Буынаяқтылар типі (Arthropoda). Буынаяқтылар — омыртқасыз жануарлардың жоғарғы типі. Оның құрамына 650 000-ға жуық түр енеді, олардың негізгі бөлігін насекомдар құрайды. Түр саны бойынша ол жануарлар элеміндегі ең гүлденуші тип болып табылады. Буынаяқтылар барлық мекендеу ортасына тараған, барлық экологиялық жүйелердің маңызды компоненті болып табылады. Буынаяқтылар үшін билатеральды симметрия тән. Буылтық гельминттер сияқты, бұларда да екінші дене қуысы болады. Көптеген буынаяқтылардың денесі үш бөлімге — бас, көкірек, құрсақ — бөлінген. Басында сенсорлы органдар мен сыртқы нерв орталықтары жинақталған. Басына жиі көкірек сегменттері жанасады, ңәтижесінде баскөкірек түзіледі. Буынтық аяқтары болады, олар қозғалу, сезу, шабуыл жасау және т.б. органдарының рөлін атқарады.
Буынаяқтылар үшін, сондай-ақ үшқабаттылық, хитинді кутикула түрінде сыртқы қаңқаның, сонымен қатар, асқорыту, тыныс алу, шығару, қантасымалдау, жүйке, эндокринді және жыныс жүйелерінің болуы тән, олар әрі қарай жетіледі. Асқорыту жүйесі алдығы, ортаңғы және артқы бөлімдерге бөлінген. Ортаңғы бөлімде асқорыту бездері (бастамалары) орналасқан. Ауыз аппараты алдыңғы аяқтардан (үш жұп) тұрады.
Тыныс алу жүйесі су буынаяқтыларында желбезектер, олардың көмегімен суда еріген оттек пайдаланылады, ал құрлық организмдеріне — өкпелік қапшықтар немесе кеңірдектер (өрмекшітектестер мен кеңірдек тыныстыларда), олар атмосфера оттегісін пайдалануға мүмкіндік береді. Қантасымалдау жүйесі дорсальды тамырлардан тұрады, оған жүрек пен аорта жатады. Ол тұйықталмаған. Жүрек бұлшықет клеткаларынан құрылған. Қанның аналогы гемолимфа болып табылады, ол негізінен тасымалдау қызметін атқарады, сонымен қатар суды сақтау және қорек қорын қолдауды қамтамасыз етеді. Шығару жүйесі біршама алуан түрлілігімен сипатталады, олар өзгерген -метанефридиялар. Нерв жүйесі ганглиялардың жинақталуының артуымен (буылтық құрттармен салыстырғанда) сипатталады және жұп жұтқыншақүсті және жұтқыншақасты ганглияларынан, сонымен қатар құрсақ нерв тізбегінен (ол әрбір сегменттің жұп ганглияларынан түзілген) тұрады. Нерв жүйесі күрделі қозғалыс және мінез-құлық әрекеттерін қамтамасыз етеді. Буынаяқтылардың жыныс жүйесі және көбею процессі де көп алуан түрлілігімен сипатталады. Көптеген буынаяқтылар дара жыныстылар, деседе, гермофродиттер де кездеседі, олар негізінен шаянтэрізділер арасында. Насекомдар арасында партеногенез көп тараған, соған қарамастан қалыпты жыныстық көбею белгілі бір аралықтарда, тіпті партеногенетикалық түрлердің ішінде де кездеседі. Көптеген буынаяқтылардың аталық жыныс клеткалары аналықтарының құрсақ қуысына салынады, кейіннен олар онда жұмыртқа клеткаларын ұрықтандырады. Көптеген түрлердің организмдері метаморфоз арқылы дамиды.
Буынаяқтылардың өсуі мерзімділікпен сипатталады, өйткені ол түлеу кезінде жүреді, олардың әрқайсысы гормональды жолмен бақыланады. Буынаяқтылардың классификациясы өте күрделі, өйткені олардың арасында көптеген филогенетикалық бағыттар бар. Деседе, қолданылып жүрген бір классификация шегінде оларды үш типтармағына: Желбезектыныстылар (Branchiata) Шаянтәрізділер класымен (Crustacea), Хелицералылар (Chelicerata) Меристомалар және Өрмекшітәрізділер кластарымен (Arachnoidea) және Кеңірдектыныстылар (Tracheata) Көпаяқтылар (Myriapoda) және Насекомдар (Insecta) кластарымен, жіктейді.
Желбезектыныстылар өкілдерінен ең белгілілері өзен шаяны болып табылады. Хелицералылардың өкілдеріне бүйілер, сарышаяндар (27-сурет), өрмекшілер, кенелер, кеңірдек тыныстыларға насекомдар, бүргелер, қандалалар, биттерді қоса (28-сурет), қосқанаттылар (29-сурет) және басқа организмдер жатады.
Буынаяқтылардың табиғаттағы маңызы орасан зор. Олар барлық экологиялық жүйелердің құраушылары болып табылады. Олардың көпшлігі адам патологиясында өте маңызды рөл атқарады, өйткені олар — паразиттер, паразиттерді тасымалдаушылар немесе иелері (ауру қоздырғыштар) болып табылса, кейбіреулері улы жануарлар болады, көпшілігі дала, бау мен бақша зиянкестері ретінде танымал. Буынаяқтылар докембрийде пайда болған деп есептейді және бастауын қарапайым буылтық құрттардан алады, олардың эволюциясында да ароморфоздардың маңызы үлкен болды, олар гетерономды метамерияның, тығыз хитинді жамылғының, буынды аяқтарының, насекомдарда қанаттарының, бұлшықет жүйесінің, жүректің, іштей ұрықтанудың дамуына, біршама нерв жүйесінің жетілуіне алып келді. Қазіргі зерттеулер көрсеткеніндей, бұл қасиеттердің дамуы Нох гендерінің кластерінің бақылауымен жүзеге асады, олар қазіргі уақытқа дейін зерттелген буынаяқтылардың барлық түрлерде ұқсас. Сондықтан да Нох гендері буынаяқтылардың эволюциясына қатынасқан деп жорамалдайды.
Буынаяқтылардың эволюциясында тығыз сыртқы қаңқаның дамуы да үлкен маңызға ие болды, ол жануарды кеуіп кетуден сақтандырады деген де ұғым бар. Бұдан басқа буынды аяқтардың дамуы әртүрлі ортада орнықты мекендеуін қамтамасыз етті. Ең соңында, эволюция құрлық буынаяқтыларының мөлшерлерін шектеді, ал табиғи сұрыптау даму процесінде жануарлардың формалары мен мөлшерлерін қамтамасыз ететін қажетті түлеуді әбден нықтап бекітті. Желбезектыныстылардың ежелгі мекені теңіз болып саналады, ал хелицералылар теңіздің таяз жерлерінде мекендеген. Кеңірдектыныстылар құрлықта пайда болған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі