Өлең, жыр, ақындар

Серттескендер

Июль ішінің ыстығы қандай?! Ауа айналып түскендей. Көлеңке басын ұзартып, салқын леп бойды жадырататын көзге шейін ыстықтан дөңбекшігендердің көлеңке сағалайтын әдеті ғой.

Қаламбай ауылының қыбырлаған жанының бары көлеңкеде, ауылдың бозбала — жас жағы шөп жұмысына шығып кеткен. Бірен-саран шалдар ел оңаша болған соң кемпірлеріне наз қылған тәрізді аяқтарын уқалатқан болып отыр. Қыз, келіншектер біреңкейлеу жиналысқан.

Ауылдың шеткері жағында қатар тіккен екі боз үйдің көлеңкесінде орта жасаған үш қатын сөйлесіп отыр; ескі заманды, өздерінің жас күндерін сөз қылады.

— Ой-хай, дәурен, не қызықтар бастан өткен екен-ау! — деп жуандау сары қатын күрсініп алып, түтіп отырған жүнін шүйкелей бастады.

Жанындағы қатынның бірі қатқан қара, екі езуі ақ аяң тартып, көп сөйлейтін көбік ауыз екендігін адам айтпай білерлік.

Бәйбішеге Күлпаш тәрізді қара қатын сөз қозғады.

— Толқын-ау, мұның ең масқарасы жас қыз бен жаңа түскен келіншекке сенім болмай сорлап едік қой. Бітір дарылдақ қараның келінін білесің бе? Алайын деп отырғанда Орынбордан келген біреуге тиді де кетті, не қылды? Керек десе іздеп барып теңдік те алған жоқ. Ол қалпымен кете берсе, жұрт сорлайтын еді ғой, әйтеуір Ержанның айтып келген жақсылығын есіткелі жұрттың ішкен асы бойына сіңгендей болып отыр.

— Айтпақшы, Маржанбике, сенің байың зәкүншік еді, сен білесің ғой, анығы қалай екен? — деп шүйкелі жүнін ұршығына орап бәйбіше телміріп отыра қалды.

Маржанбике соқты:

— Рас дейді, қыз сатуға, қалың мал алуға болады дейді.

— Қалың малын қоя тұршы, өзіміздің сүйген жерімізге бергізсе болғаны ғой, — деп кертік мұрын, сары бұжыр қатын сөзге бір қосарланып қойды.

— Несін айтасың, мал алу деген әшейін бір жарастықты демесең, қалың малмен ешкім байымайды ғой, — деп Толқын майда сөзге кірісті:

— Мына бір қызымыз бар, "Қаңтарбайдыц баласына бармаймын" деп келін-кепшікке айтты дегенде шал мен екеуіміздің жанымыз шықты. Балалардың жас кезінде сүйісіп болған, құда болған адамымыз еді, соны ренжітпесек жақсы болар еді деп ойлаймыз, қайдан білейік құдайдың неге бастайтынын.

Бәйбішенің сөзін бөліп Маржанбике тізеге түртіп қалды:

— Қызың тыңдап тұр ғой,— деп құлағына сыбырлады.

— Айжан, үйдемісің?

— Ау,— деп 18-17-лерге келген қызыл шырайлы, орташа бойлы бір қыз отаудан шыға келді. Үстінде пүліш камзол, омырауы ілгек, төсі алқалармен толған.

Толқын қызына бұрылып қарады:

— Немене, тойға баратын адамша барыңды киінгенің? Үйде жүргенде ескі киіміңді кисең де болмай ма,— деп қабағын шытып сөйледі.

Қызы тіл тартпады:

— Мұны кимей, өлгенде сүйегіме бермекпін бе?— деді.

— Астапыралда, шырағым, олай деме,— деп Маржанбике жағасын ұстады.

— Беті тілінгірдің сөзін қарашы,— деп бәйбіше ашумен ұршығын қаттырақ зырғытты.

Күн батуға жақындап барады. Дала тегіс салқын тартқан. Күн ұзақта көлеңкеде отырып бас изеп әңгіме соққан қатындар біртіндеп жұмысына тарай бастады.

Өрістен малдар қайтып, қойдың маңырауы, сиырдың мөңіреуімен ауыл іші жанданайын деді.

Ауылдың жанындағы қара жолмен бір пар атты қатты жүріп келіп, ауыл тұсына келген соң бұрылды. Толқын бәйбіше қызына ашуланған күйімен ұршықты зырғытумен отыр еді. Үйіне төтелеп келе жатқан арбалыны көрген соң ұршығын тоқтатып қарады, орыс секілді ме, қазағы бар секілді ме — айырып тани алмады.

— Осы қонақ-ақ түбімізге жететін шығар,— деп кейіп қызын шақырды:

— Айжан, бармысың, бері келші!

— Немене?

— Арбалы тоқтады ма?

— Үй артында түсіп жатыр,— деп қызы күлімсірейін деді.

Бәйбішеге ашу үстіне ашу жамалды:

— Қу қатын, неге күлесің, байың келіп тұр ма?!

— Байым келіп тұр,— деп отауға қарай жөнеле бергенде, орысша киінген бір жас жігіт, қасында қылыш асынған орыс бар, екі үйдің арасынан кездесе кетті.

— Айжан, амансың ба?

Қыз шошынып, сұрланыңқырап кетті.

Бәйбіше ежірейіп қарады.

— Қайдағы жігіттерсіңдер?

— Аралтөбенікіміз.

— Жол болсын.

— Осы арадан қайтамыз...

— Сенікі қыз аламыз,—деп милиция күлді.

— Кет, малғұн, орыс түгіл қазаққа да беретін қызым жоқ,— деп бәйбіше шошынып Айжанға қарады.— Үйге барсайшы, неғып тұрсың?

— Бәйбіше, енді жекіруді қойыңыз, Айжан менімен жүреді,— деп жас жігіт қалтыраңқырап сөйледі.

Ол екі арада Маржанбике мен сары бұжыр қатын да ақсай басып жетті. Бала-шағалар да жиналып қалды. Милиция отырып қыздан жауап ала бастады.

Бәйбіше ойбайын салды:

— Маржанбике-ау, құдай ұрды ғой, байыңа жүгірсейші!..

— Мына жігітке тиемін дегенің рас па?— дейді милиция.

— Ойбай, қызымның күйеуі бар,— деп бәйбіше қатысып еді, милиция жекіріп тастады.

Бәйбіше сасқанынан қызына жалынды. Екі көзден жасы парлап аға бастады.

— Түнгі ұйқымды төрт бөліп балапандай баулып өсірген қалқам едің. Менің дегенімнен шықпайтын болсаң, аналық қақымды кешпеймін, ақ сүтімді аспанға сауамын,— деп емшегін шығарып-ақ алды.

Маржанбикенің байы — Мұса законшік те ентігіп келіп жетті:

— Это, какой закон сенікі, товарищ!— деп демін зорға алды.

— А тебе какое дело?

— Менікі декрет бар, бұйрық бар, қырғызский декрет... Қалың мал алуға болады. Қызды тартып әкетуге болмайды...

— Отағасы аптықпай сөйлеңізші, — деп жас жігіт килікті. — Қызды тартып әкетейін деп отырған адам жоқ. Айжан маған баруға риза. Біз серттескенбіз... Серттескеніміз рас қой, Айжан? — деп жігіт қызға қарады.

Қорықса да, қуанса да — әйтеуір қыздың түсі сұрғылт еді. Ақтық сұрау таянған соң сөйлемеске болмады:

— Әже, жылама, маған ем қонбайды. Біз серттескендерміз!..—деді...


Пікірлер (1)

Дархан

Бейімбет Майлиннің Серттескендер әңгімесі ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз