Өлең, жыр, ақындар

Альшвангтің дүкеніндегі жайт

1921 жылдың қысында мен Одессада, "Альшванг және компанияның" бұрынғы дүкенінде тұрып жаттым. Мен жасырын түрде, бұқпантайлап, оның екінші қабаттағы киім өлшеп пішетін жайға орналастым.

Менің қарамағымда бем әйнегінен жасалған айналар қондырылған, үлкен үш бөлме бар еді. Айналардың қабырғаларға жабыстырыла қойылып, жиектерінен бітеліп тасталғаны сондай, Эдуард Багрицкий екеуміздің сол айналарды қопарып алып, Жаңа базарға апарып, оларды азық-түлікке айырбастаймыз ба деген ойымыздан ештеңе де шықпады. Бірде-бір айна тіпті шытынап сынбады да.

Киім пішетін орынжайда іштерінде шіріген ағаш үгінділері бар үш жәшіктен басқа ешқандай мүлік болмайтын. Бір жақсы жері қалың әйнек есік топсасынан оңай ажыратылатын. Мен әрбір кеш сайын оны топсасынан суырып алып, екі жәшіктің үстіне қойып, төсегімді соған салатын едім.

Шыны төсек тым тайғанақ болатын, сол себепті де ескі төсеніш түнемелікте содан бірнеше рет өзіммен бірге еденге сырғанап, құлап түскен еді.

Төсенішім жылжи бастағаннан-ақ, мен, ақымақ басыммен, ол, бәлкім, тоқтайтын шығар — деп үміттеніп, тіпті саусағымды жыбырлатудан да қорқып, тынысымды тартып тыныштала қоямын. Бірақ ол жайымен, тоқтаусыз жылжи береді, менің қулығымның пайдасынан зияны.

Мұның ешбір күлкісі жоқ. Қыс құтырынып тұрған. Теңіз порттан бастап, Кіші Фонтанға дейін тас болып, қатып қалғанды. Азынаған норд-ост гранит көшелерді жалтыратып жалап тастаған еді. Қар қытымырланып, бір рет те жаумай қойды, осыдан ба, көшелерде қар жатқан кездегіден гөрі, суық бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп кеткен сияқты болып көрінді.

Киім пішетін орынжайда кішкене ғана қаңылтыр пеш — "буржуйка" тұратын. Оған жағатын ештеме де жоқ. Және осы бір қораш пешсымақпен орасан үлкен үш бөлмені жылыту мүмкін емес еді. Сол себепті де мен "буржуйка" үстіне қойып, сәбіз шайды қайнатушы едім. Оған бірнеше ескі газет те жететін.

Үшінші жәшікті үстелге айналдырдым. Кешке салым оның үстіндегі сығырайманы жағатын едім.

Мен жата қалып, қолымда бар жылы заттар атаулының бәрін үстіме жаба беретін едім, сосын сығырайма жарығында, Хосе Мария Эредианың Георгий Шенгели аударған өлеңдерін оқитынмын. Осы бір өлеңдер сол аштық жылы Одессада басылған болатын, мен со жырлардың біздің ерлігімізді әлсіретпегеніне куә бола аламын. Біз өзімізді, римдіктер сияқты, кайтпас қайсармыз деп сезіндік және жаңағы Шенгелидің: "Достар, біздер де римдіктерміз, қанымыз жосып төгілген..." деген өлеңін еске алатынбыз.

Әлбетте, біздің қанымыз төгілген жоқ, бірақ қанша айтқанмен, біз сияқты, жас та көңілді кісілер, бағзы бір кездері шамадан тыс ашығып, жаурап-тоңып жүретінбіз. Бірақ ешқайсымыз күңк етіп сыр берген емеспіз.

Төменде, дүкеннің бірінші қабатыңда, қайдағы бір көркем өнер артелі әбігерге түсіп, күдіктілеу бір іс-әрекетін өрістете бастады. Осынау кәсіпорынның басында "маңдайша — жазу корәлі", Одессаға белгілі ұрысқақ, кәрі кескіндемеші тұрған еді.

Артель маңдайша — жазуларға, әйел шәпкелерін тігуге, "ағаларды" әзірлеуге (әйел туфлилерін әзірлеу ежелгі қарапайымдылықпен жасалатын: "ағаш ұлтанға" бірнеше қайысбау қағыла салатын!) және "кино жарнамасы суреттерін салуға (оларды қисық шереге (ұшқат тақтайға) желімді бояумен жаза қоятын).

Алайда бір күні оның жолы болды, артел сол кездегі қара теңіздің бірден-бір пароходы "Пестельдің" "тұмсығын әсемдеу" деп аталатын іске заказ алады. Ол бірінші рейспен Батумиге барғалы жатыр екен.

Бұ "тұмсық қапты" олар қаңылтырдан жасады да, содан кейін оның қарауытқан аясына алтынмен өсімдік іспетті оюлар салды.

Бұл жұмыс жұрттың бәрін еліктіріп жіберді, оны көру үшін, тіпті көршідегі постысынан кейде милициөнер Жора Козловскийдің өзі келетін.

Мен о кезде "Моряк" ("Теңізші") газетінде хатшы болып істейтінмін. Жалпы алғанда, онда көптеген жас жазушылар жұмыс істейтін, олардың арасында Катаев, Багрицкий, Бабель, Олеша мен Ильф бар болатын. Тәжрибелі қарт жазушылар қатарынан бізге, редакцияға, әманда бір нәрсе үшін толқып жүретін, сүйкімді ұшқалақ кісі Андрей Соболь ғана келіп кететін.

Бірде ол "Морякқа" өзінің тақырыбы қызғылықты, бірақ шатысып-бытысқан, жұлма-жұлма, бірақ, даусыз талантты әңгімесін әкелді.

Бұл әңгімені бәрі де оқып шықты, бірақ бәрі де абыржыды: оны дәп осы салдыр-салақ күйінде басуға болмайтын еді. Собольге оны түзет деп қайтып беруге ешкімнің де дәті бармады. Бұл тұрғыдан келгенде ол айтқанға әсте көнбейтін — сонда авторлық өзімшілдігінен емес (ондай әдет Собольде жоқ дерліктей еді), тек жүйкелеп қалғандығынан: ол өзі жазған нәрселеріне қайта айналып соқпайтын және оларға мүлде қызықпайтын.

Біз отырып алып: не істейміз, — деп ойластық. Бізбен бірге біздің корректорымыз, Ресейде ең көп таратылған "Русское слово" ("Орыс сөзі") газетінің бұрынғы директоры, аты әйгілі баспагер Сытиннің оң қолы болған Благов деген шал отырған.

Ол өзінің өткенінен елердей қорқатын, онша сөйлемейтін адам болатын. Ол өзінің байсалды тұлғасымен біздің редакцияның жалба-жұлба, у-шулы жастарымен мүлде үйлеспейтін.

Мен Собольдің қолжазбасын тағы бір рет оқып шығу үшін, өзіммен бірге Альшвангтің дүкеніне ала кеттім.

Кешқұрым кешірек (сағат онның шамасы болатын, бірақ қараңғылық қойнындағы қала ымыртта құлазып қалатын, тек көшелер тоғысында жел азынап соғып тұратын) милициөнер Жора Козловский дүкеннің есігін келіп қақты.

— Сізге бір азамат сұранып тұр, — деді Жора. — Сіз оның кім екеніне куә болыңыз, сосын мен оны жіберейін. Бұл ара — шеберханалар. Тек сыр-бояулардың өзінің құны үш жүз миллион сомға жетеді дейді.

Әрине, егер, мәселен, бір менің өзім "Моряктан" айына бір миллион сом алатыныма назар аударсақ, (базардың бағасы бойынша ол қырық құты оттыққа жетер еді), бұл сома Жора ойлағандай, аса көп емес тұғын.

Есіктің сыртыңда Благов тұр екен. Мен оның кім екенін куәландырдым. Жора оны дүкенге кіргізді де енді бір екі сағаттан кейін бізге жылынуға келіп, қайнақ су ішетінін айтты.

— Келген себебім, — деді Благов, — Собольдің әлгі бір әңгімесі есімнен шықпай қойды. Талантты нәрсе. Оны елеусіз тастауға болмайды. Сіз білесіз бе, газеттің кәрі бөрісі ретінде, менің жақсы әңгімелерді қолдан шығармайтын әдетім бар.

— Бұған енді не істерсің! — дедім мен.

— Қолжазбаны маған беріңіз. Арыммен ант етейін, мен оның бірде-бір сөзін өзгертпеймін. Мен осында қаламын, өйткені үйге Ланжеронға қайту мүмкін емес, — шешіндіріп кететіні анық. Сіздің көз алдыңызда отырып, қолжазбаны сыдыртып, бір қарап шығамын.

— "Сыдыртыбыңыздың" мәнісі не? "Сыдыртып қарау" — бұл жөндеу ғой.

— Бірде-бір сөзін алып тастамаймын, бірде-бір сөз қоспаймын дедім ғой мен сізге?

— Сонда сіз не істейсіз?

— Кейін көресіз.

Мен Благовтың сөзінен жұмбақ бірдеңені сезгендей болдым. Қыстың дауылды түнінде осынау байсалды адаммен бірге

Альшвангтің дүкеніне құпия бір сыр кіргендей болды. Сол құпияны білу керек еді, сондықтан да мен онымен келісе кеттім.

Благов қалтасынан шіркеудің жұп-жуан шырағының тұқылын суырып алды. Оны алтын жолақтар бұралып, орап тастапты. Ол со шырақ тұқылын жақты да оны жәшіктің үстіне қойды, сосын менің ескі шамаданымның үстіне отырып, қолына балташының жалпақша қарындашын алып, қолжазбаға еңкейіп, оны қарай бастады.

Түн ортасында Жора Козловский келді. Мен дәл сол сәтте суды қайнатып, шай салғалы жатқанмын, бұ жолы кептірілген сәбізбен емес, ұсақтап туралып, қуырылған қызылша шайын салып, бұқтырмақшы едім.

— Қаперіңізде болсын, сіздер алыстан қарағанда, нағыз жалған ақша жасаушыларға ұқсайсыздар. Бұл арада не істеп жатырсыздар? — деді Жора.

— Әңгімені жөндеп жатырмыз. Газеттің кезекті нөміріне, — деп жауап бердім мен.

— Қаперлеріңізде жүрсін, — деді тағы Жора, — сіздердің немен шұғылданып жатқаныңызды милицияның кез келген қызметкері түсіне бермейді. Осы арадағы постыда қайдағы бір мәгас емес, менің тұрғаным үшін, әрине, әлгі бір жоқ құдайға алғыс айтыңыздар. Мен үшін бәрінен де жоғары тұрған — мәдениет. Ал енді жалған ақша жасаушыларға келсек, олардың әртістігі сондай, кәдуелгі жапырайған тезектен долларды да, үйге тұру хұқығы жөніндегі куәлікті де жасай береді. Париждегі Лувр мұражайында, қара барқыт жастық үстінде бір кереметтей сұлу мәрмәр қол жатыр дейді жұрт. Ол бірақ Сара Бернардың, Шопеннің не Вера Холоднаяның қолы емес. Ол Еуропаның даңкы жер жарған жалған ақша жасаушысының қолы. Оны кім деп атағанын ұмытып қалғаным. Кезінде оның басын шауып тастанғандағы, ол бір дәп шебер скрипкашы болғандай-ақ, қолын көруге қойған. Сабақ боларлық тарих емес пе?

— Онша емес. Сізде қант бар ма? — дедім мен.

— Бар. Таблеткі тәрізді. Бөлісуге болады — деді Жора.

Благов қолжазбаға жасаған жұмысын ертеңгісін аяқтады. Біз редакцияға келіп, оны машинист әйел тап-таза етіп қайта басқанша, ол маған қолжазбаны көрсетпеді.

Мен әңгімені оқып шықтым да мылқау кісідей үндемедім. Бұл мөп-мөлдір, төгіліп тұрған проза еді. Бәрі де ажарланып, айқындала түсіпті. Бұрынғы ұмар-жұмарлықтан, іркес-тіркес сөздердің көлеңкесі де қалмапты. Бір ғажабы, шын мәнінде бірде-бір сөз алынып тасталып, не қосылмаған.

Мен Благовқа қарадым. Ол шай сияқты қап-қара кубан темекісінен оралған жуан шылымды шегіп, мырсылдап күліп отыр екен.

— Бұл — керемет. Сіз мұны қалай жасадыңыз? — дедім мен.

— Иә, мен тек тыныс белгілерін орын-орнына дұрыстап қойдым. Собольде ол жағы ұйқы-тұйқы екен. Мен әсіресе нүктелерді тиісті жеріне мұқият қондырдым. Және абзацтарды да. Сүйіктім менің, бұл ете ұлы нәрсе, тыныс белгілері жөнінен баяғыда Пушкин де айтқан. Олар ойды бөліп көрсету үшін, сөздерді өзара дұрыс үйлестіріп, әрбір сөз тіркесін жеңілдетіп, әуендетіп тұру үшін өмір сүреді. Олар мәтін шашырап кетпеу үшін, оны шектен шығармай, ұстап тұрады.

Әңгіме басылып шықты. Келесі күні редакцияға Соболь кимелеп кіріп келді. Ол бұрынғыша кепкасыз келді, шашы қобырап кетіпті, көзінде түсініксіз бір отты жарқыл бар.

— Менің әңгімеме тиіскен қайыссың кәне? — деп айқайлады ол ел естімеген дауыспен, сосын газет тігінділері жатқан үстелді таяғымен салып қалды. Шаң-тозаң үстел үстіне қалың бұлттай бұрқырап көтерілді.

— Ешкім де тиіскен жоқ. Мәтінді тексеріп шығуыңызға болады, — деп жауап бердім.

— Өтірік! Алдау! Мен бәрібір кімнің тиіскенін білемін! — деп қышқыра түсті Соболь.

Жанжалдың иісі аңқып қоя берді. Биязы қызметкерлер бөлмеден тез ғайып бола бастады. Бірақ әрқашанғы әдеттерімен у-шуға "ағаш ұлтандарын" тарсылдатып, екі машинист әйел — Люсьена мен Люся жетіп келді.

Со сәтте Благов байсалды, тіпті мұңлы дауыспен:

— Егер сіз әңгімеңіздің тыныс белгілерін дұрыстап қоюды — тиісу деп білсеңіз, онда мінекиіңіз, ол — мен едім. Корректорлық міндетім бойынша, — деді ол.

Соболь Благовқа ұмтылып барып, қолынан алып, оны қатты сілкіледі, сосын шалды айқара құшақтап, мәскеуліктерше, оны үш рет шөпілдетіп сүйді.

— Рахмет! — деді Соболь толқып. — Сіз маған кереметтей сабақ бердіңіз. Бірақ өкінішті жері тым кештеу болды. Өзімнің бұрынғы дүниелеріме қатысты айтарым, мен олардың алдында өзімді қылмысты сезінемін.

Кешкілік Соболь бір жерден жарты шыны коньяк тауып, Альшвангтің дүкеніне әкелді. Біз Благовты шақырып алдық, Багрицкий мен постыдан шыққан Жора Козловский келді, біз әдебиет пен тыныс белгілерінің даңқы арта беруі үшін іштік.

Осыдан кейін керекті жеріне кезінде қойылған нүктенің оқырманға қандай қайран қаларлық күшпен әсер ететініне менің біржолата анық көзім жетті.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз