пьеса
(4 актылы комедия)
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
— Қу жігіт жасы 30-да
— Қалидың cepiгi жасы 20-да
— Қоқсық бай жасы 60-та
— Оның есер баласы, оқығансымақ жасы 27-де
— Тасқараны қарайлаған кедей жігіт жасы 30-да
— Тасқараның кәрі қызы жасы 25-30-да
— Болыс, аталы жер жасы 40-та
— Әйелі жасы 30-да
— Болыстың қарындасы жасы 16-17-де
— Болыстың малайлары жасы 20-30-да
— Болыстың, шабарманы жасы 40-та
— Мұғалім, комсомолец жасы 25-те
— Қоқсық, надан байлар жасы 60-65-те
Боқай, Төкен, комсомолдар, басқа көпшілік.
БІРІНШІ АКТ
Қыс. Аяз. Ымырт. Бықсық, сараң байдың жолдан оқшау салынған жалғыз қорасы қар астында қараяды. Аспан ашық, ай жарық, алыстан әдемі ән естіледі.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп, ойнап қыс та болса.
Шеш тағы етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса,
Үсті-басын қырау басқан, итті абалатып, қарды шықырлатып Қали мен Орынбасар келеді қақпаға. Үйде отырған Тасқара мен Ырысбала шамды өшіре қояды.
Қали. Оқшау шығып, етпетінен жатысы жаман екен, тұрса игі еді, бұл найсап. (Қақпа қағады. Ашпайды). Бар, терезесін қақ. (Орынбасар кетеді. Терезе қаққаны, сөйлегені естіліп тұрады).
Орынбасар. Есік аш! Құдайы мейманбыз... Аш! «қырықтың бірі қызыр деген, кім екенімді білесіңдер ме?.. Молаға да паналаушы еді, мола құрлы болмағаны ма бұл байдың үйі... Мыналар, иіс тиіп қырылып қалған шығар, бұзып енбесе болмас!..
Ырысбала. Тәйт әрі, сындыра ма терезені. Үйде адам жоқ, бәрі бата оқырға кеткен. Әкем науқас, шатың ісіп тұр ма, басқа ауылға барып қон!
Орынбасар. Е, тірі екенсің ғой. Шайпау құрбым, жалғыз болсаң серікпін. Науқас болса, емсектігім де бар...
Ырысбала. Жоғал әрі, талақша жабыспай.
Орынбасар. Жолдасым әйел еді, дәл осы қақпаның алдында толғақ қысып, безектеп тұр. Затың әйел, басың жас, басыңа келмесін қайдан білесін?
Ырысбала (Тасқараға). Енді не айтам?
Тасқара. Ошағалы тұрған пәле ғой, ойбай! Жуытпа!
Ырысбала. Арам қатсаң да ашпаймын, кете бер. (Орынбасар Қалиға қайтып келеді.)
Орынбасар. Шамын өшіріп, жатып қалды.
Қали. Суын таба алмаған екенсің.
Орынбасар. Айтпағаным жоқ. Қасымда екі қабат әйел бар, жас нәрестенің құрметіне бір түнеп шығайық дегенде де мызбақпады.
Қали. Япырай, ә! Қара тас жібісе де, қара көңіл жібіген бе!
Орынбасар. Осы қорлықты арқалап, шынымен-ақ кетеміз бе?
Қали. Қорлық болмас, қорек болар бұл.
Орынбасар. Аяз қысып барады, онда бір айла табыңыз.
Қали. Тонтай да, Торсықпай да кәдеге аспай тұрғаны... Болыстың ауылы бірқатар жер. Пешінің мойнын жаба қойса қайтеді?
Орынбасар. Иіс тиіп, қырылып қалар.
Қали. Таптым! Бері жүр, төбесінен жорғалатамын! (Екеуі де кетеді.)
Тасқара. Азар кетті-ау, жаңағы қу жақ.
Ырысбала. ІІІам жағайын. (Шам жағады.)
Тасқара. Япырай, Мырзакәрім келіп қалса керек еді. Аман болғай - ақ та.
Ырысбала. Сақтық па, біреу бірдеме деп пе? Сонша малды ел сізге айдап кетті. Ұры -өтірікке жазым болмаса нағысын.
Тасқара. Комсомол дегендер шықты ғой. Солар епесіктен жасырған елу қарасы бар деп көрсетіпті. Шоқпарбайдың өзін де байшыл деп созғыласа керек.
Ырысбала. Қайсысы екен көрсеткен?
Тасқара. Қайсысы дерің бар ма? Әйтеуір, Шадияр мұғалімнің әшейкесі.
Ырысбала. Шадияр көрсетпейді. Ырза бізге.
Тасқара. Әй, ырзалықтың да өмірі қысқа болды ғой. Соның әшейкесі дейді. Бейсенбінің Жамантайы келіп құлағыма сыбырлап кетті.
Ырысбала. Бекер болар.
Тасқара. Сенімді болсаң, қойдым балам. Отырма, тамағыңды қауза. Жуанның созылып, жіңішкенің үзілер шағы. Қазан көтермей-ақ, қалған сорпаны ысыта сал. Тұзы молырақ болсын, борсыңқыраған сықылды еді.
Ырысбала. Тұзы ащы болған соң шөлдетеді ғой.
Тасқара. Іштеме етпейді, су іше - іше тоқ боласың. Түзге шыға-шыға сақ боласың. (Ит үреді.)
Ы р ы с б а л а. Тағы да біреу келді.
Тасқара. Шамды өшір. Жалғыз үй кетсем де қоймады - ау, қаңғырған жұрт.
Қали (терезеге өзі келіп, қатты-қатты қағып). Бытыри - шытыри, дуаннан шыққан Мәтби, Буржуйға тоқмаш, шапшаң аш!
Тасқара. Шам жақ! Ойпырай, малдың үстінен түспесе игі еді. Аш, есікті аш!.. Шишаш, тақсыр, шишас!.
Қали. Скарей! Нашандик приекал. Құрсақ пропал. Нашауайт, ато, аристауайт!
Тасқара. Ырыстауайт дей ме? Үстінен түскен екен! Ырысбала алдандыра бер. Мен тығыла тұрмасам болмас.
Ырысбала. Мені масқара қылмас па екен?!
Тасқара. Қылмайды балам, қылмайды. Бар, бар! (Ырысбала кетеді. Тасқара тығылар жер таппай аласұрады. Үйге симай, далаға шығып кетпек боп күпісін іздейді. Күпісі қолтығында жүр). Күпісі құрғыр қайда қалды!.. (Қорадағылардың дыбысын естігенде есіктің қайырылысына келіп, теріс қарап қабырғаға жабыса қалады. Қали, Орынбасар енеді. Қалидың басында папақ, белінде алдашуы алты атар, екі мұрты құлағына жетеді. Орынбасар ылаушы тәрізді. Көзінде үлкен көк көзілдірік.)
Қали. Бұл заманның шық бермес шығайбайы үйінде ме, көрсетші көзіме!
Орынбасар. Арқасымен қарсы алып міне тұр, тақсыр!
Қали. (Сақалынан жетелеп төр жаққа алып кетеді). Атың кім сенің?
Тасқара. Тасқара.
Қали. Неге қалшылдайсың, аурумысың?
Тасқара. Айналайын, қазағым екен ғой. Саумын, саумын, тақсыр. Қорқып қалдым.
Қали. Адамбысың, айуанбысың?
Тасқара. Адаммын тақсыр, адаммын.
Қали. Өтірік айтасың!
Тасқара. Ойпыр-ай, көріп тұрсыз ғой.
Қали. Көріп тұрмын. Адам түріндегі айуансың. Анау қабырғаға бар да, екі қолыңды көтер! Жауап алам.
Тасқара. Ойпыр-ай, жазығым не, тақсыр. (Қолын көтеріп тұрады.)
Қали. Жазығыңды өзің айтасың. Биттей өтірік қоссаң, кескілеп өлтірем. Шындық қана құтқарады, шын сөйле!
Тасқара. Шегімнің қырындысына дейін қалдырмайын тақсыр.
Қали. Дүниеде құмарың не?
Тасқара. Мал.
Қали. Ең жақының кім?
Тасқара. Мал.
Қали. Мал қадірлі ма, жан қадірлі ма?
Тасқара. Мал.
Қали. Малыңды алайын ба? Жаныңды алайын ба?
Тасқара. Малымды, жоқ, жанымды. Малымды жо-жо-жоқ, жанымды.
Қали. Осы екеуінің жолына айтарың бар ма?
Тасқара. Бар, тақсыр, бар! Қатын-баламды, ауыл-аймақ, тіпті, бәрін - бәрін айттым...
Қали. Дәл сол ниетің үшін сені құрту керек.
Тасқара. Ойпырай, айт деген соң шынымды айтып ем. Енді қалай айт дейсіз, айтайын тағы да, айтайын.
Қали. Болды! Иманыңды айт енді!
Тасқара. Лайлақа, илалла, лайлақа иллалла, е, құдай, аузын үріп, аяғын сыпырған малымды қыяметте, кездестір. Лайлақа, илалла... (Даладан Шоқпарбай жүгіріп енеді де, Тасқараны денесімен қорғап тұра қалады.)
Шоқпарбай. Боқты атарсың, атып көрші, кәне! Өткен ол күндер.
Қали. Кет былай!
Шоқпарбай. Кетпеймін. Кісі атуға шықсаң ата ғой мені. Бір менімен кедей кемімес.
Қали. Ә, кедеймісің?
Шоқпарбай. Кедей болса мен болайын. Үрерге итім жоқ, сығарға битім ғана бар.
Қали. Кедейдің азғыны екенсің. Батыл қол, өткір оққа душар болдың, жаныңнан безсең шыдап көр. (Мылтығын кезейді.)
Шоқпарбай (шыдай алмай). Әй, өзің - ақ атшы, өзің!
Тасқара. Жоқ, мынаны тақсыр, мынаны! Өзі сұрады ғой бұл, өзі!.. (Қали екеуіне мылтықты кезек - кезеп тұрғанда Ырысбала мен Орынбасар даладан енеді. Орынбасар жүгіріп келіп, Қалидың аяғын құшып зарлайды.)
Орынбасар. Лаушы да болсам, жолдастық ақыма биттей кідіре тұр, тақсыр. Біріңнің ашуыңа ақыл, біріңнің ажалыңа айла табылды.
Қали. Сөйле, лаушы!
Орынбасар. Мән-жайдың бәрін замандастан біліп келдім. Боржуй деп мылтық оқтап тұрған адамыңыз, кеше ғана қойдан қоңыр шаруа екен.
Қали. Ал, бүгін?
Орынбасар. Қарнына май бітіп, кеудесіне нан пісе бастағаны рас.
Қали. Е, бәрі бір бай ғой онда.
Орынбасар. Тақсыр, бай екі түрлі емес пе? Әріден келе жатқан сұр бай емес, бертінде байыған көбен бай.
Тасқара. Әй, аузыңнан айналайын! Совет байы де, совет байы.
Қали. Қасқырдың ең жаманы қой үркітуге жарайды. Басқа айтарың бар ма?
Орынбасар. Бар тақсыр, бар. Көбеңсіген бейбақ шалды қара сорпа қыла көрмеңіз. Өзі советтік, өзі оқыған, шынжыр балақ, шұбар төс Тәти тұқымымен болыстыққа тайталасып жүрген Мырзакәрім дейтін баласы бар. Жан аямас, мынау сияқты кедей қолдаушысы тағы бар. Сүйкімді шалдың бір қасық қанын қия көріңіз.
Қали. Советшіл, оқыған! Болыс болғалы жүрген баласы бар дейді?!
Шоқпарбай. Рас тақсыр, рас айтады!
Орынбасар. Бүгін түнде, әйтпесе, ертеңнен қалмай келеді деседі. Заманы бір тең құрбыңның көңіліне де қараңыз.
Шоқпарбай. Мырзакәрім екеуміздің Тәти тұқымын атуға оғымыз жоқ. Олардың қылмағаны бар ма біздің атаға. Әттең болыстық қолға бір тисе!..
Тасқара. Болыстықты айтады ғой, түтін түтетіп отырғызса десеңші!
Орынбасар. Әне, көрдіңіз бе, өздері тіпті, қорлық керген бейбақтар.
Қали. Қабырғаммен кеңесейін азырақ. (Мылтығын байланады.)
Тасқара (Қалидың аяғын құшып). Айналайын советтен, айналайын советтен.
Орынбасар. Ay, мені де ұмытпаңыз.
Ырысбала (Жүгіріп келіп арқаға қағып). Сен, өзіміз емессің бе, Жарасамыз өзіміз.
Орынбасар. Астау жон, әукелі сәулім, Жарассақ бопты.
Тасқара. Көрпе салыңдар, көрпе! (Үшеуі бірден жүгіріп жүріп, үй ішіне барын жаяды. Орындық орнына қара әбдірені сүйреп әкеп, үстіне көрпе салады.) Отырыңыз тақсыр, шаруа баққан сорлы шалмын.
Қали. Жоқ, образнай шал көрінесің.
Тасқара. Обыр емеспін тақсыр, бекер айтады құрт. (Ымдасып үшеуі бірден шығады.)
Қали. Ал, не білдің?
Орынбасар. Орысша оқыған баласы бар көрінеді. Жаңағы айтқанымның бәрі рас.
Қали. Онда ертерек таю керек. Тамағына қарамайық.
Орынбасар. Я, ет жемесе де сорпа ішкендей болды. Осы кепені өзіміз кисек естен кетпес.
Қали. Дегенмен ел аузында жүрерлік бірдеме қалдырып кетелік. Әзіргіміз осы үйдің ішінде ғана қалып барады.
Орынбасар. Онда ана жуан қызды лауға мінгізе кетеміз де.
Қали. Жоқ, әйел қорлау жақпайды. Бұларды енді өзімен өзін әуре қылып кетейік. Бәрібір жарылғалы тұрған шиқан екен, былығып жатсын. Әлгі ақымақ, кедейді шақыршы, (Орынбасар кетеді. Қали, жалғыз толғанып отырып) әлі де бай күшті. Байдан, бірақ, өкімет күшті, ел күшті... Ел еркесі. Қали қыдырып жүріп, тағы бір қызыққа кез болды. Сырты сұлу сұмдардың ішін ашып берейін. (Шоқпарбай енеді.) Атың қалай пысық жігіт?
Шоқпарбай. Атым Шоқпарбай.
Қали. Әкеңе болайын, тауып қойған. Есерсоқ!
Шоқпар. Әрине.
Қали. Мәселен сен сияқты.
Шоқпарбай. Мен есермін бе?
Қали. Ақымақ - ау, боқ басында атылып қала жаздаған жоқпысың. Ей, осы Тәти тұқымынан болыстықты алып Тасқараның баласына бергенде саған түсері не?
Шоқпарбай. Оның бір мәнісі бар.
Қали. Қорғанбай айт, қисыны бар іс болса, қолқабыс етем.
Шоқпарбай. Сізден несіне жасырайын. Осы үйдің әйел баласын айналдырып жүр едім. Қанша сараң болсаң да, баласын алсам, ен дәулетке енем ғой.
Қали. Орайласатын түрі бар ма?
Шоқпарбай. Әзір шалқақтау, «жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады» емес пе. Әкесі мен ағасын ағайын тұтып, бауырына еніп жүрген жайым бар.
Қали (Ойланып жүріп-жүріп). Түсіндім. Ана жақтағыларды шақыр бері. (Бәрі келеді.) Ашудан қайтып тұрмын. Ақтан тілеп ала алмай жүрген жан екенсіңдер. Мә, жет мұратыңа! (Мылтығын Шоқпарбайға ұсынады.)
Шоқпарбай (алар - алмасын білмей аң-таң). Бұл қалай?!
Орынбасар. Сорлы - ау, бақ емес пе беріп тұрғаны. Ала бер, ала бер!
Шоқпарбай (шап беріп). Мен кім болдым енді?!
Қали. Өзіме ең сенімді милиционер етіп алдым. Осы маңдағы жұмыстың бәрі сенің қолыңнан өтеді. Мал дауы, жесір дауы, ең ақыры екі қатын ұрысса да арасына түсуге еркің бар.
Орынбасар. Бәрекелді, Шоқпарбай, құтты болсын бағыңыз!
Ырысбай. Тағыңда ағар мырза.
Тасқара. Ырзамын тәңірім, ырзамын! Қысып едің бір тарының қауызына сыйдым. Жарылқап едің, кешегі Жұманның он жеті мыңы сыйған далаға сыймай барам. Айналайын Шоқпарбай, іштен шыққан баладан жақынсың, маңдайдағы жұлдызымсың. Келші, кеудеме бір қысайын! (Қысады.)
Қали. Мен жүремін. Ылаушы жігіт әрірек апарып таста! Атыңның жүрісі ұнады.
Тасқара. Ойбай-ау, ас қамдап жатыр, дәм татып кетпейсіз бе!?
Қали. Іс тығыз, уақыт аз.
Тасқара (өзара ымдасып). Қап, құр ауыз кеттіңіз - ау. Сырт киіміңіз ұлыққа ұнамсыздау екен. (Иығына қара құлын жарғақ әкеп жабады.) Менің тіпті советтен аярым жоқ.
Қали. Алмасам меселеңіз қайтар, совет төресі ала ма, бұндайды. Әй, лаушы, саған байладым. Қош. Азырақ әбестеу іс болды, айыпқа бұйырмаңыздар!
Тасқара. Уақасы жоқ, арты жөнделді ғой.
Шоқпарбай. Тасекең мұндайды талай көрген. (Қали екеуі шығып кетеді.)
Тасқара. (ылаушыға). Әй, тұра тұр иемденбей, тұра тұр!
Орынбасар. Жарықтық менің үстімнен түсіп қалар дейсіз бе!
Тасқара. Саған лайық. (Ескі күпісін береді.)
Ырысбала. Ол ұнамаса мынаны ал! (Ескі шапан береді.)
Тасқара. Тіпті осыған тон кигізіп жіберейікші. Бәрі ұнамаса мә тон, мә!
Ырысбала. Мен жүзігімді қосып берейін. (Жүзігін береді.)
Тасқара. Құдайдың қасартуын! Жарғақ осыған не керек екен.
Ырысбала. Бейшара - ау, бәрі бір сіңбейді.
Орынбасар. Сіңбек түгіл шым батып кетер. (ІІІыға жөнеледі. Тасқара ере кетеді.)
Ырысбала (сәнденіп сылана бастайды). Шопақ құрлы көрмеген Шоқпарбайым, шонжар боп шықты міне. Таң атқанша дақбырты кетер талай жерге. Енді оған қайын да, қыз да көп. Торға түскен лашынның тарпаңын басып, қондыра біл қолға!.. Бұрынғыдай шалқақ -тай берсем, құмартып етпеттей бермес пе екен? Әлде, торығып, тартып тұра ма? Салған жерден сылқ етсең тояттап алып, қайырылмайтыны тағы бар бұлардың. О, жасаған, қыран мінез жігіттің, қыбын қайтсең табарсың! Жиырма бестен асқанша көк етікті кездеспей, көн етікті ілдәлап келіп едім, шығып кетер ме екен қолымнан, тістене қатып, кенеше жабысып көрейін... (Шоқпарбай енеді. Ырысбала қылымен қалады).
Шоқпарбай. Бір сен үшін осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықсам да, оң қабағыңды көрмедім. Енді не айтасың?
Ырысбала. Сабыр түбі сары алтын, мырза.
Шоқпарбай. Оған сабыр жетсе не қылсын.
Ырысбала. Ел ағасы кең келер.
Шоқпарбай. Әурелеуің аз болса, шалқақтай бер! Мен етпеттеп болған сияқтымын.
Ырысбала. Онда кезек менікі ме? (Екеуі құшақтасып тұрғанда Тасқара енеді.)
Тасқара. Тәуба, жаратқан тәуба! Түсіме енбегенді өңімде көрдім. Отыршы балам, қасыма! (Шоқпарбай келіп отырады.) Бақ, дәулет мұзбен тең, ұстауын білмесең ериді де кетеді. Алдымен ағайынның өзара бірлігі керек. Ортадағы бір бақты, бір дәулетті қорғай білсе, сол бәріне жетіп жатыр. Бас - басына би болса, Mанантауға сыя ма жұрт. Саған міне бақ қонды, менде азырақ дәулет бар. Тек осыны ұстай білейік.
Шоқпарбай. Ұқтым, Тасеке, ұқтым.
Тасқара Айналайын саналым. (Маңдайынан сүйеді.)
Шоқпарбай. Начальник тағы да бір жақсылықтың шетін қылтитып кетті.
Тасқара. Е-е-е?
Шоқпарбай. Жақында сайлау шығатын түрі бар. Болыстықты Тәти тұқымына шегендеп қойса да көрерміз.
Тасқара. Мөрден түбінде мылтық күшті ғой, шырағым. Маған осы қара мылтық құтайса қанағат.
Шоқпарбай. Тәйірі, күш қолда тұрғанда не бар тайынатын. (Есік қағады біреу.)
Ырысбала. Ағатайымның қағысы. (Шығып кетеді.)
Шоқпарбай. Жақсы болды келгені. Дер кезінде қимылдаймыз.
Тасқара. Абайлау керек. Абайлау керек. Елге сену қиын. Елді алсаң ғана болыс боласың.
Шоқпарбай. Тартамыз елді.
Тасқара. Тартамыз дегенше, малды құртамыз десеңші. (Мырзакәрім мен Ырысбала енеді. Мырзакәрім Шоқпарбайды, жұлмалап амандасып жатыр.)
Мырзакәрім. Жарайсың, Шоқпарым, жарайсың! Әттең қол қою білмейсің - ау!
Шоқпарбай. Шоқпарбай бұзау тіс қамшымен арқаға қояды қолды. Қағаз келсе, сен барсын.
Тасқара. Малдың амандығын айт, балам.
Мырзакәрім. Аман малың, аман. Әй, көрейікші өзін емін-еркін. (Мылтыққа қолын апарады.)
Шоқпарбай. Соқтықпа, осылай тұрғанда көр!
Тасқара. Соқтықпа, атылып кетеді.
Ырысбала. Түсінің суығын - ай! (Анталап, еркін ұстауға батпай, тие қашып, құмарлық пен қорқыныштың мазағы болады бәрі.)
Мырзакәрім. Қайысы жоқ қой, қайыс тағу керек. (Қайыс шылбырды алып келіп, байлап жатады.)
Тасқара. Қойыңдар деймін, шұқылау көтермейді. Сонау шынашақ симайтын аузына мыңының сиып тұрғанын қарашы! Өзін енді анау араға салбыратып, іліп қойса қайтеді. «Арыстаны бар тоғайдан ағаш кеспес» деген, тұрсын айбар боп.
Шоқпарбай. Беліңнен тастама, тірі жанға ұстатпа, жатқанда басыңа жастанып жат деп кетті нәшәндік.
Мырзакәрім. Какжи, басыңмен жауап бересің! (Шешініп, сенделіп жүріп.) Сайлау шығатын болды ма?
Шоқпарбай. Шығады. Дәмең болса, қимылда.
Мырзакәрім. Әке, енді болыс болам. Бәкеннің оқуынан оқуым, дәулетінен дәулетім кем емес. Азар болса атасы ғана артық. Ата билемейді, қалта билейді, мына бас билейді, вот!
Тасқара. Осы аз дәулет, мына мылтық маған жетеді.
Мырзакәрім. НЭП келе жатыр, түсінсеңші бір!
Тасқара. Соның советтікі ғой өзі?
Мырзакәрім. Я, советтің жаңа үнем саясаты.
Тасқара (қолын сермеп). Саясат болса жап аузыңды. Семіртіп сойғалы жүр.
Мырзакәрім. Ендеше без малдан.
Тасқара. Аузын үріп, аяғын сыдырған соң көзі құрғыр қимайды.
Мырзакәрім. Онда құр байбаламның керегі не! Болыстыққа да, дәулетке де ие болып отырған жоқ па, Бекен!
Тасқара. Сенің қолыңнан келмейді ол балам.
Мырзакәрім. Жігерімді құм қылуын! Сөз келсе ақсақалға салам, қағазды хатшы жазады, мөр қалтамда болады. Біткен іске қол қоям да отырам, осы да қолдан келмей ме?
Тасқара. Оқысаң да, бірер ноқатың кем - ау, шырағым.
Мырзакәрім. Өзіңдікі кем, мен талай сыннан өткем. Сен маяның астына тығылып жатқанда, сонау Қарқаралыға дейін қуып барып, қызылдар мінген ылауды алып қайтқан кім? Шаршы топтың алдында Бәкен болысқа «оттамасаң оттама!» деген кім? Комсомолдардың аузын аппақ қылып, елу қараны жытырып келіп отырған кім? Бәрі мен! Азар болса, сол елу қара шығын, түсем шарға, сынаймын бағымды. Алжасқан әке, тұсау болма аяққа, вот.
Тасқара. Әкең әлі есінен танған жоқ. Оқымаса да көп тоқыған. Күш бізге түсіп, қызығын біреу көреді. Мен білсем бұл сенің бақ сынайтын заманың емес, бақыттыларды сағалайтын заман. Осыны ойлап-ойлап бір түйінге келіп отыр әкең.
Мырзакәрім. Ал, шеш сол түйініңді! (Тасқара үндемейді.)
Шоқпарбай. Сорлы кемпір есімнен шығып кетіпті ғой. Ырысбала бір сорпалық жылқы етін бер! Keyдесінің науқасы ұстап жатыр. Сіздер ақылдаса беріңіздер. Мен таңертеңгі шайды осынан келіп ішермін.
Тасқара. Бер балам бер. Қазы бер, үлпершегін қоса бер! (Ырысбала мен Шоқпарбай шығып кетеді.)
Мырзакәрім. Бұны енді бастап ұстау керек. Құла биені ала келіп едім. Бұдан былай келімді-кетімді кісісі болады, осы сойса қайтеді?
Тасқара. Бар, жетектетіп жібер! (Мырзакәрім шығады.) Өзіміздің нәшәндік, өзіміздің Шоқпарбай Қарымжысын күні ертең қайырады. Шоқпарбайды қолға мықтап ұстасам, маңыраған мал, қызыл-жасыл дүние ағылып өзі келе жатар, кете жатар... (Құшағын жал береді. Мырзакәрім енеді.)
Мырзакәрім. Әне, — берген перде бұзады». Қара жерге енгенше ұмытпаспын осыңды, деп кетті. Ал, айтшы жаңағыңды?
Тасқара. Шоқпарбайды қолға ұстау керек. Мықтап ұстау керек. Ол үшін біржола күшік күйеу қып енгізіп алам үйге.
Мырзакәрім. Дұрыс - ақ. Болыстықты қайтеміз?
Тасқара. Қара мылтық қолда тұрғанда керегі не? Тіпті, болмаса шарға да соны салайық. Оның басына бақ үйріле бастады. Нәшәндіктің «ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс» дегенін дәл осы құлағыммен естідім.
Мырзакәрім. Құла биені бер! Ырысбаланы бер. Болыстықты бер. Мылтық тағы онда. Мен немді ұстап қалам?! Ex, қауқиған борода, түк білмейді.
Тасқара. Не дейді мына найсап! Бородаң не, ей? (Таяқпен салып жібереді. Мырзакәрім ұстай алып, жібермей тұрғанда Ырысбала енеді.)
Ырысбала. Ойбай-ай! (Араға түседі.)
Тасқара. Құдайдан безген шоқынды, боқтап тұр орысшалап.
Ырысбала. Тіл тигізбе, ағажан! Қойшы сен де әкетай! Бәрін өзім реттеймін, бәрі өзімнің қолымда!..
Шымылдық
ЕКIНШI АКТ
ПЕРДЕ АЛДЫНДА
Түн. Бәкен болыстың ауылы. Орынбасар енді әйелше киінген.
Қалиға хат беріп тұр.
Орынбасар. Мұғаліммен бір шатағы бар.
Қали (ішінен оқып). Таптырмайтын хат екен! (Қалтасына салып алады.)
Орынбасар. Мұғалім оңды жігіт, ә?
Қали. Қыз да сорлы көрінбейді. Байқа, бұл Тасқараның аулы емес. (Кетеді. Дәу жәшікті сүйрелеп, Жанақпен Әбікен шығады.)
Әбікен. Осы астан-кестенге түсінсем бұйырмасын. Аяқ астынан не боп қалды!
Жанақ. Қайдан білейін, мырзаның шабына шоқ түскендей қылды әйтеуір.
Әбікен. Кім?
Жанақ. Екі қонақ.
Әбікен. Әлгі, үйде отырған келіншек пен жігіт пе?
Жанақ. Я. Сол екеуі бүліншілікті ала келді.
Әбікен. Кім екен өздері?
Жанақ. Нәшәндіктің нағашысы дей ме, қарындасы дей ме, немене?
Әбікен. Е-е-е. Мырзаға қарағанның төбесінен жорғалауы сол екен ғой.
Жанақ. Тұрма, тұрма, сүйре!
Әбікен. Сүйрей - сүйрей сілем қатты. Көмесің де, ашасын, ашасың да көмесің. Бір кедейдің үйіне қоя салса кім біледі бұл жау алғырды. Жұрттың бәрі Темірбек пе. Оған да кінә жоқ. Жалғанның қысасы ақыретке кетпейді...
Жанақ. Әйтсе де қыдыр дарыған шаңырақ еді, Әруаққа шет болар антұрған. Кәне тұрмалық, әуп - әуп...
Әбікен. Қоя тұршы әупілдемей, қаусаған шаңыраққа қоршауың қанша сеп.
Жанақ. Осындайда өкпе - пананың керегі не екен.
Әбікен (тымағын алып, басын көрсетіп). Жазасыз жарылған бас бітпейді.
Жанақ. Тұһ! Қайдағыны қозғауын. Жіпке тізе берсек, Жақыптың қолы мен тілі кімге тимеді. Соны мырзаға сындырамыз ба?
Әбікен. О, сезбес сорлы! Қол Жақыптікі болғанда қабақ мырзанікі емес пе? (Жақып келеді. Естіп қалады.)
Жақып. Бұл не әңгіме, не тұрыс?!
Жанақ. Әуп - әуп...
Жақып. (Әбікенді нұқып). Кежегесі кейін тартқан енеңді ұрайын, кекжимей көтерсеңші былай - былай.
Әбікен. Жетер! Жетер енді, Жақып!
Жақып. А-а-а! Солай ма!? (Екеуі үнсіз арбасып тұрғанда Бәкен келеді.)
Бәкен. Қимылдаңдар жігіттер, қимылдаңдар!
Жақып. Жақсы келдің, мырза. Мынауың жетіліп қапты. Беттен алып арсылдап тұр.
Әбікен. Қорқақты көп қусаң батыр болады. Қатының ба мен! Қит етсе, қолмен тілің қоса тиеді.
Бәкен (Жақыпқа). Қой дегенім қайда соны?
Жақып. Құдай ақына, мырза, қылдай қиянатым жоқ. Өзінен өзі терісіне симай тұр екен.
Бәкен. Жә-жә-жә, жайың белгілі! Түлен түртіп жүрмесе, бұдан былай соқтықпа Әбікеніме. Көтер Әбікен. (Екі жігіт іле қимылдап жәшікті алып кетеді.) Тозған торсықтай дүниені несіне түрткілей бересің. Еппен ұстап, жамасаңшы одан да.
Жақып. Тозған торсық жамау көтере ме, жырыла береді де.
Бәкен. Ендеше тезірек жыртып тын.
Жақып. Ал, ешкіні апа, текені жезде қылдық! Амал жалғыз осы ма?
Бәкен. Таба білсең әлі бар. Мүлікті тығып болдыңдар ма?
Жақып. Қонақтардың астындағы жібек кілем ғана қалды.
Бәкен. Оның иесі сенімді.
Жақып. Арам сирақтарды тау арасына айдап тастадым.
Бәкен. Дұрыс. Екеуміз енді Тасқараға барамыз. Оның анау әңгүдігі қарындасын Шоқпарбайға беріп, малын шашып, ел тартып, ойран сала бастады. «Албастыдан сайтанның бір атасы жуық» деген ғой, бертінде байыған нашар ата деп, нәшендік те оны қолдап кетіпті. Бірақ, үйде жатқан мына екі қонақ нәшендіктің туыстары. Бізге беті жаман емес. Сөйтсе де, әңгімені ушықтырмай басып көрелік. Ел ала, желік бастар жүгенсіз, ырық бермей кетер.
Жақып. Болыстықты алмай көне ме олар?
Бәкен. Менің алтын басым еңкейгенде, олардың былғанышты бөксесі қалай тоңқаймайды.
Жақып. Еңкейген, тоңқайғанды солар білсе мұрнымды кесіп берейін.
Бәкен. Сен де онша біліп тұрған жоқсың. Бес атаға келгенше болыстықтың қызығын көріп бақтық. Тіпті қасарыса берсе, ендігі қызығын солар-ақ көрсін. Арты тыныш болса, менің асығым түгел. Алысып барып астына түссең, не екі арада біреу қағып әкетсе, баяғыдан бергіңді мұрныңнан сығып алады.
Жақып. Түсіндім, түсіндім. Бірақ, Мырзакәрім мен Шоқпарбайға сөз өтпес.
Бәкен. Өтпесе, оған да айла бар. Өзі шабарман, әкесі елден ет жиған Жақыпты салам шарға. Сен Шоқпарбай мен Мырзакәрім құрлы болмасаң күні құрсын көрген. Сөз түйіні осы. Ендігісін бара көрерміз. (Екеуі де кетеді. Перде ашылады. Бәкен болыстың мүлікті үш бөлмелі үйі. Ортадағы бөлме ауыл адамдарына толы. Төрде Қали келіншекше киінген Орынбасар, Зәуре, Күләнда отыр. Шадияр мұғалім домбырамен өлең айтып, үй іші думан.)
Ай қабақ алтын кірпік қызыл ерін,
Кел десең, неге аяйын аттың терін.
Әбікен. Па-ай, мына салың не дейді? Машинамен сөйлейді. Ора-рақ, ора-рақ!..
Шадияp. Ауылдың алты ауызы бітті. Қонақ кәдені тыңдадық.
Зәуре. Бір ауызын кем айттың Шадияр, қонаққа қиянат істеме!
Қали. Ә, қарағым, сен біздің жаққа шықшы!
Күләнда. Ол қанша тыныс болар дейсіз.
Шадияр. Онда менің кемтігімді Зәуре толтырсын.
Зәуре. Болдырсаң Әбікенге бер!
Шадияр. Мә, Әбікен, Зәуре сені қалады ғой.
Әбікен. Мен домбырасыз-ақ айтам:
Ұшады бозша торғай ебелектеп,
Аулыңа неше бардым төңіректеп.
Қойнына жақсы қыздың кіріп барсаң,
Жатады күлімсіреп не керек деп.
Күләнда. Шадияр, домбыраны қонаққа бер! Лебізін естиік.
Қали. Құлақ құрышын қандыратын нәзік ән менде жоқ, дөрекілеу еді. Әңгіме айтсам, ойын көрсетсем қайтеді?
Зәуре. Онда қысылмаңыз. Биязыңызды көрсетіңіз.
Күләнда. Қалқажан, неге арашалай бересің.
Зәуре. Әңгімеге, ойынға шебер тәрізді.
Қали. Маржан деген қызды ұзатқанда ішінде болып едім, соны айтайын. Маржанды былай ұзатқан. (Қалибектің «Қыз ұзатуын» айтады.)
Күләнда. Бар болса тағы айтыңыз, қызық екен.
Қали. Бәтеңке деген бір ойын бар, соны бастайын. Бәт - бәтеңке, де сәтеңке. Сауысқанның құйрығын санап едім, он алты. (Төкен, деген әйелді төбесін тақ еткізеді.)
Төкен. Көтек! Жарып кетті ме?
Қали. Бұл құдай қалағанға үшке дейін шығады, қаламаса бір де шықпайды. (Ойнай береді.)
Күләнда. Түннің бір сыпырасы өтті. Тоқтатса да болар. Қонақтар жатып тынықсын. (Ауыл адамдары тарайды.) Әбікен, қонақтарға төсек сал!
Әбікен. Қайда салам?
Күләнда. Қонақ үйге саласың да.
Зәуре. Қонақтың бірі менімен жатады. (Әбікен кетеді.)
Қали (Орынбасарға). Сөйтсең, сөйт, қарағым. Құрбыңмен бүгін емін-еркін ойнап-күл! Кейде ұйқысырайтыны болатын, шошып қалма, Зәуре.
Зәуре. Сөйлей ме?
Қали. Оданда сорақысы бар.
Зәуре (күліп). Бір күнгі еркелігін көтерерміз.
Күләнда. Мені қашан емдейсіз?
Қали. Тұзын ащы қылып бір құлақ жылы су әкеліңіз. Сылағаннан кейін қымтанып жата қалсаңыз, таңертең құлан таза боп шыға келесіз.
Зәуре. Төсек салайын. (Өз бөлмесіне енеді. Күләнда тысқа шығады.)
Қали. Келіншек жігіт не сырластың манадан бері?
Орынбасар. Үпілмәлік ішкендей бай мен болыс алды - артынан бірдей атқытып жатыр.
Қали. Болыс қайда кетті?
Орынбасар. Оны енді сұрамақпын.
Қали. Я. Тасқараның ойраны шықты. Болыстың да артына қыл батпай жүр, дәу де болса, Тасқараны алдап, арбағалы кетті бұл.
Орынбасар. Осы ойранның арты өзімізге бір соқпас па екен, Қалеке?
Қали. Өзі шыққалы тұрған көзді бізден көре ме?
Орынбасар. Қыз тым зымыян көрінеді.
Қали. Я, зымыян. Мүлт кетсең, мұрның бұзылады, байқа!
Орынбасар. Осы қыздың жолында мұрынды беруге де бармын.
Қали. Сенің анау тәлпек мұрныңа бітсе неғылсын. Менікін ала кетсе, қос саңқай қайда сыямыз? Балық ала алмасаң, суды лайлама! Сыпайы қайт!
Орынбасар. Хор қызындай сұлуды құшақта да, тек жат дейді. Құдай жүзін көрмес - ау Қалекең. (Зәуре шығады бөлмеден, даладан су алып Күләнда енеді.)
Зәуре. Құрбым, жатайық.
Күләнда. Біздің бөлмеге кірелік. (Ортадағы бөлме бос, тым-тырыс. Даладан Шадияр енеді.)
Шадияр (тұрып-тұрып). Бұл қалай?! Қонақтар қайда? (Зәуренің есігін тыңдап.) Оһ, бұнда екен ғой. (Қынжылып тұрады.) Сұңғыла сұлу сырын бермей, сыртын ғана берген бе!.. Ілімнің қасқа бұлағын сіміре жұтып тоя алмай, ұрттап қана кетіп ем. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп, күн боп шыққаны», cap далаға келгенде жалғыз саям бір сен ең. Жапырағыңды жұлмалап, көрінген бір умалап кете берсе Зәуретай, күнім менің түн -дағы! Қарғамаспын сонда да. Лай арнада мөлдір су тұрған бар ма, қайтейін!..
Қали (шыға келіп). Мені тосып тұрмысың мұғалім? Сенің де сырқатың бар ма?
Шадияр (өзіне). Мына жақтан шықты ма, жаным жаңа жай тапты ғой. (Қалиға.) Арман деген дертім бар, өзім ғана білемін.
Қали. Ол шіркін көрге енбей жазылмас. Көрге енсе не қалмас... Жалындаған жастықпен қыздырып өт дүниені.
Шадияр. Тар құшаққа кең дүние симай тұрса қайтемін.
Қали. Сиғанынша алып қал! Құшақ толы олжаны кемітпейді ешкім. Сұм дүниеден сомпиып қайтқан жаман бәрінен.
Шадияр (ойлана қарап). Аяда симай алас ұрған аға екенсің, толғанып келіп тағы да бір сөйлесермін.
Қали. Шырақтай жанған бала көрінесің, сөйлессек сөйлеселік. (Шадияр шығып кетеді. Қали қонақ үйге кеткелі қоржынын қолына алғанда, Орынбасар шығады.)
Орынбасар (қалшылдап, дірілдеп). Қалеке, құрыдық, құрыдық!..
Қали. Алда, езуіңді ұрайын-ай! Қан-жынымыз Қаракесектің де ішінде шашылады - ау.
Орынбасар. Жытайық ойбай, жытайық... Macқара болдық, жүр-жүр!
Қали. О-май-ау, құтылып кетерсің! Терімізді сойып, сабан тығады, тоқта!
Орынбасар. Енді қайттік, айтсаңшы тез!
Қали. Шірік ит, салған жерден әтешше қоқаңдап, бүлдірдің - ау, ә!
Сұрланып Зәуре шығады.
Зәуре. Ел ақтап келіп, ақымақты тапқан екенсің, ақылды аға! Тағы қандай өнерің бар!?
Қали. Ойын ғой, шырағым. Ашусыз сөйлесейік.
Зәуре. Сізге ойын болса, маған өлім, күліп өлгенді көргенім жоқ.
Қали. Ал, сонда менің кінәм не?
Зәуре. Иттің де иесі бар. Неге баяулап, кімге айтақтап отырсыз?
Қали. Рас. Көбелек сынды жігітті, шамнан қорғап қала алмадым. Құшты да, күйді, қайтейін.
Зәуре. Аш, әне, қоржынды!
Орынбасар. Онда іштеме де жоқ. Жай киім-кешек.
Зәуре. Сеземін, пәле сонда. Аш!
Орынбасар. Біреу бірдеме тығып кетпесе, қандай пәле ол? Мынау Қалекеңнің құлын жарғағы.
Зәуре. Бұны кім берді?
Орынбасар. Ту, әлмәсақтан өзінікі.
Зәуре (жарғақты ұстап көріп, екеуінің бетіне кезек қарап тұрады). Бұл Мырзакәрімнің жарғағы. Терісін он жыл жинап, бір жыл кимеген, белгілі жарғақ. Ол тегіндікпен бермейді. Шыныңды айтасың ба, көріп қойып дүре соқтырайын ба?
Орынбасар. Айтайын, апатай, айтайын. Бәрі бір біліп қойдың. (Қалиға жалтақтай береді: Қали, қысылып «айтпа!» деп ымдайды.)
Зәуре. Енді қашан?
Қали. Оңбаған, тағы бүлдіргелі тұр.
Зәуре. Сіз айтпа дейсіз бе?
Қали. Жоға, тек бүлдірмей айтса неғылсын. Өтірікшілеу еді.
Зәуре. Өтірігіңді ұстасам оңбайсың, шын айт!
Орынбасар. Айтайын апатай, айтайын. Шынын айтайын. Тасқараны нәшәндік боп қорқытып алғанбыз.
Қали (бармағын тістеп). Құртты - ау, мынау, құртты - ау!
Зәуре. Қашан?
Орынбасар. Taп осы жолы.
Зәуре. Онда Шоқпарбайды ұлық сайлаған да сендер ғой.
Орынбасар. Енді кім дейсіз?
Зәуре. Масқара - ай, масқара!!. Қайда жігіттер, қайда?
Қали. Тоқта Зәуре! Жігіттерің мықтағанда менің терімді алар. Мына хат ағаңның алдында арыңды алады.
Зәуре (жалма-жан қалтасын тінтіп). Қайдан ала қойдың оны? Бері әкел! Бер! Бер деймін!
Қали. Қолыңнан аман-есен аттандырғанда ғана аласың.
Зәуре. Елді мазақтап, арды таптап, аман аттанарсың! Жүр, қонақ үйге қолымнан жауып, құлыптап келем. (Екеуін алып кетіп, құлыптап қайтып келеді.) Өңім бе осы, түсім бе?.. Неге білдім япыр-ау, білмей ішкен у артық еді бұдан да... Еңсесі биік ақ орда, ілуде біреу болмаса, айдыныңнан алақтап, шыққан ба еді төріңе. Асқар таудай әруақ, кім аттап еді басыңнан!? Алтын айдар секілді, әлпештеген аруы мазағы ма еді соққаның?!.. Күні кеткен сорлы ағай, елің анау, үй мынау, екі қудың ойнағы! Сездірсем жанып кетерсің, жанған өзім - ақ жанайын. Қорлаған мына қос сұмды, қорлап кекті алайын! (Есікке жүгіріп барып қайта қайтады.) Хат. Хатты қайтем, хатты!.. Өлім, жалғыз ағаның алдында тірі өлім. Өшіккен екі қу былай шыға жаймай ма бүкіл елге. Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ. Қайнай бер ішім, суаларсың бір кезде. Қызыл алма құрт тессе, құнысар да қараяр. (Есік қағып, Бәкен енеді).
Бәкен. Зәуретай әлі жатпап па едің?
Зәуре. Жаңа жатқалы отыр едім.
Бәкен. Ендеше бөгеле тұршы. (Зәуре жақын келіп отырады.) Түн күзетіп, қабағың неге қатты қарашығым?
Зәуре. Жай, әлдеқалай ұйқым келмегені.
Бәкен. Я, ұйқы қайдан келсін!... Сені әйел еткен тәңірге амал не!
Зәуре. Басқа қорлығы болмаса, онысына ырзамын. Айта беріңіз.
Бәкен. Осы заман не боп барады, не ойың бар, шырағым?
Зәуре. Заман маған жұмбақ. Шешуін әлі тапқам жоқ.
Бәкен. Мен таптым, қарағым. Еменді талдай иіп, өр кеудені табанға басқан шақ... Асқақтаған зор күшке де айла бар. Айла бар да, жанға дәйім сауға бар.
Зәуре. Сауға не сонда?
Бәкен. Тасқара шаншу боп қадалды ғой. Осы шаншудан қорқамын. Емі не болса, сауға сол!
Зәуре. Емі не болмақ?
Бәкен. Табысу
Зәуре. Табысатын ба?
Бәкен. Табысатын. Бірақ, салып отырған салмағы ауыр.
Зәуре. Айтсаңшы!
Бәкен. Үй ішінен үй тігелік, құдай десіп құда болалық дейді. Өзге байламның біріне де келер түрі жоқ.
Зәуре (сескеніп). Сіз не дедіңіз?!
Бәкен. Не дейін. Жә демеске жайым бар ма? Арқа сүйер елдің, қолдайтын үкіметтің түрі мынау...
Зәуре. Ағажан-ай, жүрегім мұздап кетті ғой. Шын бердіңіз бе уәде?
Бәкен. Ойын менің қай жерімнен келеді. Сөз пісті. Ертең олар ошайды осы үйді. (Зәуре жылап жібереді. Ұзақ, пауза.) Жылама, шырағым, есеймеген жас, еңкейген кәрі емес. Көзінің соқыры, мұрнының пұшығы жоқ. Орны тең болмағанмен, заман теңгерді, қайтесің.
Зәуре. Тағдыр шын осы болса, Мырзакәрімге барғанша, жалғыз ағаның қашқан сұрын көргенше қара жерге енермін! Шырылдатып бауырын, жеткен мұрат бұл болса, бұны да жерге көмермін! Жаныма тең жалғыз аға, жұртқа сонда не дерсің?
Бәкен. Жұртқа айтар сөзім, қарар бетім жоқ, онда. Ең ақыры саған беделім етпесе, тіршіліктен енді үміт те жоқ. Шыбындай жанға менің де шамам келеді. Сен тірі бол! Мен құрбан. Өзің берген сұраққа, жұрт алдында өзің қайыр жауабын. (Орнынан тұрады.)
Зәуре. Бөгелші, аға, бөгелші! Не деп барасың?
Бәкен. Жоқ! Екінің бірі, Таңдағаныңды ал! (Бөлмесіне еніп кетеді.)
Зәуре (ұзақ ойланып тұрып). Бақ, дәулет... Аға... Ел жақсысы... дегендер осы ма?.. Шадияр! Әулиемісің Шадияр!..
Шымылдық
ҮШIНШI АКТ
ПЕРДЕ АЛДЫНДА
Шадияр (Зәурені күтіп тұр). Неге тез келсін деді екен? Шақырғаны осы ғана. Үлкеннің ақылы, жастың мінезі бар. Сабырмен сынайды, не әрі, не бері жібермей, жігітті бәйге атынша арқанға сап баптайды... (Зәуре келеді.)
Зәуре. Тосып қалдың ба?
Шадияр. Сені тосқан минут сайын, бір гүл басын жарған сияқты.
Зәуре. Гүл ақ қарда да бас жара бере ме?
Шадияр. Жара береді. Көңіл гүліне қысы-жазы есеп емес. Сырқатпын деп ең, қалайсың?
Зәуре. Басым тәуір. Жүрегім топ.
Шадияр. Сол жүрек емес, асқазан болар. Қазақ қарны ауырласа жүрегінен көреді.
Зәуре. Жүрек пен қарынды да айыра алмаған ба сорлы қазақ.
Шадияр. Мен, сорлы дегенше, надан дер едім.
Зәуре. Сор мен надандықтың арасы қанша?..
Шадияр. Жер мен көктей. Ақылың Аплатондай болса да, сор соқса сенделмемен күн өтеді. Надандық таудай басса да, бармақтай бақ жебеп алып шығады. Қазақ қазір бақытты. Өмір кілті — өкімет, өз қолында. Арман болған алтын сарай дүниенің, Зәуретай ашамыз барлық есігін.
Зәуре (қадала қарап). Сен қандай бақыттысың, Шадияр.
Шадияр. Сен ше?
Зәуре. Мен, әйтеуір бармын ғой.
Шадияр. Менің артықтығым қайсы сонда?
Зәуре. Сен, қанатымен су сабалап, ұшуға ұмтылған балапанша аласұрған бір жансың. Ұшарсың да, жетерсің. Мен топшысынан оқ тиіп, құраққа қорғалаған сұқсырмын. Оңаларым белгісіз.
Шадияр. Жаным – ау, не деп тұрсың! Қара көзіңді қадашы мына жаңа әлемге...
Зәуре. Қадап тұрмын. Алып қашқан ақ жүрек аяқ астын көрмепті. Қара жылан оралып тұр аяққа.
Шадияр. Көрсетші көзіме! Жағын айырып, тілін жұлып тастайын.
Зәуре. Бүгін Мырзакәрім келеді. Ағай мені беріп, жарасып кепті.
Шадияр (жағасын ұстап). Келді ме айтқаным?
Зәуре. Келді айтқаның. Бақ, дәулет, ел жақсысы дегенге енді ғана түсіндім.
Шадияр. Берші қолыңды!
Зәуре. Қол берместен бұрын айтар сөзім бар. Мен жетсем мұратқа, ағам өзін құрбан етеді. Ағам жетсе мұратқа мен өзімді құрбан етем. Құрбансыз жетер жол тап!
Шадияр. Ағаң үшін тусаң, айтқанмен сөз өте ме? Ел үшін тусаң, аға бөгет ете ме? Басқа жол жоқ.
Зәуре. Рас па? Ақылшым едің, абайлап тағы бір қарашы!
Шадияр. Алдың үміт, артың өкініш, алақтама артыңа! Жаңа туған бөбектей, жаңа заманның бесігіне бөлейін де, әлдилейін, келші, қоншы қолыма! (Құшағын жайып тұрғанда Күләнда келіп қалады.)
Күләнда. Қалқажан - ау, неғып тұрсың қалқажан! Бұзылғаның ба шыныңмен, қаратқаның ба жерге! Жалғыз ағаңды, жалғыз жеңгеңді өлтіріп кет бұдан да!.
Зәуре. Ағам жігіт, жеңгем қыз болған, неге күңіренесің!
Күләнда. Екі арада мен сорлағалы тұрмын. (Жылап жібереді.) Ая мені қалқажан, ая!..
Зәуре. Бара бер сорлы, бара бер! Көз жасыңа қалмаспын.
Күләнда. Өздерің де кетіңдерші. Көзге түссеңдер ойран болғалы тұр дүние. Ағаңның мінезі белгілі ғой, қалқажан - ау. (Үшеуі екі бөлініп, екі жаққа кетеді. ІІІымылдық ашылады. Бәкеннің қонақ үйі. Қали домбыра шертіп, Орынбасар томсарып төмен қарап отыр.)
Қали. Дүрені соғып - соғып, нағыз нәшендіктің өзіне апарып тапсырмаса неғылсын!
Орынбасар. Онда су түбіне кеткеніміз де.
Қали. Оны білсең, неге аштың сырды.
Орынбасар. Көріп қойып, дүре соққалы тұр...
Қали. Енді соқпай ма?
Орынбасар. Қайдам, хаттың бір жәрдемі тимесе.
Қали (хатты алып ішінен оқып). Екеуі нағыз баяғының ғашықтары сияқты екен. Болыстан қатты қорқатын түрі бар.
Орынбасар. Анау зәнталақ қыз шынтуайтқа келгенде ешкімнен де қорықпас.
Қали (ойланып отырып ұшып тұрады орнынан). Бері кел, жат төсекке. Зәуре келгенде тілің байланып, көзің алақтап, қалшылдай бер! Kісі құнын артайын ол қызға, қалай қорықпас екен. (Орынбасарды жатқызып, тамырын ұстап отырғанда Әбікен енеді.)
Әбікен. Сырқаттанып қалды ма?
Қали. Я, ұстамасы бар еді. Зәуре келіп кетсінші тезірек. (Әбікен жүгіріп кетеді. Зәуре келгенде Қали иман айта бастайды.) Ағузи беллаһи минашшайтан ирражим, бисмилла иррахман иррахим. Ясин. Уалқүрәнилхаким. Иннәкәләминал... Суһ...
Зәуре. Ойпыр-ай, не болып қалып еді! (Қали оқып үшкіре береді.) Кеш құрбым, кеш! Бейшара-ай, ымдайды, тілі күрмеліп жатыр-ау. Жүрегінде екен науқасы, жүрегін көрсете береді.
Қали. Шырағым - ай, сонша қорқытып бейшараны... Түннен бері тілі байланып жатыр. Ұстамасы бар еді шошығанда.
Зәуре. Ағатай - ай, менде қалып тұр ма жаласы? Осының көз жасы екен ғой мені де шырмаған!.. (Зәуреге қосыла Қали да солқылдап жылап отырады. Шадияр кіреді де, арт жақта білдірмей қарап тұрады.)
Шадияр (сақ-сақ күліп). Антұрған жұрттың бәрін ақымақ қыламысың. Тұр! Тұр деймін! (Орынбасарды құлағынан тартып тұрғызады).
Зәуре. Ту шайтан! Зәремді осынша ұшырғаның не?
Шадияр. Қалеке, Зәуре түнде орныңыздан алып тұтқындаған екен, мен бүгін босатып, тағыңызға қайта отырғызғалы келдім. Бірақ, оқиға ушығып тұр. Бастап едіңіз, аяқтайсыз енді.
Қали. Хұп! Мен нәшәндіктің нағашысы болсам, құйып бер бәрін өзіме.
Шадияр. Әйтсе де байқаңыз. Ойыннан от шықты. Әңгіме былай боп тұр. (Әбікен кіреді.)
Әбікен. Қонақтар келе жатыр. Үй жинайын.
Шадияр. Тысқа шығып әңгімелеселік. (Әбікеннен өзгесі шығады.)
Әбікен. Мына келіншек қылаң ұрып кетіпті ғой! (Үй сыпырып жүріп.) Мың жерден нәшәндік болсын, құдай біледі Шоқпарбай оңбайды. Бетім - ау, Ырысбалаға кісі ғашық болар ма! (Жанақ енеді.)
Жанақ. Әбікен неге дүрлігіп жүрсің?
Әбікен. Мырза дүрліктіріп келді.
Жанақ. Тағы не боп қалды?
Әбікен. Шоқпарбай нәшәндік, Мырзакәрім болыс, Тасқара ақсақал, Ырысбала ханым келеді.
Жанақ. Ә, оның бәрі қайда барады?
Әбікен. Мырза шақырыпты, майдай боп жарасыпты.
Жанақ. Ә-ә-ә! Жарассын, қоқаңдай беруші еді.
Әбікен. Мырзакәрім болыс, Жақып оған орынбасар болады деседі.
Жанақ. Не дейді! Мырза қайда қалады?
Әбікен. Мырза саясат ұстап қалады.
Жанақ. Саясатын қайтейін, бес атадан келе жатқан болыстықтан айрылған соң.
Әбікен. О, аңқау сорлы. Әлі түк сезген жоқ. Жақыпты Мырзакәрімнің артына неге міңгестіреді дейсің. Мырзакәрім далбақтап барып құлайды, Жақып орнына отыра қалады. Әне, сонсоң, мырзаның ұпайы түгел.
Жанақ. Мырзаның өзіне жөні келмеген бе?
Әбікен. Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын.
Жанақ. Шіркіндер осы шаңырақтан болыстықты әкетуге құдайдан қорықсаңшы!
Әбікен. Тасқараға құдайыңнан бір шыбыш артық.
Жанақ. Әй, түбі солар әруаққа шет болады. Тәтікем шаңырағы ойнайтын шаңырақ емес!
Әбікен. Қолыма дос тисе, шаңырағың шарт сынар еді. Не керек...
Жанақ. Тек, антұрған. Зәурені қимаймын дейтінің қайда?
Әбікен. Қыз жөніне кетеді. Сонан соңғысының енесін ұрам ба!
Жанақ. Қояйық. Екеуміздің былшылымыз бітпес. Апанға бір із барыпты.
Әбікен. Қойшы!
Жанақ. Кім болды екен, ә!
Әбікен. Комсомолдар шығар, тағы да.
Жанақ. Онда бір ылаң дайын десеңші.
Әбікен. Мейлі!
Жанақ. Көз байланысымен ол арадан әкету керек.
Әбікен. Жарасты ғой, жата берсін.
Жанақ. Ұрлап кетсе қайтесің. (Жақып пен Зәуре кіреді.)
Жақып. Бара тұрыңдар! (Әбікен мен Жанақ шығады.) Ал, қарағым, міне құдалар келе жатыр. Құлан құдыққа жығылып, құлағында бақа ойнады. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды. Аға жалғыз сенікі емес, ел ағасы еді. Біз жанды ортаға салдық, сен не айтасың? Дәл қазір айт. Осыны біліп кел, ақтық сөзін алып кел деп жіберді мырза.
Зәуре. Теңгедей мөрге туыстарыңызды сатуға ұялмайсыздар ма?
Жақып. Шырағым, әйтеуір, жат үшін жаралған баласың, несі ұят оның.
Зәуре. Әрі мөрден, әрі менен айрылып қалмаңыздар.
Жақып. Жоқ, мөрді басқаға жібермеске айланы жасап бақтық. Кедей десе мен түсем шарға, Төмен ата, нәшәндіктің досы десе Мырзакәрім дайын. Әйтпесе, мырзаның өзін салармыз. Бұл үш таған мықты тұрса, еншалла мөр қолдан кетпейді. Осыған нан жеп, тұз жаластық. Егер, сен шалқайсаң бәрі бүлінді.
Зәуре. Болыстықтан өзге адамшылық жоқ осы?
Жақып. Қарағым - ау, одан артық адамшылық бола ма?
Зәуре. Билей беріңіздер ендеше.
Жақып. Айналайын ақылыңнан, ақылыңнан. (Қали мен Орынбасар кіреді. Зәуре мен Жақып шығып кетеді.)
Орынбасар. Қалеке, бұлт тым қоюланып кетті. Байқаңыз.
Қали. О, шірік ит, маған десе боран соқсын. Бет бұрма!
Орынбасар. Бетті жұлып әкетпей ме?
Қали. Шешең тұзбен сыламап па еді.
Орынбасар. Шырылдап жатып соны кім байқаған?
Қали. Болар бала іште жатып та бірдемені сезеді.
Орынбасар. Ойпыр-ай, онда, атайдың да бірдемелерін сезіп жаттыңыз - ау, ә!
Қали (күліп, құлағын бұрап). Иттің күшігі, адам болады түбінде.
Орынбасар. Адам болудан әйел болу қиын боп тұр.
Қали. Жүрексінбе, болып тұрсын. Көзіңмен көбірек ойна бірақ. Дауысың онша келіңкіремейді.
Орынбасар. Кәне, тағы бір байқайықшы. (Екеуі көз қысысып, қабақ қағысып ойнап тұрады. Сыртта даурыққан дауыстар естіледі.)
Қали. Келіп қалды! Сен отыр. Мен қыр көрсетіп, сенделе берейін. Дауыстар:
— Кіріңіз, Тасеке, кіріңіз!
— Шоқпарбай кірсін, жолы үлкен.
— Кіре беріңіз, Тасеке.
— Жүр Шоқпарбай, алдын баста!
(Тасқара, Шоқбарбай, Ырысбала, Мырзакерім, Бәкен, олардың соңын ала Жантөбет, Ақкүшік, Жақып, тағы бірнеше ауыл адамдары енеді. Бәрі де Қалиға жалпыштана амандасып жатыр. Ырысбала келгеннен - ақ Шоқпарбай мен Орынбасардың көзін аңдып, қызғаныштың өрескел түрін көрсетеді. Мырзакәрім де Орынбасарға ынтығып өліп отыр. Ауыз жақта бір тегене қымызға арақ қосып, Жақып Бәкеннің алдына әкеп қояды. Әңгіме қымыз үстінде басталады.)
Тасқара. Деген шал жығар екен.
Қали. Жастың да аузын қисайтар.
Тасқара. Мен Тасқара деген шалмын, шырағым. Естіген шығарсын, нәшәндік біздің үйде болған.
Қали. Естіп жатырмын. Қайырлы болсын. Атына тұлғасы, тұлғасына дәулеті сай, құт сасыған қарт екенсіз.
Тасқара. Әмин. Айтқаның келсін, шырағым. Текті жерден шыққан боларсың-ау сірә?
Қали. Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағымын.
Тасқара. Садағаң кетейін кәрі әруақ әлі жебеп келеді екен.
Қали. Мына кісілермен таныстырмайсыз ба?
Тасқара. Анау Мырзакәрім деген балам. Мынау, тумаса да туғандай Шоқпарбай деген балам. Басқа кемтарлаумыз.
Қали. Шүкірлік етіңіз, осы екеуі аман болса да аулыңыздан ат, алдыңыздан сөз кетірмес.
Тасқара. Әмин.
Қали. Мынау ақсақалдар кім болады?
Тасқара. Анау отырған осы ауылдың Ақкүшік деген ақсақалы. Менімен түйедей құрдас.
Қали. Құрдастықпен айтасыз да, кәртайғанша күшік бола ма ол кісі.
Тасқаpa (қарқ-қарқ күліп). Шын аты антұрғанның. Мына кісі ендеше Жантөбет деген ақсақал.
Қали. Ол кісіге дау жоқ.
Тасқара. Үшеумізді де совет байы дейді жұрт. Төмен атамыз. Сонсоң ғой әлгі нәшәндіктің де жылы қарап жүргені.
Ақкүшік. Мені арқаға қақты нәшәндік.
Қали. Біздің жиен бай атаулыға қас еді, жібіген екен әйтеуір.
Тасқара. Қапелімде мені де тықсырды – ау!..
Мырзакәрім. Біздің әкей сәпсім сөз білмейді. Бүлдіргелі келеді.
Тасқара. Онда мен қойдым. Жастар өзді - өзің сөйлес! (Жантая кетеді. Жақып шынтағына жастық әкеп береді. Аздан соң Тасқара қорылдай бастайды.)
Мырзакәрім. Ұлық болған соң ызбар керек те. Түсінбей айтады құр.
Шоқпарбай. Қазақты қамшымен айдамаса жүре ме?
Мырзакәрім. Нетокм что жүру, басыңа секірер.
Шоқпарбай (қымызға қызып, Қалиды еліктеп жүре бастайды. Қолында кесе, кесені мылтықтың аузына тақап тұрып.) Іш қара мылтық! Бәрі сенің арқаң. Жетелеп Тәтидің төріне шығардың, аузыма ас, ауыма ат бердің. Қыз да, қызық та міне үйіріліп тұр. Іше ғой, қара құдайым, іше ғой.
Ақкүшік. Осы милиция үлкен бе болыс үлкен бе?
Шоқпарбай. Мынау үлкен.
Жантөбет. Мөр де осал емес-ау!
Мырзакәрім. Тоқ етерін айтқанда, екеуінен да мал мықты. Военный коммунизмді НЭП жеңіп тұрған жоқ па? Жапа-тармағай баю керек. Вот.
Ақкүшік. Оқыған шіркінге дауа бар ма? Бәрін біліп отыр.
Жантөбет. «Балталымен алыссаң да, қалталымен алыспа» демеуші ме еді бұрыннан.
Ақкүшік. Осы әлі мал-жан ортақ деген сөз не боп кетті?
Мырзакәрім. Жұрт тегіс байыса, малыңды кімнен қызғанасың.
Жантөбет. Сонда жан да ортаға түсе ме, балам?
Мырзакәрім. Социализм тұсында бәрі ортақ.
Жантөбет. Ортағы қиын екен.
Мырзакәрім. Түк қиыншылығы жоқ. Өкілдер ауыл-ауылға шығады да, әйел біткенді нөмірлейді. Сонан кейін бәрінің нөмірін қосып жіберіп араластырады. Мәселен, лотари ойнаған сияқты. Сонда қолыңызға қай әйелдің нөмірі келсе, соны алып жүре бересіз.
Ақкүшік. Ойпыр-ай, біздің кемпірдің нөмірі кімге шығар екен.
Тасқара (ұйқысырап). Мал, мал... Малымды... жанымды... Жо-жоқ, лайлақа-илла, лайлақа-илла. (Қолын көтеріп ұшып тұрады. Қали отырғызып, тамырын ұстайды.)
Мырзакәрім. Қап, бүлдірді - ау, шорт.
Қали. Елірмеңіз бар ма?
Тасқара. Аздан бері пайда болды, қарағым.
Қали. Қатты шошыған екенсіз. Ол енді түске кіріп маза бермейді. Қазір қораға шығыңыз да, жалаңаштанып сегіз шелек су құйыныңыз. Суық судан қалмайды.
Тасқара. Дұрыс, қарағым, дұрыс. Дуалы ауылдың баласы екенсің. (Жуынуға шығады.)
Жақып. Менің де бір шойырмам бар еді.
Қали. Келе ғой (тамырын ұстап), қан құян екен. Екі асық керек.
Жақып. Қазір. (Алып келеді.)
Қали. Тамырын үзбесе болмайды. (Жақыптың арқасын екі асықпен бұрап тұрады.)
Жақып. Ойбай - ойбай!.. Үзілген жоқ па?
Қали. Шор неме, болмай жатыр. Үзілсе шарт ете түседі.
Жақып. Шартылдады ма?
Қали. Шартылы жұрттың бәріне естіледі. (Әлденені шарт еткізіп) Әне, үзілді.
Көптің ішінен: Әлей екен.
— Дарыған ғой.
— Күләнданы да қолма-қол жазыпты.
Жақып. Болды ма енді?
Қали. Ұйыған ескі қанды таратып жіберу керек. Ет бетіңнен жат! Әбікен бері кел! Өкшеңмен езгілеші біраз. (Әбікен езгілеп жатады, қалшылдап - дірілдеп Тасқара енеді.)
Қали. Болды. Анау ақсақалды шымқап ора. Мынаның белін тоқ қылып таңып таста. (Әбікен орындайды. Тасқара мен Жақыптың түрі күлкі.)
Ырысбала. Тәйт әрі. Онысы несі ей!
Шоқпарбай. Не?
Ырысбала. Анау жаман Әбікен маған қарап көзін жырбың-жырбың еткізеді.
Шоқпарбай (атып тұрып). Кімді басынасың сен!?
Жақып. Мейманасы асып жүрген жігіт.
Шоқпарбай. Ариставайт ендеше!
Жақып. Жүр ей, жүр!. (Әбікен жүрмейді, әл бермейді.)
Ақкүшік. Сүйре, нәшәндік айтты сүйре! (Жүгіріп келіп сүйрей бастағанда, Әбікен теуіп жібереді, Ақкүшік шалқасынан түседі.)
Шоқпарбай (мылтығын қолына алып). Көнесің бе, жоқ па?!
Жанақ. Бұларың не?! Құда - күйеумен ойын-сауық ере келетін еді, сенімен ырыставайт ере келген бе?! Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал, шет болма әруаққа. Жүр, кім алар екен менің қолымнан. (Әбікеңді жетелеп алып кетеді. Шоқпарбай аңырып қалады. Терезеден мал аяғының дүрсілі, кісінеген жылқы дауысы естіледі. Есіктен Шадияр енеді.)
Шадияр. Сәлем баршаңызға. Комсомолдар бір байдың тізімнен жасырған елу жылқысын айдап кеп тұр.
Қали. Атын ғана аташы сол боржойдың.
Шадияр. Кімдікі екені мәлім емес.
Қали. Әттең дүние-ай! Тек, аты ғана керек еді маған.
Шадияр. Мүмкін, малынан білер осы көп.
Қали. Жүріңдер, көрелік! Табалық иесін. (Бәрі шығып кетеді. Тасқара ғана қалады.)
Тасқара (терезеден қарап, екі бүйірін таянып, іш құса боп сенделіп жүр). Жаратқан о жаратқан! Не жаздым? Бұдан да екі баланың бірінің күйігін тартсам еді.
Мырзакәрім (жүгіріп келіп). Жақ ашпа. Сыр білдірме.
Тасқара. Ішім толып барады!
Мырзакәрім. Жарылсаң да шыда. Иесін іздеп жатыр.
Тасқара. О, жаратқан, жанды қорғайын ба, малды қорғайын ба!
Мырзакәрім. Күдіренбе деймін. Елу қараны осы жолдың өзінде-ақ айдап қайтамын.
Тасқара. Ә, солай ма? Солай ма?
(Ырысбала жылап кіреді.)
Мырзакәрім. Сенікі не? Көзіңді сүрт албасты.
Ырысбала. Ішім ашып барады.
Мырзакәрім. Өшір үніңді, өшір!
Әбікен (жүгіріп кіріп.) Төсеке? Сіздің құлагер жүр ішінде.
Тасқара. Тәйт!
Әбікен. Құдай біледі, қараңызшы!
Мырзакәрім. Кет әй, кет! Біздің мал жоқ онда.
Әбікен. Ырысбала, сен айтшы, түк көрмейін сіздің құлагер...
Тасқара. Ойпыр-ай, мынау пәле болмаса игі еді!
Әбікен. Бәрің безсең өзім - ақ айтайын.
Мырзакәрім. Тоқта ей, тоқта. Бүлдіргелі барасың ғой. (Ақша береді.) Жап аузыңды. Құлагерге жуыма.
Әбікен. Мүрдем кетсін енді. (Шығып кетеді.)
Ақкүшік. Икемге келер емес, нәшәндіктің нағашысы қатайып апты.
Тасқара. Уһ, жиені өзінен өткен еді.
Ақкүшік. Тартқан ғой.
Тасқара. Уһ! Уһ!..
Ақкүшік (қалтасынан ақша алып, Тасқараның қалтасына салады). Ағайынның ағайындығы осындайда. Боқайдың мойнында кеткен бір қараны сенен аяймын ба?
Жантөбет (бұ да ақша беріп). Маржан өлтірген бір түйені сен өлтір!
Тасқара. Құдай осы бергенін алып кетпесе, екеуінен де суларыңды сүт қылып өндіртермін. Ырзамын, ағайын. Ойсырап қалдым, ойсырап. (Даладағылар үйге енеді тегіс.)
Қали. Болыс, милиция, комсомол — төрт көзің түгел отыр. Мен Қалисан адам. Жиенге тек көргенімді айтып барам. Ал, не істеу керек бұл малды? (Ешкім жақ ашпайды.)
Шадияр. Мал иесі табылмады ғой. Иесіз мал деп акт жасаймыз да.
Қали. Бұл маңдағы байдың жылқысына ұсамай ма?
Мырзакәрім. Сәпсім ұсамайды.
Шоқпарбай.
Жантөбет ұқсамайды, ұқсамайды...
Қали Төсекте, сіз неге үндемейсіз?
Тасқара. Ауып келген мал, шырағым.
Қали. Милиция жолдас қағазыңды жасай бер енді.
Шоқпарбай. Жаз, Мырзакәрім.
Мырзакәpiм. Комсомол хатшысы отыр ғой.
Шадияр. Мен - ақ жазайын. (Жаза бастайды.)
Бәкен. Кедейдің аузы мұндай салымды болар ма? Ал, осы маңның кедейіне үлестіріп берейік, пышақ үстінен.
Шадияр. Кейін қайтып алып қояды байлар. Кімге берсе де қазына берсін! Қазынаға түсірейік.
Бәкен. Комсомолдар қырын тартады естіп.
Мырзакәрім. Лағып кетеді.
Тасқара. Ортаға келген олжаны жатқа жібермеңдер, балалар.
Бәкен. Шоқпарбай біледі ендігісін.
Шоқпарбай. Кедейлерге бөліп берем.
Шадияр. Жоқ, бұл бөлінбейтін мал.
Ақкүшік. Әй, молда, нәшәндік пен болысқа көнбей отырмысың! О, сорың құрғыр.
Жақып. Оның сөзін не қыласың, Шоқпарбай, үлестіре берейік те.
Шоқпарбай. Қайдасың кедейлер, жүр. (Жұрт дүрлігіп орнынан тұрады).
Ақкүшік. Менің де бір кедей жиенім бар. Сыбағасын маған бер!
Тасқара. Біздің жақтың кедейіне мен үлестірейін. (Есік жақта жәшік көтеріп, ыңқылдаған комсомолдардың дауысы естіледі.)
— Жол беріңдер!
— Тағы бір олжа келеді.
Шадияр. Бұл не, бұл не, өй, жігіттер?
І - комсомол бір байдың апанға тыққан мүлкі екен, үстінен түстік.
Қали. Атын ғана аташы!
II - комсомол. Жасырған мүлікке атын жаза ма ол қулар.
Қали. Ащы, көрейік. (Бәрі үймелеп көріп жатады.) Ой - бой, қыруар дүние екен өзі.
Ақкүшік (Бәкеңді етегінен тартып). Масқара - ау, сіздің үйдікі емес пе?
Бәкен. Жо-жо-жоқ.
Ақкүшік. Құдай ақына сіздікі.
Бәкен. Жап аузыңды!
Жанақ (Күләнда құлағына сыбырлай есіктен енгізіп жіберді). Комсомол дегендер шыққан екен! Бәрін қорықсаң қойып бер маған. Тұр былай!.. (Комсомолдарды итеріп, топты жайпап жіберіп, жәшіктің аузын шарт жабады да, білегін сыбанып үстіне отырып алады.) Кәне, келші көрейін! Қан болмай алып көрші! Тақалып көрші, бірің! Өлдім ғой әбден. Бірін бір, екісін екі! Елу жылқы тар келді ме тақияңа! Не атаңның құны бар осынша!..
III - комсомол. Өз мүлкіндей боп отыр.
Жанақ. Оттама! Өзің комсомол, өзің көже ішесің, менен нең артық!
Шадияр. Жәке, ашуланба, сөзге кел!
Жанақ. Сөйлеспеймін. Қандаспай бермеймін!
Шадияр. Осыңды үлкен нәшәндікке айтсам қайтесің?
Жанақ. Бар! Шауып ал менің тобымды! (Жәшікті алып шығып кетеді.)
Бәкен. Бұл тентек жылқыға да жармасады.
Шоқпарбай. Жармасады, жармасады.
Тасқара. Әлгі неден тайынады.
Мырзакәрім. Ол өліспей бермейді.
Қали. Жә, болдыңдар ма жамырап! Ол бермесе, мен бердім. Қайтер екен десе, қайтіп барады өздері! Кім көлденең келер екен алдыма! Әй, комсомол, шап! Үлкен нәшәндіктің өзіне шап! Мен шақырады, тез келсін де!
Ақкүшік (Жантөбетті түртіп). Ноянын - ай! Пай - ай пай, көзін қарашы, көзін ойнақтауын!
Бәкен. Сізге не болды тарылып. Сөз әкеткен кім бар.
Тасқара. Нәшәндікті қозғама, қарағым. Екі торының өзгесі жоқ.
Шоқпарбай. Маған сіз де нәшәндік.
Мырзакәрім. Конешне, конешне.
Шадияр. Бір ашуыңызды беріңіз! Жақсылар қиылып отыр ғой.
Қали. Қол қойыңдар ендеше қағазға. (Бәрі жапырлап қол қояды. Қағазды бүктеп қалтасына салып алады.) Мал қазынаға түседі. Кімге берсе де қазына береді.
Бәрі бірден. Дұрыс - дұрыс!
Қали. Жастар, айда қазынаға. Қағазды алып түн қатып мен де жетем арттарыңнан. Жүр, көзіммен жөнелтейін. (Бәрі тысқа шығады... Үйде қалған Тасқара мен Ырысбала кетіп бара жатқан малды терезеден қарап, жылап тұрады.)
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ АКТ
1- КАРТИНА
Түн. Жарық ай. Ауыл жанындағы тоғай іші. Қали мен Орынбасар сөйлесіп тұр.
Қали. Шадияр мен Зәуреден түңілсе, маған шап ете түскелі тұр!
Қали. Зәурені қазір жіберем. Сендер де осы түннен қалмай кетесіңдер! Қимылда, сал барыңды! (Кетіп қалады. Аздан соң, Күләнда, Зәуре, Мырзакәрім кіреді.)
Күләнда. Қалқажан әкел қолыңды! Міне құдай қосқан жолдасың. Оңаша барып, именбей сөйлесіңдер, шүйіркелесіңдер! Мырзакәрім сен, баурасаңшы, былай - былай! Қызға еркін қимылдамасаң, қылымен береді. Ал, барыңдар! (Екеуі тоғай арасына кетеді.)
Орынбасар. Жеңеше - ай, осындай оңашада ойнаған жүректен қызық бар ма екен?!
Күләнда (күрсініп). Қарағым - ай, қай-қайдағыны еске салмашы!
Орынбасар. Ағай сізді осылай, осылай қысты - ау бауырына!
Күләнда. Қой, қой деймін. Антұрған елтіп тұрсың ғой өзің. Керек болса жігіт тауып берейін. Әне, келе жатыр. Ұят болады, жібер!
Орынбасар. Өзі қашып келе ме біреуден? Артыңа қарай береді.
Күләнда. Ырысбаладан есебін тауып босанған ғой сорлы. Саған сөз айт деп маза бермей жүр.
Орынбасар. Оңаша қалдыр, жауабын өзім берейін. (Шоқпарбай келеді.)
Күләнда. Жақсы келдің Шоқпарбай. Мә, қолыңа бердім. Ендігісін өздерің білесін. (Кетіп қалады. Ырысбала аласұрып жүріп, Шоқпарбай мен Орынбасарды көреді де, талдың тасасында баспалап тұра қалады.)
Орынбасар. Сөйлеңіз!
Шоқпарбай. «Жас жастың тілеуі, жібектің түйіні бір».
Орынбасар. Я, солай деген сөз бар.
Шоқпарбай. Көзіңіз бірдеме айтқан секілді еді.
Орынбасар. Я, оның да жаны бар.
Шоқпарбай. Қызды көргенде сексендегі шал басын көтеріпті ғой.
Орынбасар. Қыз сонда сылқ-сылқ күліпті ғой. Ха-ха-ха... (Күле береді.)
Ырысбала. Қаншықтың күлкісін қарашы! Сайқалын. Анау мүлде елтіп барады. Жақындасып барады тіпті... Енді не қалды!... Тотиғаным ба? Әй! (Ақырып, жетіп келеді қастарына.) Бетім - ау, нәшәндік басыңмен неғып тұрсың ыржыңдап?! (Шоқпарбай жөнеле береді. Ырысбала ере кетеді, екі көзі артында, қасқырша қарап барады. Мына жақтан Зәуре мен Мырзакәрім қайтады.)
Мырзакәрім. Мен оныңа сәпсім қарсымын, жолдас. Осы жолы тоқ етерін істеу керек.
Зәуре. Сіздің қарсылығыңыз қажет емес.
Мырзакәрім. Өзің маған тиесін бе, жоқ па, соны айтшы!?
Зәуре. Сыпайырақ сөйлеуге болмас па екен?
Мырзакәрім. Жоқ, мен енді тура кетемін, вот!
Зәуре. Онда мен үйге кетем, вот! (Кетіп қалады.)
Орынбасар. Алтын басыңызды мыс етіп кетті-ау мына қыз.
Мырзакәрім. Ол қыз бас асауын әлі қоймапты. Осының қаруын қайтармасам, Мырзакәрім атанбай-ақ қояйын.
Орынбасар. Я, жетелі жігітке жетті. Сізді тіпті сыртыңыздан да оңдырып жүрген жоқ.
Мырзакәрім. Не дейді?
Орынбасар. Әңгүдік, нақұрыс немене деп отыр кеше. Бүгін дидарыңызды көріп қайран қалдым.
Мырзакәрім. Кәпір етейін, үстіне қатын алмасам, көзіне көк шыбын үймелетпесем!
Орынбасар. Тастап ала алмайсыз - ау сірә?
Мырзакәрім (күлімсіреп). Оны неге айттыңыз? Хатымды оқыдыңыз ба?
Орынбасар. Хат көргем жоқ.
Мырзакәрім. Ұлтарағыңыздың астын қараңызшы.
Орынбасар. Ұлтарақтың? (Қарап тауып алады.) Япыр-ай, тапқан екенсіз. Ұлтарақтың астына хат тыққанды көргенім осы.
Мырзакәрім. Оқыңыз.
Орынбасар. Мен хат танымаймын.
Мырзакәрім. Өзім оқып берейін.
Орынбасар. Көзіңіз көре ме?
Мырзакәрім. Көңіл кереді. (Оқиды.) «Ардақты қонақша жолдас».
Орынбасар. Қонақшаңыз қалай?
Мырзакәрім. Әйел қонақ, дегенім.
Орынбасар. Біреу еркек деді ме?
Мырзакәрім. Орысша кеткенім ғой.
Орынбасар. Ә, оқымыстылардың тілі ме? (Оқыған сайын буыны босап, ынтыға береді.)
Мырзакәрім. Сізге осы хат арқылы өзімнің жалынды жүрегімді лаулата отырып, тасыған махаббатқа тосқауыл қоймастан, жан-тәніммен құшырлана сүйемін. Сіздің шорнай глазыңыз қол бұлғап шақырып тұр мені. Красавица жолдас, алдында бас иген, ғашық отына күйген, бұл заманның Сәйпіл мәлігі Мырзакәрім құрбың Тасқара ұлы деп білесіз.
Орынбасар. Сүйей беріңізші.
Мырзакәрім. Шом дела, жолдас красавица?
Орынбасар. Сөзіңіз ыстық екен, балқып барам!
Мырзакәрім (Орынбасарды сүйеп тұрып). Жібітем деп жандырып алдым ба. Қар себейінші бетіне.
Орынбасар. Уһ, әлі қасымдасыз ба?
Мырзакәрім. Как жы, бұндайда тастап кетуге бола ма?
Орынбасар. Дариға, менің ішіме бір кіріп шықсаңыз, теріңіз сыпырылып түсер еді-ау. Лаулап тұр.
Мырзакәрім. Түсінем, жолдас красавица.
Орынбасар. Осындай ыстық сөз қай жеріңізден шыға береді?
Мырзакәрім. Бәрі бастан, оқудан шығады да.
Орынбасар. Қайда оқығансыз?
Мырзакәрім. Теректі поселкесінде өзіміздің Андрей деген тамырдан.
Орынбасар. Тамыр болса, құйын баққан ғой. Қанша оқыдыңыз?
Мырзакәрім. Табаны күректей он бір ай. Ортан қолдай бір ат бердім ақысына. Андрей сонда тақиясын алып тұрып шоқынды.
Орынбасар. Па-паһ! Әгәр он екі ай оқысаңыз қайтер еді?
Мырзакәрім. Андрейдің сонда берген көк кітабы, осы өңірде менен басқа бір қазақта жоқ. Ашып жіберсең ішінен бәрі табылады. Қазақтың торсығына дейін жазылыпты. Орысша торсук дейді оны.
Орынбасар. Бәрі бір кітапқа сиған, ә?
Мырзакәрім. Кітапқа сыя береді.
Орынбасар. Ол сіздің ішіңізге сиып тұр, ә?
Мырзакәрім. Түгел жатқа білем.
Орынбасар. Мен ғашық боп қалдым сізге. Көзі тостағандай, мұрнын қарашы, сасқан кісі ұстағандай. (Ұстап қояды.) Тұла бойыңда бір мін жоқ, өңім бе, осы түсім бе? Боламын да тұрамын жүндес үкі ұстағандай.
Мырзакәрім. Айттым Зәурені жолыңа!
Орынбасар. Рас па жаным, рас па?!
Мырзакәрім. Бекер айтсам мүрдем кетейін. (Былш-былш сүйіседі.)
Орынбасар. Ағай шақырған соң келем. Тегін шақырмаған болар. Басты шырмап қойса қайтеміз?
Мырзакәрім. Я, ол кісі біреуге сөз беріп қойса қиын.
Орынбасар. Соны естімей тұрып қимылдасақ, кінәлай ма бізді?
Мырзакәрім. Табылған ақыл. Қыз алып қашқан кінә емес.
Орынбасар. Онда бүгін түннен қалмай кету керек.
Мырзакәрім. Қайда кетеміз сонда?
Орынбасар. Моншақты поселкесінде ағайдың тамыры бар, сонда жатамыз.
Мырзакәрім. Бәрекелді. Бәрі оңынан келіп тұр екен. Нағашы біле ме?
Орынбасар. Сезеді.
Мырзакәрім. Ал, мен ат қамдаймын.
Орынбасар. Осы арадан табысармыз. (Мырзакәрім кетеді. Орынбасар қалады. Қали мен Шадияр кіреді. Шадиярдың қамшысы қолында, біржола шыққан беті.)
Қали. Сөз пісті ме?
Орынбасар. Піскенде қандай?
Шадияр (орынбасарды арқаға қағып). Сіздермен өткізген осы үш күнді не деп атауға болар екен?
Қали. Оны жұрт айтар.
Шадияр. Дариға, жұртқа осыны кім айтар!
Қали. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге өзінен өзі тарайды.
Шадияр. Ендеше бір ғана күдігім қалды. Қалаға келуге көндіңіз. Келуін неге кейін қалдырасыз?
Қали. Біраз өзіме - өзім келіп, қабырғама кеңеспейін бе?
Шадияр. Дәл сол кеңесіңізден қорқам. Ауыл сізді етегіңізден мықтап басып жатыр. Тіл алсаңыз, бізбен бірге жүріңіз қалаға. Жүріңіз, інілік, жолдастық қолқам болсын осы.
Қали. Ауыл арасындағы болмашы көңіл ашарға үлкен қала езу жимаса қайда қалам?
Шадияр. Бекер жасқанасыз. Орыс жұртының өршіген сахна мәдениеті өзіңіз секілді Скоморохи дегендерден басталған. Біздің үлкен сахнамыз ашылатын күн алыс емес. Осы күнгі Нардомдардың өзінде, ауылда ай бойы көрсеткеніңізді бір-ақ көрсетіп шығуға болады. Мен кісі танысам, сіз ауыл арнасына сыймай жүрсіз. Үлкен қала, кең сахна, қалың топ арқылы бүкіл қазақ әлемін қамтуға талаптану керек. Талаптансаңыз жетіп тұрсыз.
Қали. Малға кедей болсам да, талап бар еді. Кешеден бері қақсап қоймадың шырақ, тәуекел, тарттым сол қалаңа.
Шадияр (қолын ұстап). Ырзамын, ырзамын аға.
Орынбасар. Қалеке - ay, тіпті ауылға соқпай кетпексіз бе?
Қали. Шымылдығың желбіреп тұр ма еді?
Орынбасар. Желбіреп тұр. Кең далада ақ бөкендей орғыған, көкорай шалғын, бәйшешек, сары қымыз, алма емшек қимаймын ауылды.
Қали. Жер ауып баратқандай болуын.
Шадияр. Үйкүшік болма!
Орынбасар. Ә-ә-әй! Ауыл жақсы ғой, Шадияр.
Қали. Пәйтік - шорту, қал ендеше. Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды.
Орынбасар. Ал! Ал! Кеттік, кеттік, Қалеке!
Қали. Е, бәсе! Адам бол сөйтіп.
Орынбасар. Әлі адам емес пе ем?
Қали. Ауызданбаған күшік тазы тәріздісің.
Орынбасар. Онда ересегі...
Қали. Жап - жап аузыңды! (Киініп жүруге бет алған Зәуре келеді.)
Шадияр. Зәуреш, мына кісілер бізбен бірге жүретін болды.
Зәуре. (қуанып). Қойшы! Мырзакәрімді қалаға дейін әкетейік онда.
Қали. Қайтеміз итті, салма қылып, былай шыға бере қалдырармыз. Бірақ, мен барғанша ештеме сездірмеңдер, өз қолыммен жайғайын.
Әбікен (талдың тасасынан көтеріліп). Ат дайын!
Қали. Ал, тұрмаңдар! Жолдарың болсын. Жаңа заманның жағасы болыңдар!
Зәуре. Қош алтын бесік ауылым. Алысқа қадам бастым. Жаңа жол таптым. Қош, қош! (Бәрі талдың тасасына түсіп кетеді. Қали, Орынбасар, Әбікен кешікпей қайта шығады.)
Әбікен (көзінің жасын сүртіп). Зәуре кеткен соң, бұл ауылдың енді сәні де кетті. Мен де кетем. Естідіңіздер ғой, кел деп кетті Зәуре.
Қали. Осы ауыл шетінен қашақ болғай - ақ та.
Әбікен. Бәрін бүлдірген өзің. Біресе нәшәндік, біресе нәшәндіктің нағашысы боп бүйідей тиген жоқпысың.
Қали. Үндеме, Мырзакәрімнің қашқан қызығын тағы көрсетем. (Үшеуі де сахнадан кетеді. Аз тым-тырыс. Шоқпарбай мен Мырзакәрім келеді.)
Мырзакәрім. Қарындасына ие болмаған өзінен көрсін! Мінезге мінез істедім, вот! Болыстықты енді өзі әкеп береді, вот!
Шоқпарбай. Оқығандық - ау, Мырзакәрім, қаршығадай іліп түстің ғой.
Мырзакәрім. Нәшәндіктің қарындасын үстіне алып, көзіне көк шыбын үймелету керек еді, біраз. Әттең, тығыл - таяң болды.
Шоқпарбай. Осы да жетер, Мырзакәрім тастап кетті дегеннің өзі неге тұрады. Келе жатыр. (Қали мен Орынбасар кіреді).
Қали. Ұялма, ұялма шырағым. Жарылмаған қауыным, орылмаған құрағым еді, өз қолымнан табыс етейін. Бағың ашылған жігіт екенсің, іздегеніңді дәл таптың.
Әбікен (тал тасасынан). Ат дайын.
Қали. Тұрмаңдар, жөнеліңдер!
Мырзакәрім. Теңімді таптым! Нәшәндікпен үй ішінен үй тіктім. Айттым. Боз - қасқа! (Жүріп кетеді. Мырзакәрімнің «Боз - қасқалаған дауысы естіліп тұрады.)
Қали. Осылар да ел биледі. Шіркін көңіл, әлі де ел билемек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі