Бұл кісі туралы мен «За нами Москва» деген кітабымда жазғам. Оларды қайталамадым. Оқырманға эпилог ретінде ұсынамын.
Бұдан он шақты жыл бұрын Сарыағашта демалыста едік. Ташкентке бардық. Қайтарда жұбайыма мен:
— Георгий Федоровичқа соға кетпесек, қарт өкпелеп қалар, — деп айдаушыға қаланың шетіндегі адресті айттым.
Үлкен дарбазаның таянышындағы түймесін басқанымда, қора төріндегі қоңыраушаға жетіп сылдырлады. Оның даусына іле-шала әупілдеген төрт сырттан қызыл ит әупілдеп, дарбазаның ар жағына жүгіріп келіп: «Сендерге не керек?» — дегендей тістерін сақылдатып, ырылдап ашулы көздерімен бізді жеп барады.
— Дарбазаның жабығы қандай жақсы болды, әйтпесе, мыналар біздің борша-боршамызды шығарып, талаудан тайынбайтын сырттандар ғой, — деп жұбайым шегініп менің артыма тығылды.
— Қой дегенде қойыңдар. Болды, барыңдар өз орындарыңа, — деді жеңіл шапанды, қоңылтаяқ кебіс киген аппақ қою шашы таралмаған, ұйқысын әлі ашпаған шал.
Дарбазаны ашып, бізге үңіле қарап, маған:
— Сен өзің мені ыңғайсыз жағдайға қалдыруыңды қашан қоясың? — деп амандаспастан қолымен қораға енуді ұсынды.
Көлеңке шатырындағы орындықтарды көрсетіп:
— Қазірше осы жерде отыра тұрыңыздар, — деп бұрылып үйіне кіріп кетті. Мен темекі тұтаттым. Жұбайымның мені атарға оғы жоқ. «Саған осы керек!», — дегендей үн қатпай ішінен тынып, тоңғандай бүрсиіп отыр. Менде де үн жоқ. Ермегім сигаретімді сора беремін. Онша кешікпей-ақ, театрға баратындай-ақ, жақсы тігілгендіктен өзінің денесіне қонымды қоңырлау көк костюмін киіп, ұзын бойлы, ақ шашты реңді сары кемпірді ертіп, баспалдақтан түсіп, бізге жақындаған сайын түсін жылытып:
— Вот, как видишь, сам Бауржан изволил наконецто навестить нас, — деді әйеліне.
— Очень приятно... Я вас таким не представляла, — деп кемпір қолын ұсынды да, жұбайыма жақындап, — Я очень рада видеть вас. Меня зовут Евгения Николаевна, а вас как?
Меня зовут Гайникамал, — деді күлімсіреп жұбайым.
— Будемте знакомыми, — деп жұбайымды құшақтап амандасты. Иттері: «ә, бөтен кісілер емес екен ғой», дегендей құйрықтарын бұлаңдатып келіп, иесінің артында тұрды.
— У вас очень надежная охрана, Ваше претоварищество, — деп едім, шал күліп:
— Так точно, Ваше Высокородие, — дегенде, әйелдер бізге таңдана қарады. Шал мырс етіп күліп:
— Патша әскерінде генералдарға Ваше превосходительство дейтін. Оны Бауыржан Ваше Товариществоға айналдырып тұрғаны ғой, — деп күліп, — ал, полковниктерді ол заманда Ваше Высокое Благородие деп жоғары мәртебелейтін...
— Ал, сенің Ваш-пышың не? — деп әйелі сөзін бөлді.
— Когда в Санкт-Петербургском артиллерийстком училище его императорского величества служил в нижних чинах полковником в строю на его «здравствуйте, молодцы!» хором отвечали: «Здравжам Ваш Выш Бродие!», «Здравжам» — это значит: «Здравья желаем», — дегенде, әйелдер орамалдарымен көздерін сүрте күлісті.
— Мына кісіге жаңа ғана жүрегім жыли бастады, — деді жұбайым. Шал оған күліп:
— Қызым, менің дарбазаның алдында состиған түрім көңіліңе келіп қалған екен ғой.
— Солай қарсы алуыңызға не істерімді білмей қалғаным рас, Георгий Федорович.
— Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр, — дегендей ондай әдетті осы жерде үйрендім.
— Қалайынша?
— Қазір айтам, шырағым, — деп орнынан тұрып, ашық дарбазаға қарай жүріп, жүргізушіге: «Әй, балам, мәшинеңді жауып, мұнда кел», — деп дауыстады да, қайта отырып, бізге қарап, — сендерді қондырмастан мен жібермеймін. Айдаушыларың біздің үйден дәм татсын. Ертең сендерге бұл жерден де көлік табылар, — деп орнынан тұрды. Біз де тұрдық. Үйге кіре берісте:
— Айдаушыға сүлгі алып келіп бергін. Жуынып-шайынсын, — деді.
Ac үстінде айдаушыға:
— Ал, балам, қысылып-қымтырылмай отырып ас алғын, — деп онымен жылы шырайлы әңгімелесіп отырды.
— Ата! — деп Ғайникамал мүдіріп қалды.
— Дұрыс, қызым, дұрыс. Барлық жағынан да саған ата екенім рас, балам.
— Онда, ата, манағы әңгімеңізді аяқтаңызшы.
— Әй, сен манағы айдаушыдан тығып қойған коньягіңді алып келсеңші, тілім шығуға себеп болсын, — деді әйеліне.
— Тағы да бір ішетін қу келіп қала ма деп әдейі столға қоймап едім. Онсыз да сен маналы бері ешкімге сөз беpiп отырған жоқсың ғой, — деп әйелі жымия күліп, графинді алдымызға қойып:
— Ал, біз мына бір жеңіл-желпісін ермек ете отыралық, — деді Ғайникамалға.
— Бәсе, маналы бермен мен «осы үйден коньяк сұрап ішеміз бе?», — деп отыр едім дегеніме күліп:
— Егер де сен қызымды ертіп келмесең, саған дарбазамды да ашпас едім. Саған деген ызам әлі де тарқар емес...
— «Ұрсып бергенше, ұрып бер» деген екен бір қазақ баяғыда, — дедім мен.
— Дұрыс айтқан екен ол қазақ. Ал, мынаны ұрыссам да ішесің, ұрсам да ішесің... Ғайникамал қарағым, сенің бұдан былай да гүлдей, күндей жарқырап, сау-саламат өмір сүруің үшін!
— Рақмет, ата!
— Ал, сұрап алдырғаныңды алдымен өзің тарт, — деп менімен ыдысын соғыстырды.
— Ішінен ғана ойлапты ғой, — деп әйелі күлімсіреп, ол да бакалын соғыстырды.
— Сөзімнің аяғын есіме салшы, қызым... Мынау баяғыдай қайдан болсын, — деп маңдайын сұқ қолымен нұсқады.
— Көршің соқыр болсашы, ата.
— А, енді есіме түсті, — деп минералды суды ішіп, қарт үзілген әңгімесін жалғастырды.
— Сендер келгенде, мен ұйықтап жатыр едім. Иттердің даусын естіп сыртқа тұра жүгірдім. Сендерді көргенде күтпегендіктен, сенер-сенбесімді білмей, дарбазаны аша бергенімде көзім олпы-солпы шалбарым мен қоңылтаяқ киілген кебісіме түспесі бар ма?! Одан кейінгісі өздеріңе мәлім ғой.
Осында келген ең алғашқы жылдардың бірінде көршімізбен қарым-қатынасымыз әжептәуір жап-жақсы-ақ еді. Таңертең тұрып қораны аралап жүр едім, менімен жасы қатар көршім краннан су алып келе жатып, тап мен соның әкесін өлтіргендей-ақ сәлемдеспестен өте берді. «Апырмау, неге қатты ренжіді екен?..», деп қораға сыймай тұрғанымда, «Ас сәлям...», — деп күлімсіреп екі қолын ұсынып, алдымда тұр әлгі көршім. Таубаға ішімнен тілімді зордан келтіріп, мен де оған қос қолымды создым.
Кейіннен білдім, олар жуынып-шайынып, азанғы намазын оқымастан бір-бірімен амандаспайды екен.
— Міне, қызық, — деп әйелім күлді.
— Кейіннен бұнысы гигиена жағынан дұрыс па деп те қалдым. Екінші маған ұнаған нәрсе — бұлар шақырмаған үйдің есігін ашпайды екен. Әйелдері болсын, еркектері болсын, кісі жатқан бөлмеге енбейді екен. Мұнысы да дұрыс, кімнің қалай жатқанын көріп несі бар. Бұл — әдеп.
— Ал, әйелдерін дастарқанға бірге отырғызбағандарын да дұрыс көресің бе? — деді кемпірі.
— Олары қонақтар үстінде ғой. Онысы да дұрыс, меніңше. Әр жыныстың өзіне лайықты сөз-сөйлемдері болады. Әркімдер өз тобымен беймарал отырысқандары да дұрыс деп ойлаймын.
— Ал, онда біз де ана бөлмеге барып, өзімізбен-өзіміз болайық, ал, сендер де беймарал отырыңдар, — деп Евгения Николаевна Ғайникамалды ертіп кетті.
— Мейлі өздері шүйіркелесіп отыра берсін. Ал, екеуіміз ауаға шығып келейік, — деп қарт орнынан тұрды.
* * *
Тәшкендіктер меншікті жерді қоршап жекелейді. Оны «Біздің хаула» деп те атайды. Біздің қора. Біздің участок деп те жүрміз ғой.
Биік темір шатырлы гараж, итхана, төрт қанат үйдей шатырлы көлеңке отырыс, терең қазыла көтеріліп, күмбездей жабылған сақтаманың алдында тұрмыз.
— Мынаның үстін әдейі бір қарыстай топырақ жауып, жоңышқа ектік. Көк әсемдік, ыстықты жібермейді. Жазды күні де май ерімей сақталады...
— Холодильник десеңізші.
— Сол шамалас, бірақ та бұнда сақталған нәрселерді суық сорып дәмдерін кетірмейді...
Бау-бақшасын араладық. Емен, кедір, қарағаш, он шақты түп мәуе ағаштары, т.б. өсімдіктер орын-орнында. Асықпастан аралап келеміз, мен ақсақалды тыңдап жүрмін. Бәрі орнында, тап-тұйнақтай таза...
Қайтып келе жатқанда маналы бері көргендерім ішіме сыймай:
— Сізді мен шаруа ұстай білу жағынан бұндай ұқыпкер деп ойламаушы едім, — дедім.
— Ал, сені жазушы болады деген ой менің түсіме де енбеген еді...
— Неменеге мәз-мейрам болып күліп келесіңдер? — деп алдымыздан шыққан Евгения Николаевна шалының сөзін бөлді.
— Әншейін. Бауыржан екеуіміз қайтадан, жаңадан таныcып келе жатырмыз, — деп шал күлкісін тоқтатып орындыққа отырды. Мен темекі тұтаттым.
— Менің естуімше, саған баяғыда біреу «сенде академиялық білім жоқ» дегенде сен: «Мой полк — моя академия» депсің ғой. Сол рас па?
— Рас. Мен академияны соғыстан кейін ғана бітірдім ғой.
— Сенің сол сөзің менің бір ұстазымның «Я вас учу для того, чтобы и самому кое-чему научиться у вас» деген сөзін есіме түсірді.
Марқұм Иван Васильевич Панфилов та: «Учи и учись у него же, как надо учить» деуші еді. «Раз подчиненный не так сделал — значит он вас не понял» деп тастаған болатын ол кісі маған, — деп біраз ойланып отырып, — алғашқы екі жылдың ішінде менің участогімді шөп, сора, тікен қаптап кеткен болатын. «Мына генералға қор болған жарықтық жер-ай», — деп ішінен айтқандар аз болмаулары керек сол жылдары. Астымда мәшинем бар (өзім айдаймын), қолымда мылтығым бар, мына жетімдердің (итханаға қолын созып) шешесі соңымда, зеріксем екі-үш күнге аңға шығып кетемін. Ол кезде мынау участокпен ісім жоқ... Кейіннен құдай ақыл беріп, мына көршіме жалындым. Алдыңғы екі жылдың шығымына тепе-тең ортақ болдық. Обалы не керек, адал кісілер екен, бірге істесіп, бұлардан көп нәрсеге үйрендік. Енді, шүкір, еңбек, ермек, рақат. Сенің тамсана таңғалғаныңа риза болып отырмын. Демек, менің темирязовкам — селхоз академиям — мына көршілерім. Рақмет бұларға.
— «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» дейді қазақ.
— Өте дұрыс айтылған екен. Өте дұрыс.
— «Жақсы ауылдас — жарым ырыс» деген де сөз бар деп естіп едім.
— Оған көзім жетті, — деді шал.
— Кешкі шай! — деген әйел даусы терезеден естілді.
— Кемпір ғой, жүргін, — деп Курганов орнынан тұрды.
* * *
Столдың үстінде майға піскен үлкен балық...
— Сіз балықшы екеніңізді айта бердіңіз ғой, Георгий Федорович.
— Болайын-ақ деп едім, бірақ та бола алмадым.
— Неліктен?
— Қармақ тастап томсырайып, балықтың қашан ілгекке түсуін күтіп отыруға шыдамым жетпеді...
— Кейін қалғанын айтарсың. Тамақ суып қалмасын. Алдымен мынамен кеңірдектеріңді жуып алыңдар, — деп Евгения Николаевна рюмкамызға коньяк құйды да, күлімсіреп: — енді сөз жағынан бұл кешкі столдың үстінде әйел теңдігіне жол бересіңдер, — деді.
— Ол сөзсіз ғой, Бауыржан, — деп Курганов мені мақұлдатты.
Ғайникамал менің алдымдағы тарелканы алып, балық етін сүйегінен тазартып алдыма қойғанда отырғандар таңдана қарады. «Әйел теңдігін өзіміз осылай таптасақ, еркектерден не күтуге болады?» деген көзқарасты сезген Ғайникамал:
— Бауыржан балық жей білмейді. Бұл — Алатаудың қазағы. Мен Семейдің — Ертіс бойының қызымын, — деп, кейіннен шай үстінде Таубай ағамның балықтан бесбармақ астырғанын айтып берді.
Ол әңгіме былай болған еді. Билікөлден ұзындығы қарыстан аса бес балық беріп жіберіпті. Бұрын балық көрмеген үй қазанға асып, қамыр жайып салып түсіріп, табақты қоршап, «бисмиллалап» асағанда, балықтың қылтанақ сүйектері көздерінен жас шығарта қақалтыпты...
Шал мен кемпір ішектері түйілгенше күлді.
— Бауыржан сол шалдың туған інісі болады, — деп аяқтады сөзін Ғайникамал. Олар тағы да күлді.
Біраздан соң Ғайникамал «Қазақ вальсін», «Черные глаза, черные ресницыларды» айтып берді. Кургановтар кезек-кезек мақтап рақаттанып отырды.
— Рақмет, айналайын, арқамыз бір жазылып қалды ғой, — десті.
— Қап, мұндай өнеріңнің бар екенін білсем, жерден қазсам да магнитофон алдырып қояр едім, — деп Курганов санын бір ұрып, Ғайникамалдың денсаулығына тост көтерді.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдіні» мен естіртіп қазақшалап айттым. Ғайникамал жақсылап аударып, сыпайы түрде түсіндіріп жатты.
— Это к вам относится, Евгения Николаевна, — дегенде:
— Что вы? — деді ол.
— Восток есть восток. Шығыстың аты — шығыс. Бұдан артық комплиментті саған кім айтар еді? — деді әйеліне Курганов.
— Көп жаса, қарағым, — деп Евгения Николаевна тағы да құйды.
— Сұрап ішу деген осы болады, — деп күлді Ғайникамал.
— Ия. Шығыстың аты — шығыс, — деп қарт қайталап рюмкасын көтерді.
Әйелдер кетті. Біз қалдық.
— Осында ветерандар комитеті бар. Оның төрағасы менмін. Запастағы, отставкадағыларымыз оқта-текте окружной дом офицеровтегі жиырма төрт шаршы метр бөлмемізге бас қосып ақылдасамыз. Шақырған жерлерге барып кездесу ұйымдастырылады. Көбіміз жолығысып кездесулерде Александр Бектің, сенің кітаптарыңды пайдаланамыз. Толстунов та, Капров та, Калмыков те осы Ташкентте. Сенің әне бір жылдары осында пединститутта, әскери округтың бір ірі жиналысында сөйлеген сөздерің де бізге көмекке материал ретінде жарады. Бірақ та бізге сен жазған Капров менмін деп ол айта алмайды, Толстунов та солай, мен де солаймын. Панфиловтың аты әлемге мәлім 28 геройлары жаппай батырлықтың символына айналған. «Панфиловшылармыз» деуіміз қайсымызға болса да мақтаныш қой, бірақ та...
— Екінші рет бірақ та деп отырсыз.
Мен кітаптарымды, басқа жазбаларымды өзімді-өзім дәріптеу үшін жазғаным жоқ. Бауыржанды Борис деп, Кургановты Куров, Капровты Картов, Толстуновты Толмачев деп жанамалай алмадым. Мен жанынан шығарып жазатын жазушы емеспін, ақсақал. Менің пірім, дәстүрім — шындық. Еш нәрсені өзгерте алмаймын. Ерлік елеусіз қалмасын. Никто из нас не вечен. Ешқайсымыз мәңгі жасамаймыз. Ол — мәлім, ол — табиғи заң. Жылдан-жылға біз азайып барамыз. Былтырғы тірілеріміздің кейбіреулері биыл қатарымызда жоқ. Өлгендерге де, тірілерге де мен жанама ат бере алмаймын; болмағанды болды, болғанды болмады деп әдейі әшекейлеп бейнелеуге менің қаламым жүрмейді. Менікі естеліктер. Көргендеріме, естігендеріме еш нәрсе көркемдеу үшін қоса да алмаймын...
— Жетті. Осы сөздеріңді естимін ғой деп өзім де ойлап едім...
— Простите, аксакал! Ложная скромность...
— Равносильно лицемерию демексің ғой.
— Ия, солай демек едім.
— Түсінікті еді, енді өз аузыңнан естідім. Оларға келесі бас қосуда сөздеріңді бұлжытпай жеткізуге тырысам...
Айтпақшы, «Генерал Панфиловың» өте қажетті кітап болып шықты. Онда мен үшін де жаңалықтар аз емес. Әсіресе, от «автора» өте орынды, ойланып жазылған, оның соңындағы; «Мои личные воспоминания... не могут стать предпосылкой для больших обобщений» дегенің, әйтпесе, «За нами Москвадағы» эпиграф ретінде дегенің де орынды-ақ. Осы екеуі — менің қолымдағы козырлер. «Наша семьяңды» оқып отырып, қазақтармен жөнді таныстым.
— Мақтай беріңіз.
— Мен оқырманмын. Оларды Момышұлы емес, Михайлов жазған болса да, айтарым осы болар еді. Ал, «История одной ночиыңа» мен, шынымды айтсам, әлі түсіне қойғаным жоқ.
— Әдейі сізді түсінбесін деп жазғанмын.
— Айтып жазсаң, мақсатыңа мүлдем жеткен екенсің, — дегенінде мен күліп жібердім.
— Менің балдызым мұғалима, орта мектепте істейді «Наша семья» мен «Генерал Панфиловты» аузынан тастамайды. «Сенің Момышұлың балалар үшін жазам демеген шығар, бірақ та біздің балалар да оқып жүр», — деді.
— Бұдан артық бағаның керегі жоқ.
— Міне, саған бейтаныс адамның сөзі.
— Георгий Федорович, неужели вы не замечаете, что я уже давно остыл.
— Да, это по тону чувствуется. Наверное устал?
— Жоқ. Сіз ойыма ой қосып отырсыз. Орынды ақылдасу шаршатпайды ғой.
Есіңізге салайын, «Наша семьяда» «чьи критические замечания и советы помогли мне больше, чем она подозревает» деймін ғой.
— Ия, ия. Соны айту жадымнан шығып кетіпті. Оның да менің қолымдағы тағы бір козырым.
— Простойларыңыз қанша?
— Үш козыр барда екі простой қауіпсіз ғой.
— Екеу болса да айтсаңызшы. Есте бола жүрсін.
— Никто из нас не безгрешен, а ты не исключение. Ну пошли спать, — деп шал орнынан тұрды.
* * *
Орнымнан тұрып, жуынып-шайынғанша ешқайсысымен сәлемдескем жоқ.
— Өз обалым өзіме, Бауыржанға көршімнің салтын бекер айтқан екенмін, — деп шал күлді.
— Бәсе, түнде екеуі дүрдиісіп қалған ба деп қалып едім, — деп күлді жеңгей.
— Дүрдиісуді бұлардың аулында яшейкелесіп қалыпты дейді, — деп Ғайникамал да күлді.
— Онысын қалай түсінуге болады?
— Бауыржанның өзі айтып берер.
Шай үстінде айтып бердім.
— Они трое братьев по ячейковались деп бастадым.
...Төңкерістің басқы жылдарының бірінде бір откочевник соғыс коммунизмнің кезіндегі уәкіл бір үйге тоқтап қоныпты. Үш ағайынды дәулеті шамалы кісілер енші алыспастан бір бөлмелі үйде тұрады екен. Бөлменің үш қабырғасында үш төсек, бір үйде үш еркек пен үш әйел.
Бір қазан, екі ағаш табақ, екі ағаш қасық... Қонақ жаңа тәртіпті әңгімелеп болған соң, «дәулеттерің шамалы екен... кедейлер теңдігі туды... Ауылнай, болыс сайлауында бұрынғыларға орын болмайды... Енді кедейлер мен орташалар сайлану керек... Сайлаушы келгенде, сайлауға кімді ұсынуды алдымен коммуниеттер айту керек... Үшеулеріңіз коммунист болыңыздар...», — деп түсінік жүргізіп, аты-жөндерін қағазға түсіріпті. «Ал, енді сіздер ячейка болдыңыздар... Барлық мәселені өздеріңіз ғана ақылдасып, шешіп отырасыздар... Ячейканың жиналысына сіздерден басқа, кім болса ол болсын, қатынаспау керек... Сіздерге ауызбірлік керек... Мәселені кең талқылап, пікір алысып болған соң, ашық дауысқа қойып шешесіздер... Екі қолға бір қол қарсы көтерілсе, кейінгі жалғыз екеуге бағынуға тиіс... Ел алдында сөйтіп, ячейканың атынан ұсыныс етіледі... Ұсынған орынға, ұсынған кісіге дәлелді мінез де ячейканың атынан айтылу керек... Келген сайлаушы алдымен сіздердің пікірлеріңізбен санасуға тиіс...» дегендерді айтып аттанады.
Сайлау жақындағанда ол кезде қазекеңнің ру-руға бөлініп, жіктесіп, шәт-шәлекейге түсетін кезі... Ячейка қалай қарап жатсын... Күнде жиналыс, күнде жанжал... «Не сен, менің қайным сенің құдаңнан кем бе?»; «Нағашым бола қойғаны жөн емес пе?»; «Тәйт! Сен тапқан екенсің!»; «Онда мен екеуіңе де қарсымын»... Ағайын арасынан күндіз күлкі, түнде ұйқы безеді, ячейка балағаттасумен жұдырық жұмсауға дейін өршиді...
Бір жолаушы жегжаты жолдан атының басын бұрып келсе, сыртта үш әйел қалш-қалш етіп тоңып, үйдің ығында тұр. Үй ішінен у-шу дауыс естіледі: «Әй, не боп қалды? Анау айқай-ұйқайға жол болсын?» — деп сұрайды; «Өздері яшейкелесіп жатыр ғой», — депті әйелдің біреуі. Атынан ырғып түсіп үйге еніп барса, үлкені: «жолыңыздан қалмаңыз, біз әлі келіскен жоқпыз», — депті...
«Әй! Келген кісіге кет деу сендердің қай ата-бабаларыңнан қалып еді? Мен сендерге көрсетемін кәзір яшейкелесуді», — деп қарулы жасы үлкен қадірлі жолаушы кісі қамшымен үлкенін, хатшысын сабайды. Қалған екеуі үйден ата жөнеледі...
Әйелдерін шақырып алып: «Бұдан былай шықпаңдар, шық десе де. Яшейкелессе, сыртқа шығып яшейкелесіп, маған десе, қырылып қалсын. Егер тағы осылай болса, үшеуің де төркіндеріңе тартыңдар. Тізелерін құшақтап бұлар жата берсін. Егер де біреуі сендерге қол жұмсаса, сендердің төркіндеріңнің бәрін бұларға жабамын», — деп жолаушы атына мініпті.
Содан бері біреумен ренжісіп қалса, жанжалдасса, төбелессе, біздің ауылда «яшейкелесіп қалыпты ғой» деген сөз мәтел болып кеткен.
Күлкі тыйылғаннан кейін біз қарттарға «Кел демек бар, кет демек жоқты» айтып, Сарыағашқа тарттық.
— Мына, жаңағы кісінің жас кезінде досының жүрегі жылып, дұшпанның түрі құбылған болар, — деді жолда жұбайым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі