Құдіретті, өшпес өмірдің сарқылмас бұлағы — әйелді — Ананы ардақтайық. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, Ананың сүтінен тараған. Өмірге деген махаббатымыздың өзегі де, міне, осында.
М. Горький
Шіркін қиял-ай, есімнен кетпей жүрген өкінішке айналып келіп тағы соқты. Жазған басым, ойламасаң нететін еді! Тағы да мені шытырманға салдың ғой. Жастық албырт жастық, аңғал бастырған да, өкіндірген де сенсің мені.
Көптен бері есімнен осы бір өкініш кетпейді. Бұл майданға аттанған күні ере шығып еді, содан кейін де қалмай қойды, Тіпті, партизан болып, жау тылында жүргенімде де осы өкініштен арыла алмадым. Ақыры, міне, госпитальға да осы өкініш ере келді.
Көңіл-күйі — адам ойының ескегі сияқты нәрсе ғой. Қашанда ой соның ыңғайына қарай жүзеді. Жаран сырқырап, ұзақ таңды көрер көзбен атқызып, қиналып жатқанында көңіл-күйінің қандай болатыны мәлім. Мұндайда тек демеу болатын нәрсе — үміт. «Үміт — сылаң қаққан сұлу қыз» деп Гейне ақын тегінде дұрыс айтқан. Ол қашанда қол бұлғап, шақырып тұрады.
Үмітке арқа сүйеп, шүкіршілік етіп жатқан күндерімнің бірінде төбемнен жай түскендей бір оқиға болды. Кешкі сағат алты-жетілердің кезі еді. Хат алып сестра кіріп келді. Күні -түні зарығып күтетініміз де осы хат емес пе, бір палатада жатқан бесеуміз де «кімге?» деп жамырап қоя бердік.
— Балқашевке, — деді де, менің он жағымдағы жаралы лейтенантқа ұсынды.
Лейтенант хатты алып, адресін қарап жіберді де, қуанып кетті. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады. Хатты көзімен шолып шығып, лейтенантым төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей тітіреніп қоя бергені. Біз аң-таң болып «Не болды?» деп лейтенантқа қарадық.
Лейтенантта үн жоқ. Талықсыған адамдай сұлық жатыр. Тек әлден уақыттан кейін барып:
Әйелім тастап кеткен, — дегенді әрең айтты.
Осымен сөз бітті. Ешкім одан арғысын сұрамады. Шынында, сұраудың да қажеті жоқ еді... Дос қайғысы арқамызға аяздай батты. Жұбатқан да болдық. Бірақ болар іс болған...
Бұл көңілсіз оқиға көңілді қатты қобалжытты. Онсыз да өзі күпті жүрек дүрсіл қағып, ауызға тығылғандай болды. Жалғыз мен емес, бірге жатқан бәріміз де сүйген жарларды көз алдымыздан өткіздік.
Несін жасырайын жолдасымның басына түскен хал менің де басыма келе ме деп қауіптендім. Бұлай ойлауым өзімше себеп те толық еді. Жазған басым жас жарымның алдында кінәлі едім. Көптен ере жүрген өкініштің де терең сыры осында болатын.
Көз алдымда жарыммен бірге өткізген өмірім елестеді. Қандай тату, қандай бақытты едік біз! Өмірі жүз шайысып көрдік пе екен... Кейбір жеңіл, оқыс мінездерімді кешіріп, тәрбиешім болмады ма, кіршіксіз сүймеді ме иені ол... Сөйткен жарға не көрсеттім?.. Не істедім мен майданға кетер күні?!! Осыныңды да жол деймісің жас жүрегім?!
Қадір тұту оңай болса да, әділ болу қиын екен... Жар көзіне шөп салдым, жас жүрегін тілкем еттім. Босқа желігіп, бөгде әйелдің бетіне қарап ыржыңдауды әуес, қызық көрдім. Осының ақыры келіп естен кетпес бір оқиғаға душар етпеді ме!
Жаздың тамылжыған күндерінің бірі еді. Әйелім бөбегін алып колхозда тұратын төркініне кеткеніне бірталай күн болған. Бұл албырттық не істетпейді, ішім пысқан соң оның жоқтығын пайдаланып, бұрын қалжыңдасып жүретін бір келіншекті ертіп әкеліп, беседканың ішінде мәз-мәйрам болып отырмаймын ба. Шарап ішіп қызып алған мен де, әлгі келіншекті аңғармаппын, — бір мезгілде қарасам қарсы алдымда жарым тұр. Түсі сұрланып, кескіні өзгеріп кеткен. Ұшқын шашқан өткір қара көзі найзадай қадалып, өңменімнен өтіп барады.
Мен абыржып орнымнан ұшып тұрдым да, не дерге білмей оған жалтақтап қарай бердім.
Жарым көзін менен алды да әйелге тесірейді. Шатақ енді басталған шығар деп ойладым. Абырой бергенде, оқша мен ойлағандай болмады, әйелге біраз жиіркене қарап тұрды да, ол кекесінді пішінмен:
— Той тарқады, сұлу, жөніңді тап! — дегені ғой. Содан кейін менің жаныма келді де ақырын ғана:
— Қоймадың-ау осы қылығыңды. Бір емес, екі-үш рет кешіріп едім, енді төзе алмаспын бұл қорлығыңа. Жетер!..
Жаман әйел алдында арынды төкпейін, кейін сөйлесерміз жақсылап, — деді. Осыны айтты да ол үйге кіріп кетті. Әлгі әйел де дереу жөніне тартты.
Мен жерге кіргендей болып қалдым. Шынында, әйелім шу көтеріп, байбаламға салса, мұндай жасымаған да болар едім. Ақылдылыққа салынып, мені мақтамен бауыздап, діңкемді құртқаны ғой. Үлкен адамгершілік-ау мұнысы. Қызғаныш оты жүрегін улап тұрса да, ер намысын өз намысындай қорғауға құдіреті жеткен жарға табынбассың ба? Осындай адал жардың да махаббатын аяққа басамыз-ау! Итшілік қой бұл!
Осындай ой дариясына шомып тұрғанымызда:
— Шангереев осында ма? — деген дауыс құлағыма шалынды. Басымды жоғары көтерсем. Соғыс Комиссариатынан шақыру қағаз әкелген адам екен. Ала салдым да, дереу тысқа шықтым.
... Сонымен, мен таңертең майданға аттануға тиіс болдым. Бұл хабарды естіген дос-жарлар жиылып та үлгірді. Сөйтіп елдегі ақырғы түнім достарымның арасында өтті де, жарымызбен екеуміз шешіліп сөйлесе де алмадық. Ақыры томаға-тұйық күйде аттануға тура келді. Жалғыз-ақ, дәл жүрер алдында: «Қош бол!» — деп қолын қыстым. Ол да еміренгендей шырай беріп: «Жолың болсын!» — деді күмілжіп. «Алтынжан, сен маған ренжіме, бір ағаттық болды» деп осы сәтте айтуға оқталдым да, айтпадым. Өйткені, өрескел ісімді бір ауыз сөзбен жуып-шаюға арландым. — Дақ түскен жар жүрегіне мұның ешбір шипасы болмас деп ойладым.
Поезд қозғалды. Мен екі көзім жаутаңдап терезеден тысқа үңіле бердім... Көз алдымнан кішкентай бөбегін құшақтаған бойы жарым ұзап қалып бара жатты.
Желдей ұшқан жүйрік поезд үстінде басқалармен бірге мен де келемін. Қыртыстанған қалың ой, өз тереңіне батырып, бойымды көне жаздыртсыншы. Жаным-ау, сынды сапар алдында, бұл не қылғаным, тым болмаса, тату-тәтті күйде айырылыса да алмағанымыз ба! Егер осы сапарда мерт болсам, байғұстың назасы мойнымда кеткені ғой... Әлде ол қоштасарда маған лағнет айтып, енді қайтып көзіме көрінбе деді ме екен ішінен!.. Көз жас ше? Кетерімде көзінің ыстық жасын төкпеді ме ол? Шын махаббаттың ұшқыны осы — бірге апар майданға, ұмытылмас белгі болсын дегені емес пе бұл ыстық жас. Ол болса, намыс билеп, маған наз етті. Дұрысында, менің бірдеме дейтін жөнім бар емес пе еді? Неге кешірім сұрамадым? Жоқ ол мені күтеді! Оған қандай дәлелім бар? Дәлелім сол — сенемін. Ендеше, сенімнен басым күш болушы ма еді!
Көп ойландым, көп толғандым. Жатсам-тұрсам көз алдымнан сәбиін құшақтап, қамығып тұрған жас жарым кетпеді. Ол кейде қайғырып, кейде күліп тұрғандай көрінді. Осы бейне қанды майданда да, партизан болып, немістің тылында жүргенімде де менімен бірге болды. Осы бейне жараланып госпиталға түскенімде де бірге келді.
Осы бейне көз алдымда тағы тұр. Бұл жолы мені қатты қобалжытады. Жаңағы хабар — өн бойымды мұздатып, басымды әңгі-тәңгі етті. Осы сияқты бір хабар маған да жетпек. Не деп келерін өзі білсін, әйтеуір, келуі хақ. Рас, бұрын хат ала алмай қойдым. Бірақ, оған қарап күмәндануға болмайды. Адресімнің тұрақты болған бір күні жоқ. Онда кеттім, мұнда кеттім, Ақырында жаудың тылынан бір-ақ шықтым. Одан босанысымен ауыр жараланып, госпитальда жатқаным мынау. Осында келісімен хат жазғанмын. жаман-жақсы болсын, жауабы келуге тиіс. Сендей мүгедектің керегі жоқ дей ме, әлде көптен сақтаған жылы сөзін жолдай ма? Ол арасы маған тұман. Мені қинап жатқандар да осы жауаптар. Біріне-бірі қарсы екі ой жүрегімнің терең түбінен бас көтеріп, өзара сілкілесуде. Бірі жақсылыққа бастаса, екіншісі қайдағы Жоқ күдікке, жаманшылыққа сүйрейді.
Бір кезде жар құшағын елемей, оған мән бермей жүрген басым — енді оның бір ғана жылы сөзіне ынтызар болдым! Адал жардың махаббатын енді қандай қадір тұтып жатқанымызды біле ме екен, бір ғана жылы сөзі — төбемізді көкке көтеретінін ойлай ма екен олар? Солдат жанын ұққан жардан айналса болмай ма?
«Өмір — ұшқыр көлеңке» деген ғой Шекспирдің бір кейіпкері. Сол айтқандай, әне-міне дегенше, зарыға күткен хат та келіп үлгірді. Адресіне қараймын, әйелімнің өз қолымен жазылған. Бірақ, ашуға жүрегім дауаламайды. Ішкі сырын білмей-ақ көкірегіме басып, жанға азық етіп жата берсем бе екен деп ойлаймын. Жоқ, ашу керек! Не де болса білейін!
Қолым қалтырап, конвертті әрең аштым. Бір жаманат еститін адамдай, өн бойым мұздап барады. Керегің жоқ деген сөз кездесіп қала ма деп қылп-қылп етемін.
«Жаным ЖОМАРТ! Зарықтырдың да, сағындырдың да әбден. Өзің түгіл, көлеңкеңе зар болып, талай күнді бастан кешіріп те салдым. Суретіңді дәт тұтып, қиял бұған талай көңілсіз күндер де өтті-ау әйтеуір... Бәріне төзді, бәріне шыдады Алтының. Енді, міне, қуанышты да естіді бұл құлақ. Не жазарға, не айтарға білмеймін. Сөз дегендерің әлдеқайда қашып кеткен. Жүрек толған қуаныш, шынында, сөзге орын қалмапты.
Айтпақшы, ұрсуым керек екен ғой саған. «Бұрын да ренжулі едің, оның үстіне мүгедек болдым, кел дейсің бе, кет дейсің бе, ашық айт» деп, не бетіңмен ұялмай жаздың? Солдат та сүйдей ме екен? Өз үйіңнен өзің үркіп, алжастың ба жас басыңнан? Әйел деген, сеніңше, желқайықтың желкені ме, дауыл тұрса ыға беретін? Әлде, ескі ренжіс бықсып сөнбей қойды ма деп ойлап па едің? Ердің басы әлімге тігілген сынды сағаттарда басқа ой адыра қалмады ма. Жеңіл-желпі, көрсе қызар мінездерің соғыс тезіне түскенін білмейді дейсің бе мен. Әйел махаббатының алып күшін сен сияқты жігіттеріміз енді ұғатын болар. Бізге тағылар кінә көп, бірақ, өмір тұтқасы — біз десек, таласпассыңдар өздерің де. Қалжың-шыны аралас назды сөз ғой мұның бәрі. Тек, тез келші өзің. Содан кейін шертерміз талай гәпті. Ұрысамын да, сүйемін де, мықты бол батырым.
Келер күніңді телеграмма беріп хабарла, Орынтайың алдыңнан шығамын деп күтіп отыр.
Сүйген жарың АЛТЫН».
Сестра, жаным сестра, келші бермен! Шақыршы профессорды! Осы мен әбден-ақ сауыққан жоқпын ба! Ұстай бермесін де енді мені. Құшақ жайып сүйген жар күтіп отыр деші. Айтшы, сүйдеп... Елде ерлік еңбек күтуде деші, бауырым...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі