Мәскеуден мен Каспий теңізінің егжей-тегжейлі картасын қолыма түсірдім де оның сусыз, құрғақ шығыс жағалауын ұзақ уақыт кезіп жүрдім (әрине, қиялыммен).
Баяғыда, балалық шағымда мен жағрафиялық карталарға құмар болдым. Қызғылықты бір кітап оқығандай, мен соларға бірнеше сағат бойы қарап отырар едім.
Мен со карталар арқылы беймәлім өзендердің ағысын, теңіздердің жықпыл-жықпыл жағалауларын оқып үйрене бастадым, аты жоқ сауда орындары титімдей оймақшамен белгіленген тайганың төріне бойлай өтіп, Юкагир шары мен Гебридтер, Гвадаррама мен Инвернесс, Онега мен Кордильерлер сияқты әуезді атауларды өлең сияқты қайталап айтатын болдым.
Бірте-бірте со бір жерлердің менің қиялымда ап-анық болып, жанданып кететіні сондай, мен алуан түрлі құрлықтар мен елдер туралы ой-қиялыммен жол сапар күнделіктерін де жаза алар едім-ау деп ойлайтынмын.
Тіпті менің, көңіл күйі романтикаға бейім әкем де баласының жаграфиялық карталарға тым еліге беріліп кеткенін қолдай бермейтін.
Ол маған осы әуестігімнің көп нәрседен үмітімді үздіріп, нәумез күйге түсіретінін айтатын.
— Егер өмір-тіршілігің сәтімен қалыптаса қалса, онда сен саяхат-сапарға шыға аласың да көп нәрседен көңілің қалып, өкінетін де шығарсың. Мәселен, сен ойдан шығарғаныңнан мүлде басқаны көресің. Мәселен, Мексика саған шаңлақты да қайыршы ел, ал экватордың аспаны сұрғылт та жаныңды жалықтыратын нәрсе болып көрінуі мүмкін, — дейтін әкем.
Мен әкеме сенбейтінмін. Мен экватордың аспаны, әйтеуір бір уақытта сұрғылт болатын шығар дегенді көз алдыма елестете алмайтынмын. Меніңше, оның аспанының көкпеңбек екендігі сондай, тіпті Килиманджароның басындағы кар да соның әсерінен көгіс болып көрінеді.
Бірақ не болса со болсын, әйтеуір мен сол әуестігімнен арыла алмай-ақ қойдым. Ал, кейін, кемел жасымда, әкемнің онша дұрыс айтпағанына көзім анық жетті.
Мысалы, мен Қырымға алғаш рет барғанымда (мен онымен сотая дейін карта арқылы танысқан едім) ол, әрине менің ойлағанымнан мүлде басқа болып шықты.
Бірақ менің Қырым туралы күні-бұрын білетін жайттарым, егер мен оған мүлде бейхабар болып барғанымнан, Қырымды жіті көзбен көруіме әлдеқайда көбірек жағдай жасады.
Қадам басқан сайын мен одан қиялымда мүлде болмаған нәрселерді көрдім және Қырымның осындай жаңа белгілері жадымда біржолата жатталып қала берді.
Меніңше, біздің кейбір кісілермен "сырттай" танысуымыздың да рәлі айрықша күшті болады.
Әркімнің, мәселен, Гоголь жөніндегі білетіні оның өзіне ғана тән ерекшелігімен әрқилы болып келеді. Егер біз оны өмірде көре алатыңдай бір жайт туа қалса, онда со қаламгерден бұрын өзіміздің ол жөніндегі түсінігімізге сәйкес келмейтін көптеген белгілерін көрер едік. Міне, сол себепті де осынау соны белгілері жадымызға тасқа басқандай болып қалар еді.
Ал, егер ол жөнінде бұрыннан көкейімізде жүрген түсінігіміз болмаса, бәлкім, біз Гогольдің көп ерекшелігін байқамай да қалар едік те, ол біз үшін қатардағы адам болып саналар еді.
Біз, әдетте, Гогольді уайымға бейім, секемшіл, енжар кісі ретінде, көз алдымызға елестетуге дағдыланып кеткенбіз. Міне, сол себепті де біз осынау бейнеден қашық жатқан қасиеттерін — көзінің жалт-жұлт етіп тұратынын, сергектігін, тіпті кейбір жылпостығын, күлкішең деп, киімінің әсемдігін, украиндық акцентінің күштілігін бірден байқауға болар еді.
Осы бір ойларымды толық сеніміммен білдіру маған өте қиын, бірақ мен мұны дәп осылай болған деп ойлаймын.
Карта арқылы елдерді кезіп кету және өз қиялыңмен әр түрлі жерлерді көру әдеті бойыңа сіңсе, оларды, шынайы өмірді дұрыс көріп, білуге көмектеседі.
Және со бір жерлерде сіздің қиялыңыздың аса жеңіл іздері, қосымша түс-түр, қосымша жарқыл және сізге соларға зеріге қарауға мүмкіндік бермейтін бұлдыр сағым сияқты бірдеңе есіңізде қалады.
Хош, сонымен мен Мәскеуде Каспийдің тұнжыраған жағалауымен кезбелікке салынып та үлгірген болатынмын, және со кездері бұған қоса көптеген кітаптарды, ғылыми баяндамадарды, тіпті шөл туралы өлеңдерді де, әйтеуір Ленин астыңдағы кітапханадан тапқан дүниелердің бәрін түгел оқып шықтым деуге де болады.
Мен Пржевальский мен Анучинді, Свен Гедин мен Вамбериді, Мак-Гахам мен Грум-Гржимайлоны, Шевченконың Маңғыстаудағы күнделіктерін, Хиуа мен Бұқараның тарихын, лейтенант Бутаковтын жазбаларын, саяхатшы Карелиннің еңбектерін, геологиялық іздеулер мен арап ақындарының өлеңдерін оқып шықтым.
Адамның тынымсыз ақылы мен білімінің ғажайып әлемі алдымнан ашыла түсті.
Ақырында Каспийге, Қарабұғазға баратын да мезгіл келіп жетті, бірақ менің ақшам болмады.
Ақшаны мен, қанша айтқанмен, көп қиналып таптым да және бірден Саратовқа жүріп кеттім, сол арадан Еділмен төмен жүріп, Астраханьға жеттім. Міне сонда көп кідіріп қалдым. Менің қалтамдағы азғана қаражатым таусылып қалды, сосын мен әрі қарай жүру үшін, Астраханьда отырып, "Тридцать дней" ("Отыз күн") жорналы үшін және астрахань газеті үшін бірнеше очерктерді жазуыма тура келді.
Бұл очерктерді жазу үшін, мен Астрахань даласы мен Ембіге барып кайттым. Менің осынау жол сапарым да Қарабұғаз туралы кітапты жазуыма көмектесті.
Ембіге мен Каспий теңізімен, оның кең көлемді ну қамыс басқан жағалауын қуалай отырып, жүзіп бардым. Ескі дөңгелекті пароходтың аты да қызық — "Гелиотроп" болатын. Көне пароходтардың бәріндегі сияқты, онда да қызыл мыс көп еді. Тұтқалар, компастар, дүрбілер, неше түрлі аспаптар, тіпті каюталардың биік табалдырықтары да — бәрі де мыстан жасалған еді. "Гелиотроп" тамыз теңіздің жайлы толқынында салпақтап жүрген, қыш ұнтағымен жалтырата тазартылған, түтіні бұрқыраған, бүйірлі самаурынды еске түсіретін.
Осынау теңіздің жылы суында түлендер, суға түскен кісілер сияқты, қарындарын қампайтып, шалқасынан жатады екен. Анда-санда олар жарғақ қанаттарын керенау қозғап қояды.
Балықшылардың жүзбелі айлақтары — балықшы қостарындағы көк түсті матрос лыпасын киген қыздар маржан тістері жарқырап, "Гелиотроптың" соңынан ысқырып, сақылдай күліп қалып жатыр. Олардың бет-ауыздарына балық қабыршақтары жабысып қалыпты.
Ақша бұлттар мен аппақ құмдауыт аралдар бейнесі айнадай су бетіне шағылыса түседі, кейде тіпті оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес еді.
Гурьев қалашығынан тезек түтіндері тарамдалып ұшып жатыр, ал мен Ембіге сусыз куаң дала арқылы, жаңада ғана іске қосылған моторлы пойызбен бардым.
Ембідегі Доссорда қызғылт суды көлдер арасында мұнай насостары пысылдап турады, тұздықтың иісі аңқиды. Үйлердің терезелерінде әйнектері жоқ екен. Оларды тығыз темір торлармен ауыстырыпты. Олардың сыртына қонған шіркейлердің көптігі сонша, бөлмелер іші қараңғы екен.
Менің көзімше инженерлердің біреуін бүйі шағып еді. Ол, араға күн салып, қаза тапты.
Орта Азия аптаппен тыныстап тұр. Түнемелікте жұлдыздар шаң-тозаң арасынан жылтырайды. Қарт қазақтар көшелерде қызғылт матаға жалпитып қара сәлде гүлдер мен жасыл жапырақтар суреті басылған, сисадан тігілген кең шолақ шалбар киіп жүреді екен.
Алайда мен әрбір сапарымнан Астраханьға, Астраханьның бір газеті қызметкерінің ағаш үйіне қайта оралып жүрдім. Ол мені сүйрегендей етіп үйіне алып барған, мен сөйтіп оның үйінде тұрып қалдым.
Кішкене үй Варваңиев жармасының жағасында, настурция гүл-шешек атып жатқан аядай бау ішінде тұратын.
Мен очерктерімді бір ғана адам сиятын алақандай сұхбат ханада жаздым. Және мен сонда қона салатын едім.
Журналистің әйелі жайдары мінезді аурушаң жас келіншек күні бойы ас үйде жұрттан жасырынып, нәрестенің жейде-жаялықтарын алып қарап, егіліп жылайды да отырады — содан екі ай бұрын оның титімдей ұлы туа салысымен шетінеп кеткен еді.
Мен Астраханьнан шығып, Махачкалаға, Баку мен Красноводскіге жүріп кеттім. Бұдан әрі қарайғы оқиғаның бәрі "Қарабұғазымда" сипатталған.
Мен Мәскеуге қайта оралдым, бірақ бірнеше күннен кейін тағы да тілші болып, Солтүстік Оралға — Березники мен Соликамскіге аттанып кетуіме тура келді.
Шындыққа мүлде жанаспайтын азия аптабынан мен түнерген шыршалардың, балшықты көлтабан, ақшаңылтақ тазығыр таулар мен ерте түсетін қыс өлкесіне тап болдым.
Мен сонда — Соликамскідегі қонақжайда "Қарабұғазды" жаза бастадым. Ол бұрынғы әдарияттың — монастырьдың ғимаратына орналасқан екен.
Мейманжай ішінен XII ғасырдың — ладанның, нанның, терінің иісі шығады. Түн баласында тұлып киген күзетшілер қанша сағат болғанын шойын тақталарды санап соғып білдіретін. Қардың бұлыңғыр жарығында "Строгановтар патшалық құрған" уақыттың ежелгі адебастрдан салынған шіркеулері ағарып тұратын. Бұл арада ештеңе де Азияны еске түсірмейді, неге екенін қайдам, ол туралы жазудың жеңіл жүріп жатқаны содан да болар, кім білген.
"Қарабұғаздың" жедел сөзбен берілген өте қысқа тарихы, міне, тап осындай. Менің Қарабұғазбен байланысты басымнан кешкен күллі кездесулерімді, жол сапарларымды, сөйлескен сөздерім мен әр түрлі жайттарды айтып беру былай тұрсын, оларды тек тізіп шығудың өзі мүмкін емес.
Жинақталған материалдардың тек бір бөлігі ғана, соның өзінде, сірә, азғана бөлігі хикаятқа енгенін, әрине, өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Оның қомақты бөлегі кітап сыртыңда қалып қойды.
Бірақ оған өкінудің керегі жоқ. Ол материал кез келген уақытта жаңа кітаптың беттерінде тіріліп шыға келуі ғажап емес.
Мен "Қарабұғазды" жазғанда материалды дұрыс орналастыруды ойламаппын. Мен оны Каспий жағалауында жол сапарда жүрген кезде қандай ретпен жинақталған болса, сол ретімен қиюластырдым.
"Қарбұғаз" шыққаннан кейін сыншылар бұл хикаяттан "спираль бойынша құрылған композицияны" тауыпты және өздері соған қуаныпты да. Бірақ мен оған ақыл-ойыммен де, жан-жүрегіммен де жауапты емеспін.
Мен "Қарабұғаз" жұмысымен шұғылданып жатқан кезде, ең алдымен, біздің өміріміздегі көп нәрсе лирикалық һәм қаһармандық әуен-әуезге толып тұратыны, оны көркем кескіндеп, дәлме-дәл айтуға әбден болатыны жайлы ойладым. Ол глаубер тұзы туралы бола ма, не солтүстік ормандарында қағаз фабрикасын салу туралы бола ма — бәрі бір.
Осының бәрі орасан зор күшпен жүректерге кереметтей әсер етеді, бірақ бұл арада міндетті түрде хикаятты жазатын адам шындыққа ұмтылуы, ақыл-ойдың күшіне, жүректің құтқарушылық билігіне сеніп, жер-суды сүюі керек.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі