(әңгіме)
Әрбір жазушының дерлік өз шабыттандырушысы, қайырымды данышпаны болады, әдетте, ол да жазушы болып келеді.
Оның кітаптарынан тек қана бірнеше жолын оқысаңыз болды — со заматта өзіңнің де жазғың келіп кетеді. Кейбір кітаптардан ашытқының сөлі шапшып шыға келетіндей-ақ, бізді мас қылып, "дертін" жұқтырып, қолыңа қалам алуға зорлап көндіреді.
Бір ғажабы, сондай жазушы, қайырымды дана көбінесе өз шығармашылығының сипаты, мәнері мен тақырыптары жөнінен бізден қашық тұратын болып шығады.
Мен бір әдебиетшіні — мықты реалисті, тұрмыс тақырыбына жазатын, аса салауатты және байсалды кісіні білемін. Ол үшін ағып тұрған қиялшы-фантаст Александр Грин сондай қайырымды дана болып табылады.
Гайдар өзінің дем берушісі деп Диккенсті атайтын. Ал маған келсек, менің өзім Стендаль прозасынан мүлде алыс жатқан заттарды жазсамдағы, Стендальдің "Римнен жіберілген хаттарының" кез келген беттері мені дереу жазуға кірісуге шақырады, бұл менің өзімді де таңғалдырады. Бір күні күзде, мен Стендальді оқығаннан кейін, "Кордон-273" — Пре өзені бойындағы қорық орманы туралы әңгіме жаздым. Ол әңгімеден Стендальмен ортақ ештеңені де табуға болмайды.
Мен бұл жайт жөнінде тіпті де ойланбағанымды мойындауым керек. Менің бұны еске алып отырған себебім, үстірттеу қарағанда, жазушылардың жұмыс істеуіне жәрдем беретін, елеусіз болып көрінетін көптеген жағдайлар мен үйреншікті әдеттер туралы сөйлегім келіп кеткені.
Пушкиннің бәрінен де гөрі күзде жақсы жазатыны ел-жұртқа белгілі нәрсе. "Болдино күзінің" таңғаларлық жемісті шығармашылықтың қосалқы аты болып кеткені тегіннен-тегін емес.
"Күз жақындап келеді, — деп жазды Пушкин Плетневке. — Бұл-менің жақсы көретін кезім. — Әдетте денсаулығым жақсара түседі, менің әдеби еңбегімнің кезеңі келе жатыр".
Бұл арадағы істің мәнісін түсіну, тегінде, қиын емес.
Күз — бұл мелдірлік пен суықтық, алыс шалғайы ап-анық болып көрініп, тынысы аңқылдап тұратын "қоштасар сәттегі сұлулық". Күз табиғатқа сараңдықпен өз суретін салады. Ормандар мен тоғайлардың жирен қызылы мен алтыны сағат санап сирей түседі де бұтақтарды жалаңаштап, олардың сызықтарын адырайтып көрсете бастайды.
Кісі жанары күз пейзажының айқындығына үйрене түседі. Осынау анық айқындық бірте-бірте жазушының ой-санасын, қиялын, қолын билеп алады. Проза мен поэзияның бұлағы тап-таза мұздай суын сылдыратып ағады, онда тек оқта-текте мұз сынықтары әндетіп қояды. Басың жаңарып, жүрегің бір қалпында дүрсілдей соғады. Тек саусақтарың ғана сәл жаурағандай болады.
Күзде адам ойының егіні толысып піседі. Бұл туралы Баратынский жақсы айтқан: "Егін піседі толысып сәтіменен, ақыл-ой дәндерінен сен оны жинайсың да, адамдардың тағдырын толық түсініп".
Пушкин, өзінің сөзіне қарағанда, әрбір күз сайын қайтадан гүлдейді екен. Әрбір күзде жасарып отырған. Әсілінде, Гейненің кемеңгерлер өмірінің өне бойында жасөспірім шағы бірнеше рет қайтып оралып отырады деген сөзі дұрыс болса керек.
Күздің сондай бір күнінде Пушкин поэтикалық шығармашылықтың күрделі үрдісін көз алдыңа елестететіндей ғажап бейнелейтін бір өлең жазды.
Мен әлемді ұмытам тәтті тыныштыққа бөлеңіп
Қиялыма еліктеп қалғып кетем іші-бауырым елжіреп,
Со бір сәтте кеудемдегі поэзия оянад:
Лирикалық тебіреністен жаным тыным таппайды:
Тыпырлайды, дауыстайды, іздейді түс көргендей,
Емін-еркін төгу үшін сыр-жырын —
Со мезетте маған қарай келе жатад көрінбейтін
ір үйірі қонақтың,
Таныстарым баяғы, арманымның жемістері.
Басымдағы батыл ойлар толғанады — толқиды,
Ырғақтарым жеп-жеңіл боп соларға қарай жүгіред,
Енді менің саусақтарым қаламға, қаламым қағазға қарай ұмтылад.
Сәлден кейін — өлең кетеді емін-еркін ағындап.
Бұл шығармашылықты қайран қаларлық нәзіктікпен талдау. Бұны тек адам жаны жаңғырып, шырқау биікке шыққанда ғана жасауға болар еді.
Пушкиннің тағы бір ерекшелігі болыпты. Ол өз нәрселерін жазғанда, шығара алмай қойған жерлеріне ешқашан да аялдамаған, оларды өткізіп жіберіп, әрі қарай жаза беретін болған. Сосын кейінірек ол өтіп кеткен жерлеріне қайта оралып отырған, бірақ тек шабытты шақтарында ғана, оны ол ешқашан да зорлап шақырмауға тырысқан.
Мен Гайдардың қалай жұмыс істейтінін көрдім. Бұл әдетте жазушылардың қалай еңбек ететініне мүлде ұқсамайтын бірдеңе еді.
Біз ол кезде мешер орманында, деревняда тұрып жаттық. Гайдар село көшесіне қараған үлкен үйден қоныс тепті, ал мен баудың түкпіріндегі бұрынғы аядай моншаға барып жайғастым.
Гайдар ол уақытта "Барабаншының тағдырын" жазып жүрген болатын. Біз таңертеңнен түске дейін, бір-бірімізді балық аулаумен қызықтырмай, адал, ақ пейілмен жұмыс істемекші болып келістік.
Бір күні мен моншасымағымда ашық терезе алдында жазып отырған едім. Әлі парақтың төрттен бірін де жазып үлгірмей жатып, Гайдардың үлкен үйден шығып, мүлде бейқам және енжар пішінмен менің тереземді жанай өтіп кеткенін көрдім.
Мен оны байқамаған сыңай таныттым. Гайдар өзінше бірдеңе деп күбірлеп, бау ішімен біраз жүрді де тағы да менің тереземнің алдынан өте берді, бірақ маған тиіспек болғаны анық көрініп тұрды. Ол баяу ысқырып, көлгірсіп жөтелді.
Мен үн қатпадым. Сол-ақ екен, Гайдар мені жанай үшінші рет өтті де маған ызалана бір қарап қойды. Мен үндемей отыра бердім.
Гайдар бұған шыдамады.
— Әй, — деді ол, — ақымақсығаныңды қой! Сенің сыдыртып тез жазатының сондай, еңсеңді сәл ғана көтеруіңе болады ғой. Бәлсінуін, Боборыкиндей болып! Мен тап осылай жазар болсам, онда менің жүз он сегіз томдық толық шығармалар жинағым болар еді.
Бұл цифр оған қатты ұнап қалса керек. Ол шын көңілден:
— Жүз он сегіз томнан! Бір томы да кем емес! — деді құшырланып.
— Кәне, айта қойшы: саған не керек өзі? — дедім.
— Маған сенің, мен ойлап тапқан бірер сөзді, тыңдағаның керек.
— Қандай сөз?
— Міне, тыңда: "Шал байғұс күйзелді келіп, күйзелді келіп!" — десті жолаушылар. Жақсы ма?
— Мен оны қайдан білем! Оның қай жерде тұрғанына, неге қатысы бар екеніне қарасайшы, — дедім мен.
Гайдар қатты ашуланды.
"Неге қатысы бар", "Неге қатысы бар!" — деп ол мені кекетіп алды. Кімге, не керек болса, соған қатысы бардағы! Енді қасыңнан шайтан табылсын! Омалып отырғын да, шығармаларыңды сусылдатып жаза бер. Мен барып, осы сөз тізбегін жазамын.
Бірақ ұзаққа шыдамады. Жиырма минуттан кейін ол қайтадан менің тереземнің түбіне келіп, сенделіп жүріп алды.
— Кәне, тағы қандай кемеңгерлік сөзді ойлап таптың?" — дедім мен оған.
— Тұр құлағыңды, бұрын мен сені, осы шіркін, ыбылжыған зиялы әрі әзілкеш пе деп шүбәлана қараушы едім саған. Енді бұған анық көзім жетті. Сонда бар ғой — күйінішпен көзім жетті — деді Гайдар.
— Тайып тұр бұл арадан! Рақым ет, кедергі жасама! — дедім мен.
— Қандай Лажечников, қарай гор! — деді Гайдар, әйтеуір бірақ кетіп қалды.
Араға бес минут салып, ол қайта келді, алыстан маған жаңа сөз тізбегін айқайлап айтты. Онысы тосын және жатық екен. Мен оны мақтай қойдым. Гайдарға керегі де сол еді.
— Міне! Мен енді саған қайта келмеймін. Ешқашан да! Сенің көмегіңсіз-ақ бірдеңе етіп, жазармын, — деді ол
Және кенет кісі шошырлық француз тілімен:
О ревуар, месье, л, экривен рюс совьетик! — деді былдырлап.
Со кездері ол француз тіліне ынтық болып, оны енді ғана оқып, үйрене бастаған еді.
Гайдар тағы бірнеше рет бауға қайта оралды, бірақ маған бөгет жасамады, әріректегі жолмен бірдеңені күбірлеп айтып жүрді.
Ол солай жүріп, сөз тізбегін ойлап табатын да сосын оны қолма-қол жазатын, сосын тағы ойлап табатын. Ол күні бойы үйден бауға келетін. Мен бұған таңғалып, Гайдардың хикаяты әрең-әрең ілбіп келе жатыр деп ойладым. Бірақ кейін оның қулық жасағаны, жазғаны бір-бір сөзден емес, одан әлдеқайда көбірек жазатыны анықталды.
Екі аптадан кейін ол "Барабаншының тағдырын" бітірді де моншасымақтағы маған жүзі жайнап, жайдары күйде келген ол:
— Қаласаң, мен саған хикаятты оқып берейін, — деді.
Әрине, мен оны шын ықыласпен тыңдағым келді.
— Ендеше, тыңда! — деді Гайдар бөлменің дәп ортасына барып, қолын қалтасына салды.
— Қолжазбаң қайда? — дедім мен.
Көріскенше, орыс-совет жазушысы мырза.
— Тек шала-шарпы дирижерлер ғана, — деді Гайдар ақылдымсып, — партитураны алдына, пюпитр үстіне қояды. Маған қолжазбаның қажеті қанша! Ол үстел үстінде тынығып жатыр. Сен тыңдайсың ба, жоқ па?
Сосын ол маған хикаяны бірінші жолынан бастап, ең соңғы жолына дейін жатқа айтып берді.
— Дегенмен де сен бірдеңені бір жерінде шатыстырып жібердің, — дедім мен күмәнданып.
— Бәс тігем! — деді Гайдар дауыстап. — Қателесу оннан аспайды! Егер сен ұтылып қалсаң, ертең Рязаньға жөнелесің де, сондағы барахолкадан маған бағы заманның барометрін сатып әкелесің. Менің оған назарым бірден ауған. Әне бір, жаңбыр кезінде басына абажур киетін кемпір бар еді ғой, есіңде ме? Қазір мен қолжазбаны әкелемін.
Ол қолжазбаны әкелді және хикаятты екінші рет жатқа оқып шықты. Мен қолжазба арқылы өкшелеп отырдым. Ол тек бірнеше жерде ғана қателесті, оның өзі де болар-болмас. Сол үшін біз — Гайдар бәстесуде ұтты ма, әлде ұтылды ма — деп бірнеше күн таласып-тартысумен болдық.
Қалпы, мен оны мәз-мейрам етіп қуандырып, барометрді сатып алып бердім. Со бір қолапайсыз жез дөңбекпен біз өзіміздің балық аулайтын тіршілігімізді сәйкестеп, реттемекші болдық, бірақ ә дегеннен "басы — бапан, аяғы — сапан" халге ұшырадық, барометр "ұлы қуаңшылық" болжағанынан кейін, үш күн бойы сылпылдап жаңбыр жауып, біз суға малынып қалдық.
Сол бір әзіл-қалжыңымыз, ойын-күлкіміз, әдебиетпен, көлдер мен көне өзен арнасында үзіліп қалған қарасулардан балық аулау туралы дау-шарымыз бір үзіліп көрмеген керемет жақсы уақыт болатын. Міне, осының бәрі бізге өзіміз де сезбейтін бір ғажайып жазуымызға жәрдемдесіп тұрды.
Федин өзінің "Төтенше жаз" романын жаза бастаған кезде, менің онымен бірге болуыма тура келді.
Менің сол туралы жазғанымды Федин кешіре жатар. Бірақ маған әрбір жазушының, әсіресе Федин сияқты шебердің, жұмыс істеу мәнері, тек жазушылар үшін ғана емес, әдебиетті сүйетін барша адамдарға қызықты да пайдалы болады деп ойлаймын.
Біз сонда Гаграда, дәп теңіз жиегіндегі шағын үйде тұрып жаттық. Революцияға дейінгі арзанқол "жиһазды" үйлер секілді, со бір үй де ала көбең үңгір әлпеттес еді.
Дауыл көтерілген кезде, ол жел мен толқындар соққысынан сықырлап, шатырлап, көз алдыңда көбелері сөгіліп, жалп-жалп құлайтындай болып сезілетін. Өтпелі желден құлыптары жұлынып алынған есіктер жайыменен ызғарлана ашылып барып, бірнеше секунд ойланып тұратын да, кенет тарс етіп қатты жабылатыны сондай, үй төбесінің сылағы қопсып түсетін.
Жаңа және Көне Гагралардың бұралқы төбеттерінің бәрі осы үйдің айваны астыңда түнейтін. Кейде үй иелерінің уақытша жоқтығын пайдаланып, олар бөлмелерге кіріп, кереуеттерге шығып, алаңсыз қорылдап ұйықтап жататын.
Сонда сіздің кереуетіңізді басып алған төбеттің мінез-құлқын бажайлап жатпай-ақ, бөлмеге сескене, абайлап кіру керек болатын. Ұяты бар, именшек төбет болса, дереу атып тұрып, жанұшыра шаңқылдап сыртқа тұра қашатын. Егер сіз аңламай оның жолына тұрып қалсаңыз, ол қорыққаннан өзіңізді қауып алуы да мүмкін еді.
Егер төбет тасыр да тәжрибелі болып келсе, ол кереуетте жатқан күйі, сізден зәрлі көзін жазбай бақылап, кәрлене ырылдайтыны сондай, көмекке көршілерді шақыруға тура келетін.
Федин тұрған бөлменің терезесі теңіз жақтағы айванға шығатын. Буырқанған дауыл кезінде айвандағы өрілген креслоларды шашыранды судан ылғалданып қалмасын деп, сол терезенің алдына үйіп тастайтын. Со креслолар үйіндісінің үстінде әманда төбеттер жайғасып алып, үстел қасында жазып отырған Фединге жоғарыдан төмен қарайтын. Төбеттер бұның жарық та жылы бөлмесіне кіруді аңсап, баяу ұлып қоятын.
Әуелгі кезде Федин төбеттерден зәресі ұшып, қорқатынын айтып шағынатын. Ол қолжазбасынан басын көтеріп, терезеге ойланып тұрып, бір қараса болғаны, ондаған иттер көзінің өзіне от шашып, кектене тесірей қалатынын көретін. Ол бұдан, өзінің жылы жерде отырып алып, қағаз бетіне қалам ұшын сыдыртып, мәнсіз бір іспен шұғылданатыны үшін айыпты кісідейін, кәдімгідей ыңғайсызданып жүргенін сезеді.
Бұл, әрине, белгілі бір мөлшерде Фединнің жұмыс істеуіне кедергі жасады, бірақ ол біраздан кейін бұған бойы үйреніп, иттерге көңіл аудармайтын болды.
Сірә, біздің тұрмысымыздың қарапайымдығы мен жайсыздығы оның есіне сия қатып қалатын бөлмеде терезе алдында отырып, кез келген жағдайда жаза беретін жастық шағымызды есіне түсірді ғой деп ойлаймын.
Жазушылардың көпшілігі ертеңгілік, кейбіреуі күндіз де, ал біразы — түнде жазады.
Федин тәуліктің кез келген сағатыңда жұмыс істей беретін, жиі-жиі солай ететін де. Тек анда-санда, дем алу үшін үзіліс жасайтын.
Ол түнде, теңіздің мігірсіз гуілін елемей жаза беретін. Со бір үйреншікті шуыл оған ешбір бөгет жасамайтын, тіпті, жәрдемдесетін де еді. Оған, қайта, тыныштық кедергі келтіретін.
Бірде жеті түнде Федин мені оятып, толқып тұрып:
— Білесің бе, теңіз үндемей қалды. Жүр айванға шығып тыңдайық, — деді ол.
Жағалауға жасырынып келіп, түпсіз терең, ғаламшарлы тыныштық аялдаған тәрізді. Біз қараңғыдан тым болмаса, толқынның әлсіз шылпылын есітеміз бе деп үн-түнсіз тұра қалдық, бірақ құлағымыздағы шудан өзге, ештеңені естімедік. Ол қанымыздың әуені еді. Ғаламның сонау шырқау биік-түнегінде жұлдыздар күңгірттене жылтырайды. Теңіздің үзілмейтін шуылына әдеттеніп кеткен біз, тіпті мынадай тыныштықтан көңліміз кәдімгідей басылып қалған тәрізді. Федин сол түні жұмыс істемеді.
Еркімнен тыс Фединді сыртынан бақылап жүріп, менің білгенім, ол, кезекті тарауы әбден ойланылып, жан-жақты тексеріліп, ой-толғаныстарымен, естеліктерімен байытылған, санасында әрбір сөз тізбектеріне дейін түзілген жайтта ғана жазуға отырады екен.
Федин тек өзі анық көрген нәрсені ғана және ол тұтас дүниесімен жымдасып, байланысып жатса ғана жазатын.
Фединнің айқын да орнықты ақылы мен жіті көзі ойжоба мен оны іске асырудың босаңсып кетуімен әсте келіспес еді. Фединнің пікіріне қарағанда, проза дәлдіктің шырқау шегіне жеткенше өңделіп-жөнделіп, алмастай қатты болғанынша шыңдалуға тиіс.
Флобер бүкіл ғұмырын сөз саптауды жетілдіре түсудің азапты жолына бағыштады. Прозасын криеталдай тазалыққа жеткізу ісінде ол кейде тоқтай алмай қалатын, бәз бір кездері қолжазбаны өңдеу ол үшін прозаны жетілдіре түсудің жолы емес, өзіндік дербес мақсатқа айналып кететін. Ол нәрсені дұрыс бағалау қабілетінен айырылып, шаршап-шалдығып, жаны торығып, өз дүниелерін жансыздандырып, өлексенің күйіне жеткізетін, яғни Гоголь айтқандайын, "суретті сала-сала сүмірейтіп қоятын".
Федин оманда дәл мерзімінде тоқтай алады. Оның көкірегіндегі сыншы ешқашан қалғымайды, бірақ жазушыны басып тастамайды.
Әдебиет теорияшылары "персонификаңия" деп атайтын жазушы қасиеті, қарапайым сөзбен айтқанда, өз кейіпкерінің тұрпатына еніп, түрлену қабілетінің Флоберге етене тән қасиет болғандығы сондай, оларға басынан кешіріп жатқан нәрселердің бәрін, жазушы өз басынан өткергендейін, күйіп-жанып отырады екен.
У ішіп өлетін Эмма Боваридің ажалын сипаттау үстінде, Флобер өзінен де уланудың белгілерін анық сезеді де дәрігерден көмек сұрауға мәжбүр болады.
Флобер шын мәнінде азапкер болған. Оның өте шабан жазатыны сондай: "мұндай жұмыс үшін, өз мұрныңды өзіңнің бұзғаның жөн" — дейді екен күйініп.
Бальзак үшін де, өз кейіпкерлері өзіне тым жақын тірі адамдар болады. Ол кейде қатты ашуланып, оларға оңбағандар мен ақымақтар деп қарлыққан дауыспен зекірсе, енді бірде оларды күлкі етіп, иықтарынан қағып, қолпаштап отырған, ал тағы бірде олар бақытсыз бір күйге ұшырағанда, оларды ебедейсіз сөздермен жұбатады екен.
Өз кейіпкерлерінің шынайылығына және олар туралы жазғанының ақиқаттығына Бальзактың құлай сенетіні фантастикалық деңгейде болған. Бұған оның ғұмырында кездескен, білуге тұрарлық бір жайт куә бола алады.
Бальзактің бір әңгімесінде жас сопы қыз бар (оның аты есімде қалмапты, бірақ оның атын Жанна дей салайықшы). Әдарияттың (монастырь) бибісі жуас Жаннаны сопыхананың қайдағы бір ісін реттеуге Парижге жібереді. Жас сопы қыз астананың көруге көз талатын, жалт-жұлт етіп, жайнап жатқан аласапыран өміріне қайран қалады. Ол газ шамдардың жарығымен дүкен жаймаларына қойылған ел естімеген байлықтарға сағаттар бойы жаутаңдап қарайды. Ол жұпар иісті жұп-жұқа көйлектер киген әйелдерді көреді. Со бір көйлектер әлгі сұлуларды бейне бір шешіндіретіндей-ақ, олардың сымбатты арқалары мен тік аяқтарының кішкене сүйір кеуделерінің әсемдігін ашып көрсеткендей еді.
Қыз еркектердің кісіні ішпей мас ететін ғашықтық лебіздерін, тұспалдап айтқан сөздерін, көлгірсіген сыбыр-сыпсыңдарын естиді. Жүрегі тулап, кеудесін төмпештейді. Қайдағы бір белгісіз бау ішінде, шынардың қою көлеңкесі аясында, әлдекімнің мұны тұңғыш рет зорлап сүйгені, күннің күркіріндей болып, оны ақыл-есінен тандырады.
Ол Парижде қалып қояды. Ол әдарияттың күллі ақшасын шашып, Париждің әзәзіл сиқырлы сұлуына айналады.
Бір айдан кейін ол жезөкшелік жолына түседі.
Бұл хикаясында Бальзак сол кездері тіршілік етіп жатқан бір әйел әдариятының атын атайды. Бальзактың кітабы оның бибісіне кездейсоқ тап болады. Дәп сол әдариятта Жанна атты балғын сопы қыз бар екен. Бибі оны өзіне шақырып алып:
— Бальзак мырзаның сіз туралы не жазғанын білесіз бе? Ол бізді масқара етті. Ол біздің ғибадатхананы қаралады. Ол әрі өсекші, әрі құдайға тіл тигізуші! Оқыңыз! — дейді қаһарланып.
Қыз әңгімені оқып, жылап қоя береді.
— Кідірме! — деп айқайлап жібереді бибі. — Кідірмеңіз, жедел жинадыңыз, Парижге аттаныңыз да одан Бальзак мырзаны тауып алыңыз, сосын одан бұның өсек екенін, оның бұрын тіпті Парижде ешқашан да болып көрмеген мұнтаздай таза қызды қорлағанын күллі Францияға хабарлауын талап етіңіз. Ол біздің әдариятты, барша таупиықты қауымымызды масқаралады. Мейлі, ол өзінің есуас күнәсін жуу үшін, тәубеге келсін. Сіз бұны оған жасатпай қоймаңыз. Солай болмаған күнде, мұнда қайтып келмегеніңіздің өзі жақсы.
Жанна Парижге жүріп кетеді. Ол Бальзакты тауып алады, көп қиындықпен оның қабылдауында болады.
Ол үстіне ескі халат киіп, азбан шошқадай болып, алқына демалып отыр екен. Бөлмесі темекінің көк ала түтінінен көрінбейді. Үстел үстінде асығыс жазылған қағаз парақтары үйіліп жатыр.
Бальзак қабағын шытып отыр. Оған уақыт жетпейді — оның ғұмыры елуден кем роман жазбауға күн ілгері есептеліп қойылған. Бальзактің өткір көзі алмастай жалтылдайды. Ол сол көзін Жаннадан алар емес.
Жанна мөлиіп жерге қарады, жүзі дуылдап, құдайдан жәрдем сұрап, Бальзак мырзаға әдарияттағы күллі оқиғаны айтып берді, сосын Бальзак мырзаның неге екені беймәлім ниетпен, мұның пәктігі мен қадір-қасиетіне түсірген масқара қорлық көлеңкесін алып тастауын сұрайды.
Бальзак осынау ұяң мінезді, сұлу сопы қыздың өзінен не тілеп отырғанын түсінбегені анық еді.
— Қайдағы қорлық көлеңкесі? Мен жазған нәрселердің бәрі әманда қасиетті шындық болып келеді, — деді ол
Жанна өтінішін қайта айтты да:
— Мені аяңыз, Бальзак мырза. Егер сіз маған көмектескіңіз келмесе, онда не істейтінімді өзім де білмеймін, — деді бәсең үнмен.
Бальзак ұшып тұрды. Оның көзі ызалана жалт етті.
— Қалайша?! — деді ол қышқырып. — Сіз не істейтініңізді білмейсіз бе? Сізбен болған жайттардың бәрі менде айдан анық етіп жазылған ғой! Айдан анық! Енді қандай күмән-күдік болуы мүмкін?
— Сіз шынымен-ақ менің Парижде қалуым керек деп айтқыңыз келе ме? — деді Жанна.
— Иә! Иә, шайтан алғыр! — деді ол айқайлап.
— Және сіз менің анда...
— Жоқ, шайтан алғыр! — деп тағы да айқай салды Бальзак. Мен тек мына бір қара қаптал шапаныңызды шешіп тастауыңызды тілеймін. Сіздің жанды інжу сияқты, таңғажайып балғын денеңіз қуаныш пен махаббаттың не екенін білсе екен деймін. Сіздің қалай күлуді үйренуіңізді қалаймын. Барыңыз енді! Барыңыз. Бірақ жез өзекшелік жолына емес.
Бальзак Жаннаның білегінен ұстап алып, шығатын есікке қарай жетелей берді.
— Менің айтатынымның бәрі сонда жазылған, — деді ол
— Барыңыз! Сіз өте сүйкімдісіз, Жанна, бірақ сізге бола, мен үш бет мәтінді жоғалттым. Және қандай мәтін десеңізші!
Жанна әдариятқа қайта орала алмады, өйткені Бальзак мырза одан қорлық таңбасын алып тастаған жоқ. Қыз Парижде қалып қойды. Арада жыл өткеннен кейін жұрт оны "Күміс таң" деп аталатын студенттердің шағын думанханасынан көріпті деседі. Ол өте көңілді, бақытты да әйбат екен.
Жазушылар қанша болса, сонша жұмыс дағдысы болады.
Рязанның түбіндегі, өзім жоғарыда атап өткен, үйден мен біздің белгілі граверіміз Иорданның гравер Пожалостинге жазған хатын тауып алдым (бұл хаттар туралы да атап өткенмін).
Сол хаттың біреуінде Иордан бір итальян картинасының көшірмесіне гравюра жасауға екі жылымды жұмсадым деп жазады. Жұмыс үстінде ол ұдайы қолына граверлік тақтаны ұстап, ұдайы үстелді айналып, тырпылдап жүре береді де кірпіш еденде айқын із қалдырады.
"Мен сілелеп шаршайтынмын, — деп жазады Иордан, — бірақ мен әйтеуір жүрдім ғой, қозғалдым ғой. Ал конторка (биік үстел) қасында түрегеп тұрып жұмыс істеп әдеттенген Николай Васильевич Гоголь қалай шаршауға тиіс еді десеңізші. Әне, өз ісінің шын мәніндегі азапкері деп соны айтыңыз".
Лев Толстой тек ертеңгілікте ғана жұмыс істейді екен. Ол әрбір жазушы кеудесінде өзінің меншікті сыншысы отырады дейді екен. Ол сыншы бәрінен де ертеңгілік ашуланшақ болады, ал түнде ұйықтап қалады, сол себепті де жазушы түнде толығынан өз бетіменен жіберіледі де қатаң бақылаусыз жұмыс істеп, басы артық нәрсені, жаман нәрсені көбірек жазады. Сонда ол тек ертеңгілік қана еңбектенетін Руссо мен Диккенске арқа сүйейді екен, және түнде жұмыс істеуді жақсы көретін Достоевский мен Байрон өз талантына қарсы шығып, күнә жасаған деп есептейтін болған.
Достоевскийдің жазушылық жұмысының ауыртпалығы тек түнемелікте ғана жұмыс істеп, және сол кезде үздіксіз шай ішіп отыратындығында ғана емес. Сайып келгенде бұл оның жұмысының сапаеына онша көп әсер етпеген.
Оның ауыртпалығы — Достоевский ұдайы ақшасыздық пен қарыздан құтыла алмаған, сондықтан да ол әманда лаждың жоғынан көп жазатын және асығыс жазатын болған.
Ол уақыты тым аз қалғанда жазуға отырады екен және өзінің бірде-бір нәрсесін жайбарақат отырып, бар күшін толық жұмсап істемеген. Ол өз романдарын (жазылған беттер санына қарай емес, баяндап айтуының кеңдігіне қарағанда) жұмбақтап, шала-пұла жазған. Сол себепті де қаламгердің олары ойлағанынан және болуға тиіс деңгейінен төмен болып шығады екен. "Романды жазғаннан гөрі, оны армандаған әлде қайда артық" — дейді екен Достоевский.
Ол өзінің жазылмаған романын ұдайы өзгерту және байыту арқылы әрқашанда онымен ұзағырақ болуға тырысады екен. Сол себепті де жазуды бар күш-жігерімен соза беретін болған, — өйткені әр күн сайын, сағат сайын жаңа идея тууы мүмкін, сосын оны біткен романға кейінгі күн есебімен сыналап енгізе алмайсың ғой.
Жазуға отырарда ол жиі-жиі романның әлі пice қоймағанын білсе де, қарыздары оны асығуға зорлап көндіретін болған. Роман не жазылып біткеннен кейін, жазушының пікіріне қарағанда, не түзетілмейтіндей болып, бүлінгеннен кейін барып, тым кешігіп келген ой салдарынан, қаншама ойлар, бейнелер егжей-тегжей зая кететінін айтсаңызшы!
"Кедейліктің кесірінен, — дейді Достоевский өзі туралы, — мен лажсыз асығамын да керек-жарақ үшін жазамын, демек — оны даусыз бүлдіремін".
Чехов жас шағында Мәскеудегі тар да шулы пәтерінде терезенің алдына отырып та жаза береді екен. "Қорықшы" әңгімесін суға түсетін бөлмеде жазған. Бірақ жылдар сарсаңынан жұмыстағы мұндай жеңілдігі жоғалып кетеді.
Лермонтов өз өлеңдерін қолына түскен нәрсенің бәріне де жаза береді екен. Бір ғажабы, со өлеңдері оның ой-санасында бірден түзіліп, жан-жүрегінде әндетіп тұрғандай-ақ, ол сосын оларыи еш-бір түзетусіз, асығыс жазғандай болып көрінеді.
Алексей Толстой, егер алдында бір буда болып, тап-таза жақсы қағаз жатса ғана жазатын болған. Ол үстелге отырғаннан кейін, не туралы жазарымды білмей қаламын деп, жиі-жиі мойындайды екен.
Оның басында, әдетте, бір әйбат нәрсенің егжей-тегжейлі көрінісі болады екен. Ол бірден содан бастайды екен, сосын ол бірте-бірте бүкіл хикаяны, сиқырлы жіп тәрізді, тізбектеп тартып алып шығады екен.
Толстой жұмыс ахуалын, шабытты өзінше "арын" деп атайтын. "Егер арындап келіп қалса, мен тез жазамын. Ал, егер арының басылып қалса, онда жазуды қою керек" — дейтін ол
Әлбетте, Толстой едәуір дәрежеде суырып салма қаламгер болатын. Оның ойы қолынан озып отыратын.Бәлкім, жұмыс істеп отырған кезде бір соны ойдың немесе суреттің кісі санасының тұңғиығынан кенет жоғарыға жарқ етіп шыға келетін бір ғажап жай-күйді жазушылардың бәрі де білетін шығар. Егер оларды со мезетте жазып үлгірмесеңіз, олар шыққаны сияқты, заматыңда із-түзсіз жоғалып кетеді.
Сол ойларда жарық та, жанның да дірілі бар, бірақ олар түс сияқты тұрлаусыз. Оянғаннан кейін секундтың әлдебір бөлшегіндей уақыт есімізде сақтайтын түстерді де біз бірден ұмытып қаламыз. Содан кейін оны есімізге түсірмекші болып, қанша азаптансақ та, тырыссақ та есімізге түсіре алмаймыз. Сол түстерден тек, жұмбақ сияқты, ғажайып, Гоголь айтқандайын "керемет бір сезім есімізде қалып қояды".
Соны жазып үлгіру керек. Сол мүдірсеңіз болды, ойыңыз жалт етіп жоқ болады.
Содан ба, әйтеуір, көптеген жазушылар, журналистер сияқты, тілдей ұзынша қағазға, гранкаларға жаза алмайды. Қағаздан жиі-жиі қол үзуге болмайды, өйткені сондай болмашы бір сәттің өзі оны жойып жіберуі мүмкін. Сана жұмысының, қиял сияқты, тез болатыны анық.
Француз ақыны Беранже өлеңдерін арзанқол дәмханаларда жазады екен. Менің білуімше, И.Эренбург те дәмханада отырып жазуды ұнатады екен. Бұл түсінікті де. Егер ешкім де, ештеңе де тікелей сенің ойыңды бөліп жібермесе, байыпты көңіліңді бұзып тастамаса, әрине дабырласқан тобыр арасында жалғыз болудан артық нәрсе жоқ болса керек.
Андерсен өз ертектерін орманда жүріп шығаруды қалайды екен. Оның жанары өте жіті, көргіш болыпты. Сол себепті де ол бір тұтам ағаш қабығына, не қарағайдың ескі бүріне қарап отырғанда, дәп бір үлкейткіш линза сияқты, оның түп-тұқиянына дейін анық көретіні сондай, содан ертегілерін оңай құрастырады екен.
Жалпы алғанда орман-тоғайдағы нәрселердің бәрі — әрбір мүк басқан кәрі түбір, жасыл-мөлдір қанатты титімдей шіркейді, дәп бір әсем хан қызын алып қашқандай-ақ, тартып ала жөнелетін қарақшы құмырысқа, — осының бәрі ертекке айналып жүре беруі мүмкін.
Мен өзімнің жеке басыма тән әдеби тәжірибем туралы онша айтқым да келмейді. Бұл бұрын жазылған жайттарға елеулі түрде тағы бірдеңені қоса алмайтын да шығар. Дегенмен де өз жанымнан мен де оған бірер сөз қосқым келеді.
Егер біз әдебиетіміздің биік дәрежеде гүлдеуіне қол жеткіземіз десек, жазушының қоғамдық іс-қимылының ең жемісті түрі — оның шығармашылық жұмысы екенін түсінуіміз керек. Кітап шыққанға дейін жұрттан жасырын жүргізілетін жазушы жұмысы, кітап шыққаннан кейін, жалпы адамзаттық іске айналады.
Жазушының уақытын, күш-жігері мен талантын қасиеттей сақтап, оларды әдебиет төңірегіндегі кісіні қажытатын әбігер мәжілістерге айырбастамау керек.
Жазушы жұмыс істеп отырған кезде, оған жайма-шуақ жағдай керек, мүмкін болғанынша, ешбір қам-қарекеттің болмағаны жөн. Егер оның, тіпті шалғайда жатқан бір ренішті жайт көңілін алаң етсе болғаны, онда қолжазбаға кіріспегеннің өзі жақсы. Қаламұш қолыңнан түсіп қала береді не одан қиналыстан туған жансыз жолдар жөрмелеп шыға бастайды.
Бір күні қыс мезгілінде, мен, мүлде бос теплоходта Батумиден Одессаға бара жаттым. Теңіз сұрғылт та суық, тып-тыныш. Жағалауды күлгін түнек күргейлеп тастаған. Ауыр қара бұлттар алыстағы тау қыраттарына жайғасып алып, ұзақ ұйқыға шомып кеткен тәрізді.
Мен каютада жазып отырғанмын, кейде түрегеліп, иллюминаторға жақындап барып, жағаға қараймын. Теплоходтың темір қанасындағы қуатты машиналар баяу әндетеді. Шағалалар шаңқылдайды. Жазуым жүрдек. Сүйкімді ойларымды бөлетін тірі жан жоқ. Өзім жазып жатқан әңгімеден өзге ештеңені, тіпті еш нәрсені ойлаудың қажеті жоқ. Мен мұны аса ұлы бақытымдай сезінемін. Ашық теңіз мені кедергі атаулыдан қорғап келеді.
Бұған қоса теңіз кеңістігінде мігірсіз қозғалып келе жатқанымызды біліп, өзіміз аялдауға баратын портты қалалар жөніндегі бұлдыр үміт, кісіні шаршатпайтын қысқа кездесулердің болуы мүмкін деген ойлар да жұмысымды демеп-жебегендей болды.
Теплоход құрыш форштевенімен қысқы ақшыл суды кесіп, мені болмай қоймайтын бір бақытқа қарай әкетіп бара жатқандай.
Маған бұлай болып көрінгені жазып отырған әңгімемнің сәтімен шыққалы тұрғаны анық еді.
Менің тағы бір есімде қалғаны — деревня үйінің мезонинінде күзде оңаша, май шырақтың пышырлағанын тыңдап отырып, құлшына жұмыс істегенім.
Қыркүйектің желсіз қараңғы түні баяғы теңіз тәрізді, мені кедергіден қорғап, айнала қоршап тастаған болатын.
Неге екенін айтудың өзі оңай емес, әйтеуір, үй сыртыңдағы деревняның ескі бауы жапырақтарының түнімен саудырап түсіп жатқанын ой-санамен сезіну жазуға көп көмегін тигізді. Мен со бауды тірі жәндік ретінде ойыма алып отырдым. Ол үндемейді, сірә, менің кешіректеу, түннің бір уағында шайнекпен су алу үшін құдыққа баратын кезімді күтіп тұрған болуға тиіс. Мүмкін, оған адамның шелекті салдырлатып, адымдай басып келе жатқанын естігеннен кейін, осы бір шексіз ұзақ түнді өткізу жеңілірек болатын шығар.
Бірақ дүниеде не болып, не қойып жатса да, со бір жалғыз-жарым бауды және село шетінен әрі қарай ондаған шақырымға созылып жатқан суық қара орманды, дәп осындай жеті түнде, әрине, бірде-бір тірі жан баласы болмайтын және болуға да тиіс емес, оған тек соған дейінгі жүздеген, мыңдаған жылдар бұрын со бір меңіреу тоғай көлінің бетінде жұлдыздар сәулесі қалай шағылысып тұрса, тап солай шағылысып тұрған шығар деген ой сезімі менің жүгімді жеңілдетті. Әсілінде мен со бір күз кештерінде шын мәнінде бақытты болдым-ау дегенді ашып айта аламын.
Егер сені алдыңнан аса қызықты, қуанышты да жаның сүйетін жақсы іс тосып тұрса, тіпті алыс жатқан көне өзен жиегіндегі қара тал саясында отырып, балық аулау сияқты, болмашы нәрсенің өзі жазуыңа жол ашатынын қайтерсің.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі