Композитор Эдвард Григ со бір күзді Берген маңындағы орманда өткізіп жүр еді.
Саңырауқұлақ иісі аңқып, жапырағы сыбдырлаған, орман қандай тамаша. Әсіресе, теңіз маңындағы тау орманына не жетсін, шіркін! Одан асау толқындар шуылы тынбай естіліп жатады. Теңізден көтерілген тұман қаптап келіп орманға шөгеді де, дымқыл ауада қаулап өскен мүк шудадай желкілдеп, ағаш бұтақтарынан жерге тиер-тимес боп желбіреп тұрады.
Бұған қоса тау ормандарынан шақырық құс жырындай жаңғырыға шығатын көңілді бір әуен үзілмейді. Ол кез келген дыбысты қағып алып; күмбірлетіп тау шыңдарынан асырып тастайды.
Бір күні Григ орман ішінен тұлымы желпілдеген кішкентай қызды — орманшы қызын кездестірді. Ол балқарағай теріп, себетіне салып жүр екен.
Қоңыр күз еді. Егер жер бетіндегі алтын мен жез біткеннің бәрін жинап, одан қисапсыз көп жапырақ жасаса да, тау тоғайының күзгі көркінің мыңнан біріне татымас еді. Ал, қолдан жасалған жапырақ нағыз жапыраққа қайдан жетсін, бәрінен де көктерек жапырағын айтсаңшы! Көктеректің ақ жамбыдай жапырақтары сайраған құс лебінің өзінен діріл қағып тұратынын қайтерсің.
— Атың кім сенің? — деп сұрады Григ.
— Дагни Педерсен, — деді балдырған, баяу ғана.
Ол қорыққанынан емес, ұялғанынан жай сөйледі. Неге қорықсын, Григтің көзі күлімсіреп тұр.
— Қап, әттеген-ай, — деді Григ. — Саған сыйға беретін ештеңе болмады-ау. Жанымда қуыршақ та, лента да, барқыттан жасалған жарғақ құлақ қоян да жоқ.
— Менің апам берген ескі қуыршағым бар, — деді кішкентай қыз. — Бір кезде ол жыпылықтап көзін жұматын. Былай жұматын!
Қыз жайымен көзін жұмды. Ол көзін ашқан кезде, Григ көкпеңбек мөлдір көзінде алтын жапырақтардың шырақтай жалтылдап, жанып тұрғанын байқап қалды.
— Ал қазір қуыршақ көзін ашып ұйықтайды, — деді қыз мұңайып. — Қарт адамдардан да ұйқы қашады дейді. Біздің атай да түнімен күркілдеп шығады.
— Сен мені тыңда, Дагни, — деді Григ, — маған бір ой келді. Мен саған бір жақсы нәрсе сыйлаймын. Бірақ тап қазір емес, он жылдан кейін.
Дагни алақанын шарт еткізіп, қолын тарақтады.
— Ой, қалай ұзақ!
— Менің оны жасауым керек.
— Ол не өзі?
— Кейін көресің.
— Сіз сонда өмір бойы бар болғаны бес-алты ойыншық қана жасайтын болғаныңыз ба? — деп сұрады Дагни қабағын түйіп.
Григ сасып қалды.
— Жоқ, тіпті де олай емес, — деді ол не айтарын білмей. — Бәлкім, мен оны бірнеше күнде жасармын. Бірақ ондай затты кішкентай балаға сыйға тартпайды. Әдетте, мен ересек адамдарға ғана сый тартам.
— Мен оны сындырмаймын, — деді Дагни жалынып, Григті жеңінен тартып. — Ешқашан сындырмаймын. Көресіз әлі! Атамның әйнектен жасаған ойыншық қайығы бар. Мен оның шаң-тозаңын күнде сүртіп, тазалап қоямын, бірақ титтей де шетінеткем жоқ.
"Бұ Дагни мені әбден шатастырды-ау", — деп ойлады Григ қысылып, сосын балалардан оңай құтылу үшін, әдетте ересек адамдар айтатын сөзді желеу етті:
— Сен әлі жассың, көп нәрсені түсінбейсің. Шыдамды бол. Ал, енді себетіңді маған бер. Мықшыңдап, әзер көтеріп келесің ғой. Мен сені шығарып салайын, жолай басқа бір нәрсені әңгіме етерміз.
Дагни бір күрсінді де, Григке себетті ұсынды. Себет шынында да зілдей екен. Балқарағай шайырлы келеді де, қарағай жаңғағынан көп ауыр болады.
Ағаш арасынан орманшы үйінің қарасы көрінген кезде Григ серігіне тіл қатты:
— Дагни Педерсен, енді үйге өзің-ақ жүгіріп барасың. Норвегияда сенімен аттас қыз балалар көп-ақ шығар. Әкеңнің аты кім еді?
— Хагеруп, — деді Дагни, сосын маңдайын тыржитып: сіз біздің үйге кіріп шықпайсыз ба? — деп сұрады. — Біздікінде кестелі дастарқан, тарғыл мысық пен әйнек қайық бар. Атам қайығын сізге ұстап көруге рұқсат етеді!
— Рахмет! Қазір уақытым тығыз, — деді. — Хош, Дагни!
Григ қызды шашынан сипады да, адымдай басып, теңізге қарай жүріп кетті. Дагни қабағын түйіп, оның соңынан көпке дейін кезін алмады. Ол себетін қисайтып ұстаған екен, ішіндегі жаңғағы шашылып қалыпты.
"Мен музыка жазамын, — деп ойлады Григ. — Нотаның ең басына "Орманшы Хагеруп Педерсеннің қызы — Дагни Педерсеннің он сегіз жасқа толуына арнаймын" деп жаздырамын.
Берген өзгеріссіз, баяғы бір қалпында. Кілем, шымылдық-перделерді, жұмсақ жиһаз сияқты, дыбыс өшіретін нәрсенің бәрін Григ үйден шығартып тастады. Тек ескі диван ғана орнында қалды. Бір отырғанда оған он шақты адам бірден сиятын болғандықтан да Григ оны қозғамады.
Дос-жарандары композитордың үйін орман отыншысының үйіне ұқсас десіп жүрді. Оған сән беріп тұрған жалғыз рояль еді. Ұшқыр ойлы елгезек кісі бұл үйден өзгеше бір сиқырлы саз есітер еді — түпсіз түнектен ақ жад толқын айдап жатқан терістік теңізінің қаһарлы сарынымен жарыса, ышқына соққан тентек желдің сарнаған азалы үнінен бастап, шүберек қуыршағын әлдилеген кішкене қыздың бесік жырына дейін тыңдар еді.
Рояль дүниенің бәрін жырға қосады — ізгілік пен махаббатқа талпынған адам жанының арыны мен жалынын жырлайды. Рояльдің ақ, қара тілдері Григтің әлуетті саусақтары тигенде жан біткендей бірде қамығып зар төксе, бірде шаттанып сақ-сақ күледі, бірде ашу буып, буырқанып-бусанып кетеді де, кенет пышақ кескендей үзіледі.
Сол сәтте апаларының қорлығына шыдамай егіле жылаған Золушкадай, рояльдің бір ішегі ұзақ сыңсиды.
Осы бір нәзік үн ас үйге жетіп үзілгенше, Григ оны шалқая отырып тыңдайды, ас үйді көптен бері бір шырылдауық шілде мекендеген еді.
Нақ бір саусақпен санағандай-ақ краннан тамған су тамшысының тырс-тырс еткен бірқалыпты дыбысы естіледі. Бұл тамшылар өмірің өтіп барады, ойыңа алғанды орында деп тұрғандай болады. Дагни Педерсенге арналған музыканы Григ айдан аса уақыт жазды.
Қыс түсті. Қаланы тұман басты. Сан алуан елдерден тот басқан кемелер келді, олар буын бұрқырата тыныстап, ағаш айлақтарда қалғып тұр.
Ұзамай қар жауды. Григ терезе алдында тұрып, жапалақтап жауған қардың ағаштардың ұшар басын жанап, көлбей түсіп жатқанын көрді.
Тіліміз қанша шешен, қанша бай болғанымен, музыканы сөзбен айтып жеткізу қиын ғой.
Григ аңсай күткен адам бақыты мен қыз жүрегінің нәзік сырларын күйге қосты.
Ол күй жазып отырып, қуанышқа мас болған жас қыздың көгілдір көзі жарқырап, өзіне қарай жүгіріп келе жатқанын көрді. Қыз оны мойнынан құшақтап, алаулаған ыстық жүзін қарттың қырылмаған ақ сақалды жүзіне басады. "Рахмет!" дейді қыз оған, бірақ неліктен риза екенін өзі де білмейді.
"Сен шұғылалы күндейсің, — дейді Григ оған. — Сен жібек желдейсің. Арайлап атқан таңдайсың. Сенің жүрегіңде ақша гүл шешек атты да, тал бойыңнан көктемнің хош иісін аңқытты. Мен — көпті көрген адаммын. Өмір жайында, тірлік жайында саған әркім-ақ алуан түрлі әңгіме айтар. Бірақ өмірдің таңғажайып тамаша екеніне күмән келтірме. Мен — шалмын, бірақ күллі өмірімді, күш-жігерімді, талант — дарынымды жастарға бағыштадым. Аямай, сарқа бағыштадым. Ендеше, мен сенен де бақыттырақ шығармын, Дагни.
Сен сырлы сәуле шашқан ақ шағала түндейсің. Сен — бақыттың өзісің. Нұрлы таңдайсың. Сенің үніңнен жан тебіренеді.
Сені аялай қоршаған, сенімен жуысқан немесе сенің өзің жанасқан жанның бәріне рахмет жаусын! Сені қуантып, көңіліңе ізгі ой салған дүниенің бәріне нұр жаусын!"
Григтің ұшқыр қиялы осылай шарықтады, ол соның бәрін күйге қосты. Оған әлдекім өзін жасырын тыңдап жүргендей көрінді. Олардың кім екенін білетін де сияқты. Олар ағаш басындағы әнші шымшықтар, порттың серуендеген теңізшілері мен көрші үйдегі кір жуатын әйел , шырылдауық шілде мен жапалақтай ұшқан қар, жамау көйлекті Золушка еді.
Әсем күйді әркім өзінше тыңдайды.
Көк шымшықтар шырылдасып, әбігерленіп қалады. Олар қанша шырылдағанымен рояль үніне ілесе алмайды.
Серуенде жүрген теңізшілер үйдің басқышына отырып алып, үнсіз тыңдайды. Кір жуатын әйел белін жазып, қызарған көзін сүртіп, "ой, дүние-ай" деп басын шайқайды. Ал, шырылдауық шілде пештің жарығынан Григке сығалап қарайды.
Үй ішінен алтын бұлақтың ағысындай болып тамылжи төгіліп жатқан әсем әуезді тыңдау үшін, көбелек қанат қар ауада қалықтап тұрып алады. Ал, Золушка болса, күлімсіреп төмен қарайды. Оның жалаң аяғының жанында жатқан зерлі туфлилер Григтің бөлмесінен шыққан күйдің ырғағымен бір-біріне соқтығысып, билегендей болады.
Үлде мен бүлдеге оранып, концертке келетін сыпайы сырдаңдардан Григ осы бір қарапайым тыңдаушыларын жақсы көреді.
Дагни он сегізге шыққанда мектеп бітірді.
Сол себепті де әкесі оны Христиания қаласына, туған қарындасы Магданың үйіне қыдырып, қонақ болып қайтуға жіберді. Кішкентай қарғашым (Дагни бұрымы тірсегін қаққан сұңғақ бойлы бойжеткен болса да, әкесі оны кішкентайым дейтін) дүние көріп, оң-солын білсін, ел-жұрттың тұрмыс-салтымен таныссын, біраз көңіл көтерсін деп ойлады ол.
Келешекте Дагнидің маңдайына не жазғанын кім білсін, мүмкін, ол ақ пейілді, мейірбан, бірақ сараңдау келген, қой аузынан шөп алмас бір момынға күйеуге шығар. Немесе, деревня дүкеніне сатушы болар. Әйтпесе, Бердендегі толып жатқан кемешілер кеңсесінің біріне қызметке тұрар?
Магда театр тігіншісі еді. Ал, оның күйеуі Нильс сол театрда шаштараз болып істейтін.
Олар театр шатырындағы аядай бөлмеде тұратын. Осы жерден ала-құла кеме жалаулары қаптаған теңіз қойнауы мен Ибсеннің ескерткіші көрінетін.
Ұзақты күнге ашық терезеден кемелер даусы тынбай естіліп жататын. Нильс ағайдың олардың даусына құлағы үйренгені сонша, Копенгагеннен келетін "Нордернейді" , Глазгодан шыққан "Жанна Даркті" гудогына қарап, бірден танимын дейтін
Магда жеңгейдің бөлмесі театрдың ескі-құсқыларынан аяқ алып жүргісіз: мұнда оказер, торғын жібек, шілтер, лента-кестелер, сыған шәлілері, аппақ париктер, жез тағалы саптама етіктер, қылыш-семсерлер, желпуіштер мен жұлығы тозған туфлилер ыбырсып жататын. Осының бәрін жамап-жасқап, тазалап, ине-жіптен шыққандай, жаңартып қоймақ керек. Қабырғада кітаптар мен журналдардан қиып алынған суреттер; Людовик ХІҮ заманының нояндары, кринолин киген сұлулар, серілер, сарафанды орыс әйелдері, матростар мен емен бұтақтарынан венок киген викингтер суреттері ілулі тұратын.
Бұл бөлмеге жарлауыт тік басқышпен көтерілетін. Бұнда сыр мен алтын жалатқан лак иісі қолқаны ататын.
Дагни күн құрғатпай театрға барады. Оның өзі көңіл көтерерлік бір қызық дүние. Бірақ әдетте ойыннан кейін, Дагни көпке дейін ұйықтай алмайды, кейде төсегінде жатып, көңілі бұзылып, жылап та алады.
Мұндай кезде Магда жеңгей Дагнидің асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Сахнада көргеннің бәріне көзсіз сене беруге болмайды ғой, қарғам дейді ол Ал, Нильс ағай болса, әлгі сөзі үшін Магданы мекиен деп келекелеп, кайта театрда көрсетілгеннің бәріне сенбек керек, әйтпесе, жұртқа театр дегеннің қажеті болмас еді дейді. Дагни аға сөзіне сенеді.
Магда жеңгей, ақырында, қоярда-қоймай жүріп, Дагниді концертке баруға көндірді.
Нильс бұған қарсы болмады. "Музыка — кемеңгердің келісті айнасы ғой", — деді ол
Нильс жұрт түсіне бермейтін лепірме, бұлдыр сөзге әуес болатын. Дагни жөнінде ол: сен увертюраның алғашқы аккордтарынан айнымайсың дейтін. Ал оның сөзіне сенер болсақ, Магданың жұртты жасартып, жайнатып жіберетін бір сиқырлы құдіреті бар. Өйткені ол театрға арналған киімдерді тігеді. Ал, жаңа костюм киген кісінің табан астыңда өзгеріп шыға келетінін кім білмейді. Мәселенки, бір актер кеше баскесер қарақшы болса, бүгін ғашық отына күйіп-жанған ашына, ертең — патшаның көңілін көтеретін сайқымазақ, ал бүрсігүні — халық қаһарманы.
— Дагни, қарғам, құлағыңды бас та, осы мылжыңды тыңдамай-ақ қой! Бұ шатырдың шешені не айтып, не қойғанын өзі де білмейді, — деп мұндай кезде Магда жеңгей күйіп-піседі.
Жаймашуақ маусым айы еді. Терістіктің ақ түндері тамылжып тұрған кез. Ойын-сауық атаулының бәрі қала бауында, ашық аспан астыңда қойылады.
Дагни концертке Магда мен Нильске еріп келді. Ол өзінің жалғыз ақ көйлегін кимек болып еді, бірақ, Нильс тұрып, сүйкімді сұлу қыз оманда өз төңірегіндегі елден ерекше көзге түсетіндей болып киінбек керек деді. Ұзын сөздің қысқасы, — ақ түнде әйел мойыл қара көйлек кисе, қараңғы түндері шағаладай шаңқан бозға оранып, жарқырап шықпағы лазым.
Нильспен сөз таластырудан пайда жоқ, сол себепті де, Дагни жібектей жұмсақ барқыттан тігілген қара көйлек киді. Магда оны театрдың шеберханасынан әкелген-ді.
Дагни әлгі көйлекті киген шақта, Магда: Нильс дұрыс айтқан екен деп күйеуін қостай кетті. Өйткені, Дагнидің ай нұрындай ақ жүзі мен жауырынынан төмен құлаған алтын бұрымын мақпал қара көйлек ашып, ажарландырып жібереді екен.
— Магда, қарашы, Дагни қандай көрікті еді, ғашығымен алғаш көріспекке бара жатқандай, — деді Нильс ағай бәсең ғана.
— Әп, бәрекелді, тауып айттың ғой! Бәсе, менімен алғаш көріспекке келгенде, ғашықтықтан ақылынан адаса жаздаған әлгі бір әсем жігіт сен екенсің ғой. О, көке мылжыңым сол, — деп жауап қатты Магда.
Сосын барып Нилье ағайды маңдайынан шап еткізді.
Әдет бойынша, порттағы ескі зеңбіректен бір дүркін оқ атылғаннан кейін ғана концерт басталды. Зеңбірек даусы күн ұяға қонғанын жария ететін.
Ымырт үйірілгеніне қарамастан дирижер де, оркестранттар да алдарындағы шамдарын жақпады. Түннің жарықтығы сонша, жөке жапырағының арасынан сығалаған шамдар да концерттің, сән-салтанатты, әсерлі болуы үшін әдейі жағылған сияқты еді.
Дагнидің симфониядық музыканы тұңғыш рет тыңдағаны осы. Әсем саз оған өзгеше әсер еткендей. Оркестр үні шарықтай шырқап, құйқылжи төгілген сайын Дагнидің көз алдынан өң мен түс арасындагыдай бір ғажайып суреттер құлпыра құбылып өтіп жатты.
Сосын ол оқыс селт етіп, сахнаға көз тікті. Концерт кестесін жариялап жүрген фракты арық жігіт оған өз есімін атағандай болды.
— Мені шақырған сенбісің, Нильс! — деп сұрады Дагни Нильс ағайдан, оған бұрылып қарап, жақтырмай қабағын түйді.
Нильс ағай әлденеден шошынғандай, әлденеге қайран қалғандай Дагниге қарайды. Аузын орамалымен басып Магда жеңгей де оған телміріп қарап қапты.
— Не болды соншама? — деді Дагни. Магда оны білегінен ұстай алып:
— Тыңда! — деп сыбырлады.
Дагни сонда ғана фрак киген жігіт сөзін есітті:
— Соңғы қатарда отырған тыңдаушылар менен кезекті нөмірді қайталауды сұрайды. Сонымен, қазір Эдвард Григтің, орманшы Хагеруп Педерсеннің қызы Дагни Педерсеннің он сегіз жасқа толуына әдейі арнаған атақты музыкалық пьесасы орындалады.
Дагнидің кеудесін кере, қатты күрсінгені сонша, көкірегі сыздап қоя берді. Ол осы бір тыныс-күрсінісімен тамағына тығылып кеп тура қалған көз жасын ұстамақ еді, бірақ одан қайран болмады. Дагни еңкейе түсіп, бетін қолымен көлегейледі.
Әуелгі кезде ол ештеңе естімеді. Көңілі алай-түлей, абыржулы. Біраздан кейін барып қана таңертең ертемен тамылжи шыққан қойшы сыбызғысының сұлу сазын есітті, оған жүздеген дауыс жауап қатқандай, дірілдеп, жаңғырығып барып, ішекті оркестр үн қосты.
Күй әуезі арындап, шалқып, желдей есті, биік ағаштардың ұшар басын суылдата тербеп, жапырақтар саудыратып шашу шашты, көкорай шалғынды теңселтіп, жауынды сіркірете бетке бүрікті. Дагни күйден шыққан жұмсақ желдің жүзінен бір желпіп өткенін сезіп, тынышталып сабасына түсе бастады.
Тaп өзі. Мынау оның туған орманы, атақоныс мекені. Оның жанына балаған таулары, тулаған теңізі, сыбызғының сырлы үні!
Көгілдір кемелер теңізді көпіршіте тіліп барады. Оның желкен діңгектерінде жел гуілдейді. Осы әуен біртіндеп барып, қоңыраулы орманның күмбірлеген күйіне, шексіз көкте шалықтаған құстар қанатының суылына, жамыраса шуласқан балалар үніне, таң алдында ашынасы терезесін тас қиыршықпен соғып белгі берген қыз туралы әнге айналды. Дагни бұл әнді тауда жүргенде талай естіген.
Баяғы кісі осы екен ғой. Балқарағай салынған себетті үйіне дейін әкелуге көмектескен ұзын бойлы, ақ шашты кісі. Ол сиқырлы саз иесі, ұлы музыкант Эдвард Григ екен. Ұялмай-қызармай, жұмысқа шабан екенсіз деп жазғырып еді-ау оны.
Он жылдан кейін тарту етем деген сыйы осы екен ғой.
Дагни жиналған жұрттан қысылмай, жылап қоя берді, реніштен емес, қуаныштан риза болып жылады. Бұл кезде жер мен қала үстін жапқан ала бұлт арасынан құдіретті музыка үні кернеп кетіп еді. Шалқыған күйден бұлт жүзінде майда білезік толқын ойнады. Олардың ара-арасынан жұлдыздар жымыңдасып тұр.
Музыка енді әуелгідей тамылжыта он төкпейді. Ол тыңдаушы жұртты әлдеқайда шақырады. Толқындаған асқақ күй өзімен бірге сүйген жүректі қайғы бұлты шалмайтын елге, бақытқа таласып, қырық пышақ болмайтын жерге, күн шұғыласы ертедегі хор қызының басындағы алтын тәждей нұр шашып тұратын елге шақырады.
Мың құбылған әсем әуез арасынан кенет таныс дауыс естілді. "Сен — бақыт құсысың. Сен — арайлап атқан таңдайсың!" — деді ол.
Музыка үні баяулап барып үзілді. Әуелі жай, самарқау соғылған алақандар бірте-бірте күшейіп, төңіректі жаңғырықтырып жіберді.
Дагни орнынан тұрып, баудан шығатын қақпаға қарай тез-тез басып жүріп кетті. Жұрттың бәрі бұрылып, оны көзімен ұзатып салысты. Бәлкім, олардың бағзы біреулері Григ өлмес-өшпес ғажайып дүниесін арнаған Дагни Педерсен дәл осы қыз болар деп ойлаған да шығар, кім білсін.
"Ол қайтыс болды! Неге, неліктен?" — деп ойлады Дагни. Тағы бір көрер ме еді оны! Аяңдай басып жетіп келсе осында! Дагни онда жүрегі лүпілдей соғып, жүгіріп барып, мойнына асыла кетер еді, көз жасы парлап, жүзін оның бетіне басып "рахмет!" деген бір-ақ сөзді айтар еді. "Неге?" деп сұрар еді ол "Өзім де білмеймін... — деп жауап қатар еді Дагни. — Сіздің мені ұмытпағаныңызға көп-көп рахмет! Жан-жүрегіңіздің жомарттығына рахмет! Адам өмірінің өзегі болатын таңғажайып сыр-жырды маған айтып бергеніңізге рахмет!"
Дагни құлазыған иесіз көшемен жүріп келеді. Ол өз соңынан, көзге түсіп қалмас үшін бой тасалап, Магда жұмсаған Нильс келе жатқанын аңғармады. Нильс мас адамдай теңселе басып келеді, ол көңілсіз сұрқай тірлігінде бір керемет оқиға болғанын күбірлеп айтып келеді.
Меңіреу түн күңгірт көрпесімен қаланы қымтап тастаған. Бірақ терезе-терезеден терістік таны құлан иектеніп атқандай, көмескі жарық көрінеді.
Дагни сол бетімен теңізден келіп бір-ақ шықты. Айдын беті қыбыр етпейді, маужырап ұйықтап жатыр.
Дагни өз қолын өзі қысып ұстап, не екенін айқын білмесе де, тұла-бойын билеген бір тәтті сезімнен — дүние қандай әсем еді деген сезімнен көңілі жадырап сала берді.
— Дүние, тыңда мені. Мен саған асықпын! — деді ол жайымен.
Сосын самаладай жарқыраған кеме оттарына қуана көз тастап, сыңғырлай күлді. Кемелер сұрғылт тымық суда баяу тербеліп тұрды.
Таяқ тастам жерде тұрған Нильс қыз күлкісін есітті де, ізінше үйіне қайтты. Енді ол Дагни үшін қам жемейді. Қыз өмірі бекер өтпейтініне енді кәміл сенеді.
1953 жыл
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі