Елдің кәсібінің түріне орай әңгімелері де өзгеріп отырады. Егін, пішен, жоқ болса, ел ашаршылыққа бет алса, өріс алатын әңгіме — ұрылардың ептілігі, еті тірі жігіттердің елден олжа түсіргіштігі, ақсақалдардың билікке шеберлігі, тағы сондайлар.
Биыл елде егін, пішен мол ғой. Елдің әңгімесі шаруашылық туралы көбірек ұшырайды: Мырқымбайдың тарысының бітіктігі, Шарбайдың жерін әдемі тырмалағандығы, Мөжібайдың тұқым шашқыштығы. Қыскасы, қайткенде егіннің бітік шығатындығын ел сезеді. Соны көбірек әңгіме қылады. Бірақ сезіп отырса да, соны істеу жағы шабан. Аузы айтқанмен, қолы істемейді.
Үй толы адам қымыз ішіп күпілдеп отырғанда, Степан деген ұста келді. Қазақ шеберге қандай жалпақтағыш:
— Степан, жоғары шық,— деп төрден орын берісті.
— Қалай, егін бітік пе?
— Бітік.
— Биыл қанша аласың?
— Үш мың пұттан артығырақ алармын,— деп Степан миығынан күледі. Сепкен жерін сұрасаң, он жер сепкен.
Жерінен 150 пұт құрған болады. Он жер бидай сепкен қазақтан неше пұт бидай аласың деп сұрасаң:
— 400-500 пұт аламыз,— дейді. Степанның жерінен 150 пұттан түскенде, қазақтың жерінен ең құрығанда 100 пұт неге түспейді? Әлде орыстың жері ерекше әдемі ме? Жоқ, жерде өзгешелік шамалы. Жауын да бірдей жауады.
Ендеше кем шығатын себебі не? Жауапты елдің өзі береді: 1) Степан қар суымен салды. Жердің дымқылы бар кезінде егін тегіс көктеп шығып қалады. 2) Степан бидайды кілең зәлөгке септі.
Қазаққа не көрінді? Ерте сепсе, қолын біреу байлап қойды ма? Зәлөг жыртса, көлігі жетпей отыр ма?
Мұның себебін Молдағалидан сұрасаң, әп-әдемі қып жауап береді: жетіспеген дүние, орысқа күніміз түспей тұрмайды. Бірдемесін қарызға алсаң, жер жыртып бер дейді. Және соқаны алдымен жырттырады. Осы елде қыс бойы орысқа бересіленбеген жан жоқ. Соның бәрі жазғытұры соқа жегісімен алдымен орыстың егінін айдайды.
Жұрт жиналып отырған үйге жалаң аяқ, үстіндегі киімі далба-дұлба бір орыс кіріп келді. Абайламаған адам сол елдің сиыршысы ма дейтін.
Тыңдап отырсаң таңданасың зәлөг айыратын адам іздеп жүр! Отырған жігіттер саудаға кірісе бастады:— Жеріне неден бересің?
— Бес сом берем.
— Он сомнан бер, жыртайық.
— Ой, ол көп қой, 8 сомнан берейін.
— Жарайды, зәдеткесін бересің.
— Берем.
— Қап, жақсы болды-ау, насыбайым бітіп жүр еді, — деп жер жыртушы қуанып қалды. Жаңа ғана айтылып өткен кеңесті естеріне салуға тура келді:
— Қолдарың бос болса, көліктерің сай болса, зәлөгті өздерің неге айырмайсыңдар, зәлөгтің бидайының бітік болатынын өздерің айтып отырсыңдар ғой?
— Ой, қашан сол бидай шығады деп жүргенше, әзірге мынау оңай олжа дұрыс қой, — деді.
Орыста запас көп. Бір жылғы астығы екінші жылына қосылады. Қазақ ұнға жарымайды. Метрапан деген орыс ұны жоқ қазақтарға несиеге бидай сатып жатыр деп естілді.
Бидайдың пұты базарда - 1 сом. Ұны жоқ, алуға ақшасы жоқ қазақтар Метрапаннан бидайды несиеге 1 сом 80 тиыннан алып жатыр деп есіттім.
Қазірде сол елде бидайдың пұты 70-80 тиын дейді. Олай болса, несиеге алушылардың әбден жолы болды ғой.
Қазір күз болды. Октябрь, ноябрь іші жаз боп өтетін жер бар. Сол елдің бозбалалары осы күні ауыл қыдырумен жүреді. Орыс бозбалаларын алсаң, осы күні жер жыртып, қара бидай себумен әуре. Күз сепкен қара бидай ендігі жыл жазғы егіннен 20 күн, бір ай бұрын піседі. Ұны жоқ қазақтар оны да сатып алып, ұн қылады. Бірақ өздері себуге мойындары жар бермейді, көзге көрініп тұрған оңай олжа емес. "Ертеңгіні есек қайғырады" деп казіргі сағатын ғана ескереді.
Үкімет ел шаруашылығын көтерудің қамын жеп жатыр ғой. Шаруашылық өздігінен көтерілмейді. Елдің ынтасы, шаруашылыққа жұмыла кіріскені керек. Бүгінгіні ғана ойламай, алдағыны да ескерген жөн. Әйтпесе, оңай олжа ұзаққа апармас.
Роза
Бейімбет Майлин – әңгіме жанрының шебері.
Махлиё
Керемет және тамаша