Әдетте халық ақын-жазушыны шығармалары арқылы таниды. Оны жақсы білмесе де, бетпе-бет көрмесе де оқырман өзіне ұнаған шығармасы арқылы жақын сырласына, етене танысына балайды. Соған қарап қалам иесі текке тер төкпегендей бір жасап қалатыны бар...
Мен ақын Гүлжауһар Сейітжанды өзін көріп, танысқаннан да он жыл бұрын білетінмін десем артық айтқандық емес. 1974 жылы ҚазМу-дың журналистика факультетінде оқып жүргенімде Семейдің Аягөзінен келген, аласа бойлы, қағілез, өзі тас қайнататындай алғыр да пысық жігіт, қазірде он шақты кітабы шыққан сатирик жазушы Қазыхан Әшенов біздің старостымыз болды. Сол бірде төбеден түскендей:
— Сен адай екенсің ғой, біздің бір әпкеміз сіздің жаққа тұрмысқа шығып кеткен-ді, — деп қойып қалды. Мен ол кезде Түрікменстанның Красноводск ауданында тұратынмын, соны айтқалы ыңғайлана беріп ем, ол сөз тыңдайтындай болмады. Дегенмен сол есім жадымда қалды да Гүлжауһар Сейітжанның қолға түскен өлеңдерін әңгімелері мен мақалаларын жібермей оқитын болдым. Ал, Қазыхан екеуміздің арамыз курстас жолдастықтан достыққа айналды. Бірер жылдан кейін оның отбасы Аягөзден Алматыға көшіп келді. Қала шетінде тұратын он балалы, қашанда базарлы бұл шаңырақта жиі болып, дастарханынан сан рет дәм татқан едім. Қазыханның ата-анасы қарапайым, өте жайлы кісілер еді. Ол кезде Алматыға көшіп бару, орналасып кету қиын болатын, бірақ олар қандай қиындықтан да қайыспай өз балаларының болашағын ойлап, оқыту үшін сондай қадамға барды. Ата-ананың — мақсаттары орындалып балаларының барлығы да бүгінде жоғары білімді, білікті де тәрбиелі азаматтары, сан алуан мамандық иелері. Айтайын дегенім, Қазыханның үйінде де жақын туыстарының сонау қияндағы Маңғыстаудың адайына келін болып кеткен сүйікті қызы Гүлжауһар жайында сағынышпен айтып отыратын-ды...
1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген Гулжауһар арнайы жолдамамен Маңғыстауға келіп, сол жылы өңірдегі алғашқы кәсіби тележурналист ретінде Ақтау телестудиясында еңбек жолын бастайды. 1973 жылы осындағы облыстық газетке ауысып, аға әдеби қызметкер, әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. Ақын ретінде көпке танылып, өлең-жырлары республикалық басылымдарда жиі көрініп жүрген Гүлжауһардың 1978 жылы "Жалын" баспасынан "Тұңғыш" атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Оның туындылары сыршыл көңілдің тұп-тұнық, мөлдір сырларындай әсерлі. Мәселен, "Адамдар" деген өлеңінде мынадай жолдар бар:
...Қасиеттер қаншама сыйладыңдар, бәрін алдым сендерден иланыңдар! Сендер салған соқпақтан жоқты таптым,—
Болмаса егер дем берер дарқан әнің,
Борыш жүгін мен қалай тарта аламын?!
Жақсылықтан бір нышан болса менде,
О да, адамдар, сендердің арқаларың.
Ағынан жарылып айтылған осынау өлең жолдарын ақынның азаматтық ұстанымы дерсіз! "Өлең деген өсекші жұртқа жаяр", деп ұлы Абай айтқандай, ол кейбіреулерше, өзім болдым, өзім толдымнан аулақ бар сырын шынайы қалпында жайып салып отыр. "Тұңғиықтағы" нәзік те, қайрат пен қайсарлыққа толы жырлардың қай-қайсы да оқырманын бейжай қалдырмайды.
Гүлжауһардың 1981 жылы Алматыдағы "Жалын" баспасынан "Ақерке" деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Бұл жинақтан да кітаптың алғы сөзінде орынды айтылғандай, сыршыл ақынның әр өлеңінен нәзіктік, биязылықтың лебі есіп тұрғандай әсер қалдырады...
Гүлекеңмен жүзбе-жүз кездесудің сәті 1985 жылы түсті. Маңғыстау облыстық "Коммунистік жол" газетіне тілші болып қызметке тұрғанымда ол редакцияның мәдениет және әдебиет бөлімін басқарды. Сол жылы "Жалын" баспасынан Қазақстан жас ақындарының "Қарлығаш" деп аталатын жыр жинағы жарыққа шығып, оған маңғыстаулық журналист — ақын Ғалым Әріп екеуміздің топтама өлеңдеріміз енген болатын. Мұны көрген ақын апамыз қуанып қалды. Газеттің бас редакторы Киікбай Мырзағұловқа айтып, өзі алғысөз жазып, екеуміздің бірнеше өлеңдерімізді жариялағаны есімде. Бұл да оның өзінен кейінгі, жасы кіші інілеріне деген қамқор көзқарасын көрсетсе керек. Кейіннен Гүлекең хаттар бөліміне ауысып, мәдениет бөлімін басқару менің еншіме тигенде де ол өз көмегін аяған емес.
1988 жылы облысымыз таратылып, "коммунистік жол" газеті жабылды да "балапан басына, тұрымтай тұсына" дегендей, оның журналистері жан-жаққа кетті.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қазақ тілінің мәселесі алға шықты. Гүлжауһар 1990 жылдан бастап "Қазақ тілі" қоғамы Ақтау қалалық ұйымының төрайымы, "Қазақ тілі" қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары, облыстық әкімшілікте кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1998 жылғы тамыз айында мен отбасылық жағдайыммен Жаңаөзеннен Ақтауға қайта көшіп келдім. Қызмет іздеп, сол жылдың басында ашылған облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына бардым. Алдымнан Гүлекең апамыз шыға келді. Жағдайымды білгеннен кейін басқарма бастығы Асқар Киікбайұлы Рзахановқа ертіп апарып, өз бөліміне алатынын айтты. Содан апамызбен бір жылдай бірге қызмет істедік. Көлік жоқ, облыс орталығының мекеме-кәсіпорындары мен ұйымдарын жаяу аралап, іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілу барысын тексердік. Осындай әрбір тексеру рейдінен кейін екеуміз де көзге түскен кемшіліктер жөнінде газеттерге мақалалар жазып, радио, теледидардан айтып отыратынбыз. Сонымен қатар Ақтаудағы мемлекеттік тілдің жағдайын, ҚР "Тіл туралы" Заңының орындалсын 1999 жылы облыс әкімдігінің алқа мәжілісіне шығардық. Мұның облыс орталығында ерекше бір серпіліс туғызғанын айта кеткен жөн.
Көп ұзамай Гүлекең өзінің шығармашылық жұмысқа кететінін айтып, бөлім бастығы міндетін маған табыстады.
1997 жылы Гүлжауһардың "Маңғыстауым — ғұмырымның арнасы" деп аталатын өлеңдер мен балладалар жинағы жарық көрді. Жалпы адам өмірінде, сонымен қатар біздің өңіріміздегі оқиғаларға негізделіп жазылған бұл жинақты оқырман қауым жылы қабылдады. Осындай бір ғана "емші екен бір-біріне адам деген..." өлеңді оқып қараңыз, көңілдегі айтылмай жүрген ойыңызды дөп басады.
Қандай күш бар, білдің бе, ғаламда екен,
Дүние, бар тұсыңа хабар берем —
Емдейді екен бізді ізгі тілек,
Емші екен бір-біріне адам деген.
Тәтті сөз, көзқарасың, жақсы әңгімең
Дәрі екен таптырмайтын, бақсам кілең.
Іш құса келіншектер баяғыда
Емделген шығар бәлкім бастаңғымен.
Білдің бе, қандай күш бар өмірде бұл,
Себетін жаныңа — нұр, көңілге — гүл,
Сімірсең жақсылардың шарапатын
Сергірсің, Ойың өсіп, Терің кеңір...
Ал, бұл жинақтағы балладалар адамды жаманнан жирендіріп, жақсылыққа, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге үндейтін тақырыптарға құрылған. Мәселен, "Ана, нәресте және хрусталь" деген баллада дүниеқоңыздық қанағатсыздықтың соңы трагедияға айналып, қос ғұмыр — қызы мен анасының өмірден көшкен аянышты халы суреттеледі.
...Ең бастысы көзіңді шел баспасын,
Көтере алмай бақыт пенен барлықты... —
деп түйіндейді автор.
Тот баспайтын алтын кездік сияқты жақсы шығарма да жерде қалмайды. Оқырманын ойландыратын бұл мазмұнды өлеңді ұзақтығына қарамастан бірде Жаңаөзендік айтыскер ақын, марқұм Жексен Қоңқаш қалалық көркемсөз оқушылар сайысында жатқа, мәнерлеп оқып, жүлдені жеңіп алғанды. Жырсүйер қауым жақсы бағалаған бұл кітаптағы тағы бір жетістік — "Ана жырлары" топтамасы. Бір леппен оқылып, әр жолынан сәбиге деген махаббат, жүрек лүпілі есіп тұрған шумақтардан ана бейнесі жақсы сомдалған. Әттең кезінде Ақтаудағы облыстық баспаханадан 1000 дана таралыммен ғана шыққан бұл кітап көпшілікке жетпей қалды-ау...
Гүлжауһар Нұрсапақызы Сейітжан поэзиялық ғана емес прозалық шығармалар да жазған. Жоғарыда аталған кітаптарынан басқа оның 1985 жылы "Үміт жағалауы", 1986 жылы "Жолайырық", 1987 жылы "Гүлайым" атты өлеңдер және әңгімелер кітаптары шықты. Қазыналы түбекте 35 жыл еңбек еткен жазушы - журналист ретінде аймақтың әйгілі адамдары, елдегі елеулі оқиғалар туралы да қалам тартты. "Маңғыстау мұнайшылары" (1999 жыл), "Жаңаөзен оттары" (2000 жыл) кітаптары соның айғағы. Ол ел мен жер, Отан жайлы ондаған әндерге сөз жазды. Кезінде облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысып, жас қаламгерлерге ақылшы бола білді. Бүгінде өлкемізге белгілі ақын журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Ақын "Үйлену тойындағы көңілсіз ой" атты өлеңінде қалтарысы мен бұрылысы көп өмір жолы туралы жазады:
...Дуылымен алмасар көктемдегі торғын күн,
Рахаты емес тек қана, азабы бар жолдың бұл,
Жүрген сайын ілгері қарайлайсың артыңа,
Балғын шағың жаныңа ыстық тартып солғұрлым.
Тіршіліктің шыққан соң жайдақ мініп күреңін,
Таусылмайды-ау тіпті де...
Таусылмайды жыры оның,
Ақ бояуын жағады жағаласып самайға
Қатпар-қатпар терімен шимай болып гүл-өңің.
Ештеңе де ұнамай, кей шақтарда бәрі ұнап,
Сәл нәрсеге ренжіп, сәл нәрсеге жадырап,
Жүрген шақта құзға әкеп құлатқанша тоқтамас
Қу тіршілік қиралаң арбасына салып ап... —
деген жыр жолдары кім-кімді де ойландырары хақ.
Гүлеке, Гүл апа...аман бол, жасыңа жас қосыла бергей!...
Темір Мыңжас.
2007ж
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі