Мен Припять өзенін бойлай пароходпен Чернобыль деген жерден Киевке қайтып келе жаттым. Жазда мен Чернобыль түбінде, отставкадағы генерал Левковичтің қараусыз қалған мекен-жайында тұрдым. Менің сыныптағы ұстазым Левковичтің отбасына үй мұғалімі есебінде орналастырған болатын. Мен генералдың кеще ұлын күзде екі емтиханын қайта тапсыруға әзірлеуім керек еді.
Помещиктің үйі төменде, ойпаңда тұратын. Кеш түсісімен төңіректі бұлдыр суық тұман басатын. Көлбақалар со маңайдағы саз табанда тамақтарын жыртып бақылдап жататын және қазанақ иісінен басың айналып, ауыра бастайтын.
Левковичтің кеңкелес ұлдары кешкі шай кезінде террасада отырып-ақ, еріккенінен жабайы үйректерді мылтықтарымен атып жататын.
Левковичтің өзі — бадырақ қара көзді, көк бурыл мұртты, ашуланшақ семіз шал, күні бойы террасада, жұмсақ креслода ошарылып, демікпеден ауа жетпей ентігіп отырар еді. Ол оқта-текте:
— Бұл отбасы емес, еріккендердің шайқасы! Кабак! Бәріңді де қуамын шайтанға! Мұра атаулыдан айырамын! — деп қырылдап, шала бүлінетін.
Бірақ ешкім де оның қарлыға шыққан жарықшақ айқайына көңіл аудармайды. Мекен-жайды да, үйді де оның әйелі — әлі қартая қоймаған, ойнақы мінезді, бірақ тым сараң әйел — "мадам Левкович" басқарады. Ол жаз бойы сықырлаған көрсетін бір шешпейді.
Оның шалағай ұлдарынан басқа, Левковичтің жиырмалар шамасындағы қызы да болатын. Оны "Жанна Дарк" деп атайтын. Ол ертеден кешке дейін ауыздығымен алысқан күрең қара айғырына еркектерше мініп алып, шапқылайтын да жүретін, өзін пері мінезді әйел ретінде көрсетуге тырысатын.
Ол "жеркенемін" деген сөзді айтуды, көп жағдайда тіпті оның мәнісіне түсінбей жатса да, қайталап айтуды жақсы көретін.
Сол қызбен мені таныстырған кезде, ол ат үстінен маған қолын созып жатып, көзіме шаншыла қарап:
— Жеркенемін! — деді.
Мен осынау берекесіз отбасынан қалай құтыларымды білмей, қатты сасып жүргенде, әйтеуір бір күні арбаға, қалың кенеппен жапқан пішен үстіне келіп отырғанда барып, бойымның кереметтей жеңілдеп қалғанын сездім, сосын көшір "Игнатий Лойола" (Левковичтің отбасында бәріне тарихи лақап ат беретін), қарапайым Игнат жіп делбені тартып қалды да біз Чернобыльға қарай аяңдай бердік.
Біздің қоражай қақпасынан шығуымыз мұң екен, аласа орманды даланың тамылжыған тыныштығын бірден сездік.
Біз ілбіп отырып, Чернобыльға күн батарда жеттік те қонақжайға түнеп шықтық. Пароход кешігіп келетін шығар.
Қонақжай егде тартқан, фамилиясы Кушер деп аталатын еврейдің қолында екен.
Ол мені, қабырғаларына жібек тақиялы ақсақалды қариялар мен жасанды шаш — парик киіп, мойындарына шілтерлі қара шалма салған кемпірлердің портреттері ілінген кішкене залға әкеліп жатқызды.
Асханадағы шамдардан керосиннің сасық иісі мүңкиді. Менің биікте тымырсық мамық төсекке жатқаным сол еді, саңылау біткеннің бәрінен шыққан қандалалар маған жамырап келіп бассалды.
Мен атып тұрып, асығыс киіндім де есік алдына шықтым. Үй жағалаудағы құм қасында тұр екен. Припять суы күңгірт жылтырап жатыр. Жағада тақтайларды қатарластыра жинап қойыпты.
Мен кіреберістегі скамейкаға келіп отырдым да гимназиялы шенелімнің жағасын көтере қойдым. Түн суық екен. Бірден қалтырап тоңа бастадым.
Басқыш тепкішегінде бейтаныс екі кісі отыр екен. Қараңғыда мен оларды көре алмадым. Біреуі темекі шегіп отыр да екіншісі бүкірейіп, ұйықтап отырған сияқты. Ауладан Игнатий Лойоланың қорылдаған үні естіледі, — ол арбадағы пішен үстінде жатыр, мен енді оның мына жатысын қызғанатын да сияқтымын.
— Қандала ма? — деп сұрады темекі шегіп отырған кісі менен ашық дауыспен.
Мен оны даусынан таныдым. Ол жалаң аяғына галош іле салған тәпелтек бойлы түксиген еврей болатын. Біз Игнатий Лойола екеуміз келген кезде, ол алдымыздан аулаға кіретін қақпаны ашқан еді, сол үшін де он тиын беруімізді талап еткен. Мен оған он тиынды бергенмін.
Кушер мұны байқап қалды да терезеден:
— Жоғал, менің ауламнан жалаңбұт неме! Саған не, мың рет айту керек пе! — деп айқай салған.
Бірақ галошті кісі Кушерге бұрылып қарамады да. Ол маған көзін бір қысып қойды да:
— Есіттіңіз бе? Біреудің әрбір он тиыны оның ұйқысын ашып жібереді. Мына түрімен бұл әлі сараңдықтан жарылып өледі, осы сөзімді ұмытпаңыз! — деді.
Мен Кушерден ол қандай адам деп сұрағанымда, ол:
— Ә, Иоська ғой! Есуас. Қойшы соны, мен оны түсінемін, — егер күн көрісің жоқ болса, тым құрыса жұртты сыйлау керек емес пе. Сен оларға, тағынан қарайтын Давид патшадай қараудың не керегі бар, — деп жақтырмай жауап қатты.
— Әлгі қандалалар үшін, сіз әлі Кушерге қосымша ақша төлейсіз. Бұл пенде баю жолына түскен екен, ол ештеңеден жеркенбейді, — деді Иоська темекісін сора түсіп, мен со мезетте оның тікірейе өскен қылшығын көрдім.
— Иоська! — деді кенет бүкірейген кісі құмыға шыққан ызалы үнмен. — Сен не үшін Христянің көзін құрттың. Міне, екінші жыл ұйықтаудан қалдым...
— Осындай сасық сөздерді айту үшін, Никифор, кісінің бір тамшы да ақылы болмауы керек шығар, сен мұныңды қой. Оны құртқан мен бе екем?! Ана қасиетті әкелеріңіз Михаилдан сұраңыз, оны кімнің құртқанын. Немесе полиция бастығы Сухаренкодан сұраңыз.
— Асылым менің! Жарқыраған күнім сөнді ғой мәңгіге батпақты қолтабанда, — деп зарлап қоя берді Никифор.
— Жетті! — деп қышқырып қалды оған Иося.
— Оның жаназасын шығаруға да рұхсат етпейді! Киевке дейін, Митрополиттің өзіне дейін жетемін. Қашан күнәсін кешіргенше, соңдарынан қалмаймыи, — деді Иосяны тыңдамай Никифор.
— Жетті! — деп қайталады Иося. — Соның бір тал шашы үшін мен өзімнің бүкіл бейберекет ғұмырымды сатып жіберер едім. Сөзіңіз құрысын сіздің!
Ол кенет жылап жіберді, қанша ұстамды болам десе де, өксігін баса алмады. Өксіп, селкілдеген сайын әлсіз ғана шиқ еткен бір дыбыс шығады.
— Жыла, есерсоқ, — деді Никифор әрі байсалды, әрі оны құптаған үнмен. — Егер сені, жылтыр бет немені, Христя сүймеген болса, мен сені бір қойып, жоқ қылатын едім. Оның күнәсін өз мойныма алар едім.
— Қысқартыңыз! — деп Иося айқайлап жіберді. — Рақым етіңіз! Бәлкім, менің өзім де соны қалайтын шығармын. Бұдан да молада шірігенім жақсы еді.
— Сен есер едің, сол есер күйіңде қалдың, — деді мұңайып Никифор. — Әуелі Киевке барып қайтайын, сосын жүрегімді жаралай бермесің үшін, мен сенің көзінді құртамын. Жаны күйген тәңірісін де қарғайды...
— Сіз үйіңізді кімге қалдырып кетесіз? — деді Иося жылауын қойып.
— Ешкімге де. Есік-терезесін айқастырып шегелеймін де кетемін. Маған енді ол үй — өлікті ұшықтағанмен бірдей.
Мен осы бір түсініксіз әңгімені тыңдадым. Припять үстінен қалың тұман көтеріліп барады. Ылғал тақтайлардан дәрі иісі аңқып тұр. Қыстақтың әр-әр жерінен үрген иттердің даусы келеді.
— Әлгі бір құмыра тәрізді бәлесінің, пароходты айтамын — қашан келетінін білер ме еді! — деді Никифор кейістігін білдіріп. — Біз екеуміз, Иосиф, бір-бір стаканнан тартып жіберер ме едік.
Жанды жемірген жегі дерті жеңілдер ме еді — қайтер еді. Енді оны — арақты қайдан табарсың?
Мен шенел кигесін бойым жылынып, қабырғаға сүйеніп қалғып кетіппін.
Ертеңгілік пароход келмеді. Кушер, ол, тегі тұман түскесін бір жерде түнеп тұрған шығар, оған бола мазасызданудың қажеті жоқ, өйткені пароход бәрібір Чернобыльде бірнеше сағат тұрады деді.
Мен шайды қанғанша іштім. Игнатий Лойола кетіп қалды.
Зерігіп кеткесін, мен қыстақты біраз кездім. Бас көшедегі дүкеншелер ашылыпты. Олардан майшабақ пен кір сабынның иісі шығады. Шаштараздың үлкен шегеге ілулі тұрған маңдайшасы астыңда, есік аясында халат киген секпіл бет шаштараз шекілдеуік шағып тұр.
Басқа ісім болмағасын, мен онда сақалымды қырғызуға кірдім. Шаштараз жеңіл күрсініп, салқын көбікті бет-аузыма бипаздап жақты, сосын уәлаяттар шаштараздарына дағдылы, сыпайы тергеуді — кім екенімді, бұ қалашыққа неге келгенімді жайлап сұрай бастады.
Кенет тақтай төселген тротуармен, терезені жанай, ысқырған, бет-ауыздарын қисаңдатып, улап-шулаған балалар дүркіреп өте шықты, оларға ілесе бізге таныс даусымен Иоська:
Шырқай салған әніммен оятпаймын,
Аруымды толықсып ұйықтап жатқан, — деп қышқырып жіберді.
— Лазарь! — деп айқай салды тақтай қоршаудың ар жағынан бір әйел даусы. — Есіктің ысырмасын жап! Иоська тағы да мас болып жүр. Құдай-ай, дүние не болып барады!
Шаштараз ысырманы жылжытып, есікті жапты да терезе пердесін түсірді.
— Шаштараздан біреуді көрсе болғаны, дереу кіріп келеді де өлең айтып, билеп, жылай бастайды.
— Оған не болған? — деп сұрадым мен.
Бірақ шаштараз жауап беріп үлгірмеді. Қоршаудың ішінен шашы қобыраған, әлденеге таңырқап, жаны тебіренгені себепті көзі жарқырап кеткен жас әйел шыға келді.
— Келгінші, тыңдаңыз! — деді ол. — Біріншіден саламатсыз ба! Екіншіден, Лазарь әңгімені қиюластырып айта алмайды, өйткені еркектің әйел жүрегін тануға әуселесі жетпейді. Не?! Басыңды шайқама, Лазарь! Ал енді ықыласпен тыңдаңыз да мен айтатын нәрсені жақсылап ойлаңыздар. Қыз байғұстың жас жігітке ғашық болғанда қандай азап-тозаққа баратынын біліп қойыңыздар.
— Маня, әсірелеуден сақтан, — деді шаштараз.
Иоська енді, алыс бір жерде әндетіп барады:
Өліп қалсам, жеделдетіп, Көріме менің келіңдер, Майлы шұжық әкеліңдер Шөлмек толы шарапты да беріңдер!
— Мынауы сұмдық қой! — деді Маня. — Бұл Иоська ма! Әлгі фельдшерлікке Киевте оқуға тиіс Иоська ма баяғы, Чернобыльдағы ең қайырымды әйел Песидің ұлы ма? Құдайға шүкір, ол бейбақ мына масқараға дейін дүниеден озды ғой, әйтеуір, сіз, жолаушы, еркек жолында азапқа түсу үшін, әйелдің оны қалай сүю керек екенін түсіндіңіз бе?!
— Сен не айтып тұрсың, Маня! Келгінші сенің сөзіңе мүлде түсінбейді, — деді дауыстап шаштараз.
— Бізде жәрмеңке болып өтті, — деді Маня. — Сол жәрмеңкеге Корниловканың түбінен үй сынық орманшы Никифор, жан дегенде жалғыз қызы Христямен бірге келді. Ах, сіз оны көрсеңіз ғой! Ақылыңыздан адасып қалар едіңіз! Мен сізге айтайын, оның көзі аспан тәрізді көкпеңбек, ал шашын ол алтын сумен жуғандай сап-сары болатын. Мейірімді ақ ерке! Өзі тал шыбықтай жіңішке, айтуға тіл жетпейді! Ал Иоська оны көрісімен тілі байланып қалды. Ғашық болды. Мен өзім, имандай шыным, бұдан таңғаларлықтай ештеңені де таба алмадым. Егер онымен кездесе қалса, тіпті падишаның өзі сағыныштан сарғаяр еді. Бір ғажабы — оны қыз да құлай сүйді. Сіз оны көрдіңіз ғой? Бармақтай бала сияқты, өңі жіп-жирен, даусы шіңкілдеп, ештеңені ретті жолымен істеп көрген жан емес. Бір сөзбен айтсақ, Христя әкесін тастап, Иоськаның үйіне кіріп алды. Өзіңіз барып көріңізші сол үйді! Сүйсініңіз! Онда ол үшеуі ғана емес, тіпті ешкінің өзі тұра алмайтын алақандай еді. Іші мұнтаздай таза. Бұған сіз не дер екенсіз — Песя қызды король қызындай қарсы алды. Және Христя Иоськаның әйелі ретінде тұрып жатты, оның — Иоськаның қуанышында шек жоқ, панар сияқты жарқылдап жүрді. Ал, еврейдің православный әйелмен қосылуының не екенін сіз білесіз бе? Олардың некесін қиюға болмайды. Бүкіл қыстақ жүз мекиен-тауық сияқты қыт-қыттай жөнелді. Содан Иоська айқышқа шоқынып, дінге кіру үшін шіркеуге Михайл әкейге барды. Ол бұған: "Әй, сен әуелі айқышқа шоқынып барып, христиан қызын бүлдіруің керек еді. Сен керісінше жасадың, ал енді мен сені, иерусалимнің ақсүйегі, айқыш сүйгізіп, шоқынта алмаймын", — дейді. Иоська оған бір жаман сөзді айтып, кетіп қалады.. Сосын біздің раввин, біздің ребе іске араласады.. Ол Иоськаның шоқынуға барғанын естіп, синагогада оны кейінгі он буын ұрпақ-жұрағатына дейін қарғайды. Ал со мезетте Никифор келіп, қызының аяғына жығылып, үйге қайтуын өтінеді. Ол егіліп жылағаны болмаса, қасарысып қайтпайды. Екі арада әлде кім оған балаларды астыртын айдап салады. Олар Христяны көрісімен, "Ей, Христя, бейбақ! Бір жапырақ треф (харам) етін жейсің бе?" — деп қиқу салатын болды. Сөйтіп оған екі саусақтың арасынан үшіншісін шығарып көрсетеді. Көшедегілердің бәрі бұған бұрылып қарайды, кетіп бара жатқан әйелге жымысқы көздерін қадап, жырқылдап күліседі. Ал, енді бірде белгісіз әлдекім қора ішінен оның арқасына бір кесек жапаны қондырады. Песя жеңгейдің бүкіл үйіне қара май жағып кетеді, сіз оны көз алдыңызға елестетіп көріңізші?
— Ой, Песя жеңгей! Әйелдің төресі еді! — деді шаштараз күрсініп.
— Тұра тұршы, сөзімді қақпайламай! — деп зекіп жіберді оған Маня. — Раввин өзіне Песя жеңгейді шақырып алып, былай дейді: "Құрметті Песя Израилевна, сіз үйіңізде зинақорлыққа жол бердіңіз. Сіз заңды аяққа бастыңыз. Бұл үшін мен сіздің үйге қарғыс айтамын, ал Иегова құдай сізді сатқын әйел ретінде жазалайды. Сіз өзіңіздің ақшашты басыңызды аясаңызшы", — дейді. Сіз оның раввинге не деп жауап бергенін білесіз бе?! "Сіз раввин емессіз, дейді ол оған, — сіз полицейсіз. Адамдар бірін-бірі сүйді екен, ендеше сіздің майлы қолыңызбен оларды қармалап ұстайтындай не шаруаңыз бар!" Сөйтіп бір түкіріп, кетіп қалады. Содан кейін ол синагогада бұл әйелді тағы қарғайды. Міне бізде адамдарды қалай ауыздықтайтынын көріңіз. Бірақ сіз мұны басқа ешкімге айтпаңыз. Бүкіл қыстақ тек осы іспен күн көргендей болды. Ақырында Иоська мен Христяны полиция бастығы Сухаренко шақырып алады да: "Мен сені, Иоська, грек-орыс шіркеуінің иерейі Михаил әкейді арсыздықпен қорлағаның үшін, сотқа тартамын. Сен сөйтіп, сабазым, каторганың дәмін татасың. Ал, Христяны әкесіне күшпен қайтарамын. Ойланып, толғануыңа үш күн уақыт беремін. Сендер менің күллі уезімді аласапыран еттіңдер. Мен сендер үшін, губернатордан қатты сөгіс аламын", — дейді ытырынып.
Сухаренко табанда Иоськаны суық бөлмеге қамайды — кейін ол тек қорқытайын деп едім деп ақталды. Сосын не болды деп ойлайсыз? Құй сеніңіз, не сенбеңіз, Христя қайғы-қасіреттен қайтыс болды. Оған қараудың өзі бір түрлі аянышты еді. Мейірімді кісілердің жүректері тоқтап қалғандай болды. Ол бірнеше күн бойы күйініп жылады, сосын оның көз жасы да сарқылып қалғандай еді, көзі құрғағанымен, о байғұс нәр татпады. Тек өзін Иоськаға жіберуін сұрап, жалынумен болды. Ал дәп Иом-Кипурде, Кешіру Күнінде, ол кешке салым ұйықтап кеткеннен кейін, қайта оянбады. Сол аппақ бақытты күйінде жата береді, — шамасы, осынау жексұрын өмірден алып кеткені үшін тәңірге алғыс айтып, жатқан секілді. Оған мұндай жазаны неге берді екен, Иоськаны сүйгені үшін бе? Айтыңызшы маған: неге? Бұл дүниеде басқа адам жоқ па еді? Иоськаны Сухаренко бірден босатып жібереді, бірақ ол бірден есалаң болып кетеді, сол күннен бастап ішуді шығарады, және адамдардан қайыр сұрай бастайды.
— Оның орнында мен болсам, одан да өлгенді артық санар едім. Маңдайыма бір оқты қадар едім, — деді шаштараз.
— Па, шіркіннің батырын! — деді Маня дауыстап. — Сондай іс басыңа түскен кезде, ажалды жүз шақырым жерден айналып өтесің. Сендер махаббаттың әйел жүрегін қалай күл етіп, өртеп жіберетінін әсте түсінбейсіңдер.
— Әйел жүрегі, еркек жүрегі дегеннің бәрі бір емес пе — қандай айырмашылығы бар! — деді шаштараз иығын қушитып.
Мен шаштараз орнынан шығып, қонақжайға келдім. Иоська да, Никифор да онда жоқ екен. Кушер көнетоз желетін киіп, терезе алдында шай ішіп отыр екен. Бөлмеде семіз шыбындар ызыңдап ұшып жүрді.
Шап-шағын пароход тек кешке таман келді. Ол Чернобыльда түнемелікке дейін тұрыпты. Маған салондағы тазығырланған клеенкамен тысталған диваннан орын тиді.
Түнде тағы да тұман түсті. Пароход тұмсығымен жағаға тірелді. Сөйтіп ол ертеңіне сәскеге дейін, қашан тұман тарқағанша тұрып алды. Никифорды мен пароходтан көре алмадым, тегі ол Иоськамен бірге ішіп кеткен болуға тиіс.
Менің осы бір жайт туралы тәптіштеп айтып отырған себебім, Киевке кайтып оралғаннан кейін, мен дереу ертеректе алғашқы өлеңдерім жазылған дәптерлерімді өртеп жібердім. Мен өзімнің "бағалы хрустальдар", "сапфир түсті аспан", "таверна" (шарапхана) "гитан" сияқты сұлу сөздерімнің қалай күйіп, күлге айналып жатқанына жаным ашымай, бедірейіп қарадым да тұрдым.
Қиялилықтан бірден айықтым. Махаббат "дала гүлінің солуымен" тамырласып жатпайды екен, қимен-жапамен ұласып жатады екен. Со жапамен ғашық болған ғажайып сұлу әйелді жонынан жалп еткізіп ұрды ғой.
Осыны ойлай келе, мен Христяның тағдыры туралы ең бірінші, өзіме-өзім айтқандайын, "нағыз әңгімені" жазбақшы болдым.
Мен оны жазған кезде көп азаптандым, оның мазмұны қасіретті болғанымен, әңгіменің солғын да реңсіз болып шыққанына көпке дейін түсінбедім. Сосын барып аңғардым: біріншіден әңгіме бөтен біреудің айтқаны арқылы жазылған, екіншіден, мен Христяның махаббатымен көбірек әуестеніп, қыстақтың қатыгез тұрмыс-салтын бір бүйірде қалдырыппын.
Мен әңгімені қайтадан жаңартып жаздым. Оған менің сыпайы, сұлу сөздерім "үйлесіп қойғанына" өзім де таңғалдым. Ол шындық пен қарапайымдылықты талап етті.
Мен өзімнің бірінші әңгімемді, бұрын өдеңдерімді басып келген жорналдың редакцняесына әкелгенімде редактор маған:
— Оқ-дәріні бекер жұмсапсыз, жігітім. Әңгімені басуға болмайды. Мына бір полиция бастығы үшін ғана біздің көкемізді танытады. Бірақ әңгімеңіз мықты жасалыпты. Бізге басқа бірдеңеңізді алып келіңіз, Және, рақым етіп, лақап атпен жазыңыз. Сіз гимназистеіз ғой? Сізді бұл үшін гимназиядан қуып шағады, — деді қамқорсып.
Мен әңгімемді алып кетіп, жасырып қойдым. Тек келесі көктемде ғана оны қайта алып оқығаннан кейін, тағы бір жайтты түсіндім: әңгімеден автор мүлде сезілмейді екен — оның ашуы да, ой-пікірі де, Христяның махаббатына тәнті болуы да білінбейді екен.
Содан кейін мен әңгімені қайтадан өңдеп, редакторға апарып бердім — басу үшін емес, бағалау үшін.
Редактор оны менің көз алдымда оқып шықты да, орнынан тұрып, иығымнан қағып:
— Батамды бердім! — деп бір-ақ кесті.
Сөйтіп мен ғұмырымда тұңғыш рет жазушы үшін ең басты міндет — кез келген нәрседе, тіпті осындай қысқа әңгіменің өзінде жомарт көңілмен, мейлінше толыққанды етіп өзін, сол арқылы уақыты мен халқын көрсету екеніне анық көзім жетті. Осы бір өзіңді көрсету ісінде жазушыны ештеңе де — оқырмандар алдындағы алдамшы ұятты да, басқа қаламгер айтып кеткенді қайталауы да (жаңаша), сыншылар мен редакторға жалтақтау да тоқтатпауға тиіс.
Жұмыс істеп отырған кезде бұны өзіңе бола, әлде, әлемдегі ең қымбат адамыңа бола жазып отырғандайын, дүниенің бәрін ұмыту керек.
Өзіңнің ішкі дүниеңе еркіндік беріп, оған барлық қақпаларды ашу керек, сөйтіп тосыннан-тосын өзіңнің сана-сезіміңде ой-пікірлер, сезімталдық пен поэтикалық күш-жігер бұрын болжағаныңнан әлдеқайда мол екеніне бір түрлі таңырқай қарайтын боласың.
Шығармашылық іс-қимыл өз ағысымен жүре келе жаңа сапаға ие болып, күрделіленіп, байи түседі.
Ол табиғат көктеміне ұқсайды. Күннің жылуы өзгермейді. Бірақ ол карды ерітеді, ауаны, топырақ пен ағаштарды жылытады. Жер беті у-шуға, бұлақ сылдырына, тамшылар мен еріген судың құбылмалы ойынына, көктемнің сан мыңдаған танымал белгілеріне шүпілдеп толады, ал тағы да қайталаймын, бірақ күннің жылуы өзгеріссіз қала береді.
Шығармашылық та дәл осындай. Ой-сана өзінің түпкі мәнісінде өзгермей қала береді, бірақ жұмыс істеу барысында соны ойлар мен образдардың, сезім-түйсіктердің, сөздердің құйынын, тасқыны мен сарқырамасын тудырады. Сол себепті адам кейде өз жазғанына өзі таңданатын болады.
Елге аса мәнді және қызғылықты, жаңа нәрселерді айта алатын адам ғана, жұрттың көбі байқай бермейтін, көп нәрсені көре білетін адам ғана жазушы бола алады.
Енді менің өз басыма келсек, көп ұзамай-ақ мен жұртқа айтарымның тым аз екендігін түсіндім. Егер мұны осы күйінде нәр-құнарсыз қалдырсақ, шығармашылыққа ұмтылу талабының жанбай жатып, сөнуі ғажап емес. Менің тірліктегі бақылауларымның қоры тым қораш та тар еді.
Ол кездері менің іс-қимылымда өмір кітаптан жоғары тұрмай, кітап өмірден жоғары тұратын. Өз қанамды өмірдің қам-қарекетімен меймілдетіп толтыруым керек еді.
Осыны анық түсінгеннен кейін, мен жазуды мүлде қойдым, сөйтіп он жыл бойы. Горький айтқандайын "адамдар арасына кеттім", Ресей байтағын кезіп, кез келген кәсіппен айналыса бастадым, сан алуан адамдармен араласып-құраласу әдетіме айналды.
Бірақ бұл әдейі ойластырылған жасанды өмір емес еді. Мен кәсіби бақылаушы немесе фактілерді жинаушы емес едім.
Жоқ! Мен жұрт қатарлы тіршілік еттім, болашақ кітаптарым үшін, бірдеңелерді жазып алуға немесе жадымда сақтап қалуға тырыспадым.
Мен жай ғана күнелттім, жұмыс істедім, сүйдім-күйдім, азаптандым, үміттендім, армандадым, сонда білгенім, діттегенім бір ғана нәрсе — ерте ме, кеш пе, толысқан кемел жасымда ма, әлде тіпті қартайған шағымда ма — әйтеуір менің жаза бастайтыным анық, сонда бұны мен алдыма осындай міндет қойғандықтан емес, оны менің адамдық бітім-болмысым талап етеді. Өйткені әдебиет мен үшін әлемдегі ең ұлы құбылыс болып табылатын.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі