— Анау ешкі терілерін Тәліпке апарып беру керек еді. Неге екенін қайдам, өзі көрінбейді, — деді әкем таңертеңгі шай үстінде. Өзі арбаға ат жегіп, әлдеқайда кетіп қалды. Ағайларым мен Кіші шешем алыстағы егін басында қонып, тары орып жатыр. Сондықтан ешкі терілерін кім апарып берсін? Терілердің өздері бармайтыны белгілі. Әкемнің бір қызық мінезі бар: жұмыс бұйырса, атыңды айтпайды. "Әлгіні әлгіндей ету керек, мынаны мынадай ету керек еді" дейді де қояды. Таяқтың басы кімге тиетінін өзің содан түсінесің. Әнеугүні кешкі тамақтан соң ағаларыма арнап бір мысал айтты.
... Баяғы өткен заманда бір қария ержеткен баласына қалыңдық айттырмақ болыпты. Дырдай ұлын бір күні қыздар суға қатынайтын соқпаққа алып шығыпты. Бір дүркін қыз таяп келе жатқанын көрген қарт әлгі жігітті қамшымен сабай бастапты. Қыздардың біреуі:
— Балаңды сабағаның қалай, қария? — деп сұрақ қойыпты.
— Айтқаныңды ғана біледі, тапсырғанды ғана істейді. Сол үшін сабап жатырмын, — депті қария. Қыздар сықылықтап күліпті де:
— Өй, есуас қарт... Дырдай баласын сабаған несі, — деп жөніне кете беріпті.
Бұдан соң бір қыз кейінде ойланып келе жатыр екен. Қарт тағы да ұлын сабайды.
Балаңды неге сабап жатырсың, қарт? — деп сұрайды бұл да.
Айтқанды ғана біледі, тапсырғанды ғана істейді. Сол үшін сабап жатырмын, — дейді қарт.
— Аямай, қаттырақ соқ, есін тандырып, балаңның айтпай-ақ білетін, тапсырмай-ақ істейтін шағы ғой, қарт, — деп қыз кете беріпті. Сол күні-ақ қария әлгі қызға құдалар жіберіпті.
Әкем соңғы сөзін созыңқырап айтты да сәл кідіріп қалды. Үлкен ағам елең етіп, құлақ түрді:
— Құдаларға не депті сол қыз? — деп сұрақ қойды. — Ризалығын беріп пе?
Әкем әдейі кідірген екен. Дереу сөзін жалғастырды.
— Қайтып келген жаушылар мынандай хабар жеткізіпті: "Қыз аумалы — төкпелі екен. Сөйлеген сөзі, қылған қылығы ақылға сыймайды. Туған-туысқандары да кілең дарақы. Біз ниетімізді орындай алмай, қайтып келдік" депті. Әйтсе де әлгі қарт бас құдаға көрген-білгенін егжей-тегжейлі айтып беруді өтінген. "Біз барып үйіне кіргенде үйде қыз жалғыз өзі отыр екен... — деп бастады бас құда, — "Әкең қайда?" десек: "Достан дұшпан жасауға кепті" деп жауап қайтарды. "Шешең қайда?" дегенде: "Бір кісіні екеу етуге кетті" деді. Осылай сөйлесіп отырғанда қыз үлкен табақты меймілдетіп кеспе салған сорпа әкеліп қойды алдымызға. Тамақ жеп отырып үйінің бөренелеріне көзіміз түсті. Добалдай ірі бөренелерден салыныпты үйі. "Мынандай жуан бөренелерді орманнан тасу қиын болған шығар, — дедік біз, — бір жолы нешеуден тиедіңіз?" "Аттар арық, әлсіз шақта үшеуден, тіпті төртеуден салып едік, семіре келе екеуден сала бастадық, біржола семіріп алған соң біреуін де жарты жолда түсіріп қалдыратын болды" деп түсіндірді ақылсыз қыз. Біз осындай жауап алып қайттық, — деді бас құда қалғанына өзің үкім шығар".
— Ой, ойсыз құдалар-ай! — депті бұған қарт, баяғы "айтқанды ғана білетін" жігіттің әкесі. — Сөздің сүйегі болады, сүйектің ішінде сорып жейтін майы болады. Сендер соның сүйегін ғана жалап қайтқансыңдар ғой, шамасы. Қыздың айтқан сөзіне мән бермепсіңдер!.. Оның әкесі досына берген қарызын сұрауға, шешесі босанып жатқан әйелге кеткен. Бөрене дегені де бөрене емес, сендер жеген кеспе. Сендер ашырақ кездеріңде қомағайланып, қасықтарыңа бірден үш-төрт кеспеден салған шығарсыңдар. Тоя келе азырақ жегенсіңдер. Кейінірек біреуін де жей алмағансыңдар. Солай ма?
— Солай болды, — деп құдалар үйлеріне қайтып кетіпті.
Екінші күні қыз үйіне қарт өзі барып, барлық шаруаны тындырып, уағдаласып қайтқан. Мына Мұртазаға да сондай келіншек керек. Ол да айтпасаң білмейтін жігіт қой... Салих та ағасы сияқты, тек тапсырған істі біледі...
Әкем әңгімесін осылай аяқтады.
Ағаларым ұйып тыңдады бұл хикаяны. Әкемнің не айтқысы келгенін олар түгіл мен де аңғардым. Мен де маубас емеспін...
... Ешкі терісін апарып беретін кім енді? Үлкен шешем екеуміз, әрине.
Тапал бойлы, жуантық Талпақ Тәліп Байғыз көшесінде тұрады. Бір мінезі ерсі. Жыл бойы жылтыр қара тысты дөңгелек бөрік киіп жүреді. Күзде сол бөркін шүберек тыспен қаптайды да, көктемде оны сөгіп тастайды. Тәліптің бөркін шешкенін көрген кісі жоқ. Тіпті моншаға да бөркімен кіреді дейді жұрт. Не бар екен сол бөріктің астында? Әйелін бір чуваш ауылында байларға жалданып жүрген кезде алған. Келіншегі бір күні: "Сен осы, Тәліп, бөркіңді неге шешпейсің?" деп сұраса: "Біздің типтәрлардың1 әдеті солай" деп жауап қайтарыпты. Жұрттың топшылауына қарағанда Талпақ Тәліптің басында мүйізі бар, әлде таз.
Мен есімді білгеннен бері оның істейтін кәсібі үйден үйге жүріп, уақ жандықтың, түрлі аңның, ит пен мысықтың терісін жинайды. Жылқы мен сиырдың, аю мен қасқырдың, бұлан мен бұғының терісі оның қолына түспейді. Олар тұп-тура кооперативке кетеді. Балалар көктемде саршұнақ, суыр, егеуқұйрық ұстасақ, әлде қыста қақпанымызға мәлін, сусар түссе, терісін сыпырып алып, Тәліпке жүгіреміз. Бірнеше қара бақыр, ара тұра тіпті күміс теңге де алып қайтамыз. Оның жылқысы да, сиыры да, басқа малы да жоқ. Үй толы шиеттей бала мен әлгі кәсібі — бар тірлігі сол
Үлкен шешем екі ешкінің терісін орап, қолтығына қысты да Талпақ Тәліптің үйіне кеттік. Кіші шешем екеуміз бір жерге шықсақ, барып жете алмай қиналамыз. Жолда кездескен туған-туысқаны, құда-құдашасымен сөйлесіп, сөздің ұштығына жете алмайды. Ал Үлкен шешем: "Есенсің бе, қалқам? Хәлің жақсы ма, құдағи?" — дейді де, қайырылмай кете береді. Бір қызық жері, онымен жүрсең, тіпті ауылдың ең қабаған, ең долы иттері де алдымыздан абалап шықпайды.
Талпақ Тәліп балшық қақырасының алдында тізесіне байлап, шабата тоқып отыр екен. Бізді көргенде тоқи бастаған шабатасын тастай салып, орнынан ұшып тұрды:
— Е-е-е, жеңгей, келіңіз, мархамат! — деді ол — Үйге кіріңіз деуге, үй толы бала-шаға, аяқ басар жер жоқ. Осында отырып дұға оқиық. — Сарай алдындағы дөңбек үстіне әлдеқайдан әкеліп ескі алашаның жұрнағын жайды. Отырып дұға оқыды.
— Иә, Тәліп, отбасың аман ба, көңіл-күйің жақсы ма?
— Мал бақпай, жан баққан жайымыз бар, бала-шаға аман, шүкір. Көңіл деген, жеңгей, түрліше болады. Ұйқыдағы сәби сияқтымын ғой мен: себепсіз күліп аламын, күтпеген жерде жылап жіберемін.
— Пенденің көңілі түгіл, көктегі анау тәңірінің көңілі де өзгеріп тұрады, — деп Үлкен шешем иегін көкке көтеріп қойды.
Тәліп орнынан тұрып, әрі-бері жүрді де, тез сөйлеп кетті:
— Жаңа басыма бір қызық ой келді, жеңгей, астында аты жоқ кісінің жарты ғұмыры шабата тоқуға кетеді. Жаяу байғұс шабатаны көп тоздырады. Атты адам арбасына бір мінсе, талай жерге барады. Талай қырдан асса да шабатасы бүп-бүтін. Өзім жаяу жүрген жолымды есептеп қарасам, бес рет Меккеге барып қайтуға болады екен.
— Меккеге де барарсың, әлі, бұйырса...
— Ә-ә, жеңгей, ол жаққа ауыр күнә жасаған адам барады ғой. Меккеге барып жарылқау күтіп, жалбарынатын не жазығым бар менің? Терең ойлап қарағанда, жеңгей, мен бейішке тұп-тура барып енетін кісімін. Неге десең, мен бір кәпірді — өз әйелімді ислам дініне кіргіздім, соның ақысына ол етек толы мұсылман балаларын тапты.
Үлкен шешем таңдана жымиып күлді.
— Оны мұсылман етуің дұрыс, Тәліп, — деді ол, — Бірақ сен сол бишараны өз иманынан, өз тәңірісінен айырғансың, бүл үшін жаза тартпайсың ба? Әр пенде өз тәңірісіне ғана табынуға тиіс...
— Бұған менің ақылым жетпейді, жеңгей, — деді Талпақ Тәліп. Шынын айтты. Менің де ақылым жетпейді бұған.
— Менің кәсібімді сыйлап, үлкен басыңды кішірейтіп келгеніңе рақмет, жеңгей, менің өзіңе төленбеген ескі борышым да бар еді — көктемде алған анау үш пұт тарыны айтам. Мұның бәрін төлейтін қаражатым жоқ. Амалын таппай жүрмін: намыс қинағанымен, ақшам тапшы... — деп күрсінді үй иесі.
— Ақша болар әлі, сенің қолыңдағы қайда қашар дейсің, есен болсақ, есептесерміз, — деп орнынан қозғала бастады Үлкен шешем.
— Тұра тұрыңызшы, жеңгей, менде сырғыманың бір жақсы дөңгелегі бар, малы-жаны көп үйге, бәлкім, бір кәдеге жарап қалар, — деп ол үйінен сырғыманың сыңар дөңгелегін алып шықты. — Қараңызшы, жалтырап тұрғанын. Қаланың жолынан тауып алғанмын.
Үлкен шешем Тәліптің арқасынан қақты:
— Оқасы жоқ, қайным, қарыздар болып қалмассың, сенің қораңа да бір кезде құт кірер әлі.
— Ә-ә, жеңеше, мен әлі байып кетемін, тек күні бүгін емес! Дегенмен, жеңгей, әзірше ауырлау тұрмысым. Ұмытып барады екем: менде бір қызық зат бар. Хәзіреттер дәрет алатын жез құман. Мұндай қастерлі дүние бізге лайық емес, соны ал — Ол тағы да қақырасына оқталды. Үлкен шешем қолымен ишара жасап тоқтатты оны.
Сырғыманың дөңгелегі тамаша. Мен оған қарап қатып қалыппын. Оны көшенің өрінен дөңгелетіп жіберсең, Тәменәйға дейін тоқтамайды-ау. Тәменәй көшесіндегі балалардың есі шығар еді. Тек резеңкесі ғана жоқ, біреу сыпырып алса керек. Үлкен шешем маған сынай қарады:
— Жарайды, Тәліп, алайын, дөңгелектің иесі табылды. Тері үшін есеп айырысқанымыз болсын, — деп ол сиқырлы дөңгелекті Тәліптен алып, маған ұстатты. — Мә, аяғың талмасын.
Күтпеген жерде керемет дүние түсті қолыма. Осындай дөңгелектің құны тері болып па? Тәліп есебінен мықтап жаңылды-ау, шамасы.
Үлкен шешем қайтқысы келіп орнынан тұрды. Қасындағы Тәліп тағы бірдеңе іздей бастады.
— Күздің берекелі кезінде де, шай-шекер тапшылау болып түр, жеңгей, қайтейін? Құр ауыз жіберіп, ұятқа қалам енді. Жоқшылықтан асқан қорлық жоқ!
— Қойшы, Тәліп қиналма, талай ішкен шайымыз емес пе, — деп басу айтты оған Үлкен шешем, — болар әлі, шайы да болар, басқасы да болар.
— Тұра тұршы, жеңгей, босқа жібермеймін Тақпақ айтып, өзіңе бір билеп берейін. Сыйлығым сол болсын.
Қонақ келсе қораға,
Қожасы қарап тұра ма?
Тақпақ айтып, билесе,
Басқа сыйлық сұрама.
Аты тартпай өріне,
Қонақ шықпас төріне.
Аузын ашса, қожаның
Өкпе-бауыры көрінер...
Бүлкілдей жорғалап, байпаңдап билеп кетті. Бір-екі рет шыр көбелек айналып, секіріп түсті.
— Тәнті болдым! Сый құрметіңе рақмет! — деді Үлкен шешем биші тоқтаған кезде.
Бірақ Талпақ Тәліптің жомарттығы, қонақжайлығы мұнымен біткен жоқ. Ол тағы бір сыйлық ұсынды.
— Болары болды ғой, жеңгей, бір ән шырқап берейін өзіңнің құрметіңе. Мінеки, тыңда:
Гвардия сапқа тұрса, Қылыштары жарқырайды, Гвардия шыға қалса, Неміс малғұн қалтырайды.
— Бұл біздің ән, гвардияшылар жыры. Мен өзім осы сыйқыммен патша әскерінің гвардиясында қызмет атқардым. Бәрі арыстай азаматтар болатын. Мен келі сияқты келтемін. Гвардияға енгенімнің өзі тамаша хикая, ой-хой! Үлкен алаңға әскерді иіріп, тізіп қойды да, бір генерал гвардия таңдауға кірісті. Он бес-жиырма қадам кейін шегінеді де, әлгі генерал жүгіріп келіп, солдатты тізеден тебеді. Еңгезердей ерлер ұшып түседі. Жүзден бірі ғана шыдаса шыдаған шығар. Шыдағандарын алға шығарып қояды. Кілең керемет сияқты. Бір сәт менің тіземді тепті. Мен мыңқ етпедім. Генералдың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Біресе алдыма, біресе артыма айналып, мені бастан-аяқ көзімен шолып шықты. Содан соң тағы да алысырақ шегініп, мені екінші мәрте тепті. Мен елең етпедім. "Маладис, салдат! — деді генерал, — Саптың ең соңында жүретін менің ең сенімді, ең бірінші гвардияшым боларсың. Сен соңымызда келе жатқанда бізді ешкім тіземізден тебе алмас". Солай деді, байғұс. Көп ұзамай біз де оны тізеден тептік. Әуелі омақаса құлады да, допша домалап кетті. Патшаны құлатып, оның ұясын быт-шыт қылғанда болды бұл оқиға.
Айтып болған соң Тәліп көзі мөлдіреп, Үлкен шешеме қарады:
— Артық сөйлеп, асыра сілтесем, айыпқа бұйырмаңыз, жеңгей...
— Мұндайда шындықты айту үшін азырақ асыра сілтемеуге болмайды ғой.
— Сөйтпесе болмайды, жеңгей, болмайды, — деп бас изеді "гвардияшы".
Талпақ Тәліп бізді қақпа алдына дейін шығарып салды. Менің аяғым жерде, төбем көкте! Кәдеге жарамайтын екі ешкі терісіне қанша байлық, қаншама қазына алып кеттік: екі тақпақ, бір би, бір ән және кереметтей сырғыма дөңгелегі. Дөңгелектің шабақтары күн нұрымен шұғыла шашып, жарқырап түр. Әлгіндей әдемі ән салып, тақпақ айтқан Тәліптің жарқылдаған аппақ тістері көз алдымнан кетпей қойғаны-ай. Аңқылдаған ақ көңілін айтсаңшы!
Meн кетіп бара жатып артыма бұрылып қарадым. Жұпыны бөркін баса киіп, сирек жирен сақалды, жіңішке мұртты Талпақ Тәліп қақпа алдында әлі тұр. Көп күндер өткен соң, борандар борап, көшелерді қар басқанда анау жұпыны бөрік астында қандай бас жатқанын көрді бүкіл ауыл...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі