III. ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ
ӨТКЕНДІ ЕСКЕ ТҮСІРУ
Өткен сабақта: комплекс деген өмірдегі құбылыстарды байланыстырып, олардың арасындағы қатынасын зерттеу екенін, комплекстің бір де бір мәнісі «түйдек» деген сөзге бейім келетінін, бұл жолмен оқыту комплекс әдісі деп те, жүйесі деп те айтатынын, комплекс жүйесімен оқытудың нән жүйесімен оқытудан артықтығын, комплексте кіндік тақырып еңбек болатынын, мектепте еңбектің тақырыптары қандай болу, неше күндік болу жөн екендігін, програмдағы тақырыптардың кейбір қолайсыздығын, Түркістан өлкесіндегі мектептерде қандай комплекстер лайықтығын сөз қылып едік, I, II жылдық тақырыптарды белгілеп, оларды күнге шамалап едік, енді сол тақырыптарды қалайша жұмыстау, іске қалай асыру, қысқаша айтқанда, қалай оқыту жағына көшеміз.
ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ДЕГЕН НЕ НӘРСЕ?
Програмды жергілікті жағдайға жанастырып, комплексті тақырыптары белгілеп, ол тақырыптарға кіретін деректерді (материалдар) толығырақ, дәлірек көрсетіп, уақытқа мөлшерлеп алуды, жұмыс жоспары (производственный план) деп атайды. Бұл айтқанға қарағанда жұмыс жоспарының програмнан пәлендей айырмасы жоқ болды: тақырыптарды белгілеу, оларды уақытқа шамалау, материалдарын көрсету програмдарда да бар. Жалғыз-ақ програмды жер-жердің жағдайына жанастыру болмаса, олай болса, жұмыс жоспары деп әр жердегі мектептің өзіне лайықтап жасаған програмын айтады екен. Тек жоспарда оқытатын нәрселер анығырақ, толығырақ, дәлірек көрсетіледі. Сүйтіп программ да – программ, жоспар да – программ боп шықты.
С ұ р а у :
1. Өткен сабақта програмды жергілікті жұмысқа жанастыру жағын сөйледік пе? – Сөйледік. Түркістан елдерінің мектептеріне үйлеспейтін жерлерін көрсеттік.
2. Бір жылда жұмыстайтын тақырыптарды белгіледік пе? Белгіледік.
3. Тақырыптарды уақытқа шамаладық па? – Шамаладық.
4. Ендеше, жұмыс жоспарын жасауға кіріскен бе екенбіз? – Кіріскен екенбіз.
5. Жұмыс жоспарының енді несі қалды? – Енді тақырыптардың материалын көрсету қалады.
Біз мұғалімдерге тегінде алдағы істің планын жасап үйрету керек дейміз. Үйткені, әдіс бюросы болсын, мұғалімдер жиналысы болсын, кенесі болсын сондағы адамдарды мұғалімдерден болмақ, ер мұғалім өз бетімен еш нәрсе жасауға орайы жоқ болса, жиылғанда, кеңескенде несін айтады, не ақыл қоса алады. Ол бір. Тегінде әр мектептің тұрмыс жағдайын өз мұғалімі жақсы біледі: әр мұғалім өзі есептеп, не керек екенін айтып отырып, жасаспаса, көлденеңнен, төбесінен отырып, әлде біреудің жасап берген жоспары оның мектебіне шақ келе бермейді. «Жетектеген ит аңға жарамайды» дегендей, біз мұғалім атаулыны қолмен тұрғызып қойған жанды қуыршақ қыла бергенді қойып, оларды ой жұмысына баулу, төселдіру, шынықтыруымыз керек. «Басы ауырсын, миы шатассын, шеке тамыры зырқылдасын, қыл бұрау салғандай тырсылдасын», әйтеуір түбірлеп, қоймай отырып, бірдеңенің басын құрастыратын болсын. Үнемі «жоғарыдан жасап береді» деп даяр астың иесі бола бермесін. Бұл екі, алдағы істің не боларын күн шамалай білмей, келешекті «құдайдан күту» бір нәрсенің басын бастап, аяғын тастау, көрінгеннің бәрін «о, қойшы соңы» деп менсінбеу қолдан келместен жирену, өзі түк білмей отырып біреуге сын тағу... сияқты іске жүйесіздік, табансыздық, енжарлық, жалқаулық, қау көкіректік, бос жұбаныш, құрғақ үміт сияқты мінездер бізге жөргектен біткен, ісімізді онға, алға бастырмайтын қырсықтың қара басы осында. Біз өзгенің жақсысына әлі еліктей білмейміз: талабымыз жетпейді, табанымыз тұрмайды, сырғып кейін шегінеміз. Алдағы істі пландап үйрену, келешектің қамын жеу. Толғаусыз, онсыз, «құдайға тапсырып» жылы бүркеніп жата бермеу – көптен-көп кімге керек десеңіз – көптің көкірегіне сәуле жағатын, бұлақтың көзін ашатын, ісімен, күшімен, мінезімен үлгі болатын мұғалімге керек. Мұғалім бала оқытсын, бірдеңе білдірсін десек, білдірмеген реттесін, жүйелесін десек, жұмыс жоспарын жасай білегін қылуымыз керек. Өзі етік піше, қалып шаба білмеген етікші өмірі жақсы етікші бола алмайды.
ЖҰМЫС ЖОСПАРЫН ЖАСАУ ЖОЛЫ
Әрбір мекеме, ұйым, әрбір ғалым, маман, өнерпаз, істейтін ісіне алдын-ала план жасап алады деп, бұрын да айтқамыз. Мектеп те өз алдына бір мекеме, ұйым болғандықтан, жылдық жұмысына план жасайды. Біздің жасайтынымыз жалпы мектеп жұмыс планы емес, балаларға оқытатын сабақтың планы (жоспары) болу керек.
Жұмыс жоспарын жасарда есте болатын нәрселер мыналар:
1. Мектептің негізгі мақсұтын белгілеу. Оның мәнісі сол жердің тұрмыс жағдайына қарай жұмыстың жалпы бағытын, балаларды
неге бейімдеп оқытуың шамалау, мектеп тұрған ауданда мал шаруасы басым ба, диқаншылық, күшті мектеп үстем бе, балық аулаудан ба – елдің көбірек күн көретін кәсібін мектеп те баса оқыту керек, мектеп сондай кәсіпке бейімдеу керек.
2. Мектепте қандай еңбек түрлері болмақшы. Басқаша айтқанда мектеп күн көрісі жұмыстың қандайына қатыспақшы екенін шамалау. Ондай еңбектерді жалпы тәжірибе жұмысымен, білім жұмысымен қалай жанастырып, үйлестіріп келтіретінін белгілеу.
3. Әр тақырыпты жұмыстағанда қандай деректер (материалдар) алынбақшы, ол деректердің мөлшері, аумағы қандай, мінезі қандай болмақшы екенін жобалау.
4. Мектептің елмен, елдегі қоғам ұйымдарымен, мекемелерімен қандай қатынасы болмақ. Елдің, ұйымдардың мектепке не пайдасы, мектептің елге не пайдасы, қолқабысы тимек екенін нобайлау.
Тәрбие беру, білім беру жөнінде оқудан басқа, еңбектен басқа қандай шаралар істелмекші (мысалы: дене тәрбиесі, гимнастика, көркемдік тәрбиесі – сурет, ән-күй, өлең, тақпақ сияқты) салаларды да шамалау.
Бұларға қосымша:
а) Материал тізгенде, тұрмыс пен ғылым айқасып, астасып тізілсін.
б) Жоспарда комплекс жаны, оны жұмыстап өтетін уақыт мөлшері дәл көрсетілсін.
с) Жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсін.
ж) Жұмыстау негізіне баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматы салынсын; дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен басталсын.
д) Сабақ күн бұрын жасалған жоспармен жүргізілсін. Сабақтың ретіне қарай, әрине, іс жүзінде жоспардан тайын кетуге де болады. Әйтсе де жоспарсыз істелсе, тақырыптың ең керекті жері далада қалып, жүрдім-бардым кетіп, уақ-түйегіне көп алдануға мүмкін.
е) Тоқсан (семестр) бітіп, жұмыстың бас-аяғын қорытып, келешекке жоспар жасағанда, жасасуға балалар да қатыссын.
Балалар:
1) Өзіне мақсұт қойсын.
2) Жоспарды талқыға салсын.
3) Нені істеуге болатынын шамаласын.
4) Кім не істейтінін үлесіп алсын.
5) Жұмысты бірігіп орындасын.
ж) Жаттығу жұмыстары әр тақырыптың жоспарында толық көрсетілсін
Кейбір жоспарларда балалардың жоспар шығаратын нәрселері де көрсетіледі. Мысалы:
1. Ашық түсті жапырақтарды қатырға жапсыру.
2. Кейіпті ағаштардың бұтағын, жапырағын жинау.
3. Бүршіктер, саңырауқұлақтар, тұқымдар жинау.
4. Қайтқан құстардың жапсырма суреті (апликация).
5. Егін саймандарының тұлғасы.
6. Октябрь, тағы басқалардың ұраны.
7. Түрлі отындардың үлгі қиқымы.
8. Жыл мезгілдерінің календары.
9. Жыл мезгіліне қарай, жаратылыстан, үй іші тұрмысынан, мектептен суреттер.
10. Хат танығандағы балалардың өз әліппесі.
11. Өз кітабы... деген сияқты.
ЖҰМЫС ЖОСПАРЫНА ҮЛГІ
Комплекс тақырыбы: «Мектептегі алғашқы күндер»... (7-10 күндік).
1. М а қ с ұ т
Балаларды мектеппен, мектеп жұмысымен таныстыру, ұйымдастыра бастау, мектеп тәртібіне үйрете бастау. Мұғалім балалармен, олардың өмірімен, табиғатпен, мағлұматымен танысу.
2. Ж ұ м ы с м а з м ұ н ы , о н ы ж ұ м ы с т а у ж о л ы
Балаларға жолығу. Аты-жөнін, кім қайда тұратынын, кіммен қалай ойнайтынын, аурулары бар-жоғын, үйлерінде не істейтінін білу.
Күн жақсы болса, бұл әңгімелерді далада өткізу. Ондай серуенде жаратылыс жайынан әңгіме құру. Мысалы: күз суретін жаздыкімен салыстыру, табиғат өзгергенде үлкен, кіші адамдардың еңбегі де өзгеруінен жабайы мағлұмат беру...
Далада балалардың көз, құлақ қуатын байқау, алыстағы дыбысқа құлақ салдырып, алыстағы нәрсені нұсқау. Көрсетіп даладағы көлдердің түсін айыртып, қарындашпен қалаған нәрсенің суретін салдыру. Класта қолдан жасалған аспаптармен көз, құлақ қуатын байқау.
Балаларды бір-бірінің бойымен таныстыру. Артық-кем, жоғары-төмен деген ұғымдарды білдіру.
Класта балаларды дұрыстап орналастыру: бойына, көру, есту қуатына қарай, алға, артқа отырғызып:
Жолдастарын санату.
Мектеп тәртібіне дағдыландыру.
Өзге ілгіштеріне сызық, белгі салдыру.
Жолдастарының аттарымен таныстыру.
Хат танытуға кірістіру.
Мектеппен таныстыру: мектеп үйі қандай, бөлмесі нешеу, әр бөлме не үшін, мектеп құралдары неге керек.
Мектеп тәртібі, оның керектігі, класта тәртіп сақтау.
Тазалық сақтаудың керектігі, қол жуу.
Мектеп жасауларын, аспап құралдарын бүлдірмей, дұрыс ұстау.
Балалардың тұңғыш жиылыстарын жасау. Жиылыстың әр жолдасқа тапсырындысы – міндеті (дежурныйлық, сабаққа керек нәрселерді басқару сияқты).
Класта таза ауа сақтау (үрдіс жаңғырту, шанды дұрыстап сүрту) Класты безендіру, балалардың қалай жасалғаны, жасаулағаны, баланын үйі, қанша жан барлығы, кім не істейтіні. Жұмыс әдіс, әңгіме, сурет, жапсырма сурет, ою-сыру.
3. К і р м е н қ а т ы н а с қ ы л у
Бұл комплексті жұмыстағанда, балалардың үйімен қатынас бастау.
4. Ж а т т ы ғ у
Дәптерді, қарындашты, қаламды, сызғыш ағашты, қайшыны, желімді, пышақты, балғаны ұстай, пайдалана білу.
Қолын күтіп дағдылану, тапсырған істі орындап үйрену (дежурный болу, бірдеңені басқару).
Ұйымдасқан жұмысқа (Жалпы кеңеске, серуенге, жиналысқа, ойынға, өлең, ән айтуға) жаттығу.
Жазу, сөйлеуге дағдылану.
Баланың өз тілімен көрген-білгенін, байқағанын айтып үйрету.
Мұғалімнің қысқа әңгімесін, оқығанын тыңдап дағдылану.
Сөйлеммен, сөзбен, буынмен танысу. Буынды көбейту, сөзді буындап, буыннан сөз құрап үйрену. Буынды, сөзді жаза білу.
Мұғалімге сұрау бере білу.
Есеп жөнінен: ілгері-кейін санау, оның ішінде сандарды ең алғаш қоса, ала білу. Артық – кем, ұзын-қысқа, кең-тар, жуан-жіңішке, терең-саяз, ауыр-жеңіл, тез-шабан деген сөздерді қолдана білу.
Сызық дағдысы: көрген нәрселерін еркін суреттеу, берілген тақырыпқа еркін сурет салу.
5. Құрал-деректер
Дәптер, қарындаш, қалам, сия, қайшы сияқты аспаптарды, оқитын әңгімелерді, ойлайтын ойындарды дайындап алу.
Ескерту: ойынды, әнді тақырыпқа байланыстыру шарт емес. Алайда ойын күнде болып түру керек.
Әсіресе алғашқы кезде.
Міне, он шақты күндік комплекстің жұмыс жоспары осы сияқты боп жасалады.
Бұл жоспарды әуелі 1) комплекстің мақсұты, одан кейін, 2) мазмұны, жұмыстау жолы, 3) кіммен қатынас қылатыны, 4) жаттығу, 5) бұл комплекске керекті құрал – деректер айырым-айырым көрсетілген. Мазмұны (материалы) да толық айтылған. Бір тақырыпқа мұнша нәрсені жазу қиын болады десек, бұдан гөрі қысқартып жазуға болады.
Програмда қысқа айтқан. Онда:
1) Мақсұты, 2) Мазмұны, 3) Жаттығу жұмыстары ғана көрсетілген, ең керектісі де соңғы екеуі (мазмұны мен жаттығу) болу керек. Осы жобаларды қолданып, енді өз бетімізбен жоспар жасауға кірісеміз.
Жоғарыда жұмыс жоспарының не екендігін программ барлық мектепке үйлесе бермейтіндіктен жоспар жасаудың керектігін, жоспар жасаудың жолын, үлгісін көрсеттік. Бұдан бұрын жоспардың «біссіміләсін» бастан та қойдық. Бастаған емей немене I-II жылдық комплекс тақырыптарын белгілеп уақытқа мөлшерлеп айын да, күнін де көрсетіп қойдық. Енді бізге сол тақырыптарға мазмұн салу керек, жаттығу жұмыстарын кірістіру керек. Мұны қалай істейміз? Нені қолданамыз?
ЖОСПАР ЖАСАУ ЖҰМЫСЫНЫҢ АҒЫМЫ
Бірінші сұрауға жауап: Осы кластағы адамдар 3, 4 (отырған орындары бойынша) топ-топқа бөлінуіміз керек. Әр топ ішінен бірін хатшы қылып белгілеу керек. Хатшы қалам, қағазын алып, топ мақұлдаған, ұйғарған нәрсені жаза берсін, нені қолданамыз? деген сұрауға — біз «жаңа мектептегі» програмды қолданамыз, соңы ірге қыламыз. Әр топқа бір тақырыптан беріледі. Сол тақырыпқа лайықты материалды програмнан теріп аласыздар, жоғын, жетпегенің, мектептеріңіздің жағдайларын еске алып отырып, өз жандарыңыздан қосып толтырасыздар. Сөйтіп, сіздер жасап шығарған жоспарларыңызды жалпы кластың, бәріміздің кеңесімізге салып, мінейміз, қырнаймыз, өзгертеміз, түзейміз... дегеннен кейін, курсанттар сипаңдай, қипаңдай, жымия, қыдия қалам, қағаздарын, програмдарын алып, үйренісіп, шүңгілдесіп, бірінің бетіне бірі қарасып, іске кірісе бастайды. Алғашқы кезде біресе программаға, біресе қағазына, біресе қабырғаға қарап, қармағына түк іліндіре алмаған адамша дағдарса да, «болмай жатыр» пәлен-түген десе де, он-он бес минуттан кейін бірлі-жарым терген сөздерін екшеп тексере бастайды.
«Көз – қорқақ, қол – батыр» ғой, жоспар жасау деген әуелде теріс» жазудан да қиын көрініп, жүрексінсе де істей келе, шұқына, түбірлей келе, бірдеңенің басы құрала бастады. Әрбір топ біріне-бірі қарап, жолдастары тұрып қыбырлап, жыбырлап жатқанын көрген соң, бәсекесі қозайын деді. Кейбір топ бір-екі сағатта-ақ жазғанын әкеп көрсетіп жатыр. Кейбірі біржола «табандатайын» дегендей кепке дейін түбірлеп, терлеп-тепшіп қиналады. «Басымыз сынып бара жатыр» деушілер де болды. Жүрдім-бардым жаза салғандарын екінші рет жаз деп, кем жерлерін көрсетіп бердік, айтпақшы, «астапыралла!» ұмытып бара жатыр екенбіз, әуелі екі-үш комплекстің жоспарын өздеріне сұрау беріп, мынау қалай балалар? деп отырып түгел класс боп жасағамыз. Оны бәрі түгел жазып алған. Тәжірибе көруге жұмысты жеңілдетуге де онымыз да теріс болған жоқ.
Не керек екі кластағы 85 адам жұмыла кіріскен соң шыдата ма, програмның қолын қол, бұтын бұт қылып іреп, сойып, созғылап, заулатып, айтысып, ерегескендері екі бөлек жазып, әйтеуір екі-үш күннің ішінде 2 жылдық жұмыс жоспарын нобайлап бітіріп тастады.
Әрине, бұл жасалған жоспарларда кемшілік көп болар. Қалайда бұл еңбек, бұл тәжірибе мұғалімдердің өз табысы, жоспар жасау жолындағы тұңғыш баласы. Сондықтан бұл жоспарларды елдегі қалың мұғалімнің алдына тартуды керек деп ойладық.
Бұл жоспарларда әрбір комплекстің мақсаты көрсетіледі. Үйткені тақырыптың мазмұнынан мағынасы өзі де белгілі болып тұрар деп ойладық. Програмдағы комплекстердің мақсаттарын қарасақ бәрі бірыңғай «жаратылыс өзгеруімен қатар адам еңбегі де өзгеруін байқату» деп берген сияқты ондай сөзді жазып қоя берудің қиындығы да, келер, кетері де шамалы болар дедік.
БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕРДІҢ БІРІНШІ КЛАСЫНА
АРНАЛҒАН ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ
1 тақырып. Баланың мектептен бұрынғы өмірі (октябрьдің 1-7, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Балалардың ауруы бар-жоғын тексеру, аты-жөнін білу. Мұғалім өзімен таныстыру, мектепке не үшін келгенін сұрау, оқудың пайдасын ескерту, сол туралы қысқаша әңгіме оқу.
Балалардың жазғы ойындары, еңбектері не екенін білу өздеріне сөйлету. Кімнің қайда тұратынын, үй іштерінде қандай адамдар барлығын, кім не істейтінін, баланың үй ішіне көмегін сұрау.
Сөйлеммен, сөзбен таныстыру балалардың бойын теңестіру «артық – кем, жоғары – төмен, биік – аласа» деген сөздерді дұрыс қолдандыру жолдарын санату, атын білдіру.
Ж а т т ы ғ у . Мұғалімнің сөзін тыңдауға дағдылану. Өздерінше көрген, білгенін, байқағанын сөйлеп үйрену. Мұғалімге сұрау бере білу. Сөз сұрағанда қолын көтеру. Мектепте қалай жүріп-тұру.
Оңай нәрселердің суретін салдыру. Түрлі кесте, өрнек салдыру, өлең айтқызу, жұмбақ айтқызу, ойындар ойнату. Дәптерді, қаламды, қарындашты ұстата білу. Қолдарын таза ұстау. Балаларды орынға орналастыру. Түгелдеу белгілерін тізімге қойып үйрену.
Ілгері-кейін санау, оның ішіндегі сандарды ауызша қоса білу, ауызша оңай мәселе (есен) шешкізу.
Балалардың бұйымнан диаграм салдыру.
2-т а қ ы р ы п. Мектеппен таныстыру (октябрьдің 7-15, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Мектептің атын білдіру, бөлмелерімен таныстыру, кластағы нәрселердің неге керектігін түсіндіру. Мектеп қорасында, ауыз үйінде, дәретханада қалай жүріп тұруды үйрету. Класта таза ауа сақтау (шаңдатпау, тақтайды, әйнекті дұрыстап сүрту, тыныс кезінде класта бала қалмау). Мектеп құралдарын, жасауларын бүлдірмеу, реттегі ұстау, мектепте тәртіп сақтау (ойнамау, алыспау, орынға таласпау, айқайламау, жолдасының ісіне бөгет қылмау).
Балалардың алғашқы жиналысын құру, сұрау қою, кезекпен сөйлету, ұсыныс қоя білдіру, тәртіпші, тазалықшы сайлау, олардың міндетін түсіндіру, тазалық тәртіп жөнінен қаулы шығару (қаулыны алғашқы кезде мұғалім өзі жазып, оқып беру керек).
Сөзбен, буынмен таныстыру, бірнеше сөздерді, буындарды сөз қылып үйрету*. Буындардан сөз құрау.
Сабақ қашан басталып, қашан бітетінін ұғындыру.
Ж а т т ы ғ у. Класқа кірерде аяқты сүртіп жүру. Орындық, үстелдерді дым шүберекпен сүртіп, еденді сыпыра білу, желдеткіш ашу, киімді таза ұстау.
Жазу, таныс сөздерді оқу. Білетін өлең, тақпақ, жұмбақ, ертегілерді айтқызу.
Онға дейінгі цифрлармен таныстыру. Қосуға, алуға дағдылану. Қосу (+), алу (–) белгілерімен таныстыру. Кластағы, мектептегі нәрселермен мәселе шешкізу.
Саздан сурет соқтыру. Қалаған нәрселерінің суретін қағазға, тақтайға салдыру.
Ән салғызу, ойын ойнату.
3-т а қ ы р ы п. Балалардың саулығын сақтау (октябрьдің 15-20, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Балалардың бет-қолын, басы-көзін бақылау. Кір неден болатынын, кірдің зиянын, құтылу шараларын білдіру. Дененің әр мүшесін қалай таза ұстау, денені ыстық, суықтан қалай сақтау, денені қозғалыстармен шынықтыру, ауқатты мезгілімен ішу, денені мезгілімен тынықтыру.
Баланың үй іші тазалығы, төсек-орын, ыдыс-сайман, бөлме таза болу.
Мектеп тазалығы, шаңдатпау, түкірмеу, сіңбірмеу, киімді сілікпеу, шүберекті қақпау, класс нәрселерінің шанын сүрту.
Насыбай атпау, шылым тартпау, олардың зияны.
Ж а т т ы ғ у. Сөйлеу, тыңдау, оқу, өлең жаттау. 10-ға шейін көбейту, оның белгісі. Аптада неше күн барлығы, аттары.
Класты сыпыру, әбзелдерді сүрткізу. Төсек-орынды, киімді қақтыру. Тырнақ алдыру. Қарындаш ұштату. Ағаштан пышақ істету. Қағаздан шабар, қоржын, қайық... бүктету.
Балға, балта, орақ, саты, терезе, есік, пышақ сияқтылардың суретін салдыру.
Доп, соқыр теке, ақ серек (әйгөлек), орын тап, бура қуған сияқты ойын ойнату.
Қосылып ән салу.
4 та қ ы р ы п. Күзгі тұрмыс (октябрьдің 21 -13 ноябрь, 3 жұма)
М а з м ұ н ы : Күз белгілері. Ауа райының өзгерісі. Күн қысқарып, түн ұзау, жел, тұман, жаңбыр, су, малдың қиы қата ауа райының календарын жасау. Күз пісетін, құрайтын шөптер, құстың қайтуы. Хайуандар түсі өзгеруі, жаңа жүн шығуы, мал сулату, күз семіретін, аритын мал.
*Сөз буын жаздыру деген мәнісі, тұтас сөз әдісімен оқытпақшы.
Киіз басу. Отын дайындау. Жоңышқа, қонақ, жүгері, майкене сияқты егіндердің жиын-теріні, бақша (сәбіз, пияз, картоп, леплеме) жиын-терін.
Күздік егіс: бидай, арпа егу.
Ж а т т ы ғ у. Көрген-білгенін сөйлету. Класс, мектеп ашылыстарын жасау. Балаларға жиылыс басқарту. Мәселе қойдыру. Сөйлету, қаулы шығару. Өлең жаттату, әңгіме тыңдау, жаңа сөзбен, буындармен таныстыру, жазуын үйрету. Тыныс буындарына сөз, сөйлем құрату.
Қайтқан құстардың жапсырма суретін салдыру. Календарь жасау, ою-кесте сыздыру.
10-ға шейінгі көбейту, бөлу белгісі, төрт амалдан мәселе. «Артық – кем, ұзын – қысқа, кең – тар, жуан – жіңішке, терең – саяз, ауыр – жеңіл, тез – шабан» деген сөздерді қолдандыру.
Егіндікке, шабындыққа серуендету, жапырақ, шөп, құрт-құмырсқа, құстарды бақылату. Егін өсімдіктерін – саймандарын көрсету. Бір тектес есімдіктер жапырағын іріктеп, қатырғы қағазға жапсырту, астына аттарын жазу, ағаштан кішкене қып жер ағаш, мала, мойынтұрық, күрек істету, балаларды жиын-терінге қатыстыру.
Қ о с ы м ш а т а қ ы р ы п ш а. Октябрь мейрамы (3 күндік)
7 ноябрь – Октябрь төңкерісінің мейрамы. Мейрамды өткізу туралы жиналыс. Мұғалім баяндамасы. Класты түрлендіру, төңкеріс өлең-әндерін үйретеді. Жоғарғы класс жұмысына араластыру, қағаздан жалау істету. Жиынға қатар түзеп бару, балалардың әке-шешесін мейрамға шақыру. Ауылдық ұйымдармен қатынас жасау, сауық кешін жасап, елге көрсету, дене тәрбиесі, ойындар.
Е с к е р т у . Жоғарыда төрт тақырыптың жұмыс жоспары оқытушының жетектеуімен түгел класс боп ақылдасып отырып жасалады. Бұдан кейінгі жоспарлар оқытушылардың (ел мұғалімінің) өздері одақтасып (түйсіктесіп) жасағаны. Жалпы кеңеске салғанда, аз-маз түзетілгендері де, со қалпымен кеткендері де бар. Біз тек сөз құрылысына болмаса мазмұнына көп тигеміз жоқ.
5-т а қ ы р ы п. Қысқы там (ноябрьдің 13-20, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Қала тамдары (үйлері) мен ауыл тамдарының айырмасы: асты – үсті, есік, терезесі, кендігі, биіктігі, жылылығы. Істелетін зат жөнінен, пештің үлкен терезесінің, тақтай табанның ден саулыққа, тазалыққа пандасы. Ауыл тамдары кішкене, аласа қараңғы болғандықтан саулыққа зияны, тамдарды неден қалай, кім істегені, пештің керектігі, сандал мен пешті салыстыру.
Тамдарды тазалау, есігін түзету, жаңадан там соғу, төбелері сылау, есік-әйнектерін бүтіндеу. Ата-аналар жыйылысын шақыру, қысқы тамның таза, жарық, берік болуының пайдасы туралы баяндама жасау, кеңесу. Ауылдық кеңес кооперативпен қатынас қып, қысқы тамға терезе алдыру жөнінен қам қылу. Пеш орнатуға кірісу.
Мал қораны тазалау, есік орнату, жыртық-тесігін бүтіндеу, сыпырынды шығару.
Ж а т т ы ғ у. Әр балаға өз тамын, өз қорасын суреттеу. Сөйлету, кемдігін тапқызу, жақсы туралы кітаптан әңгіме оқып беру, кеңесу, өлең жаттату. Тамды таза, жарық қып ұстау туралы ұран шығарту, ол ұранды үй-үйге апарып жапсыру. Сол маңайдағы балалардың тамдарын барып көру. Денсаулыққа келмейтін жерлерін ескерту. Аса нашар ауруы бар үйлердің тамын балаларға тазалаттыру, бүтіндету. Тамды, қораны таза ұстауды үйрету, пеш орнату, сандал қою, тамның ауасын жаңартып тұруды түсіндіру.
10-ға шейінгі көбейту, бөлу, 15-ке шейін қосу, алудан мәселе шығарту. Мәселе тамның кең-тарлығы, терезенің аз-көптігі, жаман тамның зияны жөнінен болғаны жөн.
Ж а с а у ш ы л а р :
Жұмекен Сосықбайұлы (Әулие Ата,
Талас болысы).
Хамит Хасенұлы (Ташқазақ, Келес).
6 - т а қ ы р ы п. Қыс басы (ноябрьдің 20, декабрьдің 5. 2 жұма).
М а з м ұ н ы : Қысқы ауа мен күзгі ауаны салыстыру. Даланың түрі, қар, оның жұқалығы, шаруаға әсері, қора маңының қарын күреу, үй арасының жолын аршу, жер тон болып, мұз қату, терезе қыраулану. Қыстап қалатын құстар, көбік қарда тойынатын мал. Шана жолы. ит, мысық сияқты үй хайуандарының қысқы тұрмысы. Құдықты, суатты күту. Күннің қысқаруы. Адамның кеш жатын, ерте тұруы. Еркек, әйелдердің, балалардың күндізгі жұмысы.
Ж а т т ы ғ у: Қысқы жаратылыс, жұмыс, құс, мал туралы әңгіме оқу. Өлең жаттату. Қыстайтын құстарды атату. Қысқы тұрмысын сөйлету, жеке сөздер, қысқа сөйлемдер жазғызу, оңай нәрселердің суретін салдыру.
Балаларды мектеп, қора маңының қарын күретуге, жол аршытуға қатыстыру. Көптесіп істеген жұмыстың өнімді болуы жөнінен 4 амалдан 20-ға шейін мәселе шығарту. 20-ға шейін цифр жаздырып үйрету.
Ауа райының календарын жасату. Сағатпен таныстыру. Сағат суретін салдыру.
Ахметбек Сәлиұлы (Ташқазақ, Келес болысы)
Ж а с а у ш ы л а р:
Салиха Темірғали келіні (ол да).
Рахия Ахметулдақызы (Түркістан,
Жаңақорған болысы).
Мапту Қарамайқызы (Ташқазақ, Келес)
7-т а қ ы р ы п. Соғым (декабрьдің 5-12, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Соғымды не үшін соятыны, қалалы жерде соғым болу-болмауы, дала мен қала тұрмысының айырмасы. Ауылда үйлердің қандай соғымы барлығы: соғымды ерте қамдаудың керектігі, соғым кезінде кедейлердің борышқа ұрынуы. Байлардың қымбат сатуы, кедейге байдың дос еместігі. Соғымды қашан, қалай соятындығы, соғым сойғанда «семіз шық!» деп күл жағып ырым қылуы, ырымның қырын кетуі, жұбаныш екені. Балалардың соғым сойғанда көмегі, әйелдердің еңбегі. Балалардың бүйрек алуы, қуық ұрлап ойнауы, қай малдың бүйрегі қандай болатыны. Соғымның терісін қалан түсіру, мүшелерін қалай бұзу, мүшелердің атын білдіру, қандай малдан қазы қалың шығуы, қара қабырғаның саны, мойын омыртқа, арқа омыртқа, белдеме, жілік нешеу болатыны. Соғым етін қалай сақтау. Іс қылу: түзету, қақтау, сүр қылу, сүр ет пен жас еттің қайсысы ас болатыны, соғым терісін қалай жайын кептіріп, қайда жарататыны, соғым сойған күні қуырдақ қуырылып, ауылды шақырып беретіні, оны кімдер істейтіні, бұл әдеттің айқасуы. Соғым союшылардың неден қол үздік, қол кесері.
Ж а т т ы ғ у. «Жаңа арнадан», «Соғым» деген әңгімені оқу. Балалардың соғымға көмегін. соғым жайынан білетінін өздеріне сөйлету. Жаңа сөздер, буындар үйрету, сөйлем құрату. Малдың мүше аттарын жаздырту, жүректің, бүйректің суретін салдыру, қай малдан неше пұт ет шығатынын шамалап, 4 түлік мал етінің диограмын жасату. Қазы, шұжық, жілік сандарынан, соғымның нарқынан мәселе шығарту. Бір санды, қолды неше күн азық қылатынын есептету. Ойын ойнату, ән салғызу.
Кәрім Қуандықұлы (Әулие Ата, Қара
Ж а с а у ш ы л а р : батыр болысы).
Шымырқұл Толымбек (Мерке болысы).
8 - т а қ ы р ы п. Қысқы жаратылыс
Е с к е р т у. «Қысқы жаратылыс» пен «Қыс басы» деген тақырыптардың мазмұны ұйқас болғандықтан, жасаушылар толық қып жаза алмайды. Аз жазғанын мұнда кіргізуге пайдасыз деп ойладық.
Ж а с а у ш ы л а р: Құрманбек, Ордабек, Найхангүл еді.
9-т а қ ы р ы п. Суықтан сақтану (декабрьдің 18-24. 1 жұма)
М а з м ұ н ы: Үйді, терезені дымнан сақтау. Төбедегі қарды күреу, терлеп отырып тысқа шықпау. Үй ішіндегі жаман иісті жою – ауасын жаңғыртып, қандай киіммен шығу, қол, бет, құлақ, мұрынды үсітпеу. Үсікті қалай күту, емдеу, суықтан пайда болатын науқастар, олардың емі, үйді, жылы астау-пешті дұрыстап жағу, төбесін... қалай жабу, иістен сақтану, иіс тигеннің емі, қатал боранда, аязда балалар далаға шықпау, шықса сақ болу, аяғынан дым өткізбеу, етігі бүтін болу, көбінесе суық тиетіні әйелдер екені, олардың бойын күтпеуі, жұмыс ауырлығы, қазақтың әйелді күтпейтіндігі, күтудің, жұмысын жеңілдетудің керектігі.
Жаттығу. Қыс туралы өлеңді, әңгімені үйінде оқып келу, «Аяз» деген өлеңді жаттату, «Сары аяз» деп оқып беру. 20-ның ішіндегі сандарды қосу, алу, бір жетінің ішіндегі қар, жел, ашық, бұлт болған күндерді есептетіп, диаграмын жасату.
Пеш жақтырту, отын жарғызу, үйдің жыртық-тесігін қымтату, есікті жауып жүргізу. Қар күрету.
Сурет салғызу, ойын ойнату.
Әлімбетұлы (Әулие Ата, Аса болысы,
Ж а с а у ш ы л а р: Арал мектебі).
Жүзбен ұлы (Шымкент, Бадам, Шомыршық мектебі).
10 - т а қ ы р ы п. Малдың күтімі (декабрьдің 24, январьдың 6. 2 жұма)
М а з м ұ н ы : Төрт түлік мал: қара мал не қай малдың қандай пайда келтіретіндігі. Қай малдың қанша жасайтыны. Жасын қалай айыру (тісінен, мүйізінен, езу қатпарынан, көзінен, басынан...) қай мал баласын неше ай көтеретіні. Малдың жасына қарай аттары (тай, тайынша, бұзау, құнан, дөнен...). Қазақтың бір жас артық жүретіні, малдың түсі, түгі (сиыр тарғыл, сары, қызыл, көк.... жылқы торы, жирен... түйе? қой? ешкі?). Күйіс қайыратын, қайырмайтын мал, шөпті күні-түні жейтін мал. Суды аз ішетін, көп ішетін мал.
Қыс малдың арықтау себебі (жатар орын, тамақ, су жайсыздығы), малдың орны, асты қандай болу, қай мал жылы қораны сүюі, себебі, қысқа қай малдың беріктігі, арық-тұрақ, ауру малды бөлек күту. Қолға қарайтын мал, қолға қарамайтын мал, қар тебетін мал. Қай мал қай шөпті жақсы жейтіні, мініс атты қалай күту, қай малға шөпті қай жерде салу, қай малдың шөптен кәшекті (салам) көп қалдыратыны, бидай сабанын қай мал жақсы жеуі, саламды оттықтарға ма, жерге ме салу.
Малдың азық-түлігі жетімді, жетімсіздігі, оның себебі, мал тамағын қамсыз қылудың шаралары.
Ж а т т ы ғ у . Кімнің үйінде қандай малдың барлығы, кімнің қай малды сүйетіні, кімнің мал баққанын, күткені туралы балаларға сөйлету, малдың түрін, түсін, мінез, қылығын сөйлету. Әр балаға бір хайуанды бақылату, қалай, несін бақылатуды тапсыру, мал туралы әңгімелер оқу, өлең жаттату, малдың жұмыстарын сұрау, үйрету.
Мал қайтарту, бағу, қағу, астын күту, суару, шөп салу жұмысына балаларды араластыру, арық-тұрақ, ауру малдарды күттіру, қысқа әңгіме, өлеңдерді үйде оқып келуге тапсыру.
Тасымалды үйрету.
20-ға шейін төрт амалдан есеп, көбейту кестесін жаттату, метр өлшемімен таныстыру. Ойын ойнату, ән салдыру.
Төребекұлы (Түркістан, Шілік болысы).
Ж а с а у ш ы л а р: Қалыбекұлы (Ташқазақ).
11 – тақырып. Қысқы үй тіршілігі (январьдың 6-13, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Еркектер еңбегі: мал күту, бағу, етікшілік, таспашылық, үйшілік, ершілік, ыдыс, аспап, домбыра, қобыз жасаушылық. Пайдасыз ермек: қарта ойнау, тоғызқұмалақ, көкпар, түстеніс, ел қыдыру, мал бағу...
Әйелдер еңбегі: тары түю, қуыру, ақтау, кір жуу, киім тігу, жамау, үй жыю, сыпыру, қағу, отын тасу, бұтау, үй жылыту, күл шығару, ылаж бен мақтаның шитін тазалау, оны кіру, тоқу, бау-басқұр жібін, түз қылатын жібін дайындау. Қолғап, байпақ, бөкебай, орамал тоқу; малға жабу істеп, мал күту, тамақ пісіру...
Ж а т т ы ғ у. Ай аттары мен жаз, күз, қыс, көктем айларымен, қай айдың нешеге бітетінімен таныстыру.
Метр өлшеуін аяқтату. Үй ішіндегі адамдардың қайсысы күніне неше сағат жұмыс қылатынын диаграм салдыру. Әңгімелер, ертегілер оқыту, тақпақ жаттату, үй іші нәрселерінің жұмбағын сұрау.
Әйелдің еңбегі туралы сұрау беріліп, бірігіп шығарма жаздыру. Еңбек туралы үй іші адамдарының білетін өлең, тақпақ жұмыстарын жазып әкелуді тапсыру.
Үй іші нәрселерінің суретін салдыру. Текемет үлгісін жасату. Бау-басқұр, текемет, кебеже сияқтылардың өрнегін сыздыру.
Жақыпұлы (Түркістан, Шілік).
Ж а с а у ш ы л а р: Кемелұлы (Түркістан, Созақ).
12 -т а қ ы р ы п. Балалардың қысқы еңбегі, ермегі (январьдың 13-20, 1 жұма)
М а з м ұ н ы : Мал бағу, күту жөнінде, қора тазалау, қар күреу жөнінде, түрлі қол өнері жөнінде, отын тасу, от жағу, су әкелу, төсенішті қағып-сілку, екі үйдің арасына жұмсағанға бару жөнінде балалардың әке-шешесіне тиетін көмегі, еңбегі.
Үйдегі, от басындағы ермегі, іні-қарындастарына кітап оқу, сурет көрсету, ертегі, жұмбақ, тақпақ айтысу, қол тұзақ, асық, тоғыз құмалақ, зырылдауық ойнату.
Балалардың даладағы ермегі: қардан аққала соғу, қоян, адам жасау, сырғанақ тебу, ағызба таяқ ойнау, торғайға тұзақ құру, жау мылтық ату, жасырынбақ...
Ойыншықтардың неден, қалай жасалатыны, пайдалы, зиянды ойындар.
Ж а т т ы ғ у . Малдың астын тазалау, күту, үй төбесінің қарын, үй арасының жолын аршу, суат ою, сырғанақ, зырылдауық, жау мылтық, ағызба таяқ жасау.
Оқу, жазу, есеп, сурет.
Назарұлы (Шымкент, Шаян).
Ж а с а у ш ы л а р: Асайұлы (Шымкент, Шаян).
Е с к е р т у. Январьдың 20-23 «Ленин азасы» деген тақырыпша, мазмұны қысқа жасалғандықтан кірістіріледі.
13-тақырып. Аң, балық аулау (январьдың 23-30. 1 жұма).
М а з м ұ н ы: Бұл өңірде қандай аңдар барлығы, балалардың қандай аңды білетіні, кімнің не көргені. Әр аңның пайда, зияны, аңдардың жазғы, қысқы тұрмысы, олардың түрі, үлкендігі, кіші андардың өзара қатынасы.
Аң аулайтын құралдар: қақпан, тұзақ, ау, тор, ыстау, ор, мылтық, тазы, ат, қаршыға, ителгі, тұйғын, бүркіт. Құралдарды қалай қолдану. Қай аңды қандай құралмен ұстау, қай аңды қашан, қалай аулау.
Әрбір аңның оғаш мінезі (қасқыр қомағай, аңғырт, түлкі айлакер, қоян қорқақ дегендей). Қасқырдың малды қалай торуы, түлкінің қақпанды баспау, аңшының әңгімесі.
Қай аң қашан ұлығатыны, неше ай бала көтеретіні, баласын бағып, баулитыны.
Аң терілері не керекке жарайтыны, қалақ ұқсату.
Балық жүретін сулар. Балық аттары (сазан, шабақ, шортан, мекіре, лақа), балықтардың өмірі, өсіп-өнуі.
Балық аулайтын құралдар (ау, қармақ, тұмылдырық). Балықты жаз, қыс қалай аулау. Күннің қан мезгілінде аулау.
Балық етін қалай ас қылу.
Ж а т т ы ғ у . Аңдар туралы балалардың көрген білгенін сөйлету. Кітаптан әңгіме оқыту, аң аттарын, құрал аттарын жаздыру, аңдар ертегісін сөйлету, өлең жаттату.
Ит, мысық, қоян, күзен, қасқыр, тышқан соңарын бақылату, айырту. Аяңдағанда, жортқанда, шапқандағы ізін салдыру, ілгері-кейін жүргенін тапқызу.
Аң, балық суреттерін салғызу, есеп шығарту.
Маманұлы (Шымкент, Шаян).
Ж а с а у ш ы л а р: Жақпарұлы (Шымкент, Шаян).
14 - т а қ ы р ы п. Арық-тұрақ, ауру малды күту (февральдың 1- 14, 2 жұма)
М а з м ұ н ы : Қыс аяғында малдың арықтау себебі, арық малдың түрлі дертке (қышыма, қотыр, ақ құлақ, тышқақ, бит, сүйел, күл, кене, бөген, кершеу, маңқа, мұрын құрт, өкпе құрт, қысама қыршаңқы, мандам) ұшырауы. Дерттің себебі (ыстық, суық, сыз, жұқтыру), ауру малдарды емдеу шаралары: дәрігерге көрсету, қотырға ұндау май, битке жылқы майы, керосин, қыршаңқыға сынапты зығыр майына өлтірін жағу сықылды малды аурудан сақтау. Ауру малды араластырмау, бөлек күту, ауру мал мен сау малдың іреңін айыру.
Ерте туған қозы, бұзауларды аулақ күту, көтеремді ұрындырмау.
Ж а т т ы ғ у . Ауру малдарды емдету, күттіру, түрлі мал ауралары туралы ұсақ кітапшалардан мақала оқу, мақаладан ұран шығару, ұранды ауылға тарату. Ауру малдарды көру, бақылау, ауру арық малдардың есебін алу. Ауыл мекемелері арқылы дәрігер көмегін сұрау, аурудың емі туралы мағлұмат жинау.
Дауысты, дауыссыз, жұмсақ, қатты дыбыстарды айырту, түсіндіру, дәйекшіні ұқтыру, есеп, сурет, диограм анкеталары.
Байзақұлы (Шымкент, Арыс).
Ж а с а у ш ы л а р: Ғылманұлы (Шымкент, Арыс).
Е с к е р т у . Бұдан кейінгі 15 («Қыс аяғы»), 16-тақырып («Жазғытұрымға бет алу»), 17-тақырып («Жазғытұрғы тұрмыс»), 18-тақырып («Мал балалау»), 19-тақырып («Көш-қон қамы»), 20 («Жазғы жаратылыс») тақырыптар, кейбірі «Жаңа мектептегі» програмнан пәлендей айырмасы жоқ. Кейбірі оңайлау болғандықтан босқа орын алдырмадық, кірістірмедік. Жаңа тақырыпқа қаран програмды қолданып, жоспар жасау жолы осымен де түсінікті болар деп шамаладық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі