(комедия)
3 актылы, 4 картиналы сатиралық комедия
ҚАТЫНАСУШЫЛАР
Бәйтен Батпанов — облыстық газет редакторы.
Қалия Батпанова — оның әйелі.
Әшім Батпанов — Бәйтеннің інісі, аспирант, каникулге келген.
Зәру Шынтемірова — газеттің әдеби қызметкері.
Балапан Атшабаров — жас жігіт.
Қоңыр Сабанбаев — қалалық совет атқару комитеті председателінің орынбасары, жұп-жуан әрі ұсқынсыз жігіт.
Шаймұрат Далдабаев — газет фото-корр.
Қошқарбай Төлеутаев — «Терең сай» колхозының председателі.
Күлшара Тойғарина — колхозда звено бастығы,
Мәжікен Сәдіров — колхоз бригадирі.
БІРІНШІ АКТ
Ертеректе салынған қоңыр үй. Сахнада үйдің үлкен верандасы. Бұл-газет редакторы Бәйтен Батпановтың пәтері. Верандаға шырмауықтар өскен. Сол жақта газеттің әдеби қызметкері Зәру Шынтемірованың пәтері, оның да есігі жұртқа көрініп тұрады. Үйдің алдына, аулаға, георгин, астра сияқты гүлдер егілген. Әріректе жеміс ағаштары. Сахнаның түп жағы алыстаған сайын ағаштар қоюлана береді.
Кешкі уақыт. Верандада үлкен шкаф, онда графинда арақ тұр. Үйдің верандаға қараған терезесі шалқасынан ашылған. Терезе алдында телефон. Телефонда Батпанов.
Бәйтен ...маған Далдабаевты тез жібертші. Осы қазір керек. Іздесін, тапсын! Шұғыл тапсырма... Иә, иә... кейін айтам. Ғажайып оқиға бар... Алло, алло! Беттер қалай? Төртеуі де бітті дейсің бе? Далдабаев маған ала келсін... (трубканы іледі, бөлмеге кіреді).
Сахнаның түп жағынан, бау ішінен Әшім шығады. Ол мазасызданып, ерсілі-қарсылы жүреді. Зәрудің есігінің алдына барады. Сағатына қарайды.
Әшім. Дүниеде қыз күтпе, поезд күтпе! Екеуі де сілеңді шығарады... (Күлімсіреп.) Жүрегім дүрс-дүрс етеді ғой... (Атшабаров кіреді.).
Атшабаров. Жүрегіңе не болды, байғұс бала?
Әшім. Жүректен тыныштық қашты ғой...
Атшабаров. Қайран жүрек-ай!..
(Үйінен Зәру шығады.)
Әшім. Ойбай, жөнел!.. (Атшабаров асып-сасып үйге кіріп кетеді.) Кино басталып кетті.
Зәру. Мен сізге өтірікші болдым, көрші. Бәйтен ағайдан тығыз тапсырма болып қалды.
Әшім (күлімсіреп). Редактордың тапсырмасын қоя тұрыңыз. Оған күндізгі уақытыңыз да жетеді...
Зәру (жұртқа қарап). Қызық бұл жұрт. Ағасы жұмыс тапсырады. Інісі киноға шақырады. (Әңгіме.) Ертеңді күтпейтін тапсырма...
Әшім. Міне, жаңалық! Не бопты?
Зәру. Жаналық сіздің үйден басталды ғой. Менен гөрі, мүмкін, сіз өзіңіз жақсырақ білерсіз...
Әшім. Кешіріңіз, мен күні бойы демалыс үйінде болып, келіп тұрған бетім осы.
Зәру. А, солай деңіз!.. «Терең сай» деген колхоздың председателі кеп жаңалыққа кенелтіп жатыр... Рекорд!..
Әшім. Қандай рекорд?
Зәру. Қандай рекорд екеніне мен өзім де онша қанық емеспін, тек Бәйтен ағайдан естідім. Бір колхозшы қыз қызылша егісінен бұрын-соңды болмаған өнім алғалы отыр, дейді. Председатель қазір қайтып оралуға тиіс. Соны күтем.
Төлеутаев келеді, Зәру өз үйіне қарай шегініп кетеді.
Төлеутаев. Әшімбісің? Ой айналайын сенен!.. (Қол алысады.) Өзің соқтауылдай жігіт боп кетіпсің ғой...
Әшім. Ал, сіз қартайып кетіпсіз.
Төлеутаев. Балаға мұрт шыққанда, ағаға сақал шығу табиғи іс қой. (Ойланып.) Сені соңғы рет қашан көрдім?.. Өзіміздің ауданда, мен райсоветте председатель боп тұрған кезде еді-ау. Мен ол қызметтен 1939 жылы кеттім. Ту шатастырып тұрмын, ол райпотребсоюздан кеткен жылым екен ғой...
Әшім. Менімше, сіз райисполкомнан 1941 жылы кеттіңіз.
Төлеутаев. Дұрыс, дұрыс, ойыма енді түсті. Көрдің бе, аттай он бір жыл болыпты...
Әшім. Содан қайтып ел жаққа бармадыңыз ғой деймін?
Төлеутаев (күліп). Ел қуды, мен зыттым... Қайтып олар шақырмады, тіленіп мен бармадым... Сөйтіп жүріп жатқам жай бар... Одан кейін де бұл ағаң талай жерді шарлады... Иә, өзің елге барып тұрасың ба?
Әшім. Жазғы демалысты ылғи елде, қарттардың қолында өткізем. Тек биыл ғана мұнда келдім.
Төлеутаев. Оның дұрыс екен... Ал, оқу қалай? Қашан бітіресің?..
Әшім. Бір жыл қалды.
Төлеутаев. Содан соң кім боласың?
Әшім. Агроном...
Төлеутаев. Бар болғаны сол ма?
Әшім (күлімсіреп). Сол... Өзіңіз қазір қайда істеп жатырсыз?
Төлеутаев. Денсаулыққа байланысты кеңсе жұмысын қойып, ауылға ауысқам. Колхозда председательмін.
Терезе алдына Қалия келеді.
Қалия (іште, күліп). Орнымнан алып тастады деуге аузың бармай тұр ма?..
Төлеутаев. Ай, Қалиясы бар болғыр-ай, баяғы әзіліңді әлі қоймайсың. Баланың көзінше кісі сондай әңгіме қозғар ма?.. Тамағын иісті ме? Сен одан да соны айт... Кетуім керек. Қалия. Неге асықтың сонша?
Төлеутаев. Жұмыс, жұмыс көп... Сабанбаев келген жоқ па?
Қалия. Сабанбаевсыз сенің күнің жоқ-ау...
Төлеутаев ішке кіреді. Зәру Әшім бір-біріне жақындайды.
Әшім. Ең болмаса, паркке барып қайтайық.
Зәру. Көрдіңіз ғой, председатель кеп қалды...
Атшабаров үйден шығады, графиндегі арақты құймақ боп оқтала беріп тоқтап қалады.
Атшабаров. Мыналар әлі тұр ғой... (Даусын көтеріп.) Қап!..
Әшім. Не болды? Атшабаров. Босқа келіппін...
Әшім. Не істемекші едіңдер?
Атшабаров. Қарт ойнайық деп Бәкең маза бере ме. Енді, өзінің «қолы тимей» қалыпты. Қонақ дей ме немене...
Әшім. Соның мен үшін де құтты қонақ болып тұрған жоқ...
Атшабаров. Ay, иә? Махаббат жырын үзіп жібергеннен сау ма?
Әшім. Соған жақын.
Атшабаров. Жыл үзілмесін! Сезім суымасын!..
Әшім (күліп). Тілеуің қабыл болсын.
Зәру. Балапан аға, сіз мені ұялтып тастадыңыз...
Атшабаров. Қой, ұялғаны несі? Сүйіспеншілік өмірдің мәні емес пе.
Бәйтен (іштен). Балапан!..
Атшабаров. Қазір, Бәке... (Кетіп бара жатып ыңылдайды.)
«Сүйісер жастар қате етпес...»
Зәру. Абайды сізсіз де естіп жүрміз ғой. Осы, Балапан аға, сіздің өз шығармаңызды қашан оқимыз?
Атшабаров. Асықпа, Зәру оқисың... (Ішке кетеді.)
Әшім. Ағаңыз дүниеге келмеген томдарын сізге сыйға тартып кетті ғой. Неткен бақытты жансыз!
Зәру. Дүниеге ол томдар келмей қалса, қайттім?
Әшім. Жоқ, үміт үзбеңіз, күтіңіз. (Күледі.)
Зәру. Ал, күттім...
Әшім. Отырып күтіңіз.
Зәру. Ол, мүмкін, кітабын он жылда бітірер, сонда мен осы арада тапжылмай он жыл бойы отыруым керек пе. Көгертеді екенсіз сіз мені.
(Пауза.)
Әшім (өзіне). Әңгімені неден бастасам екен?
Зәру. Сіз маған бірдеңе дедіңіз бе?
Әшім. Әне бір көбелекке сондай ызам кеп тұрғаны...
Зәру. Ол байғұстың жазығы не?
Әшім. Сіздің ең бір әсем гүліңізге барып қонуын қарашы... Ұшырып жіберейінші. (Күлімсіреп.) Жаудан қорғадым ғой, біреуін жұлуыма болар ма екен.
Зәру. Гүл жұлған соң солады. Орнында тұрғаны жақсы ғой!
Әшім (өзіне). Әңгімеге жол ашылды. (Зәруге.) Гүл деген жұлмай-ақ, орнында тұрып та солады. Ондай гүлдің өмірінде қызық та аз. Ал, мынандай толқып тұрған кезінде көкірекке қадалса, шын тамаша сол ғой... Ол сізден жүрек үнін тыңдайды, бізге жұмбақ сырыңызға да сол қанады. Гүлдің міне, осы өмірі қызықтырады... (Гүлді Зәруге ұсынады.)
Зәру. Өз бақшамнан гүл жұлып, өзіме сыйласаңыз өте мырза екенсіз.
Әшім. Егер осы гүлдердің иесі өзім болсам, сізден басқа еш пендеге қимас ем.4
(Дабыр естіледі, Зәру кете бастайды.)
Әшім. Зәру, енді қашан кездесеміз?
Зәру (жымиып). Үйіміздің арасында үй жоқ... күнде көрісіп жүргеніміз жоқ па?
Әшім. Ол рас. Дегенмен, бүгінгі бара алмаған киноға ертең барсақ...
Зәру. Киноға бармайық... Биге барайық...
Әшім (желкесін қасып). Биге дейсіз бе? (Өзіне) Құртты мені. Жоқ, білмеймін деуге болмайды... (Даусын көтеріп.) Жақсы... (Зәру үйіне беттейді, мынау айырылғысы келмей бөгеп.) Зәру, қараңызшы, түн қандай тамаша, жұлдыздар қандай жиі!..
Зәру. Иә, түн де ғажап, жұлдыздар да жиі көрінеді...
(Күлімсірей басын изеп үйіне кетеді.)
Әшім. Құрысын. Гүл де, түн де, жұлдыздар да көмектеспеді... (Қалия келеді.)
Қалия. Әшім, аспанмен не сөйлесіп тұрсың?
Әшім. Жай, әшейін, жұлдыздарға қарап тұрмын...
Қалия. Немене, аспан әлеміне жаңа жұлдыз пайда болып па?
Әшім. Сонау бір жарқырап тұрғаны бұрын көрмеген жұлдызым.
Қалия (жымиып). Бұрын да сол жұлдыз бар болатын, аңғара алмағансың ғой...
Іштен Атшабаров шығады.
Атшабаров. Бір су ішіп жіберейінші, шөлдеп кеттім. (Стаканға арақ құяды.)
Қалия. Ол су емес, арақ.
Атбашаров. Ай, осындай бір шатасып кететінім бар. Сіз айтпасаңыз ғой, сорлы басым, қағып саламын...
Қалия (күліп). Иә, сөйтіп, масқара бола жаздадың...
Атшабаров (Әшімге). Киноға бармадыңдар ма? (Су ішеді.)
Әшім. Көріп тұрсың ғой...
Әшім ішке кіреді. Атшабаров пен Қалия күлімсіреп бастарын шайқап, оның соңынан кетеді. Сабанбаев кіреді.
Сабанбаев (желпініп). Чорт, күйіп барам!.. Үйде құлақтың етін қатын жейді! Кеңседе клиенттер жейді, қайда барсаң да, бұл құлақ сорлыға тыныштық жоқ... Бәрінен де бұрын осы бір газетші қыздан өлетін болдым...
Іштен Атшабаров, Бәйтен, Төлеутаев шығады.
Атшабаров. Қоңыреке, қайғылы хабар айтам! График жасалды. Бүгін ойнай алмайтын болдық...
Төлеутаев. Шеф, әмірің орындалмады. Құрылыс материалдары конторасындағы қасқа бас шал маңына жолатар емес.
Сабанбаев. Немене дейді?
Төлеутаев. Қазір материал жоқ, келсе, көмектесерміз деп ұзақ сонарға салды. Мен де біраз алды-артын орап қарап ем, кәрі қуың илікпеді.
Сабанбаев. Илігеді, көндірем!.. Оған қам жеме!.. Тек рекордты суыта көрме!
Төлеутаев. Шеф көмегін аямаса, біз, колхозшы жұртшылық сілтеп бағамыз ғой!..
Сабанбаев. Сілте! Көмек үзілмейді! Күшейе береді. Керек болса, колхоз үшін бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызам... (Құлағына.) Тек менің күлегеш балдызымның жұлдызын жандырсаң болды...
Төлеутаев. Оған күмәнің болмасын!.. Бар мүмкіндікті соның жолына төктім ғой...
Сабанбаев. Ой, чорт, кәрі тарланың!.. (Теріс қарап.) Дүниеде бірінші қорқатыным қатыным еді. Сіңлісін герой етсем, оның да қалауын табатын болдым...
Бәйтен. Келген жұмыстарыңның басқасы бітті ме?
Төлеутаев. Бітірдім ғой... Сельхозснабта бір сығыр қу бар еді. Оның да иін қандырып, көп нәрсе алатын боп келдім...
Бәйтен (күліп). Алдамай-арбамай жүрмейсің-ау.
Төлеутаев. Алдамасаң арам өлесің!.. (Күледі.)
Бәйтен. Сен біздің қызметкермен қашан сөйлесесің?
Төлеутаев. Осы қазір.
Бәйтен. Оны алдаушы болма!.. Байқа!..
Төлеутаев. Мен кімді алдайтынымды білемін ғой.
Бәйтен. Балапан, Шынтемірованы шақыра қойшы!
Атшабаров Зәрудің үйіне кіреді.
Сабанбаев. Бәке-ау, бұл Шынтемірова дегендерің дамыл көрсетуді қойды ғой. Күнде бірдеңені қоңырсытып келеді де тұрады. Тыйсайшы бар болғырыңды, тыныштықпен жұмысымызды істейік...
(Зәру мен Атшабаров шығады.)
Бәйтен. Зәру, Төлеутаев жолдаспен әңгімелес. Рекорд жайында толық материал алып, ертеңгі номерге әзірле және елің жолға дайындал. (Төлеутаевқа.) Үйге барып сөйлесіңдер!..
Зәру мен Төлеутаев ішке кіреді.
Сабанбаев. Чорт. Бұл бақыт дегенді қойсайшы. Менің күлегеш балдызымның басына оқу деген қонбай-ақ қойып еді, енді, міне, ойда жоқта рекордшы боп шыға келді!..
Атшабаров. Шеф, шеф мықты ғой!..
Сабанбаев. Оның рас, Балапаным, шеф мықты! (Көңілді.) Бәке деймін, осы жұрт мені бюрократ дейді. Ал, мен болсам, қаланы қойып, колхозды да қамқорлыққа бөлеп жатқам жоқ па... «Терең сай» колхозына еткен жақсылығымды санап тауысшы!..
Үйден Қалия шығады.
Осы үйге күніне бір келмесем, көңілім көншімейді!.. Соған нанасың ба, жеңгей?..
Қалия. Тегінде, сен сияқты бастықтарға жайсыз орын болмағанымыз ғой...
Сабанбаев. Оныңыз рас... (Графинды нұсқап.) Балапан, тамағым құрғап кетті, ана біреуден ырымдап қойшы...
Атшабаров (өзі әлгіде құйған арақты көріп). Мынау қалай құйылып кеткен ей!.. (Басқаларға құяды.) Ағаларым, алып жіберіңіздер...
Қалия. Қазір ас піседі ғой...
Сабанбаев. Оқа емес. Оған дейін тамағымыз жіби берсін. (Еркектер рюмка көтереді.)
Сабанбаев. Чорт, мынау бір дәмді арақ екен.
Қалия. Горсоветте өзің отырған соң, арақ та жақсара бастаған ғой.
Атшабаров. Қала басшыларының халыққа қамқорлығы деп ұғамын мұны мен. Жасасын біздің қалалық совет! Арақтар теңізі таси түссін!..
Қалия. Жұмыс істемейтін бастықтар сол теңізде малтықсын!-дегенді де қосып қой!..
Сабанбаев. Жеңгей тура өзара сынға көшті.
Қалия. Немене, сыннан қорқасың ба, қайным?..
Сабанбаев. Ай, жеңгей-ай, сынды кім жақсы көреді дейсің. Әлгі сынды сүйеміз деп даурығатындар бар ма, оллаһи, өтірік айтады. Солай емес пе, Бәке?..
Батпанов. Дұрыс айтасың.
Сабанбаев. Бәкен қостады. Бітті!.. Кім білген, бұл горсоветтің жұмысы деген бір абыройсыз нәрсе екен ғой. Біреуге үй керек. Екіншіге отын керек, үшіншісіне тағы бірдеңе...
Қалия. Жоғарылат деп арыз беруің мүмкін. Ал, бірақ босат деп арыз бере қоймаған боларсың?..
Сабанбаев. Пай-пай-пай, жеңгей-ай, осындай нанбайтыныңыз жаман!..
Бәйтен. Қоңыр, әнеугі әйелдің өтініші не болды осы?
Сабанбаев. Қай әйел?..
Бәйтен. Ілезде ұмытып қаласың-ау.
Сабанбаев. Әйел де, арыз да көп. Қайсы бірі есте тұрады.
Бәйтен. Сахна Темірбекова ше? Білетіндей-ақ болып едің ғой.
Сабанбаев. Әлгі сендерге хат жазатын жесір әйелді айтасың ба?.. Чорт, өзі бір барып тұрған көк долы қатын екен. Оған мен адамша: «Арызыңды қалдыр, пәтерге мұқтаждардың тізіміне тіркейік» десем, «Білемін сендердің шаң басқан тізімдеріңді», -деп шап-шап етеді. Не дерсің ол ақымаққа!..
Қалия. Оның бір еркек құрлы ақылы бар әйел...
Сабанбаев. Міне, көрдіңдер ме, сынды әйел жолдастардың өздері де көтермейді...
Бәйтен. Байғұстың жағдайы ауыр екені де рас. Бес баламен біреудің ауыз үйінде отыру деген қиын ғой...
Сабанбаев. Сен де қызықсың, Бәке! Осындай үй жетпей жатқанда ондайларға сол бір бөлмеден артық не керек?..
Атшабаров. Қоңыреке, маған қашан үй бересіз?
Сабанбаев. Қатын-балаң жоқ, саған үй не керек?
Атшабаров. Қызықсыздар, үйсіз жүріп қайтып роман жазамыз?
Сабанбаев. Немене, романың сол үйге қарап тұр ма? Жаза бермейсің бе?..
Іштен Әшім шығады.
Сабанбаев. Ә, москвич жолдас! Сен, немене, бізге жуымайсың?.. Демалыс қалай өтіп жатыр?.. Ұнай ма біздің қаламыз?
Әшім. Қалаңыз ұнайды.
Сабанбаев. Ал, өзім ше?
Әшім. Өзіңіз туралы менен несін сұрайсыз? Оны мына өз қалаңыздың халқынан сұраңыз.
Сабанбаев. Сұрауыма болады... Атшабаров, ұнаймын ба, мен саған?..
Атшабаров. Үй мәселесі қалай болады?
Сабанбаев. Чорт, үй берейін саған... (Күледі.)
Атшабаров. Е, онда ұнайсыз.
Сабанбаев. Жарайсың, Атшабаров! Редактор, ұнаймын ба, мен саған?
Бәйтен (күліп). Сен бе, сен маған үй бермесең де ұнайсың ғой!..
Сабанбаев. Жеңгей, сізге ше?
Қалия. Е, иесін айтасың, сұмдықсың ғой, қайным, сен!..
Сабанбаев (Әшімге). Көріп отырсың ба, жігітім. Біз өз халқымызға ұнаймыз... (Күледі.)
Мойнында фотоаппараты, Далдабаев шығады.
Далдабаев. Ой, отырыстарыңыз қандай тамаша! (Мойнынан аппаратын жұлып алып.) Момент!.. Бітті. Рақмет! (Басын изейді.)
Сабанбаев. Суретке түсірген саған рақмет!.. Мә, менің денсаулығым үшін алып жіберші, жігітім! (Өз рюмкасын ұсынады. Далдабаев ішеді.)
Бәйтен. Беттерді әкелдің бе?
Далдабаев. Әкелдім... Мені жай шақырдыңыз ба, Бәке?
Бәйтен. Жолға әзірленесің! Беттерді кабинетіме алып жүр... Сонда сөйлесейік...
(Екеуі кіріп кетеді.)
Қалия. Әлгі бастық тамағын қашан ішеді.
Сабанбаев. Бүкіл бір колхозды бір өзі емін-еркін еміп жатқан адам ас іше ме, қызық, екенсіз, жеңгей.
Қалия. Еркін емгендердің көмейі кең болатынын білмеуші ме ең.
Сабанбаев. Чорт! Солай дейсіз, о... (Орнынан тұрады. Әшім мен Атшабаров бақ ішіне кетеді. Қалия үйге кіреді.)
Сабанбаев (телефон соғады). Өзіңбісің?.. Мен ғой... Күлшараның рекорд жасаған құрметіне бір шағын кеш өткізіп жіберсек пе деп едім. Сен қарсы болмасаң, Бәкеңдерді үйге шақыра келсем қайтеді? Бәйбіше-ау, бұл бізге керек адам ғой... Пайдасы жоқ қуларды мен өзім де өлмей шақырармын ба... Редактор ішкен коньяк адал... түсіндің ғой... Дұрыс... (Трубканы іледі.) Чорт, оқымаған әйелдердің ішінде біздің қатындай білгішті сірә де көрген емеспін!.. (Телефон шылдырайды.) Біздің қатын дегендер қу ғой... Менің осында отырғаным рас па екен деп әдейі контрольдап отыр. (Трубканы алып.) Ау... чорт, басқа біреу екен ғой... (Даусын өзгертіп.)
Кім керек?.. Қай көршімді шақырайын?.. А, Шынтемірованы дейсің бе?.. Мен бе? Жоқ, мен басқамын... (Даусын көтеріп.) Шынтемірова бос емес!.. (Трубканы іледі.)
Үйден Зәру шығады.
Зәру. Маған біреу телефон соқты ма, ағай?
Сабанбаев (ыржиып). Соғуға тиіс пе еді? Әлде айтылған уақытында келе алмай, кешігіп жатыр ма?
Зәру (өзіне). Міне, бұл ағамыздың сөзі осылай келеді. (Сабанбаевқа әдейі.) Иә, сіз үстінен түстіңіз, ол кешігіп жатыр.
Сабанбаев. Ол бар болғыр неге кешігеді екен, жаным-ау.
Атшабаров (бау ішінен айғайлап). Бізді іздеушілер болса, мұндамыз...
Сабанбаев. Сені кім іздеуші еді, тәйірі.
Зәру. Балапан ағай, сіз менің гүлдеріме тимеңіз!..
Сабанбаев. Ақын-жазушы дегендер гүлге құмар келеді. Жайпап жүрмесін.
Зәру. Жайпамайды. (Үйге кетеді.)
Сабанбаев. (Атшабаровты ымдап шақырып алып). Сөзін естідің бе? Кет әрі емес. Ойбай, қимылдап қал. Мұндай сұқсырлар тұзаққа тез түседі...
Атшабаров. Сезім дегенді сіз ұға бермейсіз, Қоңыреке!..
Сабанбаев. Жарайды, жарайды, жалтармай-ақ қой...
Атшабаров. Зәру маған басқа бір себеппен іш тартады.
Сабанбаев. Әйтеуір іш тартса болды ғой...
Атшабаров. Әкесі Көбен Шынтеміров марқұм менімен майданда бірге соғысқан адам еді...
Сабанбаев. Марқұм дейсің, ол кісіні майданда өлмеген деседі ғой.
Атшабаров. Оны кім көріп тұрыпты...
Далдабаев шығады.
Далдабаев. Ура, өзіміз ходқа кеттік!
Атшабаров. Өй, нені қырып шықтың?
Далдабаев. Қырғанның әкесін көрсетеді.
Атшабаров. Ay, айтып өлтірші, көкем...
Зәру. Жайпамайды. (Үйге кетеді.)
Бәйтен. Көзің тайып кетсе, бүлдіреді. Ұнатпаған материалын, бірнеше күннен кейін беттен сопаң етіп шыға келеді... құртады ғой бұлар мені бір күні... Әй, Далдабаев, ана үшінші полосадағы сын мақала бетке қалай түсіп жүр?
Далдабаев. Бәке-ау, мен қайдан білейін... Секретарь бетті сізге апар деді, алдым да келдім.
Бәйтен. Құрып қалсын, түге!..
(Сабанбаев ішке кіріп кетеді.)
Жарайды, сен редакцияға бар. Сын мақаланың орнына басқа материал барады де... Жә, кідір! Сенің атыңа және Шынтемірованың атына командировка қағаз дайындалсын! Таң атысымен тайыңдар...
Далдабаев. Жақсы... (Кете бастайды.)
Бәйтен. Аялда... Сенің суретке түсірген адамдарын бірі сырға қараса, екіншісі қырға қарап қалатыны бар. Дұрыстап түсіретін бол. Бір бет фото-очерк болады. Ұқтың ба?.. Жөнел! (Далдабаев кетеді.)
Атшабаров. Бәке деймін, мұндайға жазушыны салу керек қой. Мені неге жібермейсіз?
Бәйтен. Сен деген мамыр қазша тез көтеріле қоясың ба. Зерттеймін, геройлардың жүрегіне үңілемін деп барып жатып аласың ғой. Газетші деген мұндайда ақ мылтық, факты мен керекті цифрларды алады да, очеркті әп-сәтте бұрқ еткізеді.
Атшабаров. Қалай десеңіз де бұл рекорд мені қызықтырады.
Бәйтен. Қызықтырмағанда! Қазіргі алдын ала есептелген аз деген меженің өзі бұдан бұрын қант қызылшасы жайындай бүкіл рекорд атаулыңды ойыншық етіп тастамады ма.
Атшабаров. Иә, рас... Сіз, бәрібір, мені кейін жіберуге тиіссіз.
Бәйтен. Сен, қызықсың. Менің бухгалтерім саған ақша берсе ме, өзіңнің Жазушылар одағыңнан командировка алмаймысың.
Атшабаров. Бәке-ау, онда да қайбір жомарт бухгалтер отыр дейсіз...
Үйден газеттің бетін алып аптығып Сабанбаев шығады.
Сабанбаев. Бәке-ау, мыналарыңыз не сұмдық?.. Сын мақала дегеннен-ақ жүрегім су ете түсіп еді. Чорт, сезген екем жамандықты...
Бәйтен (газетті қолынан алып). Қоңыр газеттің ішкі жұмысына араласпа... Басылып шыққанда оқисың.
Сабанбаев (шошып). Не дейді! Бәке-ау, онда менің нем қалады.
Бәйтен. Түгің де кетпейді, бюрократтықты қойып, жұмысты жақсы істейтін боласың.
Сабанбаев. Ойпыр-ай, Бәке-ай, мұның не қалжың?..
(Атшабаров күлімсіреп баққа түсіп кетеді.)
Бәйтен. Маған не істе дейсің? Міне, сен үшін арпалысқаныма бір ай болды. Бүкіл аппаратым, айта берсең, бүкіл қала халқы қарсы саған...
Сабанбаев. Түсінбеймін. Не жаздым мен оларға? Жоқ, Бәке, бәрін бүлдіріп жүрген әлгі бір инеліктей қызыңыз... Соны өзіміздің ауданның баласы деп іш тартып жүрген сіз де қызықсыз, Бәке!..
Бәйтен. Мен қай жерлесімнің ішіне кіріп шығыппын, қайдан білейін.
Сабанбаев. Бүгінгі жастар жерлестікті біле ме. Бауырыңа тартсаң, жылан боп шағады, чорт... (газетке көзі түсіп.) Бәке-ау, жойсаңызшы мынаның көзін. Жалынамын, Бәке!
Бәйтен. Әй, өстіп жүріп өлеміз ғой. Амал бар ма, сені шыжылдатып отыра алам ба, алып тастатам да, қайтем.
Сабанбаев. Ой айналып кетейін, Бәке! Нарсың ғой, Бәке! Жігіттің төресісіз ғой, Бәке!..
Бәйтен. Әрине, бұл қып-қызыл жанжал. Бірақ, сен үшін неге де болса, көнеміз.
Сабанбаев. Жерлестіктің, жақындықтың қадірін білетін тек өзіңіз ғана ғой, Бәке!..
(Іштен Қалияның даусы естіледі).
Қалия. Бұлар тамағын қашан ішеді? Ас ішіп отырып неге сөйлеспейді?
Төлеутаев (іштен). Қазір, қазір!
Сабанбаев. Чорт, саған асқан сары қазыдан татамын деп күте-күте сарғайдым. Кетемін, сау бол, чорт.
Төлеутаев. Қой, кетпе...
Қалия. Кеткені несі...
Төлеутаев шығады. Қалия үйдің ішінде стол жабдықтай бастайды.
Қалия. Ал, үйге кіріңдер. Әлгі Әшім мен Балапан қайда кеткен?..
Сырттан: «Біз мұндамыз» деген дауыс естіледі. Олар ішке кіреді.
Сабанбаев. Ай, чорт, менің күлегеш балдызыма айта бар. Апасы таяуда барып қайтамын деп жүр. Сен, көксоққан, жақсылап күтіп ал! Хозяйкадан сөгіс естіп қап жүрмейік.
Төлеутаев. Тек келсінші, генералды қарсы алғандай дуылдатайын.
Сабанбаев. Сөйт!.. Сені мен маған оның өзі де генерал!..
(Төлеутаев екеуі ішке кіріп кетеді.)
Қалия (іште). Зәру, сен қайда барасың?
Зәру (іште). Рахмет, мен материал әзірлеймін. (Верандаға шығады).
Бәйтен (полосаға үңілген күйде). Мына Сабанбаев туралы материалды дайындаған сен ғой?..
Зәру. Мен.
Бәйтен. Кісі осындай да материал дайындай ма. Қарағым-ау, этика дегенді білу керек қой. Басқа түк таңпағандай, Сабанбаевқа кеп шүйіле бергенсің.
Зәру. Аға-ау, шындығы сол болса, басқа не істемекпін?
Бәйтен. Жақын адамды газетке жазу деген естір құлаққа ұят... Ол менің жақсы жолдасым екенін білесің ғой. Сүйте тұрып... (Басын шайқайды.) Сен «очеркті жақсы жаза бастадың» дегенге мақтанып барасың. Әнеугүні кезекші болғанда газетте оңдырмай қате жібердің... Енді мынау. Байқау керек, шырағым.
Қалия (іштен). Бәйтен, кісілеріңді күттіріп қоюшы ма едің?
Бәйтен. Реттеп боп қалдың ба?.. Қазір... (Зәруге.) Материалды алдың ғой? Ал тездет! Подвалдың үстіндегі үш бағанаға әзірле. Жақсы боп шықсын. Очерк түрінде жаз.
Зәру. Қайдағы очерк, председательмен әңгіме деңіз.
Бәйтен. Дүниежүзілік рекорд жасалып жатады. Ал, сен қайдағы очерк дейсің!.. Мұндайда жазылмаған очерк қашан жазылады?..
Зәру. Көзбен көрмеген нәрсені суреттеу біртүрлі қиын.
Бәйтен. Түк емес. Құдай берген қиял бар емес пе?
Қалия (верандаға шығып). Саған не болды? Жүрсеңші.
Бәйтен (Зәруге). Ал кіріс! (Зәру кетеді.) Қатын-ау, газет! түскірдің жұмысы біте ме?..
(Телефон шылдырлайды. Бәйтен телефонға беттейді.)
Бәйтен. Ау... Немене?.. Оның қандай жұмысы бар?.. Мен не айттым, соны істе!.. Бармайды ол мақала! Әзірше редактор мен ғой, ұқтың ба?.. Солай!.. Рекорд жайындағы материал үш сағаттан кейін барады... (Жекіп.) Кешіксе де, кешікпесе де сол... Кезекші кім еді? Ә, ол жұғымсызға менің атымнан ескерт. Көзіне қарап оқысын. Әсіресе, Қ-ның құйрығы мен Ұ-ның белбеуіне сақ болсын... (Трубканы іледі.) Қазақстанда тіл маманынан көп ештеңе жоқ. Бірақ, көп болғанын қайтейін, айналдырған отыз шақты әріптің тәртібі мен танбасын да ретке келтіре алмай-ақ қойды, түгі. Солар үшін біз сорлаймыз да жүреміз...
(Әшім шығады.)
Әшім. Кісілеріңіз, ақырында, екеуіңізден бірдей айырылып қалды ғой...
Бәйтен. Уһ, әбден шаршап біттім!
Әшім. Неге, Бәке?
Бәйтен. Көрмейсің бе, ағаңның өмірінде титтей тыныштық жоқ. Бұл бір оңбаған редакция болды.
Қалия. Міне, ылғи да осы. Бұл келген редакция осындай тынышсыз боп шығады.
Бәйтен. Әй, оттамашы!
Әшім. Бекер ашуланасыз. Шындықтың бетін ашып айтқан жақсы.
Бәйтен. Қандай шындық?
Әшім. Кеш болса, бар өміріңіз карта ойнаумен өтеді, газетіңіз мезгілінде оқылмай, жазу столыңыздың үстінде жатады, ойын жүзеге асыра алмай, сізге кезек-кезек телефон соғып, зығырданы қайнап қызметкерлеріңіз жүреді. Міне, сіздің тіршілік... Бәке-ау, бұл сізде бұрын жоқ әдет еді ғой... Неге бұлай боп кеткенсіз?
Бәйтен (суық жымиып). Қатыным-сыншым болуға, інім-тыңшым болуға жарапты. Бұған да шүкіршілік. Өсіп қаппыз... (Басын шайқап.) Шырағым-ау, өмірде мен көргеннің сен әлі бірін де көрген жоқсың ғой. Сөйте тұра, жап-жас басыңмен самайына ақ кірген мына маған ақыл айтуға ұялмайсың...
Зәру келеді.
Зәру. Ағай, мақала етіп жазсам қайтеді. Очеркке қаламым жүрмей қойды.
Бәйтен. Оны маған не қыл дейсің! Сен очерк жаза алмайды деп газетті шығармай токтатып қояйын ба?
Зәру (өзіне.) Бұл бастық, ағайларға шыныңды айтсаң да пәлеге қаласың!..
Қалия (өзіне). Болашақ келініне сонша қадалып мына бейбаққа не болды? (Бәйтенге.) Жарайды, тамағыңды ішші. (Үйге алып кіреді. Зәру мен Әшім бір-біріне тесіле қарап тұрады.)
Зәру. Сіз неге тамағыңызды ішпейсіз?
Әшім. Менің несібем әлі алда...
Шымылдық
ЕКІНШІ АКТ
БІРІНШІ КАРТИНА
Іңір. «Тереңсай» колхозы басқармасының председателі Қошқарбай Төлеутаевтың үйі. Сахнада ортадағы бөлме. Үй іші ұқыпты және сәнді жиналған. Бөлменің екі жағында да есік бар. Шымылдық ашылғанда Күлшараның күлкісі естіледі. Бұл өзі жүріс-тұрысы дөрекі, дарылдақ әйел. Үй киіміндегі Қошқарбай оны аймаламақ болып, төне түсіп сөйлеп жүр. Қолында газет, онда Тойғарина жөнінде Зәру Шынтемірованың мақаласы шыққан. Ал, Тойғарина өзінше қылымсып, бір орында тұрмай, ойқастай береді.
Төлеутаев. Тоқта!.. Тоқта, антұрған!.. Қалай екен мына председателің?! Даңқыңды ілезде -ақ бүкіл облысқа жайып жібергем жоқ па!.. Тоқта-тоқта.. Жазушы, журналист дегендер мына мақаладан кейін қаптайды... Антұрған, олар келгенде сыр бермей, кеудеңді көтере ұста...
Тойғарина. Мен сөз білмеймін, Қошекеңнен сұраңдар деп саған жұмсаймын да, қарап отырам. Өге-геге... (Дарылдап күледі. Оның күлкісінен шошып, төргі үйден бесіктегі бала жылайды.)
Төлеутаев. Ай, антұрған, сенің осы күлкің-ай! (Баланы уатуға тәргі бөлмеге кетеді.)
Тойғарина. Еркектер маған қызыққыш-ақ-Осы мен сұлумын ба деймін... (Айнаға қарайды, өзінше сәнденеді, бүріп кішірейтеді.) Аузым кішкене осылай болып келер ме еді. (Күледі, аузының далиып кеткенін көріп күлкісін қоя қояды.) Ой, аузым далиып кетті ғой. (Аузын үлкейтпеуге тырысып, ернін шүртите күледі). Енді оңды болды!..
(Төлеутаев қайта шығады.)
Төлеутаев. Сыланып тұрсың ғой.
Тойғарина. Бастықтың алдында сыланбағанда қайда сыланам. (Дарылдақ күлкісіне басады.) Өге-ге-ге...
Төлеутаев. Антұрған, жап аузыңды, баланы шошытасың...
Тойғарина. Күлмейін, күлмейін... Өге-ге-ге...
(Бала жылайды.)
Төлеутаев. Басқаға дауа болса да, сенің күлкіңе дауа болмас.
Тойғарина. Әй, өзі бір жылауық бала екен!..
(Бала жылағанын қояды.)
Төлеутаев. Енді, антұрған, қатты күлмеші!.. (Жақындап.) Тоқта!.. Тоқта!.. (Тойғарин ойқастайды) Бі-бі-бір сүйейін!..
Тойғарина. Ындының құрсын, Қошеке!..
Төлеутаев. Тоқта-тоқта! Бұғақтан, тек бұғақтан бір ғана сүйгіз!..
Тойғарина. Сенікі қызық екен, Қошеке! Өзге еркектер ө жерден сүймейді ғой.
Төлеутаев. Ант атсын сенің өзге еркектеріңді!..
(Тойғарина күледі, бала жылайды.)
Тойғарина (төргі үйдің есігіне төніп). Өй, бәлей, неге жылайсың? Қарның ашты ма, айнам?.. Күледі!.. Өге-ге-ге!.. (Бала қатты жылайды.) Ал, күлмеймін, күлмеймін. Қоя ғой, айнам. Маман қазір келеді. Ақылды ғой өзі!.. (Төлеутаевқа бұрылып.) Ал, менің әпкем қашан келер екен?
Төлеутаев. Апаң келгенде, менің мүддемді ұмытып кетіп жүрме, антұрған.
Тойғарина. Ұмытпаймын, Қошеке!..
Төлеутаев. Құлағына жақсылап, құй. Мұндай адамды ауылда қор қылуға болмайды, орталық дегейсің. Қоңырдың бастықтар арасында танысы кеп, шындап кіріссе, бір адамды көтеру қолынан келеді... Тек оған тоқпақ керек.
Тойғарина. Тоқпақтай біледі менің әпкем, е-ге-ге...
Төлеутаев. Сен герой боп алған соң, сол абыройымызбен біріміз оқуға, өкінішіміз жауапты қызметке кетіп тұрсақ қандай жақсы болар еді-ә!..
Тойғарина. Қошеке-ау, мұнда да жаман емес қой...
Төлеутаев. Антұрған-ау, бақыт сенің қолыңда мәңгі тұра бере ме.. (Күлімсіреп.) Бері таман кел!.. Қой, қой!..
(Төлеутаев Тойғаринаны сүюге оқталады. Есік қағылады, Төлеутаев есік алдына барады.)
Төлеутаев. Сенің де бір кеңседе отыратын күнің болар ма екен, сірә!.. Жай ма?
Әйел дауысы. Облыстан адамдар келіп отыр... Газеттенбіз дейді.
Төлеутаев. Қаңғыған көп өкілдің бірі екен десем... Е, соныңды айтпайсың ба... Дереу осында келсін!..
Тойғарина. Қошеке, мен кетейін бе?
Төлеутаев. Кетпе! Қонақтарға алдымен сен керексің.
Тойғарина. Айнам-ау, мен не айтам оларға?..
Зәру мен Далдабаев келеді, жылаған баланы тербетуге Тойғарина түпкі бөлмеге кетеді.
Далдабаев (қолын беріп.) Облыстық газеттің жауапты фото-корреспонденті Далдабаев.
Төлеутаев. Білеміз, Далдабаев жолдас, білеміз...(Зәруге.) Мақалаңа ризамыз. Колхозшы жұртшылықты бір көтеріп тастадың. Ау, неге тұрсыңдар?.. Отыр, деуді де ұмытып кетіппін ғой.
Далдабаев (отырып). Шынын айту керек, ағасы, көңілсіздеу тұрады екенсіздер...
Төлеутаев. Інім, неге олай дейсің? Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз...
Далдабаев. Не жиылыс жоқ, не мәжіліс жоқ. Тым-тырыс. Болашақ геройдың ауылы деген дүрілдетіп жатпас па.
Төлеутаев. Інім, біз деген шаруаның адамымыз. Жиналыстан кері іске әуеспіз.
(Тойғарина шығады.)
Далдабаев. Мына апай кім болады? Жеңгей ме?
Тойғарина (жаратпай). Жеңгейі несі мынаның?
Төлеутаев. Жоқ, жеңгең сабақ береді ғой... Мектепте. Бұл атақты қызылшашымыз...
Далдабаев (іліп әкетіп). Ар жағын айтпай-ақ қойыңыз! Біздің мақтанышымыз, біздің айбынды рекордшымыз, болашақ геройымыз-Күлшара Тойғаринаға жалынды сәлем!..
Зәру (өзіне). Мұндай комсомолканы көрсемші!.. Отыздан асқан әйел ғой...
Төлеутаев. (Күлшараға Зәруді нұсқап). Сен жайындағы мақаланы жазған қарындас.
Тойғарина (Зәруге). Тағы да жазасын, ба, айнам?
Зәру. Жазамын.
Тойғарина (Далдабаевқа). Сен ше?
Далдабаев. Мен суретке түсіремін.
Тойғарина. Айнам-ау, осы қазір ме?
Далдабаев. Тілесеңіз қазір де, ертең де, бүрсікүн де... түсіре беремін.
Тойғарина. Оның жақсы екен, айнам, өге-ге...
Далдабаев. Момент! Сурет дегеніңіз дайын боп жатады.
Тойғарина. Өзімізге де бересің бе?
Далдабаев. Әрине.
Тойғарина. Тұсқа іліп қоятын үлкен сурет те жасайсың ба?
Далдабаев. Портрет пе? Оны да қатырамыз!..
Тойғарина. Қошеке, естіп отырсың ба, бұл сұмдық болды ғой... Өге-ге...
Зәру (жұртқа). Апамыздың өзі де, күлкісі де керемет екен...
Төлеутаев. Құданың құдіреті, сендер бір жайсыз уақытта келгендеріңді қарашы... Басқа уақыт табылмағандай, аудандық ауылшаруашылық басқармасы егін жинаудың нағыз қауырт уақытында кеңес шақыра қойыпты. Екеуміз де ертең соған кетеміз...
Далдабаев. Ойбай-ау, біз қайтеміз? Суретке түсіріп те үлгермейтін болдық қой...
Төлеутаев. Саспа, жігітім, біз ертең түстен кейін жүреміз. Оған дейін шаруаларыңды бірдеме қылып бітіріп берерміз.
Зәру. Күлшара апайдың тәжірибесін кеңірек зерттеуіміз керек еді...
Төлеутаев. Ертең ерте тұрайық, қызылша даласына барайық. Еңбек майданын керіңдер, аралаңдар, зерттеңдер...
Далдабаев. Машинаңыз бар ма?
Төлеутаев. Машина табамыз ғой.
Далдабаев. Бопты... Бүгінгі уақытты қалай өткізсек екен?..
Төлеутаев. Бүгінгі уақыт та көңілсіз болмайды. Бізде жақсы клуб бар...
Зәру. Би бола ма?
Төлеутаев. Би бола ма дегенше, би болмайтын күн бола ма деп сұрасайшы... Сендер шешініп, жайласыңдар. Клуб кешірек ашылады. Қазір жеңгелерің де келеді. Біржола ас-су ішіп барамыз.
Зәру. Оған дейін Күлшара апаймен сөйлесе тұрайық.
Тойғарина. Не жайында сөйлесеміз, айнам?
Зәру. Жұмыс жайында...
Тойғарина. Менімен несін сөйлесесің. Кешегіңдей етіп өзің-ақ жаза бермейсің бе, айнам...
Зәру. Кешегі мақаламды көрмей жазсам, енді көріп жазайын.
Төлеутаев. Төргі үйге кіріңдер. Стол, сыя, қалам сап түзеп дайын тұр.
Зәру. Шәке... (Далдабаев басын изейді. Зәру мен Тойғарина төргі бөлмеге кетеді.)
Төлеутаев (күлімсіреп). Қасыңдағы жолдасың тәуір екен.
Далдабаев. Мен жаман жолдас ертпеймін ғой, ағасы.
Төлеутаев. Оның сезіледі... Былай... Өздерің көптен таныс боларсыңдар?
Далдабаев. Оған сөз бар дейсіз бе.
Төлеутаев. Араларыңда андай-мұндай, бытықы-шытықы әңгімелер болып па еді?
Далдабаев. Бытықы-шытықыңыз қалай?
Төлеутаев. Жолда деймін, машина ішінде байқамай аяғын басып аласың, немесе машина қозғалғанда білегіне қолың былай — й ... тиіп кетеді... Сондайларды айтам да...
Далдабаев. Е, ағасы, ондай оқиғалардың талайы болды ғой.
Төлеутаев. Жастық шағым еске түсіп, сүйсініп кеттім ғой! Жігіт екенсің! (Төргі үйден Тойғаринаның күлкісі естіледі. Төлеутаев дереу ұшып тұрады.)
Далдабаев. Ағасы-ау, қайда кеттіңіз?
Төлеутаев. Бала уатуға барамын.
Далдабаев. Ағасы-ау, жыламаған баланы неменесін уатасыз?
Төлеутаев. Жыламаса, қазір жылайды.
Далдабаев. Оны қайдан білесіз?
Төлеутаев. Осы үйде бірер сағат болсаң, оны сен де білесің.
Далдабаев. Міне, қозғалдым. (Төргі үйге кетеді.)
Тойғарина шығады.
Күлшара. Әй, Қошеке! Қызық екен мынау тілші қызық. Қайдағы жоқты сұрайды.
Төлеутаев. Не дейді?
Тойғарина. Сүйген адамың бар ма дейді. Оған не дейді. Сені айтайын ба?
Төлеутаев. Тек, антұрған!..
Күлшара. Қорқасың ба... Өге-ге-ге. (Күледі.)
(Күлшара төргі бөлмеге қайта кетеді.)
Төлеутаев. Қалай-қалай шолжаңдайды мына көксоққан.
(Сәдіров келеді)
Түнделетіп сен не ғып жүрсің? Мал аман ба?
Сәдіров. Осы не? Біз, осы, Тойғаринадан басқамыз тіпті тегі, адам емеспіз бе?..
Төлеутаев. Ой, ақырын сөйле, үйде кісі бар.
Сәдіров. Кісі болса қайтейін. Тіптен тегі...
Төлеутаев. Не айтпақ едің?
Сәдіров. Жақсы жерді ту баста Тойғаринаға бөлдің. Үндемедік. Жақсы тыңайтқышты Тойғаринаға бердің. Үндемейік. Бір жақсылықты жаз бойы Тойғаринаның басына үйдің... демедік... Енді ол аздай, өзі жетпей жатқанда, адамдарымызды алып, тағы соның звеносына жібергенін тіптен тегі батып кетті... Одан басқамыз жұмысты жауып қоямыз ба?..
Төлеутаев (төргі үйге жалтақтап). Тоқ етерін айтшы, не керек?
Сәдiров. Шөп жиюсыз жатыр. Қайтарып бер адамдарымызды. Тойғарина мықты болса, өнерін өзі істеп көрсетсін.
Tөлеутаев. Сен түсін! Бәрі де колхоздың мәртебесін беру үшін істеліп жатқан іс!...
Сәдіров. Колхоздың мәртебесі онымен, тіптен тегі, керілмейді... Бір звеномен ұшпаққа шықпақсың ғой...қоймасаң, ұшпаққа емес, пұшпаққа шығып қаларсың...
Төлеутаев. Оқымаймысың газетті. Рекордымызбен шулаттық қой дүниені!..
Сәдіров. Көтерем малды құлағынан көтеріп тұрғызғандай, жан-жақтан қаумалап, біреуді әдейілеп шығарасың да, рекорд, рекорд деп айқай саласың... Кімге керек ондай рекорд?!
Төргі үйден Тойғарина сөйлей шығады.
Тойғарина. Қошеке, әлгі тағы да... (Сәдіровті көріп, одырайып қалады.)
Сәдіров. Мынау, тіптен тегі, тайраңдап осында жүр ғой... Әй сен өзің бері қарай тайраңдашы!
Тойғарина. Өй, бейпіл ауыз! Тайраңдап мен түйемін бе?
Сәдіров. Түйе болсаң ештеңе етпес еді. Сен бір қара күйе болдың ғой, тіптен тегі.
Тойғарина. Айнам-ау, күйесі несі мынаның?..
Далдабаев шығады.
Сәдіров. Адамымды қайыр!
Далдабаев. Момент!.. (Суретке түсіре бастайды.)
Төлеутаев. А, а... не момент?
Далдабаев. Колхоз активистері жұмыс жайында пікірлесіп тұр.... Табылмайтын момент.
Төлеутаев. Ә, дұрыс... (Мәжікенге.) Жарайды, бар. Кейін сөйлесейік.
Сәдіров. Қайыра ма мына Тойғаринаң адамдарымды?..
Далдабаев. Апай, сізге төніп тұр ғой.
Тойғарина. Төнсе өлейін бе!..
Төлеутаев (өзіне). Мына көксоққанның жағадан алған жерін-ай! (Сәдіровқа.) Бар дедім ғой мен саған!..
Сәдіров. Бар адамды қызылшаға айдап, шөп жинамай малды қыс қырмақпысың!..
Төлеутаев. Босқа даурықпа, бәрі де реттеледі!..
Төргі үйден Зәру шығады.
Зәру. Бір қызу жиын басталыпты ғой. (Далдабаевқа.) Өзімізде жиналыс болғанда аузын дамыл көрмеуші еді, сабыр беріп, үндемей тұрғаныңа тоба.
Далдабаев. Маған сөз тимей тұр.
Сәдіров. Мен анау-мынауыңды білмеймін, ертең адамдарым өз бригадамда болсын!..
Төлеутаев. Айттым ғой, болады деп, ұқсайшы...
Сәдіров. Маған емес, мына Тойғаринаңа ұқтыр!.. Жұрт істеп берген жұмысқа тайрақтамасын!..
Төлеутаев. Өшір үніңді! Бар, бар, уақыт жоқ, жұмыс жігіт жұртқа. (Есікке қақпалап апарады.)
Сәдіров. Мен бір, тегі, ерігіп келген-ау.
Төлеутаев. Апырай, келістік қой, сөйлей беретінін... Жүр, шығарып салайын...
Зәру. Ағай, сізбен сөйлесуге бола ма?
Сәдіров. Асығыспын қазір... Менде шын жұмысың болса, формаға кел... (Кетеді.)
Төлеутаев ізінше қайтып оралады.
Зәру. Бұл кісі неге ашуланады?
Төлеутаев. Қызымызға қырындайды!
Зәру. Қызық кавалер екен!..
Төлеутаев (көз қиығын Далдабаевқа тастап). Бар ғой неше түрлі жігіттер...
Зәру. Әңгімеңізді аяқтайық. (Тойғарина мен Далдабаевты ертіп төргі бөлмеге кетеді.)
Төлеутаев. Уһ, ащы терім шықты! Әлгі найсаптың бүлдіре жаздағанын көрмейсің бе!.. (Төргі бөлмеден Тойғаринаның күлкісі естіледі. Бала жылайды.) Жылама, балам! Ақылды бол, әкең байғұстың мазасын ала берме! Онсыз да тыныштық жоқ бұл әкең сорлыда. Білесің бе балам, әкең бір кезде ауданды, облысты биледі. Одан бір саты төмендеп, облыстық кеңселерді шарлады. Бірақ бәрінде де көп тұра алмай, орнынан түсе берді, түсе берді... Ақырында сырғанап кеп колхоздан шықты. Мұнда тіріле алмаса, бұл әкең мұнан да құлдилап төмен кетеді... (Қыза сөйлеп.) Жоқ, жетеді!.. (Ойланып.) Дүниеден ашық -ауыз бастықтар, құлқын құмар қулар құрымасын! Олар тірі тұрса, біз өлмейміз. Біріне жағынамыз, екіншісіне асатамыз... сөйтіп, жүріп аударылған қайығымызды түзеп аламыз. (Күлімсірейді.) Ертең-ақ топ жарып рекордшылар шығады!.. Барлық назар «Тереңсай» колхозына ауады! Өткен-кеткеннің де аузына «Тереңсай» ілінеді... Қанекей, содан соң қай өкіл, қай бастық маған бір соқпай кете алар екен!.. Ха!.. Ха!.. Ха!.. (Тістеніп.) «Төлеутаев жолдас, колхозды көтердің! Енді облысты көтер. Сенсіз болатын емес»,-дегізсем ғой, о шіркін, бұларға! (Бала тағы жылайды.) Мына күшік менен де шошыды ғой! Шошыма, балам, шошыма!.. (Ойланып.) Өскенде сен кім болар екенсің, ә?.. (Тойғаринаның күлкісі естіледі.) Ой, құрып қал!.. Бұзылған патефонша дарылдай береді ғой!.. (Тойғарина шығады.)
Тойғарина. Қошекесі, көмектес! Мынауың бір сұрауға жалықпайтын қыз екен! Тәжірибеңді айт деп әбден басымды қатырды...
Төлеутаев. Не айту керек екенін миыңа тәуір-ақ құйып едім. Не ғып ұмытып қала бересің?..
Тойғарина. Е, қызық екенсің, Қошеке! Со айтқаныңның қайсы бірі есте тұрады.
Төлеутаев. Жүр, сен үшін мен-ақ айтайын... Ал, бірақ, екіншілей жаңылма!..
Екеуі төргі бөлмеге кетеді. Сахна аз уақыт бос.
Далдабаев шығады.
Далдабаев. Әбден зерігіп кеттім, басым ауырды. Клубқа барсақ екен тез!
Зәру (төргі үйден). Шаймұрат, қайда кеттің? Әңгіменің қызығы енді басталды.
Далдабаев (өзіне). Көрсемші қызықты! (Есік алдына барып.) Зәру, клубқа баруды ұмытқан жоқсың ба?
Зәру (төргі үйден). Басқаны ұмытсам да, биді ұмытармын ба...
Далдабаев. Қазір маған: «Сен не ойлап тұрсың, Далдабаев» десе біреу... Бәсе, мен не ойлап тұрмын? Мен... мен (төргі бөлмеге қолын созып) ана қызға өлердей ғашықпын!.. Міне, мен соны ойлаумен сорлап жүрмін ғой... не... Далдабаев, түс! Бір саққұлақ қу естіп қойып жүрмесін! Шіркін-ай, колхозда бірнеше күн жата тұрсақ екен!.. (Күлімсірей ойланып.) Өзі дұрыс... Шәке деп те қояды-ау кейде ол... Әнеу деген-ай!.. Бекер, Далдабаев, бекер!.. Ол сені сүймейді!.. Е, неге сүймейді?.. Сен өйтіп жыныма тиме! Мен деген нойыспын! Көр де тұр, бұл қызбен мәселені бүгін кеште-ақ бітірем... Момент!.. (Төргі бөлмеден Зәру, Төлеутаев, Тойғарина шығады.)
Зәру. Кіммен сөйлесіп тұрсың?
Далдабаев. Менің қалың ойға шомғанда естіп өзімнен-өзім сөйлеп кететінім бар.
Зәру. Байғұс бала-ау, басыңа не күн туып қалды?
Далдабаев. Оны өзіңе оңашада айтам...
Зәру. Кеттік пе клубқа?
Далдабаев. Кеттік...
Зәру. Билеуге ме?
Далдабаев. Билеуге емес, сөйлеуге...
Төлеутаев (кейін қалып). Мұндай қонақтарды билетуге де, сөйлетуге де болады.
Тойғаринадан басқалары кетеді. Аптығып Сәдіров келеді.
Сәдіров. Қайда кетті әлгі қыз?
Тойғарина. Қайтушы едің ол қызды?
Сәдіров. Керек.
Тойғapина. Әуреленбесең де болады, саған қарай қоятын түрі жоқ, өге-ге-ге...
Сәдіров. Сен туралы мақала жазған сол дейді, рас па?
Тойғарина. Дәл үстінен түстің... немене мақаласы санап ұнамады ма?..
Сәдіров. Оны кейін ести жатарсың. Қайда кетті, соны айтшы!..
Тойғарина. Жыныма тисең, ал, айтпаймын!..
Сәдіров (жұртқа қарап). Құдай жынды қылмасын, жынды етсең не болар ек депті ғой бір есуас сәл есі кіргенде... кеттім!
Тойғарина (сықақтап). Қой, отыр.
Сәдіров. «Қой, отыр» дегенше қайда кеттің деп сұрамайсыңба?
Тойғарина (еркелі сықақпен). Иә, айнам, қайда кеткен?
Сәдіров. Сенің жыныңды қағуға кеттім!..
(Шыға жөнеледі)
ЕКІНШІ КАРТИНА
Бәйтен Батпановтың үйі. Сахнада ортадағы бөлме. Одан үш жаққа есік кетеді. Оң жақтағы есік-Бәйтеннің кабинетіне, сол жақтағы есік-жататын бөлмеге апарады. Бір бүйірде ас үйдің есігі. Шымылдық ашылғанда Әшім орындықты алдына көтеріп билеп жүреді. Сырттан Қалия келеді.
Қалия (күлімдеп). Біздің жігітті орындықпен билетіп қойған қай құдайдың әмірі екен?..
(Әшім абыржып, орындықты жерге тастай салады.)
Неге тоқтадың? Билей бер.
Әшім. Отыра-отыра зерігіп кеттім де...
Қалия. Білем, білем...
Әшім. Сенбей тұрсың ғой.
Қалия. Неге нанбайын... зеріккенің де рас... Би үйрену де керек болды...
Әшім. Әне, айтпасам да біліп қоясың... Махаббаттың өмірі, шынында күшті көрінеді. Би білмей болатын емес.
Қалия. Солай ма екен? Не ғып ерте ойламағансың?
Әшім. Бұған кім мән берген? Би қадірі енді өтіп тұр ғой.
Қалия. Үлкен қалада жүріп те мұндай өнерден құр қалуға болады екен, ә?.. Биге барайық деп пе еді?
Әшім. Иә, солай дейтін түрі бар... Би десе, тұра алмайды.
Қалия. Олай болса, тез қамдан. Билегіш жігіттердің біреуі іліп кетіп жүрмесін...
Әшім. Қорқытпашы...
Қалия. Шын қорқасың ба?
Әшім. Қорықпасам да жаңағыдай сөздер естуге жақсы емес қой.
Қалия. Ойнап айтам. Зәру ондай қыз емес.
Әшім. Жақсы қыз ба?
Қалия (жымиып). Білмеймін.
Әшім. Білесің ғой...
Қалия (әдейі). Жаман қыз!
Әшім. Айтпашы үйдеп!..
Қалия. Тіпті, титтей де шаң жолатқың келмейді ғой өзіне.
Әшім. Ол туралы жақсылықтан басқаны естігім келмейтіні рас.
Қалия. Шынымды айтайын ба? Тамаша қыз!.. Шын сүйесің бе?
Әшім. Ондайды сұрамас болар...
Қалия. Ол ше?
Әшім (күрсініп). Білмеймін...
Бәйтеннің даусы естіледі.
Қалия. Ағаң бүгін ашулы. Сен оған қазір көрінбей-ақ қой...
Әшім. Неге ашуланады?
Қалия. «Аға деп өзімді, жақын деп жолдастарымды қадірлемейді» деп ренжиді... Оның үстіне мына бір рекорд деген пәле де нервысына тиіп болды...
Әшім. Білім сарқылған, ірге шайқалған, мансапқа қауіп төнген... Жұрт құлақ түретін бірдеңелермен көзге түсіп, көрініп қалу керек... Рекордты қайта-қайта жазып, шулату да сол далбасалық қой... Адам қалай тозады, ә!..
Қалия. Қайдам... өзі, әйтеуір, біртүрлі боп барады...
Әшім. Бұған сен де кінәлісің.
Қалия. Мен қайтейін, ұрыссайын ба...
Әшім. Жанжал-шусыз-ақ ақылмен тежеуге болар еді ғой... Енді, міне, өмірлеріңнің сиқы-карта, арақ, қысыр әңгіме... Қайда оған көмегің, достық қамқорлығың? Неге мұнша дәрменсіз боп кеткенсің?.. (Бәйтеннің даусы қайта естіледі. Әшім жататын бөлмеге кетеді. Кабинеттен Бәйтен шығады).
Бәйтен. Сен оған қызылшашы туралы очерк жазып кел деп тапсырма бересің. А, ол өз бетімен зеңіп, колхоз аралап, таң қалады... Жаным-ау, бұл не деген жауапсыздық, ә?..
Қалия. Жай ма?
Бәйтен. Жай болушы ма еді... Әлгі Шынтемірова не келмей, не тапсырманы орындамай, діңкені құртып тұрған жоқ па!..
Қалия. Ылғи асығу, ылғи күйіп-пісу... Нервыңнан не қалаулысы, байғұс?..
Бәйтен. Әй, Қалия-ай, неменесін аяймын, онсыз да нерв қой.
Далдабаев келеді. Қалия ас үйге кетеді.
Ау, тірімісіңдер?
Далдабаев. Біздің сапарымыздың өзі, ақсақал, былайынша сәтті болғанымен, жұмыс жөнінде сәтті болмады...
Бәйтен. Қысқарта сөйлеші!..
Далдабаев. Біз барған күннің ертеңіне колхоз председателі мен әлгі герой қызымыз ауданға кеңеске кетіп қалды да, күтуге тура келді... Одан соң да бір шатақтар шығып, соның әбігерімен жүріп қалдық.
Бәйтен. Ол не шатақ?
Далдабаев. Біреулер колхоз бастығына наразы ма, қалай, арыздар жауып кетті.
Бәйтен. Қазақ арызсыз жүре ме, онда сендердің не аталарыңның құны қалды. Тапсырманы орындамайсыңдар ма?
Далдабаев. Орындадық. Яғни орындадым. Сурет дегендеріңіздің неше түрлісін әкелдім.
Бәйтен. Очерк қайда? Очерк?..
Далдабаев. Оны Зәруден сұраңыз.
Бәйтен. Қайда өзі?
Далдабаев. Фермаға кетті.
Бәйтен. Ә?.. Не қылған ферма?
Далдабаев. Білмеймін. Бар айтқаны: сен қайта бер,-деді маған.
Бәйтен. Жынданған ба-ей мына қыз?! (Далдабаевқа.) Не бұл, ә?.. Осы не істейін сендерге?! Маған қазір очерк бер! Ұқтың ба?!
Далдабаев. Бәке-ау, оны қайдан аламын?
Бәйтен. Жазасың.
Далдабаев. Ойбай-ау, мен жайшылықта тақылдаған тілім болмаса, жазуға ноқаймын ғой, ағасы.
Бәйтен. Әй, сен ұғамысың... Тойғаринаның тәжірибесін кең таратуды көздеп, обком бұл мәселені бюрода қарағалы жатыр. Газеттің келесі номерінде, жарқыным-ау бірдеңе деуіміз керек қой... Тойғаринамен сен де әңгімелестің, материалды ғой бірге алатын солай емес пе?
Далдабаев. Иә, рас...
Бәйтен. Ендеше, жазбайтын неменең бар?
Далдабаев. Қолдан келмейді ғой!
Бәйтен. Түк емес! Соқасын салып шықсаң болды, суды өзіміз де құямыз. Тұрма, кіріс. Ертеңгі күні бюро мүшелерінің қолында біздің газет отырсын.
Далдабаев. Мұның бір ыңғайсыз жері де боп тұр-ау, ақсақал.
Бәйтен. Иә?..
Далдабаев. Зәрудің алдын оран кеткен болам ғой.
Бәйтен. Тапсырманы кезінде орындай алмаған өзінен көрсін.
Далдабаев. Дегенмен...
Бәйтен. Оған енді, бәрібір, жаздырмаймын. Келісімен қарасын өшіремін.
Далдабаев. Қарасын өшіргеніңіз қалай?
Бәйтен. Қуамын жұмыстан, шығартамын комсомолдан.
Далдабаев. Опыр-ау, ағасы, мұныңыз ауыр ғой...
Бәйтен. Сен не ғып ара түсе қалдың?.. Комсомолдығың ұстап кетті ме? Әлде, басқа себеп бар ма? Маған тура қарашы.
Далдабаев (өзіне). Міне, енді, осындайда жасыра алмайсың... (Бәйтеннің құлағына аузын тосып.) Ол кісі мына жаман ініңіздің болашақ жұбайы...
Бәйтен. Тіпті жақсы. Қызметтен босатып қолыңа беремін.
Далдабаев. Қызметтен қуылған қызды алу маған да лайықсыз ғой.
Бәйтен. Жарайды, ол жағын маған енді айта берме. Мына жұмысты реттейік... Сен үйіне барып, уақыт оздырмай-ақ, менің кабинетімде отырып жаз... Жүр!.. (Кабинетке беттейді.)
Далдабаев. Сүйтеміз, ә?.. Бопты... (Тоқтайды.) Ақсақал, айнысам ба деп тұрмын.
Бәйтен. Неге?
Далдабаев. Зәруді ренжітуіме болмайды.
Бәйтен. Сен өзің қызық екенсің!..
Далдабаев. Егер сіз қарсы болмасаңыз, осыны Зәру екеуміздің атымыздан жазсам қайтеді?
Бәйтен (сәл ойланып). А мейлің.
Далдабаев кабинетке кіреді.
Қалия. Үйде... немене, керек пе еді?
Бәйтен. Қоңырдың үйіне неге бармапты. Сұрадың ба?..
Қалия. Сабанбаевыңды ол жаратпайды...
Бәйтен. Жаратпайды!.. Кім сонша ол? Мұндай мінезбен күн көру қиын екенін әлі маңдайына тигенде білер.
Қалия. Саған, туған інін мен болашақ келініңнен жаман адам болмай тұр ғой бұл күнде.
Бәйтен. Келіні кім?
Қалия. Зәру ше!..
Бәйтен. Әй, жынданғанбысың? Ол маған қалай келін болады?
Қалия. Әшімге қосылса ше?
Бәйтен. Не дейді? Бұл қыз қайсысына жетеді?
Қалия. Қой әрі, ол не деген сөзін?
Бәйтен. Жарқыным-ау, ол қызды Далдабаев аламын деп жүр ғой.
Қалия (шошынып). Ә!.. Оны кім айтты?..
(Қолында «Огонек» журналы екінші бөлмеден Әшім шығады.)
Бәйтен. Кроссворд шешіп жүрсін бе? Қиын ба екен?
Әшім. Оңай көрінбейді.
Бәйтен. Солай болар...
Әшім. Ойыңызда басқа нәрсе тұр ғой.
Сабанбаев кіреді.
Қалия. Керексіз уақытта осы біреу де дайын тұрады.
Ас үйге кетеді.
Сабанбаев. Сенімен сөйлеспеймін, москвич!.. Бәке, сенде шаруам бар... (Әшім төргі бөлмеге кетеді. Сабанбаев жан-жағына бір қарап алады..) Сен қырағылықты жоғалтыпсың, Бәке!..
Бәйтен. Не боп қапты?
Сабанбаев. Қызық мәселе бар... Шынтемірова деген қызметкеріңнің кім екенін білесің бе?
Бәйтен. Білемін.
Сабанбаев. Білсең, әкесі қайда?
Бәйтен. Отан соғысында қаза болған.
Сабанбаев. Қаза болған ба, хабарсыз кеткен бе?
Бәйтен. Қаза болғаны не, хабарсыз кеткені не, өлгесін бәрі бір де...
Сабанбаев. Неге бәрі бір болсын... хабарсыз кету өлді деген сөз емес қой.
Бәйтен. Өлмесе, қайтып келер еді ғой...
Сабанбаев. Әй, бізді құртатын осы ашықауыздығымыз ғой... Бұл қызыңыздың әкесі, Бәке, соғыста фашистердің қолына түсіп, шетелге өтіп кеткен шпион көрінеді... Ал, сізге жаңалық керек болса.
Бәйтен. Оны сен қайдан білдің?
Сабанбаев. Бізге бұрынғы фронтовик бір топ азамат хат жазып жіберіпті. Мә, оқы.
Бәйтен (оқиды). «...Н... қалалық советіне!.. Дәл қайда қызмет істейтінін білмейміз, әйтеуір, сіздің қалада Зәру Шынтемірова деген азаматша тұруға тиіс. Бұл адам жайында мынандай хабарды жеткізуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз. Оның әкесі Көбен Шынтеміров Отан соғысы майданында жүріп, бір қысылшаң минутта жау жаққа шығып кеткенін біз көзімізбен көрген едік... (Біраз бөгеліп.) Сондықтан Отанын сатқан опасыздың қызына қырағы көзбен қарауды және оның жауапты қызметке өтіп кетпеуін есіңізге саламыз... Бір топ жерлесі».
Бұл өзі ойланатын жай екен... Ал, менің де саған айтар жаңалығым бар... іс насырға шауып жатыр. Сен жайындағы мақала обкомға барып түсті. Не боларын білмеймін.
Сабанбаев. Обком орынбасарыңды жақтаса қайтесің? Басасың ба?..
Бәйтен. Обком айтса, баспауға қандай қақым бар?
Сабанбаев. Бәке-ау, саған не болған? Онсоң құримын ғой мен. Бір жөнін тап.
Бәйтен. Мен аянып жатыр деймісің. Бұлар өзімді де қусырып барады.
Сабанбаев. Аянба, Бәке, сал барыңды...
Қалия қайтып шығады.
Қалия. Ә, жақсы кепсін, қайным. Жүзіңді көптеп көре алмай, сырттай ғашық боп өліп жүргендер бар еді, кездестірейінші біреуім!..
Сабанбаев. Жас әйел ме?.. Сұлу ма?
Қалия (құшағын жайып). Өзің сияқты нәп-нәзік!
Сабанбаев. Болмаған екен...
Қалия. Жуан әйелді жаратпайсың, қайным, ә?.. Ал өзің ше, өзің осы сиқыңмен әйелдерге ұнай қаламын деп ойлайсың ба?..
Сабанбаев. Бізді қойшы, жеңгей. Біз, керек дегендер, сайын көзге қомақты көріне береміз ғой... Ал мына жуандамаңыздар. Жуандасаңыздар, әйелдік барлық қасиеттен -сүйкімділік, нәзіктік атаулыдан айырылып, аю сияқты дөрекі боласыздар да қадасыздар. (Күледі.)
Қалия. Өзіңнің кім екеніңді әйелдердің көзімен үңілсең, білер едің. Ар жағын айтпай-ақ қояйын... (Даусын өзгертіп.) Келіп тұрған Сақина Темірбекова...
Сабанбаев. Ол пәле қайдан келді? Ойбай, жеңгей, үндей көрмеңіз!.. Мен жоқпын, чорт!
Қалия. Неге жоқсың?
Сабанбаев. Сол... Жоқпын! Жоқпын!..
Қалия. Тұрсың ғой міне.
Сабанбаев. Бұл тұрған мен емес...
Қалия. Қайным-ау, жасырынғанда мына денеңмен қайда сиямын деп тұрсың?
Сабанбаев. Түсініңіз, бұл тұрған азамат.
Сабанбаев. Ал, бастық Сабанбаевты іздегендер, кеңсеге келсін!
Қалия. Кеңсеңе барса, қабылдамай қуып шығасың, жай жерде көрсе, жоқпын деп зар қағасың. Сонда, қайным, халық үшін қай уақытта, қашан жұмыс істейсің?
Сабанбаев. Жеңгей, әзілдің де орны бар. Қызмет бабында мен сіздің алдыңызда есеп беріп жатқаным ретсіз болар...
Қалия. Тез тұтандың ғой, қайным...
Сабанбаев. Көңілге келетін сөздер айтасыз...
Қалия. Ол үшін көңілге келетін істер істеме.
Сабанбаев. Бұл мәселеге көп тереңдей беріп қайтесіз... әйел жолдастар, сіздер мына үй жұмысын ұқсатсаңыздар жетеді ғой. Кеңсе жұмысын біз сіздер араласпай-ақ бірдеңе етерміз. Солай ма, Бәке?
Бәйтен (күліп). Сен қысылсаң маған жүгіресің-ау.
Қалия (бір шетте). Сонау орталықтағы үлкен басшыларымыздың өзі халықтың қамы үшін бар жанын салады. Ең аяғы баламыздың ойыншығына дейін олар көңіл бөліп, әрі әдемі, әрі арзан болып шығуын ойластырып, күн сайын нұсқап жатады. Ал, біздің қаланың мына сияқты шарбастығы онымен жұмысы да жоқ. Қолына әкімдік тисе, халықты ұмытып, сәнді машина мінгенге, кең кабинетте шіренгенге мәз болып, үш-төрт айда шүйдесін май басып шыға келеді... (Кетеді.)
Сабанбаев. Қайда барсам да, осы қатындардан өлетін болдым, чорт!
Бәйтен (күліп). Басқа да бір ғашықтарың бар ма еді?
Сабанбаев. Әлгі қалалық аурухананың бастығы да обкомға арыз беріп, лаң шығарып жүрген жоқ па?.. Әй, о да бір оңбаған әйел!
Бәйтен. Жазығы үй сұрағаны ма?
Атшабаров кіреді.
Сабанбаев. Ойбай-ау, қазіргі үйлері де жаман емес. Тіпті, шындығына келгенде, Бәке-ау, ауруханаға үйдің керегі не? Қазір дәрі деген көбейіп, ауру дегендерің азайған жоқ па. Мәселен, мен ауырсам, ауруханаңда ақша берсең де жатпаймын, аптекадан керекті дәрімді аламын да, ішіп-ішіп сауығып кетемін!.. Жұрттың бәріне де солай етуге болады.
Атшабаров. Ал, мен деген дәріңді де ішкен жан емеспін. Бір жерім ауырса, стаканға ағыңды толтыра құйып жіберіп, қызыл бұрышты баса сеуіп қағып салсам, құлындай ойнап шыға келемін.
Сабанбаев. Міне, ең дұрыс ем-сенікі. (Күледі. Қалия қайта шығады.)
Қалия. Ә, мынасы да келіпті ғой. Тағы да карта ойнайтын боларсыңдар?
Атшабаров. Оған сөз бар дейсіз бе?
Қалия. Жоқ, ойнамайсыңдар! Менің үйім бүгіннен бастап карта ойнаушылардың ойнағы болудан тыйылады.
Сабанбаев. Бәке, мен кеттім... Әлгіден басқа да бір айтатын әңгімелерім бар еді. Кейін хабарласармын.
Сабанбаев шыға жөнеледі.
Атшабаров. Жасасын менің, жеңгем! Ура!..
Қалия (Атшабаровқа). Сен де табаныңды көтер!
Атшабаров. Ау, мұныңыз қалай?
Қалия. Мұным сол!..
Атшабаров. Әй, жеңгем-ай, мен деген сіздің бақшаның бұлбұлы емеспін бе. Кісі әнші құсын қуа ма!
Қалия. Сайрамайтын бұлбұлдан құс жаманы-құзғын да артық... жөнел!..
Атшабаров. Тамаша айтылды! Мұндай сөздің дүниеге келуін елеусіз қалдыруға ешкімнің де правосы жоқ. (Жұтқыншағын шертеді.)
Қалия (мырс күліп). Іш дауасыз!..
Қалия шкафтан арақ алып құяды Атшабаров ішеді.
Атшабаров. Дүние жаңа өзгеріп сала берді ғой!..
(Әшім шығады.)
Әшім. Дүние әлі өзгерген жоқ. Бұл сөзді өзгенің шылауынан шығып, өзінше сезініп, өзінше өмір сүргенде айт. Әзірге ылаушы баланың қызметінде жүрсің...
Атшабаров. Әкел қолды, қатырдың!.. Ойбай-ау, сұрауға ұмытып кетіппін ғой, Қоңырекеңнен кешегі ұтысымды алып қалайыншы... (Жүгіре жөнеледі.)
Бәйтен. Қалия, Қоңырды орынсыз ренжіттің...
Әшім. Өте дұрыс болды. Баяғыда осылай ету керек.
Қалия (күйеуіне). Естіп тұрсың ба?
Бәйтeн. Адам қадірлеуді сен де ұмытайын дедің бе?
Қалия. Сенің Сабанбаевыңды күтемін деп-ақ табанымнан сарылып болдым ғой, жетер енді!.. Шай ішушіме ең?..
Бәйтен. Ішпеймін!..
Әшім ағасымен оңаша қалуды тілеп, Қалияға ымдайды.
Қалия ас үйге кетеді.
Қатындарды да бір тәртіпке шақыру керек-ау деймін осы...
Әшім. Ал, редакторларды тәртіпке шақыруға болмас па екен?..
Бәйтен. Қолыңнан келсе, шақыр...
Әшім. Мен түсінбеймін, сіз, Сабанбаевқа неге сонша жалбарынасыз?
Бәйтен. Сыйлау бар да, жалбарыну бар. Бұл екеуін ажырата білу керек.
Әшім. Ажыратқандықтан айтып тұрмын ғой деп ойлаймын. Егер мен сіздің орныңызда болсам, Сабанбаевтарды бойға жуыту былай тұрсын, газет бетінде әлдеқашан тас-талқанын шығарған болар едім.
Бәйтен. Тым аңғалсың, шырақ. Барлық дүниені тап-таза күйінде қабылдайсың... Ал, мына біз деген ащы-тұщыны татып, сынап та, сыналып та көрген адамбыз... Сондықтан тіршілік мәселесін сенен гөрі біліңкірейміз... Есіңде болсын, бұл сынау деген құрғырың тек айтуға ғана оңай. Ал, іс жүзінде оның әрқашан да қайтып кеп өзіңе тиіп жатады...
Әшім. Сондықтан ең қызығы-сынамаған дейсіз ғой?..
Бәйтен. Неге, сынауға болады. Бірақ кімді сынайсың соны біл.
Әшім. Ондайлардың маңдайында таңбасы бола ма?
Бәйтен. Маңдайға қарама, дәрежеге қара!.. Үш түрлі бар: Өзіңнен дәрежесі жоғары бастықтар бір деп қой.
Өзіңмен дәрежелес бастықтар екі деп қой. Өзіңнен дәрежесі төмен бастықтар-үш деп қой. Біріншісін сынау дегенді мүлдем ұмыт. Екіншісіне де аяғыңды аңдап бас. Шақарына кездессең, байқатпай іштен шалып қап, шалқаңнан түсіреді... Ал, үшіншісіне келсек, бұл қулардың әрқайсысын жеке-жеке зертте: үлкен бастық, ортаншы бастықтармен байланысы жоқ па, жерлесі, жекжаты емес пе... тек ондайдан аман болса ғана, қаламыңды қолыңа ал.
Әшім. Бастық біткен сыналмасын! Ұран осы ғой!..
Бәйтен. Жоқ! Мұнда да саясат бар. Қылмысы басынан асқан қырқылжың бір бастықсымақтар болады. Міне, сенің жармасатын бастығың... (Пауза.) Кейде, тіпті, үлкен бастықтардың өзіне де ауыз салатын кездер туып қалады. Мәселен, орнынан түсетінін білесің, немесе, ауысқалы жатқанын сезсең, төтеден қосылып кеп қал!.. Қиып түсесің!.. Абырой да сенде қалады...
Әшім. Сонымен сіздің жалтақтамай сынайтын адамыңыз бар ма, сірә?
Бәйтен. Неге болмасын.
Әшім. Олар кімдер?
Бәйтен. Олар әлгі оны-мұнылар: ақын-жазушы, суретші, артистер... Міне, бұларды сынай бер өкіртіп, сынай бер!.. Кемшіліксіз шығарма жоқ. Еңбектерін, бүгінгі талапқа сай емес десең, қателеспейсің. Жақсы жаздым, жақсы ойнадым деп ешқайсысы үстіңнен арыз бере алмайды!..
Әшім. Осының бәрін сізге кім үйретті?
Бәйтен. Өмір үйретті.
Әшім. Қай өмір?.. Сабанбаевтардың өмірі ме?..
Бәйтен. Шырағым, шәлкем-шалыс келуді қоймадың-ау...
Әшім. Бәке-ау, өзіңіз ойланыңызшы, сұмдық қой, сұмдық қой айтып тұрғандарыңыз!
Бәйтен. Жан-жағыңнан анталап, жағаңнан алып жатса, көрер едім...
Әшім. Кім сіздің жағаңыздан алып жатқан?
Бәйтен. Бұл жұрттың бәрі жау маған... күндейді... көре алмайды...
Әшім. Бұлай деп кімдер айтады, білесіз бе?.. Есіңізде болсын, өмірден артта қалғандардың жыры осылай келеді... Олар өздігінен ештеңе тындырмайды, тындыратындарға тізгінді бермейді. Біреу оның кемшілігін айта бастаса, «мені қудалап жүр» деп айғай сап, шыға келеді... Міне, сіз дәл сол күйге түскенсіз!.. (Атшабаровтың даусы естіледі.)
Бәйтен (қозғалып). Мен бұл сөзіңді кешпеймін... (Кешеді.)
(Атшабаров келеді, Әшім қолындағы «Огонек» журналына үңіліп тұрып қалады.)
Әшім. (төмен қараған күйі). Қап, кітап жоқтықтың қорлығын қарашы!.. Шықпайтын болды-ау бұл кроссворд.
Атшабаров. (теріс қарап). Уайымының күштісін!.. Мен естіген жаңалықты айтсам, қайғының көкесі сонда болар!..
Әшім. Вольтердің бес әріптен тұратын қандай геройы бар.. (Ойлап.) Қалай еді?..
Атшабаров. Оны бір құдайдың өзі білсін!
Әшім. Неге білмейсің?
Атшабаров. Сен неге білмейсің?
Әшім. Биологқа қарағанда, жазушы әдебиетті көп білуге тиіс қой.
Атшабаров. Әрі кітап оқы, әрі кітап жаз, әрі геройлардың атын жатта, әрі өзіңе герой ойла!.. Немене, жазушының басы овощь тұздайтын кеспек деймісің...
Әшім. Қаңырап қаңсып қалғаннан да, овощь десек те, ішінде бірдеңе болғаны абзал ғой.
Атшабаров. Біз бірімізге-біріміз күлмей-ақ қояйық... екеуміз де сәтсіз сорлымыз... Біріміздің әдебиетте, екіншіміздің махаббатта жұлдызымыз жанбай-ақ келеді...
Әшім. Сен болмасаң, мен ондай күйге түсуден әзір аманмын.
Атшабаров. Түспесең, енді түстің... Сорлы бала, қалдың қыздан...
Кабинеттен қолында қағаз, қалам Далдабаев шығады.
Далдабаев. Жолдастар, тыңдап жіберіңдерші! Пікір керек...
Әшім. Немене тыңдаймыз?
Далдабаев. Очерк, очерк... бастауым дұрыс па? (Оқиды) «Біз «Победамен» ызғытып, «Тереңсай» колхозына демде жеттік...»
Әшім. Бұл очеркистерде жаяу жүру деген жоқ-ау...
Далдабаев. «Бізді колхоз председателі Қошқарбай ағайдың өзі қарсы алды...» (Басын көтеріп.) Бұл арада көп нүкте. (Оқиды.) «Атақты қызылшашы қызды біз клубта кездестірдік. Ол қос бұрымы тура мықынына түскен, сымға тартқан күмістей нәп-нәзік, қасы-көзі қиылған, біркелкі сұлу екен...»
Атшабаров. Біркелкі сұлу дейсің, ә!..
Әшім. Мына суреттеуіңе қарағанда, еңбек ететін қыз емес, үрлеп қалсаң, ұшып кеткелі тұрған қуыршақ бірдеңе ғой...
Далдабаев. Пікірлеріңді кейін айтыңдар. (Оқиды.) «Даусы қандай десеңші, әсіресе, сыңғырлаған күлкісі естен кетпейді!!!» (Басын көтеріп.) Бұл арада қабатынан үш рет леп белгісі.
Әшім. Неге үш рет?
Далдабаев. Оның күлкісін естісең, білесің.... (Оқиды.)-«Жұмыс қалай?-деп сұрақ қойдық біз:-Жанқиярлықпен, озат қимылдап, үрдіс жұмыс істеп жатырмыз,-деді ол...»
Әшім. Табысымыз жазылмай қалса да, газеттен осындай дарақы очерктер құрыса екен!..
Далдабаев. «-Норманы қанша орындайсыз, Күлшара?»-дедік біз табысын білуге асығып.
« Рекорд! Рекорд!»-деп жауап берді ол көзін жұмып?..»
Атшабаров. Ей, көзін неге жұмады?
Далдабаев. Е, керек болған соң жұмады да, мен қайдан білейін.
Атшабаров. Білмесең, неге жазасың?
Далдабаев. Осы бәрін білгендіктен жазып жүрмін ғой деймісің... (Оқиды.) «...Сол шақ клубтың ішіне көз тастадық». (Басын көтеріп.) Енді клубтың ішін суреттей бастаймын...
Атшабаров. Аржағы түсінікті, оқымасаң да болады.
Далдабаев. Қалай дейсіндер, осылай тарта берсем, бірдеңе шыға ма?
Атшабаров. Шығады... Өз образыңды жасайсың...
Далдабаев. Не дейді?
Атшабаров. Несіне таңданасың. Геройдың образы жоқ...
Әшім. Таптым!
Далдабаев. Я, айтшы!
Әшім. Менің тапқаным сенің емес, Вольтердің геройы (кроссвордтың тор көзіне жазады) Задиг!..
Далдабаев. Естімеген геройым! Біздің облыстан ба өзі?
Әшім (күлімсіреп). Одан да гөрі алысырақтан.
Далдабаев. Бәсе, біздің облыста ондай герой жоқ.
Атшабаров. Көп білесің-ау өзің!..
Далдабаев. Қызықсың, білмей бола ма?..
Әшім. Оқып, еңбектеніп азаптанбай-ақ әркімнен естіген, көргенін мінбелерде шебер қайталап, жұрттың бәріне әрдайым ақыл айтып тұратын да бір білгіштерді кездестіруші едік. Сен одан да асып кеттің бауырым.
(Атшабаров екеуі күледі.)
Далдабаев. Не деп тұрғандарыңа түсінсем не қыл дейсіңдер...
Атшабаров. Бар, сілтей бер!..
Далдабаев. Бірдеңе шыға ма?.. Соны айтыңдаршы.
Әшім. Достым-ау, оқушы бейбақты да бір аяу керек қой... Қаракесек очерктеріңмен қақалтып өлтіресіңдер ғой бізді.
Далдабаев. Өзің газет оқымайды екенсің ғой. Мен осыдан бәрін өз басымнан алып жазды деймісің, республикалық өзінде шыққам бір очеркті алдыма жайып қойып, содан шебер кешіргем жоқ па!.. Бізде очерк дегендерің тап осыдан жазылады...
Әшім. Я, оның рас. Әлі күнге жиырмасыншы жылдарда жүріп жатқан журналистер Алматыда да барын білеміз...
(Далдабаев желкесін қасиды, кібіртіктеп кабинетке кетеді. Атшабаровқа.) Сенің де романың осылай жазылып жатыр ма?..
Атшабаров. Біз дегендікі мүлдем басқа. Тіпті оқиғаның өзі жер бетінде болмайды.
Әшім. Енді қайда?
Атшабаров. Басқа планетада болады.
Әшім. Я, геройларың жерге сыймады ма?
Атшабаров. Жер туралы жұрт көп жазды. Мен оларды қайталағым келмейді. Мен қазақ әдебиетіне фонтастикалық шығарма әкелем... Сен мені ұғып тұрсың ба, Әшім, бұл бізде жоқ жанр...
Әшім. Жоқ жанрды жасай алсаң жақсы ғой... Романыңды ешкімге оқыдың ба?
Атшабаров. Келіншектерге ептеп үзінді оқып қоямын.
Әшім. Келіншектер қауымы не дейді?
Атшабаров. Ғашықтар жанып-күйіп, шөп-шөп сүйісіп жатса, келіншектерге шығарма ұнай ма... әрине, тосырқайды...
Әшім. Жазушы достарың қалай қарайды?
(Қалия есіктен қарайды.)
Қалия. Әшім, қолың бос па?..
Атшабаров. Тығыз шаруа ма?..
Қалия. Сондай тығыз...
Атшабаров. Соныңыздың шет жағасын мен де аздап білемін ғой деймін!..
Әшім (Қалияға). Мен қазір... (Қалия есікті жауып алады.) Балапан, әлгі бір сөзді сен маған неге айттың?
Атшабаров. Қай сөз?..
Әшім. Қыз жайында...
Далдабев қайта шығады. Әшім екінші болып кетеді.
Далдабаев. Балапан, құрбы едік қой...
Атшабаров (сөзін бөліп). Ей, неге таусылдың?
Далдабаев. Сен мені құтқар!
Атшабаров. Неменеден құтқарам?
Далдабаев. Мына очерктен құтқар!.. А, жоқ, көмектес... Сен жақсылап жөндеп бермесең, мен өзім келістіре алатын емеспін. Қалам ақысы сенікі. Мен, құдайыңы, бір тиын алмайын.
Атшабаров. Әй, осының жөндеуге келе қояр ма екен.
Далдабаев. Келеді... Саған қиын емес, жылмитасың... (Даладан дабыр естіледі.) Сөйтші, ағатай. (Далдабаев кабинетке кіргенде, Төлеутаев пен Тойғарина шығады.)
Төлеутаев (Атшабаровқа). Жігітім, мойныңды бұр. (Тоқтаған оған қолын беріп амандасады.)
Атшабаров. (Тойғаринаға). Балапан Атшабаров.
Тойғарина. Атшабаров!.. Атшабаров... қызық ат екен... (Дарылдақ күлкісіне басады.)
Атшабаров. Міне, күлкі! Далдабаевша үш емес, леп белгісінің бесеуін қатар қойса да, артық болмайды екен!
Телеутаев. Бәйтен қайда кеткен? Ұят та болса, шақырып жібересің бе, жігітім?..
Атшабаров. Байқап көрейік. (Кетеді.)
Төлеутаев. Иә, сұлуым, ауданды жолда қалдырып, өзіңді облыстан бір-ақ шығардым ба!.. Қалай екен құдіретім?
Тойғарина. Мықтысың ғой, айнам. Бюросы ертең бе?.. Тезірек таң атса екен!..
Төлеутаев. Неге асығасың, түн ұзай берсін, антұрған!..
Тойғарина. Қошеке, бюросында не дер екен, ә?
Төлеутаев. Не десін, сенің тәжірибеңді таратуға қаулы етеді... даңқ дегенің кетеді...
Тойғарина. Сонан соң, герой болам ба?
Төлеутаев. Айтпа, деймін, бұдан кейін геройлықтан қашсаң да құтыла алмайсың.
Тойғарина. Ой, аузыңа май, айнам!..
Төлеутаев. Антұрған-ау, енді де бұғағыңнан сүйгізбеймісің?
Тойғарина. Ындының құрсын, Қошеке!
Тойғарина күліп, жайлап алқынын көтере береді. Төлеутаев сүйеді де сырттан Бәйтен мен Атшабаров кіреді. Төлеутаев пен Тойғарина бойда ас үйге, Атшабаров кабинетке кіреді. Бәйтен ас үйге беттеп бара жатқанда Зәру келеді. Ол жалт бұрылады.
Бәйтен. (ызғармен). Сен қайда жүрсің? Берілген тапсырма қайда?
Зәру. Біз масқара болдық. Рекорд өтірік болып шықты... Бәйтен (сақ-сақ күледі). Сөз-ақ!.. (Пауза.) Тойғаринаны дүниежүзілік жеңісін қайда қоясың?
Зәру. Тойғаринаңыз күлкіден бірінші орын алар, ал, колхозға масыл болып біткен.. Не дейді, не дейді?!
(Зәру кетуге ыңғайланады.)
Бәйтен. Шынтемірова, қайда барасың?
Зәру. Обкомға барамын. Колхозға комиссия жіберуін сұраймын.
Бәйтен. Обком ешқайда қашпайды. Асықпа. Әуелі өзіміз анықтап алайық. (Төлеутаевқа.) Бүлдіргенсің ғой, суайт!?
Төлеутаев. Түкте бүлінген жоқ. Звеноның дүниежүзілік рекордын ешкім жоқ ете алмайды!
Бәйтен. Алақандай жерге бүкіл колхозды жауып жеткен жалған рекорд кімге керек. Көкем-ау, мұның көз бояу ғой!
Төлеутаев (даусын бәсеңдетіп). Өйтпесе, рекорд жасала ма?
Бәйтен. Ұятсыз! Тарт енді сазайыңды!
Төлеутаев (Бәйтенді шеттетіп). Неменеге табалайсың. Бұл рекордқа өз тағдырың да ортақ. Жұртқа таратып, жар салушы сен... Жемісін бірге бөлісеміз... Жіберме обкомға, шу шығарма... көндір... (Кетеді.)
Бәйтен. Сонымен өзіміз бастаған жыр өзімізді жұтумен тынатын болды ма?.. Аңқаумыз, сенгішпіз... Бекер-ақ саған жаздырған екенмін. Қосақ арасында босқа күйіп кететін болдың-ау!.. Жоқ-жоқ, бір лажын табу керек. (Әрлі-берлі жүреді.) Түу, біз де қызықпыз. Манадан босқа бас қатырыппыз ғой... Меніңше, абыржитын ештеңе жоқ... Газеттің де, газет оқушысының да есебі түгел...
Зәру. Қалайша?
Бәйтен. Біз табысты насихаттаушы орынбыз. Біздің міндетіміз-жұртты озық еңбекке жұмылдыру... Демек... Түсініп тұрсың ба, рекорд қандай жолмен жасалды, оны қазбалаудың, шынтуайтқа келгенде, бізге тіпті қажеті аз. Бізге керегі факт. Солай емес пе.
Зәру. Мен сізге түсінбей тұрмын...
Бәйтен. Болар іс болып кеткен соң, енді шулау-мағынасыз... Біздің білетініміз рекорд. Соны насихаттай беруге тиіспіз, ұқтың ба?
Зәру. Үндемейік демексіз бе?
Бәйтен. Неге үндемейміз. Үндейміз. Рекордты бұрынғыша жаза береміз.
Зәру. Колхоз зиян шегіп отырған теріс әдісті қайтіп мадақтамақпыз!.. Ағай, бұған менің арым бармайды. Онсыз да колхозшылар әнеугі мақалам үшін бетімнен отымды шығарды.
Бәйтен. Айтып тұрғаныңның бәрі дұрыс. Оны мен де түсінемін... Бірақ, қарғам-ау, бостан-бос өле салуға бола ма?
Зәру. Қандай өлімді айтасыз!
Бәйтен. Газетке өтірік жазып, халықты алдағаның, жоғарғы орындарды шатастырғаның жеңіл қылмыс деп ойлайсың ба?.. Жоқ, Зәружан, әлі де ойласайық... Қазір сен үйіңе бар.
Жақсылап ұйықтап ал да, ертең ертемен тұрып көргендеріңнің бірін қалдырмай жазатын бол. Біткеніңше қызметке де барма... Сонсоң сөйлесейік, жарай ма?..
Зәру. Ағай...
Бәйтен. Зәру, айттым ғой, бар енді үйіңе.
Зәру. Ағай, бәрібір мен шындықты бүркей алмаймын. (Ілби басып шығады, Төлеутаев қайтып келеді.)
Бәйтен. Қыз обкомға бармай тоқтар емес. Құрттың, алаяқ сұм!
Төлеутаев. Қарауындағы қызметкеріңе әлің келмей ме, құм құй аузына!
Бәйтен. Дәмешілін мұның!.. Көнер саған бүгінгінің жасы!.. (Басын ұстап.) Қайдан ғана басыма осы ауруды тілеп алдым?.. Талай-талай табыстарды, талай-талай шын рекордтарды жазуда әмәнда кенже соғып жататын басым осы жолы қас қылғандай пысықси қоюымды қарасайшы!.. Өзім де бір қу маңдаймын ғой!..
Кабинеттен Далдабаев шығады.
Далдабаев. Қошеке, Зәру қайда?
Төлеутаев. Зәруді тым көп сұрайсың, жігітім!..
Далдабаев. Мен ол екеуміздің атымыздан сіздер туралы жосылтып очерк жазып жатырмын.
Төлеутаев. Жосылт, інім, жосылт!..
Бәйтен. Шаймұрат... (Бара тұр деген ишарат білдіреді.)
Далдабаев. Бопты, ағасы. (Кабинетке қайта кіреді.)
Төлеутаев. Өзіне өмір сүру керек пе, редактор? Мен таптым айласын!.. Жаңағының очеркісін Шынтемірова мен өз атынан ертеңгі номерге дереу жарияла!.. Қыз содан кейін аузын аша алмайды.
Бәйтен. Қызықсың, мен жазғам жоқпын деп салмай ма қиқуды...
Төлеутаев. Түк дей алмайды. Газет тарап кеткен соң амалсыздан жым болады...
Бәйтен. Ылғи іздейтінің шатақ...
Төлеутаев. Шатақ-патақты мен білмеймін. Өлмейін десең осыны істе... Бұл оған оңай бұғалық емес. Егер есерлікке басып, шу шығарса, барлық пәлені өз басына үйеміз. Рекорд жайында жазып жүргені өтірік деп мен саған және обкомға арыз әкелген боламын. Қыз соны біліп қалып қорыққанынан өзі жазған мақаладан өзі бас тарта қойған адам боп шығады... Түсіндің бе?
Бәйтен. Жоқ, одан кейін кісі бетіне қарай алмаспын мен!.. Болмайды!..
Төлеутаев. Болмайтын түгі жоқ. Тіпті өйтпей-ақ та қой. Тек қысылған жағдайда солай болады деп жай ескертші, соның өзінде-ақ қызыңның көзі шарасынан шығып кетеді, желігі де біржола басылады...
Бәйтен. Мұныңның жаны бар сөз... Бірақ, бұл да қылмыс қой...
Төлеутаев. Қылмысқа белшесінен батып отырып, періштесінуін мұның!.. Ал, ендеше, бер партбилетті, өткіз ісіңді.
Бәйтен (ойланып). Сен, әзәзіл, қоймадың! Нар тәуекел! Кеттім қылмысқа!..
Шымылдық.
ҮШІНШІ АКТ
Келесі күн. Таңертеңгі уақыт. Батпановтың үйі. Бірінші актыдағы сахна. Тек бұл жолы верандаға қарайтын терезе жабық.
Іштен верандаға Әшім шығады, көңілсіз.
Әшім. Бүйтіп еткен демалысы бар болсын... (Қолында тамақ, сумкасы, үйден Қалия шығады.)
Қалия. Әшім-ау, бұл не боп кетті?.. Ағаң анау... түн баласына көз ілген жоқ, төңбекшіп уһлеумен шықты...
Әшім (кейіп). Үһлесе маған не істе дейсің?..
Қалия. Өзі нервный байғұстың сен де көңілін қатты қалдырдың...
Әшім. Қалса қайтейін... Ол да менің жанымды күйдірмесін!.. Не дұрыс адам болсын!.. Не біржола... (бөгеліп). Құрысын бүйткен өмірі!..
Қалия. Қорқамын, Әшім, қорқамын! Төңбекшуі тегін емес. Оған бірдеңе болған... (Кетеді.)
Әшім. Мұндай ащы өмірді кім көрген?!. (Ойланып.) Қалия дұрыс аңғарған... Кешеден бері Сабанбаев, Төлеутаевтардың топталуы жаман... Мұны білу керек екен... Қалай білу керек?.. Атшабаровқа ғой олар айтпайды... Ай, жазған Атшабаров-ай, сенің де тұзың жеңіл-ақ!.. (Пауза. Зәрудің, есігіне қарайды.) Бәрінен де, Зәруге таным бар...
Атшабаров кіреді.
Атшабаров. Ау достым, зарлап тұрсың ғой.
Әшім. Зарламай қайтейін...
Атшабаров. Жуыма қызға, шікірей!.. Сен үшін менің Ішім күйіп барады.
Әшім. Сен күйсең, мен жанып барамын!..
Атшабаров. Жанғаныңды не қылайын, сондай әдемі бір болғанның қағып әкеткені жанға батады.
Әшім. Осындайда болтундардың-ақ жолы болғыш... Өзіне деді саған?
Атшабаров. Не десін, таяуда үйленемін дейді.
Әшім. Қандай тез, ә!..
Атшабаров. Тез болмағанда!.. Жұрттың бәрі сен сияқты қызды сырттан бағып, гүлмен сөйлесіп, жұлдызбен ымдасып шайқалып жүреді деймісің, ыңғайы келсе, қағып түседі...
Әшім. Ілезде ұғысып та, сүйісіп те үлгергені ме?
Атшабаров. Қыз деген көзсіз көбелек. Біреу ұнап қалса, алдында от тұрсын, қойып кетеді... көбі қатесін кейін ұғып, кейін өкінеді.
Әшім. Қыз деген де әртүрлі ғой, бауырым...
Үйден Зәру шығады.
Атшабаров. Сапарың оң болды ма, Зәру?
Зәру. Сұрамаңыз...
Атшабаров. Не көрдің, не білдің?
Зәру. Көргенім мен білгенімді сіздерге айта берем бе?..
Әшім (өзіне). Айтпағаныңның өзі жақсы...
Атшабаров. Айтпасаң айтпай-ақ қой, шет жағасын өзіміз деп естіп жатырмыз.
Зәру. Естісеңіз несін сұрайсыз?
Атшабаров. Анығын өз аузыңнан білейік дегеніміз.
Зәру. Естігеніңіз бекер емес...
Әшім (өзіне). Сорладым-ау!..
Атшабаров. Көңілсіз оқиға болған...
Зәру. Көңілсізі көнілсіз, амал нешік, кінәні мойынға алуға тура келеді.
Әшім (өзіне). Жұбатқан түрін қара!..
Атшабаров. Кінәң ауыр...
Зәру. Кінә жалғыз менде ғана емес қой...
Әшім (өзіне). Онысы рас, өзімде де бар...
(Зәру гүлдеріне су құюға беттейді.)
Зәру. Көрші, сіз неге көңілсізсіз?
Әшім. Ол сізге түсінікті болса керек...
Зәру. Иә, бұлай болады деп кім ойлаған?.. Барғаныма өзім де өкінемін... (Бақ ішіне кетеді.)
Әшім. «Барғаныма өзім де өкінем!» ...Көзсіз көбелек!..
Атшабаров. Айттым ғой!..
Әшім. Айтым ғой, айттым ғой! Айтсаң енді не қыл дейсің?!
Атшабаров. Ғашық болғандар ежелден осылай сарнайды.
Сабанбаев келеді.
Сабанбаев. Жігіттер, жайшылық па?.. Бәкең, мені неге шақырды?
Атшабаров. Оншасын білмедік...
Сабанбаев. Апыр-ау, тан атпай не болды екен?
Атшабаров. Ә, білдім, білдім, сізді тағы да біреу газетке жазған ғой...
Сабанбаев. Ә, не дейді? Оны қайдан естідің?
Атшабаров. Ойым айтады...
Сабанбаев. Керегі не осындай жорамалдың. (Шеттеп.) Осы үйдің есігін енді қайтып ашпаспын деп кеше өзіме ант етіп едім, сүметіліп тағы да келдім... Әй, менде де ар жоқ...
Атшабаров (верандадан көшеге қарап). Тамаша!..
Сабанбаев. А!
Атшабаров. Ағасы-ау, көрсеңізші ана кереметті!..
Сабанбаев. Ол не?
Атшабаров. Ғажап сұлу келіншек... Қараңызшы өзіңіз! Пай, пай, сайтаның аяқты қалай -қалай басады!.. Көзді қалай төңкереді!.. Ғажап емес пе, ә!.. Әттеген-ай! Тым құрыса, титтей де аялдамай, өтіп жүре берді-ау!.. (Отыра кетеді.)
Әшім. Иә, сұлуы сұлу!.. Әттең, киіне білмейді екен! Әне, көрдің бе, көйлегі шолтиып, жараспай барады.
Атшабаров. Ол түк емес. Аяғы әдемі әйелдер көйлекті әдейі шолақ киеді.
Әшім. Өзіне не жарасатынын білмеу деген ол әйелдің сорлылығын көрсетеді.
Сабанбаев. Еһе, біздің үйдегі жеңгелерің көйлекті неге өлгенше ұзын киеді десем, онда да гәп бар екен ғой... (Күлкі.)
Әшім. Жеңгеміздің аяғында аздаған ақау болғаны ғой...
Сабанбаев. Қой, бұл айтып тұрғандарың маған қонбайды... (Ішке беттейді, қарсысынан Бәйтен шығады, оның өңі қашыңқы.)
Бәйтен. Неменеге мәзсіңдер?.. (Балапанға.) Сен таң атпай не ғып жүрсің?
Атшабаров. Мына Әшіммен шахмат ойнауға келіп едім... (Әшімге.) Жүр... (Әшім екеуі үйге кіреді.)
Сабанбаев. Бәке, мені неге шақырдың?
Бәйтен. Жағдай қиындап кетті. Обком сен туралы бас деп жатыр...
Сабанбаев. Бәсе, кешеден бері сол көзімнің асы жаман еді. Осыған көрінген екен ғой... Сен не дедің?
Бәйтен. Баса алмаймын, өйткені мақаланы ұйымдастырып адам саяси сенімсіз элемент дедім...
Сабанбаев. Дұп-дұрыс!.. Әкесі қайда екенін айттың... Өздері де шошып кеткен болар?..
Бәйтен. Шошысын — шошымасын халық жауының қызық совет қаласының басшысын кірлетіп отыра алмаймын ғой...
Сабанбаев. Ой, Бәкем-ай, сіздей батыл, сіздей принципшіл адам дүниеде жоқ қой!..
Бәйтен (бау ішінен бері шыққан Зәруді көріп). Үйге барып сөйлесейік...
Сабанбаев. Үйге кірмей-ақ қойсам ба деп тұрмын...
Бәйтен. Сен маған қажетсің!.. Менің кабинетіме бара бер. Мен қазір!..
Сабанбаев үйге кіреді. Зәру аулаға шығады.
Бәйтен. Зәру шырағым, ерте тұрыпсың ғой... Жақсы ұйықтадың ба?
Зәру. Рақмет... жақсы ұйықтадым!..
Бәйтен. Мен олай ойлап, былай ойлап... (Қолында Далдабаев көрінеді.) Әй, осы біреу де...
Далдабаев. Келіп қалғанбысың, Зәру?
Зәру. Иә, келіп қалғанбыз...
Далдабаев. Мен Бәкен асықтырған соң, сені өзімсініп...
Бәйтен (сөзін бөліп). Жарайды, кейін... (Зәруге.) Зәру, бір жаққа кетіп қалма, сенде жұмысым бар.
Далдабаев (қолындағы газетінің бірін Зәруге ұсынады). Мә, Зәру!.. Газет әлі саған келмеген болар... Кешігіп жатыр. Мен жолда баспаханаға соғып, іле кеттім. Ала бер, ала бар... Менде тағы бірнешеуі бар...
Зәру. Рақмет!..
Далдабаев (мақтаныш пішінмен). Ал, ал! Бүгінгі таңда жақсы шыққан... Тек суреттердің кетпей қалғаны жарамаппын..мейлі, тірі болсам, кейін оны да бір жерге тоғытамын.. Бәке, ендігісі сіздікі. (Береді.)
Зәру газетті алып үйіне кетеді.
Далдабаев. Ақсақал, бюрода сөйлейтін сезімді қатты қойдым... Тамаша-тамаша цитаталар келтіремін...
Бәйтен. Құрысын сенің сөзің!..
Далдабаев. Ay, ақсақал, неге ренжідіңіз?.. Мені жай шақырттыңыз ба?
Бәйтен. Не істеп жүрсің сен?
Далдабаев (түсінбей). Түк істегем жоқ.
Бәйтен. Колхозға барып немді бітіріп қайттың деймін мен саған?
Далдабаев. Ақсақал — ау, очерк жазып, шулатып жатқан кім?.. Маған одан артық өл дейсіз бе?
Бәйтен. Құрттың сен мені, білдің бе?
Далдабаев. Бәке-ау, мен неге құртамын сізді?..
Бәйтен. Жазғаныңның бәрі шылғи өтірік боп шықты...
Далдабаев. Қалайша?..
Бәйтен. Мен қайдан білейін, оны өзіңнен сұра!.. Мүмкін, сен газетті әдейі шатастыру үшін жазған боларсың?
Далдабаев (безектеп). Атай көрмеңіз! Мен сонша жынды деймісіз...
Бәйтен. Жынды болмасаң, осы істеп жүргенің не... Баспасөзге өтірік жазып, жұртты шатастыру деген барып тұрған ауыр қылмыс екенін білемісің?..
Далдабаев (өзіне). Суреттеймін деп әлгі Атшабаров оңбаған ойдан көп қосып жіберіп еді. Қата басып, бүлдірген болдық қой. (Бәйтенге.) Бәке-ау, аздап неткеніміз болмаса... жоқ, жоқ!.. Аздап өзімнің әсірелегенім болмаса, негізінде титтей де жалған жоқ.
Бәйтен. Осыны да сөз деп айтып тұрмысың. Рекорд дегендерің көз бояу...
Далдабаев. Қалайша? Біз участокті өз көзімізбен көрдік қой.
Бәйтен. Көріпсің!.. Білмеген нәрсеңді неге ғана жазады екенсің деймін!..
Далдабаев. Ойбай-ау, жаз деп осында өзіңіз ерікке қойдыңыз ба?..
Бәйтен. Мен саған өтірік жаз деген жоқпын ғой...
Далдабаев. Түк түсінбеймін...
Бәйтен. Әңгіме обкомға жетсе, қызметтен қуыласың, комсомолдан аласталасың!.. Түсінбесең, міне, сонда түсінесің!.
Далдабаев. Жоқ, мен бұған көнбеймін!..
Бәйтен. Қылмысың айқын... Көнбегенде не істейсің...
Верандаға шыққан Сабанбаевты көріп баққа ертіп әкетеді.
Сабанбаев. Комиссиядан комиссия көз аштырмайды... Бәрінің әкесін мен өлтіргендей шеттерінен маған шүйіледі...
Уәде деп бір дем алдым ба деп ем, тағы біреу кепті... Мына Бәкең қызық екен ғой өзі!..
Бәйтен мен Далдабаев аулада.
Бәйтен. Өлмеудің бір-ақ жолы бар. Қайда барсаң да, кім сұраса да, бүгінгі очеркті Зәру екеуміз жаздық дейтін бол...
Далдабаев. Е, айтамын...
Бәйтен. Айту аз. Зәрудің өзін де соған көндір...
Далдабаев. Зәру оған көніп жатыр ғой.
Бәйтен. Анық өзі сені сүюші ме еді?..
Далдабаев. Оған шүбәңіз болмасын!..
Бәйтен. Онда тіпті жақсы. Тек: «Жазған мен емеспін. Сыртымнан қолымды қойдың» деп жүрмесін. Онда су түбіне біржола кеттің... Бар, әлгі оңбаған дарылдақ қатын мен суайт председательді шақырып кел!
Далдабаев. Олар қайда еді?
Бәйтен. Қоңырдың үйінде...
Далдабаев кетеді.
Сабанбаев. Бәке, мені кабинетіне қамап қойып, жоғалып кетуіңе жол болсын.
Бәйтен. Міне, қазір... Қонақтарың қайда?
Сабанбаев. Ұйықтап жатыр. Бәке, кеше келмегенің өкінішті болды... Біздің қатын сіңлісіне бір қос қазы сақтаған екен деймін, маңайына бара алмадық...
Бәйтен. Төлеутаев саған ештеңе айтқан жоқ па?
Сабанбаев. Ол итіңнің арақ ішуден қолы тиген жоқ... Ал, Бәке, мен кетем... Кеңсемде жоғары жақтан біреу кеп күтіп отырған көрінеді. Қатын телефон соқты... Жай шақырдыңыз ба?
Бәйтен. Қайдан жай болсын... жарайды, әуелі барып кел! Тек тез орал...
Атшабаров пен Әшім шығады. Бәйтен үйге кетеді.
Атшабаров. Қоңыреке, жана біз терезеден сіздің үйдегі жеңгейді көріп, шляпасына қайран қалдық. Не деген сұмдық!
Сабанбаев. Е, шырақтарым, қаламызды індет қаптады ғой.
Атшабаров. Қоңыреке-ау, не деп кеттіңіз? Ол қандай індет?
Сабанбаев. Қатындардың арасында тараған індетті айтамын.
Атшабаров. Сондай бір ауру бар ма қазір?
Сабанбаев. Мода деген пәле қатындар арасында індеттен кем болып тұр ма, бұл күнде. Бірінен-бірі асып түсеміз деп жанталасатын сұмдық шықты ғой. Енді маймылдың терісінен тігілген тон мода бопты. Жеңгелеріне соны тауып бермей, күн көре алатын түрім жоқ.
Әшім. Хәліңіз қиын екен.
Сабанбаев. Е, Әшім шырағым-ай, жалғыз мен дейсің бе, қатыны ерке ағаларыңның көбінің көрген күні осы ғой... (Кетеді.)
Әшім. Бастық ағамыз қалжыңдаймын деп тұрып, сырын айтып кетті-ау... Сен сонымен түк те білмеймісің?..
Атшабаров. Түк те білмеймін...
Дүкеннен тамақ алып Қалия келеді.
Қалия. Сабанбаев орнынан түсетін болыпты ғой, естідіңдер ме?
Атшабаров. Мұныңыз пәлендей жаңалық емес екен...
Қалия. Енді саған қандай жаңалық керек?
Атшабаров. Оның орнына Атшабаров тағайындалатын бопты десеңіз ғой... (Күлкі.)
Қалия. Одан маған не пайда?
Атшабаров. Горсоветке мен келсем, әуелі өзімді, содан соң сізді үймен жарылқар едім ғой.
Қалия. Әй, кім білсін!.. Бастық боларда бәрің де жылмаңдайсыңдар. Болып алған соң қайтып түспестей, тұмсықтарыңды көкке көтеріп шыға келетіндерін бар ғой...
Атшабаров. Түсетіні, шынында да, рас па екен?.. Кімнен естідіңіз?
Қалия. Жаңа дүкенде бір бастықтың әйелі айтты.
Атшабаров. Әйелдер айтса, біледі. Бастық ағай жеңгейге айтады. Жеңгейден жеңгейге жетеді... Солардың арқасында біз де хабарсыз болмаймыз...
Асыға басып Далдабаев келеді... Әшім мен Атшабаров алыстайды.
Қалия үйіне кіреді.
Далдабаев. Көрсетемін мен бұл председательге! Бізді неге шатастырады ол?..
Үйден қолында газет, Зәру шығады. Далдабаевты көріп
газетті соған лақтырады.
Зәру. Не мынауың?.. Біреудің сыртынан қолын қоюға қандай қақың бар?..
Далдабаев. Бәкең, Бәкен...
Атшабаров пен Әшім жақындайды.
Атшабаров. Очерктеріңнің ыстық-суығы әлі басылмаған ба?..
Зәру. Күліп қалыңыздар!.. Күліп қалыңыздар...
Атшабаров. Жоқ, шыным...
Зәру. Балапан аға, сіз табалар жөн жоқ еді... Амал бар ма, бұлай да әзілдесіп көрейік... (Әдейі жайдарыланып.) Жазғаны жұртқа ұнамаса да, өзін-өзі мақтайтын кейбір жазушы ағаларымыздың әдеті бар емес пе. Бізге де сол өздеріңізден жұққан ғой.
Атшабаров. Жақсы де, жаман де, жазушы, әйтеуір бірдеде істеп мақтанады. Ал, түк істемей жүріп мақтанатындар аз ба!.. Ең аяғы мына Далдабаевтар профсоюз жиналысында жақсы сөйлеп шықса да, ертеңіне төбемізді тесіп жібере жаздайды...
Далдабаев. Әй, менде нең бар?
Атшабаров. Сен екеуміз ойнай береміз ғой... (Әшімге көзін қысып.) Мынаны мен қазір әкетемін, сөйлес Зәрумен. (Даусын көтеріп.) Жоқ, дегенмен очерк жаман жазылмаған... Атаусыз қалдыруға болмайтын дүние. Ең кемі жүз грамм...
Далдабаев. Ол ештеңе емес қой. Бопты.
Атшабаров. Бопты дейсің бе? Ой, аузына май!.. Олай болса, алысқа ұзамай-ақ, мына бұрыштағы көк будкадан ырымын жасап келе қоялық.
Далдабаев. Қазір емес, кейін.
Атшабаров. Кейініңді қой. Сенен жүз грамм ішемін деп күтіп жүрем бе. Әйда, кеттік.
Далдабаев. Балапан, қинамашы, тығыз шаруам болып тұр.
Атшабаров (құлағына). Әй, неге бұлданасың? Жөндеп берген өзім едім ғой... Ерегістірсең...
Далдабаев. Әй, ей! Баламысың?.. Мен саған жүр деп тұрғам жоқ па...
Атшабаров (кетіп бара жатып). Ал, Зәру, сенің мойныңда шоколад... Далдабайым, ер соңымнан. Кеттік көк будкаға... Біз қазір ораламыз.
Далдабаевты алып Атшабаров кетеді.
Әшім. Зәру.
Зәру. Әшім... (Біріне бірі жақындайды.) Сіз маған орынсыз ренжисіз... Көрдіңіз ғой өздерінің ісін...
Үйден Бәйтен шығады.
Әшім. Не дедіңіз, Зәру?.. Түсінуге болар ма екен? (Бәйтен бұлардың қасына келеді.)
Бәйтен. Әшім, бара тұр.
Әшім (өзіне). Бәрібір, мен мұны білмей қоймаспын.
Үйіне кетеді.
Зәру (ызалы). Мақаламды оқып шықтым. Жақсы ұйымдастырыпсыз.
Бәйтен. Түсін, Зәру. Басқа жол қалмады...
Зәру. Сіз, дегенмен, бір нәрседен қателесіпсіз... Фамилиямды қарамен қоршау керек еді...
Бәйтен. Керегі не ондай зілді сөздің!.. Бұл істі түзеуге болмастай асқындырып алдық. Ендігі ақ жүректігіміз-құр әбігер болады... Соны біл де, артық сөзден тыйыл!..
Төлеутаев пен Тойғарина келеді. Төлеутаев Тойғаринаға
үйге кір деп қолын сілтейді. Ол кетеді.
Зәру. Әмір беріп үйреніп қалғансыз. Жоқ енді оныңыз болмайды... Сіз ендігі жерде менің редакторым емессіз. Фамилиямды саудаға салған ұрымсыз!..
Төлеутаев. Жә, қызым, жетер!.. Тым қатты айғайлап жібердің... Мен де ұры іздеушімін... Сол ұрымды қолға түсіріп тұрмын... Тыныш қана еңбек еткен колхозшы деген ел едік. Шынтемірова деген біреу келді де, газет бетінде бір емес, қатарынан екі рет рекорд деп даурығып, қай-қайдағы жоқты жазды. Өтірікке шыдай алмаған біз пақырлар газет редакторына жалған мақала жарияладың деп қарсылық білдірген хатпен келіп отырмыз... Көрдің бе, біз де осындай бірдеңелерді ойластырып қойдық... Ал, сен де ойлан... Қолыңнан келсе, танып көр... Өтірікші де, бүлдіруші де, ұры да өзің боласың...
Зәру. Сізден оны күтуге болады... Жақсы, мен де ойланайын... (Бәйтен Төлеутаевқа ымдайды, ол алыстайды.)
Бәйтен. Зәру, ренжіме, жаным! Мына Төлеутаев деген зымиян адам. Ол екеумізді де мерт етеді... Әсіресе, саған жаман болады... Онсыз да үстіңнен арыз бар... Мен мұны шын жүрегіммен саған жаным ашығандықтан айтып тұрмын... Пәлеге тиіспейік... Рекорд сол рекорд күйінде қала берсін...
Далдабев пен Атшабаров шығады,
Дұрыс па, қалқам?
Зәру. Дұрыс қой...
Бәйтен. Ойла, жаным, ойла!..
Зәру далаға, Бәйтен баққа кетеді, Қалия үйінен шығады,
Зәрудің үйіне кіреді, таба алмай қайта шығады,
Қалия. Балапан, Зәру көрдің бе?
Атшабаров. Осы жаңа ғана шықты...
Қалия далаға кетеді.
Атшабаров. Өзің маған толығырақ айтшы... «Мен аламын, сен тиесің» деген сияқты сөздер араларында болып па еді?
Далдабаев. Болды ғой.
Атшабаров. Осының бекер емес пе... Көзбе-көз отырғанда тура өзіне айттың ба?
Далдабаев. Айтуын айтқаным жоқ. Бірақ ішімнен ойладым.
Атшабаров. Нені ойладың?
Далдабаев. Маған ти деп айтуды ойладым.
Атшабаров. Бірақ айта алған жоқсың?..
Далдабаев. Батылым жетпеді... Жоқ батылым жетті-ау, соның қисынын таба алмадым. Бәрі бір айтпағаныммен ол мені түсінді.
Атшабаров. Оны қайдан білдін?
Далдабаев. Мен аузым жыбырлап, айтуға оқталып отырғанымда, ол күлімсіреп төмен қарады. Түсінбесе өйте ме?
Атшабаров. Араларында болған махаббат жайындағы бар әңгіме осы ма?..
Далдабаев. Мұнан да қызығы бар. Колхоздың клубында мен оған қисынын тауып: «Зәру, мен сені сүйемін. Ал, сен ше?» дедім. Қорқайын ба, айтып салдым.
Атшабаров. Ол не деді?
Далдабаев. «Ал мен өлердей ғашықпын» деп күлді де, жүзіме тура қарай алмай, тайып тұрды...
Атшабаров. Құдай төбеңнен ұрсын сені! Босқа көкіп жүр екенсің ғой...
Үйге жүгіре жөнеледі,
Далдабаев. Не деп кетті?..
Бәйтен мен Төлеутаев қайтып шығады.
Төлеутаев. Бұл от қайтып бықсымасын десең, жаудыра бер қараспанды мынаның төбесіне! Ұшыр зәресін! Сонда сенің қолында ойнайды. (Далдабаевқа.) Ау, жігітім, иығың неге түсіп кеткен?
Далдабаев. Сіз өтірікшісіз, суайтсыз, арамсыз!.. Мені адастырған сізсіз! Егер бір шатақ болса, мен мұны аяқсыз қалдырмаймын!..
Төлеутаев. Шолақ сай тез тасиды, деп, жарқыным, мұныңа жол болсын! Мені газетке мақтап жаз деп саған, кәне, қашан айттым?.. Бәрін бүлдіріп жүрген өзің ғой!.. Жүре ғой обкомға!.. Сені арқаңнан қақса, көрейін...
Далдабаев. Міне, бұл арасы шатақ...
Сабанбаев келеді. Төлеутаев пен Далдабаев шеттейді.
Сабанбаев. Бәке, Қадіров деген тілшіні білесің бе?
Бәйтен. Білемін...
Сабанбаев. Ол кім еді?
Бәйтен. Республикалық газеттің фельетоншысы.
Сабанбаев. Фельетоншысы дейсің бе?.. Ендеше қуыңның бетінен сақтасын... келген сол көрінеді.
Бәйтен. Ол не ғып бірден сендерге барды?
Сабанбаев. Әлгі үй сұраушы оңбағандар арызды соларға да боратқанға ұқсайды. Көп нәрсені қазбалап сұрауына қарағанда, біздің жай-жапсарымызды әбден біліп келген...
Бәйтен. Ай, қорқайын дедім ғой. Екеумізді бірдей қосақтап фельетонмен соғып жібермесе не қылсын...
Сабанбаев. Осы газет, фельетон дегендерді кім ойлап шығарды екен! Онсыз да өмір сүруге болар еді ғой.
Бәйтен. Өзі қайда кетті?
Сабанбаев. Кім? Тілші ме? Отыр бізде шаң-шаң қағаздарды ақтарып. «Анау қалай, мынау қалай» деп басты қатырып сұрай берген соң, бірнеше жылғы архивты алдырып, алдына үйдіріп қойдым, жатсын бәлем малтығып!..
Бәйтен. Әй, ол кәрішөңге малтыға қоймас!.. Жүр, бері!.. (Өзіне.) Менің байқауымша қыз райдан қайтты... енді үндеудің керегі жоқ...
Екеуі үйге кетеді. Іштен Әшім мен Атшабаров шығады.
Атшабаров. Илан маған.
Әшім. Қайдан білейін, Далдабаевшылап жүрмесең...
Атшабаров. Мен Далдабаевшыламаймын ғой.
Әшім. Жақсы үмітім, оралшы бір қайтадан... Анығын қазір Қалия біліп келеді. Жүр, алдынан күтейік.
Екеуі сыртқа кетеді.
Бәйтен (іштен шығып). Қошқарбай!..
Төлеутаев. Ay!
Бәйтен. Мұнда кел!..
Далдабаев. Бәке, мен де барайын ба?
Бәйтен. Сен келме! Керек уақытында өзім шақырамын. (Қошқарбайға.) Ай оңбаған-ай, құрта жаздадың-ау бәрімізді... Әшкерелеу керек еді сендейлерді.
Төлеутаев. Оның рас. Мені де, сені де әшкерелеу керек еді...
Бәйтен. Мені не деп әшкерелейсің?
Төлеутаев. Мені не деп әшкерелейсің?
Бәйтен. Сен көз бояушысын, жалақорсың!..
Төлеутаев. Сен ашықауызсың. Екеуміздің де коғамға келтіретін зиянымыз аз емес қой...
Бәйтен. Арсызсың!
Төлеутаев. Ғажап емес...
Бәйтен. Берекесіз екеніңді білсем де, дәл мұндай деп ойлаған емес едім.
Төлеутаев. Адам тануға шорқақ болғаның ғой...
Екеуі үйге кіреді.
Далдабаев (бері жақындап). Бұлары несі? Мен немене, итпін бе қора күзететін?..
Қалия, Әшім, Атшабаров шығады.
Қалия. Естіп отырсаң сұмдық... (Далдабаевты көріп.) Бәрі кетіп, сен сорлы жұртта қалыпсың ғой...
Далдабаев. Жеңгей, ит боп кеттім...
Қалия. Қой ит болма!.. Қора бағу қиын болады... (Аналарға.) Өзі қазір келеді. (Үшеуі Зәрудің үйіне кіреді. Аздан соң Зәру шығады.)
Далдабаев. Зәружан, мен бір жаман сөз естідім.
Зәру. Қандай?
Далдабаев. Саған менен басқа да көз алартушы бар көрінеді... Осы, тездетсек қайтеді?
Зәру. Нені тездетеміз?
Далдабаев. Жас жүректерді жалғайық... Сен ти, мен алайын...
Зәру. Қой, әурелеме мені, алмай жүрерсің.
Далдабаев. Ант етемін!..
Зәру. Қойшы ей...
Далдабаев. Міне, жүрегім!..
Зәру. Қызық жігітсің, Далдабаев... Мен саған не деп тиемін?..
Далдабаев. Тигің келген соң тиесін...
Зәру. Тигім келмесе, қайтем?
Далдабаев. Тигің неге келмесін, келеді ғой...
Зәру. Міне, қызық жігіт!.. Мұндайларға не айтуға болады?.. Біттік пе, Далдабаев?
Далдабаев. Біттік... Жоқ, біткеміз жоқ... Загске барайық...
Зәру. Е, манадан бері соныңды айтпайсың ба... Жарайды, Далдабаев, қалжыңды осымен аяқтайық... Бұдан былай маған мұндай сөз айтушы болма!..
Далдабаев. Неге?
Зәру. Сол!
Далдабаев. Сүймейсің бе?
Зәру. Сені ме?.. Құдай сақтасын...
Далдабаев. Тәлкек еткің келе ме?.. Жоқ, Далдабаев ешкімге мазақ бола алмайды!.. Анық сүймейсің ғой?..
3әру. Оған күмәнданбасаң да болады...
Далдабаев. Бопты!.. Көреміз!.. Далдабаев өзінің кім екенін танытады... Момент!..
Атшабаров шығады.
Атшабаров. Зәру, сені Қалия жеңгей шақырады... Далдабайдың баласы, сен немді бітіріп тұрсың?..
Зәру. Мені загске шақырып тұр...
Атшабаров. О, қу маңдай!.. (Күледі.)
Атшабаров пен Зәру кетеді.
Далдабаев. Нағыз жұртта қалған күшік, міне, енді болдым... Жок Далдабаев көрсетеді бұларға!..
Асыға басып Бәйтеннің үйіне беттейді. Бәйтен, Төлеутаев,
Тойғарина, Сабанбаев қарсы шығады.
Бәйтен. Шаймұрат, әлгі Шынтемірова қайда екен?!. Шақыршы... уақыт боп қалды...
Далдабаев. Мен ол қызбен сөйлеспеймін!..
Төлеутаев. Міне, нағыз пан жігіт!.. Име қызға басты! Бәлемнің өзі келсін!..
Бәйтен. (Зәрудің есігіне барып). Зәру... (Зәру, Қалия, Әшім, Атшабаров шығады.) Бастары қосылыпты ғой... (Даусын көтеріп.) Зәру, обкомға бармаймыз ба?
Зәру. Мен әзірмін...
Қалия. Сұмдық-ай, сұмдық-ай... Не істедің сен?..
Бәйтен. Жә, тоғар!..
Қалия. Беті бүлк етпейді... Азғындау деген осы екен ғой!.. Ойбай-ай, мұнан да өлген артық қой!.. (Үйге кіріп кетеді.)
Әшім. Сіз, сіз... бюроңызды қоя тұрыңыз. Семьяның да бір сөйлесетін кезі келді ғой деймін!.. (Бәйтен сөйлеуге оқталады.) Тоқтаңыз, тоқтаңыз!.. Сізді тыңдай-тыңдай болғанбыз. Бізді де тыңдаңыз... ақырғы сөз айтылатын жер келді... Бітеу жара жарылды...
Бәйтен. Ештеңені ұқпастан, босқа таусылып тұрсың... Дауыл тынды... бұлт тарады... күн ашылды... Бәрі де тыныштықпен аяқталды...
Әшім (Зәруге қарап). Бұл не комедия?
Зәру. Комедия болған соң көңілді біткені жақсы ғой.
Әшім. Көңілсіз оқиғадан көңілді комедия туа қояр ма екен?..
Бәйтен. Саған көңілсіз болса, өзің білесін, ал бізге осылай біткені әбден көңілді.
Төлеутаев. Маған да көңілсіз емес.
Сабанбаев. Мен көңілденетін әзір ештеңе көріп тұрғаным жоқ.
Зәру. Ал, мұндай комедияға жазушы қалай қарайды екен?
Атшабаров. Ең дұрысы: сүйісуден басталып, тоймен аяқталған комедия ғой. Махаббаттың жыры шертілмеген жерде искусство жоқ...
Әшім мен Зәру шетте.
Әшім. Түк түсінсем бұйырмасын!.. Зәру-ау, бұл не жұмбақ?..
Зәру. Жұмбақ алдақашан шешілді емес пе...
Іштен Қалия шығады.
Қалия (Бәйтенге). Сені телефонға шақырады...
Бәйтен. Редакциядан ба? Жоқ дей сал!..
Қалия. Обкомнан...
Бәйтен ішке кетіп телефон тыңдайды. Өте бір қолайсыз тыныштық... Әркім әртүрлі күйде тұрады... Бәйтен қайтып шығады.
Бәйтен. Қайда әлгі шошақай қыз?.. (Зәруге төніп.) Сен... не істедің?!
Зәру. Мен бүркелген шындықты сахнаға шығардым.
Бәйтен. Естіп тұрсыңдар ма? Мына сұм қыз бізді жер қаптырды... Көрген-білгенін обкомға жеткізген...
Қалия. Ой, сорлы, сорлы, біткен жерім осы де!.. Туғаныңның, туысқаныңның, жақыныңның, көршіңнің, жолдасыңның-жораңның-бірінің, бәрінің жүздеріне енді қалай қарайсың? Көшеге қайтып шығасың?.. Өлім ғой бұл!..
Бәйтен. Тоқтат, Қалия!.. Шешінген судан тайынбайды. (Зәруге.) Сен масайрама!.. Әңгіме әлі біткен жоқ... Естіңдер, достарым, кінәлі мен емеспін... Шынтемірова, өзіңсің. Сен бәрімізді адастырған... Төлеутаев бәрін айтып бере алады.
Әшім. Тоқтатыңыз!.. Бұдан әрі тыңдау мүмкін емес! Бетімізден от шықты...
Бәйтен. Сен қыстырылма!.. (Зәруге газетін көрсетіп.) Мынаны да саған мен жаздырдым ба?
Зәру. Мұндай мақаланы мен жазған да, көрген де емеспін.
Бәйтен. Далдабаев! Мойнына қой...
Далдабаев (өзіне). Тым құрыса өшімді алып қалайын. Зәру, неге танасың? Жазған екеуміз...
Бәйтен. Ал, енді не айтар екенсің?..
Зәру (Далдабаевқа). Бетсіз екенсің, Далдабаев!
Бәйтен. Көрдіңдер ме, достарым?
Атшабаров алға шығады, осы кезде Мәжікен келеді.
Төлеутаев (Зәруге). Шық жұрт алдына, қылмыскер!..
Мәжікен. Керек болса, өзің шық! Сенсің қылмыскер! (Жан-жағына қарап.) Әлгі дарылдағы қайда кеткен?.. Бері кел. Бері кел!.. Сен де былай шық! Қатар тұр... Уа қалайық, колхозшы жұртшылық маған мына екеуін әйгілеп, халық алдында беттеріне түкір деп тапсырды... Тфу, арсыздар!.. (Зәруге.) Рақмет, қызым! Колхозшылардың тілегін обкомға жеткізіпсің... Жап-жаңа содан шықтым...
Сабанбаев. Рақметке мырза екенсің, туысқан...
Мәжікен. Мырза болайын, болмайын, саған айтар рақметім жоқ...
Сабанбаев. Өзің кімге рақмет айтып тұрсын, соны білесің бе?
Мәжікен. Оны сенен сұрамадым...
Сабанбаев. Сұрамасаң-бұл тұрған азғын...
Мәжікен. Ей, жігіт, сөз деген аузыңнан іріп шығады екен. Тілінді жани бермесең деймін.
Зәру. Көкек өз атын өзі шақырады демей ме. Аға, сөзіңізді қор етпеңіз...
Сабанбаев. Сен саяси күңгірт адамсың!.. Сен дұшпансың!.. Кәне айта ғой, әкең қайда? Кімге қызмет істейді? Америкада ма?.. Англияда ма?..
Зәру. Жалақорлар, әкемнің әруағынан садаға кетсін!..
Сабанбаев. Тілінің ащысын... Әкең жау, Отанын сатқан қарабет.
Бәйтен. Қоңыр, неге тұрсың, көрсет көзіне әкесін.
Сабанбаев қалтасынан хатты суырып алады.
Зәру. Балапан аға, сіз менің әкемді білуші едіңіз ғой...
Атшабаров. Бері әкеліңіз!.. (Сабанбаевтың қолынан хатты жұлып алады. Үңіледі. Далдабаевқа бұрылады.) Әуелі (сыйымен ұғынысып алайыншы. Жаңа сен не айттың?.. Мына очеркті Зәру жазды дедің бе?
Далдабаев. Балапан...
Атшабаров. Айт!..
Далдабаев. Жазды!
Атшабаров. Арсызсың!.. Бұл очеркті шатпақтаған ол емес, өзіңсің!.. Қайта жазып шыққан мына менмін!..
Далдабаев. Дұрыс емес...
Атшабаров (қалтасынан қолжазбаларды алып). Атаңның басы!.. Мә, мынау сенің, ал мынау менің шимайым...
Далдабаев қолына алып жырта бастайды.
Ақымақ, қолжазбаны жыртқанмен, мені құрта алмайсың ғой! Тұрмын ғой мына мен!.. (Сабанбаевқа.) Ал, мына хатты сіз де қалтаңызға салып қойыңыз! Мұның сізден басқа ешбір пендеге керегі жоқ... Тірілер туралы арыз жазсаңыз да жетер, ал өлілерді мазаламаңыз!.. (Бәйтенге.) Зәрудің әкесі, керек болса, оны мына менен сұраңыз. Ол -Отаны үшін ерлікпен қаза тапқан батыр солдат... Тағы қандай сұрағыңыз бар?..
Мәжікен. Тіптен тегі, қызық екенсің, інім, қандай сұрақ болады оларда?.. Сұрақ мына бізде... бізге жауап берсін...
Бәйтен (Сабанбаевқа). Сен де артыңа шала байлаған сұм ба едің?..
Сабанбаев. Өзі бір оңған адамдай, айтып тұрған сөзін!
Мәжікен (Сабанбаевқа). Қалпақ киіп, күжірейіп тұрғанға, сені адам ба десем, іркіттей быршып кеткен, жүрек айнытар бірдеңе екенсің ғой...
Зәру (Әшімге). Сіз маған ренжіп тұрсыз ба?
Әшім. Атай көрме, Зәружан!..
(Ағасына.) Не істедіңіз?
Бәйтен. Көріп тұрсың ғой.
Әшім. Әрі аяймын, әрі күйінемін, әрі жиренемін!.. Жүрекке өшпес таңба салдыңыз!..
Бәйтен (басын ұстап шөгіп қалады). Ақымақ басым!.. Қай-қайдағы бір шаланы бықсытып, мені құртқан сенсің, Төлеутаев!
Төлеутаев. Мен бір жетісіп тұрғандай, енді маған тиісті.
Бәйтен. Жоқ-ау, бір дарылдақ сұмпайыңды сонша көтеріп, немді қырамын дедің екен?..
Тойғарина. Дарылдағы несі мынаның?.. Әй, ағай, менде нең бар?
Бәйтен. Осының бәрі сенің қырсығың...
Тойғарина. Аулақ!.. Мен емес, мына Қошекең...
Төлеутаев. Қой, антұрған!..
Тойғарина. Герой боласың деп... Әй, өзің жынды екенсің ғой, Қошеке! Мұныңды білгенде...
Төлеутаев. Қобыратпа, антұрған!
Бәйтен. Құрыңдар бәрің де... Неменеге қызықтап тұрсыңдар!.. Тараңдар! Кетіңдер!.. Комедия бітті...
Құрсын бүйтіп біткені...
Әшім. Комедия әлі біткен жоқ.
Мәжікен. Тіптен, тегі дұрыс айттың інім...
(Бәйтендерге сұқ қолын сұқтанып.) Сендер ме, сендер қуырдақтың үлкенін әлі түйе сойғанда көресіңдер!..
Шымылдық
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі