(хикаят)
1836 жылдың күзі бітер шақта Неваның құярлығындағы Галера ірплының тұсына келіп, бір итальян кемесі зәкір тастады. Ол Ливорнадан шыққан кеме еді.
Алғашқы қар себелеп тұрған. Ол егеудей желкендерге тиіп, жентектеліп жерге түсіп жатса, желкен бауларына күміс тозаң болып жабыса берді. Қарға малынып, шамдар жарығына шомылып тұрған кеме ымырт әлетінде, тіпті, өз матростарына да әрі әсем, әрі жеңіл болып көрінеді.
Кеме аса сирек жүкті — сол кездері Римде тұрып жатқан орыс суретшілерінің соңғы суреттерін әкелген еді. Брюллов пен Брунидің полотнолары, Кипренскийдің портреттері мен Иорданның гравюлолары мұқият оралып, бос каютаға реттеліп қойылыпты.
Кеменің осында келер күнін Петербордың живописке құмар қауымы көптен сарғая күтіп жүрген. Бірінші болып айлаққа жазушы Нестор Кукольник келді. Ол плащы мен қалпағынан дымқыл қарды қағып тастап, капитанның каютасына кірді.
Қара үстел үстіндегі шырақ дірілдеп тұр екен. Шаң-тозаң басқан әйнек ваза ішіндегі бірнеше апельсинге оның жарығы түсіп тұрды.
Капитан апельсин жеп отырған. Иісі бұрқыраған жеміс шырыны оның саусағынан ағып-тамып жатыр. Кукольник мырс етіп, бір күліп: — Ақырында осы арадан — Петербордан да, итальян ауасын сезетін болдық қой әйтеуір, — деді жайымен.
Капитан түсініксіз бірдеңені айтып күбірледі де, апельсинін жеп отырып, үстел суырмасын аша берді. Оның ішінде умаждалған ескі географиялық және ойын карталарының арасында бір хат жатыр екен. Капитан сол хатты алып, Кукольникке ұсынды. Кукольник хат конвертін ашып, оқи бастады.
"Қыркүйектің аяқ кезінде, — деп, Кукольник хатты оқи бастады, —
Орест Кипренскпй қатты сырқаттанып қалды, дәрігерлердің ем-домы арқасында аурудан тәуір болып, сыртқа шыға бастап еді, бірақ қайтадан суық тиіп, төсек тартып жатып қалды. Суретші содан қайтып тұра алмады. Ол осында, Римде, өткен қазанның үші күні қайтыс болды".
Кукольник орнынан тұрды.
— Сіз аса ауыр хабар әкелдіңіз, — деді ол капитанға лепіріңкірей сөйлеп. — Римде біздің ғасырымыздың аса ұлы суретшілерінің бірі, менің отандасым — Орест Кипренский қайтыс болыпты.
Капитан жауап қатпады. Ол апельсиндерді іріктеп отыр еді. Жоғарыда, палуба үстінде, матростар дабырласып жатты. Петербордың құлазып қалған көшелері мен сарайларын жауып жатқан қалың қардан итальян тілі айрықша әуезді болып естіледі екен.
Капитан апельсиннің ең бір үлкенін таңдап, он алақанымен атып жіберіп, қағып ала қойды.
— Мә, мынаны алыңыз, — деді ол күліп. Ақсия күлгенде түнерген жүзі жайнап сала берді. — Италияда апельсиндер мен суретшілер мәңгі-бақи өсіп-пісіп, жетіле береді.
Кукольник қоштасып, сыртқа шықты. Ол апельсинді плащының қалтасына сала салды, жолай оның салмағы мен иісін анық сезіп келе жатты.
Кукольник бет-аузын шайпау желден көлегейлеп, асықпай баяу басып келе жатып, тек Италияда ғана емес, Петерборда да суретшілердің тууы ешқашан тоқтамас деп ойлады. Miнe, сүйкімді сиқыршы Орест қайтыс болды, ал, бірақ Брюллов, Иванов пен Уткин тірі ғой.Жасыл, сары, сұрғылт түспен боялған Петербор үйлері кәрленнен жасалған сияқты болып көрінеді. Шамдар жарығы ежелгі заман үлгісімен салынған үй фронтондарында дірілдеп тұр.
— Саздақтар мен теріскей орманы арасындағы Ұлы Рим ғой бұл! — деп ойлады Кукольник Петербор туралы. — Оппа қар мен қараңғы түн құшағындағы Ұлы Рим. Оның тағдыр-талайы таңғажайып болады әлі.
Осы ойдан жаны жай тапқандай.
Кипренскийдің қазасына бірде-бір газет, не бірде-бір журнал ләм деп үн қатпады. Кукольник бұған аң-таң. Осындай шын шебер көз жұмғанда жұртшылықтың үн-түнсіз қалған себебіне түсіне алмай, басы қатты.
Кипренский қайтыс болғаннан кейін, араға ай салып, Кукольник әзер дегенде "Көркемөнер" газетіне бірнеше жол қайғылы хабар бастырды.
"Ойламаған жерде, — деп жазды ол, — Ресейдің жарқын да әйгілі суретшілерінің бірінен айырылған бұл қаза — Орест Кипренскийдің қазасы мерзімді басылымдар бетінен орын таппай, қатты жел айдаған бұлт көлеңкесі тәрізді сырғып өте шықты. Кипренскийдің ақырғы күндері жайлы қауесет-хабардың теріскей астанасына там-тұмдап жеткені де рас — бірақ атақты кісі табытының басы-қасында тұрған газеттер оған әдеттегі азалы бірер сөзін қимағаны қалай? Даңқты суретшіге ең соңғы құрмет көрсетілмегені несі? Неліктен? Оны біле бермейміз, бірақ кезінде оның себебі де белгілі болар әлі".
Оның себебі оңайда жатқан. Со кездегі Николай Ресейіне Федотов пен Пушкин, Рылеев пен Лермонтов, Гоголь мен Иванов қалай қажет болмаса, Кипренский де тап солай қажет емес-ті.
Кипренскийдің өмірі қысқа болды. Ол жақсы да жаркын басталғанымен, мәнсіз де қайғылы аяқталды. Ресей оны алқымынан қылқындыра ұстап, суретші қашан дәулеттілер алдында, патша мен Бенкендорф алдында тізе бүккенше, желкесінен тұқыртып баса берді, баса берді. Сонымен азамат Кипренский маскүнемдікке салынып, қор болып, өлерінен көп бұрын, жүрер жолынан адасып, азып-тозып суретші Кипренский өліп кеткен болатын.
Итальян апельсині Кукольниктің жазу үстелінің үстінде ұзақ жатты. Ол көне кітаптар иісі мен шырағдандардың әлсіз ыс иісі сіңген бөлме ауасын жұмсартып, жанартып тұрар еді.
Кукольник сол апельсинді аялап сақтай жүріп, әрдайым ілгері кезде, осыдан бес жыл бұрын, апельсин жайлы Кипренский айтқан бір әңгімені есіне түсіріп, жазып қойған, бірақ дағдылы әдетіне басып, со жазғанын живопись туралы аткөпір ойлары мен аяқталмай қалған өлеңдері арасына тастап, жоғалтып алған-ды.
Әлі есімде, Кипренский өзінің балалық шағын сөз еткен. Ол соны айтқысы келмей әзер айтқан. Оның балалық шағы Ораниенбаум түбіндегі бір мүйісте өтеді. "Ораниенбаум" немісше "Қызылсары" немесе "Апельсин ағашы" деген сөз.
Елизавета заманынан қалған қарттар осы аттың бұ жерге тегіннен-тегін берілмегенін айтып отыратын. Ораниенбаумның негізін қалаған кісі Меньшиковтің кезінде сол арадағы сарайдың жылы-жайында апельсиндер толықсып піседі екен. Тіпті Ораниенбаум елтаңбасының өзіне апельсин ағашы түбінде піскен жемістері шашылып жатқан күміс алаң бейнеленеді екен.
Елизавета заманынан қалған шалдар деп отырғанымыз Ораниенбаумдағы теңіз ғибадатханасының матростары еді, бала Кипренскийдің бірінші ұстаздары да, оқытушылары да солар болатын. Жұрт оларды "суыр" деп атайтын. Олар күллі уақытын бапты да баяу әңгіме-сөзбен, ұйқымен өткізетін.
Олар күзет кемелеріне тосыннан келіп соғатын дауыл жайын, өкірген толқындар мен сықырлаған құрал-жабдықтар жайын бәрімен көбірек сөз ететін. Олардың ұзын-сонар әңгімесінен кейін күллі жер үсті құтырынған суық дауыл мен будақтаған ауыр бұлттарға, азынаған желге, күркіреген күл мен жауын-шашынға толып кеткендей болып көрінетін. Кәрі матростар дауылды тап өздері тудыратыңдай-ақ соларды мақтан тұтып, лепіріп отыратын.
Олардың қорқынышты әңгіме-сөздері айналаны қоршаған табиғатқа сай еді, — Фин шығанағының батпақты-сазды жағалауы үстінде ақшыл аспан төңкеріліп тұратын да, күз бен қыстың көңілсіз күңгірт күндері кісіні жалықтырып жіберетін.
Шыдамсыз сергек бала — Кипренский өмір бойы ештеңеге шыдамай дызақтап еткен қызба кісі болған — шығанақ суына ақшыл алтын нұрын төгіп, салтанатты сарайлар бауларының жасыл жапырақтарына соның жарық шұғыласы құбылып ойнап тұратын жаз күндерін асыға күтеді.
Жазда матростар сүйретіліп күн шуағына шығады. Олар жамырай шулаған ағаштарға, имене сайраған кұстарға қарап, тіссіз ауыздары ырсиып. күле бастайды. Енді матростардың әңгімелері де өзгеріп сала береді. Олардың ұдайы тұнжырап тұратын жайсыз күндері арасынан бір қысқа, тамылжыған тыныштық сәттері де кездесетін болады. Матростар Италияны есіне түсіріп, түскей жақтың теңіздерін шатыстырып айта бастайды. Олардың күңгірт зейін-зердесі матростар қызметінде жүрген ауыр да ұзақ жылдар қатпарынан, қалың тұманнан, кәріліктің жанары жасып, көмескі тартқан шіркеу пердесінен әзер өтіп, уһ дегенде, зәйтүн тоғайлары арасында шаңқай түс жарығы мен күмбірлеген қоңыраулар үніне малынып тұрған ғажайып бір елдерге тап болар еді.
Теңізшілердің қаптай жауған қара жауын мен дауылдап кейіи, біздерді мамыражай тыныш айлақтар күтіп тұрады деген берік сенімі матростардың осынау жазғы әңгімелерінен анық байқалып тұрар еді.
Бригадир Дьяконовтың көлденеңнен тапқан асыранды баласы, әкесі өз қолынан басыбайлы шаруасы Адам Швальбенің тәрбиесіне берген бала — Кипренский қаршадайынан өз бетімен жүріп, емін-еркін өсті. Ол ұзақ уақыт матростар сөзін мүлги тыңдап отыра берер еді немесе үйінен Ораниенбаум бауы ішіне қашып кетіп, күзетшілер мен бағбандарға көрінбей, тығылып жатар еді.
Бұ баулар арық-жармаларымен әйгілі болған. Көктем күндерінде со жармаларға гүл жарған сирень бұталарының бейнесі түсіп тұратын. Мәрмәр мүсіндер шабағы шоршып жатқан салқын тоғандардың жасыл суына сүзіле қарап тұрар еді.
Тірі жан көрінбей, құлазып қалған Ораниенбаумнан бала қатты қорқатын.
Растрелли салған театр мен сарай қаңырап бос қалғалы қашан. Серуен тау жотасынан көп жылдар бойына шаттық күймесінің салдыры бір рет те естіліп көрген емес. Қалыңдап, қаулай ескен бау сол шұрайлы, шүйгін күйінде мүлгіп, қатып қалғандай. Сарайдағы шар айналардан тірі жанның қарасы көрінбейді, қаңыраған салқын залдардан көп жылдар бойына басқан аяқтың тықыры, император Павел тұсындағы әскери музыка әуені естілмейді.
Бала осынау залдарды ойынан шығарылған батырлар мен сұлу әйелдерге толтырып жібереді. Ол мұны өзгеше құштарлықпен жасайды және солардың өмірде бар екеніне кәміл сенеді.
Хош, сонымен Кипренский бала күнінен-ақ арман-қиялға әбден бой алдырған еді. Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін баланың бір кездегі қаһармандық арман-қиялы оның көп еңбегіне айрықша ажар-көрік беріп, тартымды етіп көрсететін еді. Бұл — Кипренский басыбайлы қолбаладан суретшіге айналып. оның "Сиқырлы қылқаламын" күллі Еуропа сөз ете бастаған жылдары болған еді.
Ораниенбаумда жүргенде Кипренский кейде гренадердің ала-жолақ күркесінің қасынан ұрланып өтіп, Сарайдың өзіне дейін баратын. Бала террасаға абайлап шығып, есіктің салқын әйнегіне маңдайын төсеп, қашан көзі талып, қарауытып кеткенше, зал ішінде ілулі тұрған портреттерге қараудан бір жалықпайтын.
Сол портреттерде корольдер мен императорлар оқ-дәрінің бұрқыраған сары түтіні арасында аспай-саспай шауып бара жатады. Мортирлердің жалтылдаған күрең оттары солардың кесек те тәкаппар жүздеріне жарығын түсіреді. Көксауыттар жалтырайды. Шет-шетін ауыр алтын көсектер кесіп тастаған жауын бұлттары аясында әскери байрақтар желбірейді.
Кипренский үйге келгесін сол портреттерді жатқа салады, ал, ақ көңіл Адам Швальбе осынау суреттерді баладан жасырып, өз мырзасы Дьяконовке апарып көрсетеді. Суреттер келістіре салынған еді. Сол себепті де Дьяконов бармақтай баланы Көркем сурет Академиясына бермекке бел байлайды.
Кипренский Дьяконовтың баласы болғанымен, қазына қағазында оның әкесі IIIвальбе деп жазылған еді. Бала жарық дүниеге келмей жатып, Дьяконов Швальбеге сен асырап ал, шоқындыру кезінде оған Копорекий ата-тегін бер деп әмір еткен болатын — бұл тек баланың туған жері, Ораниенбаум маңындағы Копорье қалашығынан алынған-ды. Академняға келіп түскенге дейін Кипренский осы ата-текпен жүрген.
Академияда оның ата-тегін Кнпренскинге ауыстырады. Ол кездері "заңсыз" туған баланың ата-тегін жөн-жосықсыз ойдан шығарып немесе өзгертіп қоя беруіне болатын. Бұл ешкімге ерсі көрінген емес.
Кипренскийдің балалық шағы мен бүкіл жасөспірім бозбала шағы Көркемсурет Академиясында өтті.
"Суырлардың" қара дауыл жайлы әңгімелері, Сарай баулары мен күңгірт портреттер өмір бойы ұмытылмастай болып, Кипренскийдің жадында жатталып қалады.
Өзінің жел-дауылды, найзағайды, бұлыңғыр күнді айрықша айшықтап, айғақтап көрсететіні үшін, бәлкім, ол кәрі матростарға қарыздар шығар, кім білген?
Бұл — Еуропа аспанында романтика желі сарнап соғып тұрған Француз революциясының дүбірлі дәурені болатын.
Арайлы шұғыланы, жел-дауыл мен күркіреген күнді өлеңіне өзек еткен ақ құба ақындар достық ғанибетің, дегдар жүрек пен ақ көңілдің арынын, азаттық пен ерлікті ерекше шабытпен жырлап жатты. Наполеон солдаттары жеңіс даңқын, революциялық декреттерді. Жыртылған тулар сусылын ең алыс түкпірдегі қала-қыстақтарға дейін жеткізе бастады. Дүр сілкінген уақыт кісінің ақыл-ойын он сегізінші ғасырдың тоқмейіл тоқырауы мен бәлсіне қылымсуынан ада-жұда арылтуға кіріскен еді.
Академияда оқып жүрген кезде Кипренский романтикаға әбден беріліп кеткен еді. Ол оны кез келген жердей іздейтін. Гипстен жасалған Зевстер мен Афродиталар суретін көшіріп саламын деп, сыныпта ұзақ отырып, шаршап қалған Кипренский сабақтап кейін Нева жағалауына кетіп қалатын, өзен бойым кезіп жүріп ол белгісіз бір ақынның өлеңін дауыстап оқитын:
Тұлдыр бақты тұнжыраған түн басып,
Ысқырды жел, ышқынды жел қырды асып.
Жалын мүжіп, жара басқан жас жүрек
Таң атқанша тыпыршиды мұң басып.
Тағдыр мені талақ етті, жарандар!
Күңіренген түнгі аспанға қараңдар.
Қара бұлттай хақ қылышы боздақты
Қыршынынан қиғалы тұр, не амал бар!
Осы өлеңнен Кипренский көзіне жас алады. Бұл өлеңде оның қаршадайынан жақсы көретін нәрселерінің бәрі: ескі бау мен суық жел, түнгі бұлт пен нәзік жүректің бәрі де бар. Сосын жүре келе, дүлей табиғат пен адамның тынымсыз жүрегіне деген суретші махаббаты уақыт әсерімен шыңдалып, күшейе түсті.
"Теңселіп билеп тұрған қара ағаштар сая жолы жиі-жиі менің көз алдыма келіп тұра қалады. Жер тас болып қатып, осы уақытқа дейін үрейленіп жатқан тәрізді", — деп жазды Кипренский кейінірек.
Кипренскийдің жасөспірім кезінде салған портреттерінің бәрінде түгелдей тебіренген адамдар артыңда, ақындар мен жауынгерлердің, қайғылы әйелдердің ту сыртыңда түнерген аспап тұратыны тегін емес. Алыста күркіреген күн мен енді-енді жауғалы тұрған қара нөсер тынысы әлгі адамдар жүзін еркінен тыс қуартып жіберетін тәрізді.
Осы бір жанға жақын, сүйкімді де түсініксіз адамдар, Байрон жырға қосқан жерлерден, ақылды әңгіме-дүкенін құрып, құмарлық отына күйіп-жанатын қызулы жүректер, бұ жалғанды жандандырып-жасартып жіберетін ғажайып елден, кемемен Нева жағасына әлгіде ғана келіп түскен жолаушылар сияқты сезіледі.
Кипренскийдің Академиядағы ұстаздары Угрюмов пен Дойен живописті іңкәр көңілмен қатты қастерлейтін болған. Олар шәкірттерінен суретті көзді жұмып тұрып сала беруге машықтануды талап еткен.
Дойен Академия түлектерін кенепке бояу жаққанда қылқаламның, ізі тіпті күнтартқышпен қарағанның өзінде көрінбейтін болып жағылуға тиіс деп үйреткен. Картинаның беті тазартылған сүйектей жылтырап тұрмақ керек. Тек осыдан кейін ғана Дойен жас суретшілерге қылқаламды құлашты кең тастап, емін-еркін пайдалануға рұқсат етеді екен.
Шәкірттердің бар уақыты түгелдей сурет салумен өтеді. Хирург қандауырмен қалай дәлме-дәл жұмыс істейтін болса, Кипренский де қаламды тап солай дәлме-дәл қолдануды үйренеді. Кітап оқуға уақыты мүлде жетпейді.
Ол кезде суретші атаулының бәрі, Екатерина заманы бекзаттары мен ханымдарының портреттерін салған, ақ көңіл де мәттақам украин Левицкийдей болсақ деп армандайтын.
Солардың бәрі әлгі суретші картиналарының жүрекке жып-жылы болып қона кететін ажарын, арайлы бояуын айнытпай түсіруге талпынатын. Жас суретшілер осынау алтын шырайды кез келген жерден — батар күннің шапағы еденге қиғаш сәулесін түсірер шақтағы, Академияның шаң-тозаң басқан сыныптарынан, жарқыраған күмбездер мен қола шамдалға түскен жарық құбылысынан, шырақ отынан жәудірей қалатын сұлулар көзінен іздеп тауып, бейнелеуге тырысып жататын.
Левнцкнйдің соңғы картиналарынан алтын шырай жоғалып кетеді. Оның орнын кәріліктің салқын бояуы — көк пен күрең бояу келіп басады.
Осыны тілге тиек етіп, Дойен шәкірттері алдында, кісі бояуды әр түрлі жасында — жас кезінде, кемеліне келіп толысқан шағы мен қартайғанда өзгеше сезініп-түйсінеді деп, тұтас бір дәріс оқиды.
— Жас жігіт алабажақ, айқын бояуға әуес, толысып тоқтасқан жігіт ағасына жылы да қанық бояу жарасады, ал, кәрілікке шал қолының сыртыңдағы білеуленген тамырлар түріне ұқсас көгіс, салқын бояу тән, — дейді Дойен өз көрегендігіне өзі таңдай қағып, тәнті болып. — Адамзат пайда болғаннан бері қарай, кісінің әрбір шағына лайық өз бояуы болып қана қоймайды, тіпті әрбір елдің, әрбір ғасырдың өзіне тән сүйкімді бояуы болады. Егер сіздер өз заманыңыздың суреткері болғыларыңыз келсе, со ғасыр адамдарының кескін-келбеті мен бояуын жатпай-тұрмай зерттеңіздер!
Кипрснский Дойеннің ақылына құлақ асады. Ол өз ғасыры адамдарының түр-пішіні мен бояуын ынта-ықыласпен құмарта зерттейді.
Лицейді жаңа ғана бітіріп шыққам Пушкин сияқты, со замандары Кипренский де Петербор серісінің еркін де ерке тірлігін белуардан кешеді.
Дегенмен де, оңай өмір желігіне түскен Кипренский сауық-сайран, бал мен ұйқысыз өткен түндер арасында, сылқым сұлуларға сан рет ғашық болып, өліп-өшіп жүргенде де, ақыл тоқтатып, толғанатын, төңірегіне жіті көз тастайтын да кездері болған.
Сондай сәттер ойламаған жерден, оқыс келеді екен. Ол суретшіні бірде көше ортасында тауып алса, енді бірде жолдастарымен еткізген той-томалақтан күймемен қайтып келе жатқанда немесе дос-жарандарымен әңгіме-дүкен құрып отырғанда тауып алатын.
Ішкі бір киелі тебіреністен төңіректегі дүние кенет өзгеріп сала береді. Қайда қарасаң да айналаның бәрінде теріскей күнінің жарығынан, қар мен шам отынан жаралған алуан түрлі бояулар, бірде қанық та қою, енді бірде мөлдір де ашық болып, құлпырып тұрар еді.
Сондай бір сәтте көз үйренген дағдылы жер данышпан суретшілердің немесе сәулеткерлердің таңғажайып туындысы сияқтанып кететін. Аспанның түсі мен ақ бұлттарды венециандар жазғандай болып, ал, салқын ауадан көгіс тартқан көкжиекті Растреллидің өзі қате баспас қаламымен сызғандай болып көрінетін.
Бір күні қысқы таң алдында Кипренский қонақтап қайтып келе жатты. Ол ойында ештеңе жоқ, төмен қарап. Нева көпірінен өте берген, өзін ұйқы қысып келе жатқан. Кешіккен үш ат жеккен күйме оның қасынан зу етіп өте шығады. Аязды тозаң бұрқ етіп, бет шымшыды.
Кипренский селт етіп, оянып кетеді де, басын көтеріп, төңірегіне көз жібереді. Сонда оның айналасынан көргені Петербор таңынан гөрі, салтанатты түске ұқсайтын ғажайып бір нәрсе еді.
Түн астанадан кеткісі келмейді. Ол сызды сұрғылт ауа түрінде зәулім үйлердің іргелері мен бау-бақтардың түкпір-түкпірінде тұрып, тығылып жатыр.
Шашырап күн шықты. Қызыл арай сәнді сарайлар терезелеріне шағылысып, төменге, қараңғы қойнауларға құлап, сол арадан бірде күзетшінің ала-жолақ күркесін жарқыратып көрсетсе, одан кейін боз қыраудан ағарып кеткен қолбасшы ескерткішін немесе ақант жапырақтарымен бедерленген ұстын капителін ап-анық етіп, көз алдыңа әкеледі.
Шырқау биікте жеңіл ұшпа бұлттар қызғылт нұрға шомылып, Италияның тап-таза зеңгір аспаны мөлдіреп тұр. Қалың қар жайымен қалқып түсіп жатыр. Аспан шайдай ашық тұрғанда мынадай құбылыстың болуы мүлде түсініксіз еді. Қар сонда төңкерілген аспан мен жер арасындағы саф ауадан жаратылғандай болып көрінеді.
Кипренский үн-түнсіз құлазып жатқан Петербор алаңдарына, өзгеше салтанатпен кербез қалқып түсіп жатқан көбелек қарға ұзақ қарады. Жұмсақ қар көпірлердің шойын кемелеріне, шинельдің сеңсең жағасына, ұйқы жеңген көшірлердің жон-арқаларына абайлап келіп қоның жатты.
Астана бірте-бірте ақ нұрға малынып барады. Алыстағы Куранттар жетіні соқты. Петерборды теріскейі мен шығысынан қаумалап келіп қоршап тұратын орман иісі айналадан аңқып тұр.
"Ресейде туған бақытты жанмын мен", — деп ойлады Кипренский тебіреніп.
Бөлмесіне келгесін Кипренский дымқыл шинелін шешіп тастап, маздай жанған пеш алдына барып отырды.
— Осынау үнсіз тамылжыған қыс таңын, жарқыраған ақ нұрды да, қомақты көлемі мен зілдей ауырлығы мүлде сезілмейтін сарайларды, ақырында өз жүрегімнің лүпілдеген толқынын бейнелей алатын бояуларды қайдан, қайдан ғана табамын? Осы бір тылсым таңның тілсіз де үнсіз шаттығын қандай ғана қасиетті қаламмен суреттен шыға аламын? — деді шарасыз күйініп.
Осындай ой тебіренісінің ертеңіне жас суретші қайтадан ыздиған сәнқой сылқымға айналады да, дүниенің бәрін ұмытып, қылқаламын тастап, вахтпарадты көруге барады. Онда император Павелдің құтырынған тұз көзі тесірейе қадалғанда, полктер бір аяғын көтере созып, екінші аяғымен жер тіреп, сіресіп қатып қалады. Кипренскийді сол арада әскери жаттығуды жанындай жақсы көретін бір таныс қыз ұдайы күтіп тұрады.
Аспанға көтерілген алмас қылыштар жарқылы, барабандар даңғыры мен тәмпіш императорды айналып жүрген полктердің бір қалыппен басқан аяқтарының дүбірі — осының бәр-бәрі әлгі қызды қайран қалдырып. шадымаи шаттыққа бөлейді.
— Мем өз жүрегімді тек әскери кісіге ғана ұсынар едім, — деді бір күні бикеш Кипренскийге.
Келесі вахтпарадта Кипренский сапқа тұрған солдаттар арасынан өтіп, Павелға қарай ұмтылып бара жатып:
— Ұлы ағзам! Meн суретшімін, бірақ қылқаламды қылышқа айырбастауға әзірмін. Жалынып сұрайтыным — мені әскерге алыңыз! — деп айқай салады.
Павел кіржиіп, жас қырымпозға бір қарап, атының басып тежей береді.
— Әкетіңдер мынаны! Әскери парад — тылсым дүние. Есуас айқайға басып, оны ешкімнің де бұзуға қақысы жоқ! — дейді ол тістеніп.
Кипренский бастықтарынан қатал сөгіс естиді. Бұл сөгіс Академияның күллі шәкірттері алдында оқылып беріледі.
Жолдас-жоралары мұның көңіліне қарамай, иықтарын қиқаңдатып жатты. Сонша талантқа ие болып жүрген жас жігіттің ұшқалақ мінез көрсетіп, қайдағы бір әйелдің он қабағына бола, талаптың тастағысы келгенін түсіне қою аса қиын еді.
Кипренский біраз уақыт өлердей ұялып жүреді де, ұзамай-ақ вахтпарадта болған оқиғаны ұмытып кетеді. Ол тек жас күнінде ғана емес, кейін есейіп, ақыл тоқтатқан кезінде де ұшқалақ мінезінен арыла алмайды. Балаға тән дәйексіздік пен сыртқы әшекей сән-салтанатты қуалау ақырында байғұстың түбіне жетті де.
Академияда жүрген кездері Кипренский орыс живописінің таңғажайып табиғат суретінің бірі — "Қарасу" пейзажын жазды. Сурет тамылжыған тыныштық пен әсемдікке толы.
Қарасу қимылсыз. Оның суы тып-тынық, буланып жатыр — ол таңертең мен күн батқаннан кейін де тап осылай болып жатады.
Қабырғалы биік ағаш пен қалың жыныс Қарасу жағасында мүлгіп тұр. Аспанда дымқыл қоңыр бұлт маужырайды. Жағада әйелдің мәрмәр мүсіні тынық мөлдір суға мұңая қарайды.
Өзінің ұяң да қарапайым көркімен Кипренскийдін осы суреті Пушкин эллегияларымеи тең түседі. Ымырт әлетінің поэзиясы бұл суретте нәзік шеберлікпен бейнеленген.
Кипреискийдің дос-жарандары оған: — сен түн құсы сияқты, тек қызыл іңірден бастап қана тірлік етесің, — дейді екен.
Пушкиннің қазір ұмыт болған екі жолы, аяқталмаған бір өлеңінің бас жағы еркіңнен тыс дәл Кипренскийге арналғандай болып көрінеді:
Айтшы түн, тұнжыраған төңірегің
Неге маған сүйкімді көрінеді...
Өлеңнің соңғы жолы үзілген, бірақ мән-мағынасы анық. Қараңғы түн шақырайған күн жарығынан гөрі қуанышты. Романтиктер әрқашанда ала кебең ымыртқа әуес келеді, бұл кезде табиғат қана емес, адамдардың бет-жүзі де бір құпия сырға, шабытқа шүңілдеп толып тұрған тәрізденеді.
Тап сол мезгілде Кипренский әкесінің портретін салады.
Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін ол осы портретті көрмеге қояды. Неаполь суретшілері мұны көргенде қатты тебіренеді. Кипрепскийді Неаполь Көркемсурет Академиясының президенті Николини шақыртып алады.
Шалдуар мінезді итальян шалы Кипренскийді күдіктене қарсы алады, — бейнелеу өнерінің ең таңдаулы білімпаздары портретті мұқият қарап, зерттей тексеріп шықты да, бұл портретті он тоғызыншы ғасырдың суретшісі салуы мүмкін емес деген қорытындыға келеді, — дейді бұған шұқшиып. Портретті Кипренский өзім салдым десе де, ол Рубенстің еңбегі деп танылады. Рас, білімапаздардың пікірі екіге бөлінеді. Олардың кейбіреуі портретті Ван-Дейктің жұмысы десе, екінші біреулері — Рембрандтың жұмысы деп есептейді.
Кипренский президентке тақап келіп, сақылдап күліп жібереді. Николини сол арада ашуға булығып, неополитан академиктері қайдағы бір шетелдік алаяқтың арсыздықпен алдамақ болғанына көнбейді деп баж ете қалады.
Әрине, портреттің өз қылқаламынан шыққанын Кипренский оп-оңай дәлелдеп береді де, сосын ұзақ уақыт бойы неополитан білімпаздарын мазақтап, келемеждеп жүреді.
1803 жылы Кипренский Академияны үздік бітіріп шығады. Суретші өмірінің ең бір жарқын жылдары басталады.
Кипренский ұстазы Дойеннің ақыл-кеңесін тектен-тек тыңдап, өз дәуіріндегі адамдар бейнесін тектен-тек зерттеді дейсіз бе. Ол әрбір кісінің дидарынан ішкі бейнесі, оның мінез-құлқының ең басты сипаттары дәйекті түрде көрінетін портреттердің тұтас бір галереясыи жасайды.
Кипрепскийдің портреттерін байыптап зерттейтін болсаңыз, онда сіз он тоғызыншы ғасырдың бас кезіндегі көптеген қолбасшылармен, жазушылармен, ақындармен, арулармеи ұзақ уақыт сөйлесіп, сырласқандай болып, толқып-тебіреніп кетесіз.
Кипренский туындыларын жаңаша, еркін көсіліп, ақырына дейін тиянақтап жазған.
Оның портреттерінен сондағы кісілердің бет-жүзі ғана емес, олардың күллі өмірі — қайғы-қасіреті, арыны мен жалыны, ерлігі мен махаббаты көрініп тұрғандай болады. Осының бәрі олардың кескін-келбетіне өз ізін тастап, кенеп-мата жүзіне келіп түседі.
Кипренский замандастарының бірі: оның портреттерімен оңаша қалғанымда суреттегі кісілердің даусын естігендей боламын, — деген ғой.
Бұл сөз шындықтан алыс емес-ті. Алған әсерінің күштілігі сол емес пе, Пушкиннің портретіне қарап тұрғанда, ақынның бізге, алыс әулетіне арнаған, ежелден таныс даусын естігендей боласың.
Кипренский суреттерінің галереясы әр алуан. Бұл бір ғажайып автопоргреттер, балалар мен өз замандастарының — ақындар мен жазушылардың, мемлекет қайраткерлері мен қолбасшылардың, живопись әуесқойлары мен көпестердің, актерлер мен шаруалардың, теңізшілер мен мүсіншілердің, масондар мен коллекциөнерлердің, білімді әйелдер мен сәулетшілердің портреттері.
Кипренский өз заманының шын мәніндегі живописеці болғанына көзімізді жеткізу үшін бірнеше кісілердің есімін айтсақ та жеткілікті: олар — Пушкин, Крылов, Батюшков, өзі ақын Козлов, Растопчин, графиня Кочубей, көркем өнер білгірі Оленин, Голенищев-Кутузов, масондар Комаровский мен Голицын, адмирал Кушелев, Брюллов, актер Мочалов, "Илиаданый" аудармашысы Гнедич, аты аңызға айналған батыр шабандоз "жарқырап туған маңдайы, қара дудар қас батыр" Денис Давыдов, партизан Фигнер,
Одесса портын салған де Воллан, декабрист Муравьев, ақындар Вяземский мен Жуковский, архитектор Кварнеги.
Кипренскийдің бозбала шағында жазған жұмыстарының бұл тізімі тіпті де толық емес. Кипренский мұның үстіне бірнеше автопортреттер қалдырған.
Ол өзін бірде живопись шеберінің шәкірті ретінде, енді бірде өлең оқып тұрған қиялшыл бала күйінде немесе бір өзі Моцарт пен Евгений Онегин бейнесін біріктірген зиялы қауымның әсем де әсершіл бозымы түрінде бейнелеген.
Бірақ ол осынау портреттердің бәрінде де бірдей қиғаш қасын керіп тастап, лыпылдап ұшқалы тұрған сұңғақ бойлы жеңілтек жас түлек. Жолдас-жоралары оны "сәнқой сері" деп атаған, солардың біреуі Кипренский жөнінде мынадай бір ұтқыр сөз қалдырған:
"Ол орта бойлы, сұңғақ та сүйкімді жігіт еді, бірақ бәрінен бұрын ол өзін сұлуырақ етіп көрсетуді жақсы көретін" деп.
1812 жылғы соғыстан сәл бұрын Кипренский Мәскеуге, мүсінші Мартосқа көмекші қызметіне жіберіледі. Ол кезде Мартос Минин мен Пожарский ескерткішін жасап жатқан еді.
Кипренский Мәскеуге келгесін де бұрынғы шеберлігінен айнымай, қызу қарқынмеи сурет сала береді.
Наполеон Армиясы Еуропаны баса көктеп, айқастар мен жеңістерде күндей күркіреп келе жатқан. Мұражайлар зеңбіректер гүрсілінен тітіреп тұрды. Музыкалы Венаның бау-бақтарында ядролар домалап, гүрс-гүрс жарылады. Суретшілер өз орындарын лафеттерге, шаң-тозаң басқан гвардия мен санитарлық арбаларға қалдырып, иен даладан кетіп қалады.
Кипренский тағдырға мойынсұнып, Одессада герцог Ришельеге ескерткіш орнатып, даңқы артқан ақылды мүсінші Мартосқа хал-қадарынша көмектесе береді.
Сол бір кездері Кипренскийдің таланты кемеліне келіп, әбден ашылған-ды. Суретші жеңілтек мінезден біржолата арылғандай еді. Оның сезім-түйсігі тереңдеп, күшейе түсті және сол сезген-білгенін мейлінше батыл және әбден аспай-саспай, дәлме-дәл жеткізетін болды.
Ол жұмысты оңай, ойнап жүріп істейді. Суретші шын мәнінде "бақыт-қуаныштың еркесіне" айналады.
Мәскеуден Кипренский Тверьге қоныс аударады, со заманда онда Павел Біріншінің қызы, ханшайым Екатерина Павловна тұратын. Ол Кипренскийді шақырып алып, өз қамқорлығына бөлейді.
Екатерина Павловнаның сарайы әдебиет пен әсем өнердің өзгеше бір ордасына айналған болатын. Мәскеудің көптеген аса көрнекті адамдары мұнда шақыртпай-ақ келіп-кетіп жүретін.
Сарай терезелері күнде кеш түсісімен жүздеген шырақ отынан самаладай жарқылдайды. Мейманжайларда Мәскеу ақындары мен жазушылары, меценаттары мен суретшілері шылым шегіп, айтысып-тартысып, өлеңдерін оқып, әзілдесіп-қалжыңдасып жатады.
Соғыс жақындай береді. Қаһарлы күндер тынысы, армияның қимыл-қозғалысы, бүкіл елді жайлаған қауіп-қатер-осының бәрі жиналып келіп, тереңнен ой толғайтын жан тебіреністерін тудырады.
Кейде түн ортасында жедел басып, күтпеген қонақ кіріп келеді. Оның шекпенінен жел мен дала иісі аңқып тұрады. Ол шайқас жөніндегі соңғы жаңалықты хабарлап, лепірме өлеңдер оқыған ақындар мен қызу таластар у-дуын тыңдау үшін Мәскеуден Тверьге талай рет ат ауыстырып, асығыс шауып жеткен-ді.
Тверь көрмесі алдындағы күңгірт шам мен еріншек мүгедек күзетші со жылдары күллі Ресейге мәлім талай-талай меймандарды керген.
Кипренский қалың жұртпен бірге көңілі шарқ ұрып, ұйқысыз күндер кешті.
Бір күні түнемелікте ешкім де келмеді. Қала алаңына, ашық аспан астына желдірте жетіп, тұнжыраған ұландар полкі орналасты. Қара жауып тамшыларын жылтырата көрсетіп, оттар жағылды. Аттар күртілдетіп жемге бас қойды. Түтін мен тезек иісі, ақ сорпа болған ат тері мен нан иісі — қарлыққан айқай, зіркілдеген керней үнімен араласып, ұласып кетті. Мәскеуді Наполеон басып алған еді.
Тверьді жым-жырт тыныштық жайлады. Енді мұнда тірі жан аяқ баспайтын болды. Кипренский суретін салатын кісі таба алмады. Содан кейін ол шаруалар портреттерін, Тверьдің төңірегі мен Еділ бойының табиғатын сала бастады.
Еиді қарындаш орнын қылқалам басты. Кипренский тек өз суреттеріне ғажайып бір нәзік шеберлікпен нұрлы шырай беретін болды.
Жас Кипренскийдің атақ-даңқы тез жайылып кетті.
Ол Тверьден Петсрборға жұрт таныған кемеңгер суретші болып оралды. Оның даңқы Батыс Еуропаға да жетті. Күллі астана болып, суретшінің "сиқырлы қарындашын" гу-гу сөз етті. Портреттерді ойнап жүріп, оп-оңай жазатыны жұртқа бір тылсым кереметтей болып көрінді.
Кипренский патша сарайына ұлы князьдардың портреттерін салуға шақырылды. Астананың игі жақсылары Кипренский қаламына ілініп, мәңгі бейнеленіп қалу құрметіне не болуға тырысып бағады.
Бейнелеу өнерінің білімпаздарының суретшіні заңды түрде мойындауы Петербордьң жоғары қауымында сылдыр сөзге, берекесіз сән қуалауға айналады. Со бір заманда әйелдер арасында маржан алқалар, еркектер арасында әуезді сылдырмақтар — "Шариварилар" — қандай сән болса, Кипренский де тап солай, елдің бәрі әуес суретші болып алады.
Кипренский суреттерін бұрынғыдан да жақсы, келістіріп сала бастайды. Оның қолынан шыққан портреттер шеберлігі, әсіресе. Хвостовтар портретінің шеберлігі тіпті адам мүмкіндігінің шет-шегіне жеткендей болып сезіледі. Петербор белгісіз біреудің: Кипренскийдің бояулары кісіге рейнвейн шарабындай әсер етеді, деген сөзін қағып алып, қайталай береді. Осының бәрі суретшіні бірде жымиып күлуден беймәлім қайғыға, масайраған қуаныштан қалың ойға күрт шомылдырып жіберетін болады.
Суырып салма, төкпе дарын бойына әуелден дарыған Кипренский, қанша айтқанмен, қажетті көп ілім-білімнен, қайсар-табандылықтан, ерліктен мақрұм қалғандықтан да, атақ-даңқтың қыздырма қызыл-жасыл у-дуына елігіп, әуейіленіп кетеді. Ол өзін аямайды. Шабыт — адамның айтуға тіл жетпейтін киелі шағы, суретшілер мен ақындар арманының шыңы — ұзақ күндерге, апталар мен айларға созылады.
Қылқаламы сәтті сілтенген сайып, шабыт оны бірде қуанышқа бөлеп күлдірсе, енді бірде ұйқысыз түндер азабына салып, ақ түндер! жарқырап, жасыл желекке малынып тұрған Петерборды кездіріп, сенделтіп қояды, кейін, жүре келе, сол бояуларды полотноға түсіру үшін ұйқы жеңіп, тұнып-тұнып қалған алуан түсті суларға байыптай қарауға мәжбүр етеді.
Өз қолы мен көзінің, дүниені сезіп, түйсінуінің құдіреті мен қайырымды қабілет-дарынына деген шексіз сенім суретшіні іштей ұдайы ширатып, жинақты жүруге үйретеді.
Сыр саситын шеберханасынан ол тікелей император сарайларына келіп кіреді, бұл араның ауасының өзі даңқты шеберлер жасаған картиналардан, жиһаз бен қола мүсіндерден шырайланып кеткендей болады. Сарайдан шығысымен ол жадырай қарсы алатын балғын дос-жарандарын көреді. Мұның өзіне, атақ-даңқына, бақытты жастығына ғашық көңілмен ақсия күлетін аруларды, — өздері қамдай сұлу махаббатты аңсайтын болса, тап солай сұлу махаббатты аңсайтын аруларды кездестіреді.
Оның басы айналады. Жанталас-жанығумен күндер зулап өте береді. Басының терең бір түкпірінде, жұлып құрттай болып, шаршау, қажу сезігі туып, оның миын жайымен, абайлап жеміре бастайды, сол сәттері қағып, басы зеңгиді. Шаршап-шалдығудан, бас ауруынан Кипренский ішіп құтылуға тырысады.
Өзі сияқты кісілерге атақ-даңқтың ажалдан да рақымсыз жау екенін Кипренский білмеді және білуі де мүмкін емес еді.
Ол өз даңқына мәз болып, масайрап кетеді. Журналистердің көпірме көлгір сөзіне, жағымпаз жалған мақтауына ақ пейілімен құлай сенеді. Ол енді шеберлігіме тәнті болған әлем аяғына бас қойып, құлдық ұрып жатыр екен деп ойлайды.
Ол мәдениеттің қатал қалыбына құйылып, белгілі бір түр-пішін таппаған таланттың жалт етіп бір көрінгеннен кейін, жалп етіп сөніп қалатынын білмеуші еді. Бейнелеу өнерінің атақ-даңқына бола жаратылмағанын есіне де алмайды. Ол Пушкиннің:
...Көнбейді нағыз емер дақпыртқа
Сұлулық болу керек құдіреттей... —
деген сөзін ұмытып кетеді.
Кейін ол осы ұшқалақ мінезінің қатал да ауыр зардабын тартады.
Егер арада бір тыныс-тыным тумағанда, осынау жаныққан қарбалас күндердің немен бітерін білу қиын болар еді. "Суретшілік шеберлігін жетілдіре түсуі үшін" Кипренский Римге аттануға рұқсат етіледі.
Со замандардағы Ресейдің көптеген талантты адамдары сияқты, бәлкім, Кипренский де зорығып, қыршынынан қиылар ма еді. Жуковский мен Пушкинге жақын-жуық жүрсе, оның аумалы-төкпелі мінез-құлқын жақсы білетін адамдар арасында ұдайы жүріп-тұрған болса, бәлкім. ол көркем өнерді ешқашанда тірліктің дүнияуи табыстарына жету құралы етпес пе еді, кім білген?
Ол өзінін қателесіп жүргенін іштей жақсы түсінген, бірақ өмірде жан күйзелістерін ақылға салып, саралап көрмеген суретші, содан қалай арылу жолын таба алмай дал болған.
Ол өзін жолы болар бір сәтті аңдып, жылтырақ жеңіл тірлікті қуалаудан сақтандырып, ұстап қалатын, боркемік жасықтық дертінен арылтып. үлкен адамның даналығы мен шын кемеңгердің қарапайым қалпын бойына дарытуға жәрдем беретін досты өмір бойы аңсаумен өтті. Өзіне қорған болар дос табуды ол өле-өлгенше аңсады, бірақ жеңіл өмір мен бақыт сәтіне деген құмарлық соның бәрін де жеңіп кетіп отырды.
Кипренский Петербордан Любекке дейін кемемен жүзді. Теңіз буырқанып жатты. Кипренский бәріне де таңғалып, таңдайын қағады. Кеме оны балалық шағынан қиялына ұялап қалған романтиканың бұлдыр тұмандағы еліне қарай зулатып әкеле жатқан сияқты болып елестейді.
Ол Любектің құлазып жатқанына қайрап қалды. Наполеонның ең соңғы полктері қаладан жуырда ғана кетіпті. Германия суретшіні жол бойындағы теректер сыбдырымен қатты ағысты Рейн толқынының шуылымен қарсы алды. Ақырында Кипренскийдін күймесі Швейцарияға жетті-ау, әйтеуір. Ол Альпіні көрді.
"Мен мәңгілік мұз құрсауына түскен тауларды көрдім", — дейді ол Оленинге жазған хатыңда.
Кипренский Женевада біраз аялдады, бұл арада ол бірнеше портрет жазып, көркем опер қоғамының мүшесі болып сайланады. Ол мұны осылай болуға тиісті нәрседей қабылдай салады.
Женевадан шығып, Италияға қарай беттейді. Ұдайы көңілі көтеріліп, жадырап жүреді. Бөтен табиғаттың гүлдеп-жайнап тұрғаны оның төңірегіне құбыла құлпырған жаңа бір дүниені әкеліп орнатқандай болады.
Лаго-Маджоре жағалауындағы сыңсыған қалың орман оны гуілімен қарсы алады. Күн шұғыласы оның жамыраған жапырақтары да теңіз бетіндегідей жыбырлап ойнайды. "Жүзімдер жаһұттай жанып тұрды. Ауыл-ауылдар көкшіл көлдердегі өз бейнелеріне қарап, күлімсіреп жатты". Қозғалмай тұнып қалған жылы ауадан жалшы-малшылардың дабырласқан даусы естіледі.
Кипренский Миланда ұзақ күндерді Леонардо да Винчпдің "Тылсым кеш" картинасының қасында өткізеді. Күзетшілер, суретті сақтаушылар оған тіпті Наполеонның өзі Леонардо туындысының алдында қалың ойға шомып, бірнеше сағат бойы отырғанын айтып берді. "Тылсым кешті" көргеннен кейін Кипренский өз күшіне жанадан қайта сене бастады.
"Кемеңгер туындысын көргенде, — деп жазды ол — кісі батыл болып кетеді, ол қас-қағымдай бір сәтте бірнеше жылдың тәжірибесін береді".
Милан театрынан Кипренский алғаш рет Моцарттың "Сиқырлы сызбызғысын" тыңдайды.
Моцарт музыкасының күміс сырнайлар үніне ұқсайтын әуезді мөлдір сазы оны қайран қалдырады. Моцарт музыкасынан Кипренский өзін ақтайтын бір дәлел-дәйек таппақшы болады — түндерінің бәрін сауық-сайран, той-томалақпен өткізген, әйел сияқты ерке де ұшқалақ Моцарт осы бір тамылжыған таңғажайып музыканы шығарған ғой.
Бірақ Моцарттың музыканы тірліктің қарадүрсін қам-қарекетіне ешқашан да тәуелді етпегенін Кипренский білмейтін еді.
Жолаушы күймесі Римге кештетіп барып шықты. Ол Альбаниде аялдап қалды, өйткені еріншек жандармдар саяхатшылардың заттарын күкірт түтінмен ұшықтап, көп әуреленді. Римнің айналасында тырысқақ ауруы жұртты жусатып жатқан-ды.
Тас көшедегі арба дөңгелегінің тарсылы басылғаннан кейін барып, Кипренский қала бұрқақтары суының сабатты шуыл есітті. Тымық түңді ұйқы әлдиіне маужыратып, шапшыма су сылдырлап, баяу әндетіп жатты.
Кипренскийдін жүрегі дүрсілдеп. ауыр соғады. Оны мейманхананың күңгірт күмбезді бір бөлмесіне ертіп әкеліп, шырақ жақты.
Ол шырақты дереу өшіріп, терезені шалқайта ашып тастады. Ұлан-ғайыр ұлы түн. баяғыда өтіп кеткен бағзы заман сияқтанып, Рим үстінде төніп тұр екен. Атланттар осынау түнгі аспанды қақпақ жаурындармен тірей-тірей әбден шаршағасын, бірте-бірте төмен қарай еңкейемін деп, жұлдыздарды жерге төмен тым жақындатып жіберген тәрізді.
Шешуі жұмбақ қала суретші аяғының астыңда жатыр. Қираған ұлы қала қалдығын көрмекші болып, Кипренский ұзақ уақыт тесіле қарады, кенет селк ете түсті — қараңғыда түннің өзінен де қап-қара болып, орасан зор күмбез дүңкиіп тұр екен. Бұл Петр әулиенің ғимараты еді.
Кипренскийді үрей қамады. Ол Петерборда өткен соңғы жылдарын есіне алды. Кенет дел-сал болып шаршап, ойынан жаңылып қалды.
"Петерборда жанталасып жүріп, діңкелеп сарқылып қалған жоқпын ба осы? — деп ойлады ол терезеден кейін іреліп. — Сәтті бастаған істі тап солай жалғастыра беруге күш-қуатым жете ме? Рафаэль шыңына шыға алар ма екенмін? Ал оған қайтсем де жетуім керек".
"Жоқ!" — деді қараңғы далада тұрған біреу салмақпен.
Кипренский дереу артына қарады. — Ол шіркеудің уақыт санап жатқан ауыр қоңырауы екен.
"Жоқ!" — деп қайталап барып, қоңырау тына қалды, бірақ оның жез дауысынан қараңғы түн ұзақ уақыт күңіреніп тұрды.
Уақыт түнгі сағат екі болатын. Кипренскийдеи әл кетті. Ол шешінбестен ұйықтап қалды.
Ал, ертеңгілік Римнің тұнық аспанының жарығы оның бетіне төгілді. Көгілдір ауа бөлме ішін кернеп кеткен, бұрқақтар әндетіп тұр. Қоңыраулар күмбірлеп жатыр. Төмендегі тар алаңда көкөніс сататын итальян әйелдері шапылдап ұрсысады, ал есек айдаушылар жаныға айқайласады.
Кипренский тез-тез жуынды да, ысқырған күйі басқыштан жүгіріп төмен түсті, сосын кардиналдың қызыл күймесіне шегініп, жол беріп жатқан ала-құла қалың жұрт арасына кіріп, жоқ болды.
Рим үстінен жел тұрып, көне шеберлердің суреттерінен айнымайтын үлпілдек ақша бұлттарды айдап барады.
Атақ-даңқ уы бойын жайлаған Кипренский жұмбақ Римде абдырап сасып қалды.
Күн өткен сайын Рафаэль шыңына жете алмайтынына оның көзі жете берді. "Әлі де болса еліктейін десе бұрынғыша ақыл-ойы алмайтын, созса қолы жетпейтін, қылқаламның құдіретті туындылары мұның көз алдында күңгірт қабырғалардан тұнжырап, асқақтай қарап тұрды", — деп жазған Гоголь сезімін бұл өз басынан өткерді.
Рафаэльдің тылсым сыры неде? Көне заман шеберлерінің бірден баурап алатыны неліктен? Осы құпияны қалай ашып, бөгде біреудің қылқаламының жеңіл жүрісін өз холстарына қайткенде түсіреді?
Оны Кипренский білмейді. Күпі кеше ғана Петерборды қалап баурап алса, Римді де тап солай жаулап алмақшы болды. Ол асығулы еді, сол себепті де ең женіл жолға түсті.
Рафаэльдің картиналары нәзік те мінсіз салынған. Рафаэль мен Корреджо сияқты, Кипренский де өз жұмысын бипаздап. мұқият жазуға бел байлады. Бірақ сүлесоқ, өлі бірдеңе болып шығады. Суретші өзінен-өзі айнып қалыпты. Оның көзі тіпті жанды бояуды көрмейтін де сияқты.
Ғажайып портреттер орнына ол енді бала-шаға қоршап алған Христос жайлы, кісіні мезі ететін композициялар мен шашына раушан гүлін қыстырған сыған әйелдерінің жылмиған бет пішінін салуға ден қояды.
Ол Римді баурап алмақшы болып еді, бірақ Римнің сырына түсіне алмай-ақ қойды.
Кипренский бір күні көшедегі жұрттың Брюллов туралы көңілді бір ән айтып жатқанын есітті. Алғаш рет оның жүрегіне күйшілдік сезімі кірді. Рим, мәңгілік Рим! — Мұның өзі туралы, жалтылдаған жас пері Орест туралы емес, орыстың өзге жас суретшісі жайлы өлең айтып жатыр.
Кипренский Римге жатбауыр біреу болды. Флоренциядағы Уффици галереясы оған өз портретін салуға тапсырыс берді. Бірақ оған Кипренскийдің көңілі толмады. Портретті дүйім жұрт білгенімен, Рим білмейтін.
Кипренский тек суретте ғана емес, күнделікті өмірде де жарқырап. жайнап жүргісі келді. Ол кез келген жердің бәрінде: шарапханалар мен сарайларда, Ватикан мен Академияларда, Римнің әсем әйелдері мен күншіл суретшілері арасында да атақ-даңқ жетегінде жүріп. талайларды есінен тандыратын, байлық пен қам-қаракетсіз тірлік, махаббат пен тәнті болып, табынушылықты тудырып жататын күн туса шіркін деп арман етті.
Римде жүргенде Кипренскийге не нағыз суретшінің қатал өмірін, не сәнге айналған суретшінің сырты жылтыр, іші тұлдыр тірлігін таңдап-талғап алатын ең соңғы сәт те келіп жетті. Кипренский соңғы жолды қалап алды.
Ол кезде күркіреген соғыс дыбысы толастаған болатын. Наполеон мұхиттың шалғай шетіндегі елсіз аралға жер аударылды. Манаураған Еуропа ауасында революция жасыны жарқылдауын қойған.
Айналадағы өмір-тірліктен сүйенер тірек таппағасын романтика өлімсіреп, өшіп бара жатты. Бұрынғы қаһармандар мен ақ дидарлы аяулы арулар орнын Чичиков пен Хлестаков келіп басқанды. Романтика өшіп, семіп бара жатты, сонымен бірге суретші Кипренский де әлсіреп, өше берді.
Римде тұратып орыс суретшілері тез арада-ақ Кипренскийді жалықтырып жіберді.
Олар күні бойы өздерінің аядай бөлмелеріндегі мольберт қасында қара торғай сияқты шырылдап, күйбеңдегі жүреді де, кейін батысымен Испан алаңындағы шарапханаға толып кетеді. Сосын арзан шарапты ала отырып, қызыл кеңірдек болып, бейберекет айтысқа түседі.
Жаңғыру заманының шеберлеріне ұқсау үшін олар сақал-шашын өсіреді, шекпендерін иығына олпы-солпы тастай салады. Кановадай әйгілі болсақ деп армандайды, "терцана" деген Рим безгегімен ауырып, анда-санда құрт ауруынан қаза табады. Теріскей тұрғынына Рим апатпен бірдей болатын.
Тек екі орыс адамына — Брюллов пен ұялшақ та дімкәс Тамаринскийге ғапа Кипренскийдің ынта-ықыласы ауды.
Брюлловпен достассам деген ниеттің бір қисыны келмей қойды. Кипренскийдің соңғы. Италияда салған жұмыстарын көргенде ол жұмған аузын ашпайды, мұның өкпесіне қаламын демейді. Кінәмшіл Кипренский оны қызғаныштан деп түсінді.
Тамаринский де тіл қатпайды, бірақ оның жанарында айыптаудың ізі де болмайды. Тіпті Римнің өзінде жүріп ол қылқиған арық мойнын шалмамен орап, осы араның түні де дымқыл деп шағынады, — кеш батысымен жел Кампань жағынан сызды батпақ иісін әкеледі.
Тамаринский дьяконның баласы-тұғын. Ол император Павел қатысатын шіркеу намазында Інжілді талмай оқимын деп зорығып өледі. Осы оқиғадан бір жыл кейін туған суретші денсаулығының әлжуаздығын Тамаринскийдің достары жаңағы жайтқа апарып телиді екен.
Итальян мүсіншісі Канованың бәсекелес бақталасы, Данияның со кезде Римде тұрған атақты мүсіншісі Торвальдсенмен Тамаринский жақсы таныс болады.
Торвальдсен лорд Байронның бюстін енді ғана бітірген еді. Күллі Рим ағылшын ақынының таяуда ғана осы қалада болғанын гу-гу сөз етіп жатқан.
Кипренский Байронның бюстін көріп, ақын туралы әңгімелесу үшін, Тамаринскийді Торвальдсенге бірге баруға көндіреді.
Тап сол кезде Кипренский аллегориялық сюжетке "Анакреонт мазары" мен "Мирт бұтағын ұстап тұрған сыған әйел" картиналарын жазып жүрген. Ол сүйкімді бояуды жын-жылмағай етіп, жылтырата жағу арқылы итальян жұртын қайран қалдырмақ болып, суреттерін сүлесоқ салады.
Бұл суреттерді, әсіресе "Анакреонт мазарын" жұрт жағалай мақтайды. Итальян ақыны Готтн оны тіпті оралымсыз өлеңмен құттықтайды. Бірақ осының бәрі көкейкесті сөз емес-ті — марапаттан-мақтаудан шын мәніндегі тебіренісі сезілмейді. Сол сияқты картиналардың өзінен де жанды бояулар мен жомарт қаламның құбылып-құлпырып тұратын еркіндігі байқалмайды.
Кипренский Торвальдсенге барғанына қатты күйініп, қатты сүйсінді де.
Әдетте еріншек те бейқам жүретін ақсары шашты даниялық со бір кеште арқасы қозып, қатты ашуланған.
Кипренский мен Тамаринский екеуі темір басқышты тарсылдата басып, Торвальдсеннің шеберханасына көтеріліп келе жатқанда, шеберхана есігінен бір жуан кісі атып шықты. Тершіген бетін қалпағымен желпіген күйі ол Кипрепскийдің қасынан зулап өте шықты, тіпті оны иығымен қағып, құлатып кете жаздады.
Кипренский оның жылпос ептілікпен жасалған жансыз мүсіндерімен жұртқа белгілі болған итальян мүсіншісі екенін біле қойды.
Кенет шеберхана есігі шалқайта ашылды. Одан Торвальдсен шыға келді.
— Meн сенің қолмен қашап жасаған мүсініңді тісіммен-ақ жасай аламын! — деді ол зытып бара жатқан мүсінші соңынан дауыстап, сосын есікті тарс еткізіп жаба салды.
Кипренский жүрексіне жанымен есік қақты. Дәйекші келіп есік ашты. Торвальдсен аласұрып, шеберхана ішінде құтырынып жүрген-ді. Днван үстінде қолына цилиндрін ұстап, күллі Римге белгілі тарихи суреткер, сұлу жігіт Камуччини Торвальдсенге қарап, ақсия күліп отыр екен.
— Мен осыдан білімді кісінің қалай күлетініне қайран қалып тұрмын! — деді де, Торвальдсен бұларға қарай бұрылды. Ол табанда ашуынан қайтты. Енді бір минуттен кейін ол стакандарға шарап құйып, қонақтардың барқыт желетін тырнап, маза бермеген сабалақ итті қуалап жіберді.
Олар мүсін жайлы сыр шертісті. Ватиканның мәрмәр мүсіндері маған ұдайы жансыз нәрседей болып көрінеді, көркем өнердің ұлы туындылары тәрізді, жан тебіреністерін тудырмайды, деді Кипренский бір сөзінде.
— Орыс досым менің, — деді Торвальдсен жымия күліп, шарапты жарық көзіне жақындатып қарап жатып, — әйгілі досым менің, со мәрмәр мүсіндерді сізге бүгін түнде көрсетуге рұқсат етіңіз, содан кейін сіз ол жөніндегі ұшқалақ пікіріңізден қайтасыз.
— Қалай, түнде ме? — деді Кипренский дауыстап.
— Құпия сырымызды күні бұрын жарияламай-ақ қоялық, — деді Торвальдсен қуланып.
Камуччини миығынан бір күлді де қойды.
— Мәрмәрді қорлауға болмайды! — деді Торвальдсен саңқылдап. — Адам бәденінің таза сұлулығын мәрмәрдан артық беретін нәрсе жоқ. Мәрмәр менің ебедейсіз дөкір қолыма қарағанда, әлдеқайда нәзік те шыңылтыр. Өз басым Канованың киелі қашауына тәнті болып, тағзым етемін. Мен бала күнімнен-ақ мүсінді ағаштаи жасап әдеттенгенмін. Әкеме жәрдемдесіп жүретінмін. Әкемнің тегі ирландиялық еді. Копенгагенде балташы болып істейтін, — кемелер тұмсығына арнап, ағаш мүсіндер жасайтын. Ол суретші-тұғын. Оның қолынан шыққан ағаш арыстандар семіз нттерге ұқсайтын, ал, хор қыздары балық сататын әйелдерден айнымайтын.
Торвальдсен күліп жіберді.
— Ол өзінің олақтығына, әрдайым жұмысының қиюласпай жататынына күйініп, қатты қаймығатын. Мен туардан бірнеше сағат бұрын, кешке салым, шешем ұршық иіреді. Ол толғақ қашан ұстайды екен деп, алаң болып отырады да, ұршық сабына жіп ұшын байлауды ұмытып кетеді. Біздің дат елінде ол жақсы ырымға саналады. "Петер, қамықпа, — дейді шешем әкеме мен туғаннан кейін, — Әлгіде ұршыққа жіп байлауды ұмытып кетіппін. Ендеше баламыз бізге бақыт әкеледі екен". — Meн бақыттың не екенін де білмеймін", — дейді әкем оған. "Оны мен де жақсы білмеймін. — деп жауап береді шешем, — бірақ қалың жұртқа бақыт сыйлаған інісі бақытты болады-дағы".
Торвальдсен Кипренскийге шарап құйды.
— Ішіңіз! Өз балаларын сөз еткенде ана атаулының бәрі қателеседі. Мен туралы әлгідей деп ойлағанда шешем де қателескен. Әйгілі орыс досым менің, осы кепті сізге айтқандағы ойым, шешемнің бақыт жөніндегі ақ көңілімен шыққан аңқау сөздерін еске алмақ болдым. Мен сізге қатты қызығамын. Сіз, шамасы, бейқам да бақытты жан болуыңыз керек. Meн сіздің Петерборда жазған жұмыстарыңызды жақсы білемін. Ендеше қарап ішіңіз де, менен Байронның мүсіні жайлы ештеңе де сұрамаңыз. Meн сізге оны көрсетпеймін.
— Неге?
— Оның мән-жайын Ватиканға бара жатқанда сөйлесерміз.
Торвальдсен орнынан тұрды.
— Ежелгі дүние мүсіндерін көретін кез де келді, түн қараңғылығы әбден қоюланды, — деді ол
Кипренский аң-таң. Олар сыртқа шықты. Рим түні көзге түртсе көргісіз қараңғы, бірақ ол шырақ оттарына, толастай бастаған күйме тарсылына, ақгүл иісіне толы болады.
— Байронның мүсінін неге көрсеткіңіз келмейді? Шынымен-ақ біз оны көруге татымайтын болғанымыз ба? — деді Камуччинн.
Торвальдсен жеміс-жидек дүкеншесінің алдына келгенде аялдап, текшеге жапсырылып қойылған жуан шырақтан калиянын тұтатты. Мұнда кепкен жүгері собықтары мен апельсин нюктары қаз-қатар ілулі тұр.
— Достарым, — деді Торвальдсен, — өкпелемеңіздер. Менің Байронды сіздерге көрсеткім келмейтін себебім, о жұмыс әлі бітпей жатыр, кемеліне келмей жатыр, ақын жанын мүлде бере алмайды. Исландияның балалары ұзақ қыстан кейін, жадырап жаз келгеніне қалай қуанатын болса, Байрон шеберханама кіріп келгенде, мен де солай қуанып кеттім. Байрон қозғалақтап, бір тыным таппаса да. мен мүсінді жасағанда ыңылдап өлең айтып тұрдым. Оның жүзі сәт сайын өзгеріп, мың құбылады екен. Қас қағымдай да тыныш тұра алмайды. Ақынның аузынан бірде көңілді. бірде мұңды, бірде өткір сөздер қалай құйылып жатса, ғажайып бет-ажары да тап солай, құйқылжып, құбылып, ойнайды екен. Мен оны әлденеше рет ескертсем де ештеңе шықпады. Мүсінді бітіргеннен кейін Байрон оған бір қарады да: "Сіз мұнда мені емес, тоқмейіл біреуді жасапсыз. Мен сіздің салғаныңызға мүлде ұқсамаймын", — деді. — "Кісі бақытты болса, оның несі айып? — дедім мен. "Торвальдсен, - деді ол ашуланғаннан өңі құқыл тартып, — мәрмәр мен сазбалшық сияқты, бақыт пен тоқтықтың да екеуі екі басқа нәрсе. Тек есіріктер мен топас жанды пасықтар ғана болмаса, біздің дәуірімізден ешкім де бақ-дәулет іздемейді. Менің қашауым қапы кетсе керек. Сіздің нұрлы жүзіңізге қарап отырып, қатты қуанған едім, ал қуаныштан көз қарауытады", — деп қолымды бір қысып. Байрон кетіп қалды. Осы жуырда ғана бір бай орыс маған мүсіннің ақысы деп мың цехин ұсынды.
— Ал. сіз ше? — деді Кипренский елең етіп.
— Мен ештеңе демедім. Тек қана: "Егер сіз, сударь, мына мүсінді күлпарша етіп сындырып тастауға ақша берсеңіз, оны риза болып алар едім. Мен өз қатемді сатпаймын', — деп жауап бердім.
Торвальдсен күліп жіберді. Кипренский үп қатпады. Торвальдсеннің сөзі оған шаншудай қадалды. Даниялық оның ашық жарасының аузын тырнады.
"Бір кездегі сияқты, талай жұртқа қазір де бақыт-қуаныш сыйлап жүре ме екенмін? Сонда шынымен-ақ өз өмірінде бақ-дәулет табуға тырысқан адамның бәрі әсер болғаны ма? — деп ойлады Кипренский жабығып.
Оның бұл толғанысы Ватиканға келгесін үзіліп қалды. Торвальдсен қақпа күзетшісіне кардинал берген рұқсат қағазын ұсынды.
Күнгірт шырақ жарығында олар жүздеген жылдар бойы Mүciндер, фрескалар, суреттер мен барельефтер тым-тырыс мекен еткен қараңғы да кен залдарды басып өтті. Жалтыр бас монах Торвальдсеннің соңыңан еріп келеді.
Торвальдсен бір аумақты кең залдың дәл ортасына келіп тұра қалды. Хүжралардаи мәрмәр тастар ағараңдап көрініп тұрды.
— Әкей! — деді Торвальдсен бәсең дауыспен монахқа.
Шал оның қасына келді. Торвальдсен оның қолынан, Кипренский бұрын байқамай қалған бір маздақты алып, оған шырақты тигізіп тұтатты.
Қызыл жалын төбеге қарай лап етті, құбылмалы жарықтан қабырға түбіндегі бейнелер кенет жарқырап кетті.
— Ал, енді бір қарап көріңізші! — деді Торвальдсен жайымен.
Суретшілер қыбыр етпейді. Кипренский жұмсақ тас бетіне түскен көмескі жарықтың құбылмалы нұрынан көз алмайды. Ол тас қаһармандар мен мәрмәр бибілер жүздерін тірілтіп, құйқылжыта құбылтып жіберген жарық пен көлеңке қимылына байыптай қарап, жадында сақтап қалмақшы болды. Петербор күндерінен танымал болып кеткен жан тебіренісі он бойын шымырлатып, билеп барады. Ып-ыстық көз жасы толқып келіп, тамағына кептеліп қалды. Қалай, тас тірлігі бар ма екен? — деді баяу ғана Торвальдсен.
— Бұдан артық тірлік болмас, — деді Кипренский сыбырлап.
— Иә, тастар тірі екен, — деді Камуччини мен Тамаринский қайталап.
— Достар, бағы заман мүсіндерінен ор алуан образдар осылай туып, біздің жан-жүрегіміздің жасырын бір түпкірінде шеберліктің заңы болып қалыптасады, — деді Торвальдсен салмақпен.
Суретшілер әлі де қыбыр-қимылсыз тұрған. Олар ләм деп тіл қатпайды. Шетсіз-шексіз залдарға жарығын түсіріп, от сытырлап жанады.
Сол түні Кипренский таң атқанша көз ілмеді. Бұрынғыша қоңыраулар күмбірлейді, тұла бойы егіліп жылағасын, жүрегі сыздап маза бермеді.
"Шеберлік заңын мен қай жерде, қай сүрлеуде жоғалттым екен? Енді қайтып сол суретші бола алар ма екенмін?" дейді Кипренский өзіне-өзі, бірақ осы бір ойды табанда ұйқы мен баяғыда ұмыт болған ескі өлең жолдары көміп кетеді.
Жалын мүжіп. жара басқан жас жүрек
Таң атқанша тыпыршиды мұң басып.
Шаршаған суретші ұйықтап қалады. Рим үстінен ағарып таң атып келеді.
Ватикан залдарынан жаны жаңғырып, бекер түлеп қайтпаған екен. Кипренский бұрынғыша тебірене толқып, князь Голицинның портретін сала бастады, бұл — орыс бейнелеу өнеріндегі ең бір поэтикалық полотносы еді.
Император Александрдың жан досы, осы бір ақсүйек мистиктің мінез-құлқын Кипренский бұрынғы шеберлігімен мейлінше терең бейнелеген.
Кипренскийдін бұл суреті кереметтей қоңыр да көгіс бояумен ұяң да жұмсақ бейнеленген. Орындықта отырған қуқыл өңді князь артынан Рим, Әулие Петр соборының күмбезі. қарайған ағаштар мен көне заман шеберлері суреттеріндегідей, өркеш-өркеш жауын бұлты басқан тұнжыр аспан көрінеді.
Екінші портретті, княгиня Щербатованың портретін Кипренский иығына жамылған жібек шарқаты сияқты, жұмсақ та жылтыр бояумен салған болатын. Тірліктің сан торабында әйелдермен кездесіп. жүздесіп жүрген кезден көкейінде ұялап қалған олардың ең жақсы қасиеттерін — ойлампаздығын, ибалы нәзіктігін, мөлдір тазалығын Кипренский Щербатова образында жеріне жеткізе бейнеледі.
Егер Голенишева-Кутузованың таңғажайып портреті мен бірнеше суреттерді есепке алмасақ, бұл Кипрепскийдің ең соңғы кемел жұмыстары еді. Кипренский қылқаламын тебірентіп, арман-қиялын тереңінен ақырғы рет өзінің ең сүйікті қаһармандары мен әйелдерін шақырып алған-ды, олар шын өмірден баяғыда баз кешкен. Бұл оның сенер алдында жалт етіп, бір бой жасағаны сияқты.
Бұдан кейін Кипренский жасанды да жалған сияқты жылтырауық суреттерді — бәлсінген помещик әйелдері, бай топастарды, дәулетті енжар қауым өкілдерін шұбыртып сала берді. Ол бұрынғы өткір мінездеме, сипаттама орнына, енді күнделікті тұрмыс бұйымдарын әлеміштеп салуға ден қойды. Аңқау суретші кісінің киім-кешегі, жүзік-сақинасы, кресло мен калияндары, адамның мінез-құлқы жайлы оның кемеңгер қылқаламы бұрын кемеліне келтіре айтқанынан гөрі, әлдеқайда артық айта алады ғой деп ойлады.
Оның портреттерінде адамдар бұрын емін-еркін қимыл-әрекет жасап жүретіндей болса, енді ағаштың безіндей бедірейіп тұратын болды. Суретшінің бояулары лайланып, қоймалжың тартып, көз ауыртатын халге жетті. Ал өзі тапсырыстарға көміліп қалды. Жазу үстелінің жәшігінде ақша буда-буда болып, алтын теңгелер сыңғырлап жатты.
Тап сол мезгілде Кипренскийдің қалған өміріне қара көлеңкесін түсірген түсініксіз бір сұмдық оқиға болады.
"Апакренот мазары" картинасын салу үшін Кипренский сұлу натурщицаны тауып алады. Оның қызы — титімдей Мариучча атты қыз баласы болады. Ол бұлардың екеуінің де суретін салған.
Бір күні ертеңгілік жұрт натурщицаны өліп жатқан жерінен тауып алады. Ол отқа күйіп өліпті. Әйелдің үстіне скипидар құйылып, күйген кенеп мата жабулы екен.
Арада бірнеше күн өткеннен кейіи қалалық "Caптa-Cпиpитo,' ауруханасында беймәлім бір аурудан Кипренскийдің дәйекшісі, жас та өжет итальян жігіті қайтыс болады.
Римді сыпсыңдаған бір суық сөз аралап кетеді. Кипренский натурщицаны өлтірген дәйекші деп мәлімдейді. Римнің керенау полициясы найқалып жүріп, тергеу-тексеру ісін қызметші қайтыс болғаннан кейіп бастайды. Әрине, одан кейіи ештеңені тауып, дәлелдей алмайды.
Римнің өсекқұмар тоғышарлары, олардың ізін ала кейбір суретшілер, енді натурщицаны өлтірген қызметші емес, Кипренскийдің өзі деп ашықтан-ашық айта бастайды.
Рим суретшіден сырт айналады. Ол көшеге шықты дегенше балалар бұған аула ішінен тас лақтырып. ысқырып күн көрсетпейді, ал, көршілері — қолөнершілер мен алып-сатар саудагерлер оны өлтіреміз деп әбден жауығып алады.
Кипренский бұл қуғынға төзе алмай, Римнен Парижге қашып келеді.
Кетер алдында ол қаршадай жетім қыз Мариуччаиы кішкене жетім қыздарға арналған мектепке, "консерваторияға" апарып, оның имам-кардиналына аманат етіп тапсырады.
Қыз баланың тәрбиесіне жететін ақша қалдырып, бұдан әлі ат құйрығын үзіспеген бірлі-жарым суретшілерге Марнуччаға қамқор болып, маған оның жай-күйін хабарлап тұрыңдар деп, көп-көп өтініш айтады.
Кипренскийдің бұрынғы достары, орыс суретшілері Парижде оны тіпті қабылдамай қояды. Оның кісі өлтіргені жайлы қауесет мұнда да жеткен екен. Таныстарының есіктері суретші алдынан тарс-тарс жабылып жатады. Ол Парижде өз картиналарының көрмесін ашқанда жұрт оған енжар, самарқау қарайды. Газеттер көрме жайлы жұмған аузын ашпайды.
Кипренский қоғамнан біржолата аласталады. Ол өкпесін ішіне бүгіп жүре береді. Италияға енді қайтар жол қалмайды. Париж оны көзіне де ілмейді. Азалы ауыр күндерді ұмытып, қолына қылқаламды қайта алу үшін оған еиді жұмыр жер бетінде баратын бір-ақ ел қалды. Ол - Ресей ғана еді. Суретшінің гүлдеп өсіп, атағы әлемге әйгілі болғанын білегін, өзі тастап кеткен қайран отаны еді.
1823 жылы әбден қажып-шаршап, жұрттың бәріне өшіккен, ызалы Кипренский Петерборға қайтып келеді.
Петербордың дымқыл аспаны оның жан жарасын өте баяу емдейді. Бұрынғы ескі достары енді онымен не деп сөйлесерін де білмейді. Ешқайсысы Кипренскийден Италия жайын сұрап әуре болмайды. Олардың кездескен самым бер жағымен көңілдене айтатын: "Пәлі, Орест, сен баяғы күйіңнен аумапсың!" — деген бірсарынды сөздері суретшіні өлерден бетер мезі етеді.
Кісі бірін-бірі көп көрмесе достықтың да әлсіреп қалатынын Кипренский енді түсінеді. Ол өткен дәуренін кейде күрсіне еске алса, кейде енжар да салғырт еске алатын еді.
Тек бау-бақшалар, салқын Нева мен зеңгір аспан ғана баяғы қалпында — олардың достығы мәңгілік те баянды. Ол сезім жауабын керек етпейді де. Кипренский өзіне лайық тапсырыс алып, тынымсыз енбек етеді, патша сарайында да болады, онда барғанда Торвальдсеннің мүсініне қарап, таяуда ғана қаза тапқан император Александр Біріншінің суретін салады, сирек те болса, оған қамқоршылары мен достары келіп-кетіп тұрады.
Бірақ мұның бәріне көңілі толмайды. Оның жанары жасып, айналасына алақтап, сұқтана қарайтынды шығарды, даусы да әлсірейді. Күнде ертеңгісін суретші ештеңені де ойламай, еш нәрсеге де құлақ салмай, бірнеше сағат бойы төсекте жатып алатын болды.
Бағзы бір кездері Кипренский полотноға сұрқай немесе ақшыл да қызғылт бояуды. оның жансыз да нәрсіз болып түсіп жатқанын көрмеген кісі сияқтанып жағып жатады да, кенет қылқаламын еденге жын ұрғандай лақтырып тастайды, сосын ілгіштен шекпенін жұлып алып, көшеге жүгіріп шығады. Ол со бетімен қаланың тұман арасында тұрып, шіріп бара жатқан ескі үйлері бар шет аймағына қарай тірі жанды көрмей, дедектеп кетіп бара жатады және со жақтан кеш батқаннан кейін барып бірақ оралады.
Кипренскийді қоршаған Петербор тірлігінен бір нәрсе, суретші есіне Италияны түсіретін кездерде ғана, одан осындай бір оқыс мінез шығатын. Нұрлы ауаны, күн қақтаған ежелгі ұстыңдар мен ақгүл иісін сағынған сайын, оның жүрегі сыздап, жаны ауырады. Кипренский Италияда салған суреттерін дос-жарандарына түсініксіз бір қайсарлықпен қайта-қайта тықпалап көрсетіп, соларды қолма-қол мақтауды талап етеді. Италияда жасаған жұмысының бәрі оған таңғажайып тамаша болып көрінеді. Дос-жарандары бұған қабақтарын түйіп, ештеңеге түсінбей, иықтарын қушитып қоя салады.
Кипренский салған суреттер енді жақсы да, жаман да емес-ті — оның жан сарайының жарығы өшкен тәрізді. Бір күні оған Бенкендорфтың хабаршысы келді. Граф Кипренскийден балаларының портреттерін салуды сұрапты.
Кипренский қолын бір сермеп, келісе кетті. Ол енді Пушкинді сала ма, әлде Бенкендорфты сала ма, Кюхсльбекерді сала ма, әлде Аракчеевті сала ма — оған бәрібір еді. Кипренский өзінің әлсіздігін қазір жасанды ұшқалақтықпен жасырғысы келеді және осыдан көп жылдар бұрын әлдекімдер оған Аракчеевтің портретін салыңыз деп кеңес берген кезде:
— Оның суретін бояумен емес, қанмен, балшықпен салу керек, ал ондай нәрселер менің палитрамда болмайды, — деп айтқан өз сөздерін есіне алмауға тырысады.
Петербордағы осынау соңғы жылдарынан Кипренскийдің есінде екі-ақ оқиға жатталып қалыпты: 1824 жылғы су тасқыны мол Пушкин портретін салғаны сақталыпты.
Су таситын күні Кипренский Италияны бір рет те есіне алмапты. Ертеңгісін ол қабырғаны дірілдеткен зеңбірек дауысынан оянып кетті. Құлазыған үйдің күңгірт дәліздерімен жел азынап тұр. Кипренский шеберхана есігін шалқайта ашып, көңілдене күліп жіберді -ұйқыдан енді ғана оянған жігіттің жып-жылы жүзін теңіз суының лебі желпіді. Далада, терезе сыртыңда, тұнжыраған қара аспан шығысқа қарай жөңкіліп бара жатты.
— Дауыл! — деп айқай салып, Кипренский терезе алдына жүгіріп барды.
Қайта оралған жастық шағы сияқтанып, Петербор үстінде дауыл буырқанып тұр. Баяу жауын терезені шапаттайды. Нева көз алдында көтеріліп, гранит жағалаудан асып төгіледі. Өткен-кеткен кісілер қалпақтарын басып, сап түзеп тұрған үйлерді қуалай жүгіріп барады. Құтырынған жел қала үстіндегі бұлт шымылдығын ашып-жапқан сайын, ызғарлы бір суық жарық бірде лапылдап, шалқып кетсе, енді бірде әлсіреп, сөніп тұрды.
Кипренский төмендеп, көшеге шықты. Зеңбіректер бұрынғыдай емес, жиі-жиі, жаныға гүрсілдейді. Тұла бойы су-су болған ұландар тасқын басқан көшелерді көпіршіте шалпылдатып, әлдеқайда шауып барады. Қарашірік жағылған қайықтар шойын қоршау түбіне байлаулы күйі баяу теңселеді. Нева дөңкиген су толқындарын дөңбекшіте айдап әкеліп, сансыз көпірлер тіреулерінің түбінде қаһарлана арқырап жатыр. Үй-үйде шырағдандар жанып тұр.
Кипренскийдің өн бойын түсініксіз бір шадыман-шаттық биледі, — ол суықтан делебесі қозып, дір-дір етеді. Суретші үйіне асығыс қайтып келіп, дөңгелек шойын пешке от жақты да, бояуларын қолына алды. Осы бір түнерген күн түсін қандай бояумен бергені жақсы болар екен. Кипренский қоңыр, қалампыр түсін таңдап алды. Ол сурет нобайын қауырсын қаламмен шашырата түсірді. Оның "Топан су" деген картинасы осыдан туған еді.
Кипренский Пушкиннің портретін салар кезде, ақын біраз әзіл айтып. көңіл күйіп жасырғысы келсе де, оның бірдеңеге алаң болып тұрғаны анық-тұғын.
Пушкин поэзиясының әсем әрі мен нәрін Кипренский ақынның тап сол сәтте шаршап-шалдыққаннан сарғыш көрінген бет ажары арқылы емес, көзі мен саусақтары арқылы бейнелемек болады. Осынау көзге ол адам жанарында ұшыраса бермейтін мөлдір тазалықты, жарқын нұр мен сабыр-салмақты, ал, ақын саусақтарына сезімтал нәзіктік пен әлуетті күш дарытады.
— Сен маған жәдігөйсіп тұрсың-ау, Орест, — деді Пушкин мұңайып, әлі де бітпеген портретке бір қарай.
Суретшінің таяуда ғана тастап кеткен "Қанатты шабыт елі" аңсап жүргенін сезгендей-ақ, Пушкин бір күні Кипренскийге Италия жайлы өлеңін оқып берген:
...Білесің ғой. шіркін, бұл жерде
Торквато әні шырқалған,
Қайталап соны түндерде
Адриат тулап бұрқанған:
Мәрмәрға жансыз жан берер
Кановаң қайда, ал, бүгін
Қапыда кеткен қайран ер Қ
айда енді қайсар Байроның?..
Кипренский өлеңді басын төмен салып. қылқаламын полотнода ұстаған күйі елтіп тыңдаған. Ол со сәтте ақынның ернін салып жатқан, ал, өлеңді оқығанда жасөспірім кезіндегі ернінен айнымайтын жымқырулы ерін нобайы бүлініп кетеді екен.
— Александр Сергеевич, мен сенің даусыңды өзіммен бірге көрге ала кеткім келер еді, — деді Кипренский төмен қараған күйі.
— Қойшы, Орест, — деді Пушкин, сосын кенет саудагер-чухопкалардың көшеде айқайлап жүретін ащы даусына салып: — құлпынай, құлпынай, құлпынайдың жемісі-ай! — деп айқайлап жіберді.
Кипренский сықылықтай күліп, полотно үстінде қылқаламын ойната бастады.
1827 жылы Кипренский қайтадан Римге жүріп кетеді. Ол Римге барса болғаны, оған бұрынғы атақ-даңқы қайта айналып келетіндей болып көрінеді. Бірақ оның өмір-тірлігі соңғы межеге жақындап қалған еді де, таланты жазылмайтын ауыр дертке шалдыққан болатын.
Римде Кипренский қатты жалығып, зерігіп жүрді. Ол бір өзгеше оқиғаларды, өзгерістерді күтті. Мариучча өсіп, сұңғақ бойлы, сүйкімді қызға айналған еді. Кипренский оған ғашық болып қалады, бірақ оны ұзақ уақыт өзінен де, Мариуччадан да, азды-көпті достарынан да жасырады.
Аңсау мен сағыныштан, беймағлұм бір мазасыз сезіктен көңілі байыз таппай, суретші ішкілікке салынады. Енді жұмыс істесе тез шаршайтын болады, ал, енбексіз ақша қайдан болсын. Содан кейін Италияның жүздеген жылпос суретшілері сияқты, Кипренский де бай шетелдіктер үшін Рафаэльдің, Корреджо мен Микельанджелоның көшірмелерін сала бастайды. Ол өзіне мүлде бейтаныс кісілердің портреттерін тапсырыспен самарқау салып, зеріккеннен есінеп жүре береді.
Суретші осылай біртіндеп өшіп бара жатқанымен, Рим баяғы күйінде. "Сол баяғы қоңыр самал ағаш басын тербейді, сол баяғы раушан гүлдің жұпар иісі аңқиды — осының бәрі қас қағым, өткінші бір дүние ғой".
Күн бұрынғыша жалындап барып батады, суретшілер де бұрынғы әдетін тастамай, соны көруге Пинчио төбесінің басына шығады. Рим кешінің жалтылдаған жарығы мен тұнжыраған ымыртын Гоголь жақсы көрген деседі. Суретшілермен бірге батқан күн шапағын көруге ол да барады екен, егер біреу сонда оның атын атап шақырса, кәдімгідей ашуланып қалады екен.
— Осы бір мейірімсіз дүниеде тым болмаса қас қағымдай бір сөтке жақсы да жайсаң адам болуыма кедергі келтірмеңіз, — деп саңқ етеді екен ол.
Шарапханалардың тас едендерінен бұрынғыша өңез бен шарап иісі шығады, Кипренский кеш сайын ұдайы өзінің жаңа досы гравер Иорданмен осы арада кездеседі. Иордан Кипренскийді жақсы көріп, "Қайырымды жан" деп атайды.
Римде өткізген он жылын Иордан Рафаэльдің "Жаңғыруын" граверлауға жұмсайды. Өз бөлмесінің граверлік станок қойылған кірпіш еденін ол он жылда табанымен ысқылап, шұқырайтып, ойып тастайды. Гоголь осы шұңқыр жайлы суретшілерге әңгіме айтқанды ұнатады екен. Суретшілер Гогольді қатты құрметтейді, бірақ ләм деп үн қатпайтын тұйық жазушыдан ұялатып болады.
Иванов ол кезде өзінің "Христостың халыққа аян болуы" картинасын салып бітірген еді.
Кипренский болса, ұзақты күн остерияларда отырады. Ол үнемі қолына нан алып жүреді де, оны бұралқы иттерге тастайды. Сосын иттер суретшінің соңынан топ-топ болып шұбырып жүреді, ал, шарапханаларға оларды жібермейді. Ал, олар есік алдында жиналып, құйрықтарын бұлғаңдатып, суретшіні сарғая күтіп отырады.
Бірде мына остерияның, енді бірде ана остерияның алдында үйіріліп отырған иттерге қарап, тапсырыс берушілері Кипренскийді тауып алады екен. Олар оны ұдайы шыны тізілген үстел басынан кездестіреді. Ол ең әуелі дәйекшіден шырақ сұрап алып, оны алдына жағып қойып, шарапты ішпей тұрып, жарыққа жақындата ұстап, оған ұзақ уақыт қарайды екен.
— Сүйікті досым, бір өкінішті нәрсе, картиналарды шараппен салуға болмайды. Әйтпесе, біз ез туындыларымызға соншама жарық пен нәзік сәуле дірілін берер едік-ау, — дейді ол бір күні Иорданға.
— Орест Адамович, сіздің бояуларыңыз шараптың құбылмалы ойынынан әсте кем емес, — деп жауап береді Иордан сыпайылап.
Кипренский жактырмай бір кіржиіп, теріс қарайды.
— Өтті де кетті емес пе пәни жалған, — дейді ол бәсең.
Кипренский енді өмір-тірлікте не істеп, не қоятынын да білмей дал болады. Жалғыз басты кісіге өлмешінің күнін көру жайсыз да қиын еді. Әбден титықтаған Кипренский өстіп жүріп, ең соңғы қатесіне ұрынады — Мариуччаға үйленеді. Қыз оны сүймеген, бірақ өзін аштық пен қайыршылықтан құтқарған кісі ретінде, суретшіге үйірсектеп, оны жақын тартып кеткен. Мариуччаға үйлену үшін Кипренский католик дініне кіреді.
Мариуччамен бірге Кипренский Неапольге жүріп кетеді.
Аз уақытқа болса да. бағы ашылып, тұрмысы жеңілдейді. Дімкәс та мұңлы суретші толықсыған жас итальян аруының өзімен бірге тұрып, бірге жүріп жатқанын сот сайын, сағат сайып сезіп отырады. Келіншек оған Италияның тарихы жөніндегі кітаптарды, бейнелеу өнері жайлы ғылыми еңбектер мен өлеңдерді оқып береді.
Мариуччаны сұрқай тірліктің болмашы бір жағымсыз жайттарынан қызғыштай қорғап, ерігіп-зерігуден аман сақтау үшін Кипренский жас әйелдің әрбір қимыл-қозғалысын бағып, көңілдегісін табуға тырысады.
Қыруар ақша елеусіз жұмсалып жатады. Ақша табу үшін Кипренский неден болса да тайынбайды. Ол со мезетте сәнге айналған, түтіндеп тұрған Везувиі бар жылымшы пейзаждарды сала бастайды, әйгілі итальяндар картиналарын көптеп көшіріп, Петерборға саттырады, өзін ақша-қаражатпен қамтамасыз етіп тұрған граф Шереметьев алдында құрдай жорғалап, мәймөңкелеп, оған өлең мен аянышты хаттар жазады:
Жаз да келіп қалыпты,
Менің қалтам қағылды.
Ол Беикендорфтан бес жылдан кейін қайтармақшы болып. жиырма мың сом ақша қарызға сұрайды. Ол, бұрын сіңірген еңбегім үшін маған бір орден берілсе оңды болар еді деп, тұспалдап сәлем де жолдайды. Бірақ Петербор үн қатпайды.
Жазмыштың ісіндей-ақ, суретші бірте-бірте құлдырап құлай берді. Ерік-жігерінің боркемік жасықтығынан, тиянақты талғам мен берік көзқарастың болмауынан, тірліктің қызық-қуанышын қуалаймын деп жүріп, орны толмас жан мен ар қасіретіне ұшырап қалғанын Кипренскийдің өз басы түсінді ме, түсінбеді ме, — оны кім білген?
Егер ол мұны бір түсінбеуін түсінбесе де, өзінің бір қуыс кеуде бейшараға, парасатсыз пасыққа айналып бара жатқанын, ал, романтикалық ғасырдың шын перзенті, көңілді де кемеңгер серінің бейнесі өткен күннің бұлдыр тұманында біржолата жоғалып кеткенін жан-жүрегімен сезген тәрізді.
Неапольде жүргенде Кипренский, ей соңғы күш-жігерін жұмсап, Голенишева-Кутузованың биік поэзияға толы портретін жазады. Оның азаппен салынған арзанқол еңбектерінің ішінен осы бір портрет суретшінің өткен өмірінің соңғы бір шапағындай болып, жарқырап шыға келеді.
Кипренский Мариуччасын ертіп, Неапольден Флоренция мен Болоньяға кетіп қалады, кейін со жақтан Римге қайта оралады.
Осынау құлазып қалған ғажайып қалаларға суретші жанары сөнген жасық көзбен самарқау қарап, гүл-шешекті шөп басып кеткен көшелерді бейжай аралайды. Сонда өткен дәуренін есте есіне алмайды. Ол өткен күндер қызығын аңсаудан да айырылған-ды. Суретші жанға — сая, дертке — дауа болып, соңғы жылдар дүрбелеңін ұмыттыруға жәрдем беретін қамсыз ұйқыға, тыныштыққа, тәтті шарапқа бой алдырған еді.
Римге келгесін Кипренский, бір кезде француз суретшісі Ларрен тұрған Клавдийдің ескі сарайын мекен етеді.
Кипренский шарапқа салынып кетеді. Әр түн сайын ол үйіне ес-түссіз мас болып қайтады және қасыма шарапханалардан шықпайтын күдікті біреулерді ертіп келеді.
"Ұлы суретшіні тап осындай сұрықсыз күйінде көргісі келмеген жас әйел оны көбінесе үйіне кіргізбей қоятын, сосын ол өз үйінің қақпасының түбіне түнеп қалатын", — деп жазады Иордан.
Осындай сәтсіз түннің бірінде, 1836 жылдың қазанында Кипренскийге суық тиіп, бірнеше күн бойы сырқаттанып жүреді де, сосын төсек тартып жатып қалады.
Мариучча бүкіл орыс суретшілерін емдеп жүрген, кәрі дәрігер Риккардиді шақырып әкеледі.
Шаң басқан құс тұлыбынан айнымайтын, жалтыр басты жеңілтек шал секеңдей басып, Кипренский жатқан аласа бөлмеге кіріп келеді. Үйдің жалаңаш тас қабырғасынан салқын сыз еседі. Риккарди айналасын бір шолып, қасын керіп тұрып қалады — атақты суретшінің бөлмесінде бірақ картина — терезе алдында отырған Маруччаның әлі де аяқталмаған портреті ілулі екен.
Кипренский сандырақтап жатыр.
Алыстағы бір бос бөлмеден әлдекімнің асыға басқан аяғының дыбысы жаңғырығы естіледі. Ұзын дәліздер мен бұрыш-бұрыштың бәріне қараңғы түнек ұялапты. Мұндай үйде тұрған кісі жетімсіреп. жалғызсырап, жаурап бітер еді.
Риккарди аурудың тынысын тыңдайды. Күздің түнгі желі Рим үстінен азынай соғады. Көне сарай өзгеше бір дыбыстарға — камин мұржаларының гуіліне, терезе қақпақтарының тырсылына, есік топсаларының сықырына толы еді.
Кипренскийдің жіпсіп жатқан маңдайынан қара шашын қайырып тастап, Риккарди суретшінің қуқыл жүзіне ұзақ қарайды.
— Синьора, — деді ол Мариуччаға, — сіздің күйеуіңіздің өкпесі қабынған. Жел шуылынан мен оның өкпесінің тынысын мұқияттап тыңдай алмай отырмын. Оның халі мүшкіл. Қан алмаса болмайды.
Мариучча үндемейді. О байғұс осы бір сандырақтап жатқан, кенет өзіне мүлде жат болып көрініп кеткен ауру кісі қасында жалғыз қалғысы келмейді.
Кипренский сандырақтап жатып, орысша сөйлейді. Мариучча оның не айтқанына мүлде түсінбейді. Ол егіліп жылайды. Кипренский есін жинап, басында отырған Риккардиға қадалып қарайды да, оны и қолынан ұстай алады.
— Александр Сергеевич, — дейді ол күбірлеп, сақалы қырылмаған жүзінен тарамдалып көз жасы аға бастайды. — Рахмет... Сен осынша алыс жерге қалай келгенсің, сүйіктім...Түннің желдетіп тұрғаны мынау, сен мені жалғыз қалдырып келмеген ғой...
Риккарди науқасқа қарай еңкейе береді.
— Бұл кім? Шаштараз ба? — дейді Кипренский үрпиіп.
— Мен дәрігермін. Есіңізді жинаңызшы. Мен дәрігермін. Сөйлеңіз. — деді Риккарди.
— Менің қаным қоюланып кеткен. Тамыр-тамырларымда бояу қатып қалған. Қанымды ағызып жіберіңізші, ол бойымды жылытпайды. Жүрегімді мұздатып барады, — деді Кипренский байыппен.
— Тамаша! — деді Риккарди.
— Сіз не білесіз, — деді Кипренский сыбырлап. — Ақыл-ойымен. талант-дарынымен жарқырап көзге түскен парасатты ұлы адамдар маған ақ батасын берген. Жуковский менің маңдайымнан сүйген, Пушкин маған арнап элегиялар жазған, ал атақты батырлар өздерінің болат семсерін қандай сенімді десе, менің қолымды да тап сондай, берік те сенімді деп есептеген.
Ол арық қолын жоғары көтеріп, жарыққа жақындатып ұзақ қарады. Риккарди Кипренскийдің қолын дереу шынтағынан қатты қысып, қалайы табақшаны жақындатып қойды да, қылпып тұрған қандауырмен шертіп қалды. Қаракүрең қан шапши шашырап кетті.
Mise rere me, Domine, — деді Кипренский терең бір күрсініп. — Ешкім де білмейді оны... Со бір сүйікті сөздер жүрегімнің махаббаты... тек менің ғана есімде сақталған...
Ол үндемей жатты да, жай ғана күбірледі:
Жалын мүжіп, жара басқан жас жүрек,
Таң атқанша тыпыршиды мұң басып...
Оның бетін тағы да көз жасы жуды.
— Достарымды шақырыңдар! — деді ол кенет жан даусымен айқайлап, сосын төсегіне түрегеп отырды. Қалайы табақша төнкеріліп, ондағы қан сейсеп пен жастыққа төгілді.
— Достарымды шақырыңдар!
Ол төсекке шашыраған қап үстіне құлап түсті, сосын оның өңі жайымен қуқыл тартып, жайбарақат салтанатты күйге түсті. Шырағдандар баяу дірілдеп жанады. Риккарди бетін Кипренскийдің ерніне тигізді.
Азалы күйді ақырып тартқан орасан зор ішекті оркестр сияқты. көпе сарай жел өтінде күңіреніп тұрды.
Қаңыраған залдардан әлдекімнің жедел басқан аяғының тықыры келді құлаққа. Ішке Торвальдсен келіп кірді. Ол Кипрепскийдің азап-тозақтан, кесірлі кеселдеп, ауыр дерттен арылған ақ жүзін, ежелгі дүниенің мәрмәр мүсіндерінен де өткен ғажайып сұлу жүзін көрді.
Торвальдсен қалпағын шешіп, Кипренский денесінің қасына тізесін бүгіп, отыра кетті де, төсектен төмен түскен қолына маңдайын баса берді.
Рим үстінде күз желі сарнап тұрды.
1936 жыл
Аударған Әбілмәжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі