руларының ұраны — Домалақ ене. Бұл жайында айтылатын аңыз бойынша ол осы рулардың түпкі шешесі. Арғынның бір руы (Сәкен Сейфуллиннің елі) «Енең» аталып, шешесін ұран тұтады. Керейдің бір руы «Бике» де солай етеді, тағы тағылар...

Осы аталғандардың біразының қалайша аталғаны, кім екені белгісіз. Мысалы, Қыпшақ ұраны «Ойбас» қайдан шыққан? Ондай ата қазақтық қыпшақтарда жоқ сияқты. Бір шежіреде Ойбасты Қыпшақтың, Ақжолды Арғынның, Жаубасарды Уақтың, тағысын тағылардың тұңғышы екен деп те айтады. Ұрандардың бірталайы солай болғанымен бергі ұрандарға келсек, ол елдің атасы ретінде емес, байы, биі, батыры сияқты адамдарына арналатыны байқалады. Мысалы, Найманның «Қара керей» аталатын руы, ұранын бертіндегі Қабанбай батыр ғып, Кіші жүздің адайлары — Бекет батыр ғып алған. Біздің Сибанның ұраны — Естемес, ол бертінде жасаған адам.

Рулық ұрандар әр рудың елдік дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаудың үлкен құралы болған. Мысалы, жиындарда жанжал, төбелес шыға қалса, не барымта болса, ру ұраны шақырылғанда, әр ру өз ұранымен топталып, қарсы руға төтеп берген. Жауға, барымтаға аттанғанда ру ұранын атаса, ермейтін еркек қалмаған. Жер дауы, жесір дауы сияқты жанжалдарда да руына қарай ұран шақырған.

Тіпті ауыл арасының ұсақ жанжалында да сан жағынан басым ата ұрпақтары аз аталы ауылдастарына өктемдік жасайтын еді. Осы әдет қазақ ауылдарында советтік заманға дейін созылды.

Біраз ру ұрандарын өлеңге де қосқан.

Енді «таңба» салу туралы айта кетейік. Бұл қызған темірмен қарып, малдың жамбасына басылатын өзге малға емес, тек жылқыға ғана басылатын белгі. Ол таңба тек үлкен рулардың жылқыларына басылады.

Жолаушылап келе жатқан адам қай рудан екендігі мінген атының таңбасынан белгілі болады. Мысалы, Қыпшақтың рулық таңбасы, жоғарыдан төмен қарай қатар тартқан қос сызық. Оның аты «әліп». Нұржан Наушабаевтың — «руым Қыпшақ болғанда, таңбам «әліп» деуі содан. Осы қай әліп»?

Араб алфавитінде «а» орнына қолданатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз. Қыпшақтардың «әліп» аталатын рулық таңбасы осы араб әлібі десек (солай деушілер бар да), онда Қыпшақ руы Орта Азияға арабтардың, олармен бірге ислам дінінің келуінен әлдеқайда бұрын құралған ел болып шығады. Олай болса, Қыпшақ «әлібін» арабтан алынды деудің қисыны жоқ. Ендеше Қыпшақтікі қай «әліп»?

Көне түркілерде «әліп» «дақ», «жеке» мағынасында да айтылған, Мысалы бал ашатын құмалақтың саны 41 болады. Сонда, қырқын «жұпқа», біреуін «даққа» санайды. Балды (болжауды) «жұп» емес, «дақ» шешеді. Құмалақшы қырық бір құмалақты үшке бөледі де, төрт-төрттен бөлшектеп, соңғы бөлшектен «маңдай аталатын үстіңгі қатарын, орнынан «белдеу» аталатын орта қатарын, төменнен «аяқ» аталатын соңғы қатарын шығарады. Солай бөлшектегенде «әліп» қай қатарда тұрса, құмалақшы балды соған қарап айтады. Қазақтың «әр істің ақырын күт» деудің орнына «әліптің артына бақ» деуі осыдан. Қыпшақтардың әлібі осы болуы мүмкін.

Жалпы алғанда қазақтың рулық таңбалары, көне замандағы әріптер белгісі болу керек деген жорамал бар.

Олардың әріптік немесе ұғымдық (иероглиф) таңба екені әлі анықталған жоқ. Көңіл бөлетін бір нәрсе, мұндай таңбалар қазақпен қатарлас басқа халықтар құрамына кіретін руларда кездеспейді.

Таңбамен қатар, қазақта «ен» деген де белгі бар. Ол төрт түлік малдың бәрінің де құлағына салынады. Әке балаға енші берсе, енін де бөлектейді. «Жеке шаруа болдың» деудің орнына, қазақтың «еншің, басқа, енің бөлек» деуі содан. Еннің: ойық, тілік, сырға, сынық, тесік... сияқты толып жатқан аттары бар. Ен рулық емес, үйлік немесе семьялық белгі. Әкеден бала бөлектенгенде «енші алды» деулері де содан.

4. ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ

Тарих жазу жүйесіне түскен деректер екенін білеміз. Қазақ туралы ондай жазу, әсіресе, ел басынан өткен оқиғаларды тіркестіре өрбітетін тарихтық жазу он тоғызыншы ғасырға дейін болған жоқ. Онан бұрынғыларының барлығы шетелден келген жеке саяхатшылардың жазып қалдырған естеліктері, алған әсерлері түрінде қалған. Бұлардың көпшілігі көне замандағы Грецияның, Римнің, Қытайдың, Иранның, Румның (Византия), арабтың және орыстың Орта және Орталық Азияға келіп кеткен саяхатшыларының көрген-білгенін қағазға түсіргендері. Олар негізінде қазақ халқының құрамына кірген көшпелі рулардың тұрмыстарын сипаттайды. Мысалы, біздің жыл санауымыздан төрт жарым ғасыр бұрын Сырдария бойына келіп, Қаңлы хандығына қонақ болған грек саяхатшысы Геродот, Орта Азияның географиясын жасаған Страбон, біздің дәуіріміздің төртінші ғасырында Римнен келген Марцелли, алтыншы ғасырда Румнан (Византия) келген протектор Марко Поло, Рубрекс, Плано Карпини; біздің жыл санауымыздан бір жарым ғасыр бұрын келген қытай саяхатшысы Чжан Цяню, біздің дәуірдің әр кезеңінде келген араб саяхатшылары. Мағсуди, Ибну-Хаукаль, Мұқаддәси, Ибну-Батута, тары тағылар; Орта Азияның өзінен шыққан атақты «Жамғо-аттаварихты» (жалпы тарихты) жазған Рашид-әд-дин Хамадани, «Тарихи Рашидиді» жазған Дулат руынан шыққан ғалым Мұхаммед-Хайдар Дулати, хивалық Әбілғазы Баһадүр хан, орыс тарихшылары Бичурин, Рынков тағы басқалар...

Бұлар жазып қалдырған деректердің көбінде Орта және Орталық Азиядағы көшпелілерге «татар» деген ат тағылады. Арғыларын былай қойып, кеше ғана жасаған Петр Иванович Рынков та (1712 — 1777) қазақты татарларға қосады. Көне монғолоидтар ішінде «тат», «татыра», «татар» аталып жүрген рулары бары рас. Бірақ бұлар түркілерге де, Орта Азия көшпелілеріне де, қазақ руларына да жатпайды. Моңғол Шыңғыс хан батысқа шабуыл жасағанда, оның әскерінің бірталайы татарлар болған. Шыңғыс жаулап алған өлкелер «Алтын», «Көк», «Ақ» аталып үш ордаға бөлінгенде, Еділ бойындағы «Алтын Орданың» көпшілігі татар болды. Сондықтан, ол орданың орыстарға көрсеткен жәбірін орыс тарихы — «татарлар қысымы» деп атайды.

Қазақ тарихын зерттеп, ең алғаш рет жазба түрінде жариялаған адам, орыс ғалымы Алексей Ираклиевич Левшин (1799 — 1879). Оның «Қырғыз-қайсақ ордасының сипаты» аталатын үш томдық еңбегі 1832 жылы жарық көрді: бірінші томы — қазақтың жер-суын, екінші томы — тарихын: үшінші томы — әдет-ғұрпын сипаттауға арналған. Бұл еңбек күні бүгінге дейін құнды саналады.

Сол ғалымдар мен шежірелердің айтуынша сол замандағы көптеген ірілі-ұсақты рулардың «қазақ» атымен бірігіп, тұтас бір мемлекет болуы жоғарыда айтылған «Алаша» аталатын хан тұсында болса керек.

Алаша хан туралы қазақ арасында аңыз көп.

Менің өз ойым «қазақ» деген халықтың құралуы, оған қарасты жер-су шегінің белгіленуі, сондай-ақ әдет-ғұрып, тіл, өнердің қалыптасуы да осы кезеңде басталуы мүмкін. Әсіресе, әдет-ғұрып пен тіл. Бұлар кең өлкені мекендеген қазақ руларында әлі күнге дейін азғантай ғана айырмамен өзгеріссіз келе жатыр. «Киіз туырлықты қазақ» аталатын бұл елдің өмір тарихы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы айна-қатесіз бірдей. Тіл жағынан келгенде Соғды Ираннан, халифат заманында араб-парсы және орыс тілдерінен кірген жеке сөздер (онда да біздің тілдің филармониясына бағынған), жұрнақ, жалғаулар болмаса, қазақ тілінің ұлттық сипаты, тұтастығы ешуақытта өзгерген емес. Осыншама тұрақтылық, тұтастық Октябрь революциясына дейін тұтас мемлекет болмаған елде сақталуы таңғаларлық құбылыс.

Алашадан кейін, бұл тұтастық XVI ғасырдағы Қасым хан мен XVII ғасырдағы Есімхан тұсында болып, олар «Қасым ханның қасқа жолы. Есімханның ескі жолы» аталатын заңдарын қалдырды деседі. Бұл заңдар қазақ халқының елдігін күшейте түскен тәрізді.

«Қазақ» аталатын халықтың елдік тарихы осы тұстан XVI ғасырдан басталады деген жорамал дұрыс сияқты. Ал жүздік, хандықтар кейіннен құралған болуға тиіс.

Қазақтың «Кіші жүз» аталатын бөлігі Россияға өзге жүздерден бұрын 1731 жылы өз еркімен қосылған. Содан бері орыс ғалымдары: Н. А. Рожков, А. И. Левшин, В. В. Радлов, В. И. Даль тағы басқалар қазақ еліне жиі шығып, тарихын, тұрмысын зерттеп, көптеген еңбектер жазған.

Әрине, олардың бұрын-соңды жазба тарихы болмаған елдің тұрмысын сипаттағанда, артық-кем кететін жерлері болады. Ондайлар Левшинде де бар. Бірақ ғалым сипаттап отырған елінің тарихы мен тұрмысына шұқшия зерттеп, барынша тиянақты етіп жазған. Ол «қазақты» «қайсақ» дей тұра, бұл атаудың дұрыс еместігін, елдің өзі «қазақпыз» дейтінін түсіндіріп отырады. Левшин, әрине, материалист емес. Қазақтың қоғамдық тұрмысын сипаттағанда, ол өз дәуірінің әлеуметтік саяси көзқарасы шеңберінен аса алмайды.

Левшиннен кейін де қазақ туралы тиіп-қашты зерттеулер болған. Олардың ішіндегі ең салмақтысы ІІІоқан Уәлихановтың (1835 — 1865) еңбектері. Оның өзге ориенталистерден (шығысты зерттеушілерден) айырмасы: бірінші — өзі қазақ болып, қазақ арасында туып-өскендіктен бұл елдің шежіресін де, тілін де айтарлықтай жақсы біледі; екіншіден, ғалым адам болғандықтан, орыс және түркі тілдерінде әр кезде жазылған еңбектердің, бәрімен жете таныса отырып, қазақ тарихына қатысты материалдарды салыстыру арқылы, көптеген мәселелердің шындығына жетеді. Әдебиеттік материалдарға ол сын көзімен қарап, кемшіліктерін де жасырмайды. Мысалы, басқа діндегі шығыс халықтарына христиан дінін таратуды мақсат еткен ғалым Никита Васильевич Бичуриннің (оны «Якинф ата» деп те атаған) шығыс, әсіресе монғол рулары туралы үстірт жазғандарының біразына қосылмай, өзіне тән терең ойлау қабілетінің арқасында «Якинф атаның» жаңылыс жерлерін түзеп отырады.

Шоқанның өз шығармаларында, зерттеулерінде аталатын «Қазақтың ата тегі» деген еңбегі XIX ғасырда бұл тақырыпта жазылған шығармалардың ең тереңі, ең байсалдысы. Өмірінің алғашқы кезеңдеріндегі еңбектерінде идеалистік бағытта болған Шоқан, кейін орыс демократтарының ықпалымен қазақ қауымының тіршілігіне материалистер тұрғыдан қарай бастаған.

Абай да қазақ шежіресіне көңіл бөліп «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» дейтін мақаласын арнады.

Абайдан кейін де бұл тақырыпта әркімдер әр кезде азды-көпті еңбектер жазғанымен, олардың, кейбіреулері баспада жарияланса да, ғылымдық негізгі құрылған шын мағынасындағы қазақ тарихы тек советтік дәуірде ғана ашыла бастады. Олар мақала, монография, диссертация дипломдық жұмыстар мен жинақтар түрінде қазақ тарихының жеке мәселелерін талдаудан басталады. Толып жатқан осы материалдардың ішінен екенін ерекше атауға болады : біріншісі, Сәкен Сейфуллиннің, 1934 жылы «Әдебиет нұсқалары» деген атпен қалың кітап болып жарияланған еңбегі; екіншісі, 1935 жылы орыс тілінде «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» деген атпен профессор Санжар Асфандияров құрастырған қалың жинақ. Сәкеннің еңбегі көркем әдебиеттік мұраларды талдауға арналып, қазақ тарихына байланысты біраз мәселелерді қарастырады да, онда бұрын сөз болмаған тың және байсалды пікір айтады.

Асфандияровтың жинағы көне заманнан бергі Орта Азия көшпелілері туралы. Солардың қазақ аталатын халықтық қашан, қалай құралуы туралы жазылған еңбектерді шебер ұштастырады. Бірақ оған өз пікірін қоспайды.

Осындай бай материалдардың негізінде Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары «Қазақ ССР-інің тарихы» аталған қалың екі томдық кітап жазуға мүмкіндік туды. 1957 жылы жарияланған бірінші томы қазақ халқының көне заманнан бастап, Ұлы Октябрь революциясына дейінгі өмірін, 1959 жылы жарияланған екінші томы қазақтың советтік дәуірдегі өмірін сипаттайды. Бұл екі томды жазуға бір топ совет тарихшылары қатынасты. Қазақ өміріндегі әрбір құбылысқа марксизм тұрғысынан қарайтын бұл еңбек, осыған дейін айтылған пікірлердің бәрінен де мазмұн жағынан әлдеқайда терең, идеялық жағынан әлдеқайда биік.

Қазақ тарихы туралы қай кезде кімдер жазса да, бір мәселеге талас жоқ сияқты. Ол қазақ халқының көне замандардағы көшпелі рулардан құралуы. Солардың арғы-аталары: сақ массағат, сармат, үйсін, қаңлы, бергілері: қыпшақ, найман, керей, тағы басқаларын айтса да бәрібір, өйткені қазақтың басын құраған сол рулар екені ақиқат. Бұл бір. Екіншіден, сол рулардың кейбіреулері қазақпен, көршілес қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ, башқұрт сияқты халықтар құрамына кірген, қай рудың болса да басым көпшілігі қазақ құрамында; үшіншіден, Орта Азияда көшпелі өмір сүрген рулардың мекендеген жерлерінің басым көпшілігі қазақ халқының еншісіне тиген; төртіншіден, бұрынғы көшпелілердің салт-санасы, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы сияқты өзгешеліктерінің көбі қазақта сақталған; бесіншіден, көне түркілердің тіл қоры да қазақта молырақ. Сондықтан көне көшпелілердің тұрмысын түсінуінде қазақ өмірі әлгідей материалды көбірек береді.

«Қазақ» деп аталатын халықтың дәл қай кезден құралғанын тап басып айтатын тарих әзірге жоқ. Қазақ халқының алғаш пайда болуы, қалыптасуы жайындағы, жоғарыда айтылған жорамалдардың, пікірлердің біразы сенімді болып көрінгенімен әлі де болса дәлелдеуді қажет ететін талас мәселе екені мәлім. Халқымыздың тарихта мәлім болуы XVI ғасырдан басталды деушілердің дәлелі көбірек және сенімдірек.

Қазақ халқының қоғамдық тарихы қай кезде басталса да, бұл халықтың көптеген ғасырлар бойы өмір сүрген өзіндік мекені, өзіне тән қалыптасқан тілі, салты болғандығы және болып келе жатқаны даусыз.

Сол себепті енді осы халықтың қоғамдық тұрмысы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салты және т. б. туралы көрген-білгенімізді баяндауға тиістіміз.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕРТЕДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРІ

1. ДҮНИЕ ТАНЫМЫ

Біз жоғарыда діни түсініктерді қалай пайда болғандығы жайында айтып кеттік. Ендеше алғашқы адамдардың дүние танымы, айналаны қоршаған табиғат құбылыстарын түсіндіру талаптары да осыған ұқсас. Еңбек етудің арқасында алғашқы адамдардың сана-сезімі оянып, табиғатқа саналы түрде әсер ете бастаған кезде, айналаны қоршаған алуан түрлі құбылыстарға назар аударып, оларды өздерінше түсіндіре бастаған. Мысалы, күн мен түннің алмасуы, түнде ай мен жұлдыздың көрінуі, күндіз көрінбеуі, қыс пен жаздың алмасуы, аспанды бұлттың торлауы, оның жазда жаңбыр, қыста қар болып жаууы, бұлттан «күн» күркіреп, найзағай жарқылдауы т. б. осы сияқты құбылыстардың бәрі алғашқы адамдарды таң қалдырған. Олар бұл құбылыстардың нақтылы себебін білмегендіктен бұлардан үрейленіп, жәрдем сұрап сиынған.

Жер шарының қай түкпіріндегі адамдар болсын дамудың Осы төменгі сатысында аспанды, күнді, айды, жұлдыздарды тәңірі көріп сиынбағаны жоқ. «Тәңірі дегеннің өзі ескі қанжұт (Тибет) тілінде «аспан» деген мағына береді. Аспанның түсі көгілдір болғандықтан қазақтар оны «көк» деп атады, «көк соққыр» деген қарғыс күні бүгінге дейін сол ұғымнан келе жатыр.

Табиғаттың осы сияқты түсініксіз дүлей құбылыстарының бәрін тәңірі санаған адамзат, бертінде олардың санын көбейтіп алған. Ғылымда олардың бәрін «миф» дейді. 1961 жылы Ленинградта басылған «Мифология сөздігі» деген кітаптағы деректер бойынша, көне замандағы мифтердің саны мыңнан астам.

Мифологиялық құдайлардың ішінде үлкендері де, кішілері де бар. Мысалы, грек мифологиясында ең күшті, құдіретті құдай — Зевс. Өзгелері содан өрбиді. Солардың ішінде: аспандікі — Уран; күндікі (оттыкі) — Гефест; айдыкі — Ио; жер мен кекті тұтас билейтін — Крон, желдікі — Евр, теңіздікі — Посейдон. Жыл тәулігінің мезгілдерін ауыстыратын — Оры, жаздыкі — Латона, жер анасы — Талле, таңдыкі — Эос, өнердікі — Аполлон, сұлулықтікі — Гера, соғысты бастаушы — Арей, бейбітшілік құдайы — Эйрена, махаббат қорғанышы — Эрот, жануарлар мен өсімдіктердің ұрпағын өрбітуші — Дионис, ергежейлілер қорғаны — Пигмен, қыздардың панасы — Хаос, тағы тағылар...

Бұлардың бәрінің де негізгі тұрағы — аспан әлемі, немесе биік таулардың басы. Сол сияқты аспан әлемін «тәңіріге» санаған қазақ, Күнді, Айды, кейбір жұлдыздарды мифке айналдырған.

Мысалы, Күн — қазақта қасиетті зат. Бұлттық күркіреуін қазақ «күн күркірейді» деп, оны күн тәңірінің даусына балаған. «Күн астында Күнсұлу» ертегісіне қарағанда, күннің де бақылаудан босатпайтын қызы бар. «Ай астында Айсұлу» да сондай. Шығыс елдерінде, оның ішінде, араб пен түркілерде, ай қызының аты Зуһра. Ол, Жер қорлығын көріп, айға қашқан қыз. «Үркер» аталатын шоғыр жұлдыздың қызын, «Жеті қарақшы» аталатын жұлдыздар қоршай аңдып, олардан қашқан Үркер аспан бойында жылжып қашып жүреді-міс. «Шолпан» да қыз. Ол да қашып жүріп, жылына бір рет айдың бауырына паналайды. Мұны қазақтар «Шолпанның айға тоғысуы» дейді. Шолпанның сенімді сақ күзетшісі — «Темір қазық». Ол бір орыннан жылжымайтын жұлдыз. Түнде жолаушылаған немесе көшкен қазақтар, жүрер жолын, уақытын Темір қазыққа қарап немесе Үркерге қарап айырады. Өз басымнан мына төмендегідей бір оқиға өткені есімде: 1928 жылы Ленинградта оқып жүргенімде, қысқы каникулда туған ауылыма беттеп шықтым да, «Деңгей қорған» мен Қызылжар қалаларының арасындағы Лебяжье станциясына кешке келіп түстім. Ауылдан келіп жатқан керуеншілермен бірге жолға ерте шығуды көздеп, таңның атуын сағатқа қарап білмек болдым. Сонда Әбілжан деген қарт туысым «тәйірі сағат не білуші еді, үркерге қарап тұруымыз керек» деп, түн бойы Үркердің жылжуын бақылағаны бар. Жұлдызға қарап бағыт-бағдар ажырату әдеті малшылардың күнделікті тіршілігінде әлі күнге дейін сақталған.

Күні-түні далада жүретін көшпелі ел, бақташылар, аңшылар аспан әлемін зер сала бақылап, ондағы әрбір көрінен төрге ерекше мән береді. Олардың ұғымында әр жұлдыз ыр адамның жаны. Егер жұлдыз ақса, бір адамның өлгені, ал бұрын байқалмаған жаңа жұлдыз көрінсе, бір адамның туғаны.

«Метеор» дегенді қазақ бұрын білмеген. Оны «Аққан жұлдызға» санайды. Жерге жақын ұшқан метеор, жанасқан тұсын жарқыратып жібереді. Оны қазақтар «қадір түні" дейді. Ислам дінінің түсіндіруінше, сондай түнде жұмақтың есігі ашылады да, адам не тілесе сонысы қабыл болады.

«Дауыл» ескі ұғымда жел тәңірісі. Ол бүкіл желді құдыққа қамап, бүрген аузын өзі ұстайды да, ашулы кезінде ептеп шығарып қояды. Түгел босатса «ақырзаман болып, тауларды доптай ұшырады-мыс, сондықтан да бертінде қазақтар дауыл атын «сұрапыл» қойған. Кейде қатты дауыл соққанда, сұрапыл соқты дейді. Бұл ислам дініндегі жел періштесі «Исрафил» болуы мүмкін. Ондай желді ұнатпайтын көшпелі қазақтар жел тұрғызасың деп адамды, әсіресе балаларды ысқыртпайды. Э. Тэйлордың айтуынша, осындай әдет, қазіргі Шотландияда бар екен.

Әрине, мұндай түсініктердің бәрі көне замандардағы алғашқы адамдардың өздерінің айналасын қоршаған табиғаттың бәрін де жанды деп санауынан туған қиял екені мәлім. Сондықтан алғашқы адамдар Айды, Күнді, жұлдыздарды немесе табиғат құбылыстарын жанды зат есебінде санап, өздерінің тағдыры, болашағы, істеген ісінің сәтті немесе сәтсіз болуы солардың мейірбандылығында деп ұққан. Бұған мысал дінге сенуші қарттардың жаңа Ай туғанда: «Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» — дейтіні дәлел бола алады.

Осындай түсініктерді ғылым тілінде «анимизм» деп атайды. «Анима» латын сөзі, ол «рух», «жан» деген ұғым береді. Анимистік түсініктер, адам ұйықтағанда түс көру ерекшелігіне байланысты пайда болғанға ұқсайды. Бұл туралы Ф. Энгельс былай дейді: «Адам баласы өзінің дене құрылысы жайында ешқандай түсінігі болмаған және түс көру себептерін түсіне алмаған сонау өте ертедегі кезден бастап-ақ, өздерінің ойлауы мен түйсіктері өз денелерінің қызметі емес, осы денеде болатың өлгеннен кейін ол денеден кететін ерекше бір негіздің — жанның қызметі деген түсінікке келген, — міне, сол кезден бастап-ақ олар осы жанның сыртқы дүниеге қатысы бары туралы ойлана бастауға тиіс болған»9 .

Демек, алғашқы адамдардың түсінде көргендерінің бәрін шындық деп санауына таңдануға болмайды. Міне, осыдан барып, адамның денесінен шығып, өз алдына жеке өмір сүре алатын «жан» болады деген жалған ұғым орын алған. Олардың ойынша «жан» ұйықтаған кезде, денені тастап, әлемді шарлап кезіп жүреді де, оянғанда қайта оралады деп саналады. Ал осыдан мәңгі өлмейтін «жан» бар да, өлетін «дене», «тән» бар деген түсінік туады. Мұның өзі о дүние бар деген ұғымға әкеліп тірейді.

Сол сияқты дінге сенуші қазақтардың да ұғымында «жан» деген шыбын тәрізді бірдеме. Ол ұйықтаған шақта ауыздан ұшып кетеді. Сондықтан да ұшқан жан ауызға қайта кіріп үлгермес деп қорқып, ұйқыдағы адамды кенеттен оятпайды. Есінеген шақта шыбын-жанның біреуі ауыздан шығып, адам шалажансар боп қалар деген қауіппен, аузын алақанымен басады. Э. Тэйлордың айтуынша, Батыс Европада сондай әдет соңғы кезге дейін бар. Жанына ауру батқан шақта, қазақ «шыбын-жаным-ай!» деп сарнайды, баласын жақсы көргенде де «шыбыным» дейді.

Жоғарыда айтылғандай, табиғат құбылыстарын тәңірі санаған ертедегі қазақтар отты да қасиетті санаған. Мысалы, қазақта жаңа түскен келіншек, қайын атасының үйіне алғаш кіргенде, «от ана, жарылқай гөр!» деп отына май құяды; ал мал түліктеріне, әсіресе, жылқыға індет тигенде, олардың табындарын лаулата жаққан екі оттың арасынан айдап өткізеді; найзағай жарқылдаған кезде, есік алдындағы жерге балта, шот сияқты темірлерді жауып, «сүт көп, көмір аз» дейтін бата оқиды, онысы ошағында оттың көп болуын тілеу сияқты.

Осы айтылғандардан қазақтың дүние танымы, басқа да ұлттар сияқты, діни сенімдер мен нанымдарға негізделгенін көріп отырмыз. Олай болса, қазақ халқының діни нанымдары жайында біраз тоқтала кетейік.

Қазақ халқының исламға дейін ғасырлар бойы сеніп келген діні — шаманизм. Оның қашан шығып, қай заманнан бері тарағаны белгісіз. Бірақ басқа діндер сияқты шаманизмнің негізі де құдайға, кереметке сену екені даусыз. Ал бұл дінге сенушілердің өзіне тән ерекшелігі алуан-түрлі айлалы», «сиқырлы» әрекеттер жасау арқылы табиғаттан тыс «кереметті күштердің» мейірімін түсіру, «көңілін табу», бағындыру», сол үшін олармен қарым-қатынас жасап, тілдесуді арман ету, қиялдау болып табылады.

Біздің қазақ жерінде шаманизмнің қалдығы бақсылық, балгерлік, тәуіптік ретінде ислам діні тарағаннан кейін де бірнеше ғасырлар бойы, тіпті Октябрь революциясына дейін орын алып келді. Қазақтар арасында бақсылар, жер үстіндегі жын-шайтандар мен тілдесе алатын олардың адамға жасайтын зиянды, қастанды әрекеттеріне тиым салатын кішкентай құдайсымақтар ретінде танылды.

Мұны зерттеген ғалымдардың пікірінше бақсы болу әркімнің қолынан келмейтін сияқты. Бақсы болуға нервісі бұзылған мінезі жеңіл, тез ашуланатын нервісі жылдам қозатын адамдар икемді болатын көрінеді.

Дінге сенуші ақсақалдардың кейбіреулері «бақсылық тұқым қуалайды» дегенге сенеді. Осыдан барып, олар пәленше дегеннің арғы аталарында бақсы болған біреу бар еді, соның бақсылығы немересіне не шөбересіне дарыпты, десіп отырады.

Жалпы шаманизм біздің елімізде Сібірде, Орта Азия мен Қазақстанда кең тараған. Қазақ бақсылығының Сібір шамандарынан бірсыпыра елеулі айырмашылығы бар. Қазақ бақсыларының «ойыны» көбінесе бақсылық өлең-сарын ретінде айтылады. Олар өздерінің «жынын» кейде жеңсіз берен киінген, лашын құстай түйілген» деп, қалың жауға қарсы шауып, қамал бұзған батыр бейнесінде, кейде қара шұбар айдаһар», «жер тырнақты жолбарыс», «азу тісі балғадай қара бура», «бір мүйізі жер тіреп, бір мүйізі кек тіреген көк бұқа», болмаса, әлем дүниесін бұрқ-сарқ өткізген қара бұлт, қарлы дауыл бейнесінде келтіреді. «Кейбір ұзақ айтылатын сарындарда бақсының бір емес, бірнеше «жыны» суреттеледі, оларды адам ұғымындағы ең күшті нәрселерге теңеп, салыстыра отырып, жырға қосады, тыңдаушының көз алдына елестетпек болады»10 — деп жазды профессор М. Ғабдуллин.

Қазақ бақсылары, Сібір шамандарындай, арнайы киім кимейді. Дін жайын зерттеуші ғалымдардың пікіріне қарағанда бақсы, шамандар өз практикасында халықтық өнерді де пайдаланатын сияқты. Онымен бірге олар зікірлеген кезде ит болып үреді, жылқы болып кісінейді, қой болып маңырайды, т. б.

Бақсылардың, да өзіне тән мифологиясы бар. Халық арасында олардың, қызған темірді жалауы, семсердің жүзімен жүру, тасты жуан темірлерді тізеге салып сындыру, тіпті адамды бауыздап, қайта тірілтуі сияқты аңыздарды, өз көзімізбен көрдік дейтіндері бар. Бұл тегі гипнозға байланысты әрекеттер болса керек.

Тіпті қазіргі уақытта да мұндай кереметтер жасайтын көреген, білгір, жоқты тапқыр киелі, әулие адамдар бар дегенге сенушілер бірлі-жарымды болса да табылып қалады.

Ислам дінінің қазақ арасына тарауы жайында бірер сөз. Рас, бұл жайында орысша, қазақша және басқа да тілдерде жарияланған исламды зерттеуші ғалымдардың еңбегі аз емес. Әйтсе де, қазақ халқының дүние танымына байланысты азды-көпті әңгімелей кеткеніміз дұрыс сияқты.

Ғалымдардың айтуынша ислам дінін таратушы Мұхаммед тарихта болған адам. Ол біздің жыл санауымыздан кейінгі 570 жылы, Арабстанның Мекке қаласында туады. Руы — Курайш, әкесі — Ғабдолла шешесі — Әмина, Жас кезінде әке-шешеден жетім қалған ол әртүрлі кәсіптерге (әсіресе саудагерлік сапарларда) үйренеді. 40 жасында пайғамбарлық атаққа ие болып, жалғыз аллаға табынатын ислам дінін насихаттауға кіріседі.

Бұрын көп құдайшыл — мәжусилік ұғымда болған араб тайпаларының көпшілігі исламға қарсы болып, Мұхаммедтің немере ағасы Әбужаһилдің бастауымен жаңа дінді насихаттаушы пайғамбарға қастандық жасап, оны өлтірмекші болады. Осы бопсаға шыдай алмаған Мұхаммед 622 жылы Меккеден Мәдинаға қашады. Тарих тілінде бұл қашудың аты һюжарат. Мұсылман дініндегілердің жыл санауы осыдан басталады. Биылғы 1973 жыл һижараттың, 1351 жылы.

Ислам дінін Мәдинадан таратқан Мұхаммед ол үшін «ғазауат» деген атпен соғыс жүргізіп, һижыраттан екі жыл кейін Шам (Дамаск) өлкесін басып алады; келесі жылы «ұхыт» тауының төңірегіндегі көшпелі арабтарға шабуыл жасап, одан жеңіліп қалады. Бесінші жылын Үхыт елінің басшысы Әбусафиян Мәдинаға шабуыл жасап, жеңілгеннен кейін, әскерімен тұтас ислам дініне кіреді.

Ислам дінін осылайша соғыс күшімен таратқан Мұхаммед сегізінші жылы он екі мың әскермен Меккені алуға аттанады. Оған дейін Ғаббас есімді бір туысы, ислам дінін Меккеде жасырын таратып жүреді. Ол Мұхаммедке бұл шаһардың тұрғындары да жаңа дінді қабылдауға бейім екенін айтады.

Мекке алынғаннан кейін, Мұхаммедпен соғысуға күші мінейтін ұсақ рулар, Мәдинаға елшілерін жіберіп, исламды жанжалсыз қабылдауға көнетіндерін хабарлайды.

Ислам діні қызу тарап жатқан шақта, һижыраттың 12 жылында Мұхаммед науқасқа шалдығып, өлер алдында билікті «шаһаряр» аталатын сенімді серіктеріне тапсырады. Бірінші әкім Әубәкір сайланып, һижыраттық 12 жылында, алпыс үш жасында қайтыс болады. Оның тірі кезінде орталығы Мәдина болып, араб халифатына (патшалығына) Бағдад және Басыра өлкелері қосылады.

Әубәкірден кейін халиф болған Омар Құддусқа (Иерусалимге) дейін жаулап алып, халифат аумағын кеңіте түседі. Сол жорықтан Мәдинаға аман қайтқан Омарды, һижыраттың 28 жылы, бір дұшпаны өлтіреді.

Негізінде Мұхаммедтің өзі де, одан кейін халиф болған Әубәкір де, Омар да, Әлі де сауатсыз болған адамдар. Бұлардың ішіндегі сауаттысы тек Оспан ғана болса керек. Ол Араб алфавиті» аталатын әріп таңбаларын, яғни Құранның «ғаламат» таңбаларын жасаған осы Оспан екен деседі. Африканың біраз өлкесін, әсіресе Мысырды (Египет) жаулап алған да осы Оспан екен. Бірақ һижыраттың 35 жылында, дұшпандары оны да өлтіреді.

Оспаннан кейін, «Мұхаммед пайғамбар атын кідіріп атады» дегенді сылтау еткен Мағауия басқарған қарсыластар тобы Ғалидың халифтығын біраз уақыт танымай, " өзара соғысып, қатты қырғынға ұшырайды. Ақыры Мағауия халифатты бөліп әкетумен тынады. Ғалидың кезінде араб мемлекеті кеңіп, Иран елдері де бағынады. Сондықтан олар Мұхаммедтен гөрі Ғалиды ұлық санайды. һижыраттың 40 жылында 63 жастағы Ғалиды да өлтіреді. Орнына оның әйелі Фатимадан (Мұхаммедтің қызынан) туған Хасен отырады. Бірақ ол тақта ұзақ отыра алмай, алты айдан кейін күші басым Мағауияға бағынады. Осымен Мұхаммед әулеті басқарған әкімшілік бітіп, билік Мағауия тұқымына көшеді.

Арабша Үммәя (шеше мағынасында) аталған халифат 92 жыл өмір сүріп, Арабияның шығыс жақ қанатын Орта Азия арқылы Үндістанға, батысын Испанияға жайып, өз тұсында дүние жүзіндегі ең зор империяның бірі болады.

Соншама қанатын кең жайған Үммәя мемлекетің һижыраттың 132 жылында Мағауия ұрпағынан Мұхаммедпен аталас Ғаббас алып, астанасын Бағдатқа көшіреді де, һижыралық IV ғасырға дейін дәурен сүреді, арабтар жаулап алған өлкелерге әкімшілігін кеңіте, нығайта түседі.

Һижыралық IV ғасырдың басында түріктер көтеріліп, Каспий төңірегінде Сельжук аталатын мемлекет құрады да, арабтар ықпалынан біртіндеп босанып, ірі мемлекетке айналады. Күшейген Сельжук һижыраттың 831 жылы (біздің жыл санауымыздың 1453 жылы) Қара теңіздің жағасында ғасырлар бойы күшті мемлекет болып, дәурен сүрген Византия (шығыстық Рим, қазақша Рум, «ұлың ұрымға, қызың, Қырымға кетсін» деген қарғыс осыдан шыққан) мемлекетін құлатып, астанасы Константинопольды (Стамбулды) басып алады. Сол соғыста ақылды қолбасшылық көрсеткен Сейіт-Батталды түркі елдері аңыздағы батырға айналдырып, есімін тарихқа қосты.

Стамбулда (түріктерше Ислампол, қазақтың«сен есіме түскенде, беу қарағым, кемесіндей Ислампол бұраңдаймын» деген өлеңі осыдан туған) түріктер патшасын «сұлтан» деп атады. Бертінде хан ұрпақтары да өздерін «сұлтан» дескен. Қазақ даласына хан тұқымынан қойған әкімдерін Россия патшалығы да «султан» деп атаған. Қазақтың «кісі елінде султан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалы осыдан шыққан. Мемлекеттік құрған түріктер күшейе келіп, һижыраттың 699 жылы сұлтан болған Ғусманбектен кейін, бұл мемлекет «Оспандық Түркия» аталды. Ғұсман 726 жылы өледі. Бірақ ол басқарған мемлекет кеңейіп, кейін «Анатолий» аталатын империяға айналады. Оның жұрнағы қазіргі Түркия.

Исламның туу және дәуірлеу тарихы осындай.

Ислам қазақ арасына кешігіп тараған сияқты. Оған бір дәлел, XIV ғасырдың аяғында Арабстаннан Орта Азияға саяхат жасаған Ибну-Хаукель, «Үлгілі хабарлар» аталатын кітабында мұсылмандар мен түркілер арасында, XVI ғасырда болған соғысты сипаттайды. Бұл жерді оның «мұсылман» дегендері Орта Азияның исламды қабылдаған қазақ рулары болса керек.

Өзбек ханы Шайбани (1451 — 1510) заманында, оның қарамағындағы ғұламалар (дін идеологтары) қазақты мұсылман емес деген пікір қалдырған.

Шоқанның айтуынша XIX ғасырдың ортасына дейін, ислам қазақтың қанына сіңген дін болмаса керек. Сондай шала дінді орыс патшалары татар молдалары арқылы тартып сіңірді.

Қазақтың ислам дініне оншама беріле сенбейтініне мына төмендегі фактілер куә бола алады.

Теңдік бермейтін қиянатшыл, жауыз біреу туралы назаланғанда, қазақ оған «көкте құдайдың, жерде құмайдың әлі келмейді» дейді. Құдайы — алла, құмайы — аң атаулының бәрін де жейтін мифологиялық ит. Құдайды құмайды теңеуі қазақтың дінге сенушілерінің оған қандай көзқараста екенін көрсетеді.

Исламның қасиетті санайтын кітабы — Құран. Ол «құдай сөзі» ретінде саналады. Алайда қазақ құраннан нанды жоғары бағалайды. Мысалы, «қол жетпейтін биікте нан ,туса, құранға шығып, оны алуға болады» дейді.

Ислам дінінде бүкіл аят атаулының алдында «ағуз» деген сөз турады. Ол — «шайтанның шерінен (азғыруынан), сақта» деп тәңіріден тілеуі. Қазақтар бұл сөзді де келекелеп: «Ала байтал-құнажын, ағу, белла-һи, міне, шайтан рәтім» дейді. Мұсылмандарда әрбір әрекетке (қимылдарға) кірісер алдында «Бисмилләні», яғни — алланың есімін пайды. Оны аз қолданатын қазақтар «байғұстың асын бісмілдә тауысады» деп мазақтайды.

Білгішсінген баланың әкесіне ақыл үйретуін ұнатпаған қазақ «әкесіне баласы кәлкәусәр (аят аты) үйретті» деп келекелейді. Құранда көп оқылатын бір сүренің аты Я-син». Қазақтар ол жайда «жасын, әкел қойдың басын, әкелмесең басын, оқылмайды жасын» дейді. Сондай-ақ «Ұра берсе қудай да өледі» деп қазақ Құранда айтылған құдайдың өлмейтін мәңгілік екеніне сенімсіздік білдіріп, ижуа етеді.

Ислам дінінде жақсылықтан басқаны ойламайтын адалдықтың нышаны ретінде саналатын ең әділ, ен, турашыл мифтік бейне періштені де қазақ: «алтын көрсе періште жолдан таяды» деп, оның да адалдығына күмән келтіреді.

Сол сияқты қазақ халқы ислам дінін уағыздаушы молдаларды, қожаларды да өткір сынайды. Олардың елдің есебінен күн көретін арам тамақтар екенің алдамшы, опасыздық өрескел әрекеттерін әшкерелейді. Мұның бәрі мазмұн жағынан өтімді мақал-мәтел түрінде айтылады. Оған: «Ескі мешітке көкек азаншы, есі кеткен ауылға есек азаншы» деп молданы есекке теңеу, немесе «аңқау елге арамза молда», «дүмше молда ел бұзар», «сопы сұмнан шығады», «өлеңді жерде егіз семірер, елімді жерде молда семірер», «қожа, молда елді аздырады, қурай, құмай жерді аздырады», т. б. осы сияқты мақал-мәтелдер куә болады.

Алланы тану, ислам дініне сену жайындағы қазақтың ұғымы осындай.

Намаз. Әрбір мұсылманның құдайға «құл» екендігін таныту нышаны бас июі. Мұны, құлшылық ету деп атайды. Намаз күн сайын бес уақытта өтеледі: таң сәріде, түсте, күн батарда, іңірде, жатар алдында. Намазды өтеу алдында адам сумен тазаланады, оның аты — дәрет алу. Су жоқ жерде шаңмен тазаланған болады. Оның аты арабша — тәммим, қазақша — дембі. Намаз жайында қызық әңгіме бар. Қазақтың көп руларының бірі — Уақ. Одан қара қасқа атты Қамбар, Еркөкше, Ерқосай, Сары. Баян сияқты халыққа, тарихқа аты белгілі батырлар шыққан. Уақ, Орта жүзге жатады. Мекені — Семей, бұрынғы Ақмола аталған өлкелерде.

Уақтың бір атасы Ергене, Аңызда осы Ергене намаз оқуды білмей (исламға кешірек кірген болу керек), ел аралап жүрген қожадан «ол не?» деп сұрапты-мыс. Кожаный, қулығы ма, мысқылы ма? — «Бал арасын ұясымен үйіңе жинап алсаң, намаз үйретеді» депті. Соған нанған Ергене ебін тауып, бал арасының бір ұясын қапшыққа салып үйіне әкеліпті де, өзі сияқтыларды жинап, намаз үйретер деген үмітпен араларды ұядан шығарыпты. Босанған аралар жабыла талаған кезде, шыдай алмаған Ергене де, басқалары да сасқалақтап үйден қаша жөнелгенде Ергене кигіз үй есігінің «ергенек» аталатын жақтауын мойнына іле кетіпті. Ергенені бір туысы іздеп сұрау салса, көрген біреу «ергенегі мойнында, намаздары қойнында» депті-міс. Сондықтан Қалды атын жұрт өзгертіп Ергене атап кеткен екен, деседі.

Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартың дұғалықтарын білмеген шақта, намазға «ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі» деп жығыла берген.

Намаздан кейін әрбір мұсылман орындауға міндетті «ораза» бар. Ол жыл сайын арабша «рамазан» аталатын айда болады. «Аузын бекіткен» адам таң сәріден күн батқанға дейін, дәм татпай аш жүруге мәжбүр болады.

Қазақта «ораза, намаз тоқтықта, қарны ашқан молданы, сәлдесі қалар боқтықта» деген де мақал бар.

Оразаны мадақтайтын арабша «иә, шәһри рамазан», қазақша «жарапазан» аталатын жыр бар. Оны ел ақтап айтатындарды қазақ «жарапазаншы дейді. Жырдың арабша, иә шағатайша, немесе татарша сөздерін білмейтін қазақ жарапазаншылары:

Мінгені пайғамбардың жирен дейді,
Бес намаз шамаң келсе үйрен дейді.
Бес намаз шамаң келмей үйренбесең,
Тіліңді темір істікпен түйрер дейді, —

деп қазақ фольклорына айналдырып жібереді. Қазақта жарапазаншылық, қайыр сұраудың дінге негізделген бір түрі.

Хажылық: — күші жеткен адамның Меккеге барып, Байтоллаға (құдай үйіне) тауаф етуі (құлшылық ұруы). Бұл міндетті өтеген адам «хажы» аталады. Хажылыққа аттану үшін, оған барушыларға жергілікті әкім — губернатордың рұқсаты керек. Сондай адамдардың бірі Құнанбай Омбыға барып, жол жайын біледі-ау деген Шоқан Уәлихановпен ақылдасады. Шоқан оған:

— Тура жолы: Одесса қаласына поезбен барып, одан әрі Қара және Орта теңіздер арқылы кемемен кету, — дейді. Бірақ бұл жолмен қазір жүре алмайсыздар, өйткені жақын арада Россия мен Түркия соғысқалы жатыр. Соғыс кезінде теңізден кемемен жүру мүмкін емес.

— Енді қалай жүреміз?

— Тек, Каспий және Қара теңіздерінің күнгей жағасы арқылы атпен кетуге болады, ол ауыр да ұзақ жол.

Құнанбай да, Аққозы мен Бименді де бұл қиындыққа көнеді. Олар қарулы жас жігіттерден 25 нөкер алып, бір түйеге құрт, ірімшік, сүр, жент сияқты бұзылмайтын азықтарын артып, екінші түйеге керекті киімдерін артып, жолға шығады.

— Сол сапардан, — дейді білетіндер Меккеге кеткендер еліне бір жыл, үш айда оралыпты-мыс.

Шоқанның ислам діні туралы жазғандары бойынша қазақтан да хажылыққа барушылар көбейген. Сонда олардың көбі дін құмарлықтан емес, хажылық атағын жаю мак,сатымен барған, себебі қазақ елінде «хажы» дегендер — сыйлы адамдар болған. Осы дақпыртпен ислам дінінен хабары жоқ кейбір байлар да Меккеге бара берген.

Бұл жайында XX ғасырдың басында өзім туған өлкедегі болған бір оқиғаны мысал ретінде айта кетейік.

Керей руында Айдостың Андамасы деген бай өткен. Малы көптігінің үстіне ол маңайдағы ел ішінде бірінші болып ақша жинаған көрінеді. Соның қол астында арабша және орысша сауаты бар әрі ақылды, әрі пысық жасы Андамастан кіші Рамазанның Абылайы деген кісі болған. Сол Абылай Андамастың көп ақшасын пайдаланып, жер көріп, ел араламақ болады да, оны Меккеге, хажылыққа баруға азғырады. Хажылықтың не екенін білмейтін Андамас Абылайдан түсінеді де, «өзім адасып өлермін, сен бастасаң барайын» дейді. Абылайға керегі де сол.

Ол кезде Меккеге барушылар жол шығынына көп дегенде бірер мың сомды әзер табады екен. Ал Андамасқа Абылай жиырма мың сом алдырып, екеуі сапар шегеді. Бірақ бұлар басқа хажылар сияқты шел даламен емес, поезбен Ламанышқа жетіп, одан әрі Атлантика мұхиты арқылы бүкіл Европаны жағалай, қажетті қалаларына тоқтай отырып, Жер Орта теңізіне шығады. Мысырға, одан Суэц каналынан Жидда портына барып, ар жағында жақын тұратын Меккеге дік ете түседі. «Сонда, — дейді айтушылар, — құрбан шалатын күнге әрең жеткен екен. Ол күнге ілікпесе қажылығы өледі екен». Бірақ, оған Андамас қайғырмай: «Ақшаның қызығын көрдім-ау» депті.

Өзге де қызықтарды құмарта көрген Андамастың Мекке жеріне көңілі толмаса керек. Қажылықтан еліне келгенде, одан әркімдер: «Меккеде не көрдің? Қалай екен?» десе, Андамас: «Ит байласа тұрғысыз жер екен. Атағы сондай бола тұра, жарықтық пайғамбар жаман жерге неге қоныстаған?!» депті де, барған жерінің атын білмекші болып:

— Осы, біз іздеп барғанның аты кім еді? — депті Абылайға.

— Біздің арғы атамыз Мәмбет бар ғой. Соны бұрмалап айтсаңыз «Мұхаммед» болып шығады депті Абылай.

— Оның бағынатын ешкімі бар ма?

— Құдайдан басқа ешкімі жоқ, — депті Абылай.

— Қай құдай, — депті Андамас, — біз бағынатын ба, басқа ма?

— Әрине, сол! Сонда, санын бір-ақ соққан Андамас:

— Ол да біз бағынатын құдайға бағынса, осы жолға жұмсаған шығынымды Керей-Уақтың қаріп-қасерлеріне үйде отырып-ақ үлестіре бермей, мықтының өзіне жалбарынбай, біреу арқылы жалынып, оған неге бардым?» депті.

Медресесі, мешіті жоқ сауатсыз ауылдағы ислам дініне сенетін қазақтардың, тәңірі туралы, оған өтейтін міндеттері туралы түсінігі де, атқару түрі де осындай түрліше.

«Харам» (қазақша — арам) деген сөзді қазақтар арабтар басқаша түсінеді. Арабта «харам» тыйым салынған нәрсе, мысалы, Меккеде Мұхаммедке құлшылық ететін мешітті «харам» дейді. Оған мұсылмандардан басқалардың кіруіне әлі күнге дейін тыйым салынған. Мұсылман әкімдері немесе имамдары көп әйел алған. Соларды жұртқа көрсетпей ұстайтын мекенді де арабтар «харам» (орысша гарема) деген.

Қазақтар «харамды» өз мағынасында емес, жолауға болмайтын жаман «арам» нәрсе мағынасында ұғады. Ислам дініндегі елдер тек бауыздалған малдың етін ғана жейтіні мәлім. Ал исламға дейінгі қазақтар малды: «Сенің білгенің жаңа, менің көргенім жаңа» деп, найзамен шаншып өлтіреді екен де, етін жейді екен.

Әр діннің өзінше харамы (арамы) бар. Мысалы, христиан дініндегілер түгелімен жылқы етін арам санайды. Ислам дініндегілердің ішінде де жылқы етін арам деп жемейтін халықтар аз емес, мысалы, арабтар, парсылар, түрікпендер, азербайжандар жылқы малын аз өсіргендіктен оны соғыста және шаруашылықты көлік күшіне ғана санаған. Осыған байланысты болу керек, жылқы етін арам деп оны жемейтін болған. Ал көшпелі елдердің, бұлардың ішінде қазақтардың, көп өсіретін малы жылқы болғандықтан, омың сүтің етін пайдаланбай отыра алмаса керек. Ал оның есесіне бүкіл ислам дініне сенуші халықтардың барлығы дерлік шошқа етін арам деп санайды.

Сол сияқты араб тілінде, некесіз әйел — иә-махрам. XIX ғасырда жасаған атақты Орынбай ақын Көртағыұлы (бір жиында әйелдер отырған тұсқа қарай берсе керек. Соны көрген Ақан сері әзіл тастап:

Ореке, біз бір қайық, сіз бір кеме,
Сөзімде қате болса, сөге көрме,
Пайғамбардың жасына келген шақта,
Иә-махрамға кез салған бұның жөн бе? —

депті. Сонда Орынбай:

Ежелде жақсы ат пен тон малдыда,
Ақыл-айла болмайды жоқ жарлыда,
Фарыз, уәжіп, сүндетті түгелдеп боп,
Жалғыз-ақ, «иә-махрам» деген сөз қалды ма? —

деп жауап қайырған.

Қысқасы қазақтың ислам дініне бағынуына бірталай уақыт болғанымен, жоғарыда айтылғандай, қазақ арасында ол тамырын терең жібере қойған жоқ.

Мыңдаған жылдар бойына жәрдемді мифологиядан, яғни ойдан жасаған тәңіріден таппақ болған адамзат, біраздан кейін ондай тәңіріні өз болмысынан, яғни денесінен іздеген. Сондағы тапқаны аруақ.

Ойдан шығарылған мифологиялық құдайлар мен аруақтарға сиынған адамзат өзінің тіршілік үшін күресінде, дәрменсіз болған кезінде «жәрдемші» күшке сенген еді. Сондықтан да ондай «жәрдемшілерді» олар ойдан шығарып, ақырын тәңіріге айналдырған.

Алайда адам баласы тіршілігіне қажетті еңбек құралдарын жасап, оларды үнемі жетілдірудің нәтижесінде табиғатқа белсенді «әсер етіп, бертін келе, ғылым мен техниканың өрістеуіне байланысты адамдардың табиғаттан тыс ешқандай «жәрдемші» күштің жоғына көзі жете бастайды. Сөйтіп, өз бақыты өздерінің қолында, тек өз ақылы мен ең,- бегіне ғана қатысты екенін түсінеді.

Ал дінге келетін болсақ, олардың қайсысы болсын ғылымға, ғалымдарға қарсы ғасырлар бойы күрес жүргізіп, ертедегі көрнекті ғалымдарды қудалап, оларды тәңірі танымайтындар, құдайсыздар яғни еретиктер деп жариялап, орта ғасырлардағы инквизиция сотымен соттап, дарға асып, тірідей отқа жағуға дейін барды. Сол құрбандардың ішінде Италияның атақты ғалымы Джордано Бруно (1548 — 1600) Т. б. болды. Бірақ олар инквизиция сотынан, өлім жазасынан қорықпастан ғұмырының ақтық минутына дейін өздерінің ғылыми идеясының дұрыс екендігінен бас тартпай, оны ақырына дейін қорғады. Сол сияқты француздың қолбасшы батыр қызы Жанна д' Аркты да бұл елді жаулап алған ағылшындар құдайсыз деп айыптап, тірідей өртеген. Француздардың сол орынға қойған ескерткішін және сөнбейтін от (факел) жаққанын 1961 жылы өзіміз де көрдік. Сол ескерткіш тұрған жерге барушылардың лек-легі күн ұзын арылмайды.

Ой-сана өркендеу жолында ең, алғаш дінге диалектикалық материализм тұрғысынан нағыз ғылыми түсінік берген марксизм. Маркстің айтуынша, «дін халықтың басын айналдыратын апиын».

В. И. Ленин өзінің «Социализм және дін» деген еңбегінде «Дін дегеніміз өмір бойы басқа біреулерге жұмыс істеумен, мұқтаждықпен, жалғыздықпен жаншылған халық бұқарасын барлық жерде бірдей басқан рухани езгінің бір түрі. Жабайы адамдардың жаратылыс пен күрестегі әлсіздігінің құдайға, жын-шайтандарға, кереметке, т. б. и. шуды туғызатыны сияқты, қаналушы таптардың қанаушылармен күрестегі әлсіздігі де — ол дүниедегі жақсы тұрмысқа нануды сөзсіз туғызады. Бүкіл өмірін жұмыс істеп, мұқтаждықпен өткізіп жүрген адамды дін бұл дүниеде шүкіршілік етуге, шыдамдылыққа үйретеді, құдай ол дүниеде жарылқайды деп жұбатады... Дін... адамға лайық азды-көпті тұрмыс жөніндегі өздерінің талабын тұншықтыратын рухани удың бір түрі»11 деп діннің реакциялық мәнін терең талдайды.

Мінеки, қанаушы тап үстемдігі кезіндегі діни сенім жайы осындай.

Тек Октябрь революциясынан кейін ғана Ұлы Ленин ұйымдастырған Коммунистік партияның басшылығымен бұрын қараңғы халық дін шырмауынан босанып, жаппай білім алуға, сан алуан ғылым жүйелерін игеріп, оны дамытуға ат салыса кірісті. Қазақ елі өзінің Советтік дәуірдегі жарты ғасырдан астам өмірінде, экономикасы, мәдениеті еселеп дамыған ең ірі республиканың бірі болды.

Бұдан елу жыл бұрын көрмек түгіл атын естімеген радио, телевизор, көгілдір от (газ), су құбыры, электр жарығы қазір әр ауылда, әр үйде бар. Бұрынғы шаңы аспанға шығатын жауын-шашын болғанда ми батпақ болып кететін жолдардың орнына асфальтті және темір жолдары салынды. Қазіргі жолаушы поезд бен автомашинаны місе тұтпай, барар жеріне самолетпен кететін болды. Телефон, телеграф сымдары кең даланың өн бойын торлап жатыр.

Мәдениетті, отырықшы ауылдар, қалалар, салтанатты сарайлар көбейді. Бастауыш орта мектепті жүздеп, мыңдап, жоғары оқу орындарын ондап санаймыз. Оқымысты, мамандар да толып жатыр.

Советтік дәуірге дейін «батыр» немесе «ер» атағы тек соғыста ғана еркектер қатарынан шығатын еді. Адамзаттың мыңдаған жылдық тарихында адам еңбегін бағалап, оны құрмет тұту тек советтік дәуірде ғана пайда болды. Қазір бір Қазақстанның өзінде мыңнан аса Еңбек ерлері бар, олардың екі жүзден астамы әйелдер. Ал солардың ішінде мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, мамандармен қатар сауыншы, малшы, егінші, теміржолшы, тракторшы, комбайыншы, жұмысшы, мұғалім сияқты қарапайым еңбеккерлер де көп.

Сондықтан, қазіргі азат еңбек иелері, тіршілігіне жәрдемді мифологиялық күштерден емес, өзінің, қажырлы еңбегінен күтеді. Ұлы ақынымыз Абайдың:

Еңбек етсең ерінбей
Тояды қарның тіленбей, —

дейтін енегелі сөзі советтік социалистік дәуірде ғана өзінің шын мәніне ие болды.

2. ТІЛІ

Кейінгі есеп бойынша дүние жүзінде мыңдаған тіл бар. Қазақ тілі соның ішіндегі түрік тектес тілдер тобына кіреді.

Сөздерінің көпшілігі түбір алдынан қосымша, артынан жұрнақ жалғау арқылы жаңа туынды сөздерден құралатын тілдер бар. Оларға араб, орыс тілдерін жатқызуға болады. Ал қазақ тілі түбірге тек соңынан ғана жұрнақ жалғану арқылы жасалады. Қазақ тіліне түбірге алдынан жалғанатын сөздер иран арқылы келген. Мысалы, бақсыз — бейбақ, тарапсыз — битарап, қамсыз — бейғам, тағы тағылар.

Түркі тілдес халықтардың сөздерінің басында кейде «я» немесе «ж» әріптері алмасып келіп отырады. Мысалы, кей тілдегі яхшы қазақта — жақсы, яш — жас, яман — жаман... ямғур — жаңбыр, яхия — жақия, тағы тағылар.

Біраз тілдермен салыстырғанда қазақтың көшпелі тұрмысы көрші елдердің тіл ықпалына аз ұшыраған. Мысалы, азербайжандар мен өзбектерге иран мен араб сөздері, ұйғырларға қытай, моңғол сөздері, Еділ бойының түркілеріне орыс сөздері көбірек кірген. Татарлар «тазарту» деудің орнына «чистарту» дейді.

Дегенмен, қазақ тілінде де көрші тілдердің әсері жоқ емес. Мысалы, соғда заманынан қалған иран сөздерінің, Шыңғыс ордалары кезінен қалған монгол сөздерінің, ислам діні тарағаннан бері кірген араб сөздерінің элементтері қазақта да бар. Бірақ, қазақтар ол сөздерді өз тілінің үндестік (сингармонизм) заңына бағындырып: иранның «пешене» (маңдай) деген сөзін «бесене», «ромаль» (бет сүрткіш) деген сөзін «бәтуа», «құрбан» сөзін «құрмалдық», «рузаны» «ораза» деп айтты, қатын-қалаш, тоқты-торым, бала-шаға дегендегі қос сөздердің екінші қосағы: қалаш торым, шаға дегендер монғолша атаулар. Мен «Орысша- монғолша сөздік» аталатын кітапты құрастырғанымда мағынасы қазақ пен монғолға ортақ мыңға жақын сөздерді ұшыраттым.

Иран тілінен келген «қар» «гар», «шы» жұрнағы қазақ тілінде өте көп сөздер жасауға себеп болған. Мысалы, саудагер, қаламгер, зергер, дәрігер, сайыпкер, мұрагер, айлакер, тағы тағылар. Бұл жұрнақтардың біразы қазақтың «сауда», «мұра» сияқты байырғы сөздеріне жалғасады. Біразы араб иә кран сөздеріне жалғасады. Мысалы, зер» иран тілінде «алтын». Зергер алтыншы; арабша «һұна» — гунәһ, қазақша — күнәкар, айыпты тағы тағылар...

Орыстан келіп қазаққа сіңісті болып кеткен сөздер де аз емес. Мысалы, жоғарыда айтылғандай, ер-тұрмандарынан, ыдыс-аяқтардан: самовар — самауырын, кровать — кереует, хомут-қамыт, дуга — доға, т. б. сияқты сөздер аз емес.

Осылай көрші тілдермен ауыс-түйісі болмаған тіл дүние жүзінде жоқ. Қай халықтың тілі неғұрлым бай болса, өзге тілдермен араласуы да соғұрлым басымырақ келеді.

Тілдің тіршіліктегі мәніне қазақ ежелден ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да «өнер алды қызыл тіл» дейді.

Қазақтың тіл өнерінің бай екендігін, оның фольклоры (ауыз әдебиеті) растайтын дәлелдерді мақал-мәтелдерден алған мысалдардан айқын «ердік. Оларға «шешендік» сөздерді, әрқилы жырларды қоссақ, тіліміз тіпті молайып, көркейіп кетеді. Осы жерде айта кететін бір жағдай: жер көлемi бес Франциядай жайылып жатқан, оның үстіне Октябрь революциясына дейін ұлттық тұтас мемлекеті, мектебі, баспасөзі болмаған қазақ халқының өзіндік тілін ғасырлар бойына таза сақтап келуі қайран қаларлық іс. Қазақтың кең даласының түкпір-түкпірінде бытырап жүрген қазақ руларының тілдерінде аздаған жұрнақтық өзгешелігі болғанмен, түбір сөзінде түк айырма жоқ. Семей жағы «ащы» деудің орнына «ашты» дейді, соған қарамай өз шығармаларында Абай тілі ашты демей тілі ащы деп жазады. Арқа жағында «әшәдду» деген сөзді қолданады. Онысы арабтың «тәшшит» — «қатты» деген сөзінің ұғымын береді. Қостанай Жамбыл, Алматы қазақтары «көрім» дегенді «жаман», «сұмырай» мағынасында қолданады. Қызылжар, Семей, Өскемен жағында ол жақсы дегенді білдіреді.

Осылар сияқты мардымсыз айырмашылықтар болмаса, қазақ тілі қазақтың қай жүзіне, қай руына болса да ортақ: аралары тым алшақ Каспий түбегі мен Алтай тауын, Сырдария мен Ертісті мекендейтін қазақтардың тілінде де, әдет-ғұрпында да, салт-санасында да, мінез-құлқында да көзге түсерліктей айырмашылық жоқ. Неге бұлай екендігіне дәлелді жауап берген ғалым әзірге жоқ. Біз де бұл сұрауға нақтылы жауап бере алмаймыз. Тіл туралы қорытынды ретінде әзірге айтарымыз, халық тілінің мол байлығын, жазба әдебиетімізде бірінші рет, мазмұнын байыта отырып, молынан пайдаланған адам Абай Құнанбаев. Ол өз шығармаларын «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп бастап, «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ» деп қорытындылайды. Абай қазақ тілін мәдениеттің биік сатысына шығарып кеткен. Оның бұтағын жемісті мол дараққа (ағашқа) баласақ, қазақтың одан бергі әдебиетшілері соның өн-бойынан өрбіген жемісті бұтақтар.

Абайдан бергі қазақ тілі тек советтік дәуірде ғана жоғары оқу орындарында оқытылып, баспасөзде жан-жақты өрістеуге мүмкіндік алды. Ол ғылым мен техника жетістігін еркін сипаттап, өз оқырмандарына баяндап бере алатын дәрежеге көтерілді. 14 томдық «Қазақ энциклопедиясы» шыға бастауы да қазақ тілі дамуының 6иі« шыңы болып отыр. Тіл байлығы туралы ендігі сөз, «Жан азығы» аталатын арнаулы бөлімде толығырақ айтылады.

Химия ғылымында көрнекті тұлға саналатын Дмитрий Иванович Менделеев (1834 — 1907) ашқан химиялық элементтер кестесінде көрсетілгендердің бәрі қазақ даласынан Совет өкіметі жылдары табылып, мұнда дүние жүзіндегі ең ірі металлургия заводтары орнады. Қазақстан, әсіресе, түсті металдарға өте бай. Ұлы Отан соғысы жылдары жауға атылған оқтарды жасауға жұмсалған түсті металдың көпшілігін Қазақстан берді.

3. МЕКЕНІ ЖӘНЕ ЕЛДІГІ

Қазақ халқының көне замандардан қалыптасқан жер көлемінің батыс жағы Каспийге, шығысы мен терістігі — Сібірге және Алтай тауларына, күнгейі — қазіргі Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қарақалпақ автономиялы республикасына шектеледі.

Көлемі бес Францияға, тоқсан екі Бельгияға пара-пар келетін бұл өлкені қазақ халқы шетел басқыншыларынан қорғап, Октябрь революциясынан соң Советтік Қазақстан өлкесіне айналды. Қазақстан жері алуан түрлі кендерге есімдіктер мен жан-жануарларға аса бай екені социалистік құрылыс жылдары анықталды.

Бұл тақырыпта 1971 жылы орыс тілінде, «Көшпелі қазақтардың шаруашылығы» деген атпен замандас ғалымымыз Серғали Толыбековтің кітабы шықты. Осы кітапта қазақ халқының ертедегі тұрмысы, шаруашылығы да едәуір қамтылады.

Қазақ жерінің кен байлығы осындай бай болса, алтын астығы да мұнан кем түспейді. 1953 жылы партия мен үкіметтің қазақ жерінің тыңын көтеру туралы қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес 1954 жылдың көктемінен бастап, жаралғалы соқаның түрені тимеген кең өлкенің миллиондаған гектар тың жері көтерілді. Сөйтіп Қазақстан жыл сайын миллиард пұттан астық жинай алатын болды. Мысалы, ол 1972 жылы Отан қоймасына бір миллиард пұттан артық астық құйды. .

Сөйтіп, қазақтың, ғасырлар бойы құлазып жатқан кең даласы қойнын кең ашып, еліміздің, мол байлығына орасан зор үлес қосты.

Қазақта «ел», «жұрт», «халық», «отан», «ағайын» деген сөздер бар. Бұлардың бәрі де ру мағынасынан әлдеқайда кең, олардың әрқайсысының тұтас бір ел, халықтар сыйып кетерлік мағынасы бар.

Ең, алдымен «ел» туралы. Бұл орыстың «стран» деген сөзімен пара-пар. Қазақ мұны үлкен сөзге санап: «елдің елдігін білмеген, құдайдың бірлігін білмейді», «ел іші — алтын бесік», — дейді.

«Ел» кейде: орыс елі, қазақ елі, үнді елі... деген сияқты мемлекет мағынасында да айтылады. Бір мемлекеттен екінші мемлекетке өкіл болып баратындарды «.елші» деп атау сондықтан.

«Жұрт» та, «жұртшылық» та ел мағынасында қолданылады. Ал «жұрттың жұртында қал» деген мақал да жұртты жеке адамнан жоғары қояды. Көшкен елдің орны да «жұрт» деп аталады. Болмашы бірдемелерге жанжалдасатындарды: «Бір байдың жұртына екі тышқан таласады» деп мысқылдайды. Қоныс ауыстыруды қазақ «жұрт жаңарту» дейді. Орыстың кигіз үйді «юрта» деуі осы «жұрттан» шығуы мүмкін. «Ел» мен «жұрт» түркі сөздер.

Қазақта «ағайын» деген сөз: туыс, рулас, кейде тұқымдас мағынасында айтылады. Қазақ «ағайын — ащы, мал — тұщы», «артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның азғанын жақыны білмес жат білер» дегенді де осы мағынада айтады.

«Ағайын» деген сөздің арғы тегі «аға — іні» деген сөздерден шыққан сияқты. Қазақта: «Бар болсаң ағайының көре алмайды, жоқ болсаң «мә, саған» деп бере алмайды», деген де сөздер бар. «Торқалы — той, топырақты елім» аталатын шақтарда немесе бір іске «үме» яғни «асыр» (жәрдем) жасағанда ағайындардың бірлесіп кететін дәстүрі бар.

«Отан» да арабтың «ватан», яғни «өлке» деген сөзінен шыққан. Бұл советтік дәуірге дейін өте сирек қолданылатын сөз. Ал, «ұлт» деген сөзді қазақ советтік дәуірге дейін «отанға» тіркемей айтпаған.

Кейін қазақ құрамына кірген рулардың бәрі де бастарынан хандық дәуірді еткізген. Хандар «үлкен» иә «кіші» бола берген. Көп руды бағындыратын хандар «хақан» (қаған), яғни «хандардың ханы» аталған. Біздің жыл санауымыздан бергі заманда түркілерден «шығыстық» және «батыстық» болып аталатын қағанаттар осылар.

«Қазақ хандығы» аталатын өлке 15 ғасырда өмір сүрген өзбек Әбілхайыр ханның (1465 жылы өлген тұсынан мәлім болған. Сол кезде Жәнібек пен Керей аталатын кіші хандар Әбілхайырға өкпелеп көшіп кетеді де, Жәнібек Еділ сағасына қазіргі Астрахань қаласын салып хандық құрған. Керей Ертісті сағалаған. «Әр ханның, тұсында бір сұрқылтай» сөзуар) болады дегендей, Жәнібек ханмен тұстас Жиренше атты шешен болғаны туралы, оның тапқырлығы туралы қазақ арасында толып жатқан аңыздар, әңгімелер бар. Халық тапқырлық иесі Жиренше емес, әйелі Қарашаш деп көрсетеді. Мысалы, бір кезде Жәнібек Жиреншеге бір өгіз беріп: «Келер жылға дейін бұзаулат» деп бұйырады. Мезгілді уақыт еткеннен кейін хан өгізінің жайын білгелі Жиреншенің үйіне барса, әйелі Қарашаш кездесіп қалады. Одан хан: — «Шешен қайда?» — деп сұрайды. Қарашаш: — «Босанып жатыр еді», — депті. Хан: — «Еркек те босана ма екен?» — десе, Қарашаш: — «Онда егіз де бұзауламайды ғой» депті. Хан: «Ә, солай екен ғой!» — деп жеңіліп қалыпты деседі. Ханның Жиреншеге осындай қисынсыз тапсырмалар немесе сұраулар берудегі себебі — ол Қарашашқа құмар болған. Егер Шешен сөзден жығылса, сылтауратып әйелін тартып алмақ екен дейді жұрт.

Алайда «Қазақ хандығы» деп аталғанымен, Жәнібек пен Керей тұсында қазақ атаулының бәрі басын құрамаған. Олар Жәнібек баласы Қасым ханның кезінде біріккен деседі, «Қасым ханның қасқа жолы деген сол кезде пайда болған.

Бірақ Қасым кезінде де қазақ елі түгел бірікпей, хандарға наразы шағында Орта Азияға, Сібірге, Еділ бойына, Кавказға... дегендей ауытқып кете берген.

Қазақтар «хан — қазық, би — тоқпақ» деп, ханды халықтың тірегі — қазығы көргенмен, отырықшы елдердей хан жарлығына мойын ұсына бермеген; араздасса не ханнан қаша көшетің немесе ордасын шабатын болған.

Осындай көтерілістер әр кезде, әр хандықта үнемі болып отырды. Қазақта «хан — талау, тон — тонау» деген мәтел содан қалған.

Көшпелі қазақтар арасындағы хан елдің бас әкімі саналып, жалпы басшылыққа ие болғанымен ел ішінің дау-дамайын бітіріп, екі жақты татуластырып, төрелік, билік айтатындар билер болған. Өйткені бір үйдің ішіндегі «әрі отыр, бері отырдан» басталып, туысқандардың, ағайынның, ауылдың ұлылы-кішілі аталардың арасынан шыққан дау-жанжалды бітістіріп, төрелік айтып отыратын төрешілер, яғни «от ағасы, қос ағасы, ауыл ағасы, ел ағасы» дейтіндер. Осылардың ішінде үкімінің заңды күші бар.кесіп айтатындары билер саналды.

Билердің қолданатын заңдары көбінесе ата ғұрыптары, яғни көне заманнан бертінге дейін атадан балаға ауысып келе жатқан жол-жобалар. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғы» аталатын заңдар қазақта да болыпты дегенмен, қағазға түспей, ел ішінде ауызша айтылып жүрген. Бұл заңдарды білетін адамдар сирек болған, білетіндері де жорамалмен ғана қолданған.

Солайша, ғасырлар бойы «ата-заңын», яғни «әдет заңын» қолданып келген қазақ халқы XVII ғасырдан бастап Ұлы, Орта, Кіші жүздерге бөлініп, өз хандықтарын құрды. Кіші жүзде Әбілхайыр, Орта жүзде Әлмәмбет пен Барақ хандық құрып, Ұлы жүз түгелдей дерлік Қоқан хандығына бағынды.

Қазақ халқы Россияға түгел бағынғаннан кейін ауыл арасындағы қазақ әкімдері «аға» және «кіші» сұлтандар деп аталды. Алайда қазақтар соңғы кезге дейін әкімшілік бұйрықтан басқа, бұрынғы ата дағдысынан, яғни әдеттік «аңнан айрылған жоқ. Патша өкіметі де бұл заңды бұзбай, дау-шарды шешуді «третейский суд» деп аталатынға тапсырды. Ол сотты жүргізетіндер: сайланған болыс, би, старшин немесе — «ауыл ағалары» болды. Бұлардың бәріне қазақ халқы «билер» деп ат қойды.

Қазақтар ислам дінін түгел қабылдағаннан кейін, әдет заңына «шариғат хүкімі» араласты. Мұндай екі заңдылық арабтардан бастап, мұсылман елдерінің көбінде бар. Арабтар: әдет заңын «тариқат», дін заңын «шариғат» деп атайды. Өзге мұсылмандар да солай атайды. Қазақта шариғаттан тариқат басым болған. Бұл заңды қолданушылар билер.

Шоқанның айтуынша, Россияға қосылғанға дейін қазақ билері сайланбаған, тек қосылғаннан кейінгілері ғана сайланатын болған. Оның пікірінше қазақ билері өздерінің шешендік, тапқырлықтарымен беделге ие болып, билік алатын көрінеді. Онымен қатар би болу, шешен болу тұқым қуалайды деп саналған. Шоқан мұны дәлелдеу үшін Қаракесек руынан XVIII ғасырда шығып, «қаз дауысты Қазыбек» аталған адамды мысалға келтіреді. Одан — Бекболар, Бекболардан — Тіленші, Тіленшіден — Алшымбай туып, бәрі де атақты би болған дейді Шоқан. Бірақ «тұқым қуалау» барлық биге шарт емес, өйткені би, шешен болу әркімнің, жеке басына қатысты қасиет екені мәлім.

Би қалай сайланды?

Ұсақ-түйек дау-шарларды бидің өзі де шешкен, кейде дауласқан екі жақ та сол дауды шешуге өз ортасынан би таңдайды. Онда екеуі де тапқырлық, шешендік танытып, қай жеңгені үстем болады. Қазақтың «істің ағы білмейді, жігіттің бағы біледі» деуі содан. Бұл «қай жағының биі алғыр болса, сол жағының дау иесі де үстем боп, жеңіп шығады» деген мағынада айтылады.

Қазақта билер айтысының бір түрі Мұхтар Әуезовтің «Еңлік — Кебек» аталатын пьесасында өрістеп, билер айтысының сахнасы да, тілі де өте қызғылықты берілген. Осындай бір оқиғаны бала шағымда туған ауылымда да көрдім. Біздің Сибанда Тиышбай деген байдың Рәзия есімді қызы Уақ-Жамантымақ руындағы Кәрібай дейтін кедей шаруаның баласына атастырылып, ұзатылған қыз кедей үйді менсінбей төркініне қайтып келеді. Осыдан Керей мен Уақ арасында дау-жанжал шығып, билер шешіміне жүгінетін болды. Оның алдында билер айтысына қай жақтан кімдер шығатыны талқыға түсті. Ең шешен адамды табу үшін екі жақ та белгілі билерін өзара айтысқа түсіріп, олардың ішіндегі сыннан өткен ең таңдаулы шешендерін, қарасөз майталмандарын іріктеді. Керей жағынан Оспанұлы Нұртаза, Уақтан Қалжанұлы Қостанкелді айтысқа түсті. Жұрт «Нұртаза жеңді» десті. Бірақ олардың қалай жеңгеніне бала кезімізде мән бермеген едік.

Шешендерді немесе билерді бұлай іріктеу әр халықта да бар және көне заманнан келе жатқан әдет. Солардың ішінде тарихта қалып, бізге жеткені көне Римде жыл сайын шешен әндер айтысын ұйымдастыру салты болғандығы, оның тыңдаушысы халық бұқарасы болғандығы мәлім. Сонда тіл өнері асқандарының, атағы шығып, солардың сөздерінен, біздің жеті жарғы» сияқты «он екі жүйе» (кесте) аталған заң құралған. Кейін бұл заң мемлекеттік правоға, ресми заңға негіз болып «Римское право» аталып кеткен.

Дау, әрине, әр түрлі болады. Ұсағы үй-ішінің ағайын арасының ренішінен туады. Мысалы, әке-балаға, немесе бала әкеге ренжісе, бұл түсінбеушіліктің ақыры «еншісін» бөлумен тынады. Мұндай ұсақ істер ауыл ағасының қатынасуымен шешіледі.

Ағайын арасының (рулар арасының) алалығы (араздығы) кейде асқынып, бір бірінен бөліне көшіп жат болып келеді. Мысалы, біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген Қаңлы хандығының заманында, одан жапа шеккен Уақ руынан қалды деген мынадай өлең бар:

Қаңлыдан алтау келді деп,
Уаққа зорлық қылмаңыз,
Уаққа зорлық қылсаңыз,
Бурылға көшсе жат болар,
Қылыш шапса мерт қылар.

Осы сөзді айтқан Уақ, Арал теңізінің маңайынан көтеріле көшіп, Арқадағы Обаған, Ертіс өзендеріне кеткен. Арал бойында өзбек ханы Әбілхайырға өкпелеген Жәнібек хан арғын руын ертіп, Кавказға көшкен, Керей хан да сөйтіп өзіне бағынышты елін ертіп, Саян тауларына ауған. Мұндай ру ішіндегі ағайындардың ауа көшіп, жат болып кетуі қазақтың көп жерінде кездеседі.

Ертедегі қазақ дауларының ең үлкені жер мен жесірге байланысты болды.

Қонысқа таласу көшпелі елдердің арасында көне заманнан келе жатқан салт. Мысалы, қазақ руларының жерге таласуы советтік заманға дейін созылып, оның алғашқы жылдарында Ақмола (Арғындар) мен Семей (Найман) арасында ушыққан барымта өршіген кезде көп мал, көп адам шығын болғаны мәлім. Осы мәселені 1922 — 1923 жылдары Қазақ автономиялы республикасы қолына алып, екі жақты бітістіруге мемлекеттік комиссия жібергенін өз көзімізбен көрдік. Жер дауының революциядан бұрын қандай халде болғанын Мұхтар Әуезовтің «Абай» романынан да көреміз. Әр рулар арасында болып келген мұндай жер дауы тек ауыл шаруашылығын колхоздастырған кезде ғана тыйылды.

Жесір дауы жайлы төменде толығырақ тоқтаймыз. Бірақ көне заманда мұндай даулар көп елде болғанға ұқсайды. Мысалы, көне гректің «Илиада» аталатын жиырма мыңнан астам өлең жолымен жазылған халықтық эпосы жесір дауы туралы жыр. Осындай жырлар көптеген халықта бар. Қазақтың «Қозы Көрпеш — Баянының» да сюжет! сондай.

Қазақтың жесір дауы барымтаға соқтырған. Барымта жәбірлік көрген елдің (рудың, атаның) жәбірлеген елден (рудан, атадан) зорлықпен мал, әсіресе жылқы айдап алуы. Әдетте, бұл әрекет түн мезгілінде жасалады. Жәбірленушілерден бір топ салт атты жәбірлеушілер еліне түн жамылып барады. «Барымта» ру намысына жататын ұғым. Ол намысқа шаппайтын ағайын қалмаған. Олар өздеріне қарсылас елдің кез келген жылқысын айдап әкете берген. Оны білдірмей сіңіруге тырысқан. Қазақтың, «білсе барымта, білмесе сыдырымта» деуі содан.

Жылқысын жоғалтқан ел, әрине, білмей қоймайды және мазасызданады. Өйткені егер мал иесі тез хабарланса, барымташылар айдап әкелген малдарын сойып, сатып... деген сияқты шығынға ұшыратады. Малын іздеп барушыларға, әдетте, ру, немесе ауыл басылары, араға түсуші ағайындардың алдында барымташылардың айып шарттарын орындауға уәде береді де, қуғыншылар малдарын алып қайтады. Қазақтың «барымта қайтыс болмай, сөз айтыс болмайды» деуі содан.

Кепіл болған аралық ағайын, екі жақтың басын тез қосып, өзара татуластырады. Сонда екі жақтың да дауын арқалаушылар билер болады.

Шоқанның ойынша, билер ел алдында әзінің шешендік талантымен танылады. Осындай «таланттар» патша үкіметінің 1868 жылғы шығарған заңынан кейін, бір болыс елде төрт-төрттен сайланатын болды. Жалпы билер үстем тап өкілдері болғандықтан «штаттан» кейін тіпті күшейіп, әр елдің (рудың) қанаушылары, байлары, болыстары билерді өз ырқына көнетіндерден ғана тағайындатқан. Мысалы, мен туып-өскен елдің «Аққұсақ» аталатын болысындағы ең күшті әкім Торсан Тілемісов қарамағындағы болыстың төрт биін (Мүсірептің Ботбайы, Сағындықтың Жүсібі, Қайқының Ережебі, Дүйсекейдің Мырзақаны) өз ауылдастарынан бекіткен. Осындай жәйт бір талай елде ауылды советтендіру жұмысы күшейгенге дейін сақталды.

Қазақтың ұғымында «би істің турасын айтатын жақынына тартпайтын әділ болуға тиіс. Ал әділетсіздік байқалғанда: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейдi. Мұндағы «туған жоқ» дегені, жақынына тартпай, «жүз парад, «қол пара» дегендерге бұрылмай, істі әділдікпен шешеді дегені. Бірақ осындай билер мен әкімдердің көбі «жүз параға», яғни жақынына тартпай қоймаған. «Қол пара» дегені алым. Қарсы жақты алым беру арқылы тарту ерте заманнан келе жатқан салт. Мысалы, атақты Ақсақ Темір Хорезмді соғыссыз қарату үшін оның ханына үш мың қой пара берген. Өзге жауларына да сөйткені бар. Моңғол Шыңғыс хан да осы әдісті қолданып, Хорезм хандығын жаулаудан бұрын, оның саудагерлеріне пара беру арқылы ішкі сырын түгел біліп алған. Сібірдегі Көшім хандығы Ермак басқарған орыс әскерімен соғысып жеңілгеннен кейін, патша әкімдері қолға түскен Маметқұлды Москва абақтысына қамаған. Істі қуып барған інісі сол кездегі орыс патшасы төртінші Иванға мың бұлғынның терісін параға өткізіп, ағасын аман алып қайтқан деседі.

Патша өкіметінің «шен-шекпен» деген сылтаумен қазақтың хандарына, сұлтандарына, билеріне берілетін атақтар, оның, керісінше олардың патша әкімдеріне жіберетін «сыйлықтары» түгелімен параға жатады.

XIX ғасырдың орта кезінде Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған Зілқараның Әлібек есімді баласы қылмысты болып абақтыға түссе, ағасы Тұрлыбек Петербургқа барады да, «ақ патшаға» жолығып, сұлулығы сүліктей, меңсіз қырық қара атты параға өткізіп, інісін ит-жеккенге айдаудан құтқарып алады.

Параның ашығы да, жабығы да бар. Ашығы жоғарыда аталғандай болса, жабығын қазақ «бармақ басты, көз қысты» деп атайды. Параның бұл түрін алмайтын әкім ол кезде болмаған сияқты. Қазақтың «жақсыға (әкімге) бара берме, пара бер» деуі осыдан шыққан. Ең, аяғы «ас-су» аталатын тамақ та сатулы. «Пысық» деп атаған ауылдың атқамінерлерін сынағанда, Абай оларға —

Өз үйіңнен тоюға қолың қысқа,
Қаңғырып тамақ аңдып жүрсің босқа.
Бір асым ет, бір аяқ қымыз берген,
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа, —

деп ұрсады. Бізбен замандас Сұлтанмахмұт Торайғыров атақты Шорман12 байдың үйінен алтын кесеге құйған қымызды ішіп отырғандағы халін суреттегенде:

Төңкеріп төңірегін қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп.

«Әділ» деген билердің өзі жүз параға бұрылмай қоймаған. Оған қазақтың «қарына (туғанына) тартпағанның қары (қолы) сынсын» дейтін мәтелі куә. Кей би бейтарап болғансығанмен, жөппелдемеге келгенде өз қыртысына (руына, атасына, туғанына) тартады. Жалпы алғанда қандай да болсын заң қызметкері үстемдік құрушы таптың құралы екені мәлім.

Қазақтың ежелгі рушылдық ынтымағының тамырына шабылған балта — патша өкіметінің отаршылдық саясаты. Ұлт пен ұлтты, халық пен халықты, ру мен руды, ағайын мен ағайынды араздастыру әдісін қолданған бұл саясат, сайлауға, яғни ауыл арасының әкімшілігіне таласуға түртпек салды да, оған қатынасатындар елді араздастырып быт-шыт қылды. Таласушылар, ел билігін қолына алғысы келген малдылар, Абай тілімен айтқанда: «Арам болыс аш билер». Олар араздасқан елде «әкені бала аңдитын ағаны — іні» дейтін халге жеткізді. Осы халді көзімен көрген Абай сияқты халық қамын ойлаған адамдар болды да: «Партия, ел іші жарылды» деп, елді ынтымаққа келтіруге тырысты. Бірақ мемлекеттік саясат олардан әлдеқайда күшті шығып, бүлінген жайға ие бола алмады. Сондықтан Абай онымен тынбай қоғам өміріндегі бұл сияқты жағымсыз жайларды поэзиялық өткір тілмен түйреді.

Бай алады кезінде, «көп берем» деп,
«Жетпей тұрған жерінде тек берем» деп,
Би мен болыс алады күшін сатып,
«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп.
Жарлы алады: «қызметпен өткерем» деп,
Елубасы — шар салып, леп берем» деп.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең мен сені жек көрем деп.
Дос алады, бермесең бұлт берем деп,
Жауына қосылуға сырт берем деп.
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырқ берем деп.
Тағы бір өлеңінде Абай:
Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып,
Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,
Паруардигәр жаратқан несін жан қып.
Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған тілі құрсын,
Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір,
Өз үйінде шертінген паңы құрсын, —

дейді.

Жақсылық әрекетінен нәтиже шығара алмаған Абай, ақырында «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дейді де, «Моласындай бақсының жалғыз қалдым нақ шыным» деп торығады.

Советтік дәуірде еліміздің басқа халықтары тәрізді қазақ халқы да марксизм-ленинизм негізінде өзінің ұлттық конституциясын, ұлттық заң кодекстерін жасап, билік жайындағы ата мұраларымен қоштасты. Сонымен қатар, жасы үлкенді, әйелді, досты, қонақты сыйлау, бірлік, береке іздеуі сияқты біраз ізгі салттарын әлгі күнге дейін тұтынып келеді. Бұлар, адамдар арасындағы социалистік қоғамдық қарым-қатынас негізіне құрайтын салттар болып табылады.

Береке, бірлік жайында қазақтың халықтық қағидасы (мәтелі) былай дейді.

Бақыт, дәулет келерде ырыс қонады,
Ынтымағы елінің дұрыс болады.
Ағайын қоғам болады,
Бірі «оған» болса, бірі «бұған» болады.
Көп болып қонақ_аттандырады,
Көбейіп жауға аттанады.
Ұл ұқыпты болады,
Қыз қылықты болады.
Қатын қамқор, келін көңілді болады,
Жаршы жалаугер болады, Иті үреген,
Жетекте малы жүреген болады.
Берекелі ел осылай сипатталса, берекесіз ел туралы айтары:
Бақыт, дәулет кетерде, ырыс қашады,
Біреуіне біреуі әуре жасайды.
Ағайын араз болады,
Ел толған өкпе, наз болады.
AT мінсе — жалақ,
Қатыны салақ болады,
Ұлы ұқыпсыз,
Қызы қылықсыз,
Келін керенау,
Жаршы жан күткіш болады,
Иті үрмейді,
Жетекте малы жүрмейді.

Осы қағидаларды есінде берік сақтаған қарапайым халық, үнемі береке, бірлікке тырысады. Әр кезде халықтың шырқын бұзатындар қанаушы тап өкілдері.

Қазақтың елдігі жайлы әңгімені жинақтағанда айтарымыз: үлкен рулар, кіші руларға бөлінеді. Мысалы, Керей Ашамайлы, Абаққа: Абақтың, көпшілігі Қытай мен Монғолияда, Ашамайлының көпшілігі Совет Одағында: «көпшілігі» дейтініміз, азшылығының аралас отыра беретіндері де болады.

Кейде үлкен рулар мен аталастардың қоныстары бір болады. Ал, кіші рулардың, әсіресе, аталастардың қонысы міндетті түрде тұтас келеді.

Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін «кірме» дейтіндер де болды. Оларды «қоңсы» деп те атады. Мысалы, Жарылғас ауылында Арғынның Төмеш руынан келген (жиен екен) үш үй болушы еді. Ауылдың негізгі үйлері — «Аталық». Аталық пен Қоңсы арасы ұрыс-жанжалда көрінеді. Аталықтар — басым, Қоңсылар — қорғаланшақ. Дегенмен, аталықтар «Көрші ақысы, тәңірі ақысы» десе де «отты көсей берсең өшеді, көршіні қуалай берсең кешеді», «аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп қоңсыны сыйлайды.

«Ауыл» дегенде оның көп үйлісі де, аз үйлісі де болады. Әдеттегі. ауылдар бес-он үйден аспаса, «хан ауылы», «бай ауылы» дейтіндерде үй саны жиырма-отызға жетті. Одан артық үйлі ауыл болмады.

Хан ауылы: төре-қара болып екіге бөлінді. Төрелер хан тұқымдары, қаралар немесе қарашылар — қарапайым қазақтар. Қарашылар төрелерге тәуелді — төлеңгіттерден, яғни соғыс кезінде жау жақтан қолға түскен тұтқын «құлдардан» және тыныштық кезінде қожасының шаруасын тегін бағатын жалшылардан құралады. Оларды төрелер советтік дәуірге дейін құл сияқты жұмсады.

Қоңсылар қазақтың хан тұқымынан басқа бай немесе би ауылдарында да болған. Мысалы, XIX ғасырдың орта тұсында. «Құсмұрын» аталған дуанның аға сұлтаны болған Естеместің Есенейінің бай аталған ауылында отыздан астам үй болатын еді. Солардың көпшілігі Сибан руынан бола тура ішінде қалмақ, түрікмен, арғын, алшын тағы басқа кірмелер де болған.

Қазақтың советтік дәуірге дейінгі елдік құрылысы осындай. Советтік дәуірде, әсіресе, ауыл шаруашылығы колхозданған кезде ру, ата ұраны дегендер қалып, рулар мен рулар, халықтар мен халықтар араласып кетті; рулық дәуір бітіп, социалистік бірліктің дәуірі басталды.

4. ӘЛЕУМЕТТІК ҚАЙШЫЛЫҚТАР

Адам баласының дамуына байланысты таптық қоғам дәурен сүре бастағанынан кейін қазақ қауымы да «бай» және «кедей» атанып, яғни қанаушылар мен қаналушылар болып екі тапқа бөлінді. Мысалы, малы аз кедейлер өзінің шағын шаруасымен күн көре алмайтындықтан малы көп байлардың шаруасын бағуға жалданады. Олардың аты — «жалшылар», орыс терминімен айтқанда — батрак. Оның кедейден айырмасы, көпшілігі жыл бойы байлардың есігінде жүреді. Ауылда бай аз да, кедей көп. Сондықтан ауылдан шыға алмайтын кедейлер айлап, жылдап бай есігінде жүрген ақысына тоқты-торым сияқты ұсақ малдар алып, байларға өте арзан ақыға жалданады. Мұндайлардың тамақ пен киімі байдың мойнында болады. Бай оларға өзі кимейтін ескі-құсқыларын кигізіп, өздерінен қалған ас-су қалдықтарын ішкізетін. Осындай халді «Қараша жел тоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлеңінде Абай шындықпен, көркем тілде суреттеп, кедейлерге:

Жалғыз жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел, — Есек артын жусан, да мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, — деп кәсіпті бай есігінен емес, ауылдан шыға іздеуді ұсынады. Сол ақылды алған қазақ кедейлері, жалшылары революциядан бұрынғы ауылдардан кетіп, кәсіп іздеп қалаларға, заводтарға, фабрикаларға, темір жолдарға, мұнайшыларға, балықшылыққа, тағы сондай жұмыстарға кететіндер ондап, жүздеп, кейде мыңдап саналатын болған. Осылардан қазақтың алғашқы жұмысшы табы топтала бастаған.

XX ғасырдың басында біріккен қазақ жұмысшылары біртіндеп революциялық жұмыстарға араласа бастады. Мысалы, 1905 жылы, бұрынғы Ақмола уезіне қарасты Нілді заводының жұмысшылары көтеріліс жасағанда, оған сондағы қазақ жұмысшылары да қатынасып, патша өкіметі көтерілісті қан жоса ғып басты. Тірілерін каторгаға айдағанда, бұлардың ішінде қазақ жұмысшылары да болды. Тарихта аты мәлім Угар (Мұқатай) Жәнібеков 1912 жылы Сібірдегі Лена оқиғасына қатынасып, көтерілістен кейін атылу жазасына бұйырылғандардың ішінде болады. Бірақ кейіннен бұл үкім өмірлік қамау жазасымен ауыстырылады да, оны тек Октябрь революциясы ғана тұтқыннан азат етеді.

Қазақтар Россияға бағынғаннан кейін, қазақ байлары сауда-саттық істерімен де айналысып, бірер ғасырдың ішінде қазақ байларының арасынан ақшалылар, завод пен фабрика иелері шыға бастады. Мысалы, бұрынғы Петропавл үйезінде Әлти Кәкенов, Қостанай үйезінде Мінайдар дейтін миллионерлер болған.

Кейбір бай қазақтар егіншілікпен де шұғылданып, жүздеген десятина егін еккен. Мысалы, Қостанай үйезінде Сылайыл Жаманшалов деген помещик болды. Қазақ арасынан шыққан мұндай помещиктер аз болмаған. Патша өкіметіне жаққан кей қазақ байларына дворян атағы, кең және құнарлы егістік жерлер берілген. Осыдан барып, ауылда да таптық жіктелулер күшейе түсті. Онымен бірге қазақ жеріне жер аударылып келген революционерлер арқылы марксистік идеялар қазақ кедейлері арасына кеңінен тарай бастайды. Осының арқасында революциялық сана сезімі ояна бастаған қазақ еңбекшілері тек завод, фабрикаларда ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерде де байлардың озбырлығына, зорлық-зомбылығына қарсы ереуілге шыға бастайды.

Осы сияқты таптық күрес ұлғая келіп, 1916 жылы Аманкелді Иманов басқарған халықтық көтеріліске айналды да, ақыры Октябрь революциясымен астасып, қазақ даласына советтік ту тігілді.

1920 жылдың август айында Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру туралы Ленин мен Калинин қол қойған декрет жарияланды. Бұл декрет қазақ халқының көп ғасырлық тарихында бірінші рет өз алдына ay тігіп, ерікті мемлекет болғанын әлемге паш етті. Бірақ тап тартысы доғарылған жоқ. Советтік дәуірдің алғашқы жылдарында ауыл байлары мен феодалдары өкімет билігін өз қолында ұстау мақсатымен ауылдық ревкомдарға өз адамдарын кіргізуге жанталаса тырысты. Тап жауларының бұл әрекетіне қарсы Совет өкіметі де тиісті шаралар жүргізді. Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдардан бастап, ауылды советтендіру шарасы қолға алынды да, ревкомдарға кірген қанаушылар өкілдерін аз жылда бұқара халық өкілдерімен ауыстырды. Саяси басшылық жүргізу үшін ауылдарда, болыстарда, аудандарда Коммунист партиясының ұялары, комитеттері құрылды. Олар Түркістан жағында «Қосшылар одағы», Қазақстанның солтүстігі жайында «Кедейлер комитеті» деген атпен ұйымдастырылды. Бұл кезде жалшылар байларға шартпен қызмет атқаратын. Сәкен Сейфуллиннің «Еңбек шарты жалшылар қорғаны» деген поэмасы осы кезде шықты. Оған ілесе Бейімбет Майлиннің, Қалмақан Әбдіқадыровтың, Орынбек Бековтің, Елжас Бекеновтың, Рахымжан Малабаевтың, тағы басқалардың жалшыларды тап тартысына шақыратын шығармалары туды.

1927 жылы жер бөлісі туралы декрет шығып, байлар иемденіп келген егіндік, шабындық жерлер кедейлер мен Батрақтарға үлестірілді. Келесі 1928 жылы, арнайы декретпен қазақтың бес жүз байының мал-мүлкі кәмпескеленді.

Сөйтіп, үкімет пен партияның 1929 жылдан бастап жүргізілген, ауылды колхоздандыру шараларының арқасында қазақ елі жаңа социалистік құрылыс жолына белсене кірісті.

5. ШАРУАШЫЛЫҚ ЖАЙЫ

Біздің археолог және этнограф ғалымдарымыз кейінгі кездерде: Еділ, Жайық, Амудария, Сырдария, Шу, Талас өзендері мен Жетісу жеріндегі өзендер төңірегінен көне заманда қазылған арықтардың, егістік танаптардың іздерін тауып жүр. Соларға қарап, көшпелілер де олардың ішінде қазақ та ерте заманнан егіншілікті кәсіп еткен деген жорамал жасайды. Бұл рас та болар. Өйткені көршілес Орта және Орталық Азияның, Сібірдің, Қиыр Шығыстың отырықшы елдерімен қарым-қатынас жасаған кейбір қазақ рулары соларға еліктеп өздері де егіншілікпен шұғылдануы мүмкін. Бұған келтірер дәлеліміз Керей руының, құрамында «Тарышы» деп аталатын бір тармағының болуы. Бұларды сол көне заманда тары егуді кәсіп еткендіктен «тарышы» деп кетсе керек. Тарышыдан: Ысмайл, одан Ақсары, Құрсары туып, бертінде бірнеше болыс ел болған деседі. Атақты Біржан сал Ақсарының алты баласының бірі — Нұралының ұрпағы. Бір жорамалда «Тарышы» — «тараншы» аталатын ұйғырлардан шықпады ма екен? — деген жорамал да бар. Өйткені «тараншы» да тары егушілер деген ұғымнан шыққан. Жалпы жорамал болмаса қазақ халқының, көне замандарда егіншілікпен шұғылданғандығын дәлелдейтін тиянақты деректер аз. Бертінгі кезде Сырдария және Жетісу бойын мекендеген қазақтардың егіншілікпен шұғылданғаны рас. Бірақ мұны бүкіл қазаққа тән қасиет деп айту қиын.

Көшпелілердің, олардың ішінде, қазақтың көне заманнан бергі ең көп өсірген малы және төрт түлік малдың ішіндегі қастерлеп, пір тұтатыны жылқы. Қазақ өлкесіне қай кезде, қай жақтан саяхатшылар келмесін, бәрінің де айтары осы.

Жылқы ең алдымен, сол жаугершілік көне заманның талабына сай өте құнды мал ретінде саналды. Себебі ол кезде жауды қуып жетуге немесе одан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған.

Атты әскер жаяудан басым болған. Біздің жыл санауымызға дейінгі Сібірде болған бір соғыста, Қытайдың солтүстік батысына құрылған Шүршіт (Джурджи) мемлекетінің отыз мың жаяу әскеріне, гундардың бір мың салт атты әскері төтеп беріп, ақырында оларың быт-шытын шығарған. Ал бүкіл Орта және Орталық Азияны, Европаның тең жартысына жуығын басып алған моңғол Шыңғыс ханның күші де, салт атты әскері де көп болған; сондықтан да жер көлемі бес Франциядай кең далада қазақтар атты әскердің жеткіліксіздігінен жауды бөгеп тұра алмаса керек. Қазақтардың Шыңғыс жорығына төтеп бере алмаған екінші бір себебі, Шыңғыс жаулап алған елдерінде өз қол астында соғысатын әскер қосынын жасайтын болған. Осындай қосындар қазақ даласын мекендеген көшпелі рулардан да жасалса керек. Соған бір дәлел, қазақтың кейінгі ұсақ руларында «уән», түмек» және «шеру» деген есімдердің болуы: Уән (ван) — , түмені — корпус, шеру — фронт (майдан) мағынасында.

Бұл жерде ескерте кететін бір жай отырықшылар атқа оң жағынан, көшпелілер сол жағынан мінеді. Оның себебін ірі құлақты Құртайдың Мұқышы деген кісіден сұрағанда:

— Енді қалай? — деді маған. Бұл жаугершіліктен қалған салт. Ол кезде атқа қонған адамның оң қолы бос болу керек. Себебі ол барлық қаруды осы қолымен ұстайды ғой. Ал сол жақтан мінгенде оң қол бос болады. Оң жақтан мінгенде қаруды тез жұмсауға ыңғайсыз, оң қол бос болмайды.

Сол сияқты көне замандарда жылқы малын әскери қарасын (санын) көбейту ретінде де жиі пайдаланып келді. Мысалы, шабуылшылар жауға қарасын көбейтіп көрсету үшін алдарына жылқы малын салып айдаған да, шаң көтерген; қорғанғандар бұл шаңды қалың қолға жорып, одан қашқан; осы тәсілді сақтар, қыпшақтар сияқты көшпелілер де, моңғол Шыңғыс хан да, Ақсақ темір де қолданған; арғы жағын былай қойғанда, Торғай даласында, 1916 жылдың көтерілісін басқарған Аманкелді Иманов та кейде осындай әскери айла-тәсілдерді қолданған. Жылқы көшіп-қонуға да төзімді, әрі ыңғайлы, қысы-жазы аяғынан жайылады, оның азығы (жемі, шөбі) өзге хайуандардан әлдеқайда асыл. Сол себепті оның еті де, сүті де денсаулыққа шипалы екені ерте кезден-ақ белгілі. Жылқы баққан халық оның осы қасиетін іс жүзінде аңғарып, үйінде жылқы еті жоқ сырқат адамдар жылқы сойған үйлерден емге сұрағанын көзіміз көрді; қазақтың ұғымында, «жылқы еті жақпаған ауру адам өледі». Көкірек аурулардың (өкпе туберкулезі) көбі қымыз ішіп сауығып кеткен. Мысалы, сондай ауруға шалдыққан орыстың атақты жазушысы Лев Толстой кезінде Башқұртстандағы Шафроновқа қымыз курортына барып, дертінен айыққан. Осындай мысалдар толып жатыр. Қазір Совет Одағында көкірек ауруын қымызбен емдейтін әлденеше курорт бар.

Қай малдың қандай жерде өсетінін қазақ фольклоры баяндап береді. Мысалы, қазақ өлең-жырларында «Жылқымды айдап салдым қалың қауға» дегені бекер айтылмаған. Жылқы, бетегелі, көделі, селеулі, қауданды жерде жақсы өскен. Қазақ даласының батысында Мұғажар тауынан басталып, Сарыарқаны қуалай отыратын аяғы Батыс Сібірге тірелетін кең өлкеде жылқы малы көп өсірілген.

Аққошқар Сайдалының заманында
Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты, —

деген өлеңдер сол кезде туған. Шоқан Уәлиханов қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданында тұрған Азна дейтін бір байда он алты мың жылқы барын көрдім дейді. Бір мыңнан он мыңға дейін еретін жылқылар Арқадағы байларда көп болған.

Жылқы етінің өзіне тән бір ерекшелігі сол, оны қанша жесең де күпті болмайсың, тез сіңеді; сорпасының бетіне шыққан майы, қандай суық болса да қатпай, тек тобарсып қана тұрады, қымызын қанша ішсең де сіңе береді: туа сала шешесі өлген сәбиді жылқының ашымаған сүтімен асырайды, қазақ ұғымында ол «адамның сүтімен бірдей». Қымыз өз бетімен ашиды, сондықтан да, ислам дінінің шартымен ораза ұстаған адам ауыз ашу үшін ең алдымен отқа тимеген: түз, кепкен жеміс сияқтылардан дәм татады, немесе аздап қымыз ішеді.

Жылқы тамағының мұндай ерекше болуы қазақ ұғымында жылқының оты мен суына байланысты. Жылқы кез келген шөпті жемейді, иіскеп, таңдап жейді. Басқа мал түлігі жайылған жерге, басқа малдың, аузы тиген шөпке жылқы жоламайды, өзге мал сораптай беретін ылай суды ол татпайды, жылқы судың тұнық, таза жерінен ішеді. XIX ғасырда ақын Сарамен айтысқан Біржан салдың:

Белгілі қаз мойынды қара көкпін,
Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын, —

деуі жылқы малының сол бір ерекшелігін көрсетеді.

Жылқы терісінен жасалған ыдыс та төзімді келеді. Оның қылынан ширатқан жіп пен арқан да берік. Қазақтың «ер мойнында қыл арқан шірімейді» деуі осыдан.

Ал жылқы малының денесіне жара түскенде, ол жері құрттаса, сол құрттар теріден өтіп, етіне жеткенде бірден өледі де, домалап түседі. Өзге хайуанның жарасы өйтпейді, мысалы, «басқа» «айыр тұяқты» малдардың құрт түскен жерін дер кезінде емдемесе, құрт ішіне түсіп, өліп кететіні болады.

Жылқы малын денесіне қарап, қазақ «қазанат» және «қара етті» деп екіге бөледі. Қазанаты майды сыртына жинайтындар, ал қара еттісі оның керісінше майды ішіне жинайды, қазанат жүріске шыдамды, еті тез арымайды, қайта тез семіреді, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы келеді.

Сондықтан мүмкіндігі бар қазақ жылқының қазанатты тұқымын малдануға тырысады.

Жылқыны қазақ арғымақ және жабы деп екіге бөлек Қазақта арғымақты жоғары бағалайды. Өлеңдерінде жақсы атты «арғымақтан туған қазанат» деп, «арғымақ аттың белгісі — арыған сайын тың жортар, артымда жүгім қылар деп», «қара арғымақ арыса — қарға адым жер мұң қылар» деп арғымақ жылқыны мақтауы содан.

Бірақ арғымақ көшпелі елдің пайдалануына қолайсыз, сондықтан қазақтың атамзаманнан өсіретін жылқысы «қазақы» аталатын — жабы. Қазақтың тәжірибесінде, қазақы жылқы көшпелі тұрмыстың бар жағдайына да төзімді, көліктік жағынан да шыдамды, еті де, сүті де асыл.

Арғы түбі «моңғолдық» аталатын бойы аласалау келетін қазақы жылқылар, бертін келе асылдандырылып, денесі ірі, төзімді, мықты бола бастады. Қазақы жылқылардың ең мақтаулы түрлері: жүйрік пен жорға.

Салт мінуге жорғадан жәйлі көлік жоқ. Бұған: «Жорға мінген жолдасынан айрылады, көп жасаған құрдасынан айырылады» деген мақал дәлел бола алады. Сөзге шебер, айтыста алдырмайтын кісіні де «жорға» деседі.

Жүйрік — жүрісі ұшқыр, жеңіл, сидам жылқылардың таңдаулысы. Ол қуса жететін қашса құтылатын соғыс және басқадай жағдайларда керек. Сондықтан да қазақ «ер қанаты ат» деп тегін айтпаған. Көшпелі елдерден, "оның ішінде қазақтан шыққан атақты батырлардың жан серігі тұлпары» (ұшқыр, жүйрік, ең шыдамды мағынасында), яғни бір-бір аты болған. Мысалы, ертедегі гректерде — Пегас, орыстарда Конек-Горбунок, арабта Ғалидің дүлдүлі, Азербайжанда Көр-ұғлының Ғираты, қазақта Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, тағы басқалар болған. Бұлар ертегі, аңыздарда, батырлар жырында құстан да ұшқыр болып (Тайбурыл) сипатталады.

Көшпелі елдердің батырлары мінетін тұлпарларды бейнелегендей, бейне, отырықшы елдерде кездеспейді. Мысалы, атақты «Илиада» жырында батырды «ат үйреткіш», «ат баптаушы» деген сияқты жалпылама сипаттаумен өте шығады. Ал Қобыландының Тайбурылын, Алпамыстың Байшұбарын, Қамбардың Қарақасқасын сипаттаудай теңеу отырықшы елдердің эпосында жоқ. Соғыс кезінде атқа бұл гүлдердің қолбасшылары ғана мінген де, өзгелері жаяу соғысқан. Салт аттылар оларды жеңе берген. Мысалы, Сырдарияға дейін тоқтаусыз келген Александр Македонскийдің жаяу әскерінің бетін ең алғаш Орта Азияның (сақтар мен массағаттардың) салт атты әскері тойтарған.

Жылқы үйір-үйір болып жайылатын мал. Бір үйірде бестен жиырмаға дейін бие не байтал болады. Құлындамайтын биені «бедеу» дейді. Бедеу — мініске төзімді келеді.

Бір үйір жылқыға бір айғыр жібереді. Үйірге жаңа жіберілген жас айғырды сәуірік дейді.

Сәуірікті көбейтпес үшін, қазақ еркек жылқылардың көбін тай, құнан кезінде кестіреді. Кестірілген жылқыны «ақта ат» дейді. Қызғаншақ айғырлар аттарды да үйіріне жолатпайды. Қазақта «жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды» деген мақал бар, онысы «жақсы адамның маңына өзгелер үйірілімпаз келеді» деген мағынада айтылады. «Кісінеген айғырдың үйірін көр, шіренген жігіттің үйін көр» деу сөзі мен ісі дәл келу мағынасындағы мақал. «Ат болатын тай саяққа17 үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» дейді қазақ. «Саяқ жүрсең таяқ жейсің» деген мақал, «елден бөлек жүрсең» деген мағынада айтылады.

Жылқыны өзге мал түлігінен артық көріп, қастерлейтін қазақ адамға тән қылықтардың бір талайын жылқының жүріс-тұрысымен, түр-сипатымен, т. б. салыстырады. Мысалы, «Аттыға ерем деп жаяудың таңы18 жыртылады» деген мақал күш келмейтін іске жармасатын адамдар жайында айтылады. — «Тай — атқа, ат мұратқа жеткізеді» деу, «орнында бар оңалар, орнында жоқ жоғалар» мағынасында айтылады. «Тайдай тебісу» — тату есу мағынасында.

Жылқы құлын күнінде «сақау» дейтін ауруға жиі ұшырайды. Бұдан ол тамағының безі ісініп, енесін еме алмайтын халға жетеді; құнан күнінде «сүт» тістері түсіп, берік тістер шығады; мұны «тісеу» деп атайды. Ал ескі дауларын ұмытпай, қайталайтын адамдар жайында: «құлындағы сақауын, құнандағы тісеуін қопарды» деген осыдан шыққан болу керек. Қазақ кегін қумайтын енжар, дәрменсіз адамды «жауырды жаба тоқиды» дейді, «жауыр» — аттың арқасына ер-тоқымынан түсетін жара. Осындай теңеулер қазақтың ауыз әдебиетінде өте көп кездеседі.

Қазақтың жылқымен қатар ұстаған малы — түйе. Көне заманнан бергі саяхатшылар мұны да көп айтады. Қазақта «түйелі бай қонады сортаңды алып» деп басталатын өлең бар. Бұлай деудің себебі, ертедегі түйелі байлар суы тұзды көлдердің, теңіздердің, өзендердің бойларына өсімдігі ащы сортаң жерлерге қонады. Мысалы, қазіргі Ақтөбе облысының сортаңды, шақатты жерінде, өткен ғасырда Қара есімді бай болып, оған «отыз соқыр» аталған түйе табыны біткен. «Соқыр дейтіні есебінен жаңылмау үшін, әрбір жүзінші түйенің сол жақ көзін шығарады екен. Сондай соқырлар, Қарада отыз болған, яғни үш мың түйесі болған.

Түйе — жүк көлігі. Көшпелілердің, олардың ішінде качнутый, ғасырлар бойы көбінесе жүгін көтерген мал осы түйе. Оның ішінде ең төзімдісі, әрі мықтысы жалғыз өркешті — нар. Қазақтың «нар жолында жүк қалмайды» деуі содан.

Атақты ақын Ыбырай Сандыбаев өзінің қартайған кезінде шығарған әні деп айтылатын өлеңде: «қара бура қартайып жар басына шөккен күн» деп сипаттайды. «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң» деген өлең де нар-түйенің күштілігін көрсетеді. Түйе жолға да шыдамды. Оның жейтін ащыларының ішінде тұз да бар. Шөлге жолаушылаған қазақ түйесіне бір қоржын тұз артса, түйе оны бір айдай азық қып, содан басқа түк татпауға шыдайды деседі.

Ащы шөптен түйенің ең тәуір көретіні сасыр мен жантақ. Сасыр қоймалжың тұз сияқты удай ащы өсімдік, соны аузымен орып ап, көбігін бұрқырата шайнағанда, қалайша ашырқанбайтын хайуан екеніне қайран қаласың. Жантақ одан да бетер. Ол да удай ащы шеп. Түбірі жуан, бұтақтары көп, әр бұтағына жүздеген тікен бітетін бұл өсімдікті, түйе түбірімен жұлып ап, аузын толтыра шайнағанда, өткірлігі инедей мыңдаған тікеннің ұртына, тіліне қадалмауы, қадалса түйенің ауырсынбауына еріксіз таңданасың қорегі осындай болған түйенің сүті де асыл. Одан ашытатын қышқылтым ішімдікті, Батыс Қазақстан жағында «шұбат», Түркістан жағында «қымыран» деп атайды. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген мақал осыдан алынса керек. Ғылымның дәлелдеуінше шұбаттың дәрілік қасиеті қымыздан да артық саналады.

Түйенің етің бұл түлікті бақпайтын ел жеңді жемейді, бағатындары оған құмар. Түйенің түбіті мен шудалары қымбат саналады: түбіттен иіріп тоқыған киім, ең жылы, ең төзімді болады; шудадан жіп, арқан еседі.

Шуда жіптен бау таққан жейдең құрсын,
Сары майдан дәметкен кеудең құрсын,
Қалыңдықпен ойнауға барғаныңда,
Қарсы алмайтын алдыңнан жеңгең құрсын, —

дейтін қалжың өлеңдегі шуда осы.

Көшпелілердің, олардың ішінде қазақтың мыңдаған жылдар бойына берік, сенімді көлігі болып келген түйе, советтік дәуірде қазақ даласына алғаш орнаған заводтардың, фабрикалар мен шахталардың бөлшектерін тасыды. Соның бір эпизоды — «Түйемен тасылған завод» деген атпен «Өмір мектебінің»19 екінші кітабына кірді. «Түрксиб» темір жолының шпалдары мен рельстерін, басқа да саймандарын құрылыс бойынша алғаш түйе жеткізді. Сол түйе әлі де шаруашылықтың архивіне тапсырылмай, құмайтты, шөлейтті өлкелердің сенімді көлігі болып келеді.

Қой да көшпелі елдердің ерте заманнан малданған түлігінің бірі. Ол әрі киім, әрі тамақ. Киім дегенде, оның жүнінен ертедегі көшпелі халыққа терісі қымбат болады. Өйткені қыс, күз айларында жылы киім керек. Оған илеген қой терісінен тігілген тоннан қолайлы киім табылмайды. Сондықтан да «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деген қамал тегін айтылмаған. Негізінде қойдың азықтық және киімдік пайдасы, жылқы және түйе түліктерінен артық. Онымен бірге қой малы көшіп-қону кездерінде ұзақ жол жүрістеріне шыдамды келеді. Жем-шөпті оншама талғамайды. Тіпті ащылы өсімдігі көп құмдар мен шөлдерде де қойдың теріп жейтін азығы кегі.

Ешкі де сондай. Қой мен ешкі көне заманнан бері бірге жайылып, бірге жусап келеді. Қойды отты-сулы жерге ешкінің серкесі бастайды. «Айшық мүйіз ақ серке қойды бастар, қыпша белді жігіттер тойды бастар» деген өлеңдегі ел басқаратын еркекті «серке» деп атау да осыдан шыққан. Мұздақты жылы болмаса, ешкі көрінген бұтаның басын шалып, қыстан аман шыға береді. «Ешкі өлмес» аталатын таулар мен адырлар қазақтың кең даласының қай жерінен болса да кездесе береді.

Ешкі мен қойдың сүтінен ұйытқан айран да, қайнатқан құрт пен ірімшік те қазақтың сүйікті асы. Жалпы қазақ халқы ірі қара мен қой, ешкі сүтінен алуан түрлі дәмді тағамдар жасай білген.

«Еті жеңіл, сорпасы асыл, тез торалтады» деп сырқатынан айыға бастаған адамды қазақ ешкі етімен тамақтандырады. От шарпыған адамның денесіндегі күлдіреген жара тез жазылу үшін оны ешкінің еріген тоң майына малынған шүберекпен орайды. Бұл күйген жердің суын тез сорып, жаралы жерге тез ең береді. Ешкінің түбітінен ең жақсы шәлі тоқылады, оның қылшығынан есілген жіп пен арқан, жылқы қылынан соңғы ең берігі саналады. «Ангор ешкісі» деп аталатын асыл тұқымды ешкілердің жүні өте құнды болғандықтан, біздің советтік Қазақстанда олар мыңдап өсіріледі.

Мал шаруашылығындағы тағы бір түлік — сиыр. Ертедегі көшпелі қазақтар сиырды ете аз малданған сияқты. Қобызда тартылып ойналатын «Тарғыл бұқа» атты ертеден келе жатқан тамаша күй барын білеміз. Оның қысқаша мазмұны мынадай: бір кезде қазақ елін жау шауып, мал-жанын түгел айдап кеткенде, әлдебір сайда ұйықтаған бұқа қалып қояды. Ояна сала ауылды іздеген бұқаны ұялы қасқырлар қамайды. Соларға алдырмай алысқан бұқаның үнін көз алдына елестеткен біреу күй шығарған. Ертеде естіген бұл күйді, өкінішке орай, кейінгі кездері ешбір репертуардан есітпей жүрміз. Тегі жоғалып кеткен сияқты. Алайда ерте заманда белгісіз бір күйшінің осы бір шығармасына қарағанда сиыр малы да қазақ арасында ерте заманнан келе жатқан төрт түліктің бірі болғанға ұқсайды.

Бірақ сиыр малы көшіп-қонудың талабына сай келмей, отырықшылық жағдайға бейім болғандықтан, қазақтар қоныстанып, егіншілікпен шұғылдана бастаған кезде ғана орыс базарының ықпалымен жылдан-жылға көбейе берген. Қазақтарды бейбіт жолмен бағындырғысы келген Россия әкімдері қазақ даласының орыстармен шектескен шекаралық «елді мекендерінде «меневой двор» («айырбас қорасы») деген атпен сауда орындарын ашқан. Олар, мысалы, Орынбор, Троицк, Қызылжар (Петропавл), Омбы, Семей, Өскемен, кейінірек Ақтөбе, Ырғыз, Атбасар, Тайынша, Қоянды, Шу бойында ашылған. «Айырбас қорасы» дейтіндерде алғашқы кезде қазақ ауылдарынан сатуға әкелінген малдар, патшалық Россияның, жеңіл өнеркәсібінің бұйымдарына айырбасталған. Мысалы, бір көйлектік шыттың құны бір қой болған. Алғашқыда мал атаулының бәрі де осылай айырбасталып, ақша саудасы кейінірек шықты. Сөйтіп, қазақтың да ақшалы саудагерлері пайда болды. 1912 жылдың базар қорытындысы жасалғанда, Ақмола үйезінің қазақ саудагерлері малдан және малдың шикі заттарын сатудан 63 миллион сомның, Орынбор базарында жүн-жұрқаның өзінен 1 миллион 778 мың сомның саудасын жүргізген. Осы сауданың ең көбі — сиыр...

Сиыр малының сондай пул болуына-қарамай, қазақ бұл түлікке менсінбеген, кемсінген көзбен қарап келді. Оған: қылығы оғаш адамды «сиырмысың!» деп сөгуі, «су сиырдан, сиыр судан жериді» деуі, қонаққа сиыр етін асып беруді қорлау деп түсінуі, тағы тағыларды жатқызуға болады.

Шаруасына сиыр малы қосылып, оны малданған қазақтар «жартылай көшпелі» аталатын тұрмысқа қарай ойыса бастады, яғни қыс айларында қора-қопсылары бар қолайлы мекендерге қыстап, жаз айларында қыстаудан ұзамай көшетін болды. Күз айларында малдың қысқы азығына шөп даярлады. Мұндай тұрмыс құрушылар Қазақстанның барлық жерлерінде де орын алды. Олар негізінен мал азығына қолайлы шебі шүйгін, суы мол, өзен көлдердің жағасында, әсіресе «өлең» қаулап өсетін жерді қоныстанады. Қазақтың «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деген мақалы осыған байланысты айтылса керек.

Ал төрт түлік малдың қайсысы қай жерлерде басым еседі дегенге келсек, қазақтың жер жағдайына, ауа райына байланысты қойдың көп өсетін аймағы қазіргі Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары. Бұл жерлерде революциядан бұрын жеке шаруа үстемдік құрған кезде 20 — 25 мың қойы бар байлар жиі кездескен. Жылқы — «Арқа» аталатын қыраттың теріскей жағында Мұғажардан Алтайға дейін, мұнда да жылқылары бір мыңнан жиырма, отыз мыңға жететін байлар көп болды. Сауда жасау мақсатында болмас.а, өз шаруашылығы үшін сиыр малый табындап өсіретін байлар болған емес, өйткені сиырды қыста асырау қиын. Түйесі екі-үш мыңнан асқан байлар бірен-сарандап сортаң жерлерде кездеспесе, жалпы қазақ түйе малын көшіп-қонуға ғана шағындап ұстағанымен көптеп өсірген емес. Сортаңсыз жердегілер «ескінің көзі» деп түйені бес-оннан артық есірмейтін.

Қай түлік болса да қыс күндері қарды сусын қылады. Жаз айларында өзенді, бұлақ, тау сағаларын немесе сирек кездесетін тұщы көлдерді жайлайды.

Бұрынғы көшпелі қазақтар «мыңғырған бай» аталғысы келіп мал түліктерін асылдандыруға, сапасын жақсартуға салақ қарап, тек санын ғана көбейте берген. Сондықтан да бертін келе отырықшы елдердің асыл тұқымды малдарына қызыға қарап, енді малды асылдандыруға да назар аударатын болды.

Енді осы төрт түлік малды бағып-күтушілер жайында қысқаша тоқтала кетейік. Қазақта ең қадырлы бақташы — жылқышы. Олар бірнеше адамнан құралады. Жылқышылардың бастығы байдың не інісі, не баласы дегендей, ет жақындарының бірі болады. Жылқышылардың қазақ ұғымында «мырза бақташылар» деп аталуы сондықтан болса керек. Олар таңдаған атқа мініп, таңдаған семізді сойып жейді.

Жылқышының қосы «Мырза қосы» аталып, мал иелері одан барып ет жеп жүреді. Қысы-жазы өмірін қос маңында еткізетін жылқышылар ара-тұра кір-қоңымызды жуғызып, ер-тоқым кептіреміз дегенде сылтауратып жылқысын баққан ауылдарға қонып қайтады. Кедейлер бірен-саран жылқысын байлардың үйіріне қосады да, жалшы жылқышылар көбінесе оларды тегін бағады.

Жылқышылар жыл бойы дерлік, әсіресе, қыс айларында қос маңында болады. Қос ауылдан қашық, шөбі шүйгін, отты, сулы жерге тігіледі. Қазақстанның жылқыны көбірек ұстайтын солтүстігінде қыс айларында боран-шашын жиі болып тұрады. Аяз қатты, кейде 40 — 50 градусқа дейін барады.

Жылқы тебіндеп, яғни қалың қарды тұяғымен қазып, астыңғы шөбін теріп жейді. Ол аяз бен боранға да төзімді келеді. Кейде қыстыгүні жаңбыр жауып, көктайғақ болғанда ғана жылқы тұяғы тебінге батпай қалады. Мұндай кезде буаз биелердің «іш тастауы» яғни құлын тастауы жиі кездеседі. Жем-шөптің тапшылығынан мал аштан қырыла бастайды. Қыс ұзаққа созылып, көктемгі шөп жай шығады. Мұндай апаттың атын «жұт» деп атайды. Жұт болған жылдарда байлар малынан ада болып қалады. Қазақтың «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деуі осыдан. Жалшылық тарихында жұтау көп болған. Мысалы, соңғы жүз жылда «Тақыр қоян», «доңыз», «ұлу» атанған үлкен жұттар бүкіл қазақ даласына жайылған.

Қой да жыл тәулігіне өз аяғымен жайылатын мал. Сондықтан қойды көп өсіретін байлар құмайтты, таулы жерді мекендейтін еді. Олар жаз бұлақты, қарлы тауларды жайлап, қысқа қарай қар аз түсетін құмдарға кетеді. Осылай үдере кешуден жазы-қысы тынбанды. Байдың, қойын қойшылар, жалшылар баққан. Олар әдетте, туған-туысқандардан емес, жат-жарадан болады. Қойшы еңбегінің өте ауыр екендігін ақын Кенен Әзірбаев өзінің қойшыларға арналған өлеңінде:

Қойшыға күзеттегі таң атпайды,
Баққанда ұзап кетіп күн батпайды,
Танитын еңбегіңді бір адам жоқ
Бел шешіп күні-түні бір жатпайды, —

деп сипаттайды.

Қойы аз кедейлер қолдарындағы азын-аулақ қойларын қосып, оларды кезектесіп бағатын болған. Мұны «кезек» деп атаған. Мұндай кезектен қандай да болсын себептермен қалу қорлықпен тең деп саналатын. Мұны XIX ғасырдың екінші жартысында Орталық Қазақстанда болған Сандыбайдың Ыбырайы (1851 — 1932) мен Әлімбайдың Доскейі (1850 — 1946) дейтін ақындардың арасында болған айтыстан байқауға болады. Мәселен,

Ыбырай:

Әр жерде жүрген жерім жиын болды,
Қойым өліп көңіліме түйін болды,
Елу қойдан бес саулық қалмаған соң
Кезектен қалу ақынға қиын болды, —

дейді.

Қазақта «кезекке кірмей, есепке кірмейсің» деу осыдан туған.

Егінсіз жерде сиыр бағуды тілемейді, өріске өзі кетіп, мезгілінде ауылға өзі қайтады. Бір ғажабы қасқырға сиыр малы беріспейді. Бірме-бірге келгенде бір сиыр, бір қасқырға алдырмайды. Ұялас қасқырлар келсе, сиырлар ұсақ төлдерін ортаға алады да, үлкендері мүйіздерін төсей айнала қорған жасап, қасқырларды жолатпайды. Қыс айларында сиыр тек қорада ғана күтіледі. Сондықтан басқа малдарға қарағанда ол күтімді көбірек керек етеді.

Дінге сенетін қазақтар әр түлік малдың мифологиялық киесі бар дегенге нанады. Мысалы: жылқыда Қамбар ата, түйеде Ойсыл қара, қойда Шопан ата, сиырда Зеңгі баба. Малдардың осындай құдайсымақтарының әрқайсысы өз түлігіне әрдайым қамқорлық жасайды-мыс делінеді. Малшылардың қазақша жалпы аты бақташы, жеке түліктерді бағатындар жылқышы, түйеші, сиыршы, қойшы деп бөлінеді. Қойшыны «шопан» деп атау бертінде шыққан тәрізді.

Ендігі жерде қазақ халқының төрт түлік малды жасына, еркек-ұрғашыларына қарай оларды қалай атайтынына тоқталайық. Мысалы, жылқы малының, телі құлын деп аталады. Бір және бір жарым жастағы жүні түлейтін құлынды — жабағы, екі жасқа шыққанда — тай, үшінші жаста — құнан, төртінші жаста — дөнен, одан әрі бесті делінеді. Ал бестілердің еркегін — сәуірік, ұрғашысын байтал дейді. Одан әрі байтал биеге айналады да, құлындамайтын байтал бедеу делінеді. Құлындап жүріп тоқтап қалған бие қысырақ аталады. Қазақ байталдарға қосып қысырақтан бөлек үйір жасайды. Жылқысы көп ірі байлар сән көріп қысырақ үйірін қара, көк, торы т. б. бір түстен құрастырады. Мұндай жылқы үйірлерін өлеңге қосып та айтады. Мысалы, «үйірі қысырақтың мақпал қара» деп басталатын өлең, бар. Ал, кестірілген сәуірік — ат, есейіп кестірілген айғырды «азбан» дейді.

Алғаш құлындаған байталды қулық («қулық құлын жанды» деген мәтел сонан болар) деп атайды. Қазақ әдетте жылқының ұрғашыларына тән кейбір жайларды әйелдерге тән қасиеттермен салыстырып отырады. Мысалы, жаңағы мәтелді жас босанған бала жанды әйелге қатысты айтса: «Құлындаған биеден, құдықтағы су артылмайды», деп жаңа босанған әйелдің сұйық асқа (сорпа-су, шай т. б.) құмар болатындығы жайында айтады. Сондай-ақ, әйелге кемсітіп қарайтын кертартпа заманда «байтал шауып бәйге алмайды» деген де мақал қалдырған. Бұған қарама-қарсы кейіннен: «Байтал неге бәйге алмас жүйрік болса» деген өлең де шыққан. XVIII ғасырда Абылай ханның «қанатты қара байтал» атанған тұлпары болған. Төңірегі 150 шақырымдық Бурабай тауын сол ғана айналып шығыпты-мыс деген қауесет бар. Үстіміздегі ғасырда Жетісу елінде де бәйге бермейтін «көк байтал» аталған жүйрік болды.

Солтүстік Қазақстанда, түйені малданатын байлар бірен-саран ғана болғандығын жоғарыда айтып кеттік. Қазір ол елде түйе малы тіпті жоқ, сондықтан түйе түлігінің атауларын аз білем. Дегенмен, естуімше, бұл түліктің: бір өркештісі: «нар», екі өркештісі «айыр» түйе, солардың арасынан (буданнан) шыққан тұтас өркештісін «қоспақ» деп үшке бөлінеді. Бір жастағы төлі — бота, екі жастағысы — тайлақ, үш жасарының еркегі — буыршын, одан әрі ұрғашылары — інген, еркегі — бура, нардың ұрғашысы — үлек.

Қойдың төлі — қозы. Қойлар көктемсіз төлдемес үшін, қошқарға күз айларында күйек байлайды. Қыс туатын қойшылар «арамза» аталады. Ол жүдеубас болады. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» (кішкене мағынасында) деген мақал содан. Тоқты болған арамза — көбдік. Мезгілінен кешірек туғаны көрпеш немесе көпей. Балаға ат қойғанда «Қозы», «Көрпеш», немесе Қозы-Көрпеш алтыны содан. Жарты жастағы қозы — марқа («марқайған», яғни өсіп-жетілген деген ұғым осыдан туған), бір жаста «тоқты» делінеді. Әдетте, қазақ сойымдыққа піштірілген еркек тоқтыны ұстайды, «еркек тоқты құрмалдық» деуі содан. Ал еркек тоқтылардың таңдаулысын тұқымға сақтайды, ұрғашы тоқтыны соймайды. Екі жасқа келген еркек қойдың аты — ісек. Жасына жетпей қартайған адамға «жаман қой ісегінде қартаяды» деп күлетіні осыдан. Ұрғашы қой — тұсақ, қоздағаны — саулық, қоздамағаны «ту қой» деп аталады. Тұқымдыққа жіберген еркек қой — қошқар. оның да кестірілгені — азбан.

Қошқар қазақтың жақсы керетін малы, сондықтан да оны адам атына қосады: Қошқар, Қошқарбай, Байқошқар, Аққошқар т. б. деген есім қазақта көп. Атақты ақын Нартай Бегежанов Қызылорда облысындағы даңқты күрішші Ыбырай Жақаев жайында:

Ағасын, ала тауда асқардай-ақ,
Төбесін сан биіктің басқандай-ақ, —

дей келіп өлең аяғын:

Көзіме сонадайдан шалынасың,
Мың қойдың ішіндегі қошқардай-ақ, —

деп бітіреді. Саулықты кемітіп, қошқарды көтермелеп сөйлегенде, қазақ «саулықтың жасы үлкен, қошқардың басы үлкен» дейді.

Ешкінің төлі — лақ, бір жасқа толған, кестірілген еркегінің аты — серке, ұрғашысы — туша, кестірілген еркегі — серке, кестірілмегені — теке, ұрғашысы — ешкі.

Мал түліктерінің түр-түсіне қарап, қазақ толып жатқан атаулар айтады. Бір өлеңде «болмайды сиыр жирен, жылқы тарғыл» дейді. Сиырдың жирен түстісін қызыл сиыр дейді. Ақ жылқыны «боз» дейді. Сиырдағы «қоңыр» түс, жылқыда «қарагер», жылқының «қоңыр» аталатыны қара-көк түс.

Қазақ малдың үстіне мініп келе жатып құлағанда: «түйе — шудасын, жылқы — жалын, сиыр — мүйізін төсейді» дейді. Ол «түйе мен жылқыдан денесі ауырмай құлайды, сиырдан ауырады» дегені.

Енді қазақтың малды емдеу жайына қысқаша тоқтала кетейік: советтік дәуірге дейін қазақ елінде мал дәрігері болған жоқ. Бірақ, ауырған малды қазақ емсіз қалдырған емес. Пышақпен қан алу арқылы емдейтін адамды қазақ оташы» дейді. Мұндай оташылар жамандат ісігін пышақпен тіліп, жара ішіне сақар (сілтілі шөп) мен бұйырғын (жусанның тырбиған ащы тұқымы) шөбінің үгіндісін себетін еді де, ауырған жылқы өлмей, ісігі ойылып түсіп қалатын. 1932 жылы Солтүстік Қазақстанға осы індет келіп, кейбіреулер ауырған жылқыны атып тастап жатқанда, ескі оташы Оразақұлы Бықас жаңағы аталған емді қолдану арқылы жылқыны аман сақтап қалғанын көзіміз көрді.

«Маңқа» аталатын ауру тиген жылқыны да оташылар жамандат емін қолданып, танауына ыстық су құйып, аман лып қалады.

«Түйнек» ауруынан малдың шегі түйіледі. Қазақ емшілері көрікпен үрлеу арқылы осы түйінді де түзеп жіберетін.

«Аяғына қан түсті» (ақсау) деп аталатын ауру байқалғанда жылқының таңдайынан қан алады, ал ақсау тұралаудан болса, оның тұрасын жонады. Тұра табанға өсетін мүйізгек. Қазақтың әлсіреген малды «тұралап қалды» деуі осыдан.

«Шытыр» дейтін жапырақты шөп болады. Оны түйе мен бір малы жесе, іші кеуіп, өліп қалады. Өлтірмеу шарасы қай: төрт аяғын таңып тастап, кепкен қарынның сыртынан жуан бізбен піскілесе, іштегі газ шығады да, мал оңалып кетеді. Іші кепкен түйені жетектеп желдіреді, сонда жел шығып, іші басылады.

Сиыр «сап» (аусылдың аяқтан болатын ауыр түрі) ауруына шалдыққанда қозғала алмай қалады. Қазақ емшілері сортаң сазды қайнатып, оны ыстық күйінде аяғына орайды немесе ыстық қарамай құйған.

«Қатпа» (іштен болатын ауру) болған түйенің аузына көргіш салады да, көмейіне ыстық сары май, немесе мұнай сұйығын құяды. Одан да жазылып кетеді.

Қойда «топалаң» дейтін індет бар. Оған халық емі қонбайды. Бұл дерт ертеде қой малына қырғидай тиіп, қырып кететін де, халықты күйзеліске ұшыратып отыратын. Қазақтың «топалаң тигір» деген қарғысы осыдан қалған.

Қазақтың союға ең қолайлы түлігі — қой. Ең алдымен малды жисаң қойды жый, майы кетпес шарадан», «қойдың сүті қорғасын, қойды сөккен оңбасын» деген мақал-мәтелдер осыған байланысты айтылады. Қойдың сүті де а;ұғымды болады. Қойды, әдетте, көгендеп, не қосақтап і ауады. Көген әр қойдың басына ілетін тұзақ. Қозылар да көгенделеді. Қосақ деп қойлардың мойындарына ұзын арқанның күрмелген, тұзақ сияқты жіп шеңберін кигізуді айтады. Арқан жіптердің көбісі қой жүнінен есіледі. Киіз үйлердің түңілігін қазақ қатқыл жүннен басады. Биязы жүн киіз басуға қолайсыз. Сол сияқты жүннен киімдік және төсеніштік өрмектер тоқылады. Тері-терсегі де жылы киім болады.

Сиырдың жас төлінде (бұзау, тана, баспақ) «айналшық» деген дерт бар. Олай ауырған мал сенделіп оттамай, тұрған жерінде айнала береді. Қазақ оны жұдырықпен құлаққа қатты соғу арқылы жазады, сонда есеңгіреп қалған төл, аздан кейін шөп жеп, су іше бастайды. Қазақтың тып-тиыш бір халді «құлаққа ұрған танадай» деуі содан.

Малды емдеудің будан басқа да халықтық сан түрі бар. Олардың бәрін бұл арада түгел атаудың қажеті жоқ. Жалпы алғанда көшпелі ауылдар малды ерекше қадірлеген. Сондықтан да, амандасқан адамдар «мал-жан аман ба?» деп, малды жанның (адамның) алдына сала сөйлейді.

Су мәселесі. Қазақ даласының табиғаты отқа мол, кейбір жері суға тапшы. «От» дегені «шөп». Малдың шоп жеуін қазақ «оттау» дейді. Бос немесе теріс сөз айтатын адамдарды да қазақ «бұл не оттап отыр» дейді. Онысы адамды адамға емес, хайуанға теңегені. Ал сусыз жерлерде қыстыгүні жауған қардың ізін қуалайтындар әлі де бар. Мысалы, жерлері отты, сулы келетін Жетісу аймағындағы елдер жазғытұры қары кеткен, әрі ауасы қоңыр жай, шыбын-шіркей жоқ тау жоталарын жайлайды да, қысқа қарай қар түсе бастағанда, одан қашқалақтап, төменге жылжи береді. Ал шөлді, шөлейтті жерлердегі малшылар қыс бойы қар суын барынша пайдаланып, жазғытұры қар кете бастағанда қары бар жерлерді қуалай көшеді де, жазғы жайлауына шығады. Олардың қыс түсе бастағаннан қар кеткенге дейінгі малдарының да, өздерінің де сусындары қардың суы болады.

Кіші жүзге қарасты қазақ ауылдары XVIII ғасырдың басында Жайық пен Еділдің арасын паналады. Сонда, жаудан ғана емес, жұт пен шөлейттен де қашты. «Ақтабан шұбырынды» жылдары Сыр бойы қазақтарының Арқаға, одан әрі Батыс Сібірге ауғанына Жоңғар хандығының шапқыншылығынан ығысқандығынан ғана емес, Солтүстіктің мол суына жетуге тырысқандығы себеп болды.

Суды қазақ көл, өзен, бұлақтардан пайдаланумен ғана шектелмей құдықтар қазу арқылы да алып отырды,

Қазақ жерінің шөлді және шөлейтті жерлерінде құдық қазу ерекше шеберлікті қажет етеді. Мұндай құдықтар өте көп. Әсіресе, бұлар Сары, Қара, Қызыл құм белестерінің ен бойларында көп кездеседі. Бірақ судың шығу тереңдігі, бәрінде бірдей емес. Мысалы, Батыс Қазақстандағы Нарында құм астының суы терең болмайды. Тіпті құлан сияқты аңдар құмды ойпатты жерлердің суын тұяғымен тарпып шығарған деген сөз бар.

Әдетте, қазылған құдықтар көміліп (опырылып) қалмас үшін олардың ішін сексеуіл сияқты тез шірімейтін қатқыл ағашпен ереді. Оның атын «шегендеу» дейді. Кейбір деректерге қарағанда, мұндай шегендеген құдық жүздеген жылдарға шыдайтын көрінеді. Шөлдің қай жерінде қандай құдық барын жақсы білетін жол көрсетуші адамдар болады. Елдің көшін солар бастап, суы бар құдықты айна қатесіз табады. Арғы жағын былай қойғанда, 1918 жылы ақ Колчактан Түркістандағы қызылдарға қашқан Сәкен Сейфуллинді Сапалай дейтін жол көрсетуші бастап, Бетпақ даланың кең шеліндегі құдықтарды табу арқылы аман еткізген.

Қазақтың шөл далаларында көшпелілер, қазақ рулары мыңдаған жылдар бойы қазған құдықтар, жүздеп, мыңдап саналады. Солардың арасында өте шебер шегенделгендері және терең қазылғандығы Каспий теңізінің күнгей-шығысын алып жатқан Маңқыстау жарты аралында.

Маңқыстау — «Мыңқыстау» сөзінен шыққан екен деп те айтады. Олай дейтіні XVII — XVIII ғасырда Алатау мен Сыр бойынан босып барған Кіші жүз рулары, әсіресе адайлар Маңқыстау жарты аралында мекендейтін отырықшы түрікпендерді ығыстырып, «Мыңқыстау» мекенін басып қалған екен деседі.

Адайлар мен түрікпендердің қонысқа таласу жанжалдары советтік дәуірдің алғашқы жылдарына дейін созылған. Бұл жөнінде айтылатын толып жатқан жырлар, әңгімелер солардың куәсі сияқты. Үстірт жайлауының солтүстігіндегі терең сайдың20 жағасында «Шопан-ата» дейтін мыңдаған адамдардың қабірі бар. «Осылар түрікпен мен адай соғысқанда өлгендер екен», — деседі жергілікті қариялар.

Мазарлары, ғимараттары көп Маңқыстау түбегінде көп айтылатын ертегі, жыр, әңгіме аңыздардың бірі құдықтар жайында. Маңқыстау бойынша үш мыңға тарта құдық бар деседі. Солардың біразы күні бүгінге дейін пайдаға асып келеді.

Маңқыстаудағы Сам, Үстірт, Бозашы жайлауларында құдық өте көп кездеседі, Бұлардағы терең құдықтардың аты — «шымырау» (оны басқа жерлерде шыңырау деп те атайды).

Шыңыраудың тереңдігі жүз, жүз елу құлашқа дейін барады. «Құлаш» — өлшем аты, бұл адамның екі жаққа созған қолдарының ұзындық мөлшері. Бұл шамасы бір жарым метрдей, сонда 150 құлаш екі жүз метрдей тереңдік болғаны.

Құдықты мұншама терең қазуға мүмкіндік беретін сол құдық қазылатын жердің бет жағынан басталып, тереңіне дейін баратын ракушечник дейтін қыртыстың болуы. Мұның негізі бор мен теңіз хайуандарының жентектелген сүйектерінен құралады. Бұл «бор тасын» арамен де, күрекпен де немесе басқа темір саймандармен кесіп алуға болады.. Сонымен қатар отқа да, суға да, желге де ете шыдамды. Кейінгі кезде бор тас кірпіштерінен зәулім үйлер, сарайлар қаланып жүр. Қудық қазушылар бор тастың осы сипаттарын пайдалана білген.

Көне заманда, әрбір шеберліктің өзіне тән «киесі» бар деп түсінген халық құдық қазушылардың да сондай қасиеті бар деп ойлаған. Олар әдетте саяң жердің бетіне ескен шебіне, не бұтасына қарап, жер астындағы судың қаншалықты тереңдікте жатқаның оның ащы не тұщы екенің көбінесе мүлтіксіз болжайды.

Одан да кереметі, бір сайдың бойындағы бірнеше жердей қазылатын шыңыраулардың астын үңгірлеп, өзара жалғастырып, су мөлшерлерінің деңгейін бірдей етіп қояды.

Бұл, әрине, қайран қаларлық іс. Қазіргі ғылым жүзінде мұндай үңгірлерді инженерлік есеппен алдын ала жобалап, сонан кейін қазар еді. Құдық қазушыларда ондай білім жоқ. Олардың сүйенетіні қара дүрсін тәжірибе. Сондай мөлшермен бір емес бірнеше шыңыраудың астын тұтастырады!

Маңқыстау түбегіндегі шебер құдық қазушылардың әрбір құлашқа алатын ақылары бір тұсақ. Сонымен терең шыңыраулар қазу үшін олар жүзге тақау, немесе жүзден астам тұсақ алулары мүмкін. Мұндай ақыны бүкіл ел бөліп төлейді. Сондықтан мұндай шыңыраулар баршаға ортақ мүлік.

Шыңыраудың суларын тарту қызық: құдықтың ернеуінен екі жерден айналып тұратын шығар (доңғалақ) орнатады Ал су тартатын «қауға» кең ыдысты көбінесе түйенің мойнағынан (мойын терісінен) жасайды. Оған шамасы бір тоннадай су еркін сияды. Кейде түйенің, жылқының, сиырдың тұтас терілерінен тігілген қауғаларға одан да мол су сыяды.

Қауғаның аузына майысқақ ағаштан, иә, темірден шеңбер салады. Екі жағына мықты «құлақ» орнатады. Соларға құдықтың тереңдігіне қа.рай, қыл арқан тағады да, шығыр арқылы шыңырауға түсіреді. Қауға толды-ау деген шақта қос арқанның үстіңгі жақ ұшын екі түйенің мойнына байлап, екі жаққа қарай айдайды. Қауға судан шыға ауырлап, кейде түйелердің күші жетпей де қалады. Сол кезде иелері бақырта айдап, таяқ батқан түйелер алдыңғы аяқтарын бүгіп жіберіп тартады. Екі түйенің әлі келмей де кейде арқанға оларды екі-екіден парлап жегеді.

Тысқа шығарылған қауғаның суын, сол арада бортастан жасалған «науа» деп аталатын үлкен астауға қотарады. Кей науалардан жүздеген жылқы, мыңдаған қойдың сусыны қанып шығады.

Соңғы сөз «керіз» туралы. Бұл Иранның «қараз» деген сөзінен алынған. Оның мәні төмендегідей: жазық жерге жетпейтін тау басындағы бұлақтың суын сарқу үшін сол арадан қудық қазады да, оған жиналған суларды жыра арқылы төменге түсіреді. Осы әдіспен құдықтардың суымен мал жайылымың егістік жерлерді суғарып отырады. Ал Кейде мұндай тау бұлақтарының суын жер астынан қазылған үңгірлер арқылы құлатады. Бұл әдістерді де көшпелі қазақтар ертеде пайдаланғанға ұқсайды. Өйткені осы сияқты су ағызу жүйелерінің сілемдерін Қаратау, Ұлытау сияқты таулардан әлі де көруге болады. Отырықшы шығыс елдері (Иран, Үндістан, тағы басқалары). «Қараз» әдісімен бізден жиырма-отыз ғасыр бұрын шұғылданған. Қазақ халқының көшпелі кезінде су табу тәсілі де осылай жүзеге асырылған.

Бүкіл Совет Одағында, оның ішінде Қазақстанда су мәселесін ретке, тәртіпке келтіруді советтік дәуір шешті. Өзендерді бөгеу арқылы соңғы жылдары Қазақстанда Бұқтырма, Қапшағай, Есіл, Шардара сияқты теңіздер жасалды. Суы тапшы саналатын Есіл өзенінің «Аютас» аталатын тұсынан соңғы жылдар бөгелген су, қазір Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Омбы, Қорған облыстарының суға тапшы бірнеше колхоздары мен совхоздарын суға молықтырып, «Жаманшұбар» сияқты шөлейт жерлеріне с\ құбырларын жүргізу арқылы сумен қамтамасыз етуде.

Соңғы біраз жылда Сібірдің атақты өзені Ертіс Семей мен Павлодар арасынан бөгеліп, көтерілген су, қазір Қарағандыға жетті. Енді аз жыл ішінде ол канал Жезқазғанға жетеді де, осы аймақтардағы аудандардың өндіріс орындарын сумен қамтамасыз етеді.

Қазіргі күндерде одан әлдеқайда зор іс жоспарланын. Сібірдің ең зор өзенінің бірі Обьтың суы «Торғай ойпаты» аталатын саймен Арал теңізіне құламақ. Аралға бет бұған Обь суы жолшыбай Қазақстанның екі облысы — Торғай мен Ақтөбе облыстарының бірнеше шөлейт аудандарын суландырады. Сөйтіп, суға қанған бұл аудандардың мал жайылымы да, егістік танаптары да мейлінше кеңи түседі.

6. АҢШЫЛЫҒЫ

Көшпелі елдердің тіршілігіне көз салсаң, малшылық пен аңшылық егіз туғанға ұқсайды. Әйтсе де ең алдымен аңшылық пайда болған. Себебі үй хайуандарының өздері, алғашында тағы хайуандар болғаны мәлім. Адамзат ең алғаш рет соларды аулап, тірідей ұстағандарын қолға үйреткен де, үйренбегендерін аулап, пайдалануын доғармаған. Мылтық шыққанға дейін аңшылардың қолданатын тәсілі қапысын тауып ұстау: көне заманның осындай бір әдісі аран.

Аран. Аңдарды ұстау үшін тау арасынан ені тар қоршау жасап олардың жан-жағына аң кіргеннен кейін шегініп шыға алмайтындай өткір істік қадалар орнатады. Мұнан кейін аңдарды айдап келіп осы қоршауға енгізеді. Оған кірген аңдар, хайуандар кейін шегіне бере әлгі істікке түйреліп, қозғала алмай тұрып қалады. Осы кезде аңшылар оларды оңай соғып алады. Тасқа қашалып жазылған осындай аңшылықтан қалған таңба-суреттердің кене замандар дан бізге жеткені аз емес.

Аңдарды аулаудың тағы бір әдісі — қыс кезінде қамыс тың басын қырқып, мұз бетінде сояуын қалдыру. Мұндай әдіске қоян арандағыш келетін сияқты. Қазақтың «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деуі содан. Бұл әдіс қазірге дейін қолданылады.

Тағы бір көне әдіс. Аңдар жүретін жерлерге тор, ay, қақпан құру. Мәселен, балық аулау үшін оның жүретін жолына ау құрылады. Сонымен қатар балықты сүзіп аулау әдісі де бар. Ол үшін аудың бір шетіне, яғни төменгі жағына тас, темір немесе сол сияқты ауыр нәрселер байланады да, екі жақ қанатын қайықпен ілгері сүйрейді. Аудың қанаттарына қақтыққан балықтар ошарылып барып, оның орта тұсындағы «абақ» дейтін тарлау қуысына кіреді. Оған кіру оңай да, шығу мүлде мүмкін емес. Қазіргі абақтарға тонналаған балық сияды.

Аумен ұстаған балықтарды уақытша қамайтын қамыс қоршауды «сүзек» дейді. Осыған байланысты айтылған Қошқарбайұлы Шашубайдың «Қасқырмен айтыс» деген өлеңінде жалғыз атын жарып жеген қасқырды ақын қақпанға түсіріп алады да, екеуі кінәласады. Сонда Шашубай қасқырға:

Күнде сүзекіден балық жейсің,
Қайдағы семіздерін алып жейсің.
Балықтың өне бойы толған қылтаң,
Антұрған-ау, қақалмай не ғып жейсің?!.. —

дейді.

Қазақтың аңшылық өнерінде көне заманнан күні бүгінге дейін ең көп қолданылатын әдісі — ит жүгіртіп, құс салу,

Ең алдымен ит туралы. Қазақ ұғымында: «ит жеті ырыстың біреуі». «Итті тепкен ырысты тебеді», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал», яғни тамақтандыр, т. б. айтылады. Итті бұлай қадірлеу мал шаруашылығымен шұғылданатын көшпелі елде қажет-ақ. Өйткені ит — адамның үйде де, түзде де сенімді серігі. Сондықтан «итті иесімен қинасын» деген. Ал «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген мақал әр ит өз ауылында күшті деген және басқа да астарлы ұғымды білдірген.

Иттің еркегі — төбет немесе арлан, ұрғашысы — қаншық, бірге туғаны — ұялас. Кішкенесін күшік дейді.

Қазақтар асырайтын иттер тұқым жағынан «дүрегей», «тазы» болып екіге бөлінеді: дүрегейі үй күзетеді, тазысы аңға қосатын жүйріктер. Дүрегейдің еркегін «барақ» дейді.

Олардың кейбірі қасқырға қотаннан қой бермейтің алыса кетсе, жеңетін мықты болады. Сондықтан «Барақ» есімді хандарда, батырларда болған.

Мен көрген ауылдарда: Әшімнің «Сарықасқасы», Темниц, «Көкшолағы», Саққұдақтың, «Сұркиігі» дейтін қасқыр алатын иттер болды. Ондай иттер Қазақстанның әр жерінен кездеседі. Мен Солтүстік Қазақстанның қазіргі Преснов ауданында Тайкеттің Сүлеймені дейтін аңшының сексен қасқыр алған «Сарықасқасын» көрдім. Осы жолбарыс түлғалы ит, кейде аңғары ауып кетіп, қасқырды өз бетімен де алатын еді.

Тазылар күшті болмайды, бірақ денелері сидам, арық, жеңіл, жүйрік әрі өжет келеді. Олар қуса жетеді де, қашса құтылады. Қоян, түлкі сияқты ұсақ аңдарды олар құтқармайды. Ақтөбенің Ырғыз ауданында «жүз түлкі алды» деген тазыны көргенім бар. Қасқыр алатын тазы кем де кем, бірақ сирек те болса кездеседі. Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданында бір қойшының ұялас тазысы аюлар, жататын үңгірлерге барып, қуалаған аюды тістей қашып, қақпақылдай кезекпе-кезек тістелеп, жасырынған мылтықты иесіне қарай алып баратын болған. Біз, бір топ жазушы 1959 жылы барғанға дейін сол аңшы осы әдіспен жетпіске жақын аю атып алған. Ал менің көзімше атқан біреуінің терісін ол маған сыйлады.

Жақсы иттер туралы қазақта ертегі, аңыздар көп. Қазақтың ұғымында ең жақсы ит — құмай. Халық аңызында оны иттен емес, «ат-ала-қаз» дейтін қара-ала құстың жұмыртқасынан шығыпты-мыс, — дейді. Ол құс қасқыр мен аюдың ескі апандарын немесе таудың үңгірлерін мекендейді. Жұмыртқаларын да сонда салады-мыс және көп емес, екеу-ақ. Соның біреуінен күшік шығады екен. Қайсысынан шығарын білсе, енесі оны уыз күйінде жарып тастайды. Егер жара алмаса, қабыршықтан шыққан күшік көзін аша салысымен-ақ аңға ұмтылады. Әрі жүйрік, әрі күшті болғандықтан арыстан, жолбарыстан бастап алмайтын ақы қалмайды-мыс. Осындай аңыз, ертегі түрінде қиялдан туған «иттің» атын «Құмай» деп атайды.

Иттің жақсыларын қадірлен отырып, үруден басқа пайдасы жоқтарына: «ит үреді, керуен жүреді» десе, қылығы, мінезі жаман кісіні «ит» деп, немесе «итті күшігім десең — аузыңды жалайды», «ит құтырса — иесін қабады», яғни өшіккен, жауласқан біреуге «өлсе ит терісі, өлмесе қой терісі», тұрмыс ауыртпалығына шыдамды, көмпіс адамды «ит жанды адам» деп түрліше астарлы мағынада да мақал-мәтелдер айтады.

Қазақтар барлық хайуанаттарды «адал» және «арам» деп екіге бөледі. Адалы — шөппен, жеммен қоректенетіндері, яғни басқа тірі жәндіктерді жемейтіндері, ал арамы — тірі жәндіктерді өлтіріп, етпен қоректенетіндері, яғни «қан ішерлер». Бұларды, әдетте «жыртқыш аңдар» «жыртқыш құстар» деп атайды.

Сол сияқты әрбір халықтың өздерінің пір тұтатың аңыз ететін жыртқыш құстары болады. Біздің қазақтардың мұндай аңыз ететін құстарының бірі — бидайық. Ертегі, аңыз бойынша бөденеден бастап аққуға дейін бидайықтың, ілмейтін құсы болмайды. Бірақ, шын мәнінде бұл құс табиғатта болған емес.

Осындай аңызға айналған құстардың ең зоры да, ең күштісі де екі басты самұрық. Дүниеде мұның күші жетпейтін ешбір жан-жануар жоқ деп саналады. Сондықтан патшалар, корольдер оны тәж-тағының қорғаушысы көріп, оның суретін «герб» аталатын мемлекеттік белгілеріне салған. Россияның соңғы патшасы II Николайдың да гербі — екі басты самұрық. Арғы тегі Иран елінен шыққан самұрық туралы ертегілер қазақта да кегі.

Енді табиғатта бар, өзіміз білетін қыран құстарға келейік.

Құстардың ішінде қазақ халқы қадірлейтіні — бүркіт. Қазақтардың айтуынша, азулы аңда арыстан ғана екі күшіктен артық таппайды. Сондай-ақ қасиетті аталатын құс аққу мен жыртқыш құс бүркіт қана екіден артық жұмыртқаламайды. Бүркіт ұясын, ең биік ағаштың, басына, тау шыңдарының ең биік төбесіне, жел мен аяздың ең күшті өтіне салады. Сондықтан да бүркіттің балапандары жұмыртқа күйінде де, жұмыртқаны жарып шыққаннан кейінгі балапан күйінде де желге, ыстық пен суыққа шынығып сомдалып өседі. Орман мен таудағы ұядан алынған бала бүркіт түлкіге түсуге тайынбайды деп қазақ құсбегілері әдетте бүркіттің ересегін емес, ұшар шақта балапанын ұядан алуды дұрыс көреді. Тау бүркіті қазақ үшін бағалырақ. Ол қырағы да, өжет те, алғыр да. Сондықтан ең алғыр бүркітті қазақ «таудың ақиығы» деп атайды. «Қарақұс» тектес бүркіттің түсі қарасұр келеді. Халық оны «қарақұс қайырғанмен бүркіт болмас» деп, әжуалайды. Бүркіттің көбі қоян, қарсақ, борсық, түлкі сияқты ұсақ аңдарға түседі. Ал қасқыр, аю, бұғы сияқты ірі аңдарға түсетіндері де болады деген әңгіме бар. Сонда оларды тоқтатуға әлі келмей бара жатса, бір аяғымен кез келген затқа, ағашқа жармасады екен. Мұнда да мықты аңдар бүркіттің денесін бөліп әкететін жайлары да кездесетін көрінеді. Әдетте, алар аңын көрген бүркіт әуелі аспанға шырқай, көтеріледі де, алатын жеміне жоғарыдан төмен қарай түйіледі. Құйылып түскен бүркіт аңды бір аяғымен бастан, екінші аяқпен сауырынан қайқайта бүріп, тыпыр еткізбейді. Кейде, қапылыста тегеуіріні (тұяқтары) қасқырдың немесе түлкінің аузына түсіп, шайналып қалатын шақтары да болады.

Аңдар да бүркітке оңайлықпен алдыра қоймайды. Олар орманның, таудың қуысы сияқты тасаға паналауға тырысады. Қазақтың ғашықтық өлеңінде, жігіттердің:

Аспанда мен бір бүркіт қыран-дағы,
Қыздар-ау, сендер түлкі сырандағы,
Қиялап, қия шыңда жүрсең-дағы,
Қиғаштап қанатымды бұрам-дағы, —

деп өздерін қыран бүркітке теңейтіні сондықтан.

Осы арада біздің советтік баспасөзде жарияланған қайран қаларлықтай бүркіттің екі ерлігін еске түсіре кеткен жөн.

Біріншісі, «Известия» газетіне шамамен отызыншы жылдардың ішінде төмендегідей қызық хабар жарияланды. Еділ бойында балық аулап жүрген балықшылар, аспанда қалықтаған әлдеқандай үлкен құстың шаншыла су бетіне түсіп қалқи бастағанын көреді. «Бұл не?!» — деп таңданған олар жан-жақтан анталап жетсе, су бетінде қанатын жая қалқыған бүркітті көреді. Бүркіттің астында үлкен құртпа су бетінде қалқып түр. Сөйтсе бүркіт оны аспанда жүріп көреді де, құйылып түсіп, бұлтартпай ұстайды. Бірақ құртпаны көтеріп әкету мүмкін емес. Оның ең үлкенінің салмағы тоннадан асады. Мұндай салмақты бүркіт көтере алмайды. Бүркіттің тұяғы денесіне батқан құртпа тереңге сүңгиін десе, бүркіт қанатын су бетіне жайып, жібермейді... Балықшылар осындай тартыста тұрған тағыларды айырады да, ерлігіне сүйсінген бүркітті ұшырып жіберіп, құртпаны олжаланып, үйлеріне қайтады.

Екінші бір оқиға елуінші жылдарда газеттер бетінде жарияланды, ол ұшып келе жатқан самолетке бүркіттің жасаған шабуылы жайында еді. Сонда бүркіт самолеттің пропеллеріне соққанда самолет аударылып кете жаздағанын хабарлаған еді.

Бұл екі мысал бүркіттің батыл құс екенін дәлелдейді. Бүркіт те өзге құстардай, жыл сайын ескі жүнін тастап түлейді. Жақсы түлету үшін, қазақтар оған «ақ жем», қанынан арылтқан, шикі етті береді. Сонда бүркіт тез арықтайды, арықтаса тез түлейді, семіз бүркіт нашар түлейді.

Иесi бүркітке алған аңның жүрегін жұтқызады. Оның аты тоят». «Тоят» алған бүркіт көңілді ұшады. Бүркіт кейде өзі алған аңының етін терісімен, жүнімен тұтас жұтып, coдан «қоя» немесе «қояба» деген ентікпе ауруға ұшырайды. Бүркіт жаз түлеген кезінде тышқандармен қоректенеді де, олардың кейбір кішігірімін тұтас күйінде қылғудан да қояба болады. Одан жазу оңай: адамның несебіне араластыра жентектеген қарды асатып жіберсе, бүркіт құсады, сонда томалақтанған қояба түсе қалады. Кейде сөзден шатасқан біреулерді «қоябасын шығарды» деп реніш білдіру осыдан қалған.

Бүркіттің қас жауы түтін. Кеудесін түтін шалса табанда өледі. Сол себепті оны түтінсіз жерде ұстайды. Қыста қора мен сарайда, жаз ашық далада ұсталады. Оны ашық жерде ұстағанда жемін көріп ұшып кетпеу үшін басы, көзін жауып тұратын «томаға» кигізеді. Өзге қыран құстарға да сөйтеді...

Қартайған бүркіт еріншектеніп, ірі аңдарға жөнді түспей, ұсағына ұмтылады. «Бүркіт қартайса тышқаншы болады» деу сондықтан. Тым қартайған бүркітті еркіне жіберу салты бар. Адамға үйренген бүркіт, ел маңынан ұзамай ұшып-қонады. Ондай бүркітті бүкіл ел болып сыйлап, әрдайым жем (шикі ет) тастайды, иттен, құстан қорғайды, тасаға паналатады. Біздің елде «Есенейдің Танакөзі» дейтін бүркітті сөйткенін өз көзіммен көрдім.

Бүркіттің және басқа алғыр құстардың бабын білетін адамды «бүркітші» немесе «құсбегі» деп атайды. Қазақтың өз жерінде-ақ атақты саятшылар болған. Соның ішінде өзімнің жақсы білетінім біздің ауылдасымыз Қашан дегеннің баласы Ораз. Оның саятшылық жайын «Өмір мектебінің» бірінші кітабында толық суреттеген едім.

Орта Азияда бүркіт салатын қазақ пен қырғыз. Өзге халықтардың аздап ұстайтындары: тұйғын, лашын, қаршыға, ителгі, тұрымтай, қырғи, жағалтай сияқты ұсақ құстар. Ондай саятшылар осындай ұсақ құстарды баулыған. Мысалы, Орта Азияның, Қырымның, Еділ бойының хандары бірінші уәзірін «құсбегі» деп атаған.

Ұсақ қырандардан саятшылардың сирек қолданатыны ителгі. Қазақтар оның қайыруы (үйретуі) қиын деседі. Ал үйрене қалса, өте ежет және алғыр болатын көрінеді. Ителгінің мөлдіреген қап-қара көзі өте сүйкімді. Сондықтан жігіт қызды мақтағанда:

Алдырған томағасын ителгідей,
Көзіңнен айналайын жаутаңдаған, —

дейді.

Тұйғынның (сұңқардың) өзге қырандардан айырмасы оның аққуға түсуі. Өзгелерінің түсуге батылы жетпейді, әлі де келмейді. «Құстың төресі» аққуға сұңқардың түсуі батырлық деп есептеледі. Ол жүректі де, намысты да құс. Атақты Максим Горькийдің «Сұңқар туралы жыры» дейтін прозамен жазған поэмасында сұңқардың сондай қасиетін де суреттейді.

Лашын — ең алғыр құс. Лашын жайлы «Өмір мектебінің екінші кітабында біраз айтылғандықтан бұл араға үзінді қоса кеткенді мақұл көреміз.

Балғабайдың Ахметі дейтін атақты құсбегі жаз айларында үнемі лашын салатын. Өзі жұдырықтай ғана бірақ, қанат, құйрығымен тұтас алғанда сүңгуір қайықтай ұп-ұзын көрінетін маңдайы жайпақтау келген, тұмсығы жолбарыстың тырнағындай иілген, сарғылттау, қияғының өткірлігі ұстарадай, қарақаттай мөлдіреген көздері бадырайып, бөтегесі жүйрік аттың омырауындай, сирақтары жіңішке, сарғылт саусақтарының басына имие біткен сұрғылт тұяқтарының ұштары егелген біздей өткір, қанатының топшысынан арғы жағы қарлығаштың қанатындай ойыңқы біткен. Құйрықтары сауысқандікіндей ұзынша, қанатының түсі құлпырып, кейде қара сүр, кейде қара қоңыр болып көрінеді. Бұл құстың көркемдігіне қанша қызықсаң да, дәл сол отырған түріне қарап оны «құс алады-ау дегенге, әсіресе «қаз бен дуадақ алады» дегенге сенгің келмейді... Сол сөздердің растығына, Ахметтің, қасына ерген күндерде ғана көзім жетті.

Ахмет лашын салуға екі-ақ мезгілде шығады: бірі — таңның атуы мен күннің көтерілуінің арасы, екінші мезгілі — күннің еңкеюі мен батуының арасы. Осы екі мезгілдің біреуінде оның қасына салт атпен еріп шыға қалсаң, бұл кездерде қандай құстардың қайда жайылатынын жақсы білетін Ахмет: «Қазір үйректер пәлен жерде, қаздар түген жерде...» деп болжалын айтады да, саған қызық көрсеткісі келген кескінмен, «кәне, қайсысына барамыз солардың?» — деп сұрайды.

Үйрек алу лашынға қиын емес. Шалшықты көлдерде тасада отырған үйректерді ол ала алмайды. Сондықтан оларды тасадан шығару үшін әрбір құс салатын адамның қолында дабылы болады. Ол шеңберлен иген ағашқа керілген кепкен тері. Оны қамшының сабымен қаққыласаң, күңгірлеген дауысы маңайды жаңғыртып жібереді. Ыбырай ақынның «Гәккуінде» «құс салып, айдың келді дабылдаттым» деп, осыған байланысты айтса керек. Дабылды қақсаң, тығылып жүрген үйрек атаулының бәрі де ду көтеріле ұшады. Осы кезде Ахмет оң қолына қондырған лашынның сөзіндегі томағаны сыпырады да, астындағы жарау атты балқыта, бытырай ұшып бара жатқан үйректерге қарай лашынды сілтеп жібереді...

Қазақтың халықтық өлеңінде «қыран құс қисық ұшып, түзу ілер» деген сөз бар. Мұның өмір шындығынан алынғанын Ахмет салған лашыннан көзімізді жеткіздік. Алғаш сілтеп жібергенде лашынды құлап бара жатыр екен деп ойлайсың. Өйткені ол жоғары емес, төмен қарай құлдырайды... Жерге жақындап барып бауырлай ұшқанда, ол аққан жұлдыздай зымырайды. Сол зымыраған қалпында қашқан үйректерді тура қумай, қиғаштай тартады. Сол бетімен біраз қарқындап алғаннан кейін ойысып ұшып бара жатқан үйректердің астына қалай жеткеніне көз ілеспей қалады. Лашынның бір ғажабы — ілу үшін нысанаға алған үйрегінің дәл астына жетпей аспанға көтерілмейді. Ол жерден атылған оқтай тік шаншылып барып көтеріледі. Сонда қуған үйрегімен қалай айқасқанын шамалап та үлгермейсің...

Лашын әртүрлі болады. Біреулері ілген үйрегін жерге ала түседі де, енді біреулері үйректің не желкесін, не топшысын аспанда қиып жіберіп құлатып, одан әрі екінші, үшінші... үйректерді бірінен соң бірін түсіріп, өз бетімен кете барады...

— Қыран құстың, — дейді Ахмет, — ең алғыр көзі екі және үш түлектің арасы. Оған дейін алаңғасарлау болады да, одан кейін қайраты қайтпағанмен, тақыстанып, жалқау келеді.

Лашынмен қаз алу үйректен әлдеқайда қиын екен: лашын адамнан алысырақ жерде қазды іліп түссе, қалғандары сол араға қона қалып, лашынды қанаттарымен ұрып, не талдырып, не өлтіріп кетеді. Бірақ тәжірибелі лашын алған қазының қанатының астына тығылып қалады да, қаздар оны қанатымен сабаймын деп жүріп, сол ілінген қазды сабап өлтіреді...

Ілуде біреуі ғана болмаса, лашынға алдырмайтын құс дуадақ. Ол ұшқырлығымен қашып та құтылмайды, қаздардай төбелеспейді де. Оның көрсететін қайраты, лашын дәл үстіне келгенше бұғып отырып, ілуге жақындай берген кезде басына саңғып жібереді және көбінесе лашынның кезіне саңғиды. Мұндай жағдайға душар болған лашын қайтып дуадаққа жоламайды.

Құс салудың ең қызықты кезі көктемде емес, шілде өткен соң болады. Ахметтің де құс аулауға шығатын уақыты — олар семірген күз мезгілі. Бұл кезде оның жарғақ құлағы жастыққа тимей, ертелі-кешті уақытын құс қонатын жерлердің маңында өткізеді. Саятқа оның құмарлығы сондай: қай кезде ұйықтап, қай кезде ас ішетінін білмейсің. Құс салатын мезгіл түгіл, күндіз, күн ысыған кездің өзінде де ол саятшылықтың әлде не ермегін тауып дамыл көрмейді. Кейбір күндері ол далада қонып қалады. «Шаруаңа неге қарамайсың» дегенге:

— Баяғыда мен сияқты аңшы біреу далада аң аулап жүрсе, — дейді ол қуланып, — - үйдегі кәрі атасы және бір атаны еледі. Сонда аңшы:

Атан өлсе сойылар, Атам өлсе қойылар. Бұл сияқты қан-сонар, Маған қашан табылар, —

деп қайтпаған екен дейді. Сол айтқандай, басқара алмай жатқан не шаруа бар менде? Шағын шаруаны інім Алпысбай да атқара алады ғой.

Қыран құстардың көпшілігі алғаш ұмтылғанда жемін ілмесе, оны қайтып қумайды. Ал қаршыға болса, керісінше, қашан ілгенше тепеңдеп қуа береді.

Қаршыға да қазақ саятшыларының көп ұстайтын құсы. Кейбіреулер «жігіт сұлу көрінбес қаршыға алмай» деген ақылға сүйеніп, оны сән үшін де ұстайтын болған.

Қырғи тым ұсақ құс. Алатыны да бөдене, тоғай сияқты өте кішкентай құстар. Бөдене қалың шөптің арасында бұғып отырады, не жорғалап жүреді. Сондықтан қырғиды көбінесе пішеншілер ұстап, шөбі шабылған жердегі бөденелерге салады. Өйткені күзге қарай бөденелер семіз болады. Оны көбінесе ер балалар ермек етеді. Үлкендердің құс салуын көрген олар еліктейді де, торғайларды, әсіресе бозторғайларды аулайды.

Әдетте, қаз бен үйрек ілдіргендер етіне, сорпа-суына қарық болып қалады. Адал аңдардың бәрі де азық. Олардың ең оңай және ең көп ауланатыны — қоян. Оның етімен қатар терісі де іске асып, онан киім жасалады.

Аңшылардың ұйымдаса аулайтыны — қасқыр. Мал шаруашылығымен шұғылданатын елдің олай етпеуі мүмкін емес. Кейбіреулер оның атын «қас» (дұшпан) және «қыр» (дала), яғни «дала дұшпаны» деген екі сөздің мағынасын береді деп жорамалдайды. Онысы рас та болар. Негізінде, қасқырдың жемейтін малы жоқ: ол түйенің алдында аунап жата қалады, мұны көрген түйе жақындап иіскегенде тұмсығынан тістеп шегереді де, содан кейін қарнынан жарады. Жылқыға да сол әдісті қолданады, егер жылқы үркіп қашса қуалап жүріп шабынан тістеп жарады. Кейбір жүректі айғырлар болмаса, жылқы да қасқырға қайрат көрсете алмайды... Түйе тіпті жуас. Есек байғұс қасқыр санын далдалап жеп жатқанда, аузын малжаңдата бергеннен басқа қимыл көрсетпейді. Сиырлар қасқырға мүйізін тосып жолатпауын жоғарыда айттық. Ал, қой ығыса үркуді ғана біледі. Оның тобына кіріп алған қасқыр, шетінен тамақтап өлтіре береді де, сол топтағы қойдың бірін қалдырмай түгел қырып өлтіргенше тоқтамайды: сондықтан да қасқырды қазақ қаскүнем» дейді.

Қасқырды қазақ бүркіт, ит, мылтық және жүйрік атпен қыс айларында аулайды. Сонымен қатар қасқырды қақпанмен де қамбаға түсіріп те аулайды. Қасқыр қақпанының серіппесі өте қатты болғандықтан, оны жігіттің жігіті ғана құра алады. Әдетте, қақпан йен далаға апарылып тасталған мал өлексесінің қасына құрылады да, үсті жапырақ, шөп сияқтылармен бүркеледі, қар жауып тұрса тіпті жақсы. Кейде қақпанға аяғынан, құйрығынан түскен қасқыр, ол мүшесін шайнап, үзіп, босанып кетеді.

«Қамба» дейтініміз, омбы қардан ойып жасалатын ор. Қайсыбір орманды, таулы өлкелерге қар мол жауып, боран соққаннан кейін кейбір ойпатты, шұңқырлы жерлерге үйілген қардың биіктігі 4 — 5 метрге дейін жетеді. Басқа аңдар сияқты қасқырдың да «жым» деп аталатын шұбырынды іздері болады. Қамба сол жым бойындағы қары қалың шұңқырларда қазылады да, қабырғаларына тайғанақ мұз тұрғызу үшін ішіне қу шөп жағады, сонда қамба қабырғасындағы еріген қар от сөнісімен аяздың әсерімен лезде мұз болып қатады. Мұнан кейін оның үстін бүркеп жауып тастайды.

Ал қамбаға аңдаусызда түскен аңдар сыртқа қарғиын десе, мұздаққа таяды да қамбаның ішіне қайта құлайды. Сонан аңшы келіп, соғып алғанша қамбаның ішінде отыруға мәжбүр болады.

Әдетте, аңшылар қасқырды жекелеп емес, топталып аулауға тырысады. Жерге алғаш жауған қарды олар «қан сонар» дейді, себебі ондай қарға түскен ізге қарап аңшылар қашқан аңның қашан жүріп өткенің қайда беттегенің қайда тасаланатынын аңғарады. Аңды сондай қолайлы жағдайда аулау сәтті болады да, аңшылар олжалы болып қайтады, сондықтан қан сонар шығар алдында аңшылар оған мұқият әзірленеді.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде құлан жайында көп айтылады. Кене кездерде қазақ даласында құлан үйір-үйір болып жүрген. Көшпелі халықтар оларды аранға, орға қамап, бұғалықпен де, құрықпен де ұстаған. Садақпен де атып, сойылмен соғып та алған.

Құланды көбінесе су жағасында соққан. Кейбір қарлы, жаңбырлы жылдарда, даладағы тақырларға «қақ» тұрып, іркіледі де, шілде, жаз айларында жаңбыр көбейе тағы жиналады. Құландар, көбінесе, йен даладағы осындай қақтардан су ішкен. Сондықтан қазақ: «Қағынан құлан жерісе, су таба алмай шөлде өлер», — деуі осыдан. Аңшылар құланның қаққа немесе суға келер мезгілін аңдыған. Содан запы болған құлан қаққа сақтықпен жақындаған. Су таба алмай, шөлдеген құландар шөл жерде қазылған «соқыр» (ескі) құдыққа барып, су иісіне еңкейгенде, ішіне құлап кететін кездер де болған. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген мақал да содан шыққан. Сол сияқты «құлан басына күн туса, қодығына (құлынына) қарамас» деген мақал басына қиындық туғанда ешбір хайуан ең аяулысы баласына да қарамайды деген мағынада қолданылады.

Атақты Махамбет ақын серігі Исатайды жоқтағанда, «құландай ащы дауыстым» деуі құлан үнінің күштілігін көрсетеді. «Құлан кісінесе үйір жиналады» деуге қарағанда, құланның айғыры бекерге кісінемей, не үйірін жинарда, не қауіп төнгенде үйіріне белгі беру ретінде кісінейтін сияқты.

Құлан жайында қазақта көптеген мақал-мәтелдер, өлеңдер, аңыздар, музыкалық шығармалар бар. Сондай шығармалардың аса бір күрделісі — «Ақсақ құлан, Жошы хан» деп аталатын оқиғалы күй. Мұның қысқаша мазмұны былай: Ұлытауды мекендеген Жошы ханның (1227 жылы өлген) баласы нөкерлерімен аңға шығып, құланның үйіріне кездеседі. Үйірдің айғырын қуып жетіп санына найза шаншып ақсатады да, құйрығынан ұстамақ болған ханзаданы айғыр теуіп мерт қылады. Жұрт бұл оқиғаны ханға естірте алмайды. Жаман оқиға болғанын сезген хан: «Кім де кім естіртсе, құлағына қызған қорғасын құямын», — дейді. Халық содан қорқады. Бірақ ханға белгілеген мерзімде естіртпесе нөкер атаулы жазаланады. Бұл бұйрықтан халық мүлде сасады. Біреу өлімді күймен естіртеді. Баласының өлгенін түсінген хан жазалау ниетінен қайтпай, ыстық қорғасынды қобыздың шанағын жапқан сіріге құйғызады. «Содан бері шанақ қаптамасының алдыңғы жартысы ойық болған», — дейді халық аңызында.

Хан онымен де тынбай, құланды Қорғалжын көлінің тұщы суына жеткізбеу ниетімен, жолына терең ор қаздырады. Оған кейін су түсіп, «Құланөтпес» деген өзен пайда болады. Қорғалжынға батыс жақтан құятын бұл өзеннің суы кері ағатындықтан оны «Терісаққан» — деп атайды.

Жалпы аңшылықтың қай түрі болса да қазақтың ұлттық спортының бір түрі, ол жөнінде өлең, жыр, музыкалық шығармалар да аз емес. Соның ішінде арғы-бергі қазақ поэзиясында, аңшылық туралы ең әдемі жазылғаны Абайдың «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңі. Ол бұл өлеңінде:

Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға,
Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Сылаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында қағушы ойда.
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі ерлеп құтылар деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға.
Көре тұра қалады қашқан түлкі
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
Ол да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар.
Шабар жерін қарамас жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О-дағы осал жау емес, қыран паңға.
Сегіз найза қолыңда, көз аудармай.
Батыр да аял қылмайды ертең таңға
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі — кек, біреуі — жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға...
Құсы да, иесі де қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда... —

деп қазақтың ақындық өнерін поэзия тілімен шебер суреттейді.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТІ

1. ТҰРАҚ ЖАЙЫ

Тарих және этнография ғылымдарының зерттеулеріне, дәлелдеріне қарағанда, «қазақ даласы» аталатын кең өлкенің өн бойында талай кенттер, отырықшы мекендер салынып та, жойылып та кеткен. Бұл жайында жазылған мақалалар да, кітаптар да, қалың томдар да толып жатыр. Солардың бірі К. М. Байпақов пен Л. Б. Ерзаковичтің Алматыдағы «Ғылым» баспасынан 1971 жылы орыс тілінде шыққан «Қазақстанның көне қалалары» деген көлемді еңбегі. Мұнда ондаған қалалар мен кенттердің тізімі аталады. Олардың көбі жаугершілік замандарда, әсіресе моңғол Шыңғыс ханның немесе ол құрған хандықтардың жорығы кезінде (XIII — XV ғасырларда) тып-типыл болып жойылып кеткен.

Қазақ даласындағы жойылып кеткен үлкенді-кішілі кенттердің археологиялық зерттеулері әлі күнге дейін ойдағыдай болмай келеді. Европада бұл жұмыс ерте басталды. Мысалы, көне Грецияның — Акрополь, көне Римнің — Помпей аталатын қираған қалалары әлдеқашаннан зерттеліп, жан-жақты талданды. 1961 жылы Европаға саяхат ж.асағанымызда, әлгі аталған қалалардың бұдан мыңдаған жылдар бұрын да материалдық мәдениеттің ғажап ошақтары болғандығын аңғардық.

Россияның археологиялық қазба жұмыстары кешеуілдеп, өткен ғасырдың ортасынан қолға алынғанымен, аз уақытта атқарылған істің нәтижесі де едәуір. Алайда қазба жұмысы тек советтік дәуірде ғана ерекше өрістеді. Совет археологтары Еділ бойының, Орта Азияның, Кавказдың көптеген көне қалаларының орнын зерттеп, ғылымға пайда келтіретін қисапсыз материалдар тапты.

Қазақ даласында бүліншілікке ұшырап, жер астында қалған көне қалалардан, соңғы жылдары қазу жұмысы басталғаны Сырдария бойындағы көне Отырар қаласы. Іргесі біздің дәуірдің алғашқы мың жылының соңында қаланыпты делінетін бұл қаланы әуелі моңғол Шыңғыс хан, одан кейін Ақсақ Темір талқандаған. Заманында аса мәдениетті, көрікті қалалар қатарына жатқан бұл мекеннің қазба жұмысы әзірге аяқталған жоқ. Сондықтан да осы тәрізді қалаларды қазу, зерттеу жұмыстары жеткіліксіз болғандықтан олардың мән-жайы туралы білеріміз әлі де аз.

Қазақ даласында көне заманнан бізге жеткен құрылыс істерінен көзге түсері аз болса да осы кең өлкенің әр жерінен «күмбез», «мазар», «сақана», «дін», «қауым» деп аталатын ескерткіш тәрізді құрылыстарды жиі ұшыратамыз.

Көшпелілерге ең алдымен қажеті — баспана, яғни тұрақ жәй. Сондай қажеттіктің бірі — киіз үй болған. Киіз үйден бұрын үңгірлерді мекендеген көшпелілер (қазақтар да), ең алдымен «күрке» аталатын қоста тұра бастаған. Қабырғасы ағаш қадалармен бекітіліп жасалған күркелер қамыс, шөп сияқты жеңіл өсімдіктермен бүркелген. Одан кейін балық терісі сияқты жамылтқыларды пайдаланған. Мұндай жамылтқылар Сібір және Солтүстік жағында күні бүгінге дейін қолданылады.

Қой өсірумен шұғылданатын көшпелілерде жамылтқыға ең қолайлы материал киіз. Ол жүннен басылады. Өйткені ертеректе қой жүні ете арзан болған. Қойы көп байлар, қой жүнін кедейлерге беру орнына, надандық пен қараниеттіктің салдарынан оны отынға пайдаланған.

XVIII ғасырдың аяғында, қазіргі Ленин ауданының (Солтүстік Қазақстан) жерінде тұрған 25 мың, қойы бар Қосшығұл деген қойларының жабағысымен құрт қайнатады екен. Соны көрген Қызылжарда тұратын Данияр Тастеміров дейтін өзбек жыл сайын бір жәшік қант, шай «сыйлап» маялаған жүнді байлардан тегін алған. Содан Тастеміровтер аз жылдың ішінде-ақ байып кетеді.

Қазақ даласын Россия билей бастаған кезде саудагерлер жүнді, әсіресе киізді орыс базарларына ылаулап жөнелтіп, бағасын көтерген XIX ғасырда жасаған ақын Шортанбай Қанайұлының:

Байды қудай атқаны,
Жабағы жүн сатқаны, —

деп басталатын өлеңі сол кезде шыққан. Киізге орыстың, татардың, т. б. ұлттардың қалада тұратын байлары құштар болып, олар оны үйлерін жабдықтап, жылылау үшін пайдаланды. Ондай киіздерді қазақ жерінен орталық қалаларға жеткізу үшін жүкшілер ондаған, жүздеген ылау аттарын ұстаған. Сыртына киіз шегеленіп, сыланған сол кездердегі үйлер Москва, Ленинград сияқты қалаларда қазір де кездеседі.

Қазақ киіздері Қазақстанның солтүстік шекарасындағы орыс қалалары: Ірбіт (Ирбит), Макаржа (қазіргі Горький)» Омбы, Орынбор, Саратов, Астрахань қалаларында көп өтетін болған.

Әдетте, қойдың жүні көктемде бір рет, күзде бір peт қырқылады. Көктемгі қырқудан алынатын жүнді «жабағы», күзгі қырқудан алынатын жүнді «күзем» дейді.

Көктемгі жабағы жүн ұйысып жататындықтан оны жылы киімнің астарына салады.

Мұндай киімнің аты — күпі. Қойдың иә түйенің жабағысынан жасалған күпі салқын кезде, қысқы аязда киетін ең жылы киімдердің қатарына жатады.

Күзем жүн жіп-шұға, өрмекке, киіз басуға пайдаланылады.

Киіз жасайтын жүнді ыдырата түтуді «сабау» дейді. Бұл «ұру» мағынасында қолданылатын сөз. Расында да с олай: жентектелген, ұйысқан жүнді ыдыратып түту үшін шыбықпен сабайды. Оның аты — сабау.

Жүн сабайтындар, көбінесе жастар болады. Олар жүн сабайтын үйге жиналады да, сабалатын жүнді киіз үйдің ортасына төселген тулаққа (кепкен, иленбеген тері) үйеді де, айнала отыра қалып, екі қолына алған сабаумен ұра бастайды. Әдетте, жастар бұған ойын-сауық үшін де жиналған. Себебі жүн сабау үстінде жастар жарыса қимылдап, оны ойын-күлкіге, әзіл-оспақтарға айналдырып әкеткен. Сабауды ұстай, ұра білмегендер көршілеріне күлкі болады, әрі алақандарын ойып алады.

Түтілген жүн, шидің үстіне бір тегіс етіп жайылғаннан кейін шиді жүнімен дөңгелете, жұмырлай бүктейді. Мұнан кейін үстіне ыстық су құйып байлайды да, 2-3 кісі жіппен домалата тартып, дөңгелетіп отырады, қалғандары артынан аяқтарымен кезек-кезек тепкілей береді. Ұзақ уақыт қуалай тебілген жүн кіріге ұйысып болды-ау деген шақта, оны шиден босатып ап, жас әйелдер білектерімен нығарлайды. Бұл нығарлауда ең ынталы киіз иесі болады. Қазақ «киіз кімдікі болса, білек соныкі» деп соған қатысты айтады.

Киіз басуға ауыл жастары түгел және тегін қатысады. Осындай әдіспен басылған киіздің аты — кесек. Бір киіз үйді жабуға он кесек киіз керек. Оншалықты киіз табылмаса, кесектерді шаруалар жылдап жинап, үйдің тозған киізін жаңа киізбен бірендеп ауыстырады. Сондықтан орта шаруалардың киіз үйлері ақ, қоңыр, қарасы араласып, ала-құла болып тұрады.

Шымқай ақ үйлер қойы көп ірі байларда ғана болады. Кедейдікі көбінесе — қарақұрым. Бірақ қазақ халқы үйге жабылатын киіздің түсі ақ болғанын ұнатады. Ондай түске келтіру үшін киіздің өн-бойын ақ жүннен басудың қажеті жоқ. Оның сырты ақ болса да қанағат етеді. Өйтуге жүн табылады. Кейде сәндірек болсын деп ақ қозының жүнін өңдейді.

XIX ғасырдың орта кезінде жасаған, Дулат руынан шыққан Майкөт ақынның Сарыбай дегеннің асына келген жергілікті жұртқа:

Мен келдім Әулие-ата оязынан,
Кедейдің үйі жыртық, қойы азынан.
Бай болсам мен де үйімде жатпас па едім,
Дәулеттің келе қалдым саязынан, —

деп киіз үйдің ала-құла болуында таптық мән, теңсіздік жатқанын аңғартады. Сол сияқты «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр», деген халық мақалы да таптық теңсіздікті көрсетеді.

Сырдария бойының елі «киіз үй» деудің орнына, қазірге дейін «қара үй» дейді. Мұны бір орыннан жылжымайтын қойы аз егіншілер шығарған болу керек.

Киіз үйдің жамылтқысы: туырлық, үзік, түндік деп үшке бөлінеді. Төрт бөлшектен құралатын туырлық киіз үйдің төменгі кереге жағын жауып тұрады да екі үзік уықтың үстіңгі жағын түндік шаңырақты жабады. Киіз үйдің «сүйек» аталатын ішкі қаңқасы: кереге (қабырға сүйегі), үйдің шаңырағын керегемен жалғастырып тұратын уық және шаңырақтан құралады. Булардың бәрі «тез» деп аталатын сайман арқылы жасалады. Тезге салып қажетті түрге келтіретін ағашты қоламтаға (шоғы аралас ыстық күл) сүңгітіп, балқытып алады, сонда ол июге жылдам көнеді. Халықтың: «Тез қасында қисық ағаш жатпайды», деуі осыдан шыққан.

Кереге санына қарай киіз үй: төрт, алты, сегіз, он екі, он төрт қанаттардан құрастырылады. Жеке ағаштардан, талдан немесе теректен жонылған керегені бір-біріне біріктіріп, байлауды «кектеу» дейді. Тігілетін киімдердің бөлшектерін алғаш сирек шаншып тігісін біріктіріп алуды көктеу» дейтіні де, осы «көктеуден» шыққан. Кектеуге ең қолайлысы түйе мойнағының терісінен тілетін қайыс. Ол керегені жинағанда да, жайғанда да үзілмейді.

Керегенің көздері жалкөз және торкөз болып екіге бөлінеді. Жел көзі кең де тор көзі тар болады. Дауылға желкөз шыдамды келеді де, жауынға торкөз шыдамды келеді.

Уық та тал мен теректің бұтағынан жасалады, ал шаңырақ қайыңнан және оның «сау» аталатын сыңғағынан емес, «қызыл» дейтін июге шыдамды бұйрасынан иіледі.

Қазақта «кереге тоқсан басты, сексен уық» деп басталатын өлең бар. Сондағы «бас» дегені, керегелік екі сояудың үстіңгі жағының ұйқасуы. Ауылда көп ұшырайтын алты қанат үйдің әр керегесі он бес бастан, алтауы тоқсан бас болады. Керегенің қосылатын тұсындағы қысқа сояулар — сағанақ деп аталады. Белгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіровтың алғашқы өлеңдер жинағы «Сағанақ» деген атпен шыққан еді. Уықтың «сексен» аталатын себебі кереге басы байлана бермей, арасында бос бастар қалу керек, әйтпесе сүйектің желге шыдамдылығы ойдағыдай болмайды. Уықтың шаңырақ тесігіне сұғатын басы «қалам» деп аталады. Шаңырақ тесігі де сексен. Иген құрсаудың ортасын байланыстыратын қадалар «күлдіреуіш» деп аталады.

Киіз үйдің есігі көбінесе тұтас тақтайдан жасалады. жоғарғы жағы маңдайша, асты табалдырық, екі жақтауы — Кейде оны селдір қадалардан құрайды. Есіктің «кәшегінің» босаға, жақтаулары ергенек деп аталады.

Есік алдынан жел соққанда пана болсын деп есік сыртына киізбен қапталған шиден қоршауыш жасайды да, оны киіз есік» деп атайды. Мұның шиін тоқып іш жағынан өрнектеп, әшекейлеп астарлайды. Желсіз күнде киіз есік түрулі турады. Киіз үйдің ішін екіге бөлгенде от жағатын ошақтан жоғары бөлігі — төр, есік жақ бөлігі — босаға аталады. Top — қадірлі қонақтар үшін. Сондықтан да үйге кірген кісіге: төрге шық, — дейді. «Есіктен кіріп, төрге озба» деген мақал отырар орныңды біл, деген мағынада айтылады. Есіктен кірген беттегі оң қол жақ яғни оң босаға қартаңдар мен балалардікі, сол жақ босаға жастардікі саналады. Қазақ ғұрпында келін төрге шықпайды. Қыздың ең бақытты шағы оң жақта, яғни әкенің үйінде тұратын кезі. «Жүк» аталатын төсек жабдықтары төрге «жүкаяқ» аталатын көтермеге жиналады. Оның алдына отыру үшін текемет, алаша, кілем, сырмақ сияқты төсеніштер жайылады. Қазан, ошақ, аяқ, табақ сияқты ыдыстар, қымыз ыдыстары оң босағаға, көлік саймандары сол босағаға қойылады. Қарттардың ағаш төсегі оң жаққа, жастардікі сол жаққа қойылады. Азық сандығы кебеже де, оң жақта. Қарттар төсегі мен жүк арасына киім ілетін бұтақты ағаштан «адалбақан» тірейді. Үйдегі ағаш мүліктердің беті күміспен, сүйекпен әшекейленеді.

Түндікті ашатын немесе жауынды күні, үйдің бір бұрышын тіреп қоятын ұзын ағашты «сырық», ал қатты жел, дауыл соққанда үйді ішінен тірейтін үй тігіп немесе оны жыққанда шаңырақ көтеретін тіреуішті «бақан» деп атайды.

Киіз үй сүйегінің шаңырақ төбесінен бастап, іргесін дейінгі формасы күмбезге ұқсайды. Мұндай үй дауылды желге де, нөсерлі жауынға да жақсы төтеп бере алады. Ки із үй туырлықтарына тағылатын жіптер ең алдымен жылқы қылынан немесе түйе шудасынан ораған жүннен есіледі. Оған даярлаған жүнді «шүйке» дейді. Осындай қылдан есілген жіп ете берік болады.

Қазақ киіз үйдің керегелерінің арасын қосатын таңғышты, кереге бастарын бекітетін басқұрды, шаңыраққа асатым желбауды өте әшекейлеп, кілем түсті өрнекпен құлпырта тоқиды. Әсіресе, мұның ішкі бауларға қатысы бар. Үй ішін көріктендіре түсу үшін кілем әлпетті өрнектейтін кереге мен туырлық арасына ұсталатын тоқымалар болған. Туырлықтың үзік жиектеріне киізден, шұғадан оюлар, дедегелер жасайды.

Киіз үйдің қанат санына қарай үлкенді-кішілі болып келетінін жоғарыда айттық. Хандар мен байлардың үйлері он екі — он төрт қанаттан жасалған. Олардың уық, керегелері, тал емес, теректен жонылады. Еңсесі биік болғандық тан шаңырағын көтеруге жаяу адамның бойы жетпей, қарулы екі жігіт ат үстінен көтергенін көзімізбен көрдік. Жәңгір ханмен жауласқан Махамбеттің «еңсесі биік ақ орда, еріксіз кірсем деп едім» дегендегі биік үй осы. Сүйегі талдан жасалғандықтан ба, әлде үнемі тауда, құмда көшіп жүргендіктен бе, Қазақстанның оңтүстігіндегі ауылдарда қазіргі кездердегі киіз үйдің еңсесі онша биік болмайды.

Киіз үйдің ең қасиетті саналатыны шаңырағы. Ағайынды кісілер енші алысқанда, шаңырақ, яғни ата-ананың тұрған үйі кіші ұлына тиеді де, ол «үлкен үй» аталады. Ондай үйді өзге «отау» аталатын кіші үйлер ерекше қастерлеп, аруақтың сыбағасы» деп, жазғы, қысқы дәмінің алдын татырады; жаңа түскен келіншектер қадірлі мүлкін сыйлайды. «Үлкен үй» — «Қара шаңырақ» деген ұғымдар күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Киіз үй өзге көшпелі елдерде де болғанымен, шыдамдылығы, қолайлылығы жағынан қазақ киіз үйі олардың бәрінен де сапалы сияқты. Соған қарамастан кейбір шаруашылық ұғымдарының қырсыздығы салдарынан киіз үйлер даярлау ісі тым баяулап кетті немесе сапасыз жасалатын болды. Көші-қоны көп малшыларға киіз үйдің қолайлы екенін ескере отырып, Қазақстан үкіметі 1967 жылы киіз үй салуды жақсарту туралы қаулы қабылдады.

Қорыта айтқанда киіз үйлер қазақ халқының отырықшыланып үлгермей, көшпелі өмір сүрген кезеңдеріндегі ең қолайлы тұрақ жайлары болғандығы мәлім.

Алайда, Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін кейбір елді пункттерде, қыстақтарда әскери бекіністері орнатылады, сол жерлерге жаңа қалалар мен селолар орнады. Олардың көпшілігінің аты жергілікті тұрғындар қойған атаулармен аталды. Мысалы, Ырғыз, Торғай, Атбасар, Ақмола, Баян, Қарқаралы. Көкшетау, Көкпекті, Аякөз, Лепсі, Қапал, Әулиеата, Шымкент, Манкент, Ақмешіт, Орда, Қостанай т. б. Сондай-ақ бұл күнде орысша аталып жүрген кейбір қалалардың да қазақша аттары болған. Мысалы, Гурьев — Үйшік, Уральск — Теке, Орск — Жаманқала, Петропавловск — Қызылжар, Павлодар — Кереку, Верный — Алматы, тағы тағылар.

Ерте кезде қазақтар отырықшы мекеннің, бәрін де «қала» деп санап, олардың бәрін «кент» деп атаған. Шымкент, Ташкент, Манкент Құмкент дегендер осыдан шыққан. Қала тұрғындарын қазақ кент жұрты деседі.

Қазақстанда көшпелі ауылдарды жаппай қоныстандыру науқаны негізінен алғанда Октябрь революциясынан кейін, жиырманшы жылдардың орта тұсынан басталды. Қоныстанған елді пункттерде, ауылдарда ағаш үйлер, монша, мектеп, дүкен (магазин), клуб, электр станциясы, шеберханалар салынды. Колхоздар мен совхоздар құрылғаннан кейін елдің де, жердің де ажары кірді. Өндіріс орындарына барған қазақтар сәнді үйлерге орналасты. Бұрынғы өндірістік қалалар көркейіп, қазақ даласында: Балқаш, Қарағанды, Жезқазған, Кентау, Теміртау және тағы солардай жаңа көрікті қалалар орнады. Сөйтіп, қазақ халқының қонысы, тұрақ жайы советтік дәуірде түбірімен жаңарды. Кейінгі жылдары, жоғарыда айтылғандай киіз үй тек «шопандардың» еншісі ғана болып қалды.

2. ЫДЫСТАРЫ

Ертедегі көшпелі қазақтар ас ішетін ыдыстардың біразын теріден жасаған. Ондай ыдыстың ең үлкені саба.

Саба молшылықтың, байлықтың белгісі. Жылқысы көп ірі байлар сабаның мөлшерін бәстесіп, бәсекелесіп жасаған. Біздің елде «бес мың жылқысы болыпты» деген Есеней сабаны алты айғырдың терісінен тіктіріп, атын «тай жүзген» қойған екен. Сол сабаны ысқа қойғанда, ауыз жағы қурап кетіп, бұған ашуланған Есеней ыс салған адамның үйірге түсіп тұрған айғырын сойғызып, терісін сабаның құрғаған аузына жаматқан. Сабадан соңғы үлкен көн ыдыс — сүйретпе. Ол — жұмырлау, әрі тікелеу келеді. Ешкі терісін бітеу сойып, пұшпақтарын байлайтын көн ыдыс — мес (шанаш), жолаушылағанда қанжығаға байлайтын кішкентайын жанторсық деп атайды. Биенің сүтін сауатын ыдысты — көнек, құдықтан су тартатын көңшелекті — қауға, шеберлік аспаптарын салатын сірі-көңді — тальке, т. б. дейді.

Әдетте, көн ыдысты төзімді болады деп, тек жылқы терісінен ғана жасатады. Терінің жүнін шикі күйінде қырғызады да, оң жағын ішіне келтіре, әр ыдыстың өзіне тән формаларына қарай тіктіреді. Оны түйенің, шудасынан иірген жіппен тігеді. Ол тез үзілмейтің шірімейтін ең төзімді жіп. Тігілген ыдыстардың ішіне топырақ немесе құм толтырып, теріні күн көзіне кептіреді. Содан кейін ысқа қояды.

Ыстау үшін ор қазылады да күнге кепкен ыдыстардың ішіндегі құмын төгіп босатқаннан кейін ор түбіне орнатылған сырғауылдарға ілінеді. Оның төбесін жабады да екінші жағынан от жағатын тесік шығарып от жаққанға ілінген ыдыстарды қуалай жүріп, арғы басынан шығады. Сондай халде ай жарым ысталған көп ыдыс мейлінше кебеді де, теpi түсі қара-сарғылт болады.

Қазақтардың ұғымында ең дәмді қымыз ысталған ыдыста жасалады. Кейін қымызды ағаш күбіге ашытатын кезде отқа ұстап оның да ішін ыстайтын болды. Осыдан соң, әр түрлі жора-жоралғылар істеледі. Шамасы «қымыз мұрындық» аталатын кәде қазақ халқында содан қалса керек. Оның мәнісі алғашқы қымызды жұртқа ішкізу (таттыру).

Ал күзгі соңғы қымызда (ауыл адамдарына) таттыруды (ішкізуді) «сірге мөлдіретер» деп атайды.

Саба «киелі» ыдыс саналған. Ішінде қымызы тұрса да немесе бос болса да оған аяқ тигізбеген.

Саба ішіндегі сұйықты (қымыз, немесе іркіт) толғап (пісіп) тұратын құралды: — піспек дейді. «Сабасына қарай иіспегі, мұртына қарай іскегі» дегенде осы саба мен піспекке байланысты айтылады. «Тай жүзгеннің» піспегін арқанға көреді екен де, екі қарулы жігіт әрең көтеріп піседі екен. Піспектің жоғарғы жағын қазақ күміс және сүйекпен әшекейлеп жасаған.

Сабадан кейін сусынға арналып көннен жасалатын ыдыс — сүйретпе. Оның түбі бұрышсыз жұмыр келеді. Сыйлы қонаққа сүйретпеден қымыз беру ерсі саналады. Сондықтан оған тек сабаның қымызынан ғана береді.

Сүйретпеден кейінгі ыдыс — мес. Оны бітеу сойылған ешкі терісінен жасайды. Бұл сезді халық жағымды немесе жағымсыз мағынасында да қолдана береді. Мысалы, Ақын Машһүр-Жүсіп Көбеев, өзінің қолжазбаларын тіркеп отыратын жинағына мес деп ат қойған. Мес кәделі ыдыс емес. Сыйлы кісіге одан да қымыз құймаған.

Қазақта: «көнегі керегеге іліну» деген сөз бар. Оның мәнісі — жұтап қалу дегенді білдіреді. Сондай-ақ көннен ыдыстар салынатын «аяққап» аталатын қоржын жасалды. Ал иленбеген теріден жасалатын төсенішті тулақ, иленгенін төстек деген. «Ас», «той» сияқты үлкен жиын жасаса, малды иесі сояды да, қымызға «сауын» айтқан. «Сауынға» көптеген ыдыспен жан-жақтан қымыз әкелінеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жіберу ырымы болған.

Ерте заманнан ас пісіруге арналған ыдыс — бақыр. Бұл тегі мыстан, ал кейіннен шойыннан құйылған болса керек. Ол қазан сияқты түбі шұңғыл келеді. Бертінде заводта құйылатын қазан шыққаннан кейін, бақыр қазанды түздегі жылқышылар немесе жолаушылар ғана қолданған. Алғаш оны «жер ошақ» аталатын қазылған шұңқырға орнатқан. О дан кейін қазан үш сирақты темір (мосыға) ошаққа асылды. Қазанды тұтатын қолғапты «тұтқыш», ішін тазалайтынды темір «қырғыш» деп атаған.

Тіпті көне заманда су, сүт сияқты сұйық нәрсені «тас қорықпен» қайнатады екен. Ол тасты отқа қыздырып алып, сұйық құйылған ыдысқа тастаса, біраздан кейін сұйық бұрқылдап қайнайды. Бұл тәсілді ауылдың қойшылары соңғы кезге дейін қолданып, далада «тас қорықпен» сүт қайнатып ішкен. Осындай тәсілмен пісірілген дәмді сүтті өзіміз де ішіп көрдік.

Ертедегі көшпелі ауылда кепкен ағаш ұнтағын шақпақ таспен тұтатқан.

Су қайнататын «тас құмған» ертеректе тастан ойылып жасалды да кейіннен шойыннан құйылғаны базарда сатылған. Оның аты да «тасқұмған» деп аталады. Ал «самауыр» немесе «самауырын» аталып кеткен орыс «самоварлары» қазақ арасына Россияға қосылғаннан кейін тарады. Біздің елде самауырды XIX ғасырдың алғашқы жартысында бірінші рет Ірбіт базарынан Есеней алдырған екен. Оны қайнатайын десе, суды қалай құйып, отты қалай жағуды елде ешкім білмейді. Содан көршілес қазақ-орыс станицасы Құтырлағанға (Екатериновкаға) кісі жіберіп біреуді алдырады да, самауырды қалай қайнату әдісін көрсеткендігі үшін оған Есеней бір жылқы береді. Бірақ ырымшыл Есеней, «шүмегі төмен қарап тұр екен, елді төмен қаратпай қоймас» деп самауырдың шайын ішуден безген екен деседі.

3. АЗЫҒЫ

Революциядан бұрынғы ауылдардың азығы — малдың еті мен сүмесі (сүті) болды. Сондықтан да еттен түрлі тағамдар жасады. Оны суға пісіріп те, майға қуырып та жеді. Жаз айларында, бұзылып кетпес үшін, оны сүрлейді, яғни етті тұздап, тұз сіңгеннен кейін түтінге немесе күнге, желге қақтап кептірген. Жалпайта сүрленген майды әзет-қақпыш, бөлшектенгенін қақпыш-борша деп атаған. Түз сіңіп, сүрленген ет бұзылмай ұзақ сақталады да, сапасын да жоймайды. Қазақ сүр етті сүйсіне жейді. Сондықтан да жігіттердің өлеңінде:«Қыздар сүйіп жейтұғын тәтті сүрмін» дейтін жол кездеседі. Етті шашлық тәрізді отқа қақтап та жейді. Оны «кебеп» дейді. Ал жанашыр екі жақыны араздасса, қайсысына болысарын білмей, «екі оттың ортасында кебеп болдым-ау» деп кею осыдан шыққан.

Қазақ үйінде асар еті бола тұрса да қадірлі қонақ келсе, арнап мал сояды. Ал қонаққа көп сойылатын мал — қой болған. Тіпті қадірлі қонақ болса құлын немесе тай да сояды. Көп қонақ келсе бие сойылған.

Қойдың басын қадірлі қонаққа, беделді ақсақалға тартады. Бірақ, бұл салт әр жерде әртүрлі болған. Қырғыз елі қонаққа қой сойғанмен, басын жерошақ төңірегіндегі, қатын-қалаш, бала-шағаға береді. Ұлы жүз бен Орта жүздің кей рулары басты қадірлегенмен, құлағын балаға береді. Ал Керей мен Уақта құлақты шал жейді. Қалай да қазақ ғұрпында қадірлі қонаққа бас тартпау (арнап қой соймау) ұят саналған.

Ескі ауылдың қадірлі санайтын қонақтары: сыйлы, беделді ақсақалдар, әкімдер, құда-құдандалар, жекжаттар болған. Оларға салынатын қой мүшелері төмендегідей: қойдың бастан кейінгі қадірлі мүшесі — жамбас. «Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген» дейтін өлең сол жайды аңғартады. Бұл бүкіл қазаққа тән болмаса керек. Өйткені, құдағиға жамбас, қыз бен жігітке асықты жілік, балаларға бүйрек, құлақ беретін де жағдайлар кездеседі. Жамбастан соң кәрі жілік, одан кейін асықты жілік. Өзге мүшелері осыларға қосалқы. Жылқының ең қадірлі мүшесі — жая, одан кейін: қазы, қарта, жал деп санаған: «Жақсының жейтін асы — жая мен жал» деп басталатын өлең де бар. Мұнымен қатар халық арасында түрлі ырымдар мен дәстүрлер де болған. Мысалы: Әкең өледі деп әкесі тірі балаға басты ұстатпайды, былжыр (жуас боласың деп миды.жегізбейді. Кішкене балаға суға кетесің деп жұлын жегізбейді. Асырап алған ұлға асықты жілік ұстатады. Acқа, тойға қымыз апарған ыдысқа асықты не кәрі жіліктер салып қайтарады. Кәрі жілікті қартайғанша отырады деп қызға ұстатпайды. Қонаққа асқан етке мойын аталатын мүшені салмайды. Жас босанған әйелге баланың мойны тез бекиді деп ыстық мойын тістеткен. Ал тес аталатын мүше күйеу мен ұзатылған қыздың сыбағасы. Табақтың ішіне төс салынбаса, күйеу өкпелеген. Сойған қойдың төсінен төстік алады. Оны тұздап отқа қақтайды да құда қонаққа өзге еттерден бұрын таттырады. Мұны қазақ аса қатты ұнатқан. Құдаға беретін себебі, «төске төсті тақасқан жақын болдық» деген ұғымды білдіргендіктен. Ұзатылған қызға сүрленген тос жіберу де міндетті болып септелген. Бұл жөнінде төмендегідей қалжың бар: келіншекке біреу «інің келе жатыр» десе, әлденеге інісіне өкпелеп жүрген келіншек «інім інге кірсін» депті. Анау «ініңнің қоржынында төсі бар» десе, риза болып кеткен келіншек: Інімнің менен басқа кімі бар» депті-міс.

Піскен еттен үй иесіне немесе құдаға алдымен асататын — бір тілім құйрық пен бауыр. Сондықтан құдаларды «құдай (уәде) дескен, құйрық-бауыр жескен» деп жақындастырады.

Сыйға тартылатын табақтар адамына қарай: бас, орта, аяқ болып үшке бөлінеді. Қой сойғанда бас табаққа қойдың басы, жамбасы, асықты жілігі, сүбесі, белдемесі, бір білем құйрық пен бауыры салынады; орта табаққа бір жамбас, кәрі жілік, ұзын омыртқа, бір сүбе салынады; аяққы табаққа кәрі жіліктен бастап, қатын омыртқа, бұғана, бір жауырын салынады. Мұндай сыбаға бермеу өкпеге апарып соққан. Қойдың ішкі жүйелерінен бауырдан басқасы табаққа «жөргем» деп аталатын ащы және тұщы ішектердің өрілген бір бумасын, қарын өкпе, жүрек сияқтылардан бір-бір тілімін, алдыңғы және артқы үйітілген сирақтардың бір-бірін табақтың алды-артына қояды. Жалпы алғанда ішек-қарын, өкпе-бауыр аталатын ішкі мүшелер үй иелерінің сыбағасы.

Жылқы етінің сыйлы, сыбағалы мүшелері: жал, қазы, қарта. Өзгелері соларға қойылады. Аса қадірлі саналатын қонаққа қой сойғанда үстіне жылқы етінің сүр жаясын, қазы-қартасын салады. Жылқының шекесін қазақ «наурыз» аталатын мейрам күндерінде ғана асқан. Көшпелі елдердің, мысалы, монғол халқының әдетінде, еттің бір қайнауын ішінде қалдырып, шала пісіретіні бар. Қазақ етті езілтіп, дәмді етіп пісіреді. Етті бұлай етіп пісіру ас қорыту органдарының жұмысын жеңілдететіні мәлім. Сол сияқты «ет етке, сорпа бетке» деп оның да ас қорытуға үлкен көмегі барын қазақ ертеде-ақ білген. Қазақтың тағы бір ұлттық тамағы «кеспе» немесе «салма» деп аталады. Алғашқысын иленген қамырды жіңішкелеп кесіп жасаса, «салманы» ұннан, тарыдан, күріштен дән салып пісіреді. Жылқы етінің сорпасы сұйық болғандықтан, кеспеге жарамайды. Кеспеге қазақ «қара мал» аталатын сорпасы бар қойыртпақ айыр-тұяқтылардың етін қолданады. Әсіресе, сиырдың «қима» аталатын айналдырған тұщы ішегін көбірек пайдаланады. өйткені ол ете майлы болады.

Жылқы сорпасына қазақ ащы құрт езеді. Ол — қазақтың «қысқы қымыз» деп атайтын ең жақсы тамағы. Ал жылқышылардың жақсы көретін тамағы езілген құрттың қалдығы — малта. Жолаушылаған не мал баққан адамдар малтаны қалтаға сала жүріп, сусағанда, қарны ашқанда қорек етеді. Қысты күні жылқы сорпасын тезірек суытқысы келген қазақ оның ішіне мұз салып ішеді. Мұны — «томыртқа» деп атайды.

Қазақ халқы малды міндетті түрде бауыздайды. Корей, монғол сияқты кейбір ел, сойылатын малды бауыздамай, тұншықтырып та өлтіреді. Сондағы дәлелі, малдың ең пайдалысы — қаны. Тұншықтырса қан етке сіңіп, адамға пайдалырақ болады. Бауыздалмаған малдың еті қазақта — арам саналады.

Ертерек кезде ет асатын ыдыстың аз немесе жоқ шағында көшпелі елдер олардың ішінде қазақ етті сол сойылған малдың өз қарнына пісіріп жейтін болған. Қарынды бұзбай алады да, тазалап жуып, ішіне етті сыйғанынша толтырып, оған мөлшерлеп тұз салады. Онымен бірге сорпа қайнағанда бу шығып тұру үшін қарынның ауыз жағына қуыс қурай немесе малдың екі басы шабылған жілігін шығарып байлайды, сонан кейін ет салынған қарынды құмға көмеді үстіне от жағады. Солай пісірілген, «сілікпе» аталатын ет көшпелі елдердің дәмді асының бірі болған. Қазақтың ұғымында, әр малдың еті өз қарнына сияды. Қазақтар асқан еттің тұзын татып жейді. Ет салған табаққа тұзын іш.ылау ғып құятын сорпаның аты тұздық.

Көшпелі ауылдардағы ет тағамдарын әзірлеу түрлері осындай.

«Сүме» ертерек кезде «желін», «емшек» мағынасында айтылған. Бертінде «сүт» мағынасында айтылады. Ет тауып жеуге мүмкіндігі жоқтар «малдың сүмесімен күн көріп отырмыз» дейтін. Өйткені қымыз жасауға әркімнің мүмкіндігі бола бермеген. Көшпелі қазақ халқының басым көпшілігі, айыр тұяқты қара малдың, сүмесімен (сүтімен) күнін көрген. Олар түйені де, сиырды да, қой мен ешкіні де сауатын болған.

Сауылған сүттен айран ұйытып немесе сүтті ірітіп, ақ қызғылт түсті ірімшіктер мен уыз да қайнатқан. Жас балалар үшін сүтті қазанда қойылта қайнатып, дәмді балқаймақ та тұрғызған. Қайнамаған шикі сүттің бетіне тұрғанын кілегей» деп атаған. «Кілегейді» жинап, әдетте, одан май алды. Қазанның түбіне тұрған сүт қағын «қаспақ» деп п анды. Ол, көбінесе қазан ұстайтын әйелдер мен ерке балалардың сыбағасы. Малдың сүті қайнатылмай көбірек тұрса, іріп кетіп, пайдаға аспайды. Сүтті ұйытқы құю арқылы ұйытса, айран болады. Айран ашып кетсе, «іркіт» дейді. Іркіттен «ащы» және «тұщы» құрттар қайнатылады. Тұщы немесе сықпа құрт нан орнына пайдаланылады. Ащы құрт сусынға немесе сорпаға езуге ғана қажет. Жолаушы шыққанда «жан торсық» аталатын ыдысқа су құйып, ішіне ащы құрт тастаса, шайқалып езілген ол, әрі сусын, әрі тамақ болады.

Құрт пен ірімшік бұзылмас үшін жаз айларында «сөре деп аталатын биікке жайылады да, күн көзіне кептіріледі. Көп тірілген бұл тамақтар, әуе райының барлық жағдайына да бұзылмай шыдап, ұзақ уақытқа сақталады.

Ашыған айранды кенеп қапқа құйып сүзеді де, оған а:і дап түз қосады. Оны «сүзбе» дейді. Сүзбеден де құрт жасап, сереге кептіреді де, қыс айларында сорпаға қатып ішкен.

Қымыз «киелі» асқа саналады, биенің сүтінен қымы і жасау үшін оны торсық аталатын көн ыдысқа жылы күйінде емес, салқындаған қалпында құяды. Жылы құйса қымызы ащы болады. Торсыққа құйылған қымызды піспекпен әлсін-әлсін пісіп тұрады. Қымыз неғұрлым көп пісілсе, соғұрлым, тұщы, дәмді келеді. Аз пісілген қымызда ірімтік көп болып, ішуге жағымсыз келеді.

Қымыз тез тұнады, тұнғанда жоғарғы жағы көгілдір сұйық,асты қоюланып тұрады, екеуін пісіп араластырған да ғана қымызды адам сүйсініп ішеді.

Үйіне кірген кісіге қазақ ас татырмай жібермейді. Сондағы беретіні бар болса қымыз, ол болмаса айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар болған.

Қымыздың шала ашығаны саумал. Ондай қымыздың дәмі бұзылатын шағы болады. Оны қазақ «айнымал» немесе «татымал» дейді. Айныған қымызды байлар өздері ішпей, жалшыларына берген. Жалшылардан артылғанын жерошаққа төгіп тастайтын.

Қазақтың қымыздан басқа сусыны — көже. Оны қайнат қан суға бидай, тары не ұн салып ашытады. Шамасы барлар оған сүт қатады. Сүт қоспаған қатықсыз «қара көже» кедейлердің сусыны саналған. Оны да иелері дәмге санап, қастерлеген.

Атақты Біржан сал жолаушылап келе жатқанда орыс поселкесінде мал бағып отырған жатақтың қарақұрым үйіне кездеседі. Үйге жақындаған ол «сөйлес» деп дыбыс берсе, үйден бойжеткен, қарапайым киінген қыз шығады, Біржан шөлдегенін айтса, қыз «түсіңіз, барымызды береміз», — дейді.

Жасаусыз үйдің төріне шыққан Біржанға қыз босағада тұрған күбіден (ағаш ыдыс) бір кетік саптыаяққа орталау құйып көже ұсынады. Біржан қараса быжылдап тұрған қатықсыз қара көже екен. Біржан оны менсінбей, көжеге ернін де тигізбей, қызға аяқты қайтара береді. Қыз аяқты алмай:

Жақсының жейтін асы жая мен жал,
Шығады нақ қырсықтан осындай сал,
Дәмнен үлкен дүниеде еш нәрсе жоқ,
Көжеге кекіреймей ерніңді мал! —

депті. Сонда Біржан ұялып қап:

Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,
Атандық ақындықпен «Біржан сері»,
Қарындас, айтқан сөзің, өтіп кетті,
Көжеңді басып-басып әпкел бері! —

деп толтырып алған аяқты түбіне дейін қотара салған екен.

Арабша «дәм», «тағам» деген сөздің қазақша мағынасы «ас», «тамақ». Дәмді жоғары тұтатын қазақ, «дәм-тұзымды тат, расыңды айт» дейді. Қастандық қылған біреуді дәм-тұзына тапсырады», «татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» дегенді өлеңіне қосады. Мұндай мысалдар толып жатыр.

Үйіне алыстан келген адамға бірнеше күн тегін тамақ беру қазақтың ертеден келе жатқан ата дағдысы. Сол дағды күні бүгінге дейін бар. Қазақтың әр үйі «тәтті-дәмді» дейтін асын өзі татпай, қонақ келсе «ұялып қаламыз» деп, көпке дейін соған сақтайды.

Қонаққа беретін тамақ «қонағасы» деп аталады. Қонағы келген кісісіне қарай әрқилы болады. Бірақ қазақ үйіне келген қонақтың, қандайын болса да тойғызбай аттандырмайды. Қазақ жаз айларында қонаққа малды сирек сояды. Байлар жаздай сүр жейді, кедейлер жаз айлары малдың сүтін қорек етіп, етті көп жемеген.

Қысқы азыққа, яғни соғымға ірі қара мал сойылған. Әсіресе соғымға жылқы малы көптеп сойылады. Орта дәулеттілер бірен-сарандап, ал тұтас жылқы союға әлі келмейтіндер бірігіп бір жылқының етін жартылап немесе сирақтап бөліп алатын болған. Тұтас малдың етін жартыға бөлу оңай да түсінікті, ал сирақтап бөлу дегеніміз. — тұтас малдың етін төртке болу. Мұндай бөліске жататын мал етін алушыларды риза қылатын қасапшылар. Олар өз ісінің шебері саналады. Сондықтан қазақ шеберлік жайы сөз болғанда немесе сөзін жөндеп сөйлей білмейтіндерді кекесін ретінде «бүйректен сирақ шығарады» деуі осыдан.

Түйе, жылқы, сиыр еттерінің бөлісі осындай. Қой, ешкі, тай, тана сияқты ұсақ малдардың еттері бөліске түскен емес. Мұндай ұсақ малдар орта дәулеттілердің, көбінесе кедейлердің соғымы. Кедейлер әдетте, тоқты-торым, бұзау, тайынша деген сияқты ұсақ малды соғым қылған.

Көшпелі қазақ халқы егіншілікпен аз шұғылданса да нанның қадірін жақсы білген. Кейде астық шықпай жұтаған кезде «алтың күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деген мақал шығарған. Ертеде негізінен етпен сүт тағамдарымен тамақтанатын қазақтар дәнді астықтан жасалатын тағамдарды таңсық көріп, сүйсіне жейтін-ді. Сондықтан бір тамақты құмартып жеген адамды қазақ арпадай асайды дейді.

Овощты (сәбзені) мал баққан ауылдар сирек қолданған. Олар «тау жуа, қыр жуа» аталатын шөптерді кеспеге турап та, шикі күйінде де жеген. Сазды жерге өсетін картоп тұқымдас жаужұмырды (буылтықты) қоламтаға кеміп, пісіріп жейтін болған. Қамыс тамыры «сүйрік» деп «май қоғаны» да жеген. «Қарға тұяқ» аталатын шел шөбінің тамырын да қазып жеген. Тауда өсетін дәмі қышқылтым шөпті де сүйсініп жейді. «Базарда бұл болады піскен қауын, Қызыл алма алады көздің жауын» немесе қарны өскен адамды «қарны қабақтай» («асқабақтан алған») деуіне, сондай-ақ өрік пен мейізге құмарлығына қарағанда оңтүстікті мекендеген қазақтардың егіншілікпен, бақшашылдықпен ертедегі замандардың өзінде шұғылданғаны байқалады.

Астық жайына тағы да оралайық.

Советтік дәуірге дейін нанға қазақ ауылдары жарымай «аш қарын», «тоқ жарау» болып келген. Тек Совет өкіметі орнағаннан кейін ғана оған мұқтаждық жойылды. Үкімет пен партияның, Қазақстан тыңын игеру туралы 1953 жылғы қаулысынан 1956 жылы бірінші рет, 1972 жылы екінші рет бір миллиард пұттан аса астық жиналды. Сөйтіп, советтік Қазақстан астық өндіру жөнінен Совет Одағы бойынша РСФСР-ден кейінгі орынға шықты. Астықтың молаюы, малдардың ерте сойылмай, семіруіне де жағдай жасады. Қазір малдың қайсысы болса да семіздіктен «жонынан жарылады». Қойдың сүбесі мен жылқының қазысын бұрынғыдай бірер елімен емес, сүйемдеп, қарыстап өлшейді. Себебі қазір малды асылдандыру жұмыстарын кеңінен жүргізудің арқасында сиырдың сүттілігі, қойдың семіздігі, т. б. жылдан жылға арта түсуде.

Бұрынғы қазақтар молшылық тұрмысты «ит басына іркіт төгіледі», «сайдан май ағатын болады» деп, сондай заманды арман ететін еді. Сол молшылық қазір барлық совет халықтарымен бірге қазақ ауылына да орнап, бұрын жемесе де май жақсы» деп май татуды арман ететін еңбекші шаруалар, өзге азықпен қатар, майға да молықты.

Социалистік құрылыс әл-ауқат, тұрмыс молшылығын жасайды.

4. КИІМ-КЕШЕГІ

Адамға ауа райының қолайсыз жағдайынан қорғану үшін және көріктілік үшін де киім қажет. Ертедегі адамдардың киім-кешектері мал терісінен жасалатын еді. Әсіресе, теріні сырт киім үшін пайдаланатын-ды. Оның бірі — тон. Ол «қаптама», «қамзолша» атанып екіге бөлінген. Қаптамасы суыққа сырттан киетін тон. Махамбеттің «Қаптай соққан боранда, қаптама киген тоңар ма?» — дейтіні осы. Қамзолшасы етегі тізеден жоғары келетін тон. Тон орнына қасқырдың, түлкінің, қарсақтың, күзеннің, басқа аңдардың терісімен астарлап, сыртын матамен тыстап тігетін киімнің аты ішік. Ішіктің толып жатқан түрлері болады. Мысалы, түлкі терісінен, оның жон, бауыр, аяқ терілерінен — қараяқ ішіктер жасалады. Кейде, құндыз, бұлғынның қымбат терілерінен де ішік жасалады. Оған Абайдың Ақылбай деген баласы шығарған ән сөзіндегі «Бұлғын ішік мен кидім, құндыз жаға» деген жолы куә.

Құндыз қазақта аса бағалы аң саналған. Қазақтар оның сала-құлаш терілерін төрдегі кереге басына сән үшін ілген. Ертеде бұл аң қазақ даласында көп болғандығына «Құндызды» аталатын өзен мен (Қостанайда), «Қамқа» (құндыздың бір түрі) атты көлдің болуы куә. Кейін ел жиілене келе бұл сулардан құндыз бен қамқа ауып кеткен.

Құлынның, терісінен астарсыз тігілетін тонды «жарғақ» дейді. Оның қара құлынның терісінен сәндеп тігілетіні жоғары бағаланады. Қасқыр терісінен астарланатын ішік те қымбатқа саналады. Ішікті қазақтар тыстап қиген.

Кедей адамдар ішікті қоян, тарақ құйрық (сарышұнақ) сияқты арзан терілерден де жасаған. Бірақ олардың сапасы онша болмайды. Сондықтан «бір жылға қоян терісі де шыдайды» деуде де мән бар.

Ішіктің тысы, әдетте шұға, мәуіті сияқты қалың маталардан тігіледі. Тері мен тыстың арасын қалыңдату үшін тозған маталардан, жүннен «бидай» саналады.

Тонның жағасы жоғары етіп жасалады да, боран-шашында оны көтеріп алса, басқа суық тигізбейді. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деу содан. Жағаға қымбат аң терісі, қозының, лақтың бұйра елтірісі сияқты терілер салынады. Тонның белі тарылып тігілетіндері «қына мал», қынамайтындары «қаптал» деп аталады.

Қысқы киімнің біреуі — күпі. Ол қойдың және түйенің жабағасынан жасалады да, жылылығы тері тоннан кем болмайды.

Жаздың сыртқы киімі, түйенің иә қойдың жүнінен тоқылатын шекпен, түйе жүнінен тоқылған шекпен дәулетті адамдардың қолына түскен. Шамасы келмеген кедейлер шекпенді қойдың жүнінен жасайды.

Тоқу әдісінің аты — өрмек. Ол көне заманнан келе жатқан қол өнері.

Өрмек тоқу ұзақ уақытқа созылады. Өрмек тоқудан бұрын жүнді қылшықтап, түтеді. Оны шүйкелеген соң, ұршықпен иіріп, иірілген жіпті төгеді (домалақтайды). Домалақ жіпті ұзындығын он құлаштай етіп керуге және тоқуға әлгі жұмыс процестері атқарылған соң ғана кіріседі. Жіптерді біріктіріп тоқуға арналған құралды «мосы» дейді. Мосыға асылған өрмектің арасынан өтіп тұратын жіпті — арқау, арқауды нықтайтын құралды қылыш, жіптердің жоғарғылары мен төменгілерін ауыстыратын құралды «адарғы», тоқылған ермектің екі шетін «кенере», тағысын тағылар деп атаған.

Өрмекті тек әйел ғана тоқиды. Ертеде, қалаға барып, араласпайтын көшпелілері ішкі киімдерді (көйлек, жейде мен іш киімді) өздері тоқып киген.

Өрмектен қазақтар алаша сияқты төсеніштер де, қоржын аяқ-қап сияқты ыдыстар да, ат-жабу сияқты жамылғылар да жасады. Тіпті кей жерлерде кілем де тоқитын болған. Кейіннен өнеркәсіп бұйымдарының көптеп шығарыла бастауына айланысты өрмек тоқушылар азайды.

Көшпелі қазақ ауылдары бірнеше ғасыр бойы Орта және Орталық Азия немесе Еділ бойының қалаларына барып сауда-саттық жасаған. Онда дәулетті адамдар жібек пен манат (қалың тоқылған жібек) сатып алатын болған. Еділ бойындағы қалалардан (әсіресе көне болғарлардан) алатыны көбіне былғары екен. Осы алыс-берістің нәтижесінде болғарлардан ауысқан бұйымның «былғары» аталуы сондықтан болса керек.

Кедей шаруалардың ерте заманнан бері ішкиім үшін пайдаланатын матасы — бөз.

Дәйім менің кигенім без көйлегім,
Жаман жақсы болса да өз көйлегім,
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Аман-есен жүрмісің көз көргенім.

немесе

Жатыр едім далада пішен шауып,
Бөз көйлегім су болды жаңбыр жауып, —

дегендегі «бөз» осы мата.

«Бөз» — отырықшы кәсіпқорлардың қолдан, мақтадан тоқитын матасы. Жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын маталар «қазине» деп аталады. Бұрынғы қалын, малға сатылатын қыздардың:

Қазине камзол кидім қиылмаған, Жапанда жатыр жылқым жиылмаған, Бар ма екен қыздан сорлы бұл жалғанда, Топырақ туған жерден бұйырмаған, — дегенде осы «қазине» сөз болады.

Сыртқы және ішкі киімдерден қазақ өрнектелген қамзол мен шалбар (сым) киеді. Әйелдерден «сым» киетіндері тек үнемі көшіп-қонуға қатысы барлары. Д. Н. Ушаковтың түсіндірме сөздігінде» қамзол француз сөзі дейді. Қамзол мен шалбар қазақта көне заманнан келе жатқан киім болғанға ұқсайды.

«Алпамыс» батыр жырында Ұлтанқұлды «көн шалбары көтіне қатқан» деп сипаттауына қарағанда, ертедегі қазақтар шалбарды көн теріден де істеген сияқты. Жұмсақ иленген ешкі терісінен қазақтар кестелей сәндеп жырық балақ ойран-шалбар киген. Бертіндегі қамзол, шалбарлардың көбі орыс базарынан алатын кездемелерден жасалған.

Ертедегі әйелдер мен еркектер киетін қамзолдың белі қынамал, жеңі шынтақтан ғана келетін шолақ болған. Мұндайлардың жеңсізі «тес қамзол» деп аталады.

Қамзол тысты, астарлы болады. Оның екі арасында бидай» аталатын ескі шүберек салады.

Көне заманда шалдар (елдер) киетін етек-жеңі кең көйлекті «жейде» деп те атаған. Жейденің жағасына жүннен немесе шудадан бау тағады. Жейденің жағасы кең келеді. Оны «үшкіл» деп атайды. Жейденің қалтасы болады. Шалдар уақ-түйек қажетін соған салып жүрген.

Киім пішу туралы. Көшпелі қазақтар ішкі-сыртқы киімдерінің бәрін жүріп, тұруға бөгет жасамайтындай етіп ықшамдап тіккен. Киімнің қолтық тұсы кең болуы үшін қолтырмаш, етегі кең болу үшін бүйірден шабу қойған.

Пішкен киімді тігетін негізгі құрал — ине. Қазақтар инені қай заманнан бастап пайдаланғаны белгісіз. Қашап болса да, ол қолдан жасалмаған, өндірістік бұйымдармен бірге келген сияқты. Иненің үлкені — тебен немесе жуалдыз аталады. Онымен киіз сияқты қалың нәрсені ғана тігеді.

Іске олақ кісіні «көк инені кезіне түрте білмейді» деп сөгеді. Инені қолданардан бұрын отқа қыздырып жасытады. Сонда иненің сыртында жұқа қабыршақ пайда болады. Оның аты «жасу». Кейде қол қабысы жоқ, бос жүретін адамға «иненің жасуындай пайдаңды көрмедім» деуі содан. Әр бір іс ойдағыдай орындалғанда қазақ: «сабақты ине сәтімен» дейді.

Киім пішілгеннен кейін бөлшектерді долбарлап құрастыруды «көктеу», тігісті ірілеу етіп шаншуды «қабу», ұсақтап шаншуды «тепшу», «қаю» жаға-жеңін әшекейлеуді «кестелеу» дейді.

Қазақ халқының бас киімдері бөрік, тымақ, құлақшын, жалбағай, делбегей деп аталады. Іші елтіріден немесе ақ терісінен жасалатын матамен тысталатын бөрік — жаздың киімі. Түлкінің пұшпағынан жасалатын бөрікті Арқада «тақия» дейді. Әйелдердің жеңіл, үкілі, сәнді тақия үлгісі қазаққа татардан келгенге ұқсайды. Семей облысындағы, әсіресе тобықты руындағы қазақтар бөрік орнына «жекей» аталатын елтірі тымақ киген.

Тымақ — қысқы бас киім. Оны кедейлер — сеңсеңнен, байлар түлкіден жасайды. Түлкі терісінен жасалған тымақ — ең сәнді, бағалы тымақ саналады. Жалбағай — жазғы жауын-шашыннан қорғанатын делбегей — масадан қорғанатын жеңіл бас киімдер. Олар не өрмекпен тоқылады, не матадан тігіледі. Қазақ «бағым ауады» деп бас киімді ешкімге сыйламайды.

Қазақтың аяқ киімдері — байпақ, етік, кебіс, мәсі. Етікті былғарыдан киюге шамасы келмейтіндер, әсіресе шалдардың бертінге дейін, жазы, қысы сірімен қаптаған киіз байпақпен жүргенін көрдік. Етікті ерте кезде илеген теріден, бертінде былғарыдан киген сияқты.

Былғары қара, сары, қызыл немесе басқа да түрлерге боялады. Одан оюлап, кестелеп, әшекейлеп тігілген етікті әйелдер киген: «мырза» атанғандар да сөйткен. Негізінен алғанда еркектер қара, кек түстісін ғана киген. Сондықтан ерге тимей көбірек отырып қалған қызға «кек етікті келмейді, көң етіктіге бармайды» дейтін болған.

Мәсі — бұл да аяқ киімнің бір түрі. Оның етіктен айырмасы өкшесі болмайды, сыртынан кебіс киеді. Бұларды тігетіндер «етікші» деп аталады. Ондай мамандар әр ауылда болған. Етіктің бөлшектері: бас, қоныш, бас пен қоныш арасы белтір, табанын — ұлтан, ұлтан мен бастың ұштасқан жерін жұлық деп атаған. «Жұлық жалаған жарымайды» деген мақалға қарағанда, оны тігу ақысы мардымсыз болғанға ұқсайды. Балуан Шолақтың: —

Қамалап қанша дұшпан тұрса-дағы, Келмейді Сырдың суы жұлығымнан, — дегендегі жұлық та осы. Аяқ киімнің ішіне төсейтінді «ұлтарақ» дейді. Артқы жер басатын жағы — өкше, Ұлтан мен ұлтарақ арасына қайыңның қабығынан астар жасайды. Өкшеге де солай етеді.

Етікті малдың аяқ сіңірінен ширатқан тарамыспен тігеді. Өйткені, ол өзге жіптен әлдеқайда берік болады. Өкшелі мәсі мен өкшесі шұқыр кебісті «қосай кебіс» немесе «шоңқайма» деп те атайды. Ұзаққа шыдайды, сөгілмейді деп етіктің ұлтанына ағаш шеге қағады. Шегенің, орнын немесе былғарыны түйрейтін құралды «біз» дейді. Ол керегіне қарай жуан және жіңішке болады. Сарыла отырып, ұзақ тігетін етікшінің ашуланшақтау да болатын кездері бар. «Етікшіге жолама — бізі тиер көзіңе, сөзі тиер өзіңе» деген нақыл содан шыққан.

Етік пен мәсінің ішінен аяққа орайтын матаны «шұлғау» деп атайды. Байдың ұл-қыздары, сері мен салдар шұлғауды жібек матадан орайтын болған, кейбір серілер атын жібекпен тұсаған. Былғары етіктің қыстыгүні жылы болуы үшін ішінен жүн байпақ (ұйық) киген. Ондай үлкен етіктің аты саптама. Қойдың жабағысынан жасап, жеңіл етіктің ішінен киетін шұлықты «байтаба» деген.

Бертін келе халықтар арасындағы сауда қатынасы жандана бастаған кез көшпелілердің киім-қешегімен ыдыс-аяғын, үйдің басқа мүліктерін, көлік саймандарын, қолөнер құралдарын оңай табуға мүмкіндік туды. Сөйтіп осы кезеңдерден бастап ауылдың қолөнершілері азайды. Сонымен қатар, қалалық үлгімен белгілі бір бұйымдар жасайтын шеберлер ауылдан да шыға бастады. Мысалы, есімі менің шығармаларымда көп аталатын Шәйін Қожахметұлы Тілегенов, мұғалімдігімен қатар, асқан тігінші де еді.

Сондықтан ұзататын қызы, үйлендіретін ұлы барлар оны іздеп келіп, қолқалап үйлеріне әкетіп, киімдерін тіккізетін. Оны жұрт «қаланың ең шебері» деп таласатын.

5. КӨЛІК ТҰРМАНЫ

Қазақтың материалдық мәдениетінде киіз үйден кейін, ерекше көңіл бөлетіні аттың «ер тұрман» аталатын әбзел-саймандары. Сондықтан көшпелілер «ер тұрманды» жасауға бар енерін салған. Бұл тұрманды «ер-тоқым» деп атаған. Ерді ағаштан, тоқымды киізден жасайды. Қазақ ері — «құранды» және «қаламақы» ер болып екі түрге бөлінеді. Құранды ер — ұсақ бөлшектерден құрастырылады да, тыныштық жағдайда, сәнге жасалады. Қыздардың өлеңінде:

Дәйім менің мінгенім құранды ерім,
Құранды ерге жарасар бұраң белім, —

деуі сондықтан. Ал, қалмақы ердің алды-арты тұтас, жалпақ болады да, отыруға орнықты, қозғалысқа шыдамды келеді. Мұндай ер алыс жолға жорыққа және жаугершілік жағдайларға арналады.

Ер-тоқымды ат арқасына бекітетін тұрман дар: салт атты жолаушы өрге шыққанда, орден төмен түскенде, желгенде, шапқанда, ер-тоқым ат арқасынан ілгері не кейін кетпеу немесе ауып түсіп қалмас үшін қызмет етеді. Аттың омырауынан өткізетін қайыстан жасалған бұйымды өмілдірік: ылдиға жүретін аттың, ер-тоқымы шоқтығына кетпеу үшін, ердің артын құйрық түбімен жалғастырып тартып тұратын «құйысқан», арқадағы ер-тоқым оңға немесе солға аумау үшін аттың бауырын ала көлденең келтіріп, тартып байлайтынды тартпа тас-айыл және шап-айыл дейді. Ердің артқы жағына қоржын немесе аң, құс сияқты шағын жүкті байлайтын бөктергі, қанжыға деп аталатын қайыс тағылады. Сондай-ақ тебінгенде өкше мен үзеңгі ат қабырғасына қатты соқпас үшін тоқымның үзеңгімен таралғы тұсына қайыс тігеді. Оны «тебінгі» деп атайды. Ер аттың арқасына батпас үшін оның астына «терлік» және «жона» қалың киізден жасалып, былғары немесе терімен қапталатын «тоқым» салынады. Ерге отырғанда аяқты тірейтінді «үзеңгі», «үзеңгіні» ерге жалғастыратын қайысты «таралғы» деп атайды.

Жылдам жүріске ердің алдыңғы қасынан (таянышынан) артқы қасы қажеттірек сияқты. Оған қазақтың «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақалы дәлел болса керек. Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны — қарыннан тартылатын шап-айыл. «Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның азғанын жақыны білмес, жат білер» деген мақал осыдан туған болу керек. Шапқанда болмаса, шап айылды қазақ бос ұстайды. Тас айыл үнемі қатты тартылады, өйткені ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар.

Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданатын тұрман — жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдаланады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да «ат басына күн туса ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етігімен су кешер» дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды... Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау — «тізгін» аталады. «Жүгенсіздік» деген сөз адамға қатысты айтылған да бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады.

Ауыздық пен тізгінді жалғастыратын темірді шығыршық, яғни шаужай дейді. Біржан мен Сара айтысқанда: «Біреуі — аттың ұстап шәужайынан» дегендегі «шаужай» осы.

Ат басына ауыздықсыз кигізілетін тұрман — ноқта. Оған «шылбыр» бау ғана (ноқта болмаса, жүгенге де) тағылады да, тоқтағанда атты сонымен байлайды. Қазақта «ноқта ағасы» — үлкен, басшы мағынасында қолданылады. Олай дейтіні, көне заманда әке балаларына енші бергенде көш алдына жүретін ноқталы түйені үлкен ұл жетектеген.

Содан «ноқта ағасы» атанған.

Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе үш аяғына шідер, секіріп оттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе қаққан қазыққа арқандайды. «Ат айналып, қазығын табар» деу содан шықса керек.

Қазақ халқы аттың тұрмандарын әшекейлеуге көп көңіл бөлген. Ол үшін алтың күміс сияқты қымбатты металдарды пайдаланған. Мысалы, ердің қастарына тоқым-тебінгілерінің бетіне, үзеңгілеріне басқа тұрмандардың өн-бойына нелер көркем өрнектер салып қымбат тастармен әдемілей түскен; ондай тұрмандардың түгел бір комплексін жасағаны үшін шеберге — жылқы, түйе сияқты ірі қаралардың бірін ақыға төлеген. Әлділерге жағынғысы келген кей шеберлер олардың ұл-қызына әдемі ер-тоқым жасап апарып, сыйына үйірлеп мал айдап қайтатын кездері де болған.

Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:

Бір тайпа елдің басы еді,
Алтын ердің қасы еді, —

деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрмандар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса,, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған.

Әдемі тұрман әдетте жақсы атқа салынады. Қазақ жылқы түсінің бәрінен де әдемілік табады. Солардың ішінде ең сәнді көретіні дақсыз, шымқай қара түстісі. Өте жарасымды дүние жайында айтқанда: «қара атқа күміс тұрман салғандай екен» деу сол жарасымдылықтың белгісін көрсетеді. Сондай-ақ өлеңде: «Салғаным сал қара атқа күміс тұрман» деу де осыдан. Мен білетін шымқай қара түсті бір атақты жүйрікті жұрт кейде «қара торғай» немесе «қара сүлік» деп те атайтын еді.

Ер-тұрман бөлшектерінің көпшілігі қайыстан жасалады. Қайысты түйенің, жылқының, сиырдың жүнін жидіткен қалың теріден істейді. Жүнді күбіде астық дәнінен ашытқан «малма» атты көже салу арқылы жидітеді. Оны күбі ішінде аударыстырып тұруды «сапсу» дейді.

Жүні жидіген теріні жайып кептіреді де, оның құрыс-тырысын жазу үшін «талқы» аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осы иленген, талқыланған терінің аты — қайыс. Тұрман, көбінесе осындай қайыстан тілініп жасалады. Тілінген қайыстың аты — таспа. Ол өзінің қолданылуына қарай жалпақтау да, жіңішке де тілінеді. Жалпағы — түйін үшін, жіңішкесі — өрім үшін пайдаланылады. Жүген, ноқта, қамшы сияқты тұрманды түйіп те, өріп те жасайды. Ондай шеберді «өрімші» деп атайды. Өрімшілердің айтуынша, ерімнің, шыдамдылығы еруге байланысты емес, түюге байланысты. Тұрман түйіннен тозады дейді. Атағы шыққан кейбір өрімшілердің түйіні сол тұрманның тозығы жеткенше ыдырамайды.

Сондай атағы шыққан өрімшінің біреуі мен туған ауылдағы Дүйсеннің Қасені деген еді. Оның асқан шеберлігіне сол маңайдағылардың бәрі таңданатын-ды. Қызылжар, Қорған сияқты жердің байлары, саудагерлері, әсіресе ылаушылары іздеп келіп, жегін көліктерінің саймандарын жөндетіп, жаңадан тұрман жасатқанын көрдік.

Таспаны өрерден бұрын, бір жақ қырын пышақпен сыпырып (майдалай жонып) алады, сонда өрім бір жағынан жұмырланып сырты кедір-бұдырсыз жылмағайлау келеді. Атақты ақын Доскей Әлімбайұлы өзі айтысқан қызды мақтағанда: «Сырылып қойған таспадай, сыртың сұлу» дейді.

Таспадан өретін қамшы екі түрлі: атты қатты ұрмай демеп қана отыратын үш-төрт таспадан еретін төрт өрім қамшыны «шобыртқы», әлденеше таспадан өретін қамшыны «дойыр» дейді. Таспа саны жиырма төртке дейін баратын дойырдың ішіне қорғасыннан өзек салады. Балуан Шолақта сондай бір дойыр қамшы болған екен, — деседі жұрт. Ол қашқан қасқырды қуып жетіп, онымен жоннан тартқанда, қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кетеді екен: Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғаларын қуалай тартып өткенде, етпетінен түсетін көрінеді. Мұндай қамшыны қару ретінде ұрыс-жанжалдарда да пайдаланған.

Арықтағанда жүні түсіп қалатын түйені «қара қайыс» дейді. «Ашаршылықта жеген құйқаның, дәмі кетпейді, қара қайыста соққан түйенің табы кетпейді» деуі де осындай.

Қош түйесін сәндеуді «қомдау» дейді. Негізінде «қом» — түйенің өркешінен төмен қарай жайылатын майлы қыртыс.

«Қос-қос орда, қос орда,
Қосылып қонбас малдан соң,
Қоспақ өркеш сары атан,
Қом жасамай майдан соң», —

деу содан қалған.

Замандас ақынымыз Кенен Әзірбаевтың «Базар — Назар» атты әнінің өлеңінде «Көштің сәні болмайды, түйесі жоқ» деген жол бар. Көшпелі қазақтардың көне заманнан бері көш көлігі — түйе. Түйені кеш көлігі ету салты Жағалбайлы, Жаппас, Тама, Табын, Адай аталатын руларда советтік дәуірдің алғашқы жылдарына дейін орын алып келді.

Көштің түйесін қомдау — қазақ өмірінде ең сәнді көрінетін, бірі. Қомдалатын түйелердің үстіне өрнекті кілемдер жабылады. Қомның өзін де тоқылған кілемнен жасайды.

Түйеге жүген кигізбейді. Оның бас тұрманы — ноқта. Ноқтаның өзі де, бауы да кілем тәрізді тоқылған құрдан жасалып, құндыз бен көмкеріледі. Салпыншақтары қымбат тастармен, күміспен әшекейленеді.

Түйеге артылатын жүктерді «тек» дейді. Ол — киізге не кілемге буылған үй мүліктері. Махамбеттің Исатайды жоқтаған «Мұнара» аталатын өлеңінде, талан-таражға ұшыраған халықтың мұңын айта кеп, бір жерінде «Буулы теңді шешкен күн» дегендегі теңі осы. Байлардың буылған теңі, көшпеген шақта шешілмей, төрінде жинаулы тұрады. Бұл жүктердің «тең» деп аталуы жүкті түйенің екі жағына аумастай теңдеп артудан шыққан сөз. Балуан Шолақ өзінің ғашығы Ғалияға «Ауған түйе жүгіндей бейімделсең» деп, түйе жүгінің ауып түсуін адам сезіміне теңеу ретінде қолданады.

Түйеге бумалардан басқа, кебеже, сандық сияқты ағаш мүліктер де артылады. Оларға жас балаларды да отырғызады. Көшпелі ауылда туған қазіргі белгілі архитектор Төлеу Бәсенов пен белгілі әдебиетші Мұхамеджан Қаратаев «түйе үстінде, кебеже ішінде өстік» деседі.

Сиыр мен өгізге ер-тоқым да, қом да қолайсыз. Сондықтан олардың арқасына салатын тұрманды «ашамай» деп атайды. Оның астына да тоқым немесе ескі киізден жасалған тоқым — зәлті желқом төселеді.

Сиыр да түйе сияқты ноқталанады. Оған ырық бермесе мұның да танауын тесіп, бауына сүйектен не ағаштан жасалатын бір жағы тұйық тығырық өткізеді. Бұлай еткенде мал ырыққа тез көнеді. Тіл алғыш адамды «тығырықталған түйедей» деуі содан. Айдауды көп көріп, «қамшы кесті» болған кейбір түйе мен өгіздің танаулары жырылып, ерікке көнбей де қояды. Мінезі қиқар адамды «танауы жырылған» деп те айтады.

Жақын жерлерге көшкенде жеңіл жүктерді сиырға да артатын болған.

Ертеде салтанатты көшті әдетте байдың, бидің т. б. беделділердің бәйбішесі бастайтын болған. Шоқан Уәлиханов жинаған көне жырдың біреуінде:

«Иір-иір көшуге
Ирек атан болса-шы.
Жетектеуге атанды,
Қоян-қолтық, керме қас,
Бәйбішелер болса-шы, —

деген жолдар кездеседі.

Түйе көлігі ауа райының бар жағдайына, ұзаққа жүруге де төзімді. Қазақстан даласында XIX ғасырда ашылған заводтардың бар жүгі түйемен тасылған.

Көшу — жастарға, балаларға көңілді сауық іспетті әсерлі іс ретінде саналған. Салт мінген қыз-келіншектер, жігіттер тай-құнан мініп, оларға ерген ересек балалар мен жарысып жемістер теріп, өлеңдетіп, сауық-сайран құрған.

«Арба» қазақ кешіне кейінірек араласты. Оған дейін көлікке мінуге жарамайтын кәрі-құртаң, бала-шағаға арнап сүйреткі» аталатын сайман жасаған. Ол үшін ұзын екі сырғауылдың басын салт көліктің еріне, ашамайына, қомына байлап, түп жағының үстіне тоқымдап иә тақтайдан жәшік орнатады. Оған отырғанды салт кісі сүйретіп отырады. Бұл сүйреткіге отырғандарға оншалықты жайлы болмаса керек. Өйткені, ұзаққа созылған бір істі халықтың сүйреткіге салды» деп оны балама етуі тегін емес сияқты.

Сүйреткі бергі заманға дейін келген тәрізді. Мысалы, Баянауыл төңірегін мекендеген Сүйіндік руында XVIII ғасырда Шоң дейтін (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы) атақты би қартайған шақта тоқалына өкпелеп, аулы көшкенде ескі жұртта қалып қояды.

— Соны, — дейді, олардың кейінгі ұрпақтарының бірі домбыра жасаушы атақты шебер Қасым Қамбаров, — жұрт кейіннен біліп, ауыл қонған жерге сүйреткімен әрең жеткізген.

«Қазақ арба» аталатын алғашқы арба ауылға, жартылай отырықшы болған, яғни жаз көшіп, қыс бір орыннан қозғалмайтын шақта пайда болған сияқты. Ол екі доңғалақты, бір арысты арба доңғалақтарының құрсауы (сырты) киіз үйдің шаңырағы сияқты тұтас қайыңнан иіледі, оны «күпшек» дейді. Білікке кигізілетін ортасы ойылған жуан ағаш пен күпшек арасын жалғастыратын тіреу ағаштарды солтүстік қазақтары «шабақ», оңтүстік қазақтары «кеңей» дейді. Күпшектің ортасын оятын темір сайманды «ұңғы» дейді. Екі доңғалақтың арасын тұтастыратын жуан ағаш — белдік. Белдікке бекітіліп, көлікке жегілетін жетектерді «арыс» немесе «дәрте» деп атайды. Арыстар көліктің мойнына кигізетін мойынтұрыққа, қамытқа құлақ баумен жалғасады.

Қазақ арбаның да шеберлері болады. Бірақ арба жасау оншама құнды саналмаса керек. Оған Біржан мен Сараның айтысында Жүсіпбек қожаға мұңын шаққан Сараның:

Қожаеке, күні құрсын ұрғашының,
Ерігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады,
Бұлындай бағасы жоқ арбашының, —

деуі дәлел.

«Күйме» аталатын төрт доңғалақты, үсті былғары иә тақтаймен жабылатын есікті арба қазақ жеріне алғаш рет орыс саяхатшылары арқылы келгенге ұқсайды. Алайда бертінде келген саяхатшылар күйменің қазақта, әсіресе хандар мен билерде ерте замандарда болғанын сипаттайды. Бұл орыстың «повозка» (қазақша пәуеске) деп атайтын арбасы. Зәлтті «Қыз Жібек поэмасында да күйме бар. Бергі кезеңдегі байлардың күймесі — сүр, құрт-май сияқты азық-түлік салатын үсті жабық арба болған. Пәуеске мінетін дәулеттілер де қазақ арасында көп болған. Оған әдетте нар немесе үш ат жегіледі.

Өндіріс бұйымдарынан қазақ арасына, әсіресе, солтүстік қазақтарына көп тараған арба — «тарантас» аталатын төрт доңғалақтысы. Мұндай арбалар бертінде көбейіп, оны қолданатындар салт мінуді қойған. Оған дәлел бертінде шыққан мынадай өлең жолдары. Онда тиген күйеуіне риза болмаған бір әйел:

Тарантас арба жектім қарамайлап.
Қойды ғой бір жаманға басты байлап, —

десе, Балуан Шолақ:

Ойнап күліп бірге өскен, Ғалияжан,
Кел екеуміз мінейік тарантасқа, —

дейді. Тарантас туралы мақалдар, өлең-жырлар қазақта көп. Тарантасқа жеке немесе пар ат жегіледі.

Тарантас тұрмандарының аты түгелдей дерлік қазақ тіліне икемделіп алынған орыс сөздері. Мысалы, қамыт — хомут, доға — дуга, қамыттың қайыстан тамақ бауы — сұпын — супонь, құлақ бауы — постіремке — постромка, божы (кей жерде — делбе) — возжы, шілия — шилья, тәжі — тяга, атты айдайтын құрал — құнт — кнут( кей жерде — бишік). Тарантас иә басқа арба үстіне талдан тоқып жасайтын бөлігін қорап — короб тағы тағылар деп атайды.

Солтүстік Қазақстандықтардың тарантасқа үйренгендігі сонша машина көбейгенге дейін колхозшылар, бригадирлер, басқармалар әудем жердегі жұмысқа да тарантасқа мініп барып жүрді. Оңтүстік тұрғындары, әсіресе таулықтар әлі де салт атпен жүреді.

Қазақтар үстіміздегі ғасырдың басынан бастап жүк тасуға орыстың «бричка» (бірішке) арбасын да қолданды. Оған күші келмейтіндер, соған ұқсас қып қолдан жасайтын рыдуанды (рыдаван) жекті.

Қысқы жегетін сайманы — шана. Бұл орыстың «саня» деген сөзінен шыққан. Оның жүк тасуға арналған жайдағы да жолаушы жүруге арналған «кәшоба» деп аталатын әдемілеп жасалған қорапты, ықшамдысы да болады. Ондай жеңіл шананы дәулеттілер иемденіп, кедей шаруалар тек жайдағын ғана пайдаланды.

Шананың жегілу жабдығы тарантаспен бірдей. Айырмасы — қыстық қана және ені тар жолға екі көлікті парлап қатар жегуге болмайды, сондықтан екі көлік қажет болса, біреуі — түпкі аттың алдына жегіледі. Оның аты — көсем («алдын бастау» деген мағынада). Осыдан қазақ халқында «қыс — арбаңды, жаз шанаңды даярла» деген мақал бар.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

ЖАН АЗЫҒЫ

Орысша «искусство» деген сөзді қазақша «өнер» деп аударып жүрміз.

«Өнер» деп табиғат тұрпатын адамның қажетіне, мұқтажына жарарлық етіп, соған бейімдей өзгертуді айтамыз,

Абай өнерді «тән азығы» және «жан азығы» деп екіге бөлгендігі жайында жоғарыда айттық. Тән (дене) азығы тіршілікке қажет бұйымдар, яғни екінші сөзбен айтқанда материалдық мәдениет.

Ал жан азығы дегеніміз — көркем өнер. Бұл табиғаттың бойындағы әсемдікті, күш-қуатты адамның қажетіне сәйкестендіріп, қол иә тіл арқылы көріктендіріп жіберу. Мұндай көркем өнерді Абайдың «жан азығы» деу себебі ол жанға, яғни көңіл күйіне, сезімге қатты әсер етеді.

Отырықшы елдерде, әсіресе Европада көркем өнердің, шыңына жете өркендеген көп түрлері бар. Мысалы, архитектура (ғимарат), скульптура (мүсін), живопись (сурет салу өнері), музыка (ән-күй өнері), тіл өнері (әдебиет), тағы тағылар. Осылардан революциядан бұрынғы көшпелі қазақ ауылдарында ең көне заманнан халықпен бірге үздіксіз, жарыса жасап келе жатқандары ән-күй мен тіл өнерлері. Өзгелері бертінде ғана туа бастады.

Ғимарат, яғни баспаналар жасаудың кейбір көркем үлгілерін археологтар Маңқыстау түбегіндегі, иә басқа жерлердегі үңгірлерден, қираған қалалардың үйінділерінен, сақталған мешіттерден, күмбездерден іздестіреді. Бұл әлі түгел зерттеліп бітпеген, яғни жаңадан басталып, терең зерттелу үстіндегі шаруалар.

Ал сурет өнері де сондай халде. Кейбір оқымыстылар оны тастарға қашалған таңбалардан іздейді. Бірақ олардың қай заманға қашалғанын және қай елдің, кімнің қашағанын анықтаған адам жоқ. Қазақта бірінші рет сурет салған, онда да қарындаш қаламмен ғана салған адам — Шоқан Уәлиханов. Олар Алматыда 1972 ж. орыс тілінде шыққан «Шығармалар жинағының» 5 томдығына топталды. Жалпы алғанда бұл өнер, тек советтік дәуірде өркендеп. білімді суреткерлер ұрпағы өсіп, жетіле бастады.

Қазақ халқының көне заманнан бері келе жатқан жан серігі ән мен күй және тіл өнері екенін жоғарыда айттық. Енді осы мәселеге аздап тоқтала кетейік.

«Аздап» деген сөзді әдейі қолданып отырмыз. Себебі халықтық көне замандардан келе жатқан ұшан-теңіз мәдениетін толық талдап шығу бір кісінің қолынан келе беретін іс емес. Біздің әңгімеміз музыкалық дыбыстарды тек құлақтың қабылдау шеңберінде ғана болмақ.

Қазақ музыкасы туралы өлең түрінде алғаш пікір айтқан Абай Құнанбаев. Оның да сүйенгені есту қабілеті. Әйтпесе, оқу орындарынан алған оның музыкалық сауаты болмаған. Бірақ ұлы ойшыл, қазақтың музыкалық өнерін терең түсінген, содан үлгі алып, әрі оған еліктеп, өз жанынан да жақсы әндер шығарған.

Орыс ғалымдарынан қазақ әндері туралы ең алғаш ұтымды баға берген адам Г. Н. Потанин. Ол: «қазақтың кең даласы маған үлкен теңіздің арнасына ұқсайды, оның өлең-жырлары сол кең арнаға сыймай кемерінен тасқындап төгіліп жатқан сияқтанады» деген. Бірақ осы пікірін қолдамаған.

Қазақтың ән-күйлері тек советтік дәуірде ғана молынан жинала бастады. Заманымыздың белгілі музыканты Александр Затаевичтің бір өзі жинаған қазақтың ән-күйлері екі мыңнан астам. Оның жинақтары дүние жүзілік атақты ғалымдардан, жазушылардан жоғары баға алды.

Затаевич ізімен Ахмет Жұбанов марқұм да қазақ ән-күйлерін жинаумен қатар, бұл өнердің өкілдеріне арнаған «Замана бұлбұлдары» деген еңбегін жазды. Атақты бұлбұлдарымыздың өмірі мен дарындылық қасиетін тереңірек ұғынуда бұл еңбектер үлкен роль атқарады. Сонымен қатар сын есебінде айтарымыз, осы бұлбұлдардың әрқайсысының өзіне тән табиғи дарындылығы мен ерекшелігі әлі де ін"і'с талданбағанын көреміз.

Ахмет Жұбанов туралы сөз болғанда, оның қазақ музыкасының дамуына сіңірген еңбектерін ерекше атап кету қажет. Ең алдымен оның қазақ ұлт аспаптарының оркестрін құруын ауызға аламыз. Біреулер «қазақтың көне замандағы аспаптары бірталай екен» деген пікірлер айтылып жүргенмен, соңғы кезге дейін сақталып, оркестрде пайдаланып келе жатқаны үшеу-ақ: домбыра, қобыз, сыбызғы.

Ахметке дейінгі домбыра халық алдындағы қызметін киіз үйдің іші сияқты тар жерде, азғантай адамға ғана атқарған.

Осы аз үнді аспаптардың басын қосып, қазақтың дүние жүзіне танылған ұлттық оркестрін жасаған бірінші музыка ғалымы Ахмет Жұбанов. Екіншіден, қазақ халық композиторларының атасы аталып жүрген Құрманғазы Сағырбаевты (1806 — 1879) дүние жүзіне бірінші рет әйгілеген де Ахмет Жұбанов.

Қазақтың халықтық музыкасы негізінде «Айман — Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Біржан — Сара» сияқты көптеген қазақ опералары туды. Концерттік ұйымдар мен жекелеген әншілер де халықтық музыканы кеңінен пайдалануда. Алайда осыншама мол байлығымызға әлі күнге дейін арнаулы зерттеулер болған жоқ, «Қазақ музыкасы бай» деген жалпылама сөзге құлақ асумен ғана келеміз. Ал оның байлығы неде, олардың, қай заманда, қалай пайда болғаның оған қандайлық әлеуметтік жағдайлар себеп болғаның сондай-ақ олардың өзара өрнек (стиль) өзгешеліктерін башайлап талдаған ғылыми еңбек әлі болмай келеді. Мұны жасау алдағы уақыт міндеті. Музыка мәселесінде арнаулы дайындығымыз болмағандықтан, біз де бұл мәселеге бұдан әрі бармаймыз.

Біздің кеңірек талдағалы отырғанымыз көркем әдебиет байлығы. Өйткені өзге халықтар сияқты қазақ халқының да қай заманда қалай тұрғаның ой-санасының, қалай өркендеуін көркем әдебиеттен басқа айқын көрсететін құрал жоқ. Сондықтан да Абай өзінің «сегіз аяқ» аталатын өлеңінде:

Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас, —

деп бекер айтпаған.

Қазақтың да көркем әдебиеті «ауызша» және «жазбаша» болып екіге бөлінеді. Ауызшаның да үлкенді-кішілі толып жатқан түрлері бар.

Қазақ әдебиетінде ежелден жарысып келе жатқан екі түрлі жыр бар. Бірі, әр жолы жеті буыннан құралып, ұйқастары еркін келетін жыр: екіншісі, әр жолы он бір буыннан құралатын қара өлең. Бұл екеуі қазақтың өзекті (сюжеттік) жырларында аралас келіп отырады. Мысалы, Алпамыста:

Жеткізбейді Шұбар ат,
Атқан оқтай зырылдап.
Құйындай ұшып келеді,
Жал-құйрығы суылдап, —

деп шығарма жыр түрінде басталады да, кей жерінде:

Байбөрі осылайша ойлап ойды,
Қайрының ішіндегі бәрін жуды,
Балаға таңсық болып жүрген байғұс
Үйіне алып келіп қылды тойды, —

деп оған қара өлең араласып кетеді.

Жалпы алғанда қазақтың ауыз әдебиетінде қара өлеңмен құрылған өлең-жырлар көп.

Қазақ ауыз әдебиетін (фольклор) екі түрге бөлігі қарауға болады. Оның бірі авторы белгісіз болғандықтан халықтық деп аталып кеткен шығармалар болса, екіншісі, авторы белгілілер. Біріншісіне мақал-мәтел, тақпақ, жұмбақ, ертегі, кейбір көне айтыстар сияқты ұсақ жанрлар жатады. Екіншісі «Батырлар жыры», «Ғашықтық жыры» сияқты күрделі шығармалармен түйінделеді.

1. БАТЫРЛАР ЖЫРЫ

Бұл тақырып Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар Әуезовтің, Мәлік Ғабдуллиннің, тағы басқалардың баспада жарияланған шағын және көлемді еңбектерінде кең және дәлелді талқыланған. Біздің де бұл мәселеге араласымыз болған. Ендігі мақсатымыз осы авторларды қайталау емес, кейбір түйінді қорытындылар жасау. Олар мыналар:

Біріншіден, эпос аталатын батырлар жыры, көп халықтарда бар. Көлем жағынан алғанда олардың өте ұзақтары да бар. Мысалы көне грек ақыны Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясының» әрқайсысында 20 мыңнан астам өлең жолдары бар. Фин мен қалмақ халқының «Жангарында», Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жортуылында», тағы басқалардың көлемі осындай. Солардың, бәрінің үстінде асқар таудай болып, көлемі жүз мың жолдан артық қырғыздың «Манас» жыры тұрады.

Қазақ эпостарының, көлемі бұлардай үлкен емес, олардың көлемі бірер мың өлең жолынан аспайды.

Е к і н ш і д е н , қазақтың көлемді эпостары, көбінесе

өлең жырларынан жасалады. Проза оларға қысқаша мөлшерде ғана қатынасады. Иран фольклорындағы «Тотының тарауы», арабтардағы «Мың бір түн» сияқты көлемді прозалық фольклор қазақта жоқ. Қазақта мұндай шығармалар қысқа көлемде ғана.

Ү ш і н ш і д е н, қазақ эпостарының бірталайы (мысалы, «Едіге», «Қобыланды», «Шора», «Баян», т. б.) қазақ халқының өмірінде болған нақтылы оқиғалардан алынған.

Төртіншіден, қазақ эпостарында мифология (табиғаттан тысқары қуат) жоққа тең. Олар реалистік (шындық) түрде құрылған. Аттардың шабысы сияқты көтеріңкі сипаттар тек әсірелеу (гипербола) ғана.

Бесіншіден, қазақ эпостары түгелімен дерлік драма. Онда шиеленіскен оқиғалар, сахналық кейіпкерлер көп. Сондықтан да біздің көптеген эпостарымыз («Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман — Шолпан») қазіргі театр сахналарына қолайлы болып жүр.

А л т ы н ш ы д а н, қазақ эпосында батыр, оның сенімді сүйген жары, сенімді тұлпар аты тағаның «үш емшегі» сияқты қатар тұрады. Солардың біреуі болмаса, қалған екеуімен тұра алмайтын темір ошақ тәрізді құлайтындай көрінеді.

Жетіншіден, қазақ эпосында әйелдер образы («Қобыландыда» — Құртқа, «Алпамыста» — Гүлбаршын; «Қамбарда» — Назым тағысын тағылар) мейлінше шебер жасалған. Бұл жөнде кейін жасалған кейбір драмалық шығармаларда бұрмалаушылық бар. Мысалы, «Ер Тарғында» — Ақ Жүніс Тарғынның ең сенімді серігі: ал Қамал Сағыров жазған пьесада — алдамшы, аяр, тұрақсыз әйел. Мұндай бұрмалауға мен қарсымын.

Сегізіншіден, аттың жақсы сипатын тек монғол, қалмақ, қырғыз, қазақ сияқты көшпелі елдердің ақындары ғана жасай алған; отырықшы елдерде олай емес. Мысалы, көне гректе Пегас, көне орыстарда Конек-Горбунок сияқты тұлпарлар болғанымен олар шындықтан гөрі мифке жақын. Қазақ тұлпарларында Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары адамға тән қылықтар жасап, иелерімен адамша тілге келсе, бұл мифтен гөрі әсірелеуге бейім.

Бұған мысал ретінде Едіге батырдың «Боз тарлан» аталған тұлпарын ақынның төмендегіше сипаттауын алайық:

Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған,
Жүргенде ізін санаған
Бауыры тыртық жараған,
Қысыр жылан өзекті,
Қолтырауындай (крокодил) танаулы,
Саптыаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
От орнындай тұяқты,

Осындай тамаша сипатты тұлпарлар қазақ батырларының бәрінде де бар. Бір ғажабы батырлардың мінез-құлқының бір-біріне ұқсамауы сияқты, олардың тұлпарлары да бір-біріне ұқсамай ерекшелене сипатталады.

Аттың шабысын сипаттауда жырдың Тайбурылдың шабысын әсірелеген жері аса шебер баяндалады. Онда:

Шүу, жануар, шүу дейді,
Шүу дегенде гулейді,
Табаны жерге тимейді,
Тау менен тасқа өрлейді,
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі
Тер шыққан сайын өрледі.
Адырды көзі көрмеді,
Көлденең жатқан көк тасты,
Тіктеп тиген тұяғы,
Саз балшықтай иледі, —

деп, аттың шабысын қимылдаған сайын, үдете түседі деп ақырында:

Бір төбенің шаңдарын,
Бір төбеге қосады...
Құлақ менен бұланды,
Киік пенен қоянды,
Оздырмай алдын тосады,
Көл жағалай отырған
Көк құтан мен Қарабай,
Көтеріліп ұшқанша
Белінен кесе басады...

Содан әрі:

Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп,
Даусы күндей күркіреп,
Жаңбырдай тері сіркіреп, —

болып, табиғаттан тысқары шабысқа айналып кетеді. Бірақ бұл жоғарыда айтқандай мифология емес, гиперболалық әсірелеу. Осы шабыспен Қобыланды бұрын кеткен жолдастарының бәрін де қуып жетіп, Қазан тұрған қырық күншілік жерде бір күнде жетіп барады.

Тоғызыншыдан, қазақ тілінің бар байлығы фольклордан гөрі ең алдымен эпостан көрінеді. Тілі жатық, көркем болғандықтан тез жатталып, ауыздан ауызға көшіп отырады.

Ақыры, эпостың орындалуы ғажап. Орындаушылар жаттаған шығармаларының ішіндегі кейіпкерлерді өз қалпында көрсетуге тырысады. Мысалы, мен туған ауылда Тәжінің Қазыбегі деген ауыз әдебиетінің білгірі болды. Ол «Алпамыс батырда» сипатталатын кейіпкерлердің «әйел-еркектердің, кәрі-жастардың ролін орындаған сияқты өз дауысына салып айтатын еді. Сонда тыңдаушыларын ретіне қарай қуантып күлдіріп те, ойлатып та, қайғыртып та, жылатып та отыратын.

Театры, киносы жоқ ескі ауылда, әсіресе, ойын-тойға аз араласатын егделер мен қарттар үшін эпос көңіл көтеретін жан азығының бірі болатын.

2. ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАРЫ

Лирикалық эпос та қазақ фольклорында кең өрістеген жанр. Енді соның бірнеше үлгілеріне тоқтала кетейік.

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу». Барлық зерттеушілердің келген тоқтамына қарағанда бұл түркі елдерінің біразына ортақ, ең көне жырдың біреуіне ұқсайды. Ең алдымен осы жайға аздап тоқталайық. Қазіргі филология ғылымының докторы Ысқақ Дүйсенбаевтың анықтауынша, бұл жыр түркі тілдес елдердің жиырмадан астамының ауыз әдебиетінде бар көрінеді.

Солардың ішінде ұйғыр тілінде де бар екен. Ұйғыр мен қазақ, оның ішінде Жетісу өлкесін мекендейтін Үйсін руы, біздің жыл санауымызға дейінгі гун заманынан қат-қабат араласып келе жатқан халықтар.

Ал «Қозы Көрпеш» жыры қай заманда шықса да Жетісу топырағында туған сияқты. Оған бір дәлел. Қозы мен Баян мазарының қазіргі Семей облысының Аякөз ауданында болуы. Ал «Аякөз» осы өлкедегі жеті өзеннің Шығыс — теріскей жағындағы біреуі.

Екінші бір дәлел, өлеңдегі сөздерде тек Үйсін руларына ғана тән «лы» жұрнағының араласуы. Мысалы, Шоқан Уәлиханов бұл жырда:

Мекен іздеп жігіттер кел кетелі,
Көк төбенің ортасын белгі етелі.
Құлақ салып, жамағат, тыңдасаңыз,
Қозы Көрпеш — Баянды тербетелі, —

деген шумақта кездесетін «лы» - ларға қарап, мұны көнеліктің белгісіне жатқызбақ болады. Расында олай емес. Көршілес қырғызға еліктеп «лы» жұрнағын Үйсін — Дулат рулары, қысқасы, жетісулықтар күні бүгінге дейін қолданады. Бұл жұрнақ: кетелі, жүрелі, отыралы, атқа, мінелі, ас ішелі, ұйықталы, т. б. деген сияқты болып келеді де, ретіне қарай әр мағына беріп отырады. Ендеше, бұл Шоқан айтқандай, көнеліктің белгісі емес, бұл рулық диалект ғана.

«Қазақтікі» дейтін «Қозы Көрпештің» жиырмадан астам нұсқасы бар. Бұлар халық аузында ғасырлар бойы жырланып келгенмен, қағаз бетіне өткен он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бері ғана түскен. Оны ең алғаш жазып алғанның біреуі — Шоқан Уәлиханов. Бірақ оны «көне жырдың біреуі» деп қана келген де, егжей-тегжейін баяндаумен шұғылданбаған. Шоқан жазып алған нұсқа, он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында, Ұлытаудағы Бағаналы руында туып-өскен Жанақ ақындікі көрінеді. Шоқан ол ақынмен кездескен.

Жанақпен қатар бұл жырды көп айтқан Шөже ақын сияқты. Қарт Жамбылдың айтуынша, Шөже, қазақ арасына сіңіп кеткен қырғыз. Оған, — дейтін Жамбыл, — Шөженің:

Ай қасында туады Шолпан жұлдыз,
Айдын көлде түнде ойнар қамшат құндыз,
Өз руын жасырған мүртет деген,
Етім қазақ болғанмен, затым қырғыз, —

деген сөзі куә.

Шөженің нұсқасы кейінгі кезде көп жерден табылды. Бірақ қашан, қайдан табылса да, бұл жыр Ұлы және Орта жүздердің ішінде ғана тараған. Кіші жүзде бұл жыр жоқ.

Қашан және қайдан шықса да, бұл тек көшпелі елде ғана туатын тақырып. Мәселе, мал шаруашылығына және аңшылыққа байланысты. Оған жырдың мазмұны куә. Мұнда Қарабай және Сарыбай дейтін екі дос аң аулап жүріп, үйлеріндегі жүкті әйелдерін еске алады да, босанған шақта, қай жағынан болса да ұл мен қыз туса, құда болуға уәделеседі. Қарабайдан қыз туып, атын — Баян, Сарыбайдан ұл туып, атын — Қозы қояды. «Баян» — көне қазақ тілінде «тұрақты» деген сөз: қозы — қойдың телі. Мал бағатын ел телді жақсы көрген. Сондықтан да ата-ана балаларын: қозым, құлыным, ботам деп еркелеткен. Бірақ «бұзауым» деп айтқанды естіген емеспіз.

Кенже туған қозыны қазақ: көрпеш, көпей деп те атайды. Ондай төлді халқымыз тіпті жақсы көреді. Сондықтан Сарыбай ұлын «Қозы» деп қана қоймай, «Көрпеш» деген атты да қосқан.

Құда болған кезде Қарабай мен Сарыбайдың екеуі де бай екен. «Бай бір жұттық» дегендей, бір кездері Сарыбайдың малы жұтап, кедей болып қалады. Кешікпей өзі де өледі. Ертегіде оны «аңшылап жүргенде буаз бұғыны атқан екен соның киесінен өлген екен» деседі.

Сарыбай өлген соң Қарабай кедей ұлға қызын бергісі келмейді. Ал балалар ес біле келе бір-біріне ғашық болады. Қызын бергісі келмеген Қарабай Сарыбай үйінен іргесін бөлгісі кеп, аулақтан қоныс іздейді. Жырда: «Мекен іздеп жігіттер кел кетелі» деп басталуы содан.

Қазақ ертегі-аңыздарында сараң байды қалай сықақтаса Қарабайды да сондай сараң ғып сипаттайды. Ғабит Мүсіреповтың осы жыр негізінде жасаған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасында сараң малжанды Қарабайдың бейнесі жақсы көрсетілген. Құлқы жаман, ұлы жоқ Қарабай Қозыға қызын қимайды емес, түбінде малымды иемденіп кетеді, деп қорқады.

Осы ниетпен әлдеқайдағы шол даланы кезіп көшкен Қарабайдың қызына кішкене күнінде құл-бала болып кірген қалмақ Қодар қызығады. Қозы жігіт болған шақта, өзінің ғашығы әрі қалыңдығы Баянды іздеп шығады да, көп азаппен құм арасынан табады. Алғашында жөнін айтпастан «Қотыр-таз» деген атпен Қарабайдың қойын бағады.

Бірақ қанша жасырынғанмен Баян біліп екеуі кездеседі. Ақыры қызғанған Қодар Қозыны өлтіреді. Баян Қозының үстіне мазар орнатып, сүйгені үшін өзін-өзі құрбан етеді. Қодарды жұрт өлтіреді. Ертегі бойынша халық «Қозының моласына Баянды қоса жерлейді. Сол екі қабірдің арасына тікен еседі. Ол, қызғаншақ Қодардың бейнесі» — делінеді, аңызда.

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» махаббат тақырыбына арналған дүние жүзіндегі ауыз әдебиетінің (фольклор) төрінен орын алады. Бірақ, бұл мазмұны жағынан. Ал, құрылымы мазмұндағы әдемілікке сәйкес келмейді. Қазақша, айтылатын жырлардың қайсысының нұсқасын алсаң да өлеңдік жағы жоғары болмайды. Солардың бәрінен оқиғаның басталу, өрбу, шиеленісу, тарау жағынан Тверитиннің «Сказание о Қозы Көрпеш и Баян сұлу» деген атпен орыс тілінде ақ өлеңмен (яғни ұйқассыз өлең түрінде) 1927 жылы жарияланған нұсқасы тәуірірек.

Тверитиннің өмір баяны әлі зерттелген жоқ. Ауызша мәліметке қарағанда, ол қазіргі Көкшетау облысының Шучье ауданындағы казак-орыстардың (казачество) Қотыркөл станциясында туып-өскен, он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген офицер көрінеді. Ол маңайда, жалпы Сібір мен Жетісудағы казак-орыстар арасында қазақ тіліне жетіктері көп болған. Тверитин солардың бірі.

Оның аталған шығармасы аударма емес, қазақтың ертегі-аңыздарына, жырларына сүйене отырып, орысша өзі жазған жыр. Оқиғалық жағынан Тверитин нұсқасы қазақшалардан толығырақ, драмалық жағынан түйіндірек.

Бұл поэманың сюжеті талай адамдарды қызықтырған. Мысалы, А. С. Пушкиннің архивінен, ұлы ақынның осы тақырыпта шығарма жазуды ойлағандығы анықталып отыр. Орыс ғалымдары: Березин, Катанов, Баранов, Беляев, Потанин, Фролов, Радлов, тағы басқалар, совет ғалымдарынан: Сейфуллин, Әуезов, Дүйсембаев, Бертельс, Жирмунский, Климович, Соколов тағы басқалар, бұл оқиға туралы толып жатқан құнды пікірлер айтты.

«Қозы Көрпеш» поэмасының қазақ тілінде көптеген нұсқасы бары жоғарыда айтылды. Солардың бірі «Ләйлі — Мәжнүн» деп те аталады. Бұл нұсқаның орысша мазмұнын 1908 жылы «Торғай газетінің» 20-санында, Н. Иванов деген кісі жариялаған. Мұнда қыз — Ләйлі, жігіт — Арыслан аталады. Ал оқиғаның өрбуі «Қозы Көрпештен» айнымайды.

Неге бұлай? — деген сұрауға берілетін жауап: арғы негізі араб ертегісінен шыққан «Ләйлі — Мәжнүн» оқиғасын Азербайжан ақыны Физули ғашықтық жырына айналдырған. «Қозы Көрпеште» ғашықтар кездесетін жер, Ләйлі мен Мәжнүнде де (Мәжнүннің аты — Ғабдууәли, «Мәжнүн» деген лақап ат ғашықтық дертінен делқұлы болып кеткендіктен берілген), бар. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мен «Ләйлі — Мәжнүнді» жұрттың ұқсас дейтіні осыдан; Ләйліні іздеген Мәжнүн теңіздерді кезіп кетеді де, Баянды іздеген Қозы құм-шағылдарды кезеді. Бірақ Мәжнүн жынданып өледі де, Қозыны Қодар өлтіреді...

Бұлардың аттарының ауысу себебі, Иванов жариялаған нұсқа башқұрттар арасына тараған сюжеттен алынған.

Иванов бұл оқиғаның желісін, Жайықтың жоғарғы жағын мекендейтін Жағалбайлы елінен жазып алған. Ол жерде башқұрт нұсқасының қолданылуы мүмкін. Ал «Қозы Көрпеш моласы» аталатын оба Башқұртстанның Красногор ауданынындағы «Сованяк» совхозының жерінде барын өз көзімізбен көрдік.

«Қозы Көрпештің» бір нұсқасы «Боз жігіт» аталғанға ұқсайды. Осындай бір жырдың орысша аудармасы шығысты зерттеушілердің бірі — А. В. Васильевичтің қолынан 1907 жылы Орынбор қаласында жарияланған, Мазмұнына қарағанда, бұл тегінде Ирак арабтарынан шыққан бір ертегімен араласып кеткен сияқты. Мазмұны мынадай: Молтье аталатын қаланың ханы Таймастың Апуза дейтін сұлу қызы болады.Ол түсінде Бозжігіт есімді сұлу жігітті көріп ғашық болса, Бозжігіт те түс көріп, оған ғашық болады. Екеуі бірін-бірі ұзақ іздеп, көп азаптан соң, ұшырасып табысады. Олардың қосылуына қарсы болған Таймас хан Бозжігітті өлтіреді.

Оқиғаның өрбуі «Қозы Көрпешке» өте ұқсас. Оған ең ұқсас келетін жері поэмалардың соңғы бөлігі: Мәселен, Баян Қозы Көрпештің халықтық нұсқасында бір керуен басына «саған тием» деп Қозының қабірі үстіне күмбез орнаттырады да, ол салынып болғаннан кейін ішіне кіріп, өзін-өзі қанжармен жарып өлтіреді. Бозжігітте де дәл осылай: әкесі өлтірген Бозжігіттің қабірі үстіне Апуза тағы бір аты Сақыпжамал) бір сәудегерге «саған тием деп күмбез салдырады да, ескерткіш біте, ол да соның ішінде өзін өзі өлтіреді...

«Бозжігіт» қазақ арасына әйгілі шығарма емес. Оны кез келген адам біле де бермейді.Ал, татар поэзиясының классигі Ғабдолла Тоқай «Медіресе Ғалия» аталатын оқу орнында дәріс (лекция) оқып, татарда фольклор аздығын, әсіресе, эпос жоғын айтып, «Бозжігіт қазақ жыры» дегенде, кітаптың қағаздары татардың көз жасынан шірігенін айтқан.

«Қозы Көрпеш» нұсқалары Қазақстанда тек советтік дәуірде ғана түгел жиналып, толық зерттелді және баспа бетін көріп, халық арасына кеңінен тарады.

Қазақтың махаббат тақырыбына арналған лирикалық эпосы бірталай. Олардың ішінде «Қозы Көрпештен» өзге баспа бетін көргендері: «Қыз Жібек», «Айман — Шолпан».

«Қыз Жібекте» ерекше есте қалатын көрініс қазақ көшінің салтанаты мен қазақ қыздарының образдары. Жырды халық аузынан жазып алып жариялаушы, белгілі фольклоршы Жүсіпбек Шайхоисләмұлы (оның қай жылы туғаны, өмірбаяны әлі зерттелген жоқ). «1927 жылы Жетісу «елінде оған жолыққан едім» — дейтін Мұхтар Әуезовтің. көзіне қарағанда, Жүсіпбек сол кезде 75-тер шамасында болған.

Халық нұсқасы солай ма, әлде Жүсіпбек өз жанынан қосты ма, әйтеуір, біз оқыған «Қыз Жібектің» негізгі идеясы әмеңгерлікке сайды. Олай дейтініміз: Төлегенді Бекежан өлтіргеннен кейін айтқан өлеңінде Жібек:

Әуелде бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды,
Барлығы Сансызбайдың рас болса,
Жесірін іздеп келіп неге алмайды?!... —

дейді. Сансызбай Төлегеннің туған інісі. Төлегеннің, елі — Жағалбайлы, Ақ Жайық (орысша — Белорецка) өзенінің, сағасын мекендейді. 1936 жылы аралай барғанымда сол елдің қарттары: «Сансызбай жесірі Жібекті іздеп келіп, еліне алып кеткенде, олардан ұрпақ тараған» дегенді айтқаны бар.

«Айман — Шолпанда» бір үлкен жиында Маман деген байдың Көтібар батырды қорлағаны, оған ашуланған батырдың Маманның екі қызы Айман мен Шолпанды тартып алумен бірге байды шауып кетуі сөз болады. Отызыншы жылдардың аяғында осы жыр төңірегіне марқұм Мұхтар, Әуезовпен баспасөз бетінде пікір таластырғаным бар. Сонда, меніңше, Көтібардың қылығы рушылдық қара дүрсінділікке жатқанымен, оның негізінде әлеуметтік астар, яғни. байдың қорлығына кедейдің қарсы қимылы бар. Мен әлі де сол пікірдемін.

Қазақтың баспада жарияланбаған, махаббат тақырыбына арналған жырларынан менің естігендерім: «Мақпал»,. «Сұлушаш», «Балқия — Жиенбай».

Жүсіпбек Басығариннің (біздің .ғасырдың басында жасаған адам) айтуынша «Мақпал» оқиғасы Сырдария бойында болған. Ал ауылдас ақын Қабанбайдың Ғабдолынан бала шағымда естіген «Мақпал» былайша басталатын:

Уағда — сөзге қазық лебізбенен,
Бір сөзді екі қайтар дегізбеген.
Сарқылып сағасыз су сап болады,
Телегей тең болмайды теңізбенен.
Айырып досты — достан, жарды — ашықтан,
Сұм дүние кімдерге боқ жегізбеген.
Қыс қыстап Сырдың бойын, жаз Арқада,
Өтіпті бір сал жігіт «Сегіз» деген.
Қаңтарда жылқы ығады. Ақпанменен,
Ұстайды жымнан түлкі қақпанменен,
Сегізге өліп-өшіп ғашық болған,
Бір сұлу айдан артық Мақпал деген.
Сегіздің өзі сері, жылы тауық,
Көрмеген өмірінде қатер-қауып.
Бір жылы Сырда жұт боп, сері Сегіз,
Жөнелген жылқыны айдап Арқаға ауып.

Сегіз солай кете барғанда, Қарақалпақ елінің қыз таңдап жүрген батыры Жабы Мақпалға кезігеді де, әкесіне қалыңын төлеп, алып кетеді. Осы оқиға құлағына тиген Сегіз қос атпен Жабының соңынан қуып барады. Ол да сері, батыр жігіт екен. Екеуі күш салыстырып, Мақпалды қай күші асқаны алмақ болады. Осы сертпен күрескенде, Сегіз Жабыны жығады. Алайда серттен шыға алмай, қалыңдығын амалсыз қиған Жабыға, Сегіз бірге туған сұлу қарындасын беріп, екеуі өмірлік дос болады.

Оқиға мұнымен тынбайды. Арқаға сүйген ерімен барған Мақпал төсек тартып жатып алады. Бақсыға көрсетсе «сары кезік» деген сырқат дейді. — Емі Сырдың суы, оны ішсе — жадырайды, ішпесе — ауырады. Буған көздері жеткен ғашықтар Сырдария бойына қоныстап, егіншілікпен шұғылданады да, балалы-шағалы болып, бақытты өмір сүреді.

Идеялық жағынан алғанда мұндағы кейіпкер жерден көтерілсе күшінен айрылатын көне Грек ертегісіндегі Антей батырға ұқсайды.

«Мақпал» оқиғасы Жетісуда болған екен деген де сөз бар. Оған Ілияс Жансүгіровтің біраз жолдары баспада жарияланған «Мақпал» атты поэмасы куә.

«Сулушаштың» Ғабдол айтатын жырында:
Бәт құндыз қыз балаға жарасқандай,
Тұман кеп ер жігітке адасқандай,
Сағасын Сары Торғайдың мекендеген —
Болыпты Тілеуберді — бір асқан бай,
Сұлушаш асқан байдың жалғыз қызы,
Сипаты хор қызына таласқандай. —
Сол кезде он сегізге келген жасы,
Шолпысы бес мың сомдық қазынасы,
Иісі күндік жерге мол жететін
Иісмай, қалампырлап өрген шашы, —

деп басталатын да, «күйеуі

Сұлушаштың сұр қасқа таз» болып, қыз «Алтай атты бір сал, маңғазбен» ойнап-күлетін.

Соны сезген «Сұрқасқа» қалыңдығы Сұлушашты зорлықпен алмақ болады. Жырдың аяғы ертегіге ұласып, қыз үйрекке айналып қашады, Сұрқасқа қаршыға болып қуады. Бірақ Алтай да бірге қуып, Сұрқасқадан бұрын іледі де, мақсатына жетеді. Мен жазған «Сұлушаш» поэмасы басқаша идеяда құрылған.

«Балқия — Жиембайды» да Ғабдол айтатын. Ол:

Есілдің арғы беті малға жайлы,
Балалар үйретеді асау тайды,
Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын Сібір кеткен Жиембайды, —

деп басталады да:

Үш жігіт қысты күні шықты жолға,
Шанаға қар түсер деп жекті жорға,
Түбінен шолақ сайдық кезігеді,
Үш төре, екі маржа оған сорға.
Бір маржа тартып өтті бетіне оның,
Шып етіп тіліп кетті бетін оның,
Маржаның бұл қылығы қай қылық деп,
Ұмтылды айдахардай к... (соңына) оның.
Бәрін де қуып жетіп қалды басып,
Бәрінен де бұлардың күші асып,
Өзгесін тұншықтырып өлтіргенде,
Бір маржа ажалы жоқ кетті қашып... —

деп жалғасатын. Қорлағандар патшаның әкімдері болып шығады. Қашып құтылған маржа үкіметке хабарлап, Жиембай жолдастарымен ұсталады. Сөйтіп, оны итжеккенге (Сібірге) айдап жібереді. Жиембайдың қалыңдығы Балқия жолда көп азап шегіп, оны іздеп барып, екеуі Сібірде қосылады.

Бұл да оқиғалы әрі қызықты құрылған ауыз әдебиетінің бір қымбат туындысы болатын. Махаббат тақырыбына арналған осындай жырлар қазақ арасында көп тараған. Олар Қазақ ССР Ғылым Академиясы арқылы жинастырылуда.

3. ҚИССАЛАР ТУРАЛЫ

Көркем әдебиеттің эпикалық түріне қосылатын бұл жанр қазақ тіліне негізінде араб, иран, шағатай тілдерінен келді. Бұл жанрды да эпикалық деп атайтын себебіміз, мұның оқиғасына да көп адам қатынасып, олардың қылық-мінездері драмалық түрде шиеленісіп барып айқындалады. Сөйтіп, бұл да белгілі бір дәуірдің шындығынан көрініс берерлік қызмет атқарады.

«Қисса» — араб сөзі. Оның қазақша мағынасы «дәттеу», «баяндау» дегенге келеді. Мысалы, ислам дінінде пайғамбар аталған адамдардың өмірлерін, істерін баяндайтын кітапты «Қисса-сәл-әнбия» дейді. Қиссаларда өлең мен қара сөз (проза) араласып, кейіпкерлердің іс-әрекетін сипаттағанда айтушы өлеңдетіп, өз жанынан қосатын сөздерді қара сөз түрінде: «әлқисса, күндерді бір күн» деп әңгімелетіп кетеді. Қазақ тіліндегі қиссалардың басым бөлігі осындай сипатта туған.

Қазақша қиссалар азаматтық және соғыс тақырыбында болып екіге бөлінеді: азаматтық, көбінесе ғашықтық тақырыбына құрылады да, соғыс тақырыбындағысы көбінесе ислам дінін насихаттау төңірегінде болады.

Қазаққа араб, иран немесе шағатайдан келген ғашықтық қиссаларының сюжеті бүкіл Орта Азия елдеріне' түгел тараған. Оларды бұл елдердің, тілдерінде «Жеті сұлу» деп те атайды. Осындай атпен Азербайжанның қазіргі атақты композиторы Кара-Караев балет те жазды. Ол — советтік театрлар сахнасында әйгілі спектакльдердің бірі болып та жүр. Бірақ Кара-Қараев «Жеті сұлуда» шығысқа тараған жеті ғашықты емес, бір ханның сарайындағы жеті әйелді сипаттайды. Осы жеті ғашық оқиғалары шығарманың арқауы болған.

Қазақ қиссаларында сипатталатын ғашықтар: Жүсіп пен Злиха, Бәдігүл — Жамал мен Сейфілмәлік, Әміре мен Зияда, Ләйлі мен Мәжнүн арабтардан ауысқан, ал Фархат пен Шырын, Таһир мен Зуһрә, Бозжігіт пен Сақыпжамал Орта Азияның өзінде туған кейіпкерлер.

«Бозжігіт» кітабының қағаздары татардың көз жасынан шіріді, деп Ғабдолла Тоқай айтқандай, бізге жеткен махаббат жайындағы қисса-кітапшалар беттері қазақ оқушылары мен тыңдаушыларының көз жасынан «шіріді». Ауыр еңбектен қолдары босаған шақтарында, қиссаларды сүйсіне тыңдаған топтарды өзіміз талай көрдік.

Ғашықтық тақырыбындағы аударма шығармалардың; қазақ жастарының махаббат сезімін оятуда, оларды бас бостандығын қорғауға, сүйісіп қосылуға шақыруда айтарлықтай роль атқарған. Сондықтан да қазақ ақындары мұндай тақырыптағы шығармаларды құмарта аударған және өздерінше жаңғыртып отырған. Ондай қиссалар қазақтың революциядан бұрынғы ауыз және жазба әдебиетінде де бірталай. Жазба қиссаның ақыры Сұлтан-Махмұд Торайғыровтың советтік дәуірде проза және өлең жанрларын араластыра жазған романдарына келіп шектеледі. Бұлар стиль жағынан, европалық романдардан гөрі азиялық қиссаларға бейім.

Көршілес елдерден алынған кейбір оқиғалы сюжеттерді қазақ ақындары төл шығармаларына арқау етті. Мысалы, «Көрұғлы» түркмен топырағында туған оқиға негізінде алынған. Соны қазақ халқы да өзімсініп, оқиғаны түрікпен туыстардан басқаша етіп дамытады. Түрікпендерде Көр-ұғұлы соқыр адамның баласы болып сипатталады, ал, қазақта бұл бала, айы-күні жетіп отырғанда өлген әйелдің көрінде туады да, туа сала көрден шығып, батырлық құрады. Ол жорықта қырық күн жүріп, қырық бірінші күні қайтып оралса, өзі шыққан кер аузында оралып жатқан айдаһар: «Енді кіруге рұқсат жоқ», — дейді. Баланың: «Анамды тым болмаса соңғы рет еміп шығайын» деген зарына айдаһар: «Бұйрық солай» деп құлақ аспай, оны кіргізбейді... Бұлай баяндау қазақтан басқа халықта жоқ.

Ислам дінін насихаттауға арналған бірнеше қисса барын жоғарыда айттық. Бұл дін етек алған татар, өзбек, азербайжан және басқа кейбір елдерде «Мәуліт» аталатын мейрам бар. Ол — «Мұхаммед пайғамбар туыпты-мыс» дейтін біздің жыл санауымыздың 582 «піл» жылының 12 апрель Бұл күнді мейрамдаған мұсылмандар «Қасида» деген арнаулы ән-күйді орындайды.

Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны өлең, түрінде жазылған «Мұхаммедия» атты кітаптың авторы оспандық түріктердің сұлтандарынан (патшаларынан) шыққан ақын Мұхаммед-Челяби. Бұл кітап ертеректе татар тіліне де аударылған.

Меке мен Мәдинадан басталған ислам діні көрші елдерге соғыс арқылы күшпен тараған. Сол соғыстар қазақша жарияланған қиссалар «Зарқұм» мен «Салсалда» қамтылған. Булардағы образ есте қалады.

Мұхаммед туралы тағы бір жыр «Пайғамбардың дүние салуы» деп аталады. Мұнда Мұхаммед өлер алдында өз үмбеттерінің таңдаулыларын жинап алады да, «мен сендерге ислам жолын насихаттадым ба», деген сұрау қояды да, «насихаттадың» деп шулағандарға оның сенімсіздік білдіргенін ақын Мұхаммедтің аузынан:

Ажал жетсе қалармыз, әлі-ақ өліп,
Құдая сауал қылсаң қаһар төгіп,
«Айттың сен» деп, — бір өзің куә боп бақ,
Айтпады деп жүрмесін менен кәріп, —

деген сөздерді айтқызады. Осыны есіткен діншіл адамдар: «Жарықтық-ай, ол да жұртқа сенбеген екен-ау!» — деп қамығады.

Мен балалық шағымда көптеген қиссалармен қатар, «Кер бала шөлін» де жатқа айтатын едім. Сонда тыңдаушылармен бірге қиссаның бірер жерінде өзім де жасқа булығатынмын. Онда шөлге қамалып қаталаған Хұсайын жары бір жұтым су сұрап, Жазидке оның апыл-тапыл басқан ұлын жібереді. Сонда, мейірімсіз жау, су орнына сәбидің ашқан аузына оқ атып өлтіреді.

Екінші бір сәтте Хұсайынның кесілген басын Жазид алтын табаққа салып бос тұрған сарайына қойғаннан кейін жұрт ұйқыға кіре Хұсайын ата-бабаларының (Мұхаммед, Ғали, Фатима, тағы басқалар) аруағы елес беріп келеді. Мұндай көрініс маған да, тыңдаушыларға да қатты әсер етіп, әрі қорқынышты болатын еді...

Сол сияқты қазақ тілінде «Қырық уәзір» аталатын өлеңмен жазылған қалың кітап та болды. Оны аударып, шығарушы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қарқаралы өлкесінде жасаған қазақ ақыны Ақылбек Сабалұлы болған. Бұл алғаш «Араб халифаты» аталған мемлекеттің басқарушыларын сипаттауға арналған.

Негізінен алғанда қазақ тіліндегі қиссалардың саны жүзден асады. Олар арабтың, Иранның (әсіресе парсының), Орта және Орталық Азия түркілерінің ертегілерінен алынады. Қиссашылардың кейбірі аз, кейбірі көп етіп мұра қалдырған. Бірен-саран қисса шығарып, одан ары жазбағандары да бар: он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырманшы ғасырдың, бас кезінде бұрынғы Қарқаралы үйезінен шыққан қиссашыл — Ақылбек Сабалұлының бір өзі ғана отызға жуық, Ақмола үйезінен шыққан Мақыш Қалтайұлы да қырықтан астам қисса қалдырған. Осы мерзімде Жетісу өлкесінен шыққан Жүсіпбек қожа Шайхол-ислам ұғылы шығарған қиссалар да толып жатыр.

Әдебиеттік сапасы жағынан алғанда бұл қиссалар әрқилы. Мысалға Жүсіпбек қиссалары төрт жүйеге бөлінеді. Олар: «Қасым Жомарт» сияқты араб аңызынан алынған қиссалар иран аңызынан алынған «Қаһарман — Қатыран», Орта Азия аңызынан алынған «Мұңлық — Зарлық» және «Қыз Жібек» немесе «Біржан мен Сара айтысы» сияқты қазақ жерінде болған оқиғалардан алынған қиссалар.

Әдебиеттік дәрежесі биік «Қыз Жібектің» мазмұны да бай, оқиғасы да қызғылықты, суреттеуі де көркем, драмасы да түйінді. «Біржан мен Сараны» кімнің шығарғаны әлі күнге дейін талас болғанымен, бұл айтысты ең алғаш Жүсіпбек жазып алып, өңдеп, баспада жариялағаны, Сараның «Қожеке-ау, күні құрсын ұрғашының» деуінен байқалады.

Бірақ, біреулер бұл «қожеке» дегені емес, «қажеке», «қажы» деп отырғаны, Маманның Тұрысбегі дейтін сол елдің атақты биі және қажысы» — деп те таласады.

Мұның «қажы» емес, «қожа» екендігі Сараның «әулие пайғамбардың тұқымы деп, сөзімді тыңдатуға келдім саған» — деуі де куә: «пайғамбардың тұқымы» қажылар емес, қожалар, ендеше сөз болып отырған Тұрысбек емес, Жүсіпбек қожа.

Қиссалардың ішінде: «Шаһмаран» (Жыландар патшасы), «Мұңлық — Зарлық», «Шәкір — Шәкірат», «Рүстем — Зараб», «Таһир — Зүһрә», «Алтын балық» сияқты қазіргі кезде де оқырмандар қызығып оқитын қиссалар да аз емес.

Әдебиеттік әр жанрдың өзіндік биік шоқтығы болады. Қазақ әдебиетіндегі айтыс жанрында, көркемдік жағынан, әсіресе тіл шеберлігі жағынан ең биік тұрған «Біржан мен Сара».

Осындай дәрежеге көтерілген Жүсіпбектің өлең қиссалары да аз кездеспейді, оған бір мысал «Қасым Жомарт». Бұл 1906 жылы Қазан қаласында кітапша болып басылған, көлемі үш мың жолдай өлең. Оқиға араб елінде һарун — Рәшит патша заманында болған. Ол біздің жыл санауымыздан бергі 734 — 744 жылдары Бағдат қаласында арабтар халифатының халифы болған адам.

Қисса мазмұны былай: Мысыр шәһарында тұратын Әбдел-Хаттам есімді бай адам еледі де, оның Қасым деген жас ұлы жетім қалады. Әбден кедейленген бұл бала қайыршылықпен жүргенде, Басра шәһарындағы бір үйдің терезесінен керемет сұлу қызды көреді. Соған ғашық болған Қасым талығып барып жолығып, екеуі көңіл қосады... Қыз жер астындағы белгісіз сарайға тыққан қымбат мүліктерін жігітке сыйлайды. Сол таусылмайтын мүліктерді кім көрінгенге (олардың ішінде Рәшит патша да бар) үлестіріп, «Қасым жомарт» аталады.

«Жомарттық» — қазақ жақсы көретін қасиеттің бірі. Сондықтан да халық өз өлеңіне «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар» деген жолды қосады. Жомарттар туралы қызғылықты ауызекі әңгімелер де көп. Бұдан басқа қазақ арасына көп тараған «Атымтай Жомарт» туралы да әңгімелер көп. Осындай бір әңгімені Ыбырай Алтынсарин да «Оқулық» («хрестоматия») жинағына қосқан.

Қазақ аңызында Атымтай (арабша Хатимтай) көбірек аталады. Себебі, ол байлықпен емес, мырзалықпен (жомарттықпен) атын шығарады. Біреу Атымтайға: «Мен де сендей жомарт болам» дейді. Бірақ алғаш берген адамы сол күні екінші рет келгенде: «Мана алып едің ғой» депті. Бақса, сұраншы болып жүрген Қыдыр (ырыстың атасы) екен. Сонда Қыдыр: «Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен екі келгенге сараңдық жасадың!» — депті-міс.

Қазақ Атымтайды жомарттықтың атасы көргенімен, Қасымды олай көрмейді. Өйткені қазақ ұғымындағы Қасым, Атымтайдай пейіл жомарты емес, байлықтың жомарты.

Бірақ мәселе мұнда ғана емес, «Қасым жомарт» қиссасының әдебиеттік жеткізу дәрежесінің төмендігінде. Тегі бұл Жүсіпбектің қаламы төселмеген кезде жазған шығармасы болуы керек. Өйткені оқиғаны өрбітуі нанымсыз, өлеңі әлсіз, ұйқастары олақ, сөздері — жасық.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде қиссалар елеулі орын алады. Ф. Энгельс ауыз әдебиетін «әр халықтың романы» деп атаса, қазақтың төл ауыз әдебиетінде қиссалар да өз орнын алады.

Ақынды да, оның халық қазынасы — алтын сөзін де қадірлеп, ақынның ақындық өз талантын дамытуына бар жағдай жасаған Октябрь революциясы, Коммунистік партиясы, Совет үкіметі. Оған дәлел — қазақ поэзиясының ақсақалы аталған үш орденді Жамбыл бастаған халық ақындарының тобы.

Революциядан бұрынғы қазақтың халық ақындарының атағы мен даңқы ең зор дегенде ауыл арасынан әрең асып өз руы арасынан әрі шықпаушы еді. Совет дәуірінде қазақ ақынының даңқы Қазақстан шегінен асып, бүкіл Советтер Одағындағы халықтар мен жер жүзіне жайылды. Қазір Жамбыл есімін бүкіл дүние жүзі біледі.

4. АЙТЫСТАР

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде батырлар жырынан соңғы көлем жағынан көбі де, әлеуметтік шындықты терең ашу жағынан көрнектісі де «Айтыс» жанры. Ол сонау замандарда шыққан бәдік сияқты айтыстың көне түрінен өрбиді де, аяғы советтік дәуірдегі ақындар айтысына тіреледі. Бұл тақырып жағынан да аса кең өрісті жанр.

«Айтыс» — «айт» етістігінен туған зат есім. Өз мағынасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлеуі. Бұлай сөйлесу қазақ тұрмысында қара сөз түрінде де болған. «Пәлен шешен мен түген шешен айтысыпты» деген сөз қазақ арасында көп ұшырасады: «Айтыс» кейде «талас» мағынасында қолданылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып қалыпты» — деп те айтады.

«Айтыстың» мағынасы осындай кең болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы — өлеңмен айтысу.

Жазу әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан, ерте мәдениеттенген елдерде (грек, рим т. б.) «айтыс» ұшыраспайды. Тек мәдениеті ерте замандарда бой көрсеткен араб елінде айтыс үлкен орын алған. Арабта біздің «айтысқа» ұқсас өлең мен сөйлесу (мұғаллақат) бар. Бірақ зерттеушілердің сөзіне қарағанда «мұғаллақат», көбінесе арабтың көшпелі тайпалары бедуиіндер (бәдәуи) арасында ұшырасатын көрінеді. Жазба әдебиеті ертеден келе жатқан басқа елдерде «айтыс» өнерінің бары ғылыми әлі дәлелденген жоқ.

Ертеден көшпелі тұрмыс құрып келген: қазақ, түрікпен, монгол сықылды елдердің көбінде «айтыс» жанры дәстүрге айналған. Бұл жанрдың туып, өркендеуіне бас себеп — • бұл елдердің сауатының аздығы, мектебінің жоқтығы болған. Мұндай елдерде ақынның күші аузына түседі, басқа жанрлар сықылды, «айтыс» жанрын да ауызша айтыс түрінде өркендетеді.

«Айтыс» — қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан жанр. Мысалға «жар-жар», («ау-жар»), «бәдік» айтыстарын алсақ, бұлар ерте заманда шыққанға ұқсайды. Бірақ, ескі заманда шыққан айтыстардың туған мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлар ауыздан ауызға көшіп, халық қазынасына айналып кеткен.

XIX ғасырға дейінгі тарихта аты мәлім айтыс ақындарын қазақ әдебиетінің тарихы әлі білмейді және білу мүмкіндігі қиын да. Себебі XIX ғасырға дейінгі қазақ поэзиясының қай түрін алсақ та, қағаз бетіне түскені, жазылып алынғаны жоқ. Сондықтан Сыпыра жырау, Асанқайғы секілді ертегіге айналған бірлі-жарым ақындардың ғана аты тарихта сақталған.

Шынында «айтыс» жанры ақынның атына тығыз байланысты. Көшпелі қазақ тұрмысы' жағдайында, жазба әдебиет болмаған кезде ақынға «ақын» деген атақ әперетін ең басты «байқау» айтыс болған. «Ақын» атағын алу үшін ол өзінің ақындық күшін көп алдында таныту керек; ал ақын болғысы келген адам өзінің ақындық қабілетін таныту үшін бұрын «ақын» деп танылған кісімен ақындығын жарыстырып, көптің сынына түседі. Егер осы жарыста отырғандардан мақұлдау тапса, оның көпшілік алдында танылғаны, ал көптің көңілі толмаса «ақын» деп танылмағаны.

Қазақ тұрмысында ақындар айтысы — жүйрік аттардың бәйгісімен бірдей болған. Жарыста озған атқа бәйгі беру сияқты, айтысқа түсіп жеңген ақындарға да бәйгі тігіліп, бәйгі берілген. Ескі әдет бойынша жарысқа түскен жүйрік те, айтысқа түскен ақын да өз намысы емес, белгілі бір аймақтың, рудың, намысын қорғаған. Бәйгіге шапқан аттық озып келуін ат иесі ғана емес, сол ат иесінің елі болып тілейді. Бәйгіде озған атқа мініп шапқан бала, қарақшыға жақындағанда ат иесінің есімін атап ұрандамай, ру есімін атап, ұрандап шақырады. Ақын да осылай. Ескі әдеппен айтысатын ақындардың барлығы да өз руын мақтап, артық көрсетуге, ал қарсы жақтағы ақынның руын Жамандап, мінін табуға, кемшілігін бетіне басуға тырысады. Ақындар айтысы осылай ел намысына тиетін болғандықтан ешбір ақынды өз руы ішінде сынап алмай тұрып, үлкен айтысқа жібермеген. Сондықтан ақын болғысы келгендер өзінің ақындық шамасын әуелі жастардың әзіл-оспағында, ойын-сауығында, әдет-ғұрпында (құда түсер, қыз ұзатар, келін түсер, шілдехана, т. б.) сынап, өз аулымен елінің шеңберінде «ақын» танылып, үлкен айтысқа содан кейін ғана түседі.

Ауыз әдебиетінде ақынның ақындығы, оның шешендігі, тапқырлығы, білім дәрежесі айтыс үстінде танылады. Алайда екі ақынды айтыс жарысына түсіріп, әр ел өз ақынының жеңуін тілегенмен, ақынның ақындық күшін бағалағанда қай жағы болса да озған ақынға қиянат жасамай, озған ақынды екі жағы да мақтайды. Содан кейін озған ақын қайда, қай елге барса да сый-құрметке бөленеді. Әрине, бұдан енді ол ақынмен ешкім айтыспайды деген ұғым тумайды. Керісінше «ақын» аталғандар өзара талай кездесіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүреді.

«Айтыстың» бір өзгешелігі, мұнда жаттама, даяр өлең аз болады. «Айтыс» өлеңінің көбін айтысушы ақындар сол айтыс үстінде ойынан шығарады. Бұған себеп айтыстың мазмұны, тақырыбы күні бұрын белгіленбейді, айтысқа түскен екі ақын, айтысқа түсер алдында не туралы айтысатының өздері де білмейді. «Айтыс» ең алдымен ақындардың өзара өлеңмен амандық-саулық сұрауынан ел-жұртының амандығын, жүрген жолының жайын сұраудан, содан кейін бір-бірімен танысудан басталады. Осы амандық, жөн сұрасуда бірінің аузын бірі аңдып, соқтығар, жеңер жерін іздейді. Әрине, айтысқа түсетін екі ақын да күні бұрын бір-бірінің соқтығар жерін аңдып отырады. Бірақ, кейде айтысушы ақындардың бірі қарсы жақтың ойлап отырған мақсатын аңғарып, айтыс тақырыбын басқа жаққа бұрып әкететін жағдайы да кездеседі. Мұндайда күтпеген сұрауға тез жауап бермеген кісі ақын саналмайды. Сондықтан айтысқа түсетін ақын жаттама өлеңге сүйенбей, өзін кенеттен қойылатын сұрауларға жауап беруге әзірлейді. Ақынның көпшілік алдында танылуы да осындай тапқырлығы мен өткірлігінде. Қысқасы, ақынға ақындық атақ әперетін поэзия жанры, көбінесе «айтыс».

Ақын мен жыршының арасындағы айырмашылық ақын өлеңді өз жанынан сол сәтінде шығарады (импровизация), ал жыршы көбінесе даяр өлеңдерді әнге қосып айтады. Бірақ бұдан ақын үнемі жаңадан өлең шығарумен ғана. шұғылданып, басқа ештеме білмейді екен деген мағына шықпайды. Ақынға ақын болу үшін ең басты шарт — өзінен бұрын жасалған халық әдебиетін барынша жақсы білу. Ауыз әдебиетінде аталған атақты ақындардың бәрі де ең алдымен халық әдебиеті: ертегі, мақал-мәтел, нақыл сөздер, батырлар жыры, әдет жырлары, айтыстар, т. б. жақсы білген. Ауыз әдебиетінде ғасырлар бойы жасаған қымбат қазыналар ақындар мен жыршылар арқылы сақталып келген. Мысалы, «Едіге батыр» жырын бізге жеткізген Жұмағұл ақын, «Қобланды батыр» жырын Марабай ақын, «Орақ — Мамай» жырын Мұрат ақын, «Қозы Көрпеш — Баянды» Жанақ ақын жеткізген. Осындай ірі мұраларды атадан балаға жеткізіп, сақтап келген ақындар толып жатыр. Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» батырларды және сондай қазақ ауыз әдебиетінің қымбат қазыналарын кеудесіне сақтап келгендігін оз көзіміз көрді.

XIX ғасырдағы айтыстардың, әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысындағы айтыстардың бір өзгешелігі, мұнда көбінесе әйел ақындардың аттары еркек ақындармен қатар жүреді.

Қазақ халқының «Едіге батыр» жырынан басқа эпостарының бәрінде де әйелдер әсімі ерлермен қатар жүреді де, олар шығармада көрнекті орын алады. Мәселен, Қобланды мен Құртқа, Ер Тарғын мен Ақжүніс, Алпамыс пен Гүлбаршын, Қамбар мен Назым, Жиренше мен Қарашаш, Қозы Көрпеш пен Баян, Төлеген мен Жібек, Сегіз бен Мақпал, Айман мен Әлібек, Наурызбай мен Қаншайым сияқты әйелдер образы ақын ретінде ғана емес, данышпан ақыл иесі болып та сипатталады.

XIX ғасырда атағы ерлермен қатар шыққан қыздар да болған. Бұлардың бұрынғы қыздардан өзгешелігі олардың тек ақылдылығы немесе ақын болуында ғана емес, сонымен қатар айтыс тәрізді қоғамдық мәні бар оқиғаларға қатысуында. Сол айтыстардың көбі бүгінге дейін сақталып келді. Олар: Біржан мен Сара, Ақсұлу мен Кеншімбай, Ақбала мен Боздақ, Ажар мен Уақит, Қадиша мен Ысқақ, Жүсіпбек пен Шөкей, Әсет пен Рысжан, Әжек пен Шәріпжамал, Болық пен Елентай, Айқын мен Жарылғасын, Омарқұл мен Тәбия, Күйкентай мен Оспантай, Шады мен Манат, Мансұр мен Дәме, Тәуке мен Келіншек, Ұлбике мен Күдері т. б.

Бұл айтыстарда ақын қыздар өздерін еркін ұстап, айтар сөздерін тайсалмай, батыл айтады. Әрине, ақын қыздардың ішінде де ерлер сықылды дарындылығы әр текті болып келетін ақындар бар, олар айтыста кейде жеңіліп, кейде жеңіп жүрген. Ер ақындар әйел ақындардың ақындық қабілетін жоғары бағалап, атағы шыққандарын арнайы ат сабылтып іздеп барып айтысатын да болған:

Бұған бірнеше мысал келтірейік.

1. Әжек ақын Шәріпжамал деген ақын қызбен айтысарда сөзін былай бастайды:

Сыртыңнан ақын деген атыңды естіп,
Әдейі айтысуға келдім саған.
Даңқты сен сықылды болмасам да,
Бұл жолы бәйгі алмақпын келсе шамам!

2. Қоянды жәрмеңкесіне барған Әсет ақынға жұрт осында Рысжан деген ақын қыз бар, сонымен айтыс, деп қолқалайды. Көптің сөзін мақұлдаған Әсет, қызды іздеп барып, оны алғаш көргенін былай сипаттайды:

Ішінде сегіз қанат қызыл үйдің,
Ән салып отыр екен өлеңдетіп,
Хан, қара, би болыстың келіншегі
Ортаға ап отыр екен сөз сөйлетіп...
Гармонь мен скрипка нақышындай,
Дауысы сыбызғыдай сылдыр етіп,
Тыста еркек, үйде ұрғашы өлеңге мәз,
Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп.
Тысқарыда тұрдым біраз сөзін тыңдап,
Ағындап айтып отыр анық шындап,
Сөйлесіп өзім көрген ұрғашыда,
Оңай ма Рысжандай ақын тумақ.
Тұлпардың шын тобыршық бедеуі екен,
Көресің шапса шаңын будақ-будақ.
Сөзінің қайран қалдым кірін таппай
Кенедей лебізінің мінін таппай,
Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын
Адастым айтар сөздің бірін таппай...
Сөзіне сөз табалмай қалдым бұғып,
Біле алмай не дерімді есім шығып...

3. Ақсұлумен айтысқан өлеңін Кеншімбай ақын былай бастайды:

Сиыр жыл, Сырдан шығып бардым Орға,
Хат жаздым темір қалам алып қолға,
Жағалбайлы елінде бар екен деп,
Есіттім ақын қыздың даңқын сонда...
Бір қыз бар аты Ақсұлу біздің елде,
Он жеті осы биыл жаста деді,
Айтысып осы қызды жеңе алмасаң
Сонда сен ақындықты таста деді...
Көрген жан ішпей-жемей болады мас,
Аққұба бидай өңді бір қиғаш қас,
Өзі нақ осы биыл он жетіде,
Бойында жалғыз міні — күйеуі жас.

4. Дәме қызбен айтысқан Мансұр ақын қызды ең алғаш көргендегі әсерін былай сипаттайды:

Сонда қыз бізді көріп шықты тысқа,
Ұқсаған айлы нұрлы тоты құсқа,
Болмаса Қаптауында жүрген пері
Адамға біте бермес ондай нұсқа.
Қып-қызыл екі беті айдай болып,
Тартылған екі қасы жайдай болып,
Топ қыздан оқшауырақ шығып тұрды,
Жалтақтап қысыр емген тайдай болып,
Симайды білезікке әппақ білек,
Кигені нешетүрлі өңшең жібек,
Көргенде қыздың түрін осылайша,
Толқыды нешетүрлі біздің жүрек,
Шашына сап-сары алтын тағынғаны,
Сырғасы меруерт, маржан жағындағы,
Он бестен он алтыға келген жасы,
Ойланып жүрген екен қағынғалы.
Әппақ тіс, қиғаш қасы, қызыл жүзі,
Шашының жерге түскен ұзындығы,
Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас,
Болмаса жұмақтағы хордың қызы.

Қыздың осындай сипатын және жұрт алдында өзін еркін ұстауын көріп, айтысуға бел байлаған Мансұр бір жігітті оңаша шығарып алып қыздың мән-жайын сұрайды. Сонда ақын сұраған жігіттің, сөзін Мансұр былай сипаттайды:

«Апырай, жігіт айтты расың ба?
Сен кеңес қыз Дәмемен құрасың ба?
Айтайын қыздың жайын тілімді алсаң,
Қу маңдай желікпей-ақ тынасың ба?
Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын.
Жеңілген талай жігіт ойлап білгін,
Сендағы соның бірі боп кетерсің,
Аяғың дүлділ болса, тілің бұлбұл...
Жігіттің бұл сөзіне зәрем кетіп,
Баяғы жетіп келдім қыр басына

Міне, мұндай мысалдардан біз ақын әйелдерді ақын еркектердің құрметтейтіндігін, ақындық талантын бағалайтындығын, сөз жарысында ақын әйелдің ұтымдылығынан сақтанатындығын көреміз. Ақын әйелді тек ер ақындар ғана емес, барлық ел, халық сыйлаған. Ұлы жиындарда ақын әйелдің беделі ер ақыннан төмен болмаған. Айтыста жеңген әйел ақынды халық жоғары бағалаған. Сөзден тосылған ер ақын әйел ақынға бас иген.

Айтыста халық ақынды жынысына қарай емес, таланты мен сөзіне қарай бағалайды. Ақындық талантын көзге көрсетіп, аузынан асыл, ақылды, көркем, тоқтаулы сөз шыққан ақынды халық тегіне, жасына, руына қарамай ардақтайды. Айтыста озған ақын халық алдында ақындыққа мандат алғандай болады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы — халықтың жүрегі.

Ақын халықтың ең сүйкімді, ардақты адамдарының қатарында тұрады.

Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп, оның шешендігі ғана емес, олардың айтыста, иә басқа шығармаларда халық тұрмысының шындығын суреттеуі қуанышы мен қайғысына шын көңілмен ортақтасуы.

Әрине, мұндайда өлең, жыр шығарушы ақындардың еңбекші халықтан шыққандығы да ерекше қызмет атқарары сөзсіз. Ал феодалдық ауылда байлар тұқымынан шықты деген ақын өте сирек ұшырайды. Әрине, феодал мен байлар табынан да ақындық дарынмен туған адам болуы мүмкін. Бірақ, ол кезде қазақ байлары мен феодалдары тұқымынан алқын шықса, оны намыс көрген, ақындықты қайыршылық кәсіптің бір түрі, деп санаған. Шынында мұндай ақындардың да болғаны рас.

Қазақ жазба әдебиетінің классигі Абай ондай ақындарды былай деп сөгеді:

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр сұрап,
Кетірген сөз қадырын жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтап құдай қарғап.

Бірақ, барлық ақын байды мақтай берген жоқ. Реті, кезегі келген жерлерде ақындар үстемдік етуші таптың, байлардың, әкімдердің зорлық-зомбылығын сынап, қанаушылық пердесін ашып, халық алдында масқаралайды. Бірнеше мысал келтірейік.

XIX ғасырда патша өкіметіне қызмет көрсетіп сонысы үшін полковник шенін алған, Жетісуда жарты патша атанған Тезек төреге сол кездегі атақты ақын Сүйінбай былай деген:

Келіп едім хан Тезек көрейін деп,
Пайғамбардың сәлемін берейін деп,
Аттандырған екі ұрың жылқы ап келмей,
Хан тұлданып тұрмысың өлейін деп.
Кесіп алсаң бас міне, батыр Тезек,
Өлмейтұғын адам жоқ темір өзек.
Сәлемге келген жанды қыра берсең
Ұры төре, саған да келер кезек.
Арғы атаң сенің еді хан Абылай,
Бейілің қашса берекең кетер былай.
Менің немді тексердің, Тезек тере,
Сараңдарды балқытқан мен Сүйінбай...
Атандың осы күнде Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре.
Телі менен тентекті тыяд десе,
Өзің ұрлық қыласың әттегене!.. »
Ұрыларың басымды кесіп алар,
Қанжығаға өткізіп тесіп алар;
Шапырашты, Дулатым қаптап кетсе,
Отыз үйлі төренің несі қалар?!..

Жағалбайлы руынан шыққан Ақсұлу қыз бен Жаппас руынан шыққан Кеншімбай ақын айтысады. Сонда өз руының байларын, әкімдерін мақтаған Кеншімбайды Ақсұлу былай деп сөгеді:

Жаппасым, сен мақтама Мырықыңды,
Алдымен Мырық бұзған шырқыңды,
Байлық пен бас адамын әлек қылып,
Неше жыл бүліндірген ол жұртыңды.
Бұл жігіт мақтай қапты Нұрекесін,
Әкім ғып Нұрекені тұр екенсің,
Қай-күні — Нұреке әкім болған күні
Еліңнің алған жоқ па берекесін?
Қасында Жылгелдінің соны адам ғып
Ақылсыз жаппас деген ел екенсің...

Ақсұлуға қайтарған жауабында Кеншімбай Жағалбайлының байларын, әкімдерін былай жамандайды:

Ақсұлу қайыспайтын жас баласың,
Тәңір алғыр болмашыны ескересің,
Патшаға Қапан болыс ұстап берген
Кінәсіз Боранқұлдың бел баласын.
Айдатқан қысастықпен алты адамын
Еліңнің білмейсің бе масқарасын...
Патшаға ел жақсысын ұстап берген,
Дүниеде екі бірдей Қапан оңбас...

Осы сияқты байларды, байшыл, патшашыл, әкімдерді жерлеп сөгу, зорлықшыл, қиянатшыл, қара ниет, жауыздығын әшкерелеу ақындар айтысының көбінде ұшырасады. Айтыстан басқа өлеңдерінде де ақындар қанаушы тапты қатты сынап, оның сырын ашуға тырысады. Ал айтыс жанрында байларды сынаудың өте шебер әдістері бар. Мәселен, айтыста әр ақын өз руының байын ақтаған болып, өзіне қарсы ақын жағының байларын, әкімдерін мінейді. Сонда, айтыс қорытындысында екі рудың байлары мен әкімдері көпшілік алдында масқараланып, барлық халыққа жат қылықтары ашылады. Бұған жоғарыда мысалға алған Ақсұлу мен Кеншімбайдың айтысы сияқты басқа да көптеген айтыстар дәлел болады. Ақындар айтысында қанаушы таптың сыры ашылумен қатар, сол кездегі еңбекші халықтың ауыр тұрмысының сүреңсіз жақтары да көрініс береді.

Мәселен, Құлмәмбет пен Майкөт ақынның айтысында Құлмәмбет Қаратауда отырған Майкөт елінің нашар тұрмысын былай сипаттайды:

Неге мақтай бересің
Ақымақ шіркін еліңді!
Мен де барып көргенмін
Қаратау деген жеріңді:
Қаратаудың қазағы,
Арылмағам азабы,
Ертеменен тұрысқан,
Шөппен белін буысқан,
Жауырыны құрысқан,
Шеке тамыры тырысқан,
Бидайығын егін де,
Орып алып «тегін» деп,
Бет терісі қырысқан...
Қозы жауырын, қурай бұт, —
Алыса кетсе күші жоқ
Қатыны семіз, ері арық,
Өмірі бейнет тері ағып,
Несін мұның мақтайсың —
Қураған топырақ жері арық!
Көкектен басқа құсы жоқ,
Көкпектен басқа шөбі жоқ,
Қымыз ішіп уыздай,
Толықсыған кісі жоқ...

Қанаушы тап үстемдігі кезіндегі еңбекшілердің нашар халін суреттейтін ақындар өздерінің мүшкіл халдерінің аянышты көрінісін де айтыстарда жете сипаттайды.

Қазіргі Қостанай облысының жерінде Өске деген ақын болған. Өскенің өзі кедей, інілері бай екен. Ол інісінің жылқысын бағып жүріп, бір күні түнде шөлдеген соң інісінің үйіне келіп сабасынан қымыз ішіп жатқанда, келіні «мына мешкей не істеп жатыр» — деп ашуланады. Бұған қатты ренжіген Өске басқа елге көшпек болып, өз әйеліне былай дейді:

Кел, қатын үйіңді жық, біз көшейік,
Көкшеге екеу ара мінгесейік,
Бауырына қызыл жардың қонып алып,
Бір жаздай қымыз ішпей күн кешейік.
Қайныңның бейлі жаман бай да болса,
Мертілген көрер бізден тай да болса,
Кел, қатың үйіңді жық, біз көшейік,
Бұл қымыз табылады қайда болса...
Қарғысы келінімнің жанға батты
Есітіп «мешкей» деген жаман атты,
Бұл жерден енді көшпей болмас бізге
Пшиуін қимағанмен әруақты.

Осы сияқты ақындардың айтысынан біз, қанаушы үстем таптардың езгісінде жүрген ақындардың аянышты қайыршылық тұрмысын көреміз.

* * *

Бұл арада біз «Біржан, Сара айтысына» кеңірек тоқтала кетуді жөн көреміз. Өйткені бұл айтыс түр жағынан да, мазмұн жағынан да өзге айтыстардан оқшау тұрған әлеуметтік және көркемдік маңызы бар айтыс. Сондықтан ең алдымен оқырмандарды Біржанның өмірбаянымен таныстыра кетейік.

Сарамен айтысқан өлеңінде Біржан өзін «арғынның Алтай-Қарпық ақтанкерімін» — деп таныстырады. Шынында, Біржанның руы арғын емес керей. Керей ішінде Ақсары, оның ішінде Көшек. Біржанның ағайындары қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында. Біржанның моласы Степняк руднигінің «Лермон» деген шахтасының қасында. Біржанның өзі «Баласы Қожағұлдың атым біржан» дейді Қожағұл оның әкесінің әкесі. Өз әкесі Тұрлыбай.

Өлер алдында шығарған Біржанның бірнеше ауыз өлеңі Теміртас, Асыл, Ақық деген балаларының аттарымен басталады. Асыл мен Ақық қыздары, Теміртас улы. Теміртас Біржан өлгенде үш жаста болған. Біржан өзінің өлеңінде Теміртасты «55-ке келгенде көрген, қалқам» дейді. Біржан 58 жасында, 1891 жылы өлген. Сонда ол 1833 жылы туған болады. Ең анығы осы. Бұрынырақта Біржанды 1825 жылы туып, 1887 жылы өлді деп жаңылыс айтқан.

Сарамен айтысқан өлеңінде Біржан «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» дейді. Расында, ол кедей болған. Оның кедейлігін көзі көрген қазіргі тірі адамдар және өзінің мына төмендегі бір ауыз өлеңі дәлелдейді.

Дүние өтеріңді біліп едім,
Білдірмей кедейлікті жүріп едім,
Бұл күнде бір тоқтыдан құным төмен,
Үш жүзге атым шыққан Біржан менің.

Біржанды білетін адамдар оның ақындығынан әншілігі басым дейді. Біреулер ақын емес еді, дегенді айтады. Біржанның «Сарамен айтысы» деген өлеңінен басқа сақталған «Қасқыр мен байды айтыстырғаны» тәрізді күрделі өлеңі де болған. Одан басқа өлеңдері де ұшырасады. Соларға қарағанда Біржанның ақын екендігінде дау жоқ. Негізінде Біржан ірі композитор және зор дауысты, қазақ әнінің тарихында жаңа жол ашқан, әнші адам. Өзінің әнін ол жоғары қастерлеп:

«Аққумен аспандағы ән қосамын
Шығарсам ащы күйді түптеп тартып», —

дейді. Бізде Біржан әнінің тарихын зерттеген адам жоқ. Егер зерттеуші болса, оның әндерінің ерекшелігін айқын көрер еді.

Біржанның барлық әндері де белгілі бір тарихи жағдайда шыққан. Мәселен, оны «Жанбота» атты әнінің өлең текстінен де аңғаруға болады.

Жанбота, осы ма еді өлген жерің?
Көкшетау боқтығына көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу ұрсын
Деген статияда барма еді көрген жерің?

Біржаннан сақталған «Жамбас сипар», «Қаранар», «Ләйлім», «Шалқыма» тағы сол сияқты ондаған әндердің өз алдына тарихы бар.

Біржан мен Сараның айтысын Найманның Сыбан руынан шыққан Әріп ақын шығарған деген сөз бар. Бірақ Біржан мен Сараның айтысында сол жылы, яғни 1869 жылы Біржан 37 жаста еді дейді. Ал Әріп ақын болса, 1924 жылы 62 жасында өлген, сонда 1862 жылы туады. Демек, Біржан мен Сара айтысатын жылы Әріп 7жаста ғана болады. Жеті жасында Әріптің айтыс текстін шығаруы мүмкін емес. Егер шығарған күнде де ол кейін шығарған болады.

Сараны Біржанның іздеп баруы анық. Біржанның Нұржан дейтін ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім. Ахметжан: мен Біржанға атқосшы болып барып ем, Сараны көрдім, айтысқаны рас, — дейтін.

Халық әдебиетін жинаушы, Біржан мен Сараның айтысын алғаш баспаға берген Жүсіпбек Шайхоисләмұлы «бұл айтысты Сараның өз аузынан жазып алдым», — дейді.

Біржан мен Сараның айтысында Біржан жеңеді. Жүсіпбек Шайхоисләмұлының айтуынша бұл айтыс өлеңдері жеңген Біржанның аузынан емес, жеңілген Сараның аузынан тарайды. Бұл, әрине, біраз ойландыратын жағдай. Мұның өзі әртүрлі ой тудырады. Бірақ Біржан мен Сараның кездесуі анық. Айтыстың алғашқы көлемде болмай, артынан өңделіп, толықтырылуы, сол толықтырған ақын Әріп болуы немесе алғашқы айтыстың мазмұны ғана сақталып, сол темаға Әріптің жаңа айтыс шығаруы әбден мүмкін. Сондай-ақ, Әріп Біржанмен шамалас ақындардың біреуінен айтысты естіп, жаттап алып, өз атынан таратуы ықтимал.

Айтыс Біржан мен Сарадан қалды ма немесе оны Әріп шығарды ма? Ол — келешекте ғылым зерттеп анықтайтын мәселе. Бұл жерде біз көпшілік назарын осы айтыстың мазмұны мен көркемдік жағына аударғымыз келеді.

«Біржан мен Сара айтысында» сол кездегі қазақ ауылының әлеуметтік тұрмысынан қозғалатын бір ғана күрделі мәселе бар, ол — қалың мал мәселесі. Қыз бен жігіт айтысқан өзге айтыстарда да қалыңмал мәселесі сол болады. Басқа дәлелмен қызды жеңе алмаған еркектер көбінесе қыздың болашақ күйеуінің кемшілігін анық бетіне басып «жақсы қыз болсаң, жаман күйеуге барма» — деп жеңеді. Қыз «бармаймын» дей алмайды өйткені олай деуге еркі жоқ. Қалыңмалдың құрығына іліккен қыз қолдан келмейтін қайратты көрсете алмайтынын біледі де, жеңіледі. Өз теңіне бармауда айыпты қыз емес, қалыңмал екенін еркек ақын біле тұра қызды жеңу үшін айтады.

Біржан мен Сараның айтысында да солай. Біржан Сараны өзге сөзден тоса алмағанда, күйеуін жамандап барып тоқтатады. Бірақ, Біржан мен Сара айтысындағы қалыңмал мәселесі өзге айтыстан өрісі кең әрі тереңірек жатады. Айтысты тұтас алғанда ол қалыңмал тақырыбына жазылған бір драмалық поэма қатарында тұрады.

Біржан мен Сара айтысар алдында көп жыл бұрын бірінің атағын бірі естіп, кездесуге құмартады. Сарамен алғаш кездескенде Біржан:

Көкшетау дуанына даңқын, барған,
Мен Біржан алтын тудай айқындалған,
Естігелі, Сара, сені үш жыл болды,
Қыран ем төңірекке қанат жайған.
Мен келдім алыс жерден атқа мініп,
Есітіп атағыңды сені біліп, —

дейді. Сара Жетісудағы Матай руынан шыққан, Көкшетау мен Алатаудың арасы 1.500 шақырымдай жер және бұлардың аралығында көсіліп жатқан құмды шел бар. Өте бір қажет жұмысы болып әдейі іздемесе, бұл екі ара қатынас жасайтын жер емес.

Сондықтан Біржан Сараның атағын Көкшетауда естігенімен әдейі іздеп бармай-ақ ел аралап жүріп, Сараның ел-жұртына жақын келген шақта баруы да мүмкін. Өйткені, халық еркесі атанған Біржанды қазақ даласы қолдан қолға көтеріп алғандай, бірден бірге құрметпен шақырып, аралатып алып кеткені мәлім. Біржанды осылай еркелеткен елінің сыйлап қыдыртуынан, ол өзінің бір шыққан сапарынан бір жыл, екі жыл, иә одан көп жүріп зорға қайтқан.

Біржан Сарамен айтысқанда, қасында болған немере інісі Ахметжанның айтуынша, ән айтып, ел аралап шыққан бір жолында Біржан Абай еліне де келеді, одан Балқаш көлі маңындағы елдерге барады. Бұл арадағы арғын руы мен Балқаштың күнгей бетіндегі найман руы бақас отырады. Ол екі елдің шаруашылық, рушылық жөніндегі бақастығынан басқа өнер салыстыру, жөнінде де, яғни ақындық өнеріне байланысты бақастығы болатын-ды.

Біржан мен Сараның айтысына қарағанда, бұрын арғын руынан Сарамен айтысу үшін бірнеше ақындар келіп, бәрі жеңіліп кеткен тәрізді. Оған Сараның мына сөзі дәлел:

Найманның аруағынан кет садаға,
Әзәзіл бола берме екі араға
Жанатқа қобызбен тап түк қылған жоқ
Оңай ма сен сықылды бейшараға.
Кеншімбай іздеп келіп кетті қаңғып,
Орынбай жеңе алмаған о дағы аңдып.
Жол алды Жанақ қашам Сабырбайдан,
Жаманын көтереді арғын сән ғып.
Біржанды әке десе менсінбеймін,
Жаратты қыз да болсам сонша паң қып.
Секілді жынды бота бір делбені,
Құдайым тірі қойған несін жан қып.

Сарадан арғынның ақындары жеңіліп жүрген соң, олар найман еліне келген Біржанның кедейлігін жасырып, «Арғын ақыны» десе керек. Сондықтан да Біржан айтыста өз руының Керей екенін жасыра алмай, әрі арғындардың көңілін қимай: «Руы Керей Біржанның ұраны — «Алтай-Қарпық» деп, керей мен арғынды қоса-қабаттап айтқан.

«Біржан мен Сараның айтысы» революциядан бұрын екі рет кітап боп басылды. Бір басылуында Жүсіпбек Шайхоисләмұлы айтыстың басын Сараның өлеңімен бастайды:

«Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара,
Он үште домбыра алып сөз сөйледім,
Келемін бір сүрінбен жеке қара», —

деп өзін таныстырудан басталады да, содан кейін Біржанмен айтысын баяндайды.

Ал айтыстың кітап боп екінші басылуында, Біржан Сараны іздеп келе жатып, Сараның үйіне түседі. Сара үйінде болмай, жон сұраса отырып, Біржан Сараның шешесімен, сіңлісімен айтысып қалады. Сараны ат үстінен сұраған Біржанға Сараның шешесі былай дейді:

Сіздер кім? Не қыласыз Саражанды?
Кеш қылдық тыста тұрып атқан таңды.
Іздесең айтысуға қарағымды,
Өзіңдей сөзбен буған сан адамды,
Өзіңдей сан жүйрікті сөзбен буған,
Ол-дағы сенен артық өлең қуған.
Әуелі меніменен айтысып көр
Мен-дағы осал емес, Сара туған.

Б і р ж а н:
Жеңеше-ау, көзін, тіп-тік, сөзің аптық,
Ауылыңды құмарланған жаңа таптық.
Өнерсіз мендей жігіт көрінер ме,
Талайдың сіз секілді бетін жаптық.
Арғыннан серілікпен келдім орғып,
Белдерді нелер асқар қаздым жол ғып,
Қауыннан жарылмаған тоятым бар,
Қатынмен айтыспаймын сөзді қор ғып!
Қысқаның берекесі ұзынменен,
Жасармасаң қызарған жүзіңменен,
Бәс тігіп өзіңмен-ақ айтысайын,
Некелес қыламысың қызыңменен?

Ә й е л:
Басыңа аллам неге қайырмасын,
Әурені құдай сендей бай қылмасын,
Бұрынғы жас күндегім тоқтатпайды,
Әйтпесе өлең менің қай құрдасым.

Б і р ж а н:
Жеңеше, осылай сөйлеп жолыңа көш,
Біз қылдық бір-екі ауыз көріп егес.
Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым,
Болмаса кемпір менің теңім емес.

Біржан үйге түсіп қымыз ішкенде, Сараның 12 — 13 жасар сіңлісі Біржанға былай деп тиіседі:

Ағаеке-ау, қымыз қойдық алдыңызға,
Өнерге түспей жатып салдыңыз ба?
Ойламай қонақ жәйін салдықпенен
Пәлеге ашылмастай қалдыңыз ба?

Б і р ж а н:
Шырағым, әрбіреуге-ақ өнер керек,
Туыпсың қаракектен бәрін, зерек,
Алдыңғы апаңыз-ақ айта тұрсын
Бұл күнде дәл сенікі тым ертерек.

Қ ы з :
Ағаеке-ау, жүрген жерің күнде жиын,
Салғалы шығып па едіңіз елге тыйым.
Сөзді іздеп қайсымыз қаңғып жүрміз,
Болып па жастай айтқан содан қиын.

Б і р ж а м:
Сөзіңе, жарықтығым, жаңа қандым,
Бар болса тағы сөйле бұдан дәмдің.
Ұяттан жас басыңнан өзің-ақ кеш,
Баламен сөйлесуге мен ұялдым.

К ы з :
Мұныңның сөзі қайда ақын десең,
Мінезі шодыр екен мақұл десең,
Байқап көр құрбыңызды да, ағаекежан,
Мені жас, шешемді қатын десең.

Сол күні найман-матайда Маман дейтін атақты бай-феодалдың баласы Тұрысбек Сараны ауылына қонаққа шақырып, өлең, ән айтқызып, сауық құрып жатыр екен. Біржан Сараны Тұрысбектікіне іздеп барады. Ол кездегі ауыл әдетінде келген қонақ үй сыртынан: «Сөйлес!» — деп дауыстайды. Сонда үй иесінен біреу сыртқа шығып қонақтан жөн сұрасып, үйіне түсуге ізет-ілтипат білдіреді.

Біржан ақын болғандықтан мұндай «сөйлесті» әрине, жай қара сөзбен айтпайды. Бірақ, бұл қатардағы қарапайым ақын айта салатын «сөйлес» емес, себебі бұл үйде атақты ақын Сара отыр. Онымен бірге Біржан үшін Жанақ, Орымбай, Кеншімбай сияқты Арқаның атақты ақындарын жеңген ақын Сара қауіпті. Олай болса не істеу керек?

Сондықтан Біржан осы «сөйлес» үстінде Сараның берекесін кетіріп, шошытып, ықтырып алу керек. Сол себепті Біржан «сөйлес» өлеңінің өзін екпінмен бастырмалата айтып, былай дейді:

Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері,
Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар,
Аулында Тұрысбектің өлер жері.
Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері,
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын
Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері.
Қырындай желді күнгі аспандаймың
Дауысымның көтеріле шықса тері.
Байқағам жер шамасын майталманмын
Жасымнан мағлұм маған қыз не дері.
Алтынның күміспенен нақысындай,
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері.
Шатыр тік, көкмайсаға, бір тайды сой,
Кешікпей шықсын үйден болса өнері.
Ақиық мұзбалақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын қолтығы іспес,
Басайын аптығымды тез шық, Сара,
Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес.
Осы үйде Сара барма, отыр неғып,
Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып?
Желқобыз жез тағалы егіреумін,
Қара тер шыққан сайын кетем ағып.

Арқаның кең даласын жаңғырықтырып, өзегін солқылдатқан Біржанның дауылды дауысы Сараны сескендіреді: ол аптығып, алғаш үндей алмай қалады. Сонда Тұрысбектің інісі Есенбек келіп Сараға былай дейді.

Шырағым, арғынға орай бар ғой найман,
Бала едің атағыңды жұртқа жайған.
Кең жерде келістіріп душар болмай,
Қапыда қажы үйіне келді қайдан.
Тартынба енді, балам, — деді қажы,
Адымың артық шыққан ат пен тайдан.
Антұрған сөзі бұзық көрінеді,
Бар еді бір кісідей өлеңге айлан,.
Аптыққан қу арғынды бір дөңгелет,
Ағаңа болсын осы тиген пайдаң.
Өнерін, ұлдан артық, қарағым-ай,
Тұрайын мен де тілеп бір құдайдан.

Дауылды дауыстан қашқан Сараның құты өзіне қайта оралды. Ол құтты оралдырған — ел намысы. Сара Біржанның «жазы-қысы іздеген, Матайдың бұлбұл құсы». Сараның намысы — өз басының намысы ғана емес, барлық Найман елінің намысы. Ол намысты Біржанға жіберсе, жалғыз Сара емес, барлық Найманның жағасы жығылады. Міне, осы ой Сараның қашқан құтын қайтарып, ол ақындық қайратын бойына жинап, жігермен сыртқа шығады.

Біржан «қызды қатты сыйлайды», сондықтан ол Сараны көрген соң құрмет қып аттан түседі. Бірақ аттан түсуі түскенмен, Сараға кішірейіп баруды ар көріп Біржан тұрады. Сараның да оған кішірейе қойғысы келмейді. Сонда Біржан:

Осы ма еді, Матайдың бұлбұл құсы?
Көп сұрап жаңа таптым жазы, қысы!
Әуелі қазақшылап көрісейік.
Жарқыным, берірек кел жасың кіші.
Баласың менен гөрі жасың кейін,
Ежелден менің сөзім қызға бейім.
Бері кел, амандасам, Сара жазған,
Тоқталып бөгелесің неге кейін?
Мен Біржан, қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан,
Бері кел, ұрғашылық қылма, жаным,
Дәндеме Наймандағы саяғыңнан.
Найманның болады емен қызы надан,
Үлгісіз неткен халық түрі жаман,
Ағаға іні келер біздің елде,
Көп боп па сұрасуға есен-аман.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын
Сен түгіл сенен артық құмар маған.
Жалымнан ұстаған қыз арман қылмас,
Адам деп сөз айтамын Сара, саған.
Алмайтын еркек тілін жының бар ма,
Адам деп сөз айтамын Сара, саған.

Қазақ әдетінде жасы үлкеннің жолы үлкен, жасы кіші жасы үлкенге барып амандасуға міндетті. Бұдан Сара тосылады. Бірақ бұл оның жеңілуі емес, егер айтыспай жатып сөзден тосылса, Сараның ақындығы қайда? Сондықтан Сара дәлел іздеп, ол дәлелді ислам дінінің тарихынан табады. Пайғамбарлардың тарихын айтатын «Қиссасүл — «Әнбия» атты кітапта Адам-ата Хауа-анаға кішілік қып бұрып барған. Іс жүзінде әйелді күң ғып ұстағанмен, мұсылман, шығыс елі әйелдің жолын үлкен көреді. Сара осыны таяныш қып Біржанға былай дейді:

Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,
Сөз білсең бұлда сенің жамандығың.
«Қиссасүл — Әнбияні» көрмеп пе едің,
Делқұлы, мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратқан хақ,
Білінсін надандығың бұл сөзге бақ,
Хауаға бұрын барған Адам-ата,
Жоқ па еді естігенің мұны да, ақымақ.
Данышпан білгіш пе деп ойлаушы едім,
Арғын да жүреді екен жоқты мақтап.
Найманда екі жүзді нар кескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған сақтап.
Тозаңың анда-санда бір бұрқ етер,
Сабасам бейпіл тілді екі жақтап.
Келдің бе күн көргелі, құрдым арғын,
Жинауға сынық малта найманды ақтап.
Артыңның ашыларын бір білерсің,
Көрпеңді жамылсаңшы бойға шақтап.
Кетерсің жерге кіріп, жынды антұрған,
Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.
Емес пе делқұлдығы Біржан салдың,
Кісісін жеңетұғын жаңа тапты-ақ
Талпынған жас баланың білегіндей
Қолымнан ұстатпаймын сен итке, әппақ.

Бұлар, әрине, Біржанды ашындыратын сөздер. Айтыста Сараның сөзден оңай алдырмайтындығы алғашқы адымынан-ақ байқалды. Ендеше не істеу керек? Бұрыннан келе жатқан айтыста оңай бір әдіс бар. Ол, егер қызға қалың берген күйеу жаман болса, соны бетіне басу. Айтысар алдында ақындардың өзіне қарсылардың кемшіліктерін, міндерін әшкере етерліктей деректер жинауы дағдылы жағдай. Біржан да Сараға кездесерден бұрын оның кемшілік, осал жақтарын сұрастыра келген. Сараның, «міні» қалың берген күйеуі Жиенбайдың жамандығы, оны Біржан естіген. Айтыста ақынның қайсысы да қарсы жағын тез жеңгісі келеді. Олай болса көп тоқталудың қажеті жоқ, бар мінін тез айтып, тез жеңу керек. Біржан осылай істеп Сараның «мінін» бетіне басады.

Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға
Сөйлеткен сені найман балап ұлға
Асықтай ақ жамбыны аспанға аттым
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға.
Күшігінен асыраған өлексеңдей,
Азғындап шөктің, Сара, жылдан жылға,
Қырсығың өз басыңнан арылған жоқ,
Маржандай кеселіңді тізсем қылға.
Қолыңды ұстатпайтын ерке болсаң,
Келімсек әкең берді неге құлға?
Сөзіңе таң қаламын шыдай алмай
Айтқаным кетті саған ұнай алмай.
Көзіңді күшік құрлы бір ашпассың,
Қортиған шірігіңді құдай алмай.
Есекке қосақтаулы бір қашырсың,
Күң сырын көпке жаяр шыдай алмай.
Жарайды, жаным Сара, сөйлер сөзің,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің,
Қалмақтай қолға түскен ықтиярсыз,
Төрт болар құлға барсаң екі көзің.
Көз жетпес әндерімнің өрісіне
Құдайдың ризамын берісіне,
Секілді қортық тайынша бармақ байың,
Бір қойдың сыяр тұлып терісіне.
Алыстан тілеп ұшқан түз құсындай
Біржанның жұрт тан; қалар келісіне,
Қайғылы қара кемік байтал түгіл,
Арғымақ ат шыдамас желісіме.
Бәйге ат та серпінімді шалмайтұғын,
Әрқашан жұрт таң қалған жүрісіме,
Мойыным жүзген қудай иіледі,
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді.
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,
Төрт найман орта бойлы киінеді.
Найманда байлық бар ма біздің елдей,
Жүрсем де күн көремін мұнда келмей,
Қыз сөзін кек көрмейтін шайтаным бар,
Онымды тастамаймын өзім өлмей,
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным әр Қарқабат, Алтай-Қарпық,
Аққумен аспандағы ән қосамын
Қозғасам ащы күйді түптеп тартып.
Қырмызы асыл бекзат өнерім бар,
Самғаймын бәйгі атындай артып-артып.
Қыз итті сыйлайтұғын бір мінезім,
Кетер ем, еркек болсаң бір-ақ тарпып.
Көкшетау дуанына даңқым барған,
Мен Біржан Алтын таудан айқынданған,
Есіткелі, Сара, сені үш жыл болды,
Сері едім төңірекке қанат жайған.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ойласаң сөзің емес маған айтар,
Қанды көз май жей алғыш ақиықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсем бір-ақ шайқар,
Түстіктен жұрт таң қалар көргеніме,
Жеңбесем қуанбаймын келгеніме,
Ақ марал, осы жолы құтылып кет,
Арғынның душар болдың мергеніне,
Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,
Құдайдың ризамын бергеніне.
Апшыңның қуырылып қай кеткені,
Өтірік ентелетіп желгеніме.
Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,
Қарамай қатты сөйле өлгеніме.
Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,
Қаптағай Аталықта жүргенімде.
Басайын болсаң да аю аптығыңды,
Қоймаймын жаман құсша көргеніңе.

Біржан Сараның күйеуін қанша жамандағанмен оның әз басын кемітпейді, қайта оны қастерлеп, көтермелейді. «Көкшетау дуанына даңқың барған» — деп Сараның атағы барлық қазақ даласына тарағанын айтады; «түлкінің жүгірісін қыран байқар» — деп оңайлықпен алдырмайтынын айтады, «жарайды жаннан артық сөйлер сөзің» — деп ақындығына разы болады, «ақ марал, осы жолы жығылмай қайт» — деп ардақтайды. Біржанның Сарадан барлық табар «міні», «кемшілігі» — күйеуінің жамандығы. Оған Сара емес, заман айыпты екенінде Біржанның жұмысы қанша? Оған Сараны жеңу керек.

«Сара да «күйеуім жақсы» — деп таласа алмайды. Жаманды — жақсы деп қалай талассын! Аяғына түскен қалың малдың темір тұсауын үзем деп қалай айтсын! Үзуге әлі келе ме? Сондықтан Сара Біржанның бұл «айыбына» тура жауап бермей, жалтаққа салады. Біржанның елі мен өз елін салыстырып, тақырыпты басқа жаққа аударады.

Біржанға қайтарған жауабында Сара да Біржанның қара басын сыйлап қасиеттеп:

Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығың белгілі білсең баға! —
деп ардақтайды да, содан кейін: —
Қамысты терең келдің сұқсырымын
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға! —
деп, күйеуі жөнінде жеңілсе де, елін таяныш ете сөйлейді.

Ежелден сен белгілі желді көрік,
Таң қалам сәулетіңді сенің көріп,
Сені айдап ажалыңа алып келген,
Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп,
Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,
Түрімді байқатайын сөйлеп беріп.
Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,
Сасық дер аузы жетпей майдан жеріп.
Кездеспей мен сықылды өнерпазға,
Дәндеме жүрген күннен тезек теріп.
Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын;
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын
Көзіңді төрт қылар ем иттей көріп.
Тіліңді тарта сөйле, Біржан батыр,
Жарамас жүдеп қайтсаң іздеп келіп
Тартылып таразыға тең келмессің,
Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.

Бұдан әрі қарай екеуі де елдерінің күшін, байлығын салыстырады. Бұл мәселеде Сара Біржанға алдырмайды, кейде тең, кейде асып түсіп отырады, екі жағы да өз елінің байын мақтап, қарсы елінің байын жамандайды, міндерін қазбалайды. Осыдан барып, басқа айтыстардағы сияқты объективті түрде екі жақтың да байлары мен әкімдерінің қанаушылық қылықтары ашылып, халық алдында жамандықтары жарияланады.

Өзге сөзден тоса алмаған Сараға Біржан күйеуі туралы қайталап ескертеді:

Жақсыны көрмек үшін деген, Сара,
Ел қамын өзің түгел жеген, Сара,
Мырзаңды ит Жиенбай мұнда шақыр,
Ұялып бөгелесің неден, Сара?

Сара Біржанмен таласпай, ағасы Есенбек қажыға сөз сөйлейді. Бұл сөз Сараның: зорлықшыл, қалыңмалшыл, әйел теңдігін табанына басқан қанаушы тапқа, үстем заманға айтқан үкімі, сұм заманның қара күйесін, сол заманның өз бетіне жағуы тәрізді. Есенбек қажыға Сара былай дейді:

Адамға жол бермеген қайран тілім,
Күні өшіп, қор боп өтті-ау, қызыл гүлім,
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем,
Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім.
Алтайдың саңлағымен сөйлессем де,
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенбайға шықпайды үнім.
Біржанға шақырып көрсет Жиенбайды,
Кім сырттан меншіктенбес тегін бұлды,
Ұяттан кісі өлмейді сағы сынар,
Қайтейін құдай қосып, ием қылды.
Итіңді келмесе де келтір байлап,
Өлмейін қапа болып күнде қайнап
Ағалар нәсіліңе дұрыс болса,
Құдайға тапсырамын «Қаптағайлап».
Қажы аға, көріп келдің хақтың үйін,
Мен түгіл бөтенге де зорлық қиын,
Жиенбай ерім болып тұрар ма екен,
Күнінде таңда махшар болса жиын.
Басымды аш, көңілімді ала қылмай,
Кетсең, де өкпелеймін бала қылмай.
Әйтеуір сәлем айтып шақыртайын.
Біржанға өзімді-өзім таба қылмай.
Сәлем де Жиенбайға, келсін жатпай,
Келуге шошынады неден батпай?
Әркімнің қолда бары өзіне алтың
Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай.
Тез келіп амандассын Біржан салға,
Көрінсін айбаттанып арғын шалға,
Қояды әркім теке өз ылағын,
Әйтеуір мені сатып алды малға.
Қылмасын дос «Жиекем» сөзге сынық,
«Шәрбәттан ағып жатқан сөзі тұнық»,
Қамалдан тартынбайтын ғазиз «ерім»,
Көлге кеп түсіп кетсін көзін жұмып.
«Асылым» құдай берген өз бағыма,
«Тел келмес» жеті Біржан тырнағына.
Найманда ұлы дария «саяқ керім»,
Балық боп ілінгенмін қармағына.
Бесіннен қалмай келсін жаны болса,
Бөгелмей жетектерсің әлі болса
Сұраған елден қайыр кедей Біржан,
Алмай ма, мендей қызды малы болса?
Көрінсін саяхатпен менің «серім».
Сол еді «құдай қосқан» барар жерім.
Керейге қонақ асы тай әкелсін,
«Талапты» Атымтайдай жомарт «ерім».

Сара «серім», «құдай қосқан», «талапты», «ерім» — деген сөздерді шын көңілімен айтып отырған жоқ. Ызамен, ашумен, кекпен айтып отырғаны өз-өзінен белгілі.

Жиенбай жөнінде Сара Біржаннан жеңіледі. Әдетте жеңген ақынның масаттануы бар. Біржан жеңгеніне масаттанбайды, Алатаудың «ақ маралын» арам оқпен атып түсіргеніне ол ренжиді. Өзге сөзден жеңілмей, күйеуінің жамандығынан жеңілген Сараны Біржан аяйды, ол Сараны «жеңдім» деп мұқату орнына, достық сөзін айтады, ерегіспен ренжіткен көңілін аулауға тырысады.

Шырағым, Сара, сендей тумас бала,
Шешеңнен туармысың мұндай дана!
Обалың Есенбек пен Тұрысбекке
Күйеуің жаман екен, ей бейшара!
Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан,
Сан жүйрік көріп едім мен жасымнан,
Кемітер дұшпан, шіркін қай жеріңді,
Адамзат озар емес бір басыңнан.
Жіберме Жиенбайға шақыруды,
Өнерсіз үйде білер «аһ» ұруды,
Құр қайтар жігеріңді көргеннен соң,
Алдырма жігері жоқ кәпіріңді.
Күйеуің жаман болса оям көзін,
Сәлеммен шақыртасың кел деп өзің,
Сырыңды білдірмей-ақ айтсаң-дағы,
Жаманды жақсы қылған есіл сөзің.
Мақтамай көрсет көзге келтіріп-ақ,
Сөзбенен жүдеттің ғой өлтіріп-ақ,
Ұялмай осы топқа келер ме екен,
Өнерсіз жігері жоқ жетпегір-ақ.

«Жиенбайды шақыр» деген сөзді Есенбекке кекетіп айтып тұрған Сара өзі ашып, «күйеуінің» қандай «қасиеті» бар адам екенін былай сипаттайды:

Қажыеке-ау, кісі жібер балаңызға,
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба,
Сыртынан мақтасам да керек болды,
Әзәзіл болды Біржан арамызға.
Өзіңнің құла жорғаң барсын оған,
Жиекем «қалмақ ерін» салсын оған,
Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем,
Құдайым мені қайдан қосты соған?!
Құнжиып мінер құла жорға барса,
Келе алмас сол шірігің қорғаласа,
Масқара рас бізді сонда қылар,
Қорс етіп «бармаймын» деп үйде қалса.
Кісі емес ол намысты ұққандай-ақ,
Ербиер иесіз таудан шыққандай-ақ,
Күжірейіп жауырыны келер ме екен,
Он мата арқасына тыққандай-ақ.
Бар еді ұлы-қызың, ей, қажы-аға!
Қалдым ғой Біржан деген беймазаға,
Сіздердің болып тұрған заманыңда,
Дені сау кез келмедім бір тазаға.
«Арғынды бір дөңгелет» деп едіңіз,
Meн түгіл жұрттың қамын жеп едіңіз
Меккеде зиярат қып «Балтоллаға»,
Бағыма аман-есен кеп едіңіз.
Көрмейсіз менің неге көз жасымды?
Осымен тоқтатылып сөз басылды,
Жиылған Қаптағайдың манаптары,
Олжама айырып бер өз басымды.
Сөйледім арғы-бергі сөзді теріп,
Ешнәрсе ойламаушы ем сізді көріп,
Келгенде Жиенбайдан босқа өлермін,
Біржанды тоқтатыңыз сыйын беріп.

«Жеңілдім» деп Сараның өзі айтқан соң, Матай елі Біржанға бәйге ұсынып, ат, шапан, тағы сондай тарту-таралғы сыйлар береді. Серілікпен «асықпай ақ жамбыны аспанға атып» жүрген, өлең мен әнінен, халықтың сауығынан басқаны қажет көрмейтін мал жинамайтын міндеті — мал жиып баю емес, халыққа әнімен қызмет ету деп ұққан Біржан бәйгені не қылсын.

Біржан жеңгеніне, бәйге алғанына масаттанбайды, бәйгені алып кете бармайды, ол Сараның бас бостандығына қайғырып, соны нақтап кетуді ойлайды.

Сөйлейді сонда Біржан найман жаққа, —
Ұмытпан, Сара, сені ешуақытта!
Теңелген сөзге жетік есіл көзел (ғазель)
Көремін қайта айналып қайсы шақта?
Сөйлеген алтындай ғып сөздің жезін,
Сынасып сан жүйрікпен көрдім өзім,
Сайраған бейне ұжмақта бұлбұл құстай
Ұқсаттым Сара сұлу айтқан сөзін.
«Қаж» барған Қаптағайдың арыстаны,
Жалғыз сен осы күнде данышпаны,
Өзіңе құдай беріп тұрған кезде,
Дұшпанның топ етеді алысқаны.
Есенбек жоққа сатпа асылыңды,
Сыйлай көр қыз да болса нәсіліңді,
Жақпаса «Арғын жоқты айтты» дерсің,
Үлгі қып құлағыңа ал осынымды!»

Жалпы «Біржан мен Сараның айтысы» жалғыз мазмұн жағынан ғана емес, жоғарыда айтылғандай, түр жағынан да қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Бұл айтыста, бұрынғы айтыстардағыдай, мағынасыз, ала-құла өлең кездеспейді. «Біржан мен Сараның айтысы» ақылмен өлшеніп шыққан, ішінде көлденең, артық сөз жоқ, — жазба әдебиетінің жақсы үлгілері сияқты. Өзге айтыстардың көбі сюжеттік жағынан бірыңғай келе бермейді. Көп айтыста ақындар бірді айтып, бірге кетіп, біресе дінді, біресе ғұрыпты, біресе махаббатты сөз ғып, пікірін бірде ашық, бірде жұмбақтап айтып, айтыстың мазмұнын шұбарлап жібереді. Біржан мен Сараның айтысында осындай сюжет шұбарлығы жоқ. Бұл айтыстың өзегі біреу ғана, ол — қалың малды әшкерелеу. Осы тақырыпты айтысушы екі ақын да дұрыс алып шығады. Айтыстың мазмұны халықтың ойын толғандыратын тақырыпқа құрылғандықтан тілі де таза, көркемдік жағынан да жоғары дәрежеде.

Біржан мен Сараның айтысында образ өзгешелігі де ерекше көзге түседі. Қазақ халқының сол кездегі өмірін, тұрмысын, салтын Біржан мен Сара айтысындағыдай анық көрсете алған шығарма ол заманда болған жоқ.

Сонда да Біржан мен Сараның айтысына аңшылық пен малшылық тұрмыстан алынған салыстырмалы теңеулер, образдар көп қолданылады. Біржан өзін жүйрікке, жорғаға теңеп, өлеңін жүйріктің шабысына қыран бүркітке теңеп отырады.

«Қанды көз май жеп алғыш ақиықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсем бір-ақ шайқар», —

дейді. Бұлай деуі өзінің алғырлығын айтқаны. Әдетте, аңға саларда, бүркітті ашықтыру үшін оған «ақжем» беретінін аңшылыққа қатысты жоғарыда айттық. Қанды, майлы етті жесе, бүркіт тояттап, аңға түсе қоймайды, селқос ұшады, не аңды қумай отырып қалады. Қанды, майлы етті жеп аң алатын құсты аңшылар өте сирек кездестіреді де, оны аса бағалайды. Біржанның «қанды көз май жеп алғыш ақиықпын» — деуі осыдан. Бұл оның «бап талғамайтын жеңбей қоймайтын ақынмын» дегені.

Біржанның бұл образына Сараның қарсы қоятын образы — үйрек.

«Қамысты терең көлдің сұқсырымың
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға», —

дейді ол. Үйрек, былай қарағанда, ақынға олқы сияқты, ал шынында бұл өте табылған образ. Әрине, әр теңеудің келісімі болуы, оқушы нанатын теңеуі болуы тиіс. Абай аттың құлағын «қамыс құлақ» деп қиған қамысқа теңемей, «бұтақ құлақ» десе ешкім нанбас еді. Сол сияқты дене күшін ерлермен салыстырып, аң алғыш қыранмын десе, Сара сияқты XIX ғасырдағы ауылдың қызының бойына лайық болмас еді.

«Қамысты терең көлдің сұқсырымын» — деген сөз Сараға екі жақтан ұнайды: бірінші — сұқсыр үйрек дегені, кішкене және ұшқыр үйрек, оны қаршыға мен лашынның ең ұшқыры ғана алады, шабан құсқа ол ұстатпайды. Сұқсыр өте сақ үйрек. Ол көбіне күндіз көлдің тереңінде жүзіп, түнде, іңірде ғана ұшады. Көлдің тереңінен үйрек ешуақытта қыран құсқа алдырмайды, ол суға сүңгіп кетеді. Міне, бұл сипаттың бәрі Сараға келеді.

Әрине, Біржан мен Сараның айтысындағы мазмұндық және көркемдік қасиеттердің бәрін бұл очеркке сиғызуға болмайды. Сондықтан мұны әзірге осымен аяқтаймыз.

* * *

Айтыс жанрының ішіндегі бір көлемді саласы — әдет-ғұрып айтыстары. Айтыстың бұл түрі өзара түрлі тарауға бөлінеді. Бірнеше мысал келтірейік:

«Жар-жар» айтыстың көне заманнан келе жатқан түрі және сипаты жағынан оншама өзгеріске ұшырамаған сияқты. «Жар-жар» қызды ұзатар алдында болатын айтыс. Қыздың тойы болып өткен соң, той тарайтын кезде бозбалалар қыз отырған үйге келіп, үзіктің жабығын түреді де, ұзатылатын қызға өлеңмен қоштасады. Бозбаланың қоштасып айтқан әрбір ауыз өлеңіне ұзатылатын қыз жауап береді. Олардың қоштасу өлеңі (жар-жар) былай болып келеді:

Б о з б а л а:
Қара-насыр замандас,
Қара-насыр жар-жар-ау!
Қара мақпал сәукеле
Шашын, басар жар-жар-ау!
Мұнда әкем қалды деп,
Қам жемеңіз жар-жар-ау!
Жақсы болса қайын атаң
Орын басар жар-жар-ау!

Қ ы з:
Есік алды қара су
Майдан болсын жар-жар-ау!
Ақ жүзімді көргендей,
Айнам болсын жар-жар-ау!
Қайын атасы бар дейді,
Бозбалалар жар-жар-ау!
Айналайын әкемдей,
Қайдан болсын жар-жар-ау.
Осы қалыппен жігіт:
«Қара-насыр» деп бастап, қыз

«Есік алды» — деп бастап жігіт те, қыз да, қыздың туысқандары мен күйеудің, туысқандарын бір-бір ауыз өлеңмен айтып шығады. Бозбаланың өлеңінде «әкеңнің орнын қайын атаң басады, ағаңның орнын қайын ағаң басады, ініңнің орнын қайын інің басады, сіңліңнің орнын қайын сіңлің басады, уайым жеме» деген сөздер айтылады. Қыз бұл жұбатулардың бәріне қарсы боп, қайын жұртының ешқайсысы да өз туысқанындай болмайтынын айтады.

«Жар-жардың» ескі заманнан өзгермей келген мұнан басқа үш түрі бар. Бертін кезде, Ақан сері тағы сондай ақындардың шығарған «жар-жарлары» бар, олар жаттанды әбден қалыптасқан текстер емес, жаңа сөзбен, жаңа мазмұнға құрылған. Ал, ескі «жар-жардың» бір қалыптан өзгермеуіне ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс құрып келген қазақ халқының жағдайы да себеп болу керек.

Қазақ елінің саяси-экономикалық тұрмысына, әдет-ғұрпына кірген өзгеріс, қазақ халқы Россияға бағынып, Россия капитализмінің ықпалына түскеннен кейін ғана болады. Әйткенмен, ескі ауылдағы патриархалдық-феодалдық салт-сананың көп тармағы Октябрь революциясына дейін келуінде талас жоқ. Әдет-ғұрып өлеңдерінің, оның ішінде «жар-жардың» нелер заман өзгермеуіне себеп осындай жағдай деп түсінген дұрыс.

Айтыстың бір түрі — қыз бен бозбаланың өлеңмен әзілдесуі. Мұндай айтыс көбіне ел ауызында айтылып жүрген жаттанды өлеңдерден құралып, айтыс үстінде, оның мазмұнына, тақырыбына қарай кейбір шумақтар иә жолдар жаңадан шығарылып, өзгеріп отырады.

Қайымдасу айтысының басы қыз-бозбаланың жастық әзілінен басталғанмен, аяғы әлеуметтік маңызы бар мәселеге соғады. Бұған бір-екі мысал келтірейік. Мәселен, Күйкентай қыз бен Оспантай ақынның айтысының басы әзілмен былай басталады:

Ж і г і т:
Басы алтын өлеңімнің, бақайы жез,
Кез болдың әріптеспен оңынан тез:
Іздеген сұрағанға душар болса,
Әртүрлі ойда жүрген айтылар сөз.

Қ ы з:
Сырты алтын өлеңімнің, іші күміс,
Шабыста, желісте бар, жорға жүріс.
Жан жетпес желісіме caй желгенде,
Жарайды төтеп берсе біздің біліс...

Жастық әзілі осылай басталып, біраздан кейін бір-бірінің мінін айтуға, жөні келсе сықақтауға айналады.

Қыз:
Сақалыңды айнаға көрші қарап,
Ту құйрықтан маңызды төрт-бес қадақ,
Аулыңдағы бақалға күзеп сатсаң,
Алты сабын береді; жеті тарақ.

Ж і г і т:
Олай деме, ақын қыз, тіліңді тарт,
Толып жатыр аулыңда сақалды, қарт,
Түгенбай, Түгелбайдың, Изелбайдың,
Сыпырып жақсы болса сақалын сат.

Қ ы з:
Кеңірдектей кетпеннің ұңғысы бар,
Біздің елде сақалды мың кісі бар.
Батарыңнан сақалың ерте шыққан
Күзететін сондықтан қылмысы бар...

Әйел мен ер адамдардың айтысы осылай ойын - күлкі, әзіл-оспақтан басталғанмен, әйел теңдігі үстемдік құрған замандағы әйелдің ауыр тіршілігі, әйел күйбеңі үйде өтетіндігі сөз болмай қалмайды. Бұған Тәбия мен Омарқұлдың айтысы дәлел болады:

Т ә б и я:
Жылауды, жырау қылып мен айтамын
Өзіңдей замандасқа көп айтамын.
Ұл болсам өзіңдей боп жүрмес пе едім,
Арманға өзімді айтпай,нені айтамын.

О м а р қ ұ л:
Адамдар зерек болмақ ақылы мол,
Қажыма, ақыл, қайрат айтқаным сол,
Еліңе барған жерде елеулі боп,
Халқыңа қадірменді қалаулы бол!

Т ә б и я:
Жарайсың, бәрекелді, замандасым,
Құмғандай күзетерміз оттың қасын.
Елеулі елге келген, бір келін деп,
Ұстауға қимас сірә елдің басын.

О м а р қ ұ л:
Ардақтап әділ күтсең ата-ананы,
Бар еді жақсы-жақсы баталары,
Ұятты иманындай күткен келін,
Халқына қалаулы боп атанады.

Әкесінің «алтын босағасын» аттаған қыздың келіншек болғаннан кейін көретін кемшілігін, теңсіздігін сипаттай келіп, Тәбия қыз алдағы күнде қалың малдың, зорлығымен тигелі отырған күйеуін былай суреттейді:

Күйеудің де өліпті баласы аштан,
Сондай жері болмаса күйе қастан;
Тоғыз таздың ауылы атанады,
Құрт жайлаған қып-қызыл жалтыр бастан.
Ең кенжесі болады маған күйеу,
Ірің ағып тұрады самай шаштан.
Аштан өлген әкеңе ол не айтады,
Тойып өлді Қоңқабай деймін астан.

О м а р қ ү л:
Өлең құрап айтуға кенде емес ем,
Сөз ілесіп барады жөнелмесем,
Таз болуға тақалып қалған шығар,
Ерте барып кенжені емдемесең.

Т ә б и я:
Жүгірмек қайдан келдің сенің өзің,
Өткендей қос өкпеден айтқан сөзің,
Құрт жайлап ол шіркінді құдай алса,
Ашылар ма екен деймін екі көзім.

О м а р қ ұ л:
Тым асып сөз сөйлеме, замандасым,
Алпысқа өлмей жасың аман барсын,
Іні өлсе, аға мұра, өле берсе
Таз бастың тоғызын да тамамдарсың.

Бұл сөзді Омарқұл Тәбияға мазақпен, кекетумен айтып отырған жоқ. Жаны ашып, аяп, Тәбияны емес әмеңгершіл, қалыңмалшыл, зорлықшыл заманды сөгіп отыр. Себебі, таңдаған жарын сүю жағынан Омарқұлдың өзі оңып отырған жоқ. Тәбия өлеңінің бір жерінде:

Жүрегім айнығанда құсық болды,
Аузыма секем алып ұшық толды.
Өкпеме менің құдай тазды жазды,
Қатының неге сенің пұшық болды? —

деген сұрауына Омарқұл қысылып, былай деп жуа жауап береді:

Секілді тауға біткен жалғыз арша,
Таздарға жарар еді пұшық барса,
Менде жоқ саған жетер қалың дәулет,
Сонда да сен жоқ маған амал қанша!

Бұл арадан ескі ауылдағы екі қайшылықтың беті ашылады: біреуі, қалың малын төлеген қызды кәрі демей, кем демей, кім болса сол ала алады; екіншісі, қанша жақсы жігіт болғанмен, егер малы жоқ кедей болса, ол сүйгенін емес, кез келгенін алады. Осы хал Омарқұл мен Тәбияның басына бірдей туған.

Адамның кедей болу себебін де, тұз-дәмі жарасып бірін-бірі сүйген екі адамның бір-біріне қосыла алмау себебін де Омарқұл мен Тәбия өздерінің білім дәрежесінің жоқтығынан терең түсіне алмайды. Өйткені олар мұның түп тамыры әлеуметтік теңсіздік пен антагонистік қоғам қайшылықтарынан туып отырғанын білмегені мәлім. Оның үстінде дін шырмауында болған бұл жазықсыз жандар теңсіздіктің бәрін тағдырдан, жазмыштан деп те түсінеді.

Бірақ олар бұл теңсіздіктің, тамыры қанаушы таптың топырағында өсетінін практикалық өмір жүзінде жүрекпен сезіп, түсінеді. Сондықтан олар өз бастарының мұңын заманның мұңы көріп, былай деседі:

О м а р қ ұ л:
Әркімдер туған елін ел қылып Жүр,
Бірін бек, бірін батыр, ер қылып жүр.
Біреуге мал мен басты тегіс беріп,
Біреуді қара жермен тең қылып жүр.
Біреудің қарабасы қазына боп,
Халқына айтқан сөзін ем қылып жүр,
Кейбіреу қалт-құлт етіп жанын бағып,
Кейбіреу жан баға алмай мәңгіріп жүр.
Болғанда біреу жарлы біреу жалғыз,
Біреуді аспан көктей кең қылып жүр
Біреудің қылған ісін оңалтпастан,
Көз жасын көл дария сел қылып жүр.
Құдай да қудың жағы болды білем,
Біреуді біреуге әкеп жем қылып жүр,
Кейбіреу өтірік айтып өсек тасып,
Жалғанға жанын беріп сендіріп жүр
Халықтың қамын ойлар әділет жоқ,
Көнбеске көмескі өмір көндіріп жүр.

Т ә б и я:
Алты ай қыс, алты айыңды жаз қылып жүр,
Біреуден кейбіреуді аз қылып жүр.
Қарасаң қалпы жаман замананың,
Біреуді біреу арбап азғырып жүр.
Біреудің қарыны тоқ, қара басы,
Қайда ауса, сонда кетіп қаңғырып жүр.
Әлдінің қатыны өлсе айға толмай,
Төсегі жасаңғырап жаңғырып жүр.
Ақ майға көкірегі байдың азып,
Жүрегін кембағалдың создырып жүр.
Біреудің мұрны пұшық, аяғы ақсақ,
Соқырға су қараңғы наз қылып жүр.

О м а р қ ұ л:
Байға жалпақ, батырға қошемет көп,
Тесігін теңін қостап тығындаймыз,
Малдыға малсыз кісі жағынуда,
Жалманып әлдекімдей қыдырмаймыз.
Қыбырлап құмырысқадай өмір бойы,
Қызмет соларға істеп жыбырлаймыз,
Қу десе, бұзық десе, әне біреу
Жеткізіп мақтағандай жымыңдаймыз.

Айтысын әзілмен бастап, аяғын мұңды драмаға айналдырған Омарқұл мен Тәбия сөздерін мынадай өкінішпен аяқтайды.

О м а р қ ұ л:
Қанғандай болды құлақ көпке, жаным
Қайталық ғафу етсең сөкпе, жаным.
Жақсы айттық, жаман айттық бәрі жел сөз,
Етпейсіз оған бола өкпе, жаным.
Әйелдің білімдісі ер сыйлайды.
Еріңді аяқ асты етпе, жаным.
Есікте ел сыйлаған қалмас дейді,
Көкірекке аруақты теппе, жаным.
Есіңде қашан болсын осы болсын,
Ұмытып ұзақ уақыт кетпе, жаным.
Ойыңды ұйқы-шұйқы бердім деген,
Сөзіңді естіртіп кет, көпке, жаным.
Және де біз көргенше қош аман бол,
Күйеужан маңдайына теппе, жаным!

Т ә б и я:
Маңдайға жазылды ғой неде болса,
Болса да жаман-жақсы көндім деймін.
Тілеген менен қолдан осы болса,
Шын бердім тілегіңді сенгін деймін.
Ауылға жүре көргін, келіп, кетіп
Көңілді көтерелік еліктетіп,
Жеткізбес қос аттыға өткен өмір,
Барады өтіп дүние келіп, кетіп.
Еріммен құшақтасып дос болыңыз,
Дос болсаң қолқаласпай бос болыңыз,
Тағысын тағы болса жолығармыз,
Тағы да жолыққанша қош болыңыз!

Күйкентай қыз бен Оспантай ақынның, Тәбия қыз бен Омарқұл ақынның айтыстарына біз бұл очерктерде екі себеппен толық тоқтадық:

Біріншіден, әдет айтыстарының басына «жар-жарды» әдейі қойған едік. «Жар-жар» да ұзатылатын қыздың өз үйін, өз туысқандарын күйеуінің үйінен, күйеуінің туысқандарынан артық көретіндігі байқалатын еді де, неге олай болатын себебі ашылмайтын еді. Күйкентай мен Оспантайдың, әсіресе Омарқұл мен Тәбияның айтыстарында көмескі ойдың беті айқын ашылады. Әрине, революциядан бұрынғы қазақ әйелі ермен бірдей тең праволы бола алмаған, әйткенмен, үй тұрмысында қызды туысқандары бұла ғып ұстайды. Қалың малы төленіп, әкесінің үйінен кетіп, күйеудікіне барғаннан кейін, байлардың келіні болмаса, кедейдің келіні шын мағынасындағы теңсіздікке түскен. Қоғамдық-әлеуметтік тұрмыстағы теңсіздігімен қатар, әйел өзінің жеке тұрмысында да кемшілік көрген.

Екіншіден, Омарқұл мен Тәбияның айтысына ұқсас айтыс қазақта өте көп. Олардың бәріне тоқталуға мүмкін болмағандықтан осы сияқты айтыстардың ішінен бірер айтысты ғана алып, талдауды жон кердік. Бұл екі айтыста әзіл де, шындық та, қуаныш та, қайғы да бар. Және бұларды шын мағынасындағы халық айтысының айқын стилі сақталған. Омарқұл мен Тәбияның айтысы — қайымдасудың классикалық түрі. Бұл айтысты толық оқыған кісі, оның саяси және көркемдік маңызы зор екенін айқын көреді.

* * *

Айтыс жанрының үлкен бір саласы жұмбақпен айтысу. Бұл айтыс екі түрлі болады: біреуінде екі ақын жұмбақсыз жай айтысып отырады да ара-тұра жұмбақпен бір-біріне сұрау беріп, оған жұмбақпен жауап қайтарады, екіншісінде айтысты жұмбақпен бастап, жұмбақпен аяқтайды.

Жұмбақ айтысында да мазмұн жағынан жаттандылық аздап кездескенімен, түр жағына келгенде өткен оқиғаларды қайталау көп қолданылмайды. Себебі жұмбақпен берген сұрау ойда жоқ жерде кенеттен қойылады да, оған іркілмей, табан аузында жауап беру қажет болады.

Жұмбақ айтысы — айтыстардың ішіндегі ең қиыны. Айтыстың бұл түрі жалғыз ақындықты ғана емес, онымен бірге ақылдылықты, тапқырлықты талап етеді. Сондықтан да екі ақын айтыса отырып, жай сөзбен бірін-бірі жеңе алмаған жағдайда жұмбақ айтысына көшіп, өз ақылдылығын, тапқырлығын сынасады. Жұмбақ айтысының тақырыбы толып жатқан тарауға бөлінеді. Алайда олардың бәрін талдауға мүмкін емес, біз оның негізгі. салаларына ғана тоқталамыз.

Әсет ақын мен Рысжан (қыз) ақынның айтысында, Рысжан Әсетке төрт түрлі жұмбақ айтып, бәрін де Әсет шешеді.

Рысжан:
...Жәнеде бір бәйтерек шыққан биік,
Көрінер көлеңкесі көкке тиіп,
Жемісі мәуесімен жарасулы,
Сенімді сегіз бұтақ тұрған тиіп...

Ә с е т:
...Сұрасаң әділ кеңес көпке жеткен,
Көңіліңді сөз кемтігі өкпелеткен.
Бәйтерек жапандағы ақ падиша,
Көңілі ұлықтықпен көкке жеткен.
Ұлық тақтан таймайды халыққа жақса,
Қатын байға еркелер бала тапса,
Иілген сегіз бұтақ — сегіз санат,
Жайылған жапырағы қағаз ақша...
Отыз, қырықтай құзғындар — елу басы,
Үш жылда, нәр татқаны он бес теңге,
Сайлауда шарын салып соны алады
Оларға не пайда бар онан өңге...

Рысжан:
Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Шын адам түзете алмас болса көмес.
Ашылып-жабылады пружинамен,
Ол өзі қымбат нәрсе, тегін емес...

Ә с е т:
Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзің,
Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің,
Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Ашылған қан тамырдан екі көзің...

Рысжан:
Әс-аға сыртыңыздан көп естуші ем,
Халық жалған айтпаса неге естуші ем,
Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп,
Күнәңді бөле-жара жеп естуші ем,
Жұмбағымның айтайын үшіншісің
Сөзімді түгелдеп бер жетсе күшің...
Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал,
Алты батпан майы бар безбенге сал,
Сүйрегі жерден, кектен табылмайды,
Білдің бе мұның өзі қайда өлген мал,
Артылған мәртебеңіз талай жұрттан,
Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан,
Әлгі алты батпан түскен майдың,
Санасаң әр батпаны жеті бұттан.

Ә с е т:
Рысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса,
Сөйтсе де бір сырын, бар менен таса.
Менен өзге бір адам таба алмайды,
Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.
Домбыра саған ерген бұлбұл екен,
Рысжан қара сөзге қырғын екен.
Арықтап оттай алмай өлген түйең,
Ақылмен абайласам бір жыл екен.
Ол түйең арық емес, семіз еді,
Халыққа түрлі нығмат жегізеді,
Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып,
Осынша жалған сенің неңіз еді.
Болады осылайша сөздің жайы,
Ақынның жарамайды құр айғайы,
Әлгі алты батпан түскен майын,
Санаулы бір жаздағы, жаздың айы.
Тамаша тапқан сөздің бар ма міні,
Болады осылайша сөздің шыны,
Әр батпаны жеті бұт деген сөзің,
Оралған бір жұманың жеті күні.

Рысжан:
Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын,
Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын.
Сөз көшесін қыдырған көрегенсің.
Жерің жоқ, бір мүдіріп толғанатын.
Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалды,
Орын жоқ онан әрі зорланатын
Алты мың жан иесі хайуанаттар,
Олардың қандай адам қойған атын...
Айтпассыз ағат сөйлеп білсек қата,
Ақын деп елім маған берген бата.
Әлемді он сегіз мың үшке бөліп,
Ат қойған өз ойымен Адам ата...

Рысжан мен Әсеттің жұмбақ айтысынан үзінді келтірген себебіміз мұнда бірнеше мәселенің беті ашылады.

Бірінші жұмбақта патшалық құрылыс сөз болады да, ауылдағы ұсақ әкімдер: старшын, он басы т. б. сынға алынады. Жұмбақты айтушы да, шешуші де оларды атап қана қоймай, халықты қанап отырғанын құзғын мен күшігендей жемтікшіл сұм ғып көрсетеді.

Екінші жұмбақ — адамның мүшелері туралы, үшінші жұмбақ — жыл мерзімдері туралы, төртіншісі — әлем дүниесі туралы. Оларда адам немесе табиғат көріністері ғана сипатталады да, философиялық тұжырым кездеспейді. Дегенмен, олардың ерекшелігі, ақынның сол көріністерді шебер түрде жұмбақ арқылы жеткізіп, қиын жұмбақты қиналмай, тапқырлықпен тез шешуінде. Бұл жұмбақтардың айтылуы мен шешілуінде ақындықпен қатар үлкен тапқырлық жатыр.

Әсет пен Рысжанның жұмбақтарындағы сарын Қожахмет пен Әубәкірдің жұмбақтарында да бар. Қожахмет Әубәкірге алты жұмбақ айтса, ол бәрін де шешеді. Осы алты жұмбақтың төртеуі патша үкіметінің құрылысына, оның қазақ даласын отарлау саясаты жайына арналған. Бірақ Қожахмет пен Әубәкірдің жұмбағында патша үкіметің оның отаршылдық саясатын әшкерелеу басым. Бұлардың жұмбақтары халықтың саяси наразылығынан шыққандығы көрінеді, бұл жұмбақтардың мазмұнынан патша үкіметінің озбырлығына қарсы өшпенділік лебі аңғарылады. Әубәкір мен Қожахметтің патша үкіметін әшкерелеуге құрылған жұмбақтары түр және мазмұн жағынан Әсет пен Рысжанның жұмбақтарына ұқсар болғандықтан, олардың телеграф туралы жұмбағын ғана мысалға келтірейік.

Қожахмет:
Жапанға біткен қу ағаш,
Көгермейтін құр ағаш.
Асты топырақ үсті тас.
Бір бұтағын байқасаң
Петербургпен шамалас
Бір бұтағын қарасаң
Бұхарамен қаралас.
Өзін адам көрмейді,
Тірі жанға жоламас,
Сөйлеседі екі адам,
Біреуінің жаны бар,
Жаны жоқ десем жарамас,
Жаны бар десем біреуін
Қылышпен шапса қанамас...

Ә у 6 ә к і р:
Алтыншы айтқан жұмбағың
Телеграф ағашы,
Қасына барсаң көрінер,
Темірінің қарасы.
Көмген жері топырақ,
Бас жағына қарасаң
Шыныдан болар мұржасы.
Шыңылдатып қаққан соң
Тірі жанға жоламас,
Сөзіңнің сенің бәрі рас...

Бұл жұмбақтың бағасы көркемдігінен гөрі мазмұнында. Мұнда, бұрынғы жұмбақтарда (айтыс, иә жай жұмбақ болсын) кездеспейтін жаңа мазмұн бар, ол жаңа техника — телеграф.

Жұмбақ айтысы жөніндегі пікірді Нұржан Наушабаев пен Сапарғалидың жұмбақтарымен аяқтауға болады. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақтарындағы бір өзгешелік — мұнда айтыс жұмбақпен басталып, жұмбақпен аяқталады. Бұл айтыста жұмбақтың стилі түгел сақталады. Екіншіден, Нұржан мен Сапарғалидың бұл жұмбақтары шын мағынасында реализмге құрылған. Бұл жұмбақта діншілдік мотив те жоқ. Мұндағы жұмбақтар ауыл тұрмысының шындығынан алынған. Онда жалпы ауыл емес, Россияға қосылғаннан кейін қалаға, базарға араласқан, фабрика, завод заттарын меншіктенген, оқуға араласқан ауылдың тұрмыс шындығы, кәсібі, күн көрісі айтылған.

Әрбір әдебиет жанрларының, иә сол жанрдың әрбір саласының өз биігі, өз мәртебесі болады. Жұмбақ айтыстарының ішіндегі сондай асқағы осы Нұржан мен Сапарғалидың айтысы. Айтыстар ішінде мұның көркемдік және реалистік жағынан ерекше маңызы болғандықтан одан үзіндіні молырақ алып отырмыз:

Сапарғали:
Мен көрдім неше жүйрік даналарды,
Байқауға ойладың ба шамаларды,
Жұмбағыма қайтарса дұрыс жауап,
Біз де сынап қарайық балаларды.
Нұржаным, білдірейін сізге тағы
Құс көрдім өзі жансыз бір аяғы,
Теңізде салған жолы сайрап жатыр,
Фәһіммен ойлап тапқын мұны-дағы.

Н ұ р ж а н:
Сапеке айтқаныңды қазір табам,
Жансыз құс бір аяқты мұның қалам,
Теңіз мысал қағаз ғой, жолың жазу
Жұмбағың осыменен болсын тәмам...

Сапарғали:
Бір үй бар әйнегі жоқ және есігі
Ішінде қорек егер бар нәсібі,
Болады бірде жанды, бірде жансыз
Нақ көзге көрінерлік жоқ кәсібі.

Н ұ р ж а н:
Демеймін бұл сөзіңді бос болады,
Жұмбақты шешсем көңілім қош болады.
Жұмыртқа әйнегі жоқ және есігі,
Әуелде жансыз, ақырында құс болады.

Сапарғали:
Мен көрдім бір теңізде темір қайық,
Әр пенде пайдаланды көріп лайық.
Үстіне түндігі жоқ үйді тігіп,
Кетеді ризықтанып барша халық.

Н ұ р ж а н:
Дастарқан теңіз мысал, қайық поднос,
Бұл күнде жалпы халық қойған ықлас,
Шыныаяқ түндігі жоқ үй дегенің
Әр пенде ризықтанып ішпей ме ас...

Сапарғали:
Бір нәрсе өзі жансыз аяғы жоқ
Су менен шөптен басқа тамағы жоқ.
Ішін ашып қарасаңыз бір мезгілде
Тұрады жеген жемі жабағы боп.

Н ұ р ж а н:
Шәйнекті ұқсатамын сыяғына,
Су менен шай мысал қылдың тамағына
Ішіп шайды қақпағын алғаннан соң
Шамасы ұқсамай ма жабағыға...

Сапарғали:
Бір құс бар қанат жайса дөп-дөңгелек,
Адамнан ешуақытта жүрмес бөлек,
Ұшырса, қондырса да еркі адамда,
Шықпайды панаңыздан көлеңкелеп.

Н ұ р ж а н:
Мысалы, жайса зонтик құс секілді,
Тетігі қолда болған іс секілді,
Жауса пана, күн шықса көлеңкесі
Достығы бейне сіз бен біз секілді...

Сапарғали:
Бір нәрсе заты тастан іші қуыс,
Ұсталар істеуіне қатты жұмыс
Өтпейді балға, пышақ, өткір қылыш
Қайтадан күл болады қылсаң жұғыс.

Н ұ р ж а н:
Шыныға басқа алмастай темір өтпес,
Ұсталар балға төспен істеп жетпес.
Сынса егер іші қуыс бөтелкелер,
Бірігіп ешуақытта қайта бітпес.

Сапарғали:
Бірнәрсе екі түрлі заттан болған
Адамзат шығарады істеп қолдан.
Жұмсаймыз тазалыққа уақытымен,
Ғұмыры ақырында бітер судан.

Н ұ р ж а н:
Сабын деп ойлап білдім мұның түрін,
Екі зат қып қойыпсың май мен күлін.
Ғұмыры су дегенде зая болған
Пәк қылып тазартады тәннің кірін...

Сапарғали:
Мен көрдім патша елдің елі-жұртың
Қаралар бірдей қылып бауыр сыртын.
Шілде ауып, жаз ортасы болған кезде,
Қоймайды төбе шашын, сақал-мұртын.

Н ұ р ж а н:
Соқамен жер жыртамыз егін салсақ,
Еңбексіз егін болмас қарап тұрсақ.
Уақыты егін пісіп жеткеннен соң,
Жұлғаны сақал-мұртын орып алсақ...

5. ДІНИ АЙТЫСТАР

Қазақ халқы ислам дінін Орта Азияның өзге елдерінен кеш қабылдағаны және жалпы діни сенімдердің пайда болуы жайында кітабымыздың бас жағындағы тиісті тақырыптар шеңберінде сөз еттік. Енді біз ислам дінінің айтыс жанрына қаншалық әсер еткенін әңгіме етпекпіз.

Ислам дініне дейінгі қазақтың сиынған діні — шаманизм екенін айттық, ал оның сарқыншақтары қазақ арасында революцияға дейін орын алып келді. Бұлар, жоғарыда айтылғандай, бақсылық, отқа, аруаққа табыну; әрбір аурудың өз құдайы бар деп ұғыну, т. б. түрінде болып келеді.

Негізінде бақсылар қазақтың ауыз әдебиетін кеңінен пайдаланды. Мысалы, бақсының сарыны, тістің ауруын (құртын) өлеңмен шақыру, жылан шаққанда өлеңмен емдеу, бәдік айтысу, аруақпен, жынмен сөйлесу т. б. Айтайық деп отырған тақырыбымыз айтыс туралы болғандықтан, шаман дініндегі айтыс тәрізді сарындарға ғана тоқталамыз.

«Бәдік» шаман дініне сенетін қазақ халқының ертедегі ұғымында «бәдік» дегеніміз малға, адамға тиетін індет ауруының иесі, яғни құдайы.

Шаман дінінде ауруды емдеудің жеке де, жалпы да түрі бар. Жеке түрінде жалғыз бақсы ғана емдейді, жалпы түрі көптеген бөгде адамдардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Бақсының ойнау тәртібі мына төмендегідей: әдетте бақсы науқас адам жатқан үйге халықты жинайды да, ымырт үйіріліп, қас қарайған кезде, киіз үй болса түндікті, есікті жаптырып қойып, қобыз тартып сарнайды. Бақсының айтуынша, мұның олай сарнаудағы мақсаты — әлдеқайда алыста жүрген аруақтарды және жындарды жәрдемге шақыру. Біраз сарнағаннан кейін, бақсы орнынан атып тұрып, үй ішінде денесін бұралаңдатып, қарғып, секіріп, бет-аузын қисаңдатып, көзін алартып, өзімен өзі арпалысып, жүгіріп жүріп сарнайды. Осы кезде ол есінен танған болып, аузына не келсе соны айтады, үйдегілерді сабайды, орынсыз нәрсеге ұрынады.

Шаман дінінің айтуынша, жақсылық құдайлары жәрдемге келмесе, бақсыда жауыздық құдайын қуарлық күш жоқ. Сондықтан бақсы сарнап ойнағанда, жақсылық құдайларын көмекке шақырады. Сарнап жүріп бақсының «талып» қалатын себебі, бақсының ұғымынша ол кезде бақсының жаны мен тәңірінің жаны бірігеді де, дерттің құдайымен алысып, оны жеңеді, бұл алысу, бақсы талықсып жатқанда болады, Бақсының есін жыюы, жақсылық құдайының жамандық құдайын жеңіп болған кезі, осы кезде ғана бақсының жаны өзіне қайта оралады. Шаман дінінің уағыздауы бойынша, бұл ауруды емдеудің тек бақсының жеке басының қатысуымен атқарылатын түрі.

Жалпы түрінде көпшілік қатынасады. Мысалы, қойға секіртпе, жылқыға жамандатпа аурулары тиіп, сиырға ала өкпе иә қарасан тиіп, мал көп қырыла бастаған кезде табын малды отпен аластап айдау, иә өліктің қабырына түнетіп емдеу болған. Бұл емдеуде бақсы ғана емес, оған көпшілік іс қатынасып, азан-қазан, у-шу боп, малдың зәресін алып үркіткен, ондағы ойы оттан, шудан, аруақтан ауруды сескендіру.

«Бәдік» ұғымы осы шаман дінінің қалдығы. Өйткені, қазақ арасына ислам діні тараған кезден бастап «бәдіктің» мән-мағынасы да өзгеріп, жын шақыру ойынына айналған. Оған «бәдік» айтысының өзі куә.

Шаман дінінде ауруды «көшіру» деген әдет бар. Онда науқас адамның немесе малдың ауруын басқа затқа «көшірді». Әдетте, ауруды «кешіргенде» бақсыға ерген жұрт малдың қу сүйегін әдемілеп сырлайды да, елден аулақ жерге апарып тастайды. Бақсының айтуынша дерт «иесі» ауырған адамнан иә малдан қуылғанда жоғалып кетпейді, ол өлуге тиісті емес. Сондықтан, басқа адамға, иә малға соқтықпауы үшін, бақсы оны қу сүйекке байлап қоюға тиіс. Сол себептен де ауру көшірген сүйектің маңына адам жоламауға, малды да жолатпауға тырысады.

«Бәдік» айтысында осы «көшіру» бар. Бірақ бұл «көшіру» бертінде бұрынғы мағынасын өзгертіп, жастардың ойынына айналған. Бұрын, ел шаман дініне сенген кезде «бәдік» ауруды емдеуге арналған өлең формасы болса, бертінде ауру емдемей-ақ жастар «қыз, бозбала» сауық ретінде бас қосып, «бәдікті» ойын барысында қолданған, бұрынғы «бәдіктің» түрін ғана пайдаланып, мазмұнын өзгертіп ойын-сауықтық мазмұн берген.

Бертін кезде, революцияға дейін, мал не адам ауырмай-ақ, жастар өз бетімен сауық жасауға жиналып, өзара «бәдік» айтысқан, «Бәдіктің» өлеңі:

Айт дегеннен айтамын-ау бәдікті,
Қара мақпал тоным бар барша әдіпті.
От, оттамай, су ішпей жата берсе,
Бәдік емей немене бір кәдікті.
Көш, кеш, көш!...
Бәдік кетіп барады шатқа таман,
Жүген ала жүгірдім атқа таман.
Құдай айдап бәдікті қолға берсе,
Итере салар едім отқа таман.
Көш, көш, көш!...
Бәдік желдей деседі,
Бәдік желдей еседі,
Асқар-асқар тауларға,
Айнала соққан құйынға
«Ай, көш» десе кешеді.
Ай, көш!
Көшер болсаң, әй бәдік, Мекеге көш,
Кемпір мыйын мүжіген шекеге көш,
Көш айласын білмесең мен айтайын,
Қойдан қойға жүгірген текеге көш!...

«Бәдіктің» басы осылай жалпылап келеді де, аяғы қыз, бозбаланың әзіліне айналады. Мәселен:

Ж і г і т:
Қара тауым дегенде қара тауым,
Тау басынан соғады қара дауыл.
Сіздің үйде бір бәдік бар дегенге
Қаптай көшіп келеді біздің ауыл.

Қ ы з:
Бәдік кетір барады таудан асып,
Таудан аққан бұлақпен араласып,
Енді екеуміз бәдікті тауып алып,
Шын құмардан шығайық сабаласып.

Ж і г і т:
Жемір бәдік дегенге, жемір бәдік,
Қу қыздардың шекесін көмір бәдік,
Семіз қыздың ішіне кіріп кетіп,
Бүйрек майын жедағы семір бәдік.

Қ ы з:
Бәдік кетіп барады мекесіне,
Ешкі арығын білдірмес текесіне,
Онан көшер жайыңды мен айтайын,
Бар да жабыс жігіттің шекесіне...

«Бәдік» айтысы осылайша қыз бен бозбаланың жастық әзіліне айналады да отырады. «Бәдік» айтысының нақ қай заманда шыққанын анықтау қиын. Бірақ ол ескіден қалған мұра есебінде айтылмай, кейінгі заманның да әдет-ғұрпына араласып, әр заманның өз тұсында шыққан айтыс өлеңі сияқтанып кеткен. Бұл айтыс кейбір ауыл арасында революцияның бастапқы жылдарында да болды.

Дін айтыстарының ішінде, ислам дінінің әсерінен туғандары да көп. Ондай айтыстардың мақсаты — қазақ арасына ислам дінін уағыздап, исламның дүниеге, адамның іс-әрекетіне қатынасып, насихаттау.

Дінге сенуші ақындардың бір қатары дүниенің жаратылуына ислам діні тұрғысынан келіп, оны айтыстың тақырыбы етіп те алады. Мысалы, Болық қыз бен Елентай ақынның айтысы:

Болық:
Ақын жігіт аталған Елентайым,
Өнерпаздың өнерпаз білер жайын.
Жауап бер біразырақ сөз сұрайын,
Әуелі не жаратты бір құдайым?

Е л е н т а й:
Болық, маған белгілі сенің сырың,
Біздерден артық емес айтқан жырың.
Бұрынғы даналардан естігенім,
Жер мен көк жаралыпты елден бұрын.

Б о л ы қ:
Елентай, сұрай берсем сөзім көпті.
Ол күнде болатұғын адам жоқ-ты.
Өнерің бар жігітсің, өзің епті,
Не нәрседен жаратты жермен көкті?

Е л е н т а й: ,
Құдайым-әуелінде жер жаратты;
Дүниені ел сыйғандай кең жаратты,
Бөліпті да меруерттей өмірімен
Көбіктен тоғыз қабат кек жаратты...

Бұл сияқты діни тақырыптағы айтыстар қазақ әдебиетінің өркендеу тарихындағы бір дәуірді көрсетеді. Әрине, ол тарих үшін қажет мәселе, бірақ бұл сияқты әдеби мұралар халықты дін уымен улаған, прогреске кедергі болған залалды әдебиет болғаны мәлім.

Дін айтысын таратушылар, көбінесе қожалар. Өздерің «пайғамбардың әулетіміз» дейтін қожалар Арабстаннан Азияның өзге өлкесіне дін таратуға шыққан насихатшылар екенін осы кітаптың бас жағында шежіреге қатысты айтқанбыз.

Ал айтыс жанрында ислам дінің оны таратушы қожаны келеке қылған айтыс та жоқ емес. Оған Ұлбике қыз бен Күдері қожаның ұзақ айтысынан келтірілген төмендегі үзіндінің өзі-ақ дәлел болады.

К ү д е р і :
Сексеуіл құмға біткен бес алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында,
Тұсыма қыздар келді қос алмалы.

Ұ л б и к е :
Сексеуіл құмға бітер бес алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Тұсыңа қыздар келді қос алмалы
Ұстайды қожа қалай ақ шалмалы?!..
Қазақтың шынжан тайын алдап алған,
Жаһаннамға қожа жетер ақ шалмалы.

К ү д е р і :
Сексеуіл құмға біткен бес алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
О дүние бұ дүниеден жақсы дейді,
Баралық бәріміз де жан қалмалы.

Ұ л б и к е :
Өлең-өлең, өлең деп өтер еді,
Өлең шіркін көңілді көтереді.
Бұл дүниеден ол дүние жақсы болса,
Адамға айтпай қожалар кетер еді...

Негізінде Ұлбикенің Күдеріге қайтарған осы айтыстағы жауаптары — дінді, діншіл қожаны масқаралау. Халық данышпандығымен діннің халыққа, тұрмысқа жат қылығын әшкерелеу. Дін туралы айтыстарда Ұлбикеден басқа халық ақындарының өлеңдері де көп кездеседі.

6. ДАРА АҚЫНДАР

Қазақтық көне заманнан бері айтылып келе жатқан, бірақ авторы белгісіз, өлең-жырларын жоғарыда «халықтық» деп атадық. Дегенмен ондай жырлардың, авторларының біразы кейінгі ғасырларда анықталып, мәлім бола бастайды.

Бұл авторлардың кейбірі тарихта мәлім болғанымен, көбі халық аузында аңыз ретінде сақталған. Олардың өмірі, шығармалары туралы нақтылы деректер жоқтың қасы. Ал анықталған авторлардың, біразының есімін жоғарыда «айтыс» жайында айтқанда келтірдік.

Айтыстан басқа өлең-жырларда да есімдері сақталған авторлар жоқ емес. Сол дара ақындардың біразының есімдерін атай кетейік.

Негізінде жырлаулардың бір қатары совет заманына да келіп жетті. Солардың ішіндегі көзге түсетіндерінің бірі республикамыздың Маңғыстау облысында туып-өскен Сеңгірбайұлы Мұрын жырау (1860 — 1952). Өзге жырларын былай қонғанда, ол «Қырымның қырық батыры» аталатын жырын айдан артық уақытта айтып әрең, тауысады екен. Соның шет-жағасын өзіміз де естідік. Оның, жыры да, орындау тәсілі де ғажап. Бірақ, өкінішті жері оның айтқандарын түгел жазып алатын магнитофон ол «езде біздің қолымызда болмады.

Мұрын сияқты жыраулар қазақ халқының тарихында әр заманда және әр жерлерде-ақ кездесе береді. Олардың біразы біздің советтік заманға келіп жеткенмен, қазір қатары сиреп бірен-сарандап қана қалды.

Жыраулар әдетте, көне заман жырларын бірінен-бірі қабылдап, атадан балаға таратып отырумен бірге өз жандарынан өлең, жыр шығаратын да болған. Сондай жыраулардың бірі жетісулық Сәдібек Мүсірепұлы (1885 — 1959) еді. Бұл жыраудың жаз айларында жайлауға шығып, қыс кезінде ауыл аралап жүріп жыр айтатынын өзіміз де көрдік. Бір кезде ол «Алпамыс» жырын ымыртта бастап, түн ортасы ауа аяқтады. Сол сияқты Жамбыл ақын да өзі шығарған «Мүйізді Өтеген» жырын ұзақ түнге созатын еді. Нұрпейіс Байғанин да өзі шығарған «Нарғыз» жырын екі-үш күн орындайтын.

Жыршылардың, ескі жырларды есте тұтуы ғажап. Мысалы, «Қырымның қырық батырын» бір ай бойына жырлайтын Мұрын ескі жырларға сүйене отырып, көбін өз жанынан шығаратын. Қырғыз ақыны Қаралаев Саяқбай (1894 жылы туған) жарты миллион жолға жақын «Манас» жырын түгелімен қолға қондырғандай айтып береді.

Мұндай жыраулардың кейбіреулері «жыр атасы» дейтін мифтерге (табиғаттан тысқары күштерге, яғни аруақтарға) сенеді. Жырлары айтылмай, іштері пысқан кезде, олар шабыт беретін аруақ іздеп тауларды, ормандарды, жапан түздерді кезіп жүреді. Бұл, әрине, діншілдік ұғым. Ал, шынында, мұндай адамдардың ірі талант иесі екені сөзсіз.

Халық ұғымында жыршылық қабілетімен бірге ақындығы барлар нағыз дарынды адамдар саналады. Олар өлең де, жыр да шығарады.

Бүкіл дүние жүзінің фольклоры (ауыз әдебиеті) лирикалық және эпикалық болып екіге бөлінеді ғой. Лирикасы жан сырын шертетін өлең мен жырлар, эпикасы оқиғалы ұзақ өлең-жырлар. Қазақ фольклорында осы екі түрі де бар. Лирикалық жырларға кейін оралатындықтан әзірше эпикалық жырларға тоқталайық. Ол қазақта: толғау, айтыс, жорық және қисса аталып төртке бөлінеді.

Толғау: нақыл толғауы, ереуіл толғауы және тіршілік толғауы болып үшке бөлінеді.

Нақыл толғауында бұрын-соңды болған өнегелі істерді жырлау арқылы замандастарына өсиет айтады. Мұндай толғаулар және толғаушы-жыршылар қазақ әдебиетінде де толып жатыр. Біз солардың ішіндегі ең күрделілерінің бірі — Бұхар жырау Қалқаманұлының толғауларына тоқталмақпыз.

Бұхар жырау он сегізінші ғасырдың аяғында, қазіргі Қарқаралы ауданының территориясында Қаракесек руында туып-өскен ақылды, парасатты, өзінен кейін көптеген нақыл сөздер (толғаулар) қалдырған жырау.

Бұхар заманында Абылай ханның бас ақыны әрі ақылшысы болғандықтан мемлекеттік маңызы бар істерге ақыл қосып, өз ақылын мемлекет жұмысын басқарушы Абылайға істеттіруге тырысады; ақылын алмаған жерде ол ханға былай деп күш те көрсетеді:

Ашуланба, Абылай,
Көтерермін, көмермін,
Көтеріп қазаға салармын
Өкпеңменен қабынба!
Өтіңменен жарылма!
Басына қан көтерген,
Жұртыңа жаулық сағынба.

Бұл арада айта кететін бір жай, соңғы кезге дейін Бұхар жырауға «сарай ақыны», «орда ақыны» деген атақ тағылып келді. Бұхар жыраудың шығармаларын тереңірек зерттегенде, ондай атақ тағу дұрыс болмай шығады.

«Сарай ақыны», «орда ақыны» деген тұжырымдардың тарихи жағынан нақты мағынасы бар. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, орыс әдебиетінде Державинді, қазақ әдебиетінде Байтоқ жырауды алуға болады. XVIII ғасырдың аяғында, XIX ғасырдың басында дәурен сүрген орыс ақыны Гавриил Романович Державин Екатерина II мен I Александр патшаның тұсында жасады. Державиннің ақындық қызметіндегі негізгі тақырыбы патшаны, оның дәрежесін, сән-салтанатын мақтау болды. Байтоқ жырау XIX ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасында, Жәңгір ханмен тұстас өмір сүрген. Ол да Державин сияқты ханды, оның дәрежесін, сән-салтанатын мақтау болды. Патшаның, ханның қылықтарына бұлар сын көзімен қарай алмады.

Бұхар жыраудың творчестволық жолы Державин мен Байтоққа ұқсамайды. Бұхар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси сарын терең, әлеуметтік астар басым. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да.

Бұхар жырауды «орда ақыны», «сарай ақыны» дегізген жай оның шығармаларында Абылай ханның аты көп аталатындығы. «Бұхар жырлары» дейтін шығармалардың көпшілігі Абылай ханға қатысты айтылатын жырлар. Осы жырларға атүсті қарағанда, Бұхар жыраудың ханға, хан ордасына байланысты ақын сияқты көрінетіні рас, бірақ бұған тереңірек үңілсек, Бұхар жырларының Абылайға қатысы форма жағынан ғана, мазмұн жағынан алғанда, оның жырлары ордаға емес, сол кездегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік тұрмысына байланысты айтылғандығы байқалады.

Бұхардың ақындығы туралы Мәшһүр-Жүсіп Көбеев былай дейді: «Ол замандағы жұрттар оны (Бұхарды. — С. М.) көмекей әулиесі дейді екен. Ол кісі қара сөзді білмей, тек, сөйлесе, көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».

Мәшһүр-Жүсіптің айтуынша, басы Абылай болып өз заманындағы төре-қара Бұхар жырауды сөздің ғана «әулиесі» емес жалпы «сәуегей, әулие» адам деп бағалаған. Дінге сенетін фанатизм заманының хан Абылай жортуылға шығар болса, Бұхар жырауға бал аштырып, егер ол «аттан» десе ғана аттанады екен. Ол кезде қазақ арасынан шаманизм дінінің әсері: жойылмаған қазақ халқы шаман дінінің кейбір әдеті бойынша, әсіресе аруаққа табыну, ал таланты адам болса, оларда кие (жақсылық құдайы) бар деп түсіну өте күшті болған.

«Абылайдың киесі сары бура екен, — дейді Мәшһүр-Жүсіп, — Абылай жорықта жеңетін болса, бура жорықтың жолына қарап жатады екен де, жеңбейтін болса, теріс қарап жатады екен. Бура қалай қарап жатса да Бұхар жыраудың түсіне енбей қалмайды екен».

Феодализм үстемдік құрған кездегі бұл сияқты діни фанатизм, қазіргі санасы өскен социалистік қоғам адамы үшін маңғысыз жағдай. Бірақ, мәселе, оның «әулиелігінде» емес, өз заманындағы белгілі ақын, әрі шешен, ақыл иесі адам болуында.

Бұхардың өмірі туралы қысқаша мәліметті осымен аяқтап, енді, Бұхардың шығармаларына негіз болған, сол кезіне саяси-әлеуметтік жағдайларға тоқтаймыз.

Бұхар жырларының негізгі тақырыбы халықтың әлеуметтік тұрмысы. Ол негізінен азаматтық сарынның, әлеуметтік өмірдің ақыны.

XVIII ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының тарихында өте ауыр жылдар болды. 1723 жылы құрғақшылық болып, егін-шөп шықпады. Сыр бойын жайлайтын қазақ еліне, алдағы қыста жұтқа ұшырау қаупі туды. Осы кезде Алатаудың шығыс жағын мекендеген Жоңғария хандығы қазақ елін жаулауға аттанды.

Бұл кез қазақ мемлекеттігінің шаруашылық жағынан ғана емес, саяси басқару жағынан дағдарысқа ұшыраған кезі еді. XVI ғасырда жеке хандықтардан құралып, бір тұтас мемлекет болған қазақ халқы 1717 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін берекесінен айрылды. Тәуке хан кезінде жиі болып тұратын «Күлтөбе басындағы жиылыс» ыдырады. Кіші жүздің ханы — Әбілхайыр, Орта жүздің ханы — Әбілмәмбет, Ұлы жүздің ханы — Барак, ағалық хандық лауазымына таласып, өзара шайнасып жатты.

Қазақ халқының әкімшілік билігінің әлсіреуін, шаруашылық күйінің күйзелуін көрген Жоңғария ханы Цеван Рабтан шабуылға жиырма мың, әскермен аттанды. Жоңғария әскері бұл жолы бұрынғыдай найза, садақпен емес, зеңбірекпен, мылтықпен қаруланып, Европаның әскери білімін пайдаланған еді. Жоңғария әскерін осылай қаруландырып, жаңа тәртіпке түсірген швед инженері офицер Иоган Густав Ренат болды. Ренат 1709 жылы Полтава соғысында Россияғa тұтқынға түсті. Содан кейін ол Тобылға жер аударылған Россия генералы Бухгольцтің экспедициясымен Ертіс өзенін бойлай, Сибирь жорығына қатынасты. 1715 жылы Бухгольц Жоңғария әскерімен соғысқанда, біраз солдатпен бірге Ренат Жоңғария әскерінің қолына түсті. Ренат Жоңғарияда көп жыл тұрып Жоңғар қалмақтарына темір қорытуды, зеңбірек құюды, зеңбіректің оғын құюды, оқ-дәрі, мылтық жасауды үйретті. Сөйтіп, 1723 жылы Цеван Рабтан қазақ елін жаулауға осындай құралмен шықты. Қазақта ондай құрал жоқ еді.

Жоңғарияның қарулы әскеріне қарсы келе алмаған қазақ халқы қатты қырғынға ұшырады: жаны қырылды, малы таланды. Жеңілген қазақтар бытырап беталды құла-түзге қашты, біразы Орта Азия хандықтарына (Бұхарға, Хиуаға, Қоқанға) паналады. Әбілхайыр бастаған Кіші жүз қазақтары Россияға паналады. Ұлы жүздің көпшілігі Жоңғария қол астында қалды. Орта жүздің біразы Сарыарқаға, Ұлытау, Ақтау, Ортау, одан әрі Көкшетауға, Есіл, Ертіс өзендеріне қашты.

Бұл аласапыранда әкеден ұл, шешеден қыз, ағайыннан ағайын айрылды.

Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір жорғам бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Мөлтілдеп қара көзден жас келеді...
Қай заман, мына заман — қысқан заман?
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман,
Ағылған көш-жөнекей шаң борайды,
Қаңтардағы қар-боран қыстан жаман, —

деген зарлы өлеңдер сол күйзеушілік кезде шыққан. Жоңғар басқыншылығынан әрең құтылған ел, аштан қырылған. Бұл күйзелушілік қазақ тарихында «ақ табан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атанды.

Ақтабан шұбырындыда» Арқаға көшкен қазақ рулары (Арғын, Найман, Қыпшақ, Керей, Уақ) бірнеше жыл хандық құрады. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет ол кезде Түркістан қаласында қалып, қашық жатқан Арқадағы елді билей алмады. Мемлекет билігі бір қолда болмай, берекесіз өз бетімен күн көрген елді патшалық Россия, Қытай, Жоңғария әлсін-әлсін шаба берді.

Арқадағы қазақ халқы осылай айнала таланып қысылған кезде олардың арасында Абылай хан пайда болып, бытырап жүрген халықтың басын қосып, біріктірді, елдің мемлекеттік рухын көтеріп талан-тараждан құтқарды. Сондықтан Абылайдың халық алдындағы беделі өзге хандардан гөрі арта түседі. Ел аузында «Абылайдың ала туын ала аттанса, артынан еретін аламаны бізбіз» деген аңыз шығады. Ол кездегі елдің өресі жетпейтін қиын істі жұрт «Абылай аспас асу» деп атайды. Абылайды ақындар ел қамқоры ғып жырлайды, соның біреуі Бұхар жырау.

Абылай кім? Елдің бір аңызында Абылайды Бұхар қаласының ханы — Сүйініш ханның баласы еді, дейді. Абылай ханның ұрпағы, атақты оқымысты Шоқан Уәлиханов Абылайдың атасын былай баяндайды: «Оның атасының аты да Абылай еді. Ол Түркістан қаласын билеп тұрды. Соғыста жеңісі кәп болғандықтан халық оған «қанішер Абылай» деген атақ берді. Оның баласы Уәли әкесінің атағына ие бола алмайды. Көршілес хандықтардың біреуі оны (Уәлиді. — С. М.) өлтіріп, Түркістан қаласын алады. 13 жасар Абылайды Уәлидің бір құлы ғана сақтап қалады. Сенімді құлдарының тәрбиесіндегі баланы (Абылайды — С. М.) алып, қазақ даласына шығып кетеді. Өзінің атақты туысқандарынан күдер үзген жас Абылай Арғынның Қарауыл руындағы Жақсылық дейтін байға жалшылыққа тұрады».

Ел аузында сақталған тағы бір әңгімелерде, Абылай Бұхар қаласында тұрған Әбілпайыз ханның баласы, Абылайдың шын аты Әбілмансұр. Әбілмансұр 13 жасқа келгенде Бұхарды Қызылбас (фарсылар) хандығы жаулайды. Әбілмансұрдың әкесін өлтіреді. Әбілмансұрды бір құл тығып аман сақтап қалады. Ол құл Әбілмансұрды «жақының деп Түркістанда тұратын қазақ ханы Әбілмәмбетке әкеледі. Әбілмәмбет Әбілмансұрмен немере екен. Хан оны жақындығына қарамай жұмысқа салады. Әбілмансұр бұған намыстанып, «өз қорлығынан жат қорлығы жақсы» деп, Әбілмәмбеттен қашып, қазақ даласына кетеді. Ол күнде құлдың, құлағы кесулі болады екен дейді, «құлағын кеспей құл болмас» деген мақал содан қалса керек. Қазақ даласына шыққан соң, Әбілмансұр «хан баласымын» демей «құл баласымын» деп біраз жүреді де, бір кезде құлдықтан құтылмақ болып, Әбілмансұр атын өзгертіп, өзін Сабалақ деп жариялайды.

Қазақ даласына шыққаннан кейін «Сабалақ» атымен Әбілмансұр Үйсін руындағы Төле биге жалшылыққа тұрады. Одан Көкшетау кетіп, Арғынның Жақсылық руына барып, Есіл бойындағы Дәулеткелді дейтін байға жалшы болады. Сол кезде Жоңғария қалмақтары Арқадағы қазақтарды жаулай бастайды. Арқа қазақтары ұрандасып жиналып қалмақпен соғысады. Осы соғыста жас Сабалақ жауға «Абылайлап» тиіп, батырлығы ерекше көзге түсіп, қалмақтарды жеңеді. Оның қайратына сүйсінген ел, соғыс артынан сұрағанда Сабалақ шынын айтады. Содан кейін Арқа қазақтары Әбілмансұрды хан көтеріп, оны, өзі ұранға шақырған атасының атымен, «Абылай» деп кетеді, алты ақ отау тігіп, алты қыз береді, көп мал енші береді.

Абылай өмірін көрсеткен Бұхар жыраудың сөзі былай келеді:

Мен көргенде Абылай!
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет ханға сен,
Қызметкер боп тұр едің!
Қалтаңдап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едің!
Міне, енді, Абылай,
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен еріп соныңнан
Он сан алаш баласын —
Аузыңа құдай қаратқан,
Жусатып тағы өргізіп
Жұмсап тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды күніңіз,
Арсы менен күрсіге,
Тайталасты үніңіз,
Өзің болған күніңде
Бір көшеге сыймады
Азат еткен құлыңыз!

Бұл жырдан біз, ханның ізіне бас ұратын жағымпаз, жасқаншақ ақынды емес, өжет, өткір, ханның жақсы сипаттарын да, міндерін де ашып айтатын ақынды көреміз.

Арыстанбай ақынның айтуынша, Абылай 48 жыл хан болған:

Қылады Макаржада айлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жері —
Хан болған 48 жыл Көкшетауда, —

дейді Арыстанбай. Абылай 1781 жылы өлді, олай болса, оны қазақтың хан көтеруі 1733 жылы болады. Мұның жөні келеді. Өйткені, Абылай Арқаға барып, 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыдан» соң хан болады. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Абылайдың Россия патшалығына бағынам деп ант беруі 1739 жылы.

Хан сайланып, ел билігін қолына алғаннан кейін, Абылайға зор қауіп Россия мемлекеті тарапынан болады. Оны Абылай ғана емес, барлық халық, әсіресе халық данасы Бұхар жырау жақсы біледі.

Жоңғарияның қазақтан жеңілуі хан сайланған Абылайдың рухын көтеріп, ол енді патшалық Россиямен де айқасып көруді ойлап қол жинады. Осы ойы туралы Абылай жыраумен ақылдасқанда халық қамқоры Бұхар жырау Абылайдың Россиямен жауласуын ұнатпайды. Кемеңгер ақын Россияның зеңбірекпен, мылтықпен қаруланған әскеріне қазақтың ағаш сапты найзасы мен садақ асынған әскері төтеп бере алмайтының егер соғыса қалса, қазақ халқы қырғынға ұшырайтынын біледі.

Бұхар патшалық Россияның қазақ даласын алмай қоймайтынын көреді, оған қарсы тұрар қазақта күш жоғын ұғады. Қысылған жыраудың бар тапқан ақылы: «Жиделібайсынға көшу». Жиделібайсын ол кезде қазақпен араласып жатқан Хиуа хандығының жері. «Ақтабан шұбырындыда» біраз қазақ Хиуаға барып паналаған. Бұхар Абылайға бұл туралы былай жырлайды:

Жаулық жолын сүймеңіз!
Мынау жалған сұм дүние
Өтпей қалмас демеңіз...
Менің жасым тоқсан үш
Мұнан былай сөйлеуім,
Маған да болар ауыр күш.
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін
Қылмаңдар жанжал ерегіс,
Бұл қылықты қоймасаң,
Құдайдың бергеніне тоймасақ,
Ағаш үйде кәпір бар
Көрерсің содан теперіш...

Абылай Бұхардың «Россиямен соғыспа» деген ақылын алады, бірақ «Жиделібайсынға көш» деген ақылын алмайды. Көшпеді деп Абылайды кінәлауға да болмайды. Хиуаның шөлімен салыстырғанда Арқаның жері құнарлы, орманы, суы мол, жері қара қыртысты. Бұл құнарлы жерден айырылып, Хиуаға барғанмен қазақ халқын бақыт күтпейтінін Абылай жақсы біледі.

Абылай Орынбор губернаторы Неплюевке 1739 жылы «Россияға бағынам» деп ант бергенмен, көп уақыт бағынбай, бойын Россия үкіметінен аулақ ұстайды. Россияға бағынам деп қана екі ұшты жауап береді де, өзі бұрынғы жауы Жоңғарияны жеңуді алдына бірінші мақсат қып қояды. Жоңғариямен ол талай рет соғысады. Бір соғыста Абылай Жоңғарияның ханы Қалдан Сереннің баласын өлтіріп, өзі де қолға түседі. Қалдан Серен Абылайдан «ұлымды өлтірген сен бе?» деп сұрағанда, Абылай: «Өлтірген мен емес, халық. Менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана» деп, бұлтара жауап береді.

Абылайдың бұл жауабын әділ деп санаған Қалдан Серен оны өлтірмей, тағы бірнеше күн сөзін де, мінез-қайратын да сынап, кісілігіне разы болады да, босатып, еліне қайтарады. 1745 жылы Қалдан Серен өледі. Содан кейін Жоңғария үкіметінің әлсіреп, Қалдан Сереннің балалары таққа таласады, қалмақ халқының елдік, мемлекеттік берекесі кетеді. Абылай осы жағдайды пайдаланып, Жоңғария ішіндегі өзара ру араздығын қоздырады да, оның күшін онан әрі әлсіретеді.

Бірақ Абылай Жоңғарияны билеу арманына жете алмайды. Әлсіреген Жоңғарияны қытай императоры Цян-Зун басып алады. 1756 жылдан бастап қытай қазақ даласына көз тігіп, арандатушылық әрекет жасайды.

Бұл кезде Бұхар жырау «Жиделібайсынға көшейікті» тағы да бастайды, өйткені оған қытайдың арандатушылық әрекеттері бір себеп болса, екінші себеп, сол кезде патшалық Россияның қазақ даласын отарлау саясатының бұрынғыдан да етек алуы еді.

Патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатын іске асырарда зор күш жинаған жерінің біреуі Петропавл (Қызылжар) қорғаны болды. Бұл қорған 1755 жылы Россия патшасы Елизавета Петровнаның, бұйрығымен салынды.

Петропавл қорғанының салынуы туралы қазақ елінде мынадай аңыз бар: Абылай ханға Петр мен Павел дейтін екі көпес келіп — «Есіл өзенінің бойынан бір өгіздің терісіндей жер бер» деп сұрайды. Абылай олардың қулығына түсінбей, берейін дейді. Купецтер өгіздің терісін жіптен жіңішке таспа етіп тіліп әкелген екен дейді. Сол жіпті жазып жібергенде, қазіргі Петропавл қаласының орнын түгел орап алыпты-мыс. Абылай алданғанын білгенмен, уәдесін бұза алмай, таспамен қоршалған жерді беріпті-міс, сол жерге қала салынып, ол Петропавл аталыпты-мыс.

Бұл сияқты өгіз терісіне байланысты аңыз: Англияның бұрынғы отары Үндістанда да, Францияның бұрынғы отары Алжирда да, тағы басқа отар елдерде де бар. Бізге қажеті ертегі емес, сол ертегіге байланысты шындық.

1739 жылы Абылай «Россияға бағынам» деп уәде берген соң, Россия үкіметі Абылайды да, оған бағынған елді де шошытпай, айла-амалмен бағындыруды ойлады. Сол ниетпен ол Абылайдан рұқсат алып, Есіл өзенінің жағасына Петропавл бекінісін орнатты. Бұл бекіністі патша үкіметі алғашқы кезде бекініс деп атамай сауда-саттық базары деп атайды; бекініске әскер әкелсе, сауда мүлкін күзетуші ғана, деп әкелді.

Тұрғын елдің айтуынша, Петропавл бекінісі салынған жерде Арғынның Атығай руынан Дәулеткелді деген ауыл отырады екен. Абылай бұл ауылдың жерін Россияға берген соң, ауыл өкпелеп, Жиделібайсынға көшіп кетіпті-мыс. Бұл туралы сол кездегі бір ақынның мынадай өлеңі бар:

Абылайдың атасы Әбілфайыз
Хан тұқымы төсенбес етек киіз,
Алым алып, жау жұртқа жерді беріп,
Абылайға шықты ма екі мүйіз?

Петропавлдан бұрын: Орынбор, Троицкі, Омбы, Семей бекіністері салынуы мәлім. Петропавл бекінісі солармен қанаттасады. Бұл қалалардың араларына патша үкіметі жиі-жиі казачий станицалар орнатып, олардың бәріне құралды әскер төгеді. Бұл қорғаныс орындарын бекітіп алғаннан кейін патша үкіметі Аягөз арқылы Қашғарияға көз тігеді. Батыс жақ қанатын Сырдарияға қарай жаяды.

Өз заманының көреген ақыны Бұхар жырау бұл құрсаудың не құрсау екенін болжайды, қазақ елін отарлау саясатын жүргізер алдында құрылған қақпан екенін түсінеді.

Абылай хан да бұл қауіпті жақсы түсінді. Бірақ, түсінгенмен не шара! Екі жақтан қысқан патшалық Россия мен Қытайға шамасы келмейді. Сондықтан ол екеуіне де «саран бағынам» деп уәде беріп, бірақ өзі тіріде ешқайсысына да бағынбай, екеуімен де дипломатиялық арбасумен өтті. Абылай билеген Орта жүз қазағы Россияға Абылай өлгеннен кейін, оның баласы Уәли хан болған кезінде бағынды. Бұхар жыраудың Абылай ханды дәріптейтін себебі: «Ақтабан шұбырындыдан» кейін мемлекеттігінен айрылып, тозған Орта жүз қазақтарының басын қосып, елін, жерін қорғайтын мемлекет құрауында: заманына қарай дипломатиялық саясат қолдана біліп, екі мемлекеттің арасында өз қарамағындағы елдің тәуелсіздігін сақтай білуінде.

...Бірақ Бұхар жырау мұнымен ғана қанағаттанбайды. Ол өзінің өткір жырларымен халықты ұйымшылдыққа, бірлікке шақырады, халық тиыштығын арман ете жырлайды.

Бұхар жыраудың жырлары түгелімен отаршылық саясаттан шошынуға ғана емес, ол өзінің кейбір жырында қазақ халқының ішкі тұрмысына үңіліп, оның ішкі тіршілігі туралы да көп нақыл сөздер айтады. Қазақ халқының бейбітшілік өмірін Бұхардың қаншалық тілегендігі оның мына жырынан байқалады.

Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа!
Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа!
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске!
Төртінші тілек тілеңіз
Төрде төсек тартып жатпасқа!..
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алпыс басты ақ орда.
Ардақтаған аяулың
Біреуге олжа болмасқа!
Жетінші тілек тілеңіз,
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа!
Сегізінші тілек тілеңіз,
Сегіз қиыр, шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа!
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа!
Тоқсандағы қарт бабаң,
Топқа жаяу бармасқа!
Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айланған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа!
Он бірінші тілек тілеңіз,
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Қылығымен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің,
Жылай да жесір қалмасқа! '
Не деген тамаша тілек!

Бұл жырда халық тиыштығының бар саласы.түгел қамтылған.

Халқының тиыштығын осылай арман еткен Бұхар бірлігі кеткен елдің қандай күйге ұшырайтынын нақтылы мысалмен дәлелдейді. 1745 жылы. Жоңғарияның ханы Қалдан Серен өлгеннен кейін, оның балалары хандыққа таласып бүлінгені, алауыздықты Абылайдың пайдаланғаны жоғарыда айтылды. Бұхар жырау осы бүліншілікті былай жырлайды:

Кеше қалмақ бүлінді,
Бүлінгеннің белгісі.:
Бұрқан-тарқан болысты,
Уағдадан азысты,
Буыршындай тілдесті,
Жамандықты іздесті
Бірін-бірі күндесті.

Берекесі кетіп бүлінген елдің хал-жайын осылай баяндай келіп, Бұхар жырау қазақ елін бірлікке шақырады:

Бұл-бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз!
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз!
«Байлар оғлы шоралар,
Бас қосыпты» десін де,
Маң-маң басып жүріңіз!
Байсалды үйге түсіңіз!
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз де бір енеден туғандай болыңыз!

Тағы бір жырында Бұхар жырау бірлік туралы былай дейді:

Жақын жерден шөп жиса,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы,
Елдің сәнін кетірер,
Абысынның аразы,
Ауыл сәнін кетірер.

Бұхар — діншіл. Сөйте тұра ол қожаны жақсы, молданы жек көреді. Бұхар жыраудың молдаларды жек көруінде тарихи себеп бар: патша үкіметі қазақ халқын өзіне бағындыруда ислам дінін идеологиялық мықты құрал етіп пайдаланды. Дін таратуға қазақ арасына шыққан татар молдалары халықты «патша үкіметіне бағыныңдар, оған қарсы болмаңдар» деп үгіттеумен қатар, үкіметке тыңшылық қызмет атқарып, бостандық үшін күресуге жиналған елдің, елді бастайтын намысты адамдардың ажалына себеп болды. Қазақ халқының қамын жеген намысты ұлдарының, патша үкіметіне қарсы жасаған әрекеттерін молдалар үкіметке мәлімдеп, қазақ халқының өз күшін еркін жинауға шамасын келтірмеді. Татар молдаларының осындай елге іріткі салушылық пиғылдарын аңғарған Бұхар оларды жамандады. Молдаларды жамандағанда, діншіл Бұхар оларды «дін бұзғыш, алдауыш, арам ниет» деп сөгеді. Оның ол ойын, біз мына жырдан аңғарамыз:

Ноғайларды «ғалым» деп
Әулиедей бас көрер,
Ноғайлардың молдасы,
Сәлдесі болар қазандай,
Ақіретке барғанда
Қожаларды қор тұтқан
Молдаларды зор тұтқан
Ноғайларды пip тұтқан
Тартарсың сонда жазаңды.

Ел бірлігін бұзушыға қарсы болып, ел тыныштығын ойлаған Бұхар жырау бірліктің тетігі хандықта деп түсінеді. Хансыз ел ел бола алмайды деп ұғады. Әрине, өз заманына байланысты бұл ұғым орынды да. Өйткені хандық құрылыс адам баласының өркендеу тарихының белгілі бір кезеңінде керекті болғанын «Семьяның, жеке меншіктің, және мемлекеттің шығуы» дейтін кітабында Энгельс ашық айтады. «Онымен қатар, — дейді ол, — хандық құрылыс өз заманы үшін прогрессивтік формация болды». Олай болса, хандықты жақтағандығы үшін Бұхарды біз кінәлай алмаймыз.

Қоғамның ел билеу тәртібіне феодализм системасын лайық» деп түсінген Бұхар жырау халықтың тыныштығын бұзатын әлеуметтік тұрмыстағы жаман мінездер деп айыптап, халықты жақсылыққа, қоғамға пайдалы мінез-құлыққа шақырады.

Екі жақсы дос болмас,
Дос болса түбі бос болмас,
Ежелгі дос жау болмас,
Шірне үстінде хаты бар;
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кір даты бар,
Ежелгі дос жау болмас,
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде тұтқыр керті бар.

Тағы бір өлеңінде Бұхар осы пікірін тереңдетіп былай дейді:

Жар басына қонбаңыз:
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз.
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер...
Сыпайы сырын білдірмес
Ақырын ғана бүлк етер...
Қызда қылық болмаса
Құр шырайдан не пайда?

Саяси әкімшілікте, ел басқаруға хандық система қажет деп ойлаған Бұхар хандардың етегіне намаз оқымайды, ханға құлша бағынбайды, тиісті жерінде ханды, оған бағынушы ұлықтарды сынап, олардың зорлықшыл екендігін ашып айтады. Үйлену туралы Абылайға айтқан бір ақылында Бұхар былай дейді:

Қатын алма төреден!
Қатын алсаң төреден,
Еркегі болар жау жанды.
Ұрғашысы ер Жанды,
Билік айтар ұл туса,
Аузы кетпес парадан.

Бұхар жырау қанаушы тап — хандар арқа сүйеген феодализмге сын көзімен қарап, оның қанағыштығын, малқұмарлығын, ар-ұяты малға байланыстылығын сөгеді

Кісі ақысын көп жеген
Арам емей немене?
Сыртындағы қулығы
Амал емей немене?
Сусағанда берген су
Шекер емей немене?...
Қайырсыз итке мал бітсе
Аңсаң құрып келгенде,
Саумал бермес ішерге..

Адамның жақсы болуы — ел қамын; көптің қамын ойлауда екенін Бұхар жақсы біледі және жақсы туған жігітті ел қамын ойлауға шақырады:

Ақсұңқар құстың баласы,
Ұяда алтау тумас па?
Ұяда алтау туғанмен
Оның ішінде біреу-ақ алғыр болмас па?
Жалғызының белгісі, —
Аққудан жемді ілмес пе?
Бірге туған ұялас.
Бізге сауға демес пе?
Өзі аштан өлсе де
Айырып жемін бермес пе?
Сөйтіп, жүрген кезінде
Жалғызынан айрылса, .
Топшыдан қанат қайрылса
Құс жаманы жапалақ
0£ан да хор болмас па?
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па?
Атадан алтау туғанмен
Оның ішінде біреуі
Арыстаны болмас па?
Арыстанның барында
Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса киісіп,
Толғамалы қамшы алып
Толғай да, толғай дәурен сүрмес пе?...
Сөйтіп жүрген кезінде
Арыстаннан айрылса,
Қанаты түптеп қайрылса
Ел шетіне дау келсе,
Тосып оны ала алмай,
Алдына келген жақсының
Қадірін де біле алмай,
Қадір құрмет қыла алмай,
Артында қалған жамандар,
Бас-басына тозбас па?

Бұхардың бұл жырынан аңғарылатын ұғым, біріншіден, әрбір адамды халыққа қамқорлыққа шақыру болса, екіншіден, атадан туған алтаудан біреуін ерекше қоюы, тарихты жеке адамның ролін де бағалай білгендігі.

Бұхардың көрегендігі жеке адамның, тарихтағы ролін бағалаудан ғана емес, жекеменшік үстем кездегі өмір қайшылығын көруден де байқалады. Көп жасап, қоғам өміріндегі көп тартысты көзімен көрген Бұхар жырау тіршіліктің тұтқасы халықтың материалдық тұрмыс жағдайы екенін жақын шамалайды. Жеке меншік үстемдік құрып тұрған кезде, біреуден біреудің право жағынан теңсіздігі — әлеуметтік теңсіздік екенін айқын кереді. Осы өмір тәжірибесінен көрген шындықты ол былай жырлайды:

Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң,
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң...
Терде отырған қарт бабаң
Төресін жаңылар малдан соң,
Төркіндеген бикешің
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң,
Доңғалақ арба жүре алмас
Қос арысы сынған соң,
Жігіт жақсы бола алмас,
Алғаны жаман болған соң.
Қос-қос орда, қос орда
Қосыла қонбас малдан соң,
Қоспақ өркеш сары атан
Қом жасамас майдан соң.
Төсі аршынды сұлуың
Сілкіп төсек сала алмас,
Мал кетіп кедей болған соң,

Өмірді сынағыш, алды-артын кең шолып болжағыш ақын тұрмыстың бір қалыпта тұрмайтындығын, өркендейтіндігін, өзгеретіндігін, алға басатындығын, бүгінгі жаңа тұрмыс ертең ескіретіндігін көріп, өмір диалектикасын былайша жырлайды:

Айналасы жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз,
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз,
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жайлауға көшпес демеңіз,
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп
Бір майданда соғысып
Кегін алмас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.

Бұхар жырау өз тұсындағы ауылдың тап қайшылығын да, байдың кедейге зорлығын да, рушыл ауылда атасы аздың кемшілікте болғанын да, жетім-жесірдің күн көрісі ауырлығын да көре біледі:

Үй артында төбешік
Ерттеп қойған ат болар,
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар...
Әзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар.
Өтермеден кетер ме,
Жарлы менен байғұстар
Байдың малын көтерме!
Тайып кетсе табаның
Шашыңды берсең жетер ме,
Аздың ісі бітер ме,
Көптің ісі жетер ме?!
Көп ішінде бір жалғыз
Сөйлесе сөзің өтер ме?

XVIII ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған Бұхар жырау. Бұхардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам Мәшһүр-Жүсіп Көбеев. Осы очеркте біз пайдаланған жырлардың бәрі Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы Мәшһүрдің «Мес» аталатын жинағынан алынып жатыр. Бұхардың жырларын жазған Мәшһүр: «Бұхарекең сөйлеген уақытында, сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізгe келіп жеткен тамыры ғана (нақ жемісті ағаштың өзі колға тимеді дегені ғой С. М.), — дейді. Негізінде Бұхардың бұл мұраларын жыраулардан естіп, жазып алған қазақ жерінде Мәшһүр-Жүсіптен басқа бұрын-соңды ешкім болған емес.

Шоқан Уәлиханов өзінің орыс тілінде жарияланған шығармалар жинағында «Бұхар жыраудың Абылайға айтқаны» деп, оның бірнеше жырының орыс тілінде қысқаша мазмұнын келтіреді (312 — 313-беттер). Шоқан айтқан мазмұнды жырлар Мәшһүр-Жүсіптің жинағында жоқ. Ол жырлар Шоқанның архивында сақталуы мүмкін.

Бұхар жырларының толық сақталмауы, әрине, өкінішті. Бірақ Мәшһүр жазып алған аз жырлардың өзінде Бұхардың өз заманының саяси, шаруашылық, әлеумет тұрмысына көзқарасы айқын сақталған. Бұл жырлар XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің тамаша да қымбат мұралары. Сондықтан да Бұхардан сақталған жырлардың саяси, тарихи және көркемдік бағасы ешуақытта ескірмейді, олар қашан да болса, XVIII ғасырдағы қазақ тұрмысын көркем тілмен жеткізген тарихи шығарма ретінде жалпы қазақ әдебиетінің тарихынан күрделі орын алады.

Бұхардың барлық шығармаларына тән тақырып халық қамы, халық мүддесі, халық мақсаты, халық мұңы. Бұхардың барлық шығармасы сол кездегі халықтың тілегінен туған, ол тілек — қазақ халқының жер бостандығы, ел бостандығы, тәуелсіздігі, тыныштығы, шаттық тұрмысы.

Ереуіл толғаулары. Дүние жүзі халықтары, олардың ішінде қазақ халқы да хандардың, қанаушылардың қорлық-зорлығына көне бермей, жиі-жиі бас көтерген, мұндай көтерілістер кейде жалпы халықтық қозғалысқа ұласқан шақтары да аз болмаған. Солардың бірі — он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында, Батыс Қазақстанда Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс. Махамбет талантты ақын да болған кісі. Ендігі аз сөз, сол көтерілістің неліктен шығып, Махамбеттің оны қалай жырлауы (толғауы) жайында.

1801 жылдан бастап Батыс Қазақстанда, Еділ мен Жайық өзенінің арасында құрылған «Бекей ордасы» туралы, оны басқарған хандар: Бокей, Сығай, Жәңгір үшеуінің патша үкіметіне астыртын қызмет көрсеткені', ол үшін патша үкіметі оларға қандай сый-құрмет көрсеткені тарихи деректерден мәлім.

Губернатор Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, әскери училищеден монархистық рух алып шыққан Жәңгір ханды, патша үкіметі орыс князьдарының дәрежесінде ұстаған. Жәңгір «қазақы» хандардай емес, Россия патшасының салтанатымен тұруға тырысқан және оның халықты қанауы өте өктем болған.

Россия дворяндары мен помещиктерінің салтымен тұрған Жәңгір ханның заманында Бөкей ордасында халықты аса күйзелткен бір мәселе — жер болды. Жәңгірден бұрынғы көшпелі ауыл тұрмысында, жеке ру, жеке адам меншіктенетін жер учаскесі болмайтын мал шаруашылығымен күнелткен қазақ халқында жер жалпы үлкен рудың меншігі саналатын. Әрине, онда да жердің отың суын кедейден гөpi байлар артық пайдаланды.

Бөкей ордасына қараған елдің жерін Жәңгір хан Россия тәртібімен басқарды, яғни барлық шұрайлы жақсы жерлерді өзі алып, өзіне жақтас билер мен байларға бөліп берді. Жәңгір ханның өз қарамағында 400 мың десятинадай жер болды. Ал өзіне жақтас сұлтандарға, байларға, төрелерге былай үлестірді. Мұсағали, Шынғали Орман балаларына 700 мың десятина, Қарауыл қожа Бабажановқа 390 мың десятина, өз інісі Мендігерейге 400 мың десятина, Балқы би Құдайберген ұлына 300 мың десятина, Бегалы султан балаларына 200 мың десятина, Шөке Нұралыхановқа (қайнағасы) 170 мың десятина... 1830 — 1845 жылдары хан өзі қалаған адамдарына 15, 17 мың, десятина жер берді»22.

1830 жылы Бокей ордасында 11660 үй, онда барлығы 58300 жан болған. Соларға Бокей ордасының малға жайылымдық, шабындық жерін бөлгенде, жан басына 48 десятинадан келеді23. Бірақ, жалпы есеп солай болғанымен, осы жердің бәрі қанаушы таптың қолына көшіп, еңбекші халық жерден қатты тарығады.

Бөкей ордасына қарасты барлық жердің шұрайлысын қазақтың өз феодалдарына ғана меншіктенумен қанағаттанбайды, оның біразын орыс помещиктері, казачий станицаның атамандары мен кулактары алады. Шабындыққа, қысқы қонысқа ең жайлы жер — Орал өзенінің, Каспий теңізіне құятын сағасы, осы арада помещиктер Безродко — 185 960 десятина... Юсупов — 114 640 десятина меншікті жер алады»24 .

Казачий станицаның атамандары мен кулактары Орал өзенінің құнарлы жерін көшіп барған елден «мал оты үшін» деген сылтаумен 1834 жылы 7 252 сом ақша алады. Каспий түбегіне осындай көп шығынмен ғана малын жаюға қазақтарға рұқсат еткен әскери-казактар, қазақтарға ақысыз-пұлсыз жұмысын да істетеді. Мысалы, қазақтар 1833 жылы ақысыз-пұлсыз теңіз бен өзеннің құрағынан жерді иеленген казактарға 25 000 бау құрақ орып берген.

Халықты жерден қысу, рақымсыз қанау мұнымен ғана тоқтамайды. Жәңгір ханның Каспий түбегін билетіп қойған адамы Қарауылқожа Бабажанов: «1834 жылы орыстарға сендер үшін төледім» деп өтірік айтып, қазақтардан 2000 бойдақ қой, 2 000 тоқты, мың сом ақша алады және І0 000 бау құрақты тегін орғызады»25.

1837 — 1838 жылдары Бекей ордасында, Исатай — Махамбет бастаған халық көтерілісі, осы рақымсыз екі жақты талаудан туды.

Тарихи деректерге қарағанда, қазақ феодалдарына, беделді адамдарға арқа сүйеген Жәңгір хан, сол кезде халық арасында беделді Исатай Тайманұлын да өзіне тілеулес, өзінің сойыл соғар биі етуге тырысқан. Бірақ халық зарын көріп отырған Исатай, ханның бұл қақпанына түспей, халықпен ханды жақтаушылар қарсы келгенде халық жағында қалады.

Исатайдың халық көтерілісін ұйымдастырып жүргенін естіген Жәңгір хан Исатай мен оған серік Махамбетті ұстауға Қарауылқожа бастаған бір топ адам жібереді. Исатай мен Махамбет оларға қарулы көп қолмен қарсы шығып бетін қайтарады. Келесі жылы 17 февральда Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылын шауып, 550 жылқысын, 95 түйесін және көп мүлкін алады.

1837 жылдың июнь айында Исатай мен Махамбет бастаған қол Нарын құмындағы хан ордасына шабуылға аттанып, орданы қамайды, хан бұл кезде әлсіз болғандықтан қарсы шыға алмайды, ханды Исатай бастаған қолдың ұстауына да, талауына да, өлтіруіне де мүмкіндік туады. Бірақ Исатай ханмен қан төгіспей-ақ келіспекші болып, ол «айтқаныма көнсе тимеймін» деп кісі салады, сасқан хан, «айтқанына кенем» деп Исатайды алдап, соның артынан іле-шала Орал қаласындағы патша үкіметінің әскеріне астыртын хабар айтады. Одан подполковник Гек бастаған көп әскер келіп соғысады. Бірақ қару-жарағы басым Гек әскері Исатай — Махамбет қолын Орал өзеніне қарай ығыстырады. Дегенмен адам шығыны көп болмайды, одан әрі қууға қауіптенген Гек әскері кейін қайтады.

Көп кешікпей Исатайды жақтайтын ел Орынбордағы шекара әкімдеріне: «Ханды орнынан түсіріп, ел билігін Исатайға бер» деген тілек қояды, оны үкімет тыңдамай, Исатай — Махамбет көтерілісін күшпен басу қамына кіріседі.

1837 жылдың ноябрінде Исатай 3 000 қолмен хан ауылын қайта қамайды. Осы кезде: Оралдан, Астраханнан, Орынбордан көп әскер келіп, үлкен соғыс болады, Исатай жеңіледі. 1838 жылы июль айында Исатай бастаған қол патша үкіметінің әскерімен тағы кездесіп, бұл жолы Исатай оққа ұшады, халық қырылады. Махамбет пен аз кісі ғана аман құтылады. Исатай — Махамбет бастаған халық көтерілісі осымен аяқталады.

Исатай — Махамбет бастаған халық көтерілісін жырлаған, көтерілісті салқын ғана сипаттамай, халықты жырымен көтеріліске шақырған, жырын көтерілістің мықты бір қаруы қып жұмсаған ақын — Махамбет Өтемісов. Ол ақын ғана емес, көтерілісті Исатаймен қатар ұйымдастырушы, бастаушы, жауға қалам мен найзаны бірдей сілтеген батыр, көтерілістің ұйтқысы.

Махамбет Өтемісов 1804 жылы туған. Ол жасырақ кезінде хан ордасының маңайында өседі. Хажым Жұмалиев Махамбет өлеңдеріне жазған кіріспе сөзінде, Махамбет Жәңгірдің Зұлқарнай дейтін баласына еріп, Орынборға орысша оқуға барды дегенді айтады. Бұл дұрыс емес, себебі, біріншіден, Жәңгір хан 1824 жылы Фатимаға үйленіп, одан Зұлқарнай туса, сонда 1804 жылы туған Махамбетті Зұлқарнаймен оқуға барды деу жас мөлшері жағынан тым қисынға келмейді, екіншіден, егер Зұлқарнай 1824 жылдан кейін туғанда оқуға 1832 — 1834 жылдары баруға тиіс. Олай болса, бұл кезде 30 жастағы Махамбет патша үкіметінің абақтысынан қашады, ендеше өзі қашып жүріп, ол Зұлқарнайға еріп, Орынборға қалай барады? Үшіншіден, өмірбаянына қарағанда Махамбет біреудің қасына еріп жүретіндей адам болмаған сияқты.

Махамбет бір өлеңінде: «Біз Өтемістен туған он едік Онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік», — дейді. Ол онның ішінде Махамбеттен басқа аты белгілілері — Бекмағамбет, Ахмет. Бекмағамбет ханның жақтаушысы және оның 12 биінің бірі болған. Ал Ахмет Махамбетті жақтаған. Хан Махамбетті де өз кісісі етуге тырысып, 1834 жылы оны старшина қойып та байқайды. Бірақ Махамбет ханға сатылмай, көтерілісші халық жағында қалады.

1829 — 1831 жылдары Махамбет патша үкіметінің абақтысында жатты деген дерек бар. Оның себебін кейбір тарихшылар Махамбеттің Орал өзенінен бері қарай жасырын өтемін деп шекара әскерінің қолына түсуінен еді деп жүр. Ол жылдары патша үкіметінің Орал мен Еділ өзендері арасын мекендеген Бокей ордасының қазақтарын Оралдың қазақ жағына қарай өткізбейтіні, өтемін дегенді шекара әскерінің ұстайтыны рас; бірақ мұндай адамды олар абақтыға жаппай, қорқытып айып алып, босатып жіберетін болған.

Ал сол үшін патша үкіметінің Махамбетті екі жыл абақтыда ұстауы күмән тудыратын жай, сондықтан мұның өзі басқа бір жағдаймен байланысты болар деген ой тудырады. Осыған қарағанда Махамбеттің ханға, патшаға наразылығы ерте басталғанына да осы жай себеп болуы мүмкін.

1837 — 1838 жылдарда болған көтерілісте Махамбет ақындығымен қатар аса қайратты батыр ретінде көзге түседі.

1838 жылы Исатай өліп, көтерілісті үкімет күшпен басқаннан кейін Махамбет Хиуа хандығына барып, Хиуаны бастап Россиямен соғыспақ болады. Ол жоспарын іске асыра алмаған Махамбет, еліне қайтып, тағы да қазақ халқын көтеріліске ұйымдастырғалы жүргенде 1841 жылы қолға түсіп қалады. Орынборға айдалып, абақтыда отырады. Бұл жолы оның абақтыда қанша отырғаны мәлім емес. Бірақ ол абақтыдан тағы да қашып құтылады. Содан кейін, елді тағы көтеріліске ұйымдастырып жүргенде 1846 жылы Жәңгірдің туысы, Баймағамбет сұлтанның бір сенімді адамы Ықылас деген Махамбетті қапыда шауып өлтіріп, басын Баймағамбетке әкеліп береді.

Тарихи деректерге қарағанда Махамбет арабша жазу арқылы хат білген. Бірақ ақын Махамбет өзінің жырларын жазды ма, жоқ па? Ол жайында сақталған тарихи дерек жоқ. Оның өлеңдері ауыздан ауызға көшіп, халық аузында ғана сақталған. Махамбеттің сақталған өлеңдері көп емес, шамамен мың жолдан аз-ақ асады. Махамбеттің бұдан көп жырлар қалдыруы да мүмкін. Бірақ ол жырлардың бәрі біздің заманымызға жетпеген.

Әйткенмен Махамбеттің бізге жеткен аз жырларының өзінде тарихты және XIX ғасырдағы көтерілістен туған поэзияны тану үшін де ерекше маңызы бар.

Көтеріліске қатынасып, оны бастаудың мақсаты не екенін Махамбет Баймағамбет сұлтанға айтқан жырында былай деп баяндайды:

Мен, мең едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім
Исатайдың барында:
Екі тарлан бөрі едім!
Қай қазақтан кем едім,
Бір қазақпен тең едім!?
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім?!
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім!
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім!
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім!
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім!
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім!
Тақта отырған хандардың,
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім!
Әлдилеген баласын,
Жетім етсем деп едім!
Хан сарқыты — сары бал,
Сұраусыз ішсем деп едім!
Ханның киген кіреуке,
Үстіме кисем деп едім!
Қанікейдей көріктіңді
Қалыңсыз құшсам деп едім!
Өздеріңдей хандарды
Осылай етсем деп едім!

Махамбеттің бұл жырындағы сөздер көп түсіндіруді қажет етпейтін пікірі ашық: халықты қанаушы хан мен билерге, байларға қарсы айтылған толғаулар. Жырда Махамбеттің алдына қойған мақсаты да ашық, ол халықты қанаушыларды жою, түп-тұқиянымен құрту, халықты талаушылармен ешуақытта келіспеу, оларға ешбір рақым қылмау. Сөйтіп, патша үкіметі, хан, орыс помещиктері мен қазақ байлары өз меншігіне алған шұрайлы жер «Еділдің си тоғайына елді қондырып», еркін жайлату, жердің отын халықтың малына жегізу, отаршылдық саясаттан кедейленіп қалған елді байытып, «Еділ бойына мал толтыру». Махамбет тағы бір жырында халықтың қанаушы топқа рақымсыздығын, онымен ешуақытта келісімге келмейтінін былайша баяндайды:

Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім!
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім!
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім!
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім
Ерегіскен дұшпанның,
Екі талай болғанда,
Азыққа етін жеп едім!
Хан баласы ақсүйек
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едің.
Ата жауың мен едім.

Махамбет жырларында жер мәселесі де айқын із қалдырған. Ол туралы Махамбет былай жырлайды:

Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Ханның кірген ақ орда
Бұзуын ойлап кеңестік.
Аламанға жел бердік.
Аса жұртты меңгердік.
Қара қазақ баласын
Хан ұлына теңгердік.

Жер үшін, жерден таршылық көрген ел үшін атқа мініп, қол бастаған Исатай мен Махамбеттің көтеріліс жасаудағы мақсаты үзінді алынған жырда айқын айтылған. Исатай өлгеннен кейін халық көтерілісін патша үкіметі күшпен басып, Махамбетті Баймағамбет сұлтан ұстатып алғанда, Махамбет бұл ұстаудан мұқалмайтындығын, жауына бас имейтіндігін, күні туса көтеріліске қайта шығып, ханмен қайта жауласатынын жасырмайды. Ол былай дейді:

Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса тағы жетілдім...
Көрмей көлмен деп едім,
Өз еркіммен бетіңді ай,
Есігіңнің алдына
Ұрмай, соқпай келтірген
(Арманың барма құдайға),
Мынау Махамбет сынды «жетімді-ай!»

Махамбеттің пікірінше ер ел үшін туады. Ел қамын жемеген, қарабасының қамын ойлаған адамнан басқаға келер пайда жоқ. Ел қамқорымын деген адам, елге сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамқор болсын, елдің намысын үйде отырып емес, атқа мініп, халықтың жауымен қандасу арқылы жоқтасын: олай істемегендер елдің адал ұлы емес:

Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда есірген,
Туған ұлдан не пайда:
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса!

Нағыз адам халықтың басына қиыншылық туған кездерде жанын аямай, халықты сол азаптан құтқаруға атсалысқанда ғана халықтың адал ұлы бола алады.

Орай да, борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?!
Қаптай соққан боранда —
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласа тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шапағат нәмәрт оңар ма?
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігіттің
Өзін кәпір, қатының
Талам деп айтсаң болар ма?

Халық қамын ойлап атқа мінген азаматқа, халық бостандығын әперу оңай жұмыс емес. Бостандық жолында талай қиын кезеңдер, тайғақ өткелдер, тар асулар бар. Ол қиындықтардан батыл қимылдаған адам ғана өте алады.

Ереулі атқа ер салмай
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ірімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақал шығып жат болмай.
Aт үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме...

Халық үшін жанын қиятын адамдар, Махамбеттің айтуынша, қиялдағы адамдар емес, ондай артық туған адамдар халық арасынан әлі де көптеп шығады. Халық туғызған ондай жақсы азаматтарды Махамбет шын ынтасымен, әлі жеткенше көтере мақтайды. Махамбеттің тұсындағы алық қамын ойлайтын және оның ер жүрек, адам ұлы Исатай еді. Ал, Исатай өліп, көтерілісті патша үкіметі мылтық күшімен қан-жоса қып басқаннан кейінгі халық басына туған ауыр халді, қайғылы, қаралы күнді Махамбет былай сипаттайды.

Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанған шөккен күн,
Бұлықсып жүрген ерлерден
Бұрынғы бақыт тайған күн,
Садағы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн.
Қос бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
Қуанып көңілі тынған күн.

Исатайдың елімін Махамбет, жүрегі сыздай, лебі жалындай қайғырады. Исатайға ерген халықты патша үкіметінің, аяусыз қыруы Махамбетке қатты батады. Бірақ жігерлі, отты Махамбеттің бұл қайғыдан ұнжұрғасы түсіп кетпейді, халық бостандығын көксеп жанған оның үміт оты сөнбейді. Күші басым әскерден жеңілісті Махамбет «көтерілістің біткені осы» деп бағаламайды. Халықтың болашағынан үміт етіп, алдағы күндегі халық көтерілісін былайша арман етеді:

Желп-желп еткен ала ту Жиырып алар күн қайда?! Орма мылтық тарс ұрып, Жауға аттанар күн қайда?! Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Арғымақтан туған асылды Баптап мінер күн қайда?! Елдегі асыл жақсыдан: Батасын алып дәм татып, Түлкідейін түн қатып, Бөрідейін жол жатып, Жаурынына мұз қатып Жалаулы найза қолға алып, Жау тоқтатар күн қайда?!

Махамбет жорықтың ақыны. Халықты қанаушылар бостандықты ықтиярымен бермейтінің халық арман еткен бостандығына қанды күрес арқылы, жауап қан майданда жеңу арқылы ғана жететінін жақсы ұғады. Сондықтан, ол Исатайы өліп, көтеріліс басылып, басына қаралы күн туған халықты жылаумен жасытпайды, қайтадан көтеріліске, қанды майданға шақырады, жауын жеңбей тынбауға, бостандықтың ұлы жорығына, ұлы жеңіске шақырады:

Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еңкеймей кірер, күн қайда?
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда?
Садақ толған сай кез оқ,
Масағынан өткізіп,
Басын колға жеткізіп.
Созып тартар күн қайда?...

Махамбет халықты қайта көтеруді арман қылып қана қоймайды, ол енді көтерілісті ұйымдастыруға атқа мінеді. Бірақ еңсесі басылып қалған халықтың көтерілуге шамасы келмейді. Махамбеттің ойдағысы болмайды. Патша үкіметі қудалаған Махамбет елден айрылып Хиуаға кетеді. Көздеген мақсаты ойдағыдай болмай, әрі елін сағынған ол қатты тарығады. Осы кезде шығарған жырында Махамбет елін, туысқандарын, қатын-баласын сағынып, кекті күңіренте, жерді солқылдата күрсінеді. Бірақ күресшіл ақын да қайғының толқынына тұншықпайды, ұлы арманынан жаңылмайды, бастағы зарын айта келе, жыр аяғын баяғы арманы — халықты қанаушыларды жоюға әкеп тірейді. Осы мақсатын іске асыруды арман еткен ол әлі де сүйген халқынан күдер үзбейді, халықты қайта көтеру мақсатынан қажымайды:

Абайламай тарылдым,
Аржақтағы елімнен.
Нарын деген жерімнен,
Тірі кеттім демеймін,
Кем болмады өлімнен,
Теңім үлгі алмады,
Аузымдағы желімнен,
Ісім кетті далаға,
Қашан етіп шығам деп,
Қайғырамын мен-дағы,
Жайықтан арғы далаға...
Қаралай отын жармадым —
Тас қазанға асарға,
Махамбеттей мұңдыға,
Енді келер күн қайда?
Ханға құрған шатырды:
Сүңгімен түртіп ашарға?...

Халық ісіне шын ынтасымен берілген Махамбет «ер төсектен безінбей, ерлердің ісі бетер ме!» дегенімен оның жеке басының арманы да жоқ емес. Махамбетте адамдық үлкен жүрек бар, ол халық бақытын рахат тұрмысын көксеумен қатар, өз басының да бақыты мен рахатын аса көксейді. Сүйген жарының, сүйікті балаларының қасында тыныштықта күліп-ойнап өмір сүре алмауына ол қатты қайғырады:

Қосылған жаста арудың
Көре алмай кеттім құлашын,
Арпа жемес арғымақ
Ақселеу отқа зар болар,
Миуа шекер жемеген
Алғаным менен балаларым,
Қоңырсыған, дүние-ай,
Қой етіне зар болар.
Қатын қалса бай табар,
Қарындас қалса жай табар,
Артымда қалған ақсақал
Алқалай кеңес құрған күн,
Ақылменен ой табар.
Кейін қалған жас бала,
Күдер үзіп біздерден,
Көңілі қашан жай табар?...
Ақсұңқар құстың баласы,
Қасқыр тартқан жемтікке,
Ағармай көзі қонар ма?

Елінің, оз басының, үй-жайының қайғысын айтып күңіренген Махамбет сонда да дұшпанға иілмейді. 1841 жылы Баймағамбет султан қашып жүрген Махамбетті ұстатып, абақтыға айдатар алдында Махамбет Баймағамбетке көтеріліске неге қатысқанын жасырмай айта келіп, қолында тұтқын болып отырса да, оған былайша қайрат білдіріп шошындырады:

..Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар, намысым қашырман.
Сүйегім тұтам қалғанша,
Тартынбай сөйлер асылмын.
«Ай, тақсыр-ау», ай, «тақсыр»,
Бойың жетпес биікпін,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Айта келген сөзім бар
Не қылсаң да жасырман.
Шамдансам жығар асаумын
Шамырқансам сынар болатпын,
Көр қылад деп, «тақсыр-ау!»
Аяғыңа бас ұрман.
Бәйеке «сұлтан» ақсүйек
Қыларың болса қылып қал, —
Күндердің күні болғанда:
Бас кесермін, жасырман.

Халық бостандығы үшін болған күресті сипаттайтын XIX ғасырдағы поэзияда Махамбет жырларының орны ерекше, өйткені XIX ғасырдағы халық көтерілісі кезінде найза мен қаламын бірдей қару етіп жұмсаған одан басқа ақын жоқ. Көтерілісті жырлаушы әрі істің, әрі сөздің қажымас қайратын Махамбеттен өзге ақындардан әзірге кездестірмейміз. Шынында басқа ақындар ең әрі кеткенде көтерілістің жыршысы ғана болады.

Екіншіден, Махамбеттің жырлары құл ұстаушы мен күл болушылардың ешуақытта татулыққа келе алмайтындығының, құлданушы тапты, құл болушы тап біржола жоймай, көңілі тынбайтындығының айқын бейнесі. Исатай — Махамбет көтерілісі — ешбір саяси программасыз басталған халықтың стихиялық күресінің бірі. Сондықтан Махамбет жырларында да айқын саяси программа жоқ. Сонда да Махамбет жырларының ерекше қасиеті, стихиялық күрес шиеленісе келіп, саяси саналы күреске ұштасатынын дәлелдейді.

Үшіншіден, Махамбеттен бұрын жасаған ақындардың бұрынғы батырлар туралы айтылғандары оның жырларында кездесетіндері бар. Мәселен, Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны Едіге батырдың Тоқтамыс ханға айтқанымен сарындас, кей жерде тіпті жолына жолы, сөзінe сөзі дәл келеді. Бұдан, әрине, Махамбет бұрынғылардан алды деген қортынды тумайды. Мұндай ұқсастық жалғыз Махамбет жырларында ғана емес, ауыз әдебиеті ақындарының барлығында да ұшырайды. Мұндай әдет Бұхарда, Дулатта, Шортанбайда және басқаларда да бар.

XVIII — XIX ғасырларда патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы қазақ даласының әр жерінде, үлкенді-кішілі толып жатқан көтерілістер шыққан. Өкімет XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ феодалдарының жәрдемімен оларды қан-жоса етіп басып, кең даланың ен бойына әскерлік қорғандар салып, халықты тырп ете алмайтын халге келтірді. Содан кейін қазақ елін басқаруды қолына алып, 1822 жылдан бастап қазақ хандықтарын жойып, даланы дуан (округ) аталатын әкімшілікке бөлді. Оларды басқаруға сенімді адамдарынан «аға» және «кіші» сұлтандар қойды. Солардың бірі Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов болды.

1868 жылы патша үкіметі жаңа заң шығарып, әкімшілікті Россия тәртібімен: болысқа, уезге, губернияға бөлді де, болыстар мен старшындыққа ғана қазақтарды «сайлап», одан жоғарғыларын патша чиновниктеріне басқартқан. Осыдан кейін қазақ еңбекшілері қазақ феодалдары мен орыс қанаушыларының екі жақты қыспағына түсті. Осы бір тұстағы қазақ елінің тағдырын толғаған бірталай жыраулар да болды.


Пікірлер (1)

Айша

«Елу жылда ел жаңа...» — дейді қазақ мақалы. Рас сөз.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз