1
Құдайы құрғырдың күні от боп жанып кетті ме, не қылды? Адамның миын қайнатып, шекеден өткен ыстық табаннан бір-ақ шығуға айналды. Таз кісінің басындай аш-жалаңаш неткен дала?!.. Осы жолға мені айдаған құдай ма, адам ба?.. Құдай да емес, адам да емес, шайтан түртіп, жоқ жерден кәсіп іздей қалған өзім! Мені ұрып өлтіретін кісі жоқ. Қасқырбай — «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала, шаңырақтың үш күлдіреуішінен, ошақтың үш бұтынан тіле!» дегенде тілін алмадым, «байлар қаскүнем болатын еді, есігінде жүріп жалшы болған маған, баратын жолымнан табатын табысымды қимай тұрған шығар» дедім. Бір жағынан Досымжанның сөзі де қамшы болды. Ол бала жастан бірге өсіп, біте қайнаған досым еді. Жалшылықтың зардабын екеуміз бірге тартқан ек. Ақырда ол талпынып, қызметкер болып кетті, ал, мен айыр мен күрек арасында қалып қойдым. Обалы не керек, өзі төре болғанмен, кедейді залалға итерген жері жоқ оның. Сол Досымжан: «Ауылда жүріп не бітіресің? Колхоздың жұмыскері жетеді, ағаңды мұнда қалдыр да, өзің Қарағандыдан келіп колхоздан шартпен кісі алып жатқан өкілден қалма. Ол Қазақстанның маңдайдағы жұлдызы сықылды өндіріс орны. Егер онда барсаң жұмыскер боласың. Бұл үкіметтің тізгіні жұмыскерде. Тұрмысың колхоздағыдан артық болмаса кем болмайды» деп үгіттеді. Үйден соның сөзіне елігіп шығып қап ем. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған адам, бір жұмаға жақын жолаушылағасын қажуға айналдым. Аштық-тоқтық көрсем де колхозымда жүрмеген екем!..
Жынды кісідей өзіне өзі осылай сөйленіп отырған Тастан, құрым киізден істеген күркеге кіріп, басына күн өтпеуге бір кенеп орамалды байлады да, далаға қайта шығып, шай қайнататын отын іздеуге кетті. Сәскеден жоғары өрлеп, Арқаның бұлтсыз аспанына жүзген күн, ыстық лебін күшейте түсті. Жел тып-тымырсық бола қалды. Жаңа жағылып, алғашқы пардың лебімен дуылдап тұрған моншадай далада дем алудың өзі қиынға соқты. Ішке тартқан дем жалынның лебіндей өзекті өртеп кетті. Біраз қараған, баялыш, тобылғыларды қопарып алып, қосқа қарай арқалап жөнелгенде, ыстық күннен құрғаған Тастанның тілі таңдайына жабысып қалды.
Таңдайы қатқан Тастан қосқа кеп, сусындайын деп еді дәнеңе табылмады. Елден алып шыққан көже-қатықтарының торсықтары сарқылып кеше бүктелген. Су іздеп еді, маңайда жоқ екен. Таңдайы одан жаман қатып бара жатқасын, күркеге созыла кеп кірді де, қорылдап ұйықтап жатқан жігіттердің арасына қисая кетті.
«Мен бұл араның жолын білем. Менен басқа адам сендерге басшы болса, жолда шөлден қатырады. Мен біреуіңнің ерніңді кептірмей, бұрынғы ел-елдің жайлауындағы құдықтарды аралатып отырып Қарағандыға бір-ақ түсірем» деп мардамсыған Жолдығұлды «тапқан суың мә!!..» деп Тастан маңдайға тапсырып жіберуге бір оқтанып, жұдырығын көтере берді де, сабыр етті.
Күркеге кіргесін, құрғаған аузына түкірік жинала бастады. Тастан өз түкірігін өзі зәмзәмдей, мейірі қана жұтты. Ептеп денесі жайылайын деді...
Бұлар үш қос, қырық сегіз кісі еді. Бәрі де қылқын кескендей жас жігіт. Жолшыбай сауық қып барамыз деп, Тәуірбай деген өлеңшілеу жігіттің сырлы көк домбырасын ала шыққан. Тастан жаны көлеңкеде аздап сая тапқасын, жан-жағына қарап еді, көзі көк домбыраға түсті. Аздап көңіл жұбатайын дегендей, қолын созып домбыраны алып, шегін ақырын іліп-қағып керсе, түндегі бұрауы сол қалпында сыңғырап тұр екен. Бірақ қатты қағуға болмайды, жолдастары шырт ұйқыда.
Домбыраны кеудесіне басқан Тастан ойға кетті. Сырт қарағанда тұйық жігіт сықылды болғанмен, Тастанның той бастарлығы мол еді. Шілдеханада, келіншек келгенде, құда түсерде... деген сияқты сауықтарда:
— Тастан, кәне, бастап жіберші, «ауылдың алты ауызын!» десе, тамағын кенеп:
«Еу, ал десе міне шаптым боз ойнаққа,
Келіппін, құдай айдап қызойнаққа.
Ағалар айт дегенің өлең болса,
Басайын «он екі звот бес будаққа!» —
деп жөнелетін. Miнe, осы өлеңді ол, қостың ішінде де айта жаздап, жан-жағында ұйықтап жатқандарға көзі түскесін тоқтады. Дауыс тоқтағанмен, ішінде ақтарылған өлең тоқтаған жоқ. Аузы ғана жыбырлаған ол, әдетте айтатын тағы бір өлеңін іштей жалғастырып әкетті:
«Әуелі керек нәрсе білім деген,
Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.
Екінші — елден таңдап бір сұлу ал,
Қиғаш қас, оймақ ауыз күлімдеген.
Үшінші — елден таңдап бір жүйрік мін,
Шапса да қазған орға сүрінбеген.
Төртінші — елден таңдап бір мылтық ал,
Көзіңе көрінгенді мүдірмеген.
Бесінші — заманында күл де ойна,
Бір күні шал боларсың дірілдеген!»
Осы арада оның ойы аз бөгелді. Өйткені «жүйрік ат, сұлу қатын, түзу мылтық» оның ес білгеннен бергі арманы еді. Сол арманды көзіне қайта елестеткенде, бозбалалардың мына өлеңі аузына тағы еріксіз кеп түсті:
«Тыңдасаң жақсы өлең — құлақ құрышы,
Тәтті ұйқы, қалың төсек — жанның тишы.
Жүйрік ат, түзу мылтық, сұлу қатын.
Жігіттің мал мен бағы, дәулет құсы
Қатының жақсы болса жайлау жердей.
Онымен өмір сүру, биік өрдей.
Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын,
Күйсіз құс түлкі алмайды бәрі бірдей.
Бай кісі үйде отырып малды айтады,
Сал жігіт сүйер ғашық жарды айтады.
Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын,
Үшеуі ер жігітті қартайтады».
Бұл өлеңді аяқтағанда, Тастанның ішінде дауыл соқты. Оған себеп, — арман қылған «сұлу қатын, жүйрік ат, түзу мылтық, алғыр құс, өткір пышақ» оның әзіргі өмірінде қолына ілікпей келеді. Ал, азарда-безер боп, ат-тонын ала қашатын «шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын» жасынан үйір болды.
«Шабан ат» дегені — оның сегіз жасында, әкесі Тілеубек сатып алған қайқы бел қарагер мәстек. Он шақты жан күнелткен жалғыз мәстекке өмірінде жал біте ме? Жазы, қысы қабырғалары сидиып, борбайы тыртиып, арқасынан қанды ірің ағып жүрмей ме? Өмірінде мойнынан қамыт түспегесін, қамшы кесті болған ол мәстек шабан болмағанда кім шабан болады? Кендір құнттың түйік жағымен қабырғадан ала бес-алты рет тартқасын, құйрығын көтеріп, арба, шананы теуіп тұрып алмай ма ол? Осы «арам қатқыр қу мәстекті» Шоқбыт та, Тастан да ашуы келгенде, талай рет бауыздап тастамақ та болды, бірақ, оны бауыздағанда жақсы атты кім береді. Сол шабан мәстек шегелеп қойған ырыстай қанша тепсе де кетпеді. Арқа тері арша, борбай еті борша болса да, жаны сірі немедей, өлмей жүре берді де, табаны күректей жиырма үш жасап, былтыр ғана құдыққа құлады. Міне, Тастанымыздың маңдайына жазылған «шабан аты» осы.
«Жаман қатын» дегені — жеңгедей алған Долданай. Тастанның ағасы Тасқұл бұдан төрт -бес жыл бұрын өлген. Оның бес баласымен, жасы отыз бестерге келген әйелі осы Долданай қалған. Тастан Долданайды жақсы біледі: қолында өсті, баласындай боп өсті. Ағасы өлген жылы Тастан жиырмада еді. Долданай одан он бес жас үлкен, өзі елде атаққа шыққан көкайыл... Жасынан күл-көмірдің арасында, қорлықта, тәрбиесіз өскен Долданайдың екі сөзінің біреуі «әкеңнің аузы...» Сол тілінен ол талайдың ауыр таяғын жеп те бақты. Бірақ, сүйекке сіңген әдет кетпеді, қанша тепкілегенмен, ешкім оны өлтіріп тастай алмады. Өлтірмей ұрғанға ол тілін тыймады... Міне, осы Долданайды ағайыны «аға өлсе іні мұрасы; ағаңның шиеттей балаларын қайда қаңғыртасың? Шаңырағыңды бұзба (онда бір шаңырақ бар немедей!), екі жарты, бір бүтін бол! Сенен ыңғайлы адам жоқ, Тастемірдің өзінде бала-шаға көп» деп еріксіз қосты.
Жас байға тидім деп Долданай тілін тартпады. Қосылғанына екі-үш күн өтпей-ақ, әкені қойып, Тастанның өз аузына жіперді. Тұзақтан Тастан басын босата алмады. Осы Долданайдан ол былтыр өлгенде ғана құтылды. Онда да сүзек қағып әкетпегенде, «жаман қатын» кім екенін Тастан өмір бойы көретін еді.
Міне, осындай тамық тұрмыста жасаған Тастан, Қарағанды жақсы деген сөзбен «неде болса тәуекел!» деп үйінен аттанған еді. Қарағанды оның көзіне өзі арман ететін «сұлу қатын, жүйрік ат, түзу мылтықтың» бәрін тауып берердей елестеген еді.
Ауылдағы азапты тұрмысының ащы дәмінен жүрегі айныған Тастан, тар қостың ішінде пысынай жатып, іздеп келе жатқан Қарағанды туралы ойлап кетті. Жалпы шахты дегенді, оның ішінде көмір шахтысын естігені болмаса, көрген емес ол. Естуінше, Қарағандының көмірі жердің астынан қазылып алынады...
Тастан өзіне «ол көмір жер астына қайдан барды?» деген сұрау қояды. «Ауылда көмір күйдіргенде, ағашты жағып, үстіне қалың шымды үйетін еді, түтіні ғана шығып, жалындамай бықсып жанған ағаш көмір болатын еді... Қарағанды көмірі осылай жасала ма екен? Егер қолдан жақса, осынша көп бола ма? Пәлен мың кісі қазып тауыса алмайды дейді!.. Жаққан адам жерге неге көмеді оны?!»
Ойы осылайша шатасқан Тастан қалғып кетті. Ар жағы түске айналды: көмір дегені алтын боп кетті... Алтынды ол қалталап емес, қапшықтап жинады...
2
— Апыр-ау, бұ не деген зор қала?!.. Мынаның ішіне кірген адам адасып кетіп, жатар жерін өмірінде таба алмас! — деді Тастан қасындағы жігіттерге Қарағандының солтүстік деңгейіндегі адырға шыға келіп, қала ең алғаш көзіне түскенде.
— Рас, мынау бір керім екен! Айналасына ат шауып жете алмас мұның! — деді қасындағы Балғабай.
— Ат қайдан жетсін мынаған. Аттың әулиесі көп болса жиырма бес шақырым шабады. Мынаның бір жақ бетінің өзі жиырма бес шақырым бар шығар. Әне қала!.. Әне қала!.. Әне, күншығысында екі қала!.. Әне, күнбатысында үш қала!.. Ойпырой, қаланы да сала білген екен! — деді Тастан.
— Бұның қалалары тұтас болмайды екен ғой, қала-қаланың арасын жарты шақырым, бір шақырымнан салғанша тұтастырып неге жібермеген? — деді Балғабай.
Неге олай екенін ешқайсысы да білмей, бірауыздан «кім білсін?» деді де қойды.
— Өзі, осы қала... күйіп жатқан жоқ па? Сона бір сорайған бірдемелерден шығып жатқан қара қошқыл түтін не? — деді Тастан аздан кейін.
— Бара көрмесек қайдан білейік, — десті өзгелері.
Қарағандының сыртқы көрінісіне таңырқаған бұлар, бірден бірге сұрастырып, жұмысшылар алынатын контораны тапты.
— Хош келдіңіздер! — деп құшағын жая қарсы алды оларды, контора бастығы.
— Казаков бригадасына берілесіздер, сіздер, — деді бастық оларға.
— Ол мына кісі, — деп алып зор денелі кісіні таныстырды.
— Біз орысша білмейтін едік, — деген сөзге:
— Казаков қазақша біледі, — деп жауап берді бастық.
Казаков олармен қазақшалап сөйлесе бастап еді, «қ» әрпін «к» ғып, «ғ» әрпін «г» ғып айтқаны болмаса, байырғы қазақтай сөйлеп ағып тұр.
— Жеке үйге орналасу жайы кейін бола жатады, — деді бастық жігіттерге, — әзірге жалпылық жатақ үйде мекендей тұрасыңдар.
«Жатақ» дегені — дөңес жердің етегін жыра салып, терезесін жабығына орнатқан ұзыннан-ұзақ үй екен. Оның іші жалпылық вагонның ішіндей тақтаймен бөлініп, әрбір бөлімшеге жұмысшылар қаз-қатар жататын койкалар қойылған. Үйдің ортасын қақ жарған тұтас коридор.
Жатақханаға келген жұмысшылар әуелі моншаға түсіп тазаларын киінді, одан кейін асханаға барып ауқаттанып алды. Жатуға олар кештетіп келсе, сменадан қайтқан адамдардың дауысынан жатақхана іші у-шу екен. Өз орындарын тапқан жаңа жұмысшылар, шудан мазалары кете тұра, жатып тынығуға кірісті.
Шаршаған өзгелері тез ұйқыға кеткенде, Тастанның көзі бақырайып жатты да қойды.
«Тұрмысымыз осы болса, көгендеген қойдай қаз-қатар тізілдік» — деп бір ойлап қойды ол. У-шуы аз, адамы сирек ауылы түсіп кетті оның ойына. Әлденеге ол көзіне жас алды...
Сондай ойдың тереңіне сүңгіген ол қалғып кетіп еді, әлдекім оятты, көзін ашса, қасындағы жолдастары түрегеп, киініп жатыр екен. Мезгіл түн сияқты, электрдің іңірде шаңқан жарығы әлі де шақырайып тұр.
— Неге ерте дүбілдіңдер? — деді ұйқысы қанбаған ол керіле есінеп, жолдастарына:
— Казаков кеп оятып кетті. Таң білініп қалды дейді, шахтыға барамыз дейді...
Тастан киініп болғанша Казаков қайта оралды да, бәрін асханаға апарды. Өзгелерінің не ішіп, не қойғанында Тастанның жұмысы болған жоқ, ал, өзінің жүрегі әлденеге өрекпіп, тамағынан қою ас түгіл, қант салған тәтті шай әрең өтті.
Жаяу бастаған Казаков жаңа жұмысшыларды шахтаның аузындағы үйшікке алып кірді.
— Енді шахтыға түсеміз, — деді ол.
— Қалай? — деді жұмысшылар.
— Түсер тесігіміз мынау! — деп Казаков ішін тақтаймен қиыған құдықты көрсетті.
Жұмысшылар үңіліп қараса, қарауытқан түбі көрінбейтін бір тұңғиық.
— Немен түсеміз, бұған? — десті олар.
— Лебёдка аталатын жәшік бар, кәзір келеді, соған мініп түсеміз.
— Кім көтеріп түсіреді оны?
— Өзі. Электр қуатымен.
Лебёдка да келіп қалды. Казаков бастаған бір топ адам, лебёдкамен төмен сырғи жөнелгенде, жүректері зырқ ете қалған бәрі бірауыздан «алла!» деп қалды. Тастанның өкпе-бауыры алқымына тығылып, аузынан шығып кетуге таянған сияқтанды, оның құсқысы келді...
Төмен заулаған лебёдка тоқтаған кезде:
— Келдік,- — деді Казаков, есігін ашып, — шығамыз.
Дым — топырақ сасыған шахтының ішіне шыға, қалтарыстау бір қуысқа алып барған Казаков, әуеле шахты құрылысының қалай жасалғанын айтып түсіндіріп алды да, жүретін және көмір қазылатын жерлерді аралатып көрсетті. Одан кейін, қайланы қалай ұстап, көмірді қалай шабу тәсілін үйретті.
Бұл сездерді Тастан құлағымен емес, көзімен тыңдағандай болып, шахтының ішін аралағанда, бадырайған екі көзі шарасынан шығып кете жаздады. Өйтпегенде қайтсын, — жер астының қанша тереңдігіне түскен шамасы есінде. Осынша тереңдікте тірек қана ұстап тұрған сияқты төбе құлады бар ғой, — енді қайтып жарық дүние көруі жоқ!..
Сондай қорқыныштан бойы дірілдеген Тастанға Казаков қайланы ұстатты да, қолға ұстаған фонарьдың жарығына шағылысқан көмір қыртысын нұсқап:
— Ал, жолдас, кәне, сілтеп көр, қайланы! — деді.
Қарулы Тастан құлаштай сермеген қайланы көмірдің қалың қыртысына соғып-соғып жібергенде, кең шахтының іші күңгірлеп кеткен сияқтанды...
«Не де болса тез болсын!» дегендей, Тастан қайланы өршелене соқты...
3
Хат білмейтін Тастан, қолхозда қалған ағасы — Тастемірге тұрмыс жайын, амандығын айтып ұзақ уақыт хабарлаған жоқ. Жұмысқа жіберуін жібергенмен, іле сағына бастаған Тастемір, хабарсыз інісін қайдан, қалай іздеудің амалын таба алмай, өзі барып білуге, колхоз жұмысынан босамайды. Және анау-мынау да жұмыс емес ол, ұсталық жұмысы. Егер ол кетсе, колхоз жұмысы тұрып қалатын сияқтанады.
Сүйтіп жүріп арада төрт-бес жыл өтті. Бір күні, ұсталық дүкенде темір соғып отырған Тастемірге, бесінші класта оқитын баласы жүгіріп келді. Қолында газет...
— Е, не болды?! — деді, дүкенге ентіге кірген балаға Тастемір. — Неге жүгірдің сонша?
— Шүйінші, әке!
— Иә?
— Тәтемнен... хабар...
— «Тәтесі» кім?
— Тастан ағамды айтам да!..
— Иә? — деді Тастемір елеңдей ғап.
«Міне, былай деп жазған» деп, бала газетті оқи жөнелді. Ол сөздерге сенсе, Тастан Қарағандыда атақты көмірші болып, планын үздіксіз асыра орындаған, көп сыйлар алған...
— Не дейді, жаным-ау! — деді нанарын да, нанбасын да білмеген Тастемір, — басқа бір Тастан болып жүрмесін!..
— Емес, — деді бала, сөзін нығарлай айтып, — әрі фамилиясы тәтемдікі. Әрі, міне, сүгретін де салған, — деп, газетті әкесіне ұсына берді.
Көз нұры жас шағынан әлі таймаған Тастемір, баласы ұсынған газетті алып қараса, сүгреті басылған адам — аумаған Тастан!.. Маңдайына бала кезінде құлын теуіп түсірген айшық таңбасына дейін, оң көзінің үстіндегі меңіне дейін түсіпті. Кескін-кейіп дәл соныкі. Ал, бірақ, ол дейін десе, «шакарна» киінген бір төре: әдемі костюм, ақ жағалы көйлек, галстук!.. Бұрын тақырлап қырып жүретін шашын да өсіріп, сол жақ шекеден оңға қарай жылмита қайырып тарап тастапты...
«Апырау, бұл біздің Тастан болса игі еді!» — деп ойлана қалған Тастемір:
— Айына қанша еңбекақы алатынын жазған ба? — деді баласына.
— Оқыдым ғой. Естімедің бе?
— Тағы да оқы!..
— Үш жарым мың!
— Үш жарым мың?!
— Иә, солай деп жазыпты.
— Ойбай-ау, ол тіпті көп ақша ғой!..
— Жазғаны солай! — деді, өз ішінде де «тіпті көп қой» деп ойлап тұрған бала...
Хабарсыз інісінің ақшасына емес, амандығына қуанған Тастемір, баласының оқуына сенбегендей, естияр біреуге оқытпақ болып, колхоз басқармасына келді.
— Шырағым! — деді, мінезі салмақты есепшіге таянып кеп, — мына бір газетті оқып берші.
— Несін? — деді есепші, Тастемірге газетті қолына ұстатқанда.
— Мына мақаланы! — деді бала, газеттің, оқуға тиісті жерін нұсқап.
Бұл мақаланы бұрын көрмеген есепші, жазылған хабарға Тастемірден кейін қуанған жоқ. Газетті қайта-қайта оқытқан Тастемірге:
— Бұны оқи берудің, қажеті жоқ, — деді есепші. — Ендігісін көзбен көру керек.
— Қалай?
— Іздеп бару керек!..
Тастемір ойланып қалды...
4
Бұрын аулынан ұзап шықпаған, пойызға өмірінде мінбеген Тастемір Қарағанды пойызымен келіп вокзалына түскенде, қаптаған адамның арасынан қайда барарға білмей аңырып қалды. «Аты Қарағандыда» деп іздеп шыққаны болмаса, Тастанның адресі оның қолында жоқ.
Басы айналған Тастемір біраз отырып есін жинады да, көрінген адамнан «Тастан Тілеубековті білесін бе, шырағым?» — деп сұрастыра бастады. Біраз адам жөнін айтудың орнына оны мазақ қып күлді. Енді біреулер:
— Байғұс-ау, бұлай сұрап қайдан табасын? Қарағандыда не көп, — адам көп. Адресін білмеген адамды табуға болмайды, әуре болмай үйіңе қайт! — деді.
Біреулер паспорт столына баруды ұсынды. Тастемір оны қайдан тапсын. Сол сандалумен бірер күн өтіп, Тастемір қайтуға толқи бастаған кезде, әлдекім Тастанның тұрағын біле кетті.
Білумен ғана қоймай, ол вокзал маңынан машина тауып алды да, жаңа қалада тұратын Тастанның пәтеріне тура апарып түсірді.
Өз аулынан басқа жерді аз көрген Тастемірге алғаш келіп түскенде, ескі Қарағандының өзі «Мысыр шәріндей» көрікті сияқтанып еді. Енді жаңа қалаға келсе, мұндағы зәулім, көркем үйлер оның өңінде көруі түгіл түсіне де кірмеген.
Әкелген жігіт Тастемірді есік алдына қалдырды да, «мен біліп шығайын» деп, үйге кіріп кетті. Оған ере, қолына екі-үш жасар ұл баланы көтерген көрікті жас әйел шықты. Бұл Тастанның жұбайы — Асылтас еді. Тастемірді ол сыртынан еститін.
Амандасып танысқан әйел Тастемірді пәтеріне алып кірсе, — бұл сияқты салтанатты үйді Тастемір өмірінде көрген емес және мұндай пәтер болады деп ойлаған емес.
Тастан жұмыста екен. Құрметпен қарсы алған Тастемірді Асылтас оңаша бөлмеге орналастырды да, асқа тойғызғаннан кейін, інісі келгенше дем алуын өтінді. Басы мамық жастықта, жамбасы жұмсақ диванға тиген, ұйқыдан қалжырап жүрген Тастемір ілезде қор ете қалды.
Ол со қалпымен ұзақ ұйықтар ма еді, қайтер еді, егер сағынған інісі оны оятып жібермесе. Шырт ұйқыдағы Тастемір, әлдекім түрткенге ояна кеп, қызарған көзін кең аша қараса, қасында бір төре отыр!..
— Тасеке, салаумаликем! — деп төре қолын ұсына бергенде Тастемір інісін кескінінен емес, даусынан танып құшақтай алды... Ол өксіп жылап жіберді...
Аз күн тұрып байқаса, Тастандай жақсы тұрған байды да Тастемір өмірінде көрген емес: пәтері кең, жасаулы, киім-кешегі мол, ішім-жемі көл-көсір, ақшада есеп жоқ сияқты... Өйтпегенде қайтсын, — өзінің мол табысына, кеңседе қызмет атқаратын әйелі де бірталай үлес қосады екен!..
Тастемір бұл үйге, «табанымды тап бастым» деп бекінген бір ойын ала келген еді.
— Шырағым, — деп айтқалы келген еді ол Тастанға, — бет-бетімізбен осы бытырағанымыз да жетер енді. Қазір колхоз да ешкімнен осал емес. Онда да табыс көп. Онда да еңбек атқарған кісі жақсы тұруға болады. Сен енді туған жеріңе қайт. Жақсы -жаман болсын, қалған өмірді бірге өткізейік. Бала-шағаға бірігіп бас-көз болайық.
Енді, Тастанның тұрмысын көргеннен кейін, ол сөздерді айтайын десе, күрмеліп қалғандай, тілі оралымға келмей-ақ қойды. Тек қайтар алдында ғана алыстан орағыта ескертейін деп еді түсіне қалған Тастан:
— Аға, — деді Тастемірге, — мені енді, не соқаға салып, не мал бақтырып қайтесің. Сүті суалмас сауынды жер астынан таптым. Қалған өмірге соны сауа берейін де. Сиыр мен биені сен-ақ сау!..
— Жөн сөз, шырағым! — деді айтар дауы жоқ Тастемір, — сүті суалмас сауыныңды, шынында да тапқансың. Ендігі тілегім — суалмас құтыңды тәңірі, тек, ұзағынан сүйіндірсін!..
— Айтқаның келсін! — деді Тастан.
Октябрь, 1933 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі