Өлең, жыр, ақындар

Николай Тихонов туралы

ӘДЕБИ ПОРТРЕТТЕР

Оған міне, аттай 28 жыл өтті. Сол жылы Ленинград университетіне сабаққа түскенмен, бұл қалада күз айларында жаңбырдың төпеп тұратын күндердің бірінде, төбеме қол шатырымды қалқалап келе жатырмын бетім — Сенат алаңы, іздеп келе жатқан үйім — Мария сарайы.

Бұл үйге мен жай келе жатқан жоқпын. Оқу маусымы бастала, бізге әдебиет теориясынан лекция оқитын Якубовский, бір сәтте «қазіргі совет ақыны, ағайынды Серапионовтардың бірі — Николай Семенович Тихоновтың поэтикалық әдісі» деген тақырыпта сөйлеп өтті. Өзін «формализм мектебінің» адамына санайтын ол «Тихонов шығармаларында да бұл сарынның жаңалығы бар» деп отырады. «Қазіргі ақындарымыздың ең күштілерінің бірі» деп мақтады, оның шығармаларын оқуды өтінді, жақын арада, осы тақырыпта арнаулы семинар еткізбек болды.

Тихоновтың шығармаларын оқи бастағанда, ол кезде орыс тілін шалағайлау білетін маған, өлеңдері түгелінен түсінікті бола қойған жоқ; ал оның прозасын, әсіресе түріктер жинағын аса қызығып оқыдым, өйткені, қарапайым халық тілінде жазылған бұл кітаптан мен шындық өмірдің өте қызғылықты бейнелерін көрдім.

Жауын-шашынға қарамай менің Мария сарайына келе жату себебім, кеше біздің университеттің рекламалар жапсырылатын тақтайында, «Ертең Мария сарайының ақ залында ақын Николай Семенович Тихоновтың шығармаларына арналған әдебиет кеші болады» деген жарнама оқығам. Бұрын атын ғана естіп, кейбір шығармаларын ғана оқыған замандас ақынды көрмек болдым.

Мария сарайының сырты қоңырқай болғанмен іші көркем, әсіресе «ақ» және «қызыл» аталатын ағының іші түп-түгел ақ мрамормен астарланып, қызылының іші қызыл мрамормен әшекейленген, кең биік залдары көркем.

Орыс әдебиетші халық қой. Әсіресе, Ленинград әдебиетші. Оған қашан барып, қай әдебиет кешіне барма иін тірескен халық болады.

Тихоновтың Ақ залда ұйымдасқан әдеби кеші де осылай өтті. Мен кіргенде зал толып болған екен. Арттағы бір орынға сығылыса отыра берген кезде шапалақ ду ете қалды. «Тихонов!» деп күбірлеп кетті зал. Бірақ мен президиумға сахна жақтан шыққан топтың ішінен, бұрын көрмеген Тихоновты ажырата алған жоқпын. Оны мен, тек трибунаға көтерілгенде ғана түстедім.

Фотографиясы қоңыр кескінді адам сияқты көрінетін ол, табиғатында ақ құбаның да бозғылдауы екен. Қазіргі ақ шашы, ол кезде шымқай түсті ақ шабдар, қазіргі толықша, орта бойлы денесі, ол кезде талдырмаш, ұмытпасам, үстіндегі киімі әскершелеу, гимнастеркасының белін жалпақ қайыспен буып алған...

Николай Семеновичтің кескініне біткен бір әдет, мейлі жеңіл, мейлі ауыр сөз айтсын, сөйлер алдында көзі күлімдеп, ұрты шұқырая қалады. Кертештеу болғанмен үп-үлкен мұрны бар ол, пұшық адамдай сөзінің әріптерін мұрнынан жіберіп біртүрлі саңырықтау сөйлейді, сондықтан кей сөздері құлаққа көмескі шалынады.

Оның Ақ залдағы үні де осылай шықты. Ол оқыған өлеңдердің біраз сөздері көмескі, кейі түсініксіз естілді. Дегенмен, оның оқуы аудиторияға қатты әсер етіп, жұрт үздіксіз қол шапалақтады да отырды. Маған тигізген әсері: жайшылықтағы мінезі жұмсақ болғанымен өлеңін оқығанда екпіндей екіленіп кетеді екен, бірақ бұнысы өрескел екпіндеу емес, өлеңнің бойына біткен екпінді жүйесімен, ырғағымен келісімді түрде көрсете білу. Жақсы ән, тек жақсы орындаушының ғана айтуында жақсы. Мұндай орындаушының аузына түссе, жаман ән де жап-жақсы болып кетеді. Өлеңнің оқылуы да сондай. Дыбысының біразын мұрнына жібере тұра, Николай Семенович жақсы оқығыштардың қатарында саналады. Ақ залда бірінші естігенде ол маған сондай әсер етті, өзінің орындауында өлеңінің бәрі екпінді, ырғақты, түсінікті, қызғылықты көрініп тұрды.

Тихонов өлеңдерінің бір әсері осы болса, екінші әсері көдерінің салмағы сыртында, расында да кездесетін формализм бояуында емес, ішінде, сипатталатын өмір сырының тереңдігінде, ақын жасаған дәуірдің алдыңғы қатардағы идеясымен, күнделікті істерімен тығыз байланыстылығында екен. Өлеңдерін Тихоновтың өзі оқығанда да, одан кейін өзім түсініп оқығанда да, менің алған әсерім осындай.

Тихонов шығармаларының бұлай болуы, оның өз өмірбаянымен тығыз байланысты. Шаруасы шағын үйде туып, тапшы тұрмыспен күнелте өскен ол, жас шағынан, әуелде бірінші империалистік соғыстың, одан кейін орыстың екі революциясының, одан азамат соғысының толқын иіріміне түседі де, бұл қызу күрестердің ащы-тұщысын түгел татып, өмірдің өзінен мол алады. Ол өмірден оқып қана қоймайды, сол оқуын сыртқа шығаруға, яғни өмір шындығынан көрген-білгеніне өз көзқарасын айтуға, бұл ой-пікірін өзге түрде емес, өлең түрінде айтуға жас шағынан талаптана бастайды.

Өмірбаянына қарағанда Тихоновтың өлең жазуға әуестенуі 18 жасынан басталған, бірақ оның алғашқы өлеңдері менің қолымда жоқ. Менде бары — жиырмасыншы жылдан бастап осы соңғы күндерге дейін жазғандары. Осы жылдардың өн бойын ерлей жүргенде біздің көретініміз, ой-санасы, сезімталдығы мол. Өзге оқығандар сияқты Тихонов та рельсті бойлап зырлаған поездай бұлтарусыз, бөгетсіз төпей бермейді. Өмірдің өрін кезген ол кейде шырқап, биіктеп те, кейде төмендеп те жүреді. Ұлы Абай «Әмір жолы тар соқпақ бір иген жоқ... Қисық жолда тегістік, тиянақ жоқ, құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!» деген ғой. Осындай жолмен әдебиет майданын қырық жылдай кешкен Тихонов, бір шақтарда символизм, акмеизм сияқты жолдарға кездесіп жығыла, сүріне жүргенмен, ешуақытта құлдырай құлап кетпейді, кейін шегінбейді, коммунизм өріне биіктей береді, сонда алдына ұстар шырағы — өзі өткерген социалистік Ұлы Октябрь революциясы.

— «Ақын болуға сен міндетті емессің, ал азамат болуға міндеттісің» деп Некрасов айтқандай, Николай Семенович Отанымыздың алдыңғы қатардағы ақындарының бірі болуымен қатар, азаматының да бірі болып, жазушылықпен қатар, қоғамдық істерді де көп және белсене атқарып келеді.

Бұл жөнінде мен Николай Семеновичпен үш мәселеде түйісіп әріптес болдым.

Бірінші — әдебиетті басқару қызметінде. 1936 жылы Мұхтар Әуезовпен маған Ақан сері туралы операның либреттосын жазу тапсырылды да, музыкасын Б. В. Асафьев жазатын болғандықтан, екеуміз Ленинградқа бардық. Тихонов ол жылы Жазушылар одағының ленинградтық бөлімінде председатель екен. Менің онымен жақын араласып, көп кездескен жолым осы болды. 1943 — 46 жылдары Николай Семенович Бүкілодақтық Жазушылар одағының басқармасында бірінші секретарь боп қызмет атқарды, одан кейін сол басқарманың ұлт әдебиеті секциясын меңгеріп келді. Осы істерде сан рет кездескенде менің көріп жүргенім — міндетті ісіне аса жауапты қарай, белсене атқаруы, әрбір іске тиянақтылығы, ұқыптылығы, басқаратын адамдарының үніне құлағының түріктігі, олардың оңды талабын орындауға әзірлігі, әр жағдайда туысқандық қамқорлығы.

Екінші — Мемлекеттік сыйлық комитетінде бірнеше жыл бойына бірігіп қызмет атқардық. Сонда менің қайран қалатыным, комитеттің қарамағына түскен сансыз көп әдебиеттік материалдардың бәрін де Николай Семенович оқып үлгіретін еді және оқығанына баға беруде партиялық объективтік кезбен әділ қарайтын еді.

Үшінші — бірнеше жыл бойында, Бейбітшілік Қорғау комитетінің қызметінде жолығып жүрдік. Екі қызық оқиға есіме түсіп отыр.

Бірінші — 1947 жылы Москваға Англияның бейбітшілікке жақтас бір топ адамы келді, бастаушысы Кентергери қаласындағы собордың дін басы Хьюлетт Джонсон. Осы топқа Жазушылар одағы «Савой» ресторанында банкет беpiп, оны Николай Семенович басқарды. Мәжіліс үстінде, Джонсон немістерді сықақтайтын анекдоттар айтып, жұртты күлдіре берді. Дін басының бұл қылығын ұнатпауы кескінінен көрінген Николай Семенович маған записка жазып, «комитеттің ресми кісісі болғандықтан, менің ағылшынға қарсы анекдот айтуым ретсіз болар, сен бірдеме тап», депті. Аз ойланғаннан кейін, күлкілі бір оқиға есіме түсті де, мен сөз алдым: — 1930 — 35 жылдары мен Москвада оқыдым. Бізде Киор есімді адам неміс тілінен сабақ оқытты. Оның айтуынша, ағылшын, француз, неміс тілдерінің тамыры бір — германдық. Бұл сөзді естіген бір студент Киорға:

— Сонда мысалы, ағылшын мен неміс тілінің арасындағы айырма не? — деген cұpaқ берді. Киордың жауабы:

— Сіз, қазаннан суға піскен картоп алыңыз да өте ыстық күйінде аузыңызға салып, неміс сөзін айта бастаңыз, сонда сіздің немісше сөзіңіз ағылшынша болып шығады!..

Бұл сөзге студент біз де күлген едік, «Савойда» банкетте отырғандар да қарқылдап күлді.

Тек Джонсон ғана күлмей ызаланған кескінмен:

— Немістердің олай деуі ықтимал, өйткені олар соңғы 15 жылда картоптан басқаны аз жеді ғой, — деді.

Кейін Николай Семенович менің анекдотыма ризалық білдіріп, «Джонсонды жақсы шымшыдық, ендігәрі ол немісті мазақтамайды» деді.

Екінші — Испанияның батысында жер көлемі тілдей, тоғыз миллиондай ғана халқы бар, Португалия тұрады ғой. Оның, үкіметі еліне қарамай үнемі советке қарсы жақта жүрді, біздің елге адамдары көп жоламайды. Сол елден 1948 жылы бір топ буржуазиялық журналистер келе ғaп, Бейбітшілік Қорғау комитетінің оларды қабылдаған мәжілісіне мен де шақырылдым. Әңгіме үстінде ұзындау, арықтау, имектеу, алақандай пенснелі бір португал:

Москваның театрларында билет жетпейді, ал біздің Лиссабонда театр орындары бос тұрады, оның себебі неде? деген сұрау берді.

Бұл сұраудың жауабын мына қазақ айтсын! — дедіТихонов мені нұсқап.

Мен айтсам, — дедім мен, — біздің Отанда Москвада ғана емес, өзге қалаларда да, театрларда халықтың, өз өмірі ойналып жатады, театр сахнасынан өзін көру халыққа қызық. Менің естуімше сіздердің қазіргі театрларыңызда халқыңыздың шындық өмірінен жазылған пьеса жүрмейтін көрінеді. Ескі репертуарға халық қашанғы бара береді?

Сұраушы үндей алмай қалды. Артынан Николай Семеновичтің айтқаны: «Жауабың келісімді шықты. Театрларының, реакциялық жағына біраз тисіңкіресең, одан да күшті жауап болатын еді».

Николай Семеновичпен мен соңғы рет, әнеукүнгі — сентябрь айында Украинада өткен Иван Франконың тууына 100 жыл толған юбилейде кездестім. Юбилейге Отанымыздың да, шет мемлекеттердің де көп елінен қонақ келген екен. Юбилей Киев, Львов, Дрогобышев — үш қалада өтті. Франконың өміріне байланысты бірнеше селоларда да болдық. Сонда Николай Семенович үнемі «шығыстық» аталатын жазушылармен бірге болды. Оның алғашқы жарияланған шығармаларының бірі «Орда» аталатын. Львовта болған күндердің біреуінде шығыстық біздің арамызда қалжыңдасып тұрған Николай Семеновичке, әлдекім:

— «Орданың» ортасында тұр екенсіз ғой?» — деп еді:

— Рас! — деді Николай Семенович күлкілі сұрауға байсалды жауап беріп, — Азия да менің туған елім екенін талай еңбегіммен дәлелдегем. Бұлар да менің туысым.

Бұл сөздер Николай Семеновичтің аузынан «сұлу сөз» ретінде емес, бойына сіңген шындық ретінде шықты. Олай дейтініміз, орыс ақындарынан шығыстық тақырыпқа Николай Семеновичтен көп те, дәмді де жазған ешкім жоқ. Шығыс ақындарының шығармаларын ол орыс тіліне аз да аударған жоқ. Оның үстіне советтік шығыс әдебиетінің өсуіне, практикалық жәрдемді Николай Семеновичтен артық ешкім берген жоқ. Сондықтан, советтік шығыс елдерінің бәрінің де айтары, — Николай Семенович Тихонов біздің елдің де тума жазушысы.

Қазақ елінің де айтары осы.

Талантты, жігерлі, өнімді, үлгілі ақын Николай Семенович 60 жасқа толды. Бұл да бірталай жас болғанмен, біздің Николай Семенович әлі бой жағынан да, тұс жағынан да, ой жағынан да, іс жағынан да кемелді кезінде. Оның юбилейі күні, біз әлі де ұзақ жасап, әлі де дені сау болып, Отанына әлі де жемісті көп еңбек сіңіруін тілейміз.

«Қазақ әдебиеті», 30 январь, 1956 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз