1
Жазғы парктың ашылған күні еді.
Тойғa баратындай сәнді киініп, саяхатқа шыққан қала жастары кеш самалы көтеріле лек-легімен сол паркке қарай ағылып жатты.
Осы сәнді топтың ішінде Жанас дейтін бір жас жігіт келе жатыр. Көзімізге басқалардан бұрын оның түсуінде мән бар. Өр кеудесін көтере түсіп, көзін алысқа жіберуі де тегін емес. Алыстан парктің арғы түкпірінен шалқи шыққан оркестрдің асқақ үні де бір жағынан оны лепіртіп келеді.
— Сенде туып сенде өссем де көре бергім келеді, неткен қымбат, неткен мұнша сырлы едің туған жер! — деді ол ішінен. Аймағы айдын көлдей шалқып жатқан өзінің туған қаласына көзін масаттана жіберіп, — кешегі жаңаң бүгінгі ескі секілді, ол басып өткен ізімдей артымда сайрап қала береді, мен алға кете беремін. Бүгінгі жаңаң ертең тағы ескі болып көрінер. Бірақ, сенің жеті жылдық өміріңнің бәрі де жаңа ғой. Жеті-ақ жыл!
Осыдан жеті жыл бұрын қандай едің? Ағылшындардың иесіз қалған тас қорасынан басқа түк жоқ құлазыған дала едің. Енді бүгін қарасам, келешегіңе ойым жетсе де, аймағыңа көзім жетпейді. Сондықтан да жаулар сені күндейді, сені қиратуға жан таласады. Мейлі, күндей берсін күнсіздер. Ұли берсін, үре берсін екі аяқты бөрілер. Іші күйсе тұз жаласын сұмырайлар. Сені қирату олардың қолынан енді келмейді, — деп, ол өзінің бір күдікті адамдарын да еске түсіріп өтті.
Мейлі, сайран етсін, мейлі, қасірет шексін, адамның көкейінде өшпестен, өзгерместен сақталатын сурет: балалық шағында көргендері ғой. Біздің Жанастың көз алдында сол өшпейтін суреттердің де алуан түрі келе жатыр.
Парктің шығыс жағындағы сонау төрт қабат үлкен қызыл үй тұрған жерде әкесі Жұман марқұмның екі ай еңбектеніп салған кішкене жер үйшігі де оның көз алдында тұр. Ол кезде Қарағанды халқы үшін үй салатын ағаш адамның қанынан да қымбат еді. Сондықтан жұмысшылардың үйі көрдің лақаты секілді үңгір бола¬тын. Ол «үйдің» терезесі ешкінің кепкен қарны, есігі — тоқылған ши, төбесіне салынған арқалығы да, тақтайы да — сиырдың терісі болатын. Төбеден топырақ түспес үшін «үйдің» төрт бұрышына төрт қада қағылып, төрт сирағынан керілсе, бір сиырдың терісі бір «үйдің» төбесі болып неше жылдар бойы тұра беретін.
Біздің Жанас дүниеге осындай үйде келіп, балалық шағын осындай үйде өткізген-ді. Бірақ, әкесі Жұман марқұм оны алтын сарайдай көретін. Ол Жанастың балалықпен айтқан бір сөзін ұнатпай, «қой, шырағым, мұндай үйге жете алмай жүргендер де аз емес. Бұл жаман болғанымен, бізге құтты болған үй. Мен бұл үйді салған жылы дүниеге сен келгенсің» деп насаттанатын.
Әкесінің сол сөзі де, сол кездегі барлық көргені де бүгін ғана болып еткендей, бүгін ғана естігендей, сол жаңа күйінде көкейде сайрап тұр. Әсіресе, әкесінің өлімі көз алдынан еш уақытта кетер емес. Сол қайғылы бір күн есіне түскенде, ет жүрегі елжіремей қалған емес Манадан сол бір күндерді елестетіп келе жатқан Жанас селт етіп жан-жағына бір қарады да:
— Арман, арман! Арманда кетті, қайран әкем. Бірақ, ол кезде ішерге ас, киерге киім таба алмай жалаң аяқ жер басып жүрген балаңның бұл кезде инженер болып отырғанын, ол кездегі адам баласын қинаудың, қырудың орны болған көрдей шахтаның бұл күнде ерікті еңбектің қызықты ордасы болғанын, күңіренген мола секілденіп жататын жер үйлердің бұл күнде салтанатты, сәулетті болғанын көрсең, «мен жете алмай кеткен, менің ата-бабаларым жете алмай кеткен өмірге менің балам жетіпті, менің елім жетіпті. Енді менде арман жоқ», — дер едің.
Ол парктің орта тұсында тұрған зәулім бәйтеректің саясына жеткенше осындай ойдан құтылған жоқ еді, бәйтеректің түбінде жасыл скамьяның бос тұрғанын көріп, кенет өзгеріп кетті де:
— Апыр-ау, Зинаның мені тоспағаны ма? — деді ішінен,
Бұл кезде парктің іші жандана түсіп, жанар оты маздаған жастарды түстей сұлу сезімге шақырып тұрғандай еді. Жарқын жүзді, сәнді халық секунд сайын қоюланып
көрініске шыққан сахна сұлуларындай мың бұралып, ішіне алуан сыңқыл, желікті күлкі, сезімді қалжыңмен Жаныстың алдынан өтіп жатты, бірақ Зина жоқ. Жанас үшін Зинасыз бұл топтың сәні жоқ.
— Бұл қалай? Әлде ол келмеді ме екен? Жоқ, мүмкін емес.
Ескен жібек жел, оның шалқасынан жатқан қара шашын желпіп, ауыр тартқан денесін сәл сергіткендей болса да оның күдігіне ем бола алған жоқ. Алдынан өтіп шыққан топқа телміре қарап, ұзақ тұрды да, аяғы талған соң отыра кетті.
Жанастың Зина дейтін қызбен танысқанына бір жылдан асып барады. Сонан бері бірін-бірі қадірлей біліп, айнымай келген достық жүрек соңғы кезде махаббат өріне құлаш ұрған-ды. Жанас үшін жанын үзетін шешесі байғұс алғашқы кезде баласынын, бұл тілегін қабыл көрмесе де: «Қайтейін азар болса абысындарым келініңмен мылқауларша ымдасып сөйлесесің бе, жоқ, тілмаштарың бар ма деп мазақтар, оған да көндім, тек қойны құтты болсын»,- деп, кеше ризалығын берген-ді. Бұл жайлы Зинаға айтқанда, ол: «Мен өз шешеме өзім түсінбей жүрмін. Не түк түсінбейтін мен әлі баламын, не шешеме бір сұмдық болған. Ол жайды ертең айтармын. Әлі де байқап көрейін. Ертең сағат сегізде кел, мен сол жерде тосамын» — деп осы бәйтеректі белгі еткен-ді. Сағат, міне тоғыз болып қалды, Зина әлі жоқ. «Бұл қалайдан?» басқа сөз таппай ойы әр саққа бір жүгіріп, Жанас әлі жаутаңдап отыр.
Бұл кезде алуан түрлі толқынға бөленген парктің іші шаттықтың сахнасына айналған еді. Манадан бері Зинаның күйін шертіп отырған Жанас бар қызықтан құр қалғандай атып тұрды да топпен араласып кетті.
ІІ
Зина өз көркіне өзі риза қыз болатын. Сондықтан ол паркке барады екенмін, жігітіммен кездеседі екенмін деп онша сәнденген жоқ. «Жанас сүйсе киімімді емес, өзімді сүйеді ғой. Басқа жігіттер сүймесе сүймесін» деген оймен жұпыны ғана киімді де жүріп кетті. Сүйікті Зинаның бұл ойы онша дұрыс емес екенін, сәнді киіну тек жігіттер, яки қыздар үшін ғана емес, шама келсе қашан да жақсы киіну керек екенін білсе де ескермейтін.
Шынында, оның мойны әнтек қысқалау, әйтпесе, сырт сымбаты мен бет ажары кісіні бір кергеннен тарта алатын келбетті еді. Алайда, ол көркіне мастанумен масаттанып, ұятынан айрылып қалатын қайсыбір «сұлуларға» ұқсамайтын.
Өзін осындай таза сақтап, жұртқа да өзін солай көрсете білетін Зинамыз қазір парктің қалың ел жүрген алаңынан аулағырақ жерде, шеткері бір скамьяда, қоңқақ мұрынды, қасқа бас біреудің жанында отыр. Оның жіңішке қасы түймедей түйіліп, аспап түстес үлкен көзі бір нысанаға қадалған, оз ойынан өзі қиналған тәрізді.
— Солай, шырағым, — деді қасында отырған қасқа бас, соз сарынына қарағанда екеуі ұзақ сөйлескен секілді. — Сен әлі ақылың толмаған жассың. Албырт жастық адастырып жүрмесін. Сен оқыған, санасы өскен, совет қызысың ойлан. Қазіргі дәуірдің тұрғысына секунд сайын ойлана қарап отырмасаң — адасасың. Сені партия мен өкімет тәрбиелеп өсірді, төменнен жоғарылатты, ол саған үлкен сенгендік. Кім біледі, сені ол жігіт өздерінің жасырын жұмысына пайдаланбақ шығар? Қазақтың басқа жігіттері жиырмаға жетпей үйленеді, ал ол отызға келгенше үйленбеген. Меніңше, оның саған үйленемін деуінде сондай бір зымияндық мән бар. Өйткені сен көріктісің, көркіңмен-ақ оларға көп пайда келтіресің.
— Ондай көрікті маймылға-ақ бердім, — деді Зина шыдай алмай тістене сөйлеп. — Егер Жанастың ондай арам ойын сезсем, мен оны сол сағатында...
— Жоқ, қымбаттым, ең алдымен сенің таза жүрегіңді кірлеп өзіңді әлсіретпей, өзі не айтса соған көнетіндей етіп миыңды уламай, ол саған сыр сездірмейді. Сен қазір оның сынауындасың. Ол сені әйелдікке алған соң да көп сынауы мүмкін. Оның әлгі мен айтқан мінез-құлықтары, оның үстіне мұны оқытқан анау профессордың зиянкес болып кетуі тегін емес. Байқа, байқа! Жас өміріңді сондайлардың құрбаны етіп жүрме.
Зинаға бұл ақылды үйретіп отырған шахтаның бас инженері Зеленский дейтін еді. Оның әлгі сияқты сөздері Зинаның ешкімге иілмейтін ор көңілін жылан арбап тартқан торғайдай лезде сылқ еткізді.
Ашық аспанның жарық жұлдыздарымен тайталасқандай электр сәулесі жарқ етіп, бақшаның ішіне нұр шашқан кезде, Зеленскийдің көзі жұмылып кетті. Ол көзін қалқалаған болып алақанымен бетін жапты да салалы саусақтарының арасынан Зинаның өңіне көз жіберді.
— Солай, қымбаттым, — деді ол Зинаның қаны қаша қалған өңінен өз оғының деп тигенін сезіп, — сендер сияқты көргені аз жастардың білмегені болса үйретіп, адасқаны болса жөн сілтеу партия мүшесі — біздердің міндетіміз. Партияның жолын партия мүшесі — біздер, комсомолдың жолын сен сияқты саналы мүшесі таза сақтамаса, алысқа бара алмаймыз. Менің айтайын дегенім осы. Бірақ мен саған түк айтқаным жоқ, сен менен түк естіген жоқсың. Мұның бәрі өз сөзің, өз ақылың. Өз сөзіңді ішке түй де, өз ақылыңмен шеш. Ұқтың ба?.. Бұл әңгімеден ештеңе түсіндің бе өзің?
— Жоқ, — деді Зина зілменен.
Зеленский аңырап қалды:
Неге?
Осы кезде бұлардың ту сыртынан Жанастың даусы саңқ етті де, Зина жауабын беріп үлгерген жоқ. Жанас аяғын сәндене басып, Зеленскийді елеместен күле сөйлеп келеді:
— Ерке тентегім-ау, айтқан жеріңнен табылмай, мені айдалаға тентіретіп тастап, өзіңнің мұнда отырғаның қалай? Жүр, биден кеш қалдық.
Зинаның даусы зілдірек шықты:
— Менсіз билей беріңіз.
— Сен ше?
— Менің басым ауырып отыр.
— Адам биді басымен емес, аяғымен билейді ғой.
— Менің аяғым да ауырып отыр.
— Мүмкін жүрегіңіз де ауыратын шығар, — деп, Жанас сізге көшіп еді, қыздың даусы жасқа булықса да зілді шықты.
— Ия жүрегім де, басым да, аяғым да, жаным да, тәнім де бәрі де ауру. Енді түсінікті ме?
— Түсінікті деді, — Жанас жайымен, — тек мұның бәрі ненің сылтауы екені түсініксіз.
Бұл сөз қыздың шымбайына батып кетті:
— Сылтау, — деді ол отты көзімен жалт қарап. — Олай десеңіз жоғалыңыз.
Қыздың бұл сөзі Жанастың намысына қамшыдай тиді.
— Не дейсің?
— Жоғал деймін, — деді Зина да алған бетінен қайтпай. Бірақ ол бұрын Жанасқа мұндай сөзді айтып көрмегендіктен бе, өз сөзінен өзі шошығандай селк етті де, бетін қос алақанымен басып алды.
— Мақұл, — деді Жанас шымырай түсіп, — тек өзіңді өзің жоғалтып жүрме,
Ол соны айтты да тұра жөнелді.
Жанасты көргеннен қырын қарай бере тұқия қалған Зеленский басын енді көтерді:
— Ой, әттеген-ай, әлгі жігіт жаман ой ойлап кетті-ау! Басқа жер құрығандай осында кез болған екенбіз, — деп, өтірік өкініп, ішінен жымыңдай бастап еді.
— Қандай жаман ой? — деді Зина оған да ызбарланып.
— Сені азғырған мен деп ойлап жүрмесе. Бірақ оқыған азамат қой, олай ойлай қоймас? Ал, сүйіктім, мен енді кетейін. Егер ол сенен не сөйлестіңдер деп сұрай қалса, манағы шахта жайында айтылған сездерді айта сал. Ал әлгі профессор мен өзі туралы айтылған сөздердің ешқайсысын оған сездіруші болма. Егер де оны айтып қойсаң, жауға көмек бергенің. Өйткені, кімнің кім туралы не ойлайтынын, өзінін істеп жүрген зұлымдық әрекетін біреулердің сезгенін білсе, құтылатын жолды жаулар оңай тауып алады, сондықтан үлкен сақтық керек.
— Оған енді кездесетін кім? — деді Зина бұрынғысынан бетер ширыға түсіп.
— Жақсы, қымбаттым, мен .аурудан әбден қалжырап қалған екем, көңіл көтеру үшін бүгін әдейі келіп ем, жақсы болды, саған кез болғаныма өте қуаныштымын, қош...
Зеленский Зинаның қолын жай ғана қысты да, аяғын салмақпен басып жүріп кетті.
Сол орнында жалғыз отырып қалған Зина көзінің жасын іркіп алды:
— О, дос пен қасты айыра алмаған аңқау басым? — деп, ызаға булығып барып, кенет токтай қалды да, жібек орамалымен көзінің жасын тез сүртіп, әлдекімді іздегендей жан-жағына қарады. Оның іздеген Жапасы бұл кезде парктен кеткен еді.
ІІІ
Аласұрған асау ойдың толқынымен алыса-алыса үйіне қалай кеп қалғанын да Жанас сезген жоқ. Басына ұялаған күдікті ойлар тереңдеген сайын Зина жайындағы үміті үзіле түскен сияқты.
— Aй, опасыз! — деді ол өз-өзінен күбірлеп, — бар мақсатың менің олар жөніндегі ойымды білу екен ғой. Өлермін, өлмесем көрермін кімді-кімнің жеңгенін.
Сол ойдан құтыла алмай Зинамен бірге еткізген күндерін шолып, Зеленский жөнінде оған айтқан сөздерін іздеп өткен күндерін кезіп кетті.
Жанас осындағы бас инженердің орынбасары болып, басқа шахтадан ауысып келген күні, Алматыдағы тау-металлургия институтын бітіріп келген Зина осы шахтадағы ең үлкен учаскенің маркшейдері болып белгіленген еді. Екеуі трест бастығынын бұйрығын бір күнде, бір сәтте қатар тұрып алған еді. Бастықтың кабинетінен шыға бере Жанас Зинаның қолын ұстай алды да:
— Кешіріңіз, мен сіздің алғашқы ашқан есігіңізді құттықтауым керек екен ғой. Бақыттан бақытқа жетіп, өмір бойы өрлей беріңіз, тілектеспін, — деді.
— Рахмет, — деді Зина күлімсірей қарап, — сізге де сондай бақыт тілеймін.
Ол Жанастың дірілдеген даусынан жүрегінің лүпіл қағып тұрғанын сезсе де, үндеген жоқ. Екеуі шахтаға қарай жүріп кетті. Жолшыбай Жанас Зинаны қаламен таныстырып келеді. Жүрегі әлі лүпіл қағып келеді. Оны Зина сезіп келеді, бірақ, себебін біле алмай:
— Бір сөзді ағат айтсам айып етпейсіз бе? — деді де, ол осы сапар даусы дірілдеп шыққанын сезіп ернін тістей алды. Жанас жалт қарап еді оның үлкендеу келген көкшіл көзінде күлкі ойнап тұр екен.
— Ағат айтсаңыз да асыл көріп қабылдадым, айта
— Мен сізді жүрегі ауру адам деген ойда келемін. Егер бұл ойым дұрыс болса, жер астының жұмысына баруыңыз теріс емес пе?
— Жүректің ауруы әр түрлі ғой. Сіз қайсысын айтып келесіз? — деді алыста аспандап тұрған үміті сылқ етіп қолына түскендей күлім қағып.
— Әр түрлі дейсіз бе? Ол қандай-қандай?
Жанас айтарын да айтпасын да білмей сәл кідірді де:
— Қазір айтсам сіз менен екінші бір ауруды көргендей боларсыз. Сондықтан, алдағы бір күндерде айтуға рұқсат етіңіз, — деді.
Оның «екінші бір ауру» дегені не екенім Зина сезбеді ме, жоқ әлде, сыр бүкті ме, мұнан кейін үндеген жоқ. Шахта бастығы Етекбаевтың алдына екеуі бірге келді.
Арада бір ай өткеннен кейін бір күні Жанас шахта Жанас шахта ішінде келе жатыр еді, Зина қарсы кездесіп, қолын ұсына бере:
— Қалай шахтаның әуесі жүрегіңізге ауыр тиіп жүрген жоқ па? — деді.
— Ал енді, бір сөзді мем ағат айтсам, сіз де айып етпеңіз. Көрсе қызар екен дер деп, ең алғаш сұрағанда айта алмай, өзімді өзім қинап кетіп едім, енді айтайын. Менің жүрегімді тербеткен сіздің көзіңіз, көзіңіз ғана емес өзіңіз, қымбатты Зина!
Ол сөзінің аяғын құшақтай алумен бітіргісі келгендей құшағын жая ұмтылып кеп қалып еді. Зина белін жасқай кейін шегіне берді де:
— Сабыр етіңіз, — деді гүлдей үлбірей түсіп, — мен сізді бұлай деп ойлаған емеспін.
Зина солай дей тұра кешке парктің ішіндегі кинотеатрға баруға келіскен еді. Екеуінің сол күні ең алғаш сыр алысқан жер жаңағы парктің іші болатын. Сол күнгі ләззаттылықтың куәсі болып қос жүректен бірдей орын алған парктің бүгінгі күні жау шапқан елдің жұртындай көрінуі қалай? Зинаның сүю үшін ғана жаралғандай көрінетін сүйкімді сүйір ерні өмірлік жарым сенсің деп, Жанастың бетіне сонан бері талай жабысқан жоқ па еді? Ешбір алдау-арбауы жоқ, шын жүрекпен сүйген жоқ па еді? Соның бәрінің бүгінгі күні сағымдай бұлдырап, түс секілді жоғалуы қалай? Бұған себеп не? Араға жағылған от кімдікі? Елудегі Зеленскийдің өшуге айналған жалынсыз оты Зина сияқты қыздың жүрегін шарпуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Ендеше, мұнын себебі неде? Әлде Жанас ол бастан адасқан ба?
Айтпақшы, Жанастың қиял құсын кездіре іздегені бұл емес, достық пен дұшпандықтың жайы еді ғой. Сондай айнымас дос, адал жардай болып жүрген Зинаның дұшпандық ойлауы мүмкін бе? Ондай ойда болған күндерде Жанастың қандай жат мінезін көрді екен? Осыдан бір ай бұрын шахтаның жасырынып алынбай қалған ұшан-теңіз көмірін тауып алған күні Жанастың «Забой жолдарының теріс айдалуының үстіне,осынша мол көмірді тастап кету жай емес, бұл кімнің болса да, зиянкестердің ісі. Атан айтқанда, бұл — Зеленскийдің ісі» дегені рас. Бірақ, ондай күдіктену Зинада болмады ма, ол қашан Зеленскийді ақтап еді?
— Зеленскийдің зымиян екенін былтыр осында келісімен-ақ білгенмін. Сен бүгін Отаныңа көп олжа түсірумен бірге, жауының сырын ашып бердің. Енді сондай жегі құртты құрта біл. Сонда мен сені былай сүйемін, — деп тұрып, құшырлана сүйгені қайда? Сондай адал жүректің сырын сездірген Зинаның бүгінгі күні жат болып шыққаны қалай? Жоқ, мүмкін емес. Мұнда басқа бір сыр бар.
Осы сияқты ұшы-қиыры жоқ, бірінен-бірі туып, өрбіп жатқан көп ойлардың қайсысына ерерін біле алмай Жанас өзіне азар жеткен еді. Жазу үстелінің үстінде жатқан ашусыз пакетті көріп тез сергіп кетті. Бірақ, күткені болмай ол қуанышы ұзаққа бармады.
Бұл хат наркомнан келген хат еді. Хаттың сөзі: «Жолдас Жұманов сіздің бағалы етіп жіберген хатыңыздың өзі жоқ, тек іші ақ қағазға толтырылған сыртындағы конверті ғана келді... Мүмкін болса, хатыңызды қайта жіберіңіз. Наркомның тапсыруы бойынша» деп, біреу қол қойыпты.
Ол хаттың Москваға жөнелтілместен, тіпті почтаға жетпестен осы қаланың өзінде қалғанын, қазір ол Зеленский мен Етекбаевтың қолында жүргенін, сол хатта өздерінің зиянкестік әрекеттері түгел айтылғаннан бері олардың Жанасқа деген қастандығы қатая түскенін, Зинаны азғыру сол қастандықтың бір ұшқыны ғана екенін Жанас білмейтін-ді.
— Бұл қалай? — деді ол ойланып. — Ол хатты өзім апарып салған жоқ па едім? Жоқ, өзім емес... Кімнен жіберген едім соны? Апыр-ау, осындай жұмбақтарға неліктен кездесе бердім бұл?
Ол осындай ойға батып ұзақ отырды да, хаттың екінші данасын тауып алып көшірді де бірін наркомның өзіне, екіншісін жергілікті бір үлкен орынға арнады.
Жанас адрестерді жазып отырып, алғашқы хаттың ізіне кім арқылы түсетінін, мына хатты наркомға қалай аман жөнелтудің жолын көп ойланған жоқ. Оның ойлағаны да қиналғаны да жанындай жақын көріп жүрген Зинасының бүгін жат көрінуі болды.
— Есіл Зина, адастың ау, — деді Іші қимағандай қынжылып. — жоқ адасатын мезгіл өткен. Әуе ашық, жер жазықта адасатын сен емессің.
Ол ішінен осыны айтты да сөйлей түрекелді.
— Жоқ мен ең алдымен Зинаның кім екенін білуім керек. Ол үшін бұрын қандай болсам, әлі де сондай болып жүре беремін.
Ол осы оймен Зинаның пәтеріне телефон соғып еді, шешесі жетіп келіп жөнін сұрады да:
— Әй сен бұдан былай бұл үйге телефон соғушы болма, жөнел! — деді зірк еткізіп. Телефон да үзілді.
IV
Парктің іші уақыт өткен сайын нұрланып, саясындағы бар жанды сән-салтанатымен тербетіп тұр. Тек таза жүрегіне «кір жұқтырып алған» Зинаны сергіте алар емес. Ол Жанасты іздеп, әлі кезіп жүр. Егер кездессе, адал жүректің, адамшылықтың «ондайларға» айтатын қатал үкімін айтпақ. Көп іздеді, таба алмады. Ауыр ойлар оның да жүрегін езіп, еңсесін зілдей басқан сияқты, сондықтан ол қалжырады ма, жоқ әлде Жанасты бір айналып соғар деді ме, манағы жерге қайта келіп отырып еді, ағаш арасынан сығылып тұрған айға көзі түсті. Дәл осы кешке дейін Жанас оған аспанның сол нұрлы айындай көрінуші еді, енді дүлей қара тастай, сол қара тас кеудесіне құлағандай сезіліп отыр.
— Тфу, — деді қолын бір сермеп, — совет инженері, комсомолдың мүшесі дейміз-ау сені де.
Ол осыны айтып Жанас түскен алай-түлей күйге түсіп, өзімен-өзі алысып отырды да:
— Қамалуыңды күтіп жүрмей-ақ, комсомолдық билет сенен ертең-ақ тартып алармыз-ау, жүрек кегін, махаббат кегін қалай алармын? — деп, жылап жіберді.
Ол парктен қайтқанда да, үйіне келгенде де осындай ойлардың шырмауынан шыға алған жоқ. Шешесінен Жанастың «жаман адам» екенін қайдан білетінін сұрағысы келіп еді, оны да, өзінің бүгінгі естігендерін де айта алмай, төсегіне барып құлай кетті.
...Зинаның өткен түнгі ойларының барлығы комсомол ұйымына арыз жазумен тынды. Комсомол ұйымының секретары Алматыға кеткен. Ұйымның жұмысы Жанастың қолында. Оны елеген Зина жоқ. Жанастың өзін қаралаған арызды өз қолына беруге бекінді де, түндегі бір сөзден түйткілденіп, Зеленскийдің кабинетіне келіп кірді.
— Иә, сөйле, сүйіктім, — деді Зеленский күжірейген желкесінің терін алақанымен бір сүртіп қойып.
— Жұманов туралы комсомол ұйымына мәселе қоймақшы едім. Сіз түндегі бір сөзіңізде бұл мәселені әзір ешкімге айтпа дедіңіз, сол сөздің мәнісі қалай? Неге біз ондайлардан тез құтылмаймыз? Шахтаны құлатып, жұмысшыларды қырғынға ұшыратуын күтеміз бе?
— Сен оны жиналысқа салдым дегенше, жасырынуға жол бердім де, ұқтың ба! — деді Зеленский сөзін нығарлап тұрып. — Егер қапылыста бас салмасаң, зиянкестер құтылудың жолын оңай табады. Тағы да айтамын: тергеу орны оны жасырын түрде тексеріп жатыр. Менен бірсыпыра құпия материалдарын бүгін тағы әкетті. Оны ық ұяластарымен қолға түсірудің әдісі осы ғана.Сондықтан, оның сырын шын ашқың келсе, жиналысқа салу дегенді таста да, жасырын сырын білетін бол. Ол ими бұрынғы көзқарасыңды өзгертпей жүре бер де, кімдермен қас екенін және не туралы көбірек ойлайтынын, жоғарғы орындарда қандай таңыс адамдары барын, биылғы сотталғандар туралы не айтатынын, өзінің наразылығын кімге айтқысы келетінін біл. Оны білу үшін астарлы пікірлер ұсын, онсыз біле алмайсың.
— Ол комсомол ұйымының мүшесі ғой, ұйым өзінің мүшесін тексеру керек емес пе? — деді Зина.
— Тексеру деген осы болады, қымбаттым, материалын жинап беріп отырсақ, ұйымның атқарған міндеті де, тексергені де сол. Қылмысы әбден анықталғаннан кейін оны комсомолдан да, партияның кандидаттығынан да шығара салу оңай. Жиылысқа салып айқайлап жатудың қандай залалы барын жоғарыда айттым ғой.
— Ұяластарымен ұстау керек дегеніңіздің жөні бар екен, — деп кетуге ыңғайланып еді:
— Ия, қымбаттым, — деді, Зеленский қолын ұсынып, — өте шебер, өте сақ бол. Ретін таба алмай, босқа үркітіп жүрме, әсіресе ие бол. Егер оған сездіріп қойсаң, комсомолдардың алдында басыңмен жауап беретініңді ұмытпа!
Зина бұл сөзді ішінен мақұл көрді де, жауап қатпастан шыға жөнелді.
V
Арада біраз күн өтті,
Жаңа сменаның тың екпінімен забойлардың бәрі жанданып, еңбек майданы қыза түскен шақ. Төменде екі жүз елу метр, қара орманды қақ жара акқан Ақ Еділдей, ұзындығы бірнеше километр штрек жатыр.
Онда ерсілі-қарсылы ағылған электровоздардың қиқуы естіледі. Лаваның күре тамыры секілденіп жатқан конвейер тербеле ырғалып, сылдыр қаққан бұлақтың суындай көмірдің сыбдырлаған нәзік үндеріне көмір шабатын машинаның қаһарлы үні араласа үн қосып, майдан күйін тартып жатқан секілді. Алыста динамиттер гүрсілдейді.
Штрекке қарай жалғыз келе жатқан Зинаның осыларға сүйсінген жүрегі лаваның орта тұсына келгенде, кенет суи қалды. Ол әлденеден сескенгендей әлсін-әлсін тың-тыңдап, аяғын аңди басты. Өйткені, осы тұста рештактағы көмірмен араласып бара жатқан тас топырақты теріп бір-екі әйел тұрушы еді, сол әйелдер де, әйелдерге түсіп тұратын электр сәулесі де жоқ.
— Бұлар қайда? — деді Зина ішінен. Мына қараңғы тар қуыстың қара түнегін селк ететіндей егіп даусын саңқ еткізгісі келіп еді, ұшқыр ойы жібермеді: «Тоқта, үлкен сыр бар».
— Бұл тегін емес! — деді ішінен, — кім де болса зұлымдық ойлаған біреу. Кім екен? Әлде маған қастық ойлап жүрген Жанас па? Сол болу керек, енді қайттім?
Ол екі кезін алдыңғы жаққа қанша қадағанымен ештеңе көре алмай тұр еді, қарсы алдынан бір сәуле жарқ етті де, қайтадан жоқ болды.
Ішінен мазасызданып, конвейер тоқтаған кезде Кулагин тіге қалып еді, төменгі тұстан бір тықыр естілді. «Кім де болса, байқайын» деген оймен Зина шамын сөндірді де, тіреулердің арасына жасырынып тұра қалды. Тықыр бірте-бірте жақындап келеді. Төменгі бір жыраға келіп тоқтады да тын тыңдап, олар да тұра қалды. Зинада үн жоқ, екі көзі соларда.
Бірінің қолынан бірі ұстап, қараңғыны қармалап келе жатқандардың біреуі етегіне жасырған лампысын ептеп шығарып, жан-жағына ұрлана қарады да: «осы ара екен, тоқта», — деді күбірлеп.
Қараңғы қуыста тұрған Зинаның көзі оқтай қадалып, жуан сарының Зеленский, қасындағысы Етекбаев екенін аңғарып тұр.
— Ал, әбден байқап ал, — деді Зеленский Етекбаевқа, — Кісіңді дәл осы араға әкел де, мына жар қабақтан үстіне шыққаннан кейін оң жаққа қарай бұрылатын мына қуысты көрсет. Динамитті осы жардың түбіне қатар қойсын да, өзі ептеп үстіне шығып, сол қуысқа кірсін. Қуысты біраз өрлеп барғанда қарсы алдынан көлденең жатқан бөрене кездеседі, соның қақ төбесінде үстіне қарай шығатын бір кісі ғана сыярлық қуыс бар, сонымен жүре берсе, шұрыптан барып бір-ақ шығады. Ал мен кеттім. Жұмановты осылай жіберемін, тез кірісіңдер!
— Мақұл, сіз де тездетіңіз, — деп, Етекбаев кейін қала бере, қолындағы шахтер лампасымен жерді байқап алды да, ол да жуан сарынын, соңынан кетті.
— Ah, алданған басым! — деді Зина кекті жауының кім екенін енді ғана сезіп. — Жауың кім, досың кім екенін айыра алмай адасқан басым... Есіл Жанасым?! Сенің жауың — менің жауым, халықтың жауы екен ғой, анық адасқан мен екенмін ғой, енді қайттім! Бұл кінәмді қайтсем жуам?.. Кейінгі жақтан кісі ертіп келсем, оған дейін олар Жанасты жазым етер ме екен? Айғайласам ба екен?.. Жоқ, онда бұл жауыз қолға түспейді, түссе де алдап кетеді. Арандасын, қандасын қолы менің қаныма. Тәуекел, не көрсем де жалғыз көрейін.
Зина осындай батылдыққа бекініп тұр еді, Етекбаев пен және біреу келіп қалды. Екеуі қой аңдыған қасқырға ұқсап қанша ұрланғанымен Зинаның көзінен құтыла алған жоқ. Жан-жақтарына қанша үңілсе де Зинаны алған жоқ.
— Беpi таман! — деді Етекбаев, қасындағысына, — жаңағы айтқан қуысым міне, көрдің ғой. Қолындағы динамитті осы өзіміз тұрған жерге қоясың, сонан кейін мына қуыстың ішіне тез кір де, жөнел, қуысқа кіргеннен кейін сыртқа қалай шығатыныңды ұмытпа, ол үшін бөренені ұмытпасаң болды.
Ол жан-жағына алақтай тұрып, қасындағы аузы-басын түк басқан алақан көзді еңгезердей ұзын қараға осындай бұйрық берді де:
— Жұманов бері қарай өткен кезде мен «ей!» деп екі рет дауыстаймын, беpep белгім сол, ұғып ал, — деді.
— Ұқтым, менің сыбағам солай болсын, егер толық болмаса өзімді де сендерді де ұстап беремін, оны сен де ұғып ал, — деді шойынқара Етекбаевқа бұйыра сөйлеп.
— Ол жөнінде ешбір күдігің болмасын, — деп, Етекбаев кетті де жол тосушы аяғын сақтықпен басып, бір-екі аттап барып далада тұра қалды.
Тұла бойы ыза кернеп, көкірегі өкінішке толып шыдай алмай Зина тұр. Ол адам баласының қанына құмартып, жол тосып тұрған мына бандитті бас салғысы келіп әлденеше рет оқтайланды да, өзін-өзі тежей берді.
Не де болса Жанас жақындасын, өлермін, өлмесем мұны енді құтқармаспын... Мына сұм осы тұрғанда өмірге өлім сепкені үшін аласы ақшасын есептеп тұр-ау, ә? А, сатылған, адамшылықтан айрылған азғын.
Осы кезде төменгі жақтан естілген Етекбаевтың даусы жыланның ысқырығы секілді сезілді де, Зинаның жүрегін дір еткізді.
«Ей» екі рет шыққан кезде жар астында бұғып тұрған жау қолындағы динамитті жар қабақтың дәл түбіне қойды да, өз аяғын кейін салып тұрып жардың үстіне қарай итше бір-ақ ырғыды. Егер көріп тұрған Зина сияқты біреу болмаса, сырттан келген адамның динамитті баспай өтуі мүмкін емес. Осыған көзі жеткеннен кейін манадан бері Жанастың өміріне төнген қауыпты серпіп, мына сұмды қолға түсіремін деп тұрған Зинаның сенімі күңгірттеніп кетті. Өйткені, жауды қуып кетсе Жанас келіп динамитті басады, егер оны тосып қалса жау құтылып кетеді, енді қайту керек?
Ол кез келген ойды салмақтап тұра алған жоқ, ұзын қара, жардың үстіне секіріп шыққан кезде решактың аржағына қарғып шығып:
— Тоқта, лағнат! — деді ақырып.
Қараңғы жерден жарқ етіп шыға келген қыздың саңқ еткен айдынды үні оған ә дегенде оқтан кем тимеген болу керек, ол етпетінен ұшып бір түсті де, қайтадан тұра салып жыланша ирелендеп жыта жөнелді.
Осы кезде төменгі жақта келе жатқан Жанастың лампасының сәулесі де жарқ етті.
— Жанас! Жаным, сақтан! Аржағыңда Зеленский мен Етекбаев, алдыңда солар тастаған динамит жатыр, соны ал да менің соңымнан жүгір. Ұмтыл, ұмтыл!
Зина осыны айтты да ұзын қараны қуып кете барды.
Оның бұл сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей Жанас аң-таң.
Артында қуғыншы барын сезген ұзын қара бой жазып жүгіре алмай, ырс-ырс етіп, кейде төбесін, кейде тізесін сипалап, сүріне-қабына ұшып келеді. Азапты, ойының қысқалығынан бір шексе, бойының ұзындығынан екі шекті. Бой жазып жүгірсе-ақ болғаны төбесі барып тақ ете түседі. Қуыстың қайсыбір тар жеріне келгенде жыланша ирелеңдейді.
Оның көздеген жері енді алыс емес. Соған бір жетсе құтылып кететінін оның өзі де, Зина да сезіп екеуі де аянбастан ұмтылып келеді. Анда-санда Зинаның «тоқта!» дегені болмаса, басқа ешбір үн де жоқ, тек алыстан жұмысшылардың айбынды үндерінің сарыны естіледі.
Бұл екеуінің қарсы алдында ұзындығы екі метрден жуан бөрене жатыр. Енді бір минут жүгірсе жаудың соған жететінін сезіп Зина: «Жіберме, Жанас, жіберме, ұста, ұста!» — деп, айла жасап кәріп еді, онан да ештеңе шықпады. Жау бөренеге бұрын жетті де, Етекбаев айтқан қуысқа сүңги бастады. Бірақ, ол қуыс ете тар екен. Егерде біреу қуып жетіп тірсегін қия берсе де ұзын қараның мойын бұруға да дәрмені жоқ, кептетіліп, ін түбіндегі суырға ұқсап, тырмысып жатқан кезінде Зина да келіп жетті. Ол, келе қимылдап, жаудың әлі жоғары шығып үлгірмеген сол жақ аяғынан қос қолдап ұстай алды да, алдына қарай сындыра тартып, тұра қалды.
Жанас! Ұмтыл, ұмтыл!.. Минаның әлі де жалғыз екенін сезді ме, қалай, жау қарсы алдындағы жалғыз тал тіреуге жармасып жұлқына түсіп еді, тіреу жұлынып кетті де, маңдайына кеп сарт етті. Қараңғы қуыстың ішінен тұтқа болар енді ештеңе істей алмай, қара жерді тырмалап жатыр. Бірақ тырнағына ілінер түк жоқ, тізесі кенереге ілінсе кетер еді, өжет қыздың қолы іліндірер емес, қайта бұрынғысынан бетер күшейіп, төмен сүйреп барады. Ол бірте-бірте төмендей бере жау өзінің салмағымен барып шалқасынан күрс етті.
Жаңағы тіреудің қыры оның екі көзінің аралығынан тиген екен. Маңдайынан сорғалап аузына құйылған қанды тамсана жұтып, екі қолымен жер тірей, тұруға жан таласып жау жатыр. Қолындағы пышағын лақтырып еді, тимей далаға кетті. Оның аяғынан жібермей, қасқыр соққан кісіше айқай салып Зина тұр, Бір кезде Зинаның алысумен бұлаңдап тұрған бұрымы қолына түсіп еді, жау тартып қалып, Зинаны үстіне құлатты да, сүйрей түрегеліп лақтырып жіберді.
— Жан-ас! — деді құлап түскен Зина әлсіз үнмен. Омырауына ілген лампасы түссе де сынбай, қаны қашқан бетіне сәуле беріп тұр. Көзі қанталаған жау қан басқан қабағын бір сүртіп тастап, тесікке қайта ұмтыла берген кезде көк желкесіне бірдеңе сарт етті де, көзін ашып-жұмғанша болған жоқ өңкиген зор денесін қаңбақтай ұшырды.
Бұл Жанастың қолы еді. Ұзын қара омы көтере түрегеп, тағы да алыса түсті. Бірақ, қажырлы қол оны бүркітше бүріп жіберді.
Осы кезде басқа забойлардан жүгіріп келе жатқан жұмысшылардың лампасының сәулесі шахта ішін жарқыратып жіберді.
Зина басын көтере бере қол созды.
— Жаным, Жанас! Кеш мені!
Жанастың жүрегі елжірегі, кетті де, үн қата алған жоқ. Зинаны құшақтай алып, жердей көтеріп алды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі