Кескіндеме қарау мен көруге үйретеді (бұлар әр түрлі және өте сирек сәйкес келетін заттар). Соның арқасында кескіндеме балаларда ғана болатын сезімді, жанды күйінде мұнтаздай етіп сақтайды.
Александр Блок
Адам өзінің ғұмырында ешқандай рөл атқармайтын нәрселердің алдында таңғалып тұра қалады: ұстауға келмейтін сәуленің шағылуы алдында, тұқым себуге болмайтын тік жартастар алдында, аспанның ғажайып түр-түсі алдында.
Джон Рескин
Біздің жалқаулығымыз бен надандығымыздан, адамдардың іс-қимылына үн қоспай, жиі-жиі ескерусіз қала беретін даусыз ақиқаттар бар.
Сондай даусыз ақиқаттардың бірі — жазушының шеберлігіне, әсіресе прозашылардың жұмысына катысты. Ол мынадай: өнердің бір-бірімен байланысты барлық саласын — поэзияны, кескіндемені, сәулетті, мүсіндеу мен музыканы білу прозашының ішкі дүниесін төтенше байытады да оның прозасына айрықша айқын ажар-көрік береді. Ол кескіндеменің нұрымен, бояуымен, поэзияға тән сөздің сонылығы және сыйымдылығымен, сәулеттің — өлшем-мөлшерлігімен, мүсін-сызықтарының дөңестігі және анықтығымен, музыканың ырғағымен, әуезділігімен толысып, молая түседі.
Бұның бәрі де прозаның қосымша байлықтары, оның қосалқы түр-түстері тәрізді.
Мен поэзия мен кескіндемені жақсы көрмейтін жазушыларға сенбеймін. Жөн-жосығына келсек, олар ақыл-ойы еріншек те паң адамдар, сүмірейтіп айтсақ — надандар.
Егер жазушы шала қолөнерші емес, шын шебер болса, американ сағызын шайнайтыңдар секілді, өз дәулетін өмірден өжеттікпен сорып алатын тоғышар емес, нағыз құндылықты жасаушы болса, әрине онда ол өзінің әлемді көру мүмкіндігін кеңейтетін нәрсенің ешқайсысынан бас тарта алмайды.
Әңгімені, хикаятты не тіпті ұзақ романды оқып шыққаннан кейін, көбінесе, жадыңда бір солғын адамдардың әбігер-машақатынан басқа, ештеңе де қалмайды. Соларды көргің келіп, қиналасың, бірақ көре алмайсың, өйткені автор оларға тіршіліктің бірде-бір жанды белгісін бермеген.
Со бір әңгімелердің, хикаяттар мен романдардың іс-әрекеттері қайдағы бір бояулары мен жарығы жоқ ызғарлы күнде, автор оны айтқанымен, өзі көзімен көрмеген, сол себепті де бізге, оқырманға көрсетілмеген жерде өтеді.
Тақырыбының бүгінгі заманға арналғанына қарамастан, көбінесе жалған сергектікпен жазылған сол дүниелерден дәрменсіздіктің лебі есіп тұрады. Қуанышты, әсіресе, сол жалған қуанышты, еңбек қуанышымен айырбастауға тырысады.
Осындай торығудың себебі автордың эмоциялық саңыраулығы мен сауатсыздығында ғана емес, бұл оның бұлдыр балық көзіне де қатысты.
Мұндай хикаяттар мен романдарды, шаңлы да қапырық бөлменің әбден желімделіп, бітеліп тасталған терезесі сияқты, быт-шыт етіп, сындырғың келеді, сосын сырттан ішке самал жел, жаңбырдың шуылы, балалардың айқайы, паровоздардың гудоктары, ылғал көшелердің дем-тынысы — қысқасы, сырттай қарағанда, ретсіздеу болып көрінетін күллі өмір, барлық қызығымен-жарығымен, бояуларымен, у-шуымен лап қойып кіріп жатса екен дейсің.
Бізде қазір бейне бір, соқырлар жазған сияқты, кітаптар да аз емес. Ал со кітаптар бірақ көретіндер үшін жазылған, ондай кітаптарды шығарудың бүкіл жосықсыздығы да, міне, осында.
Көзіміздің ашыла түсуі үшін, тек жан-жаққа қарай беру аз. Көре білуді үйренуіміз керек. Жер мен адамдарды, оларды шын сүйген кісі ғана, анық көре алады. Прозаның өңсіздігі, ажар-көркінен айырылуы көбіне-көп жазушының салқын қандылығынан, бұл оның өліп-өшуінің қатерлі белгісі болып табылады. Бірақ бағзы бір кездері мұны мәдениеттің жетіспеуін білдіретін жай ғана шалағайлық деуге де болады. Онда бұл, жұрт айтатын, жөндеуге болатын іс қой.
Жарық пен бояуларды қалай көріп, қалай қабылдауды бізге суретшілер үйрете алады. Олар бізден гөрі тәуірірек көреді. Және олар көргендерін жадында жақсы сақтай біледі.
Менің әлі жас өспірім жазушы шағымда, таныс бір суретші маған былай деген еді:
— Сүйіктім менің, сіз, әлі дүниені онша анық көре алмайды екенсіз. Біраз бұлдырлау көресіз. Хикаяларыңызға қарағанда, сіз тек қана негізгі түр-түстер мен әр нәрсенің қою боялған үстіңгі жағын ғана байқайды екенсіз, ал олардың екінші бір түске айналуы мен әр алуан реңкілері, сізде бәрі бір түсті бірдеңеге айналып кетеді екен.
— Мен оған не істей аламын. Көзім солай болғасын, — деп жауап берген едім.
— Бос сөз! Жіті көз — бірте-бірте болады. Ерінбей-жалықпай жанарыңызды жаттықтырыңыз. Оған бірдеңені күзеттіріп қойыңыз. Бір ай, екі ай бойы дүниенің бәріне түгелдей, сіз оларды міндетті түрде, бояумен саламын ғой деген оймен қараңыз. Трамвайда, автобуста жұрттың бәріне тек осылайша қараңыз. Сосын бір екі-үш күннен кейін, адамдардың бет-жүзінен бұрын, қазіргі көргеніңіздің оннан бірін де байқай алмай келгеніңізге көзіңіз жетеді. Ал екі айдан кейін сіз анық көруді үйренесіз, енді өзіңізді солай етуге күштеп көндіріп жатпайсыз.
Мен суретшінің айтқанына құлақ астым, шынымен-ақ адамдар да, заттар да менің бұрын асығып жүріп, үстірт қарағанымнан әлде қайда қызығырақ екен.
Және мен енді қайта келмейтін, ақымақтықпен құр бекер өткізген күндеріме өкіндім. Сол өткен заманда мен қанша ғажайып дүниелерді көрер едім-ау! Қаншама қызық нәрселер өтті де кетті, енді олар қайтып оралар ма!
Бұл менің суретшіден алған бірінші сабағым еді. Екінші сабағым бұдан да көрнектірек еді.
Бірде күз кезінде мен Мәскеуден Ленинградқа кетіп бара жаттым, бірақ Калинин мен Бологое арқылы емес, Савелов вокзалынан — Калязин мен Хвойная арқылы жүрдім.
Көптеген мәскеуліктер мен ленинградтықтар бұл жолдың бар екенінен де бейхабар. Бұл Бологоеге баратын үйреншікті жолдан әрігерек болса да қызығырақ. Бұның қызық болатыны — ол құлазыған орман-тоғайлы өлкелер арқылы өтеді.
Менің жол серігім үстіндегі киімі өзіне кеңдеу, ойнақы қысық кезді бәкене ғана кісі болып шықты. Ол үлкен бір жәшік майлы бояу мен бір бума сыланған кенепті әкеле жатыр екен. Оның суретші екенін білу қиын емес еді.
Біз әңгімелесе кеттік. Серігім маған Тихвин қаласының түбінде орманшы болып істейтін көңілдесі бар екенін, соның үйінде тұрып, күздің суретін салатынын айтты.
— Сіз неге сонша алысқа, Тихвиннің түбіне бара жатырсыз? — деп сұрадым.
— Сол жақта мен бір мүйісті қатты ұнаттым, — деді ол сырын ашып. — Жер болғанда қандай! Ондай екінші жерді таба алмайсыз. Таза көктерек орманы! Кейбір жерлерінен ғана шыршалар кездеседі. Көктерек тоғайының күзді күнгі ажар-көркін айтпаңыз, ешбір ағаш тап солай болып киінбейді. Оның жапырағының бояуы тап-таза. Қырмызы, сап-сары, ақшыл көк, алтын дақты қара барқын болып келеді. Үстіне күн шуағы түскенде өрттей болып жалындап тұрады. Ол арада қыс түскенше жұмыс істеймін де, қыста Ленинградтың ар жағына, Фин шығанағының жағалауына қарай тартамын. О жақта Ресейдегі ең сұлу бозқырау тұрады. Ондай бозқырауды мен басқа еш жерден де көрген емеспін.
Мен әзілдеп, оған мұндай білім-білікпен суретшілер үшін қай жерден нені жазуға болатынын айтып, аса бағалы жол көрсеткіш жасай алады екенсіз, — дедім.
— Ойыңыз дұрыс-ақ! — деп байсалды жауап берді суретші. — Құрастыру қиын емес. Бірақ одан ешбір мәнпағат шықпайды. Бәрі топырлап бір жерге жиналады, ал қазір олардың әрқайсысы сұлулықты өзі үшін, жеке-жеке іздеп жүр ғой. Бұл әрине, қанша айтқанмен, жақсырақ.
— Неге?
— Еліміздің көркі әр тұрғыдан ашылады да. Орыс жерінде кереметтей әсем жерлердің көптігі сондай, суретшілердің бәріне бірдей енді бір пәлен мың жылға жетеді. Бірақ білесіз бе, — деді ол кенет беймаза кейіппен, — адамдар жерді жағалай таптап, талан-таражға салып жатыр. Ал жердің сұлулығы киелі зат, әлеуметтік өміріміздің ұлы мүлкі. Бұл біздің ең соңғы діттеген мақсатымыздың бірі. Сіздің қалай ойлайтыныңызды білмеймін, бірақ менің бұған көзім анық жетеді. Мұны түсінбеген кісі қалай ғана алдыңғы қатардағы адам бола алады!
Күндіз мен ұйқтап кетіппін, бірақ біраздан кейін көршім мені оятып жіберді.
— Сіз маған ренжи көрмеңіз, — деді ол ұялғаннан қысылып, — тұрғаныңыз жақсы. Алдымызда таңғаларлық суреттер ашылғалы тұр — қыркүйектегі күннің күркіреуі. Қараңызшы!
Мен терезеге үңілдім. Оңтүстік жақтан аспанның жартысын тұтас қамтып, ауыр қара бұлт биіктеп барады. Оны найзағайлар жалтылдап, тітіретіп қояды.
— Ана ғаж-жайыпқа қараңыз! — деді дауыстап суретші. — Бояуларының көбі-ақ! Жарықтың дәп осылай түсуін, сен тіпті Левитанның өзі болып кетсең де, жаза алмайсың.
— Қандай жарықтың түсуі? — дедім мен абдырап.
— Құдай-ау! — деді суретші күйгелектеп. — Сіз қайда қарап отырсыз? Әне, көрдіңіз бе — ана жердегі орман қап-қара, меңіреу... оған қара бұлттың көлеңкесі түскен. Ал оның ар жағында сарғыш сұйық жасыл дақтар: ол алабұлттан көмескіленген күн сәулесі. Анау алыстағы орман күн нұрына малынып тұр. Көрдіңіз бе? Тұтас қызыл алтыннан құйылған тәрізді. Және шұғыла оны жайнатып жіберген. Алтын жалатылған кестелі дуалдан айнымайды. Немесе біздің Тихвиндегі алтынмен аптайтын шеберханалардың ісмер әйелдері кестелеген алып мата шымылдықты көкжиекке тұтып қойған сияқты. Енді беріректегі шыршалар жолағына қараңызшы. Қылқандар бетіндегі қалайы жалтылын көрдіңіз бе? Ол орманның алтын дуалынан түскен нұр. Ол өз жарығымен шыршаларды нұрландырып тұр. Шағылған жарық. Оны жазу — өте қиын, бұзып жіберу оңай. Ал ана бір әлсіз сәулені көрдіңіз бе, мен: — оның жарығының нәзіктігі сондай, оны салу үшін өте байсалды, салмақты қол керек, — дер едім.
Суретші маған қарап, күліп жіберді.
— Күзгі орманнан шағылған жарықтың күші қандай десеңізші? Күпе іші самаладай. Әсіресе сіздің бет-жүзіңіз. Сізді дәп осы қалпыңызда жазар ма еді. Бірақ өкініштісі сол -мұның бәрі қас қағымдық.
— Қас қағымдық жайттарды, жүздеген жылдарға тоқтатып тастау суретшілердің ісі ғой, — дедім мен.
— Жұмылып жатырмыз, — деді суретші. — Егер со қас қағымдық нәрсе, тап қазіргідей өзімізді қапыда қалдырмаса. Ақиқатын айтсақ, суретші ешқашан да бояудан, кенептен ажырамауға тиіс.
Сіздердің, жазушылардың жағдайы жақсырақ. Сіздер мына бояуларды жадыңызда сақтайсыз. Қараңызшы, осының бәрі тез өзгеріп жатыр емес пе. Орманның да бірде жарық болып, бірде күңгірттенуін айтсаңызшы!
Жауын бұлтының алдында бізге қарай жырым-жырым ала бұлттар зулап келеді, өзінің пәрменді қимыл-қозғалысымен олар жердегі бояуларды араластырып жіберді. Алыстағы орман-тоғайларда тоққызылдың, алқызыл мен ақ алтынның, малахиттың (жасыл), қанқызыл мен қара көктің аласапыран тоғысы басталып кетті.
Күн шұғыласы оқта-текте қара бұлтты жарып өтіп, жеке бір қайыңдарға түседі де, олар дереу бірінен соң бірі, алтын маздақтай лап етіп жанып, заматыңда өшіп жатыр. Дауыл алдындағы өкпек жел бояулардың бұл сапырылысын күшейте түсті.
— Ал аспан, аспан қалай-қалай болып кетті! Қараңызшы! Оның қырық құбылып, құлпыруын! — деп қышқырып жіберді суретші.
Дауыл бұлты күл түсті түтін болып, лезде жер бауырлап та үлгірді. Ол бүкіл аумағымен біржолата қарауытып кеткен. Бірақ найзағай жалт еткен сайын, оның жарығы бұлт ішінде тұманды қызғылт оты маздап, сарғылт қайыңдар ұйтқып, көгіс үңгірлері үңірейіп, иір-иір жарылыстары қақырай сөгіліп жатқаны ашылып-айқындалып жатты.
Қара бұлттың тұңғиық тереңіндегі найзағайдың шатырлап жалт еткені қызғылт жалынның лап етуімен ауысты.
Ал жерге жақындаған тұста, бұлт пен орман-тоғайлар арасынан селдете құйып кеткен жаңбыр ұзын белдеу болып, көрініп тұрды.
— Қалай-а! Мұндай сайтанның сапалағын кісі сирек көреттағы! — деп дауыстап қалды суретші.
Біз, ол екеуміз, купе терезесінен дәліздің терезесіне келдік Перделер желден желбіреп, жарықтың епелектеуін күшейтіп жіберді.
Жауын сатырлап, құйып кетті. Жолсерік келіп, асығыс терезелерді көтере бастады. Жаңбыр қиғаш жауып, терезе бетін айғыздап аға жөнелді. Жарық сөнді, тек көкжиектің шалғай бір қиырынан жаңбыр пердесін жарып, орманның алтын жалатқан бір шеті көрініп тұрды.
— Есіңізде бірдеңе қалды ма? — деді суретші.
— Аз-маз бірдеңе.
— Менде де солай, — деді ол қомсынған үнмен. — Қазір жауын өткесін, бояулар жарқырай түседі. Білесіз бе, күн шұғыласы ылғал жапырақтар мен діңдерде құлпырып ойнайды енді. Реті келгесін айтайын, бұлтты күні, жауын алдында жарыққа көз тігіп қараңызшы. Жауынға дейін бір түрлі, жауын кезінде — басқаша, ал жауыннан кейін — мүлде айрықша. Өйткені дымқыл жапырақтар ауаға әлсіз бір жарық қосады. Ол сұрғылт, жұмсақ және жылы. Жалпы — бояу мен жарықты тексеріп, зерттеу ісі, сүйіктім менің — ғанибет нәрсе. Мен өзімнің суретшілік талантымды ештеңеге де айырбастамаймын.
Суретші түнде кішкентай бір станцияда түсіп қалды. Мен онымен қоштасу үшін платформаға шықтым. Керосин шам жарық беріп тұр. Алда паровоз ауыр тыныс алады.
Мен суретшіге бір түрлі қызғанышпен қарадым, кенет әрі қарай жүруге тиіс екеніме, осынау солтүстік жағында бірнеше күнге қала алмайтыным үшін, әр түрлі жұмыстарыма қатты ашуландым. Мұнда әрбір арша гүлдің әр бұтағы кісіні соншама ойға шомдыратыны сондай, олардан прозамен бірнеше поэма жазуға болар еді.
Қазір мені айрықша ренжіткен бір нәрсе, ғұмыр бойы мен тек шегеруге әсте болмайтын, міндетті істермен ғана айналысыппын да, өзіме, жүрегімнің қалауы, әмірі бойынша, жұмыс істеуге тыйым салып келіппін.
Табиғаттың бояулары мен жарықты тек бақылап қана қоймай, оларды өмір-тіршілікке өзек етіп тұру қажет. Өнерге жүрегіңнен берік орын алған материал ғана жарамды.
Прозашыға кескіндеменің маңызды болатын себебі, ол оған бояулар мен жарықты анық танып, оларды жақсы көруіне көмектесіп қана қоймайды. Кескіндеменің тағы да маңызды болатыны, суретші, біз тіпті байқамайтын нәрселерді жиірек көреді. Біз оның суреттерін көргеннен кейін барып, соларға бұрын мүлде назар аудармағанымызға таңданатынымыз бар.
Француз суретшісі Моне Лондонға барады да Вестминстрлік аббаттығын жазады. Моне Лондонның үйреншікті тұманды күнінде жұмыс істейді. Моненің картинасында аббаттықтың готикалык белгілері тұманнан бұлдырап, әрең көрінеді. Сурет асқан шеберлікпен жазылған.
Картина көрмеге қойылған кездері ол лондондықтар арасында абыржушылық тудырады. Олар Монеде тұманның қызыл күрең түрмен боялғанын көріп қайран қалысады, ал оның түрі сұрғылт екені жұрттың бәріне белгілі ғой.
Моненің өжеттігіне әуелі елдің бәрі қатты ашуланады. Бірақ сол ызаланғандар Лондонның көшелеріне шығысымен тұманға байыптап қараса, оның шынында да қызғылт түсті екенін байқайды.
Табанда бұның түсінігін іздеп табуға тырысады. Бәрі тұрып, тұманның қызғылт реңкі түтіннің молдығына байланысты екенімен келіседі. Бұған қоса тұманның бұл түр-түсі Лондонның қызыл кірпіштен салынған үйлерімен де ұласып жатқанын аңғарады.
Бірақ мәселе қалай болсадағы, әйтеуір Моне жеңіске жетеді. Оның картинасынан кейін жұрттың бәрі Лондонның тұманын суретші қалай көрсе, дәп солай көре бастайды.
Егер өз ғұмырымнан алынған мысалға келетін болсақ, орыстың бұлыңғыр бояуларының алуан түсті екенін мен бірінші рет Левитанның "Мәңгі тыныштық құшағында" суретінен кейін ғана көріп білдім.
Соған дейін жауын-шашынды күн менің көзіме сенсек, тек сұрғылт түр-түспен боялғандай көрінетін. Бұлыңғыр күннің кісіні торықтыратын себебі — ол бояу атаулыны жұтып жібереді де дүниенің бәрін майлы сұр тұманмен күргейлеп тастайды деп ойлайтынмын.
Бірақ Левитан сол кісі жабықтыратын сұрғылт бояудың өзінен беймәлім ұлылықты, тіпті салтанаттылықты да көрген және одан көптеген таза бояуларды да тапқан еді. Содан бері қарай бұлыңғыр күн мені онша қинамайтын болды. Бұған керісінше, содан бері қарай мен оны ауасының тазалығы, жүзіңді қаритын суығы үшін, қалайы түстес өзен бетінің жыбырлап жататынын, қара бұлттардың ауыр қозғалысын жақсы көріп кеттім. Ең соңында айтарым, жауын-шашынды күндер кезінде жер бетіндегі ең қарапайым игіліктің өзін - жылы үйді, орыс пешінің отын, самаурынның пысылын, қоналқыға еденге салатын төсеніш ретінде жасалған құрғақ сабанды, жаңбырдың кісіні ұйқыға шақыртатын шатырға тиген шуылын, адамның рақаттанып қалғып-шұлғуы сияқты қарапайым нәрселерді бұрынғыдан бетер бағалай бастайсың.
Әрбір суретші, ол қай заманның, қандай мектептің өкілі болып саналса да, ақиқат болмыстың жаңа бір қыр-сырын, белгілерін ашады.
Сәті түскенде, мен бірнеше рет Дрезден галереясында болдым.
Онда Рафаэльдің "Сикстин мадоннасынан" басқа, баяғы шеберлердің де көптеген картиналары бар, олардың алдына барып аялдау қауіпті. Олар сені жібермей қояды. Оларға сағаттар бойы, тіпті бәлкім, тәуліктер бойы қарауға болатын шығар, бірақ ұзақ уақыт тұрып қараған сайын, мүлде түсініксіз бір жан тебіренісі пайда болады. Ол бірте-бірте күшейіп, адам көз жасына әзер ие болатын күйге жетеді.
Осынау елжіреген көз жасының сыры неде? Оның сыры — бұл полотноларда (суреттерде) рухтың толысып жетілуі мен данышпанның билігі бар, сол себепті де ол бізді тазалыққа, жеке өзіңнің ой-ниетіңнің жігерлі де дегдар болуына ұмтылдырады.
Әсемдікке қарап тұрған кезде, біздің іштей тазаруымыздан бұрын, жан-жүрегімізде бір беймәлім алаңдаушылық сезімі пайда болады. Жаңбыр мен желдің самалы, гүлдеген жердің тынысы, түн жарымдағы аспан мен махаббаттың көз жасы — бәрі түгел жиналып келіп, біздің ғазиз жүрегімізге ұялап, оны мәңгілік билеп алғандай бір күйге түсеміз.
Импрессионистер өздерінің полотноларын күн шуағына шомылдырған тәрізді болып көрінеді. Олар суреттерін ашық аспан астыңда жазған, мүмкін кейде бояуларын әдейі күшейтіп отырған да болуға тиіс. Ақырында, олардың суреттерінде, жер, кісі көзіне қайдағы бір шат-шадыман жарыққа малынып, масайрап тұрғандай болып елестейтін дәрежеге жетеді.
Жер мейрамдағыдай болып кетеді. Бірақ мұнда тұрған ешбір күнә жоқ, өйткені адамға азғантай да болса қуаныш қосқанның да ешбір күнәсі жоқ қой.
Өткен заманның күллі бай мұрасы қалай біздің меншігімізде болып келсе, импрессионизм де тап солай біздің меншігімізде. Одан бас тартатын болсақ — онда өзіңді-өзің саналы түрде шектеушілікке итермелеу болып шығады. Біз, Рафаэльдің данышпандық картинасы діни тақырыпқа жазылған болса да, "Сикстин мадоннасынан" бас тартқан емеспіз. Ендеше, жаңашыл Пикассо, импрессионистер Матисс, Ван Гог немесе Гоген біздерге несімен қауіпті. Реті келгесін айтайын, бұлардың соңғысы таитяндардың тәуелсіздігі үшін, француз билеушілеріне қарсы күрескен ғой.
Бұл суретшілер шығармашылығының қандай қауіпті немесе жаман жақтары бар? Ғажайып суретшілердің үркердей бір тобын адамзат мәдениетінен, оның ішінде орыс мәдениетінен сызып тастау жөніндегі ой қандай күншіл не бейімделгіш адамның басында қалай пайда бола қойды екен?
Пойызда суретшімен кездескеннен кейін, мен Ленинградка бардым. Менің алдымнан оның алаңдары мен пропорционалды үйлерінің салтанатты ансамбльдері қайтадан ашыла берді.
Мен олардың архитектурасының (сәулет) құпия жұмбағын шешу үшін, оларға ұзақ уақыт байыптап қарайтын болдым. Оның сыры — сол ғимараттар кісіге ұлы үйлер сияқты әсер етсе де, өздері шын мәнінде ұлы емес екен. Ең тамаша ғимараттардың бірі, қысқы сарайдың қарсы алдында доға сияқтанып созылып жатқан
Бас штабтың үйі, өзінің биіктігі жағынан төрт қабат үйден биік емес. Ал, бірақ Мәскеудің кез келген биік үйінен әлдеқайда айбынды — ұлы болып көрінеді.
Оның шешімі оңай екен. Ғимараттардың ұлылығы олардың өлшем-мөлшерінің тепе-теңдігінде, үйлесімді-жарасымды пропорцияларында, әшекейлерінің — терезе жақтауы мен маңдайшасының, кертуштер мен барельеф сандарының аздығында болып шықты.
Сол үйлерге мұқияттап қарағаннан кейін, жақсы талғам — ең алдымен, өлшем-мөлшер сезімі екенін анық түсінесің.
Үйлер бөлшектері өлшемдерінің өзара бірдейлік заңы, қарапайымдылықтың заңы тұрғысынан қарағанда, сәулеттің әрбір сызығы анық көрінеді және ол кісіні шын мәніндегі рақат-қызыққа бөлейтініне — осының бәрінің прозаға да бір шама қатысы бар екеніне ез басым кәміл сенемін.
Классикалық архитектуралық формаларды жақсы көретін жазушы, өзінің прозасында ауыр салмақты және қолапайсыз композицияға жол бермейді. Ол бөлімдерінің өзара бірдей болуына, сөздік суретінің дәйектілігіне қатты көңіл бөледі. Ол прозаны сұйылтып жіберетін әшекейдің молдығына — кестелі стиль дейтінге біржолата тыйым салады.
Прозалық туындының композициясы, хикаяттың мән-маңызы мен оқиғалардың заңды ағысын бұзбайтындай, ештеңені қосуға не алып тастауға болмайтындай, жағдайға жеткізілуге тиіс.
Әр кездегі әдетім бойынша, мен уақытымның көбін орыс музейі мен Эрмитажда өткіздім.
Эрмитаж залдарының күңгірт алтынмен апталған алакөбең залдары маған киелі болып елестейтін. Мен Эрмитажға адамзат данышпандығын сақтайтын қойма ретінде кіретінмін. Мен тіпті жасөспірім шағымда, Эрмитажға енгенімде, өзімнің адам болғаным үшін ғана, бақытты сезінген едім. Және адамның қалай уды да шапағатты болатынын түсінген едім.
Әуелгі кездері мен суретшілердің самсап алдымнан шыққанынан абыржып, сасып қалып жүрдім. Мен бояулар мен олардың қанықтығынан басым айналғасын, біраз демалу үшін, мүсіндер қойылған залға кетіп қалатынмын.
Мен онда ұзақ уақыт отыратынмын. Беймәлім эллиндік мүсіншілердің мүсіндеріне не Канованың жай ғана күлімсіреген әйелдеріне қараған сайын, мен, осынау мүсіннің бәрі адамзаттың мөп-мөлдір арайлы таңының хабаршысы екенін анық түсіне бастадым. Сол кезде жүректерді поэзия билейтін болады, ал әлеуметтік құрылым — бәріміз сан жылдар бойы еңбекпен, қам-қарекетпен және жан-жүрегімізді қинап жететін сол бір құрылыс — адамдардың қарым-қатынасы мен адам денесінің әділетті сұлулығына, ақылы мен жүрегінің сұлулығына негізделетін болады.
Біздің жолымыз — алтын ғасырда. Ол келеді. Әрине, оған дейін біздің өмір сүре алмауымыз қынжылтады. Бірақ біз сол ғасыр желінің қазірдің өзінде айналамызда соғып, шулап жатқанын және біздің жүрегімізді күштірек соғуға ұмтылдыратынына бақытты болуға тиіспіз.
Гейне Луврға барып, Милос Шолпанының жанына сағаттар бойы отырып алып, тектен-тек жыламаса керек.
Неге? Адамның жетіліп, кемелденуі де қор болып, тапталғанына ма? Кемелдену жолының ауыр да алыс екенін, ел-жұртқа ақыл-ойының уы мен шарапатын бірге ұсынған Гейненің беймаза жүрегі лүпілдеп ұмтылған аяулы арман жеріне, әрине, ол енді жете алмайтынын анық біледі де жылайды ғой баяғы.
Мүсіннің күші — міне, осында, осынау күштің ішкі от-жалыны жанбаса, алдыңғы қатардағы озық өнер, әсіресе біздің еліміздің өнері тумайды, ендеше толысып піскен проза да тумайды.
Поэзияның прозаға тигізетін әсерін айтудан бұрын, мен музыка туралы бірер сөз қозғамақпын, және музыка мен поэзияны кейде тіпті бөлуге де болмайды.
Музыка туралы осы бір қысқа сөзді, өзіміз прозаның ырғағы мен саздылығы деп атайтын нәрсемен шектеуге тура келеді.
Нағыз прозаның әманда өз ырғағы болады.
Оқырман сөйлемді қиналмай, бірден тұтас қабылдауы үшін, прозаның ырғағы әуел-бастан сөз тіркесін жатық құруды талап етеді. Чехов Горькийге жазған хатында бұл туралы оқырманның ой-санасына "көркем сөз бірден, заматыңда ұялауы керек" — дейді.
Прозаның белгілі бір бөлігінің мінез-кұлқына сөз тіркесінің сәйкес келуінің дұрыстығын тексеріп, байқау үшін, оқырман кітапты ашып қойып, аялдап қалмауы керек.
Жалпы, жазушы оқырманды ұдайы еліктіріп, ынтықтырып, жетелеп отыруға тиіс, оқырман сүрініп кетпес үшін, ол өз мәтінінде шүбәлі де ырғақсыз жерлерді қалдырмай, сол арқылы оны уысынан шығармауы қажет.
Оқырманды еліктіріп, уысынан шығармаудың бір себебі, оны автормен бірдей ойлап, сезініп-түйсінуге жетелеу — жазушының мақсат-мүддесі де және прозаның ықпал-әрекеті де, міне, осында.
Меніңше, прозаның ырғақтылығы ешқашан да жасанды жолмен келмейді. Прозаның ырғағы оның талантына, тілді сезінуіне, "жазушының есіту қабілетіне" тәуелді. Құлақтың осылай түрік болуы белгілі мөлшерде музыкалық есіту қабілетімен үндесіп жатады.
Алайда бәрінен бұрын прозашының тілін оның поэзияны білуі көбірек байытады.
Поэзия бір таңғаларлық ғажайып қасиетке ие, ол әр сөзге оның әуелгі-түптегі мұнтаздай сонылығын қайтарып береді. Ең бір әбден қажалып, "айта-айта тозған", біз үшін өзінің бейнелеушілік сапасын біржолата жоғалтып, сөздің қуыс қабыршағы ретінде ғана қалған сөздер поэзияда жарқырап, әуезденіп, хош иісін аңқытып шыға келеді!
Мұны немен түсіндірерімді өзім де білмеймін. Менің болжауымша, сөз екі жайтта қайта тіріледі.
Біріншіден, оның фонетикалық (дыбыстық) күшін қайтарып берген жағдайда. Ал, мұны прозадан гөрі әндетіп тұрған поэзияда жасау әлдеқайда жеңілірек. Сол себепті де әнде де, не романста да сөздер бізге, үйреншікті сөйлеуден гөрі, күштірек әсер етеді.
Екіншіден, тіпті өңі қашқан сөздің өзі әуезді, сазды қатарға қойған кезде, өлеңнің жалпы әуенін бойына сіңіріп, қалған сөздердің бәрімен үйлесіп, әуездете жөнелгендей болады.
Ақырында айтарым, поэзия аллитерацияға бай. Бұл оның аса қымбатты қасиетінің бірі. Аллитераңияны қолдануға прозаның да қақысы бар.
Бірақ ең басты нәрсе мұнда емес.
Ең басты мәселе, проза кемеліне келіп, жетілген кезде, шын мәнінде оның өзі нағыз поэзия болып кетеді.
Чехов, Лермонтовтың "Тамань" меи Пушкиннің "Капитан қызы" прозаның құнарлы орыс өлеңімен туыстығын дәлелдеп дәйектейді — деп есептеген.
"Проза мен поэзияның арасындағы шекара қайда — мен оны ешқашанда түсінбеспін" — деп жазды Лев Толстой өзінде аса сирек кездесетін қызулықпен. "Жастық шақтың күнделігінде" ол осындай бір-ақ сауал қояды.
"Поэзия мен проза, бақыт пен бақытсыздық неліктен өзара тығыз байланысты. Қалай өмір сүру керек. Кенеттен поэзия мен прозаны қосуға тырысу қажет пе, әлде соның біреуінен ғана рақат тауып, содан кейін барып, екіншісімен зорлап тіршілік ету керек пе?
Арманның ақиқат болмыстан жақсырақ жағы бар; ал ақиқат болмыстың да арманнан артық жағы болады. Толық бақыт осының екеуінің басын біріктіруден туар еді".
Асығыс айтылған бұл сөздерде дұрыс ой бар; әдебиеттегі ең биік, кісіні табындыратын құбылыс, нағыз бақыт болып саналатын нәрсе, поэзия мен прозаның табиғи ұласуы яғни дәлірек айтсақ, поэзияның мән-маңызымен, оның құнарлы нәр-сөлдерімен, аса мөлдір ауасымен, оның тұтқын етер билігімен толысқан проза болып табылар еді.
Бұл жайтта мен "тұтқындайтын" (өзге сөзбен айтсақ — "тұтқынға алатын") деген сөзден сескенбеймін. Өйткені поэзия кісіні тұтқынға түсіреді, және елеусіз жолмен, бірақ ол игеруге болмайтын күшпен адамды шырқау биікке көтереді немесе оны шын мәнінде жердің көркі дерлік жағдайға, яки біздің ата-бабаларымыз қан-жанымен, бірақ ақ-адал пейілімен "жаратылғанның тәжі" деп аталатын деңгейге жақындатады.
Владимир Одоевский "поэзия дегеніміз адамзаттың бірдеңеге жетуді қойып, со жеткен табыстарын пайдалана бастайтын жағдайдың ілкі хабаршысы" деп айтқанда, ол ішінара дұрыс айтқан.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі