ӘДЕБИ ПОРТРЕТТЕР
Бұдан бір жыл бұрын, 1936 жыл, 19 июнь күні дәуіріндегі еңбекші адам баласының зор данышпанының бірігуі социалистік мәдениеттің маршалы, Лениннің сүйікті досы — Алексей Максимович Горький дүниеден қайтыс болды.
Максим Горький 68 жыл жасады. Алпыс сегіз жасының қырық төртін ол жазушылықпен өткізді. Қырық төрт жылда ол социалистік мәдениетке тозбайтын да, таусылмайтын да мол алтын қор жасап берді.
Максим Горький жазушылық жұмысына 1892 жылдан бастап қатысты. Энгельстің бағалауы бойынша бұл жыл Россияның жалғыз жер кәсібін істейтін отандық қалпынан шығып жер өндірісіне кәсіп өндірісі араласқан кез, Россия капитализм жолына түскен кез. Россияда жұмысшы табы құралып, ол тап алдына саяси мақсат қойып, социал-демократия партиясын жасап ғылыми марксизм бұлағынан суарыла бастаған кез. Марксизм ғылымын
бұрмалаушыларды рақымсыз сынап, жұмысшы табын coциалистік революция жолымен тура бастаған орыс халқының ең ардақты ұлы, жер жүзі пролетариатының көсемі, еңбекші адам баласының бақыт күні Владимир Ильич жарыққа шыққан кез. Горькийдің қалам ұстауы ұлы орыс ұлтының тарихын да осындай бір бақытты дәуір
Горький қаланың кедей семьясында туып, ауыр бейнетте өткен жазушы. Өзінен бұрын орыс халқының атақты жазушыларындай мектептен алған мол білім Горькийде жоқ. Оның мектебі тұрмыстың өзі. «Балалық», «Адам қатарына кіру», «Менің университеттерім» деген шығармаларында ол тұрмыстың қандай мектебін басынан кешіргенін айтады. Оны көркем әдебиетте өте зор реалист қылған осы шындық тұрмыстың ұлан-байтақ мектебі. Россияда шын мағынасында марксизм ұрығын бірінші рет себуші де, сепкен ұрықты өсіріп жемістендіруші де Ленин. Максим Горький Ленинмен 1907 жылы танысты.
Танысқанға шейін де Ленин ұстаздық көрсетті. Зор peалист Алексей Максимович Горький әлеуметтік тұр мыстың шындығын жақсы білгендіктен қаламды алғашқы ұстаған мезгілінен-ақ Ленин іліміне сәйкес шығармалар жазды. Бірінші жазған әңгімелерінің өзінде Горький «Челкаш» сияқты денесі қуаттың кені, адамгершілігі жоғары, күшті кейіпкерлерді берді. Егер де тура бастаушы болса челкаштардың қолынан нендей үлкен істер келетіндігін Горький бірінші әңгімелерінде-ақ дәлелдеді. Горькийдің бірінші әңгімелерінің өзі бостандыққа жетпей тынбайтын еңбекші көпшіліктің денесіндегі қуатының, кеудесіндегі үміттің өлшеуіш таразысы еді.
Бұл уақыттың қай арнамен қалай қарай баратынын Горький тез ұқты, Россияның үстіне төніп келе жатқан революция дауылының ол хабаршы құсы болды. Горький революция дауылынан ықтаған жоқ. Оны қолдады. Оған қарсы ұшқан құстың қанаты сынатынын ол білді. Бірақ қанаты сынған сұңқарларды сарнатқан ол жоқ. Аждаһа-жылан капитализм «қанаты сынған сұңқарды», сұңқардың сыздаған жарасын, сорылған қанын сарнаумен емес, сабырмен қарсы алды. Сұңқардың сынған қанаты денесін көтеріп биікке шарықтата алмады, бірақ жаралы сұңқардың денесі жерде болғанмен көңілі көкте еді. Көкте шарықтаған көңіл келешекті айқын көрді. Тап тартысында тәні тілегіне ере алмаған сұңқар, тілегі тез жарыққа шығатынына сеніп өлді.
Сұңқар, әрине, қанды шоқпарынан күрес үстінде қаза тапқан революцияшыл жұмысшылар, бірақ мылқау шоқпар революция үшін күрескен революцияшыл жұмысшы армиясының барлық солдатын ұрып жыға алған жоқ. Мылқау шоқпар ұрған сайын жасудың орнына жұмысшы табының шыңдала түсетінің шынығатынын Горький «9 январь» деген әңгімесінде, «Ана» деген романында көрсетті.
Орыс қана емес жалпы жер жүзінің көркем әдебиетінде жұмысшы күресінде жауын жеңуі Коммунистік партияның дұрыс басқаруымен байланысты екені тарихпен дәлелденген. Социалистік революция жолымен жұмысшы табын тура бастайтын жалғыз Коммунистік партия екенін Коммунистік партия басқарған уақытта ғана жұмысшы табы таптық мақсатына жете алатынын көркем әдебиетте Власов бейнесі арқылы бірінші рет көрсеткен жазушы Максим Горький. «Ана» романында Горький социалистік революцияның характерін дұрыс түсінгендіктен, 1907 жылы Лондонда жолыққанда Горькийге Ленин былай деген: «Кітап өте керекті. Революция қозғалысына түсінбей дақпыртпен қатынасқан жұмысшы көп. Енді олар «Ананы» қып, өздеріне үлкен пайда алады».
Көркем әдебиет тап құралы деген осы. Пролетариат көзқарасымен жазылған жақсы көркем шығарма таптық тәрбиені қаншалық бере алатынын Лениннің осы сөзі дәлелдейді. «Дауылпазда» социалистік революцияға хабаршы болған Максим Горький, одан кейін ұраншы, күресші болды. Әлеумет жұмысына қаламымен қырық төрт жыл қызмет көрсеткен ол ешуақытта революцияға белсене қатынасуын бәсеңдеткен жоқ.
Максим Горькийдің, барлық шығармаларын алғанда соңғы қырық-елу жылдағы тап тартысының таразысы сықылды. Таразының бір жақ басындағы табағында Власов араласқан революцияшыл жұмысшы, екінші басындағы табағында Егор Булычев араласқан шіріген капитализм. Горькийдің бірінші әңгімелерінен бастап таразының жұмысшы жағы басыңқы бола береді де, «Клим Самгинде» капитализмнің табағы біржола төңкеріліп, жұмысшы табының табағы қайтып қозғалмастай боп революцияның граниттей берік негізіне мықтап орнығады. Тап тартысының осы екі таразысы бірін-бірі қай уақытта қалай басқаның қайсысына қай уақытта нелер салынып, иемен ауырлағанын оқушы айқын, ашық көреді. Сондықтан Горькийдің барлық шығармасын Россиядағы социалистік революцияның көркем жазылған тарихы деуге болады.
Көркем әдебиеттің қай уақыттағы тарихын алсаң да дәуіріне тұлға болған жазушылар жалғыз көркем шығармамен ғана шұғылданып қоймаған. Олар өзін дәуірінің, алдыңғы қатардағы адамымын деп түсініп, әлеумет тіршілігінің барлық жүйесіне пікірін айтып, басшылық қып өткен. Максим Горький де осындай.
Горький алдына тар шеңберлі мақсат қоймаған жазушы. Өзін пролетариаттың көсемінің бірімін, пролетариат мәдениетінің, пролетариат моралінің бейнесімін деп салмаған ол, сүйген табына жалғыз көркем әдебиетте емес, әлеумет тұрмысының өзге жүйесінде де ұстаздық қылған жазушы. Ол әрі жазушы, әрі сыншы, әрі публицист, бірақ осы тармақты пікір жүйесі онда қамшының сапасындай бірі мен бірі өріліп, біріне-бірі жалғасып, бірінен бірі өрбіп, бірін-бірі бекітіп, жымдасып жатады.
Пікірін көркем тілмен айтсын, сын тілімен айтсын, оның тілін жұмсайтыны екі ғана зат, біреуі — жұмысшы табын мөлшерсіз сүю, біреуі қанаушы тапқа мөлшерсіз өшігу, қас болу!
Горький жазуды жазу үшін ғана жазған адам емес. Көркем тілмен жазсын, сын тілімен жазсын оның алдына қойған міндеті — социализмді дәріптеу, еңбекші көпшілікті социалистік бағытта тәрбиелеу, социализм дұшпанына ешбір келісім жасамау. Осы жағынан алып қарағанда оның соңғы жылдарда жазған: «Адамгершіл интеллигентке жауап», «Мәдениеттің шеберлері, сендер кімге ересіңдер!», «Егер жау берілмесе — құртар болар» деген мақалалары Горькийдің қаламының дұшпанға бұрынғыдан да ұштала түскенін көрсетеді. Сонымен қатар ол көркем сөздерде жауды жауша жарып көрсетуді әлсіреткен емес. Соңғы жылдарда жазып, аяқтай алмай кеткен оның «Клим Самгиннің өмірі» деген романындағы Клим Самгин Отанымызды фашистерге сатпақ боп пролетариат сотынан әділ жаза тартқан бандалардың образы.
Горькийге совет ақын-жазушылары екі жақтан қызығу керек,
Бірінші, Горькийдің барлық еңбегін бойына түгел сіңіріп, білімін Горькийше көтеріп, басқа да, дұшпанға да Горькийше қарай біліп, дәуірді Горькийше сүю, жазуды Горькийше жазу.
Екінші, Горькийдің образын өз шығармаларында беруге тырысу.
Совет жазушыларына Горькийдің өмірі жазуға қажет тема. Жазуын білген адамға ол даяр кейіпкер. Бірақ, даяр деген сөздің айтылуы жеңіл болғанмен, орындалуы қиын. Горькийдің образы әрі жабайы, әрі үлкен. Горькийді ұға алып, Горький қалпында көркем әдебиетте көрсете білсе, совет жазушысы социалистік әдебиетке үлкен еңбек сіңірген болар еді. Бұл ардақты міндетті орындауда совет ақын, жазушыларының біреуінің бақыт маңдайы алдағы күнде жарқырауға тиіс.
* * *
Горькийді менің алғаш көруім 1928 жылы Ленинград вокзалында, оның Советтер Одағына шетелден алғаш келген жылы. Бірақ бұл көру елес сықылды, түс сықылды ғана көру болды. Оны қарсы алған халық вокзал маңына сыймайды, иінтірескен көп адамның үстінен кеңірдегімізді созып, басымызды қылтитып, Горькийдің кескінін көзіміз зорға шалды.
Елесін ғана көріп, шала құмар болып қалдым. Мұнан соң Алексей Максимовичи мен 1933 жылы бетпе-бет қасында отырып айқын көрдім. Бұл: Мәскеу, Воровская көшесі, 52 үй, Жазушылар одағының басқармасы, Алексей Максимович Горький өз кабинеті. Ол — Горькийдің Жазушылар одағына бастық кезі.
Ел аузында ертегі болып кеткен, ел оны, ол елді сүйеді үлкен адамды көру мен жабайы адамды көру бір , мес. Үлкеннің үлкендік мысы қашан да жеңіп тұрады.
Горькийдің қабылдауында отырғанда әрбір минут маған сағаттай көрініп, дәтім шыдамады, сабырым таусылды, пролетариат мәдениетінің тұтқасы болған дәуді көруге асықтым. Оның қабылдауын күткен кісі көп еді.
— Кезек сіздікі, — деді осындай асығып отырған маған секретарь әйел, — кіріңіз!
Қуаныштың оты жүгірген демнен аздап қалтырап есікті ашсам, жауырыны еңкектеу, иықты, кең танау, қалың бурыл мұртты, шүңірек көк көзді, кен, маңдайлы, ұзын бойлы, арық, ақ сары кісі басын оң иығына сүйеп, оң жақ қолының жұдырығын шекесіне таяп отыр екен.
— Сіз қай ұлтсыз? — болды қол алысқаннан кейінгі ол і ісінің аузынан шығарған бірінші сөзі.
— Қазақпын.
— Ә-ә! — деді аз ойланып. — Шылым тартасыз ба? — деп папиросын ұсынды.
— Тартпайтын едім, рақмет.
— Соныңыз жақсы деді, — Алексей Максимович мұртынан күліп, — шылым деген сор, солай бола тұра үйренген адам тастай алмайды. Сіз жазасыз ба?
Мен Алексей Максимович Горькийге қысқаша өмірбаянымды, жазу тарихымды айттым.
— Совет заманына кездескендеріңіз бақыттысыздар, — деді Горький маған, — бұрын сіздейлердің талайы бейнеттен өлді.
Кабинетке кіргенде мен 10 шақты минут қана отырармын деп ойлаған едім. Сөйлесе келе уақытты ұмыттым. Алексей Максимович жазу столынан тұрып, қызыл шуға жапқан ұзын столға менімен қатар отырды да, маған сұрауды жаудырды. Оның сұрауы фольклордан басталды.
— Елдеріңіздің ескі әдебиеті қалай? — деді ол.
Мен ол кісіге Қазақстанның бай фольклорын қысқаша айтып ем.
— Сіздер алтын қазыналы сандықтың үстінде отыр екенсіздер, — деді ол кісі қуанышты кескінмен орнынан тұра келіп, — дін мен капитализм кесір жасап, халықтың ескі алтын мұраларынан айрылған ел аз емес. Біздің орыс әдебиетінде талай «Слово о полку Игореве» болуға тиісті, бірақ ұмытылған.
Алексей Максимович фольклорды өте қымбат бағалайды екен. Фольклордан үйрену туралы ол кісі маған көп кеңестер айтты.
Алексей Максимович Горькийдің бірнеше сұраулары: жазба әдебиеттің басталуы совет әдебиетінің, өркендеуі туралы болды. Абайдың XIX ғасырда әдебиетке жасаған жаңалығын айтқанымда ол кісі «это прекрасно!» деген сөзді әлденеше рет айтты.
Қазақ совет әдебиетінің алдағы мақсаты Алексей Максимович Горький жалпы Советтер Одағының әдебиет мақсаттарымен байланыстырды. Ол кісінің айтқан ақылы: Отанды сүю, қазіргі темаларды көп жазу, жауға мейрімсіз болу.
Мен берген сұраулардың ішінде Алексей Максимович Горькийдің өкінішпен жауап бергені: денсаулығы кемдіктен шақырған жерлердің, көбіне бара алмауы, әсіресе Орта Азия елдерін көруге жағдайы болмай жүргендігі.
...Бір сағатқа жақын кеңестік. Мен кабинетке кіргеннен 10 — 15 минут өткен соң секретарь әйел есік ашып еді.
— Мен өзім айтам, — деді Алексей Максимович.
— Тағы да келерсіз, — деді Алексей Максимович сағатқа жақын уақыт өткенде, сіңірі жуан саусақтары салалы, ұзын білекті қолын ұсынып, — қош болыңыз!..
Бұдан кейін де мен әлденеше рет жолықтым. Бірнеше сөздерін, баяндамаларын есіттім. Жолыққан сайын менің алған әсерім: Горький жазушылығы мен үлкендігінен басқа, адамгершілігі өте зор адам еді. Сыпайылық, жұмсақтық, әдептілік, бауырмалдық қасиеттері Горькийде түгел еді. Ол адамды жатырқамайтын еді, адамға менмендік мінез көрсетпейтін еді, оның жүзі алдыңда жарқыраған күндей жылы тартып тұратын еді, бірақ ол тап жауына рақымсыз еді, өйткені адам еңбегін жейтін қанаушы таптың адамдарын, ия соларды қолдайтын адамдарды Горький адамға есептемейтін еді, Горькийдің ұғымында: қанаушы тап адамдары сау адамның, еңбекші адамның денесіне шыққан уды, зәрлі жара, ол жараны аямай сылып тастамаса сау денені өлтіреді. Фашизмнің асыранды иттері троцкийшіл-бухариншіл бандиттер адамшылықтың бар шегінен шығып, Алексей Максимовичті қастықпен өлтірді. Жан түршіктірген бұл жауыздықты естігенде жауға ашу кегің қайнайды, данышпан Горькийдің қаны үшін фашизмнің жалдама жендеттері бізге қымбат төлейді!
Алексей Максимовичтің аты пролетариат мәдениетін бұдан да жоғары сатыға шығару жолында, пролетариат мәдениетінің әскерлеріне жарық жұлдыз болады.
«Социалистік Қазақстан», 1938 жыл, 28 март.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі