Алексей Максимович Горький туралы жазылған дүниенің көптігі сондай, егер оның орасан зор тұлғасы болмаса, кісі оп-оңай қысылып-қымсынып, соған дейінгі жазылғандарға жаңадан бірде-бір жол қоспай, шегініп кете берер еді.
Горький біздің әрқайсымыздың ғұмырымызда үлкен орын алады. Мен тіпті оның біздің өмір-тіршілігімізде орнықты түрде ұдайы бола беретінін сездіріп-білдіретін "Горькийлік сезім" бар екенін айтудан да жасқанбаймын.
Мен үшін бір Горькийде — бүкіл Ресей бар. Мен өзімнің көз алдыма Ресейді Еділ өзенінсіз қалай елестете алмайтын болсам, тап солай, Горький онда жоқ қой деп, әсте ойлай алмаймын.
Ол шексіз талантты орыс халқының өкілетті елшісі болды. Ол Ресейді жақсы көретін және оны егжей-тегжейіне дейін, геологтер айтатыңдайын, күллі "қатпарларына дейін" — кеңістік пен уақыттағы орнын қоса — түгел білетін. Осынау елде ол елеусіз қалдырған ештемеде жоқ шығар, тек өзінше, оның және Горькийше ғана көріп-білмеген нәрсесі де жоқ болуға тиіс.
Ол тұтас бір дәуірді анықтайтын адам еді. Горький тәрізді адамнан жыл санауды бастауға да болар еді.
Онымен бірінші рет танысарымда, оның сәл ғана еңкіштігі мен көмейінен сөйлейтініне қарамастан, мені бәрінен бұрын оның сырттай сыпайы көрінетін әсемдігі қайран қалдырды. Горький ол кездері кісінің іштей кемеліне келіп жетілуі, оның сыртқы бейнесіне, ым-ишарасына, сөйлеу мәнеріне, киіміне — адамның жалпы бітім-бейнесіне, өшпес із қалдыратын рухани жағынан гүлдеп, толысып пісуінің дер шағында болатын.
Оның сенімді күш-жігерімен қосылған осынау әсемдігі — салалы саусақты жалпақ қолынан, сабырлы да байыпты көзқарасынан, жүріс-тұрысынан және сәл ғана кеңдеу, әртістер тәрізді салақтау етіп кие салатын кәстөмінен көрініп тұратын.
Мен оны жиі-жиі өз ойымша, ол туралы маған Қырымда, Тесселидегі Горькийдің үйінде тұрған бір жазушы қалай айтса, тап сол күйінде көріп жүрдім.
Бұл жазушы бір күні ұйқыдан ерте оянады да терезенің алдына барады. Теңіз қатты толқып, аунақшып жатыр екен. Оңтүстіктен тегеурінді шымыр жел соғып, бау ағаштарын шулатып, бәтперектерді зырылдата айналдырып жатады.
Жазушы тұратын шағын үйден қол созым жерде, зәулім бәйтерек тұр екен. Аспанмен таласып өскен терек дер еді ол туралы Гоголь. Жазушы ә-дегеннен, Горькийдің терекке жақын жерде аса таяғына сүйеніп, басын көтеріп, қуатты ағашқа байыптай қарап тұрғанын көреді.
Теректің күллі жамыраған қалың жапырағы дауылдан дірілдеп шулап тұрады. Барша жапырақтар күмістей жылтыраған ішкі жатып көрсетіп, жел ығына қарай ышқына созылып тұрады. Терек, алып бір орган сияқты, гуілдей түседі дейді.
Кешкі ас кезінде жазушы батылданып, Горькийден ертеңгілік терек жанында тұрып, не айтқанын сұрайды. Горький оған таңғалмай, жайбарақат жауап береді:
— Пәле, сіз менің сыртымнан қараған екенсіз ғой, ендеше мойындайын. Мен — қандай құдіреттілік! — дедім.
Мен бірде Горькийдің қала сыртыңдағы Горькийдегі үйінде болдым. Өркеш-өркеш, жеп-жеңіл ала бұлтты аспан-көктің селдір көлеңкесі Мәскеу өзенінің арғы бетіндегі көкорай шалғынды, гүл-шешекті қырқа жоталарына теңбіл-теңбіл болып түсіп тұрған, жарқын жаз күні болатын. Бөлмелерде жылы жел есіп тұрды.
Горький менің соңғы хикаятым "Колхида" туралы — мен дәп бір қоңыржай үйек табиғатының танымал білгірі сияқты сөйлесті. Мен бұдан қатты қысылдым. Бірақ, соған қарамастан, біз, иттер безгекпен ауыра ма деген тақырыпта дауласып қалдық, ақыр соңында Горький ұтылғанын мойындады, тіпті жадырай күліп, өз басынан өткен бір жайтты айтты, бір кездері Потидің маңынан безгекпен ауырып, жүндері үрпиіп, күркілдеген тауықтарды көргені бар екен.
Ол қазір біздің ешқайсысымыз сөйлей алмайтын тілмен — бедерлі де нәрлі тілмен сөйлейтін.
Мен ол кездері біздің бір теңізшінің, капитан Гернеттің аса сирек кездесетін кітабын оқып шыққан едім. Ол "Мұз теміреткілер" деп аталатын.
Гернет бір кездері Жапонияда советтің теңіз өкілі болып істейді, сол кітапты өзі жазып, баспаханада әріптерін өзі тереді, өйткені жапондардың арасында орыс тілін білетін теруші болмайды, сөйтіп кітапты небәрі бес жүз дана етіп, жапонның жұқа қағазына бастырады.
Бұл кітабында капитан Гернет Еуропаға миоценнің қоңыржай үйек климатын қайтару жөніндегі өзінің өткір ойлы теориясын баяндайды. Миоцен дәуірінде финдер бұғазының жағалауында, тіпті Шпицбергеннің өзінде магнолия мен кипарис ормандары өскен көрінеді.
Мен бұл арада Гернеттің теориясын оның бақайшағына дейін шағып айтып бере алмаймын — ол үшін тым көп уақыт керек болар еді. Бірақ Гернет, егер Гренландияның мұз сауытын ерітіп жіберетіндей мүмкіндік табылатын болса, онда Еуропаға миоцен қайтып оралар еді де, табиғаттың алтын ғасыры туар еді, деген ойды жоққа шығара алмайтыңдай етіп дәлелдейді.
Бұл теорияның бірден-бір осал жері Гренландия мұзын еріту мүлде мүмкін емес еді. Енді қазір атом энергиясы ашылғаннан кейін, ол туралы, бәлкім, ойластырып көруге де болатын шығар.
Мен Горькийге Гарнеттің теориясы туралы айттым. Ол саусақтарымен үстелді барабандатып отырды, со сәтте ол маған мені тек сыпайылық үшін тыңдап отырғандай болып көрінді. Бірақ ол сол теорияға ден қойып, оның сындарлы қисындылығына, тіпті қайдағы бір салтанаттылығына тәнті болып отыр екен.
Ол айтқан сайын жаны жадырап, бұл теорияны ұзақ уақыт талқылады, сосын оны Ресейде көп таралыммен шығару үшін, кітапты өзіне жіберуімді сұрады. Сосын тағы да бізді қадам басқан сайын қандай ақылды да ізгі тосын жаңалықтардың күтіп тұратынын да біраз әңгімеледі.
Бірақ Гернеттің бұл кітабын Алексей Максимович бастырып үлгірмеді — өзі көп ұзамай қайтыс болды.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі