«Қазақ» термині — түрік сөзі. Бастапқы нысаны нақ осындай — екі жағынан екі — қ, қазақ болып жазылады. А. И. Левшиннің қазақтар туралы кітабы жарық көрген уақыттан бері (1832) кейбір ғалымдардың еңбегінде парсының ұлы ақыны Фирдоусидің (X-XI ғасырлар межесі) «Шахнамасының» Рүстем жайлы тарауында қазақ халқы, қазақ хандары жайында айтылған деген пікір тараған. Бірақ ол әлдене түсініксіздіктен туған жағдай. Данышпан Фирдоусидің мәңгі өлмес шығармасының мазмұны шығыс зерттеушілеріне жақсы таныс, онда «қазақ» сөзі атымен жоқ. Қазақстан Республикасының көрнекті шығыстанушысы Б. Е. Көмековтің көп жылғы зерттеулері көрсеткендей, «қазақ» сөзі ежелгі араб авторлары шығармаларында да ұшыраспайды.
Мұсылман жазба ескерткіштерінде «қазақ» сөзінің алғаш аталуының бірін авторы белгісіз түрік-араб сөздігінде кездестіреміз. Сөздік, тегі, Египетте түзілген болуы керек, Лейденде 1894 жылы М. Хоутсм басып шығарған 1245 жылғы қолжазба бойынша белгілі. Бұл сөздікте «қазақ» сөзіне «үйсіз», «баспанасыз», «қаңғыбас», «аласталған» деген мағынада түсінік беріледі.
Тарихи әдебиеттерде «қазақ» сөзінің сан түрлі түсіндірмесі бар. Біреулер оны түрік тіліндегі қаз, қазу (рыть) сөзіне немесе кез, кезу (скитаться), қаш, қашу (бежать, спасаться) сөзіне апарып телиді; екіншілері қаз (гусь), ақ (белый) сөздерінен шыққан деп бұл сөздің адам нанғысыз этимологиясын жасайды; «қазақ сөзін» монғолдың қасақ-тэргэн (арбаның бір түрі) сөзінен шығаруға болатын дейтін зерттеушілер бар. Тағы бірқатар авторлар «қазақ» сөзін көне Кавказ тайпасының немесе тайпалар одағының атауы «касогпен» байланыстырады; алайда бұл сияқты жорамал-болжамның бәрі, В. В. Бартольдтың пікірінше, «тарихшы үшін кәдеге жарай қоймайды».
Қысқасы, «казақ» сөзінің сенімді этимологиялық түсінігі әзірге жоқ. Бірақ «қазақ» сөзінің шығу тегі қандай екендігіне қарамастан, оның әуел баста еркін, үйсіз-күйсіз, кезбе, аласталған, сонымен қатар ержүрек, өр адам деген мәндегі атау мағынасы болғаны дау тудырмасы анық.
Сөйтіп, ешқандай саяси болмаса этностық мағынасы жоқ «қазақ» сөзі әрбір өз жұртынан, өзінің заңды билеушісінің қол астынан бөліне көшкен, сөйтіп тәуекілшілеп өмір сүруге мәжбүр болған өз еркі өзіндегі адам дегенді білдіреді. Айта кететін жайт, түріктің осы сөзі орыс тілінде де сол мағынада қолданылады. Русьте казактар деп арнаулы бір кәсіппен айналыспайтын адамдарды, жалдамалы батырақтарды, қысқасы өз еркінше жүрген адамдарды айтқан. «Казак» сөзі XIV ғасырдың аяғында Русьтің терістік аумағында тіркелгенімен, тарихшылар орыс казачествосының отаны Қыпшақ даласымен шекаралас оңтүстік Русь жері болғанын мойындайды. Бұл аймақтағы тұрмыстың ыңғайы олардың әскери қауымдастық ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Басқаша айтар болсақ, «қазақ» сөзінің түпкі мәні — әлеуметтік мән. Ол — дәл осы сәттегі жеке адамның, ұжымның өз билеушісіне, қоғамға, мемлекетке қатысты жағдайы, күйі, мәртебесі. Мәселен, айналасына сыймай ел кезіп, өзін-өзі қылыштың жүзімен асырап жүрген адам — қазақ, жора-жолдассыз жалғыз өзі қатерлі де шалғай жолға шыққан адам — қазақ, Бабырдың сөзімен айтсақ, «көзсіз ерлікпен жауының жылқысын айдап әкетпей тынбайтын» жаужүрек жігіт — бұл да қазақ.
Кейде өз еркімен не елде бір жағдайға байланысты еріскіз қазақы өмір сүретін адам қашанда аз болмаған. Оған ол кездің күнделікті тірлігі де қолайлы еді, оның үстіне сол кездің түсінігі бойынша, «Тарихи Рашиди» авторы айтқандай, ер-азаматтың жас шағында елден жырақ, шөлді жерде, тау мен орман ішінде, ауылынан шалғайда өмір сүріп, жүгірген аң, ұшқан құс етімен тамақтанып, бас кетер қатерге бара жүріп ұстаған аң терісін үстіне іліп жүрудің өзі ерлікке парапар болған.
Кез келген адам, ол түрік пе, парсы ма, көшпелі малшы немесе жеті атасынан үзілмей келе жатқан ақсүйек төре ме, «қазақ» болып кете алатын еді. Біраз уақыт Тоқтамыс ханның тұңғыш ұлы Жалад-Дин де, Шибан әулеті мемлекетін орнатқан Әбілхайыр да, оның немересі Мұхаммед Шибан да, Шағатай ұрпағы Уәйіс сұлтан мен Саид сұлтан да «қазақ» болып жүрген. Қылыштасудан алдына жан салмайтын Әмір Темір ұрпағы Сұлтан Хусейн де көп айлар «қазақ» болып жүрген. Өзінің әйгілі «Жазбаларында» Бабыр да «қазақ аталып», таулы аймақ Масчадан Сұлтан Махмуд ханға бармақ болғанын есіне алады.
Бұл жерде қазақ болған адамның өз бетінен қайтып, бұрынғы қалпына қайта келуіне, ежелгі өз ауылына қайта оралуына болатынын баса айту керек. Жоғарыда біз атап өткен ақсүйек тұқымдарының бәрі де сөйткенін көреміз. Сұлтан Хусейн мен Сұлтан Саид кейін әрқайсысы өз елінде патша болды. Мұхаммед Шейбани мен Захир ад-Дин Бабырлар өз алдына дербес мемлекеттерін құрды. Сөйтіп, сонау бір ескі заманда қазақ болу әркімнің өз қолындағы нәрсе еді. Иран және түркі тілдес деректер тұпнұсқаларында қазақтың тұрмыс-халін көрсету үшін қазақ болу, казачество, ел кезу, еркіндік дегенді білдіретін қазақлық зат есімі» сондай-ақ қазақламақ етістігі қабылданды. «Казачество кезінде» деген ұғым түркі тілді деректемелерде әдетте қазақлықта, қазақлықларда, иран тілділерде дар аййам-и қазақ (и), муддат-и қазақ сөздері арқылы беріледі.
Қазақтың тұрмыс-халі қарабайыр екені белгілі. Содан барып «қазақына», яғни «қазақша», «қарапайым» ұғымдарын білдіретін сөз, түріктің қазақ деген сөзіне парсының ына қосымшасы жалғануынан барып туған сөз шыққан. Ортағасырлық деректеме мәтінінде бұл сөздің қалай колданылғанынан бір мысал. Шағатай нәсілі Сұлтан Ахмад нағыз дала баласы еді, қарадүрсін қатаң тірлік кешті. Бабыр Таңбала әмірге қарсы 1502 жылғы жорығы кезіндегі Сұлтан Ахмадтың «баспанасын» суреттеген.
Бабыр Сұлтанға келіп жеткенде, ол оның қолынан алып, өзінің «ұядай шағын шатырына» кіргізеді. «Сұлтан Ахмад шеткері жерде өскендіктен, — деп жазады Бабыр, — оның тұрып жатқан шатыры да, түрмыс-халі де барынша жұпыны, қазақша (қазақына) екен. Қауын, жүзім, ат-әбзелдері де осы өзі тұратын аядай шатырда үйіліп жатты».
Қазақ, әрине, өзінің «қазақлығын» жалғыз-жарым өткізе бермеген. Еркін қазақпен бірге оның болашағы беймәлім тірлігін теңдей бөліскісі келетін адам, оған қазақтас болған. Қазақтас сөзін (оның негізінде белгілі үлгі: йолдаш- серіктес, аркадаш — жолдас, ауылдас — жерлес, ватандаш — отандас жатыр) мен екі-ақ жерде — ел-Хаджа Абд әл-Ғаффар Киримидің «Умдаг аттауарих» («Тарихтар негізі») шығармасында және XVII ғасырдағы осман авторы Эвли Челебидің Қырым хандығын суреттеген «Саяхаттар кітабынан» ғана кездестірдім. Қазақтас. Қызық сөз! Бірақ оны орысша қалай лайықтап аударуды білмедім.
Ортағасырлық мұсылман авторлары тіпті «қазақтардан тұратын қоғамдарды», джама’ати қазақ деп те атаған. Мұндай ұжымдар әр кезде, түрлі себеппен әр жерде пайда болып отырған. Кейкейде, деп жазады XV ғасырдың тарихшысы Әбдіраззақ Самарқанди, «өзбектің жекелеген жауынгерлері қазаққа айналып», Мазандаранға (1440-1444 жылдарда Каспий теңізінің оңтүстік жағалау аймағы осылай аталған) келіп, айналасын ұрлаптонап, кері қайтып жататын. Кейде «қазақ бірлестігі» таққа таласып жүріп бас сауғалаған үміткер мен оның сенімді жақтастарынан құрылған, иен даланы еркін жайлаған топ болып та шығатын.
Біз сөз етіп отырған дәуірде «қазақ» сөзі жекелеген этностық, саяси және басқа топтарға, кейде тіпті жеке адамдар атына қосылып айтылған. Мәселен, моғол қазақтары, ноғай қазақтары, Дешті қазақтары, қызылбас қазақтары, сондайақ «Таңбала әмір қазақтары», «біздің қазақтар» (Бабыр), «шибан қазақтары» болған.
«Қазақ» сөзі сондайақ белгілі бір топтың, әр түрлі себептермен өз мемлекетінен ажырап қалған, қазір онымен соғысуға мәжбүр болып жүрген көшпенділердің бір бөлігіне де таңылып келді. Міне, сондай топтың, қазақтардың біріне Әбілхайыр хан мемлекетінің оған қарсы шығып, оның билігінен бөлініп кеткен Орыс хан ұрпактары Керей мен Жәнібектерге қосылып жат жерден бақыт іздеген көшпенділері де жатады. Бұл жерде нақ сол ауа көшудің себептеріне тоқталып жатпаймыз, бүкіл сол уақиғада кейін, 1459-1460 жылдары болған жайлар анағұрлым маңызды.
Әлбетте мынадай сұрақ туады: Керей мен Жәнібектің ауа көшіп кетуінің қазақ халқының этногенезіндегі рөлі қандай? Керей мен Жәнібек маңындағы қазақтар бірлестігі саяси және этностық тұрғыдан қандай бірлестік еді?
Керей мен Жәнібектің Жетісу жеріне көшіп кетуі, сөз жоқ, қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ халықтың өзінің қалыптасуындағы емес, оның қазіргі атының біржола бекіп қалуындағы рөлін айтамыз. 1459-1460 жылдардағы ауа көшуден қазақ халқы пайда болған жоқ, ол халықтың бұған дейін де жүріп жатқан қалыптасу үрдісін одан әрі жеделдетті.
Қысқасы, ол көш қазақ халқының ұлт болып қалыптасуының бастауы да, жетер межесі де болған жоқ. Бірақ ол сол әрқилы аспектіден тұратын үрдістің ең басты қозғау күшінің бірі болды: қалыптасып жатқан халықтың өзінің болашақ есімімен тарихи тоғысуы осылайша Жетісу даласында жүзеге асты. Осыдан былай Орыс хан әулетін жақтаған адамдардың тарихы мен «қазақ» сөзінің тарихы тұтасып біте қайнасып кетті. Ендеше Керей мен Жанібектің көшуі «қазақ» сөзінің де тарихи тағдырын біржола шешіп берді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі