Кешкі мезгіл. Түнерген аспан оқтын-оқтын жауып кетеді. Жаз шықса да күн жөнді жылынбаған. Вокзал басында сапырылысқан жұрттың ішінде жақ жүні үрпигендер көп. Қоңырау қағылды. Паровоз үні естілді. Вагонға кірдік. Самолетпен ұшуға дағдыланып, поезбен жүрмегелі бірсыпыра уақыт өткен. Кәрі тарланның таныс дүрсілін сағынсақ керек, құлаққа жағымды тиеді. Теңселе отырып, терезеге үңілудеміз... Аңқиып жататын екі Алматының арасы лық толы. Айсыз, бұлтсыз түндері аспанды безеген сансыз көп жұлдыздардай талай заманнан бергі қараңғы қаланы қараңғы түнде жыпырлаған электр шамдары жайнатып тұр. Кез қазіргіге түскенде, көңіл сонау алыстағыны елестетті... Жаяу толарсағынан, арба күпшегінен батқан борпылдақ сары топырақ. Есек, ат, түйе, өгіз тұяқтары көтерген шаң тұманы. Оқапты, азапты жол… — Олардың бірі көрінбейді. Түп-түзу, теп-тегіс асфальт, поезд, трамвай рельстері, ағылған машина, тынымсыз естілген мотор дауыстары ойды сақтан-саққа жүгіртіп келеді. Қайдан қалай келдік, енді қайда, қалай барамыз бәрі сайрап тұрған көңілде. Кеудені қуаныш пен арман бірден кернеп, ауыр бір күрсінтті. Қуаныш белгілі. Арман жасай берсем, тым құрығанда енді бір жиырма бес жыл! Оның ар жағы тіпті қызықты - ау! Терең дүние, түбіңе сенің кім жетер! — деген ойлармен купеге енгенде, көз қара орманға түсті. Қалың, қараңғы орман. Жап-жаңа өзім батып шыққан тұңғиық ойлар сияқты бұл да өзіне тарта жөнелді. Арасынан әредік - әредік шамдар жылтылдайды, қайсы бір жерін қиратып үй сала, жыртып, болмашы егін сала бастаған. Екеуі де жақсы бастама. Бірақ аяқталуы онша емес. Өйткені, мәдениет, тыныс орны болатын қымбат орманды қиратып, тұрғын үй салу ақылдының ісі емес. Алатаудың алқабы көп этажды Нью-йоркті бір этаж етіп жайсақ та жетеді. Қызықты орманға картоп еккенше, гүл ексе, жай үйлер салғанша, көпшілікке тән мәдениет, демалыс орындарын салса, зайнеттесе нағыз ұжмаққа айналар еді-ау! Қаланың қақ ортасындағы есіл орман ондаған жылдар иесіз, тоналып, мінеліп көркі кеміп барады.
Біздің қала басшылары жұмысты билемей, жұмыс кейде оларды билейтін тәрізді. Рас. жұмыс көп. Сол көптің ішінен ең керектілерін іріктей білуде, ұқсата істей білуде олақтық, салақтық та аз емес. Алатаудың әр сайы зымырай аққан көк мөлдір өзен. Бір өзен суын бір күн бөгесе, бір шалқар көл. Сол көлге шомылуға жұрт шетінен ынтызар. Бірақ әлі жөнді бір көл жоқ. Қала күн сайын кеңейіп, жаңа көшелер көбейіп барады. Әлі күнге әсем бір бульвар жоқ. Үй тапшылығы үй салуға құнықтырды. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде ғана салынғанды бұрын жүз жыл бойында сала алмаған болар. Бұл мақтанышпен бірге қауіп те туғызады. Сан көбейтуге салынып, сапаны төмендетіп алмас па екен? Осынау оң жақта қалып бара жатқан оп-оңды жаңа жилкомбинаттың этаждары аласа. Үй жақсы болсын дейміз. Бола қалса, оған қоятын талап, талғам өсе түседі. Бір кезде тек баспана үшін қалқайта салған балшық үйден, мынау жилкомбинатқа кірген адам, сөз жоқ, рахаттанды. Енді онысын ұмытып, құрылысшыларға қынжыла бастайды. Өскелең семья, өскелең тілекті тар, аласа үйге қалай қамап қоясың. Қынжылмақ түгіл, ұрысса да, олардікі жөн. Сондықтан, құрылысшыларға ойланатын уақыт жетті. Бұған дейін жилкомбинаттардың көбі бүгінгі қажетке бағытталса, бұдан әрі өскелең тілектерге бағытталуы керек. Егер тек бүгінгіге бағыттап, ертең оларды балшық баспаналарды қиратқандай қиратып жатсақ, бұдан сорақы есепсіздік бола ма? Біз коммунизмге бара жатырмыз. Коммунизм қолайсыздың бірде-бірін қабылдамайды.
Ойды аяқтатпай, поезд бірінші Алматыға жетті. Қасымдағы тайлар — Ізтай мен Амантай — ата жөнелді. Олар шығысымен есікті дереу кілттеп алдым. Елеңдей беремін. Екі жыл өтсе де осы станциядағы бір оқиға есте... Кеспелтек қазақ жігіті коридорды басына көтеріп жүрді. Мас, естен мүлде айырылған. Сонда да үш-төрт кісі жабылғанда, ырық бермейді. Дене, бет бітімі, ашу, әлуеті айнымаған бульдог. Ұстағанынан айрылмай, қатып қалады. Көрінгенге тап береді. Бір мезгілде маған ұмтылды.
— Мылтығың бар ғой, мылтығың? — дейді өзі, бірақ қорқар емес. Абырой болғанда, арашашылар көбейіп, алып кетті-ау, әйтеуір.
Есікті жапқанда тағы сондай біреулер кездесе ме дегенім ғой. Кездеспеді. Mac түгіл, жай абыржыған, поезға мінуге асыққан көпшілік те байқалмайды. Адам аз, орын көп, ырғала басып мінеді жұрт. Жүрушілер самолетке ауған: екі жыл ішінде Семейге қарай жүретін поезд екі есе көбейген, әрі шапшаңдаған. Бәрінен де мастардың азаюы қуаныш. Мастық, бір қылмысқа соқпай қоймайды. Мастық адамды аздырмай тынбайды... деген ойлармен жантайдым. Баста ой, құлақта поезд дүрсілі, көз жұмулы, Шұбартауға беттеп барамыз.
* * *
Екінші күні сәске түсте Таңсыққа жеттік. Таңсық — станция, бір-екі үй. Таңсық — совхоз, бірнеше мың адам. Екеуінің арасы бес-алты километр. Шилі, көделі, жусанды, сортаңы аралас кең жазық. Жазықты жара батысқа қарап Аякөз өзені ағады. Ерте заманда бұл өлкені Қарабай жайлапты деседі. «Алтын қазық», «Күміс қазық» алатын екі шоқының арасы қозы көш жер. Қарабай желісі сол екі шоқының арасына жетіпті-міс. Біздің совхоз да малды мың-мыңдап айдайды. Әттең, тым құрығанда, құлаштай желі көре алмадық. Бие байлаусыз. Басқа былай тұрсын, Ысекең өзі уыз қымыздан қағылып, ақ көже ішіп отыр. Рас, бұлар жаңа қоныс. Құрылғалы үш-ақ жыл өтті. Қой, сиыр өсіреді. Беретіні сүт емес, ет. Көңілді етке аударып, жоспарды жақсы орындайды. Бірақ гәп қазір қарын азығында ғана ма? Бай совхоздың кедей клубында жұмысшылармен кешке бас қосып едік, рухани сусаушылар дауыс көтерді...
— Жолдас депутат, газет оқи алмай отырмыз, — дейді жұмысшы Соловьев. Енді біреудің:
— Радио неге жоқ?! — деген үні ызбарлы естіледі. Сұрақтар маған берілсе де, қасымдағы басшылар төбесін қасып, төмен қарап кетті. Заңды, табиғи тілек тойтарғанға көне ме! Мойындағандары жөн, ал сылтау іздеу — құр әуре. Жүздеген үйі, мыңдаған адамы бар совхоздың радиосыз саңырау отырғанын көргенде, таң қалдық. Радио жабдықтары дайын, көптен бері складта жатыр. Үйді-үйге жеткізу үшін жүз елудей бағана керек. Соны облыс орталығынан, тіпті, Алматыдан да сұрап ала алмапты. Ала алмаған совхоз, кінәлі ме, бере алмаған облыс, немесе Алматы кінәлі ме? Ол арасын көлденең көз өзі айырар. Әйтеуір, пейіл табылса, бағана табылатындығы, жұмысшылардың радиосыз отырғаны анық. Сондай-ақ оқушы жетсе, қазір газеттер жеткілікті екені де анық. Жетпей жатқан іскерлік пе деймін. Әйтпесе өзінен кім аянады. Біздің елде бәрі өзі үшін істелетіні айқын.
Жиналыстан кейін қонақта болып кеш жатсақ та, ерте тұрыппыз. Көз жетпес мидай жазықтың Тарбағатай жақ шетінен күн шашырап жаңа көтеріліп келеді. Жұпар иісі аңқыған кең даладағы бір шоқ совхоз таң рауанынан ояныпты. Жаппай қимыл. Мал сауған, жер қазған, кірпіш құйып, үй салған, от жарқылдатып, темір пісірген — еңбектің ұлылы-кішілі алуан түрлерімен қоса, алуан ілкемдер де көзге түседі. Сол жан-жақты әрекеттің бәрі жақсы тұрмыс жасауға жұмсалған. Маңыраған ешкі - лақ, қой-қозы, мөңірескен сиыр - бұзау, әлде қайда боздасқан інген - бота, самбырлаған адам үндері, трактор гүрілі... таңертеңгі тұнық әуеде тіпті алысқа кетіп жатыр. Бір шетте жайраған көп машина. Есіл қымбатты мүліктерді күннен, судан қорғар пана жоқ. Пана салуға қыруар күш керек. Алдымен адам күші жетпеген болар. Жылдан-жылға өсе түскен егін, пішен, мал жұмыстары құрылысқа қол босата бермейді ғой. Дегенмен, орталықта қиқы-жиқы аласа үйлердің арасынан еңсесі биік ақ үйлер көтеріле түзу көшелер тартыла бастаған. Мектеп қасынан екі жүз балалық интернат ашып үлгіріпті. Орны пішулі, жабдықтары тасулы, болашақ әйбат үйлер де, әдемі ниеттер де «маған қаралап» тұр. Совхоздың батыс жағында қимыл тым қызу. Жапа тармағай үй салып жүр. Төбесі черепица, іргесі тас, тұянадай - тұянадай текше кірпіш үйлер бірінен соң бірі көтеріле қатар түзеп барады. Кірпіштері шикі екен. Ұра басындағы қартаң жұмысшыға кездесіп, сұрақ бердік:
— Кімге салып жатырсыз?
— Өзіме.
— Балшық үйдің сонда өмірі қанша?
— Топырағы келісіп, иі қанса, іргесін, төбесін мықтаса, жүз жасайды. Әйтпесе бір жауында - ақ құлай салады.
— Күш - қаражатыңыз жеткілікті ме?
— Өзімдікі дегенде — өгіз қара күшім бар. Қазына он мың сом жәрдем берді.
Үйші жоғары қарамады. Қолы жұмыста, аузы сөзде. Құныққан жұмысын құрғақ әңгімемен бөгемей, жылыстап кеттік. Өз күшімен салушыларды қоспағанда, осындай мемлекет көмегімен салушылардың саны елуге жетіпті. Егер кооперация құрылыс жабдықтарымен кезінде қамтамасыз етсе, жұмысшылар тезінен - ақ үйге жарығалы отыр. Бірақ кооператившілердің көбі қыңыр мінезден әлі арылмаған. Жол бойы талай дүкенге кірдік. Халықтың қазіргі керегі әлі тапшы, бұрынғы керегі мол. Сатушылар шампанский сұрағанға ақ арақ, жақсы жібек жүннен тоқыған мата сұраушыларға мақта маталарын ұсынады. Кітап сұраушыға жөнді жауап та қайырмайды. Өйткені кітап жоқ, бар болса, складта не бір тасада былығып жатыр. Онымен әуреленгенше, ұзын мойындарды ұстата салу оңай ғой. Оңай, қашан да арзан. Арзанның жілігі татымайды дейді қазақ. Жұрттың талап, талғамы өзгерген, алға кеткен шақта талай кооператившілер артта жүр-ау, қашан қуып жетер екен? — дейміз...
Қасымыздағы құдықтан екі әйел бала шелектеп су тартып тұр. Әкесі балшық салып беріп, шешесі сүйретпе қалыппен кірпіш құйып жүр. Дәу бөренені еңкейтіп, шелекті суға батырарда балалар мықшың - мықшың етеді. Мықтымсып келіп ұстай алып едім, мені де мықшитты. Кішкентай ғана бір насос бірнеше адамның осы қызметін атқара алады. Насос қиын да, қымбат та дүние емес. Совхоз басшылары «адам жетпейтінін» көп айтқанша, бар адамның еңбегін өнімді етуді көбірек ойласа деген пікірмен Ысекеңе қайта оралдық.
Ысекең дегенім — совхоз директоры Ысмағұл Мырзабеков. Ауыл шаруашылығында көптен істейді, Социалистік Еңбек Ері. Кейінгі кезде кәрілік аяқтан алыпты. Оған мойындамайды. «Кәрілік емес, аяғымдікі ауру ғой дейді. Қыстай Алматы дәрігерлеріне емдетсе де, сауыға алмаған. Ауру болса да, тізгін қолында. Совхоз туралы не мәлімет сұрасаң жатқа айтады. Тірі тарих. Біз келгенде пәтерінің алдында, аяғын мамырлай басып, жан-жаққа көз тастап жүр екен. Тұтқиылдан бір сұрақ қойдық:
— «Қазақ әдебиетін», «Жұлдызды» оқисыздар ма?
— Оқитын шығармыз.
— Өзіңіз ше?
Ысекең мүдіріп қалды. Оқымағаны беп-белгілі. Мәдениетшіл, үгітшіл бастықтардың көркем әдебиеттен бұл қасиетті таба алмауына талай таңданғанбыз. Біз томсара қалып едік, ақырын өзі түзеді...
— Басқа газет, журналдар жеткілікті. Шынында «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдызды» ескермеппіз. Ескертуші де болмады. Енді соның әрқайсысын үш-төрт жүз данадан алдырсақ қанағат па?
— Қанағат! — деп жанымдағы екі тай бірден күлімдеді. Совхоз бұрын сегіз дана алдырса, сегізден төрт жүзге бір-ақ ыршыды. Ыршу-ақ! «Тек әрқашан, әр істе осынысынан танбаса» деген тілекпен совхоздан аттандық.
* * *
Тарбағатай тауларынан басталып Балқаш көліне құятын Аякөздің, өн бойы ел, отар-отар мал. Соншама өзеннің суын сусыннан өзгеге пайдаланбаппыз. Көпір де сала алмаппыз. Бұрынғы қазақтар су кешіп өте берген. Біздің машиналар қалшылдап тұрып қалды. Ақыры трактор сүйреді. Трактор көпірдің атқаратынын атқарып жүр. Ал трактордікін не атқарады? Көпірсіздіктің шығыны мен азабын есептесем де, ұшығына жете алмадым. Арғы қабаққа шыққанда көңіл Қозы Көрпеш — Баян зиратына ауды. Ыңғай жалпақ, қызғылт тастан қаланған, кигіз үй мүсіндес биік күмбез екен. Есігі оңтүстікке қараулы. Сыртынан жөнді байқалмайды, ішінен төрт бұрышты. Әр бұрыштың алдында саты. Келушілер қабырғаларға қилы-қилы сөздер жазып кетіпті. Атақты Баян сұлу анық осында жатыр ма? Ескі мола көп, әлде бір жуанның қураған сүйегіне бас иіп тұрмыз ба? Ел аңызын дәлелдейтін моладан өзге тағы не бар деп іздесеңіз, басқа ештеңе таппайсың. Кінәлауға болмайды. Әр халық әр кезде шамасынша істеген. Біз кейде шама келгенді ұқсата алмай, олақтығымыз айғайлап тұрады. Семей мәдениет басшыларының бұл тарихи мұраға көңіл бөлгені дұрыс - ақ. Бүлінген жерлерін жамаған. Жамаудың да жамауы бар. Шоқпыттап жамаған. Жұртқа таныс күрең күмбез әр жеріне цемент жаққан соң торы ала түрге еніпті. Мұнысын семейліктер өздері де көркем дей алмас, көздегендері беріктік шығар. Онда цементті тек дәнекер есебінде пайдаланып, сыртын қожалақтамау керек еді. Олақ істен шолақ ой да көрінеді. Мола кімдікі, қашан жасалды, кім түзетті? Жауап жоқ. Әдейі еңбек еткен соң бір ауыз түсінік жаза салу мұрашылардың басына келмеген. Бұл көргеніміз біздің бастан «Калинин» қойшыларына жеткенше шықпады.
...Көп бұйраттың арасында, өзенді, бұлақты көк салаларды сағалай қонысып, қойшы ауылдары отыр. Әр ауыл — бірер үй, баққаны бес-алты жүз қой. Қойлар қотанда, тал шарбақ ішінде. Қорқақ, үркек жануар үйреніпті — қасындағы мотор гүріліне мыңқ етпейді. Шетінен сүйреп апарып қырқып жатыр. Бұрын тек қырықтықшылар қырықса, енді мектеп балаларына, қыздарға дейін қырқады. Қырықтық — машина. Машина, әлсіздің еңбегін әлдімен теңеген. Машина жапандағы жалғыз үйлерге дейін енген. Әттең, техниканы жете пайдалансақ, осынау арман болған құрым үйлердің әкесіндей көшпелі үйлер жасар едік - ау! Осынау жыл сайын тоқылатын тал шарбақтарды жұлып тастап, мықты сым шарбақтар орнатар едік - ау!.. деген пікірдің шырмауында тұрғанда, аға қойшы Қалиасқар:
— Кіріңіздер! — деп есік ашты. Кірдік. Сырты көне үйдің іші жап-жаңа. Мәдениеті, салтанаты баяғы қазақы байлардікінен көп ілгері, тақауда жасаулы келін түсіргендей жайнатып қойыпты. «Таңсықта» жоқ радио мұнда бар. Кеше Түркияда болған үкімет өзгерісін, бүгін Токиода жүріп жатқан Үкіметке, Эйзенхауэрге қарсы ереуілдерді қойшылар аулы біліп отыр. Қойшы ертеде қойдан басқаны білмеген, адамның ең сорлысы еді. Қазір білімді, ауылдың ең бетке ұстары. Қонақ таңдап түседі. Біз де таңдап түскенбіз. Бұл өңірге мәлім Қалиасқар көзге қораш, көңілге толымды кісі көрінеді. Дереу мал союға, сойғызбаған соң өлі ет асуға ұмтылды. Ет те астырмаған соң, еріксіз шайға қаратты. Әдетте «қойшының сөйлеуі қойдың қоздауынан қиын» десетін еді. Қалиасқар бірақ қиналар емес: баяу сөйлеп, дамытып барады...
— Қойды көкше қоян да өлтіреді, — дейді мал күтімін әңгімелей келіп... — Неден шошыды десем, көкше қоян қашыпты. Қашқан қояннан бұлар қашыпты. Бір қой бұтаға шабынан ілініп өліп жатыр...
Аға қойшы тіпті байыпты, тілі жатық. Ара-тұра кітап сөздерін де қолданып қояды. «Оқығансыз - ау?» дегенімде «оқытқанмын да» деп күлімсірейді. Сөйтсем, он жеті жыл мұғалім болған. Отан соғысын басынан өткізген, бір аяғы кем пенсионер. Қой бақпай-ақ күнелтетін түрі бар. Сонда да еңбексіз отыра алмаған.
— Қалай отырарсың! — дейді — Совхозда жұмысшы, алдымен малшы жетпейді. Жеткен күні жатармын. Оған дейін көмек етем, әрі ермек етем. Жасым алпысқа жуықтағанымен, жаным ермек тілейді. Ермексіздің күні күн бе?
Аудан басшылары бұл қадірлі қойшымен кеңесіп, кейбір қажеттерін арнап жіберетін көрінеді. Бір жіберген ши барқыттарын совхоздағы бір сұм қағып әкетіпті. Елсізде, ыстық, суықта жан аямай халық байлығын жасаушы осындай ерлердің сыбағасын жеген сол сұмды қалай жазаласа да, обал жоқ! — деген ызамен шықтық бұл үйден.
* * *
Міне — Шұбартау. Аудан орталығы таулардың дәл таусылған жерінде, Бақанас өзенінің бойындағы бір қуысқа тығыла орнапты. Шығысы: сиыр бүйрек қалың бұйрат — бірте-бірте ірілей тауға айналады да белгілі Шыңғыспен тұтасады. Бұл жағы салқын, сай-саласы толы көк шалғын, кішігірім өзен, қасқа бұлақ, ертеден елдің ен жайлауы. Ал батысы — Балқашпен жалғасқан байтақ дала. Мыңдаған малға, мыңдаған киікке мойымас жайылым. Әттең, су жетпейді. Бұрынғы қазақтар сонда да амалдаған. Бүгінгі қазақтар неге амалдамайды? Ауданның жер көлемі екі жарым миллион гектар. Пайдаланатыны тоғыз жүз мың ғана. Мал басына бөлсек — ондаған гектар, адам басына бөлсек — бес жүз гектардан жерге ие, құдіретті техникасы бар елде ит басына іркіт төгіліп жатпас па? Шұбартауда әзір төгілген іркіт жоқ. Кедей де емес. Жылдан жылға байып, Семейдің озық аудандарымен үзеңгі қағысып келеді. Озықтар бұлардың орталығы «Баршатасты» -«Баршаград» десе, Кәрімін «процентшіл секретарь» деп әзілдейтін көрінеді. Әзілде де шындық бар. Онысы: қалаң жоқ, процентін көп болғанымен, мемлекетке берерің бізден аз дегені ғой. Әрине, көп бергені жақсы. Бірақ ешкім мүмкіндігінен артық бермейді. Сайып келгенде, социалистік жарыстардың көздегені — мүмкіндіктерді толық пайдалану емес пе? Бұл жөнінде Кәрімнің проценті арта берсе, түбінде сол озады.
Біз осы ауданның алты колхозының алтауында да болдық. Бәрін қоссаң, үлкен бір колхоздай-ақ. Шағын қалпында шашырап жатыр. Шашырандылығына, темір жолдан алыстығына қарамастан, құрылысқа кіріспеген бірі жоқ. Алдымен мектеп, контор салады. Қайсыбірі оп-оңды клуб, тұрғын үйлер салып үлгірген. Алыстағы ауылға мәдениет көктемі де келген екен десеміз. Болмашыға ат сабылтып, уақыт өлтіру қалған. Телефонмен күнбе-күн, ауызба-ауыз сөйлеседі. Бұрынғы жүздеген көліктен қазіргі ондаған машиналар әлде қайда өнімді істейді. Көлік күші тек қой бағуға болмаса, мардымды ештеңе бітірмей жүр. Қай ауылға келсек, алуан-алуан трактор, комбайн, жер кәсібіне керекті техниканың неше түрін көресің. Бәрінен де кадр өсуі тамаша. Сол қилы -қилы техниканы қазақтың қара домалақ балалары міне сала, ызғытып барады. Қойшылар мен мұғалімдерді былай қойғанда, мал, адам дәрігерлері, агроном, тракторист, комбайнер, шофер...— шетінен қазақ. Егер Шұбартаудың бір мақтанарлығы болса, — дәл осы болу керек.
Биылғы қыстың қыспағынан тың шыққан, машиналы, малды, көңілді елді аралап жүргенде көңілсіз нәрселер де көзге шалынды. Ленин атындағы колхоз жаңа қоныс деп ескі қонысқа қоныпты. Ауылдың ортасында, қайсыбір үйлердің дәл есігінің алдында адам молалары тұр. Оларды халық бұздырмайды. Бұзбасқа тағы болмайды. Ен даладан мекен таппады ма екен, жоқ жерде шатасуын қарашы! Колхоз председателі Шәкеннің уайымы бұдан үлкен:
— Қыруар машина бар. Солардың бір винті түсе қалса, қырық-елу шақырымдағы РТС-ке шабамыз. Жұмыс тоқтайды. Жеңіл-желпі бүлінгенді түзей салатын өзімізде түк құрал жоқ! — дейді.
«РТС-ке, болмаса аудан басшыларына айтыңыз», — десек:
— Облыс бастығы Хасенов жолдасқа дейін бардым. Ештеңе шықпады, — деп қынжылады Шәкен.
Бір винт бір машинаны тоқтатса, бір машина талай жұмысты тоқтатады. Соны көре тұра аудан, облыс басшылары қалай шыдап келеді? Әрине, әр колхоздың қасынан РТС ашуға болмас. Ал машиналы жерде бірлі-жарым станоксыз, көріксіз күнелтуге бола ма? Үлкен зиянды көбінесе осындай ұсақ бөгеттер жасайтын көрінеді. Ұсақты елемесең, бір кезде мықтап елетеді.
Бұл жақта: су! Әттең су жетсе!... дегенді көп айтады. Біз кемінде үлкенді-кішілі он шақты өзеннен өттік. Байласа, соның әрқайсысынан бір теңіз жасауға болар еді. Сансыз сай-саладан өттік. Байласа, тек қар суының өзінен сансыз көл жасауға болар еді. Байлауға әзір қол босамай жатқаны рас. Бірақ болды болдыра алмағанның бәрін «қол босамады», «күш жетпедіге» жаба беретіндер де бар. Аудандық партия комитетінің екінші секретары Жүнісов жолдастың айтуына қарағанда, шөлсініп, мал жаймайтын жерлерде қырық сантиметрден бастап, екі жарым метр тереңдікте су жатыр. Соны ала алмаған. Құдықшы машиналар оңайлықпен келмейді, келсе, тым қымбатқа түседі деседі... Қолдан қазуға мойын жар бермейді.
— Жер қазғышымыз болса, құдыққа қарық қылар еді-ау! Семей мен Алматыдан сұрап ала алмадық — деп күрсінеді секретарь. Біз түсіне алмадық. Колхозға бәрі берілгенде, жер қазатын машина неге берілмейді? Ал берілмеген екен, қолмен неге қазбайды? Колхоз басы екі адамнан ғана шығарса, бір жылда өз малыңдық құдықтар қазып ала алады. «Сен салар да мен салармен» ұшан-теңіз жайылым даласының жылдар бойы мұрты сынбастан жатыр. Мыңдаған малдың өрісі тарылып, белгілі суаттар маңын шарлап жүр. Заңы, Шұбартау жайын ойласу керек. Ең жақын қаласы, темір жолы — Аякөз екі жүз километр. Жолы — жол емес. Оның өзі жазда бар, қыста жоқ. Қыстай адам тек кішкене самолеттермен қатынасады. Жүктер жазды күтіп жата береді.
Бұл жері мол, жерінен пейілі мол меймандос елді біз бірсыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең даладағы тар жолмен келеміз. Тұнық дүниені шаңдата, желдете келеміз. О жақ, бұ жағымызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға, суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа қызыға-қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз... Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша! Қарағандыға баратын «Дружба» темір жолы Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені баурау оңайланар еді... Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти бердік...
1960 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі