Жазғы курста оқыған ауыл мұғалімдерінің оқыту жөнінен кейбір нәрселерді сұрағаны болды. Сұрауларына сол кезде жауап беріліп өтсе де, кейбірі жалпыға естіртерлік. өмір жүзінде таңдайына тиіп жүрген сұрау болғандықтан жаңа комплекске де қатысып барлықтан, бұл жерде көрсете кетуді лайық көрдік.
С ұ р а у л а р :
1. Бір комплексті өте алмай, мезгілінен кеш қалсақ қайтеміз? Мәселен оқу кеш басталады да, күзге арналған тақырыптардың мезгілі өтіп кететіні болады. Күзгі тақырыпты қыс оқытуға бола ма?
2. Диаграммды өлшеп, дәлдеп салдырамыз ба; тек нобаймен салына ма?
3. Бірінші жылда балалар жиылысын әуелі мұғалім өзі басқарып үйретеді дедіңіз. Тегінде жиылыс жасауға бірінші кластың балалары жастық қылмай ма?
4. Жақ мылтық істету халықтың көзқарасына ұнамсыздау болмай ма? «Баламызды оқытады екен десек, жақ ашып біреудің көзін шығаруды үйретеді екен ғой» демей ме?
5. Бір кедейдің баласы болады: көйлегі жоқ, жалаңаш етіне кигені қалдыр тон немесе ішінен киген шоқпыт шананы болады. Үйіне барғанда шанға аунап жатады. Қанша жуынғанмен тазармайды: шаң-топырақ терімен араласып, денесіне қатып қалады. Осыны тазалыққа қалай етіп тарту керек?
6. Ауыл жерінде балалар бір мезгілде жиналмайды. 6-7 күн оқып қойғанда, тағы 2-3 бала келіп қалады ғой. Оларды қайта оқыта бастау керек пе?
7. Бір мектепте төрт сынып (класс) болады. Бір мұғалім төрт сыныпты қалай оқытады?
8. Ауылдың мектептерде балаларға арналған жаңалықты өлеңдер жоқ. Мейрамда айтатын өлең де жоқ. Осыны қалай қыламыз?
9. Кейбір бала тентек болады, төбелесе береді. Соларға не шара қолданамыз?
10. Кейбір баланын әкелері мектеп тәртібіне көнбейді. Оларға не істейміз?
11. Бір класта 2-3 жыл отырған баланы қайтеміз?
12. Бірінші, екінші жылдың программасын тексеріп таныстық, 3-4 жылдарға қандай программа, жүйе қолданамыз?
Ж а у а п :
1 - ш і г е. Егер бір күшті себептен уақыт өтіп кетсе, күзгі тақырыпты қыста оқытудың жөні жоқ. Комплекс жылдың мезгілдеріне лайықтап жасалған. Ондай күні өтіп кеткен комплекске амал жоқ, қалып қояды. Оның есесін келер жылы толықтыруға тырысу керек. Бірақ уақыт өтіп кетудің себебі көбінесе өздеріңізден болып жүрмесін. О жағын да ескеру керек. Кейде оқу жылының ортасында әлде бір тілсіз жайдың (жұқпалы дерт, боран сияқты) кесірінен бір-екі аптадай оқуды доғара тұруға тура кеп қалар. Онда да комплексті қысқарту, шағындау немесе тастап кету керек болады. Комплекске кіндік тақырып адамның еңбегі болатынын байқаймыз. Еңбектің кезі өтіп кеткен соң, артынан жор қылу – шығып бара жатқан кісіге: «дәмге қарамадыңыз ба?» дегенмен бір есеп.
2 - ш і г е. Диаграмм деген аз бен көпті, үлкен мен кішіні теңестірудің белгісі. Теңестірген соң, дәлдеп өлшеу керек. Дәл өлшеуге келмейтін жерде, әрине, шамаламай болмайды. Диаграмманы қағаз жүзіне сыйғызу үшін, жайдағы үлкен өлшеуіштің орнына кіші өлшеуіш алынады; метр орнына сантиметр алынған сияқты.
3-ш і г е. Жиналыс жасауға біріншінің балалары жастық қылмай ма? деп отырсыздар. Өткен жылы кейбір жолдастар бір кластағы балалардың жасы ала жаулы болды, бірінші класта 15-ке келген балалар да отырды, көшпелі ел, әсіресе, кедей баласын оқуға кеш береді деп едіңіздер. Көпшілік «осыны қайтеміз?» дегендей боп еді. Ол сөз ыразы болғанда, ел баласы 9-10 жастан кем болмас, 7-8 жастағы баланы оқуға беру сирек табылады. Олай болса, жиналысқа үйрете беруге 9-10 жастағылар жастық қылмайды. Тек бұл сұрау ел мектептерінде балалар жиналысы болмайтындығын көрсете ме деймін.
4-ш і г е. Жақ мылтық істету дегенін балалардың қолын іске үйрету керек дегеннен туып отыр. Жалаң жақ мылтық емес, басқа нәрселер де істелетінін айтқанбыз. Ойындардың жазатайым жерлерінде көрсету, сөз қылу керек дегенбіз. Бұрын жақ мылтық істеп, ойнап жүрген балалар болса, оны бір жола тыйып тастаудың жөні жоқ. Бұрын ойнайтын болса, жақ мылтық ойна деп, оны ұсынудың тағы жөні жоқ. Ол үлкен мәселе емес.
Үлкен мәселе: тегінде қарапайым халықтың көзқарасымен есептесу керек пе, жоқ па? – осында. Қарапайым халыққа салсаң, әрбір жаңалықтың бәріне пәлен демей, түген демей тұрмайды, серуенге шығарсаң да, еңбекке қатыстырсаң да, дінге, ескі әдет-ғұрыпқа қарсы бірдеңе сөйлесең де, ел ауызы тыныш отырмайды, бірдеңе дейді. Дейді екен деп біліп, тәрбие жолынан таюға болмайды. Білімі итіншек, халқы тартыншақ. Елдің ыңғайына көне берсең ілгері бастырмайды. Мектепті елдің ыңғайына емес, елді мектептің ыңғайына жүргізуге, мәдениетке қарай сүйреуге тырысу керек. Балалар арқылы үй ішіне де әсер ету керек. Бұл күнгі мектептің бір үлкен мақсаты: маңайдағы елдің тұрмысының ондайға ықпал етуі. Балаларына өнер-білім үйретіп жатқанына, оның пайдасы өздеріне де тиетіндігіне мектеп елдің көзін жеткізуі керек. Өз пайдасы табылған жерден осқырмайды, үрікпейді.
5-г е. Тұрмысы нашар, киімі жоқ кедей баласына тазалық қапа қалмайтыны рас. Бірақ тазармайды екен деп түңіліп, тазалық, саулық жөнін бүркеп қоюға болмайды, бұл жағына үйрете алмаса, мектептің түк істей алмағаны деп білінер. Тіпті тақыр кедейдің баласын, елі мектеп жатақханалы болғанда, соған алу керек. Жатақханалы мектеп ашылғанша, қолдан келген шараларды істеп (сауық жасап, жәрдем жинап, жалғастырып, қағыстырып дегендей), кедей балаларының тұрмысын аз да болса, түзеу қамын жасау керек.
6-ғ а. Ауылдағы мектепте балалар үздік-создық жиналатынын әркімдер-ақ айтты. Әрине, оған көбінесе, көшпелі тұрмыс, шаруа жағдайы жазықты. Әйтсе де балалардың бір мезгілде жиналуына түрлі шараларды істеу керек. Мұғалім күн бұрын ауылдық комитеттер арқылы, қағаз арқылы оқудың қай күні басталатынын, балаларын содан қалдырмай жеткізуін естіртіп елге жар салу керек. Оны менде тұрмай оқу басталардан 10-15 күн бұрын мұғалім сол маңайды өзі бір аралап шығып, баласы оқитындарға қадағалап тапсыру керек. Оған жиналмай, жалғыз-жарым кейін келетін балалар табылса, оларды жеткізем деп көп баланы қаңтарып қоюға болмайды. Кеш қалған бала не жоғары кластардағы жолдастарынан, не бос кезінде мұғалімнен оқып қуып жететін болсын. Аз күн өтсе де оқа емес. Тым кеш қалып, жете алмайтын баланы алудан мән жоқ.
7 - г е. Бұл сұрауға жоғарыда, «бір мұғалім көп класты оқыту жолдары» деген мақалада жауап берілді.
Бір мұғалім екі, көп болса, үш класты оқытатын болса да бір сәрі, төрт класты бір мұғалімнің оқытуы тым қиын соғады. Оған өте шеберлік керек. Мұғалім жетімсіздіктен әзір сорлап жүрген шығар. Бірақ сол төрт класс деп отырғанымыз өздеріңіздің қолдан жасап алған кластарыңыз болмасын.
Кейбір мектептерде бір кластың баласын үш бөліп оқытатын салт бар көрінеді. Бірінші жылы жөнді оқи алмаған баланы екінші жылы сол класында тағы қалдырады екен де, жаңа түскендерді бір бөлек, былтырғыларды бір бөлек оқытады екен. Жазаласа тәуір оқитын, жаман оқитын балаларды да бөлшектеп, кісі басына сабақ беру жолы да бар екен. Бұл түкке тұрмайтын әдіс. Мұны қою керек. Шама келгенше, бірінші жылы қадағалап оқытып, бірінші класта екі жыл отыратын бала қалдырмау керек. Үйтіп үй ішінен үй тігіп, бөлек-салақты көбейте берсеңіз, 4 кластың орнына 16 класс туғызып алып, ашылмас тұманға ұшырайсыздар; оқыту жолына тіпті қайшы келесіз. Бұл – ескі молдалардың -қыртбағы.
8-г е. Мектепте балаларға үйрететін жаңалықты өлеңдер жоқ деп отыр. Жалаң өлең емес-ау, бастауыш мектепті түгел қанағаттандыратындай оқу кітаптары да жоқ. Бірінші жылға «Әліппе», «Жаңа арна», «Тарту» деген кітаптар бар. Өзге кластарға арналған қолайлы кітаптар жүре болмаса, әзір шықпай жатыр. Жаңа өлеңдер сол оқу кітаптарынан табылу керек еді. Тегінде жаңа өлеңдер жоқ емес, көп. Көбінесе, газет, журналдарда басылып жатады. Оны әзір өздеріңіз қарастырып тауып алуларыңыз керек. Бірақ көбіңіз, ауылдық комитеттердің салақтығынан, газет-журналдар ала алмайтын көрінесіз. Сол жері жаман. Өлеңнің бәрі бірдей балаларға жарай бермес. Әйтсе де таңдап көру керек.
9 – ғ а. Төбелесқой тентек балаға мектептің қолданатын түрлі шаралары болу керек. Класта отырғанда қасындағыларға дамыл бермейтін болса, не жеке отырғызу, немесе өзінен ересек баланы отырғызып байқау керек. Оған болмаса, балалар жиылысында сөгіс беріп, «ендігәрі бүйтетін болсаң...» деп қорқыту, сақтандыру керек. Олар да түк қыла алмай, бұзақылығы басынан асып, түзелмесіне көз жетсе, амал жоқ, мектептен шығаруға тура келеді. Шығару жұмысын ауылдық комитеттер мен комсомол ұйымдарымен үйлесіп орындаса, тым жақсы. Әбден армансыз болады.
10-ғ а. «...балалардың әкесі мектеп тәртібіне көнбейді» деген сұрау түсініксізірек. Мектептің жиылысына келмей ме? Баласын дер кезінде оқуға жібермей ме? Баласы тентек болса ара түсе ме? Немесе мектептің отыны сияқты өзіне түскен салықты төлемей ме? Ашып айту керек еді. Сұрау тұйық болған соң, жауапты анықтап беру де қиын. Әйтсе де балалардың әкесі мектеп ырқына көнбейтін де себеп болу керек. Ол себеп алдымен мұғалімнің өзінде болуға тиіс. Мұғалім баланы жөндеп оқытпаса, ел кезеген болса, бос бастық қылса, әркімге зияны тиіп ұрына берсе, жай жүрмесе, ел көзіне кәдірі, беделі болмайды.
Ондай мұғалімнің айтқанына көнбек тұрсын, ел оған жау болады. Баласын қуантып оқытқан, қызметіне берілген кісіге достық болмаса, қастық қылмағын, мінезді ізшіл мұғалімге, елге пайда келтіріп отырған мұғалімге баланын әкесі тұрсын, жалпақ елді қиғаш болатын орны жоқ.
11 –г е. Бір класта 2-3 жыл отырған баланын неліктен солай болған себебін тексеру керек. Үй ішінін, шаруаның жағдайын, немесе ауру салдарынан қалып қойып отырған балаға кінә да жоқ. Мектепке үзбей келіп жүре тұра, зейіні жоқтығынан кәсіптен қалып қоятын болса, ондай «адам болатын» баланы екі жылдан артық бір класта ұстауда мән жоқ; тәуір оқитындарға орын босатсын. Ал екі жыл бір класта отыру екінің бірінен табыла береді, тек үшінші жылға тағы қалмаса болғаны. Үш жылдан отырғызу деген мектептердің салтында жоқ.
12-г е. 3, 4-інші жылдық программасы басылып шықса керек еді. Мүмкін оқу басталса, шығып қалар. Шыға алмаса, мен өтірікші болып жүрмейін. Қазақша басылған программа болмаған соң, орысша білетіндердің орысша программасынан пайдалануларына болар. Әрине, олардікі қазақ мектебіне үйлесе бермейді. Әйтсе де күр алақаннан гөрі қол байлау дегеніміз ғой. Орысшаға шамаларын келмесе, баяғы ескі программамен жүре тұрасыңдар. Басқа ылаж жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі